12+
Ел Шоңы. Бесінді
Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее

Объем: 694 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Елу жыл ел билеген,

Қарпықтың мырза данасы.

Орыс пен Төре беттемей,

Ақылға толы шарасы…

(Шоңның замандасы Маймақ Ташекұлының Шоңды жоқтап шығарған өлеңінен үзінді)

Арқадан — Алатауға

Шоңның Ақмоладан келіп отырғанына үш күн ғана өткенде, қасында жеті-сегіз болысы бар, Карбышев келе қалды. Шоң бұл келістің себебін білмеді. Сұраған да жоқ. Бар айтқаны:

— Жолдарыңыз болсын! — деді.

— Біз оңтүстікке жүріп барамыз, Верныйға. Сонда Түркістан генерал–губернаторы бір жиналыс өткізетін көрінеді. Соған барамыз. Шоң Телқозинович, сіз де бізбен бірге жүресіз, — деді Карбышев. Бұдан басқа түк айтқан жоқ. Содан сол күні Шоң үйіне қонып, ертеңіне Шоңды ертіп, олар әрі қарай жүріп кеткен.

Бәрі салт атты болатын. Шоң да бір жүйрік, жорға атына мінген еді. Былай шыққан соң Шоң Карбышевтің не шаруамен бара жатқанын басқа болыстардан оңашалап сұраған еді. Ол айтқан, Омбыдан генерал-губер- натор Хриситан Густавичтен хат келді. «Ол жаққа мен де баруым керек еді, денсаулығыма байланысты бара алмайтын. Верныйға Түркістан генерал-губернаторы Кауфман келеді. Сонымен жолығасың деді. Соған жеті-сегіз таңдаулы болыстарды ертіп алып бар» деп қана жазыпты. Мен мыналарға айтқам жоқ, бірақ саған айтайын, Жетісуға көшіп барған казактарға жүйрік аттар керек көрінеді. Көп болып соны жинап беріңдер дейді. Мыналар естімей-ақ қойсын. Барған соң генерал-губернатордың өз аузынан естісін, саған ғана айтып тұрмын. Шоңның есінде, баяғыда бес-алты жастағы бала кезінде бір топ казак-орыс әскерлері шығып, Нұра бойында тұрған елден, жүйрік аттарын тартып алған еді. Ол есте қалыпты. Енді мынадай жасағалы отыр. Күш көрсетпей, өздерінен сұрап алмақшы. Шоң бұған қуанып қалды. Патша саясатында қазақтарға деген бір өзгеріс болғанын білгендей болды.

Мына ояздың айтуына қарағанда, күшпен емес, болыстармен ақылдасып сұрап отырғанын білгенде, Шоң көңілінде бұған бір ризалық пайда болды. Бәрібір алады екен, елді дүрліктіріп жүргенше осынысы дұрыс деп білген. Патшаның айтуымен, генерал-губернатор тілек етті дейді. Мұнысы қазақтармен де санаса бастағаны екен деп түсінген.

Олар Қараағаштан шыққаннан кейін Ақтау маңайында отырған Сайдалылардан бір тамақтанып алып әрі қарай жүріп кеткен еді. Күн бесіндіктен асып бара жатқан шақ болатын. Оңтүстіктен үйіріліп келіп, катты жауын құйып кетті. Бұларды бастап келе жатқан казак-орыстан Карбышев алда қандай ауыл бар екенін сұраған еді. Ол бұл жақтың жолын жақсы біледі екен: «Бұл маңда ел аз отырады. Алдымызда тек киргиздардың Шұбыртпалы деген рулары ғана тұрады». Шұбыртпалылықтар атын естігенде Карбышев елең ете қалды: «Олар әлгі Ағыбайдың туысқандары емес пе?»

— Дәл өзі! — деді казак.

— Олар біздің нағыз жау ғой, — деді Карбышев. Ағыбайды екі баласын тұтқындатып Сібірге айдатып жібергені есіне түскен болуы керек, — ендеше осы бойымызбен жүре берейік, — деді.

Шоң алдында Қояншы-Тағайдың болысы Аянның тілегі бойынша Омбыдағы генерал-губернаторға хат жазып, одан ешқандай жауап болмаған соң, қойған еді. Содан кейін Санкт-Петербургтен келген Карповтың досы Лавровқа Ағыбай балаларын тұтқындап алып кеткенін, оның екі халық арасында реніш туғызудан басқа ешқандай пайдасы жоқ екенін айтқан. Ол адам талап қылып көремін деп уәде етіп кеткен. Ағыбайдың екі баласы сол Лавровтың арқасында босанғанын Шоңның іші сезетін. Алайда, бұл іске Лавровтың араласқанын Карбышев білмейтін. Ағыбай балалары босатылып келгенде ояз таң қалған еді. Карбышев губернатордың емес, патша маңайындағылардың нұсқауымен босанғанын естігенде, түк жасай алмай қойған. Қазір Шұбыртпалылар аулы дегенде қатты қорқып кетті.

— Мен Шұбыртпалылар аулына қонбаймын. Олар маған бір қастандық жасауы мүмікін. Әрі қарай жүре берейік, — деді ояз.

Қасындағы жол бастап келе жатқан казак-орыс айтты: «Анау Балқашқа дейін тұратын осы Шұбыртпалылар, солардың бірінің үйіне қону керек. Мына қатты жауында бұлай жүре беруге болмайды». Казак-орыстың сөзіне қосылып Шоң айтқан:

— Семен Иванович, Ағыбай балаларының үйіне қонбаймыз. Шұбыртпалылар үлкен ел. Солдардың бірінікіне барып қонамыз. — Мына сөзден кейін Карбышев тынышталғандай болды.

Ымырт жабылғалы әлдеқашан. Жауын тіптен күшейе түскен еді. Қарсыдан қарауытып көрінген киіз үй қасына келіп тоқтады бұлар. Бәрі үйге кірді. Бұл Ағыбайдың үлкен баласы Аманжолдың үйі екен. Шоңды көріп орнынан ұшып тұрып келіп, қолын берді. Өткен жолы Қояншы-Тағайлардың болысымен келгенде Шоңмен танысып қалған. Сол таныстығын көрсетіп, қолын беріп тұр еді.

Бұрын Ақтау болысында істеген казак-орыс Аманжолды танып Карбышевке айтқан еді сол арада. Ол бұны естіп қатты ашуланды. Әлгі амандасуынан кейін Шоң әдейі әкеп отырғандай көрді. Карбышев орысшалап айтқан:

— Мен бұл үйде жата алмаймын. Басқа үйге барып жатайық.

— Осы маңайдағы ауылдың бәрі Ағыбайдың туыстары. Түн ішінде қайда барамыз, — деді Шоң. — Бәрібір білді. Осы үйге жатайық.

— Ендеше, Ағыбай баласын тұтқындап барып жатамын.

Мына сөзді естіп Шоң сасып қалды.

— Семен Иванович, үй йессін тұтқындап үйінде қалай жатамыз?

— Мені өлтіріп тастаса, сен жауап бересің бе, Шоң Телқозинович?..

— Қандай дұшпан болса да үйіне келіп қонған адамға қазақ ешқашан қастандық жасамайды. Қанына сіңген тәртіп бар сондай.

Карбышев отырып Шоңға айтқан:

— Ендеше, сен бұларға менің Ақмола уезінің бастығы екенімді айтпа!


Шоң бұған келіскен еді. Ағыбайдың балалары әкесіне тартқан тентек екенін білетін. Бұл оязға бірдеңе жасап қоя ма деп, өзі де қауіптеніп отыр еді. Бірақ Шоң ол күйін сездірген жоқ. Карбышевті қасына алып, төрге отырды.

Аманжол үйінің адамдары жандары қалмай күтті. Тамақтарын берді. Карбышев жатқанда қасына Шоңды, бір жағынан жол бастаушы казакты, аяқ жағынан бір солдатты жатқызған еді. Есікке екі әскери адамнан күзет қойып ұйықтаған. Ағыбай баласы көрші үйде жатқан. Ешқандай Карбышев ойлағандай жағдай болған жоқ. Шоңдар таңертең тұрғанда Аманжол Шоңға айтқан:

— Мен тұтқында болғанда біраз орысша үйрендім. Кеше сізбен мына адамның сөзінен Ақмола уезінің бастығы екенін білдім. Бұл баяғы Кенесарының қолынан өлген есаулдың баласы ғой. Бұл сол үшін інім екеумізді Сібірге айдатып жіберді. Соғысса әкелерім соғысты. Біз әкеміз соғысқа аттанар алдында ғана туғанбыз. Біздің қандай кінәміз бар?

Мына сөзді естіп, Карбышев не айтарын білмей қалды. Кінәсін мойындағандай, үнсіз отырып қалған.

— Аманжол, сен бәрін ұмыт. Бұл кісі де әдейі сендерді Сібірге жіберген жоқ. Сол кезде тәртіп солай болған. Сен оны көңіліңе алма. — Содан кейін Шоң сөзін Карбышевке арнап сөйледі. — Семен Иванович, сіз де өткенді ұмытыңыз. Сіздің әкеңіз бен Ағыбай бір-біріне жау болған жоқ. Оларды жау еткен сол кездегі жағдай, саясат. Өткен шаруаны қоздыра беру қажет емес. Оның екеуіңізге де пайдасы жоқ. Қолдарыңызды алыңыздар деді.

Шоң айтып отырған соң Аманжол қолын ұсынды. Карбышев те алды. Бір сәт екеуі де өткенді ұмытқандай болды. Шоң Аманжолға айтқан: «Әкеңнің басына құран оқуға мына болыстар аттың басын әдейі бұрды». Бұл кезде болыстар басқа үйде жатқан еді.

Аманжол мына сөзден кейін басылғандай болды. Содан соң айтқан, Шоңке өткен жолғы берген ақылыңыз дұрыс болды, Түркістанға апарғанда көптін бірі болып жататын еді әкеміз. Қазір ерсілі-қарсылы өткендер әкемнің басына тоқтамай, құран оқымай кетпейді.

Карбышев отырып сұраған еді Шоңнан.

— Сен Шоң Телқозинович, бұрын осында болғанда сондай ақыл-кенес бердің бе?

— Бердім. Оным қате ме?

— Дұрыс жасағансың. Сен бұл жаққа менімен ақылдаспай қалай келіп жүрсің. Соны білгім келіп отыр?

— Ағыбайдың жылына шақырған. Оны сізге айтуды міндет деп ойламадым.

— Шоң Телқозинович, бәрібір сен маған қүні бұрын айтуың керек еді.

— Семен Иванович, кейде қазақ пен орыстардың талап-тілектері жанаспай кетеді. Сонда Ағыбайдың жылына бармасам, шақырып отырған адамдардың ренжиітінін білдім. Ал қазір сіз ренжіп отырсыз. Сондықтан менікі қате десеңіз, ағаттық болса, кешірім сұраймын.

— Сен қу адамсың, Телқозин. Қандай жағдайда болсын ретін тауып кетесің. — Бұл кезде басқа үйдегі болыстар да келіп кірді. Бұл екеуінің арасындағы әңгіменің бәрі қайыра орысшаға ауысып кетті. Карбышев болыстардың естігенін қаламай отыр еді. Келген болыстардың ешнәрседен хабары жоқ еді. Шоң ояздың көңіл-күйі бері қарағанын түсініп айтқан болыстарға:

— Қазір барып, жолай Ағыбай басына құран оқып кетеміз.

Болыстар мынадай сөз айтып отырған Шоңға және оязға қарады. Карбышев айтқан:

— Егер сендер де қалап отырсаңдар, барып құран оқыңдар. Темеш болысы отырып айтқан:

— Шоңкеңнің мұнысы дұрыс.

Мына сөз Шоңннан шығып отырғанын ояз Темеш болысының сөз саптауынан біле қалды. Бір жайсыз күйге түсіп қалғандай болды. Шоң оны біле қалып Карбышевке айтқан:

— Қазақтар пәлен шақырым жерден құран оқу үшін келеді. Семен Иванович, анау губернаторға болыстар көңілді барады. Содан кейін айтып отырмын. — Бұл сөзін орысша айтқан еді. Карбышев Шоңның бұл сөзінің мәнін түсіне қалды.

— Болыстар да сондай ойда болса барсын, — деді. Карбышевтың мына сөзіне болыстар да қуанып қалды. Ояз отырып болыстардан сұрады:

— Ағыбай қазақ па, әлде төре ме?

— Ағыбай төре емес, нағыз қазақ, — деді Шоң.

Шоң Карбышевтің төрелерді жек көретінін білетін. Шоңның мына сөзінен кейін:

— Ендеше, барып құран оқып қайтыңдар. Мына жерлестері риза болсын! — деді. Карбышев Кенесары көтерілісін ұйымдастырып жүрген төрелер деп білетін. Шоңның әлгі сөзінен кейін Ағыбайға, оның балаларына деген ашуы басылып қалды. Карбышев отырып сұрады:

— Екінші баласы қайда?

— Ол Бұхар базарына сауда жасауға кеткен.

— Сендер Ақмола базарына да келіп малдарыңды сатып тұрындар.

Шоң отырып ойлады. Ояздың көзқарасы Ағыбай балаларына әлгі төре емес сөзінен кейін өзгере бастағанын білді. Аманжол тұрып айтқан оңашада:

— Мынау бізді тағы да тұтқындап жүрмей ме?

— Енді тиіспейді. Өздерің де жай жүріңдер. Өйткені, орыстарға біздің шамамыз келмейді.

Шоң Карбышевтің әлгі сөзінен көп жайды ұққандай болды. Соңғы кезде Омбыдан келген бастықтардың сөзіне қарап патшаның қазақтарға саясаты өзгере бастағанын Шоң байқап жүретін. Есік алдында атқа мініп, шоғырланып тұрған болыстар Шоңға келіп айтты. Аманжол әкесінің бейітінің басына ертіп апарды. Батыр басына қойған белгіні де әдемілеп салған екен. Бұлар құран оқып жатқанда Карбышев бастаған орыстар анадай жерде оқшауланып, ат үстінде бөлек тұрған болатын. Құран оқылғаннан кейін Аманжолмен қоштасып, әрі қарай жүріп кетті. Былай шыққан соң Карбышев айтқан:

— Қазақтарды қарашы, өңкей болыстар жиналып келіп Ағыбай басына құран оқыды. Ал ана Омбыдан келген бастықтардың бірі менің әкемнің басына бармайды. Менің әкем орыстар үшін қанша қызмет атқарды. Қазақтардың орыстарға бағынуы үшін жанын берді. Біреуі де менің әкемнің еңбегін білмейді. Сол есіме түскенде ызадан жарылып кете жаздаймын. Маған бір ой келіп тұр, Алатау жақтан келген соң мына Ағыбай басындағы белгіні алғызып тастаймын.

— Семен Иванович, сіз одан түк ұтпайсыз. Ағыбай мен сіздің әкеңіз біріне-бірі жау болған емес, оларды жау еткен саясат екенін алдында айттым ғой. Олар соның құрбаны болды. Сіз айтқаныңызды жасасаңыз, сізге де, бұларға да жақсы болмайды. Онда аяғы айтып болмас үлкен жанжалға айналып кетеді. Сіз жауыңызды тіптен көбейтіп аласыз. Қазақтың тәртібінде өлген адамның басына барып құран оқу атамзаманнан келе жатқан тәртіп. Ал орыста ондай салт жоқ. Ана Омбыдан келген адамдар содан кейін бармайды ғой.

Бұдан кейін Карбышев үндеген жоқ. Қайта айналып ескертіш туралы ештеңе айтпады.

Ағыбай аулынан шыққан соң олар Балқаш көлінің батыс жағынан айналып, содан еш жерге тоқтамастан кешке дейін жүрді. Күн бата бір ауылға келіп тоқтады. Бұлар Албандар екен. Олар Орта жүздің болыстарын куана қарсы алды. Орта жүздің қазақтары екенсіздер ғой деп, нағыз туысқан екендіктерін айтып, ішкі көңілкүйлерін сыртқа шығарып білдіріп жатты.

Ертеңіне ұйқыларын қандырып әрі қарай жүріп кеткен. Жол бойы желе жортып келе жатты. Жол бастап келе жатқан орыс айтқан, амандық болса екі күннен кейін Верныйға жетеміз деп. Мына болыстар келгенше сол болып қалды. Біз, жалпы, кешігіп шықтық. Кешке Верныйда болуымыз керек еді. Генерал-губернатор бізден бұрын келсе ренжіп жатқан болар. Содан тоқтаусыз жүріп, тек екі жерде ғана санаулы минут тоқтап, шөлдерін қандыруға Албандар үйлерінен қымыз ішкендері болмаса, тез жүріспен жүріп келе жатты. Тек ымырт жабылып, әбден түн болғанда кешегідей бір Албандардың үйіне келіп аттың басын тартқан еді. Шоңның байқағаны бұл жақтың қазақтары әлдеқайда бауырмал екен. Жандары қалмай бұлар да құлай күтті. Арада екі күн өтті. Келесі күні тағы ерте тұрып сәл жүрген соң түс ауа Алатау мұнартып көріне бастады. Жақындаған сайын тіптен алыстай берді. Тау басы аппақ қар екеніне көздері жетті. Тау басында шілде айында жатқан қарды көрген орта жүз қазақтары таң қалып келеді. Тауға өрлей жүріп ақыры бесіндіктен асқан шақта бұлар ағаштан салынған әдемі үйдің қасына келіп тоқтады.

Есік алдында бір топ казак-орыстар, бір генерал тұр екен. Карбышев елден бұрын аттан түсіп, тез барып генералға қол беріп амандасты. Екеуі біраз сөйлесіп қалды. Болыстар анадай жерде олардан бір сөз күткендей болып ат үстінде шоғырланып аулақтау тұрған. Біраздан соң Карбышев болыстар қасына келіп сөз бастаған еді:

— Неге тұрсыңдар. Аттан түсіңдер! — деді.

Бәрі аттан түскен еді. Болыстар барып, Карбышевтің айтуымен, генералға сәлем берді. Шоң генралдың тәкаппарлау екенін байқап қалған. Шоң орысша сөйлеп сәлем берді. Ол Шоңның орысша сөйлегеніне таң қалғандай қолын алды. Содан кейін сұрған:

— Сіз төресіз бе, әлде татарсыз ба?

— Жоқ, мен қазақпын!

— Сіз қалай, қазақ боласыз, түріңіз қазаққа ұқсамайды ғой.

— Біздің жақта тұратындардың бәрінің түрі маған ұқсас. Олар өздерін қазақпыз дейді.

— Оларыңыз қызық екен. Нағыз казак мына тұрған кісі. — Қасында тұрған казак-орысты көрсетті.

Шоң бұл жақта да саясатта да ешқандай өзгеріс жоқ екенін, мұнда жергілікті халықты киргиз деп атайтынына көзі жетті. Шоң әдейі сұрақ берді.

— Сонда бізді қалай атайсыз?

— Сіздер киргизсыздар!

— Ал Алатаудың оңтүстігінде жатқан халықты қалай атайсыздар?

— Олар да киргиздар, сіздер де киргизсыздар!

Шоң орыстардың өздерінен ат сұрап жатқанын біліп, жолай Карбышевтің Ағыбай балаларының үйіне қонғаннан кейін, ояздың сөздерінен соң, өзінде бір сенім пайда болған. Орыстардың қазақтарға көзқарасы өзгере бастағанын білген. Сол бойына жігер берді. Шоң өзін еркін сезініп, сұраған еді.

— Рас, оларды қырғыздар дейді. Біз қазақтармыз. Содан кейін Кенесары олармен соғысты ғой. Бір халық болса неге соғысады!

— Бұл арада ол адам туралы айтпаңыз. Ол — төре, Шыңғысхан тұқымы. Сіздер киргиздарсыздар, біздің оқымыстылар солай дейді. Оны ғылым жолымен дәлелдеген.

— Сізгерге ғалымдар дұрыс мәлімет бермеген болуы керек, Алатаудың теріскейінде жатқан халықты атам заманнан қазақтар дейді.

Генерал Шоңның бұл сөзін жақтырмай, шамданып қалған сияқты:

— Сіздерді терістік киргиздары, ал оларды оңтүстік киргиздары дейді.

Мен сол туралы айтып отырмын ғой. Нағыз казактар осында көшіп келіп жатқан казактар. Олар бір кезде бір жағдайларға байланысты бұл арадан кетіп қалған. Олар енді аталарының өскен, өнген жеріне қайтып келіп жатыр. Тарихта бұл баяғыда дәлелденген. Біздің тарихшылардың ол айтқанын қате демейміз.

Шоң мына адам сауатсыз ба, әлде әдейі әдейі айтып тұр ма білмеді. Бұл арада кейін шегіншектеудің орынсыз екенін біліп:

— Орыс тарихшылары өткенге жақсылап үңілмеген. Сондықтан осындай қателіктер жіберіп отыр.

— Сіз білесіз де, бір кезде сіздерді қыпшақ деп атаған. Қыпшақтың жері қай жер екенін білесіз бе? Олардың жері Байқал жақта болған. Ал бұл жер казактардікі…

Шоң мына генералдың тарихтан сауаты жоқ екенін, бірақ әлгі шатасуды әдейі жасап отырғанын білді. Содан кейін айтқан:

— Байқал бойы да, бұл ара да қазақтардікі. Сіздер өздеріңізді көрші жатқан казактарға қарап қазақпыз деп жүрсіздер. Біздің халықтың аты үш-төрт рет өзгерген. Сіз айтқан Қыпшақ кейін қазақ атанған. Бертінде қазақ сөзін бұл кісілер бізден алған болуы керек. — Шоң алдындағы сөзді генерал саясатқа беріліп айтып тұрғанын білді, содан кейін осылай айтып тұр еді. Мұнымен оны жеңе алмайтынын Шоң түсініп, — мен сізбен дауласпаймын. Түбінде тарихшылар қайта зерттеп айтар, — деді.

— Дұрыс айтасыз, тарихшылар дәлелдейді. Мен сізге тағы бір сұрақ бергім келіп тұр. Сіз бұл араны киргиздар жері деп отырсыз. Олар ұзақ уақыт осы арада тұрса мына тау басында неге қар жатыр білесіз бе? Ал біздің казактар біледі. Оның себебі неде деп ойлайсыз? — деп, Шоңға сұрақ қойған. Бұл Колпаковский жергілікті халықтың қаншалықты сауаты барын білу үшін, бұл жердің казактар жері екенін мойындату үшін осындай сұрақ қоятын.

— Генерал мырза, бұл таудың басында қар жататын себебі, онда ауа жоқ. Болса да аз, Қар ауа арқылы ериді. Ауа аз болған соң ерімей жатыр.

Мына адамның бірден жауап бергеніне генерал таң қалды. Содан кейін сұраған еді:

— Сіз бұл жаңалықты қай орыстың кітабынан оқыдыңыз?

Орысша біліп тұрғанына қарағанда орыс кітабынан оқыды ғой деп ойлаған еді генерал. Онда айтар сөздері бар еді. Шоң басқаша сөйледі:

— Жоқ, мен бұл жаңалықты шығыстың ғалымы Дулати деген адамның кітабынан оқыдым.

Ал шындығында оңтүстікте тау басында қар жататынының себебін сонау бала кезінде бабасы Жанкелдінің аузынан естіген еді. Ол кісі Бұхар, Хиуа базарларына барып жүргенде, жаз айларында тау басында жатқан қарға қатты мән берген болуы керек, сол жақтың білетіндерінен сұраған екен. Шоңның айтып тұрғаны сол еді. Әдейі мына генерал алдында түрік тілдес ғалымдардың беделін түсірмеу үшін Дулати есімін атаған болатын.

Генерал таң қалып, шығыс ғалымдары да осындай жағдайды біледі екен-ау деп ойланып қалды. Енді әлгіндей сұрақ бергеніне өкініп қалғандай болды. Өз беделін өзі түсіріп алғандай көрінді оған.

— Кыпшақтар болыңыздар, енді казак дегенді қойыңыз, — деді Колпаковский сөзін сонда да тағы қайталап.

Шоң пәлен ғасырдан қазақ атанып келіп, енді кыпшаққа көшу оңай болмайтынын айтып еді, оған мән бермегендей Колпаковский казак мынау деп, қасында тұрған казакты қайыра көрсетті.

— Нағыз казак мынау. Міне, бұлар өз жеріне көшіп келіп жатыр. Сіз енді өзгелерді казак дегенді қойыңыз. Онда заң алдында жауап бересіз.

— Орыс заңында казак туралы заң жоқ қой…

— Болмаса, қажет етсеңдер, болады. Сонда сіздер казактардың мұнда көшіп келгенін ұнатпайсыздар ма?

Шоң генералдың өзін кінәлағысы келіп тұрғанын біле қалды да:

— Патша жіберіп тұрса, неге қарсы боламыз…

— Дұрыс айтасыз, екі жақ та бірін-бірі сыйлап, тату тұруы керек. — Халық атын атау үшін таласудың қажеті жоқ. Казактар казак болып қала берсін. Ал сіздер орыс ғалымдары айтқан киргиз болып қала беріңіздер.

Шоң бұл арада генералмен дауласудың ретсіз екенін түсініп айтқан болатын:

— Мен қоямын ғой. Халық қойса болады ғой…

— Халық та біртіндеп қояды. Сіз сауатты адам сияқтысыз, сондықтан казак туралы насихаттаңыз. Сонда ел біртіндеп жаңа атауға үйренеді. Солай емес пе?! Біз киргиздардың өсіп-өркендеуіне қолдан келгенше көмек жасаймыз. Ал қазір, мына таудың жоғары жағында сіздердің туысқандарыңыз, киргиздар тұрады. Бүгін сонда барып қонасыздар. Сіздерге біз тұрған бұл арада жататын орын аз. Тарлық жасайды. Ертең Кауфман мырзамен жолығасыздар. Мұнда нендей шаруамен шақырғанын сол кісі айтады. Мен білмеймін, — деді генерал.

Шоң оның жалған сөйлеп тұрғанын білді. Бірақ қарсы ештеңе айтқан жоқ. Карбышев тұрып:

— Герасим Алексевич, Шоң Телқозин осында қалса қайтеді?

— Бұл кісі қалса қалсын, — деді Колпаковский.

Шоң мына кісімен қалса тағы да казак атауы туралы басын қатыратынын білді және бірге еріп келген болыстарға реніш туғызатынын сезді де:

— Семен Иванович, мен болыстармен бірге барайын, олар ренжіп жүрер, — деді.

— Олардың ренжуге құқы жоқ. Мен айтып тұрмын ғой. — Карбышев бұл арада өзінің күшін көрсетіп тұрғанын Шоң сезе қалды.

— Олай жасасақ сіз де, мен де қателесеміз.

Карбышев көкейінде казактар сұрап отырған аттар тұр еді, содан кейін бұған қарсы сөз айтқан жоқ. Шоң болыстармен бірге кеткен. Қастарына орыс-казагы мен татар тілмаш бар, олар тауға қарай өрмелей жүріп кеткен. Әлгінде Шоңның орысша білетінін біліп алған казак-орыс Шоңға ғана назар аударып:

— Мына тау қойнауында бір бай киргиз тұрады. Соның үйіне алып барамыз. — Алдында генералға Шоңның біз қазақпыз деген сөзіне намыстанып, казак-орыс кеуделі сөйлеп кете жатты. Казак-орыстардың мінезін білетін Шоң оған онша мән бермеді.

Біраздан соң ағаш арасынан екі қазақ қарсы жолықты. Оларға ай-шай жоқ, татар тілмаш ұрса бастады:

— Сіздерге айтылды ғой, неге келіп мына туысқандарды қарсы алмайсыздар? — Оңың мына сөзіне әлгі екі қазақ сасып қалғандай.

— Сен кеше өзің жөндеп айтпадың ғой. Біз қонақтар қашан келетінін білгенде ертерек келетін едік. Және қазақтар деген жоқсың, киргиздар дедіңдер. Түсінбей қалдық.

— Сендер қашан казак болып едіңдер. Казак мынау. — Қасындағы казак-орысты көрсетті.

Шоң бұл жақтағы қазақтардың жағдайы өздерінен де жаман екенін білді. Сол арада әлгі татар Арқадағы орыстар тәрізді мыналарды да орысшалап боқтап жіберді. Шоң татарда мына қазақтарды бір басыну бар екенін сезе қалды. Шоң даусын көтере татарша сөйледі:

— Әй, татар, сен мына кісілерге не айтып тұрсың? Бұлардың жасы сенен үлкен. Сен өзің кімсің?

— Мен православпын.

— Жоқ, сенің арғы тегің мұсылман. Мұсылман үлкен адамдарды боқтай ма екен?

— Мен бала күнімнен православ болғамын.

— Сені зорлап кіргізді ме, әлде өзің кірдің бе?

— Мені ешкім зорлаған жоқ. Өзім кірдім. Өйткені, орыс дінінің мұсылман дінінен артықшылығы көп.

— Діннен діннің артықшылығы жоқ. Олай дейтінім, Құдай біреу. — Шоң оған сен дінді ғана емес, халқыңды да сатып отырсың деп айтпақшы болды да, бірақ айтпады. Оны айтса ол губернатор құлағына жеткізіп, оның арты үлкен әңгіме болатынын біліп келе жатыр еді. Татар Шоңның әлгі сөзін жақтырмай, дін туралы біраз әңгіме туындатқысы келіп еді, алайда Шоң оған басқаша сұрақ койды:

— Сен әке-шешеңді жақсы көресің бе?

— Неге жақсы көрмеймін? Олар мені осы дүниеге әкелді ғой.

— Олар православ па, әлде мұсылман ба?

— Мен орыстан әйел алдым да, солардың дініне кірдім.

— Ендеше ойлан, — деді. Бұл сөздің бәрін қасындағы казак-орыс білмесін деген оймен татарша айтып келе жатқан болатын.

Татар Шоңның бұл сөзіне жауап берген жоқ. Шоң оған айтқан, «Құдай біреу екенін айтып отырмын ғой, бір діннен екіншісіне ауысып кеткен адамды Құдай да жақтырмайды».

Татар ашуланып қалды да:

— Сен немене, Құдаймен сөйлесіп көрдің бе?

— Дін кітаптарында солай жазылған. Әрбір адам әке-шешесінің дініне берік болуы керек көрінеді.

