18+
Күзгі романс
Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее

Объем: 46 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Екі бөлімді драма

Негізгі кейіпкерлері:

Сайлау — режиссер, 45 жаста

Назым- Сайлаудың әйелі, 40 жаста

Сюзанна — 35 жастағы әйел

Әлібек — Сюзаннаның бұрынғы куйеуі, 37 жаста

Телефондағы дауыс

Бірінші бөлім

Осы заманғы үш бөлмелі, қалалық жайлы пәтер. Бірақ оның кіреберісі мен залы, есігі ашық тұрған жатын бөлмесінің бір бөлігі ғана көрінеді.

Үйдің іші мұнтаздай таза, жарық. Оның әрбір бөлмесі қазіргі замандық жоғары талғамға сай европалық гарнитуралармен, тұрмысқа қажетті басқа да дүние-мүлікпен жабдықталған. Қабырғадағы үлкен аспалы сағат түстен кейінгі з-ті көрсетіп тұр.

Сахна ашылғанда біз бір қолымен бүйірін таянып, бір қолымен аквариумдағы балықтарға жем салып, залға апарар есіктің қыр көзіндегі кіреберістегі киім ілгішке үстіндегі жұқа ақ сұр плащы мен басындағы сол түстес кепкасын іліп жатқан күйеуі Сайлауға зәрлі мысқылмен көз салып тұрған 40-45-тер шамасындағы оның Құдай қосқан қосағы Назымды көреміз. Оның үстінде — әдемі гүлді халат, аяғынжа — жұмсақ тәпішке.

Сайлау. Кәдімгідей жаурап қалдым-әй!.. 7-ші троллейбусты кемі бір 40—45минут күткен шығармын. Қарын да ашты. Назуша, тамақ дайын ба?

Назым. Ух, жулик, а, жулик!.. Еще ұялмай тамақ сұрайды бұл, ә?!

Сайлау. (Таңырқап). Ау, бәйбіше?..

Назым. Не, бәйбіше-бәйбіше!.. Осындай мәймөңкеңді қойшы!.. Мен саған бүгіннен бастап бәйбіше де, басқа да емеспін, білдің бе?

Сайлау. Ау, жарқыным, сен не деп кеттің?

Назым. Байғұс!.. Нақсүйерің ең болмаса тамағыңды да тойдырып жібермепті ғой. Үйінде мынаған беретін тамағы да жоқ шығар ол сорлының.

Сайлау. Кімнің?..

Назым. Кімнің-кімнің!.. Білмей тұрған шығарсың әбден кімнің екенін!..

Сайлау. Осының бәрін сен шын айтып тұрмысың? Түк түсінсем бұйырмасын.

Назым. Жоқ, сенімен ойнағым келіп, әзілім қысып бара жатқандықтан айтып тұрмын. Ух, жулик, а, жулик!.. Қазір ана киімдеріңді ал да, бұл үйден қараңды батыр! Қандай противный едің, а!? (Жыламсырап). Сен… сен бұрыннан сондай болатынсың!..

Сайлау. Қандай?..

Назым. Өшір үніңді!.. Бағана шашы жалбыраған бір албастының соңынан еріп, «Динамо» стадионына қарама-қарсы тұрған ана бес қабатты үйдің бірінші подъезіне кіріп бара жатыр едің ғой. Сүмеңдеп!… Ол түскі он екінің шамасы болатын. Ал қазір сағат неше?

Сайлау. (Қабырғадағы сағатқа көз салып). Үш…

Назым. Үш-үш!.. Үш болса, содан бері қайда жүрсің?!.

Сайлау. Қайда жүргенде… Қызықсың… Енді жүруге болмай ма?

Назым. Әй, сен бұлтағыңды қой. Одан да шыныңды айт, білдің бе!.. Кім ол?

Сайлау. Кімді айтасың?

Назым. (Күйіп кетіп). Әй, жаңағы күн көзінде жатып қалған шөмеледей сап-сары шашы жалбыраған албастыңды айтам!

Сайлау. Ол менің бір танысым. Досым…

Назым. Досым?! Сен кімді ақымақ қылып тұрсың?! О заманда бұ заман еркек пен әйелдің дос болғанын көрсем, көзім шықсын. Дос дейді-әй бұл!.. Саған дос болуға жарарлық бір еркек табылмады ма бұ дүниеден?.. Әлде мені мүлде жындандырғың келіп тұр ма? Қой, айналайын, менің сенімен жасырынбақ ойнауға уақытым жоқ. Айт шыныңды!.. Әйтпесе бар ғой…

Сайлау. Сенсең де, сенбесең де өзің біл. Біз ол екеуміз былтыр күзде танысқанбыз…

Назым. Былтыр күзде?!.. Ровно бір жыл болған екен ғой. Содан… Иә, айта бер. Мен сені мұқият тыңдап тұрмын. Сен енді бастаған екенсің, бәрін түк қалдырмай айтып шық. Дальше!..

Сайлау. Сен үшін соның бәрі соншалықты маңызды ма? Сол, таныстық…

Назым. Маңызды ма дейді-әй бұл кісіні күйдіріп!.. Егер мен басқа бір еркекпен тал түсте қолтықтасып, бір қаракөлеңке подъезге кіріп бара жатсам, саған маңызды болар ма еді, маңызсыз болар ма еді?!. Айтшы!.. Үндемейсің, ә!.. Ендеше, қазір менің алдымда түгін қалдырмай бар шындықты жайып сал! Бол!..

Сайлау. Онда ана залға барайықшы. Сонан соң айқайламашы, жарқыным. Мына көршілерден ұят-ты. Тіпті… кісінің жанын аласың ба?

(Сайлау аяқ киімін шешіп, залға қарай беттейді. Назым оны тап бастырмай өкшелеп келеді).

Назым. Ұялшағын бұның!.. Айқайлаймын. Білсін жұрттың бәрі сенің кім екеніңді!.. Әйтпесе, ол аңқау бейшаралар қайдан біледі сенің бір саусағын ішіне бүккен арамза екеніңді.

Сайлау. (Залдағы диванға отырып жатып, Назымға жалт бұрылады). Сен кісінің арына тимей сөйлесеңші! Кәдімгі адам секілді дұрыстап ұрсуға да болмай ма?

Назым. (Екі бүйірін таянып, Сайлауға жақындай түсіп). Мен саған дальше деп тұрмын ғой! Қалай ұрсуды сен маған үйретпе, білдің бе?! (Тістеніп). Дальше деймін мен саған!..

Сайлау. Дальше болса… Кәдімгі күз болатын. Сары ала жапырақтар жерге төгіліп жатқан. Дәл осы кездегідей, тамыз ба, қыркүйек пе, анық есімде жоқ…

Назым. Оны бағана айтқансың. Сары ала жапырақтар дейді ғой маған!..

Сайлау. Енді кісінің сөзі бөле бермесеңші! Өзі айт-айт дейді де…

Назым. Ойпырмай-ә?! Жарайды. Жалғастыр.

Сайлау. Әйтеуір Медеуде «Азия дауысы» фестивалі жүріп жатқан Жексен, Мұрат, мен — үшеуміз концерт көріп отырғанбыз. Стадионда. Бір кезде Жексен мен мұрат буфеттен сыра әкелуге кетті де, мен орнымызды біреулер алып қоймас үшін күзетте қалдым.

Назым. (Кекетіп). Әбден шөлдеп қалған екенсіңдер ғой!..

Сайлау. Күн ыстық болатын.

Назым. Саған сол сыраны қақаған қыста әкеп берсе де, бас тартпайсың. Білеміз ғой жайыңды.

Сайлау. Сен мені тыңдайсың ба, жоқ әңгімені осы жерден тоқтатайын ба?

Назым. (Кекетіп). Жо-жоқ, неге тоқтатасың, тоқтатпа, қызық жеріне жаңа ғана келе жатырмыз ғой.

Сайлау. Сонымен арасында сахнаға фестивальдің құрметті қонағы ретінде шақырылған Алла Пугачева шықты да, өзінің әлгі жиі айтатын әні бар ғой, «Күзгі романс» деген, соны орындай бастады.

Назым. Қандай-қандай?!. «Күзгі сүйіс» деген әні бар еді, мүмкін сол шығар… Так, сонымен…

Сайлау. Білмеймін, әйтеуір сол әнді Сюзанна «Күзгі романс» деп атайтын.

