12+
Өмірім өнеріммен өрнектелген

Электронная книга - Бесплатно

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее

Объем: 238 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Аяулы ана, сіз бізді мәпелеп өсіріп, ел қатарына қостың. Осы бір еңбегімді, Аюбай қызы Жанша анама арнадым.

Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз. Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз

ойландыра жаз! Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз! Осы үшеуінсіз

шығармаға жан кірмейді.

Ғабит Мүсірепов

ҚАРА СӨЗДІҢ БҰЛБҰЛЫ

Жалаң аяқ, жалаң бас жүрген балаң кезім. Есіл Жолай төбе. Шығысымызда тау, солтүстікте Қорғантөбе, тұнжырап, маужырап «менің сырымды, тарихымды ешбір адам ақтармады-ау» деп мұңайып тұрғандай сезіледі. Қорғантөбенің солтүстігінде үлкен көз болатын. Су деген ағыл-тегіл, айналасындағы тұрғындар егістік егіп, бау-бақша суаратын. Қорғантөбенің батысындағы сайда әкемнің егістігі бартұғын. Болар болмас краннан аққан суын ішкенде дәмі адамды еріксіз тамсандыратын. Ауыл ақасалалдары әуелі өрнекті әзіл, өтімді қалжыңмен бірін-бірі ұтымды қуып, өзара біраз қауқылдасып, бума терлерін шығарып алады да, сонан соң келіп бабы табылып, бағы ашылған бәйгі жүйріктеріндей бауыр жаза көсіліп, кестелі сөздерді нөсерлете төгеді дейсің бір! Тіпті, қайран қаласың. Тамырын тапқырлықтан тартқан қаншама танымдық білік жатыр мұнда. Олардың негізгі салмақты сөз біледі деген дарасына ғана салмай, арасына салып, қауымдаса көтеріп, бірін-бірі қанаттаса демеп, қапталдаса сілтейтіні қандай жарасымды. Не қыласыз, әйтеуір ұғар құлақ, тұтар зерде болса, мұндай отырыстарда бұрынғы-кейінгі замандарда осы өңірде өмір сүрген игі жақсылардан қалған аталы сөздің, жоталы істің қайта жаңғыртылып, көңіл-қазыға тартылмайтыны кем де кем. Дұрыс айтасыз. Шын мәнінде ғажап, өз алдарына бір мектеп еді ғой олар. Әділін айтсақ, біздің қатарымызды туған ел мен жердің тарихымен ауыздандырып, ескіге есірек көзбен қарамауға үйретіп, езулерінен енші бөліскен рухани ұстаздарымыз да сол ауыл қарттары ғой. Кемістері жоқ, көкіректерінде сөз көмбесі жатқан шежіре-тарих еді шетінен. Өз басым сол кісілердің жадтарының беріктігіне таң қаламын, қанша есім, қаншама атау, бірінен жаңылыспайды. Осы қазір көріп, араласып жүргендей-ақ, мүдірмейді. Соған қарағанда, біз еске сақтау жағынан кері кетіп бара жатқанға ұқсаймыз. Байқайсыз ба, не жадқа ұстап жарытпаймыз, не хатқа түсіріп қарық қылмаймыз, құнтымыз аз. Соның салдарынан ақырындап, асыл қазыналарымыздан да айырылып келеміз.

Жақында туған жерім Жолай төбеде болып қайттым. Бес Жолайдың үйі қалыпты. Есіл Жолайтөбе… Баяғы шежірешіл қариялардың біреуі де қалмаған. Төл тарихымызға қажетті қаншама материалды өздерімен бірге қара жердің қойнына алып кеткен. Құлаған жайлар, жылаған әруақ, тек қара жұртта бес Жолай қалыпты. Әлі есімде Ләтекеңнің қайтыс болғанына бір жылдай болып қалған, яғни жылы болайын деп жатыр. Тауелібайға аты мәшһүр болған, қара сөздің бұлбұлы Жүсіп ағамыз үйге кіріп келді. Отырған қауым Жөкеңнің келгеніне риза болып, әңгіме қызатын болды деп қауқылдасты. Сонымен Жөкең шайдан бірер ұрттап маңдай терін орамалмен сүртіп әңгімесін бастады.

Адал дос

Ілгеріде Данабек және Әділет деген екі дос Санкт-Петербургте гимназияда жеті жыл бірге оқиды. Оқуды бітірген соң Әділет Данабекті аулына ертіп келеді. Бірде Әділетке әке-шешесі;

— Балам, енді үйлен, тойыңда досың Данабек те болсын. Көрші ауылдағы Сәрсенбайдың қызына құда түсіп қойғанбыз. Сол ауылға екеуің барып, қалыңдығың Айгеріммен танысып, үйленуге уәделесіп қайт, — деп бұларды жөнелтеді. Ертесіне екеуі алып-ұшып Айгерімнің аулына келеді. Айгерім ай десе ауызы, күн десе көзі бар, көркіне ақылы сай ерекше ару екені көрініп тұр. Әділет қызбен танысып, сөз байласып келіп ата-анасына:

— Ал енді тойға дайындала беріңіздер, мен үйленетін болдым дейді. Сол күннен бастап Данабек ауырып жатып қалады. Қалі күннен-күнге нашарлай береді. Бір күні Әділет қасына бірер достарын ертіп, Айгерімнің үйіне барады. Ертесіне сұлуды алып келеді. Ойын-сауық басталады. Әділет досы Данабектің ақуалын Айгерімге баяандайды. Данабектің жатқан бөлмесіне Айгеріммен кіріп, көңіл-күйін сұрайды. Бұл кезде жігіт азып, құр сүлдесі қалса да көз жанары жарқырап тұрады. Сонда Айгерім Әділеттің құлағына сыбырлап:

— Данабектің науқасы — ғашықтық. Сонау күні екеуің барғанда көзінен байқағанмын. Маған ғашық болып қалған. Ғашығына қосылмаса өледі, — дейді. Мұны есіткен Әділет:

— Досым өлмесін, саған ғашық болса сендерді қосып, той жасап берейін, — дейді.

Сөйтіп сөзінде тұрып, екі жақтың келісімін алып Данабекті Айгерімге үйлендіреді де еліне шығарып салады. Әділет үйленбей біраз жүреді. Бірде жан досы Данабекті сағынып көріп қайтпақшы болып жора-жолдастарымен жолға шығады. Жолда бұларды қарақшылар таяққа жығып мерт қылып, тонап кетеді. Сол шайқаста қатты жарақат алған Әділет аман қалып, бір өзі алға қарай жүре береді. Кейін қайтуды да ойлайды. Бірақ елге достарының қаза болғанын қалай айтарын білмей дал болады. Нар тәуекелмен алға жүре береді. Жан дүниесі азап шегіп бір көрікті ауылға кез болады. Бұл елде ешкімді танымайды. Жағалап жүріп асханаға барады. Аспаз өте ақылды, қайырымды кісі болып шығады. Жолаушының мұңын тыңдайды, мейірімін аямайды. Азып-тозып жүрген жігіттің қыр-сырына әбден қанық болған аспаз бір күні:

— Әділет, іздеген досың осы ауылдың әкімі, анау тұрған сарайы, — дейді. Бұл сөзді естіген Әділет жүгіріп сарайға барады. Күзетшіге әкімнің досы екенін айтып ішке кіргізуін сұрайды. Қарауыл әкімге барып:

— Үсті-басы алау-далау бір жігіт келіп атым Әділет, әкімнің досымын деп тұр, кіргізейін бе? — дейді. Сонда әкім сәл ойланып, сабырлы үнмен:

— Кіргізбе, менің ондай досым жоқ, — депті. Тауы шағылып, Әділет асхана жұмыстарына жәрдем беріп, күнін өткізіп жүруге мәжбүр болады. Күндердің күнінде қолдарына ауыр кәрзеңке ұстаған екі жігіт келіп:

— Мына екі кәрзеңке осы жерде уақытша тұра тұрсын, — дейді де сол кеткеннен оралмайды.

Арадан көп уақыт өтіп кеткен соң, аспаз кәрзеңкелерді Әділетке аштырады. Біріне жігітке шақ қымбат киімдер, екіншісінен алтын, күміс шығады. Бұл істің мәнін түсінген аспаз, киім-кешектерді Әділетке кигізіп, бар байлықты да соған беріп, үй салып алуын айтады. Мол байлыққа үй тұрғызып алғанымен, аспазға бауыр басып қалған Әділет ол үйге жатпайды. Уақыт осылай өтіп жатқанда асханаға бір кемпір мен сұлу бойжеткен келеді.

Кемпір аспазға:

— Бізге уақытша тұратын баспана керек, дайын тұрған үйлеріңе біз тұрайық, — депті.

Әділет келісім беріп, оларды үйге кіргізіп қайтады. Сонда данышпан аспаз:

— Әділет, үйің дайын, жаңағы қызға көңіліңді білдірсең қалай болар екен? — деп ойын айтады. Мұны жігіт мақұл көріп, қызбен таныстығын тереңдете түседі. Солай жүріп бірін-бірі ұнатып, той жасап қосылады. Тойға көп халық келеді, бірақ әкім келмейді.

Ертесіне аспаз:

— Әділет, халыққа той бердік, енді әкімдер үшін тағы той жасайық. Мүмкін әкім досың сонда келер. Егер келсе, мен саған ымдаймын, сол кезде болған оқиғаны көптің көзінше айтарсың, бірақ алдынан жүгіріп шықпай, өзіңді салмақты ұстап, танымайтын адамша, — деп тапсырады. Күтілгендей әкім жұбайымен, қосшыларымен тойға келеді. Той қыза түседі. Сонда аспаз Әділетке иек қағады. Әділет орнынан тұрып, ізетпен әкім досына қарап:

— Данабек досым, Санкт-Петербургте жеті жыл бірге оқыдық, сені үйлендіріп тойыңды жасап, еліңе шығарып салып едім. Бүгінде сарайыңа неге кіргізбейсің? — деп өкпесін айтқанда әкім досы:

— Сабырлық ет досым, оның себебі бар. Маған қарауыл жүгіріп келіп айтқанда, сен екеніңді білгенмін. Себебі сенің іздеп келетініңді жүрегім сезетін. Көп ұзамай асханаға екі жігіт кәрзеңке апарып тастады ма? Байлыққа жай салдың ба? Үйің дайын болғанда кемпірмен бойжеткен барды ма? Қызды ұнатып үйлендің бе? Сол үйленген жұбайың менің қарындасым еді, кемпір менің анам еді. Егер мен сені сарайыма кіргізіп сән-салтанатпен қабылдап, Әділет досым, сен мен үшін ешнәрсеңді аямадың, соның ақысына мына қарындасыма үйлен дегенімде, сен үйленбес едің. Себебі сенің ар-ұжданың оны көтермес еді, — деп екі дос құшақтасып, досымен жылап көрісіпті. Сөйтіп екі дос бір-бірінің арқасында бақытты да, дәулетті өмір сүрген екен.

«Малсыз қазақ болса да, әнсіз қазақ болмаған. Қоссыз қазақ болсада, доссыз қазақ болмаған» қайран қазағымның мақалдары қандай әсерлі десейші! Сөйтіп Жөкең әңгімесін аяқтады.

Енді Жөкең туралы бірер сөз. Біздер балғын балалық дәуірден бері танимын. Өсе келе Ләтекеңнің үйіне жиі келіп, дәмдес болып әңгімесін тыңдайтынбыз. Тауеліне, Тараз аумағына белгілі қадірменді ақын ағамыз Қайыпназар Шотбасовтың «Қара сөздің бұлбұлы» деп Жөкеңе арнап шығарған өлеңіндей, бұл кісіні қалай марапаттаса да «бұлбұл» дегенге лайық деп түсінем. Бұл кісінің он бес шақты кітабы жарық көргені елімізге аян. Сол кітаптарының ішінен «Ататек» кітабы жөнінде менің бір таң қалғаным, бүкіл Шөмекей аталығын инемен құдық қазғандай еңбегін біреу түсінсе, біреу түсінбес. Отырған жерде осы шежіре бойынша талай тартыстың куәсі болдым. Олардың кітапқа қояр сыны, менің атам, ағам т.б.қалып қойған, — дейді. Сонан өкпе айтқандарға түсіндіремін.

— Әсілі шежіренің шегі жоқ. Ол кісінің барлық Шөмекейдің үйіне барып жүруге тағы уақытты жоқ. Кітабының арқасында қалып қойған кісілер болса, кешірім сұраймын дегені бар. Қайсы аталықта шежіремен айналысқан адам болса, негізін солардан алып жазған. Қайта қожекеңе рақмет айтуымыз керек. Өзі Шөмекей болмаса да іргетасын қалап берді. Білгіш болсаңдар өздерің неге жазбайсыңдар, — деп тоқтатамын.

Басқаларды білмедім, өзіміз Отарбай ағам екеуміз улап-шулап тек «Бекет ата ұрпақтары» деген шежірені зорға шығардық. Бұл Шөмекейдің бір сабағы, кейбір жерлерін осы Жөкеңнің Ататек кітабынан пайдаландық. Дегенмен бұл кісінің еңбегін дер кезінде білгенге не жетсін. Қазіргі таңда бұндай әсерлі етіп әңгіме айтатын Жүсіп ағайдай адам кездестірмедім. Алла сізге қуат берсін, сіз елге, жақсы жайсаңдарға керек пендесіз. Бірде Үшқұдықта қадірменді ініміз Дінбаев Қайырбайдың үйінде Жүсіп ағамен дәмдес болып, әңгіме дүкен құрып жақсы бір мүшәйра болды. Сонда Жөкең әңгіменің ретінде:

— Қыдыр егер талантың, қаражатың болса Ләтекең сияқты қариялардың сөздерін кітапқа жазғанға не жетсін. Күндердің күнінде біреу болмаса біреуге керек болатыны сөзсіз. Себебі біздердің өзіміз алдымызда жазып өткен кісілерден мағлұмат алғанбыз. Бұл кісінің сөзі маған осы кітап жазуыма бір серпіліс бергендей сезілді.

Осы әңгімемен ұштасатын Тамдыда өткен екі адал достың бір-біріне деген достығы адамды еріксіз ойландырады. Бақыт пен Феруза балалық дәуірінен бір-біріне еркелеп, он жыл бірге оқыды. Бұлардың достығы да шынайы, бір-бірін көрмесе сағынып, ынтызар болып өсті. Бақыт аудандағы айта беретін үлкен лауазымды Ақберді Исаевтің қызы болатын. Феруза қарапайым жоқ жұқаның қызы. Бірақ Бақыт қанша бай-батшаның қызы болғанмен қарапайым, кішіпейіл, ақылды болып өскен болатын. Осы барлықтың арқасында досы Ферузаға ретті жерінде қаражаттан көп жәрдем беріп жүретін. Әне, осындай қарым-қатынаста болған жан досымен қоштасып, армандаған жоғарғы оқу орнына дайындалып жүретін. Бұл екі дос сыныпта өте үздік оқитын. Көптен күткен 10-сыныпты бітіріп, енді емтиханға дайындала бастады. Осы жылы мектепте үздік оқығанға бір алтын медал бар екенін екеуі де сезетін. Бұл мектеп бойынша алтын медалға үміткер Бақыт пен Феруза болатын. Мектеп директоры Малғараев Нұрбердіні райком конторына шақырып:

— Біздің Бақыт қызымыз алтын медалдан құр қалмасын, — деп айбарланып тапсырады. Амал жоқ мектеп директоры уәде береді. Мектеп директорына әкесінің бұл айтқанын Бақыт сезетін. Сонымен комиссия мүшелері белгіленіп, емтихан да басталады. Екі жан дос емтиханға кіреді. Бірінші сынақта математикадан бес есеп шығару керек. Екеуі де бәйгіге шабатын сәйгүліктей жүректері алып ұшып есеп шығаруға кірісті. Бақыт төрт есепті шығарып, қасарысты да қалды. Себебі әкесінің зорлықпен алтын медалды алып беретінін сезді. Мұғалімдер Бақытқа болысып жәрдем бергісі келеді. Бірақ олардың бұл жәрдемдерің керек емес деп жанына жолатпайды. Ақыр болмаған соң мектеп директоры өзі келіп саған не болды? — деп сұрайды. Сонда Бақыт

— Ағай Феруза досым сабақты менен артық біледі, мен қалай ақиқатты аттаймын. Мен алтын медалды алсам, қалай досымның бетіне қараймын? Негізі алтын медалдың егесі Феруза Мен алтын медалды алмасамда жоғарғы оқуға түсемін. Ол алтын медалды алмаса жоғарғы оқу орнына түсе алмайды. Мен бесінші есепті шығара аламын, бірақ досым Феруза үшін шығармай отырмын. Медалды егесіне беруіңізді сұраймын. Ақыры алтын медалды ақылды досы Бақыттың арқасында досы Феруза алып шығады. Қандай сол кездегі жастардың ақылдығы. Расында екеуі де жоғарғы оқу орнын бітіріп, бүгінде бақытты өмір сүруде.

Қарақалпақтың Бердақ ақыны

— Өмірінде талай пәле-жаланың құрығынан құтыла алмаған Бердақ ақын ақыр соңында дәуір дерті көкірегіне толып кеткен соң «жеке басымның осы қайғы қасіретіне жора жолдастарым, туған туыстарым ортақтасып, көңілін кірлетпей-ақ қойсын» деп Әмударияның жағасына келіп, жағалауды сабалаған көгілдір толқындардан көз алмай тұрып, өз-өзінен налиды екен.

— Ау, көк ала толқын, асау ағыны, сұрағыма жауап беріңдерші, сыртым бүтін, ішім түтін. Бұл дүниенің сырларына, сірә, түсінбедім. Біреулердің көңілінен шығайын деп тырыссам, олар мені теріс түсінеді. Әбден түңілгесін; керісінше сөйлейін, мүмкін, сонда дұрыс түсінер десем, қасақана аузымдағы сөзімді сол қалпында қағып ала қояады.

Сәл қисық бассам, жорта қисық басқандай көреді. Дұрыс жүрсем, оны екі бастан көре алмайды. Сонда не деу керек оларға? Қанша ақын болғанмен ет пен сүйектен жаралған адаммын ғой. Ал адамның өзін-өзі аңдамай қалатын сәттері де аз емес. Мейлі, мені қалай түсінсе, олай түсінсін, кімнің аузына қақпақ боламын? Айналамдағылардан да адалдық күтем, бүкіл дүниенің де адалдығын тілеймін. Сол адалдық үшін жыр жазамын деген екен қайран Бердақ.

Сәндібек ақсақалдың сәнді әңгімесі

Ілгеріде бір мүшәйрада, аспанның асыл әулеті — Кедей руының әңгімешіл қариясы Ерман ұлы Сәндібек ақсақалмен дәмдес болдым. Ол кісі ескі мәні бар әңгімелерді шешіле отырып, бір сайрады. Енді сол кісінің әңгімесін назарларыңызға ұсынамын. Кіші жүз он екі ата Байұлы Байбақты руынан — Сырым батырдың шешесі есті кісі екен. 12 жасқа келгенде:

— Азамат болар адамның сөзі тұрақты, кесімді болады. Бекен биге сәлем беріп, батасын алып қайт, балам, — деген екен.

Сонан бала Сырым Бекен бидің үйіне келіпті. Сырымның бұйымтайын білген соң Бекен би қолыңды жай, бата берейін, -депті де:

Арқаң қара нардай жауыр болсын,

Мінезің қара жердей ауыр болсын.

Өкпең жоқ, бауыр болсын,

Құлағыңнан сыбыр кетпесін.

Жасың 70-ке жетпесін, -депті. Сонда бала Сырым:

— Арқаң қара нардай жауыр болсын дегеніңіз халықтың қамын ойла, елді өзіңе еріте біл дегеніңіз. Мінезің қара жердей ауыр болсын дегеніңіз, беріден емес, әріден ойла, салмақты бол, жеңіл болма дегеніңіз. Өкпең жоқ, бауыр болсын дегеніңіз, сәл нәрсеге өкпелеме, кекшіл болма, көпшіл бол, кек сақтама дегеніңіз. Құлағыңнан сыбыр кетпесін дегеніңіз, ел арасында дау-жанжал көп болады, өзің шешіп, дұрыс төрелігін бер дегеніңіз. Ал енді жасың 70-ке жетпесін дегеніңізге, түсінбей тұрмын, — депті Сырымның көз жанары жарқырап. Сонда Бекен би:

— Мен сенен Құдайдың берген жасын қызғанып отырғаным жоқ. Лайым, 170-ке жетсін. Менің жасым 84-ке келді. Алты бәлеге тап болдым, мен сені сол алты бәледен аулақ болсын деп едім. Олар мыналар:

Үлкен үйге кіре алмадым,

Кіші үйге сыя алмадым.

Қара сақалды әкем болды,

Қара шашты шешем болды.

Кәрілік келді, жеңді, түсінбедің бе? Үлкен үйге кіре алмағаным, адамның қатары кетеді, баратын үй таусылады. Кіші үйге кіре алмағаным, жасы кіші адамның үйіне шақырмаса, бара алмайды екенсің. Қара сақалды әкем дегенім, өзіңнен туған бала есейгенде, әкенің тілін алмайды екен. Қара шашты шешем болды дегенім, шайпау келінің болады. Осы жағдайды сен көрмесе екен дегенім еді, — депті.

Қайран шешендер қандай оралымды ойды жеткізген десейші! Әңгіме қыза түсті. Сәкең маңдай терін сүртіп, шайдан бірер ұрттап әңгімесін жалғастырып кетті. Хиваның ханы үлкен той жасайтын болып Сырым батырды тойға шақырады. Сырым батыр бәйгіге сәйгүлік аты, палуандарын ертіп тойға барады. Хива ханы Сырымды жақсы қарсы алады. Дастархан үстінде Сырымға хан сұрақ беріпті:

— Осы жалғама сөздер көп. Ас-мас, ат-мат, жігіт-мігіт деген сөздерді түсіндірші депті.

Сонда Сырым бұл сұрауыңа той біткен соң жауап берем депті. Ертесіне тойда Сырымның бәйгіден аттары бірінші келеді, палуандары шетінен жығады. Той бітіп, тамақ үстінде ханға кешегі сұрағына былай деп жауап берген екен:

— Хан ием, біздерді тойда қонаққа қой-қозы сояды, құйрық-бауыр тартады, артынан қымыз шұбат береді. Бұны — ас дейді. Ал тас табаққа салынған шөп-шалаң көк шай бергенді мас дейді. Ал ұлы ду бәйгіден озып келген атты ат дейді, ал қалып қойған атты мат дейді. Алқа топта жыққан палуанды жігіт дейді, ал жер құшып жығылған адамды мігіт дейді, — деп ханды да сөзден жеңіп кеткен екен.

Сәкең демалып болған соң әңгімесін жалғастырды. Құлқұдықта Ерназар деген кісі болған. Оны халық (қырсық) деп атайды екен. Бірде баласы жаңа жылды біздің үйде боламыз деп жораларын үйіне шақырған. Яғни 31-желтоқсан күні жаңа жылға жарты сағат қалғанда достары қуанышқа жиналып шамалы шекелері қызғанда, әкесі қырсық кенеттен қайтыс болыпты. Сонан баласы ойбайлап, «халық айтса, қалып айтпайды», қырсық десе — қырсық қой, болмаса 31-желтоқсанда адам баласы өле ме» — деп жылап жүр екен. Себебі, баласының ішінде қоян бар, отырыспақтан құмары қанбай қалған. Әкесінің өлгеніне ренжімей, отырыстың бұзылғанына ойбайлап жүрген.

— 1960 жылы Тамды ауданында қызметкер болып, жұмыс істеп жүрген Амандықов Қани, Жанғабылов Мырзаш, Шыртаев Абда, Қалилаев Дәулетияр Жолай төбедегі Тұрғанбаев Мұратбайдың үйінде мүшәйрада отырғанда Қани ақсақал:

— Осы біздер қарап отырғанша, кейінгі ұрпаққа қалатындай бір шумақтан өлең жазайық. Сондықтан дайындалып отырыңдар, мен бастаймын, -депті Қани:

Тыңдасаң ақыл айтқанды,

Қатардан қалмай озасың.

Тыңдамасаң амал не?

Тірлікте босқа тозасың.

Мырзаш:

Адалдық ниетке жүгінсең,

Қолыңды алға созасың.

Арамдық ниетке ілінсең,

Мойныңды артқа бұрарсың.

Абда:

Халыққа жақпас етсеңіз,

Өзіңді-өзің ұрғаның.

Білгеннің тілін алмасаң,

Ұятсыз, арсыз болғаның.

Дәулетияр:

Еріншек жалқау болсаңыз,

Өзіңді өзің қорладың.

Олақ пен салақ болсаңыз,

Артта қалып сорладың.

Расында, қариялардың бұл сөздері ұрпақ үлгі алатындай екені көрініп тұр. Сонымен Сәкең әңгімесін аяақтады.

Өтетілеу биден

Қаздауысты Қазыбекке Тоқа Сәмет бір отырыспада кісілерді таныстырыпты. Мына отырған Кетебай би ағаңның баласы Өтетілеу дегенде Қазыбек би:

— Атан қумас, ақ бураның тұқымы бар екен ғой, бір бағыты көкте, бір бағыты жерде, жолбарыс айналатын бала екен, — деп болжаған екен. Өсе келе Өтетілеу Қазыбек айтқандай би болып, жолбарыс айналатын тұлға болып өседі.

Өтетілеу би балаларын жинап өсиет айтыпты:

— Алыссаң жеңілмейтін, қашсаңда, қусаңда құтылмайтын бір жау бар. Ол — күншіл туысың. Жаман туыстың жаны ашығаннан, дұшпанның табасы артық, Жаманның жаны ашығаны жүрегіңді езеді. Ал дұшпанның табасы буыныңды бекітеді деп бекер айтпағаны білініп тұр. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының томдығында Кіші жүзден шыққан Кетебайұлы Өтетілеу би заманында төрт Шөмекей, бес Жаббасқа қараның ханы болған. Өтетілеу би сөзді былай бастайды екен:

Бір қоян су ішсе,

Мың қоян су ішкен заман!

Бір құлдың мұрнын кессе,

Мың құлдың мұрнын кескен заман!

Жапырақ жалғап, қыл құрап,

Инемен құдық қазған заман!

Ақ шабдардан құла озған заман,

Атадан бала озған заман!

Аттан байтал озған заман,

Биеден құлан озған заман!

Енеден келін озған заман,

Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,

Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без!

Осы Өтетілеудің әкесі Кетебай би заманында Алшын — Қаражігіттің баласы Сопақ бір құн даулап, Кетебай Қарадосты Орта жүзде Әз Тәйтеке биге дауға жіберіпті. Сонда Кетебай мына сөзбен бастайсың деп, Досқа тапсырған екен. Қарадос айбарланып:

— Үйде Кетебай деген кісіміз.

«Кезекпен түсер, — дейді, — ісіміз!»

Мынау келіп отырған-

Алшын-Қаражігіттің Сопағы.

Мұның бір жігітін жұтыпты

Мың батпанның қопағы.

Абжылан мен емес;

«Ат, әуіп!» — деп, тартарға.

Аруана мен емес,

Тағандап жүкті артарға,

Жақсы алдында жалпылдап,

Жаман кісі сөзді айтар ма?! — деп Қарадос дауды Кетебайдың бір ауыз сөзімен жеңіп қайтқан екен.

Пірәлі би мен Маман би

Маман би Пірәлі бидің үйінде қонақ болып отырғанда, Пірәлі сұрақ беріпті:

— Маман аға, менің әкеммен талай дәмдес болдыңыз, мына балаларымды сынап беріңіз, — депті. Аман атты баласын әкелгенде, Маман құлағынан ұстап көтергенде, бала «ың» депті.

— Бұл балаң ат байлатын, қонақ жайлайтын болады, — деген екен.

Сонан Алмас деген баласын әкелгенде бұны да құлағынан ұстап көтергенде, бала мылқ етпей тұра берген. Сонда Маман би:

— Қазыбек би айтқандай, мына Алмасың тап өзің, бір бақыты көкте, бір бақыты жерде тұр., Жолбарыс айналған ата-бабаларының аруағы қонған бала екен. Ал басқа балаларыңды шығарып жібер, олар тек қатынға бай, малға ие болады. Әншейін-ақ бір ыдысқа құйып жатыр екенсің, — депті. Сол Маман бидің айтқанындай қалғандары солай болған екен.

Қаратамыр Төребай бидің жесір дауын шешуі

Жасына жетпей дүниеден өткен Талқаншы деген кісінің артында Мұрат есімді баласы қалады. Жетім бала күн көру үшін ауылдасы — Дөсек руының Байбарақ деген байының малын бағады. Байбарақтың әбден сеніміне кірген бала өз қызметін адал атқарады. Бұған риза болған бай Мұратқа 40 бас қара мал беріп, жергілікті жердің бір танысына құда түсіп, қызын алып береді. Қыз өте сұлу, көрікті, қыпша бел, қиғаш қасты, ай десе аузы, күн десе көзі бар тартымды көрінеді. Бір күні жас келіншек су әкелуге кетіп, сол күйі хабар-ошарсыз жоқ болады. Артынан іздеушілер із кесіп, келіншектен еш дерек болмайды. Арадан бір апта уақыт өткен соң, бір көш көрдім, көштің қоршауында жылап отырған сұлу келіншек отыр екен, — дейді сол жердің бір қойшысы. Көш Көкше жақтан келе жатқанға ұқсайды. Шынында да сұрастыра келе, бұл Дербісәлінің баласы Лайықтың көші болып шығады. Суға барған жас келіншекті көрген Лайық оның қарсылығына қарамастан күшпен қоршауға отырғызып, алып кетеді. Сөйтіп еліне барған соң бұл келіншекті өзіне некелеп, төртінші әйел етіп алады. Төребай би Байбарақ аулына қонақ болып түседі. Қонақ болғанда бұл жолы ол бір даудың жайымен барады. Сондағы бір басқосу үстінде өзіне қарсы отырған қарияның жасты көзімен тіке қарай алмай, іштегі ойын жеткізе алмай отырғанын сезеді. Сөйтіп, ол ебін тауып, әлгі қарияны оңашалау жаққа шығарып алады. Қарияны сөзге тартып:

— Сіз неге жабырқаусыз, байқаймын, ішіңізде бір мұң жатқан сияқты. Айтып көріңізші, не гәп барын естиін, — дейді Төребай би.

— Айтсам былай еді, — дейді қария көз жасын сүртіп отырып.

— Әуелі өзімді таныстырайын. Мен тоқа Еламанның қызымын, туа бітті кедей жанмын. Жалғыз ұлым Мұрат та жастайынан әкесіз жетім қалды. Мына Байбарақтың малын бағатын. Ықыласы ауып, өткен жылы келінімді Жағалбайлы Дербісәлінің Лайық деген баласы осы жерден өтіп бара жатып зорлап, ұрлап алып кетті. Еліне барған соң өзіне некелеп әйел етіпті. Енді оны даулап әкелуге бұл елден барар адам болмай отыр. Оған ешкімнің батылы бармай, батылдық көрсеткен адам табылмаған соң күніміз жылаумен өтуде. Келіннен тірілей айрылған соң мен жыламай кім жылайды? Шамаң келсе, сол келінімді қайтарып әкелуге жәрдем берсеңіз дегім келіп отыр. Қарияның бұл өтініші қабыл алған Төребай би аттың беліне отырады. Сұрай-сұрай Дербәсәлінің аулына келеді. Ұзақ жол жүріп, шаршап-шалдыққан Төребай бұл ауылға кештетіп жетеді. Ауылға келген соң аз күн демалған Төребай өзін таныстырады. «Сыр бойының Шөмекей, Бозғұл, Қаратамыр, Күнтуар, Мұрат-Пішәннің Төребайы боламын.- Нағашым Жетіру Естекбайдың Бұхарбайы, — дей бергенде:

— Әә, Бұхарбай батыр жайлы естуім бар, — деген Дербісәлі сөзге мән беріңкіремей жата береді. Осы кезде Төребай:

— Жоқ іздеп келе жатыр едім, — дейді.

— Аталарым үлкен кісінің алдында байқап сөйле, сөзге қонақ бер деген еді. Анда-санда тоқтап сөйле, болмаса басыңды шайқап сөйле деген. Жоғымның ізі осы жерден табылып тұр,

осы ауылдан шығып тұр. Жалғыз атты жолаушының алдына түсіп, елпеңдеп жүгіретін жайым жоқ, — дейді.

Дербісәлі әлгі сөзді жақтырмаған кейіп танытты. Сонда Төребай би:

Жетіру бас қосқан жерде,

Дербісәліні мақтайды.

Ханзаданың баласы,

Қарашасын жақтайды.

Оу, Дәуке, өз басыңа лайы қпа?

«Қойшы мінген байталға

Қазанат шаппайды» деген қайда? — деп сөзін жалғастыра түседі.

— Сіздің Лайық деген балаңыз біздің елдің бір қойшысының әйелін зорлап алып келіп, өзіне төртінші әйел етіпті ғой. Мұнысы қиянат емес пе? Сол жесірімізді қайтарып, енді… — дегенде, Дербісәлі отырып қалыпты. Төребайға қарап:

— Ата-бабаларыңда дарынды болған-ау шамасы. Маған бала болатын жан екенсің. Маған лайықты бала бола ма деп, осы баламның атын Лайық қойып едім. Ол ойым орындалмай, атыма кір келтірді. Оған не шара? Ал енді сен Төребай десе, нағыз өзі екенсің. Сөзің де құнды болды. Сексенге келді мына атаң сөзіңе жауап айта алмай дел-сал болды ғой. Дербісәлі соңғы сөзін үш рет қайталайды. Лайықты шақырып алып, Шөмекейдің келінін отауымен, алдындағы малымен қоса еліне қайтаруға бұйрық береді. Сөйтеді де, сөздің нарқын білетін бала екенсің, -деп бір сұрақ қояды. Ол сұрағының мәтіні мынадай көрінеді:

— Ер азбай, ел азса не болады? Бұған Төребай би:

— Ер азбай, ел азса — айдын көлдің су алғаны,

Ел азбай, ер азса — зор бәйтеректің құлағаны, — деген екен.

— Мұны неге айттың? — дегенде:

— Азаматы бүтін елдің елі азбайды, орнын басатын бір туар, — депті. Сонда Дербісәлі:

— Төребайжан-ай, амалдың адамы емес, заманның адамы екенсің, менен бата алдым деп бар еліңе, дейді.

«Бақтан жарлы болсаң да, бастан жарлы болмағай», — деген батасын берген Жетірудың Жағалбайлы тайпасының биі Дербісәлі Төребай биге разы болған екен.

Азаттық болған арманы

Тәуелсіздігін мәңгілік етпек болған қай ел де өткен замандардағы өз жақсылары мен жайсаңдарын қадірлеп, қастерлейтіні заңды. Біздің де мақсатымыз осы қатардағы жат жұрттық басқыншылармен болған соғыстарда даңқы шыққан Ұлық Жолайдың 1700—1770 жылдардағы қазақ жерінің тұтастығын сақтаудағы қызметін елді ұйымдастырудағы ерен еңбегін ғылыми әдебиет пен баспасөз беттерінде жарияланған материалдар, ауыз әдебиеті мұралары, шежірелер мен ұрпақ жады арқылы айшықтау. Кеңес заманына дейінгі қазақ қоғамында билер мемелекет және сот билігін жүзеге асыратын институт болса, батырлардың елді сыртқы жаудан қорғау әрі ішкі тәртіпті сақтауда рөлі зор болғаны белгілі. Жолай Ырсымбетұлы осы шоғырдың көрінекті өкілі. Жақында ғана «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының қолдауымен жарық көрген «Қазақ ру — тайпаларының тарихы» атты серияның 13-томының 2-ші кітабында (Алматы; Алаш баспасы, 2010 ж.,14-бетте) 18-ғасырдың алғашқы ширегі мен ортасында ойрат шапқыншылығы кезінде ел басқаруға ерте араласқан би Жолайдың ұлт көшбасшылары арасында қазақ халқын сыртқы жауға көтере білгені атап көрсетілген. Осы еңбекте мынадай деректер келтірілген: «…Жолай би мен оның баласы Кетебай би Әбілқайыр ханның замандас, үзеңгілес серігі болған. Кіші жүз ханы Әбілқайыр небір шешуі қиын мәселелер туындай қалса, Жолай Ырсымбетұлы мен Арыстанбай Айбасұлын жібереді екен…1720—1750 ж.ж. билікке араласқан Жолай бүгінде бір қауым елдің атасы аталып, есімі Шөмекей шежересінде аталық басы болып өткен…» Басына алмағайып заман туғанда қай елдің де тарих саханасына өз көшбасшысы тұлғаларын шығаратыны заңды құбылыс. Тектіліктің тұқым қуалайтыны тағы да рас. Жолай бітім болмысы даралығының іргетасында көрсетілген факторлар жатыр деуімізге толық негіз бар. Өйткені, оның сегізінші атасы 15 ғасырдың ортасында, Қазақ хандығын құруға ат салысқан Қаракесек «Қадірқожа». Одан Байсары, Әлім, Шөмен. Шөменнен-Шөмекей. Шөмекейден Бозғұл. Олар Ақпазар 1538—1580 ж.ж. және Шығай 1580—1582 ж.ж. хандардың заманында өмір сүрген. Бозғұлдан Келдібай батырдың тіршілігі Тәуекел 1582—1598 ж. ж. Есім 1598—1628 ж.ж. хандар кезімен тұспа-тұс. Ол Жем өзенінің бойын, Аралдың солтүстік және батыс беткейлерін, Сырдың төменгі ағысынан Қаратаудың батысына дейінгі аралықты қазақ хандығына қосу ісіне қатысқан атақты тұлға. Оның баласы Сөйін салқам Жәңгір тұсында «1628—1652.» бүкіл Шөмекейге билігін жүргізген әруақты кісі болған. Ол туралы; «Сөйін азбай ел азбайды, жусан азбай жер азбайды» деген қанатты сөздер халық арасында әлі ұмтыла қойған жоқ. Сөйіннің бірге туған інілері Қожагелді мен Келменбет төл тарихымызда ізі қалған белгілі тұлғалар. Еділ бойындағы қалмақтармен болған ұрыста астында сарықасқа аты бар Келменбет алынбастай көрінген жау қамалына бірінші болып басып кіреді. Осынау теңдессіз ерлік үлгісіне тәнті болған хан жас батырға тұтқынға түскен қалмақ ханының қызын, уәзірінің қызын және уәзірідің жас әйелін сыйға беріпті. Өз кезегінде Келменбет ата жолын ұстап олжаның қадірлісін ағаларына тарту еткен. (Ханның қызын Сөйінге, уәзірдің қызын

Қожагелдіге, уәзірдің тоқалын өзіне қалдырған Сөйін өзіне тиген ханның қызын еліне қашып кетпеуі үшін аяғын кісендеп ұстаған. Қошқаралы, Қасай, Дөсек атты ұлдарын бірінен соң бірін дүниеге әкелген анамыз төртіншісі Бекетті босанғанда еріне:

— Осы баламды өз еліме барып босанамын ба деп едім, бойымдағы асылым түсті, еліне аға халқына пана болатын баламның аты Бекет болсын енді бекідім кісеніңді ал, -деген екен.

Тәуке ханның замандасы 5000 жылқы өргізген Бекет мырзалығымен ел арасында даңқы тарап «қарақұрым Бекет» атанған. Сырдың дүлділ ақыны Тұрымбет Салқынбайұлының Шығармалары. «Сырдария кітапханасы.-Астана; Фолиант, 2009.-79-86 б» Бекеттің үшінші әйелі Қыздарбикеден Ырсымбет пен Серім туады. Ырсымбет танымал би болған кісі. Сыр сүлейі Шегебай Бектасұлының да Алмас биге айтқан толғауындағы «Шығармалары.» (Сырдария кітапханасы.- Астана; Фолиант, 2009.-147 бетте)

Бегіліңіз Ырсымбеттен бері қарай

Тапжылмай жеті атаға келіп тұрған,

деген жолдар Ырсымбеттен басталған билік дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жеткенінің жарқын дәлелі іспетті. Ырсымбет биден; Кеген, Бекбауыл, Жәнібек, «Бұқа» Шыбынтай, Жолай тарайды. Жолайдың өмір және қайраткерлік жолын үлкен екі кезеңге топтастыруға болады. Біріншісі-Әбілқайыр ханның қасындағы кезең, екіншісі- Жошыдан тараған Жәдік сұлтанның ұрпағы Батыр сұлтанмен одақтастығы. Кезеңдердің аралық межесі-1730 жылдардың басы. Қолдағы бар мәліметтерді саралағанда байқағанымыз онымен мемелекеттік билікке араласқан ірі рубасы әрі әскербасы ретінде ханмен де, сұлтандармен де санасқандығында. Бірінші кезең. Жоғарылардың 18-ғасырлардың басында Қазақ хандығын басып алу үшін бірнеше дүркін жорық жасағанын білмейтін адам кемде-кем. Осының салдарынан болған (Ақтабан шұбырынды» кезінде өріс- қоныстан қысылып, барар жер, басар тауы қалмаған қазақтарды Орта Азия хандықтарына ауып барып, олардан да теперіш көргені тарихи шындық. Осынау халық басына түскен талайды тағдыр мен қиын қыстау кезеңде бүгінде ұлтымыздың мақтанышына айналып отырған көптеген қолбасшылар, би-батырлар, көсемдер шығып, ел тағдырына бетбұрыс әкелгені басы ашық мәселе. Сұрапыл соғыс қимылдары барысында көптеген қазақ ұлдары сияқты Жолайдың да батырлық даңқы шыққаны нақты жайт. Жеңісті соғыс қимылдарының хронологиясы төменгедідей; 1727 жылы қазақ жасақтары Ұлытау өңірінде Бұланты өзені маңайында жоңғар әскерлеріне күйрете соққы берген, сонан жеңіске жетеді. Кіші жүз қазақтары еліміздің Батысы және Солтүстік- батысындағы Жем, Жайық, Елек, Ор, Ойыл өзендерінің алқабындағы ата-мекендеріне қайта қоныстануы аталған жеңістің нәтежесі. Осы ұлы көшті басқарушылардың бел ортасында Жолайдың да жүрегіне, оның елі үшін еткен ерен еңбегінің бір парасы. Әбілқайыр ханның басшылығымен, қазақ әскерлерінің 1729-жылы көктемде Балқаш көлінің оңтүстігінде (Аңырқай шайқасы», 1731 жылы Шу-Талас өңірінде қазақ әскерінің саны 70 мың болған жоңғар басқыншылырына күйрете соққы беріп, ел арасынан қуып тастауы ұлттық тарихымыздың жарқ ын беттері екені сөзсіз. Міне осы шайқастарда Жолай жасауыл әскерді кару-жарақпен, азық-түліктермен, мініс аттармен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйымдастыруда ерекше көзге түскен. Қай соғысты алсаңда бұл оңай шаруаға жатпайды. Әрине,\ Жеңіске жету алгоритмінің\ негізінің өзі осында. Екінші кезең.1731 жылы 19 ақпанында Ресей патшайымы Анна Ивановна Кіші жүзді Ресейдің қоластына алу туралы граматаға алғаш рет қол қойғанынан кейін патша әкімдігінің 1740-жылға дейін Әбілқайыр хан бастаған старшындардан оқтын-оқтын Ресейге адалдық туралы ант алып отырғанын айту ләзім. Мұны елдің еріктен айырлуы деп түсінген Әлім- Шөмен руларының басым бөлігі қолдамады әрі басым бөлігі қазақ жеріне бекініс салу арқылы дендеп енген отарлаушыларға ашық қарсы шықты. Ант беру рәсімдеріне қатысқандар арасында Жолай бастаған Бозғұл ұрпақтарының да ешқашан болмауы осының бір дәлелі. Олардың Ресейге бағынбау саясатын ұстанған Батыр сұлтанға қарайтын Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы жерлерге қоныс аударуы сол кездегі саяси ахуалды шиеленістіргені өмір шындығы. Бозғұлдарға қатысты орын алған ұқсас жағдайдың бірі Қазақстанның халық жазушысы Ә. Кекілбаевтың «Елең- алаң/ романында» Алматы; Өлке,1999-т.5—220 бетте\ шынайы суреттелген. Жолай би ортақ жаға күресте әрдайым Әбілқайыр туының астынан табылған. Ханның балалары Нұралы, Ералы сұлтандардың қалмақ, хиуа, қарақалпақ жорықтарынан да тыс қалмаған. Патша үкіметінің Нұралыны хан етіп бекітуіне Кіші жүздің Шекті-Кішкене, Төртқара, Қарасақал, Бозғұл ру- тайпаларының басшылары Батыр сұлтанды өздеріне хан сайлап алады. Жолай 1748 жылғы15-ші қазанында өткен осы рәсімді ұйымдастырушылардың бірі «/Казахско-русские отнашения в 16—18 веках (Алма-Ата: КазССР, 1961.-143 бетте).

Бұлар Ресеймен ешқандай қарым-қатынас жасамаған. Батыр сұлтанның басшылығымен жоңғар-қалмақтармен, Хиуа, Түркмен, Иран, Ресей әскерлерімен қақтығыс, ұрыстарға қолбасшылық дарыны кемелденген Жолайдың да белсене атсалысқаны еш күмәнсіз. Би әрі батыр Жолайдың 12 баласы болған. Олардың арасында Кетебай билік беделімен, Еншібай асқан дәулетімен, Мырзабай батырлығымен ерекше көзге түскен Толыбеков. С. «Общественно-экономический строй казахов 17—19 веках». -Алма-Ата, 1959.-212 бетте (Еншібай мен Мырзабай тетелес»1760—1765 аралығында дүниеге келген), Жолайдың ұлдарының ішіндегі жасы кішілері. Жолай балаларынан шыққан ұрпақтар арасынан билер: Таңат, Өтетілеу, Пірәлі, Алмас, Әбдірейім, Дабыл; Батырлар; Қожеке, Сопақ, Арғынбай, Түбекбай, Алдамқұл, Ысқақ; діни қайраткерлер мен ағартушылар; Ақмырза ахун, Молдашер ахун «әрі палуан», Достан сопы елге танымал тұлғалар шыққан.

Ұлық Жолайдың өмірлік идеясы- ел тәуелсіздігі. Осы жолда орыс отаршыларымен тайынбай күресуді балаларына өсиет етеді. Оның ұстанымдары мен ғибрат-өнегесі Отанын, жерін, елін шексіз сүюдің үлгісі. Жолай және оның ұрпақтары қазақ халқының құрамында Ресей экспанциясына қарсы барлық қажыр-қайраттың, күш-жігерін аяған жоқ. Әрі олар екі ғасырға 1731—1930жж созылған күрес жолында айырлып қана қоймай, соғыс, қуғын-сүргін салдарынан Ырғыз бойындағы атамекеніне ығысып, Шығыс елдерінен бір-ақ шықты. Бұл туралы соңғы кезде айтылып та, жазылып та жүр. Кеңес заманы дәуірлеген тұста Сыр өңірінде тек Жолай отбасылары тұрды. Олардың өзі ата-тегін жасыру арқалы, амалдап тіршілік еткені бүкпесіз дәйек. Қалғандары Өзбекстан жерінде, едәуір бөлегі әлемнің әр түкпірінде күн кешкені дәлелдеуді қажет етпейтін нақтылық, өйткені кеңестік кесепат пен нәубет ұлтымызға ортақ қасірет болғаны айқын нәрсе. Тәуелсіздік атты тарихи жеңісіміздің арқасында тарыдай шашылған қандастарымызды отанымызға қайтару кең етек алды. Осы орайда Жолай ұрпақтарының да еліміздің оңтүстік, солтүстік шығыс, батыс өңірлерге орныға бастағанын айта кетпекпіз. Нұрлы көш қисынды мәресіне жете бергей. Халқымыздың басына төнген нәубет-зобалаңдарымен арпалысының қай-қайсынан да Жолай және оның ұрпақтары тыс қалған емес, жат жұрттықтармен соғыс, кеңестік жүйеге қарсы тұру олардың да күрес жолы болды деп айта аламыз. Осынысы мен азаттықтың іргесін қалау, тәуелсіздіктің алғы шартын жасау ісіне өзіндік үлестерін қосқаны талассыз. Жолайда Арғынбай батыр, Қожеке, Сопақ, Түбекбай Нәзікұлы, Арыстан Ысқақұлы осы бес батыр өткені елімізге аян. Түбекбай батыр турасында. Өзі батыр, өзі дәулетті болған. Батыстағы қалмақтармен болған шайқастарда көрсеткен ерліктері үшін алтын қылыш, дегемент белбеумен марапатталған. Ол кісі Хиуада алты жылдай уәзірлік еткен. Сонымен қатар Түбекбай он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күрескен Кенесарының баласы Сыздық сұлтанның жорықтарына қатысқан. Бірде осындай бір жорықтан келе жатқанда, жарым патша Самұраттың Ырғыздағы аулынан өтіп бара жатса, келбеті келіскен бір қазақ орыстың шенді шекпенімен отырған адамды көреді. Бұл отырған Самұрат болатын. Бірақ бірін-бірі танымайды екен. Сонда Түбекбай батыр айбарланып:- Мен орыстардың тұқымын құрта алмай жүрсем бұл қайсы адам? Қазақтың төрінде орыстың шекпенін киіп отырған-жаныңның барында тез қазақша киіміңді ки деп найзасын тақапты. Самұрат сабырлық деп киімін ауыстырып қонақ асын беріп Түбекбаймен танысып шығарып салыпты. Қонақтар кеткенсоң ауыл азаматтары сұрапты. Бұл кім деген батыр дегенде, -сендер нені білесіңдер, бұлардың келешектегі саяасаты қазақ ешкімге тәуелді болмау, өзінше дербес мемелекет болыу үшін күресіп жүр, бұлардың саясаты дұрыс деген екен. Одан кейін бізің Бекет аталығынан, туысымыз болады. Кезінде Дүр Оңғар ақын:

«Тұр екен тойханада іс басқарып, Түбекбай, Аман, Алмас, Батыр досым», — деп жырлаған. Түбекбай батыр турасында Базар жыраудың айтқаны:

Ер сүрер Түбекбайдай толық туған

Туғаннан адамдақтың жолын қуған.

Қыры бір, сыры сегіз нағыз гөзал

Айламен айдахардың аузын бұзған.

Қақтырмаы қанаттыға құмай торы

Күлте жал күміс құйрық нағыз будан

Заманға Көрғұлы десе болады

О жалған, қамал бұзып ұлы дудан

Сыртынан Бұхараның тидіңіздер

Сауытты тоғыз қабат кидіңіздер

Алтыннан киіп, жібектен астар салып

Ұлықтан іс көрсетіп, имам алдың

Үстінен қарап тұрдың діндарлардың

Ақырып Кермене, Дұзақ, Қалқанды алдың

Басшылығын әр қаланың арқандадың

Бас қосып Сыдық сынды Сұлтанменен

Әруағың көтерілді көкке шырқап

Ысқақ Қызылқұм өңірінде «Хан шолақ-деген атақ алған. «Ол көп сөйлемейтін, аз сөйлесе де саз сөйлеп, кесіп айтатын батыр адам болған. «Хан шолақ» аталуының себебі, бір қолынан бір қолы туа қысқалау екен. Жарлы кісілер Ысқақты паналайтын болған. Қыс айында Қызылқұмда қыстап, жазда Сыр бойын жайлайды. Бұл кісі Самарқанд, Бұхараның тәжік, өзбектеріне де беделді болған. Ысқақ Перовск совдепінің төреағасы И. Гержодттың бұйрығымен нақақтан қамалған. Сыр сүлейі Шораяқтың Омары Ысқақтың досы болған. Бірде кененттен Ысқақтың екі баласы қайтыс болғанда Омардың көңілқосы.

Сөз жаздым жаныбыңа батыр Ысқақ,

Шықсын деп ішкі дертің сыртқа тыстап.

Айтуға арымасын арнай барып

Бізде де жатыр мейман кетпей қыстап

Ойласаң өз басыңнан әрі қарай

Құдірет көрсетпеген кімге қыспақ

Патшалық пәрменінен паш теуге

Жіберген ауыт- ауыт ұстай-ұстай

Жалғанда сәулетің артық сәрқардарсың

Көндірген неше шахар неше қыстақ

Сүлеймен Дәуіт ұлы даңқы бәлжу

Әлемге сұлтан еді сондай сұсты-ақ

Қызық күн қылапатынан қыры қашып

Бір жұтым қара суға болған мұсылбек

Кәнизак үш жүз алпыс халалынан

Секілді көрген перзент жұрты пұшпақ

Оратта пайғамбардың сынған тісі

Мәлігүннің тиіп тасы ұрған нұсқан

Жәнәділ Ибрахимдей жалғыз ұлын

Ертерек еткен өлім жанын ұшпақ

Аңлатып әр жерлерден еттім тымсыл

Бұрынғы күйінде жоқ біздің шкап.

Налытып нар болғанмен жүк артыпты

Жүгіңді шамадан тыс нық артыпты

Шықпайтын айыр қосспақ алып қырға

Ыңғайсыз иығына тіке артыпты

Қараңдар қайта түрлі ақуалана

Өзіңнің егең тағы кім артыпты

Жұртындай жазғы тұрғы көшкен елдің

Құбарып кеулің дертпен мұнартыпты

Алдырған қысқа күнде қырық алтайы

Қыранын сіздей нешеу жоғалтыпты

Әлплан деген күні хахтың өзі

Орнында талай ойран оңалтыпты

Шүкір деп батыр Ысқақ көтер басты

Жеңіңді оң жағыңнан оралтыпты

Әрқашан арылмаған замандасым

Артық еді бірер жылдық бізден жасың

Пәлен бар пәлен жерде дегенменен

Қатардан үздік оқшау туған басың

Алаштың атын білер азаматын

Тартуға бауырыңа бар құлашың

Біз түгел халық қуанды ғайыпана

Дегенде тұғырыңа қонды лашын

Өмірің жиендердің ұзақ қылып

Келтіргей енді тәңірі іс ыңғайын

Кетеден үзіп-жұлып алып тұрса

Сұлу ат сұрамай-ақ сүйер асын

Өзіңе оны көрер өмір берсе

Қызықты онан бөтен не қыласың

— Отаншылдық ділін ұрпақ бойына сіңіріп, қайта түлетіу ұлы дамуының басты стратегиясы десек қателеспейміз. Отаншылдық дәстүрі жоқ елдің болашағы қашан да бұлыңғыр. Ата-баба мұраты-тәуелсіздікті мәңгілік ету бүгінгі Қазақ елі азаматтарының абройлы міндеті, оны ұрпақтарға мирас ету әрбіріміздің қасиетті парызымыз.

Өзекті өртеген өкініш

Осы өтіп жатқан күндер қиыннан гөрі құйынға ұқсап бара ма қалай?! Алымды, жалынды деген жастардың өзін ұйтқытып ала жөнеледі де, ұйықтата салады. Көріп отырып көзің күйеді. Өмірімен де өнермен де жаңа сипатта танылған Әнуарбек. Бердәләұлы ақын секілді айбозым қазасы төңірегінде ойлағанда тағдыр бізге артықша талантты көпсінетіндей көрінеді. Орны толмастың ізбасар жұбанышын жұртымыздан ғана күрсіне күтеміз. -Я ақын Әнуарбек өмір жолдары, тағдыры осылай басталған еді. Тауелібайға белгілі Бердәлі бар болғаны 47-жыл өмір сүрген. Осы қысқаша өмірінде қанша жыр-дастан жазғаны елімізге белгілі. Ендігі негізгі кейіпкер-«Әке көрген оқ жонар» — дегендей, әкесінің қаламын қолына алған ақын Әнуарбкетің өкінішті, өксікті өмірінен үзінді жайлы:

Болсақ тағы біздер алтау-сыңармын,

Жүрек тоқтап, мен де бір күн тынармын.

Айтылмаған әкем сөзі, рухы,

Қолдап мені өлмей жүрген шығармын, -деп жазған ақын Әнуарбекте 62-жасында өмірден ұрпақсыз өтті. Әлі есімде,1960 жылдары Жолайтөбеге Бердәлі ақынның үйі көшіп келді. Ол кезде бала Әнуарбек сыйдиған арық, бойшаң бала болып өсіп келе жатқан. Балалық шағын осы төбеде өткізді. Жігіттік дәуірінде өзінің теңі Ақсұлу атты сүйгеніне қосылып, той-думаны өтті.

Дүние қисық жол ғой бұраңдаған,

Жігіттен бақыт тайса, құралмаған.

Күніне 99 қорлық көрсең-дағы,

Сонда да күдеріңді үзбе, бір Алладан, -демекші, бала ақын кенеттен, нахақтан 8-жылға абақтыға жабылды. Сот залында Әнуарбекке соңғы сөз берілгенде ақын жан-жағына телміре қарап, халықтан жәрдем күткендей; «Халқым -ау, қазағым, ақиқат қайда, әділдік қайда? Аққа құдай жақ деген мақал қайда? — деп шыңғырған даусы құлағымнан кетпейді». Ақиқатында парақордың заманы еді. Әттең, есіл ердің жанарынан жас айналып түрмеге кетті. Туған жиенім болғансоң ізінен іздеп үш рет бардым. Түрмеде өткізіп жатқан күндерін баяндағанда адам жаны түршігеді. Сотт тап жаңылыс үкім шығарып қойғандай көріне береді деп әңгімесін бастады. Қателескендерін түсініп, ісімді қайта қарар, бостандыққа шығарып, кешірім сұрар деп күттім. Өз тағдырым ойыншыққа айналар деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Кейін іштегі қысастық пен қапа-қасіретті шігіне жетіп, енді шындап құритынын көзі жеткенде барып тал қариаудың қажеттігін түсіндім. Тіршілікке қайта жармасудың жалғыз жолы қалған еді. Ол кәдімгі қара жұмыс. Арада 8 жыл өткен соң, түрмеден шаршап, денсаулықтан айырлып зорға елге оралды. Әйелінен айырылып жүрген сыңай білдірген соң, екеуміз жұбайы Ақсұлуға барып өткен өмірінің барлық шындығын жайып тастады. Сөйтіп екеуі қайтадан бас қосты. Бірақ ұзамай ажырасып кетті. Әнуарбектің бірақ қолындағы қаламы ширатылмаса, тозбаған. «Күйінгеннен кү шығат» дегендей, өлеңдері өте әсерлі. Бірде аулымызда той болып, қолына домбыра алып, үш қатар мен естімеген өлеңді айтып берді. Мен де шыдамай, не деген өлең? — дегенімде, жымиып, бұл өлең емес нағашыларымды жақсы көргендіктен, ұмытылмас силығым «Жолай төбе» дастаны дүниеге енді келіп жатыр. Кейін толық болған соң өзім айтып беремін, -деді. Арада бірер жыл өткен соң үйге келді. Үйде Ләтекең, Алауов. Аналбек тағы басқалар болатын. Әнекең қолына домбыраны алып;

— Кеше осы дастанды жазып бітірдім, -деп «Жолай төбе» дастанын жырлап болғанда,

ғалым Аналбек ағамыз шыдамай;

— Ойпырмай, мына жиен қайтеді-ай, әкесі Бердәліден өткісі келіп жұлқынып тұрғой, -дегенде, жұрт ду күліп жіберді. Расында өте тамаша жазылғаны көрініп тұр. Дегенмен әкеден өтіу шарт емес, әкеге ұқсағанға не жетсін. Қайран Өмірзақ ақынның өлеңінен сусындаған Әнуарбек ақын да Өмекеңе еліктейтін. Бірде көп ұзамай Әнекең маған келіп;

— Нағашым маған жәрдемің керек. Баяағы мен сотталғанда өтірік куә болған, адамға және прокрорға жолықтыр дегені. Себебі еш жадымнан кетпейтіндей жүрегіме мөр бастығой, ұйқым келмей жүр дегені. Сонымен екеуміз өтірік куагер түйе ауылындағы Төлеңкіт түйекешке келіп;

— Сен неге өтірік куагер болдың? Менің жалындаған жастық өмірімді, бүкіл тағдырымды, ар-намысымды нақақтан таптадың? -деп еңірегенде, мен де еріксіз көзіме жас алдым. Түйекеште сес жоқ. Екінші қаралаушыға да бетіне айтты, үшінші нағыз айыпкерді таба алмадық. Пайдасы не, олардың есегі судан өтіп кеткен еді. Сонан маған аманат айтты; «Осы үш опасыздың өмірінің ақыры не болады? Мен көп ұзамай өмірден өтемін», -дегені. Ақиқатында ақын «ақ сандығы ашылмай» ұрпақсыз өмірден өтті. Шындық жазылмай, тақырып тартымды болмайды. Таба емес тоба, қазіргі таңда қаралаушы өзінің жазасын екі есе алуда, көзі көрмей жалғыз қалды. Ал қалған екеуі адам есебінде сүлдесі жүр.

Ақтау туралы толғау.

«Адамзат баласы Жер атты көгілдір кеңістікте өсіп-өнді, жетілді, жетілгенімен қоймай оның табиғи игіліктің қорқаулықпен рәсуа етіп, осы асыл мекенді кез-келген уақытта қара күйедей кеулеп, құртып, жібере алады», -деп жазып еді атақты жазушы Ғабит Мүсірепов өзінің естеліктерінде: «Ең соңғы тірлік тау етектерінде, қалың орманда ғана қалады. Жер өмірін тексеріп жүрген дүниежүзі ғалымдарының әзірше жұқалай ескертіп жүрген тірлік қауыптерінің түрі осыған соғатын сияқты», — деп еді. Әсілі осы сөздер расқа айналатын тәрізді. Өйткені, жыл сайын құлдырап бара жатқан әлемнің, әсіресе, өзіміздің Ақтау, шала жансар Арал жағдайлары өкінішті жағдайда. Осы жағдайды ескеріп жерлес ақынымыз осы турасында, яғыни өмірінің соңында шығарған өлеңін оқиық.

Таулар толғауы Б. Әнуарбек

Күлімдеген сұлу ай нұрын шашып,

Әне шықты жұлдыздар жымыңдасып.

Тілін таппай таулардың тұрғанымда,

Түн жамылды қояар деп сырымды ашып.

Таптым тілін таулардың тебіренді,

Қарауытып тұлғасы түн реңді.

Ай нұрына малынып, тылсым түнде,

Сонда таулар былай деп күңіренді;

Мөлдір бұлақ,

Былдырлап құлап,

Ұшты-күйлі жоқ болды.

Ақ маралым, боп жаралы,

Көбіне ажал оқ болды.

Бөктерлеп жүріп,

Шөп теріп жүрер.

Жоғалды бөкен, киік те,

Құз қияалап, шыңға ұялап,

Қыран жоқ ұшқан биікте.

Құландар қайда, бұландар қайда,

Жүруші еді мекендеп.

Жер ауыпты, деп қауыпті,

Жайсыз бізге екен деп.

Ай мүйіздім, құла дүздің,

Сәні емес пе арқары?

Қайда жайран, далам қайран,

Күнә емес пе артары.

Сыбырлап ақты,

Сайхун, Жайхун дария,

Тармақтап суын.

Жұтатты нуын,

Жер жүзіне жария.

Балығы тулап,

Құстары шулап.

Жататын шалқар Аралың,

Шаңқытып тұзды, дерттерді тізді.

Бұл күнде Арал жаралы,

Таулар жатыр, тыңдап жатыр.

Табиғиттың тынысын,

Таулар жатыр, сұлап жатыр.

Жатқан жері жайсыз боп,

Құлап жатыр, жылап жатыр.

Әжім беті айғыз боп,

Үнсіз қалды, тілсіз қалды.

Өкпеледі- ау тау маған,

Тіршілікте тіршілікке.

Ренжіп қарттай аумаған…

Жыр анасы

Ақын әр кез толғатып, жыр санасы,

Айтылмаған, тоқыған жыр жаңасы.

Ой, қиялды әлдилеген тербетіп,

Тебіреңген ақын-жырдың анасы.

Көз ілмейді кей кездері түн қатып,

Түн ұйқысын төрт бөлетін сәбиін,

Ақын қалай өбектемес, тіл қатып.

Ой, қиялда сөз дүрмегі таласып,

Тұрса ақын қалай шықпас таңасып?

Соны білем, күндіз, тін бе ақындар,

Уақытпенен отырмайды санасып

Зәм-зәм суын сөзден іздеп сусыған.

Тентектерді тілмен тежеп тұсаған

Өнер тілі бір-біріне ұқсамас,

Өмірлері ақындардың ұқсаған.

Жәлмен ақсақалдың әңгімесі.

Біздер Жәкеңмен көп жыл көрші отырдық. Оқығаны болмасада, көкірегіне тоқығаны болатын көне көз қария әңгімешіл еді. Бірде әңгіменің ретінде туған жиені Тоқа Бердәлі туралы әңгіме айтты.-Ашаршылық уақыты Кенимехтың базарына барсам бір ер жігіт менің көзіме ыстық басылады. Шаш, сақал-мұрт өсінкі. Қасынан өтіп кетіп, сыртынан қарап, шыдамай шырамытып қасына бардым;

— Ай, сен бала кімнің баласысың? -дедім.

— Немене қызыңды айттырайын деп бе едің? -деді. Тіпте мені менсінбей, көкірегі таудай.

— Жоқ, менің Бердәлі деген жиенім бар еді, соған ұқсатып тұрғаным дегенімде орнынан

қарғып тұрып, -Кешіресіз Жәлмен нағашым екенсің деп менімен көрісіп жылағаны.

Сонан менің қолымда тұрды. Бердәлінің мінезі менің бабам Маңдайға ұқсайтын.

Расында Бекең отырған жерде менің Маңдай жыным бар деп отыратын. Ал Маңдай қандай адам болған?. Ілгеріде Маңдай Сыр елінен Өзбекстанның Көнтайға жақын Төбелік деген жерге көшіп келіп, көп ұзамай ауырып жатып қалады. Маңдайдың жағдайы төмендеп күзетте жатқанда, ауыл ақсақалдары;

— Маңдай аға төріңізден гөріңіз жақын, олай-былай бола қалсаңыз сізді қай жерге жерлейік? -десе.

— Мен өлсем Сыр елінің Қуаңдарияға апарып жерлейсің депті. Халық сасып қалады.

— Маңдай аға, қазір шілде айы, жер алыс, осы төбелікке жерлесек қалай болады? -депті.

Сонда Маңдай айқайлапты;

— Мен айтпаймын, айтсам қайтпаймын. Мені Сыр еліне апарып жерлейсіңдер, егер мені осы Төбелікке жерлесеңдер, Төбеліктеріңді, тып-типыл қылып тегістеймін депті. Жәкең әңгіме айтқан сайын қыза тісті. Алдындағы ағарғаннан ұрттап қойып әңгімесін жалғастыды. Қазақ хандығының қалыптасқан дәстүріне қарамастан халықты біріктіріуде, азаттық үшін күресте, дербес мемелекет құруда орасан зор еңбек сіңірген Абылайды «1711—1781» бүкіл Қазақ ордасының билеушісі ретінде қасиетті Түркістанда ел болып ақ киізге көтеріп хан сайлаған. Абылай ел билеуде қажетті жаңа заңдылықтардың жобасын жасап, бұрынғы хандардың даналықтарын жалғастырған. Ханның ақылды кеңесшісі, қабырғалы биі Бұхар жырау Қалқаманұлының «Алтын тақтың үстінде үш жүздің басын құрады. Жетім менен жесірге ешбір жамандық қылмадың» деп жырлауы шындыққа негізделген. Ел аузында «Абылай түс көріпті. Оны Бұхар ағаға жорытыпты» деген аңыз бар. Осы тұста Абылайдың бүкіл қазақ даласына хан сайланатыны, оның күрес жолдары, үрім-бұтағы, яғыни бар өмірі баяндалған. Сондағы Бұхардың түс жоруы былай екен.

— Түнде түс көрдім, -дейді Абылай, — табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдахар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір үрім-бұтағым маған құран оқып отыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдахарға кезек қарап, мыналардан қалай құтыламын деп жанталасудамын. Осы түсімді жорып берші, Бұхар аға! -дейді қатты толқыу үстінде отырған хан. Бұхар тұнжырап отырады.

— Сөйлеңіз, көмекей әулие, -дейді Абылай.

— Қырыққа келмей табытта жатсаң-өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, үш бірдей топ таласып жатса, тағыңа ие болғанмен, халқыңа ие бола алмайды екенсің. Сен өлген күні үшеуі үш жаққа бытырап кетеді екен. Табытта жатып екі бүйрегіңдегі арыстан мен айдахардан қалай қашып құтыламын дегенің -еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемелекетке жалтақтаумен өтеді екенсің. Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, -Уәлидің ұрпағынан тараған бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан шыққан бір ұрпағың атын майданда қалдырады екен, -депті.

— Сонда мен өзім қайда қаламын? -депті Абылай. Оған жырау;

— Басыңда үш жалау босқа тігілді ме? ісіңді ел ұнатса, үш жүздің жүрегінде қаласың, -деген екен. Қасымнан шыққан бір ұрпағы Кенесары Наурызбай екені көрініп-ақ тұр. Жәкең маңдай терін сүртіп, алдындағы шайдан ішіп әңгімесін жалғастырды. Ілгеріде Сырдарияның бір сағасы Қуаңдариясының бойында Шөмекей тайпасының Бозғұл аталығынан Андағұл Балқы руының шаңырағы бұзылмай түгел отырған кезі екен. Сол ауылдың өрісте жүрген түйелерін, бақташы түйекештерді қорқытып Сарықасқа аталығынан шыққан батыр, балуан Зархұн деген кісі тапа –талтүсте он екі бас нармаяны алып кетеді. Отарлап және келелеп бағылып жатқан ұзақ қыстау өрістен Зархұн түйелерін алып кеткеннен кейін, түйекештер ертеңіне ауылға хабар жеткізеді. Андағұлдың батыр-балуан жігіттері түгелінен атқа мініп Зархұнды қуып кетеді. Солардың ішінде Тікқолтық Тәжібай деген балуан жігіт ат таппай қалып жарап тұрған бураны мініп қуады. Тәжібай өте ірі жігіт екен. Киіз үйдің ішінде түрегеліп тұрғанда басы алты қанат киіз үйдң күлдіреушіне тиіп тұрады екен. Кеткеніне екі күн болған Зархұнға жетемін деп аттарына қамшы басқан жігіттердің аттары шаршап, болдырып жолда қала береді. Ал Тәжібай мінген бура шаршауды білмей ілгері қарай ұмтыла береді. Бура мінген Тәжібай ұзақта түйелерді жетектеп бара жатқан Зархұнның қарасын көреді. Тәжібай Зархұнға бір өзі баруға жүрексініп артына жалтақтап қарай беріпті. Ал астына мінген жараған бура өзінің келесіндегеі түйелерді көріп, бидасын жұлқи тартып ілгері ұмтыла түседі. Тәжібай бураның бидасын кейін тартқанмен, бура бас бермей, ілгері қарай желе береді. Нармаяларды жетектеп бара жатқан Зархұнға жақындай түседі. Зарзұнның аттың үстінде отырған сойталдай пормын көріп, Тәжібай ілгері баруға қорқып, бурадан өзін-өзі жерге тастайды. Сонымен жараған бура жетекте бара жатқан келесіне қосылып кете барады. Он екеіні алып қайтамыз деген Андағұлдар он үшінші етіп бураны да қосып беріп жіберегн екен деп Жәлмен ақсақал аяқтады. Содан кейін бір отырыспада көптің көзінше Молдабекұлы Тұржан ағай Андағұлдан шыққан батырларды мақтан етіп отырғанда, Қызтуған ағай Жәлмен ағаң олай деген жоқ, былый деген деп айтқанда Төкең ашуланып ертесіне Жәлмен ағасына барып, ондай сөзді неге Қызтуғанға айттың деп ренжіген екен.

Сұңғыла сөздің сұлтаны

Халыққа айтқан бір ауыз сөзім ем,

От басына айтқан мың ауыз сөзім кем…

Ләтіп қожа.

Ләтекең отырған жерде неше түрлі өсиетті, тәрбие алатындай мағыналы тамаша әңгімелерді айтқанда талайды тамсандыратын. Осы кісіден әңгіме айтыу тәсілдерін үйрендім. Енді осы кісінің бірер әңгімесін жаза кетейін. Ілгеріде Маханбетияр қожа яғыни ағамыз екеуміз Сыр еліндегі Бәйіш қожаның үйіне қыдырып барғанбыз деп әңгімесін бастады Ләтекең. Біздердің келгенімізге риза болып Бәйіш ағамыз мәз болыуда. Мал сойылып жақсы жайсаңдар жиналып үлкен мүшайра болды. Бірде көпшілік ортасында енді шешіліп әңгіме бастағанымда үйге Бәйекең кіріп келгені. Мен әңгімені тоғардым. Сонан Бәйекең әңгімені сайрап кетті. Үйге Махаң қожа кіріп келгені, Бәйекең әңгімесін тоғарды. Сонан соң бір әңгімені Махаң бастады халық тым-тырыс ұйыда да қалды. Ертесіне тағы бір жерде бас қосыу кезінде бір қария маған сұрақ қойды;

— Ләтеке кеше сіз әңгіме бастағанда Бәйекең келгенде сіз әңгімені тоғардыңыз, сонан Бәйекең әңгіме бастағанда Махаң кіріп келді, ол кезде Бәйекең тоғарды мұнда не сыр бар? -дегенде.

— Алымның алдында аузыңды тый, деген мақал бар. Ол екі кісі менің ұстазым ғой. Менің білген әңгімелерім олардың алдында дорба қалта ғой. Бәйіштің білетін әңгімесі қалтаға сияды. Махаңның әңгімесі қанарға сияды, сондықтан олардың алдында сабырлық етіу қажет деген екен. Тағы бірде ілгеріде Сыр елінде Үйленгеніне екі-үш күн болған шофер жігітті түнде жас жұбайының қасына жатайын деп қисайғанда, ферма меңгерушісі шақырып (Мына қонақты Тағай деген құдыққа апарып таста) депті. Лаж жоқ сонымен қонақты мінгізіп алады да, қонақты жақтырмағандығын машинадан алатындай аудара жаздап жүйіткітіп келеді. Бұл шофердің кеше үйленгенінен қабары бар қонақ ақын екен шыдамай шоферге қарап:

— Абайла балам абайла,

Алыс емес Тағайда.

Томашадай томпиып,

Өліп жатыу оңай ма?

Мезгілінде бармасаң,

Келін сені сабай ма? -депті. Мұны есіткен жігіт кешірім сұрап газден аяғын алған екен. Ләтекең демалып әңгімесін жалғастырды. 1942 жылдың қоңыр күз айы, жол жүріп екі таудың ортасындағы Дербіс ауылына келдім. Аттан түсіп шеткі үйге сәлем беріп кірдім. Төрде келбеті келіскен сақалы омырауына түскен қарияның қолынан алып қасына отырдым. Қолындағы құран кітабын жоғарыға қойып менімен танысты. Бұл кісі төлеңкіт Тоқпан деген кісі екен. Шайланып, тамақтанып болғансоң сұрақ бердім,

— Ақсақал ескіше сауатыңыз бар екен. Мына немістер соғыс ашып қырып келеді, бұның ізі не болар екен, неміс жеңеме? — әлде біздер жеңемізбе? -дегенімде қария ойланып отырып әңгімесін бастады; — Біздерде жазықсыздан қаншама адам өлді, жетім бала жесір әйелдердің көз жасын бұл құдай көрер дедіде; Халық құдайдың бір аты дейдіғой;

— А, Ләтіпжан, құран кітапта бұл соғыс жөнінде еш нәрсе жазбаған. Бірақ құран кітапта кімдікі әділ болса, сол жеңіске жетеді біздер жеңіп шығамыз себеб біздердікі әділдік жолында, бірақ ол жіңісті сендер көресіңдер, деп негізделген әңгімесін бастады. Құран кітаптың бір жерінде мынадай деп бастаған екен. Ілгеріде бір үлкен қаланың патшасы қайтыс болып, соған патша сайлау болат дегенді есітіп бір мүсапір жолға шығыпты. Жолда бір үйге келіп тамақтан соң үй егесі сұрақ беріпті;

— А, Қонағым жол болсын қайда барасың? — депті жолаушы патша сайлауына баратқанын айтып келіп, — сізде менімен бірге сайлауға жүр деп ұсыныс айтады. Ол патша сайлауда биік мұнарадан патшаның бақыт құсы бар, соны ұшырады, кімнің басына қонса сол патша болады деп, үй егесін көндіріп екеуі ертеңіне жолға шығады. Жолда келе жатып үй егесі мүсәпірге сұрақ қойады;

— Әй, Мүсәпір егер басыңа бақыт құсы қонып патша болсаң не істер едің? -депті.

— Егер мен патша болсам, халықты қырамын, екі аяғын бір етікке тығамын депті. Мәсәпір сұрақ қойыпты үй егесіне;

— Сенің басыңа бақыт құсы қонып патша болсаң не істер едің? -депті;

— Мен патша болсам халықты тойғызып, қой үстінде бозторғай жұмыртқалар заман туғызар едім деп жауап қайтарыпты. Сонымен бұлар екеуі қалаға келсе халық көп ығы-жығы халықтың ортасына кіріп кетеді. Айтқандай биік мұнарадан бақыт құсын ұшырыпты. Бақыт құсы ұшып біраз қалықтап шүйіліп келіп мүсапырдың басына қонады. Халық жүгіріп келіп кімнің басына қонды? -деп келсе мүсәпірдің басында бақыт құсы қонып тұр. Халық шулап, — мынаума бізге патша болатын, бұл жүрген мүсәпір, бақыт құсының басы айналып қалған, қайтадан ұшырымыз деп шешімге келеді. Себеб бұл жерде мен патша болам деп жүргендер көп. Сонымен екінші рет бақыт құсын ұшырады. Тағыда құс ұшып келіп екінші рет тағыда мүсәпірдің басына қонады. Халық шулап келіп қараса тағы мүсәпірдің басындағы бақыт құсын көреді. Халық тағы шулап бұл бәлені зынданға тастап қайтадан бақыт құсын ұшырады. Бұл жолы құс біразға дейін қалқып ақыры сонша адамның басына қонбай зынданның төбесіне қонады. Халық тұнжырап енді не болсада осы адамды патша сайлайық, себеб үш рет басына қондығой деп, зынданнан шығарып, жуындырып, патшаны киіндіріп, тамақтандырып таққа отырғызады. Патша таққа отырған бойдан халқына;

— Ал халқым мен патшамын ба? -депті. Халық шулайды сіз патшасың. Олай болса мен үкімімді жүргіземін. Сендерге үш тапсырмам бар, орындасаңдар жақсы, орындамасаңдар шеттеріңнен қырамын. Бірінші тапсырма, анау тұрған арша дарақ үш күннің ішінде қурау керек, егер қурамаса шеттеріңне қырамын деп үкімін бастайды. Халық әбіржи бастайды бір күн өтеді, бірақ арша дарақ қурайтын емес. Бұл дарақ қандайда құдайдың құдіретімен қурау керек. Патшаның айтқан үш күні де жақындайды бір уақытта арша дарақ, өзінен, өзі қурай бастайды. Халық шулап жүгіріп патшаға келеді.

— Тақсыр дарақ қурады дегенде. Патша екінші тапсырманы тапсырады;

— Екінші тапсырма, сол арша дарақ үш күннің ішінде қайтадан көгеретін болсын дейді. Халыққа собалаң туады, үш күн жылап өздірі зорға дарақты қуратып еді, енді тағы үш күн срок беріп отыр. Қаладағы барлық адам жиналып арша дарағының жанында, үш күнге жақындағанда, дарақ өзінен, өзі көгере бастайды. Халық тағы патшаға қабарлайды.

Патша дарақты көріп, екіші тапсырмадан өттіңдер, енді үшінші тапсырма өте қиын. Осы үлкен қалада менң бір досым бар, атын затын айтпаймын, соны таппай басқа адам әкелсеңдер, онда шеттеріңнен қырамын деп тағы үкімін айтады. Халықтың жылығанына күні-түні алты күн болды, енді тағы үш күн беріп отыр. Сонымен бұлардың жылағанына тоғыз күндей болып қалады. Дегенмен «халық құдайдың бір аты» -дегендей барлығы отырып маслихаттасып. Бұл патша бұрын соңды бұл қалаға келмеген, бұның досы кім болды екен? -дегенді орталарынан біреуі, осы біздердің жылағанымызға тоғыз күн болды. Ал әнебір адам тоғыз күннен бері күліп жүр, неге біздермен бірге жыламайды, осы патшаның досы шығар деп патшаға апарады. Расында досы осы еді, күлетін себебі мына досым патша болдыда айтқанын істеді деп күліп жүреді екен кешегі үй егесі. Патша халқына;

— Сендер бұзық халық едіңдер, мен бұны бұрын білетін едім. Бұзық болмасаңдар мені неге зынданға тастадыңдар? — Менің күнәм жоқ, жазықсыздан мені зынданға тастадыңдар. Егер менің кінәм болса, көзімше айтыңдар менің күнәм жоққой деді. Сендер құдайларыңды ұмытып едіңдер, тоғыз күн жылағансоң таубаға келдіңдер, енді дүзелдіңдер. Мына досым екеуміз осы қалаға келе жатқанда маған сұрақ қойған. Егер сен патша болсаң халыққа не істер едің деп? — мен жауап қайтардым; егерде мен патша болсам халықты қырамын дегенмін. Себеб сендердің бұзықтарыңды бұрында білетінмін. Сосын мен сұрақ қойдым мына досыма; -Сен патша болсаң не істер едің дегенімде; -парақатшылық, қой үстінде боз торғай жұмырытқалар заман туғызам деп маған уәде берді, ендігі патшаларың осы достым болат деп, досын патша етіп өзі жоқ болып кеткен екен. Бұл қыдыр ата екен, көрдің бе Ләтіпжан? — Құдайдың құдіретін арша дарақты солдырды, қайтадан көгертті, халықтың көз жасын көрді. Сол айтқандай біздің елде жетім бала жесір әйел демекші, солардың көз жасын жаратыуш көреді. Біз негізі жеңіске жетеміз, бірақ ол жеңісті сендер көресіңдер, мен көре алмаймын деп әңгімесін Тоқпан ақсақал аяақтады. Біздер жеңіске жеттік, расында мың тоғыз қырық төртінші жылы айтқанындай Дербіс құдығында Тоқпан ақсақал қайтыс болды. Шындығында әдепкі соғыс басталғанда еш бір адамның ойында біздер жеңіске жететінімізді білмейтін.

Әңгіме қыза түсті, шамалы дем алыстан соң Ләтекең әңгімесін сабақтады. Ілгеріде бір шалдың жалғыз баласы үйленіпті. Үйленген бала азып кеткенін әкесі сезіп, баласына;

— Балам үйленеміндеп, сенің құлағыңнан күн көрінетіндей жағдайға түсіпсің, сондықтан сен нағашыңның аулына барып дем алып қайт депті. Бұл әңгімені жаңа түскен келіні есітіп қойыпты. Сонымен мауқы басылмаған баласы нағашысының үйіне кеткен. Бұның кеткенін жас келін жақтырмай жүреді. Бір күні шал келінімен мал қорасына барса серкесі құлап жатқанын көріпті. Шал айқайлап- келінау мына серкеге не болды? -деп сұрапты. Сонда келіні ойланбай;

— Ата соны білмей тұрсызба? -бұл серкеде азып кеткен мұны да нағашысына жіберіу керек, құлағынан күн көрініп тұрғой депті. Сонда шал әңгімеге түсініп баласын нағашысынан алдыртқан екен. Сол кездердегі келіндер аталы сөзді жалтармай қалай айтатына таң қаласың.

Момыш баласы Бауыржанға соғысқа бара жатқанда берген батасы:

Ақ жүрек болып жолдасың,

Адалдық сені қолдасын.

Жақсылық үшін тірессең,

Жаныңды арың қорғасын.

Арынды болсын шабысың,

Алымды болсын табысың.

Найзадай болсын намысың,

Ер жігітке бәрі сын.

Қиындық көрсең мұқалма,

Ауырлық көрсең жұқарма,

Қамқоршы, бол кішіге

Үлкендерді үлгі тұт алға.

Бауыржанның батасы

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң. Бауыржан Момышұлын Бішкек қаласына әскери қызметке жібереді. Бірде өзінің туған жері Жуалы ауданында төрт-бес күн болады. Батыр ағмыздың жанына облыстың, ауданның жауапты қызметкерлер еріп жүреді. Ауыл ақсақалдары мен бірге жақсы сөзге жаны құмар жастар да Баукеңніңәңгімесін тыңдайды. Сапарының соңында Баукең жалғыз баласы соғыста қаза болған қасіретті қарияның бірінен дәм-тұз татып, жолға шықпақшы болады. Көпшілік астан кейін Баукеңнен бата сұрапты:

— Тілегімізді қабыл ет,

Иманымызды кәміл ет.

Дозақтағы оттан сақта,

Қаңғырған оқтан сақта.

Парақор соттан сақта,

Ынтымақсыз туыстан сақта.

Қара жүрек батылдан сақта.

Қайрымсыз жақыннаң сақта.

Қате ісіне қынжылмас,

Көк долы қатыннан сақта.

Халықты зәбірлеген бастықтан сақта,

Зиянсыз жала жабатын,

Қанқұйлы қастықтан сақта.

Сырты сұлу, іші кір,

Қадір білмес пасықтан сақта.

Кісі ақылымен жүретін,

Танымы жоқ жасықтан сақта.

Несібе кесер кесірден сақта,

Некесіз бала табатын,

Жолы лас жесірден сақта,

Кеудесін керген келіннен сақта,

Мезгілсіз келген өлімнен сақта.

Татымсыз тұздан сақта,

Ұятсыз қыздан сақта.

Жалқау бала намыссыз,

Ожданы жоқ ұлдан сақта.

Түнере атқан таңнан сақта,

Жаңбыры жоқ шаңнан сақта.

Өлгеніне бата жоқ,

Сөздерінде бәтуа жоқ.

Құр айқай, шат-шәлекей,

Даңнан сақта.

Иә жаратушы жасаған,

Өмір берсең жайлығып бер,

Дәулеті мен байлығын бер.

Қарияларды сыпайы ғып бер,

Ағаларды райлы ғып бер.

Жеңгейлерді шырайлы ғып бер,

Апаларды мейірлі ғып бер.

Жезделерді зейінді ғып бер.

Құдаларды мерейлі қып бер.

Құдағайларды кең пейілді ғып бер

Қарындасты көрікті ғып бер,

Әйелдерді ақ некелі ғып бер.

Баланы қаны толық шекелі ғып бер,

Жиендерді жетелі ғып бер,

Күйеулерді көселі ғып бер.

Екі айтпайтын еселі ғып бер.

Келіндерді келісті етіп бер,

Қыздарды бақытымен,

Ұрпағы кіл өрісті ғып бер.

Аттарды желісті қып бер,

Ағаштарды жемісті қып бер.

Төскейде төл көбейсін,

Жайқалтып дала егісті ғып бер.

Дәні толық өністі ғып бер.

Ұрпақтарды намысты ғып бер,

Жомарт болсаң жасаған,

Айтқанымның барлығын,

Бірлігімен баянын,

Ағайынды ақаусыз,

Өнегелі өмірмен,

Тату-тәтті табысты ғып бер.

Сөздің сәні мақал

Мақалдардың бұрмасы жоқ, тауып айтқанына таң қаласың. Отырыспада отырғанда естімеген мақалдар айтылса түртіп алатыным бар еді. Сол мақалдарды сүзіп алып кітап оқырмандарға ұсынамын.

1 Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы.

2 Кесір жігіт несібеден айрылады, кеңпейіл жігітке несібенің өзі қайрылады.

3.Жас кезімде қызмет несие, қартайғанда несібе.

4.Ақиқатты аттауға болмайды.

5.Заңсыз елден зар кетпес.

6.Судағыны балық көреді, балықты халық көреді.

7.Ақсұңқар жемді шашып жиді, қара құс қанатының астына басып жиді.

8.Берген асың түске жетпес, еткен еңбек естен кетпес.

9. Адамды бұзатын соғыс пен мансап.

10.Ауылдас болсаң қоғам бол, бірің оған болсаң бірің бұған бол.

11.Баласы арақ ішсе, анасы у ішеді.

12.Малсыз қазақ болса да, әнсіз қазақ болмаған, қоссыз қазақ болса да, доссыз қазақ болмаған.

13.Әйел- еркек намысының қорғаны.

14.Таңғы ұйқы несібеден айырады.

15.Жақсылыққа жақсылық жасай алар әр кісі. Жамандыққа жақсылық жасай алар нар кісі.

16.Қайғының емшісі уақыт.

17.Ел мінін түзетмін деген әкім әуелі өз мінін түзетсін, болмаса қисық көлеңкені түзетемін дегенг ұқсайды.

18. Өзің би болмасаң да, би түсетін үй бол.

19.Сөзі құнсыз адамның өзі құнсыз.

20.Жақсы бала есіктегі әкесін төрге сүйреді. Жаман бала төрдегі әкесін көрге сүйрейді.

21.Өзіңді көркейтетін де, еңкитетін де өзің.

22.Өлім-ақылы толмаған баланы да, ақылы асқан дананы да аямайды.

23.Абайға тиген арам қамшы арсыз қазақтың қолында шошаңдап әлі жүр.

24.Аталы сөзді арсыз тыңдамас.

25.Иманы кеткеннің жиғаны кетеді.

26. Есті кісі ерегіспейді, көпшіл кісі бөлек ішпейді.

27.Тіл адамды өлтіреді, тіл адамның қасірет қайғысын кетіреді.

28. Ер кісінің ашуы түске дейін, әйелдің ашуы кешке дейін.

29.Әр миманның өз несібесі бар. Құдай оның ырыздығын миман келместен қырық күн бұрын шашады.

30.Әйел ашуланса жеңіледі, күлсе жеңеді.

31.Інгенімді іздеймін деп, мінгенімнен айрылдым.

32.Қашқан қоян жатқан қоянды алып кетеді.

33.Сөйлете алмас қаламды қолыңа алма.

34.Жақсы атаның әруағы

40-жыл сүйер.

35.Ардақты қартқа қолыңды бер, ақылды жасқа жолыңды бер.

36. Қонаққа тамағыңды емес, қабағыңды бер.

37.Мата жинама, бата жинаңдар.

38.Әйелі жаман үйден жұрт қашады. Ұлы жаман үйден құт қашады.

39.Өсиетке терең бол, өсек сөзге керең бол.

40.Қадірлі кісі қартаймайды.

41. Дана- дананы туған ана.

42.Балаң жақсы болса жердің үсті жақсы, балаң жаман болса жердің асты жақсы.

43. Қатының жақсы болса, жұмақ үйіңде, жаман болса тозақ үйіңде.

44.Жақсы әйел, өміріңді ұзартады, жаман әйел үстіңе тұз артады.

45.Жазуы жаманға қытай қаламы да көмектеспейді.

46.Алтын артқан есектің шықпайтын шыңы жоқ.

47.Өзгенің көлеңкесінде тұрғанның өз көлеңкесі болмайды.

48.Қазаққа арма десең, насыбайың барма дейді.

49. Жақсы қасиет нағашыдан жұғады.

50.Жақсы сөз жан азығы, жақсы сөзге сараң болма.

51.Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа.

52.Баласыз үйде бақыт болмайды.

53.Ер кісі үйдің егесі, әйел үйдің шегесі.

54.Әр қасіреттің соңында қуаныш бар.

55.Су бермеске сүт бер.

56.Есті сөзді, есте ұста.

57.Кітап көптің ұстазы.

58.Досыңды өкпелетсең-дұшпаныңды қуантқаның.

59. Ағада ілтипат жүрмеген жерде, ініде ізет жүрмейді.

60.Ағайында өкпе бар, кек жоқ.

61.Тай өссе- ат тынығады. Ұл өссе- әке тынығады.

62.Тегіңді біліу тектілік.

63. Құдайдан қорықпағаннан қорық.

64.Өмір қарызға берілген нәрсе, қарызды қайтаруды ұмытпа.

65. Дінді ұстаған мемелекет құт береке болады.

66.Мұғалім мектептің жүрегі.

67.Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді.

68.Шақырусыз тойға барғанша, таяқ алда қойға бар.

69.Мұрын жоқ болса, екі көз бірін-бірін шұқиды.

70. Сараң-пайғамбардың жиені болса да пейішке бармайды. Жомарт құлдың баласы болсада пейішке барады.

71. Жақсы атағың алдыңда жүреді. Жаман атағың артыңда жүреді.

72.Сөйін азбай ел азбайды, жусан азбай жер тозбайды.

73.Жиған дүние таусылады, қалмайды. Жазылған сөз кең дүниені шарлайды.

74.Еркектің қайламен бұза алмағанын, әйел айламен алады.

75.Күн шықса –жайлау жадырайды. Кітап оқысаң-жаның жадырайды. Монғол мәтелі.

76.Жұмыс істемейтін еркектен, жатып алып жұмыртқа туатын тауық артық.

77.Бергеннің беделі өседі,

Алғанның жүгі ауырлай түседі.

78. Ақиқат та адам таңдайды. Ол күштінің жағында әрқашан

79.Атасыз үй-батасыз,

Анасыз үй-панасыз.

80.Қайрымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің.

81.Қайырымды жүрек қартаймайды.

82.Туысы бірдің-уысы бір.

Данышпандар не дейді?

1.Ей, ақыл-парасатты, зейін-зерделі зерек кісі. Еш уақытта дүние-дәулетті сүйе көрме,

көп бәлеге тап боласың. Ж. Баласұғниден

2.Мұралардың ең қымбаттысы-сөз. Сөз күн шалмас қараңғы көңілді шалады. Күн жылытпас суық көңілді жылатады. Асыл адам да, нәрсе де тозады. Асыл сөз мәңгі жасайды. Ә. Науаи

3.Мұғалім-ізгілік пен ағарту жолындағы шамшырақ.

4.Өзі өмірді анық біліп, өзгелерге жөн сілтеп, қараңғыны жарық, бұлдырды ашық көрсете алмаған ақын, ақын емес.

5.Батыр ақын болмаса, батырлыққа мін емес.

Ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес.

Ө. Қожамұратов

6.Ей, адамдар, ойламайсың, О, тоба,

Сағат сайын жақындайсың, молаға.

Топырақпен жаппай тұрып жүзіңді,

Жер бетіне қалдыр соқпақ ізіңді.

7.Ажал жүр сенің соңыңда,

Қойшы қойды баққандай.

Шап ете түсер бір күні,

Аяғыңа түскен қақпандай. Майлы Қожа

8.Адамның күн шуақ жақтарына көңіл бөлмей, көлеңке жағына көбірек көз салатынымыз бар. Майлы қожа.

9.Шындығы бар елді мекен ет. Әл Фарабиден

10.Ұлы адамдар кедей отбасынан тәрбиеленеді.

11.Өнер –білім өрге сүйрейді, өнерсіздер өз-өзінен күйрейді. Ө. Қожамұратов

12.Адам елеусіз тозаң сияқты із- түзсіз құрып кету үшін тумайды. Адам артында із қалдыру үшін туады. Украйн. ұстазы. В. А. Сухомлинский.

13.Біреуге біреу еш бір жақсылықты, көпсінбейтін күн қашан келер екен. М. Әуезов

14.Даңқ жолы гүлмен көмкерілген, шын даңқ өлгеннен соң басталады.

15.Барлық достарымнан пайдаланамын, дұшпандарымды одан да көбірек пайдаланам,

өйткені жаман істерімді достарым жасырады, жақсылығымды асырады. Сондықтан

да өз кемшілігімді білмей қалам. Дұшпандарым дұшпан болғандықтан, айып істерімді

жасырмай айтады, ал мен болсам, сол кемшілігімді тез жою үшін әрекет жасаймын. Іскендір. Зулқарнайыннан.

16.Өміріңде қанша дүние жинасаң да уақытында ішіп жегенің сенікі, ал қалғаны кісілердікі. Ибн. Сина

17.Өзің жайында жақсы айтсаң, оған сенетіндер қашанда аз, ал өзің туралы жаман сөз айтсаң, құлай сенетіндер қашанда көп. Монтень

18.Жігіт елінде патша, жер жаханды шарласаңда ата мекеніңді ұмытпа. Адам айдаса барма дәм айдаса қалма.

19.Әдебиет әлемінде өлім деген болмайды. Марқұмдардың өздері де біздің ісімізге тынымсыз араласып, бізбен бірге тірі адамдардай тіршілік әрекет қимыл жасайды. Гоголь

20.Жамандықтан жиренсең, жақсылықтан сүйсінсең ашыларсың жылма жыл.

21.Өткенді ұмыту-өшкендіктің белгісі. Өзгені ұлықтау өскендіктің белгісі.

22.Үйретіу-үлкеннен, үйрену –кішіден.

23.Кәрі, кәрінің сөзі дәрі. Шығыс данышпандарынан.

24.Адам-керуен, өмір жол.

Ешкімге жат із емес.

Жолмен көшкен керуеннің,

Алды арты біз емес. Дүр Оңғар

25.Талас, тартыс пенен өмір өтер,

Өнерсіз өткен өмір, кемдік етер.

Жаз айындай жайнаған жастық өтіп

Суық күздей, салқындап кәрілік жетер. Шернияз ақын

26.Байлық деген немене

Сараңдық па деп қалам.

Жайғанқолға тоқтамай,

Жұмған қолға тоқтаған.

27.Қартая білу де өнер, қазына болып қартаю бар, қазымыр болып қартаю бар.

Айтеке биден

Алты Алаштың балаларын бір шаңырақ, бір тудың астынан көре алмай бара жатырмын.

Төле биден

Мен қазақ, қырғыздың бір туғандай кезінде туылып, арасы ыдырап, бөліне бастаған тұсында дүниеден өтіп барамын. Міне ата-баба армандарын, аманатын ел басшымыз Нұрсұлтан Назарбаев орындап жатқаны белгілі.

28.Бірімізге біріміз-аз күн қонақ.

Ойлансаң, мына дүние тіпте шолақ.

Тірлікте, аз өмірде сыйласып өт,

Бүгін бар, ертең жоқ өмір сол ақ. Жиреншеден

29.-Арақ ақшаның жұты, ақымақтың құты. Ардың ажалы, ақылдың тажалы, өмірдің қырсығы, абройдың атын жығар мылтығы, төбелестің төр ағасы.

30.Заң дегеніміз-өрмекшенің торы, әлсіздер тұтылып, әлділер құтылып кетеді.

31.Шақырған жерден қалмаңдар,

Шақырмаған жерге бармаңдар.

Өзі болған жігіттің,

Аяғынан шалмаңдар.

32.Сөз бір шарап сияқты одан бастың ауруы да, жазылуы да мүмкін.

33.Жігіттің күні-шығыста. Қарттың күні-батыста, батыстағы күн тез батады.

34.Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді. Г.Н.Потанин

35.Халықтың әні кетсе, әдебиет жесір қалады, сәні кетеді, сәні кетсе жаны кетеді. С. Торайғыров

36.Білмегенді сұрап үйренген-ғалым, арланып сұрамаған-өзіне залым. Ә. Науаи

37.Надан мен қос болғанша кітаппен дос бол. Абай

38.Шешесі мақтаған қызды алма, жеңгесі мақтаған қызды ал. Жанар Айжанова

39.Жаманның көңлі көкте, жерде басы. Жамбыл

40.Нағыз қазақ бес тірегін біліу керек; -Тілін, дінін, тарихын, дәстүрін, атамекенін.

41.Перзент сүймей адамның мейрі қанбас. Шал ақын

42.Нағашыңды сыйлай біл,

Ақ сүті үшін анаңның.

Жан жарыңды сыйлай біл,

Бақыты үшін балаңның.

43.Ана бір қолымен бесікті тербетсе,

Ана бір қолымен әлемді тербетеді.

44.Бала жақсы болса ажарың, жаман болса ажалың. Баланың бары да мұң, жоғыда мұң.

45.Әрбір ақылды адамның ең соңғы байламы ислам болуы керек. Л. Толстой

46.Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Н. Назарбаев

47.Адамзат-бүгін адам, ертең топырақ

Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ,

Ертең өзің қайдасың білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойла шырақ. Абай

48.Тіл қоса алар жер мен көктің арасын.

Тіл айырар анасы мен баласын.

Тіл атақты өсірер де өшірер.

Не тапсаңда өз тіліңнен табасың.

49.Дұшпансыз ердің аты шықпас. Ж. Баласағұн

50.Тыңдап ал ескінің сөзін,

Есіңе ұста-ашылар көзің. Ж. Баласағұн

51.Одом барки одамларнинг нахшидур.

Одом барки хайвон уннан яхшидур. Ә. Науаи

52.Дүние де жүрмін деп ойлама, дүниеден өтіп барамын деп ойла. Л. Толстой.

53.Әйел сенің аспазың да күтушің,

Әйел барда жалынсың сен отсың сен.

Әйел жоқта бықсыған бір түтінсің,

Әйел-сенің ақылшың да айбарың.

Ол барында естимісің қайғы әнін.

Әйел –сенің күзетшің де, сақшың да

Әйел-сенің мерекең де мейрамың. Мұқағали Мақатаевтан

54.Құдай ау-, алдандырдың бізді жоққа,

Мұнша құмар қып қойдың дүние боққа.

Есі енбеген баладай ұмтыламыз

Жан үзіп, жанып тұрған қызыл шоққа. Мәшһүр Жүсіп

55.Тым аспандама, аспанға асыласың.

Тым төмендеме, аяққа басыларсың.

Орта бол, орта болсаң, әділ бол,

Тез күнде санатқа қосыласың.

56.Көне Египетте әкімдердің анты туралы айтылған, асыл сөздері бар.

— Мен жас сәбидің аузынан сүтін тартып алмаймын.

— Мен ағын суды бөгемеймін.

— Мен біреуді өлтіріуге бұйрық бермеймін.

— Мен біреудің көз жасына қалмаймын.

— Мен әлсіздерге қол көтермеймін.

— Мен таразыдан жемеймін. Мұсылман шариғатында да осы өсиет бар. Ендеше орнында қалар, немесе жаңадан келер әкімдер осы жолмен жүрсе ақ бақытқа шомылады. Ал, теріс кетсе, қарғыс атады.

57.Тіл қызығы сөз барда,

Гүл қызығы жаз барда,

Кезінде шалқып қалмаса,

Кәрілік деген кез болар

Тірейтін жерің құздарға

Екі айналмас бұл өмір,

Қызықтан сірә құр қалма.

57.Кемталанттар ғана үнемі бабында жүреді. С. Моэм

58.Көркемөнерге от қойушылардан гөрі өрт сөндірушілер қауіпті. Б. Бюффе

59.Жазыу өте қиын, азапты өнер. Ал жазбай қою одан да қиын, азабы сұмдық. Т. Бреза

60. «Өз күшіңе сенбесең, көтерме көптің салмағын» Майлықожа

61. «Адам бақыттың басына қонғанын білмейді, ұшқаннан соң білер…»

62.Дүниеге кісіліктен жұрдай болып келген пасық ниетті Ленин әлемдегі ең ұлы мемелекетті талқандап, бірнеше миллион адамның түбіне жетті, соған қарамастан бүкіл әлем ақылынан адасқандай жарық күнде жолынан жаңылып, ол адамзаттың жанашыры ма, жоқ па, деп айтысады. Семашканың өзі ашу үстінде- осы бір жаңа Навуходонсардың қауашағына ми емес, қоймалжың жасыл бөкпе тауыпты-деген. Ал оның үзеңгілес серіктері «Жаңа Құдай, жаңа әлемнің жаратушысы өлді» деп жазады.

И. Бунин, жазушы, Нобелъ сыйлығының лауреаты. (Ислам дінін қабылдаған.)

63.Әрбір ақылды адамның ең соңғы байламы Ислам болуы керек. Л. Толстой

64.Адам аяғының тұзағы-бала-шаға.

65.Әнге әуес, күйге құмар бала жаны сұлу, өмірге ғашық болып өседі. М. Әуезов

66.Бай әйел алған өмір бойы құл болып өтеді,

Сұлу әйел алған өмір бойы қарауыл боп өтеді. Ж. Баласағұн

67.Көңіл аудар даналардың сөзіне,

Адал жанды өнеге тұт өзіңе. Ж. Баласағұн

68.Қадірлі кісі қартаймас. Ж. Баласағұн

69.Тай өссе, -ат тынығады,

Ұл өссе, -әке тынығады. М. Қашқари

70.Жастық шақтан гөрі жас ұлғайғанда көп еңбек тындыру керек. И. Гете

71. Күлкі-күн, ол адам жүзінен қысты қуады. Күні бойы бір күле алмасаң, онда оны зая кеткен деп есепте. В. Гюго

72.Жақсы күлкі-рухани денсаулықтың сенімді белгісі, күле білетін көңілді адам-әрқашан ажарлы адам. М. Горький.

73.Маған бүтін қазақ даласы ән салып тұрғандай болып көрінеді. Г.Н.Потанин

Шаңырақ шайқалмасын десек…

Келін түсіру әр шаңырақ үшін үлкен мәртебе. «Жақсы үйге түскен келін-келін, жаман үйге түскен келін-келсап» -дейді бұрынғылар. Жақсы үй деген не? Есіктен имене аттаған ұлыңның ақ жұмыртқадай қосағын бауырына тартып, өзімсініп сөйлеп, білгенін асырып, білмегенін жасырып, үй ұстауды, тамақ пісіруді, кір жууды, қонақ күтуді, бала тәрбиелеуді рет-ретімен санасына сіңіріп, аналық махаббатына бөлесең, өз балаңнан кем емес, сырласыңа, қиналғанда мұңдасына айналады — бұл келін. Ол ғұмыры бойы сені ойлап өтеді. Ал босаға аттаған күннен бастап ысқырынып, құйған-шайын, істеген ісін, киген киімін, жүріс-тұрысын жаратпай, қабағыңмен жасқап, «Албастының апасы құсамай, тұршы былай» — деп жұрт көзінше ұялтып, балаңа айдап салып, көршілерге жамандап жатсаң — бұл келсап. Обалы өз мойнында. Келін деген — шаңырағыңның көркі. Ол — болашақ Ана. Ана деген — дүниені жадыратып тұрған жоқ па?

Қазақ жаңа түскен келіннің бетін ашады. Жаңа түскен келін беташар тойындағы жыраудың өсиет сөздеріне жақсылап назар аударып, тыңдап, одан келешекте нәтиже шығарса, ол келін әдепті болар еді. Жас келін ерте тұрып, тіршілігін істеп, ата-анасының ойынан шығып жүрсе, келген қонаққа сәлемін салып, жадырып қарсы алса, яғни «тамағыңды берме, қабағыңды бер» деген қағиданы ұстанса, ол қазақтың нағыз ибалы келіні болар еді. Әрине, жаңа түскен келінге үйдің тәшпіші оңайға түспейді. Дегенмен, өмір заңы солай. Балалық дәуірмен қоштасып, аналық дәуірге аяқ басыу да қиынға соғады. Осындай жағдайдан хабары бар енелер келінін өз баласындай, келіндері енесін анасындай сыйлап, тұрмыстың тәшпүшін бірге бөлісіп, келіндерге енелер ақылын айтып отырады. Әйтсе де, барлық жан ұяда бұндай енелер кездесе бермейді. Себебі, қартайғанда адамда үш түрлі мінез пайда болады, -дейді данышпандар: 1.Ашушақ 2. Ұмытшақ 3. Мақтаншақ.

Ашушақ дегеніміз — қартайғанда жүйке тамыры шаршайды, сондықтан ашу тез келеді екен. Ұмытшақ дегеніміз — қартайғанда мидың есте сақтау қабілеті тозады. Мақтаншақ дегеніміз — көп өмір сүргеннен соң, көргенін айтып отырса; былайғы адамдар мақтанып отыр, — дейді. Осы үш мінездің жаманы ашушақтық. Себебі ашуланған адамнан ақыл қашады. Барлық жамандық осыдан басталады. Ажырасу, бірін-бірі сыйламау және тағы басқалары. Үй болған соң сырлы аяқ сылдырламай тұрмайды. Келіндерімізге келешекте бақытты болуына септігі тие ме деген үмітпен бірер өсиетімді айтуды жөн көрдім.

1.Жаңа түскен келін үйінде, көршілер арасында, ауылында сынақта жүретінін ұмытпауы керек. Үйлену оңай болғанымен, өзге үйге үйлесу оңай емес.

2.Үйде де, түзде де қарапайым, кішіпейіл болыңдар.

3.Ашудан өздеріңді аулақ ұстаңдар. Барлық пәле осыдан.

4.Сабырлы, шүкірлі, шыдамды болғандарың абзал.

5.Келген қонаққа қара су берсең де, шын ықыласпен жадырап тұр. Себебі қырықтың бірі Қыдыр ата болуы мүмкін.

6.Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет көрсете біл.

7.Ер кісінің алдынан кесіп өтпе, келешегіңе кесірі тиюі мүмкін.

8.Ата-анаңды аялап күт. Келешекте немере сүйер ата-ана болатындарыңды естен шығарма.

Осы айтқандардан қорытынды шығарсаңдар, иншалла, бақытты жанұя боласыңдар. Бұл бес күндік жалған дүниеде нелер кездеспейді? Кейде кеше ғана үйленген жастарымыз өмірдің қиыншылығына төзбей, ажырасып жатады. Оны қалай болдырмау керек. Қария болған соң жоғарыда айтқандай, ене келініне ашумен артық айтуы да мүмкін. Әне, осы жерде келіндерімізге сабырлық керек. Екеуіңнің де анаң болған соң амалың жоқ. Мүмкін ене дұрыс немесе бұрыс айтар, бірақ ана балаларының бақыты үшін жанын беретіне шүбәм жоқ. Бұл өсиетті айтуыма негіз болып отырған ақын Қайып Айнабекұлының сөзін тыңдайық:

Безу қиын жаман деп, өзің туған шешеңнен,

Үй-тұрмысың көңілсіз қиналасың, дегенмен.

Аялап бақ қайтесің сол анадан тудың сен,

Жаман деп жақсы күтпесең, жаманат саған жамалар.

Асырап, сақтап, әлдилеп, ата-анаңды күт балалар…

Ілгеріде жаңа үйленген бір жас жұбайлар ата-енесімен келіспей, басқа жерге көшіп кетіпті. Барған жерінде олар берекесі болмай, әбден шаршайды. Сонан сол ауылда данышпан қарияға барып, жас жұбайлар ақыл сұрап:

— Әулиенің үлкені кім? Біздер зиярат етейік деп едік, — депті.

Сонда данышпан:

— Әулиенің ең үлкені ата-анаң, — деген екен.

Мұны естіген әлгі бала тәубеге келіп, барлық шындықты айтыпты. Сонда данышпан:

— Менің айтқанымды істесеңдер өз ата-аналарыңнан кешірім сұраңдар. Олар сендерді кешіреді. Уақыт-сәті келгенде, еншің мен батасын береді, сонан соң бақытты өмір сүресіңдер, -деп ақыл берген екен.

«Қарттың сөзі — қазына» — деп босқа айтылмаса керек. Қарияның айтқанындай, олар ата-анасынан кешірім сұраған соң, жұмыстары алға басып, ата-анасы күндердің бірінде балаларына еншісі мен батасын берген екен. Осы жас жұбайлар өсе келе, «Батамен ер көгерер» дегендей, бақытты, дәулетті азаматтар болыпты. Сондықтан ата-ананың қадірін білген жөн. Жас-жұбайлардың шаңырағы ешқашан шайқалмасын.

Тамдыда өскен сары бала

Жігітке, өнер де өнер, өлеңде өнер.

Жүйрік ат өрге шапса өршеленер.

Барыңда базарыңның ойна да күл.

Шырағың мың күн жанған бір күн сөнер.

Халық мақалы

Өңі — сары, көзі көк болғанымен қазаққа жаттығы жоқ, о баста «сары бала», кейіннен «сары қазақ» атанған бойынан ойы үлкен, түсі орыс, ісі мен сөзі қазақ Гладышов Саша тілдің сөлін бір қазақтай сорып, реті келсе, орып түсерліктей ой айтатын, әзілге әзілмен жауап қататын жатыпатар қағытпаның нақ өзі еді. Бірде Тамдыға баратын болып қасыма бір орыс, бір қазақ жігіттер жайғасты. Екеуі бірімен-бірі қазақша сөйлесіп арасында қазақтың мақалын айтып, сайрап келеді. Мен бұрын соңды бұл жігіттерді көрмегенмін. Сонан орыс балаға қарап ойланып тіл қаттым:

— Осы сен Сашаның баласы емессің бе? — дегенімде жымиып маған қарап:

— Дәл Сашаның баласымын, атым Гена. Сіз мені бұрын соңды көрмегенсіз, қалай танып қалғаныңызға мен таң қалып отырмын? Руыңыз не ел –деді.

— Руым Жолай, — дегенімде, жымиып:

— Онда маған қайын аға екенсіз, менің жұбайым Шобдардың қызы Қосаева, — дегені.

— Сенің әкеңмен талай тойларда дүре соқпай ойнап, кейін өнер саласында концерт қойып, жарысқа Бұхараға дейін барғанмын. Сенің әкең өзгеше өнерпаз еді. Сонан Гена маған жақындап:

— Әкем турасында әңгіме айтып беріңізші, — деді.

Балалық шақ, жас жұбайлар үйленсе, қазақтың ұлттық ойыны — дүре соқпай болатын. Өткен күнді еске алсаң, сол дәуір де өзінше ғанибет екен. Той иелері арақ беру жоғынан. Тек біреу-жарым жігіттер аздап қызып келетін. Бұл ойынның негізгі бағыты — өнерге баулу еді. Қыздар мен жігіттер өлең айтып жарысатын. Жастар жиыны қызып жатқанда Саша ағамыз да сырнайын құшақтап төрден орын алып, қазақша әндерді сырнаймен тамылжытып айтып, тыңдаушыларды еріксіз өзіне қарататын. Сашаны өсе келе қазақшалап «Сәке» дейтін едік. Орыстың қарапайым баласы бола тұрып, бізге «қазақша өлеңді олай емес, былай айтады» — дегендей жүректі елжірететін. Өнерпаз жастар сырнайдың қыр-сырын Сәкеңнен тәлім алдық. Бұл кісіге таң қалатыным; өзі сегіз қырлы, бір сырлы. Бір қырынан қарасаң, спортсмен күрес бойынша. Өзбек елінің атынан Ресейге дейін барып күресіп, жүлдегер атағын алып келген. Бір қырынан қарасаң, қазақтың сөздерін мақалдатып айтып, тапқыр ойлы сөйлейтін. Өзі темір ұстасы, әрі асқан әнші және сырнайшы. Енді Сәкеңнің өмірінен тамаша тапқырлығын айта кетейін. Бірде Тамдының орталық клубында концерт қойып жатырмыз. Саханада Әлмахан Боранов өнер көрсетуде. Әлекеңнен соң кезек — Сәкеңе. Әлекең өлеңді айтып болып, перденің тасасына келген бойдан:

— Ойбай, терлеп кеттім, — деді. Сонда Сәкең ойланбай:

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее