
Алғы сөз
Құрметті оқырманым, бұл менің екінші БАЛАМ (жазған туындыларды, кітапты балаларыма теңеймін, себебі мен оған көп күш салдым, ол үшін барымды бердім, оны аялап жеткіздім, сынайтын кездерім де болды, әрине ондай жағдай бола береді де, оған қарсы шығар дауым жоқ). Алғашқы туынды осыдан 3 жыл бұрын «Сөнбеген жалын» деген атаумен жарық көрді, повесть жанрында жазылды. Бұл шығарманы да дәл осы жанрда жазғым келіп отыр. «Сөнбеген жалын», тақырыбы -махаббат, ал мен жеткізгім келген идея — қазіргі бейбіт заманда, бірақ та, алдау-арбауы да бар кезеңде шынайы маххаббаттың соған қарамай өмір сүретіндігі туралы.
Дәл қазір жазып отырған еңбектің атауын қалай қойсам деп ойлаймын. Әдеби туындыға атау берудің өзі де жеке бір керемет құбылыс. Ал енді, тақырыбы мен идеясы туралы сөз қозғасам, тақырыбы — өмір, идеясы — қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырымызды бақытты өткізу, болған оқиғаларға басқаша көзбен де қарау (белгілі бір эмоцияларға берілу, бірақ оны өміріннің басты кілті деп танымау), әрқашан өсу үстінде болу, рухани даму.
Үш жыл, үш жыл,,,, Уақыт зымырап өте шықты, ойлау желісім де, санам да өзгерді. Одан кейін басымнан көптеген оқиғалар өтті, сол оқиғалар жиналып-жиналып келіп, менің шабытымның оянуына себепші болды, соған байланысты осы жазба жұмысымды қолға алдым.
Бұл повесть — менің қиялым мен шабытымнан туған шығарма. Мұндағы барлық оқиғалар, кейіпкерлер мен жағдайлар ойдан шығарылған. Дегенмен, олардың кейбірі сіздерге таныс болып көрінуі немесе өз өмірлеріңіздегі қандай да бір оқиғаларды еске түсіруі мүмкін.
Мен мұндай жағдайлардың шынайы өмірде де кездесетінін түсінемін және ешкімнің басынан өткен оқиғаларын немесе сезімдерін жоққа шығарғым келмейді. Егер сіз де осы шығармада суреттелген оқиғаларға ұқсас жағдайларды бастан өткерген болсаңыз, өтінемін, жазылған дүниені жүрегіңізге тым жақын қабылдамаңыз. Есіңізде болсын, бұл повесть — менің қиялымнан туған оқиға ғана, ол сіздің өміріңіздің көрінісі емес.
Мен бұл шығарманы біреудің көңіліне тию, жан жарасын қозғау немесе қандай да бір ауыр сезім тудыру мақсатында жазып отырған жоқпын. Мен тек өз шабытымның жетегінде жүріп, ойымда туған оқиғамен бөліскім келеді.
Осы повесті оқуға шешім қабылдаған әрбір оқырманыма алғыс айтамын. Өзіңізді де, жүрегіңізді де аялай жүріңіз!
1 Бөлім
Құланиек.
Бекжан көзін ашып қараса, қасында Әсия жоқ екен. Төсегінен тұрып, ас бөлмеге жол тартты, себебі соңғы уақытта бұл жиі қайталанып жүр.
Таң енді сыз беріп ата бастаған кезде, Әсия ас бөлмеде отыратын, жаман түс көріп, шошып оянып, осында келетін. Бекжан қасына келіп:
— Жаным, бәрі жақсы болады. Алаңдама. «Түс — түлкінің…» емес пе? Баламыз аман-есен дүниеге келеді, — дейді.
— Бекжан, егер баламыздан айырылып қалсақ не болады?
— Ол туралы ойлаушы болма, дегенмен, қандай жағдай болса да, мен сенің қасында боламын.
Міне, екі күн өтті. Дәл бүгін босанатын кез келді. Бекжан тағатсыздана күтіп тұр. Дәрігер шыға сала, Бекжан оған ұмтылып:
— Дәрігер, не болды?, — деді.
— Бекжан мырза, бізге тез арада шешім қабылдау керек. Анасын немесе баланы құтқару қажет.
«„Түс — түлкінің …“ емес пе? Баламыз аман-есен дүниеге келеді», — деген сөздері, еріксіз Бекжанның ойына келді. Сәл кідіріп, екі ауыз сөз ғана айтты:
— Әсияны құтқарыңдар.
Сәлден кейін Бекжан Әсияның қасына келіп, тіл қатты:
— Әсия, сабыр ет, барынша бекем бол, мен қасындамын.
— Бекжан, бұл не дегенің?! Баламыз қайда?, — деп, Әсия қыңжыла түсті.
— Өкінішке орай, одан айырылып қалдық!, — деп күрсіне жауап берді Бекжан.
Әсия тек жылай берді, көз жасы көл болды. Әсияның көрген түсі өңіне айналды, ол баланың қып-қызыл қанға малынып жатқаның көрген еді.
Дәрігерлер Әсияға тыныштандыратын дәрі берген соң, ол ұйықтап кетті. Дәл осындай кезде Бекжан әйелінің алдында өзінің қайсарлығын қанша көрсете алса да, оның да жігері құм болды, ірі денесі кішірейгендей кейіп білдірді, тек қана арыстандай айбатты мінезі жоғалмас-ты. Дәрігер Бекжанға келіп:
— Бекжан мырза, алаңдамаңыз. Өмір әлі алда, бұл Құдайдың берген бір сынағы болар, бекем болыңыздар!, — деді.
— Рақмет, дәрігер.
Арада екі жыл өтті. Ақ түйенің қарны жарылып, бұл фәниге торсығы тоқпақтай, жауырыны қақпақтай ұл бала келді. Әсия мен Бекжан балалы болды.
— Бекжан, баланың есімін кім деп қоямыз?, — қуана сұрады Әсия.
— Әсия, болаттай берік болсын деп, Болат деп қойсақ, қалай қарайсың?
— Ия, Бекжан, сенімен келісемін, жақсы ойлап тауыпсың.
2 Бөлім
Күз. Қазан айының ортасы ауа мектеп ауласы өзгеше бір ертегі әлеміне енгендей күй кешетін. Жаз бойы жайқалып тұрған кәрі үйеңкілер мен қайыңдар енді алтын мен мыс түстес шапандарын киіп, маңғаздана теңселеді. Самал жел соққан сайын ағаш басынан үзілген сары, қызыл жапырақтар ауада баяу қалықтап, мектепке апаратын жолда кілем болып төселіп жатты. Таңғы ауа салқын, бірақ соған қарамастан күздің қоңыр шуағы айналаны жылылыққа бөлейді.
Қоңырау соғылуға жақындағанда, бұл тыныштықты мектепке асыққан оқушылардың сыңғырлаған күлкісі мен шуылы бұзады. Арқаларына түрлі-түсті сөмкелерін асынып, күзгі жеңіл күртеше киген балалар топ-тобымен келе жатты. Солардың араларында Болат та бар еді, өзі ер жетіп қалған, мектепке өзі барады, сонымен қатар хоккеймен де шұғылданады, бәріне де үлгеріп жүр.
Күз мектепке тек суық пен жаңбыр емес, жаңа мақсаттар мен ерекше бір жылылық әкелгендей. Терезеден түскен күзгі күн сәулесі сынып ішіндегі парталар мен кітап беттеріне ойнақшып, жаңа оқу жылының басталғанын, алтын уақыттың зымырап бара жатқанын сездіргендей болады.
Сол сәттегі Болат алтыншы сынып оқушысы. Ол үшін бұл кезең жеңіл өткен еді, нағыз керемет кезеңдер емес пе? Балалық шақ…
Оның өмірінде үлкен мәселелер жоқ сияқты еді. Алда әлі талай уақыт бар, армандарға жетуге мүмкіндік жеткілікті, ал ертеңгі күн бүгінгіден аса ерекшеленбейтіндей көрінетін. Ол солай ойлайтын. Өйткені әзірге өмір оған басқаша ойлауға себеп бермеген еді.
***
Таңғы күннің алтын сәулесі көшелерге төгіліп, түнгі салқыннан енді ғана арылған қала баяу оянып келе жатты, Мектеп ауласынан балалардың шат күлкісі естіліп, олардың дауыстары қоңыр күздің тыныштығын бұзып тұрды.
Болаттың әр таңы бірдей басталып, әрі қарай дәл осы мектеп қабырғасында ерекше түрлі-түсті түстерге боялатын, мектепте оны көбісі білетін, достары да аз емес-ті. Ол аса қатты белсенді оқушылардың бірі болды деп айтуға келмес, бірақ онымен тіл табысу, араласу оңай болатын. Егер сыныптастарына, достарына көмек керек болса, барынша қолдау көрсетіп, бар күшін аямайтын. Ол бұл әрекеттерін сол кезде аса маңызды деп санамаған. Оның ойынша: «Қолымнан келсе, көмектесемін, еш қиындығы жоқ».
Соңғы сабақ аяқтала салысымен, ол сөмкесін иығына асып, мектептен шыға жөнелді. Дәлізде достарының дауысы естіліп, біреулер ертеңгі бақылау жұмысын талқылап жатты. Ол да олардың әңгімесіне араласып, бір-екі әзіл айтып үлгерді.
— Бүгін жаттығуға кешікпе, — деді досы.
— Уайымдама. Мен сенен бұрын барамын, — деп жауап берді ол.
Әрине, кейде сабақтан шаршайтын. Кейде үй тапсырмасы көп болып, хоккейге барғысы келмейтін сәттер де болатын. Бірақ мұндай ойлар ұзаққа созылмайтын. Мұз айдынына шыққан кезде, ол күнделікті уайымдарының бәрін ұмытып кететін.
Хоккей оған жай ғана спорт емес еді. Ол жерде бәрі түсінікті болатын: жаттығасың, қателесесің, қайта тырысасың. Егер бүгін бір нәрсе қолыңнан келмесе, ертең тағы мүмкіндік бар. Оған осы ұнайтын.
***
Әдеттегі күн. Сол күні де ерекше ештеңе болған жоқ. Сабақтан кейін ол сыныптасының бір тапсырманы түсінбей отырғанын байқап, қасына келді. Екеуі біраз уақыт есептің шешімін іздеді. Ақыры, сыныптасы жауабын тапқан кезде, қуанып кетті.
— Рақмет саған! Өзім түсіне алмай қойып едім, — деді ол.
— Ештеңе етпейді. Келесіде өзің де шығарасың, — деп жауап берді Болат.
Ол осы сөздерді шын көңілімен айтты. Адамның бір нәрсені түсініп, қуанып кеткенін көру оған ұнайтын.
Кешке қарай үйіне қайтып бара жатып, бүгінгі күнін ой елегінен өткізді. Сабақтары жаман өтпеді, жаттығуы да жақсы болды. Ертең де бәрі осылай жалғасатын шығар.
Ол аспанға бір сәт көз тастап, терең тыныс алды. Кешкі ауа салқын еді. Көшедегі адамдар өз шаруаларымен асығып бара жатты, ал дүкендердің терезелерінен жарық төгіліп тұрды.
Бәрі әдеттегідей. Ол мұндай сәттердің бір күні сағынышқа айналатынын білмеді. Кейін дәл осы қарапайым күндерді есіне алып, сол кездегі өзін түсінуге тырысатынын да ойлаған жоқ. Өйткені адам көбіне бақытты екенін сол бақытты күндер артта қалғаннан кейін ғана түсінеді. Ал ол әлі асықпай өмір сүріп жүрген еді.
***
Алғашында ештеңе өзгермегендей көрінді. Хоккей бұрынғыдай оның өмірінің маңызды бөлігі болып қала берді. Бірақ жаттығулар біртіндеп ұзара бастады. Бұрын аптасына бірнеше рет баратын болса, енді бос уақытының көбін мұз айдынында өткізетін болды.
Үйге кеш келетін. Шаршаған күйде сөмкесін бұрышқа қойып, тамағын ішетін де, сабақтарын орындауға отыратын.
— Бүгін көп тапсырма берді ме? — деп сұрады бір күні анасы.
— Жоқ, аса көп емес, — деді ол дәптерін ашып жатып.
Шын мәнінде, тапсырмалар көбейген еді. Бірақ ол бұған қатты мән бермеді. Ертең орындаймын деді. Ал ертең тағы жаттығу болды. Одан кейін де уақыт табылар деп ойлады.
Ол бұрын бәріне үлгеретін. Сабаққа да, хоккейге де, достарымен кездесуге де. Енді сол нәрселердің арасында таңдау жасауға тура келетінін әлі мойындағысы келмеді.
Бір күні мұғалім үй тапсырмасын тексеріп, оның жұмысын қабылдамады.
— Соңғы уақытта сабаққа бұрынғыдай дайындалмай жүрсің, — деді мұғалім.
Ол үндемеді.
Өйткені мұғалімнің дұрыс айтып тұрғанын өзі де білетін.
Бірақ сол сәтте ол өзін кінәлаудан гөрі, уақыттың жетпей жүргеніне ашуланды. Күн бұрынғыдай жиырма төрт сағаттан тұрса да, оған бұл уақыт аздық ететін. Ол мұны әділетсіздік деп санады. Әлі де бәріне үлгеруге болатынына сенгісі келді.
Келесі аптада ол сабақтан кейін досының жанына келді.
— Мына есептерді түсінбей қалдым. Көмектесіп жіберші, — деді ол дәптерін ашып.
Досы тапсырмаларды қарап шықты.
— Қазір көмектесейін. Бірақ өзің де түсініп алуға тырыс. Әрдайым менің көмегіме сүйене алмайсың ғой.
— Білемін, білемін, — деп жауап берді ол. -Бұл соңғы рет.
Сол күні досы оған бәрін түсіндіріп берді. Келесі жолы да көмектесті. Бірақ арада бірнеше күн өткенде, жағдай қайталанды.
— Тағы да үлгермедің бе? — деп сұрады досы.
— Жаттығу ұзақ болды. Үйге кеш келдім.
— Сен соңғы кезде үнемі осылай айтасың.
Болат қабағын түйіп, жауап қатты:
— Сонда не істейін? Хоккейге бармай қояйын ба?
— Мен саған хоккейден бас тарт деп тұрған жоқпын. Тек өз сабағыңа да жауапты болсаң деймін.
Ол досының сөзін түсінуге тырыспады. Сол сәтте оған досы көмектескісі келмей тұрғандай көрінді.
— Қойшы, сенен көмек сұрағаныма өкіндім, — деді ол суық үнмен. -Бір рет көмектессең, өзіңді сондай керемет адам сезінетін сияқтысың.
Досы үнсіз қалды. Ол мұндай жауап күтпеген еді. Біраз уақыт екеуі бір-біріне қарамады.
— Жарайды, — деді досы ақырында. -Енді менен көмек сұрамай-ақ қой.
Ол дәптерін жинап, орнынан тұрды.
Сол сәтте Болат өз сөзінің қаншалықты ауыр естілгенін аңғармады. Ашуы басылғанда ғана жаңағы үнсіздік есіне түсті. Санжардың ренжіген жүзі ойынан кетпей қойды.
Болат оның кетіп бара жатқанын көрді. Ішінен бір нәрсе айтқысы келді. Мүмкін, кешірім сұрағысы келген шығар. Бірақ намысы жібермеді.
«Өзі біледі», — деп ойлады ол.
Сосын дәптеріне қайта үңілді. Алайда есептердің ешқайсысына назарын аудара алмады.
Кейде адаманың көңілін қалдыру үшін ұзақ сөздің қажеті жоқ. Ал сол көңілді қайта орнына келтіру үшін бір ауыз шынайы кешірімнің өзі үлкен батылдықты талап етеді.
***
Келесі күні олар мектепте кездесті. Бұрынғыдай амандасты. Бірақ әңгімелері қысқа болды. Досы басқа балалармен сөйлесіп тұрды, ал ол өзіне ештеңе болмағандай кейіп танытты.
Бәрі қалыпты сияқты еді. Тек бұрын бірге қайтатын жолда енді екеуі екі жаққа кететін болды. Үзілістерде де сирек сөйлесті. Ешкім олардың арасында не болғанын білмеді. Болат кейде досына қарағысы келетін. Бірақ әр жолы өзін тоқтататын.
«Мен неге бірінші болып сөйлесуім керек? Оның да кінәсі бар ғой».
Осылай ойлау оған оңай болды. Өйткені өз қатесін мойындау кейде басқа адамның қателігін көрсетуден әлдеқайда қиын.
Кешке үйіне келгенде, ол сөмкесін ашып, дәптерлерін шығарды. Бір сәт досының оған бұрын қалай көмектескені есіне түсті. Екеуінің бірге есеп шығарып, сабақтан кейін ұзақ сөйлесіп отыратын кездері де болды. Ол сол сәттерді сағынғанын мойындағысы келмеді. Сондықтан дәптерін жауып, хоккей формасын алды. Мұз айдынында бәрі бұрынғыдай болуы керек еді. Бірақ сол күні де ол жаттығудан кейін үйіне қайтқанда, көңіліндегі бір түсініксіз ауырлықтан арыла алмады. Ол әлі кешірім сұраған жоқ. Ал досы оның кешірім сұрауын күтіп жүр ме, жоқ па — оны да білмеді.
***
Арада бірнеше күн өтті. Достардың арасындағы үнсіздік әлі де жалғасып жатты. Алғашқы күндері ол бұған аса мән бермеген. Досының басқа балалармен сөйлескенін көрсе де, өзін қызықтырмайтындай кейіп танытатын. Бірақ уақыт өте келе, бұл жағдай оған бұрынғыдан да оғаш сезіле бастады. Бір кездері екеуі әр сабақтың арасында сөйлесіп үлгеретін. Мұғалімнің қызық сөздерін талқылайтын, бір-біріне әзіл айтып, сабақтан кейін бірге қайтатын. Кейде ешқандай маңызды тақырып болмаса да, ұзақ әңгімелесетін. Енді олардың арасында айтылмай қалған сөздер ғана бар еді.
Бір күні сабақтан кейін ол досының партасында отырғанын көрді. Қасындағы балалар бір нәрсеге күліп жатты. Ол да күлді. Болат сол сәтте біртүрлі сезімге бөленді. Досы онсыз да көңілді жүр екен. Ештеңе өзгермеген сияқты. Бірақ өзі үшін бір нәрсе өзгерген еді. Ол мұны қызғаныш деп те, өкініш деп те атай алмады.
— Не болды? — деп сұрады қасындағы сыныптасы.
— Ештеңе, — деп жауап берді Болат.
Ол сөмкесін алып, сыныптан шығып кетті. Сыртта ауа салқын еді. Болат үйіне қарай асықпай жүрді. Әдетте мұндайда құлаққабын тағып, музыка тыңдайтын. Бірақ бүгін телефонын қалтасынан да шығармады. Оның ойында бір ғана сұрақ айналып жүрді.
Мен неге солай айттым?
Жауабын өзі де білетін.
Сол кезде ол шаршаған еді. Сабаққа үлгермей жүргеніне ашуланатын. Хоккейден бас тартқысы келмейтін. Ал досы оған өзінің жауапкершілігін еске салған кезде, ол мұны көмектесуден бас тарту деп қабылдаған. Ол досына ашуланды. Бірақ шын мәнінде, өзіне ашуланғанын мойындағысы келмеді. Осыны түсіну оған оңай болған жоқ.
Келесі күні ол мектепке әдеттегіден ертерек келді. Досы әлі сыныпта жоқ еді. Ол орнына отырып, дәптерін ашты. Бірақ бір жолды қайта-қайта оқығанымен, ештеңе түсінбеді. Ол досымен сөйлесуі керек екенін түсінді.
Бірақ не айту керек?
«Кешір» деген сөз тым қысқа сияқты көрінді. Ал ұзақ түсіндіре бастаса, өзін ақтап жатқандай болар еді.
Қоңырау соғылғанда, досы сыныпқа кірді.
— Сәлем, — деді ол.
— Сәлем.
Досы орнына барып отырды.
Болат тағы біраз күтті. Сосын орнынан тұрып, оның жанына барды.
— Сабақтан кейін уақытың бар ма? Сөйлесу керек еді.
Досы оған қарады. Жүзінен бір жайтты аңғару қиын болды.
— Не туралы? — деп сұрақ қойды.
— Сол жолғы жағдай туралы.
Досы сәл үнсіз қалды.
— Жарайды. Сабақтан кейін.
Болат орнына қайтып келді. Оның жүрегі сәл қобалжығандай болды. Ол неге сонша уайымдап тұрғанын түсінбеді. Өйткені ол небәрі кешірім сұрамақ еді. Бірақ кейде ең қарапайым сөздердің өзі адамға қиынға соғады. Әсіресе, сол сөздер арқылы өз қателігіңді мойындауың керек болса.
Сабақтар әдеттегіден баяу өтті. Ақыры соңғы сабақ аяқталды. Оқушылар біртіндеп сыныптан шығып жатты. Екеуі де асықпады. Біраздан соң бөлмеде өздерінен басқа ешкім қалмады.
— Айта бер, — деді досы.
Болат бір сәт үнсіз қалды.
— Мен сол күні саған жаман сөз айттым.
— Иә, айттың
— Сен маған көмектесіп жүрдің. Ал мен сенен тағы көмек сұрап, өзімнің үлгермей жүргеніме сені кінәлағандай болдым.
Досы үндемеді.
— Шынымды айтсам, сол кезде өзімнің де ашуланып жүргенімді түсінбедім. Хоккейге де барғым келеді, сабағымды да жақсы оқығым келеді. Бірақ бәріне үлгермей жүрмін. Сен соны айтқанда, мен саған ашуландым.
Ол төмен қарады.
— Бірақ бұл саған олай сөйлеуге себеп емес. Кешір.
Сынып іші тып-тыныш болып қалды.
Болат досының бірден жауап бергенін күтті. Мүмкін, ол да кешірім сұрап, екеуі бұрынғыдай сөйлесіп кетер. Мүмкін, бәрі бірнеше күннің ішінде ұмытылар.
Бірақ досы асықпады.
— Мен саған көмектескім келмеген жоқ, — деді ол ақырында. — Бірақ сен өз жұмысыңды маған тапсыра берсең, мен де өз сабағыма үлгере алмаймын ғой.
— Білемін.
Сен сол күні мені өзіңе көмектесуге міндетті адам сияқты көрдің.
Бұл сөздер Болатқа ауыр тиді. Өйткені ол мұны бұрын ойламаған еді.
— Иә, — деді ол біраздан кейін. -Мүмкін, солай болған шығар.
Ол алғаш рет өз қатесін ақтауға тырыспады.
— Мен сені ренжіткім келген жоқ.
— Бірақ ренжіттің.
— Білемін.
Досы терең тыныс алды.
— Жарайды. Кешіріміңді қабылдаймын. Бірақ бәрі бірден бұрынғыдай болады деп ойлама.
— Түсінемін.
Ол мұны шын көңілімен айтты. Себебі сол сәтте ол бір нәрсені түсінді: кешірім сұрау — жасаған қателігіңді бір ауыз сөзбен өшіру емес. Бұл — өз әрекетіңнің басқа адамға қалай әсер еткенін мойындау.
Екеуі сыныптан бірге шықты.
Біраз уақыт үнсіз жүрді. Содан кейін досы:
— Ертең жаттығуың бар ма? — деп сұрады.
— Бар.
— Онда бүгінгі үй тапсырмасын өзің орындап көр. Түсінбеген жерің болса, ертең бірге қараймыз.
Болат оған бұрылып қарады.
— Рақмет.
— Тек бұл жолы өзің де тырыс, — деді досы жымиып.
— Тырысамын.
Бұл үлкен татуласу болған жоқ. Ешкім бір-біріне ұзақ уәде бермеді. Екеуі де өткен күндерді ұмытып кеткен жоқ. Бірақ олар қайтадан сөйлесе бастады.
Кейде қарым-қатынасты түзету үшін үлкен сөздер қажет емес. Ең бастысы — адамның өз қателігін мойындап, өзгеруге дайын болуы.
Ал Болат үшін бұл кішкентай ғана қадам еді. Бірақ ол бұрынғыдай емес болатын.
***
Соңғы күндері Болат үйге ертерек қайтуға тырысатын болды. Сабақтарын уақытында орындап, хоккейге де үлгеруге талпынды. Бұл оңай болмады, бірақ бұрынғыдай бәрін кейінге қалдыра беруге болмайтынын түсінген еді. Досымен де қарым-қатынасы біртіндеп қалпына келе бастады. Олар қайтадан бірге сөйлесіп, кейде сабақтан кейін қатар қайтатын болды. Дегенмен Болат бұрынғы қателігін ұмытқан жоқ. Енді көмек сұрауға тура келгенде, алдымен өз бетімен орындап көруге тырысатын. Ол өзгеріп келе жатқанын сезді. Бірақ бұл өзгерістің қаншалықты маңызды екенін әлі білмейтін.
Бір күні кешке үйіне келгенде, әкесін асүйде отырғанда көрді. Әдетте әкесі жұмыстан келген соң біраз тынығып алып, оның күні қалай өткенін сұрайтын. Кейде хоккей туралы әңгімелесетін, кейде мектептегі бағаларын сұрап, әзілдесетін.
Бүгін ол үнсіз отырды. Алдындағы шайы суып қалған.
— Әке, шаршап тұрсыз ба? — деп сұрады ұлы.
Әкесі басын көтерді.
— Аздап. Бүгін жұмыс көп болды.
— Онда демалыңыз.
— Жарайды. Өзіңнің күнің қалай өтті?
— Жақсы. Жаттығу да болды.
Әкесі күлімсіреді.
— Жақсы екен. Тек өзіңді қатты шаршатып алма.
— Уайымдамаңыз, бәрі жақсы.
Ол осылай деп бөлмесіне кіріп кетті.
Сол кеште бұл әңгіме оның есінде қалған жоқ. Оған әкесінің шаршағаны қалыпты жағдай сияқты көрінді. Өйткені үлкен адамдар да шаршайды. Жұмыс істейді, үйге келеді, демалады. Өмір осылай жалғаса береді. Ол да ертеңгі сабағына дайындалып, ұйықтап қалды. Ал әкесі сол түні ұзақ уақыт ұйықтай алмай жатты.
***
Арада бірнеше күн өтті. Жексенбі күні таңертең Болат әдеттегіден кеш оянды. Үй іші тыныш еді. Асүйден анасының дауысы естілді.
— Бүгін жаттығуың нешеде? — деп сұрады анасы.
— Түстен кейін. Не болды? Неге сұрадың?
— Ештеңе. Әкең екеуміз біраз жерге барып келуіміз мүмкін.
— Қайда?
Анасы бір сәт үнсіз қалды.
— Дәрігерге.
Ол қасықты үстелге қойды.
— Не болды? — деп қобалжып, сұрақ қойды баласы.
— Әкең соңғы уақытта өзін жақсы сезінбей жүр. Тексеріліп келейік деп шештік.
— Қатты ауырып жүр ме?
— Әзірге нақты ештеңе білмейміз. Сондықтан тексерілу керек.
Ол анасының жүзінен алаңдаушылықты байқады. Бұрын анасы бір нәрсеге уайымдаса да, оны балаларға білдірмеуге тырысатын. Ал бүгін дауысында бұрын естімеген бір қобалжу бар еді.
— Мен де барайын ба? — деп сұрады ол.
— Жоқ, балам. Бүгін жаттығуыңа бара бер. Біз өзіміз-ақ барамыз.
Ол басын изеді. Бірақ енді тәбеті жоғалғандай болды. Таңғы асын аяқтаған соң, бөлмесіне кіріп, біраз уақыт терезенің алдында тұрды. Оның ойына түрлі сұрақтар келді.
Неге әкесі бұрынғыдай көңілді емес? Неліктен анасы алаңдап жүр? Неге дәрігерге бару керек болды?
Сұрақтардың жауабы жоқ еді.
Ол телефонды қолына алып, досына хабарлама жазды.
«Бүгін жаттығуға барасың ба?»
Досы көп күттірмей жауап берді.
«Иә. Сен ше?»
«Мен де барамын».
Ол телефонды қалтасына салып, өзіне бәрі қалыпты екенін айтқысы келді. Бәлкім, шынымен ештеңе жоқ шығар. Әкесі тек шаршаған болар. Дәрігерге барып, тексеріліп келеді де, бәрі бұрынғы қалпына түседі. Ол осы ойға сенгісі келді. Себебі кейде адам жауаптан қорыққандықтан емес, сол жауаптың өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін екенін сезгендіктен сұрақ қоюдан қашады.
Кешке ол жаттығудан кейін үйіне қайтты. Көшеде күн батып бара жатты. Ауа салқындап, адамдар үйлеріне асығып жатты. Ол әдеттегідей құлаққабын тағып, жол бойы музыка тыңдады. Үйге кіргенде, анасы асүйде отыр екен. Әкесі бөлмесінде демалып жатқан.
— Қалай өтті? — деп сұрады анасы.
— Жақсы.
Ол сөмкесін қойып, қолын жуды да, әкесінің бөлмесіне кірді.
— Әке, қалайсыз?
— Жақсымын, балам. Кел, отыр.
Ол кереуеттің шетіне отырды.
— Дәрігер не деді?
Әкесі бір сәт оған қарап отырды.
— Әзірге қосымша тексерулер қажет. Дәрігерлер бәрін анықтап алсын, содан кейін белгілі болады.
— Демек, бірдеңе бар ма?
— Әзірше нақты білмейміз.
Әкесі оның иығына қолын қойды.
— Уайымдама. Қазірше сабағыңды оқып, жаттығуыңа барып жүре бер.
Ол үндемеді. Бұрын әкесі осылай айтса, бұл сөздер оған жеткілікті болатын. Өйткені әкесінің жанында бәрі сенімді көрінетін. Қандай мәселе туындаса да, әкесі бір шешімін табатындай сезілетін. Ал бүгін ол алғаш рет әкесінің де барлық сұраққа жауап бере алмайтынын түсінді. Бұл ой оны мазалады.
Әкесі үнсіз отырып, көзін жұмған сәтте, Болат оған ұзақ қарады. Бұрын әкесінің шаршағанын күнделікті тіршіліктің бір бөлігі деп қабылдайтын. Ал енді әкесінің әрбір ауыр тынысына назар аудара бастағандай,
Бөлме іші тыныш еді. Қабырғадағы сағаттың тықылы ғана естіліп тұрды. Болат сол дыбыстың үзілмей, жалғаса бергенін қалады. Өйткені кейде адамға жақындарының амандығын сезіну үшін ерекше оқиғаның қажеті жоқ — олардың жанында отырғанының өзі жеткілікті.
Ол әкесінің бөлмесінен шыққан соң, асүйге барып, анасының қасына отырды.
— Анашым, әкем жазылып кете ме?
Анасы оған қарады. Бірден жауап бермеді.
— Біз соған үміттенеміз, балам. Дәрігерлердің айтқанын күтейік.
Ол басын изеді.
Бірақ сол жауаптан кейін де көңілі орнына түспеді. Сол түні ол әдеттегіден ұзақ жатты. Терезенің ар жағындағы көшеге қарап, бұрын ойына да келмеген нәрселер туралы ойлана бастады.
Неліктен кейбір адамдар ауырады? Неге біз жақындарымыздың жанымызда әрдайым болатынына сенеміз? Егер ертең бәрі өзгеріп кетсе, адам не істеуі керек?
Ол бұл сұрақтардың жауабын білмеді. Бірақ алғаш рет олардың жауабын іздегісі келді. Сол түні оның өмірі сырттай өзгерген жоқ. Ертең сабаққа баруы керек еді. Жаттығуы да болады. Достары оны бұрынғыдай көретін. Алайда оның ішінде бір нәрсе қозғала бастаған еді.
Ол енді өмірді тек бүгінгі күнмен өлшей алмайтын сияқты сезінді. Және бұл сезім оны қорқытты.
***
Дүйсенбі күні мектепте бәрі әдеттегідей болды. Мұғалімдер сабақ түсіндірді, оқушылар үзілісте шулады, ал дәлізде біреулер алдағы бақылау жұмысына дайындалып жүрді. Болат та сабаққа қатысты, сұрақтарға жауап берді. Сырт көзге оның бұрынғыдан өзгеше екені байқалмайтын. Бірақ соңғы күндері ол жиі ойға шоматын болды. Мұғалім тақтаға есеп жазып жатқанда, ол терезеге қарап кететін. Үзілісте достары әзілдесіп отырғанда, кейде олардың әңгімесіне қосылмайтын. Бұрын өзіне қызық көрінетін нәрселер енді кейде мәнсіз болып көрінетін. Ол өмірден жалығып кеткен жоқ. Тек бұрын ойланбаған сұрақтар енді тыныштық бермейтін.
Соңғы сабақ аяқталған кезде, досы оның қасына келді.
— Бүгін бірге қайтамыз ба?
— Иә, — деді ол.
Екеуі мектептен шығып, әдеттегі жолмен жүріп кетті. Алғашында сабақ туралы сөйлесті. Содан кейін хоккейге, жаттығуға және сыныптағы балаларға көшті.
Бірақ біраз уақыттан соң досы оның үндемей қалғанын байқады.
— Соңғы кезде біртүрлісің. Бірдеңе болды ма?
Болат бірден жауап бермеді.
— Жоқ, — деді ол әдеттегідей.
Досы оған қарап қойды.
— Жарайды. Айтқың келмесе, айтпа.
Осы сөзден кейін екеуі біраз үнсіз жүрді.
Кейіпкер досының сұрақты әрі қарай қазбаламағанына таңғалды. Бұрын ол бір нәрсені айтқысы келмесе, досы әзілдеп болса да, жауап алуға тырысатын. Ал қазір оған таңдау қалдырды.
Сол сәтте Болат сөйлегісі келді.
— Әкем соңғы кезде ауырып жүр, — деді ол ақырында.
Досы жүрісін баяулатты.
— Не болыпты? — деп сәл қорқынышпен сұрағын қойды.
— Әзірге нақты білмейміз. Дәрігерге барды. Қосымша тексерулер керек деді.
— Қатты ауырып жүр ме?
— Білмеймін. Кейде шаршап жүреді. Бірақ анам да уайымдап жүр.
Ол осы сөздерді айтып болған соң, үнсіз қалды.
Осы уақытқа дейін ол әкесінің жағдайы туралы көп ойланғанымен, ешкімге ашық айтпаған еді. Сөзбен жеткізген кезде ғана бұл жағдайдың өзіне қаншалықты әсер етіп жүргенін байқады.
— Бәрі жақсы болады деп үміттенемін, — деді досы.
Кейіпкер басын изеді.
— Мен де.
Бірақ ол бұл сөзді айтқанда, өзіне толық сенімді емес еді.
Досы біраз ойланып жүрді де:
— Білесің бе, кейде бір нәрсеге алаңдағанда, оны біреуге айту жеңілдік береді, — деді.
— Сен де солай істейсің бе?
— Кейде. Бірақ мен бірден айта алмаймын. Алдымен өзім түсінуге тырысамын.
Болат досына қарады.
— Сонда өзің де бәрінің жауабын білмейсің ғой?
— Әрине, білмеймін. Мен қайдан білейін
Досы күліп жіберді. Болат та еріксіз жымиды. Осы қарапайым жауап оның көңілін сәл көтерді. Ол досын кейде бәрін білетін, кез келген мәселені шешуге болатын адамдай қабылдайтын. Ал қазір екеуінің де өмір туралы сұрақтары көп екенін түсінді. Айырмашылығы — досы өз білмейтінін мойындаудан қорықпайтын.
— Мен соңғы кезде көп нәрсе туралы ойланатын болдым, — деді Болат.
— Мысалы?
Ол біраз үнсіз қалды.
— Бұрын бәрі әрдайым осылай болады деп ойлайтынмын. Мектеп, хоккей, үй… Ертең де бүгінгідей өтетін сияқты. Ал қазір бір нәрсе өзгеріп кетсе ше деп ойлаймын.
Досы оның сөзін бөлмеді.
— Әкем ауырып қалғаннан кейін осының бәрін ойлай бастадым. Бұрын оның жұмыстан шаршап келгеніне мән бермейтінмін. Кейде сөйлескісі келсе де, асығып бөлмеме кіріп кететінмін. Өз шаруаларыммен жүре беретінмін.
Ол төмен қарады. Енді сол кездерді есіме алып, неге онымен көбірек сөйлеспедім екен деп ойлаймын.
Досы біраз уақыт үнсіз қалды.
— Бірақ сен ол кезде әкеңнің ауырып қалатынын білген жоқсың ғой, — деді ол ақырында.
— Білемін. Бірақ бәрібір…
— Бәрібір өкінесің. Түсінемін. Бірақ сен өткенді өзгерте алмайсың. Қазір онымен сөйлесе аласың ғой.
Болат бұл сөздер туралы ойланып қалды. Қазір сөйлесе аласың. Ол мұны бұрын да білетін. Бірақ осы уақытқа дейін әкесінің қасында болуды арнайы ойланатын нәрсе деп қабылдамаған еді. Әкесі үйде болатын, ол да үйде болатын. Бір-бірін көріп, кейде сөйлесетін. Оған осының өзі жеткілікті сияқты көрінетін. Енді ол сол сәттердің әрқайсысы өздігінен қайталана бермейтінін сезіне бастады.
— Рақмет, — деді ол.
— Не үшін?
— Тыңдағаның үшін.
— Достар сол үшін керек емес пе?
Болат оған қарап, жымиды.
Бірнеше күн бұрын ғана ол досымен қарым-қатынасын жоғалтып ала жаздаған еді. Өзінің қателігін мойындап, кешірім сұрағанымен, олардың бұрынғыдай жақын бола алатынына сенімді болмаған. Ал қазір ол досына өзі үшін маңызды нәрсені айтып тұрды. Бұл оған достықтың тағы бір қырын көрсетті.
Дос деген — әрдайым сенің сөзіңмен келісетін адам емес. Кейде ол сенің қателігіңді айтады. Кейде үндемей тыңдайды. Ал кейде сен өзің де түсінбеген сезімдеріңді сөзбен жеткізуге көмектеседі.
Екеуі жол айрығына жетті.
— Ертең кездескенше, — деді досы.
— Кездескенше.
Досы өз көшесімен бұрылып кетті. Болат оның алыстап бара жатқанын біраз қарап тұрды да, үйіне қарай жүрді.
Оның мәселесі шешілген жоқ. Әкесінің жағдайы әлі белгісіз еді. Көңіліндегі сұрақтар да жоғалып кеткен жоқ. Бірақ енді ол сол сұрақтармен жалғыз емес екенін сезді.
Сол күні кешке ол үйге келгенде, әкесі қонақ бөлмеде отыр екен.
Теледидар қосулы болғанымен, әкесі экранға қарамай, терезенің ар жағындағы көшені бақылап отырды.
— Әке, не істеп отырсыз? — деп сұрады ол.
— Ештеңе. Ойланып отырмын.
Болат әкесінің қасына келіп отырды. Бұрын ол мұндай сәтте бөлмесіне кететін еді. Сабақ орындау, телефон қарау немесе ертеңгі жаттығуға дайындалу керек деп ойлайтын. Бүгін ешқайда асыққысы келмеді.
— Жұмыстарыңыз қалай? — деп сұрады ол.
Әкесі оған таңдана қарады.
— Жақсы. Неге сұрадың?
— Жай ғана.
Әкесі сәл езу тартып, жымиды.
— Жұмыста бәрі әдеттегідей. Өзіңнің сабағың қалай?
— Жақсы. Соңғы уақытта біраз тапсырмалар жиналып қалған еді. Қазір реттеп жүрмін.
— Жақсы болған екен. Тек өзіңе тым көп жүк артпа. Демалуды да ұмытпа.
Ол басын изеді.
Сосын екеуі біраз уақыт сөйлесті. Әкесі өзінің жас кезінде хоккейге қызыққанын, бірақ кейін басқа жолды таңдағанын айтып берді. Болат бұл әңгімені бұрын да естіген болуы мүмкін. Бірақ бүгін ол әкесінің сөздеріне мұқият құлақ түрді. Ол әкесінің тек әке екенін ғана емес, өзінің де армандары, естеліктері, өкініштері болған адам екенін сезінді. Әкесі де бір кездері жас болған. Оның да болашақ туралы сұрақтары болған шығар. Оның да бәрін түсінбеген, қателескен, қайта үйренген кездері болған. Бұл ой Болатқа қызық көрінді. Ол бұрын адамдарды көбіне өзіне қатысты рөлі арқылы қабылдайтын. Әкесі — әке, анасы — ана, досы — дос, мұғалімі — мұғалім. Ал енді әр адамның сырт көзге көрінбейтін өз әлемі бар екенін түсіне бастағандай болды.
— Әке, сіз кішкентай кезіңізде болашақ туралы көп ойланатын ба едіңіз? — деп сұрады ол.
Әкесі күліп жіберді.
— Әрине. Бірақ сен ойлағандай көп емес шығар.
— Нені ойлайтын едіңіз?
— Әртүрлі нәрсені. Кім боламын, қандай өмір сүремін, отбасым қандай болады… Кейбіріне жауап таптым, кейбіріне уақыт өте келе басқаша жауап бердім.
— Ал қазір ше?
Әкесі біраз ойланып қалды.
— Қазір мен үшін ең маңыздысы — жақындарымның амандығы. Бірақ мұны түсіну үшін біраз уақыт қажет болды.
Болат осы сөздерді есінде сақтап қалды.
Ол әкесінің неліктен мұны айтқанын толық түсінбесе де, сөздердің оған әсер еткенін сезді.
Сол кеште ол бөлмесіне бұрынғыдай асықпай кірді. Үстеліне отырып, дәптерін ашты. Бірақ сабаққа кіріспес бұрын, бос параққа бір сөйлем жазды:
«Біз күн сайын көріп жүрген адамдар туралы бәрін білеміз деп ойлаймыз. Бірақ, бәлкім, біз олардың өмірінің кішкентай ғана бөлігін көреміз».
Ол сөйлемге біраз қарап отырды. Сосын дәптерін жауып, сабақтарына кірісті. Сырттай қарағанда, оның күні әдеттегідей аяқталды. Бірақ ол енді айналасындағы адамдарға бұрынғыдай ғана қарамайтын болды. Ал бұл өзгерістің қайда алып баратынын ол әлі білмеді.
***
Сол аптадағы күндер оған әдеттегіден ұзақ болып көрінді. Әкесі қосымша тексерулерден өтіп жүргенде, үйде бұрынғыдан аз сөйлесетін болды. Анасы күнделікті жұмыстарын атқарғанымен, кейде ойға шомып кететін. Әкесі де шаршағанын айтып, көбірек демалуға тырысты. Болат ешкімге білдірмесе де, дәрігердің қорытындысын күтті. Ол күн сайын мектепке барды, жаттығуға қатысты, үй тапсырмаларын орындады. Бірақ ойының бір бөлігі үнемі үйде қалатын. Кейде сабақ үстінде әкесінің жағдайы туралы ойлап кететін. Кейде жаттығу кезінде телефонын тексергісі келетін. Анасы хабарлама жіберсе, оны бірден оқитын болды. Бұрын телефонына келген хабарламаларға асықпай қарайтын. Енді әр хабарламаның артында өзі үшін маңызды бір жаңалық тұруы мүмкін екенін сезді.
Ақыры, бейсенбі күні кешке әкесі үйге оралғанда, оның жүзінен бұрынғыдан өзгеше бір тыныштық байқалды.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.