
Талант пен қызғаныш
Оның есімі Еркежан еді. Ол өзін ешқашан қандай да бір салада ерекше дарындымын, нағыз талант иесімін деп санаған емес. Мектепте сабағын жақсы оқитын, ешкімнің ала жібін аттамайтын, қой аузынан шөп алмайтын момын қыз болатын. Ұстамды мінезінің арқасында сыныптастарымен де тіл табыса білетін. Оны сыныбында сыпайылығы үшін бәрі дерлік жақсы көретін, бірақ неге екені белгісіз, кейбіреулер оған іштей қызғанышпен қарайтын. Мектеп дәлізінде жүзбе-жүз келе қалса, көздерін алып қашып, жүздеріне жалған күлкінің пердесін іле қоятын.
Еркежан тіл мен әдебиет пәндерін ерекше жақсы көретін. Түн ішінде ол әлемдік бестселлердің авторы атанып, Нобель сыйлығын алып жатқанын армандайтын. Бірақ таң ата бұл тәтті қиялды жастығының астына жасырып, қайтадан сол баяғы қарапайым оқушының өміріне оралатын.
Бір күні ол өзі мүлде күтпеген шындықпен бетпе-бет келді: Еркежан — иә, дәл сол қарапайым Еркежан — шын мәнінде кітаптың авторы екен.
Жоқ, бұл да дәл анықтама емес. Ол — таланты тоналған, атақ-даңқы басқаның қанжығасына байланған, сахна сыртында қалған шын қаламгер екенін білді!
Еркежан үшін өлең жазу жай ғана ермегі емес, бала кезден қанына сіңген хобби еді. Ол қаламын тек ішіне сыймаған шабыт келген кездерде ғана қолына алатын. Жылдар өткен сайын сөздері маржандай тізіліп, ұйқастары да мінсіз бола түсті. Ал кейде, көңіл-күйсіз, шабытсыз жазған кездерінде өлеңі өзіне тым жұпыны көрініп, шимайланған парақтар жыртылып жататын. Оның жазбаларын оқығандардың бірі тамсана қол соқса, екіншісі сыртынан күлетін. Бірақ жұрт бір нәрсені түсінбейтін, оның бұл іске шынайы ғашық екендігін.
Ол теңіз жағасындағы соққан желді, толқынның үнін, күнделікті тіршіліктің бояуын алып, оны қағаз бетіндегі ырғақты жолдарға айналдыратын. Бұл оның санасын қайрап, тапқырлығын да шыңдайтын. Өйткені оның философиясы мынадай еді:
Суретші бояумен әлемнің сыртқы сұлулығын салса, жазушы сөзбен оның ішкі сырын ашады. Қағазға түскен бояу көзге жетсе, параққа түскен сөз жүрекке жететініне шүбәсіз сенетін.
Бірақ Еркежанның өзі бұл дарынын тым арзан бағалайтын. Ол үшін өлең жазу — әлемді өзгертпейтін, ешкімді таңғалдырмайтын іс деп санады. Солай бола тұра, қолынан қаламы бір түскен емес.
Өйткені сол бір шеттері сарғайған қалың дәптер оның сырласы, әрі ең сенімді досы еді. Ол ұнатқан сыныптасына айта алмай жүрген құпиясын, жасөспірім шақтың кездерін, алғашқы махаббаттың дірілі мен ішіндегі алай-дүлей дауылды ешқашан сыртқа шығарған емес. Осы сезімдердің бәрін сияға айналдырып, ақ параққа ғана төгетін. Адамдардың оны «момын, ешкімге зияны жоқ, тұйық қыз» деп ойлауының себебі де осы — Еркежанның бар сыры, күлкісі мен айқайы тек жабулы дәптер ішінде ғана жаңғырып жататын…
Оқу жылы басталуға аз қалған болатын. Еркежан сабақтан тыс уақытын төрт қабырғада өткізгісі келмеді. Әр Ақтау тұрғынының мақтанышы Қарт Каспийдің жағасында серуендеудің өзі бір ғанибет қой. Күндіз шеті көрінбес көк теңізге сүңгіп, жағалауда ұзақ уақыт өткізетін. Ал кешқұрым велосипед тебуді әдетке айналдырды.
Кешкі Каспийдегі күннің батуы — қайталанбас өнер туындысына тең. Күннің соңғы сәулелері су бетіне алтын еріткендей нұр шашып, теңізді тұтас өртеп жатқандай көрінетін. Алайда, бір күні сол ғажайып сұлулыққа тамсанып келе жатып, абайсызда құлап, қатты жарақат алды. Жыламады да, айқайламады, тек қана талып қалды. Жағалаудағы адамдар дереу жедел жәрдемге қоңырау шалып, 26-шағын аудандағы емханаға апарды.
Бас дәрігер «миы шайқалған» деген диагноз қойып, қажетті дәрі-дәрмектерді тағайындады, үйде жатып емделуін қатаң ескертті.
Осылайша күзбен бірге оқу да басталып, ол мектепке баруды уақытша доғаруға мәжбүр болды. Көкейінде: «Неден қашсаң, соған тап боласың!» деген ойы ғана. Үйден қашып, еркін серуендеу үшін шығып еді, енді, міне, төрт қабырғаға қамалды.
Басының солқылдап ауыруы аз болғандай, күндері де бір-бірінен аумайтын сұрықсыз тізбекке айналды. Соған қарамастан, оқу бағдарламасынан қалып қоймас үшін үй тапсырмаларын орындап жүрді. Сол тапсырмалардың бірі өзі ерекше жақсы көретін әдебиет пәнінен берілген «Жаз мезгілі» тақырыбына өлең шығару еді.
Жаз туралы жазу… Бұл тақырыпта шабыттанатын дүние жетерлік қой. Әсіресе, мұғалім ешқандай шектеу қоймай, қиял құсының еркін самғауына рұқсат беріп тұрғанда.
Еркежан бұл жолы парақтары сарғайып кеткен, сырты қажалып қалған қалың дәптерін қолына алды. Бұл жай ғана дәптер емес, оның құпия жыр жинағы еді. Ол парақтарды асықпай ақтарды. Мұнда жарналған кемінде он өлең бар: шие, тұт пен құлпынайдың дәмдері, жағажайдағы адамдар, Каспийдің толқындары…
Алдында соншама қазына жатса да, нақты осы дегенді таңдай алмады. Шабыт келіп тұрғанда бір деммен жүз жол өлең жазып тастау оңай болғанымен, дәл қазір сол он өлеңнің ішінен ең үздігін таңдап алу оған нағыз азап болып көрінді. Олардың бәрі де оның жүрегінен шыққан, бәрі де өзінше қымбат еді.
«Басым ауырып тұрғанда өзімді қинап не істеймін?» деген шешімге келген Еркежан бір ғана өлеңді емес, өлеңдері жазылған қалың дәптерін әдебиет пәнінің мұғалімі Айгүл Пәленшиеваға жібере салуды ұйғарды. Ішінен ұнағанын апайы өзі-ақ таңдап алар. Бағасына алаңдаудың қажеті жоқ — оның ұйқастарына тәнті мұғалім бәрібір жоғары баға қоятыны анық.
Ол телефонды қолына алып, апайына мән-жайды түсіндіріп хабарлама жазды. Экранда көп ұзамай жауап жарқ етті:
«Жақсы, қарап шығайын. Жарайсың, Еркежан! Ауырып жатсаң да сабақты естен шығармағаныңа ризамын».
Мұғалімнің бұл жылы сөзі Еркенің көңілін бір көтеріп тастады. Бірақ алда кішігірім кедергі бар еді. Айгүл апай — ескі мектептің адамы. Ол мессенджер арқылы жіберілген тапсырмаларды мойындамайтын, міндетті түрде қағаз бетіндегі, сиямен жазылған дәптерді талап ететін. Әсіресе, Еркежан сияқты үздіктерге келгенде «жұлдыз ауруына шалдықпасын» дегендей талапты тіпті күшейтетін.
Енді қайтпек? Дәрігер үйден шықпақ түгіл, төсектен тұруға тыйым салған, ата-анасын ұсақ-түйекке жұмсауға тағы ұялады. Ал мұғалімнің өзінен келіп алып кетуді сұрау — барып тұрған әдепсіздік. Біраз қиналған Еркежанның ойына құтқарушы періштедей болып жақын құрбысы әрі сыныптасы Айжан келді. Бір ғана қоңырау. Бір ғана өтініш.
Сол күні-ақ кешқұрым Айжан келді де, Еркежанның бүкіл жан сыры, көзқарасы мен арманы жазылған сарғыш дәптерді сөмкесіне салып, алып кетті. Еркежан бұл дәптердің енді өзіне ешқашан бұрынғы күйінде қайтып оралмайтынын ол кезде білмеген еді…
Ерке, жан сыры жазылған дәптерін табыстаған соң, құрбысының қолына тәттілер ұстатты. Шайға да шақырды, бірақ Айжан асығыс екенін айтып, кетіп қалды.
Айжан — жақын маңда тұратын сыныптасы еді. Олар бір-біріне ылғи да қол ұшын созатын. Айжан ауырып қалса, Ерке жеміс-жидегін көтеріп, сабақтарын түсіндіруге жүгіретін. Ал Ерке қиналса, Айжан қасынан табылатын. Оған қоса, Айжанның жекеменшік типографияда жұмыс істейтін беделді редактор туысы бар еді. Түбінде бір танымал кітап жазсам деген жасырын арманы бар Еркежан үшін бұл жай ғана достық емес, шығармашылық жолдағы үлкен тіректей сезілетін. Олар бірге киноға баратын, Каспийдің жағасында армандарын бөлісетін, сағаттап тоқтаусыз әңгімелесетін. Еркежан бұл өмірде Айжаннан асқан шынайы, адал дос жоқ екеніне кәміл сенетін.
Енді ол жылы төсегінде жатып, электронды күнделігі арқылы әдебиеттен «5» деген бағаның қойылатын сәтін күтіп:
«Кейде осылай ауырып, демалып жатқанның да өз рахаты бар екен-ау…» — деп күбірледі Еркежан.
Арада бірнеше күн өткен соң, Айжан дәптерді қайтаруға келді. Бірақ берместен бұрын:
— Неше алдың? — деп сұрады ол.
— Әрине, «бес»! — Еркежан мәз бола күлді. — Айгүл апайдың менің өлеңдеріме қандай баға қоятынын білесің ғой.
— Күшті… — Айжанның үнінде титтей де қуаныш жоқ еді. Тап бір күздің алғашқы ызғары Айжанның жүзіндегі мұңға ұласып кеткендей. Адамның ішкі күйін бірден танитын Еркежан шыдай алмады:
— Не болды өзі? Түрің қашып кетіпті ғой.
Айжан ауыр күрсініп, әдебиеттен «үш» алғанын айтты.
— Қап… Бұл қалай болғаны? —
Еркежанның денесіне мұздай қан жүгіргендей болып, құрбысын қатты аяп кетті.
Айжанның дауысы кенеттен дірілдеп, тынысы жиілеп кетті:
— Кеш бойы… тым болмаса бір шумақ құрастыруға тырыстым! Екі сөздің басы бірікпеді! — Ол көзін Еркежаннан алып қашып, жан-жаққа алақтады. — Ақыры… ақыры қолымды бір сілтедім де, түні бойы телефон қарап жата бердім…
— Әттеген-ай, менен көмек сұрасаң болатын еді ғой. Жазып берер едім немесе дайын өлеңімді алсаң да болар еді. Шынымды айтсам, саған көмектескеніме еш өкінбес едім. — деді Еркежан жаны ашып.
Алайда құрбысының көңілі қатты түсіп кеткен еді. Ұяла:
— Жо-оқ… Мен біреуден көмек сұрай алмаймын. Мен сен сияқты ақын емеспін ғой.
— Мен ақын, қойшы тіпті! — деп, Еркежан еркелеп ұялды.
Айжан басқа ештеңе айтпастан, күрт бұрылды да, асыға басып кетіп қалды. Еркежан оның соңынан қараған күйі тұрып қалды.
«Мына Айжан да жоқ жерден трагедия жасайды екен» деп ойлады ол. Бірақ құрбысы кімге ренжіді? Өзіне ме? Оған ба? Әлде мұғалімге ме? Қалай болғанда да, «үш» деген баға — дүниенің ақыры емес қой, оны түзетуге болады.
Екі аптадан соң Еркежан мектепке қайта оралды. Алғашқы әдебиет сабағында Айгүл Пәленшиева оның партасына өзі жақындап келді.
— О, Еркежан, мен әлгі дәптеріңдегі барлық өлеңіңді оқып шықтым, — деді ол. Мұғалімнің әдетте қатал көрінетін жанарында бұрын-соңды болмаған таңданыс ұшқыны бар еді, — Мұндай талантыңның елеусіз қалуын қаламас едім.
— Мәссаған, мұны есту өте жағымды екен! — деді Еркежан ағынан жарылып. Поэзияны түсінетін адамнан мұндай баға алу — үлкен мәртебе екенін түсінді.
Айгүл апай оған бірден қалалық «Көркем сөз» байқауына қатысуды ұсынды. Еркежан қуана келісті, бірақ санасының бір түкпірінде құрттай болсын сұрақтар болды: «Неге дәл қазір? Менің өлеңдерімді бұрыннан оқып жүрді емес пе? Неге бұрын мұндай байқауларға үндемейтін?» Айгүл апай бұл ойды іштей оқып қойғандай, бірден түсіндіре кетті:
— Ол байқауға жай қатыса салу оңай емес. Бірақ менің ұйымдастырушылар арасында таныстарым бар. Бұл мәселе емес, әп-сәтте шешіп беремін!
Еркежан жеңіл күрсінді. Демек, бар құпиясы осы екен ғой. Тағдырдың өзі оған жол ашып жатқанда, қорқып қайтеді? Миының шайқалғанынан әлі толық айыға қоймағандықтан ба, ол бұл іске аса қатты мән бере қойған жоқ.
Алайда шынайы атақ-даңқ оған бұл байқаудан емес, мүлде басқа жақтан, әрі өзі ойлағаннан әлдеқайда ерте келерін әлі білмейтін еді…
Таңертеңнен бері түнерген аспан түстен кейін ғана күркіреп, жаңбыр шелектеп құя бастады. Сабақ аяқталған соң Еркежан сөмкесін жинап, құрбысы Айжан мен артынан бір елі қалмай сөз салып, жақсы көретін сыныптасымен бірге үйге қайтуға дайындалған еді. Бірақ есікке жете бергенде Айгүл апайдың дауысы тоқтатып қалды.
Соңғы кездері бұл әдетіне айналған. Мұғалім «байқауға дайындық» деген желеумен оны бос сыныпта алып қалып, тынымсыз өлең жаздыратын болған. Онымен қоса, сол жазған өлеңін мәнерлеп оқытатын да.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.