Назым. Сюзаннасы кім тағы?

Сайлау. Енді айтайын да…

Назым. (Ызалана мырс етіп). А-а-а, әлгі жалбыр шаш екен ғой! Сюзанна-мюзанна!.. Немене еді әлгі… Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деп. О баста Салима ма, Сақыш па — әйтеуір сондай бірдеңе шығар. Сюзаннашылдарын өздерінің!..

Сайлау. Жоқ, паспортында да солай — Сюзанна…

Назым. Ім-м, паспортына дейін тексердім де…

Сайлау. Жо-жоқ. Бір рет аялдамада тұрғанбыз. Кісі көп. Соның арасынша троллейбус келіп қалда да, біздің кісілерді білесің ғой, жұрт бірін-бірі итере-митере есікке қарай лап қойды. Біреу Сюзаннаның сумкасын байқамай қағып кетті. Оның ішіндегілері жерге шашылып қалды. Сол шашылған заттардың арасында паспорты да бар екен. Мен шашылған заттарды жинастырып жүргенде, әлгі паспорттағы жазуға көзім түсіп кетті.

Назым. Шашылып қалған заттарына дейін жинастырып жүремін де. Менің заттарым шашылып қалса ғой, еңкеюге де ерінер едің. Ал қайдағы бір албастының заттары шашылса…

Сайлау. Сен біреудің арына тимей сөйлей алмайсың ба осы?!

Назым. Кімнің-кімнің?!

Сайлау. (Даусын көтеріп, орнынан ұшып түрегелді). Албастың не енді?! Ол да кәдімгі… Сен секілді… нормальный әйел…

Назым. Ойбай, мынау қайтеді-әй! Әй, сенің не қимаң қышып бара жатыр, а? Айтсам, мен сені емес оны айтып тұрмын ғой. Айтпақшы, осы жаңа сен не дедің?

Сайлау. Ол да сен секілді нормальный әйел дедім. Тіпті…

Назым. Тіпті?!. Ал сонан соң… Тіпті менен де артық демексің ғой. Кәне, жоғал, қараңды батыр бұл үйден! Қазірден бастап табаныңды жалтырат!.. Ойбай-ау, бұл бүгіннен бергісі аздай, тіпті дейді ғой маған!..

Сайлау. Сен шын айтып тұрсың ба?

Назым. Болды, сөйлеме! Қазір ана киім-кешектеріңді ал да, қайқай!..

Сайлау. Енді айтып болайын да аяғына дейін…

Назым. Өшір үніңді!.. Керек еді маған сендердің любовный историяларың. Мүмкін сенің маған онымен бірге қалай жатып шыққаныңды да айтып бергің келіп тұрған шығар?!

Сайлау. Түһ, сен де бір!.. Егер сенсең, екеуміздің арамызда дәл сен ойлағандай ештеңе болған жоқ! Қандай мнительный адамсың…

Назым. Немене-немене?..

Сайлау. Мнительный, күдікшіл деймін…

Назым. Ал сенің өзің ше? Сен сондай идеальныйсың, ә!?. Кереметсің, ә?! Сендей еркек дүние жүзінде жоқ, ә?! Ой, қандай противныйсың!.. Мен саған шық дедім ғой бұл үйден!

Сайлау. (Кенет батылданып). Қазір-қазір… Өзімнің де осы үйден қарамды батырғым келіп жүр еді…

Сайлау стенканың есігін ашып, біртіндеп киім-кешектерін, өзіне тиесілі басқа да заттарын жинастыра бастады. (Назымға бұрылып). Менің ана командировкаға шыққанда ұстайтын польский қара чемоданым қайда?

Назым. Мен сенің чемоданыңның күзетшісі ме едім? Тап өзің керек болса! Вообще, енді сен менен бірдеңе сұрағаныңды қой, біз екеуміз бүгіннен бастап айырылысқан адамдармыз!..

Сайлау. (Костюм-шалбарын, көйлек-көншектерін, іш киімдерін, шұлықтарын диванның үстіне пәттелеп қойып жатып). Жарайды, жарайды!.. Так… Заттар түгенделген сияқты. (Үстіндегі костюмінің қалтасын қарманып). Паспорт — қалтада. Енді чемоданды табу керек.

Жан-жағына алақтап сәл тұрды да, жалма-жан астына орындық қойып, антресольдің ішін ақтара бастайды.

Назым. Ақтарма оның ішін, әдемі жинаулы тұрған заттарды бүлдіресің, бүлдіргі!..

Сайлау. Мен чемоданды іздеп жатырмын.

Назым. О жерде жоқ чемодан!…

Сайлау. Айтсаңшы енді, қайда?

Назым. Бүгіннен бастап біздер айырылысқан адамдармыз, менен енді ештеңе сұрама дегенім қайда жаңа ғана!? Не қылған кещесің!

Сайлау. (Басын шайқап, орындықтан түсіп жатып). Не деген мәдениеттілік!..

Назым. Мәдениетің өзіңе, білдің бе! Еще бұған мәдениеттілік керек!

Сайлау басын шайқаған күйі келесі бөлмеге қарай бет алды. Чемоданды іздеуге. Арғы бөлмеден чемодан іздеп жүрген Сайлаудың тасыр-тұсыры естіліп жатады. Арада 2—3 минут өткенде қолына спорттық сумка ұстап, залға қайта оралады да, сумкаға жаңағы диванның үстінде тұрған киім-кешектерін пәттелеп сала бастайды. Алайда, оқиғаның барысын мұқият бақылап тұрған Назым күйеуінің бар еңбегін жоққа шығарып, оның қолындағы сумканы жұлып алады да, ішіндегі заттарды қайтадан диванның үстіне ақтарып тастайды.

Назым. Тиюші болма бұған! Бұл — Арманжанның тренировкаға апаратын сумкасы!..

Сайлау. Чемодан болса жоқ, ал сумканы тағы бермейсің. Сонда мен мына киім-кешектерімді қайда салуым керек?

Назым. Қайда салсаң онда сал! Қапқа сал, дорбаға сал! Арманжанның сумкасына тиісуші болма!..

Сайлау. Оу, жарқыным! Осы үйге менің де бір сумканың құнына татырлық еңбегім сіңген шығар?..

Назым. Ешқандай да еңбегің сіңген жоқ! Пә»терді де он жыл кезекте тұрып өзім алдым. Мебельді де, бәрін де! Ең ар жағы телефонға дейін өзім құрғыздым ғой. Өтірік деші!.. Ал сен жүрдің ана шуылдақ әртістеріңді ертіп, гуляйтты салып! Зөіңше режиссермін, ондаймын-мұндаймын деп көкіректенесің. Ал қолыңнан түк келмейді. Міндетсіп тұрғаның менің етігімнің бір сыңарына да жетпейтін қайыршының асындай айлығың ба?! Ол өзіңнің ішіп-жеуіңнен де ауспайды, білдің бе! Өмір бойы менің мойныма мііп алғансың, ал мен байғұс осының бәрін тірнектеп жинаумен келемін. Арамтамақ!..

Сайлау. Так-так!..

Назым. Не так-так!.. Жиырма жыл театрда жүргенде ең болмаса жөні түзі бір спектакль қойсаң екен-ау! Кілең бір халтура! Өңшең бір — ах-ох!.. Уһ!.. Жалған патетика, өмір шындығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын өтірік сюжеттер!.. Жөнді-жөнсіз айқай-шу, тасыр-тұсыр!.. Кілең бір Қозы Көрпеш пен Баян сұлу, Айман-Шолпан!..

Қай ғасырда өмір сүріп жатырсыңдар, жаратқандарым-ау?! Тым болмаса айналаларыңа бір мойын бұрып қарасаңдаршы! Өмір танымастай өзгерді, өзгермеген сендер ғана! Қазір Қазақстанда — капитализм, жан алысып, жан беріскен бәсеке, бірін-бірі жеп қойғысы кеп жанталасып жүрген адамдар, в конце концов свободный рынок! Ал сендердің театрларың ше? Сендердің театрларыңда — сол баяғы сүйегі әлдеқашан қурап қалған феодализм мен социализм… Кісінің жүрегін айнытатын жылымшы романтика! Прагматикалық салт-сана, ХХ ғасырдың соңындағы қатал өмір шындығы қайда?! Ол атымен мүлде жоқ! Жоқ и все… Өйткені сендер шеттеріңнен кембағал бейталанттысыңдар, примитивсіңдер! Өткенді ғана малданып әбден жаман үйренгенсіңдер, ал өздеріңнің қолдарыңнан жаңа бірдеңе жасау мүлде келмейді. Соған қарамай еще кеуделерің аяққаптай!

Не аузыңды ашып аңқия қалдың?!

Сайлау. Айт, айта түс! Мен өзім білмей жүрсем, сен әжептәуір сыншы екенсің ғой. Сені біздің театроведтермен таныстырып қою керек екен өзі.

Назым. Керек еді маған сенің сыншыларың!.. Сендерді бар ғой… бәріңді ана қызметтеріңмен қуу керек! Әлгі кім еді… Әртістер, драмттургтер сыншылар, ғалым-палымдар — бәріңді-бәріңді!.. Өйткені қоғамға титтей пайдаларың жоқ арамтамақсыңдар өңшең! Қолдарыңнан жоғарыдағы бастықтарға жағымпазданғаннан басқа түк келмейді. Дәмететіндерің — атақ, аброй, ақша және бір кішкентай кресло!.. Сөйтіп жүріп сендерден өнер, ғылым қайдан шығады, а, айтшы кәне?!

Сайлау. Сонда, сеніңше, Қазақстандағы бүкіл театрларды, ғылыми мекемелерді, тағы не еді… Иә, жоғары оқу орындарын, лабораторияларды — бәрін түгел жабу керек пе?

Назым. Іһ… Жапса несі бар екен?! Егер мен үкімет басшысы болсам, дәл солай етер едім! Мысалы, тап мына сенің орныңда Англиядан, как ни как Шекспирдің Отаны ғой, — бір-екі режиссер, драматург, ал ана сенің шуылдақтарыңның орнына Голивудтан бірнеше әртіс алып келіп, бәріңді түріп айдап шығар едім! Ал олар болса, Құдайға шүкір, өнерді де, нарықтық бәсекені де сендерден әлдеқайда жақсы біледі.

Сайлау. Үкімет басшысы болсаң, біздерді қоңыз тергізіп, қаңғыртып жіберетініңе шүбәм жоқ. Ал енді сонда ана жүздеген, мыңдаған ғылыми мекемелерді, онда істейтін қызметкерлерді қайтесің? Сен жалғыз театрда істейтіндерді ғана емес, жалпы, интеллигенция қауымын иттің етінен әрмен жек көресің ғой.

Назым. Оларды да түріп айдап шығу керек! Сендердің бәрің бір сорттансыңдар!.. Ал ғылыми мекемелерге, жоғары оқу орындарына келетін болсақ, олар жұмыстарын жалғастыра береді. Оларға біз ана Америка, Жапония, Англия, Франция, Сингапур, Қытай тағы да басқа алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің ғалымдарын шақырып әкеп, орналастырамыз. Дамытсын қазақтың ғылымын!.. Ақшаларын төлейміз дұрыстап, ақша болса, бәрі болады, білдің бе?!

Сайлау. Түсіікті, түсінікті… Бірақ олар сенің ана жандосов пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы жекеменшік дүкеніңнің ішіндегі заттар емес шығар.

Назым. Немене дүкен-дүкен!.. Біле білсең, сол дүкеннің арқасы шығар сенің осылайша талтаңдап жүргенің. Оны да мен аштым ғой талай чиновниктің есігін адақтап жүріп!.. Біреуін әкелеп, біреуін көкелеп. Қанша жүйкем, денсаулығым құрыды сол дүкенді ашқанша!.. Сен жүрдің шуылдақтарыңмен бірге анда-мұнда гуляйттап! Айтып отырмын ғой, сендердің бәріңді түріп айдап шығу керек деп! Сендер нағыз бүлдіргісіңдер!..

Сайлау. Сендерің кім сонда? Әлгі әртістер, ғалымдар, драматургтер, тағы кім еді, иә-иә, режиссерлер ме?..

Назым. Иә-иә, нақ солар!..

Сайлау. Ол енді қиындау болар. Оларды сен секілділердің талайы ғасырлар бойы қуғындап, бірақ ақыр аяғында түк шығара алмай, шаршап қойған. Айналаңа назар салшы, кімдердің ескерткіштері тұр біздің қаламыздың алаңдары мен скверлерінде, демалыс парктерінде?!. Бәрібір адамзатпен бірге мәңгі жасасып келе жатқан солар емес пе?

Назым. Өліп қалғаннан кейін қойылған көктастар кімге дәрі?! Маған бәрі тірімде керек, білдің бе?.. Ал, между прочем, ондай ескерткіштер бар ғой саған бұ дүниеде де, о дүниеде де қойылмайды. Іһ!.. Ызғыған режиссер мен әртістің бәріне бір-бір ескерткіштен қойсақ, сау-тамтығымыз қалмас! Дүниежүзілік банк сарапшыларының мәліметі бойынша, Қазақстан адам индексінің дамуы жөнінен жер шарындағы 191 мемлекеттің ішінде 83-орында тұр. Демек, біз Африкадағы, Оңтүстік Америкадағы кейбір дамушы елдердің қатарындамыз. Сондықтан ондай сән-салтанатты біздің мемлекетіміздің бюджеті көтермейді. Енді түсінікті шыған саған?!

Сайлау. Маған ешқашан ескерткіш қойылмайтынын мен сенсіз де жақсы білем. Мәселе мен туралы емес, жалпы, өнер, ғылым жайында емес пе. Сен қазіргі замандық бизнестің озық ойлы өкілісің ғой, қалайша осындай жай нәрселерді түсінбейсің? Таңым бар. Әлде…

Назым. Әлде-әлдеңді қойшы, осы кісінің жынын келтірмей! Әй, айтпақшы, осы саған ерегіскенде, сондай ескерткішті мына мен өзіме дәл күні ертең орнатайын ба?

Сайлау. Мына сен бе?!

Назым. Иә, мына мен, Назым Еркеболатқызы.

Сайлау. Так-так, құлағым сенде…

Назым. Сен кісінің сөзін бөле бермей, дұрыстап тыңда. Құдайға шүкір, жаңағы сен айта беретін жекеменшік дүкенінің арқасында мен де қолында билігі бар, влиятельный таныстардың жеткілікті екенін өзің жақсы білесі. Ертең саған ерегіскенде қалалық әкімшілікте істейтін солардың біреуіне барамын да, — как раз біздің дүкеннің алдында бұрын шашлычный болған бір шағын алаң бар, — тап сол жерді ойып тұрып сатып алам. Сонан соң әлгі сенің Ермек деген бір бұйрабас, ішкіш скульптор жолдасың бар еді ғой, соған заказ беремін. Бейшара қазір болса да жұмыссыз қаңғып жүр ғой, мен бар шаруаны жиып тастап осы іске кірісем. Ертеңнен бастап! Осы келмей ме менің қолымнан, айтшы, а?!

Сайлау. Келеді-келеді. Бірақ мен бір нәрсеге түсіне алмай тұрмын.

Назым. Неғып сен осы бүгін бәрін түсіне алмайтын бола қалғансың! Әшейінде ауыздыға сөз бермейтін ақылдың кені данышпан едің ғой.

Сайлау. Айтайын да енді…

Назым. Айт-айт, бүлдіргі! Бүгін бар білгеніңді, көргеніңді айтып қал. Бүгіннен кейін сені желкемнің шұқыры көрсін!

Сайлау. Комплименттеріңе рақмет. Айтсам, мәселен, егер Мұқағали Мақатаевқа ескерткіш тұрғызыла қалса, онда ол ескерткіш қазақ поэзиясының әрі соншама нәзік, әрі соншама өршіл рухын бір бойына жинақтаған асқақ жанның мәрмәр бейнесі көзге елестер еді, ал композитор Шәмші Қалдаяқовқа…

Назым. Әй, сен қойшы осындай әсіреқызыл, қысыр сөздеріңді! Кілең осылай жалпылама кетесің. Айтсаң, айтсаңшы былай… по существу, конкретно. Причем бұ жерде Мұқағали, Шәмші, әңгіме мына мен хақында болып отырған жоқ па?

Сайлау. Жоқ сонда енді сенің ескерткішіңнің жалпы нобайы қалай болмақ? Бұл өнер туындысының негізгі идеясы қандай шығармашылық концепцияға сүйенбекші сонда?

18+

Книга предназначена
для читателей старше 18 лет

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее