12+
Ел Шоңы. Шаңқай түс

Бесплатный фрагмент - Ел Шоңы. Шаңқай түс

II кітап

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее

Объем: 728 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Шоң болыс

Карбышев бірде Омбыға барғанда Павловичтің орнына отырған адамға кіріп шыққан. Ол әңгіме үстінде, «Сіз ана Жайықбаевты ренжітпеңіз» — деді. Карбышев Ыбырайдың да бұған тесік тапқанын білді. Сонау жылдары Атбасарда старшина болып істеп, орыстармен сиыспай Ақмолаға қайтып келген. Атасы Қоңырқұлжаның қарауында істеп жүрген. Атасы ауырып қалғанда біраз уақыт оның орнына дуанбасы болған. Онда Омбыда губернатор қарауында істеп жүрген Карбышевтің өзі оны атасының орнына қоюға себепкер болып еді. Өзі ояз болып келгенде де жұмысына араласып отырған. Бір аздау жанжал болып, содан Карбышев оның шын бетін біліп алған. Ол кез-келген бастықтардың басын ақшамен айналдырып алады деген Шоңның сөзіне Карбышевтің көзі енді анық жетті. Губернатордың жаңа орынбасарының да тілін тапқанын білді. Жайықбаевтың соңғы кезде айтқанын тыңдамай, өз қалауымен іс жасап жүргенін білетін. Ол мұндай еркіндікті губернатордың жаңа орынбасары арқасында алып жүргенін де біліп қалған. Карбышев оны мұндай еркіндікке жібергісі келмеді.

Карбышев сол жолы генерал-губернатордың өзіне кіріп, уездегі біраз жағдайды баян еткен. Төрелердің киргиздарға әлі де билік жүргізетінін, оларға айтқандарын жасатып, болыс сайлау тұқым қуалаушылыққа айналып кеткенін, өңкей болыстар өзі орнына, көбіне жергілікті билермен ақылдасып алып, баласын, болмаса інісін қойып, бұл жұмысты өз меншігіне айналдырып алғанын айтқан. Губернатор мұндай сөздерді басқа уездерден де естіп отырған.

Губернатор ойланып отырып: «Болыстарды ондай еркіндікке жібере берме! Онда орыс билігі азаяды. Тіліңді алмайтын болыстардың бәрін қу!» — деп тапсырған. Екеуінің де ойлары бір жерден шыққан еді сол жолы. Карбышевке губернатордың мына сөзі еркіндік, күш бергендей болды.

Ол келісімен көбіне өзінің сөзі емес, Ыбырайдың тілін алатын болыстарды өзгерте бастаған еді. Сайлауға өзі бармайтын, жергілікті билерге жаманатты болмау үшін әдейі Ыбыраймен бірге Герасимовты жіберіп, болыс етіп пәленшені, түгеншені сайлауды ашық айтатын алдында. Алайда, көбіне Ыбырайдың дегені болып келіп жүрді. Жергілікті билер көбіне соны қолдайтын. Осылайша Ыбырай болыс сайлауын өткізуді пайда табу көзіне айналдырып алған. Мұны білген Карбышевтың іші күйіп кеткендей болды. Жайықбаевтың қалтасына көп байлық түсіп жатқанын жақтырмады. Содан оны болыс сайлауынан біржола айыруды ойлады. Енді көбіне Герасимовпен бірге Ыбырайды жібермейтін болды. Жергілікті болыстарға жаманатты болмау үшін Карбышевтың өзі де бармайтын. Болыс сайлауына көбіне Герасимовпен бірге тіл алғыш заседательдерді жіберетін. Ыбырайсыз өткен алғашқы сайлаудан соң жергілікті бір болыс Ыбырайға келіп, өкпесін айтқан. Ол болса Карбышевке кіріп, ренішін білдірген еді. Содан Ыбырай мен ояз арасында біраз әңгіме болып қалған. Карбышев оған айтты:

— Бұл менің шаруам емес, генерал-губернатордың тапсырмасы. Болыс сайлауында қазақшылық көбейіп кетті. Содан кейін ол кісі осылай жасап отыр…

Ыбырай мына сөзден кейін айтары бітіп қалғандай болып, Карбышев қабинетінен шыққан еді.

Карбышевке губернатордың сөзі күш беріп, енді Герасимовты жіберіп, біраз болыстарды өзгерте бастады. Өз көңілінен шыққан адамдарды қойғызды. Өйткені, көбіне болыстарды билер қолдайтын. Содан орнына қайыра сайланатын. Мұндай болмау жағын ойластырды. Әліде өзінің орынбасары Ыбырайды жібермеуге болмайды. Амалсыз жібереді. Болыс сайлауына Жайықбаевпен бірге кетіп бара жатқан Герасимовқа жүрер алдында ұзақ ақыл айтып жіберетін. Дегенмен Ыбырайдың ықпалы әлі де бар еді. Жергілікті билер оны төре деп сыйлайтын. Сонысын ол қатты пайдаланатын. Бір кезде Қоңырқұлжамен дос болған, оны әкесіндей сыйлайтын. Оның өзі жоқ болса да, әйелі Қаниса бар, соны силап, олардың күйеу баласы бұл төрені жұмыстан қууға бара алмай жүрген еді. Сондықтан болыс сайлауына оны амалсыздан жіберетін. Параға берілген Герасимов та кейде соның ықпалында кетіп қалатын. Герасимовтың жарасы жеңіл еді, оны қызметтен айдап шығу оңай, бірақ ол жергілікті билердің мінез-кұлқын жақсы біледі, әрі қазақшаға судай ағып тұр. Сол қасиеттерін бағалайтын. Енді болыс сайлауының билігін Карбышевтың өзі қолына біржола алған соң ол Герасимовқа айтқан, сен Ыбырайдың дегеніне кете берсең қызметтен қуамын деген. Мұндай майлы жерден оның да кеткісі келмейтін. Оның айтқанын жасамаса бұл қызметтен қуылатынын Герасимов онсыз да білетін. Қарбышев осындай шаруалар жүргізіп отырып, бір күні кеңсесіне Шоңды шақырды.

Шоң кезекті жер дауынан келіп отыр еді, Карбышевтің айтқаны:

— Шоң Телқозинович, сені бір жерге болыс етіп жіберсем қалай қарайсың?

Жер мәселесі жүгірмелі жұмыс. Әрі дау-жанжал көп еді. Шоң сөзге келместен бірден келісті.

— Қайда барғың келеді?

— Жіберсеңіз, өзімнің туған жерім Қараағаш жаққа барғым келеді

— Оның дұрыс. Мен сені бүкіл Нұра бойына жібергім келіп отыр. Әр ру сұлтан кезінде өз алдына бір-бір болыс жасап алған. Оны Ыбырай жалғастырды. Соларды таратқым келеді.

— Сіз мені сонда Нұра бойындағы қай болысқа жібересіз?

— Бүкіл Нұра бойына барасың.

Шоң бір үлкен даудың күтіп тұрғанын білді. Сол күдігін жасырған жоқ, ашығын айтқан.

— Сонда соған рудың байлары мен билері көне қалады деп ойлайсыз ба?

— Сен одан корықпа. Менің айтқаным болады. Қарсы келген билердің әңгімесі менімен болады.

Содан кейін Карбышев өз жоспарын айтқан:

— Мен Нұраның ұзын бойын бір болыс жасағым келеді. Оған сен болыс боласың. Оның атын қалай атасақ екен?

Шоң отырып:

— Нұра өзені Сарыарқаның дәл төрінде жатыр. Жаңа болыстың атын «Сарыарқа» қояйық, — деді.

Карбышев «Сарыарқа» деген сөзді жақсы білетін, көңілінен шыға кетті. Содан кейін өз ойын толықтырып айтқан, «Сарыарқа» болысы мына Нұра іргесіндегі орыстардың Романовка заемкасының ар жағынан басталып, Нұраның ұзын бойымен біраз жерге барады. Басқаша айтқанда, сен өз алдына бір уезд болғалы тұрсың.

Шоңның өзіне жаны ашитын Ерназарлар отырған жерге болыс болып бару ойында болатын. Өйткені, ол жақта өзін колдаушылар көп болатынын білетін.

— Семен Иванович, сіз мені Қараағаш жаққа жіберсеңіз.

— Олай болса оны да косып ал. Бірақ мен айтып отырмын ғой, Нұраның ұзын бойына болыс боласың. Қабайдан бастап менің тілімді алмайтын болыстардың бәрін қуамын.

Шоң Карбышевтің Ыбырайдан билікті өзіне біржола осылай алуды ойлап отырғанын білді. Іштей Карбышевтың мұнысы жергілікті билер арасында шу көбейтетінін де сезіп отыр еді, бірақ қарсы сөз айтқан жоқ.

Карбышевтың пәлен болысты бір болыс етуінде бір сыр жатқанын, барлық болыстарға айтқанын жасатып, айдауында жүргізгісі келіп отырғанын сезді. Соның ішінде өзі де кетіп бара жатыр… Алайда, ояздың айтқанына қарсы шыға алмайсың. Ақыры Шоң келіскен еді.

Осы арада тағы бір қауып бар еді. Шоң анау Алтайдан тараған Қареке, Мұрат, Сармантайлар: «Телқозының мына баласы қызымызды алып қана қоймай, енді өзімізге де билік жүргізуді ойлап отыр» — деп сөз шығаратынын болжаған еді. Сол арада отырып оязға айтқан:

— Анау менің әйеліме ағайындас Сармантай, Мұрат, Карекелерді менің болысыма коспай-ақ қойсаңыз, Семен Иванович, одан біз ұтпаймыз, қайта ұтыламыз, ертеңгі күні бізге билік жүргізгісі келіп біздің күйеу бала әдейі қосып алды дейді. Мен ондай сөз естуге барғым келмей отыр.

Карбышев қазақтар жоқтан барды жасап отыратынын білетін еді. Шоңның мына айтқанына келіскен. Ағайынды үш руды өз алдына бір болыс жасауға ұйғарған еді. Оларға кім лайықты дейсіз деп сұраған.

— Қазір байлық кімде болса, сол билік құрып отыр ғой. Үш рудың арасында байлар көп. Қайсысын айтарымды білмеймін. Ол жағын өзіңіз шешіңіз, — деп, Шоң болыс болуға лайықтысын атап айтпаған еді. Карбышевті өз шешімінде қалдырғысы келген. Ертеңгі күні бұл айтқан адам көңілінен шықпаса өзіне сөз келетінін білген еді Шоң. Содан кейін ештеңе демеген.

Осы әңгімеден кейін Герасимов екеуі жол жүруге дайындалды. Шоң жүрер алдында Карбышевтен сұраған еді:

— Семен Иванович, мен мұндағы шаруамды кімге өткіземін?

Кейбір жұмыстарына көңілі толмай жүрсе де, Карбышев жер мәселесіне байланысты шаруамен Шоңның жүргенін қалайтын. Көңілінен шықпағаны — Темештерге байланысты, тағы бірді-екілі тапсырмасын өз ойлағандай орындамаған еді. Бұл кезде Темештер Қорғалжын көліне жақын жерге үлкен ауыл болып отыра бастаған. Олардың мұнысы ояздың көңілінен шықпай жүрген еді. Мұны Шоңның ақылымен жасап отырғанын сезген. Шоңды жер мәселесіне байланысты шаруадан болыстыққа ауыстырудың бір сыры да осында жатыр еді. Дегенмен, Шоңның атқарған көп істері көңілінен шығып жүретін. Сонысы үшін болыс етіп жіберуді дұрыс деп тапқан.

— Жер мәселеніне байланысты шаруаны жүргізетін басқа адамды табамын. Қажет болса, өзіңді де шақырып тұрамыз.

Қазақтар арасындағы кейбір орыстар шеше алмайтын, қазақшылығы көп дауды Шоңға қалдыруды ойлаған. Содан кейін мына сөзді айтып отыр еді. Бұл Карбышевтың көп қулықтарының бір екенін түсінген Шоң да. Осы арада Шоңның басына бір ой түсе кетті. Егер жер мәселесіне байланысты шақырып тұратын болса, онда Ақмолаға жиі келіп тұратынын білді. Өйткені, қалада тұрғанды Әйімкүл де ұнатып жүргенін сезетін. Содан кейін Шоң айтқан:

— Семен Иванович, олай болса мен осы қалада тұрып болыстықты басқара берейін…

— Шон Телкозинович, ол болмайтын шаруа. Онда басқа болыстар да қалада тұрып, сен айтқандай жасағысы келеді.

Карбышевтың мына сөзінде шындық жатқанын білді. Осы маңайдағы болыстардың бәрі де қалада отыруға құмар еді. Содан кейін қарсы сөз айтқан жоқ. Тексұрағаны:

— Сонда менің мекен жайым қай жер болады?

— Анау Қабай отырған Көбетей ауылына барып отырсайшы. Сол ара қалаға да жақын.

Ертеңгі күні мына ояз айтқан ауылға барып отырса әкесі де, басқа туысқандары да өздерінің қазақшылығына салып ренжитінін білді. Сонан кейін Шоң:

— Онда мен туған жерім Қараағашта барып отырайын.

Бұған қарсы ояз ештеңе айтқан жоқ. Бұл келісімнің белгісі еді. Кешкісін үйге келген соң барлық жаңалықты Әйімкүлге айтқан:

— Ертең елге жүреміз?

— Неменеге, бастығың айтты ма?

— Бастық та солай дейді. Оның үстіне мынау жүгірмелі жұмыс. Әбден шаршадым. Қараағашқа барып, болыс болып отырамын.

Әйімкүл қала тіршілігіне үйреніп қалған. Шоңның мына айтқанын ұнатпай отыр еді.

— Болыс болу үшін сонда тұру керек пе? Астыңызда жүйрік атыңыз бар, барып-келіп істемейсіз бе?

Шоң Әйімкүлдің қаланы қимай тұрғанын білді. Содан кейін Шоң:

— Сен осы жерде отыра бер. Мен өзім барып-келіп істеймін.

Шоңның «осында отыра бер» деген сөзі Әйімкүл көңілінен шыққан еді.

Шоң Әйімкүлді Ақмолада қалдырып, ертеңіне Герасимов екеуі жүріп кетті. Карбышев болыс сайлауына, бір даулы мәселелердің туындап қалмауын ойлап, Жайықбаев пен Герасимовтің қасына төрт-бес жауынгер ертіп жіберетін бұрын. Шоң қасына ондай адамдарды еріткісі келмеді. Қазақтар орыстың әскери кісілерін жақтырмайтын. Ояз кейбір тіл алмаған билерді Ақмоладағы түрмеге бес-алты күн жапқызып қоятын. Сондықтан да билер болыс өкілінің әскермен жүргенін жақтырмайтын. Шоң оны жақсы білетін. Елді әскермен қорқытуды лайықсыз көріп, Шоң әскер ерітуден бас тартты.

Шоңдар жолай Нұра бойына бірнеше тоқтады. Бірақ, біріне де болыс болғалы бара жатқанын айтпады. Әр рудың билеріне Қарааашқа келгеннен кейін арнайы адам жіберуді ойлаған. Герасимовпен келісіп, бұл туралы жолдағы ағайындас билердің ешқайсына айтпаған.

Ауылына келген соң, ояз болыстыққа ұсынып отырғанын әкесіне ғана айтқан. Өмірінде қазақ үшін болыстан жоғары қызмет жоқ деп санайтын Телқозы есі шыға қуанды.

Нұра бойының болысы болады. Сондықтан болыс сайлауын Шоң Нұра жағасында, Жабағылардың аулында өткізуді жоспарлап қойған іштей. Әкесі көнсе сонда көшіп барып тұру ойы болатын. Мұнда келген себебі, сол тойға соятын малдарды әкесімен келісу болатын. Өйткені, өзінде Жанкелді бабасынан қалған мал болғанымен, бәрін Телқозы билейтін. Шоң сайлауды Жабағылар ауылында өткізгісі келетінін айтқанда Телқозы қатты ашуланып қалды.

— Елдің бәрі өз аулында өткізіп жатыр, сен неге осында өткізбейсің?

— Маған қарайтын болыстың жері Нұра бойында жатыр. Бұл жақта өткізуім дұрыс болмас.

— Сонда біз кімге қараймыз?

— Менің болысыма қарайсыздар. Бірақ шалғайлау жатырсыздар ғой. Нұра бойының сөзқұмар қазақтары соны да әңгіме етеді.

— Етсе ете берсін, сенің болыстығыңа шығынды мен шығарамын. Ана Жабағылар шығарады деймісің. Жиынды осында өткіз.

Әкесінің бұл сөзі жөн екенін білген. Сайлау болған соң біраз шығын болады. Оны көтеріп алатын осында отырған туыстары. Герасимовпен ақылдасты, ол да әкесінің айтқанын қолдады. Ақыры, Шоң келіскен. Нұра бойында отырған Құлымбет, Тілендер, Жабағы, Солтан, Аққошқарларды, тағы басқа бірнеше рулардың билерін шақырды. Бұл Нұра бойында тұратын билердің көптен бері болмаған үлкен жиыны болды. Телқозы да аянып қалған жоқ. Елуден астам киіз үй тігіп билерді қарсы алды. Оларды неге шақырып жатқанын әуелінде айтпаған еді. Билер ояздың өкілі шақырып жатыр деген соң бір кісідей болып келген. Болыстар, билер жайғасқан соң Герасимов отырып сөз бастады.

— Губернатордың бұйрығы бойынша болыстар іріленіп жатыр. Осы Нұра бойындағы болыстардың бәрі бұдан былай «Сарыарқа» атанып, соған кіреді.

Бұл сөз әр-әр болысқа өздерінің тәуірлерін сайлап үйренген билердің көңілдерінен шықпады. Алайда, олар ояз өкіліне қарсы не айтарларын білмей отырып қалды.

Бекәлі кеткелі пәлен жылдан бері болыс болып әбден үйреніп алған, Айтқожа-Қарпық болысын билейтін Қабайдың есі шығып кеткендей болды. Ол Ыбырайға пара берудің арқасында Бекәлі кеткелі болыстан шықпай келе жатқан. Көп жыл болыс болғандықтан ел арасында беделі бар еді. Даусы өктем, қаттырақ шықты.

— Сендер немене, болыс сайлауды ойынға айналдырып алғансыңдар ма?

Герасимов та оған тісін басып жүр еді, өзін адамға санамайтынын Герасимов білетін, ол тұрып айтты:

— Қабай, әлі тойған жоқсың ба, сенің дем алатын уақытың болды ғой.

— Менің жұмысыма кояр қандай кінәң бар, салық жинау жоспарын артығымен орындаймын…

Ол кезде жоғары жақ салық жинауға айрықша көніл бөлетін. Сондықтан әлгі сөзді Қабай әдейі айтып тұрған.

— Саған кояр ешқандай кінәміз жоқ. Мен саған болыстар іріленіп жатқанын айтып отырмын ғой.

— Ендеше сол болысты мен басқарамын.

— Ояз оған тұратын адамды белгілеп қойған. Ол мына алдарыңда отырған Шоң Телқозин.

Бір сәт үндемей отырып қалған болыстар біріне-бірі қарап алды да, жарыса сөйлеп кетті: «Бұл жақта ел басқаратын адам жоқ па, ояз өз адамын неге жібереді?» — деген сөздер жан-жақтан жауып кетті.

— Шоң Телқозин сендерге бөтен адам емес, осы Тоқаның баласы. Сендерден артық бір қасиеті бар. Ол орысша біледі. Жоғарыдан келген бастықтармен сөйлесе алады. Сауатты. Ақыл жағынан да көбіңнен алда тұр.

Мына «ақылы да сендердің көбіңнен алда тұр» деген сөз намысына тиді ме, біреу отырып айтқан:

— Біз өз көңілімізден шыққан адамды сайлаймыз. Қанша орысша біледі деп тықпалағанымен, мұндай адамның бізге керегі жоқ.

— Мен айтып отырмын ғой, губернатордың бұйрығы бойынша болыстар ірілендіріліп жатыр. Ал оған болыс кім болатын ояз шешеді. Ол жаңа болысты басқаруға Шоң Телқозинді қалап отыр.

Қабай ғана емес, көп болыстар өз қызметінен айырылғанын білді. Мынау олар күтпеген жаналық еді. Естері шығып кеткендей болды. Жиналғандар енді ашық реніш білдіре бастады. Әсіресе, болыстықтан айрылғалы отырғандары қатты-қатты сөздер айтқан. Қазақшаға судай және қазақ мінезін жақсы білетін Герасимов орнынан тұрып айқай салды:

— Сіздер немене, губернатор бұйрығына қарсысыздар ма?!

Мынау сөз оларды біраз басып тастағандай еді. Жиналғандар бір сәт үндемей қалды. Герасимов сөзін әрі қарай жалғады:

— Ояз бұл болысқа болыс етіп Шоң Телқозинді ұсынып отыр дедім ғой. Соған дауыс бересіңдер. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ!

— Сіздер де өз қалағандарыңызды болыстыққа ұсына берініздер, — деді Шоң. Бұл сөзді жиналғандардың көніл-күйіне қарай айтып отыр еді ол. Герасимов Шоңның мынасын жақтырмай қалды, ол сөзін әрі қарай жалғады.

— Естеріңде болсын, қазір ояз ешқандай сайлаусыз-ақ губернатормен ақылдасып болысты өзі тағайындайды. Сіздердің алдарыңа ояздың өзі қалаған адамды жіберіп, ақылдасып отырғанына рахмет айтыңыздар. Түсініңіздер!

Әлгі Шоң сөзі себеп болды ма, енді мына айтқан Герасимов сөзіне мән бермей билер бірінен соң бір тұрып, өздерінін тәуірлерін атай бастады. Бәрі айтып болған соң Герасимов қайыра орнынан көтеріліп:

— Естеріңізде болсын, біз бұрынғыдай көп болыс емес, бір-ақ болыс сайлағалы жатырмыз. Сол себепті, мына адамдардың санын азайтыңыздар. Тандаған бір-ақ адамдарыңды кіргізіңіздер — деді. Герасимов бұл сөзді амалсыздан әрі қулықпен айтып отыр еді. Герасимов егер Шоңнан басқа біреуді сайлап барса, Карбышевтің күн көрсетпейтінін білді. Сонда да Шоңның мына айтқанына ешқандай амалы қалмағандықтан, еріксіз көніп отыр еді.

Герасимовтың әлгі айтқан сөзі олардың тілектерінен шықпай отырған. Ояз жіберіп отырған адамға қарсы да шыға алмады, бір жағынан. Ақыры ақылдаса келіп, елдің мықтылары төре болғандықтан, жеңсе осы жеңеді деп Қабайды қалдырды. Өйткені, орыстардың қазақтан гөрі төрелерге жақсы қарайтынын білетін. Жоғары жақтың да төрелерге көзқарасы өзгере бастағанын бұлар әлі білмейтін. Оңаша ақылдаса келіп, дауысқа түсетін Шоң мен Қабайға тоқтаған. Қанша дегенмен Қабай — төре, оның сондықтан да бұл жерде билердің арасында беделі бар еді.

Герасимов тұрып тағы қайталап айтқан:

— Болыстыққа ояз Шоңды ұсынып отыр. Соны естен шығармаңдар. Дұрысқа көшіңіздер. Оны жасамасаңыздар, басқа тәртіп болады. Осыны есте сақтаңдар.

Герасимов аузынан мына сөзді естігенде жиналғандар корқып кетті.

— Ол қандай тәртіп? — деді бір би отырып.

— Омбыдан, Ақмоладан жіберілген өкілдер басқарады.

Дуан орнына ояз басқарғаннан кейін ел арасында болыстарды да орыстар басқаратын тәрізді өсек шығып жүрген еді. Ел арасында тарай бастаған сол сөз көптен бері билердің бастарына мықтап орнап қалғандай еді.

Құлымбет руының би Лау орнынан тұрып:

— Ежелден болыс сайлауын жергілікті жердегі билер сайлайтын. Бұл әуелден келе жатқан тәртіп, қазақтың хандарын да баяғыда солай сайлаған. Заман өзгерген соң, амал өзгереді екен. Орыс жіберіп отырғанымен Шоңнан қашпаңдар. Шоң да бізге бөтен емес қой, кешегі Жанкелді бидің ұрпағы. Соны естен шығармаңдар. Сол жағын да ескеріңдер.

Қабай тұрып айтқан:

— Сендер түсініңдер, орыс ойына келгенді жасап отыр. Бұл Нұра бойында отырғандардың бәрі қазақ. Өз тәртібімізбен өткізейік. Орысша тәрбиеленген Шоңның қазаққа жаны ашымайды. Оны естеріңнен шығармандар!

Шоң осы арада шыдай алмай кетті де:

— Қара қазақтың төрелерден тауып отырған жақсылығы жоқ. Пәлен жүз жыл төрелер басқарды. Қабеке, сіз не айтып тұрсыз осы? Төрелер басқарғанда да жетіскеніміз белгілі ғой. Ақыры орыстарға тәуелді болып қалдық. Мен өзім сұранып келгем жоқ. Сол орыстар жіберіп отыр.

Лау тұрып тағы да:

— Шоң дұрыс айтады. Пәлен жүз жыл төрелер басқарды. Жеткеніміз белгілі, ең ақыры өзбектен де қалып қойдық. Қисыққа кете бермей, дұрысқа көшіңдер. Шоң орыс емес қой, кешегі арамызда өскен бала. Орысша тәрбие алды. Бұл заманда оның пайдасынан басқа зияны жоқ.

Герасимов оны қостай кетіп:

— Ол басқа заман, бұл басқа уақыт. Енді орыстардың айтқанымен жүресіздер. Турасын айтқанда, жоғары жаққа кім ұнайды, соған дауыс бересіздер. Олай болмаса оязға барып шағым жасаңдар. Ал қазір менің айтқанымды жасайсыңдар!

Дауыс беру басталды. Санап келгенде екі дауыс Шоңға артық беріліпті.

Герасимов бұған қуанып, ризашылық айтқан:

— Сіздердің Телқозинды қолдағандарыңыз үшін рахмет!

— Жаңағы сөзіңе қарағанда бәрін бүлдіріп отырған сен, Лау мырзасың, — деді Қабай.

— Иә, мен Шоңды жақтап алдым.

«Алда Телқозының баласынан көрешекті көресіңдер. Бұл орыстарға берілген адам» — Осындай сөздермен сайлау алдында Қабай біраз адамды өзіне қаратып алған. Біраз адамдардың оған дауыс беруі содан болатын. Әйтпесе, Тоқадан шыққан Шоңға бәрі дерлік дауыс беретін еді. Әлгі сөзімен Қабай біраз билерді өз жағына шығарып алғанын Лау да біліп тұр еді. Соған орай айтқан:

— Қабай, сен Қоңырқұлжа өлер алдында сайландың. Сенен көрген жақсылығымыз шамалы. Жыл сайын Ақмола базарына мыңдап мал апарып сатасың. Елден пара алдың. Іргеңде отырған менің өзімнен талай жылқы айдап алдың. Елді тонап бітірдің. Енді келіп мынадай сөз айтып тұрғаның не?

Қабайда да төрелерге тән кеуде бар еді. Ол да орнынан тұрып, Лауға біраз сөздер айтып тастады. Қабай жақтан тағы бір-екі адам сөйлей бастап еді. Герасимов өзінің мужиктігіне салып, орысшалап әлгілерді боқтап алды. Өңкей орысша білмейтін қазақтар оның сөзіне түсінген жоқ. Бірақ та ояз өкілінің қатты ашуланып қалғанын сезді де, бәрі де жым болды. Бұл келісімнің белгісі еді. Бұған қарсы ешкім дау айта алмады. Герасимовтың айтқаны болды. Болыс сайлауы осылай Шоңның пайдасына шешілді.

Телқозы орынап тұрып:

— Шоңның болыс болу кұрметіне азын-аулақ той жасамақ едік, сонда болыңдар бәрің, — деді. Оның сөзін естімегендей, Қабай бастаған бір топ адам кетіп қалды. Бұлар орнынан босаған болыстар еді. Қалғандары ымырт жабылғанша тойлап, олар да кетті.

Ертеңіне Герасимов жүретін боп жатқанда Телқозы оның жетегіне күміс ертоқымды бір жүйрік атын әкеп байлаған еді. Шоң мұны көріп қатты ашуланды:

— Мынауымыз мен пара беріп сайланғандай болдым ғой. Ертеңгі күні қазірдің өзінде жанжал шығарып отырған адамдарға не айтасың?! Мына қылығыңмен мені де, өзіңді де, Герасимовты да ұятқа қалдырып отырсың.

— Бұл мына орыстың енбегіне берген сыйлығым еді…

Герасимов Шоңның талай даулы мәселелерін шешіп, ештеңе алмайтынын, тіпті елдің кигізген шапанын да кимейтінін білетін. Алғысы кеп тұрған ол әлгі Шоң сөзінен кейін алмады. Оңашада Телқозыға айтқан:

— Сіз қалаға жиі келіп тұрасыз ғой. Бір келгенде алып келерсіз.

Телқозы оның бұл сөзді әлгі Шоңға ренішіне байланысты айтып тұрғанын түсінді. Ол оның бұл айтқанына келіскен еді.

Болыс сайлауын ойлағандай өткізіп Герасимов кеткен. Ол кеткен соң Шоң әкесіне айтқан:

— Әлгінде оған күміс ертоқымды атты неге ұсындың. Олай жасап орыстарды жаман үйретесің ғой…

— Бір жылқыда тұрған не бар. Береген қол алаған болады, — деді.

Шоң әкесінің сөзінде қандай мән жатқанын түсінді. «Ертең сен де аласыңды» айтып тұрғанын ұқты.

— Мен елден бір үзік жіп алмаймын.

— Оны жасамасаң болыс болып ұзақ істей алмайсың.

— Неге олай дейсіз?

— Алмасаң сенің дұшандарың көбейеді. Сенің алмағаныңды басқаша ойлайды…

Шоң әкесінің мына айтқанында қандай мағына жатқанын түсінді. Көп тұра алмайсың деген мән жатыр еді. Шоң «алмаймынмен» бір сөзбен ғана жауап берді. Шоң жүріп кетті. Орнынан тұрып, Телқозы дауыстады:

— Қайда бара жатырсың?

— Үлкен әкемнің басына барып құран оқып қайтамын.

— Мен де сенімен бірге барып оқиын.

— Қажеті жоқ, — деді Шоң.

Телқозы баласының әлгі ояз өкіліне ат мінгізбегеніне өкініп тұрып қалды. Бұл алғашқыда ғой, кейін үйренеді деген корытындыға келген.

Екі күн өткен соң Шоңдарға жақын Айтқожа, Барғана, Сатыпалдының сорпа бетіне шығатындарын шақырған Телқозы. Олардың бәрінің жетегінде бір-бір күміс ертоқымды аттар бар еді. Шоң олардың бәрін есік алдында тұрып қарсы алған. Аттарды көріп айтқан:

— Бұл аттарды не үшін әкелдіңіздер?

— Бауырым, мынадай қуанышта бір-бір ат мінгізу міндетіміз ғой, — деді Айтқожаның тәуірі, сексенді алқымдап отырған Бектас.

— Мен болыс болмай тұрғанда неге әкелмедіңдер?

— Қатарынан озып ел билеуге шыққанда осындай ат мінгізу ежелден келе жатқан халық дәстүрі.

— Сіздер дәстүр дейсіздер, ертең біреулеріңіз мұны пара дейді. Маған көп аттың керегі жоқ, осы аттарыңның ішінен Лау әкемнің атын алайын. Маған бір ат та жетеді. Қалғанын өздеріңіз алып қайтыңыздар!

— Шоң бауырым, алып келген сыйымызды алып қайтың не? — деді Бектас.

— Елдің азып, тозуы осыдан басталады. — Шоңның бұл сөзіне көпшілігі түсінбей калды.

Телқозы келгендердің бәрін дастарханға шақырды. Ел етке тойып, қымыз ішіп болған кезде Шоң тұрып айтты:

— Менің сіздерге бір сөзім бар.

Елең ете қалып, құлақ тосқан жиналғандар.

— Осы отырған үш рудың адамдары Нұра жағасына жиналып бірнеше ауыл болып отырсыздар. — Қай жер екенін де айтқан — Құлымбеттер отырған Нұра мен Құндыздының қиылысқан жерінде. — Енді бір топтарыңыз Аққошқарлар отырған жерге барып қоныстаныңыздар, — деді.

Шоңның бұлай деуінде бір сыр бар еді — қалың қазақ жиналып отырған жерге орыстардың бармайтынына оның көзі анық жеткен. Темештер даулы жерге қоныстанған соң Елизаветовка заемкасын салудан Карбышев бас тартқан. Нұра бойында сондай тұтасып отырған үлкен ауыл ету ойы болатын Шоңның. Солай жасаса өзен бойына бір орыс келіп қоныстанбайтынына көзі жеткендей болған. Мына сөзді содан кейін айтып тұр еді ол.

Шоңның мына айтқаны елдің көңіліне қонбайтындай сөз еді. Үш рудың тәуірлері қорқып кетті. Қыбыр-сыбыр көбейді. Шоң өздері еркін отырып сөйлессін деп сыртқа шығып кеткен. Біреу отырып айтты: «Мынау ана ояздың айтқанын жасап болыс болған ғой. Расында, Қабай айтқандай, шын орыс болып кеткен шығар».

Шоң қайта кіргенде бір би отырып:

— Өзіміз де бір ауыл болып отырмыз ғой, — деді.

— Екі-үш үйден отырған ауыл болмайды, отыз, елу үйден үлкен ауыл болып отыру керек. Елдігімізді сақтап қалу үшін солай болып отырған жөн. Сіздер әлі алда болатын жағдайды түсінбейсіздер. Орыс келіп жатыр. Нұра бойындағы жақсы жерлерді алып қояды. Анау Темештердің қасына қоныстанған, мына Жабағылардың іргесіне де келіп қоныстанғанын көрдіңіздер ғой. Бұл бастамасы ғана. Әлі сан үй орыс көшіп келеді. Нұра жағасына топталып отырсаңдар кіре алмайды. Елу үйден кем болып отырмаңыздар. Олай болмаса ертең жерден айырыласыздар, елдіктен кетесіздер.

Бір би отырып:

— Шоң шырағым, Жабағылар жанына сол орыстарды әкеп қоныстандырған өзің емес пе едің?

— Ағасы, менде ешқандай билік жоқ. Ояз апарып қоныстандыр деді. Мен айтқанын жасадым. Басқа менде билік жоқ. Сізді қойса да соны жасайсыз. Басқа амал жоқ. Ертеңгі күні осылай шашырап отыра берсеңіздер тағы да көшіп келеді. Сонда нулы-сулы Нұраның жағасынан айрыласыздар.

— Сен енді болыс болдың, ана жоғарыда отырған орыстарға айтпайсың ба?

— Олар менің тілімді алмайды. Ал сіздер сол Нұра жағасына барып отырып алсаңыздар, ештеңе жасай алмайды.

— Ендеше болыс болып неге келдің?

— Болыс болғаныммен ол менің қолымнан келетін шаруа емес. Орыстарды қоныстандыруды жоғары жақ жүрізеді. Бұл менің сіздерді сақтандырғаным. Жақсы жерлерден айрылып қалмаңыздар деймін.

Шоңның бұл сөзіне ешқайсы сенбеді. Әлгі сөздің бәрін орыстар Шоңға саясатпен айтқызып отыр деп ойлады. Осыдан кейін ел көп отырмады, орындарынан тұра бастады. Сайлауда Шоңға көңілдес болып дауыс бергендердің өзі Шоңның мына сөзінен кейін бір пәленің бетін көргендей болды. Шоңның соңғы сөзіне ешқандай жауап бермей жиналғандар ауыл-ауылдарына тарап кеткен. Баласының мына сөзі Телқозыға да ұнамады. Ел түгел тарап, онаша қалған соң ол сөз бастаған болатын:

— Сенің елге әлгі айтып отырғаның не? Орыстар солай деп отыр ма?

— Ешкім маған ештеңе айтқан жоқ. Бұл менің өз ойым. Тоқалар Нұра бойында бірнеше үлкен ауыл болып отыруы керек. Орыстар екі-үш үйден отырған үйлерді ауыл демейді. Ертеңгі күні қастарына келіп он үйден, жиырма үйден қоныстанып алады да, сол жерден қуып шығады. Көптің аты көп. Үлкен ауыл болып отырсаңдар, ештеңе айта алмайды. Орыс келіп қасыңа қоныстанса тілден, салттан айрыласыңдар. Одан айрылсаңдар, елдіктен айрыласыңдар. Бәріміз орыс болып кетеміз. Малға да, тұрмысқа да жайлы Жанкелді тұқымдарынан бастап Нұра бойына көшіп барыңдар, — деді Шоң.

Мына сөзді естігенде Телқозы шошып кеткендей болған. Аузына сөз түспегендей отырып қалды да, біраздан кейін айтқан:

— Мен ата қонысымнан ешқайда кетпеймін…

— Заман соны талап етіп отыр. Көрдіңіз ғой, мына Жабағылар қасына орыстар көшіп келді. Ертеңгі күні олар үлкен ауыл болып отыру үшін ана ояз тағы әкеледі. Анау Ақмолаға да жақын, Нұра жағасына да орыстар қоныстанып жатыр. Бұл жаққа, Қараағашқа да келуі мүмкін. Мен айтқанды жасамасаңдар ертең елдіктен айрыласыңдар, соны айтып отырмын ғой, сізге. Немерелерің орыстан әйел алып, тіліңді, дініңді жоғалтып, орыс болып кетесіңдер. Сондықтан мен айтқан, қырық-елу үйден аз болмай отырыңдар. Сонда ғана елдіктеріңді сақтап қаласындар. Ру-руға бөлініп отырудың қажеті жоқ. Бүкіл Сатыбалдыға қарайтындарың бір жерге отырыңдар.

Шоңның мына сөзі Телқозының көңілінен шықпады. Анау Ақмолада отырған бастығының айтқанын жасағысы келіп отырғанын болжаған ол:

— Сен болыс болып осыны айту үшін келдің бе? Бүкіл елді үркітіп жібердің. Ертең болыс болып қалай істейсің? Бір адам сенің тіліңді алмайтын болады. Мына сөзіңмен билерді өзіңе қарсы коясың. — Ашулы Телқозы орнынан тұрып кетті. — Барсаң, сол Нұра бойына жалғыз өзің бар. Жанкелді ұрпақтары осы жерде отырады. — Ол болмастан әкесін қайта отырғызды.

— Мен айтып отырмын ғой, ең суы мол Нұра бойы. Сусыз жерде тіршілік жақсы болмайды.

— Жайылымды қайтесің?

— Орыс сусыз сенің жайылымыңа келіп таласпайды. Оларға алдымен су керек. Шаруашылығының бәрін соған реттеп жүргізеді. Бұл қасиет олардың қанында бар. Тоқалар жаппай сиғанша Нұра бойына қоныстану керек. Олай жасамасаңдар енді бір елу жылда Нұра бойында Тоқаларға жер қалмайды. Бәріне орыстар қоныстанып алады. Амалсыздан қазіргі отырған ана Құлымбет, Тілендердің өзі қырға шығып кетеді. Олар келмей тұрғанда менің айтқанымды жасаңдар!

— Сонда малды қайтеміз? — Алдында қойған сұрағын тағы қойды.

— Малды осы жерде қалдырыңдар. Бұл ара малға кең жайлау болып қалады, бұрынғыша. Ауыл Нұра бойында болуы керек. Сонда араларымызға орыстар келіп кіре алмайды. Айтып отырмын ғой, енді біраз жылдан кейін өзен бойына орыстар қаптап кетеді. Анау Жабағылардың қасына келгендер бастамасы ғана. Келешекте қазақ бір малмен өмір сүре алмайды. Мал бір жұттық ғана. Орыстар тәрізді егін егіп, огород салу керек.

— Ел дұрыс айтады, орыстарды көшіріп әкелген сенсің дейді. Бұл шындық. Енді оған көзім жетіп отыр.

— Менің қолымнан келсе, бұл жаққа бір орысты жібермес едім. Ол ана жоғарыда отырған орыстардың жасап отырғаны ғой. Біз оларға қарсы келе алмаймыз. Өйткені, біз оларға бағынышты халықпыз.

Телқозы Шоңның айтқанына сене қоймады. Іштей жалғанға болжаған еді. Әбден орысша оқып, басы айналып кеткен деген корытындыға келген-ді. Баласының мына сөзі оның көнілінен шықпады. «Анау орыс бастықтары осындай айтқанын жасағаны үшін әдейі болыс сайлап отыр ғой». Телқозы енді ашуға беріле сөйлеп кетті:

— Сен бұл шаруаны орыстарға жағыну үшін жасап отырсың ғой. Ежелден аталарымыз осылай отырған. Орыс келсе келе берсін. Бізге түк жасай алмайды. Есі дұрыс орыс біздің арамызға келіп отырмайды.

— Телқозы, есіңде болсын, атамыздың тіршілігі ертеңге келмейді. Біздің балаларымызды басқа өмір күтіп тұр. Қазірден бастап өзіміз де ыңғайлана беруіміз керек. Орыс келсе жерден ғана емес, елдіктен айрыласыздар деп отырмын ғой. Қалай түсінбейсің? — Тағы да толып жатқан дәлелдер келтірді. Телқозы баласының айтқанына мойын бұрмады. Баласының мына айтып отырғаны бос сөздей болып көрінген оған. Орысша оқудың әсері деп бағалаған. Енді осыны орысша оқытқанына өкінгендей болды. Шоң әкесіне ақыры түсіндіре алмай қойған. Басқалар түсініп, басқалар бастаса Жанкелді тұқымы да ешқайда кетпейді деген қорытындыға келген еді Шоң. Содан кейін аулында екі-үш күн болып Нұра жағасында отырған аз ауыл Жабағыларға келді. Ойы — Сегізкөңде отырған Жабағылар мен оларға іргелес отырған Елгелділерді Нұра бойына, Қожамжар қасына тарту болатын.

Бұл Жабағылардың үлкені, өз руының арасында беделі бар, өзіне таныс Кожамжардың үйіне келді. Болыс болмай тұрғанда, бір кездескенде Қожамжар қатты ашуланып сөйлеген. Алдында іргелеріне бір топ орыстарды әкеп қоныстандырғанда ауыл иесі Қожамжар үйінде жоқ еді.

Шоң келгенде Қожамжар өзінің әдетінше үй іргесінде көлеңкелеу жерде отыр екен. Шоң келіп сәлем берді. Ауыл иесі Қожамжар Шоңның болыс сайлауына қатыспаған. Шоң шақыртқан тойға да келмеген. Қожамжар қасына жайғасқасын сөз бастады.

— Қожеке, сіздің осы Нұра бойына келіп қоныстануыңыз бір көрегендік шаруа болды. Ана Сегізкөңде қалған туысқанды да көшіріп алыңыз.

— Сен, Шоң, орыстарды менің қасыма көшіріп әкеліп, оларды үркітіп жібердің. Өткен жолы сен келгенде, мен соларға барып сөйлесіп келіп едім, орыстар отырған жерге бармаймыз енді дейді олар.

— Сіз оларға Шоң көшіріп әкелді дедіңіз бе?

— Шындықты айттым, енді не деуім керек?

— Қате айтқансыз, оларды көшіріп әкелген мен емес, жоғары жақ. Ана туыстарың да көшіп келсін. Бүкіл Жабағылар бәрі осында келсін. Сонда мына іргеңде отырған орыстардың өзі көшіп кетуі мүмкін. Әйтпесе, тағы да көшіп келеді.

Қожамжар Шоңның аузынан мына сөзді естіп қорқып, бір жағынан қуанып қалды.

— Сен енді болыс болдың, сол Сегізкөңде отырған Жабағылардың арасында үгітті өзің жүргіз. Мен айта-айта шаршадым.

— Қожеке, оларға ғана емес, басқаларға да үгіт жүргіземін. Сіз де қарап отырмаңыз, ана Елгелділерді де осы жаққа қарай келуге үгіттеңіз.

Қожамжар орыстар көшіп келгелі Шоңға ренжіп жүрген. Мына туыстарды көшіріп ал деген сөзіне риза болып қалды. Әсіресе, орыстардың өздері кетеді деген сөзі көңілінен шықты. Бойына бір үміт ұялағандай. Енді басқаша сөйлеп кетті:

— Сенің болыс болғаның қиын заманға дөп келді. Жолың болсын! Бізде тілектестіктен басқа не бар…

— Қожеке, мен атқа мінгеніммен, менде билік жоқ. Бәрін анау жоғарыда отырған орыстар шешеді. Менің айтып жүргенім елге ақыл ғана. Байқаймын, Телқозыдан бастап менің тілімді ешкім алмайтын тәрізді. Жабағылар басқаларға үлгі көрсетуі керек. Анау Сегізкөңде қанша Жабағылар отыр?

— Жабағылардың негізі сонда отыр ғой әлі де.

Шоң баяғыдан естіп жүрген, Жабағылар қасында отырған Елгелділермен жерге таласып, жанжалдасып, тыныш отырмайды деген сөз құлағына әкесінен жеткен. Ақыры соған шыдай алмай мына Қожамжарға қараған бір топ Жабағылар осы жерге көшіп келгенін білетін. Қожамжар отырып сұрады:

— Ертеңгі күні тағы да осы жаққа орыстар қоныстануы мүмкін бе?

— Мүмкін. Бұл патшаның не ойлап отырғанын білуге болмайды. Тура сіздің қасыңызға келіп қоныстанбаса да, басқа руларға зияны тиетін жерге келіп орналасады. Содан дау, реніш туады. Сол жайында айтып отырмын ғой. Оған қоса анау Елгелділерді де үгіттеп, осылай қарай көшіру керек…

— Шоң бауырым, өзің не айтып отырсың? Осылай қарай солармен сиыспағандықтан келдік ғой…

— Есіңде болсын, орыстан гөрі солар жақын. Қазақ пен қазақ ренжіссе ертеңінде ұмытады. Өйткені, негізіміз бір халықпыз. Баласы Түсіп Елгелділерден қыз алып отырған. Мына сөзден кейін Қожамжар ойланып қалды да:

— Олар менің тілімді алмайды. Олар түгілі анау Сегізкөңде отырған туыстарыма айтқанымды істете алмай отырмын. Өзің айтсайшы, сен болыссың, сенің тіліңді алар.

— Мен де айтамын ғой, бірақ сіздің айтқаныңыздың да артықшылығы болмас…

Қожамжар да ертеңгі күні мына іргеге келіп қоныстанып жатқан орыстармен жандалдаса қалса көп болғанды көңілі қалайтын. «Елгелділер де келсе келсін. Бізбен құдандалы халық қой» — дегендей ыңғай танытқан сөзінде. «Мен оған қарсы емеспін» — Шоң сөзін қостай сөйлегендей еді мұнысы.

— Бірақ мен оларға сөз айтпаймын. Келемін десе өздері білсін, — деген сөзбен аяқтаған айтарын Қожамжар қарт.

Жабағылар мен Елгелділер кезінде шабындыққа, жайылымға таласып бір-біріне көңілдері қалып біткен. Қожамжардың ұнатпай сөйлеп отырғаны содан еді.

Дегенмен, бұл құдандалы рубасылардың көңілдері дұрыс екенін білетін Шоң. Кожамжардың әлгі айтқаны Шоң ойынан шыққан сөз болды. Шоң білетін, жаздың ыстық айларында Елгелділер отырған жердің оңтүстік жағындағы жердің шөбі күйіп кетіп, жаз айларында малдарын сонау Бекеш өзенінің бойына айдап, бір шеті Анарбайдың жеріне жақындап баратын. Шоң ол туралы естіген. Жақын жердегі Қараағаш жаққа Жанкелді тұқымдарымен іргелес, қоныстас отырған Аралбай, Калыбектер жібермейтін. Содан сонау терістіктегі Бекеш өзенінің бойына жаз айларында шығып кететін. Сондықтан да Елгелділердің Нұра бойына көшіп кететініне сенімді еді Шоң.

Кожамжар айтқан сөзі ойынан шығып, ертеңіне Балықтыкөл жағында отырған Елгелділер ауылына аттанды. Бұл кезде бұл атаның бетке ұстар ақсақалы Таубай қайтыс болған еді. Алдында Шоң барып балаларына көніл айтып, өзі жақсы көретін шалдың бейітінің басына құран оқып қайтқан. Шоң атының басын сол кісінің үлкен баласы Айсарының үйіне бұрды. Бұл кезде Айсарының өзі де қартайып, әкесінің жасына жақындап қалған кезі еді. Ол Шоң болыс болып сайланғанда қатыса алмаған. Сырқаттанып жүрген еді. Шоңның мына келісіне қуанып қалды.

Баяғыдан Елгелділер Жанкелді балаларымен жақсы емес еді. Сонау жылдарда бір үйір жылқыларын осы Елгелділер ұрлап алғаны туралы әкесі бұларға өкпе айтатын. Содан бері біріне-бірі қатынаспайтын. Турасын айтқанда, өш еді. Әкесі Телқозы Елгелділерді шетінен ұры дейтін. Шоң әкесінің аузынан бұл сөзді сан рет естіген. Бірде әкесіне айтқан: «Елгелді адамдарының бәрі ұры болуы мүмкін емес. Бүкіл руды олай қараламаңыз, ұят болады. Ұрыға келсек, Ерназардың арасынан да табылады». Осындай сөзді басқа адамдар жиналған жерде айтатынын Шоң ұзынқұлақтан естіген еді. Елгелділер әкесіне қатты ренжулі екенін білетін. Бірақ әкесі де өз айтқаны болмаса болмайтын нағыздың өзі еді. Анау замандағы туысқандық қатынас бұл екі ру арасында қазір жоқ. Бірімен-бірі кірбің қабақ еді. Соған қарамастан Айсары Шоңның бұл келісіне жаны қалмай қуанып, жақсы қарсы алды. Бұрынғы суып кеткен көңілді Шоңның мына келісі жылытып жібергендей еді.

Малын сойғызды. Екі-үш үйден бөлініп төбе беткейлерінде отырған Елгелділердің тәуірлерін шақырды. Ерназардан болыс болып сайланған адамды көруге шақырған соң, іргесінде отырған туыстардың бәрі келді. Он алты қанат киіз үйіне лық толып, симағандар көрші киіз үй ішіне жайғасқан еді. Жанкелді балаларымен көңілдері қаншалықты суық болса да, туысқан рудан болғандықтан туыстық жылылық бар еді іштерінде. Болыстың мына келісі соның белгісіндей көрінген. Әр тақырыпта сөз өрбіп, жақсы күйде отырды. Әлгінде басталған әңгімені Жәмкенің жақын туысы Сәтек әрі қарай жалғады.

— Шоң, міне сен болыс болып келіп отырсың. Анау Жәмке неге болыс болып келмейді?

— Жәмкенің жұмысы болыстықтан да кем емес — деп сөзін бастады. Баяғыда Жәмке оқуға кеткеннен бері туыстардың ешқайсы қатыспайтын. Бұлар оған өкпелі еді. Жәмке татардың ең сұлу қызын алып, ол бір орыспен кетіп қалған. Содан Жәмке ішкілікке берілген еді. Оның басында болған жағдайды айтады. Жәмкені ақтағандай сөйлеген еді.

— Жәмкенің осы жерден кеткеніне қанша заман болды. Біреуіңіз артынан бауырымыз бар еді деп іздеп келмедіңдер, ол соған өкпелеп келмей жүр.

— Сен оқу оқып жүргенде жыл сайын үйіңе келіп жүрдің. Ол Ақмолаға барғалы бір рет де жүзін көрсетпей кетті. Біз оған неге барамыз?!

Сәтектің бұл сөзінде жан бар еді. Шоң өзі ауылға келіп жүргенде сан рет айтқан. Жәмке келмеген. Ештеңе деп жауап бермей жүріп кететін ондайда. Шоң оның туысқандарына ренішті екенін біліп, үндемейтін. Сәтек отырып сөзін әрі қарай жалғады.

— Біз баяғыда мына Жабағылардан бір қыз алып берейік дедік. Ол келмеді. Татардан әйел алып, татар болып кеткен адамның бізге қажеті қанша?!

— Ол қазір татардан алған әйелін тастағанын айтып отырмын ғой. Қазір әйелі жоқ. Енді алып берулеріңе болады. — Шоң Жәмкеге сөз келтірмеуге тырысты. Анығында, баяғы ауыр сөзден кейін екеуінің арасында қатынас әлі күнге дейін жоқ болатын. Шоң бірнеше рет ыңғай танытқанымен, Жәмке иілмей жүрген. Содан кейін бұл да оны қинамайтын. Оның жағдайын Жәмкенің досы Герасимовтан біліп жүре беретін.

— Шоң бауырым, біз емес, ол ұмытты. Міне, сен келіп отырсың. Баяғыдан бері, сағынған болса, туған аулына келіп қайтпай ма? Ол нағыз татар болып кеткен адам ғой. Ол жайында сөзді көбейтпе. Өзің жай жүрсің бе?

— Жай жүргем жоқ, сізге сәлем беріп, ақылдасайын деп келдім — деп сөзін бастап, енді келген негізгі шаруасына көшкен еді. — Мына отырған жерлеріңіз малға жайсыз. Оңтүстіктеріңіз жартылай шөлейт жер. Малға да, өздеріңе де жайлы мына Нұра бойына көшпейсіздер ме?

— Бізді анау отырған Бекше, Жабағылар, Солтан, Аққошқарлар жуыта ма?

— Солармен бір ауыл болып отырасыңдар. Мен ол жағын келістірейін…

— Сонда біз оларға кірме болып отырамыз ба?

— Кірмелеріңіз не? Бәріңіздің негіздеріңіз бір, Тоқасыңдар ғой.

— Тоқа кім, біз кім? Шоң, олай бізді жақындатпай-ақ қой, — деді мына сөзге реніш танытқан Сәтек.

— Сіздердің жағдайларыңызға қарай айтып отырмын. Сіздер жыл сайын жаз айларында сонау Бекеш бойына жайлауға көшіп отырсыздар. Нұра бойына барсаңдар жақын болмай ма?

Айсары айтты:

— Шоң бауырым, мына айтып отырғанын ойының ба, шының ба?

— Мұндай ойын болмайды, шыным. Қазақ жеріне көптеп орыстар келіп қоныстанып жатыр. Ана Жабағылармен құдандалы, туыс адамдарсыздар. Солармен бір ауыл болып отырмайсыңдар ма?!

Мына сөзді естіп отырып, Таубайдың екінші баласы Ақсары қатты ашуланды.

— Шоң, өзің не айтып отырсың. Бұл ара жақсы болсын, жаман болсын ата қонысымыз. Бұл арада біздің аталарымыздың сүйегі жатыр. Өзің білесің, баяғыда атамыз Сатыбалды Елгелді атамызға осы жерді қоныс етіп берген. Бұл ара сонысымен ыстық. Біз бұл арадан ешқайда кетпейміз.

— Ағасы, мен оны біліп отырмын. Ол заман басқа еді. Енді, міне, орыстар келді, заман өзгеріп барады. Соны түсінулеріңіз керек. Нұра деген суы мол, маңайында шабындық көп, жақсы жер. Орыстар келмей тұрғанда сол жерге қоныстанып ал дегенім ғой. Енді біраз уақыттан кейін кеш болады. Сіздер көшіп барсаңыздар, ана қоныстанып жатқан орыстар сияқты тағы келеді. Ал олар қалың қазақ қасына жуымайды.

— Ана Жабағылармен қалай тіл табысамыз, осы жақтан бізбен ұрыссып кетті ғой.

— Олар ана орыстармен де тіл табысып отыр. Олар кім, сіздер кімсіздер…

— Біз олармен тіл табыса алмаймыз. Шоң, мынауың басы артық сөз болып кетті, — деді тағы да Сәтек сөзге араласып.

Мына сөзден кейін Шоң әңгімені қойған. Елгелдінің үлкендері біраз отырып кеткен. Ел тараған соң Айсары тағы бір әңгіменің шетін көтерді.

— Шоң бауырым, сенің ана әкең бізді ұры атап, жалпақ елге жайып жүр. Баяғыда бір үйір жылқысын біреулер ұрлап алып кеткен көрінеді. Соны бізден көріп бүкіл елге жайды. Өз туысымыз өзімізді ұры атандырды. Міне, түн жамылып отырмын ғой, Жанкелді балаларын былай қойғанда, біз исі Тоқадан мал ұрламаймыз. Жастардың ондай әдеттері бар, оны жасырмаймын. Мына жақта Қаракесектерден, онтүстіктегі Тамалардан ұрлайтынымыз рас. Өйткені, олардың өздері де ұрлайды. Содан кейін біз де қарап отырмаймыз. Ал әкеңнің Елгелділерді ұрыға қосып жүргені білместіктен болған жағдай.

— Айсеке, қазақтың бір-бірімен араздасып жүргені осы жылқы ұрлығынан. Содан шатақ шығып жатады. Одан барып ел арасындағы араздық күшейеді. Жалпы, жастарды Каракесектерден де, Тамалардан болсын жылқы ұрлаудан тиғызыңдар.

— Бұны шығарып отырған Елгелділер емес, баяғыдан дәстүрге еніп кеткен әдет. Оларда аянып жүрген жоқ. Сан жылқымызды ұрлап әкеткен. Біздікі есе қайтару болып табылады. Елгелді қойғанымен басқалар тоқтамайды.

Шоң Айсарының мына сөзін ұнатпай қалды. Бірақ үндеген жоқ. Ертеңіне Айсарыға айтқан болатын.

— Айсеке, әр атадан бір-бір адам алып біздің ауылға жүріңдер.

Айсары Шоңның мына сөзіне түсінбей қалды.

— Сенің аулыңнан не аламыз?

— Мен бабам Жанкелдіге құран оқытпақшы едім. Соның ішінде болыңыздар.

Айсары Шоңның бұл айтқанына қарсы келе алмады. Әкесі Таубайдың өмір бойы Жанкелдімен сыйласып кеткенін жақсы білетін. Ақыры Елгелдіден тараған төрт ата — Сегізбай, Төлекбай, Ізбасы, Бөлекбайдан бір топ адам атқа мінген еді. Шоңның бабам Жанкелдіге құран оқытамын дегені сылтау еді, ойы екі ру арасында көптен бері болып жүрген сөзді қойғызу болатын. Бас-аяғы жиырмаға жуық адамды алып келген. Бұлардың арасында жастары да, кәрілері де бар болатын.

Телқозы қаптап келген Елгелділерді көргенде әуеліде түкке түсінбей, қорқып та қалды. Өйткені, бұлардың: «Телқозы бізді ұры дейтін көрінеді, соны дәлелдесін!» — деп айтып жүргенін естіген біреулерден. Бір жанжалдың болатынын іші сезіп тұрғандай еді. Және мына даукес Елгелділермен сөз қозғауға ықыласы да жоқ еді. Бұлар, қанында бар ма, сөзге мықты болатын.

Телқозы Шоңнан сұрады:

— Мына қаптаған Елгелділер қайдан жүр?

— Бұл кісілер әкеміз Жанкелдіге құран оқуға келді.

Телқозы бұл Елгелілер қалай құран оқығыш болып кетті деп ойлады. Баласымен келіп отырған соң сөзді көбейтпей, үндемей қалды. Сәлден соң сыртқа шығып, бір жылқы союға нұсқау беріп, ішке қайта кірді. Елгелділерді жек көргенімен, бірақ баяғы Таубайдың Шоңға берген бір жүйрік тайына риза еді. Одан кейін мініп жүрген атын Шоңға беріп кеткеніне әлі де көңілінде ризалық бар болатын. Сол Телқозының ашуын тоқтатқандай еді. Телқозының іші ұнатпай тұрса да, баласының жаңағы сөзінен кейін бір жылқы сойылып тасталған. Дастархан басында бабасы Жанкелдіге, одан кейін қайтыс болған Зейнет, Жәметке арналып құран оқылды. Бұл бас қосуға Телқозы әдейі шақырған, қазір тірі жүрген үлкен әкесі Әнет риза болып қалды.

— Бұл Елгелділер Сатыбалды әкеміздің үлкені ғой. Бүгін сол үлкендігін жасап отыр, — деп бастап, туысқандарын мақтап бірталай жерге барды Әнет. Оған жауап етіп Айсары сөйледі:

— «Жақсының артынан жақсы туады» деген сөз рас екен, енді мына бауырымыз Шоң болыс болып отыр. Сол ұзағынан жарылқасын. «Көніл кірі айтса кетеді» дегендей, осы арада айтпаса болмайды. Мына Телқозы туысқанымыз бізді ұры дейді. Міне, қасиетті дастарханыңнан дәм татып отырмын. Сіздерден бір мал ұрласақ, не деп қарған дейсіндер…

— Айке, сіз ұрлаған жоқсыз, оны білемін, басқа Елгелділер бар емес пе? — деп Телқозы мына жақтан қосылып кетті. Айсары да жауабын тауып кетті:

— Ал осы отырғанның бәрі Елгелді, бәрімізге де тиеді. Телқозы, ондай сөзді айтпа енді, бұдан былай. Айтсаң сол адамның атын атап айт. Әйтпесе, бір руды түгел ұры дегенің ұят болады.

Айсарынын мына сөзінде жөн бар екенін сезіп, Шоң әкесіне қатты ренжіп қалды да:

— Телқозы, сен қалай сөзге түсінбейсің?! Айекең бүкіл Елгелділер атынан айтып отыр ғой. Онда сол ұрыны ұстап алсаң айыпта, әйтпесе ұят болады. Бүкіл Елгелді ұры деуің ешқандай кисынға жатпайды.

— Телқозы, сен енді сөзді көбейтпе, ұрласа да бір үйір жылқының дауы бітетін болды, — деді Әнет.

Телқозы әкесің мына сөзін онша ұнатпай тұрса да, қарсы сөз айтқан жоқ, үндемей қалды. Үлкен әкесінің сөзін Шоң жалғаған. Екі туысқан рулардың арасындағы бұрын қатынасып тұратын жолына шөп өсіп кеткендей көрінді Шоңға.

— Сол болмасың десеңіздер, жиі қатынасып тұрғаның жөн. Маған ояз бір поштабай ал деген. Сол адамды сіздің ауылдан алайын. Кімді атайсыздар?

— Шоң бауырым, сен поштабай бол десең, мен де қашпаймын, — деді Айсары ақсақал.

Ол кезде поштабай деген қазақтар арасында орыстардың келуіне байланысты аса беделді жұмыс болатын. Мына сөзді Айсары әдейі жақын ағайындарының біреуін өткізу үшін айтып отырғанын Шоң біле қалды да:

— Айсеке, сіз келіссеңіз, Елгелділердің ішінен кім поштабай болатын өзім тандап алайын, — деді.

Айсарының бұған қарсы айтар сөзі таусылып қалғандай.

— Әрине, әрине дұрыс, — деді.

Шоң көзімен отырғандарды бір шолып өтті де есікке таман отырған ақсары, он жетіге келіп қалған, қыр мұрынды, орта бойлы жігітке көзін тоқтатты.

— Мына жігіт қай атаның баласы? — деп Айсарыдан сұрады.

— Бұл жігіт Төлекбай батыр атамыздың шөбересі Жойқынбек деген азамат болады.

Шоң Жойқынбек атынан қорқып қалды да, бірақ екі сөйлеген мына Елгелділердің алдында жараспайтынын біліп, үндемей қалған. Телқозы үйі Елгелділерді қонақ етіп жіберген еді. Сол жолы Шоң Жойқынбекті аулында алып қалған. Оңаша отырып Жойқынбекпен әңгімелескен:

— Сенің атыңды неге Жойқынбек қойған?

— Айқынбектен кейін әкеміз ер бала көрмей жүріп, мен туғанда Айқынбекке ұйқастырып Жойқынбек деп қоя салған ғой. Өзіме де ұнамайды. Бірақ әкең қойған аттан қалай құтыласың?

Содан кейін Шоң тағы сұраған:

— Нешеге келдің?

— Он бестен он алтыға аяқ бастым.

Шоң жастау екен деп ойлады. Әлгі адамдардың ішінен тандап алып қалған өзі. Енді басқаны алайын десе ұят боларын түсініп, үндеген жоқ.

Шоң Күмісті шақырып алып айтқаны: «Мына жігіт бұдан былай біздің үйде тұрады. Осы үйдің бір мүшесіндей көр, тамағын уақытында беріп, киімін жуып тұрасың».

Сонау күндердің оқиғасы әлі ұмытылған жоқ еді. Күміс Шоңмен онша тіл қатыспайтын. Бірақ осы үйдің келіні есебінде айтқанын екі етпей орындайтын. Телқозының алдында Шоңның үлкен беделі барын білетін. Күміс үндемей кетіп бара жатыр еді, Шоң оның артынан дауыстап:

— Естідің бе? — деді.

— Естідім, — деп Күміс басқа тіл қатпай шығып кеткен.

Жойқынбек тұрып айтты:

— Шоңке, мен кеткенде ағам Айқынбек үйде жоқ еді. Ол кісі ар жағымыздағы Темештер ауылына кеткен. Мен соған барып айтып келейін. «Хабарсыз кетті» деп ренжіп жүрер.

Шоң осы бір ауыз сөзінен-ақ жігіттің тәртіпті екенін сезе қалды. Рұқсат берген. Жойқынбек шығып кеткеннен кейін, үйде отырған Телқозы:

— Шоң, осы Елгелді неге керек, поштабай болатын адамды өз аулымыздан да табатын едік қой, — деді.

Шоң Жойқынбекті поштабай етіп алып отырғанда, араздасып отырған екі руды жақындастырмақ ойы бар еді. Әкесі дастархан басында айтылған сөздердің бәрін ұмытып кеткенін сезді. Әкесінің мына сөзіне ренжіп қалды да:

— Телқозы, сіз менің шаруама араласпаңыз. Мен кімді жұмысқа аламын, онда шаруаңыз болмасын.

Телқозы баласының мына сөзін жақтырмай тысқа шығып кетті.

Ертеңіне Жойқынбек келген еді. Шоң одан анықтап сұрап алған:

— Ағаң ренжіген жоқ па?

— Қайта менің поштабай болғаныма қуанып жатыр… Өзі де келмекші еді. Ар жағындағы Темештерден қыз алайын деп жүр. Кейін келіп сізбен сөйлесемін деді.

Шоң оның не сөйлесетінін түсінбеді де:

— Ол ағаңның не сөйлеспек ойы бар менімен?

— Ол кісі де поштабай болғысы келеді.

— Маған поштабайлыққа бір адам жетеді. Екі адам қажет емес.

— Ендеше мен үйге тағы бір барғанда түсіндіріп айтайын оған. — Осымен ағасы туралы сөз бітті. Шоң Жойқынбекке жұмыс жағдайын түсіндіре бастады.

— Пошта сонау Ақтаудан келеді. Сен оны Ақмолаға жеткізіп беріп, одан берген поштаны осында жеткізуге міндеттісің. Меніңше, бұл жұмыс оңай емес, кейде асығыс, поштаны сол күні Ақмолаға күндіз-түні жүріп жеткізесің. Жолда Тілен, Құлымбет ауылдарынан ат ауыстырасың. Бір-екі сағат жағдайға қарай дем аласың. Жедел поштаны айтқан уақытында жеткізу бірінші талап. Егер оны орындамасаң, маған да, саған да сөз келеді. Онда жұмыстан кетесің. — Турасын айтқан еді, Шоң сөзінің сонда.

Шоңның бірден бұлай жұмыстан кетесің дегені Жойқынбекке ұнамай қалды. Шоңның өзі де артықтау сөйлеп қойғанын сезді де:

— Ондай пошта жиі келіп тұрмайды. Айында екі-үш рет қана болады. Басқа уақытта асықпай апарасың. Тіпті, поштаның бес-алты күн келмейтін күндері де болады. Ондай кездерде менің атымды жегіп, атшым боласың.

Шоң атшылық туралы әуелінде айтпаған. Поштабай сөзі ұнап тұрғанымен атшы боласыңы ұнамады. Ойланып отырып қалды. Шоң мына жігіттің ойланып қалғанын сезе қойды да:

— Мен еңбегіңе ай сайын бір қой бермін. Ояз бес сом ақша төлейді.

Бес сом ақша, бір қой қыруар табыс еді. Шоңның мына айтқаны Жойқынбектің көңілінен шыққан болатын. Арада бес күн өткенде Ақтаудан пошта келді. Келген кісіге Шоң Жойқынбекті таныстырды.

— Бұдан былай сендер әкелген поштаны осы кісі апарады, — деп Жойқынбекті көрсетті. Ақтау бекінісінің бастығы да пошта тасып жүрген адамға айтқан алдында, «бұдан былай пошта тасу жаңа болыстың мойнына жүктеліп отыр. Енді біздің жұмысымыз жеңілдейді» деген еді. Расында, пәлен шақырым жерді салт атпен жүру оңай болмайтын. Енді бұдан былай Қараағаш пен Ақмола арасындағы поштаны басқа адам жеткізеді. Ақтаудан келген орыс қуанып қалды. Әлгі адам Ақмоладан келетін поштаны күтіп Шоң аулында қалды да Жойқынбек Ақмолаға тартқан. Шоң әкесіне айтып, бұл аса манызы бар мемлекеттік шаруа екенін түсіндіріп, бір ұшқыр ат бергізген. Бұрынғы болыстар орыс поштабайлардың тілегі бойынша кез келген ауылдың байларынан кезекпен ат алып беретін. Бірақ бұрын Телқозыдан сұрамайтын еді. Әкесі тұрып Шоңнан сұрады:

— Ыңғай менен алып тұра ма?

— Иә, бұдан былай сізден алатын болады.

— Мына Елгелділерде жүйрік ат көп, солардан неге әпермейсің?

— Бұл шаруаны ояз Елгелділерге емес, маған тапсырып отыр. Сондықтан мына сөзіңіз басы артық әңгіме. Бергенде ең жүйрік атыңызды беріңіз. Егер уақытында апармаса маған сөз келеді.

«Маған сөз келеді» дегенінен Телқозы корқып қалған. Баласының айтқанын жасап, Жойқынбекке ең жүйрік атын берген. Жойқынбек сол күні қолма-қол жүріп кетті. Шоңның айтуымен Құлымбеттер ауылына соққан еді. Олар да сөз айтқан жоқ ат берді, содан әрі қарай кеткен. Бұл жердің биі Лау еді, пошта жағдайын жақсы білетін. Қолма-қол жүйрік ат бергізген. Жай жүріс жоқ. Жол бойы шауып отырды. Таң ата Ақмолаға келген. Омбы поштасы жүргелі тұр екен. Олар да енді міне жүремізбен Ақтаудан келетін поштаны күтіп шыдамсызданып отыр екен. Соған тапсырды. Ол жақтан Ақтауда тұратын әскер басына арналған арызды алып қайта шапты. Құлымбеттер ауылына келіп тыңайып тұрған атына мініп, тағы шапты. Бір тәулікке жетпейтін уақытта мың шақырымнан артық жер жүріпті. Аттан бұрын Жойқынбек өзінің шаршағанын сезді. Денесінің бәрі салдырап, әлі кетіп қалыпты. Қараағашқа келгенде қозғала алмай қалған болатын. Шоң оны сезіп, біліп отыр еді. Тағы да қайталап айтқан еді.

— Мұндай асығыс пошта келгенде бүкіл денеңді жақсылап тұрып байлап ал. Мына пошта тасып жүрген орыстар сүйтетін. Мен оны көргемін. Сонда шаршамайсың. Денеде күш сақталады.

Дегенмен, Жойқынбек бұл жұмысқа шыдай алмайтын шығармын деп ойлаған.

— Бұрын менің орнымда кім істеді?

— Бұрын бұл жұмысты орыстардың өздері істегенін айттым ғой. Енді бізге, қазақтарға сенген тәрізді. Сонсоң маған жүктеп отыр ғой. — Шоң Жойқынбектің пошта жұмысының ауыр екенін біліп қалғанын сезді. Ертеңгі күні мына жұмыс ауыр екен деп Жойқынбек шығып кетсе өзіне де ұят болатынын Шоң білді. Басқа емес, әкесінің өзі кінәлайтынын білді. Содан кейін сөз бастаған:

— Ақтау мен Ақмола арасында төрт бекет болатын. Олардың әрқайсысында бір-бір адамдар болатын. Соларды қысқартып отыр. Маған тапсырды. Екеумізге ұят болмау үшін сен дұрыстап істе.

Жойқынбек бір жағынан істемей жатып жұмысты тастап кетуді намыс көрді. Және төлейтін ақшасы да көнілінен шығып тұрған болатын. Ақыры шыдауға бел байлады.

Кейін асығыс пошта күн сайын бола бермейтінін байқады. Кейде пошта он күндеп Ақтау жатқан келмейтін. Келсе асығыс емес, араға екі-үш күн қонып жүруіне болатын пошталар еді. Жаңа тірлікке Жойқынбек үйрене бастады. Шоң да мазалай бермейтін. Көбіне салт атпен жүретін.

Бірде жанжал шығарып, Телқозы Жойқынбекке тиісті бір қойын бермей қойған еді. Шоңмен әкесінің арасында реніш туындап қалған, соған байланысты. Телқозы айтқан еді:

— Бұл саған ешқандай қызмет істеп жүрген жоқ. Мен айтқан қойыңды бермеймін, ояздың беретін ақшасы жетіп жатыр.

Өйткені, Телқозы Елгелділерге ызалы еді. Шоң әкесінің мына қылығына ренжіп қалып:

— Әуелгі келісім солай. Телқозы, онымыз ұят болады. Сен тиесілі қойды бермесең, мен ақылай беремін.

— Сонда қанша ақша бересің?

— Айына бес рубль береді ояз. Ал бір қой үшін өз қалтамнан айына екі сом беремін.

Мына сөзді естіп Телқозы жаман ашуланды.

— Сенің айтып тұрғаның не?

— Тәртіп солай, басында мұнымен екі сомға келіскенмін. Оны бұза алмаймын. Ұят болады. Оның үстіне менің мініп жүрген атымды баптап отырады. Бір жерге барарда ерттеп дайын етіп қояды.

Телқозы бұдан кейін тиісті қойын беріп тұрды. Шоң Жойқынбектен берген қойы арық па, семіз де бе деп сұрап жүретін. Шоң мен Телқозы арасында шатақ шығып кетпесін деген оймен, Жойқынбек берген қойлары ыңғай арықтау болса да семіз дейтін. Сөйтіп жүргенде Ақтау бекінісі жабылатын болып, енді пошта сонау Аягөзден Қарқаралы арқылы Ақмолаға қатынайтын болды. Оны орыстардың өздері жүргізетін еді. Ілуде-шалуда болмаса Ақтаудан Ақмолаға пошта тасылмайтын еді. Енді көбіне Жойқынбек Шоңнын ат-арбасын жегіп беріп жүрді. Шоң әуеліде оны жұмыстан қысқартуды ойлаған еді, бірақ Жойқынбектің мінезі де, ісі де ұнап қалған болатын. Телқозыға да тіл алғыш Елгелді ұнаған еді. Телқозы бір жерге барайын десе атын жегіп дайындап қояды. Баяғыдай ояздың беретін бес сомы жоқ. Жойқынбек бір қойға жалданып жүре берді. Арасында Шоң ақша да беріп қоятын.

Әйімкүл Ақмолада жатыр. Енді Шоңның қалаға баруы жиіледі. Оның үстіне Карбышев те тапсырма беріп, Шоңды жер мәселесіне байланысты шаруасына жұмсап қоятын. Әуеліде келісім солай болған соң, Шоң бармаймын деп айта алмады. Мұндай жүрісте де арбамен, салт жүрсе де Жойқынбекті қалдырмайды. Өйткені, барған жерде атына қарайтын адам керек. Келген жерінде басқа болыстар тәрізді сол ауылдың адамын жұмсауды ұнатпайтын. Сондықтан қасына Жойқынбекті алып жүретін. Бірде Шоң Ақмолаға барғанда Карбышев айтқан:

— Шоң Телкозинович, сіз ел арасында үлкен ауыл болып отыру туралы үгіт жүргізетін көрінесіз. Оның қажет жоқ, қазақтар бұрынғы қалпынша отырып өмір сүре берсін. Мұны жеткізіп отырған Қабай маңайындағы адамдар екенін білді Шоң.

— Ана казак-орыстар тәрізді отырғанның несі жаман? — деп жауап берді Шоң.

— Әр халықтың үйренген өз әдеті бар. Сонымен тұрсын.

Карбышев Шоңның Темештерге Қорғалжын көлінің жағасынан жер бергенінен қорқып қалған. Нұра бойынан да соны жасай ма деп ойлап тұр еді.

— Шоң, оны жасасаң, екеуміз бірге жұмыс істей алмаймыз.

— Семен Иванович, одан қорықпай-ақ қойыңыз. Басқа түгілі, менің әкем де отырған жерінен қозғалғысы келмейді.

— Ол сөзді айтпастан бұрын менімен ақылдасуың керек, ал мен губернатормен ақылдасып отырамын.

Шоң бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Егер Нұра бойына қазақтар қоныстанып алса оған ояздың да, губернатордың да қарсы шыға алмайтынын білетін. Содан кейін ояз сөзіне бас ауыртудың қажеті жоқ екенін білді. Бәрі жергілікті адамдарға байланысты екенін түсінген. Ал олардың жасап отырғаны анандай. Бұдан кейін ояз да жер туралы әңгімені қозғаған жоқ. Шоң әкесінің де, басқалардың айтқанына көнбейтінін білген еді. Дегенмен, реті келгенде үлкен ауыл болып тұру жайында айтып жүретін.

Би сайлауы

Дуанның уезге көшуіне байланысты қазақ өмірінде де көптеген өзгерістер кіре бастады. Орыстар қазақ өмірінде билердің алатын орыны айрықша екенін жақсы білетін. Қай ауыл болмасын, ең алдымен бидің айтқанын екі етпей орындайтынын түсінетін орыс шенеуніктері. Билердің өздеріне тәуелді болуын ойластырған еді. Содан кейін жаңа сайланған билерді ояз алдынан өткізіп отыруды әдетке айналдырған. Ыбырай кезінде аузы күйіп қалған Карбышев билерді тек өз алдынан өткізіп отыратын болды. Ол шаруаны болыстарға да тапсырып қойған. Орыстар саясатына онша тереңдеп бара бермейтін Ыбырай мен Карбышев арасында билерге байланысты дау шығып қалатын. «Билер шетінен мұсылман, қалай сенің алдыңда ант береді» деп те айтқан бірде. «Мемлекет орыстікі, сондықтан олар менің алдымда ант беруге тиісті» дейтін Карбышев те ондайда. Ал заңда кез-келген би ояздың өзіне болмаса, орынбасарының алдынан өтуі керек деп жазылған болатын. Карбышев соны өзгертті. Жаңа сайланған билер орынбасарларым алдынан емес, тек менің алдымнан өту керек деген еді. Билер жергілікті жерден сайланбастан бұрын ояздың алдынан өтуіне Карбышев жоғары жақпен келісіп осындай нұсқау берді. Бұл жұмысты басқаратын жергілікті болыстар тапсырған ояздар. Болыстарға байлар мен билердің тәуелділігі арта түскендей еді. Бұл орыс саясатына орай әдейі жасалып отырғанын Шоң жақсы білетін. «Сарыарқа» болысына Шоң сайлануына байланысты Тоқалар арасында би сайлануға үміт ететіндер саны көбейді. Соған орай, Телқозы үйінің есігін ашушылар қатары молайды.

Бұлардын арасында көбіне өздеріне ағайындас Айтқожа, Сатыпалды, Барғана рулары адамдарынан би болуға үміті бар адамдар жиі келетін. Олар бірден Шоңға бармайды, ескі көз туыстары Телқозыға баратын. Жай келмейді, бірдеңелерін ала келеді. Мынау Шоңның болыс болуына байланысты әкелген сыйлығымыз, көрімдігіміз деп жүйрік аттардын үстіне күміс ер тоқымдарын жауып ала келеді. Телқозы қайтармайды, ала береді. Сөз соңында әлгі адамдар бәріне біріне-бірі ұқсас сөз айтады. «Телеке, басқа рулардан би болғандар көбейіп барады. Біз де Шоңның осы қызметін пайдаланып өтіп қалсақ» дейді.

Телқозының да қулығы мол еді. Болады, болмайды деп бірден айтпайтын. Келгендерге тек үміт арқалатып жіберетін. Сөз аяғын көбіне Шоңмен сөйлесіп көрейінмен бітіретін. Келген адамдардың бәрі туралы Шоңға айтпайтын әкесі. Талғап-тандап айтатын. Телқозы кімнің кім екенін жақсы білетін. Өз көнілінен өткізіп лайықты дегендері туралы ғана Шоңға айтатын.

Шоң олардың неге келіп жүргенін білсе де, ауыздарынан сөз шықпаған соң сезбеген болып жүре беретін. Шоң оларға үлкен бір ауыл болып отырайық деген сөзін қолдамағаны үшін көбін ұнатпайтын. Соны түсіне ме, байлар бірден Шоңға тікелей келіп айтуға батылдары бармай, көбіне Телқозы арқалы айтатын. Ал оның жасайтыны жоғарыдағыдай еді. Содан тікелей келіп Шоңның өзіне айтқандары да болатын. Шоң оларды көрейін, әуелі оязбен ақылдасып алайынмен шығарып салма сөз айтып жіберетін. Шоң өйткені көбінің би болып жұмыс істеу үшін емес, би атану үшін келгендерін білетін. Сондықтан ондайларға ашып ештеңе айтпайтын. Бұл шаруа менің қолымдағы ғана емес, анау ояз бен өздеріңнің ауылдарыңдағы билердің шаруасы деп сөзін біретін. Оның үстіне тілек еткендер тым көп еді. Шоң сондықтан олардың байлығына, атасының мықтылығына қарай емес, колынан іс келетіндерді, ауылында беделі бар адамдарды ғана алғысы келетін. Содан сол адамдар туралы айлар бойы толғанып жүретін. Бұл ойлануы ұзаққа кетіп қалатын. Талай адамдардың тілектері жиналып қалған. Ақыры бір күні отырып әкесі сөз бастады:

— Анау Қабай кезінде өзіне жақын адамдарды билікке тартқан. Өткен сайлауда оны қалай қолдағанын білесің. Сен де мына ағайын-туыстарыңның арасынан би сайлап ал. Ертеңгі күні сөзіңді тындап, сені қолдайтын адамдар керек. Сондай адамдарды таңдап алмайсың ба? — Реті келгенде Телқозы ыңғай қайрағандай, осындай сөз айтатын.

Шоң әкесінің бұл сөзінде шындық жатқанын, Шоң әкесінің қандай адамдарды өткізгісі келетінін білетін. Ол ыңғай өзіне қолы ашық адамдарды таңдайтын. Ал Шоң болса ондай адамдар көңілінен шыға қоймайтын. Содан кейін әкесіне де, басқаларға да: «Билерді сайлауды қазір анау Ақмолада отырған ояз шешеді. Менің, осындағы билердің айтқаны емес, соның айтқаны болады» — деп, әкесіне: «Сіз көрінгенге уәде беруді қойыңыз» дегенді айтып, ескертіп қоятын.

Телқозы Шоңның бұл айтқандарын жақтырмайды. Бидің қалай сайланатынын жақсы білетін еді. Соған орай:

— Ол бұл жақтағы қазақтарды қайдан біледі. Сенімен ақылдасатын шығар…

Әбден маза бермеген соң Шоң әкесіне сіз осы жұмысқа араласпай-ақ қойсаңыз қайтеді деді. Шоңның бұл сөзін ол жақтырмай қалды. Өйткені, оның көкейінде не тұрғанын білетін. Егер Телқозы айтқанын қолдаса Жанкелді тұқымдарының, анау пара беріп жүрген адамдардың бәрі би болатынын Шоңның іші сезетін. Соған орай, әкесінің айтқанын жүре тыңдап сыртқа шығып кететін. Телқозы байқағыш, аңғарғыш адам еді, Шоңның ренжіп қалғанын бірден сезіп, үндемей қала береді. Шоңның көнілі-күйі түзелген шаманы байқап жүріп, өзінің үйреншікті сөзін бастайтын қайтадан.

Шоңның өзі де биге бірнеше адамды өткізіп алуды ойлап жүрген. Көңілінен шығып жүрген бірнеше адам бар еді. Бірақ бәрін бірден өткізуге болмайды. Шама-шарқынша екшеп, байқап өткізу керек. Көп адамды алып келгенді ояз да жақтырмайтынын білетін. Соған орай Шоңның өз ойы бар еді, бірақ бұл туралы тіс жарып әкесіне де айтпаған. Ондай адамдар ішінде жүретін. Бүгін әкесінің үйреншікті әдетіне айналған сөзінен кейін ойланып қалды да:

— Казір қазақта не көп, би көп. Көпшілігі ақылымен емес, байлықтың арқасында би болып алған. Сіз көрінгенді әкеп маған тықпалай бермеңіз, — деді.

Телқозы баласының мына сөзін ұнатпай, ренжіген рай танытып, дастархан басынан тұрып кеткен. Әкесі кетіп, дастархан басында жалғыз қалған. Шоңның Телқозы айтқан адамдардың көпшілігінің би болуын көңілі қаламайтын. Айтып жүрген адамдары ел арасында сыйлы болса да, көбісі Шоң ойынан шықпайтын. Содан кейінге сырғыта беретін. Айтар ойы бар адамдарды сайлатып алғысы келеді. Болыс болып келгелі бірталай уақыт өтсе де әлі билікке бір адамды да өткізбеген. Әзірге әлі де ойда жүрген еді.

Шоң үйде біраз отырып тысқа шықты. Сыртта біраз жүріп үйге оралса үйде Әлсен отыр. Күміс дастархан жасап қойыпты. Шай қайнап тұр. Баяғыда Күміс келін болып түскенде алып келгендердің бірі осы Әлсен еді, келіннің бірінші бетін ашқан ыстық болады дейді қазақ. Сол шындық болуы керек, Әлсен келгенде Күмістің жаны қалмайтын. Шайын жасап, қазанын көтеріп есі шығады да жатады. Шоң оны осында келгелі байқап жүр. Мына дастархан жасасы да соның белгісі еді. Әлсен де бұрынғыдай емес, Шоңның болыс болып келгенін сыйлай ма, әйтеуір, бұрынғы еркіндік жоқ, байқап-байқап сөйлейді. Шоң «жай жүрсін бе» деп сұраған еді одан.

— Мені Телекең шақыртып жіберіпті. Жаңадан билер сайлайды дейді ғой, соған сенімен ақылдасқалы келдім.

Телқозының Әлсенді шақыруында сыр бар еді, өйткені би болуға өнкей қаусаған шалдар тілек айтып келіп жүретін. Олар тым көп еді. Телқозы да ақылды адам еді, ондайлардың айтқанына жығыла бермейтін, қулықпен сөйлейтін: «Анау ояз айтады екен, билер жас болсын, жергілікті билердің алдынан өтпес бұрын маған әкел деп жүрген көрінеді. Сонсоң Шоң ешкімді өткізе алмай отыр ғой» дейтін. Телқозының мазасын алып жүрген жастардың бірі Әлсен еді. Келген сайын Телқозының миын жейтін. Төрт-бес тәуір жылқысын да, Шоңға сездірмей әкеп тастаған. Телқозы соған құлап қалған. Ол жақсы білетін, кейбір билер өзімен теңдесіп төрде отырған жастарды ұнатпайтын. Би болуға шаштары ағарған карттар құмар еді. Телқозы Шоңмен қатарлас адамдардың би болуын қалайтын. Олардың Шоңмен тіл табысатынын білетін.

Телқозы айтар сөзі бар, баласына көмегі тиетін адамдардың сайланғанын қалайтын. Сондай адамдардың біріне Әлсенді санайтын. Бір ғажабы, екеуінің көңілдері жақсы болса да, ол Шоңға тікелей бармай жүрген еді. Бүгін келіп Телқозыға тағы айтқан Әлсен.

— Телеке, менің осы үйдің алдында еңбегім бар ғой. Онымен коса туыс адамдармыз. — Әкесінің Ерназардан әйел алғанын көлденең тартып отырған еді. — Ана Шоңға бірдеме айтып жібермейсіз бе? Бұл жолы кейінге қалдырған жоқ Телқозы. Әлсеннің көңілін қимай барып Шоңға айтқан еді. Ол не болады, не болмайды деген жоқ, өзінің әдетіне салып жүріп кеткен. Жүріп кетуі ұнатпағандықтың белгісі екенін Телқозы білетін. Келіп Әлсенге айтқан еді:

— Мен айтып көрдім. Қатар жүрген құрбысың ғой, өзің де барып сөйлессейші.

Бұл әңгімені Әлсеннің бастағанына біраз уақыт болған. Енді соза бергісі келмеді. Ақыры, Шоңның алдына өзі барған.

Әлсен сөзді әріден бастап біраз сөйлеп би мәселесіне келген еді. Шоң да тындап отырды да, айтқан ақыры:

— Олай болса үйіңе қайта бер. Мен ешқашан Телқозы айтқан адамды би сайламаймын. — Би болуға келгендер ыңғай Телқозының тамағынан бірдеңе өткізіп жүргенін сезетін Шоң да.

— Ештеңе бергем жоқ. Кеше шақырып кісі жіберген соң, бүгін келдім.

— Мен өзіме жақын жүрген адамды ешқашан би сайлауға көмектеспеймін. Екіншіден, сен әлі би болу жасына келген жоқсың, үшіншіден сенің мінезің билік айтуға келмейді. Тым қызбасың. Сол жақтарың маған ұнамайды. Сол себепті, сені би етіп сайлауға келіспеймін.

Әлсен сөзге тапқыр еді. Сол арада Шоңды ұстап алған.

— Сен менің жасымда неге болыс болып отырсың? Сен өйтіп мені кемітпе!

— Мені ояз ұсынған, сені билер сайлайды. Ал сені Құдай біледі, билер өткізбейді.

— Ол қырт шалдардың өткізбейтінін білемін. Қазір билер ояз алдынан өтіп жатыр дейді ғой. Сен мені сол ояздың алдына апаршы, сөйлесіп көрейін. Ол мақұлдаса мұндағы билер түк жасай алмайды.

Әлсеннің мына сөзінде орынды бір қисын жатқанын Шоң білді. Сонда да айтқан:

— Әлсен, есіңде болсын, би болған адам болыстықтан да жоғары тұруы керек. Болыс анау жоғары жақтың айтқанын орындайды, ал би өз ақылына сүйеніп жұмыс істейді. Ақыл айтады. Ал қазіргі би баяғы заманның билеріндей болмауы керек. Өзінің руларының пайдасына тартпай, ел қамын ойлайтын және анау ояз көңілінен шығатындай билік айтуы керек.

— Сенің осы айтып отырғаныңның бәрін білемін. Мен өзің ойлағандай, бос қуыс кеуде адам емеспін. Осы саған келер алдында бәрін ақылға салып толғанғанмын.

Шоңға Әлсеннің мына сөзі ұнамай қалды. Баланың сөзіндей болып кеткендей көрінді.

— Нені ойландың, нені толғандың? — деді Шоң.

Әлсен сол сәт аузына сөз түспей айтары болмай қалғандай, үнсіз қалды. Алдында елдің тәуірлерімен үлкен ауыл болу туралы сөз болғанда соларды жақтап жүргенін естіген еді Шоң. Сонысын жақтырмай қалған. Мынадай сөз айтып тұрғаны содан еді. Шоң отырып айтқан:

— Екеуміздің пікірлерміз қабыспай жатыр. Қалай бірігіп жұмыс істейміз?

Әлсен мына сөздің қайдан туындап отырғанын біле қалды да, сәлден соң сөз бастаған:

— Қазаққа үлкен ауыл болып отыр дейсің. Ал соны анау ояз қолдай қоя ма?

— Қазақтар өз жерінде үлкен ауыл болып жатса, орыстардың онда қандай ақысы бар?

Дегенмен Шоңға Әлсеннің мына сөзі Карбышевтің сөзімен қабысып жатқандай көрінді.

— Сен Нұра бойының Тоқаларының үлкен ауыл болып отырғанына неге қарсы шығып жүрсің?

— Мен қарсы шығып жүргем жоқ. Ана Телекең бастаған адамдар ғой. Сен әуелі әкеңді көндір, содан кейін мен қарсы болмаймын.

— Сен әуелі мені қолда, содан кейін биге өткізуді ойланып көремін.

— Сен әуелі мені өткізсейші. Содан кейін сенің айтқаныңды қолдаймын.

— Мына арада сен маған билікті қимай отырған тәріздісің. — Әлсеннің қатты ашуланғанда есікті тарс еткізіп жауып үйден шығып кететін әдеті бар еді, бұл жолы да соны жасады. Шоңға бар ашуын сонымен білдіретін. Телқозыға да кейде соны жасайтын. Телқозы оның онысына мән бермейтін. Әлсен кеткен соң Телқозы кірді. Ол Шоңнан сұраған еді:

— Сен ана Шөміштің баласын ренжітіп жібердің бе?

— Ренжісе қайда кетеді? Ертең айналып өзі келеді.

— Сен Шоң Әлсен тәрізді өзің қатарлы жастарды ренжітпе. Өзіңе тарта бер. Анау шалдармен ренжіскенде сені қолдайды.

— Мен Әлсенді ренжіткем жоқ. Мені ренжітіп жүрген сізсіз.

— Шоң, сенің өткен жолы айтқаныңды жасай алмаймын. Пәлен жүз жыл отырған ата қонысыңнан көш деген не сұмдық. — Осыны айтты да Телқозы орнынан тұрып кетті. Шоң оның мына сөзіне сөз таба алмағандай, үндемей қалған. Сөйтіп отырғанда үйге Малай кірген еді.

— Сен ана Тіленді шақырып келші, — деді Шоң інісіне.

Сәлден соң екеуі бірге кірді.

— Сен бара тұршы, — деді інісіне Шоң. Ағасының айтқанын екі етпейтін орындайтын Малай шығып кеткен болатын. Ол кетісімен Шоң сөз бастаған еді.

— Сен есікті неге қатты жабасың? Сол екі ортада мінезіңді көрсеткің келе ме? Сенен қандай би шығады?

Әлсен Шоңның мына айтқанына тосылып үндемей қалды. Оның кейде қанша даукес болса да, дұрыс жерінде осындайда тоқтайтынын ұнататын Шоң.

— Шоң есікті қатты жапқанымды өзім де байқамай қаламын. Ол үшін сен мені кінәлама!

Шоң оның мына айтқанына сенерін не сенбесін білмей қалды, бірақ сенді. Әлсеннің қызба екенін білетін.

— Сен менің есігімді де, басқалардың да есігін қатты жапқанды қой. Сен есікті қатты жапқанында елді басынатының жатыр. Сонымен қоса мені де басынып отырсың. Әлгінде, есікті қатты жапқаның мені басынғаныңның белгісі.

— Сен Шоң енді қатардағы адам емессің, болыссың. Есі дұрыс адам болысты басына ма?

Шоң Әлсеннің мына сөзінде бір шындық жатқанын білді. Бәрі қызбалықтан болып жүргенін түсінді. Енді іштегі бір ашу басылып қалғандай болды. Соның ықпалымен сөйлеген еді.

— Мен ертең Ақмолаға жүремін. Жолға дайындал. Ояз өткізсе би боласың.

Әйімкүлге бармағанына біраз уақыт болып еді. Қатты сағынып жүрген. Бара жатқанын пайдаланып осы жолы Әлсенді оязбен бір кезіктіріп қайтуды ойлады. Соған орай айтқан әлгі сөзді. Әлсен Шоңның мына сөзін шығарып салма сөз бе деп ойлап қалды. Шыдай алмады:

— Ол оязың да сенің айтқаныңнан асып кетпейді. Қай заманда қазақтың биін орыс сайлап еді. Сен турасын айтсайшы… — Әлі сеніңкіремей тұр еді. Шоң оның осы күйін түсінді де:

— Әлсен әр уақыттың өз заңы бар. Сен әуелі билердің талқылауына түспей тұрып, ояз алдынан өтіп алғаның дұрыс шығар.

Әлсен Шоңның мына сөзінде бір дұрыстық бар екенін, билер алдына бірден барса, оңдырмайтынын білді. Сол сөздің дәлеліндей Шоң айтқан:

— Ана кәрі қырт билер би саны көбейгенін ұнатпайды. Өйткені, онда олардың дәрежесі түседі. Қалтасына түсетін байлық азаяды. Үшіншіден, көпшілігі сенің мінезіңді ұнатпайды. Түсініп отырсың ба?

Әуелі Әлсен ләм демеді, артынан: «жарайды, сенің айтқаның болсын» деді.

— Ендеше, ертең дайын отыр, жолай сені Ақмолаға ала кетемін. — Шоңның өз көңілі мақұлданғанын осылай екі рет қайталап алатын әдеті бар еді. Әлсен оны білетін. Мына сөзді шын көңілден айтып отырғанын түсінді де, сол күні Әлсен үйіне қайтып кеткен. Шоң Әлсеннің әлгі сөзінен кейін ойланып қалған. Жалғыз Әлсенді би етуге ояз алдына апарады екенмін, барған соң үш-төрт адамды апарған дұрыс деген ұйғарымға келді ол.

Кешкісін Телқозы дастарханының басына Жанкелдінің тірі жүрген балалары Әнет, Қарақозыны шақыртты. Байқозы Түркістан жақта жүрген. Әлсенмен болған әңгімеден кейін Шоң көңіліне бір ой келген еді. Ертеңгі күні өзі ойлаған адамдарды би етіп сайласа, мына екі үлкен әкелері дау шығаруы мүмкін. Жанкелдінің бес баласынан тараған ұрпақтар толып жатыр, Әлсенді би болуға ояз алдына апарғанын естісе, біздің балалардың бірін неге би сайламайсың деп айтары анық. Шоң отырып дастархан басында сөз қозғады:

— Мен ертең Ақмолаға жүремін. Би болуға лайықты екі-үш адамды оязға апарып көрсетіп қайтпақшы едім. Жанкелді тұқымдарынан бір адамды би етіп сайлайық. Екеу етуге әзірге ертерек болады. Ертеңгі күні ел сөз етеді, ана жаңа болыс өз туыстарын би етіп жатыр дейді. Соған Жанкелді бабаның ұрпағынан кімді лайықты дейсіңдер?

Қарақозы мен Әнет отырып ана баласын, мына баласын айтып мақтай жөнелді. Әрқайсысы өзіне тартып отыр еді. Бұл адам жаратылысын қойыңыз, енді мынау бір қаннан жаратылып, бір жатырдан шыққан екеуі бөлініп әркім өзіне қарай тартып отыр. Есіне баяғыда Жанкелді бабасының айтқан сөзі түсті: «мал байлық, туысқандыққа қарамайды» дейтін. Атақ-дәрежені бөлуге келгенде сондай екенін ағайын екеуінің мына сөздері көрсетіп отырғандай еді. Бір мезгілде дастархан басында отырған Телқозы да әкелерімен жарыса сөйлеп кетті. Оны өзі де аңғармай қалғандай.

— Анау Жұман, Оң, Малайдың біреуіне билікті бермейсің бе? Бұл кісілер өз балаларын айтып отыр ғой. Сен, Шоң, мен айтқан үшеуінің бірін ояз алдына апар. — Шоң әкелерінің мына қылығына ренжіп қалды.

— Әрқайсыңыз өзіңізге қарай тартып отырсыздар. Ол болмайды. Би болу үлестіріп беретін дүние емес. Билік айту адамның ақылына, санасына байланысты. Сондықтан Жанкелді тұқымынан би болуға лайықты әзірге біреу болса, ол Қаспақ дер едім. Басқаларын қоя тұрыңыздар!

Қарақозы баласының атын атағанда «дұрыс, дұрыс» деген сөздің аузынан қалай шығып кеткенін де білмей қалды. Әнет Шоңның сөзін жақтырмаған күйде отырып қалған. Шоң оның бұл күйін байқады да, әдейі оны сөйлеткісі келді.

— Аға, сіз не айтасыз, Қаспақты ұсынғаныма? –деп сұрады.

— Сен болыссың, сенікі дұрыс қой. Мен не айтамын? — Әнеттің мына сөзінен оның ренжіп қалғанын білді Шоң.

— Сіз олай демеңіз, жөніне көшіңіз. Маған Жанкелді ұрпақтарының бәрі де бірдей. Мен ойымнан шыққанды айтып отырмын.

— Шоң сенің сөзіңде жан бар ғой, қалай қарсы шығамын, — деді Әнет. Шоң оның жүзінде реніш барып байқап қалды. Сонан кейін қайта сұраған:

— Бұл сөзді шын көңілден айтып отырсыз ба? Маған өз балаңның бірін биге ұсынбағаныма өкпелеп отырсыз ба? Олай болса Жанкелді тұқымынан ешкім би болмай-ақ қойсын!

— Жоқ, Шоң, бәрі дұрыс. Ақыл жастан демекші, дәл үстінен түстің, — деді Әнет.

Әнеттің мына айтқаны қорытынды сөздей болды. Бұдан кейін ешқайсысы сөзді әрі қарай дамытқан жоқ. Әңгіме осымен біткендей еді. Сол арада ауыл іргесіндегі Қаспақ ауылына ат шаптырып, оны шақырып алған. Ол келіп дастархан басына жайғасқан соң Шоң:

— Ендеше, Қаспақ балаларыңызға баталарыңызды беріңіздер, — деді. Бәрі бірауыздан бата берген еді, сол арада.

— Мен ертеңіне Ақмолаға жүруге дайындалып жатырмын. Мына әкелерің сені би болуға лайықты деп отыр. Сен де әкелеріңнің сеніміне лайықты болуға тырыс.

— Әкелерім сенім көрсетіп отырса, неге болмасқа!

— Мына сөзің көңілімнен шығып отыр. Ендеше, жолға дайындал, — деді. Ол көп отырған жоқ, жүзін қуаныш жайлаған Қаспақ үйден шығып кетті.

Ертеңінде қасына Қаспақты ертіп алып Шоң жүріп кетті. Жолай Әлсенге соқты. Ол елеңдеп күтіп, дайын отыр екен. Үшеуі де салт атта еді. Шоң атының басын Қожамжар ауылына бұрғанда Әлсен:

— Шоң Құлымбеттер ауылы алыс емес, күн әлі ерте, сонда барып қонайық, — деді.

Әлсен Қожамжардың өзін де, оның өзімен жасты баласы Түсіпті де жақтырмайтын. Мына сөзді содан кейін айтып отыр еді. Шоң оны түсіне қалды, бірден ашығын айтқан:

— Мен Түсіпті де би сайлағым келеді. Сондықтан да оны да ала кетпекпін.

Мына сөзді естігенде:

— Түсіп би болса, мен болмаймын, — деп, ат үстінде келе жатқан Әлсен бұлқан-талқан ашуланды.

— Сені би бол деп ешкім зорлаған жоқ. Сенің би болуың әлі белгісіз. Ояз не дейді екен. Алдымен соны тыңдайық. Содан кейін ауыл билерінің алдынан өтесің. Саған әлі би ауылы алыста тұр. Есіңде болсын Әлсен, Түсіптің сенен көп артықшылығы бар.

Әлсен мына сөзге тіптен шамданып:

— Ол Жабағының менен не артықшылығы бар?

— Біріншіден, ол елдің сөзіне қарап сөйлейді. Сөз тосады. Сен тәрізді өзім білемінмен көпірмеге кетпейді. Ондай көпірме мінез онда жоқ. Сонымен елге ұнап жүр.

Шоңның мына сөзі жанына қатты тиіп тұрса да, Әлсен үндемеді. Егер Шоңды ашуландырып алсам, сайлатпай қояды деп қорыққан еді. Содан сөзді мойындағандай үнсіз келе жатты. Оның қатты ренжіп келе жатқанын Шоң сезіп, әлден уатқытта әдейі:

— Тілен, сен неге үндемей қалдың?

— Не айтамын, ана жаман Жабағыны менімен теңестіргелі отырсың…

— Адам би болғанымен тенеспейді. Өзінің артықшылығын ісімен көрсетеді. Сен де соны жаса. Сонда сені ел бағалайды.

Әлсен іштей женіліп қалғанын сезді де ләм деген жоқ, үндемей келе жатты. Бұлар келгенде дағдылы әдетімен Қожамжар есігінің алдына көлеңкеде отыр екен. Бұлар аттан түсіп келіп сәлем берді. Әуеліде «іргемізге әкеп орыстарды қоныстандырды» деп, Шоңға Қожамжар ренжіп жүрген анау кездері. Соңғы кезде ғана оның көніл-күйі жақсарған. Содан ба, сәлемдерін дұрыстап алды Қожамжар:

— Өңкей мықтылар жиналып қалыпсыңдар ғой.

— Ағасы неге олай дейсіз? — деді Әлсен. Мына сөзді кекетіп айтып отырғандай көрінген оған. Тура Әлсен ойының үстінен дәл түскендей етіп жауап берді:

— Ешқандай артық сөз жоқ, осы өсіп келе жатқан Тоқа жастарының ішінде қазір сендерден мықтылары жоқ.

Мына сөзді дуалы шалдың аузынан естіп Әлсен мен Каспақ бір жасап қалғандай болды. Әлсен жүзінде әлі де бір таңқалыс бар еді. Шал шын айтып отыр ма, әлде кекету ме — анғара алмай тұрған. Әкесі Шөміш мен Қожамжар бірімен бірі күндес адамдардай еді, содан біріне-бірі тиісіп отырмаса көңілдері көншімейтін. Сол екі шалдың арасындағы қылық балаларына да көшкендей еді. Әлсен реті келсін-келмесін Қожамжар баласына тиісіп-қағытып жүретін. Дегенмен Түсіп өзін салмақтырақ ұстап оның айтқан сөздеріне беріліп, дауға бара бермейтін. Жауапты ретімен беретін. Бірақ оған Әлсен тоқтай қоймайтын. Әлгінде Жабағылар аулына барғысы келмей тұрғаны содан еді. Әлсен Қожамжарды сынағысы келіп:

— Ағасы, мені ояз шақырып, Ақмолаға бара жатырмын, — деді.

— Жайша ма?

— Ояз жайдан жай шақырмайды. Мына Қаспақ екеуін би етпек ойы бар.

Қазір менің баламды би етпейсің деп көңіл-күйін бұзып жүрген Қожамжар айтып салып шу көтереме деп қорқып қалған. Ертенгі күні өткізе алмай келсе мына Қожамдарға да, басқа елге де мазақ боларын Шоң білді. Сондықтан асығыс сөйлеп қалған Әлсеннің сөзін жақтырмай қалған.

— Бұл босқа сөйлеп тұр. Базарға мал құнын білгелі бара жатырмыз, — деді Шоң. — Бұл Шөміштің баласы бет алды сөйлей береді.

— Орыстар да тамағынан өткізгенді жақсы көреді дейді ғой. Бұл Шөміштің баласы солай ретін табады.

Әлсен мына сөзге ренжіп қалды, бірақ онысын сездірген жоқ. Алдына дізерлеп отыра қалып, бата сұрады.

— Ендеше дұрыстап батаңызды берініз! — Бұл да оның Қожамжарды сынаудың бір түрі еді. Ол ойланған жоқ, батасын берді.

Әлсен әкесімен ыңғай араздасып, дауласып жүретін шалдың мына сөзіне риза болды. Шоң Әлсеннің бұл қылығына мән бермегендей, сырттау тұрған еді.

— Бұл не тұрыс, үйге кіріңдер. — Қожамжар үйіне конақ келсе ол оның беделіне, дәрежесіне, үлкен-кішілігіне қарамай мал сойғызатын еді. Сол әдетіне басып:

— Мына жітіттерге мал сойыңдар, — деп кіші баласы Жүніске нұсқау берді.

— Қожеке, біз Ақмолаға асығып жүріп барамыз, Түсіп қайда, соны алып кетпек ойымыз бар. Амандық болса, жатарға мына Құлымбеттер аулына барып қонбақ ойымыз бар, — деді Шоң. Жұма базарына дер кезінде жету керек. Сіздер биыл мал сатпайсыздер ма? Мына жолдан Лаудың баласын да ертіп кетпек ойым бар, Түсіпті де серік етіп ала кетсек деймін.

— Жарайды, олай болса өздерің білесіңдер. Менің сендермен біраз әңгімелесетін ниетім бар еді.

— Қожеке, асығыс Ақмолаға жүріп бара жатырмыз, келесі жолы арнайы келіп сөйлесемін, — деді Шоң.

Дегенмен, әлгінде Әлсеннің би болуға бара жатырмыз деген сөзі ойынан шықпай тұр еді, шыдай алмай, Қожамжар Шоңнан сұрады.

— Мына Шөміштің баласы би болмақшы. Ал мына інің ше? — Бұл кезде Шоңның іздеп отырған адамы Түсіп те келіп қасында тұр еді.

— Бұл Әлсен сізге ойнап айтады. Біз жай базардағы мал құнының нарқын білгелі бара жатырмыз. Әлгінде айттым ғой, Әлсеннің би боламын деген сөзді Қожамжар көзінше айтқанын ұнатпай қалған. Күні бұрын жария еткен Әлсеннің әлгі қылығын жақтырмай тұр еді. Бір жағынан ертеңгі күні өтпей қалса, Шоң өткізе алады деп айту үшін де мына сөзді Әлсен әдейі айтып тұрғанын сезді. Бұл Әлсеннің өзінше қулығы екенін Шоң түсінді. Сосын әңгіме бетін басқа жаққа бұру үшін:

— Түсіп, біз мына үшеуіміз базар нарқын білгелі бара жатырмыз. Сен барасың ба? — деп Түсіп қарады. Ол әкесіне қараған.

— Бар, биыл біраз мал сатылуы керек. Мына орыстар жерді тарылтып жіберді ғой.

Шоң Қожамжардың орыстарды еске алып, сөзді ұзатып жібергелі отырғанын білді де:

— Ал, Қожеке, рұқсат болса біз жүреміз…

«Жолдарың болсын» айтып Қожамжар қала берген еді. Түсіп бұлармен бірге кеткен. Былай шыққан соң Түсіпке не себепті Ақмолаға апара жатқандарын туралап, ашық айтты. Түсіптің кәдімгідей көзі күлімдеп, қуанып қалды. Жабағылардың ішінен өзін таңдап алып әкетіп бара жатқан Шоңға риза болған. Ол әлгінде әңгіменің шет жағасын естіген Шоңның ойыны ма, шыны ма, әлі де біле алмай келе жатқан. Өйткені, оның шыны ма, ойыны ма, түсініп болмас, қулыққа толы сөздері мен мінезі көп екенін білетін. Әлгінде әкесіне базар нарқын білеміз деп, енді айтып келе жатқаны мынау. Ол қуанып қалды, алайда сол күйін сездірмеуге тырысты. Бірақ та оның көңіл-күйі неге көтеріліп қалғанын үшеуі де сезіп келе жатыр еді. Шоң сөзін жалғады:

— Сендер қазақтың жағдайын ойлайсыңдар ма, әлде патшаның саясатын қолдайсыңдар ма?

Қулығы мол Әлсен сұрады:

— Сен кімнің саясатын жүргізесің?

— Мен орыстың да саясатын жүргіземін.

— Біз де соны жасаймыз, — деді Әлсен.

— Халқыңның қамын ойламасаңдар, онда сендерден қандай би шығады. Кейін қайтындар, — деді Шоң.

— Сен өзің ғой, орыстың саясатын жүргіземін дейсің. Енді мен не айтуым керек?

— Мені болыс сайлап, соған мәжбүрлеп отыр. Амалсыз соны жасауым керек. Билер әруақытта алдымен ел қамын ойлауы керек. Ал сен орыс саясатын қолдаймын дейсің.

Әлсен бір пәлеге қалдым ба деп ойлады да:

— Сен өзің ашып айтсайшы, орыстың саясаты қайсы, қазақтікі қайсысы?

— Міне, казак-орыстар көшіп келіп жатыр. Мұның арты не болатын білмеймін. Сондықтан әзірге орыстың саясаты маған түсініксіздеу. Олардың ертең не істейтінін болжау қиын. Соңсоң сендерді ел камын ойлайтын шығар деп ертіп әкеле жатырмын. Би боламыз дейсіңдер. Қандай саясат жүргізетіндеріңді білмейсіңдер?

— Білмесек, сен айтсаңшы, — деді Әлсен.

— Сенің өз көңіліңде не бар?

Шоң болыс болып келгеннен бері, ыңғай оның аузынан ел тыныштығын ойлау керек сөзін Әлсен сан рет естіген. Сол ойына түсіп кетті де айтты:

— Мен елдің тыныштығын ойлаймын.

— Ойланғаның жақсы ғой, жеріңе орыс келіп қоныстанып жатса, ол бола қояр ма екен. Ертеңгі күні олар жақсы жерге қоныстанбақшы болады, қазақ бермеймін, бұл атамнан қалған менің жерім дейді, содан барып жанжал басталып кетеді. Сонда сендер не дейсіңдер?

— Қой, оны жасай қоймас, — деді Әлсен.

— Неге болмайды, олар келгенде Бетпақ далаға қоныс теппейді. Нұраның ең тәуір шұрайлы, сулы-нулы жеріне қоныстанады. Көріп отырсыңдар, мына Түсіптердің іргесіне келіп қоныстанып алды. Мұнымен тоқтамайды. Ертеңгі күні тағы келеді. Казақтың барлық жерінде сүйтеді. Қазір Көкшетау, Қызылжар аймағына жүздеген отбасы қоныс тепті. Темештермен іргелес жатқан Тоқаның жеріне де бірнеше отбасы келіп қоныстанып алды. Ал сен келесің де айтасың, оны жасамас дейсің. Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады?

— Сонда қазақ не істеуіміз керек?

Шоң соңғы кезде басына мықтап кіріп алған сөзді тағы да қайталап айтқан еді.

— Қазақ бұрынғыдай шашырап, мал қамымен екі-үш үйден отырмай, бір үлкен ауыл болып отыруы керек. Ол ауылдар отыз үйден аз, елу үйден көп болуы керек.


Бұл сөзді үшеуі бұрын да Шоң аузынан естіген. Тура осы мөлшерде айтатынына таң қалатын. Тағы да Әлсен өзінің шыдамсыздығына салып:

— Мұндай мөлшерді неге сүйеніп айтасың? Неге екі жүз немесе жүз отыз болмайды.

— Жүз, екі жүз болатын халық көп емес. Ал елуден аз болса орыстардың тегеурініне шыдай алмайды. Бет-бетімен кетеді. Ал мен айтқан көлемде болса арасына орыс кіре алмайды, шоғырланып отырған халықты көшіре алмайды. Патша қанша мықты болғанмен, шоғырланып отырған халықтан қаймығады. Кем дегенде сендерден елу-алпыс шақырымдай алыстау аймаққа қоныстанады. Ал менің айтқанымды жасамасаңыздар, қазіргідей төрт-бес үйден отырған қазақтар қасына орыстар келіп қоныстананады да тіліне, дініне әсер етеді. Бұл екеуін жоғалтсаң елдіктен айрыласыңдар. Және екі-үш үй болып отырғанды көшіріп жіберу онай. Сен анау татарлардан мықты емессің, Қазанды орыс патшасы жаулап алған соң тоз-тоз болып жан-жаққа қаңғып кетті. Бір шеті қазақ жеріне келіп жатыр. Сендер би болсаңдар, елді руға бөлмей, бір үлкен ауыл болып отыруды насихаттауларың керек.

Ауыр мінезді Түсіп үндемей, көбіне тыңдап келеді. Қаспақ да әлі Шоңның айтқанын іштей толғап келе жатқан секілді. Екеуі де сөзге араласпайды. Тек тыңдаушы ғана болып келеді. Сөзге беріліп келе жатқан жалғыз Әлсен ғана. Ол тағы да сөз туындатып:

— Сонда негізгі тіршілік көзі болып отырған малды қайда жаямыз? — Бұл да, ақылдасып алғандай, Телқозының сөзін қайталап отыр еді.

— Мен бұл туралы сендерге сан рет айтқанмын. Неге қайталай бересің! Бүкіл Нұра бойына қатарлап Тоқалар қоныстанып отырып алса, арасына келіп бір орыс қоныстанбайды. Сонда бүкіл өзен бойы сенікі болады. Нұраның терістігі мен шығысында қанша жер жатыр, сол мал үшін нағыз өріс. Өзен бойынан алыс жерге барып орыстар қоныстанбайды. Қазақтың барлық тіршілігі бұдан былай жалғыз малмен қалмайды. Ана орыстар тәрізді огородтар салу керек. Тағы да қайталап айтамын, үлкен ауыл болып отырсаң, орыс жуымайды. Оларға әлгі огородтарын салу үшін су керек. Сол себепті олар сусыз жерге бармайды. Ал мықтап қоныстанып алған елді орныңнан көш деп айта алмайды. Түсіндіңдер ме, қазіргі мәселе малда емес, сулы жерде. Егер шашырап отырсаңдар енді бір жиырма, елу жылдан кейін бүкіл Нұра бойына орыс қоныстанады. Менің осы айтқанымды орындамасандар, Тоқалар жақсы жерден айрылады. Ішім сезіп отыр, қазақ жеріне орыстың қоныстануы алдағы уақытта күшейеді. Орыс деген халық жер болса болды жүре беретін көрінеді. Мен орыстардың газет-журналдарынан оқып отырмын, бір шеті сонау шығыста теңізге дейін кетіп қалыпты. Оған қатынайтын темір жол салып жатыр. Ал мына іргесіне жақын қазақ жеріне міндетті түрде келеді.

— Шоң, орыстар біздің ауылдың іргесіне келіп қоныстанып алды ғой, енді оны қайтеміз, — деді Түсіп.

— Түсіп, олай болса анау Үлкен көңдегі отырған туыстар мен Елгелділерді көшіріп алыңдар. Содан кейін бір орыс жуымайды. Тағы да келуі мүмкін. Оны жасамасаңдар сан орыстар көшіп келе береді, маңайларына.

— Сен оны қайдан білесің. Сенімен ана ояз ақылдасты ма? — деп сұрады Әлсен.

— Әлсен, есіңде болсын, ешқашан саған орыстар мына жерге көшіп келетінін айтпайды. Ол жасырын шаруа. Ал қазіргі саясаттың өзі орыстардың қазақ жеріне көптеп келетінін дәлелдеп отырғандай.

— Ана орыстар айтып отыр ғой. Біз енді қасымызға басқа жақтан бір орысты жібермейміз дейді, біздің көршілеріміз, — деді Түсіп.

— Тура өз заемкасына жібермесе де, ар жағынан, бер жағынан келіп қоныстанып жатады. Ана сенің көршілерің оған қуанбаса ренжімейді. Ал ана сөзі сені алдау. Және оны шешетін Ақмолада отырған ояз да емес, одан жоғары отырған губернатор мен патша қасында отырған мықтылардың жоспары. Ал ояз соны екі етпей орындайды.

Мына сөзді естігенде Түсіп үндемей қалды. Оның орнына Әлсен айтты:

— Шоң, сен айтып отырсың ауыл арасы елу-алпыс шақырымнан болсын дейсің. Қалың Тоқа осы бір өзеннің бойына сия ма?

— Сыймаса анау Кұндызды жатыр, мына жақда Құланөтпес — бәрін жайлап алу керек. Неғұрым көп болып отырсақ, орыстар жуымайды. Содан кейін ана жер менікі, мына жер сенікі дегенді тоқтату қерек.

— Орыстар келіп тартып алмай ма?

— Ешқашан үлкен ауыл болып отырған елге тиіспейді. Қазіргі орыстың кіріп жатқаны елдің екі-үш үйден бөлініп отыруынан…

Сол күні олар Құлымбеттер ауылына келіп ат басын тіреген еді. Шоңның бұл ауылға келгенде ауылдың үлкен үйі Лаудікіне келіп тоқтайтын әдеті еді. Лаудың әбден қартайып болып отырған кезі еді. Шоң өткен сайлауда өзін қолдағанға риза еді. Не болса да дұрысына қарай сөйлей білетін Лауды ұнататын. Бұлар жайғасқаннан кейін Лау сөз бастаған болатын.

— Шоң, сен болыс болған соң осы жаққа орыстарды көшіріп әкеліп жатыр дейді. Сол шын ба?

— Оны кім айтты?

— Ана Қабайдың інісі айтты…

— Леке, есіңде болсын, мен қолымнан келсе бұл жаққа бір орысты жібермес едім. Бірақ менде ондай билік жоқ. Қазір орыстар не жасағысы келсе, соны жасайды. Қазақ қолынан жерге билік баяғыда кеткен. — Тағы да әкесі Телқозыға, Қожамжарға, мына үшеуіне айтқан сөзін қайталады.

— Бауырым-ау, өз алдына бір-бір ауыл болып қалған қазақ оған көне ме? -деді Лау.

— Заман өзгеріп барады, бүгінгі тіршілігіміз ертеңге жарамайды. Сол себепті, бәрін жағдайға байланысты ұйымдастыру керек. Басқа амал жоқ. Мына үш туысқанды ояз алдына апара жатырмын. Осыларды би сайлап, осылар маған көмектесе ме деген үміттемін.

Лау жабыса кетті.

— Бізден де би сайламайсың ба? Мен болсам қартайдым. Мысалы менің төрт баламның біреуін…

— Леке, би санын көбейткенмен ештеңе бітпейді. Және оны орыстар жасатпайды. Сіздің осы сөзіңізден бір кемшілікті байқап отырмын. Менің балаларымның біреуін дейсіз… Кұлымбетте сіздің балаларыздан басқа мықты жоқ па?

Лау Шоңның мына сөзіне сасып қалған ыңғайы бар. Содан кейін сәл үнсіз қалып барып айтты:

— Шырағым, Шоң, әркімнің көйлегі өз денесіне жақын дейді. Менің сөзім содан шығып отыр ғой. Бұл сөзің дұрыс. Құлымбеттен өзің таңдап сайла ендеше.

— Леке, қазіргі танда Құлымбетте сізден асқаны жоқ. Сіздің ұрпақтарыңыздан да сіздей адамдар табылар. Баяғыда Кенесарымен де тіл табысып едіңіз ғой. Келген орыстармен де тіл табысатын балаларыңыз бар шығар. — Шоңның бұлай айтуының сыры бар еді. Өткен жолы Шоң Ақмолаға барғанда ояз реніш білдіре айтқан болатын: «Шоң Телкозинович, анау Нұра бойына көшіп барған орыстар мен қазақтар жиі жанжалдасатын көрінеді. Соны қойғыз» деген. Бұлар тура Қараталға келген орыстар еді. Үш-төрт үй балықшылар болатын. Солармен Лау балалары жанжалдасқан ба, ояздың айтып отырғаны сол еді. Әйтпесе, осы жолы Құлымбеттерден де біреуді ала бармақ ниеті бар еді. Орыс балықшыларының көңіл-күйіне байланысты бұл жолы Құлымбеттерден би сайлауды кейінге қоя тұрған еді. Бәрібір ояздың өткізбейтінін білген. Осы арада Шоң үндемей отырып қалған. Лау оның мұнысын жақтырмады. Содан кейін сөз бастап кеткен:

— Бауырым, сен әлгінде Кенесары жайында айтып өттің ғой, қанша дегенмен ол өзіміз емес пе? Ал мына орыстың діні бөлек, тілі бөлек халық қой. Бұлармен сөйлескенде ұғыса алмай қаламыз. Содан дау туындап кетеді.

— Леке, ұғыса алмай қаламыз деген артық сөз. Орыс келді, олармен қайтсе де түсінісуіміз керек. Орыс Кенесарыны жеңді де, енді іргемізге кіріп алды. Енді одан құтыла алмайсыз. Артық кетпей, солардың айтқанын да тыңдауымыз керек.

— Бұл орыстарыныз қызық көрінеді. Малдарды бізге қарай жаймаңдар дегенді шығарып жүр.

— Жаймаңыздар десе, жаймаңыздар!

— Сен болыс болған соң соларды жақтан отырсың ғой.

— Менің сіздерге айтып отырғаным, орыстармен дау қазаққа ешқандай пайда бермейді. Түбінде солардікін дұрыс деп шығарады бастықтар. Леке, бізде ешқандай күш жоқ, билік соларда. Ал әділін айтсақ, орыстар да тыңдайды. Олай болмаса, біздің сөзіміздің оларға бес тиындық құны жоқ. Не істесек де солармен келісіп істеуіміз қажет. Орыстармен жанжалға бармау керек. Біз одан ұтпаймыз, ұтыламыз. Басқа амал жоқ.

— Шоң, бауырым, оны кімге айтып отырсың? Төрінен көрі жақын маған айтып отырсың ба?

— Осы отырғанның бәріне айтып отырмын. Әр ру адамдарының өз жағдайын ойлап сөйлейтін заман өткен. Енді бір Тоқа болып, тіпті бір қазақ болып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып өмір сүрмесек болмайды. Заман соны тілеп отыр.

— Шоң бауырым, бұл айтқан сөзің дұрыс. Дегенмен, заман өзгерген сайын жастар да өзгеріп бара жатыр ғой деймін…

Шоң бұл сөзді өзіне арнап, әдейі реніш білдіріп сөйлеп отырғанын түсіне қалды да:

— Заман өзгерген сайын адам да өзгереді. Уақыт талабы сондай… Ол үшін ешкімге кінә қоюға болмайды.

— Сен міне, орысша оқыдың. Соған орай осылай сөйлейсің ғой.

— Мен орысша оқығаннан емес, жағдайға байланысты айтып отырмын.

— Мына Жолтабарлар балаларды Ақмолаға орысша оқуға береміз деп қоймайды. Сонікі дұрыс па?

— Міне, Леке, іргеңе орыстар келіп кірді. Олардың тілін білген жақсы. Орыстармен олардың өз тілінде сөйлессек, жақсы ұғыса білеміз. Сонда дау да азаяды, онсыз болмайды.

— Жастардың бәрі сендей саналы емес. Өздерін ұмытып, сол орыстарға қызмет етіп кете ме деп қорқамын.

— Қолдан келер басқа дәнеңе жоқ. Біздің тіршілігіміз орыстармен байланысып кеткендей. Баяғыда мені оқуға жібергенде Жанкелді әкем айтқан: «орыс дұшпаның, соңдықтан оның тілін білген де жақсы» деп, орыстын да жақсы жағын үйренуге маған өсиет қалдырған еді. Сол сөзді басшылыққа алып келемін ылғи.

— Бұл айтқаның дұрыс, Шоң. Жаратушы саған өміріңді ұзақ етсін. Кейінгілерді дұрыс жолға бастай бер.

Әңгіме түннің бір уақытына дейін созылды. Талай әңгімелер айтылды. Шоң әкесі Телқозыдан естіген еді. Ол мынадай әңгіме еді: Баяғыда Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, Қоңырқұлжаның малдарын айдап әкетіп бара жатқанда жолда кездескен жылқыларды қосып алып отырады екен. Байлар малдарын сай-салаға қуып, тыға бастағанда, Лау жылқыларын тықпайды. Қайқаң көлінің жағасында жатқан екен. Алса алсын депті. Кенесары жылқыларды айдап алмастан бұрын ол малдың кімдікі екенін біліп отырады екен. Сонда шапқыншы мұның Лау мырзаның жылқысы екенін айтқанда, «Олай болса оның жылқысына тимендер. Оның малы — көптің малы» — деген екен Кенесары. Шоң отырып сол жайында Лаудан сұрады:

— Сонда Кенесары сіздің жылқыларыңызды неге әкетпеді?

— Мен біздің елден Кенесарыға көмектесуге баратын болған адамдарға бір-бір жүйрік аттан берген едім. Соны ол барғандардан естіп, сол жақсылығым үшін жасаған болуы керек…

— Әділ болған болды ғой онда…

— Ел оны қатыгез, жауына да, досына да мейірімі жоқ дейді. Ол бос сөз. Ол жағдайға қарай іс жасайтын.

Мен бірде Қайқаң жағасында отырғанмын. Түс ауа Кенесары келді. Дастархан жасап, тамақ әзірлеттім. Сөйтіп отырғанда, Нұра жағасында балық аулап жүрген бес орысты ұстап алып келді оның адамдары. Қасындағы татар тілмашы арқылы қайдан келе жатқанын, қайда бара жатқандарын түгел сұрады. Мен ол орыстарды білуші едім, балық аулап ішкі Ресейге жіберетін. Кенесары отырып менен сұрады: «Лау, мына кісілерді не істейміз», — деді.

Менің жаным ашып кетті де «Сұлтан, мен бұларды білемін. Ешкімге зияны жоқ, балық аулап жүрген орыстар» — дедім. «Олай болса, жіберіңдер», — деді ол. Бұл да әділдік емес пе? Тек айтқаны, орыс жерінде өзендер көп, балықты содан барып аулаңдар деді. Сол күні күн бата Кенесарылар оңтүстікке қарай жүріп кетті. Арада үш күн өткен соң орыстың бір бастығы келіп тұр. Қасында мен босаттырған орыстың бірі бар. Кенесарыны конақ еткенді біліп келген болуы керек, маған тиісе бастады. «Ол патшаның жауы, сен оны үйіңде неге қонақ етесің?».

«Мен оның кімге жау екенін білмеймін. Үйіме келді. Қазақ тәртібімен қонақ еттім. Міне, сен келдің. Сені де қонақ етемін. Отыр!» — дедім. Ол отырмады. Қасына ерген, мен босаттырған орыстан сұрады.

Әлгі орыс бастығынан қорықты ма, менің айтқаным жалған деп айта бастады. Қаным қарайып кетті. Қасындағы татар тілмаш жағдайды айтып, зорға түсіндіріп, әрең құтылдым. Бұл орыстардың да жақсылыққа жамандық жасайтыны бар екен. Соны білдім. Сонда әлгі орыстарға жаман ренжідім.

— Леке, ондай адамдар кез келген халықта болады. Ол соның арасында бір шен алғысы келген адам болар. Ол үшін жалпы орысты жамандамаңыз.

Лау үндемей қалды. Осымен сөз бітіп қалғандай болды. Дегенмен Лау Шоңның мына сөзін жақтырмай қалғандай.

— Болыс болған соң солай сөйлеп отырсың ғой.

— Солай сөйлеу — менің міндетім.

— Сен кешегі Жанкелді ұрпағысың. Олай сөйлеу саған жараспайды.

— Заман солай сөйлетіп тұр. Оған көнуіміз керек. Онсыз болмайды. Бірақ та орыстардың айтқанын жасай отырып, қазақ жағдайын да ұмытпау керек…

Лау бұл сөзді түсінді ме, түсінбеді ме, әйтеуір бұдан кейін сөзді көбейткен жоқ, үндемей қалды.

Танертең тамақ ішкен соң олар жүріп кеткен. Асықпай жүріп отырып кешкісін Ақмолаға жетті. Шоң болыс болып кеткелі Әйімкүлге сан келген. «Тамағы тоқ, көйлегі көк» дегендей жүріп жатқан. Қаниса қызындай етіп ұстап отырған. Бұлар келгенде үйде Карбышев отыр екен. Оның анда-санда Қаниса мен Аққыздың халын біліп тұратын әдеті бар еді.

— Шоң Телкозинович, келіп қалдыныз ба?

— Семен Иванович, мына үш адам болашақ билер, әдейі сізбен таныстыру үшін әкелдім.

Ояз Шоңның мына би етуге алып келдім дегеніне онша мән берген жоқ. Карбышев қазақ билерінің орыс шенеуніктері алдында беделі жоғары тұруын ұнатпайтын. Сол себепті, болашақ билер деген сөзге көңіл аудармады. Шоң оның билерге мұндай көзқарасын жақсы білетін. Жалпы, ол қазақта осындай билік басты адамдар болатынын ұнатпайтын. Жоғары жақ билерді қолдаған соң, амалсыздан көнгендей түр көрсетіп жүргенін Шоң білетін. Мұнысын түсініп отыр еді. Содан ба, билер туралы сөз қозғамай, Карбышев Шоңмен біраз отырып ананы-мынаны әңгіме етіп кетіп қалған. Ол кеткен соң Қаниса айтты:

— Шоң, сенің осы жерден кетуіңнің қажеті жоқ еді.

Бұл сөзді Әйімкүл ықпалымен айтып отырғанын түсінді. Қазір патшаның саясаты туралы айтса сөз көбейіп кететінін білді. Ертеңгі күні ол Карбышев құлағына жетіп қалуы да мүмкін еді. Қаниса өзіне жамандық ойламайтын, алайда, сөз ретіне қарай Карбышевке айтып қойса жақсы болатынын білді. Соны түсінді де:

— Әркімнің өз отырған жері бар ғой, мен елге барып қызмет еткенді дұрыс деп білдім. — Бұл сөзді Шоң әдейі Әйімкүл үшін айтып отыр еді. Оның қасында болмай, осында қалғанын жақтырмайтын онша. Әйімкүл көңіліне қарап, осында қалғаны ұшін ештеңе айта алмаған.

Қаниса Шоңмен еріп келген конақтарға жақсылап тұрып тамағын бергізді. Содан кейін оларға кең бір бөлмеге төсек салғызып берді. Төсекке жатып, оңаша қалған соң Шоң Әйімкүлден сұрады:

— Сен Оспанды сағындың ба?

— Мына Бәтжан жоқтатпайды.

Мына сөзді жанағы Шоңның «ел» деген сөзіне байланысты айтып отыр еді Әйімкүл. Шоң оның жалған айтып отырғанын сезіп отырған. Әйтпесе, оны бір ғана Сақыжаннан туғаны үшін жек көретін.

— Сен шыныңды айтшы, Оспанды сағынбайсың ба? — Бұл сөзді әдейі қайталап айтқан. Әйімкүлдің ішкі сырын білу ойы болатын мұнысы. Әйімкүл оның бұлай сөйлеп отырған себебін түсіне қалған. Өткен жолы бір келгенде Оспанды ыңғай сағынамын деген. Енді бұлай сөйлеп отыр. Ақмоладан кеткісі келмей отырғанын түсінді. Сол сөздің дәлеліндей, Әйімкүл айтқан:

— Шоңке, сұранып осында қайтып келмейсіз бе?

— Мен мұнда енді ешқашан келмеймін. Орыстардың қазаққа қандай көзқараста екенін білемін. Сол туысқандарымның арасында, елімде боламын. Сен де қайт, мұнда жалғыз өзің не аласың?

Өткен жолы да осыған ұқсас сөз айтқан еді. Шоңның жақтырмай жүргенін енді жақсы білді. Мына сөзден кейін басқаша сөйледі.

— Шоңке, сізсіз жүре алатын емеспін. Осы жолы бірге қайтамын, — деді Әйімкүл.

Шоң мына сөзіне риза болып, құшағына кысты. Әйімкүл де күйеуін сағынып қалған ба, құшағына кіре берді. Әйімкүл: «Сізбен бірге жатқанның өзі маған ғажап тіршіліктей көрінеді» — деді. Шоң бұл сөздің мәнін түсінді. Бірақ үндеген жоқ.

Шоң ертеңіне үшеуін ертіп ояз кеңсесіне барды. Кешегі ояздың мінезіне қарап бірден алып ішке кіруді ыңғайсыз көріп, үшеуін ауыз үйде қалдырды да, өзі кірді. Ояз жақсы күйде қарсы алды Шоңды. Ол бірден Нұраның бойына келіп қоныстанған орыстардың хал-жағдайын сұрады. Шоң алдымен осындай сұрақ қоятынын біліп алған. Сондықтан Захар ауылына Ақмолаға жүрер алдында барып қайтқан.

— Олардың жағдайы жақсы. Малдарын өсіріп, огородтарын салып, балығын аулап тұрып жатыр.

Мына сөзге ояз риза болып қалғандай. Бұл жайында сөзді бітіріп:

— Кешегі қасыңдағы адамдарың қайда? — деді.

— Олар ауыз бөлмеде тұр.

Карбышев қазақтың билерін жақтырмайтын, соған орай сөйледі.

— Осы билердің санын көбейтіп қажеті қанша?

— Семен Иванович, қарт билер ескіге қарай тартады. Бүгінгі заман талабына байланысты, осындай жас билердің болғаны жақсы…

Мына сөз ояз көңілінен шыққан сөз болуы керек, «шақыр, кірсін» — деді есікте тұратын адамға. Үшеуі кірген. Кешегідей емес, ояз үшеуімен де қол беріп амандасты. Оның бұл қылығы үшеуінің де көңілдерін көтеріп тастағандай.

— Сіздер мына Шоң Телкозиновичке қызмет етесіздер ме? — деп сұрады ояз.

Қу Әлсен айтты:

— Біз сізге, патшаға қызмет етеміз.

— Мен оны білемін. Сіздер алдымен мына Шоң Телқозиновичке қызмет етіңдер. Бұл кісіге еңбек еткендерің патшаға жасағандарыңыз болып табылады. Өйткені, бұл кісі біздің сол жақтағы өкіліміз. — Бұл сөзді ояз саясатпен айтып тұрғанын білді Шоң.

— Жасаймыз, — деп, үшеуі бірдей жарыса сөйледі.

— Олай болса, мен сіздердің би болғандарыңызға қарсы емеспін, — деді ояз.

Ояз ауылдағы билер тәрізді ортаға алып, біраз емтихан алғандай әуре ете ме деп қорқып келген бұлар. Мынасы тіптен оп-оңай болды. Тысқа шыққан соң Әлсен:

— Мына ояз қарсы емеспін дейді. Осының алдына әкелмей-ақ бізді би сайлауыңа болады екен ғой.

— Әлсен, бұл да саясат қой, ертеңгі күні ауылдағы билерге айтуға жақсы болады. Сендерді би сайлауға ояздың өзі қолдады деуге…

Қайта Қоңырқұлжа үйіне келді. Шоң Әйімкүлді салт атпен алып кетпек ойы бар еді. Бірақ ұзақ жолға салт атпен өзі екіқабат әйелді алып жүру қиын екенін түсініп, ол ойынан қайтты. «Сен бұл жолы асықпа, кейін атарбамен Жойқынбекке алғызамын» — деді.

Бірақ Әйімкүл Шоңның айтқанына көнбеді. Сол салт атпен бұлармен бірге жүріп кеткен еді.

Дос көңілді адам

Шоң келгенде анда-санда Карбышев оны үйіне ертіп апарып, болыстардың жұмысы туралы ақылдасатын. Ояз мұны қазақ психалогиясын жақсы білу үшін жасайтынын Шоң сезетін. Оның өзі де бала кезінде жергілікті халық арасында болған. Қазақ жайында мәліметі мол еді. Сонда да Шоңнан сұрайтын. Мұнысы Шоңның өзін де жақсы білу үшін жасайтынын сезетін. Содан кейін сөзден ұсталып қалмау үшін неше түрлі құйтырқы сөздер араластырып сөйлейтін.

Шоң кезекті бір келгенінде ояз оны үйіне ертіп апарды. Қазақтын мінез-құлқын Шоңнан артық ешкім білмейтініне оның көзі әбден жеткен. Сондықтан ана болыс солай жасап жүр, соған не істеуге болады деген тәрізді сұрақтар беріп, ақылдасып отыратыны бар еді. Шоң Карбышевтың мұны қулықпен жасайтынын білетін. Үндемей қалуға тағы болмайды. Онда ояз ренжиді. Шоң дұрысын, әділін айтуға тырысатын. Бүгін де пікір алу үшін шақырған шығар деген оймен үйге кіріп келсе бір бейтаныс орыс отыр екен. Карбышев сөз бастап кетті.

— Петр Константинович, сізге айтқан адамым осы кісі болады. Орыс тілін менен де жақсы біледі.

Мына сөзді естіп әлгі адам қуанып қалды. Орнынан тұрып, Шоңға қолын берді.

— Мен жергілікті адамдармен сөйлесуім қиын бола ма деп қауіптеніп жүр едім, бұл кісінің орысша білгені қандай жақсы болды!

Карбышев жасырған жоқ, турасына көшкен еді.

— Петр Константинович Санкт-Петербургтегі шенеуніктер алдында кінәлі болып қалып, осылай жіберген екен. Шоң Телқозинович, бұл адам киргиздардың арасында тұрамын дейді. Оған қалай қарайсыз?

— Мен бұған қуанбасам, ренжімеймін!

— Ендеше, сіздің аулыңызда тұрсын. Қанша тұратынын Петр Константиновичтың өзі де, мен де білмейін. Ол мәселе жоғары жақтың қолында.

Қазақ жерін жаулап алғаннан кейін саясатпен сотталған адамдарды, жер аударылған адамдарды Сібірмен қоса осы жаққа жер аударып тұру әдетке айналған еді. Шоң оны жақсы білетін. Ақмолада істеп жүргенде мұндай адамдардың санын көрген. Оларды көбіне Ақтау, Ортау тәрізді кісі аз бекіністерге, жаңа құрыла бастаған Атбасар сияқты орыс станцияларына жіберетін. Қазақ ауылына жібермермейтін. Оның үстіне тілді білмегендіктен бе, олар қазақ арасына баруды қаламайтын. Ал мына кісі өзі киргиздар арасына баруға сұранып отырғанын біліп, қуанып кеткен. Мұндай адамдар орталықта не болып жатқан, саясаттағы жағдайды жақсы білетін, бір ғажабы жасырмай ашық айтатын. Шоң осы жаққа жер аударылып келген бірлі-жарым адамдармен сөйлесіп, көзі соған әбден жеткен еді. Мына адамға осынша қамкорлық жасап, өзінің тілеген жеріне жіберуіне қарағанда Карбышевтің бір жақын таныс адамы деп ұққан еді Шоң. Біраз таныстықтан соң Карбышевтің пәуескесімен екеуі Нұра бойына жүріп кетті. Жолай келе жатқанда конағы айтқан, мені Сібірге қарай жіберіп коятын еді. Санкт-Петербургте бір жолдасым бар еді, сол Омбыдағы бір жолдасына хат жазып берді. Сол кісінің арқасында осылай — онтүстікке қарай жіберді.

Бұл адамының аты — жөні Петр Константинович Карпов екен, былай шыққан соң әлгі адам өз өмірінен біраз хабар берген. Осылайша Шоң қонағының өз аузынан өмірі жайлы біраз мәлімет алған. Содан екеуі жақсылап танысып алды. Карпов Шоңнан бұл жақтағы ауа райы туралы сұрады. Ептеген өкпе ауруы бар еді, содан қорқып келе жатқанын да жасырған жоқ. Шоң оның қазақ аулына келуінің тағы бір сырын білгендей болды. Кейбір орыстың өкпесі ауыратын мықтылары Ақмолаға келіп, қазақтарға өзен жағасына бірнеше бие байлатып, жаз айларында жатып қымыз ішетінін білетін. Содан Шоң оның қойған сұрағына байланысты жауап берген.

— Біздің жақтың жазы ыстық, қысы суық болады. Суығы Сібірден бір кем емес екенін, орыстардың өз аузынан естіген еді Шоң.

Мына сөзді естіп ол қорқып кеткендей болды.

— Мен байқап келе жатырмын, киргиздардың көбісі киіз үйлерде отыр екен. Ондай суықта қалай тұрады?

— Жақсылап жан-жағын дұрыстап жапқан киіз үйлер жылы үйден кем емес, ортасына от жағады да отыра береді. Киргиздар көшпелі халық қой, тіршілігі соған үйренген.

Қонағы оның мына сөзіне не сенерін, не сенбесін білмеді. Карбышев алдында айтқан, бұл кісі жалған сөйлемейді, дұрысын айтады деген. Алайда, қонағы күдігін де жасырмады.

— Мен тәрізді ауру адамдарға қиын болатын шығар. — Қонағы жолай жылы үйлерді көріп келе жатқан, соны көрсетіп, мына үйлерде сонда кім тұрады деп сұраған еді.

— Ал байлар жылы үйлер де салып алады. Бір сөзбен айтқанда, орыс ағайындардан көріп, солардың тұрмысына да ыңғайланып келеді. Енді бір он жылдан кейін келсеңіз, қыс айларында киіз үйде отырған қазақтардың бәрінің жылы үйге көшкенін көресіз. — Бұл сөзді де Шоң өзінің ішкі есебімен айтып отыр еді. Қазақтардың орыс тұрмысына көшкенін мына білімді адам ана жақтағы мықтыларға жеткізетіне сенімді еді. Бұлай сөйлегенде қазақ тұрмысын жақсартуға көмегі тие ме деген үміті де бар еді. Карпов отырып айтқан еді:

— Мені бұл жақта ұзақ мерзімге қалдыра ма деп қорқамын. Бұл жақтың тұрмысына үйренбеген адаммын ғой.

— Бұл жаққа талайлар сіз тәрізді келіп, мерзімінен бұрын қайтып кеткендері көп. Сізге де соны жасауы мүмкін.

— Сіздің айтқаныңыз келсін. Санкт-Петербургте мені талай жұмысым күтіп тұр. Соған асығамын. Әйтпесе, бұл жақта сіз тәрізді адам тұрғанда маған жақсы жағдай жасалатынына сенемін.

— Петр Константинович, мұнда өзі үйіңдей сезінесіз. Барлық жағдайды жасаймын. — Шоңның өзі де осындай білімді адам кездескеніне қуанып келе жатыр еді. Ресей өмірінен біраз жаңалық еститініне сенімді болатын.

Қаладан шыққан соң Шоң бір жерден қымыз ішіп алайық деді. Бұл жаққа жер аударылумен бірге емделу үшін де келе жатқанын білген Шоң ауыл шетіндегі кішкентай қоңыр киіз үйге бұрғызды аттың басын. Бұл Ағыстардың ішіндегі Таймас атты би болатын. Бұлар келгенде ол есік алдында отыр еді. Шоң пәуескеден түсіп келіп шалдың қолын алды.

— Таймас аға, денсаулық қалай?

— Құдайға шүкір, отырмын ғой…

Шоңның қасындағы орысты көріп, «Бұл бірге жақсылық оймен келе жатыр ма, әлде жамандық оймен жүрген орыс па» — деп сұрады.

— Таймас аға, оны өзім де білмейін…

— Білмесең неге ертіп жүрсің?

— Ояз тапсырған, содан кейін мен не істеуім керек?..

Шал сәл үндемей қалды да, кемпіріне қымыз алғызды. Кемпірі үлкен екі шараяқты толтырып қымыз әкелді. Шоң әуелі қасындағы серігіне берді. Екіншісін өзі алды. Таймас отырып, «Шоң, бүгін осында қон, мал сойғызайын» — деді.

— Ағасы, асығып барамын, тағы бір реті келгенде келіп қонармын. — Шоңды Таймас шалдың айтқан әңгімелері қызықтыратын. Қазақтың өткен-кеткен тарихын жақсы білетін. Сан рет қона жатып естіген. Бір ғажабы, бұл үйдін кемпірінің қолынан шыққан қымыз ғажап дәмді болатын. Шоң екі-үш рет Әйімкүлді Таймастың кемпіріне ертіп келіп қымыз дайындауды үйреткен еді. Шоң қонағына қазақ қымызының дәмін осы үйден көрсетуді ойлап әдейі алып келген.

Қымыз ішкен соң олар жүріп кеткен. Былай шыққан соң Шоң сізге қымызы ұнады ма деп сұраған конағынан.

— Қандай екенін білмеймін. Денсаулыққа жақсы болатыны туралы дәрігерлер айтқан соң, іше беремін. Карбышев әкелген қымыз ащылау еді. Ал мына үйдікі тұщылау ма, айыра алмай қалдым. Дегенмен, дәмді екен.

— Бұл кісінің бәйбішесі қымыз ащытуды біледі. Сондықтан жақсы. Ал үй иесі аристократ адам. Бұл уезде бұдан өткен аристократ жоқ!

Карповке Карбышев киргиздардың барлық аристократтары ақ киізбен жабылған үйлерде тұрады деген. Ал мына болыс ақ киізді үлкен үйге апармай, лашыққа әкелді. Көңілін мазалап кеткен сұрақты қойды.

— Бұл кісі киргиздардың аристократиясына жатса, неге нашар тұрады?

— Нағыз аристократ осы кісі. Бұл кісі атақты би болған. Сол міндетінен өзі сұранып шығып кетті. Қоңырқұлжа дуанбасы болып тұрғанда. Казір бұл кісіге билік айтуды сұрап ешкім келмейді. Бір кезде Кенесары Ақмола бекінісін талқандап, кейін ақыл сұрап осы биге келген. Сонда бұл кісі оған, сен бәрібір жеңілесің, патшамен келісімге кел депті. Сол сөзі үшін барлық малдарын айдап әкетіпті. Екі баласы бар еді, оларды да зорлап Кенесары алып кеткен. Олардан осы уақытқа дейін хабар жоқ. Сірә, соғыста өліп қалған болуы керек. Қыздарын алған құдалары бар. Олар қазір бұған қарамайды. Бұл да оларды ұнатпайды. Бұл адам өзінше тіршілік кешіп жатқан адам.

— Аянышты өмір кешіп жатыр екен. Мынадай адамды мемлекеттік жұмысқа тарту керек ғой.

— Бұл кісі патшаның жүргізіп отырған саясатын да жақтырмайды. Сондықтан Карбышевке ұнамайды. Және өмір бойы төрелермен айтысып келеді.

Карпов төрелер кім екенін білмейтін болып шықты. Содан кейін Шоң қонағына түсіндірді:

— Олар Шыңғыс хан тұқымынан шыққан адамдар. Пәлен ғасырлар бойы қазақтарды билеп келген. Сондықтан оларды төрелер атап кеткен.

— Олар көп ме?

— Хандар алты-жеті әйел алған. Олардың баласы да сөйткен. Содан кейін көбейген. Қазір олардың саны бірнеше мыңға жетеді.

— Олардың халық арасында беделі бар ма?

— Менің байқайтыным уақыт өткен сайын төмендеп келеді. Әуеліде төрелердің орыс шенеуніктермен ара қатынасы жақсы еді. Кенесары жеңілгеннен кейін, оларға да басқаша қарайтын болды. Бұрын осы Ақмола жерін дуан деп атайтын. Оны өзіңізге Семен Иванович айтқан шығар, Сәмеке ханның тұқымы Қоңырқұлжа деген аға сұлтан биледі. Ол кезде хан заманындағыдай киргиздарға төрелер билік жүргізетін. Енді уез атанды. Оны Карбышев басқарады. Биліктен айрылған төрелердің халық алдындағы беделі де төмендеп кетті.

— Сіз олардың беделінің төмендеуіне қалай қарайсыз?

— Мен әуелден оларға дұрыс қарамаған адаммын. Өйткені, халықты екіге бөлді. Ел билігіне ыңғай төрелерді тартты да, басқа төре еместерді екінші дәрежелі адамдар санады.

— Қазіргі уақытта олардың орыстармен арасы қандай?

— Бір кезде Шыңғыс хан тұқымдары орыстарға билік жүргізді ғой, содан қалған ыза бар тәрізді. Орыстар билікті өз қолдарына алған төрелерді енді сырғыта бастады.

— Төрелердің биліктен кете бастағанына қалай қарайсыз?

— Киргиздарды осы күйге жеткізген солар ғой. Оларға мен қалай қараймын…

— Ал сіз орыстарға қалай қарайсыз?

Шоң орыстармен орыстар туралы сөйлескенде сақ болатын. Қазір де сол сақтығына салып:

— Әзірге орыстар туралы ештеңе айта алмаймын. Оларға киргиздардың қандай көзқараста екенін болашақ ұрпақ айтады.

Шоң көбіне жол бойы «киргиздар» сөзін «қазақтарға» ауыстырып отырды. Орыс шенеуніктері Шоңның киргиздар сөзін қазақтармен ауыстырып сөйлегенін ұнатпайтын. Олар реніш білдіргенде Шоң айтатын: «Орыстар келмей тұрғанда біз бір-бірімізді қазақпыз дейтінбіз. Содан аузым үйреніп кетіпті». Орыс шенеуніктері үндемейтін, олардың бұл сөзге қалай қарайтынын білу қиын еді. Ал казак-орыстар жанжал шығаратын. Казактар сіздер емес, біз боламыз дейтін. Оларға қарсы шығуға болмады, сондықтан Шоң жеңілгендей болып қоятын.

Мына қонағы жалпы жергілікті халық қазақ аталатынын білмейтін болып шықты. Содан кейін сұраған:

— Бұл арада казактардың қандай қатысы бар?

— Петр Константинович, біз киргиздар емеспіз, қазақтармыз. Киргиздар Алатаудың ар жағында жатады. Қазақ біз боламыз. Орыстардың бәрі ыңғай қазақтарды қиргиздар дейді. Бұл дұрыс емес. Қателесу бар. Анау Ташкент қаласынан бастап Омбы қаласына дейін тұратын, сонау Саян тауларынан басталып, Каспийге дейінгі аралықта жатқан халықтар бір тілде сөйлейді. Олар өздерін қазақпыз дейді. Бәрін орыс тарихшылар шатастырып жүр. Әуеліде бұл жақтың халқын зерттеуші ғалымдар бізді «киргиздар» деп жазып қойған. Содан құтыла алмай қойдық.

— Сонда казак-орыстар қайдан шыққан деп ойлайсыз?

Шоң мына адам шын білмей тұр ма, әлде әдейі бір қулықпен сұрап тұр ма — білмеді, айтуына тура келді.

— Петр Константинович, әуелі қазақтар туралы анықтайық, орыс казағына содан кейін келеміз. Орыстың оқымыстылары шатасып бізді киргиз-қайсақтар дейді. Оған себеп болған Байқал жақтан Ыстықкөлге қарай көшіп бара жатқан киргиздарға кездесіп, олардан «сендер кім боласыңдар» деп сұраған сияқты, сонда олар «біз киргиз боламыз» деп айтқан тәрізді. Содан орыс оқымыстылары да айырмай келеді. Петр Константинович, сонау Ақсақ Темір заманынан бері қарай мен айтқан жерлерде тұратындар өздерін қазақтар деп атайды. Бір мың төрт жүзінші жылдың ортасында жергілікті халықтың хандығы құрылған. Оған дейін Шыңғыс тұқымдары билеген хандардың атымен атаған. Біздін біраз жерімізде Орыс хан билік жасаған. Одан басқа, тағы да Шыңғыс хан тұқымдары басқарған бірнеше хандықтар болған. Орыс шенеуніктері мен ғалымдары бізді қазақ атамай, киргиздер дейді. Мұндағы ойлары — келешекте мен атаған аймақты казактар жері деп атау ниетінен туып отырған жағдай болуы керек. Мен айтып отырған халықтың өздерін «қазақпыз» деп атауы — Темір өзін билеген жердегі қазақ тілдес халықтарды Өзбек елі атаған соң, осы жерде тұратындар өздерін Қазақ хандығы де атап кеткен.

Карповтың Орыс ханнан хабары бар екен, ол Шыңғыс тұқымынан емес пе деп сұрады.

— Кешегі Абылай да, одан кейінгі сұлтандар да — бәрі төрелер. Олардың бәрі моңғолдардан шыққан. Шыңғыс хан тұқымы болған соң, әлгінде мен айтқан төрелер деп аталады. Сондықтан олардың қазақтарды киргиз атауында жұмысы жоқ.

Карпов Шоңның мына айтқанына таң қалғандай, сенбеген адамдай біраз ойға беріліп отырып қалып барып тіл қатты:

— Сонда қалай, қазақ деген сөз орыстардың казагынан шыққан жоқ па?

Шоң мәселенің бәрі, шатасу да осында жатқанын білетін. Орыстардың қазақтарды өз атымен атағысы келмей, киргиз-қайсақтар деп жүргені содан екенін түсінетін. Келешекте қазіргі қазақтар мекендеген жерлерді казак жері деп жариялау мақсаттары бар екенін сезетін. Шоң жасырған жоқ, турасын айтқан, қазір казактарды біздің жерімізге көптеп көшіріп әкеліп жатыр. Оған ел басқарған төрелер де онша мән бермейді. Түбінде бұл жер казактардікі дейді. Бұл әріде жатқан саясат. Мен сізге айтайын, қазақтың қазағы орыстың казагынан шамамен бір ғасырдай бұрын шыққан.

— Сіз мұны қалай дәлелдейсіз?

— Өзбектер өздерін Алтын Орданың Өзбек ханы атымен атағанда, қазақтар да соған еліктеп, сонау Алтын Ордадан Шу бойына көшіп келген Жәнібек-Керей хандар мемлекет құрып, өздерін Қазақ хандығы атаған.

— Ал сонда қазақ деген кім?

— Ол төрелер де емес, қыпшақтан шыққан хан. Оңың мекені қазіргі Украина жерінде болған. Оның өз алдына хандық құрғанын көре алмаған Шыңғыс тұқымдары құртып жіберген кезінде. Ол хандық сол бойы жоқ болып кеткен. Біздің адамдарымыз ол туралы тіптен білмейді. Өзбек хандығына ыза болған Шыңғыс хан тұқымдары Керей-Жәнібек ана туысқандарына ерегісіп хандық атын Қазақ деп атаған. Бірақ негізгі халық қыпшақтардан болған соң осылай атаған болуы керек. Әлгі адамның қазақ болып аталуынын себебі, Түріктерде қазақ деген сөз болған. Біздің арғы тегіміз түріктерден шығады ғой. Осы араны бұдан пәлен ғасыр бұрын түріктер жайлаған. Мен ел арасындағы сақталған аңыздарға қарап осындай қорытындыға келдім. Үлкен әкем де осылай деп айтып отыратын. Ақсақ Темір өзін Барлас руынан дейді. Ол да қазақтардың Найман, Арғын деген рулары тәрізді. Кейін мемлекет басына келген Ақсақ Темір өзін Шыңғыс ханға жақындату үшін Барлас руынан шыққанмын деп жиі айта береді екен. Оған нағыз Шыңғыс хан тұқымынан болған хандар келіспеген. Олар мен Ақсақ Темір арасында араздық туған. Солардың арасында Керей-Жәнібек болған. Содан кейін олар Өзбек ағайындарына ерегісіп өздерінің мемлекетін қазақ атап кеткен. Кейін олар бұл атауды өзгертпекші де болған. Өз аттарымен атамақшы болған. Бірақ халықтың арасында бұл атау жайылып кетіп, түк істей алмай қойыпты хандар. Содан бері бұл жергілікті халықтан өздерін жоғары ұстау үшін Шығыс хан тұқымдары өздерін «төрелер» деп атап кеткен. Мұны менің Жанкелді деген үлкен әкем айтатын, ал орыстардың Ресей жерінен қашқан-пысқандары біздің шекарамызға келіп қоныс теуіп, көрші отырған қазақтарды көріп, соған лайықтап казак атап кеткен дейтін өздерін. Бұл сөзді Шоң Алексей аузынан естіген сөзге негіздеп айтып отыр еді. Казактың қалай пайда болғанын Алексей аузынан естіген соң сенімі күшейе түскен еді. Бірақ ол туралы мына адамға айтпаған, қиын деп білген. Сондықтан бұл жерге көшіп келген казактар жоғары жақтың нұсқауымен бізді киргиз, кейде қайсақ дейді. Терістікте қайсақ атауын алған аз халық болуы мүмкін. Бұл арада саясат араласқан.

Шоң бәрін жақсылап келтіріп тұрып айтқан еді. Алайда, бұл айтқаны Карповтың көңілінен шықты ма, шықпады ма, біле алмаған еді.

— Шоң Телкозинович, егер ол адам атақты болса, сіздің елдің тарихында қалай сақталып қалмаған.

— Мен сізге кезінде Шығысхан ұрпақтары оған жау болғанын айттым ғой. Тіпті, оны тас-талқан етіп жеңіп, соғыста болған адамды түгел өлтіріп жіберген. Ол Отырар ханы Қайып ханнан кейін қыпшақтан шыққан, Шыңғыс хан тұқымдарына қарсы тұрған екінші хан. Египет жерін де бір кезде Бейбарыс атты қыпшақ билеген. Шыңғыс хан тұқымдары оның да көзін құртпақ болған. Египетке қарсы соғысқа аттанған. Ал сол Шыңғыс хан тұқымдарының әскері Бейбарысты жеңе алмаған. Бірақ ол туралы бір қазақ білмейді. Бәрі насихатқа байланысты.

— Менің таңқалғаным, сол аталған хандықтарды Шыңғыс хан ұрпақтары сол қыпшақтардан шыққан әскерінің күшімен қырды ғой.

— Арада пәлен жүз жыл өткен. Олар қыпшақ екенін қайдан білсін. Петр Константинвич, есіңде болсын, есімі жиі айтылмаса адамдар тегін тез ұмытып кетеді. Менің сізге айтып отырғаным — сол қыпшақ мемлекетінің адамдарын түгел дерлік қырып жіберген. Турасын айтқанда, Шыңғыс хан тұқымдарының бастауымен қыпшақтарды қыпшақтар қырған. Содан қалған бірен-саран адамдар қазақ атын атауға қорыққан. Ал олардың балалары тіптен қыпшақ екенін де білмеген. Сондықтан ол хан есімі біржола ұмытылып кеткен. Менің ойымша тарих әділдікті жақсы көретін болуы керек, қараңызшы, ақыры сол қазаққа жау Шыңғыс тұқымдарының өзі өз хандығын соның атымен атап отырғанын. Ешбір қазақ казір ол хандық туралы білмейді деуге болады. Хан аты қазақ бар да, ал ол туралы ел жадында сақталған ештеңе жоқ. Қазақтар ол кісінің кім екенін де білмейді Хан тұқымдары оны елге жаманатты көрсету үшін кезінде кәззап, жендет деген сөздермен жайған көрінеді. Шын мәнінде, біздер, қазақтар өзімізді қазақ емес, қыпшақ деп атауымыз керек еді. Шыңғыс хан мемлекеті қыпшақтардың арқасында жеңіске жеткен кезінде. Хандар оны болдырмау үшін өз елдерін билеген хандардың атымен атаған еді. Бұл нағыз тағдырдың тәлкегі шығарға болжаймын. Олай болмағанда, қазіргі Өзбек, Қазақ деген ел болмай, өз алдына үлкен бір қыпшақ мемлекеті болар ма еді, кім білген…

— Сонда менің таңқалатыным — сіздердің халықтарыңыздың негізі қыпшақ болса, елді неге «қыпшақ елі» деп атамаған.

— Петр Константинович, әр хан өз мемлекеті болуын қалаған ғой. Әрбір монғол хандарында кеуде бар, олар ешқашан қыпшақ атауынан өздерін аулақ ұстаған еді. Бір бірінен айыру үшін ел басқарған төрелер әрбір хандықты өз атымен атаған. Содан бөліне берген. Славяндарды қараңыз, кейін қалай болды: орыстар, украиндықтар, хорбаттар, тағы да толып жатқан славяндар бар. Сірә, халық өздерінің өсіп-өнуіне байланысты, бос жерлерді қоныстанудан бөліне берген болуы керек. Соған орай ел атауларына байланысты жаңа атаулар туындай берген. Кез-келген атау өзінен өзі шықпайды. Оның себеп-салдары болады.

Карпов Шоңның орысшаға сауатты болуымен бірге, тарихи мәселелерді өте жетік білетін адам екенін де жақсы зерделеді.

— Сонда сіз айтыңызшы, жалпы, осы жерді мекендеген халықтар қайдан шыққан?

— Бұл жерді мекендеген Арғын, Найман, Керей, Уақ, жаңағы мен айтқан Темір руы Барлас, басқа да көптеген рулар болған. Қазіргі қазақ жерінде тұратын тайпаларды біріктірген тіл еді. Хан тұқымдары осы үш жүзді үшке бөліп, үш мемлекет жасамақшы болған. Алайда, бірінен бірі қыз алып, құдандалы болып отырған халық бөлінбеген еді. Сол үш жүз осы уақытта дейін сақталып келеді. Менің ойымша, татар, башқұрт, өзбек, өзіңіз айтып отырған қырғыздар бір кезде бір халық болған сияқты. Сол кезде бізге мұсылман діні келген. Кейін әр тайпалардан өз мықтылары шығып, өз алдына ел болып өздерін өздері билей бастаған. Бәрінің үстінен қарайтын хандар болған. Мәселен, қазаққа ең жақын халық өзбектер анау ар жағында жатқан ирандықтармен жақындасып, қазақ пен өзбек Алтын ордадан бөлініп шықса да, кейін бірін-бірі түсінбейтін жағдайға жеткен. Тілдері бірінен-бірі алшақтап кеткен. Ал біз олардан бұрын бөлініп кеткен татарларды жақсы түсінеміз. Біздің осындай елдіктен айрылуымызға алдымен ел басқарған адамдар кінәлі. Олар ел туралы ойлаған жоқ, өздерінің беделін күшейтіп, билігін молайту қамында болды. Бір кезде негізі бір Орыс ханмен Тоқтамыс бірімен-бірі соғысты. Бір халықты біріне-бірін жау етіп қойды. Осылай біртіндеп бір тілді, бір дінді халық әр түрлі халықтар болып кетті.

— Сіздің мына айтып отырғаныңыз ғажап тарих екен. Егер кезінде ұйымдастырушы адам болғанда ол мемлекет жер бетіндегі адам айтып болмас үлкен мемлекет болады екен ғой. Сіз қандай оқу орнын бітірдіңіз?

Бұл сұрақты бұрын Шоңмен кездескен адамдар жиі беретін.

— Үш жылдық татар-орыс мектебін бітірдім. Дұрыстап айтқанда, киргиз-орыс мектебі болар. Өйткені, оқудың бәрі татар-орысша жүргенімен негізінен киргиз балалары оқыды. Сондықтан қазір кейбір орыстар киргиз мектебі деп атап жүр.

— Әлгі айтқаныңыз ешкім білмейтін тарих ғой. Сол туралы жазыңыз!

— Петр Константинович, бір кезде мен «Омбы ведомосына» қазақ, казактың қайдан шыққаны туралы жазғам. Сол үшін менің өзімді кінәлап жазып жіберіпті. Карбышевтің арқасында қалдым. Әйтпесе, мені Сібірге айдатып жіберетін түрлері де бар еді.

— Әр нәрсенің өз уақыты бар. Одан озамын дегенмен түк шықпайды. Сіздерге де халқыңыздың дұрыс атауын уақыты келгенде амалсыздан береді, оған уақыт керек. Мен оған қанша заман керек екенін тап басып айта алмаймын. Шыдау керек. Бірақ сіз білгеніңізді қағаз бетіне түсіріп кетіңіз. Келешек ұрпақ сіз білгенді білмеуі мүмкін.

Шоң мына адамның дұрыс ойлап, дұрыс ақыл беріп отырғанын біліп, енді оған деген айрықша сенім пайда болды. Шоң еркін сөйлей бастады.

— Петр Константинович, бір кезде казіргі Ташкент қаласына жақын жерде Отырар деген шаһар болған. Бұл қала заманында дүние жүзіндегі ең үлкен қалалардың бірі болған. Соны Шыңғысхан алты ай қоршап жатып, ала алмаған еді. Шын мәнінде Шыңғысхан сол заманның ақылды адамы болған сияқты. Қала маңайында барлық қыпшақтар арасында үгіт жүргізіп, сендерге мына батыста жатқан халықты бағындырып беремін. Әрқайсың бай боласыңдар, ондаған құлдарың болады деген еді. Олар Шыңғыс ханның сөзіне сеніп қалды. Содан Отырардың ханы Қайыр ханды кыпшақтардың өзіне талқандатты. Әйтпесе, Шыңғысхан өздерінің аз төлеңгіттерімен орыстарды да, Орта Азияны жаулап ала алмас еді. Ел басшылығы ақылды болып, мықты әскері болса, оған қарсы келер күш жоқ. Шыңғысхан ақылды да, айлакер болған. Егер Қайыр хан одан ақылды болса, казіргі тарих басқаша ме өрбір ме еді, кім білген?!

— Бұл сөзіңде шындық жатыр. Тарих дөңгелегі басқаша айналар ма еді…

— Сіз өзіңіз айтқан ол жағдайды қалар ма едіңіз.

— Мен оған көз жеткізе алмаймын. Сондықтан айта алмаймын.

— Петр Константинович, патшаның басқа елдерді басып алу саясаты дұрыс деп ойлайсыз ба?

— Әрине, дұрыс емес. Кез келген ел өзінің елдігін сақтап қалғысы келеді. Ол үшін белгілі бір шекарадан шықпау керек. Кешегі Шыңғысхан құрған мемлекет қайда кетті? Темір құрған, Александр құрған империя қайда? Бірі жоқ. Сол сияқты Ресей де құшағы жетпейтінді құшақтайын деп отыр. Ол болмайтын шаруа. Оның азабын орыстардың ұрпағы көреді. Сондықтан көрші мемлекеттерді жаулап алу емес, олармен сауда-саттық жасап, сол арқылы тарту керек. Бейбіт сауда болған жерде жақсы өмір болады.

— Петр Константинович, сіз осы туралы неге жазбайсыз?

— Соным үшін таяқ жеп жүрмін ғой. Санкт-Петербургтен қуып жіберді. Сіз әлгі тарихқа байланысты хабарды қайдан алып жүрсіз?

— Қазақта жазылған тарих жоқ. Біздің қазақтардың бір қасиеті — атадан әкеге, әкеден балаға ауысып отыратын ауызша тарих бар. Солай сақталып келеді тарихымыз. Өз руының қайдан шыққанын әрбір қазақ жақсы біледі. Міне, осылайша халықтың тарихы жазылған. Халық арасында оны шежіре дейді. Әрбір рудың шежіре жазатын адамдары болған. Мен соларды көп жинаймын, зерттеп оқимын. Сонымен қатар, біздің тілімізге жақын татарлардың кітаптарын көп оқимын. Мен орыс тілі арқылы батыстың ғалымдарының да жазғандарымен танысып келемін. Оларда біздің тарихымыз туралы жазбалар жоқ. Тек Шыңғысхан туралы айтылған жайттар бар. Тіпті қазақ деген халық бар екенін де білмейді.

Екеуінің арасында басталып кеткен әңгіме бірнеше сағаттан астамға созылды. Бірталай мәселелер айтылды. Шоңның оған айтқан, Карповтың бұған айтқан әңгімелері екеуіне де қызықты болып көрінді. Шоң:

— Сіздердің тарихтарыңыз қағаз бетіне түскен. Ал бізде, өзіңіз естіп отырсыз, жазылған тарих жоқ. Кейбір адамдар ойына келгенді жазып, нағыз тарихты бүлдіргендер де бар. Көп жалғандық кіріп кеткен. Менің ойым — шамам келсе, қазақ тарихын жазып қалдыру мақсатым бар. Сіз оған қалай қарайсыз?

— Сіз оны жасасаңыз, үлкен жұмыс тындырдым деп есептей беріңіз. Біздің орыс тарихшылары мақтап жазады. Біз одан ұтпаймыз, керісінше ұтыламыз. Тарихты қоспасыз, сол қалпында жазу керек. Кемшілікті де көрсету керек. Сонда ғана келешек ұрпаққа пайдасы зор болады.

— Маған Карамзиннің жазған орыс тарихы ұнайды.

— Оның жазғанында да көп кемшіліктер бар. Патша маңайында отырғандардың ықпалына кетіп қалған сәттері көп. Солар мақұлдаған соң басып отыр. Онда көп орынсыз мақтау бар. Мен соны түзеткім келеді. Оны жасай алсам, үлкен іс тындырдым деп есептер едім. Оның жазғандарында шовинистік көзқарастан туындаған жайлар көп. Мен соны айтқаным үшін таяқ жеп жүрмін. Осы жаққа неге келдім дейсіз. Тарихи шындықты жазғаным үшін заң орындары жер аударып жіберді. Мен оған мойымаймын. Сіз де тоқтап қалмаңыз. Жаза беріңіз. Бүгін баспаса, келекшекте бір басады. Шынайы тарих қайтсе де шығады, оны тоң мойындар түбінде мойындайды, амалсыздан.

Мұның бәрі жолда болған әңгімелер еді. Ауылға келгенше бірін-бірі тыңдауға деген құмарлық тіптен күшейе берді.

Мына адамның тарихқа құмарлығы Шоңның онымен әңгімелесуін тіптен арттырып, күшейтіп жібергендей болды. Бұл адам да өзі тәрізді тарихқа құмар екен. Сол жағдай екеуін жақындастыра түскендей. Тарих туралы әңгіме күн сайын бірнеше сағатқа созылатын. Қараағашқа келген соң Карпов үшін он төрт қанат кең үй тігіп, сонда орналастырды. Шоң Әйімкүлдің өзіне тапсырған:

— Бұл адам көптің бірі емес, тамағын, бәрін өзің дайындап беріп отыр, — деген еді.

Әйімкүл де Шоңның айтқанын орындап жүрді. Шоң Карпов келгеннен кейін бір мол жұмысқа кіріскенін байқап, қонағының мазасын алмау үшін кіре бермейтін. Анда-санда ғана кіріп шығатыны бар. Бір күні Әйімкүл келіп:

— Ана кісі күнұзын жазумен отырады. Тамақ ішпейді. Тек қымыз ғана ішеді, — деді. Шоң бір кіргенде:

— Петр Константинович, сіз жылқының да етін жеңіз. Оның адамға әсері қымыздан кем емес. Өкпе ауруы қазақтар арасында да көп. Жылқы етін, қуырдақты көбірек жеп, қымыз ішкеннің пайдасы тиеді.

— Бұрын мен жылқы етін жеп көрген жоқ едім. Содан кейін онша ұната қоймаймын.

— Мен сізге қой етін беруді ойлап едім. Сіздің денсаулығыңызға байланысты жылқы етін бергізіп жүрмін әйеліме. Сіз әлі үйрене алмай жүрсіз. Үйреніп алған соң тек жылқы етін жейсіз. Жылқы етінің өзіне тән дәмі бар, сіз оған мән бермеңіз, кейін үйреніп аласыз. Сезбейтін боласыз. Мен бір күн жылқы етін жемесем, отыра алмаймын.

— Мен жалпы майлы ет жемеймін. Шошқаның майын да тиіп-қашып жеймін.

— Өкпе ауруына бірден бір ем — жылқының майлы еті. Сондықтан сіз тоя жеп отырыңыз.

— Бұл сөзіңізге рахмет. Сіздің айтқаныңызды істеуге тырысамын. — Әйімкүл қазысы бес елі жылқы етін салған екен. Шоң соны біреуін алып турап, өзі де жеді, Карповқа да берді.

— Онша тартпай отыр, — деді Карпов.

— Қымызды босқа іше бергеннің пайдасы жоқ. Орыс дәрігерлері жылқы етінің қымыздан да пайдалы екенін білмейді ғой. Ет қымызды басады. Тәбет ашады. Содан кейін жегің келе береді.

Бұлар ет жеп отырғанда Телқозы кіріп келді. Ол Шоңның қонағының алдында тұрған бес елі қазыны көріп:

— Енді мына орысқа жылқының етін жеуді үйретіп жатырсың ба? Ертең бұлар жылқыдан жылқы қоймайды ғой.

— Бұл көп орыстың бірі емес, қазақты жақсы көретін орыстардың бірі. Содан кейін үйретіп жатырмын.

— Қазақты жақсы көретін орысты көргем жоқ әлі.

— Сіз орыстардың бәрін анау Захар старостасы мен оязбен салыстырып отырсыз ғой.

Телқозы Шоңңың оязды жамандағанына таң қалды. Ол Шоңды болыс сайлап отыр. Ал мынау ол туралы мынадай сөз айтады.

— Сонда Карбышев те жаман ба?

— Ол жауыздың жауызы ғой.

Телқозы Шоңның мына сөзіне түсінбеді. Содан кейін үндемей шығып кетті.

Телқозы кеткен соң Карпов сұрады:

— Ана кісі не деді?

— Ол кісі сізді тамақты неге аз ішеді дейді.

— Сіздің әкеніз қандай қайырымды адам! Жалпы, қазақ маған ұнайды. Карбышев айтады, киргиздар жеті атасынан асқанша өз жақынынан әйел алмайды дейді, сол рас па?

— Ол шындық. Қазақ жеті атаға дейін өз руынан әйел алмайды.

— Мұндай қасиет сіздерге мұсылман діні арқалы келген бе?

— Жоқ, арабтар өздерінің немересін де ала береді дейді. Мына төрелер де сондай. Немересін, шөбересін ала береді. Олардың ойынша, біздің қанымыз жақсы соны, сақтап қаламыз дейді. Төрелердің онысы дұрыс еместігін менің үлкен әкем Жанкелді деген кісі айтатын.

Карпов бұл туралы оқыған жоқ еді. Таңқалып, Шоңнан сұрады:

— Бәрі өмірден туындайды ғой. Бұл сонау аталарымыздан келе жатқан болуы керек. Кейбір тұқым қуалайтын ауру туыс адамдар жақындасса, бірінен бірі беріледі деген пікір бар. Сондықтан қазақтар жеті атаға дейін әйел алмайды. Мұндай қасиет сондай күдіктен туған болар.

— Қазақтардың онда медицинадан түсінігі мол екен.

— Ол жағын білмеймін. Егер бір рудың адамы өз руынан әйел алса, оны қазақтар өлім жазасына бұйырады. Бұл дәстүрге айналған.

— Бұл жайдан жай емес. Ондайлар тұқым қуалаушылық ауруына жол бермеу үшін жасалған болуы керек.

Бір сұрақтан соң келесісі туындай берген.

— Шоң Телкозинович, мені мазалап жүрген бір сұрақ бар. Осы Шыңғысхан монғол ма, әлде қыпшақ па?

— Жалпы, сол Шыңғысханның өзі де кім екенін білмеуі мүмкін. Бала кезінде сол монғолдардың арасында өсіп, тілі монғолша шығып, өзін монғолмын деп кетуі де ғажап емес. Сол кісі монғолдармен көрші отырған түрік тілдес халықтардың біреуінен болуы да мүмкін. Бірақ тура ашып айта алмаймын.

Оның бірінші әйелі монғол емес, сол маңда тұрған түрік тілдес халықтың бірінен шыққан. Бұдан кейін де Шыңғысхан бірнеше әйел алған. Бірақ біреуінің балаларын да ел билігіне жібермеген. Сол бірінші әйелі Бөртеден төрт бала туған. Әйелінің есімі қазаққа келеді. Бөрте түрік сөзі. Біздің шежірелердің айтуына қарағанда, сол кісі ақылды әйел болғанға ұқсайды. Көрші тайпалар ұрлап алып кетіп, біраз әйел етіп, кайтып келген соң одан бас тартпай, қайта алған Шынғысхан. Ол соның ақылына бас ұрған сияқты. Сол кісінін айтқанын орындаған тәрізді. Содан туған төрт баланың ұрпақтары бертін келе жаулап алған жерлерінде билік жүргізді. Оның ұрпақтары Абылай, Кенесары — сол хан тұқымынан тараған адамдар. Қазақтар соларды қолдап, оларды төре атап, қадыр тұтып, олардың сөзін тыңдап, соларға бағынған. Айтқанын жасаған. Бұл бізде төрелерді тындау әбден қанымызға сіңіп қалған әдет. Мен байқаймын, орыстар келгелі төрелердің беделі түсіп қалған сияқты. Патша солардың халық алдындағы беделін әдейі түсіріп отырғанға ұқсайды. Оны қазір қара қазақ атанып жүрген біздер де түсіне бастадық. Патша адамдары бұрын төрелерді тындап, қазақтарды адамға санамайтын. Казір ол өзгере бастаған тәрізді. Мен соны байқап жүрмін. Төрелерге суық қарап, киргиздарды өзіне тартатын сияқты.

— Бұл саясат қой. Қазақтар алдында төрелердің беделін түсіріп, орыс беделін өсіру ғой.

— Дұрыс айтасыз, мен де солай ұғамын. Петр Константинович, ол сөзде шындық бар. Қыпшақтардан монғолдар күшті емес. Шыңғысхан саясаты арқасында үш жүз жылдан астам орыстарға, төрт жүз жылға жуық қазақтарға билік жүргізді. Ел басқарушы ақылды адамдар болмағандықтан қыпшақтар пәлен ғасыр монғолдарға тәуелді болып қалды. Мен сізге қыпшақ ханы Қайыпхан жайында айттым ғой. Тағы да еске саламын, егер оның саясаты дұрыс болғанда казіргі тарих басқаша болар еді. Бірақ оның ақылы Шыңғысханнан артық болмады. Содан барып ол барлық қыпшақтарды өз жағына тарта алды. Қыпшақтар өз билігін жоғалтты. Қыпшақтарды қыпшақтар құртты.

Шыңғысхан, менің пайымдауымша, керемет ақылды болған сияқты. Алдағы мың жылын ойлап кеткен адам. Оның қай жерге жерленгенін ешкім осы уақытқа дейін білмейді. Кейбір сәуегей төрелер айтады, ол бізге аспаннан қарап тұр дейді. Ұрпақтарына жөн сілтеп тұратынын айтады. Әрине, бұл жалған. Ол шындық болса, Кенесарыға да жол сілтер еді. Кенесары мен Шыңғысхан балаларының дәурені бітті ғой деп ойлаймын. Сіз менің бұл пікіріме қалай қарайсыз?

— Бұл сөзде шындық жатыр. Орыстар енді оның ұрпақтарының көтерілуне жол бермейді. Мен оны орыстардың сөздерінен байқап жүрмін.

— Петр Константинович, сізге бір сұрақ бергім келіп отыр. Ресей ар жағындағы Польшаны, Финляндияны жаулап алды. Шыңғыс та теңізге барып тірелді. Бірінші жауы болған монғолдарға тиіспей отыр. Осыны қалай түсінуге болады?

— Оған қолдары тимей отырған шығар, — деді Карпов.

— Олар тимейін деп отыр емес, Шыңғысхан рухынан қорқады.

— Болса болар. Бір елді жаулап алмастан бұрын патша маңында отырғандар шіркеу басшыларымен де ақылдасады. Солар ұлықсат бермей отырған шығар. Сіздің мына сөзіңізде бір зандылық бар тәрізді. Рухтан кез келген ел қорқып, сыйлайды. Ресей патшалары да Шыңғысхан рухынан қорқатын болуы керек. Біздің дін орындары Шыңғысханның өмірін зерттеп жатқанын естимін. Бірақ анығын білмеймін.

— Шыңғысхан орнатып кеткен тәртіп пәлен ғасырға жететін саясат қалдырып кеткен болуы керек. Оның ұрпақтары да бертін келгенде соның дегеніне жүгінді. Соның арқасында жеңіске жетті. Саясат да бұйым тәрізді тозады. Уақыт өткен сайын оны жаңартып отыру керек. Ал оның кейінгі ұрпақтары оны жасай алмады.

— Бұл сөзіңіз дұрыс. Бір идея мәңгілік өмір сүрмейді дегеңізге қосыламын. Уақытқа байланысты идея да өзгеріп отыруы керек.

— Мен де солай ойлаймын. — Шоң Карповтың өзіне адал екеніне көзі жеткені сонша, енді ашығына кетті. — Мен қазақтардың үлкен ауыл болуын арман етіп жүрген адаммын. Бірақ оны жерлестерім түсінбейді. Осында руға бөлінбей, үлкен ауыл болып отырыңдар десем, бірі тілімді алмайды. Тіпті, туған әкем де. Жолай көріп келдіңіз, қазақ ауылдары төрт-бес үйден ғана отыр.

— Кейде адамдарға тіл алғызу үшін күш керек.

— Қара күш емес, билік керек. Ал билік қазақта емес, орыста. Ал орыстар қазақтың үлкен ауыл болып отыруын онша қаламайтын сияқты. Оларға қазақтын екі-үш үйден отырғаны дұрыс тәрізді…

— Сіз осы туралы Карбышевке айтып көрдіңіз бе?

— Сан рет айтқанмын, ол қазақтарың сол үйренген қалпымен тұра берсін дейді. Мұнда халықтың келешегін ойламағандық бар.

Мына сөзге Карпов ойланып қалды. Бір сәт не айтарын білмей дағдарып барып, содан кейін айтқаны:

— Әр нәрсенің өз уақыты бар. Уақыт келеді, сіздің айтқаныңызды орыстардың өзі жасайды.

— Оған дейін тілден, салттан түк қалмайды ғой.

Карпов Шоңның сөзінде де бір шындық жатқанын білді. Содан кейін:

— Бір халықтың өзіңіз айтқан салт-дәстүрлерін құртып жіберу оңай нәрсе емес, — деді.

— Менің ойым айтады — орыстар соны жасағысы келіп отыр. Тіл өлсе, бәрі де өледі. Қазіргі патша саясаты соған апара жатқан сияқты.

— Шоң Телкозинович, мен сізге айтып отырмын ғой, орыс саясатында шовинистік көзқарас қүшті. Сіздерді былай қойғанда, орыстар Шығыстан үйрендік демейді. Мен Конфуций философиясын ұнатамын. Ал біздің ғалымдар оған мән бермейді. Қазіргі орыстар өздерін батыстықпыз деп біледі. Ал шын мәнінде олай емес, кезінде шығыстан да үйренгеміз. Мен шығыстың философиясын ұнатамын. Орыс шығыс та, батыс та емес, бір дүбара халық. Бір кезде шығыс дамымаса батыс та дамымайтын еді. Біз мұны түсінуіміз керек. Сіздердің халықтарыңызды атымен атамай жүргені де содан туған. Бір кезде орыстар Алтын Ордаға бағынышты болды ғой. Сол мемлекеттің негізгі күші қыпшақтар болғанын мойындаумыз керек. Қазір тарихта көп нәрсе бұрмалап жазудан туып отыр. Бір кезде Шыңғысхан ұрпағының дізесі орыстарға батып қалды. Олар кімдер? Енді шын мәнінде сіздер екеніне түсіндім. Ал оны орыстар білмейді. Монғолдарды ғана біледі. Өйкені, тарихта, өзіңіз айтқандай, бұрмалау көп. Тарихты қанша өзгертіп жазғанмен одан түк шықпайды. Келер ұрпақ бәрін зерттеп, бәрін орнына қояды. Бұл босқа халықты шатастыру болады. Орыс өзін қанша ұлымын дегенімен ұлы болмайды. Оны ісімен дәлелдеуі керек. Ол үшін алдымен шындықты мойындаған дұрыс. Шоң Телкозинович, қазақтың артта қалып, орысқа бағынышты болуының себебі неде дейсіз?

Шоң өзімен өзі болып осы мәселе жайында сан рет толғанған еді. Бір пікірге келе алмаған. Қазір де соны айтты:

— Менің ойымша қазақ қана емес, жалпы, мұсылман халықтарын кейін тартып келе жатқан дін болуға тиісті. Мұхаммед пайғамбардан кейін келген хазіреттер діннің дамуына жағдай жасай алмады. Дін сан ғасыр бір қалыпта тұрып қалды. Қазақтарға дін көп жыл басшылық жасады. Сауатсыз молдалар өз ойларынан неше түрліні тауып, халықты шатастырды. Бұл кезде христиан діні дамып, алға кетті. Христиан дінін зерттеушілер бар. Ол орыс мемлекетінің дамуына да әсер етті. Мұсылман дінінде сурет салудың өзін күнә дейді. Ол өнер емес пе? Босқа өнердің дамуына керегар жағдайлар болды ғой. Бұл білместіктен туған жағдай. Дін де уақытымен таласып дамып отыруы керек. Жаратушы әуелінен солай жасап қойған болуы керек. Біздің хазіреттер оны түсінбейді. Шариғат туралы заң сонау пайғамдар заманындай болып тұрып қалған. Құранды зер салып оқыса, бұл туралы айтылатынын татар молдасының аузынан естідім. Бірақ соны түсініп, алға дамытқан мұсылман оқымыстылары болмады. Олар ел басшыларынан қорқып, діннің дамуына жағдай жасамайды. Дін бір кезде қозғаушы күш болған. Кейінгі Шыңғысхан ұрпақтары оған мән бермеді. Дін үлкен ұйымдастырушы күш екенін түсінбеді.

— Дұрыс айтасыз, Шоң Телкозинович. Дін басшыларында да оң мен солын айыра алмайтындар бар. Бір кезде жер күнді айналады дегені үшін дін сол адамды өлтіріп жіберді. Енді соған өздерінің көзі жетіп отыр. Жаратушы адамдардың көзі соған біртіндеп жетсін деп жасап қойған. Кейбір ғалымдар айтқандай дін догма емес, ол өмірдің өзі тәрізді дамып отыруға тиісті.

— Дұрыс айтасыз. Кейбір дін оқымыстылары өзінше ешқандай ақылға келмейтін діңді ойлап тауып, елді соған бағындырғысы келеді. Ондай адамдар христиан діні, мұсылман діні арасында бар. Солар діндерді біріне біріне қарсы қойып, адамдар санасын жаулап алғысы келеді. Шыңнғысхан табынған Құдай бар ма?

— Ол көктегі Құдайға сыйынған дейді. Қандай Құдай екенін білмеймін. Соның табынған Құдайы күшті болып, сіздерді басып алды ғой.

— Ол кісіде ақыл көп болды. Соның арқасында қазақ жерін басып алды ғой, кезінде. Содан кейін олар орыс жерін басып алды. Мұның бәрі ақылдың күші!

— Жер бетіне келген адамға Жараушы әртүрлі тағдыр берген. Оған жақсы тағдыр берген сияқты.

— Шоң Телкозинович, сіз тағдырға сенесіз ғой.

— Сөзсіз сенемін. Жаратушы әрбір адамға әртүрлі тағдыр берген. Кейбір қолынан іс келмейтіндер ел басқарады. Оның әуелінде Құдай берген тағдыры сондай.

— Мен сіздің бұл айтқаныңызға әбден қосыламын. Мен таңқалатын бір жағдай бар. Рас, Шыңғысхан ақылының молдығымен келіп сіздерді, оның балалары біздерді басып алды. Ал әлсіз арабтар сіздерді қалай басып алды.

— Олар келіп басып алған жоқ. Олардың басып алуға шамалары келмейтін еді. Түрік халқы күшті болды ол уақытта. Түріктерден қорқып Қытайлар айналасына қорған салғызды. Қазіргі өзбек, қырғыз, түркімен, ұйғыр, әзірбайжанды, жалпы түріктерді жаулап алған арабтардың жүргізген дұрыс саясаты. Біздің жерімізге араб әміршілері келіп коныстанбаған. Олар дін таратушыларын жіберді бізге. Бізде қазір Қожа деген ру бар. Солар арамызға кіріп алып, елдің бәрін мұсылман етті. Мұсылман дінінің кезінде күшті болғаны сонша, олар мемлекетке де өз билігін жүргізді. Ел басында отырғандар солардың айтқанын жасады. Мен қазір ойлаймын, тіпті олар кезінде төрелерден де күшті болды. Алайда, қожалар сол ел алдындағы беделін әрі қарай дамыта алмады. Шыңғысхан ұрпақтары кезінде қожалардың беделі бұрынғыдай болмай қалды. Содан барып туысқан халықтар арасында байланыс азайды. Міне, енді көріп отырсыз, өзбек, қырғыз, қазақтар, ұйғырлар, түркімендер, әзірбайжандар өз бетімен кетті. Осыларды байланыстырып отырған дін еді. Монғол хандары келді де олардың әрқайсысын өздеріне бөліп алды. Сонымен қатар бірлік де кетті. Тағдыр деген міне, осы.

— Сонда мұсылман дінінде бір ұйымдастырушы күш болған дейсіз бе?

— Сөзсіз сондай күш болды. Соны бұзған Шыңғысханның ұрпақтары екені де даусыз. Олар халықты тек соғыста пайдаланды. Одан басқа халыққа ешқандай пайдасы болған жоқ. Сол мұсылман дінінің қағидасымен жүре бергенде түрік халықтарынын мұндай бөлектенуі болмас еді. Бәрінде бір-ақ тіл болатын еді. Анау Қытай тәрізді үлкен мемлекет болатын едік, онда ешкімнің тісі батпас еді. Монғолдардан шыққан хандарға қарсы орыстар дұрыс саясат жүргізді. Бөлектеніп кеткен түріктерді бірден басып алып жатыр. Күшті күштілігін жасайды, оған да қарсы емеспін. Ең жаманы қазақтардың жерін тартып алып жатыр. Ана хан тұқымы Кенесарыны өз жерінен айдап шығып өлтірді. Бұл күштіліктің белгісі. Ешқашан бір халық бір халықты күшпен бағындыра алмайды. Бұл арада тепе-теңдік туғызатын саясат керек. Сыйласу керек. Керісінше патша өкіметі күш пайдаланып отыр. Жергілікті халықтан сұрамай, орыстарды қоныстандыруы елдің ашу-ызасын тудырып, іштей қарсылығын күшейтуде.

— Сіз Кенесарыны өлтірген патша әскерлері деп білесіз бе? Оны өлтірген сіздердің туыстарыңыз, киргиздар ғой.

— Ешқашан қырғыздардың қазаққа тісі бата алмас еді. Орыстар оларды айдап салды бізге. Өз бетімен келіп қырғыздар қазақтарға тимейді.

— Ал біздің баспасөзде Кенесарыны өлтірген қырғыздар екенін жазып жүр ғой.

— Бұл шындықты шатастыру болып отыр. Өздерін қазақтар алдында ақ етіп көрсеткісі келеді. Төрелердің де, қазақтардың да ақылдылары бәрін ұйымдастырған орыстар екенін біліп отыр. Бұл әдейі екі халықты бірімен бірін араздастыру үшін жасалып отырған саясат. Қазақтар мен қырғыздар жауласып отырса бұл орыс үшін пайдалы. Менің бұл айтқаныма, Петр Константинович, қалай қарайсыз?

— Сіз шыныңызды айтыңызшы, орыстардың бұл жаққа келгеніне қарсысыз ба?

Шоң Карповтың мына сөзінен қорқып қалды. Орыстардың осылай алдап-сулап төрелерге шындықты айтқызып, апарып түрмеге жапқызып қоятынын білетін. Сондықтан Шоң бұған сақ болатын. Карбышевпен өзімен байқап-байқап, алды-артына қарайлап сөйлейтін. Мына кісінің айтқанына елігіп отырып, артықтау алға кетіп қалғанын енді сезді. Өзін ақтау үшін айтқан:

— Мен орыстардың осында келіп қоныстанғанына қарсы емеспін, бірақ халық қарсы. Жерге таласу басталды, екі халық арасында. Сіз мені түсініп отырған шығарсыз. Егер орыстардың мұнда келуі тоқталмаса, бұл жанжал тоқтамайды. Біз елдігімізді жоғалтып аламыз ба деп қауіптенемін. Содан қорқамын.

Карпов отырып айтқан:

— Әр заманның өз саясаты бар. Қазір барлық жерлерде әлсіз мемлекеттерді әлділер жаулап алу басталды. Англия Индияны, немістер Африканы, француздар Араб елдерін жаулап алуда. Испандар мен ағылшындар Америка құрылығына шығып кетті. Орыстар маңайдағы аз халықтарды жаулап алып жатыр. Мұның аяғы не болатынын білмеймін. Аз ұлттарды халық есебінде құртып жібере ме, білмеймін. Сіздердің жерлеріңізді жаулап алып, казактарды көптен көшіріп әкеп жатқанын жақсы білемін.

Шоң көкейінде тұрған сұрақты тоқтата алмады:

— Ресей орыстардың келуін тоқтатпаса, мұның арты не болады деп ойлайсыз?

— Ешқашан Ресей қарамағындағы халықтарды түсінбей, олардың ойларына көңіл бөлмей, ілгері баса алмайды. Бір философ айтыпты: « Ресей маңайындағы халықтармен дұрыс саясат жүргізбей, дамымайды», — деп. Мен оған да, сіздің айтқаныңызға да қосыламын. Сіз қысылмаңыз, маған турасын айтыңызшы, орыстардың осында көшіп келіп жатқанынан қорқасыз ба?

Мына сұрақты саясатпен беріп отырғанын түсінді Шоң, көңілінде әлі де қорқыныш бар еді.

— Қарсы емеспін. Тым көп келіп жатыр. Сонысына келіспеймін. Жер үшін дау көбейгенін айтып отырмын ғой. Бұл орыстар үшін де, жергілікті халыққа да пайдалы емес.

Петр Константиновичтің әлгі соңғы сөзінен кейін көңілінде сәл де болса мына адамға деген сенім пайда болды. Әуеліде мені анықтап білу үшін Карбышев жіберіп отыр ма деп ойлап қалған. Дегенмен, Карпов сөйлеген сайын, айтқандары көңілінен шыға бастады. Ол айтқан:

— Қазір Ресейдің саяси көзқарасында бетбұрыс бар. Қазір аренада жаңа адамдар көріне бастады. Мен байқап жүрмін, киргиздарға көзқарас өзгере бастаған тәрізді. Әлі де саясатта шовинистік көзқарас басым болғанымен, ол біртіндеп азаятын шығар

— Сіз Петр Константинович, менің көңілімнен шығатын пікір айтып отырсыз. Мен қалар едім, төрелерді емес, қыпшақтарды көтеру керек ғой. Онсыз ел дамымайды.

— Мен орыс елін басқарсам, басқа халықтарға еркіндік беріп, олармен сауда-саттық жасағанды қалар едім.

— Сіз менің арманымды айттыңыз.

— Ендеше сіз одан күдер үзбеңіз!

— Соны баспасөз бетіне неге жазбайсыз?

— Оған әлі ерте, оған біраз уақыт өтуі керек.

— Оған дейін елдігімізді жоғалтып алмаймыз ба? Арғын, Найман, Қоңырат Керейлерді, басқа тайпаларды әуелінде қыпшақ, кейін қазақ деп атадық, пәлен ғасыр бұрын қыпшақтар болып тұрған кезімізде елдігімізді жоғалттық. Басында дін жолымен қожаларға бағындық, кейін Шығысхан тұқымдарының айтқанын жасап, айдауына жүрдік. Бұлардың ешқайсы да біздің қамымызды ойлаған жоқ. Қожалар кезінде араб діні арқылы салтымыз, дәстүрімізді нығайттық. Монғолдар келген соң оны да жоғалттық. Сауатсыз төрелерге бағындық. Олар бізді соғысқа ғана пайдаланды. Төрт жүз жылдан кейін енді, міне, орыстардың билігіне тап болдық. Енді келешегіміз не болатыны белгісіз… Қожалар да, төрелер де біздің ұлтымызды жоя алмады. Енді міне орыстар келді. Олар тым көп келді. Енді қазақтың ұлттығын жоятын түрі бар сияқты, мен содан қорқамын.

Карпов Шоңның айтқандарының бәрін қағаз бетіне түсіріп алып отырды. Біраздан соң ол Шоңнан сұрады.

— Сіздерде халық саны жүре ме?

— Менің үлкен бабам әр рудың қанша адамы бар екенін есептеп, содан жалпы қазақтың санының қанша екенін біліп отыратын.

— Мынау ғажап шаруа ғой. Осы байтақ жатқан қазақ жеріндегі адамдардың санын қалай біледі? Адам сенбейтін сөз тәрізді.

— Әр ауылда өз руының өсуін жазып отыратын адам бар. Қазақша айтқанда оны шежіреші дейді. Мен де өзімнің руым Тоқалардың санын есептем отырамын. Қазір Тоқада тоғыз болыс ел бар. Соның ең үлкенін мен басқарып отырмын. Әр болыста бірнеше ру бар. Олардың өз шежірешісі бар. Солар адам санын алып отырады. Тоқалардың саны бес мыңнан баяғыда асып кеткен. Мен сияқты қазақ жерінде мындаған шежіресі бар. Бұл әкеден балаға берілетін шаруаға айналды.

— Ал, сонда қазақ саны қанша?

— Шамамен жеті милиондай болып қалар. Қазақ өсімтал халық. Сонау қалмақтармен соғыс кезінде өсу сәл тоқтап қалды. Әйтпесе, қазір сол он бес миллионға шығып кететін еді. Екінші, бір жағдай қазақта жас балалардың өлімі көп. Қызылша, шешек дей ме, толып жатқан аурулар бар.

— Орыстарда да сондай. Бір жасқа келмей жатып өліп қалатып балалар көп.

— Мен осы біздің уезге қоныстанған орыстардың бала өлімін де зерттеп жүрмін. Оларда жас балалардың өлімі қазақтардікімен салыстырғанда әлде қайда аз.

— Оның себебі неде деп білесіз?

— Ана сүтінде екені сөзсіз. Орыстар огородтарда өскен түрлі жер өсімдігін жейді. Ал қазақтар жазы-қысында тек етпен, қымызбен күн көреді. Дегенмен әртүрлі тамақ жемеген соң, денсаулыққа керекті заттар жетіспейді. Сіздерше айтқанда, тамақтарында витаминдер аз, содан барып әртүрлі ауыруға ұшырайды.

Карпов таңқалғандай рай көрсетіп, басын шайқай берді. Шоңның білгірлігіне таң қалды. Бұл айтып отырған кейбір жайларды өзі де білмейтін. Мына аз ғана білімім бар деп отырған адамның жан-жақты білімділігіне ден қойды. Сірә, білгірлік бұл адамның қанында бар шығар деп ойлады.

Карпов Шоңға бір қызық сұрақ қойды:

— Сізге осы қасиеттер қай атаңыздан келді деп ойлайсыз?

— Арғы атамды көргем жоқ. Мен әкемнің әкесі Жанкелді деген бабамды көрдім. Кейінгі балаларының ойлау қасиеті оның ақыл-парасатының ширегіне келмейді. Менің байқағаным, менен өзімнен әкем Телқозы ақылдырақ қой деймін.

— Менің білуімше, сіз әкеңізден әлдеқайда ақылды сияқтысыз.

— Менің одан бір артықшылығым бар, орысша білемін. Сол арқылы білімімді жетілдірдім. Ол өз тұрғысынан ойлайды. Сондықтан өзімді одан ақылдымын деп айта алмаймын. Ол егер орысша оқығанда басқаша ойлап, менен жоғары болуы мүмкін еді. Менен тәуірлеу ойлауы ғажап емес.

Карпов Шоңның мына сөзінде бір тағылым, тәрбие жатқанын аңғарып үндемей қалды. Шоң да орыс арасында тұңғыш рет осындай кісіні кездестіріп отырғанына өзін бақытты сезінген еді. Ешбір орыс қазақ тарихы туралы тыңдауға ыңғай танытпайтын. Сіздерде қалыптасқан тарих жоқ деген сөзді де талай естіген. Сонда сол орыспен сөзге де келіп қалған. «Біз онда көктен түстік пе?». Сонда орыс айтқан: «Сіздер жүз жыл бұрын, мың жыл бұрын да осылай өмір сүргенсіздер. Сондықтан сіздерде тарих жоқ» — деген Шоңға.

Шоң мына сөзге шыдай алмай кетті де, сонда «Алтын Орданы» қайда қоясың деп сұраған. «Алтын Орда» ол — монғолдар. Сіздердің оған ешқандай қатынастарың жоқ!».

Шоң түбінде қазақ тарихын сондай орыстар шатасыратынын ойлап қауіптенетін. Карповпен кездескеннен бастап орыстарға көзқарасы өзгере бастағандай еді. Көңілдегі мұңын да айтқан болатын оған.

— Орыстар қазақтардың тарихын былай қойғанда, бізді дұрыс атымен атамайды. Сіз өзіңіз естіп отырсыз, бізді киргиз-қайсақ деді. Бұл халықты кемсіту болады. Соған қарсы патша үкіметі заң шығармай ма?

— Асықпаңыз, ол да болады. Әр нәрсенің өз уақыты болады. Бұл алғашқы қадам ғой. Сіздерден сіз тәрізді талай білгірлер шығады. Соларды түбінде орыс шовинистері де мойындайды. Амалсыздан соны жасайды олар.

Шоң парасат-пайымы жоғары адамның аузынан шыққан мынадай сөзге қуанып қалды.

— Қазақ тарихын орыстардың зерттеуі енді басталады. Шындыққа кейін көздері жетеді. Солардың бірі мен деп біліңіз.

Күн сайын Карповпен осылай жарасымды әңгімелер болып жүрді. Бір күні ол:

— Бірінші Петрден бері қарай бізде шовинистік көзқарас қалыптаса бастады. Өздері немістерден, француздардан үйрене отырып, әлі де өздерін солардан артық санайтындар бар. Шығысқа көзқарас өзгерді. Іргесінде жатқан шығыс халықтарын адамға санамайды. Бір кезде Шыңғысхан балалары басып алып, тас-талқанын шығарғанын ұмытты. Қазір орыстардың жоғары дәрежелі адамдарында неміс, француз, ағылшындардың қаны бар. Орыстардың өмірге өзіндік көзқарасы өзгерді. Мұның ақыры не болатынын келешек көрсетеді.

— Петр Константинович, монғолдардың орыстарды жаулап алғанын сіз мойындайсыз ба?

Бұл қитұрқы сұрақ еді. Алайда, Карпов әділін айтты.

— Мен енді түсіндім, орыстарды жаулап алған монғолдар емес, қыпшақтар ғой.

— Әскери күш қыпшақтар болғанымен басқарып отырғандар Шыңғысхан ұрпақтары болды ғой.

— Бұл айтқан да шындық. Олар дұрыс басқара білді. Содан кейін жеңіске жетті.

— Петр Константинович, тарихты халық жасайды, ал оны тек ақылды адамдар басқарғанда жеңіске жетеді. Шыңғысхан өз заманының ақылды адамы болды. Соның саясаты арқасында балалары сонау бір шеті Қытайдан бастап, Индияға, Ресейге билігін жүрді.

— Сондай адамның болғанын қалар ма едіңіз?

— Шыңғысханда жауыздық көп. Сондықтан оның саясатын қаламас едім.

— Ал Ресейге қалай қарайсыз?

— Мен Ресей туралы қазір түк айта алмаймын. Қазақ ұйықтап жатқан халық еді. Орыстар келді де оларды дүр сілкіндіріп оятты. Оның арты не болатынын білмеймін. — Шоң көкейде тұрған ойларын айтқан жоқ, жасырып қалған еді.

Уақыт деген жылжып өте берді. Аптасына бір-екі рет Шоң Карповпен кездестіп әңгіме-дүкен құратын. Жойқынбек Ақмоладан оралған сайын маған хат бар ма деп сұрайтын Карпов. Ақыры, қыс аяғына таман Жойқынбек Карповтың көптен күткен хатын алып келді. Ол қатты қуанған еді.

— Шоң Телқозинович, маған жоғары жақ қайыра Санкт-Петербургте тұруға рұқсат беріпті.

Содан ертеңінде Карпов Жойқынбекпен Ақмолаға жүріп кеткен. Кетер алдында Карпов: «Сізге ризалығымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Әйімкүлдің күтуімен денсаулығымды жақсартып, сіздің қызықты әңгімелеріңіздің нәтижесінде қазақ өмірінен көп мәлімет алдым. Мен Санкт-Петербургке басқа адам болып кетіп бара жатырмын», — деген.

— Петр Константинович, мен де сіздей дос тапқаныма ризамын. Мен қазір өзіңіз айтқан, Мәскеу университетін сырттай бітіргендей күйде жүрмін.

— Шоң Телқозинович, мен сізге хат жазып тұрамын.

— Петр Константинович, байқаңыз анау Карбышевтің өзі де тексереді.

— Ондай әдет Ресейде бұрыннан бар, мен ол жағын жақсы білемін.

Карпов орыс әдетімен Шоңның бетінен сүйіп қоштасты. Шоң өзінің бір жақын туысқанымен қоштасқандай сезініп тұрды.

Сәнді пәуеске

Шоңның Қоңырқұлжа, Карбышевтердей пәуеске міну ойы бар еді. Файзуллаға тапсырғанына екі жылдың жүзі болды. Ол әлі созып келеді. Ақыры күдер үзіп қойған болатын. Соңғы кезде Ақмолаға барса да сұрамайтын болған. Тек, анда-санда Жойқынбектің құлағына салып қояды, ана татар менің шаруамды не істеп жүр екен дейді. Ал Файзулла саспасын, жасап беремін деуден танбайтын. Шоң соңғы кезде оның жасап беретініне күмән келтіре бастаған. Содан кейін өзі барып сұрамайтын. Файзулла жасамаса басқа біреуге жасатуды ойлап жүрген. Соңғы рет Жойқынбектен тағы да айтып жіберген. Ол Шоңның сәлемін естіп, «Шоңға айттым ғой, жасап беремін» — деді.

Алдында Шоң Қоңырқұлжаның пәуескесін көрсеткен, соның үлгісімен жасаңыз деп. Файзулла көріп айтқан:

— Бұл пәуеске менің колымнан шыққан. Бұдан да артық етіп жасаймын.

Сұлтанның пәуескесі Шоңға қатты ұнайтын. Бұл өзі артықтау сөйлеп тұр ма, деп ойлаған, бірақ ештеңе айтпады. Елге қайтып кеткен.

Содан бері де күз өтті, кыс өтті, әлі пәуеске жоқ. Енді Файзулла сөзіне тіптен күдік күшейді. Бірде Ақмолаға бара жатқан Жойқынбекке тағы да:

— Анау татар менің шаруамды не істеп жатыр екен? Соны білші.. — Шоң ешқашан Файзулланы татар деп сөйлемейтін. Ыңғай Файзеке дейтін. Мына сөзді ашумен айтып отырғанын білді Жойқынбек.

Шоң сәлемін естігеннен кейін Жойқынбекті алып барып, жасап жатқан пәуескесін көрсеткен. Мен өзім осындай жасау үшін әдейі Бурабайға барып осыған келетін кисық қайыңдарды бірнеше күн қарап, одан табанын жасауға таңдап алдым. Шоң асықпасын, көктемге дейін пәуескені дайын етемін деген. Жойқынбек көрген, білгенін айтып келген. Бурабайдың қайыңынан пәуескенің табанын жасап жатыр дегенде Шоң түсінбей қайыра сұрады.

— Файзекең тек қыста жүретін етіп жасап жатыр ма?

— Шоңке, қыста да, жазда жүруге лайықтап жасап жатырмын дейді. Ғажап пәуеске болатын түрі бар.

Шоң Файзулланың керемет шебер екенін білетін. Қолынан не шықпасын бір жаңалықты ойлап табатынын әуелден байқап жүрген еді. Шоң өзі көзімен көрген Бурабайдың қисық қайыңдарын көз алдына елестетті, бұл ешқандай қолдан иіуді қажет етпейтін дайын тұрған шана табаны екенін білді. Табиғаттың өзі иген қайыңдарды пайдаланып жатқанын білді. Іштей Файзулланың тапқырлығына, білгірлігіне риза болды. Оның пәуескені ойдағыдай етіп жасайтынына сенімі күшейген еді.

Арада екі жарым айдай уақыт өткенде Файзулланын өзі, маусым айының ортасында қасында кіші баласы кісі бар, пар ат жекен пәуескені алып келді. Бұл Ақмола аймағында жоқ пәуеске болатын. Бар шеберлігін салып жасағаны көрініп тұр. Қыста төрт дөңгелегін алып тастаса шана болып шыға келеді екен. Жазда арба. Пәуескені көруге айналадағы сорпа бетіне шығатындардың бәрі жиналды. Таң қала қызығып, қызғана қараған еді. Енді байлар Файзуллаға бізге де осындай пәуеске жасап бер деп тілек айта бастады. Файзуллаға мұндай пәуеске жасау аса қиынға түскенін еді. Бұл пәуескені жасауға үш жылға жуық уақыт кеткен. Енді елге де мынандай пәуеске жасап берсе, бірінен-бірі көріп мазасын ала беретінін сезіп тұр еді. Содан кейін қулықпен елден құтылу үшін айтқан:

— Бұл сіздерге өте қымбатқа түседі, — деді Файзулла.

Есептің бәрін жылқы санымен жүрізетін қазақтардың әдеті еді. Біреу тұрып сұрады:

— Сонда қанша жылқы?

— Екі жүз жылқы.

Мына сөзді естіген қазақтардың көзі атыздай болып кетті. Сөздері таусылғандай күйге жетті. Мына қу татардың қазақтарды тонауы ғой деп түсінген. Тағы біреуі тұрып сұрады:

— Саған Шоң сонша жылқы бере ме?

— Әлі келіскеміз жоқ. Бірақ береді. Бұл пәуескені істеу маған оңайға түскен жоқ. Мен Бурабайға барып арнайы қайың ағаштар кесіп әкеліп жасадым. Бұл пәуеске арба-шанаға бірдей ғой. Және ондаған жылға кетеді.

Оның сөзін көппен бірге Телқозы тыңдап тұрған. Мына сөзді естіп, есі шығып кеткендей болды. Шыдай алмады, үйге кіріп Шоңнан сұрады:

— Сен пәуескені қаншаға жасаттың?

— Бағасын әлі келіскен жоқпыз, білмеймін…

— Ана татар екі жүз жылқы дейді.

Мына сөзді естігенде Шоң да қорқып қалды. Әуеліде құны қанша екенін келіспеген еді. Өкінгендей болды. Бірақ кейін шегінер шама жоқ. Алып келіп тұр. Енді оны алмаймын деп айта алмайды. Шоң айтқан:

— Ендеше сол сұрағанын бер. Олай болмаса ұят болады. Ол менің айтқанымды орындады, біз неге алудан бас тартамыз. Бұл тіршілік бір-ақ рет келеді. Бір мінгеннің өзі не тұрады?

— Сен Шоң бөсіп сөйлейсің. Мен бұл пәуескеңе ол айтқан жылқыларды бермеймін. Мына татарың қу болуы керек, қазақтардан алдап алып әбден жаман үйренген ғой.

— Сен оған жылқы бермесең, мен онымен ақшалай біртіндеп есеп айырлысамын. Анау қаладағы орыстардан қарыз аламын.

— Ол қанша ақша екенің білемісің?

— Білмеймін. Басқа амал жоқ, сөйтуім керек. Ол менің тілегімді орындады, мен неге оны ренжітуге тиіспін?

Мына сөзді естіп Телқозы ашуланып сыртқа шығып кетті. Барып Файзуллаға:

— Менің саған беретін жүз жылқым жоқ. Пәуескенді алып кет…

— Ағасы, мен сізден сонша жылқы бер дедім бе?

— Ендеше, ана елге жаңағы айтып тұрғаның не?

— Мен басқа қазақтардан осындай пәуеске жасап берсем, сондай жылқы аламын. Бұл пәуескені жасауға менің қанша уақытым кеткенін білмейсіз.

— Ендеше, сол еңбегіңе лайықты мал беретін адамды тауып ал. — Телқозы бұрылып кетіп бара жатыр еді, оны Файзулла тоқатты.

— Сіз неге асығыс сөйлейсіз? Шоңнан ондай жылқы сұраған жоқпын ғой. Шоң менің туған інімдей болып кеткен адам. Мен Шоңға тегін де жасап беремін.

Телқозы Файзулланың мына айтқан сөзіне не сенерін, не сенбесін білмей тұрып қалды. Бірақ тегін жасап та беремін деген сөзі тоқыратып тастады. Соған орай айтқан еді.

— Сонда да сен мынадай пәуескені туған ініңе де де тегін жасамайсың. Бос сөзді сөйлеме. Тура айтшы, қанша сұрайсың Шоңнан? — Телқозы қанша дегенде өзі де іштей қызығып тұрған пәуескеге.

— Сіз айтыңыз, қанша бересіз?

Телқозы өзінің сараңдығына салып сөйледі:

— Жиырма жылқы.

— Ендеше, бопты. Жиырма жылқы болса, жиырма жылқы…

Телқозы үйге кіріп Шоңға:

— Мен анау татарды жиырма жылқыға түсіріп алдым.

Шоң әкесінің керемет сараң екендігін жақсы білетін. Расында, ана кісіні өзінше алдап түсіріп отыр ма деп ойлады. Татарлардың қазақтардың алдауына түсе коймайтынын және білетін. Содан кейін сұраған:

— Қой ұят болып жүрмесін. Өзі айтты ма, сіз айттыңыз ба?

— Мен айттым, ол келісті.

Мына сөзден соң Шоң отыра алмай сыртқа шығып Файзулладан сұраған еді.

— Файзеке, сіз Телқозы берген жиырма жылқыға ризасыз ба?

«Риза емеспін» десе Шоңның көңіліне келіп қалар деп ойлады да, «ризамын» деді. Шоң әліде де анықтап алғысы келіп:

— Әуеліде екі жүз жылқы депсіз. Аз емес пе?

— Екі жүз жылқыны осындағы байларға айттым, әйтпесе бірінен соң бірі келіп пәуеске жасап бер деп мазамды алады. Ол маған оңай жұмыс емес.

Шоң Файзулланың сөзінің төркінін түсіне қалды да:

— Әйтеуір, ренжімесеңіз болды.

Іштей азырқанып тұрса да Шоң көңілі үшін айтқан, аз емес деді.

Ертеңінде Файзулла, қасында баласы бар, Телқозы берген жиырма жылқыны айдап алып кетті. Ел арасында әңгіме тарады, «Шоң жүз жылқы беріп пәуеске жасатыпты». Мына сөзді естіп ел таңқалды. Әртүрлі болжамдар айтылды. Ол елден түсіп жатқан байлықтар ғой деді кейбіреулері. Телқозы сөзі тіпті оларды қоздырып қоятын. Екі жүз жылқы бердім. Сендер де сонша жылқы беріп жасатып алыңдар дейді әңгіме бола қалғанда. Бұл сөз мақтаныштан туғанын ел білмейтін. Алайда, көкейде тұрған сөздерін болыстың әкесіне айта алмайтын. Ертең бір пәлесіне қаламыз деп қаймығатын ел.

Телқозы Шоңның пәуеске мінеріне той жасады, айналадағы елдерді шақырды. Ел құр қол келмейді, көрімдігін ала келеді. Телқозы ел әкеп жатқан малдарды Шоңға білдіртпей, сездіртпей ала беретін. Бұл жолы да көрімдікке бірталай мал келген. Әкесі ол туралы жақ ашып Шоңға айтпаған. Тек жақын туыстарының әкелгенін ғана жеткізетін. Басқалар да әкелгенін Шоң естісе үлкен реніш болатынын білетін. Сондықтан Телқозы елдің әкелгенін сездірмейтін. Әлсен би екі ақ боз ат әкелген. Ол әкесіне бермей тура Шоңның өзіне алып келген. Өйткені, ол Телқозы мінезін жаттап алған. Оған берсе босқа кеткенмен бірдей. Билікке өткенде үш жылқыны азырқанып тағы сұраған еді. Содан көңілі ептеп қалып қойған. Шоң мұндай пәуеске жасатып отыр. Үндемей қалуға және болмайды. Содан кейін Шоңның өзіне бірден әкелген, көзіне көрсетпекші болған. Есік алдына алып келіп атты бір балаға ұстатып қойды да, өзі ішке еніп кеткен. Шоңды сыртқа ертіп шыққан. Ол екі атты көріп айтқан:

— Бұл екі атты маған не үшін әкелдің? — деп сұрады Шоң.

— Бұл сенің пәуескеңе әкелген көрімдігім. Мына пәуескеге екі ақ боз атты парлап жексең қандай жарасады!

— Бұл сенің маған билікке өткізгенім үшін берген параң болып табылады. Алмаймын.

— Менің би болғаныма бірталай уақыт өтті. Енді би болғаным үшін саған пара емес. Ол өткен шаруа. Сен, Шоң, оны ойлама, сен мені билікке өтікізбесең да әкелемін. Бұл қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрі.

Шоңның басына Әлсеннің мына айтқаны қонбады… Қазақ не болса да есептеп әкелетінін білетін. Мына Тілен бір есеппен әкеп отырғанын болжаған. Ақыры алмай қойған. Әлсен ыза болып, екі бозын үйіне алып қайтып бара жатқанда, оған Телқозы қарсы жолықты жолдан.

Бұл кезде Телқозы Шоңның Қызылағаштағы қысқы қонысынан он шақырымдай жерде бөлек тұратын. Шоң үйіне күн құрғатпай келіп жүретін. Бүгін де келе жатып екі ақ боз ат жетегінде бар Әлсенге қарсы жолықты. Ол Шоңның пәуескесіне мұның көрімдік әкелмегеніне ренжіп жүрген болатын. Көрімдікке әкелгенін біле қалды да, сонда да әдейі сұраған:

— Мына аттарың не?

— Шоңның пәуескесіне көрімдік әкеп едім, пара деп алмай қойды. Содан кейін қайтып әкетіп барамын, — деп шынын айтқан Әлсен.

Телқозы екі бозды көріп қызығып кеткендей болды. Шөміштің боздарының көбісі жорға болатын. Жібергісі келмеді.

— Ол алмаса, мен аламын. Маған тастап кет.

— Телеке, ол ненің ақысы? — деді Әлсен.

— Білесің бе, баяғыда сені шақырып алып, би болуға мен өткізгем. Ол пара алмаса, болыс болып ала алмай отыр. Әлі үйренген жоқ. Біртіндеп үйренеді. Кейін мен оған ретін тауып айтамын. Әкелдің екен, енді аттарды тастап кет. Қайта алып кетуің ұят болады…

Әлсен Телқозыға бергісі келмей тұрса да, Шоңға сыртынан бірдеңе айтып араздастырып қояр ма деп қауіптеніп амалсыздан тастап кеткен болатын. Кешкісін тысқа шыққан Шоң есік алдында байлаулы тұрған екі ақбоз атты көрді.

— Әлгі Әлсен аттарын тастап кеткен бе? Апарып беріңдер. Мұның арты жақсылыққа апармайды. — Шоң қандай шаруаны болмасын ойлағанда бір қырынан емес, сан қырынан ойлайтын. Қазір де сонысына салып тұр еді. Ел естісе Шоң Әлсеннен би болуға өткізгені үшін пара алыпты деп айтып, сан саққа жүгіртетінін білетін. — Қажет емес өзіне қайтарып беріңдер! Өзінің әдетімен екі рет қайталап айтқан. Шоңның екі рет қайталап айтуы өз сөзінен қайтпайтындығының белгісі еді. Телқозы баласының мұндай сөзінен кейін қайтуы қиын екенін білді. Телқозы екі бозды қимай тұр еді. Содан кейін:

— Бұл аттарды маған әкелген.

— Әлсен сізге атты не үшін әкеледі?

— Әкесі Шөміш баяғыда жылқысына қосылып кеткен үш жылқымды қайтармаған. Сол үшін саған әкелген осы екі атты мен алдым.

Шоң әкесінің мына сөзіне ренжіп қалды да:

— Олай болса Шөміштің өзінен даулап алмайсыз ба? Маған әкелген атты неге аласыз?

— Сен не айтып тұрсың, баласынан алайын, өзінен алайын, оның қандай айырмашылығы бар? Бос сөз сөйлеме! Жарайды, ол жағын кейін сөйлесемін. — Телқозы екі бозды алып кеткен. Осымен сөз біткендей болды.

Көктемде Азна күйеу баласы мен қызын жарты омыртқаға шақырды. Азнаның құда болғалы әдетіне енген, қыста соғымына құдасы Телқозыны шақырып, көктемде күйеу баласы мен қызын жарты омыртқаны сылтауратып тағы да бөлек шақыратын. Баяғы Нартайдың қылығынан кейін соны жасап жүрген. Уақыт өкпені жазады. Телқозы да, Шоң да, Әйімкүл де Таубайдың ол жүйрігін ұмытып, өкпе тарқаған. Ақмоладан келгелі Әйімкүл төркін жұртына барымпаз болып алған. Дегенмен, Шоңның жарты омыртқаға бұл жолы барғысы келмеді.

— Осы немене, бірдеңені сылтауратып сен үйіңе бара бересің? Ол ұят болады. Ана енең де ренжиді. Ыңғай шапқылайсың да жүресің!

Шоңның бұлай деуінде себеп бар еді, Жамал да бірде ренжіп баласына айтқан: «Сенің әйелің үйіне барымпаз болып алды. Басқа келіндер де көріп, соны жасайды».

Шоң шешесінің бұл сөзінде шындық жатқанын білетін. Сондықтан Әйімкүлдің мына айтқанын жақтырмай отырған. Бірақ ол болмады.

— Арнайы шақырып отыр. Бармағанымыз ұят болар. Басқа уақытта бармаймын, осы жолы барып қайтайық, — деді Әйімкүл. Шоң ешқашан ілуде-шалуда болмаса Әйімкүл көңілін қалдырмайтын. Бұлар бір ұйғарымға келе алмай отырғанда, үйге Телқозы кірді. Әйімкүл атасының көзінше тағы айтқан. Келіннің сөзін коштағандай етіп сөйледі ол да.

— Барыңдар, көп болмайды. Бармасаңдар Азна ренжіп қалады, — деді естіп отырған Телқозы.

Шоң іштей жақтырмай тұрса да, екі жақтан қолдап тұрған соң бармаймын деп айта алмады. Баруға келіскен. Сол сәтте Әлсен келе қалды. Би болғалы ол Шоң үйінен шықпайтын. Ренжісіп қалғанда да артынша қолма-қол ұмытып келе беретін. Ананы айтады, мынаны айтады, әңгімелесу үшін сөз табыла беретін. Кейде Шоңның оған беретін тапсырмасы да болатын. Көрші отырған адамдар кейде шабындыққа таласып қалады. Бірінің бірі малдарын ұрлап дауласып жатады. Ел арасындағы жанжал-дау көп, мұндай шаруаларға көбіне билерді жіберетін. Сондайлардың ретін тауып, шешіп келетін билердің бірі Әлсен еді. Әлсен басқа билердей сөзді көбейтпей, қиысын қисық деп, дұрысына жөнді ашығын айтып орындап келеді. Шоң оның осы қасиетін жақсы көретін. Онымен қоса Әлсен әңгімешіл еді. Жақсы сөздерімен Шоңның да, Әйімкүлдің де көңіліп тауып отыратын. Әлсен кіріп жайғасып отырған соң Шоң:

— Әлсен, біз Әйімкүлдікіне жүргелі отырмыз. Сен бізбен бірге жүр.

Алдында Жойқынбекке де пәуескені дайындау нұсқауы Әйімкүлден түскен еді. Әдетте, Шоң бір жерге барғанда ыңғай түрлері бірдей, бір қалыптан шыққандай бірімен бірі егіздей екі атты парлап жеккізетін. Жойқынбек Әйімкүлден сұраған еді. Әйімкүл өзің біл деген. Ауыл іргесінде жатқан жылқылардан Жойқынбек барып екі қаракер атты жегіп дайын тұрған. Оған үйден шығып Әлсен:

— Шоң күйеу жұртына мен берген екі ақбоз атпен бармақшы, соларды алып кел.

Бұл жалған сөз еді. Әлсен Шоңның екі бозға қалай қарайтынын білу үшін әдейі айтқан. Жойқынбектің ойында ештеңе жоқ, барып алып келген. Көктем туып қар кете бастаған кез еді. Жойқынбек пен Малай екеуі пәуеске шананы арбаға айналдырып, төрт дөңгелекті қойған. Шоң жылы киініп тысқа шықса, күймеге екі ақ боз ат жегілген, пәуеске дайын тұр.

— Мына екі атты неге жектің? — деп сұрады Шоң Жойқынбектен. Алдында Әлсен мен емес, Әйімкүл жеккізді деп айт деп үгіттеп қойған. Ол жеккізді десе Шоңның үндемейтінін білетін Әлсен. Жойқынбек не дерін білмей, сасқандай болып тұр еді, есік алдына шыққан Әйімкүл сөзге араласып:

— Мен жеккіздім, — деді. Алдында оған да Әлсен мен берген екі ақ бозды кім жеккізді десе, сен мен жеккіздім де, сонда Шоң ренжімейді деген. Әкесінің үйіне екі қара атты өзгертіп, екі боз жеккізіп сәнімен баруды ойлаған ол да. Соңғы кезде Әйімкүл сәнді киініп, қай жағынан болмасын билердің, байлардың әйелдерінен арттық көрінуге тырысатын. Үстіндегі киімдері де айрықша болатын. Алтын жіптен тіккен камзол-желет. Басында кұндыз бөрік. Тойларда бір жерде кездесіп қалғанда киім киісі басқа болыстар мен билердің әйелдерінен ерекшеленіп тұратын. Мықтылардың әйелдері Әйімкүлге ұқсауға тырысатын. Бірақ оған жете алмайтын. Әйімкүлдің қолы ұзын, қалаға барғанда неше түрлі киім сатып алады. Оның үстіне өзіне жарасатын киімдерді жақсы білетін, талғамы бар еді. Кейде кейбір болыс, бай әйелдері, Әйімкүлге ұқсау үшін сондай киім тауып алып кигенде жараспай тұратын. Не тар, не кең болып, көзге олпы-солпы көрінетін. Кейде түр келбетіне келмейтін. Тіпті, кейде кейбіреулер күлкіге айналдырып жіберетін. Содан көңілі жақын әйелдер Әйімкүлден сұрайтын, саған жарасады, маған неге келмейді деп. Әркімнің жаратылысы әртүрлі. Соған дене бітіміне, өз түріне орайластырып киіну керек, дейді ондайларға Әйімкүл. Бұл сөзді естіген әйелдер, осының бәрін Шоң айтып үйретіп отырғанға бағалайтын. Шын мәнінде, Әйімкүлдің өзіне құдай берген өз қабілеті бартын, қалай киіну жайында оған Шоң ештеңе айтпайтын. Әйелдің талғамы дұрыс екенін ол да білетін. Содан кейін ләм демейтін. Ал Әйімкүл бір жаққа барғанда киініп шыға келгенде, тіптен жасарып кеткендей болып көрінетін. Байқағыш еркектер оны байқап қалатын. Оның үстіне Әйімкүлде зор көңіл бар еді. Шоңның басқалардан артықшылығын білетін. Содан кейін, барлық жағынан басқалардан артық болуға тырысатын. Сәнді киім, сәнді пәуеске, оған көрікті, сұлу ат жегіп жүруге тырысатын. Шоң Әйімкүлдің айтуымен бір жерге барса үнемі бір түсті аттарды парлап жеккізетін. Соған Шоң да үйреніп алған. Бүгін де Әлсеннің айтқаны көңілінен шығып, Әйімкүл ол берген екі боз жорғаны жеккізген. Сыртқа шыққан Шоң екі жорғаның жегулі тұрғанын көріп, жақтырмай қалды:

— Ол екі атты Телқозыға беріп едің ғой, енді әкеп маған тықпалап отырмысың қалай?

— Бұл аттарды жеккізген мен емес, Әйімкүл, — деді Әлсен.

Шоң Әйімкүлге қарады.

— Шоңке, бұл аттар пәуескеге көрік бергендей болып тұр. Одан неге қашасыз? — деді Әйімкүл.

— Мен білемін, әкесі де, өзі де қызметі өтпесе босқа бермейді. Жойқынбек, мына екі атты доғар да, күндегі жегіп жүрген аттарыңның парын әкел.

Шоңның кейде бет-жүзге қарамай осылай тікке сөйлейтіні бар еді. Әлсен қатты ашуланып қалған. Шоң оған қараған жоқ, Жойқынбекке:

— Алып келіп басқа аттарды жек.

— Шоңке, ол аттарды өріске жіберіп қойып едім. — Жойқынбек Әйімкүл мен Әлсеннің көңілдеріне қарап айтып тұр еді. Өйтпесе, кейін екеуі өзіне ұрсатынын білетін.

— Сен Елгелді, сөзді көбейтіп жібердің ғой, асығатын ештеңе жоқ, екі қаракерді алып кел, — деді Шоң.

Жойқынбек атты доғаратын болып жатқанда бәрін естіп, көріп тұрған Әлсен атқа жармасты. «Осы екі бозбен барамыз» деді ол. Шоң мен Әлсен арасында реніш сөздер туып қалды. Араға Әйімкүл түсті тағы да.

— Шоңке, сіз қалайсыз? Әлсен сіздің ең жақын досыңыз. Соның әкелген атын пара дейсіз. Мынауыңды ел естісе ұят емес пе?

Шоң енді сөзді Әйімкүлге арнап сөйледі:

— Ел сен сияқты емес, басқаша ойлайды. Тағы да ертеңгі күні біреулер ақ боз ат алып келеді. Олардың да айтқанын жасай беремін бе? Олай болса, мен төркін жұртыңа бармаймын. — Үй сыртына қарай серуенге кетіп қалды Шоң.

Әйімкүл амалсыздан Жойқынбекті әлгі екі атты үй іргесінде жатқан жылқыға қосқызып жіберіп, олардың орнына екі қараны әкеп жегуге жіберген. Әлсен тұрып:

— Сенің күйеуіңді ел қанша ақылды дегенмен, осының есі дұрыс емес. Пара-пара деп қоймайды. Менің өз басым пара алмайтын адамды көргем жоқ. Анау ояздан бастап бәрі алады.

Әйімкүл Әлсеннің есі дұрыс емес сөзіне намыстанып қалды да, содан кейін айтқан:

— Шоңкең сондай таза адам, сондықтан соны жасайды.

— Бұл әлі үйрене алмай жүр, көреміз кейін талай пара алады. Онсыз болыс болып істей алмайды. Мен білемін, болыстардың алуы қандай көп болса, жоғары жаққа беру де сондай. Оны жасамаса біраз жылдан кейін Шоңды орнынан қуады.

Әлсеннің мына сөзі Әйімкүлге ауыр тиді. Енді Әйімкүл де Әлсенмен араздасып қалғандай еді.

— Сен Әлсен, аузыңа келгенді соға берме. Шоңкең осы жүрген болыстардың бәрінен де таза.

Әлсен тағы бірдеңе айтайын деп еді, сөз көбейіп кететінін білді. Және Шоң әйелінің тілін қатты алатын, кейін екеуін шатастырып қоятынын сезіп үндемей қалды. Жойқынбек басқа аттарды әкеп жекті. Сыртта біраз жүріп үйге кірген Шоңға Әйімкүл басқа аттардың жегілгенін хабарлады. Әуелідегі келісім бойынша Әлсен Әйімкүлдің төркін жұртына бірге баратын болған, Шоң мен Әйімкүлдің әлгі қылықтарынан кейін, қиқаңдай бастады:

— Мен бармаймын, өздерің жүре беріңдер.

Түндегі келісім болатын. Шоң жолай Әлсен үйіне соғып, әкесіне сәлем беремін деген. Біраздан бері есігін ашпаған. Әлсен әкесінің Шоңға өкпелі екенін өзі айтқан. Сондықтан міндетті түрде жолай соғып сәлем беріп кетпекші ойы бар еді.

— Әй, Әлсен сен ұмыттың ба, түнде жолда сенің үйіңе соғып әкеңе сәлем беруге келісіп едім ғой. Сенсіз барсам ол не дейді?

— Сен жүре бер, енді мен сенің пәуескеңе мінбеймін. Өзімнің салт атыммен барамын.

Бұлар жүріп кетті. Әлсен өзінің атымен салт келе жатты. Ауылына жақындай бергенде пәуескені тоқтатты да атын Жойқынбекке берді. Пәуескеге Әлсен мінді. Божыны алды, әлі ашулы еді, алдында бір қалыппен келе жатқан аттарды қамшымен тартып-тартып жіберді. Бұрын мұндай қамшы көрмеген, есі шыққан екі ат ала жөнелді.

Шоң үндемей отыр. Әйімкүлдің есі шығып кеткендей болды.

— Әлсен, өлтіресің бе? Бәрінен бұрын қазір пәуеске аударылып, мына балаға жазым болады.

Әлсен оны тыңдар емес. Аттарға қамшыны тағы басты.

— Ештеңе етпейді, Шоң аман болса, әлі талай бала табасың!

Шоң әлі үндемей отыр. Әйімкүлдің жаны шығып кеткендей болды. Аузынан сөз де шықпай қалған бір сәт. Әлсен сол аттың бар жүрісімен айдаған қалпы өз үйінің қасына келіп бір-ақ тоқтады. Шөміш көксау болатын, үй іші қапырық деп қысы-жазы есік алында отыратын. Пар ат жеккен пәуеске екпіндеп келіп есік алдына тоқтағанын жақтырмай қалды. Бірінші пәуескеден Әлсен түскен.

— Әке, Телқозының баласы саған сәлем беремін деп келді.

— Ол қай баласы?

— Әлгі болыс болған баласы.

— Атты айдап келген сол ма?

— Тап өзі!

— Телқозының мына баласы есірік екен ғой. Мені басып кете жаздады…

Бұл кезде Шоң пәуескеден түсіп, асықпай басып, Шөміштің қасына келген. Сөздің шет жағасын естіп қалды ол. Дәнеңе де деген жоқ, келіп қолын алды.

— Сен өзің атты қалай айдайсың?

— Сізге сәлем беруге асығып айдадым.

— Болыс болғандарға есірік тиеді деуші еді, сенде де сондай қасиет пайда болған тәрізді.

— Сізге сәлем беруге асығып келдім деп тұрмын ғой.

— Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? Мынауың болыс болудың қызуы ма?

— Иә, болыс болғандар солай жүреді. Мына балаң айтқан, әкем қалжау деген, содан кейін асығып келдім, сәлем беріп қалайын деп…

— Жоқ, мен өлмеймін. Қорықпай-ақ қой. Қартайған өлмейді, ажал келген өледі.

— Ерназардың үлкені менің бабам, қартайған адам жасы жеткен соң күнін санап отырады дейтін. Қартайғанға ажал жақын жүретін көрінеді. Бұлай сөйлегенді қойыңыз!

Шөміш Жанкелді қайтыс болғанда ауырып қалып топырақ салуға бара алмаған болатын. Мына ұлы атасының атын атап алыстан әдейі шолып айтып тұрға болжаған Шөміш. Сөз таусылып қалғандай болды. Дегенмен, мына жас болысқа тигізіп бірдеңе айтқысы келді де:

— Сені орыстар жайдан жай болыс қойып жүрген жоқ екен. Сен жеңдің, мен жеңілдім. Сөзіңнің қатесі жоқ…

Шоң мына сөздің арғы түп-мағынасын түсіне қалды. Бірде әкесі сұраған: «Сені осы болыстыққа ояз қойды дейді. — Телқозы бұл сөзді елден естіген сөзіне байланынысты айтқан еді. — Сол рас па?» Шоң әкесінің бұл сөзіне ренжіп: «Осында өңкей билер сайлады ғой. Оны өзіңіз көрдіңіз!». Телқозының көкейінде «билер сені ояздан қорыққанынан сайлады» сөзі тұр еді. Оны айтпады. Ел әдейі Шоң ояз қарамағында істегендіктен сол үшін сайлап отыр, бастығын сатып алды сөзін ойы-шыны аралас айтқанын естіген кейбір мықтылардан Телқозы. Шоң сонда әкесінің аузынан сол сөзді естігенде ренжіп қалған. Бұл менің дұшандарымның айтатын сөзі деп, әкесіне қатты өкпелеп қалғандай болған сонда. Шөміштің мына айтқанында да соған ұқсас бір мағына жатқанын түсінді Шоң. Соған орай:

— Мені орыстар емес, осындағы сіздердің билеріңіз қойды ғой. Сіз неге келмедіңіз?

— Мен барғанда болыс болып сайланбай қалатын едің!

— Әлі не кеш емес, Ақмолаға біраз билерді ұйымдастырып арыз жасаңыздар, орнымнан шығарады да тастайды.

Шоңның шындап бара жатқанын сезді де, Шөміш артықтау кеткенін білді:

— Тоқадан болыс сайланып жатса, неге ренжимін? Мен саған ойын үшін айтып отырмын ғой. Бұл басы артық сөзді доғар да, үйге кір.

— Басты шаруамды орындадым, сәлем бердім. Енді үйге кірмеймін.

Әлсен Шоңның әлгі өзінің ат айдағанына, әкенің мына сөзіне ренжіп қалғанын білді де:

— Әкей әзілдеп айта береді. Соны көңіліңе алдың ба?

Ауылдан шыққалы бұзылған Әлсеннің көңілін тағы да бұзғысы келмей Шоң үйге кірген еді.

Дастархан басында жап-жақсы әңгіме басталды. Көңілдері келісіп, Шоң Шөмішпен ұзақ әңгімелерге барып, түннің бір уағында дейін отырды. Шөміш бұл жолы Шоңның ойынан шыққан біраз әңгімелер айтты:

— Сен болған соң, Әлсен би болып сайланды. Мұның кисық мінезі бар. Алдында осында өзім қатарлы талай би шалдарға айттым, бірі қолдамады. Ақыры сенің арқаңда өтті.

— Әлсен турасын айтып тастайды. Сол себепті шалдарға жақпайтыны, тікесінен айту да әділдіктің белгісі. Нағыз өзіңізге тартқан. — Бұл сөзді Әлсеннің айтқан сан сөздері есіне түсіп айтып тұр еді. Әлсеннің кейде басы-көзі демей айтып салатынын білетін Шоң.

— Сен оны да, мені де мақтама. Талайдан сөз естідім. Содан өзімнен төмендер өтіп кетіп жатқан билікке зор дегенде өткемін кезінде. Сен мұны мақтай берме, арасында теріс-бұрысын да айтып қойып отыр.

Шөміштің бұл айтып отырғаны шын еді. Кезінде би боламын деп сан рет түсіп, өте алмаған. Кейін Қабайдың аузын алып, талай малын шашып зорға өткен. Билікке өтудің қаншалықты қиын екенін білетін. Баласының би болғанына риза еді. Бұның Шоңның арқасында өткенін түсінетін. Әлгі әңгімелері сөз тудыру үшін айтып отырғаны әзіл тәрізді сөздері еді.

— Мен Әлсеннің ол жағын білемін, тек кейін менің балама қатты кеттің деп ренжіп жүрмеңіз…

— Шындықты, әділін айтсаң неге ренжимін. Мына сөзіңе қарағанда сенің бойыңда үлкен әкең Жанкелдіге тартқан бір қасиет бар тәрізді.

— Енді мақтай бастадыңыз ба, маған мақтау да, жамандау да керегі жоқ.

— Екеуі де емес, шындықты айтып отырмын.

Шоң Шөміштің мына сөзіне қуанып қалды. Қанша дегенмен қандай жағдайда болмасын дұрыс жағына бұрып сөйлейтінін білетін. Шоң сол сәтте, бағана Әлсенге қос жорғасын бекер жеккізбедім-ау деп ойлады… Түн ортасында қайыра дастархан жасалып, тағы ет келді. Шөміш сөз айтқан болатын.

— Келін, мына Шоңды күтіп ұста!

Әйімкүлдің де ретті жерінде сөз жібермейтін пысықтығы бар еді. Болыс әйелі екенін сезіне ме, кіші болсын, үлкен болсын айтатынын айтып салатыны бар еді. Уақыт өткен сайын ол қасиеті тіптен күшейіп кеткен. Манадан бері тамақ істеп жүрген Әлсеннің әйелімен әңгімелесіп отырған, бұлардың арасында не әңгіме болғанын естімеген. Туралап айтып жіберді.

— Аға, немене, Шоңкең сізге менің үстімнен арыз айтып отыр ма?

— Шоң сен жайында ештеңе айтқан жоқ. Мен біраз өмір сүрдім. Қандай жақсы еркек болсын, оның қадірі әйелімен артады. Айтпағым сол еді. Өмір жастарың ұзақ болып, өмірде көрер қуаныштарың көп болсын, — деп бетін сипады. Әйімкүлдің бұл үйдің табалдырығын аттап отырғаны бірінші рет емес еді. Келген сайын осылай батасын беретін Әйімкүлге. Шоңның осындай өрлеп, ел құрметіне бөленіп жүргені осындай адамдардың батасының арқасы шығар деп ойлайтын ол да.

Осы арада Шөміштің көңілін көтеретін бір сөз айту керек екенін түсініп Әйімкүл:

— Шоңкеңнің ел көзіне түсіп, шалқып жүргені сіздердің арқаларыңыз ғой.

— Келін, Жанкелді еңбегі де соның тәрбиесі болар. Оның үстіне Шоң жаратылысында басқалардан артық туған адам.

— Шөмке, енді мені мақтай бастадыңыз ба? — деді Шоң.

— Жоқ, мен шындықты айтып отырмын.

Шөміш бір сөз айтса, батасы қоса жүретін. Бұл жолы да сөйтті. Қолын жайып батасын берді. Оның мұнысына Әйімкүл риза болып қалды.

Жанкелді Шоңның жас кезінде үнемі құлағына әртүрлі жайды құйып отыратын. Сонау хан заманында да талай оқиғаны басынан өткізген. Шоңның осындай дәрежеге жететінін білгендей, ыңғай пара алу деген адамды азаматтық жолдан кетіретінін айтып отыратын. Тура Шоңның осы дәрежеге жететінін біліп отырғандай айтатын. Сондықтан да Шоң парадан қашып жүретін. Елдің беріп жатқандарының бәрі парадай көрінетін оған.

Ертеңінде жүрер алдында Шөміш өзі алып келіп, өз қолымен Шоң мен Әйімкүлдің арқасына қасқыр тон және күзен ішік жапқан еді.

— Шәке, бұл тонды не үшін жауып отырсыз? — деді Шоң. Баласы Әлсеннің би болғаны үшін беріп отырған пара тәрізді сыйлығы ма деп те ойлаған. Бірақ Шөміш сөздің ретін тауып кетті.

— Сенің, бабаң Жанкелді алдында кінәм болған соң беріп отырмын. Ал мына Әйімкүл келін өткен жолы келгенде бір жағалы киім кигізе алмай қалып едім. Келіннің біздің үйден жағалы киім киюі керек еді. Сол кемшілігімді түзетіп беріп отырмын.

Шөміш шын ауырып қалды ма, әйтеуір бабасы Жанкелді қайтыс болғанда топырақ салуға келмей қалған. Бірде үлкен әкесі Жәметтің аузынан әкем Жанкелді қайтыс болғанда мына іргелес отырған, бізге күйеу бала Тілен Шөміш те келмеді деген сөзді естіген. Сонда үйде біраз адамдар отырған еді. Солардың біреуі Шөміш құлағына жеткізгенін сезді. Мынасы сол өткеннің есесін қайтарудың амалы екенін Шоң біліп отыр еді. Айтар сөз бар еді, бұл арада айтпады. Орынсыз көрді.

Әкесі Жәметтің бұлай сөйлейтін жөні бар еді. Өйткені, Шөміштің әйелі де Ерназар тұқымынан еді. Бабасына топырақ салуға әкесінің келмегенін бірде әзіл қосып айтып кеткен Шоң Әлсенге. Әзіл астарында шындық жататын. Дәл іргеде отырып келмегенін жақтырмайтын. Соны сезді ме, соған орай өзіне тон кигізіп, Әйімкүлге ішік жауып отырғанын білді. Шоң соған орай сөйледі:

— Шөмке, үлкен атама топырақ сала алмағаныңды кінәләймін, оны еске алмай-ақ қойыңыз. Менің алдында айтқандарым ағайындық назым ғой, сіздің сөзіңіздің ретіне қарай айттым оларды. Ол үшін маған қасқыр ішік жаппай-ақ қойыңыз. Алмаймын.

— Алмасаң өкпелеймін. Жанкелдіге жапты деп есепте. Оның үстіне Тоқада сенен биік тұрған адам жоқ қазір.

Шөміштің Жанкелдіге шапқан шапаным дегені ауырлау болып кетті. Қазір алмай кетсе, бабасының аруағын сыйламағандай болып табылады. Ертеңгі күні мына әкесі де, баласы да талай жерге жеткізеді. Соңғы кезде шапан жапқан адамдар көбейіп кеткен. Шоң ол шапандарды өзіне емес, болыстығына жауып отырғанын сезетін. Мына тон астарында сондай мән жататынын сезгендей болды Шоң. Соған орай сөйлеген:

— Маған тон кигізгеніңмен ол Жанкелдіге жапқан болып есептелмейді. Егер олай десеңіз бабама арнап бір құран шығарыңыз кейін. Содан ол кісінің аруағы да, мен де риза боламын, — деп бастай келіп Шоң көкейінде тұрған сөзін айтты, — Шәке, кім болыс болмай жатыр? Бір жағынан менің болыстығымды сыйлап беріп отырған шығарсыз. Олай болса, бұл тоныңызды кимеймін.

— Болыс көп болғанмен, солардың ішінде саған жетері жоқ. Сен айрықша болыссың…

— Шәке, оны қайдан білесіз? Менімен бірге жүрген адамдай сөйлейсіз…

— Менде құлақ бар, елде жеткізетін тіл бар. Елден естіп отырамын. Қалың қазақ жайдан жай мақтамайды. Ел көңілінен шыққан бір шаруаларың бар ғой. Кешегі хан болған Кенесарыны да мақтағам жоқ. Сенесің бе, сенбейсің бе, өмірімде ешкімді мақтаған адам емеспін. Мен турасын айтып саламын. Бұл арада ешқандай мәймөңке жоқ.

— Мына сөзіңіз жалған болса да сенуге тура келеді. — Әлі де күдігі арылмаған Шоң әзіл араластырып сөйлегендей етіп айтқан. Оның мына сөзіне Шөміш ренжіп қалғандай.

— Мен осы қартайған шағымда сені мақтап, сенің алдында жақсы көрінейін деп отыр деймісің. Сөздің шынын айтып отырмын.

Шоңның бұдан да айтатын сөзі бар еді, балаңның ертеңін ойлап беріп отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Шалдың көңіліне келіп қалатынын, Әлсеннің де ертеңгі күні өкпелейтінін білген еді.

Өзін мақтаушылар соңғы кезде тым көбейіп кеткен. Кейбіреуі көзін бадырайтып койып айтады, сонысы ұнамайтын Шоңға. Ыңғайсызданып қалады, солары жараспайтын сияқты. Олар мақтау емес, болысқа жағыну, жалбарыну, бірдеңені тапсыру үшін күн ілгері осылай сөйлеп отыратынын болжайтын. Сондай шамадан асып бара жатқан кейбіреулерін тоқтатып тастап отыратын. Қазір де Шөмішке соны жасамақшы болды, бірақ жасамады. Ондайда әкесі Шоңға ренжіп, сен адамның көңіліне қарамайсың дейтін. Ондайда Шоң әкесіне: «Телқозы, сен түсінбей отырсың бұлардікі болысқа жағынудың бір белгісі емес пе, ертеңгі күні оны ісіммен, сөзіммен қайтаруым керек. Ал мұны мен әркімнің көлгір сөзіне қарап орынсыз іс жасағым келмейді» — дейтін.

Шөміштің сөзін жақтырмай, әлі де құбылмалы көңілде отыр еді. Дегенмен, қадірлі шалға қарсы келуді лайықсыз көрді де, үндемеді. Қасқыр ішігін қанша алғысы келмей тұрса да, алды. Алмаса тентек шал жанжал шығаратынын білді. Ертеңінде атасының ауылына жүріп кеткен. Жолда келе жатқанда Әлсеннен сұрады:

— Осы әкең маған қасқыр ішікті сен би сайланған соң беріп отырған жоқ па?

Әлсен Шоңның мына сөзін жақтырмай қалды да, Шоң көңілінен шығатын бір сенімді сөз айтқан сол жерде:

— Алдыңғы жылы Қаржастан Шорманның Мұстафасының баласы келіп қонақ болып, сонда осы ішікті көріп маған бер дегенде, мен өлгенде келіп сүйегіме түсіп аласың, тірі күнімде бермеймін деген. Саған қалай бергеніне мен өзім де таң қалып келемін.

Шоңның тереңнен ойлап сөйлейтіні болғанымен, кейде кейбіреулердің сөзіне ренжіп қалып, асығыс бірдеңе айтып тастайтыны да болушы еді. Әлгі арада сөйткенін түсінді. Енді Әлсен аузынан әлгі сөзді естіген соң, басқаша сөйледі.

— Олай болса әкең шын көңілден берген екен, — деді. Баласының мына сөз Шөміштің айтқан сөзі шын, адал екенін дәлелдегендей болды. Жалпы, Шөміштің турасын айтатынын білетін. Әлсеннің кейбір сөздеріне көңілі толмай жүрсе де, мінезінде әкесіне тартқан турашылдық барын да білетін.

— Әлсен, маған берген екі бозды енді аламын, — деді Шоң.

— Жоқ, мен саған бергем жоқ. Телекеңе әкелгемін.

— Өтірік айтасың, маған әкелгенсің, білемін. Оның үстіне аттарың маған ұнайды.

Әйімкүл мырс етіп күліп жіберді. Әйелінің бұл қылығын жақтырмай қалды Шоң.

— Сен неге күлесің?

— Кеше аттарды жеккізбей, енді мына айтып келе жатқаныңды айтамын…

— Ол кешегі көңіл күй, ал бүгінгі басқа. Адамда ондай-ондай сәттері бола береді. Бұл Әлсен екеуміздің арамыздағы шаруа. Сен оған араласпай-ақ ақ қой, — деді Шоң.

Әйімкүл қасында жатқан әйелі болса да, Шоңнын осындай бір түсініксіз мінездеріне таң қалып отыратын. Қазір де сондай бір күйде еді… Шоңдар әуелі Әйімкүлдің үлкен әкесі Сәттібайдың үйіне ат басын бұрған еді, шалы өлгелі кемпірі оның орынын жоқтатпақшы боп бөлек отырған. Еркек орнында отырған кемпірге сәлем беріп, кіріп шығуы Шоңның соңғы кезде шал жоқ болса да әдетіне айналған. Бұл жолы да сөйтті. Кемпір мәз болып қалған. Сол екі ортада Азна бар, Сәттібайдың үлкен баласы Нартай бар, бәрі келген еді. Сәттібайдың кемпірі Әйімкүлді жаңа көргендей құшақтап бетінен сүйді. Бала кезінде Сәттібай үйінде өсіп еді. Қазір сол кездерін еске алып, кемпірдің көзінен қуаныштың жасы да шығып кеткен.

— Балам-ау, өзің өсіп кетіпсің ғой, — деді ұзара түскен тал бойына қарап.

— Тамағы тоқ, көйлегі көк, бұл семірмегенде кім толады, — деді Әлсен.

— Мен толғанын айтпаймын, бойының өскенін айтамын, — деді кемпір өзінің де, Әлсеннің де сөзін түзеткен болып… Енді ғана жиырма бестен асып, үшінші бала тапқан Әйімкүлдің бойының өскені рас болатын. Кемпір соны бірден байқап қалып, айтып отыр еді.

Расында, Әйімкүл еттеніп, үшінші қызын тапқан соң бойы ұзара түскендей әсер қалдырғандай еді, бұрын көрген адамға.

— Мұнда Әйімкүлден де көп өскен бір адам бар, — деп өзінің әзілқой әдетіне басып, Әлсен барды да пәуеске ішінде ұйықтан жатқан кішкентай қызды алып келді. Бәрі дуылдасып жүріп оны ұмытып кетіпті.

— Мына жиендеріңізге қайсыңыз көрімдік бересіңдер?

Елден бұрын келіп Нартай Әлсеннің қолынан баланы алды.

— Бұл Тілендер біледі, кімге көрімдік сұрайтынын, — деді ол.

— Өзің бір көрімдік алатындай сөйлейсің. — Әлсеннен Нартай біраз үлкен болса да оның қылықтарына қарай ретті жерінде кейде өзінің мінезіне салып еркін сөйлейтіні бар еді. Қазір де соны жасап тұр еді…

Нартай Әлсеннің сөз төркінін қайда бұрып бара жатқанын білді де жым болды. Нартай ана бір жылдары аулының бір қызын Тілендерге әкеп беріп соның ақысына жігіттен үш жылқы алған. Соны реті келгенде Әлсеннің Нартай өзі қарындасын әкеп беріп, ақысына жылқы алды деп мазақ етіп жүргенін естіген. Қарындасы мен күйеу баласының көзінше айтса ұят болатынын ұғып тұр еді ол да.

Сол орайда Тіленмен әзілдесудің қиын екенін түсінді. Қазір сол ойына түсіп кетті де, мына Азна Шоң көзінше бірдеңе айтып қоятынын ойлап, жым болды. Дегенмен Әлсен аузынан шыққан сөзді басуды ойлаған:

— Әлсен, көрімдік ешқайда қашпас, сөзді көбейтпесейші, — деп қоя салған. Осының аузын қалай жабамын деп жүрген Нартай тағы қайталап айтты. — Жиенімізге бермеген көрімдікті кімге береміз?

Мына сөзден кейін Әлсен де тоқтаған. Осы жолы қайтсе де Нартайға айтқанын жасататынына сенімді еді. Осыдан кейін екеуінің арасындағы етек алып кете жаздаған сөз басылып қалғандай еді.

Телқозының өкпесі

Бір күні келіп әкесі Шоң алдында сөз бастаған еді.

— Мына Қояншы-Тағайлар Кеттебекке біздің жылқыларымызды ұрладыңдар деп өтірік жала жауып жүрген көрінеді. Сен солардың болысымен сөйлесіп көрші…

Шоң білетін, Аралбайлардан Ортау болысына болыс болған Кеттебек еліне жақпай болыстықтан шығып қалған еді. Қазір туыстарымен ренжісіп, Шоң ауылына жақын жерде іргелес отыратын.

— Көрші отырған олардың дауы баяғыдан бері бар. Ол үшін мен жүре бермеймін, өздері шешіп алады. Ел арасында сәл бірдеңе болса мен шапқылай беремін бе осы? Ана билері отыр. Соларға неге жүгінбейді?

— Кеттебектің аталары пәлен жылдан бізбен көрші отырған ел. Екіншіден, мен тілек етіп отырмын. Барып барлық жағдайды біліп қайт. Әрі-беріден соң бұл — сенің міндетің. Кеттебек ауылы саған қарайды.

— Ана Құтжан биді неге жібермейді?

Кұтжан өзін Шоңнан артық санап жүрген Аралбайдың биі еді. Және Ыбыраймен құдандалы болатын. Кіші баласы Әліммұсаға оның қызын алып берген. Енді келіп оның туысы Кеттебек туралы әкесі мынандай сөз айтып отыр. Мұнда бір мән жатқанын Шоң біле қалды да, мен оның шаруасына араласпаймын деп бірден айтқан. Сонда да әкесі болмады:

— Шоң, оның Қояншы-Тағайлар алдында сендей беделі бар ма, соның бәрін есептеп келіп саған тоқтап отыр ғой олар да.

Шоң мынау бір шатақ шаруа екенін сезді де:

— Мен ондай шаруаға бармаймын. Қалай шешсе олай шешсін! — деді.

Телқозы бұдан кейін сөз бітті дегендей, үндемей кетті. Әңгіме осымен біткен сияқтанды. Шоң болыс болып келгелі әкесі бөлек шығарған. Шоң өз алдына отау болып Қызылағашта отырған. Әкесімен бірге Малай тұратын. Балаларының ішіндегі өзінің тілін алғыш Малайды әкесі басқа балаларынан жақсы көретін. Балалары өз алдына үй болып кетіп жатқанда, әкесі Малайды жібермей қасында қалдырған.

Арада тағы екі күн өткен еді. Таңертенгі шақ болатын. Шоң өзінің үйреншікті әдетімен серуендеп есік алдында жүр еді, әкесінінің ауылы жақтан екі атты адам осылай қарай келе жатыр екен. Жақындағанда Шоң әкесі мен інісі Малайды таныды. Телқозы мұнда бұрылмай анадайдан өтіп кетті де, Малай ағасының қасына келді. Сәлем берді.

— Ана әкең қайда бара жатыр?

— Мына Аралбайлар аулына барып қайтамын дейді.

— Жайша ма? — деді Шоң.

— Ол жағын білмедім…

Шоң өзінен Малайдың бірдеңені жасырып тұрғанын білді. Телқозы не болса да Малаймен ақылдаспай жұмыс істейтін. Інісі әкесінің неге бара жатқанын білсе де айтпады, бұл да қазбалап сұрамады.

— Әйімкүлдің шайы қайнап түр. Үйге кіріп шай іш, — деді.

— Шай ішетін уақытым жоқ, асығыс шаруам бар. — Малай атына мініп, тебініп қалып жүріп кетті. Шоң да үй сыртына қарай серуендеп кетті. Әкесінің Аралбайлар аулына бара жатқанына көңілінде белгісіз бір күдік жатса да онша мән бере қоймаған. Өйткені, баяғы заманнан қатынастары бар, туыстай болып кеткен адамдар еді. Солардың біреуіне бара жатыр ма деп ойлаған. Шоң ел байқай бермейтін әр руға тән мінез-қылық барын білетін. Аралбайлардың өздерінікі қисық болып тұрса да, өздерін дұрысқа бағалайтын мінездері бар еді. Шоң сол мінезіндерін жақтырмайтын. Кешегі әкесінің сөзі есінде еді, содан ба, көңілін бірдеңе мазалағандай болып, есік алдына қайта оралғанда, үй алдында тұрған інісі Малайды көрді. Оның мына қайта оралуынан бірдеме айтқысы келіп жүргенін білді.

— Неғып тұрсың, үйге кір.

— Асығыс шаруам бар. Кетейін деп тұрмын.

— Әкенді күтіп тұрсың ба?

— Сол да бар…

Сөздің бетін тағы да Аралбайларға бұрды:

— Аралбай көп, кімдікіне кетті?

— Кеттебектікіне.

Кеттебек анау-мынау адамды менсінбейтін, оның үстіне тентектеу мінезі бар адам болатын. Соны біле ме, әкесі онымен онша жақындаса қоймайтын. Әкесінің сол Кеттебек үйіне кеткеніне таңқалды да қойды. Кеттебекте бір шаруасы бар ма деп, тағы да інісінен сұрады.

— Білмедім, — деді Малай.

Малай бір әке, бір шешеден туса да Шоңға ұқсамайтын, жаратылысы басқа еді, айналдырғаны алдындағы малы, сөзі аз, ешнәрседе шаруасы жоқ адам болатын. Әке сөзін екі етпей орындайтын мінезі барын және білетін Шоң. Содан ба, Шоң мен Малай бірімен-бірі онша ашылып сөйлесе бермейтін. Казір Малай сонысын жасап тұр еді.

Ағасының көніл-күйін сезді де, ол кетіп қалды. Әкесінің бірдеңе айтқанын Шоң сезді. Бірақ інісі үндемеген соң бұл да қазбаламады. Әдетте Шоң таңертеңгілік серуеннен келгеннен кейін жазуға отыратын. Бүгін оны жасамады. Әкесінің Кеттебек үйіне бара жатқандығы туралы інісінің сөзі ойын бөле берді. Серуендеп жүргенде Шоң жайдан-жай жүрмейтін. Жазатындарын ой елегінен өткізіп алатын. Бүгін үйреншікті сол әдет тартпады. Басқа жаққа кете берді. Кеттебек үйіне кеткен әкесіне көңілі ауа берді. Енді әкесі туралы, Кеттебек жайында ойлады. «Бұл Телқозы мен Кеттебекті жақындастырып жүрген қандай шаруа» деген ойға беріліп, өзінен өзі мазасызданған. Бұрын Кеттебек туралы әңгіме бола қалса, Телқозы: «Сол Аралбайды қойшы» деп отыратын. Шоң оны білетін. Әкесі Кеттебектің кекірік мінезін онша жақтыра қоймайтын, ашық айтпаса да, Шоң соны сезетін. Осындай екі адамды жақындастырып жүрген не екен, өзіне өзі сұрақ беріп, онысына іштей жауап таба алмады.

Кеттебек Шоңмен қатарлас еді. Осының алдында Аралбайлардың жартысы, Ортау болысы ашылып, соған қарап кеткен. Аралбайдан Құтжан би болыс болған. Құтжанның болысқа өтуіне Шон көмектескен. Кеттебек қанша талпынса да бола алмай қалған. Содан Құтжан үстінен жазу көбейді. Кейін ретін тауып ояздың аузын алды ма, Ыбырай қанша сүйесе де үстінен жазу көбейді. Ояз да сасып қалған сыңайлы. Бір барғанда Шоңмен ақылдасқан еді. «Мына Құтжан үстінен арыз көбейіп кетті, не істейміз» деп сұраған. Бұл айтқан: «Ел жайдан-жай жазып жатқан жоқ шығар, бір себебі болуы керек». «Ендеше, сол болысқа қайта сайлау өткізіп кел» деген ояздың ұсынысынан Шоң бас тартты. Аралбайлар арасында болыс сайлауын өткізсе өзіне пәле болатынын сезді. Содан ояз Шоңмен ақылдаса келіп, Герасимов пен Ыбырайды жіберген. Кеттебек пара берудің арқасында болыс болып алған. Содан өзіне қарсы болғандарға қырғидай тиеді. Бұл хабар Шоңға да жетіп жатады. Шоң Ақмолаға барғанда Ортау болысында болып жатқан жағдайды айтады. Ашуланған ояз Герасимовты жіберіп, Кеттебекті орнынан шығарып тастайды.

Кеттебек Шоң мен Герасимовтың көңіл жықпас достар екенін білетін. Кеуделі Кеттебекке болыстан шығып қалғаны қатты әсер еткенін Шоң сезіп жүретін. Содан бірде Шоңға мінез көрсетіп айтқан: «Сен анау оязың арқылы Құтжанды өткізіп жібердің ғой» деген. Бұл сөзде шындық жатқанын түсініп Шоң сөзді көбейткісі келмей, үндемей жүре беретін. Содан бері кездескен жерде соны еске түсіріп айтып жүретін. Әкесі Телқозы да мұны білетін. Шоң әкесінің Кеттебек үйіне барып жүргенін бір нәрсеге ұрындыру үшін жасап жүрген қулығы ма деп ойлаған. Ала көңіл болып тұрғаны осыдан еді.

Барлық ойды сырып тастап сыртта біраз жүріп келіп Шоң Карповпен кездескеннен кейін жаза бастаған қазақ тарихы туралы жазбасына кіріскен еді. Бұл мәселе де күнделікті үзілмейтін тақырыпқа айналған соңғы кезде. Бүгін үйеншікті болған шаруасына кіріскенде тіптен ұзаққа кеткен отырысы болды. Шоң сонау Қоңырқұлжамен болған әңгімеден кейін жазамын ба, жазбаймын ба деп екі ойлы боп жүрген қазақ тарихи жайындағы еңбегін Карповпен кездескеннен кейін біржола қолға алған. Айтар ойлары көбейіп кеткендей еді. Онымен қоса қазақ жеріне орыстардың көшіп келуіне байланысты да пікірі бар еді басында. Бәрін біріктіріп, бір мәселеге айналдырған. Шоңның жазуы тіптен молайып кеткені содан еді. Кейінгі кезде бос уақытында бұрындай қаршыға алып, құс аулауға, ілуде-шалуда болмаса шықпайды, бірнеше сағат отырып ойға беріліп жазатыны бар еді. Шоңның не жазып жүргенін ешкім білмейді. Анада бірде Әйімкүл Шоңнан не жазып отырсыз деп сұрағанда ол айтқан, өткен-кеткен, алдағы шаруалар жайында толғаныстар ғой деген. Әйімкүл оның бұл айтқанын онша түсіне қоймайтын. Содан кейін Шоңның жазуында жұмысы болмайтын. Содан бері біраз уақыт өтті — шегі жоқ, бітпейтін шаруа тәрізді. Ойдан ой туа беретін. Шоң бұған жалықпайтын, қайта құмарта түсетін. Күн сайын түннің біраз уақытына дейін отырып жазатыны бар. Әйімкүл бұған да үйреніп алған. Дегенмен, сағаттар ойы күйеуінің тапжылмай отырғанынына мазасызданатыны және бар. Әйімкүл кейін тағы да бір-екі рет сұрап еді, күйеуі өзім де білмеймін деп, екіұшты, жұмбақтап жауап берді. Оған ашуланып қалған Әйімкүл атымен сұрамайтын болған еді. Шоңның күндіз-түні отыруына қарағанда, мұның бір маңызды шаруа екенін Әйімкүл түсіне бастаған. Кейде тіпті, біреулер сұрай келсе үйде жоқ деп, жазу жазып отырғанын жасыратын. Шоңның жазуына кедергі келтірмеуге тырысатын.

Бүгін де әлгінде Малаймен болған қысқа әңгімеден кейін қайта кіріп жазуға отырған еді. Шабыты келіп жазғаны сонша, Шоң содан түскі тамаққа да тұрмады. Содан біржола жазуға беріліп кеткенін біліп Әйімкүл де тамаққа шақырып мазаламаған. Бесіндікке дейін отырған ол, орнынан көңілді тұрды.

— Әйімкүл ішіп-жейтін бірдеңең бар ма? — деп сұрады. Бұл жазу ойынан шыққан соң куаныштың белгісі еді. Жазуы сәтті шыққанда оның осылай жақсы күймен орнынан тұратынын Әйімкүл білетін.

Өзіне арнап жасалған түскі тамақты қайта жылытып дастарханға қойды. Әйімкүл екі-үш сағат тұрып қалған тамақты күйеуіне бермейтін. Баяғыда, анау Ақмолада тұрғанда бір жаққа шаруамен барғанда ұшынып қалғанын білетін, содан бері Шоң тамақты көбіне бөлек салғызып жейтін. Содан түн асқан түгілі, күн тұрған асты бермейтін. Шоң сұрап тұрған соң қайыра тамақ дайындауға мұршасы болмай, түсте дайындалған тамақты берген еді. Бұл ешкімнің қолы, аузы тимеген ас еді. Шоң өзінің биязылығына салып, асықпай ішіп-жеп сыртқа шығып кеткен.

Әкесі туралы да, Аралбай Кеттебек туралы да — бәрін бір сәт ұмытып, әлінше жазу үстелі басында туған ойлары қайта туындап, тыста жүре алмай тағы жазуға отыруға келе жатқан. Мұндайда айналада болып жатқан жағдайларға да мән бермейтіні бар. Тіпті, көрмейді деуге болады. Ішкі ойлар жетегіне беріліп сыртқы дүниенің бәрін ұмытатын әдеті еді. Шоң казір сондай күйде болатын.

Шоң жаза бастағалы мұндай сәттілік жиі болмайтынын түсінген. Ондайда қайта жазуға отыратыны болушы еді. Қазір сондай күйге беріліп, үйге қарай кері бұрылған. Кенет тура өзіне жақындап келіп қалған әкесін бір-ақ көрді. Жетегінде екі аты бар. Тура қасына келіп тоқтады.

— Мына аттарыңыз не?

— Мынауы айғыр. Етті орыс жылқысының тұқымы көрінеді. Бір өзінен қазақтың екі жылқысының еті түседі дейді. Сондықтан тұқым алу үшін екі айға Кеттебектен сұрап алдым. Қасында үйірі болмаса жылқы да тұрмайды ғой. Сол себепті, мына биесін қосып берді. Екі-үш биені айғырдан шығарып алған соң өзіне қайтып беремін.

Шоң әкесінің бұл қылығын жақтырмады. Көңілі онша емес адаммен жасап жүрген мұнысы дұрыс емес екенін айтса қазір әкесін ашуландырып алармын деп, үндемеді. Сонсоң екі жылқыға назар аударды. Екі жылқыны көзбен шолып өтті. Бойшаң, денелі, арқа-жоны жалпақ малдар екен. Әкесі айтса айтқандай, қазақтың екі жылқысынан шығатын еті бар әрқайсында. Соны түсініп тұр еді.

— Кеттебек бұл жылқыларды қайдан алған?

— Ақмола базарынан сатып алыпты…

— Сіз сонда сан барып тұрасыз, осындай тұқымнан сатып алмайсыз ба? -Бұл сөзі әкесінің Кеттебектен жылқы алғанын жақтырмағанының белгісі еді.

— Бұл жылқылар қыруар ақша көрінеді. Сатып алып жүргенше осы дұрыс емес пе?

Шоң әкесінің сараңдығын осы жерде тағы мына сөзінен көріп қалғандай болды. Алайда Шоң үндемеді. Дегенмен Кеттебектін жайдан-жай жанаса бермейтінін түсініп тұр еді. Әкесінің өзіне бұл берудің артында Кеттебектің бір талап, тілегі тұрғанын топшылады. Әлгі қысқа әңгімесі негізгісінің бастауы ғана екен, Телқозы сәлден соң сөзін әрі қарай жалғады.

— Кеттебектің саған бір тілегі бар екен, өткен жолы айттым ғой, Қояншы-Тағайлар көршілері біздің жылқымызды ұрлады деп пәле салып жатқан көрінеді. Соны реттеп берші. Оязға арыз түсіріпті. Ақмоладан біреу келіп тексеріп кетіпті.

Шоң Ақмоладан адам келсе өзіне соқпай кетпейтінін білетін. Кеттебекты мынасы күні бұрын жасап отырған сақтық екенін сезді. Сөзі жалған екенін түсінді. Ішін бір реніш жайласа да, оны сездірмей Шоң әкесінің бұл қылығын ұнатпай тұрса да, оны үндемей тындай берді.

— Сен мені тыңдап тұрсын ба?

— Айта бер, тыңдап тұрмын…

— Кеттебек пәлен жыл көрші отырған адам ғой, соған көмектесіп жібер.

— Телқозы, өткен жолы айтқанмын, Аралбайларға ешкім өз бетімен тимейді. Бар пәле сол Кеттебектің өзінде шығар. Тағы да айтамын, ана болыс, би Құтжанды жіберсін. Ол ана Ыбырай төремен құдандалы. Қаракесектер оның айтқанын екі етпей орындайды.

Шоңның кейін тартып тұрғанына әкесі ашуланып қалды да:

— Сен айтқандай Құтжан тәрізді басқа да билер толып жатыр. Сені өз болысыңның адамы Кеттебек әдейі айтып отыр. Ана Каракесектер көрінген билердің сөзін тыңдай бермейді. Сенің болысыңа қарайды, соны ескеруің керек. Әуелі тексеріп барып айтпайсың ба? Күні бұрын байбалам салғандай етіп тұрсың!

Әкесінің бұл айтқанында бір жөн бар екенін Шоң сезді. Қазір екі ру арасында бір шатақтын болайын деп тұрғанын да түсінді. Аралбайлар ешқашан біреуге пайдасын жібермейтінін білетін. Содан кейін іштей бұған араласудың жөн, әлде қисық екенін біле алмай тұрған. Бұдан кейін әкесі сөзді көбейткен жоқ, кетіп бара жатып ат үстінде дауыстады:

— «Көрші ақысы — тәңір ақысы» дейді қазақтар. Соны ұмытпа.

Шоң сәл ойланып тұрып қалды. Кеттебекті де жақсы білетін, ешкімге есесін жібермейтін. Онымен дауласқандар пәле үстіне пәле қосып алатын. Ел содан одан аулақ жүретін.

«Ойпырмай, ә… — деп ойлады Шоң. — Бұл Қаракесектер Кеттебекке қалай тиісіп жүр екен?» Шоң бір жағынан Каракесектер де жай жатпастың өзі екенін, бірақ олардың қай жерден, кімнен жылқы ұрлайтынын талдап-барлап қимылдайтын адамдар екенін жақсы білетін. Ес білгелі Қаракесектер көрші отырған Аралбайдан жылқы ұрлады дегенді естіген емес. Сірә, көршілікті сақтауды қадыр тұтатын Қаракесектердің іргесінде отырған руларға тиіспейтінін білетін. Аралбайлар да солай еді. Олардын ұрылары да көрші жатқан Қояншы-Тағайлардан мал ұрламайтын. Сонау Найман, Тобықтыларға шығып кетіп, сондай алыстағы рулардан ұрлайтын. Шоң оны естіп жүрген. Қолма-қол Ақмола базарына апарып сатып жіберетін. Содан оларды ешкім ұстай алмайтын. Кеттебек тәрізділер бұл үшін арнайы ұрылар ұстайтын. Шоң әрі-сәрі, екі ұшты ойға қалды, біріне де тоқтай алмады.

Шоң сыртта біраз жүріп, үйіне келсе Телқозы әлі кетпеген екен. Алып келе жатқан екі жылқысын сырттай қызықтағандай қарап, есік алдында тұр екен. Осы кезде тысқа Әйімкүл шықты.

— Келін, әлгі дәмді шайыңды қойып жіберші. — Бұл Телқозының Әйімкүлге жақсы күйде болғанда айтатын сөзі болатын. Әдетте, келіндеріне қатты Телқозы ретті жерінде келіндерін осылай мақтап жіберетін де әдеті бар еді.

— Көке, олай болса неге тұрсыз, үйге кіріңіз. Шай қайнап тұр, — деп ол да жалбалақтап қалды. Сармантай аулында да үлкендерін «көке» дейтін әдет бар екен, келін болып түскеннен кейін үлкен әкесі Сәттібай тәрізді, Телқозыны да солай атап кеткен. Телқозы бірден үйге кіріп кетпей, жақындап келе жатқан Шоңды күтіп тұрған. Ол қасына келген соң әлгі сөзін тағы қайталап айтты. Екінші рет Телқозының ескертіп айтуы, шаруасы маңызды болғанда жасайтын әдеті еді. Мұны Әйімкүл жақсы білетін. Әдейі келініне естірте айтып тұрған. Өйткені, Шоң Әйімкүл аузынан шыққан сөзді жөнсіз болмаса да қалт жібермей орындайтын. Телқозы да біліп алған. Сондықтан әдейі келінінің көзінше айтып тұрған еді, ол да:

— Шоң әлгі айтқанымды жаса. Реттеп жібер. Сенің тілінді ана Қаракесектер де жықпайды.

— Кеттебек өзі келіп айтпай ма, осы шаруаға сіз неге араласасыз?

Пайдасы болмаса, Телқозының кез келген шаруаға араласпайтынын Шоң жақсы білетін. Әкесінің мына айтып тұрғаны екі атты алғанның қайтарым екенін сезіп тұрса да әдейі айтты:

— Сені жұмсағаны несі қолбала құсатып… — Шоң әкесінінің сөзіне де, Кеттебектің қылығына да ыза болып тұр еді.

— Ол да келеді, сен дұрыс қарасын деп әдейі ескерткенім ғой бұл. -Телқозы осыны айтты да үйге беттеді. Оның артынан Шоң кірген. Алдында ғана енген Әйімкүл шайды жасап қойған екен. Әкесі жайғасып отырып Әйімкүл құйған шайды іше бастады. Шөлдеп келген болуы керек, кесесін тез тауысып, рахаттанып отырып шай ішті. Тер одан да кетті, бұдан да кетті. Шоң қалжақтап айтты:

— Немене, Кеттебектің үйі шай бермеген бе?

— Берді ғой, бірақ Әйімкүлдікіндей болмайды ғой. Бұл келіннің шайы айрықша. — Телқозының бұл да бір саясаты болатын. Кейде айтар сөзін Шоңға өзі айтпай Әйімкүлге айтып кететін. Мынасы соның алдындағы мақтау еді. Нартай Шоңның мініп жүрген атын алып кеткеннен соң, жалпы Телқозы көңілі Әйімкүлден де суып қалған. Әйімкүл Ақмоладан қайтып келген соң көңілдері қайта табысқан еді. Оған себеп болған Әйімкүлдің көкелеп тұрған мінезі еді. Әйімкүл сонымен Телқозы тілегінен шығып жүрген еді. Атасының көңілін осындай мінезімен жаулап алған. Телқозы да Әйімкүлдің айтқанын қисық демейді, Шоң да шамасы, реті келіп тұрса орындауға тырысатын. Әрбір адамның айтқанына сын көзбен қарайтын Шоң сол қасиетін Әйімкүлге келгенде жоғалтып алғандай болады. Және оның айтқандарын ілуде-шалуда болмаса, дұрыс емес демейді. Шоңның да әйелінің айтқан сөзің екі етпей орындайтынын Телқозы сезіп, біліп алған әбден. Мынасы да сол үйреншікті әдісі болатын. Шоң әкесінің әлгі сөзін жақтырмай:

— Әйімкүл шайын көп ішіп үйреніп қалғаннан ба, маған да айрықша… Кеттебектің әйелінің берген шайы Әйімкүлдің шайының ширегіне келмейді. Сен шай жайында әңгімені қой. Мен саған Кеттебек мәселесін әдейі тапсырып отырмын. Бір рет мен айтқандай жасап бер… — Телқозы шайын тездетіп ішіп, асығыс орнынан тұрды.

Әйімкүл атасының әлгі сөзін Шоңның қабылдамай отырғанын білді. Ол Телқозының әдейі бұл шаруаны өзіне тапсырып кеткенін түсіне қалды. Телқозы бұдан кейін Шоңнан сұрамайтын, кейін уақыты болды-ау деген шамасында Әйімкүлден сұрайтын. Ол да атасынын ондайын біліп алған, түбінде өзінен сұрайтынын түсініп, сол себепті Шоңның есіне салып, ретін келтіріп сұрап та қоятын. Әлгі әкесінің сөзінен кейін Шоң ашуға беріліп:

— Әлгі сөзді көбейтіп кетті ғой, Кеттебек ешқашан есесін оларға жібермейді. — Әкесінің айтқаны ойынан шықпаған болуы керек, өзінен өзі отырып дауысын көтере сөйледі. Бұл жақтырмағандықтың белгісі еді. Әйімкүл де оны түсініп, үндемей қалды. Шоң түскі тамағын ішіп алған соң өзінің әдетімен біраз дем алып, жазуға кірісті. Жазуға берілгені сондай, әкесінің тапсырмасы туралы ұмытып та кеткен.

Содан сол күні төсекке жатқан соң өзінің әдеті бойынша Әйімкүл Шоңға әкесінің тапсырмасын еске салған. Шоң оны жақтырмаған ыңғай көрсетіп сөйледі.

— Сен де, Телқозы да Кеттебек шаруасынан аулақ жүріңдер. Мен оның шаруасына араласпаймын, — Шоң турасын айтқан.

Осымен әйелімен екеуінің арасындағы сөз де жылдам біткен еді. Әйімкүл де Шоңның енді айтқанын орындамайтынын біліп, бұдан кейін үнсіз қалған. Шоң өзінен өзі жатып ойға берілді. «Күндізгі сөз сарынына қарағанда екі жылқыны басыбайлы берген болған ғой» — енді Шоң ашуы тіптен күшейді. Аралбайлардың бірдеңе өтікізіп қойса соңынан қалмайтын әдеті барын және білетін. Ұйқы ашылып кеткен соң, Шоң жазу бөлмесіне барып жазуға отырды. Содан түннің бір уағында төсегіне келіп жатты. Әйімкүл де атасы Шоңға жөндеп айтпадың деп маза бермейтінін білетін. Таңертең шай үстінде тағы айтқан.

— Шоңке, байқадыңыз ба, көкем кешегі айтқан шаруасына үлкен мән беретін тәрізді.

Сонда да Шоң үндемей отыра берді. Оның мұнысы Әйімкүлдің ойынан шықпағаны болуы керек:

— Шоңке, неге үндемейсіз?

Әйімкүлдің мұнысы көңілінен шықпай тұрса да, ренжіген жоқ. Одан құтылу үшін:

— Оны жағдайға байланысты кейін көремін…

Шоңның бұл сөзі Әйімкүлге ұнамай қалды. Оның мақсаты кайтсе де кешегі атасының айтқанын Шоңға істету болатын.

— Шоңке, қайтсеңіз де көкемнің айтқанын жасап беріңіз, — деді.

Шоң сонда да ештеңе айтпады. Орнынан тұрып, тысқа шығып кетті. Ол шығып кеткен соң Телқозы келді. Әйімкүл оған Шоңның көнбей отырғанын айтқан еді. Телқозы Кеттебекке айтқанын жасататына уәде беріп кеткен. Жылқысын алып отыр, енді сөзінде тұрмады. Әлгі Әйімкүл айтқанынан кейін Шоңмен сөйлесудің ешқандай мәні болмайтынын біліп, Шоң үйінен шыққан соң Кеттебек аулына тартқан. Көз алдында екі жылқы тұр. Келіп Кеттебекке жұмсартып айтқан:

— Жүз көрсе көз ұялады дейді. Мен де біраз айттым, өзің де барып бір сөйлессейші, — деді.

Алдында Ортау болысында сайлау болғанда Кеттебек Шоңға ренжіп біраз сөз айтқан соң, Шоңның жақтырмай қалғанын білген. Содан бері бірталай заман өткен. Екеуі жүздескен жоқ еді. Кеттебек мына Телқозының сөзінен кейін ойға беріліп отырып қалған еді. Шоңға бармасам деп бір ойлады. Бірақ бұл шаруаның соңы өзіне жақсылық әкелмейтінін біліп отыр еді. Кеттебек әрі ойлап, бері ойлап Шоңға баруға бел байлады. Араға екі күн салып өзі келген.

Түс кезі болатын. Шоңдар түскі тамақтарын ішіп жатқан. Қасында бір жігіті бар Кеттебек кірді. Анау-мынау шаруаға оның өзі жүрмейтін. Біреулерді жіберетін. Әкесін екі жылқы беріп жұмсап отырғанынан Кеттебектің мына шаруасы шатағы көп іс екенін, содан кейін әкесін жұмсағанын түсінген Шоң. Кеттебек Шоң көрсеткен жерге отырмай, одан төмендеу барып отырды.

— Кеттебек, жоғары шық, — деді Шоң екінші рет қайталап.

— Шоңке, осы жер де жетеді. — Кеттебек бұрын Шоңды Шоңке деп атамайтын. Бұл жолы басқаша болды. Шоңға «ке» қосып сөйледі. Бұл да өзіне қаратудың амалы екенін Шоң біле қалды. Мына сөз сөйлеу мәнерінен де Қаракесектерге қатты ренжіп келіп отырғанын ұққандай болды.

Аралбайлықтар, көрші отырғандықтан, Ерназарлармен қыз берісіп, қыз алысып, туыс болып кеткен адамдар еді. Бір жағынан сонысын да көлденең тартып келіп отырғанын сезді Шоң. Ертеңгі күні Шоң төрге шық деп айтпаса, қажетті жерінде әңгімеге айналдырып, талай жерде айтып жүретінін біліп, тағы да қайталап айтқан:

— Кеттебек, сенің орның неге төменде болады? Жоғары отыр. Біз құдандалы адамдармыз, — деген сөз Шоң аузынан тағы шыққан соң, болыстың өзіне ықыласы жақсы екенін білді де айтқан жеріне жайғасты.

Кеттебек негізгі шаруасына бармай, анау-мынауды әңгіме етіп біраз отырды. Әкесі айтқан әңгімеден соң болыс өз жағына шығатына сеніп келіп отыр еді. Шоң әкесінің аузынан естіген шаруаға бармаған, Кеттебек де шыдамдылық көрсетті. Шоң оның келген шаруасын ұзаққа созып жібергенін жақтырмай отырған. Мына отырысында шірену, өзін өзі құндау бар екенін ұқты Шоң. Ақыры Кеттебектен тезірек құтылуды ойлап, сөз бастаған:

— Кеттебек жай жүрген жоқ шығарсың, негізгі шаруанды айта отыр, — деді Шоң.

— Біріншіден, көптен бері көріскеміз жоқ, амандасуға келдім. Екіншіден, бір ойламаған жағдай болып қалды… Сөзінің жартысын жұтып үндемей отырып қалды Кеттебек. Бәрін әкесіне айтқан, соны Шоң аузынан есту ойы бар еді. Содан кейін бастамай отырған еді. Шоң отырып:

— Кеттебек бір шаруамен келген шығарсың. Келген шаруанды айта отырсайшы.

— Менің шаруамды сізге Телекең айтқан болуы керек.

— Сенің өз аузыңнан естігім келіп отыр.

Осы арада Кеттебек ағытылып кетті. Мына Қояншы-Тағайлар күн көрсететін емес. Таяуда бір үйір жылқымызды айдап әкетті.

— Ол сіздерге баяғыдан жақсы құдандалы адамдар емес пе, қалай айдап әкетеді?

— Дуанды мына орыстар басқарған соң күшейіп тұр ғой. Ыбырай уақыты болса көрер едім, ығымнан жүрмес еді. Орыстар билеген соң мықты болып барады.

Шоң мына сөзіне қарай қарсы сұрақ берді.

— Қояншы-Тағайлар басқа уездің адамдары. Ақмола орыстарымен қалай тіл табысып жүр екен?

— Қалтаға салған ақша тіл тапқызып жүр ғой.

— Сонда кімге берді деп ойлайсың?

— Кім білген? Қазір Ақмолада анау Герасимов деген орыс бар, содан бастап бәрі пара алады. — Кеттебек әдейі ояздың атын атамай отырған. Өйткені, Шоңның көңілі онымен жақын деп білетін. Содан кейін ояздың атын аузына алмай, тек Герасимовтың ғана атын атаған. Бұл Кеттебектің өзіндік саясаты еді. Өткен жолы Ақмолаға барғанда Ыбырайды салып еді, ол да оязға жол таба алмаған. Болыстарды сайлау билігін Карбышевтың өзі алған соң Ыбырай одан қорқа бастаған еді. Содан екеуі Герасимовқа барған еді. Герасимов отырып, «Ол жақта Телқозин бар ғой, соны саласыңдар ма, оны ояз қолдайды» — деген. Герасимов та бұл шаруаға араласса, Карбышевтен жақсы сөз естімейтінін біліп отыр еді. Содан кейін осылай сөйлеп отырған болатын. Әйтпесе, Герасимов та пара алудан қашпайтын. Ана жолы Ортау болысына Кеттебекті сайлап келгенде Карбышев жақтырмай Герасимовке біраз сөздер айтып тастаған еді. Сірә, ояздың мұнысы Шоңның айтқанымен болып отыр деп топшылаған еді сонда. Кейін Шоң Ақмолаға бір барғанда Герасимов Шоңның өзіне айтқан, анау Кеттебек атты киргиз маған пара берді, бірақ мен алмадым деген. Мұнысы Шоң арқылы Карбышевке жеткізіп қалудың амалы болатын. Алайда, ол туралы Шоң оязға айтпаған еді.

Оның себебі бар еді, Кеттебек болыс болып тұрған жылдары болысындағы адамдарға қырғидай тигенін Карбышев те естіген. Содан оған дұрыс қарамай кеткен. Шоң Кеттебектің сондай қылықтарын жақтырмайтын. Бұрын көңілдері дұрыс болса да содан кейін суып кеткен. Енді міне, амалсыздан алдына келіп отыр.

Кеттебектің өз аузынан есту үшін Шоң одан сұраған еді:

— Өзіңмен дауласып жүрген қайсы?

— Анау Бәрлен бай. Ол пара берген болуы керек. Ақмола да соны жақтап отыр.

Қояншы-Тағайдың бұл байын Шоң сырттай жақсы білетін. Бірақ көріп, сөйлескен адамы емес еді. Шоң оның мына сөзіне ренжіп қалды да, содан кейін айтқан:

— Сіздер құдандалы адамсыздар, барып өзің сөйлеспейсің бе? Екіншіден, олар Ақмолаға қарамайды. Қарқаралы уезіне барып арыз айтыңдар. Менің білетінім, орыстар оларға жайдан-жай көмектеспейді. Дұрыстап айтсайшы, кімге пара бергенін, олай болмаса арты дау, бос сөзге айналып кетеді.

— Шоңке, өз көзім көрген жоқ. Орыстар бірдеңе берсе ғана қимылдайды. Олар қазақты сыйламайды, берген парасын сыйлайды. Сізге ғана айтып отырмын. Қаракесектің Қояншы-Тағайлары берсе бере берсін, онда жұмысым жоқ, менің бір-ақ тілегім бар, ұрлаған малымды қайтарсын!

Шоң Кеттебектің мына сөзінде жалған да, шындық та барын сезді. Орыстардың қазақтардан көрсеткен қызметі үшін пара алатынын білетін. Олар кінә болса, Кеттебектің де, Қояншы-Тағайлардың есін шығаратынын біліп отырған. Алайда, Шоң Кеттебектің мына сөзіне күмәнданып қалды.

Ақмоладан түк бітіре алмаған соң келіп отырған. Каракесектердің үстінен арыз айтып барғанда Ыбырай айтқан: «Ояз менің тілімді ала бермейді, анау Шоң оязбен жақсы, соны пайдаланыңдар» деген. Шоң да Ыбырайдың дуанбасы болып тұрғанда Аралбайлармен жақсы болғанын білетін. Осы жаққа келіп жүріп Ыбырайдың көңілінен шығып, Құтжан би Ыбырай төренің бір қызын, қара қазақ болса да, баласына алып берген. Содан Ыбырай мен Құтжан бұрыннан да жақындасып кеткен. Сол кезде Кеттебек сырттау қалған. Ыбырай құдандалығын пайдаланып, Құтжанға Ортау болыстығын алып берген. Содан екі ағайынды Аралбайлардың арасында бір реніш барын сезетін Шоң. Соны біле тұра айтқан:

— Ана Құтжан ағаң бар ғой, соған неге барып айтпайсың? Олар Ақмола оязына арыз жазса, сендер Қарқаралы оязына соны жасаңдар.

— Ол кісінің үстінен біреулер арыз түсіріпті. Содан кейін ол кісіге бара алмадым. Оның үстіне біздің ауыл сізге қарайды ғой. Сіз тұрғанда оған қалай барамын?!

Шоңның іші сезе қалды. Кұтжан үстінен арыз жазылып жатса, оны ұйымдастырып отырған Кеттебектің өзі екенін білді. Әйтпесе, Құтжан Аралбайлардың өз арасындағы дауға араласпай қалмайтын. Құтжанға бармай өзіне келіп отыр. Өйткені, Құтжанның көмектеспейтініне Кеттебек сенімді. Әйтпесе, Шоңға келу ойында жоқ еді. Ойламаған жерде Аралбайдың бір байының үйінде Телқозымен кездесіп қалып, орыстың жылқылары туралы сөз шығып кеткен еді. Сонда Телқозыға айтқан, Шоң менің бір тілегімді орындаса сізге мен орыстың денелі, етті екі жылқысын беремін деген. Арнайы ертіп апарып көрсеткен де еді.

Малсақ Телқозы өзі денелі, өзі ірі жылқыға қызығып кеткен. Сол жолы біраз биелерін айғырдан шығарып алуға онымен келісіп кеткен. Сонда Кеттебек айтқан: «Телеке, балаңыз айтқанымды орындап берсе осы екі жылқыны сізге біржола беремін». Осылайша алдында Телкозының аузын алып қойған. Соған сеніп жүр еді. Бірақ алдыңғы күні Телқозы келіп айтқан: «Кеттебек, мен айттым, сен өзің де Шоңның алдынан бір өтсейші». Өз аузыңнан естісін дегені еді. Кеттебектің Шоң алдына баруға онша көңілі тартпай отыр еді. Дегенмен, бармай қалуға тағы болмайды. Қаракесектер Ақмола жаққа арыз беріп жатыр деген сөзді Ыбырайдан соңғы барғанда естіп келген. Бір жағынан намыс кетіп барады. Ақыры амалсыз келген. Шоң Кеттебектің сөзін тыңдап алды да:

— Сол Бәрленнің өзі ме, әлде басқа біреуге көмектесіп отыр ма? — деді. Өйткені, әліде де кінәлі адамының атын туралап атамай отырған Кеттебек.

— Ұйымдастырып отырған сол Бәрленнің өзі. Ар жағын білмеймін, Шоңке, мен сізге неге өтірік айтамын?!

Ақмолаға арыз жазып жатса, бұл оңай шаруа еместігін сезген Шоң.

— Олармен қыз берісіп, қыз алысып, жақсы туыс болып кеткен адамдарсыздар ғой, оны олар неге жасап жүр?

— Маған ерегісіп жасап отыр. Мына іргеде жатқан Тамалардан бір қызды келін етіп түсірдік. Соны біздің қалындығымыз дейді. Соған өздерінше қайтарған амалдары ғой…

Бұл арада бір үлкен шатақтың барын біле қалып, енді Шоң сұраған:

— Айттырып қойған қыз ба?

— Ол жағын білмеймін. Қыз біздің жігітті сүйіп, өзі келді.

— Бұл халық қызық болып барады. Барлық дауды жылқы ұрлаумен бітіреді. Баяғы заман жоқ, енді орыс келді. Олар өздерінше шешеді. Ел арасында осындай дау туғызып жүрген адамды енді Сібірге айдайды. Олар үшін ең оңай жолы сол. Ал біздің қазақ оны түсінбейді.

Мына сөзді естігенде Кеттебектің жүзі өзгеріп кетті. Орыстар талай адамдарды Сібірге айдап жібергенін де білетін. Солар есіне түсіп кетті де сөзі бітіп қалғандай болды.

— Дау, өзің айтқандай, қызға байланысты ғана шығып отыр ма, әлде тағы бірдеңе бар ма?

— Басты себеп сол қызда болып отыр ғой. Басқа ештеңе жоқ.

— Әке-шешесі қалай қарайды екен?

— Бар мәселе сонда жатыр. Ана Қаракесектерден бірдеңе алып қойған тәрізді. Сондықтан олардікін жөн деп отыр олар да.

— Кеттебек, сен бұл дауды ушықтырмай, Қояншы-Тағайлардан барып кешірім сұра. Қыз сіздерге өзі қалап келіп отырса, әке-шешесінің сөзі түк емес. Кешірім сұра.

Мына сөз Кеттебектің намысына тиіп кеткендей болды. Кеттебек ойлады, мына Шоң олардан бірдеңе алып қойған ғой, маған әкесі айтса да, бетін бұрмай сөйлеп отыр. Осында келер алдында Телқозыға барып жолыққанда ол айтқан, Шоң айтқанды жасайды дегендей мән жатқан сөзінде. Кеттебек те Шоңның әкесінің айтқанын орындайтынына сенімді болатын. Бірақ бұл өз ойынан шығатындай сөз айтпай отыр.

— Шоңке, Алтай-Қарпық балаларымыз, пәлен жылдан аталарымыз көрші болып келеді. Менің намысымды Қаракесектерге бермейтін шығарсыз. — Туысқандықты еске салған соң Шоң мынаның әбден қысылып келіп отырғанын түсінді.

— Әрине, өзің айтқандай болса, олардікі орынсыз. Сөйлесіп көруге болады. Ең дұрысы, өздерің барып сөйлескендерің, болмаса билердің отырысына қойыңыздар, оған көнбесе, ояз алдына мен қоямын.

Мына сөзі де Кеттебек көңілінен шықпады. Билер талқысына салса көп билер өзіне қарсы шығатынын біліп отырған. Шоңның әлі иілмей отырғанын білді, дегенмен ояз алдына қоямын дегеніне қуанып қалды. Әлі де Каракесектердің айтқанына кетіп қала ма деген күдігі бар еді, соған орай:

— Қаракесектер мың құбылтып сөйлеуге шебер халық қой. Олар өтірікті шындай көрсетуге келгенде алдына жан салмайтын ел. Сол жағын еске алыңыз, Шоңке.

Бұл сөзі осы шаруаға кірісіп, маған жығып бер дегенмен бірдей еді. Енді Шоң күдігі тіптен күшейді.

— Кеттебек, әуелі өзің барып сөйлескендерің жөн шығар. Келісімге келу керек. Екі араға түсіп, делдал болған менен гөрі, өздеріңіздің сөздеріңіз өтімді болар. Баяғыдан бері көрші, туыстай болып кеткен адамсыздар. -Дастархан басында бұл екінші мәрте «өзің барға» сілтеген сөз еді.

Шоңның мына сөзі тағы да тілегінен шықпады. Ойлаған, Ақмолағы ояз алдында беделі бар, туысқандығымыз, көршілігіміз бар, Шоң Қаракесектерді маған жығып береді деген ұйғарыммен келген. Оның үстіне Телқозыға екі жылқы беруде де есеп болатын. Алайда, Шоңның мына айтқаны ойлағандай болмай отыр. Шоңның бұл ұйғарымына қарсы сөз де айта алмады. Сәл отырып барып:

— Сіздің солай дегеніңіз дұрыс қой, бірақ сол Бәрлен жүзін көргім келмей отыр. Әбден көңілім қалып қойыпты. — Бұл жолы да «сізге» деп, кішірейіп сөйледі. Шоң сонда да икемге келмей қойған.

— Кеттебек, күнде көрісіп жатқан көршілеріңіз. Бәрібір түбінде көресіздер. Өмір бір қалыпты осылай сіресіп тұрмайды. Бүгін араз болсаңыздар, ертең татуласасыздар. Сен Бәрленді көргің келмесе, басқаларымен қатынас жаса. Ешқайда кете алмайсыңдар, әлі талай жүздесесіздер. Ертеңгі күні бір жастарыңыз Қаракесектерден қыз алып келсе, бір дастархан басына отырасыздар амалсыздан. Бәрібір сіздерді жастар араласстырады. Жылы араны суытпаңыздар!

— Шоңке, қайталап айта бересіз. Мен айтып отырмын ғой, олардың жүзін көргім келмейді.

Шоң сөзі біткендей сәл отырып қалды да:

— Менің сізге берер соңғы кеңесім, өздеріңіз тіл табысыңыздар, — деді. Бұл болыстың айтқанын жасағысы келмей отырғанын түсініп, Кеттебек орнынан тұрды да, ләм деместен шығып кеткен еді. Шоң да бір түсініксіздеу күйге беріліп қала берген. Мынау ана Қаракесектерге қатты ренжіген ғой, әлгі айтқандарым орынсыздау болды ма деген ойға қалған өзі де. Алайда, құдандалы ел бірінен-бірі кетпейді, өздері тіл табыссын деген ойға келген сол арада. Арада бір күн өткенде әкесі Телқозы келді. Үйге сөйлей кірген болатын:

— Сен анау Кеттебекті неге ренжітіп жібердің?

— Ренжитіндей, мен оған басы артық сөз айтқам жоқ.

— Сен өз болысыңның адамының шаруасын ана Каракесектерге барып, реттеп қайтпайсың ба?

— Барғанда, сізге екі жылқы бергені үшін барамын ба?

— Екі жылқыда емес мәселе, пәлен жылдан бері көрші отырған ел. Екіншіден, сенің болысына қарайды Кеттебек. Солардың бір тілегін орындасаң нең кетеді. Дұрыс пен қисықтын арасында билік айту сенің міндетің!

Шоң әкесінің қатты ашулы екенін білді. Кеше өзінен шыққаннан кейін Кеттебек әкесіне барғанын түсінді. Екі жылқыға әкесінің көңілі қатты кетіп отырғанын да сезді. Телқозы бұдан басқа сөз айтпай шығып кетті. Сол бойы үйіне тартып кеткен еді. Рас, Кеттебектің айтқанындай болса жақсы, бірақ бір нәрсені жасырып отырғандай көрінді Шоңға. Барудың, бармаудың қай жағына шығарын білмей біраз ойланған. Ауыл арасы жақын, кешінде інісі Малай келді. Інісінің қатты ашумен келгенін сезді:

— Шоң, әкемді ренжітіп жібергенің не?

— Телқозы сенің әкең болса, менің де әкем. Онда жұмысын болмасын… Көзіме көрінбей, кетші өзің…

Малай Шоң алдында басы артық сөз сөйлемейтін, ағасының өзінен артық туғанын білетін, жақсы сезетін. Сондықтан сыйлайтын, бір жағынан Шоң қол көтере ме деп де қорқатын. Баяғыда бала кезінде екі-үш рет ұрып та алған. Ағасының сол мінезі көз алдында тұратын. Қазір Малай Шоңнан әлде қайда денелі, ірі болып өскен. Ұстаса кетсе шамасы келетінін білетін. Бірақ ағасының жағасынан қалай ұстайды. Дегенмен, ағасына әдеттегісінен дауыс көтеріп сөйлегені ұнамады. Інісінің мына қылығы да Шоңның ашуын келтіргендей. Малай сөзді одан әрі өрбітпей, үйге кіріп кетті. Үйде Әйімкүл отыр екен. Екеуінің ренжісіп қалғанын сезді. Баяғыда жеңгеге санап шай құйып жатып отырған жеңгесіне қазақ тәртібімен қол жүгірткені бар еді. Өткен жолғыдай қасына қисая кеткен Малайдың мына жатысы ұнамады. Содан кейін Әйімкүл: «әрірек жатшы» деген.

— Сен олай деме, мен сенің әмеңгеріңмін. — Бұл сөзді Малай құлағына бірде Телқозы салған. Шоң ауырып жүр, ол олай-бұлай болып кетсе Әйімкүлді саған қосамын деген. Мына сөзді содан кейін айтып отыр еді. Малайдың өзі де білмейді, Әйімкүлге құмарлық бар еді. Әйімкүл Малайдың сөзіне ашуланып қалды да:

— Сен өзің осы үйден шықшы, — деді.

— Мен сенің үйіне емес, ағам үйіне келдім.

— Бұл үй Шоң екеуіміздің үйіміз.

— Мен Шоңның інісімін.

— Есі дұрыс інісі ағасы тірі тұрғанда ондай сөз айпайды.

Малай Әйімкүлдің мына айтқаны орынды екенін білді де, үн-түнсіз шығып кетті. Ол кетісімен Шоң кірген еді. Әйімкүл Шоңға інісінің сөзін айтып салғысы келді, бірақ айтпады. Оңың оған қатты ашуланғанын білді. Сөздің бір жағы өзіне тиетінін білді.

Әйімкүл басқаша сөйледі:

— Шоңке, көкемнің айтқаны не болды?

— Саған келер сөз жоқ. Сен осы менің жұмысыма неге араласа бересің? -Осыны айтты да Шоң ләм демей қайта сыртқа шығып кетті.

Шоң енді екі жақтап Кеттебекке әкесі мен әйелінің ара түскеніне қатты ренжіді. «Ана қу Кеттебек әкесіне берген екі жылқыдан басқа Әйімкүлге де бірдеңе беріп қойған ғой». Ашуға берілген Шоң есік алдында жүрген Жойқынбекпен тағы бір адамды шақырып алып айтқан:

— Сендер жылқыдан Кеттебек берген айғыр мен биені ұстап алып Кеттебектің өзіне апарып беріңдерші, — деді. Шоң әкесі білсе үлкен дау болатынын сезген. Соған орай бұларға айтқан, сендер Телқозыға сездірмей, жылқыға барып алып кетіңдер деген еді.

Екеуі де Телқозыдан қорқып тұр еді. Бірақ Шоң айтып отыр. Оны орындамауға және болмайды. Ақыры олар кеткен. Екеуі жылқыда жұбын жазбай жүрген бие мен айғырды ұстап алып, Кеттебектің үйіне алып барған еді. Кеттебек үйінде жоқ екен, әйеліне көрсетіп, есік алдына байлап кеткен.

Шоң екі жылқыны апарып беруі үлкен даудың басы болатынын білген еді. Соны біліп тұрып әдейі жасатқан еді. Әуелден бұл жылқыны алған әкесіне де, берген Кеттебекке де ызалы еді. Бұл екі ауыл арасындағы туысқандық шаруасы емес, шатаққа бастап тұрған іс екенін түсінген.

Арада бір күн өтті. Шоң өзінің әдетімен үй маңында біраз серуендеп келіп есік алдында отырған. Жетегінде екі жылқы бар Кеттебек жетіп келді. Өзі көрген бие мен айғыр. Аттан түспестен, есік алдында отырған Шоң алдында сөз бастады.

— Шоң, маған көмектеспесең көмектеспе, алайда, есіңде болсын, бұл екі жылқыны мен өзіңнен көмек күтіп бергем жоқ. Телекең сұрап келген соң бергемін. Сен мұны менің дауыма қоспа. Ағайындар қандай жағдайда болмасын аларын алып, берерін беріп жатады. Көмектеспесең мейлі, ол жағын өзің білесің. Бірақ бұл екі жылқыны оған араластырма, — деді де Кеттебек, жетегінде екі жылқысы бар, Телқозы аулына қарай кетіп қалды. Шоң онысын «қайтсем де сені жеңіп, айтқанымды істетемін» деп бара жатқандай сезінді. Шоң Кеттебектің өткен жолғыдай емес, «Шоңкеден» «Шоңға» көшкенінен оның көңілінде біраз өзгерістердің болғанын түсінді.

Шоң енді дауды тіптен көбейтіп алғанын білді. «Мен әлгі Кеттебекке жылқысын апарып бергізіп, үлкен қателік жасадым-ау» деп ойлады. Бірақ бұл байламға тоқтай алмады. Бұл Кеттебектің осылай билерді, болыстарды сатып алып әбден жаман үйренген әдеті екенін білетін. Енді келіп соны маған жасап тұр. Телқозы үйіне кеткенінен іші бір жанжалды сезіп тұрған. Шоң да бір ашуға беріліп сыртта біраз жүрді. Кенет үйден күтуші әйел жүгіріп шықты.

— Аға, тәтем қысылып жатыр, — Шоң үйге есі шыққандай жүгіріп кірген.

— Не болып қалды саған?

— Ештеңе етпейді, толғақ қысып жатыр, — деді Әйімкүл. Бұл Әйімкүлдің төртінші баласы еді. Анау алғашқыдай емес, енді толғақтарды жеңілдеу сезінген Әйімкүл. Сол себепті де еркін, тіпті көңілінде Шоңға еркелеу де бар еді дауысында. Әлгі сөзден кейін Шоң жай тапты.

— Шоңке, қыз керек пе, сізге ұл керек пе?

— Маған бәрі бір, сен аман болсаң болғаны. Іштен шыққан баланы ұл, қызға бөлуге болмайды.

Шоңның мына сөзі Әйімкүлдің көңілінен шыққан. Өйткені, Телқозы келіндері қыз тапқанда ренжіп жүретін. Шоңның басқаша сөйлегеніне риза болып қалды. Шоң Әйімкүлдің аман-есен босанғанын біліп, шешесі Жамал мен Телқозыға хабарламауды жөн көрді. Әкесінің қылығына ренішті болса да бұл арада оған жығуға болмайды. Үлкен келіні босанып жатқанда айтпаса, тағы да дау болатынын түсінді. Ақыры, Телқозы ауылына адам жіберген. Шешесі Жамал, Күміс келді. Тек Телкозы мен Малай жоқ еді.

— Телқозы неге келмеді? — деп сұрады Жамалдан.

— Әкең саған ашулы. Енді ол үйдің Құдай табалдырығын аттатпасын деген сөз айтты, — деді Жамал.

— Бір Аралбай үшін Телқозы қатты кеткен екен. Мына немересінің шілдеханасында болмай ма?

— Өзің барып сөйлессейші, — деді Жамал. Шоң бұдан кейін ештеңе айтқан жоқ, сыртқа шығып кетті.

Шоң шешесінен естіген мына сөзден кейін бір мазасыздыққа түсіп сыртта жүрген. Әлсен келе қалды. Оның мінезі қызық еді, Шоңға бір ренжіп, бір татуласып жүретін. Ашуы қандай қатты болғанымен, қайтымы тез еді. Өткен жолы бір шаруаға ренжіп кеткен. Енді бәрін ұмытып келіп отыр. Шоң да көптен көрмеген конағындай етіп қарсы алатын үнемі. Оның әкесімен жақсы екенін білетін, содан Шоң Телқозыға Әлсенді жіберуді ойлады.

— Әйімкүл босанып жатыр. Телқозыны шақырып келші. Үйінде келмей жатыр. Сен барсаң келеді.

— Телекең кисық. Менің айтқаныма келе ме?

— Сен ретін тауып келтір.

Шоң Әлсеннің қандай шаруа болмасын жөнін тауып келтіретінін білетін. Содан кейін мына сөзді айтып тұрған. Әлсен біраздан соң оралды.

— Әкең келетін түрі жоқ. Оны қатты ренжіткен болуың керек? Сен өзің бар. Телекеңді олай ренжітуге болмайды, — деді Әлсен.

Әкесінің мінезін білетін Шоң бара алмады. Әкесі Кеттебектің айтқанын орындамай иілмейтінін біліп отырған. Содан діні қатты Телкозы Шоң үйіне келмей қойған. Келесі күні баладан кейін бойын жинап өзіне өзі келген Әйімкүл:

— Осы көкем біздін үйге неге келмеді? — Әйімкүл іші сезіп отырса да әдейі осылай сөйлеген еді. Оны Шоң біліп тұрған:

— Сол кісінің неге қисайып жүргенін білмейтін.

Білгіш, байқағыш Әйімкүл айтты:

— Ол кісі Кеттебектің айтқанын орындамағаныңа ренжіп жүр. Шоңке, сол кісінің айтқанын жасай салуыңыз керек еді…

— Немерелі болып жатыр, мұндай қуанышқа Аралбайлар үшін келмей ме екен?

— Шоңке, сізге қатты өкпелеп жүрген болуы керек… Менің тілегім, сол кісінің айтқанын орындай салыңызшы…

Әйімкүлдің сөзін аттап кете алмады. Телқозы ғана емес, Әйімкүл де өкпелеп отырғандай көрінді.

— Сонда менікі дұрыс емес пе, кез-келген шаруаға мені неге жұмсай береді? Ол өз жолын ұмытқан тәрізді.

— Дұрыс болсын, қисық болсын, бір барып қайтуыңыз керек еді…

Шоң әйелінің сөзіне қарсы түк айтқан жоқ, сыртқа шығып кеткен.

Әйімкүлдің бұл сөзінде бір жөн бар екенін түсініп, содан Қояншы-Тағай ауылына баруға бел байлаған болатын. Есік алдына жүрген поштабайына:

— Жойқынбек, пәуескені дайында, — деді.

Алдында ғана Жойқынбек Ақмолаға барып келген. Шаршаңқырап тұр еді. Шоңның мінезін білетін ол сөз айтқан жоқ. Көк пәуескені қолма-қол дайын етіп, есік алдына әкелді. Сол күні Шоң Қаракесектер ішіндегі үлкен рудың бірі Қояншы-Тағайға жүріп кеткен.

Қояншы-Тағай ауылында

Шоң Шерубай-Нұра өзенінің бастау басына жақын отырған Қояншы-Тағайдың Бердібек деген бай биінің ауылына тартқан. Кеттебек айтқан, жылқы ұрлаған Бәрлен деген байдың ауылына бармай Бердібек бидің ауылына келген. Шоңның өзі бұрын көрмеген адам туралы өзі білетін биден бәрін жан-жақты біліп алу ойы бар еді. Бұл оның әдісі еді. Бердібекпен бұрыннан таныс еді. Оның Бәрленмен үш атадан қосылатын ағайындас екенін де күні бұрын біліп алған. Шоңның кімнің кіммен қандай туыстығы барын бажайлап тереңдете біліп жүретін әдеті бар болатын. Қазаққа тән әдет, кез келген адам туыстарың айтқанына тоқтайтынын да жақсы білетін. Кімнің кімге қандай туыс екенін зерттеп, біліп жүретіні содан еді. Маңайдағы Тама, Темеш, Тоқаларға іргеде жатқан қалың Қаракесектердің қандай туыстығы барын жақсы білетін, ретті жерінде бір туысты екіншісіне салатын. Небір қиын мәселелерді осылай шешетін. Өзі сырт қалып соларға шештіретін, болмаса әуелі солардың аузынан шыққан сөздерден жағдайды анықтап алатын. Бұл жолы да Бердібек пен Бәрленнің туыс екенін біліп келіп отыр еді. Екіншіден, Шоң Ақмолада дуанда қызмет етіп жүргенде бұл адаммен сан рет кездескен. Ақмола базарына келіп жүргенде дуан кеңсесіне әдейі іздеп келіп, танысып, амандасқан еді. Содан көңілдері жарасып кеткен. Бұл адамның адал, әр уақытта дұрыстықты жақтап сөз сөйлейтінін сонда аңғарған Шоң. Және осы кісінің айтқанына Кояншы-Тағайдың қайсысы болмасын тоқтайтынын да естіген еді. Бердібек Шоңды Тоқаларға болыс болып келгелі көріп отырғаны осы еді. Қуанып қарсы алды.

— Шоң бауырым, арнайы барып шақыратын, қонақ ететін адам едің, жақсы келдің, болыстығың қайырлы болсын!

Шоң бидің мына сөзінде қулық та, әрі шындық бар екенін сезді. Шын сыйласа жер алыс емес, арнайы келмей ме, мына сөзді көңіл үшін айтып отырғанын түсінді. Сөзінде Қаракесектерге тән қулығы бар екенін, сондықтан мына сөзді айтып отырғанға ұйғарған еді Шоң, ішкі күйін сездірмей:

— Беке, болыс болып кім істемей жатыр. Ел тілегінен шыққандай жұмыс істесем жақсы ғой, — деді.

— Шоң, сен істейсің. Сенің қолыңнан бұл қызмет келеді. Құдайға шүкір, орысшаң бар, заңға басқаларға қарағанда жетіксің.

— Орысша білген адамның бәрі жақсы болыс болмайды. Ең бастысы, елдің өтініш-тілегін дұрыс шешуде жатыр ғой.

Бердібек Шоңның мына сөзінен бір шаруамен келіп отырғанын сезсе де, алдын ала сұрамады, Шоң да жақсылап адамның көніл-күйін біліп алғанша, басты шаруасын кейінге калдыратын әдеті бар еді. Бұл жолы да сонысына салды. Үй иесі де осындай әдісті қолданғалы отырғанын түсінді. Келген шаруа жайын сөз етпеді, би де сұрамады. Мал сойылды. Қазақ тәртібімен Бердібек қонағын сыйлап, күтті. Ертеңіне барып қана үй иесі келген шаруасын сұрады.

— Көптен бері сізбен кездескеніміз жоқ. Сәлем беруге келдім. Екіншіден, менің болысыма қарайтын Аралбайлар мен Бәрлен бидің арасында бір дау болыпты. Соның жағдайын сізбен ақылдасып, білуге келіп едім.

Би де бұл болыстың жайдан-жай келмегенін әуелден сезіп отырған. Бірден өздерінің болысына бармай, өзіне келгеніне қуанып қалды. Өзіне көңілі түсіп, аналардан жоғары қойып, қадір тұтып келген келіс екенін білген. Шоң оны да іштей сезіп отыр еді. Содан кейін Шоң әрі қарай Кеттебек пен Бәрлен арасындағы дау жайында сөз ете бастады. Бердібек Шоңның сөзін бөлмей жақсылап тыңдап алды да:

— Олай болса оған бармай-ақ қой, осында өзім шақырып алайын. — Бұл арада Бердібек онымен туыстығын, сонымен қоса бір-екі жас үлкендігін пайдаланып айтып отыр еді.

Бұл болыс Қарқаралы уезіне қарайтын. Басқа уездің болысы шақырып жатқанына намыстанып қала ма деп Шоң да күдіктеніп отыр еді. Тағайлар шақырып жатыр дегенге шамданғыш келетін ел екенін әуеліде Шоң естіген еді. Соған орай айтқан:

— Пәленше өзі келмей, шақырып жатыр дегенге өкпелеп қалар. Менің жасым кіші. Сізбен бірге сол кісінің аулына барсақ кайтеді?

Шоңның бұл ұсынысы Бердібектің көңілінен шықпаған тәрізді. Ол басқаша сөйледі.

— Олай болса әуелі болыс алдынан өтейік. Шоң, сол дұрыс болар. — Бір жағынан ойлаған жерден шықпайтын қонақ алып келгеніне, оның өзіне даумен келген адамды жетектеп жүргеніне Бәрлен ренжіп қалар ма деген де ойы бар еді. Мына үлкен даумен келіп отырған қонағын көңілдегідей күтпесе өзіне де үлкен мін. Кеуделі Бәрлен ренжіп қалуы да мүмкін. Жан-жақты ойлай келіп би:

— Ең дұрысы, біздің болыстың алдында сөйлескеніміз жақсы шығар. Сонда өзін сырт қалдырмағанымызға болыс да риза болып қалады.

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее