12+
Сөнбес сезім

Объем: 86 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее
О книгеотзывыОглавлениеУ этой книги нет оглавленияЧитать фрагмент

Автордың беріліп отырған хикаясы өмірден алынған. Мұнда, жасы ұлғайған адамның жауапсыз қалған алғашқы маһаббаты, оның орындалмай қалған арманы және жасы жер ортасынан асқан кезде үмітінің әлі де болса жоғалмағаны туралы әңгімеленеді. Кейіпкерлердің есімдері өзгертіліп берілген.

Үй шаруасымен айналысып жүрген Нүрилә апайдың есіне бір нәрсе түсіп кілемнің үстінде жатқан көпшікке отыра кетті де: «апырау, осы мен биыл нешеге келдім? Өз жасымды да ұмытып қалыппын-ау шамасы.»

Өзімен өзі сөйлесіп отырған апай күліп жіберді де: «аңқылдап алпысым да келіп қалған ба? Бәсе, балаларымның, „туған күніңді атап өтейік“ деп жүргендері сол екен-ау. Айналайын алтындарым, менің туған күнімді ұмытпапты, жандарым. Әкелері осыдан бес-алты жыл бұрын бақилық сапарға аттанса да бәрі сыр бермейді, әкелерін жоқтатқысы келмейді. Бірақ, балаларым қалай айналып толғанса да отағасының орны толар ма екен? Қартайғанда қосағыңнан айырылған қиын екен, қонаққа барсаң да, тойға барсаң да жетімсіреп отырады екенсің. Жә, жарайды, ойламай-ақ қояйын, өмірдің заңы ғой, біреуге ерте, біреуге кеш. Бәрі бір Алланың қолында, бала-шағам аман болсын. Осылардың амандығын, осылардың тілеуін тілеп отырайын» — деп, апай өткен-кеткенді ойлап отырған еді.

— Әже, кіммен сөйлесіп отырсыз? Жаныңызда ешкім жоқ қой! — деді даладан жүгіріп келген он жасар немересі.

— Айналайын қошақаным, бері кел, бетіңнен сүйейін. Өткен-кеткенді ойлап отырғаным ғой — деп жымиды Нүрилә апай.

Нүрилә апай алпысты тамамдап қалса да, әлі ширақ, өңі де сыр бермейді, «асылдың сыры кетсе де сыны кетпейді» деген сөз бар емес пе. Бұл кісінің шашына ақ түссе де, бет әлпетіне әжім енсе де әлі әдемі. «Апа, сізді мал бағатын бір шалға қосамыз-ау деймін, әлі бір шалды күтетін шамаңыз бар» деп, келіндері қалжыңдап тисіп қояды. Нүрилә апайдың екі ұл бір қызы бар. Қызын қияға, ұлдарын ұяға қондырған бұл кісі бақытты ана. Заманымыздың ағымына сай балалары қызмет бабымен жан-жақта жүр. Қызы мен үлкен ұлы Астанада, кіші ұл Алматыда. Ал апайдың қолында жаңағы жүгіріп жүрген он жасар немересі бар. Міне, биыл үшінші сыныптан төртінші сыныпқа көшті, қазір жазғы демалыста. Нүрилә апай Талдықорғанда жеке жайда тұрады. Бұрын ауылда тұрған еді, заман өзгеріп жұмыссыздық бет алғанда бала-шағасымен осы қаланы жағалап келген жайлары бар. Отағасы жер алып үй салды. Балаларын оқытып, құтты орындарына қондырды. Енді осылардың қызығын көреміз дегенде жүрегі тоқтап бақилық болды. Оның көзі жұмылса да балалары әкелерін жоқтатпауға тырысады. Анда-санда үйлеріне келген сайын керек-жарақтарын үйіп-төгіп әкеліп береді. Қыстық отынды дайындап, көмірін түсіріп береді. Апайдың көрші-көлеңдері де жақсы, бәрі бір отбасындай араласып, жақсы-жаманды бірге көріп, қуаныштарына қуанып, қайғысын бірге көтеріп дегендейін, өте мейірімді жандар. Көршінің жақсысы туғаныңнан да жақын болып кетеді ғой, оған да тәубе.

Нүрилә апай жан-жағына қарады да, «үйді келістіріп салдың да өзің мәңгілікке аттандың. Құдай қосқан қосағым едің. Қайтейін. Үлкен кісілер немерелерін ертіп сая-жайда жүргендерін көргенде жүрегімнің шаншып кететіні бар. Егерде сен тірі болсаң біз де солай жарасып жүрер ме едік,» — деп, Нүрилә апай күрсініп қойды.

Апайдың үйі шынымен де келістіріп салынған екен. Қонақ күтетін үлкен бөлмеде осы кезеңде сәнге айналған қабырға шкафы тұр. Бір сөрелерінде кітаптар жиналып тұрса, енді бір сөрелерінде қонаққа ұстайтын әдемі ыдыстар орналасқан. Бұл сөрелер әйнектелген есіктермен жабылған. Ал ашық сөрелерде отағасының, балалары мен немерелерінің әдемі рамаларға салынған суреттері тұр. Апай жаңағы суреттерге қарап: «айналайындарым менің, өсіп, өніңдер, қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» — деп, күбірлеп қояды. Апайдың мейірімге толы жанары нұр шашып тұр еді. Бөлменің екінші жағында жұмсақ диван мен екі кресло. Диван мен креслолардың үстінде апайдың өз қолымен тіккен көрпешелер әсем құрақтарымен көздің жауын алады. Диванның жоғарғы жағындағы қабырғада Нүрилә апай мен отағасының жас кездерінде түскен суреттері ілулі тұр. Адамның ең қызықты да, бақытты да шақтары жас кездері емес пе. Нүрилә апай осы суретке қарап, бір нәрсені есіне түсіріп күліп жіберді.

Ол кезде жас, аса ештемені ойламайтын жақсы кезең еді. Бір күні ауылдарына суретші келе қалды. Үй-үйді аралап, суретке түсеміз дегендерді суретке түсіріп жүр екен. Суретші Нүриләнің ата-енесінің үйіне келгенде отбасының мүшелерінің бәрі үйде еді. Үйдегілердің бәрі дұрыс киімдерін киіп, шаштарын тарап дегендей мәре-сәре болып жатыр. Нүриләнің ата-енесі инабатты, парасатты жақсы адамдар болды. Олар келіндеріне өз қызындай қарайтын. Отбасы болып, барлығы бірге суретке түсіп болған соң, енесі келініне қарап, — енді Қайрат екеуің бірге түсіңдер, жастық шақтарыңнан естелік болсын — деп, ұлына басын изеді.

— Апа, түспей-ақ қояйықшы — деп, келіні ұялып төмен қарады. Ол кезде өз баласын аймалап, бетінен сүюге де ата-енесінен именетін еді. Енді күйеуінің қасына бұл кісілердің көзінше қалай отырмақ.

— Болды! Болды, ұялмай-ақ қой! Отыр, бір біріңе жақын отырыңдар! — деп, үйдегілер күліп, екеумізді отырғызып қойған еді — міне, осылай түскен сурет еді. Сонда неменеге ұялып жүрмін? — деп, Нүрилә апай тағы күліп жіберді.

Бұл бөлмеден басқа екі жатын бөлме және ас үй бар. Барлық бөлмелер әдемі жиналған. Апайдың өз бөлмесінің еденінде киіз бен алаша төселген. Балалары, «кілем төсейік» десе де, өз анасынан қалған бұйымдарды тастағысы келмеді. Бұл бөлмеде екі төсек және сандық тұр. Бір төсекте апай өзі жатады, ал екінші төсек отағасынікі болатын. Отағасы бақилық болғалы бұл төсекте он шақты көрпе жиналып тұр. Қанша қонақ келсе де қысылмайды. Ал ас бөлмесіне келетін болсақ, бөлме кең, ортада үлкен, аласа дөңгелек стол. Жерде кілем, столдың жан-жағында жағалай төселген көрпеше, көпшіктер. Бөлменің есік жақ бұрышында қыстың күні от жағатын пеш. Үй түгелімен осы пештен жылиды. Терезеге жақын жерде газ пеші, одан әрі ас бөлмеге арнайы жасалған ыдыс шкафтары.

Бұл үйдің ауласы кең, моншасы да, жазғы ас үйі де бар. Алғашқы күзгі суықтар түскенше апай отбасымен осы жазғы үйде отырады. Тек жатарда ғана үлкен үйге кіреді. Апай жастық шағын есіне алып бір жасап қалғандай еді. Ол кісі көпшігіне отырып, біраз ойланып қалады, — көршіме барып, біраз әңгімелесіп қайтайын, — деп, орнынан тұрды. Ол кісі далаға шықты, күн дегенің әлі ысып тұр екен.

— Талғат-ай, қайдасың? Кешке жақын бақшаны суаруды ұмытпа!

— Ия, ұмытпаймын, — деді көршілердің балаларымен асық ойнап жүрген немересі.

— Бүгін суарып, ертең, бүрсүгіні түптеуіміз керек. Картобымыз да, ұсақ жемісіміз де жақсы көтеріліпті. Сен үйге кіріп біраз тынығып алсаңшы, немесе, анау алма ағашының түбінде көрпе жатыр, соның үстіне жатып ұйқтап ал. Мына шыжыған күннің астында жүргендерің не? — деді апай балаларға қарап.

— Қазір әже, алма ағаштың көлеңкесіне барып отырамыз, — деп балалар шу ете қалды.

— Әй, алманы жұлушы болмаңдар, әлі піскен жоқ, — деп апай ескертті.

Сонымен, толықша келген денесін тік ұстап, аяқтарын жеңіл басып Нүрилә апай көршісінікіне кетті. Көршісінің үйі де үлкен. Бау-бақшасы жайнап тұр. Үйдің ауласында ешкім көрінбеді, сондықтан, Нүрилә апай ауыз үйдің есігің ашып:

— Жамал, үйдемісің!? — деп, дауысын көтере сөйледі.

— Ә, тәте, сізбісіз, келіңіз, жоғары шығыңыз, — деп Жамал апай да бәйек болып жатыр. Жамал Нүрилә апйдан екі-ақ жас кіші болса да, ол кісіні сыйлап, «сіз» деп сөйлейтін.

— Мына күн де ысып кетті жарықтық. Демалып жатыр ма едіңдер, кірмей-ақ қояйын. Көлеңкеде отырып біраз әңгімелесейік, — деп, көршісін далаға шығуын өтінді.

— Жарайды, қазір шығайын, кішкене немеремді ұйқтатып жатыр едім.

Бұл Медет деген кісінің үйі. Жасы алпыстың мол ішінде, төрт баласы бар. Бәрі ержетіп, өз алдына бір-бір үй болып отыр. Кемпір-шалдың қолында ең кенже ұлы тұрады. Ол да үйленіп, кішкентай нәрестелі болды. Ұл мен келін қызметтерінде, ал кішкентай Аяулымға атасы мен апасы қарайды. Міне сол немересін Жамал апай ұйқтатып далаға шықты.

— Xалдарыңыз қалай, жайша жүрсіз бе? — деп Жамал көршісіне қарады.

— Е, үйде отырған кісіде не жұмыс болушы еді? — деп Нүрилә апай күліп қойды — кел отыр, біраз әңгімелесейік. Отағасы қайда, үйде ме?

— Жоқ, бір шаруалары шығып көше жаққа кетіп еді. Ал бұйымтайыңызды айта отырыңыз. Әйтеуір, аманшылық па?

— Құдайға тәубе, аманшылық. Балаларым, «алпысқа толасыз, соны атап өтейік,» дейді. Жамал-ау, баяғыда әке-шешеміз туған күнді тойлатпаушы еді. Марқұмдарым, жатқан жерлері жайлы болсын, бұрын қазақтар «күнім өтіп бара жатыр деп, жылаушы еді. Қазіргі жастар күндері өткен сайын қуанады» деп айтушы еді жарықтықтарым. Енді ол заман басқа, бүгінгі заман басқа. Сонымен, ұзын сөздің қысқасы, балаларым мейрамханаға тапсырыс берейік дейді. Оған мен көнбей отырмын. Құдайға тәуба, үйіміз кең, ауламыз да кең. Шақыратын меймандарымыздың бәрі де сыйяды, емін-еркін отырамыз. Қалай деп ойлайсың, Жамал? Менен бір-екі-ақ жас кейін тусаң да, көпті көрдің ғой.

— Тәте, сіздің де айтқан ойыңыз дұрыс, балаларыңыздың да айтқандары дұрыс деп ойлаймын. Жастар жастарша ойлайды ғой. Ең алдымен шақыратын қонақтарыңыздың тізімін жазыңыз, соған қарай мәселені шешуге болады.

— Сенікі ақыл екен, үйге барып ойланып көрейін, — деп, Нүрилә апай орнынан тұрды — Кейінгі кезде тізем ауратынды шығарды, келінім тізеге жағатын жақпа май әкеліп беріп еді, соны жаға қояйын барып.

— Ондай жақпа майды ұйқтар алдында, төсекке жатарда жаққан дұрыс болады. Аяғыңызды қыздырып жақсы болып қаласыз. Мен де соның біреуін жағып жүрмін, тәте, — деп Жамал апай да өз білгенін айтып жатыр.

Сонымен, Нүрилә апай үйіне келіп, немересінің кітап сөресінен бір парақ қағаз бен қаламды қолына алды. Кезінде бұл кісі дүкенші болып қызмет істеген еді, сондықтан есеп-қисапқа жүйрік болатын. Үйдің жанындағы дүкенге не базарға барып оны-мұны алып сауда жасағанда да сатушыдан бұрын есептеп қоятын.

— Ей балам, мына алған заттарым 815 теңге тұрады. Міне саған 1000 теңге, осыдан алатыныңды алып маған 185 теңге қайырасың! — дегенде жас дүкеншілер ішек-сілелері қатқанша күлетін.

— Ой апа, бізден бұрын санап қойдыңыз ғой. Біз санау білмейміз. Мына калькуляторға үйреніп алған да жаман екен, — деп, аса сүйіспеншілікпен үлкен кісіге қарайтын.

Енді мінеки, сол апамыз шақыратын қонақтарының тізімін жаза бастады. Ең алдымен туған-туыстарын, содан кейін жолдас-жораларын және көрші-көлеңдерін тізіп жазып қойды. Бәрін санағанда алпысқа жуық адам болды. «Балаларыма көрсетейін, не дер екен. Үлкен мейрамхана не керек. Күн жаз, жер кең. Үйде ұзын, ұзын столдар, ұзын-ұзын орындықтар бар, жетпегенін көршілерден алармыз. Қазан-ошаққа көмектесетіндер жетіп артылады. Құдайға тәубе, қазір дүкенде бәрі бар, ақшаң болса болды.» — деп, апайымыз далаға шықты. Күн еңкейіп қалыпты.

— Талғат, қайдасың? Бақшаны суаруды ұмытпа!

— Ия, әже, ұмытқаным жоқ, қазір арықтағы суды біздің бақшаға қарай бұрамын — деп, немересі жүгіріп кетті.

— Кішкене ғана қарғам-ау, осы бала болмаса не істеймін мен. Ертең үлкен ұлдың да ұл-қызы келеді, олар да жазғы демалыстарына шықты. Біреуі колледжде екіншісі универститетте оқиды. Жандарым адам болсын, адал болсын, қайда жүрсе де аман болсын, — деп, апамыз күбір-күбір сөйлеп қояды.

Бір күн өтіп екінші күні таңғы астарын ішіп отырғанда Нүрилә апайдың үйіне Жамал апай мен Медет ақсақал кіріп келді.

— Ассалаумағалейкум! Астарыңыз дәмді болсын! Xалдарыңыз қалай? — деді, жайдары мінезді Медет замандасы.

— Амансыңдар ма, жақсы келдіңдер ғой?! Келіңдер, дастарханға жайғасыңдар. Талғатжан, ана жерден кесе, қасық әперіп жібер — деп, Нүрилә апайымыз да бәйек болып жатыр.

— Жоқ, әуре болмаңыз, дастарханнан жаңа тұрдық.

— О не дегендерің, таңғы асты тастауға болмайды деген сөз бар. Отырыңдар. Шай ала отырып әңгімелеріңді айта отырыңдар. Кішкене немереңе кім қарап қалды? — деп апай да қамқорлық танытып жатыр.

— Бүгін сенбі ғой, үйде келін бар. Ана жолы мерей тойыңыз туралы айтып едіңіз, не шештіңіз? — деп, Жамал көршісі сөз қозғады.

— Бүгін Алматыдағы ұл мен келін келеді бұйырса. Өзіме келетін болсақ үйде, осы аулада өткізгеніміз дұрыс болар деп ойлаймын, Медет, қалай ойлайсың? — деп апай көршісіне қарады. Өз басы осы көршісін аса сыйлайтын.

— Алдымен қанша кісі болады, соны айт, қырық-елу адам болса осы жердің өзі дұрыс шығар. Тізіміңді жазып қойдың ба? — деп, Медет көршісі мұртын сыйпады. Бұл кісі алпыстың алтауына келсе де әлі күш-қуаты бойында, аса жігерлі адам. Орта бойлы, денесі мығым, дембелше келген. Жүзі қара-торы, әдемі мұрт қойған. Көз қарасынан мейірімді, жұмсақ мінезді, салмақты адамды байқауға болады. Ол кісінің жұбайы Жамал бойын тік ұстайтын, жұқалаң, жүріс-тұрысы пысықтау келген әйел. Алпысқа таяп қалса да, «жасым да келіп қалыпты-ау» деген ойдан аулақ. Медет ақсақал біраз ойланып:

— Бізден қандай көмек керек, соны да қысылмай айта отыр, қолымыздан келгенін аянып қалмаспыз. Көрші парызы деген бар, замандас.

— Ия, көрші-көлең деген жақсы ғой, оны кейінірек айта жатармын, — деп, Нүрилә апай қолына тізім жазған қағазын алды да, — Туған-туыстарымды тізіп оқымай-ақ қояйын. Көрші-көлең, жолдас-жораларымның аты-жөндерін оқып шығайын. Көршілердің ешқайсысы тыс қалып қалмасын.

Сонымен, апайымыз шақырылған қонақтардың тізімін оқи бастады.

— Тәте, жоғарыда тұратын Күлән мен Ғазизды жазбапсыз ғой, — деді бір кезде мұқият тыңдап отырған Жамал апай.

— Айналайын, айтқаның жақсы болды, кейде ұмытып қалатыным бар менің, жазып қояйын. Ал енді жолдас-жораларымның тізімін оқиын. Сендер бәрін біле бермейсіңдер, баяғыда қызметтес болған жақсы жолдастарым бар, оларды міндетті түрде шақыруым керек. Мен де олардың талай тойларында болдым, — деп, апай қолындағы тізімді әрі қарай оқи бастады:

— Қазипа, Гүлжан, Бану, Күлтай, Жадыра…

Нүрилә апай «Күлтәй» деген есімді оқығанда Медет ақсақалдың жүрегі дір ете қалды. «Апырай ә, бұл қай Күлтәй болды екен?» деп біраз ойланып қалды. Апайдың әрі қарай кімдердің есімдерін атап жатқанын да естіген жоқ. Біраздан кейін:

— Жаңа тізіміңде «Күлтәй деп оқыдың, әкесінің аты кім екен? Баяғыда, бір көршіміздің «Күлтәй» деген қызы бопушы еді, сол емес пе екен? — деп, Медет ақсақалдың дауысы әзер шықты.

— Ә, Күлтәйді айтасың ба? Ол екеуміз кеңес дәуірінің кезінде бірге бір мекемеде қызмет істеп едік, содан бері жақсы араласамыз. Өзі сондай мейірімді жан. Әкесінің есімі Әділжан деген ақсақал болады.

— Ә, Әділжан де, ол кісілер әлі бар ма екен? — деп Медет ақсақал бір қызарып, бір бозарды.

— Күлтәйдің әкесі бұрынырақ қайтыс болды, кейіннен анасы да о дүниеге аттанды, имандары жолдас болсын марқұмдарымның. Сондай тамаша адамдар еді, — деп, Нүрилә апай бетін сипады. Жаңағы Медет ақсақалдың сөзіне аса мән бермей тізімін әрі қарай оқи берді.

— Иманды болсын жарықтықтарым. Ауылда бір көшеде тұрып едік, — деп ақсақал да күбірлеп бетін сипады.

Той мәселесін талқылап болған соң Медет пен Жамал үйлеріне кетті.

— Отағасы, жаңа Нүрилә тәте «Күлтәй» деп оқығанда елең ете түстің ғой. Түріңе қарасам бір бозарып, бір қызарып отыр екенсің. Бірақ үндемедім. Өзің бала кезіңде осыған ғашық болған жоқсың ба? — деп, Жамал апай қалжыңдап күлді.

— Қойшы әрі, сен де неше түрліні айтады екенсің! Одан дағы тезірек үйге барайық, үйде істейтін шаруа көп — деп Медет ақсақал аяқтарын ширағырақ басып өз ауласына кіріп кетті.

Сонымен, той күні де жақындап қалды.

Нүрилә апай балаларымен ақылдасып, тойды өз үйлерінде өткізетін болып шешті. Тойдың болғанынан да боладысы қызық қой, бәрі мәре-сәре болып тойдың қамында жүр. Апайдың ұлдары мен келіндері еңбек демалыстарына шығып аянбай еңбектерін сіңіріп жатыр. Ал ол кісінің қыз-күйеуі тойға екі-үш күн қалғанда келеді.

Медет ақсақал «Күлтәй» деген есімді естігеннен бері Нүрилә замандасымен жеке сөйлесуге зәру болды. «Жә, не де болса тойдан кейін сөйлесейін» деп, өзін сабырлыққа шақырды.

Той ертең деген күннен бастап сырттағы туған-туыстар Нүрилә апайдың үйіне келе бастады. Апайдың үйі үлкен, ауласы кең. Аулада көлеңкесін кең жайған биік-биік ағаштар өсіп тұр. Міне осы ағаштардың көлеңкесіне ұзын-ұзын стөлдер қойылып, дастархан жайып келіндер, көрші келіншектер тыным таппай жүгіріп жүр. Нүрилә апай сырттан келген қонақтарын қарсы алып, көлеңкеде өңгіме-дүкен құрып отыр. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Күн еңкее мал сойылады. Ертең күн жұма, қонақтар түскі үшке шақырылды. «Ертең күн ашық болса екен, жаңбыр жаумай, жел соқпаса екен» деп, Нүрилә апай да, осы отырғандар да іштей тілеп отыр.

Нүрилә апайдың қыз-күйеуі кеше келді, олармен бірге апайдың жиен немерелері де келіп апайды қуантты. Апай бұларды көріп, қуанып бір жасап қалды. Бұдан асқан бақыт бар ма ана үшін!

Той күні де келіп жетті. Балалар болса түрлі-түсті шарларды үрлеп, ағаштардың бұтақтарына іліп, мәз болып жүр. Арасында бір-бірімен жарысып ойнап кетеді. Нүрилә апайдың Талғат немересі басқа немерелеріне қарағанда зерек болып жаралған. Жаңағы ілген шарларға қарап, жайылып тұрған дастарханға қарап, «мұнда бір нәрсе жетіспей тұр, — деп, ойланып тұр. Бір кезде — алақай, таптым!» — деп, қуанып жүгіріп кетті.

— Нені таптың? — деп, басқалары оның артынан жүгірді.

— Апа, апа! Әжемнің отыратын жерін ерекше сәндеуіміз керек шығар? — деп, Талғат өзінің анасының қасына келді.

— Әрине, балапаным, табылған ақыл, «асыл тастан, ақыл жастан» деген нақыл сөз бар емес пе?! Кәне, өздерің ойлап табыңдар, — деп, Талғаттың анасы өз шаруаларымен айналысып кетті.

Ал балалар болса шеткерірек барып, дөңгелене тұра қалды. Олардың не айтып жатқандарына ешкім аса мән бере қоймады. Нүрилә апайдың немерелерінің ересектеуі:

— Таптым! Менің ойымша шарларды тіз қатар іліп, «Әже, туған күніңмен!» деп жазайық.

— Содан соң бір шарға «60» — деген санды жазайық! — деп Талғат та мәз болды.

Сонымен, балалар өз ойларын жүзеге асыруға кірісті. Той басталар кезге бәрі дайын болды. Отырған жұрт, «жарайсыңдар, балалар!» — деп, көңілдері бір жасап қалды.

Той басталар уақытта келіп, қонақтар жиналып болды-ау дегенде, осы қаланың жұртына есімі белгілі болған асаба жігіт қолына домбырасын алып, тойды бастап жіберді. Төрдің алдына, дастарханның басына тойдың иесі болған Нүрилә апайымызды құрметтеп, асаба жігітіміз шығарып салды. Келген қонақтардың бәрі дастархан басына жайғасты. Медет ақсақал да өзіне тиісті орынға барып отырды. Ол іштей қобалжып, жүрегі лүпілдеп, жан-жағына қарап көздерімен Күлтәйді іздеді. «Ол мені таныр ма екен? Мен де бірден тани алар ма екенмін? Дегенмен де елу жылдан астам уақыт өтті ғой. Қандай болды екен менің жарығым?» деп, ой үстінде отыр. Асаба құйқылжытып ән салып, арасында тақпақтап сөйлеп, елге сөз беріп дегендейін, өз жұмысын атқарып жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл сықақтар айтып, елді күлдіріп қояды. Бірақ, мұның бірін де Медет ақсақал естіп отырған жоқ. Ол кісінің есіл дерті Күлтәйді бір көру еді. Өзі не ішіп, не жеп отырғанын да білмейді. Оған қарама-қарсы сәл жоғарырақ, әдеміше келген қара-торы әйел отырды. Күліп-ойнап, жанында отырғандармен жай ғана сөйлесіп, асабаның және орындарынан тұрып өздерінің тілектерін білдіріп жатқандардың сөздерін мқият тыңдап отыр. Қарақаттай екі жанары сол баяғы Күлтәйдің көздері. Бетіндегі, оң жақ көзінің маңайына орналасқан меңі, сол меңі, бәрі «мен Күлтәйіңмін» деп тұрған тәрізді, «бірақ, кімде мең жоқ дейсің,» — деп Медет ақсақал көздерін алмай қарап отыр. «Дауысын естісем танырмын» деп іштей ойлап қояды. Адам ұлғайса да дауысы өзгермейді ғой. Осылайша ойланып-толғанып отырғанда, асаба жігіттің «бата» деген сөзін естіп қалды.

— Ақсақал, мына үлкен тамаққа бата беріңіз, — деп асаба төрде отырған Нүрилә апайдың нағашыcына қолындағы микрофонды ұсынды. Бұл кісіні Медет ақсақал да танитын, ауылдан жиен қызының үйіне жиі келіп тұратын. Елдің бәрі бата естиік деп тына қалды.

От басы, ауыл-аймақ аман болсын,

Тыныштық бәрімізге заман болсын.

Табиғат таусылмастай азық беріп,

Тартулы дастарханың тағам болсын.

Осындай ойын-сауық бола берсін,

Үй іші той-думанға тола берсін.

Ағайын, туған-туыс, жекжаттарым,

Баршасы сау-саламат аман болсын.

Нүрилә, жиен қызым, айналайын,

Өзіңе ғұмыр берсін жаратушым.

Бала-шаға ортасында күліп-ойнап,

Жүре бер, бір Алладан тілейтінім!

Әумин!

Деп, сексен жасқа толған үлкен кісі бетін сипады. Мына тыңдап отырған барша жұрт «Әумин» деп беттерін сипады.

Осы батадан кейін, тойға жиналған барша қауым ас алуға кірісті. Асаба жігіт болса құттықтау сөздерін рет-ретімен сөз сөйлеушілердің аттарын атап, беріп жүр. Арасында қызықты-қызықты әзіл айтып елді риза етті. Жиналған елдің бәрі риза, бәрі көңілді. Тек Медет ағамыз ғана қайда отырғанын, не істеп отырғанын білмейтін тәрізді. Құттықтаушының бір сөзін естісе бір сөзін естімейді. Есіл дерті қарама-қарсы отырған қара-торы әдеміше келгке әйелде. Ойы сан-саққа жүгіріп, көз алдына сонау балалық шағы елестеді.

— Үзіліс, орысша айтқанда антракт жариялаймын! Ал бәріңізді биге шақырамын. Апалар, аталар сіздер де бой жазыңыздар, — деп асаба жігіт барынша тырысып жүр. «Үзіліс» деген сөзді естіп, Медет ақсақал селк ете түсті.

Музыка дегенің бүкіл аймаққа естіліп тұр. Жастар жағы күттірмейді ғой, бәрі билей ала жөнелді. Күлтәй да қалыспай билеп жүр. Қимылы жеңіл, алпыстан асса да дене бітімі қызға бергісіз. Орта бойлы, шашы қысқаша етіп қиылған. Үстіндегі сәнді көйлегі өзіне жарасып тұр, аяғында биік өкшелі туфли. Оны ешкім алпыстан асты деп ойламайды. Шеткерірек тұрған Медет ақсақал одан көзін алмай қарап тұр. Қасына келіп сөйлесуге батпайды.

— Ей, көршім, не ғып тұрсың, әншейінде билеуші едің ғой?! — деп құрдастары тисіп қояды.

— Біздің жас кезіміздегі музыка ойнасын, сонда билеймін, — деп, Медет ақсақал да беріспей тұр.

— Сіздің жастық шағыңыздың билері — чарлистон, твист, танго, вальс қой, қазір қоямыз, — деп, мұны естіп қалған асаба жігіт, музыка қойып отырған жігітке сыбыр ете қалды.

Үні ашық, көңілді әуен ауаны жарып жүйтки жөнелді. Бұл әуен ырғағы үлкеннің де, кішінің де денелерін қимылдатпай қоймады.

— Міне, сен билейтін би, биле — деп, Медет ақсақалды құрдастары ортаға қарай жетелей жөнелді. Медет ақсақал да биші жастардың ішіне қалай сүңгіп кеткенін байқамай қалды. Мұның бәрін бақылап, қарап отырған үлкен кісілер жағы:

— Жарайсың, жарайсың Медетжан! — деп, бір жасап қалды.

— Ең жақсы бишіге сыйлық! — деп, асаба жігіт «биші жігіттің» басына оюланған тақия кигізді.

— Рахмет жігітім, бұрынғы қимылым жоқ әрине, бірақ сонда да болса тырысып бақтым, — деп қалды бұл кісі де.

— Ал, құрметті аналарымыз. Апаларымыз, қыздар деп қояйын, биге шығыңыздар! «Қамажайды» сіздерден артық кім билейді? Кәне, музыка!

«Қамажай» ән-биінің тамылжыған әуені құлаққа жағымды естілді. Тізіліп дайын тұрған әжелер, сонша келмесе де қолдарын «майыстырып», денелерінің икемі болмаса да билеуге тырысты.

— Күлтәй, сен бұл кісілерге қарағанда жассың ғой, кәне, әжелерге қосылып биле, — деп, «бишілерге» қарап тұрған Күлтәй құрбысын, Нүрилә апай ортаға шақырды.

— Е бәсе, билеңіз, тағы қосылатындарыңыз бар ма? — деп, асаба жігіт қояр да қоймай бір-екі үлкен кісілерді ортаға шығарды.

— Ал енді жүн сабаңыздар, оны түтіңіздер, ұршық ұстап жіп иіріңіздер, — деп асаба би қимылдарын «бишілердің» естеріне салып тұр, — шапалақ қайда, шапалақ! «Бишілерді» демеп, шапалақты аямаңыздар!

Қарап тұрған жұрт күліп, шапалақтай бастады.

— Жарайсыздар, әжелер! Міне сіздерге сыйлық! — деп, Нүрилә апайдың қызы әжелердің иықтарына бір-бір жібек орамал жапты.

— Ал енді қазақтың халық биі «Қара жорға!» Бұл биді «Буын биі» деп те атайды, — деп, асаба жігіт жұртты тағы да биге шақырды. Бұл би той-томалақтың сәні болып табылады. Кейіннен қайта жаңғырған осы би кеңінен тарап кетті. Әуелі бала-бақшада да, мектепте де осы биді кеңінен насихаттап үйретеді. Мектептерде таңғы жаттығулардың орнына осы биді билейтін болыпты. Бұл қуантатын жағдай. Сонымен, «Қара жорға болмаса бидің сәні келер ме, бүрмелі көйлек кимесе қыздың сәні келер ме…» деп, би әуені осы тұрғандардың бәрін еліктіріп әкетті. Жасы да, кәрісі де билеп, көңілдері сергіп қалды.

— Ал ағайын, той сүйер қауым! Дастарханға шақырамын, тойымызды жалғастырайық, — деп, асаба бәрінің орындарына отыруларын өтінді. — Осы дастарханды Нүрилә апайымыздың құрбы-құрдастары, қызметтестері өз тілектерін айтып, бүгін «он сегізге» толып отырған апайымзды, туған күнімен құттықтауларымен бастасақ деймін. Осы мерей тойда Нүрилә апайымыздың Күлтәй деген қызметтес болған құрбысы отыр екен, сөзді сол кісіге бергім келіп тұр. Кәне, өз тілегіңізді айтып, артынан ән шырқатарсыз!

— Айналайын асаба, тілегімді айтайын, бірақ ән шырқамаймын — деді де, жымиып Күлтәй орнынан тұрды, — әнші мына Дәриға, тамылжытып сол шырқасын. Ал енді мына тойға келетін болсақ, той деген тамаша өтіп жатыр. Кезінде Нүрилә екеуміз бір мекемеде қызмет атқардық. Нүрилә өзінің адалдығымен, ақылдылығымен, көрегендігімен ұжымымызда өте сыйлы болды. Шешілмей жатқан мәселе болса осы Нүриләға жүгінетінбіз. Ол үшін шешілмейтін ешқандай мәселе жоқ, бәрін жіліктеп, орын-орнына қойып, түсіндіріп беретін. Енді міне бүгін Алпысқа толып, мерей тойын тойлатып отыр. Нүрилә, туған күнің құтты болып, ең бастысы денің сау болсын. Аллам бойыңа қуат беріп, балаларыңның қызығына тоймай жүре бер. Құдайға тәуба, немере сүйдің, енді шөбере, немене, шөпшіме сүй. Бүгін міне алпысқа толсаң тағы алпыс жаса деп тілеймін. Сол тойыңда осылайша бәріміз тойлатып, әндетіп отырайық…

Әрі қарай Күлтәйдің не айтып тұрғанын Медет ақсақал естіген жоқ. Ол кісі өзімен өзі болып, жүрегі тулап, бей-жай болып отыр. «Міне осы дауыс, менің Күлтәйімнің дауысы. Мен қалайша бірден танымадым екен? Ол мені танымағанға ұқсайды. Қайдан танысын, менің оған бала кезімнен ғашық болғанымды ол білмейді де ғой. Мен оған сырттай ғашық едім. Ол десе ішкен асымды жерге қоятынмын, оған ешкімді жақындатпайтынмын. Осы балалық алғашқы маһаббатым өмір бойы жүрегімде сақталып келді. Жүрегімнің бір бұрышынан орын алып «мен мұндамын» деп, лүпілдеп тұрғандай еді. Ол кезде он үш, он төрттегі боз баламын. Күлтәйлардың үйлерінің маңында үлкен қой тас жатушы еді. Сол қой тастың үстінде шошайып, «кеудесінде қызыл кәжекейі бар, шашын екіге бөліп бұрымдарына шолпы таққан қыз, шолпыларын сыңғырлатып қашан үйінен шығар екен, бір көріп қалсам-ау,» — деп отыратынмын. Бір күндері: «осы бала қашан көрсем де осы жерде отырады, анау қызыл жейде киген баланы айтамын, не қылса да біреуді күтіп отыр-ау, ә,» — деп Күлтәйдің апасының айтып жатқанын естіп қалдым. «Ол балада не шаруаң бар, отыра берсін, одан дағы дастарханыңды жай, мал да келетін уақыт болды,» — деген Күлтәйдің атасының дауысын естідім. Ол кезеңде балалар әкелерін «ата», аналарын «тәте» деуші еді. «Енді міне, сол Күлтәйім, қолым жетпеген менің арманым, алдымда, той иесіне тілектерін айтып, ағынан жарылып тұр.» — Медет ақсақал осылайша ойланып, толқып отырды.

— … Нүрилә, бақытты бол, тойың тойға ұласа берсін. Ал осы отырған қауымның әр отбасында осындай той-думан бола берсін. Бар жақсылықты тілеймін! — деп, сөзін аяқтаған Күлтәй апай орнына отырды. Сөз тыңдап отырған ел қошеметтеп шапалақтай ала жөнелді. Біреулер «енді ән салсын» деді.

— Дәриға деген әнші апайымыз бар екен, кәне апа, өз тілегіңізді айтып, артынан тамаша дауысыңызды естіртіңіз мына тойшыл қауымға — деп, асаба жігіт, тіл мен жағына сүйенген жігіт Дәриға апайға сөз берді.

Дәриға апай осы той иесінің құрдасы, бірге оқып, бірге өскен екен. Ол кісі тілегін айтып болған соң, жұртты көп күттірмей «Гаухартас» әнін шырқай жөнелді. Ұйып, тыңдап отырған жұрт өз жандарына тамаша әсер алды.

— Тағы да, тағы бір ән сұраймыз! — деп, отырған жұрт ду қол шапалақтады.

— Сіз біздің филармонияның әншісі емессіз бе осы? — деп асаба жігіт мейірімге толы көздерімен апайға қарады.

— Жоқ, мен өмір бойы мұғалім болып істедім, енді міне зейнеткермін.

— Айналайын қазағым, өнерлі ғой, қай қазақты алсаң да ол ақын, ол әнші, ол күйші. Ал енді мына әжелеріміздің қол өнерлеріне келетін болсақ, қолдарынан жарқырап тамаша ою-өрнектер шығады. Өнердің бәрі қазағымда десем жаңылмаймын. Ал енді, Дәриға апай, мына жұрт сізден тағы бір ән сұрап отыр, — деп асаба елдің өтінішін білдірді.

— Жалғыз мен ғана айта беремін бе, бәріміз қосылып Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әнін шырқайық. Мен бастайын, сіздер қостаңыздар, — деп Дәриға апай әнді бастап кетті. Шәмшінің әндерін кім білмейді, кім айтпайды? Отырған жұрттың бәрі қосылып шырқай жөнелді. Асаба жігіт әнді өрнектеп, екінші дауысын айтып, құлпыртып жіберді.

— Ал енді рұқсат болса, көршілерге кезек келді. Талай жылдан бері көрші болып, нанын бөлісіп жеген, Медет ақсақал сізден бастайық — деп, асаба мирофонды ол кісіге ұсынды.

— А, мен бе? — деп, қалың ойдың үстінде отырған Медет ақсақал селк ете түсті.

— Саған сөз берді, сөйле, — деп, жанында отырған Жамал апай сыбыр ете түсті.

Ақсақал орнынан тұрып бір-екі ауыз тілектерін айтып, «енді әрі қарай жолдасым сөйлесін» деп микрофонды әйеліне бере салды.

Сонымен, тілектер айтылды, ән шырқалды, той мәресіне жақындайын деді.

— Той бастар! — деп асаба жігіт қолындағы домбырасын қағып-қағып жіберіп, «Той бастар» әнін шырқай жөнелді. Қыз-келіншектер, әдемілеп ораған «Той бастарларын» дастарханға әкеліп қойды.

— Ал енді «Той бастар» айтпай, алдарыңызға әкеліп қойған табақтарды ашпайсыздар! Қазақтың осындай тамаша дәстүрін сыйлайық. Кімнен бастасақ болады, төрде отырған әжелер бастасын?! Әннің бәрі осы кісілерде, — асаба төрде отырған үлкен кісілерге жақындады.

Әжелер, жарықтықтар, шетінен суырып-салма ақындар, ел ішінде айтып жүрген той бастарды да, өз жандарынан суырып салып та шырқатты-ай кеп. Тіптен тоқтамайды. Сонымен, микрофонсыз-ақ бір ән екінші әнге жалғасып, жасы бар, үлкені бар бәрі «Той бастарларын» айтып, алдарында тұрғанды аша бастады.

— Ендігі сөзді осы той иесі болған Нүрилә апайымызға берейік, — деп, асаба микрофонды төрде отырған апайымызға берді.

— Балаларым, келіндерім, қыз-күйеуім, немерелер бәрің бері жақындаңдар! — деп апай отбасын өзінің жанына жинады. — Құдайға тәубә, осы балалардың әкесі Қайрат жарықтық көзін жұмып бақилық болса да, балаларым өсіп-өніп жатыр. Менің ендігі қызығым осыларда. Осылар қайда жүрсе де амандықтарын тілеймін. Осылардың арқасында ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, көйлегім көк, үйім жылы. Бұлардың әкесі де бір аунап жатқан шығар, жатқан жері жайлы болып, жаны жаннатта болсын деп тілеймін. Жаңа асаба бала «қай қазақты алсаң да ақын» деп айтып еді. Мен ақын емеспін, бірақ сонда да болса бір-екі шумағымды оқиын. Сөзім келісе ме, келіспейме, сыншы мына отырған өздеріңізсіздер, — деп, Нүрилә апай қалтасынан бір парақ қағазды алып шықты:

Аңқылдап алпысым да келіп қапты,

Жиырма бесте көңілім менің әлі.

Қартаймайды екен көңіл шіркін,

Байқамадым ұлғайып қалғанымды.

Кәрі деуші ек бала кезде қырық жасты,

Адамның қылшылдаған екен кезі.

Мойындап тұрмын міне артыма қарап,

Менің бүгін алпысқа толғанымды.

«Анасы бар адамдар қартаймайды», —

Деп, халқым айтқан екен дана сөзді.

Анам үшін әрдайым сәби болып,

Ойламадым анам бар да көп нәрсені.

Қандай үлкен дана сөз «АНА» деген,

Бүкіл әлем тіршілігі анада екен!

Мейірім, күш-қуат — бәрі анада,

Жаңылмаймын, сарқылмас бұлақ десем.

Келдіңдер мерей тойға міне бүгін,

Көп сөйлеп бастарыңды ауыртпайын.

Би билеп, ән шырқаңдар күліп-ойнап,

Келмейді алпыс деген күнде ағайыным!

Бас иіп айтайын мен рахметімді,

Сыйлап келген өздеріңе бүгін мені.

Осындай туыстарым, достарым бар,

Мақтанышқа бүгін менің жаным толы! —

— Денсаулықтарың мықты болып, әр отбасында осындай той бола берсін! — деп, Нүрилә апай сөзін аяқтады.

— Апай, өзіңіз ақын екенсіз ғой! Кәне, ду қол шапалақ! — деп асаба жігіт бәрін биге шақырды.

Тойдың қалай аяқталғанын онша сезбеген Медет ақсақал үйіне қарай жылжыды.

— Өзіңе не болған, көңіліңді көтеріп, жарқырап отырмадың ғой?! Анау Күлтәй деген әйелден көзіңді алмадың, — деп сөйлеп, Жамал апай да бір елі жанынан қалмай келе жатыр.

— Қойшы, не болса соны айтпай. Бәріне қарап отырдым ғой. Қан қысымым көтеріліп кетті ме, әйтеуір басымның ауырғаны басылмады. Одан дағы көп сөйлемей, үйге жүріп қан қысымымды өлше, — деп, Медет ақсақал өз жайын әйелінен жасырғандай болды.

— Басың ауырса барып дәріңді ішпедің бе, — деп Жамал апай да қояр емес.

Сонымен қойшы, тойдан кейін біраз уақыт өтті. Бір күндері Медет ақсақал бір нәрсені сылтауратып Нүрилә көршісінің үйіне барды. Нүрилә апай қоюлап шығарып, дәмдеп шай ішіп отыр екен.

— Аманбысың көрші, хал-жағдайың қалай? Тойдан кейін демалдың ба? — деп ақсақал көршісіне сұрақтарын жаудыртты.

— Рахмет, аманбыз, құдайға тәубә. Кел, менімен бірге шай іш. Өзім жалғыз шай іше ала алмай отыр едім, келгенің жақсы болды, — деп Нүрилә апай да бәйек болды. — Жамал қайда? — деп сөз арасында сұрап қояды.

— Жамал әлгі кішкентайды суға түсіріп жатыр. Ұл мен келін жұмыстарында. Менің саған айтар кішкене ғана бұйымтайым бар еді. Қалай айтарымды да, неден бастрымды да білмей отырмын.

Ана Жамал замандасыңа айтып қойма, ол түсінбей жүрер, — деп ақсақал ескерту жасады.

— Ол не бұйымтай еді? Сұрайын деп отырғаның адамның басы, аттың құны емес шығар? — деп, Нүрилә апай көршісіне қарап күлді.

— Мен айтайын, бірақ сен күлкіге айналдырма, — деп өтінді ақсақал — анау күні Күлтәй деген қызметтес құрбың келіп еді. Алдында оның әкесінің атын сұрап едім ғой өзіңнен, есіңде ме?

— Ия, ия есімде. Ол Күлтәйға не болыпты? — деп апай жұлып алғандай көршісіне қарады.

— Жо-жоқ, ештеме болған жоқ. Сол Күлтәй ма, жоқ басқа Күлтәй ма деп алдында сонша мән бермеп едім, анау күні көргенде өзін әзер таныдым. Бала кезімізде ауылда көрші, көрші болғанда да бір көшеде тұрып едік. Содан бері елу жылдан астам уақыт өтіпті. Ол, әрине мені таныған жоқ, тіптен шырамытқан да жоқ.

— Әрине, «елу жылда ел жаңа» деген сөз бар емес пе. Ол кезде бала болдыңдар, енді міне өстіңдер, өндіңдер, ұлғайдыңдар, біреуің кемпір, екіншің шал болдыңдар. Қайдан танысын ол, замандас-ау?! — деп апай көршісіне қарап қулана жымиды. Апайдың көздерінде бір от жалт-жұлт етіп сұрақ тұрды, — өзің сол кезде Күлтәйға ғашық болғаннан саумысың? — деп апай күліп жіберді.

— Күлме дедім ғой, күлетін болсаң айтпаймын. Оданда шайыңнан тағы құйып жібер, дәмді екен, — деп ақсақал қысыла сөйледі.

— Күлмеймін ғой, күлдіріп отырған өзіңсің. Алдымда бозбалаша қызарақтап отырсың, күлмей қайтейін енді, — деп, Нүрилә апай күлкісін тия алмады. Медет ақсақал өкпелеген сыңай білдіріп, томсырайып қалды.

— Жә-жә, күлмеймін, айта бер, — деп апай күлкісін тыйды.

— Күлкілеріңіз анау жақтан естіледі ғой, қандай қызықтар айтып отырсыздар, мен де күлейін?! — деп Гүлжән көрші кіріп келді.

— А, сенбісің, жоғарлат, шайға кел. Мына замандасым күлдіргі әңгіме айтып күлдіріп отыр.

— Ол не әңгіме, мен де күлейін, — деп, әр нәрсеге әуестік танытатын Гүлжан көршісі дастарханға жайғасты. Бұл кісі естіп қалғанын аяғына дейін естіп құмарын қандырмаса түн ұйқысынан айырылады.

— Е, немерелердің қылықтарын айтып күліп отырмыз ғой, одан басқа қандай әңгіме айтар дейсің. Жоқ әлде мені бір шалға айттырып келіп отыр деймісің? — деп апай күлді де қойды. Апайдың бұл сөзіне үшеуі де күлді.

— Ел ішіне мынандай бір күлдіргі әңгіме тарап кеткен екен. Айта отырайын, қызық болсын, — деп, елудің мол ішіне келген Гүлжан көрші алдымен өзі әбден күліп алды.

— Өзің ғана күлмей бізге де айтып күлсеңші, біз де күлейік те, — деді бұған қарап күліп отырған апай. Ал Медет ақсақал болса сөзін бөліп жіберген Гүлжан көршісіне, «әттеген-ай» дегендей томсырайа қарады.

— Баяғыда бір кемпірді баласы арқасына салып алып, айдаламен кетіп бара жатыпты. Күн ыстық, әлгі жігіт терлеп-тепшісе де шешесін арқасынан түсірмейді. Осылайша кетіп бара жатқандарында бір үлкен қария жолығып, «қайда барасыздар?» деп сұраған екен. Сонда кемпір:

— Мына жас жігіт менің кіші ұлым еді. Бармаймын десем болмай мені Меккеге апарамын деп, арқалап келе жатыр, — дейді кемпір қарияға.

— Апырай ә, Меккеге апарғанша қасыңа бір шалды отырғызып қоймады ма екен! — депті қария.

— Е, бала деген оны біле ме екен? — деген екен ұлының арқасында отырған кемпір.

Отырғандар бұл әңгімені естіп күліп жіберді.

— Нүрилә шырағым, шайыңа рахмет, үй жаққа барайын. Нағашы апаңның жиен ұлы келген соң биыл көмірдің жайы қалай болар екен, соны сұрай салшы?! Немесе кешке жақын өзім де кіріп шығармын. Сау болыңдар, — деп Медет көрші кетіп қалды.

— Ол көмірге не болыпты? Жылдағыдай аламыз ғой, осы кісі қызық өзі, — деді Гүлжан көрші тыныш отыра алмай.

— Былтырғы көмір нашар болды ғой, пешке салсаң болды ағаш сияқты жанып кетеді, еш қызуы жоқ. Сондықтан алдын-ала ойлап жүргені ғой, бір үйдің азаматы емес пе, — деп, Нүрилә апай Гүлжан көршісіне қарады.

— Ия, дұрыс айтасыз, былтырғы көмір нашар болды. Менің шалым ештемені ойлап жүрген жоқ. Ұлдарына сенеді де. Тегі қазақ халқы асықпайтын халықпыз ғой, көрші отырған немістер көктемнен бастап көмірін үйлеріне түсіре бастайды. Орыс халқы жаз айларынының соңына қарай түсіреді, ал біз болсақ алғашқы қар жауғанда көмір іздеп жүгіреміз. Солай емес пе? — деп, Гүлжан көрші апайды құптатып қойды.

— Ия, солайы солай ғой, бірақ біздің қазақтардың ішінде де пысықтары баршылық қой, — деп Нүрилә апай көршісіне қарап, — бұйымтайыңды айта отыр.

— «Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді» демекші келген шаруамды ұмытып барады екенмін-ау, тәпкіңіз бар ма?

— Бар, оны не істейін деп едің?

— Біздің тәпкінің басы сынып қалыпты, картопты түптетіп алайын деп едім. Тәпкіңіз бос болса бере тұрыңызшы, — деп өтінді Гүлжан көрші.

— Тәпкі бар ғой, ал. Айтпақшы картобыңа қызыл-ала қоңыз түсті ме? — деді Нүрилә апай қоңыздары есіне түсіп.

— Ия, қоңызы түскір бәрінде де бар ғой. Тек картопқа ғана емес, қызанаққа да, баклажанға да түседі екен. Базарда соны уландырып құртатын дәрі бар екен. Соны бір шелек суға ерітіп, сібірткімен қоңыз түскен өсімдіктерге шашып-шашып жіберсе қоңыздар тоңқайып-тоңқайып өліп қалады екен. Мұрнағы күні сол дәріні шаштық.

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.