— Білмейсің, міне, орыстар келіп жатыр, қай дінде болатыныңды көреміз әлі.

Шоңға мынаның сөзінде бір шындық жатқандай көрінді. Содан аузына сөз түспей қалған. Сәлден соң айтқан:

— Сен орыстар мен қазақтар арасына дәнекер болып жүрсің. Бірақ сенің әлгі мына адамдарға тіл тигізгенің маған ұнамайды.

— Бұлар казактар емес, киргиздар. Ешнәрсеге түсінбейді.

— Сенің бұл адамдардан бір-ақ артықшылығың бар, ол орыс тілін білетіндігің. Орыстар да сені соның үшін бағалайды. Киргиз бен татардың негізі бір, сондықтан сен жергілікті халықтардың салт-дәстүрін үйрене бер. Әлгіндей сөзді айтпа!

— Сен маған ақыл айтпа!

— Менің жасым сенен әлдеқайда үлкен. Сондықтан менімен сіз деп сөйлес. Бағанадан бері сен деп келесің!

— Жергілікті халықтармен ыңғай солай сөйлесіп, тілім осылай қалыптасып кетіпті. Онда тұрған ештеңе жоқ.

Мынау діннен ғана емес, жалпы, рухани жағынан азып кеткен адам екенін білді Шоң. Сонда да көңілінде тұрған сөзді айтқан:

— Сен келіп жатқан казак-орыстармен жергілікті халық арасындағы дәнекер екеніңді айтып отырмын ғой, олардың бір-біріне қатынасы дұрыс болуы үшін көмектесуің керек. Ал сен керісінше жасап, киргиздарды боқтап келесің. Заман бұл қалыпты тұрмайды. Қазақтар кейін орыс тілін үйреніп алған соң сенің әлгі сөзің үшін жақсылап ұрып алады. Қазақ әкесін боқтағанды ұнатпайды.

— Мен орыс халқына еңбек етіп жүрмін. Сондықтан ешқандай киргиз маған тиісе алмайды.

Мына татардың әбден күшейіп тұрғанын білді Шоң. Сөз түсінбейтін адам болған соң, сөзін қойған. Бұлар тау баурайында орналасқан киіз үйлердің қасына келіп тоқтады. Казак-орыс татар тілмаш арқылы қазақтарға айтқан:

— Ертеңге дейін қонақ етіңдер. Біз таңертең келіп алып кетеміз, — деді де әлгі татар мен орыс қайтып кетіп қалды.

Бұлар аттан түскен соң әлгі қасына еріп келген, алыстан қонақтар келе жатыр деген соң қарсы алуға барған жасы үлкен шал Шоңға назар аударып:

— Шырағым, сен татарсың ба?

— Мен немене, татарға ұқсаймын ба?

— Түрің нағыз қазақ. Осында орыстар келгелі орысша білетін бір қазақты көргеміз жоқ. Әлі татарға дұрыс айттың…

— Біздің Арқаға орыстар ертерек келіп, орысша үйрендім. Тіршіліктің өзі соны талап етіп отыр.

Шал ұялып қалды да:

— Бауырым, оның рас. Біз осы жақта орыс сөзін аударып жүрген бір қазақ тілмашын көргеміз жоқ. Содан кейін айтып қалдым.

Есік алдында тұрған қазақтар бұларға әлі жақындамай тұрған. Шоң олардың бұл қылығын жақтырмай, содан кейін әзіл араластырып сөз бастады:

— Біз сіздерді осы жақта туыстарымыз бар деп, сонау Арқадан әдейі іздеп келдік.

Әлі адамдардың біреуі алға шығып:

— Осында орыстар қырғыздар келеді деп айтқан соң, анау Алатаудың ар жағындағы қырғыздар ма екен деп қалдық. Арғынбыз деп айтпайсың ба?

— Мен сіздер қазақ деген сөзді білетін шығар деп айтып тұрмын. Сіздер қазақты ғана емес, Арғынды да біледі екенсіздер ғой. — Шоң бұл сөзді тағы да әзіл ретінде айтқан.

— Осында бізді қазақпыз десек, ана орыстар жақтырмайды. Содан қорқамыз. Бір адам алға шығып, қолын ұсынды.

— Іздеп келгендеріңізге ризамыз. Осы ауылдың иесі менмін, атым — Медеу, Жалайыр боламын. Мына кісілер Албан болады. Бізге ана татар алдыкүні келіп, бір топ киргиздар келеді деді. Біз Алатаудың ар жағындағы кырғыздар екен деп ойладық. Әйтпесе, бәріміз барып қарсы алатын едік. Сіздер Арқаның қай жерінен боласыздар?

— Арқада Нұра атты өзен бар. Соның маңында тұратын Арғын боламыз.

Енді Медеу құшақтап амандасты да:

— Бәрімізді шатастырып жүрген анау татар ғой, — деді.

— Ол шоқынған татар көрінеді. Нағыз татарлардан оның ауылы алыс жатыр. Бірақ кездескен сайын оларға біз қазақпыз деп құлақтарына құя беріңіздер. Өйтпесеңіздер, қырғыз атанып кетесіздер, — деді Шоң.

— Бауырым, сен солай дейсің. Осындағы орыстардың бәрі бізді киргиздар дейді. Соның өзіне ұяламыз. Қырғыздар Кенесарыны өлтірді ғой, сол үшін де оларды жек көреміз.

— Олар сіздерді шатастыру үшін жасайды. Қырғыздар Кенесарыны орыстардан қорыққанынан өлтірді ғой.

— Біз де солай ойлаймыз. Бірақ айтарға ауыз жоқ, қорқамыз. Таяуда қасында әлгі татар бар, бір орыс келіп қорқытып кетті. Сендер, қиргиздар, анау киргиздардан аулақ жүріңдер дейді.

— Олардың амалы сіздерді киргиздармен жанжалдастыру. Орыстар шамасы келсе қазақтың әкесі мен баласын араздастырғысы келеді. Мен оны ана татардың сөзінен байқадым. Біздің қырғыздармен кегіміз бір. Сондықтан екі халықты араздастырып ұстағысы келеді. Сіздер оларға жақындай беріңіздер. Елдің бәрі Кенесары мен Орман манап емес. Түбінде қазақ пен қырғыз бірін бірі түсініп, кешіреді.

— Шырағым, айтқаның келсін! Біз әуелден қырғыз, қазақ құдандалы ел едік. Қазақ пен қырғыздың соғысуы бетке үлкен мін болды. Көп уақыт өтсе де ұмыта алмай жүрміз. Өздерің орта жүздің қайсысы боласыздар?

— Біз Орта жүздегі Арғын боламыз дедім ғой. Бер жағын айтқанда, Қуандық боламыз. Ұлы жүз қазақтарын аға тұтамыз. Қазақ екенімізді, арғы тегімді ұмытпайық, оны ұмытсақ ел болудан қаламыз.

— О, бауырым, аға тұтқаныңнан айналайын. Куандық ішінде қайсы боласыздар!

— Қуандық Мейрамсопыдан тараған ғой, осы отырған адамдар қандас боламыз. Енді одан бері қарай таратуды мына кісілер өз руын өздері айта жатар.

— Біз Арғындармен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы халық болдық қой, кезінде. Ел арасы алыс болғандықтан, бара алмай жатырмыз. Әйтпесе, үлкендігімізді танытып, бірінші біз барып қайтумыз керек еді. Баяғыда сіздер мына Сыр бойынан Нұра өзені жаққа көшіп кеттіңіздер. Бұрын әкелеріміз барып тұрамыз деуші еді. Енді бір шығанға шығып кеттіндер.

— Қазақтың малсыз жағдайы жоқ, сол мал қамымен шығып кеттік ғой. Кіші жүз бен сіздерге жер көп болсын дедік. Біз отырған жақ ежелден жайлауымыз болатын.

— Біз оны білеміз, әкелеріміз айтып отыратын Арғындар Арқадағы жайлауына көшіп кетті дейтін. Бізде де, сіздер де аз уақыт болса да адасып қалдық.

— Ат мінген қазаққа жердің алыстығы жоқ. Жалқаулығымыз бар. Соны мойындаумыз керек. Сонау киян шеттен мына орыстар да келді. Бізді алып келген солар. Баяғыда менің бабам Жанкелді деген кісі айтатын, туыстығымыз кетпесін деп отыратын үнемі. Енді сол туыстығымызды тіптен мықтап сақтау қажет. Орыс қаптап келеді. Қайдан келіп, кайдан шыққанымызды ұмытсақ, анау татарлар тәрізді быт-шыт болып кетеміз.

— Шырағым, дұрыс айтасың, сіздер жақта да орыстар көп пе?

— Ағасы, қазір орыс бармаған жер қалмады ғой.

Сөзге Темеш болысы араласып:

— Осы жақта отырғандардың бәрі негізі Албан болуы керек. Баяғыда үлкен әкем айтып отырушы еді, үлкен шешеміз Албанның қызы дейтін.

Бұл жақта Албан да, Шапырашты да, Дулат та, Жалайыр да бар. Әлгі бұларды қарсы алуға барған шал елпілдей қалды:

— Сонда үлкен шешең қайсысынан?

— Сүйем деп атайды. Оның ішінде Мамырбай.

Сол-ақ екен, әлгі кісі Темешті құшақтай алды: «Мен саған нағашы боламын!» Содан естері қалмай, бірімен бірі танысып, ананы-мынаны сұрап қуанысып жатты.

— Медеу, мен жиенімді тауып алдым. Енді үлкен той біздің үйде болғалы тұр. — Әлгі адам үйіне жиенін алып кетпекші болып еді, Шоң алдында орыс-казактың айтқанын естеріне салды.

— Әлгінде ана орыс айтып кетті ғой. Сіздер таңертең осы арадан табылыңдар деп.


Бауырымдап тұрған қазақ тыңдаған жоқ. Біраз отырып, қымыз ішкен соң, қасына үш адамды қосып жиенін ертіп әкетті. Олар кеткен соң да танысу одан әрі жалғаса берді. Үй иесі Медеу орта жүз қазақтарын бастап келген Шоң екенін түсіне қалды да:

— Шоңке, сіздің нағашы жұртыныз кім?

— Менің шешемнің төркіні жұрты Найманның Садыр тұқымынан тарайды, анау Қалмақтардың шапқыншылығы кезінде аталары Іле бойынан көшіп келіпті. Шешем Жамал — солардың қызы. Содан менің әкелерім құда түсіп, шешемді келін етіп түсірген. Біздің жақта сол Садырдың біраз ұрпақтары бар.

— Сол Садырдың, үлкен шешемнің шешесі менің әкелерімнің аналары. Сонда екеуіміз туыс болдық, — деді Медеу.

Содан ру мәселесіне зерек Шоң бәрін таратып, орын-орнына қойып берген. Олардың шешелері төрт-бес атадан қосылатынын анықтап берді. Бұлар біраз әңгімеге беріліп отырғанда семіз тайдың еті келді. Әңгімемен, ет жеумен біраз уақыттың өткенін олар білмей қалды. Түн болғалы қашан? Аспаннан ай жарығы төгіліп тұр. Лүп еткен жел жоқ. Жиі соғатын Арқаның желі бұларда атымен жоқ екен. Шоң отырып ойлаған, мына ара жер жаннаты, орыстар да мұны біліп келіп отыр екен ғой деген ұйғарымға келген. Онымен қоймай казактардың жері дейді. Алдында генералға айтар сөзі ішінде қалып сол мазалап отырған. Көзді бақырайтып қойып, бұл ара казактардың жері дегеніне іші ауырып отыр еді. Содан кейін Медеуге сұрақ берді.

— Ана орыстар отырған жер бұрын кімнің жері болған?

— Ол жер де, бұл жер де менің жеті атамнан келе жатқан жайлауым еді. Осы екі ара алыс емес, бірақ мына ара жазда да суықтау болады. Орыстар келді де сол жерге қоныстанып алды. Мені осылай қарай сырғытты. Жаз айларында бұл аралар малға таптырмайтын жер. Шөбі қалың болып өседі. Маса жоқ. Ал менің төменде, орыстардың ар жағында қыстауым бар. Жаз ортасы болмай, ыстықтан барлық шөбі күйіп кетеді. Малды көбейтемін деген ойыммен сол орыстар отырған жерге қыста да отыра беретін едім, орыс-казак келді де ол қонысымды алып қойды. Қазір Алатау қойнауындағы барлық тәуір жерді солар алып жатыр. Осы маңайдың рулары жайлаудан да, шабындықтан да тапшылық көріп отыр. Орысша білетін көрінесің. Ана бастықтарына біз туралы дұрыстап айтсайшы.

— Медеке, олар менің тілімді алмайды. Ол жерді алғызып отырған патша. Оның саясатына ешкім қарсы келе алмайды. Біздің жақта да өзен бойларындағы тәуір жерлердің бәрін орыстар алып жатыр.

— Бұл араға үлкен бекініс саламыз, сіздерді Қытайдан қорғаймыз дейді. Осы жерде тұрғалы талай шүршіт келіп, сауда жасап жүр. Бірі қоныстанған жоқ. Ал мына орыстар келіп қоныстанып алды. Өздерін қазакпыз дейді. Не тілі, не діні келмейді. Қандай қазақ екенін білмеймін.

— Олардың үш қайнаса біздің қазаққа сорпасы қосылмайды. Қазақ емес, бұларды өзің біліп отырсың, казак-орыс дейді. Олар ол сөзді саясатпен айтып жүр ғой. — Содан Шоң қазак-орыс жайына бұларға да біраз әңгіме айтып берген еді.

— Сонда бұларға не жасауға болады, — деп сұрады Медеу.

Шоң жерін алып қойғанға Медеудің қатты қамығып отырғанын білді. Мына адамға айтар сөзі жоқтай көрінген еді. Сонда да бірдеңе айту керек екенін түсініп, өзінің әдеттегі, көп айтатын, заман сөзінен басады:

— Заман бір қалыпта тұрмайды. Әуелде казіргі Қырғыз, Қаракалпақ, Татар, Түрікмен, Ұйғыр, Қазақ бір кезде үлкен ел болдық. Ел басқарушылардың ақылсыздығынан бөлініп кеттік. Қараңызшы, кеше қазақтың сыңарындай болып отырған өзбектер Қасым төренің екі баласы Есенкелді мен Саржанды өлтірді. Ауыз бірлігі болмағандықтан, халыққа ел билеген адамдары өз ойларына келгенін жасайды. Әрқайсысы өз алдына ел болып кетті. Ал мына орыстар казактарды өздеріне үйіріп алды. Бұл казактарда неше түрлі ұлттардың қаны бар. Қазір бәрі де өздерін казак-орыспыз деді. Міне, орыс патшасының саясатының күштілігі осындай. Біз бөлініп жатқанда, бұлар жат жұртты да өздеріне қосып алды. Келешек не болады? Кім білген… — Шоң елдегі адамдарға айтатын сөзін бұларға да айтқан. — Шамаларыңыз келсе, елу-алпыс үйден үлкен ауыл болып отырыңыздар.

Міне, біз дүниенің жартысын жаулап алған қыпшақ елінен, мосының үш бұтындай болып үш жүз қалып едік. Орыс келіп оларды да бөле бастады. Әбілқайыр өз алдына хан болып кетті. Ана патша әйел Абылай ханды орта жүздің ғана ханы болсын деді. Енді орыстар Ұлы жүздің жеріне казак-орыстарды көшіріп әкеліп жатыр. Бұл алысқа кеткен жоспар, алысқа кеткен саясат. Ошақтың үш бұтының біреуі сынса не болар еді. Ол ошақ болмас еді. Алайда, өкініп, уайымдай берудің қажеті жоқ. Әр уақытта сол үшеуінің амандығын ойлайық. Егер олар сол достығын, бауырмалдығын сақтаса түбінде қазақ билікті өз қолына алады. Екі жүз жыл қазақпен соғысқан ана қалмақтар да жоғалды ғой. Бір елдің екіншісіне жасаған иттігі жай кетпейді. Бәрін Құдай көріп отыр. Бұлар да жазасын алар. Әзірге айтарым осы. Біздің қолдан келетін басқа түк жоқ. Әзірге солардың дегенін жасау керек. Тек ру аралық байланыстың бұзылмауын, дінді сақтай білу керек. Қазақтын негізгі күші осы екеуінде жатыр әзірге. — Шоң отырғандарды орыстардың ісі жайлы біраз жағдайдан хабардар етті. Мына адамның білгірлігіне үй иесі Медеу де, басқалар да таң қалғандай болып отыр.

Бұл уақытта түннің біразы өткен еді. Содан жатар кез болды. Медеу айтқан:

— Бұл жердің түні суық, киіз үйдің ішіне жатыңыздар, — деді Медеу.

Мына сөзден қорқып, қонақтар киіз үй ішіне кірген еді. Шоң айтқан Медеуге:

— Медеу бөле, мен далаға жатқым келіп тұр. Төсекті сыртқа салып берсеңдер маған.

Шоң үй иесінің қанша айтқанына болмай, тысқа жатқан еді. Әлден уақытта ай қорғалап, таудың ар жағына ай батты. Шоңның ұйқысы келмей жатыр, неше түрлі ойларға берілген… Табиғаттың мына әдемілігіне қызығып жатыр. Ауасы да бөлек екен. Ілуде-шалуда ауыра беретін басы да бұл түні сыр берген жоқ. Мұның бәрі табиғаттың әсері екенін Шоң біліп жатыр.

Түннің көп уақыты өткенде Шоңның көзі ілініп кеткен екен. Кенет оянып кеткен еді. Маңайды бір қараңғылық бүркеп тұр. Аспанға қарады. Бұл жақтың жұлдыздары Арқанікінен әлдеқайда көп, әрі үлкендей көрінді оған. Содан кейін аспандағы жұлдыздарға, түн жамылған айналаға қызықтай қарап, қайта төсегіне жатқан. Шоң ертеңгісін өзінің әдеттегі уақытында тұрмай, ұйықтап қалған. Қонақтар да, ауылдың адамдары да ерте тұрып кеткен еді. Кешегі әңгімесінен кейін Шоңға үй иесінің көңілі тіптен түсіп қалған. Шоңды оятпаған. Ұйқысы қансын деп ойлаған еді. Бұл кезде күн көтеріліп, тура Шоңның маңдайын ыстық сәуле қыздырды. Соны сезіп Шоң басын көтеріп алды. Қасына келген Медеуге айтты:

— Бөле, өмірімде бұлай жақсылап ұйықтаған жоқ шығармын. — Расында, Шоңның өзді өзі болып көптен бері рахаттанып ұйықтағаны осы болды. Айтып тұрғаны шындық еді. Бүгін керемет өзін жақсы сезініп тұр.

Бәрі таңертеңгі асқа отырды. Бұлардың неге шақырғанын түсінбей отырған бір болыс:

— Баяғыда қалмақтар қазақтарды Қытайға сатып байыды деуші еді. Бізге де орыстар соны жасағысы келіп отырған жоқ па?

— Бұлардын неге шақырғанын біліп отырмын, — деді Медеу. — Бұлар біздің жақтағы ыңғай жүйрікті алып еді, сіздерге де соны жасағалы отырған шығар. Анау қасына еріп келген адамдарды генерал-губернатор неге шақырып алды дейсіңдер. Оларға ат керек. Басқа дүниелердің бәрі өздерінде бар.

— Онда бізді мұнда әкелмей-ақ ала бермей ме? — деді бір болыс отырып.

— Сіздер білмейсіздер, баяғыда бұлар Орта жүздің қазақтарынан жүйріктер аламыз деп, екі жақ қырылып қала жаздаған. Керемет айқай-шу болды. Көп қазақтар орыстардың сондай қылығы үшін кейін Кенесарыға қосылып кетті ғой. Сол жағдай оларға сабақ болған тәрізді. Енді бізден өз еркімізбен алғысы келіп отырған сияқты, — деді Шоң.

— Сонда жүйрікті қайтеді? — деді Арқадан келген болыс.

— Орыстар Қытайдан сендерді қорғаймыз деп бізден де алды. Бәрі жалған. Бізді шырылдатып тартып алған аттарымызды осында бұларға ерегіскен өзбек, ана Кенесарынын баласы Сыздық бар ғой, солар тау арасынан келіп түнде айдап әкетіп жатыр. Қанша соңынан түссе де ұстай алмай жүр. Мылтықтары бар көрінеді. Адамдары да көп дейді олардың. Бұлар жүздеген адамды күзетке қойды. Қарсыласса ебін тауып қырып жатыр. Бұлардан ұрлаған жылқыларда шек жоқ. Ар жағындағы Ауғандарға, Арабтарға, Парсыларға апарып сатады дейді. Кім білген? Орыстар қанша дұзақ құрса да, түсіре алмай қойды. Түн қарасында келіп, айдап әкететін көрінеді. Әлгі казактарының көпшілігі атсыз қалды. Сондықтан сіздерден жүйрік ат сұрамақшы болып отыр ғой деймін.

— Мекеңнің айтқанында шындық бар, — деді Шоң.

— Біз онда бермеуіміз керек екен, — деді бір болыс.

— Бермесек, баяғыдай тартып алады. Оның бізге пайдасы жоқ. Орыстармен жанжалдасып жүргенше, өз еркімізбен берген дұрыс, — деді Шоң.

Қазақтардың өздеріне аттарын жинатып бергізіп, орыстар өздері сырт қалғысы келіп отырғанын сезді Шоң. Бұл бір зәлім саясат екенін түсінген еді ол да. Таңертеңгі астарын ішіп бола бергенде кешегі орыс жетіп келді. Қасында татар жоқ. Ол айтты Шоңға: «Сіздің орысша білетініңізді біліп, ол мылжыңды ертпедім. Сіздерді генерал-губернатор тосып отыр». Кеше қолдан санағандай етіп жіберген қазақтардың біразы жоқ екенін біліп:

— Олар қайда? — деді казак.

Шоң қулық жасаған. «Олар бұл үйге симай, басқа ауылға қонуға кетті». Әлгі әскери адам сенерін, не сенбесін білмей тұрып, ақыры сенген. Орыс болыстарды асықтыра бастады. Әңгіме қабының аузы ашылса бар дүниені ұмытып кететін қазақтардың мінезін білетін Шоң генерал-губернатор күтіп отырса жүрейік деді. Бұлардың сөзін үнсіз тыңдап отырған казак-орыс айтты:

— Расында, тезірек жүрейік. Генерал-губернатор Санкт-Петербургке жүруге асығып отыр.

Бәрі орнынан тұрған. Казак-орыс айтты: «Қазір мен барып ана кетіп қалған киргиздарды айдап әкелемін. Сендер осы жерде күте тұрыңдар. Орысша білетін киргиз, менімен бірге жүресің» — деді.

Мына казак-орыстың қазақ жеріне келіп күш көрсетіп тұрғанына Шоңның ызасы келді, алайда, оған қарсы айтар сөзі жоқ еді. Өйткені күш, билік соның қолында болып тұр. Сонысын көрсетіп тұрғанын білді. Содан кейін айтқан:

— Олар өздері келеді. Бармай-ақ қой, біз жүре берейік, — деді. Мына сөзден кейін казак-орыс ойланып қалды.

Сол екі ортада Темеш бастаған қазақтар жетіп келді. Жетектерінде бір-бір күміс ертоқымды аттары бар. Казак-орыс аттарды көріп, бұлар жүйрік пе де сұрады. Бәрі үшін Шоң жауап берді:

— Киргиздар жылқының жүйріктігіне қарамайды, ала береді. Алыстан келген қонақтарға жүйріктіне қарамай, ат мінгізеді. Бізде сондай тәртіп бар. Жергілікті тұрғындар соны бұзғысы келмей, жасап отыр.

Шоң сөзіне қосып Медеу айтқан, сендер барлық жүйрікті жинап алдыңдар. Бізде қандай жүйрік болады. Өзіміздің мініп жүруімізге де жүйрік қалдырмадыңдар. Шоң Медеу сөзін аударып берген. Содан кейін казак-орыс тұрып:

— Олай болса бізге ер-тоқымдарын беріңдер, — деді. Бұлар амалсыздан айтқанын жасаған еді. Казак-орыс аттардың үстіндегі барлық ертоқымадарды түсіріп алып, генелар-губернатор алдына баратын адамдардың аттарының артына байлатқан еді. Содан кейін Албандар берген аттарды Медеу үйінде қалдырып жүріп кеткен.

Бұлар келгенде есік алдында топталып Колпаковский, Түркістан генерал-губернаторы тұр екен. Үш ат тройка жегіліп қойыпты. Кауфман сөз бастады:

— Мына таудың ар жағында Қытайлар тұрады. — Алатау жақты сілтеген еді. Патша солардан сіздерді қорғау үшін осында сонау Волга бойынан біраз казактарды көшіріп әкелді. Оларға жетіспей тұрғаны — жүйрік аттар. Сіздерге бір тілек, өз болыстарыңнан, маңайларыңдағы болыстардан соларға жүйрік аттар жинап беріңіздер. Бұл казактардың ғана емес, ІІІ Александр императордың тілегі.

Содан кейін Шоң сұраған еді.

— Сонда қанша ат сұрап отыр казактар? — Шоң білетін, кейбір казактар орыс деген сөзді қосып айтқанды ұнатпайтын. Сондықтан жеке казактар атын ғана атады.

— Ол жағын Колпаковскиймен ақылдасып шешіңіздер, — деді генерал-губернатор. Осымен сөзін бітірген еді. Одан кейін Карбышев сөйледі:

— Бұл тапсырма сендерге ғана беріліп отырған жоқ. Біздің оязға қарайтын барлық болыстарға беріліп отыр. Мен Колпаковский мырзаға уезде қанша болыс барының санын бердім. Қай болыстан қанша жылқы жинайтынын өздерің білесіңдер. Жалпы, санын Герасим Алексеевичтің өзі айтады. Мен біздің Омбыдағы генерал-губернатордан рұқсат аламын. Қазір Кауфман мырзамен Санкт-Петербургке жүріп бара жатырмын. Сіздер патша тапсырмасын екі етпей орындайды ғой деп ойлаймын. Қанша жылқы керегін Герасим Алексеевич айтады. — Бұл сөзді екінші рет қайталап айтқан, сіздер соны толық жинап беруге басшылық жасайсыздар. Оны орындамағандармен мен келген соң әңгіме басқаша болады. Генерал-губернатор да сіздерге сенім көрсетіп отыр. — Бұл сөздің бәрін Карбышев қазақша айтқан болатын. Сөзінің соңында Колпаковскийге арнағандай етіп айтқан, — Герасим Алексеевич, мына болыстарға өз тілінде бәрін түсіндіріп айттым. Сіздің айтқаныңызды орындайды, — деді.

Шоң Карбышевтің мұнысы қулық екенін, барлық жауапкершілікті болыстарға артып қойып, өзі сырт қалуды ойлап отырғанын білді. Ояз Шоңды оңаша шығарып алып айтқан: «Менің Санкт-Петербургке кеткенімді Қалимашқа жеткіз. Балалардың жағдайын білуге кетті де. Сен кейінге созбай еліңе келісімен, барып айт. Мына генерал-губернатор Кауфман патша алдында беделі бар адам. Менің бір шаруама көмектесетін шығар. Мен ол жайында жолай жақсылап айтамын. Сендер мені де, өздеріңді де ұятқа қалдырмаңдар. Ана қасыңдағы болыстарға жақсылап айт. Тапсырманы орындамаса, арты жақсы болмайды».

Генерал-губератордан кейін пәуескеге мінді. Кауфман имиіп келген арық кісі екен. Бірталайға келіп қалған адам екені жүзінен көрініп тұр. Кәрілікті мойындап қалғанын Шоң сезіп тұр. Сірә, патшаға жақын немістердің бірі болар деп жорыған еді. Өйткені, патша маңайында отырған немістер көп екенін Шоң тарихтан жақсы білетін. Соңғы кезде немістердің кадірі түсе бастаған еді. Орыстардың ұлтшылдары мен еврейлер бой көрсете бастаған. Соған қарамастан, бұл адамды генерал Черняевтің орнына генерал-губернатор етіп қойып отыр. Сірә, патша алдында беделі әлі де бар адам болар деп бағалап, Шоң іштей өзінше қорытынды шығарды.

Шоң білетін, Карбышевтың арманы Мәскеу түбіндегі әкесінің қонысына барып тұру, болмаса осы жылы жаққа ауысу болатын. І Петр патшаның тұсында атасы көзіне түсіп, Мәскеу түбінен қоныс берген еді. Әкесі Иванды Санкт-Петербургтегі Сенат алаңындағы офицерлердің көтерілісіне қатысқаны үшін Сібірге қуған екен. Енді бұл жақта қазақ жерін жаулап алуда жақсы істерімен көзге түсіп, кейін есаул болып, Ақмола бекетінің бастығы болғанын бірде Шоңға Карбышевтің өзі айтқан. Енді сол әкелерінен қалған қонысты алу жоспары болатын. Сол ойын жүзеге асыру үшін Санкт-Петербургке жүріп бара жатқанын білді Шоң. Аса жауапты, даулы мәселені өздеріне тастап кетіп бара жатқанын ұнатпады. Қарсы бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бар айтқаны оязға, «жол болсын» деді. Олар жүріп кеткен соң Колпаковский сөз бастады.

— Әлгі кісілердің сөзіне қосып айтарым, бұл сіздерге императордың берген тапсырмасы. Екі генерал-губернатордың тілегі бойынша сіздерді осында шақыртып алдық. Бір жағы сіздерге серуен болсын дедік. Екіншіден, бізге жүйрік аттар жетіспей жатыр. Соны ІІІ Александрдың тілегі бойынша сіздер бересіздер. Осында келген әр болыстың, Карбышевтің мәлім етуі бойынша, маңайындағы болыстардан жүз елуден жүйрік аттар жинап беретінін айтты ол кісі.

Шоң Карбышевтің әлгінде жылқы санын айтпай кетуі қулығы екенін және білді. Мына казактардың көзінше дау жасағысы келмегенін білді. Мына генералдың аузынан естісін деп әдейі жасап кеткенін түсінді. Бір болыс тұрып айтқан:

— Басқа уездерден неге жинамайды?

— Сіздер асықпаңыздар, олардан да жиналады, әуелі сіздер бастап, басқаларға үлгі көрсетіңіздер. Қажет болса, басқа уездерден де жинаймыз, -деді Колпаковский.

Шоң ақылға сала келіп, бұл айтып тұрған жүйріктердің тым көп екенін білді. Бұл арада бірден айту керек екенін түсінген еді ол. Байлар айқай-шусыз бермейтінін іші сезіп тұрған. Содан кейін мына үлкен бастықтардың алдында ойын айтып қалғысы келді.

— Біз, киргиздар патша мен сіздердің айтқандарыңызды орындаймыз, орындауға тырысамыз. Бірақ әр болыстың мойнына жүктеп отырған жүз елу жүйрік дегеніңіз тым көп. Қазақтар жүйрік аттарын қасында жатқан әйелдерінен жақсы көреді. Мұның арты айқай-шуға айналып кете ме деп қорқамыз. Сонау отызыншы жылдың орта кезінде киргиздардан күштеп жинаған. Сонда үлкен жанжал болған. Орыстардан да, киргиздар жағынан да көп адамдар өлген. Егер мынаны азайтпасаңыздар, аяғы сондай болып кетуі мүмкін. Ол үшін ат санын азайту керек.

Колпаковский де мына сөзден қорқып қалған болуы керек:

— Сонда қаншадан болсын дейсіздер?

— Елу аттан болса дұрыс болар еді. Сонда ең жүйрігін таңдап берер едік.

— Олай болмайды. Ендеше жүз аттан кем болмасын!

Шоң түсіне қалды. Осы айтқандарын жасамаса тартып алатынын білді. Мына генералдың елуге келіспейтінін түсінді. Жүз атқа тоқтау үшін әдейі осылай жасап отырғанын, бұдан бір атқа кем түспейтінін сезіп, қасында отырғандарға генерал талабын айтқан еді. Қасындағы болыстардың біреуі Шоңға бұл да әлі көп екенін ескертіп, сол жетпіске тоқтайық деді. Шоң Колпаковскийге айтып еді, ол оған келіспеді.

Шоң айтқан, «сұраған жылқыларын бермесек, әскер шығарып тартып алады, одан ешқандай абырой алмайтынымызды өздерің білесіздер». Содан кейін болыстар сөзді қойған.

Бұлар ақылдасып болғаннан кейін Колпаковсий:

— Сіздер бірнеше күн осы жақта қонақ боласыздар. Қанша жатсаңдар да өздерің білесіздер. Баратын жерге менің аудармашым мен мына казак алып барады деп, кешеден бері қастарында жүрген екеуін көрсеткен. Осыны айтты да, тағы да аттар туралы сөз туындап кете ме деп қорыққан болуы керек, генерал ішке кіріп кетті. Содан кейін бұлар генерал айтқан жерге жүріп кетті. Келе жатқанда Шоң казак-орыстан сұрады:

— Біз сонда қайда бара жатырмыз? — деді.

Казак-орыстың бара жатқан ауыл атауына тілі келмей қалды да:

— Сергей, біздің бара жатқан аулымыздың аты қалай еді?

— Ол мына оңтүстік жақтағы Шапыраштылардың ауылы. Сонда бірнеше күн болып серуендейсіздер. Сендер оларды білмейсіңдер?

— Неге білмейміз, мен ол ауылда болғам жоқ, рас, бірақ ру атын білемін. Біз Медеу аулында біраз адаммен танысып едік, сонда барсақ қайтеді, — деді Шоң әлгі татарға.

— Онда да генерал рұқсат етсе кейін барасыздар. Колпаковский мына Шапыраштар болысымен бұрын шақырып алып келісіп, тапсырып қойған. Олар дайындалып отыр. Біздің оны бұзуға хақымыз жоқ, — деді ол.

Түс ауа Шапыраштылар аулына келді. Шоңның бір байқағаны, бұл жақтың қазақтары Арқа қазақтары тәрізді емес, ауыл арасы жақын екен. Күні бұрын айтып қойған соң олар алыстан келген қонақтарды қазақ тәртібімен қарсы алуға дайындалып жатыр екен, қазандар қайнап, күбілер пісіліп жатыр.

Күн де жақсы еді. Жауын жоқ, бір тамаша күн болатын. Дастархан сыртта, киіз үй қасында жасалды. Қазақтардың ежелгі әдеті бойынша қонақтар да, қарсы алушылар да сөзге беріліп кетті. Арқаның қай руларынан екенін сұрап жатты. Қарға тамырлы қазақ қой, бұл жақтан да туыстар табылып жатты. Талай әңгіменің беті қайрылды.

Шоң отырып әңгіме төркінін Кенесарыға ауыстырды. Елде жүргенде естіген: Ұлы жүздің рулары толық қолдамай, Кенесарының қырғыздардан жеңілуінің бір сыры сонда жатқанын қайтып келгендердің аузынан естіген еді. Шоң Кенесары туралы сөз қозғағаны сол еді, болыс отырып ренжи сөйледі:

— Ол туралы айтпаңыздар. Орыс бастықтары естісе, пәле қылады!

Оның сөзін қостағандай етіп бір би:

— Ол Абылай тұқымының бізге жасамағаны жоқ. Осында малдарымызға дейін тартып алды. Оған қалай көмектесеміз?!

Шоң Арқа қазақтарына жасағанын бұларға да жасаған екен ғой деп ойлады. Әңгіме өз көңілдегісіндей жақсы әңгіме болмайтынын түсініп, содан кейін тақырыпты басқаға ауыстырып кетпекші болып еді, Арқадан келген бір болыс:

— Біз сонау жақтан келдік. Ағаларымыздың, туысқандардың жатқан жерін көріп, топырағынан алып, құлшылық етуге болмай ма?

Шоң болыстың сөзін қостағандай етіп, ауылдың бір кәрі биіне арнап сөйледі:

— Ағасы, оның бізге де жасағаны аз емес. Көп ауылдың малдарын айдап әкетіп, талайдың шаңырағын ортасына түсірген. Талай адам өлді. Оның басты мақсаты орыстарды ортамызға жібермеу еді. Жалпы, біздің мақсатымыз бір еді, қазақтың өз алдына ел болуын ойлады ғой ол. Бір де біріміз негізгі мақсатты түсінбей қалдық. Содан кейін әлгіндей жайға ұшырадық.

— Бауырым, бұл айтқаның дұрыс қой. Бірақ құстың екі қанатының біріндей болып отырған қырғыздардан алыстап кеттік. Сол Кенесары соғысының кесірінен талай қырғыздар бізге берген қыздарын алып кетті. Екі халық арасында араздық салып кетті.

— Сіздер қырғыздарға жақын отырсыздар. Араға түсіп екі жаққа делдал болмайсыздар ма? Ағайын-туыс болып отырдық дейсіздер. Қырғыздарға орыстан қазақ жақын. Соны естеріне салмадыңдар ма? Бұл арада екі жақтан да қателік бар, соны ұмытпаңыз. Соның ақыры соғысқа алып барды қырғыздармен. Енді сол орыстарды жақтап, олардың жерінде орыстар бекет салып жатқан көрінеді. Біз киген қамытты олар да киеді, — деді Шоң.

Оны түсінетін де, түсінбейтін де бар қырғыздар арасында, бізге қазақтан гөрі орыс дұрыс деп жүрген қырғыздар сөзін естіп едік, солар соғыстың ашылуына себепкер болды деді жергілікті би отырып.

— Оның нәтижесін кейін көреді. Орыс ешқашан қазақтың да, қырғыздың да ел болып отырғанын қаламайды.

Бұл әңгіме Шапыраштылардың болыс, билерімен оңаша болған еді. Бұл әңгімені орыс та, татар да естімеген еді. Олар алып келген арақтарын ішіп алып, етке тойып ұйықтап жатқан. Шоң отырып сұрады:

— Қазір қалай, қырғыздармен тату тұрасыздар ма? — Бұл сөздің ар жағында жасырын ой жатыр еді. Олардың не дейтінін білгісі келді. Бір Шапырашты айтқан:

— Онда жұмысың болмасын. Бәрін бүлдірген сендер. Сондай елге жақсылығы жоқ адамды хан сайлай ма екен?

— Ағасы, кателесіп отырсыз. Кенесарыны хан сайлағанда бір ғана Орта жүз емес, Ұлы, Кіші жүздің де өкілдері болған. Ендеше, кінә сіздерден де бар.

— Біз оларды білмейміз. Бізбен ақылдаспай барған олар.

— Ағасы, сіз бүкіл үш жүз үшін жауап бере алмайсыз. Кенесарыны Ұлытау баурайында үш жүздің өкілдері ақ киізге салып хан көтерген, енді оны еске алып, бірімізді біріміз кінәламайық.

Бұлардың сөзін тыңдап отырған, жас шамасы Шоңнан да кіші Шапыраштардың бір болысы отырып айтқан: «Бізден де талай батырлар қатысып, Кенесарының қылығына шыдай алмай, Сыпатай бастаған батырлар сырт беріп кетті ғой. Әкем осы туралы айтып отыратын. Оны қалай түсінуге болады?»

Бұл туралы Арқаға қайтып келген адамдардың аузынан Шоң естіген еді. Шоң көзі көрмесе де, мына сөзде бір айтылмаған шындық жатқанын білді. Кенесарының Орта жүз қазақтарына жасағанын бұлар да естігенін түсініп отыр еді. Сол ардада Арқадан келген бір болыс отырып:

— Біздің ойымыз соғыста өлген Орта жүз ағайындарымызға құран оқу ғана. Кенесары шаруасында жұмысымыз жоқ. Оған дауласпайық, Құдай жолымен құран оқып, сүйектері жатқан жерді көріп қайтпақ ниетіміз ғана бар. Сіздер соны түсініңіздер.

— Сіздерді сол туысқандарыңыздың сүйегі қалған жерге татар мен казак-орыс жібере қоймас. Біздер олардан асып бара алмаймыз. Бұлар ерегіссе қазір әскер шақырып алып, сіздерді тұтқындайды.

Шоң мына болыстың сөзінде шындық жатқанын білді. Етке, қымызға, араққа тойып алып ұйықтап жатқан татарды оятып алып айтқан, сен анау серігіңді үгітте, біз сендерге ақша берейік. Кенесары соғысқан жерге барып қайтайық.

Ақша деген соң ол ойланып, иіле қалғандай. Досын оятып, әлгі казакқа жеткізген еді. Ол ойбай салды: «Ертең Колпаковский білсе, екеумізді де, мына киргиздармен қосып түрмеге жабады». Мына сөзді естіген кейбір болыстар та қорқып кетті. Сөздері бітіп қалғандай болды. Әлгі казак-орыс отырып:

— Сендерді түгел Сібірге айдау керек екен… — деді.

Мына сөзіне Шоң ыза болып айтқан: «Оны патша да жасай алмаған. Сен өзің не айтып отырсың?»

— Сендерді патша аяп қалдырған. Әйтпесе, түгел киргиздарды Сібірге айдатып жіберетін еді. Мен сендерге рұқсат бермеймін. Олай болса, Колпаковскийден барып өздерің рұқсат алыңдар.

Осында келген әрбір тоғыз болыстың әрқайсысының басына жүз жүйріктен артып отыр. Сол Шоңға бір сенім бергендей еді. Ендеше, қазір генералға барамыз деген оған. Казак-орыс бұған қарсы келе алмады. Келіскендей ыңғай танытқан. Мына жақтан татар отырып:

— Ол конакратты қайтесіңдер! Әне, баласы да конакрат болып жүр.

— Сен кисық сөйлеп отырсың. Қанша конакрат болса да, оның соңына үш жүз мың адам ерген, біздің жақтан да көп адам болған. Біз Кенесары үшін емес, туысқандарымыздың қандары төгілген жерге барып құран оқып қайтуымыз керек.

Татар казакпен ақылдасты да жиналып отырғандарға айтқан татарша:

— Бізде ондай билік жоқ. Генералмен ақылдасыңдар. Сол не айтса, сол болады.

Ертеңіне қасында екі болыс бар Шоң Колпаковскийдің кеңсесіне жүріп кетті. Шоңдардың қасына тілмаш татар мен орыс-казактар бірге ерген еді. Шоң Шапыраштар аулында қалған болыстарға айтқан: «Егер бізді тұтқындаса, сендер қашып кетіңдер. Сонда генерал ойланады».

Қасында татар мен казак бар, Шоңдар Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Оларды кеңсеге кіргізбеді.

— Қазір мен ертіп шығамын, — деп кеткен татар тілмаш. Содан көп кешікті. Бұлар аттан түсіп есік алдында ұзақ отырды.

Шоң терезеге қарап отырған. Бір-екі рет терезенің ар жағынан генералдың бейнесін көріп қалды. Мынасынан Колпаковскийдін толғаныста жүргенін Шоң сезді. Генералмен жолығуға келген болыстардың енді сөздері өзгере бастады. «Біз осыны бекер жасадық. Айтқандарын жасап, біраз қонақ болып кетуіміз керек еді. Хан тұқымында не ақымыз бар? Ана төрелер іздеп алсын!»

Шоңның бұған қарсы айтар сөзі бар еді, сіздер төрелер үшін емес, анау туған жерден алыста қалған туысқандардың басына құран оқуға келіп отырсыздар демекші болды. Бірақ бұл туралы айтпады. Оны өздері де біліп отыр. Содан үнсіз отыра берді.

Генералдың осынша сыртқа шықпай кешігуінен, Шоңның іші бір нәрсені сезгендей болып еді. Шығатынына енді күдік келтіре бастаған. Ана Шапыраштыларға мазақ болғандарын енді білді. Қасында отырған екі болыстың «жүр, кетейік» дегеніне болмай, генерал шықпаса ертеңге дейін отырамыз деді. Түбінде генералдың шығатынына сенімді еді, бұлардан талап етіп отырған жылқылар үшін-ақ шығатынына көзі жеткендей болып отыр. Бұлар бір ойға тоқтай алмай отырғанда, генерал ақыры шықты. Кешігіп шығуына қарағанда татар, казак-орыстан бар жағдайды естіп, бір ұйғарымға келіп шыққанын білді. Сөзді генералдың өзі бастап, ол жақтан не аласыңдар деп сұрады. Шоң кулықпен сөйледі:

— Біздің Арқа жақтан көп киргиздар Кенесары мен киргиздардың соғысына қатысты. Халық дәстүрі бойынша сол жерге барып, олар өлген жерге құран оқып қайту біздің жақтың киргиздарының тәртібінде бар. Біз осы жаққа жүрерде Арқадағы киргиздар осыны тапсырып жіберген. Оны жасамақ ренжиді. Кейбір туысқандары өлген байлар ат бермей қоюы да мүмкін.

Шоңның мына сөзіне әлі де мән бермегендей, генерал басқаша сөйледі:

— Содан бері қанша заман өтті. Бұдан көп бұрын өлген адамның басына барып құран оқудың қажеті қанша? — Шоң генералдың мына сөзінен жақтырмай тұрғанын сезді.

— Жүздеген жылдар өтсе де өлген адамдардың сүйегі жатқан жерге барып құран оқу біздің салтымызда бар. Біз Кенесары үшін емес, сол соғыста өлген Орта жүз қазақтарының жатқан жеріне барып дұға оқуымыз керек, онсыз болмайды…

Генерал тұрып айтқан: «Қазақтар демеңіз, қиргиздар деңіз».

Шоң бірден түсіне қалды. Өздерінің қазақтар сөзін жақтырмай тұрғанын алғақшы кездесуден-ақ білген Шоң.

— Кешірерсіз, киргиздар десеңіз солай-ақ болсын. Біз өз жағымызда жүріп, аузымыз қазақ сөзіне үйреніп қалыпты. Содан кейін айтып отырмын. Олай болса, заң шығарыңыздар, — деді Шоң.

Қандай заң болса да бұл алдауды орыстардың қойғыза алмайтынын Шоң біліп тұр еді.

— Саспаңдар, ол заң да болады.

— Біз аузымыз үйреніп қалғаннан соң айтып отырмыз, — деді Шоң.

Генерал бұл сөзге сенгендей. Ашуы сәл басылғандай. Оның да ойланып тұрғаны шын еді, ертеңгі күні жүйрік алуға барғанда ренжіп келсе, бұл болыстар айтқанымды орындамай, сөздерінде тұрмауы мүмкін. Түкке тұрмайтын бұлардың тілегін орындамаса мына сауатты киргиз жоғары жаққа жазып, ана патша маңындағылар ренжитінін білді. Содан кейін бұлардың сөзін мақұлдағандай етіп сөйледі.

— Олай болса болады, — деді де қасында тұрған орыс-казак пен татар тілмашына, — сендер де бірге барасыңдар, — деді. Ана киргиздармен бұл киргиздар тіл табысып кете ме деп ойлап, қорқып тұрған генерал. Бұл өзінше сақтығы еді.

Шоңның ойы оларды апармау еді. Ақыл айтып, істеріне араласып отыратынын біліп алған. Бірақ оған генерал көнбейтін түр көрсетті. Содан кейін қарсы сөз айтқан жоқ. Бәрі қайыра әлгі Шапыраштылар аулына келді. Келе жатқанда Шоң орыстан сұрады:

— Генерал орыс па, казак па?

— Герасим Алексеевич — казак. Бізді басқаруға орыстардың шамасы келмейді.

Шоңның ендеше орыстарға неге бағынып отырсыздар деп айтқысы келіп еді, бірақ оның арты үлкен әңгіме болатынын біліп үндемей қалды. Шапыраштар орыстардың бастығы бұларға рұқсат бермейді деп отырған өздерінше. Енді басқаша сөйледі, ашығын айтқан:

— Біз сан ғасырдан бері қырғыздармен құдандалы, туыс болып келе жатқан адамдармыз. Біздер сіздердің бұларыңызды қаламаймыз. Бармай-ақ қойыңыздар. Олардың ашуының үстіне ашу қосасыңдар, — деді Шапыраштардың үлкені.

— Біз олармен жанжал шығарып, дауласуға бара жатқанымыз жоқ. Керісінше, сіз бен оларды жақындастырып кетеміз, — деді Шоң.

Ел ақсақалы бұл сөзге сенерін, не сенбесін білмеді. Содан кейін айтқан:

— Біз бармаймыз, өздерің барып қайтыңдар.

Болыс та әлгі ақсақалдың сөзін қостағандай етіп сөйледі. Бірақ бірнеше қой тегін берген. «Біз осы жақта қалатын адамдармыз, бізге ана орыстар маза бермейді. Сіздермен бара алмаймыз» — деп ашық айтқан.

Шоңдар соғыстың болған жерін білмейтін. Содан кейін казак пен татар тілмашынан сұрап еді, олар да шыны ма, әлде өтірігі ме, білмейміз деді. Шоң енді сасайын деді. Генералға барғандардың талабының бәрі босқа кеткендей болды. Содан Кенесары соғысы болған жерді көрсететін адам табылмай тұрғанда, бұлар келгенде сөзге қатысып отырған жігіт айтқан:

— Ешкім көрсетпесе көрсетпесін, менің әкем көрсетеді, — деді.

— Әй, төре, сен жайыңа отыр. Бұлар ертең кететін адам, сен қаласың! -деді болыс.

— Мен айдатып жіберсеңдер де көрсетпеймін, білмеймін. Әкем біледі. — Шоңдарды ауылдың шетіне таман тұрған үйге ертіп апарды. Төр алдында тоқсаннан асқан адам жатыр. Баласы үйге кірген соң оның құлағына аузын жақындатып дауыстап айтқан еді.

Ол басын көтерді де, ақырын аяғын басып орнынан тұрды. Қасына келген Шоңды құшақтай алды. Жылап жіберді. Арқаның қазағын көретін күн де болады екен-ау… Біраз жылап алып дұрыс сөзге көшті.

— Сендер Арқаның қай жерінен боласыңдар.

— Ақмола дуанынан боламыз!

— Арқаның адамын да көретін күн болады екен-ау… — Қайыра көз жасын төгіп жіберді.

— Біз сізді әдейі іздеп келдік. — Шоң қулана сөйледі.

— Амандық, неге тұрсың? Мына туысқандарыңа мал сой.

— Мал сойылады ғой. Мына адам асығып отырмыз дейді, — деді баласы.

— Неге асығады? Арқаның қазақтары менен бір бас жеп кетуі керек қой.

— Бас та жерміз. Ең алдымен Кенесары соғысқан жерге барып, сол арада өлген Арқа қазақтарына құран бағыштау ойымыз бар еді.

— Ендеше апарамын, — деді. Шал есікке қарай беттеді. Әлі адам жүргенде теңселіп кетті. Шоң оның әбден қартайып болғанын білді. Апаратынына күдіктенді. Содан кейін Шоң айтқан:

— Сіз шаршап тұр екенсіз. Басқа апаратын біреуді айтыңызшы?

— Шырағым, менімен бірге соғысқа қатысқан адамдардың көбі өліп қалды. Тірі қалғандары Арқа жаққа қайтып кеткен. Ол жерге барып қайтуға шамам жетеді. Ат арбаларың бар ма?

— Ат арба табылады. — Шал сырт киімін киіп тысқа шыққан. Есік алдында тұрған арбаға жайғасты. Шоң одан сұраған еді.

— Ұмытып қалған жоқсыз ба?

Ат-арбаның божысын ұстаған баласына:

— Кекілік тауын бетке алып тарт, — деді. Баласы әкесі айтқан жаққа қарай аттың басын бұрып жүре бергенде Шапыраштылардың үлкен шалы жігітке:

— Амандық, бұлар ертеңгі күні кетеді. Сен осында қаласың, байқа! — деп, болыс сөзін қайталағандай етіп айтқан.

Бұл сөздің артында сыр бар еді, Колпаковский татар тілмашқа ол жаққа шамаларың келсе жібермеңдер деген. Ол болысқа жеткізген. Әлгі адамның айтып тұрғаны содан еді.

— Сіз үйтіп мені қорқытпаңыз. Онда осылармен бірге кетемін. Әкем көптен бері туысқандарының басына барып құран оқимын деп жүр еді, жақсы болды, — деді баласы. Шапыраштының шалының сөзін тыңдамай жүріп кетті.

Арбаға отырған соң шал әңгімесін бастап кетті:

— Мен төре боламын. Баяғыда Кенесары әскерімен бірге келіп, осы жақта үйленіп қалғанмын. Содан бері елім — Көкшетауға жете алмай жүрмін. Оның үстіне осы Ұлы жүзден әйел алдым. Жаратушы қабірімді осы жерден бұйыртқан шығар…

Шоң әбден кәрілікті мойындап қалған мына кісінің мұңлы сөзіне ортақтасып қалды. Апарып көрсететініне Шоңның көңілінде әлі де күдік бар еді, шал жерді ұмытып қалған шығар деген ой да бар болатын. Шалдың қасында Шоң жайғасып отырған, оған өзін мазалап тұрған сұрақты қойды:

— Сіз ол жерді ұмытып қалған жоқсыз ба?

— Ол жерде менің екі туысқанымның да сүйегі жатыр. Уақытында барып алып келейін деп едім, мына Шапыраштылар орыстардан қорқып, жібермеді ғой. Бәрі де жадымда…

Шалдың құлағы естімейді екен. Соны білген Шоң оған ешқандай сұрақ қойған жоқ. Еркіне жіберіп, сөзін тыңдап отыра берген. Әлгі адам Көкшетауда өткізген жастық шағы туралы айтқан. Арасында төрелер туралы сұрады. Қоңырқұлжа мен Уәлиханды еске алды.

— Кенесарының жеңілуіне алдымен сол екеуі себепкер болды. Олар орысқа берілмегенде біз жеңіп шығатын едік.

Шоң тыңдаушы, шал сөйлеуші. Шоң шын мәнінде мына адам төремін дегенде хан тұқымынан деп қалды.

— Шыңғыс ханның қай баласынан тарайсыз?

— Мен Шыңғыстың өзінен тараған ұрпақпын. Бер жағын біле жатарсыңдар. — Төрелер қазақтарға Шыңғыс ханнан бастап, аталары туралы қалт жібермей айтып отыратын. Ал мына адам Шыңғыс хан, Жошыдан басқасын білмейтін болып шықты. Басқа аталарымның атын ұмытып қалыппын деді. Шоң сонысына күдік келтіріп еді. Бірақ үндеген жоқ.

Шал енді сөзін Шапыраштыларға бұрды.

— Мына Ұлы жүз, оның ішінде Шапыраштылар оңбайды. Кенесарыға көмектеспеді ғой. — Шапыраштарды біраз жамандап алды. — Бұлар шеттерінен қорқақ. Ана Сыпатай батырдың қашып кеткенін білесіңдер ме?

— Ағасы, Сыпатай батырды онша жамандамаңыз. Біздің жақта да ондайлар болды ғой. Кенесары елдің бәрін ауыз бірлігіне жеткізе алмады. — Осы айтқанын айқайлап, шалдың құлағына зорға жеткізді.

Шал отырып әлден уақытта Шоңнан сұрады:

— Өздерің кім боласыңдар?

Шоң шалдың көңілі үшін айтқан:

— Мен төре боламын…

Мына сөзді естігенде шалдың есі шығып кеткендей болды. Шоңды айналып, толғанып жатты. Көп жылдан бері Арқаның төрелерін көрмеп едім, сенің сөзіңді естіп, бір жасап қалдым ғой. Атың кім?

— Шоң. — Мына сөзді естігенде шал шалқасынан түскендей болды.

— Өзің мені алдап отырған жоқпысың? Шоң деген қырғыздардың сөзі ғой.

— Ақсақал, Шоң есімі қазақтарда да, төрелер де бар. Сіз біздің жақта жүргенде Қаржаста Шоң деген кісі бар еді, оны білесіз бе?

— Естігенім бар. Ол да орыстарға берілген адам ғой.

— Ағасы, қателесесіз. Ол орысқа да, қазаққа да ортақ саясат жүргізген адам. Өйтпесе, болмайтын еді.

— Әй, төре бауырым, мен сол қазақтардың саясатына түсінбей кеттім.

Шоң бұл адамның Шыңғыстың қай баласынан тарағанын білу үшін баласынан сұраған. Ол әкесінің әлгі жалған сөзіне ұялып, шындықты айтқан:

— Біз Төлеңгіт боламыз. — Аталары сол Көкшетау жақта ыңғай төрелердің арасында тұрыпты. — Солардан қыз алып, қыз беріп, содан төре атанып кеткенбіз. Бізде нағыз хан тұқымының қаны бар. Содан кейін әкем осылай сөйлеп отыр. Сіз Төлеңгіттер мен төрелерді бөлмеңіз. Бұл сөзді Шыңғыс ханның өзі айтқан дейді.

Осылай төре атанған бірталай Төлеңгіттер бар еді, Шоң оны білетін. Мына көңілінен шығып отырған жігітке қарсы сөз айтқан жоқ. Шал келе жатқанда туған жері туралы біраз сөз қозғады. Оның сөз саптауынан туған жерге сағынышты байқағандай болды. Анда-санда көз жасын төгіп алады.

— Бұл ара Көкшетауға қарағанда жер ме, ол жер жаннаты ғой, — деп бір қойды шал.

Бұл сөз туған жерге деген сағыныштан туып отырғанын Шоң білді. Әуелі көргеннен-ақ Шоң бұл жақтың Арқадан кем еместігіне көзі жеткен еді. Жерінде жел жоқ. Келгелі күн жарқырап тұрған. Тау баурайы толған ағаш. Ғажап жер екенін байқаған. Шал отырып сұраған болатын.

— Әй, бауырым, бұл жаққа орыстар келіп жатыр. Ол жақта қалай?

Осынша жасы келіп, күнін санап отырғандай адамның көңіліне қаяу түсірмеу үшін Шоң айтқан:

— Ағайындарыңыз сол тұрған жерінде тұрып жатыр. Ол жақтан оларды куып жатқан ешкім жоқ. Елге қайтайын деп пе едіңіз?

Құлағы естімейтін шал Шоңның айтқан сөзін зорға естіп отырды. Қайта-қайта айқайлап, естімейтін құлақ Шоңның да әбден жүйкесіне тиіп отыр еді. Сонда да мына шалмен сөйлесуге құмарлық пайда болып отырған Шоңда. Соның әсерімен сөйлеген:

— Соғыстан кейін ел жаққа неге бармадыңыз?

— Ол жақта орыстар қазақтарды тұтқындап, Сібірге айдап жатыр дегенді естіп, қорқып, содан кейін бармадым. Ең бастысы ол да емес. Осында Шапыраштылардың бір қызына көңілім кетіп, шын сүйіп, соның әкесі қызымды алып кетуге бермеймін деген соң, осында қалып қойдым. Ол кемпірім қайтыс болған. Ал егер Орта жүзден әйел алып беремін десеңдер, барамын.

Шоң шал мына сөзді қалжыңмен айтып отырса да, туған жерге деген бір сағыныштан туып отырғанын білді.

— Жүріңіз, біреу емес, екі әйел алып беремін.

— Балам, сөзіңе рахмет! Жаратушы топырақты осы жерден жазған болуы керек. Осы жерде өлемін енді…

Алдында Шапырашты шалдарының мына кісінің баласына күш көрсетіп сөйлегені есінде, соған орай Шоңның алып кету ойы да бар еді. Сол себеп болды да, айтқан:

— Ана Көкшетау жағында туысқандарыңыз бар ма?

— Төренің бәрі туысқаным ғой. Тіпті, ол жақтың қазақтары да менің туысқаным.

— Ендеше, осы атарбамен сізді алып кетемін.

— Мен күнімді санап отырған адаммын. Одан да мына балам барсын.

Әкесінің атарбасын айдап келе жатқан баласы сөзге араласып:

— Ағасы, менің қаным төре жағында болғанымен осында туып, осында өстім ғой. Нағашым — Шапыраштар. Бұл жақтан қайда барамын?

— Кеше ана Шапыраштар күш көрсетіп отырды ғой саған.

— Олардікі бер жағы. Олар төрелерге күш көрсете алмайды. Бұл жақта да төрелер жетеді. Ерегістірсе, осы маңайдағы барлық төрелерді жинап әкеліп, қырып тастаймын бір түнде!

Мынау да Ақмоланың төрелері сияқты, өзін мықты сезініп отырғанын білді де, үндемей қалды. Шоң адам қанша өзгергенінен, мінез қалмайды екен-ау, атадан балаға беріліп кете беретін болуы керек деп ойлады. Өйткені, мына жігіттің сөзінен, таңертеңгі қылығынан төрелерге тән мінезді байқады.

Кекіліктау етегінде

(Төре шалдың әңгімесінен)

Шапыраштылар аулынан үлкен сәскелікте шығып кеткен олар, күн бата Кекіліктау баурайына келді. Ауылдан алып келген киіз үй тігіліп, Шапыраштылар берген қойларды соя бастады.

Шал жүре алмай қалғанымен, есте сақтау қабылетінің әлі мықты екенін байқады Шоң. Сайрап кетті. Тоқсандағы шалдың зеректігіне Шоң таң қалды. Бар оқиғаны, кеше болғандай, есінде сақтап қалыпты. Әңгімені бастап мүдірсіз сөйлеп отыр.

— Кенесары әскерлері Майтөбе баурайына келіп тоқтаған еді. Сол жағымыздағы анау жатқан Алмалы сайы. Одан әрі Шу өзені. Кенесары жоспары Орман манаптың әскеріне Шу өзенінің бер жағынан тиісу болатын. Бұл ара соғысуға қырғыздарға қолайсыз болатын. Олардың қашып кетуіне мүмкіндігі жоқ еді. Кенесары соның бәрін ойластырған еді, хан соны түсініп осы жерді таңдап алған. Өзен мен сай арасында қысып, Орман манаптың әскерін жоқ ету ойы болатын.


Түс ауа келдік де сонда күтіп жаттық. Қарауылға қойған адамдар ертеңіне күн шыға Орман манап пен Әлішер құшбегінің Пішпек жақтан келе жатқанын хабарлады. Кекілік тау биігіне көтерілген олар төменде жатқан Кенесары әскерін көріп, сол арада тұрып алды. Оларда орыстар берген қару-жарақ барын хан естіген. Содан кеш болды, бірақ олар сол орнынан қозғалмады. Кенесары бұлар келісімге келетін түрі бар екен деп, үш адамды жіберген еді. Біраздан соң әлгі адамның екеуін тұтқындап алып қалып, біреуін ғана қайтарыпты.

Әлгі адам Орман манаптың сәлемін айтқан: «Кенесары тірі тұрғанда келген жағына қайтсын, оны жасамаса түгел қырып тастаймыз» депті. Мына сөз Кенесары ашуын тасытып жібергендей болды. Хан Науызбайды, Ағыбайды, басқа батырларын шақырып алып айтқан, сендер екі бүйірден тиісіңдер. Мен осы арадан тіке барамын деді. Олардың әскерлері хан айтқан екі бағытқа кетті. Кенесары әскерлері тура тартқан. Мен Кенесары әскерінде едім. Төбеге жақындай бергенімде артымыздан оқ жауып кетті. Ол орыстардың от қаруы екен. Үш ұйықтасақ ойымызда жоқ, орыстардың от қаруын әкеп үлгереді деген. Орман манаптың неге күшейіп тұрғанын енді білдік. Шегінуге мүмкіндік жоқ. Орыстар әдейі кейін қайтармау үшін жолымызды бөгеп, қайтсе де Орман манапқа барып тисін деп жасап жатқанын білдік. Енді не де болса Орман манаптың әскерін жарып өту керек. Басқа амал жоқ болатын. Кенесары мына от қаруына түк жасай алмайтынын түсінген болуы керек, кырғыздарға қарай кете берді. Наурызбай да бұл жағдайды сезіп қалған сияқты, ағасының әскерімен қосылу үшін бетін Кекілік тауына қарай бұрды, орыстар да оны түсіне қалып, енді Наурызбай жолын бөгеп, атқылай бастады. Не де болса да Орман әскерін жарып, алға кету керек. Басқа амал жоқ. Кенесарының өзі бастаған әскер алға қарай шапты. Осы кезде Орман манап әскерлері садақ оғын қаптатып жіберді. Бір жақтан орыстардың от қаруы, екінші жақтан садақ оқтары ортасында қалдық. Орман манап әскерлері Кенесары әскерлерін тоқтата алмайтынын біліп, Кекілік тауының ар жағына қарай кетті. Әлгі тау биігіне шығу үшін жарты шақырымдай жер бартын. Таудан өтіп, ар жағына түссек, орыс пулеметінен құтыла алатынымызға көзіміз жетті. Бұл өмірімде орыстан қу халықты көргенім жоқ. Ол жақта да от қаруын дайындап қойған екен. Енді тау биігінен әрі қарай түсе бастағанымызда алдымыздан атқылай бастады. Біз оқ қоршаудың ішінде қалғанымызды білдік. Енді кері кетуге де жағдай жоқ. Кенесары жауған садақ оғына да, пулеметке де қарамады. Орман манап әскерінің ар жаққа өтіп кетпек ойы әлі бар еді. Бұл кезде Кенесарының әскерінің жартысы қырылып қалған. Кенесарының бар ойы қырғыздардың әскерінің ішіне кіріп кетіп, орыстарды шатастыру болатын. Әйтеуір, өйтіп-бүйтіп, қырғыздардың әскерімен араластық. Көп әскер жараланып, артта қалды. Кенесарының қолы мен Орман манап әскерлері арасында айтып болмас айқас басталды. Әлден уақытта Кенесарыны ұстаңдар деген қырғыздардың даусы шықты. Мен де хан әскерлерінің ішінде жүргенмін, мына құлағыммен естідім, білезік арқан тастаңдар деген айқай шықты. Бұл кезде біздің қатарымыз сиреп қалған еді. Орман манаптың әскерлері Кенесарыға бірнеше білезік арқанды лақтырды да, ақыры соның біреуі дәл түсіп, Кенесарыны ат үстінен сүйреп әкетті.

Таң алдына Наурызбай да сиреп қалған әскерімен жетті. Біреулер оған ағасының тұтқынға түсіп қалғанын хабарлапты. Наурызбай көзсіз батыр еді. Таң алдында қырғыздарға қарай шапқан. Орман манаптың үлкен қолы да оны күтіп тұр екен. Оған да тұзақ тастап, тұтқындап алыпты.

Басшысы жоқ әскерде күш-қайрат болмай ма, есіміз шығып кеткендей болды. Күн шыға қалған әскерлер қайыра айқасқа шығып еді. Орыстар от қаруымен қайта атуды бастады. Енді соғысу емес, аман қалуды ойладық. Сай-саланы паналап, әркім өзі камымен кетті. Біраз адамдар Орман манап әскерімен араласып кетіп, жанын сақтады. Орман манаптың әскерлері енді бізден ешкандай қайран жоқ екенін біліп, Пішпек жаққа шегініп кетті.

Енді Ағыбай бастаған әскер басшылары Кенесары мен Наурызбайды құтқарудың жолын ойластырып, жеңілгенімізді мойындап, Орман манапқа адамдар жібердік. Ондағы ойлары ханды қайтарып алмақ еді. Ағыбай бастаған әскер басшылары келіссөзге қырғыздарға адам жіберді. Солардың арасында ол кезде жас кезім, мен де бардым.

Қырғыздар арасында бізді жақтайтын адамдар бар еді. Соларға келдік. Солармен бірігіп, Орман манапқа кісі жібердік. Ол өзі келмеді. Қасында жүрген адамдардың біреуін жіберіпті. Олар айтқан: «Ағайынды екеуіне де оқ тиген екен, екеуі де сол арада қайтыс болды». Біз оған сене қоймадық. Ақыры болмаған соң айттық, олай болса сүйегін беріңдер дедік.

Олар ертең бүрсікүнімен соза берді. Олардың мұнысы қулық екенін түсіндік. Ақыры бізге сыбыс хабар келді. Қенесары да, Наурызбай да тірі екен деген сөз жетті. Қырғыздар бір мәмілеге келер деген оймен жата бердік. Арада біраз уақыт өткен соң, Кенесарының басын кесіп, орыстарға бергені туралы сөз жетті. Оған да сене қоймадық. Оның басын орыстарға қалай береді. Бұның арты үлкен жанжал болатынын олар да, біз де түсініп отыр едік.

Артынша Орман манаптың адамдары түн ішінде Кенесары мен Наурызбайдың қашып кеткені туралы сөз шығарды. Бұған да сене қоймадық. Олар қашып кетсе, бізбен неге хабарласпайды? Содан жата бердік. Бізге орыстар да, қырғыздар да тиіседі. Тағы біраз уақыт өткеннен кейін тағы бір жаманат хабар жетті. Орыстар жолай Кенесары мен інісін ұстап алып, басын кесіп алыпты деген суық хабар…

Арада біраз уақыт өтті. Енді екеуінің де тірі еместігіне көзіміз әбден жеткендей болды. Бір ай өткенде қазақтардың соңына орыстар шам алып түсіп алды. Ана жерде, мына жерде қазақтарды өлтіріп кетіпті деген сөздер шығып жатты. Маған да жан керек, ұлы жүз қазақтарының ішінен таныс тауып, солардың арасына барып бас сауғаладым. Содан әйтеуір, тірі қалдым. Шапыраштының қызына үйлендім. Содан осы күнге жеттім.

Шоң отырып ойлаған еді, орыстар қырғыздарды қорқытып, Кенесарыны өлтірткен болды ғой. Кенесары туралы әңгіме болғанда, сонау жылдары орыстар айтқан, сендердің хандарыңды өлтірген өздеріңнің туыстарың дейтін. Бұл екі елді шатастыру амалы екенін Шоң енді анық түсінгендей болды. Қазір мына адамның айтқанынан кейін Шоң сөз бастап кеткен еді:

— Орыстар мен қырғыздар ғана емес, мына таулар да Кенесарының жауы болған тәрізді. Алдында орыстар Сарыарқаның кең жазығында Кенесарымен қанша соғысты. Бірінде де орыстар жеңіске толық жете алмады. Сарыарқаның кең даласында жүргенде мүмкін жеңе алмай кетуі де мүмкін еді-ау. Ол кең далада жүріп соғысудың айла-тәсілін біліп алған. Кең даладан кетуі Кенесарының үлкен қателігі, — деп Шоң өзінше қорытынды жасады.

Бұлар Кенесары жауынгерлерінің сүйегі қалған жерлерге құран оқып, құдайы жасап отырғанда бір топ қырғыздар келді. Бұлар қазақтармен көршілес отырған құдандалы қырғыздар екен. Дос көңілді қырғыздар болып шықты. Біреуі тұрып сөз бастады.

— Сіздердің алыстан келгендеріңізді естіп жатырмыз. Не айтамыз, аруақтардың жатқан жері жайлы болсын. Біздін ауылға жүріп қонақ болыңыздар, — деді.

— Мынаның айтып тұрған сөзін қара, қазақтың соңғы ханын өлтіреді де, енді келіп қонақ бол дейді. Бармаймыз, — деді бір болыс.

— Сіздер не айтып отырсыздар? Қазір Кенесарыны өлтірген Орман манаптың өзі де жоқ. Оның да сүйегі қурап қалған шығар. Қазақтар мен қырғыз арасындағы туысқандық, достықты ешкім жоққа шығара алмайды. Біз достық пейілдегі адамдармыз. Сондықтан келіп отырмыз. — Қырғыздарды бастап келген адамның сөзі еді бұл.

— Сендер қатыспасаңдар, аталарың қатысқан, — деді тағы да бір болыс отырып.

— Болар іс болды. Енді оны түзете алмаймыз. Қырғыз ешқашан қазаққа қарсы бармайды. Бұл орыстардың айдауымен амалсыздан болған соғыс, — деді Шоң.

Шоңның бұл сөзінде шындық жатқанын сезгендей болды жұрт. Бірақ ана орыстардың басшысы біліп қалса пәле бола ма деп қорқып тұр еді болыстар. Соған орай сөйледі Шоң:

— Біздер орысқа біржола тәуелді болған халықпыз. Ал сіздер әлі толық бағынған жоқсыздар. Біздің бір дастархан басына отыруымыз, сіздерге де пайдалы емес, ертеңгі күні орыстар біліп қалса пәле жасайды. Осы келгендеріңізге рахмет. Біз бара алмаймыз, — деді.

— Бізге орыстар өшігіп енді не істейді? Жүріңдер біздің ауылға… Сол арада Арқа қазақтары екіге жарылып кетті. Бірі барайық десе, екінші топ бармайық дейді.

Шоң қасына еріп келген казак-орыспен, татармен ақылдасқан. Шоң оларға ретін келтіріп айтқан.

— Мына қырғыздар ертең біз кеткен соң көрші отырған қазақтарға өшігіп алады. Малдарын ұрлайды. Содан кейін бұл жақтың қазақтарынан да бізге өкпе-реніш туады. Сондықтан барғанымыз дұрыс болатын шығар, — деді.

Күн сайын жылқыларды ұрлап жүргендер арасында осыларға да күдіктері бар еді олардың. Содан кейін бұларды ашындырудың жөні жоқ екенін білген олар да. Ақыры татар аудармашы мен казак-орыс екеуі оңашаланып отырып ақылдасқан. Шоңдардың айтқанымен келіскен еді. Әлгі сөз олардың да көңілдеріне қонған тәрізді. Арқа қазақтары қырғыздар аулына барған еді. Олар естері қалмай, жақсылап қарсы алды.

Алдында барып қонақтарды шақырған адам айтып келген болатын аулына: «Араларында бір Шоң есімді адам бар екен. Сол қырғыз ғой деймін. Айтқан сөздерінің бәрі шоң. Қазақтан ондай адам шығатынына күдік келтіремін. Көп білетін тәрізді. Қасындағы екі орыспен әңгімелесіп, біраз шаруаны сол реттеп берді. Сөздің жөнін келтіре айтатын адам екен. Өзі орысшаға ағып тұр».

Қонақтар келіп дастархан басына жайғасқан соң ауыл үлкені сөз қозғады.

— Араларыңда Шоң дейтін адам бар екен. Осы уақытқа дейін қазақтардың арасынан ондай есімді естіген жоқ едік. Қазақтардың ішіне сіңісіп кеткен қырғыз емес пе?

— Ол айтып отырған қырғызыңыз мен боламын. Үш қайнаса қырғызға сорпам қосылмайды. Мен қазақ боламын. Бірақ мен сіздерден қашпаймын. Қаза берсек, арғы тегіміз бір халықпыз ғой. Неге қашамын?!

— Ендеше, неге бармаймын деп айтасыңдар алғашқыда. Шақырған қонаққа келмеуге бола ма екен. Қонақтан қашу қазақтың да, қырғыздың да дәстүрінде жоқ. Осы дастархан қырғыз бен қазақтарға сан рет жайылған. Орман манап пен Кенесары қанша соғысқанымен, дастарханымыз бөлінуге тиісті емес.

— Ағасы, дұрыс айтасыз, біз сіздердің ертеңгі жағдайларыңызды ойлап айтып отырмыз ғой. Біз ертең кетеміз, кейін Кенесарының туысқандарын қонақ еттіңдер деп, сіздерге орыстар маза бермей жүрсе қайтесіздер?

— Біз орыстан қорықпаймыз, қазақтан қорқамыз…

Осы жерде бір сөзді айтудың жөні келіп қалды. Шоң сол арада айтып салған.

— Қорықсаңыздар, қазақтың ханын өлтірмес едіңіздер…

— Ешбір қырғыз Кенесарыны жауға балаған жоқ. Орман манап қой, орыстардан қорқып жасаған оны…

— Ол біреу, сіздер көпсіздер. Үлкендеріңіз айтпай ма, қазақ туыс халық, олармен соғыспайық деп, Орман манапқа?

— Айтқанда, сіздердің хандарыңыз болды ма, айтқаныма көнбесеңдер өлтіремін, қырамын-жоямынға басты ғой. Сол сөзі өзіне жау болды. Ол соны жасап тұрғанда қырғыздар не істеуі керек еді?

Шоң көзі көрмесе де естіген, артынан ермеген Орта жүз қазақтарының өзін Кенесары қорқытып, ермегендердің малдарын тартып әкеткенін білетін. Шоң ойланып қалды, «қазақтарға жасаған қысастығын қырғыздарға жасамақшы болған екен ғой». Сәл үнсіз отырып барып Шоң:

— Бұл сөзіңізде шындық жатыр. Кенесары да, Орман манап та бір ауызды болмаған соң сондай күйге жетті. Қазақ та талай жерде содан таяқ жеп жүр. Осы отырған қазақтар алдында сіздер қанша кінәлі болып отырсаңдар да кешірім сұраймыз. Біздің ханымыздың әлгі жіберген қателігі үшін…

— Бауырым, Шоң десе шоң екенсің. Болар іс болды, бояуы сіңген шаруа ғой. Бәрі де кеш. Бірақ әлгі сөзің үшін біз де Кенесары өлімі үшін кешірім сұраймыз.

Мына сөзден кейін екі жақ та жеңілденіп қалғандай болды. Дәу табақ ет келді. Жылқының, қойдың еттері аралас екен. Әлгі сөйлеп отырған адам басты алып Шоңның алдына қойды. Шоң айтты:

— Бұл дастархан басында жасы менен де үлкен ақсақал отыр. Мына басты сол ұстасын! — Шапыраштардың аулынан алып келген төре шалының алдына қойды. Ол басты ұстамай койды.

— Шоң бауырым, екі халықты татуластыратын сөз айтып отырсың. Үлкендікте тұрған ештеңе жоқ. Әр нәрсенің өзінің жолы бар. Алыстан келдің. Сен ұста, — деп шал басты өзіне қарай сырғытып қойды. Ана алыстағы ауылдан сүйретіліп келген шалға Шоң риза еді, қайтсе де төре шалына басты ұстатқысы келіп отыр еді. Өзі аяғымен жүре алмайды. Бүкіл қазақ Шапыраштардың ішінен суырылып шығып, барамын дегеніне риза еді. Осы арада басты ұстамауға бір сылтау керек болды. Содан кейін айтқан:

— Менің әлі әкем тірі. Мен басты ұстамаймын. Орта жүзде сондай тәртіп бар…

— Әкең қандай бақытты адам. Сендей баласы бар, — деді қырғыздың бір шалы отырып. — Әкең әлі де сенің қызығыңды көре берсін! –деді де, әлгі шал басты төре шалдың алдына қойды. Бір үйден соң бір үй шақырып, ақыры қырғыздар қоймаған соң Шоң бір үйден басты ұстауына тура келді.

Көрші жатқан қырғыздар ауылы естіп одан да адамдар келген еді. Амалсыздан онда да барды. Орта жүз адамдарының келуі бір үлкен тойға айналып кеткендей еді. Ақыры қазақтардың қасында еріп жүрген казак-орыс реніш білдірді. Бұл бітпейтін не қылған қонақтаулар. Біздің генерал іздеп жатқан болуы керек, қайтамыз деді. Шоң оның айтқан сөзін қырғыздарға аударып беріп отырып:

— Біз орыстарға тәуелді болып қалған адамдармыз. Сондықтан мыналардың айтқанын жасаймыз. Басқа амал жоқ. Әйтпесе, сіздердің көңілдеріңіздің бізге қаншалықты адал екенін жақсы түсіндік. Соған ризамыз.

— Шырағым, сол сіздер кешкен жағдайды біз де өткелі отырмыз. Орыстар қазаққа жүргізген билікті қырғызға да жүргізетін сияқты. Оған сәл уақыт керек.

— Мына сөзіңде шындық бар. Орыстан ешқайда барып құтыла алмаймыз. Ең дұрысы, ауыз бірлігі жойылмасын. Қазақ пен қырғыз соны түсінсін, — деді Шоң.

— Мына сөзден артық сөз жоқ, бауырым. Әр уақыттта жақсы күйде кездесіп жүрейік, — деді кырғыздың үлкен ақсақалы.

Қырғыздар өзара ақылдаса келіп әрқайсысына бір-бір ат, бір-бірден айып шапанын кигізбек болды. Бұл туралы айтқанда, Шоң оған келісе қоймады.

— Көңілдеріңізге рахмет! Біз айып-шапан алайық деп келген жоқпыз. Ертеңгі күні онымызды естісе Арқада жатқан қазақтар жанжал шығарады. Біз ешнәрсе де алмаймыз. Қазақтардың қаны тамған жерге құран оқуға келдік. Екіншіден, Сіздер Кенесарының құнын ешқандай айып-шапанмен төлей алмайсыздар. Ол — хан. Оның құнына бүкіл қырғыздың байлығы жетпейді. Өйткені, үш жүздің адамдары оны хан етіп сайлады. Оған әуре болмаңыздар. Мына отырған киіз үй қазақтың да, қырғыздың да бас қосатын ортақ жері болсын. Әр уақытта осының ішінде туысқандық көңілмен бас қоса берейік. — Шоңның шын көңілден айтқан сөзіне ешқайсысы ештеңе дей алмады.

— Бауырым, дұрыс айтасың. Пәлен ғасырдан бері қазақ пен қырғыз осының ішінде бас қосып келеді. Алдағы уақытта да ұрпақтарымыз осының ішінде бас қоса берсін!

Казак-орыс асықтырып отыр еді. Бір топ қырғыз Шапыраштар аулының іргесіне дейін шығарып салды. Ауылға жақындағанда айтқан:

— Біз ауылға кірмейміз. Олардың өкпесі бізге деген әлі жазылған жоқ. Мен білемін, кешегі соғыста бұлардың да туысқандары өлген. Бірнеше адамдар екі жақтан да ұзатылған қыздарын қайтып алған.

Шоң тұрып айтқан:

— Өлген адамдар өлді. Енді олар қайтып келмейді. Өткенді ұмыту керек. Бірталай заман өтті, халық жаңара бастады. Екі халық арасындағы ағайыншылықты жоғалтпау үшін сіздерді татуластырып кеткіміз келіп тұр. Сіздер де бізді сонау жерден шығарып салып келдіңіздер. Үй іргесіне келіп тұрып, енді мына Шапыраштарға да көңілдеріңізді білдіріп кетіңіздер. Жараның орны қалғанымен, ол да бітуге тиісті. Бірге келіп тұрып, қайтып кеткендеріңізді естісе өкпелейді. Ауылға кіріңіздер, — деді Шоң. Оның мына сөзінен кейін олар амалсыз ауылға кірген еді. Шапыраштар да соны тілеп отырған болуы керек, қуана қарсы алды. Қонақтар үшін киіз үйлер тігіліп, малдар сойылып, Шапыраштардың тәуірлері жиналып, тойлап жатты.

Казак-орысқа бұл жағдай ұнамады. Ертеңіне айтқан болатын Шоңға:

— Біз генералға айтып барамыз, ол сізге бір шара қолданады. Өйткені, бәрін жасап жүрген сенсің! Бұл қырғыздар да орыстардың жылқысын ұрлаған ұрыларды жасырып жүр. Бұлардың біздің алдымызда кінәсі бар. Амандық болса, онысын естеріне түсіреміз.

Шоң оның бұл сөзінің мәнін түсінді. Сендерге жасағанды бұларға да жасаймыз дегенді меңзеп тұр еді. Казак-орыс ашық айтпады. Шоң казак-орыстың ренжіп отырғанын жиналғандарға жеткізген еді. Төре шалдың баласы шыдай алмай казак-орысқа тиісті:

— Сен не жылқыны айтып отырсың? Ұрласа қазақтың жылқысы ғой. Сен Ресейден не алып келіп едің?

Татар аудармашы казак-орысқа аударып берген болатын. Ол қатты ашуланды, төре жігітіне қолындағы мылтығын кезене қалды. Атып тастайтын түрі бар.

Көп болып зорға қойғызған еді. Бір қырғыз тұрып айтқан:

— Мынаның күш көрсетуін қарашы!

Мына сөз казак-орыстың ашуын келтіргендей:

— Сендер мыналардан мықты емессіңдер. Бұларға жасағанды біраз уақыттан кейін сендерге де жасаймыз. Арттарыңды қысып, жай отырыңдар! — деді казак-орыс.

Шоң оның сөзінің мәнін түсінді. Қырғыздарды да түгел жаулап алу үшін дайындалып жатқанын білді. Шоңнын айтар сөзі бар еді. Бірақ айта алмады. Мықтының сөзі әр уақытта қисық болса да жөн болатынын біліп отырған. Шоң сол арада қолын жайып бата жасады. Содан Арқа қазақтары жүріп кеткен еді.

Колпаковскийдің кеңсесіне келді. Кайтар алдында ол Орта жүз болыстарын жинап алып тағы әңгімелескен еді. Колпаковский:

— Сіздер анау батыс Алатауының қырғыздарына бекер бардыңдар. Олар сіздердің хандарыңызды өлтірді ғой.

Шоң мына сөзде шағыстыру бар екенін сезді де, айтқан болатын:

— Бұл олардың жіберген үлкен қателігі, оны өздері де мойындап отыр. Бұл екі халықтың төскейде малы, төсекте бастары қосылған. Сіздер міне, енді келіп қалдыңыздар, менің сіздерге айтарым, екі халықтың арасына кіре бермеңдер. Одан сізде де, біздер де, қырғыздар да пайда көрмейді. Екі халықтың тату тұруын насихаттаңдар!

Колпаковский мына сөзге ойланып қалды. Бірақ қолдап, не қарсы ештеңе айтпады. Бұларды қырғыздармен жолығуға жібергеніне өкінді. Екі қырғыз елдері арасында қандай достық барын енді түсінді. Орыс саясатына келтірген үлкен зиян болмаса болды екен деп ойлады генерал. Бірақ үндеген жоқ.

Содан кетпекші болып отырған Арқа қазақтарына бір-бір үлкен қалта апорт тапсырды. Бір болыс отырып сұрады:

— Мынасы несі?

— Бұл бізге тартқан орыстардың сыйлығы ғой, — деді Шоң.

— Далада өсіп тұрған алма тартқан сыйлық бола ма?

— Әркім өз білгенін жасайды…

Мыналардың арасында бір дау болып кеткенін генерал сезді де, Шоңнан сұрады. Ол әлгі болыстың айтқанын айтпады, басқаша сөйледі:

— Құрметті Герасим Алексеевич, бұл жасаған сиыңызға рахмет! Мен мына болыстың айтып отырған сөзін айтайын, бұлар бір қиындықты сезініп отыр. Байлардан жүйрік ат жинау қиын. Әр болысқа жүз аттан жинап беру дегеніңіз қиындау іс. Соны тағы да азайтуды сұрап отыр.

Колпаковский Шоңнан аты-жөнін қайта сұрап алды да:

— Шоң Телқозинович, бұл талапты сіздерге қойып отырған губернатор да, мен де емеспін, патша тілегі. Оған сіздер де, біз де қарсы болмауымыз керек. Мен сіздің сөзіңізді түсініп отырмын. Алайда, енді бір ат та қысқарта алмаймын. Анау генерал-губернатор құлағына жетсе, ұят болады.

Шоң бұдан артық илікпейтінін біліп қойған еді. Бұдан кейін тағы да Албандар да қонаққа шақырып еді, Колпаковский жібермеді. Шапыраштар аулына жібергеніне өкініп, олардың Кенесары соғысқан жерге жібергеніне өзіне өзі ренжіп отыр еді генерал. Шоң ана казак-орыстың бәрін жеткізгенін біліп отырған.

Сол күні аялдатқан жоқ. Қайтарып жіберді. Колпаковский бұлармен бірге біраз казак-орыстарды қосып жіберген еді. Әр болыстың жанына бес казак-орыстан ерді. Шоң қасына да бесеуі еріп келді.

Жүйрік ат дауы

Шоң елге келген соң Тоқаның барлық билер мен байларын шақырып алған еді. Көрші жатқан Алтайлардың бірнеше болыстарын шақырды. Бұлар ояздың өздерін ертпей, араларынан тек Шоңды ертіп әкеткеніне көре алмаушылық бар еді. Шонды артық санағанын көргендей болды. Олар Шоңның ояз алдында беделі зор екенін бұрыннан білетін. Мына сонау Алатауға ертіп кетуі соның айғағындай еді. Болыстар мен билер жиналған соң, Шоң Әйімкүлге жақсылап дастархан жасатқан еді. Колпаковский беріп жіберген алманы дастарханға төккізді. Сөз бастады, мынау генералдың сіздерге беріп жіберген сыйлығы деді. Бір болыс отырып айтқан:

— Осындай да сыйлық бола ма?

Оңтүстікте айтқан Қанжығалы болысының сөзін қайталап тұр еді.

— Сендер орыс келсе күміс ертоқымды жүйрік ат мінгізесіңдер. Ал олар сендерді далада өсіп тұрған алмамен сыйлайды. Бізге қалай қарайтынын осыдан-ақ біле беріңдер!

Осы арада Омар шыдай алмай, «Шоң, өзің де оязға талай жүйрік ат мінгіздің ғой» деді.

Шоң Омардың бұл арада әкесінің оязға берген аттарын айтып отырғанын білді. Мен берген жоқпын деп бас тартуға болмайды.

— Ол жағын есепке алсақ, бұл жөнінде сен баяғыда болыс болмай тұрып-ақ менен асып кеткенсің. Біз орыстан қорқамыз. Сондықтан солай жасаймыз. Өйтпесек, елдігімізді құртып жібереді. — Шоң содан кейін дастархан басында отырған бес казак-орысты көрсетті.

— Бұл орыстар осы отырған сіздерден жүз жүйрік ат алып кетпекші. Бұл патшанын нұскауы көрінеді. Дауласпайық, ренжіспейік, сол сұраған аттарын берейік. Оны жасамасаңдар күшпен алады, — деді Шоң.

Отырғандар үндемей қалды. Бәрінде де бір пікір көңілдерінде туындай қалған. Шоң мұны оязға, губернаторға жағымпазданып жасап отыр деп болжаған. Шоң бұлар айтпаса да біліп отыр еді. Елдің қандай көңіл-күйде отырғанын біліп, сезіп отырған. Содан кейін айтқан:

— Орыстар қазақтан сұрамайды, талап етеді. Ал бермесеңдер баяғыдай әскер шығарып, тартып алады ғой. Осында оны кейбіреулерің білесіңдер. Тартып алғаны дұрыс па, әлде өз қолыңмен берген дұрыс па? Соны ойлаңдар. Біз айқайлағанмен, түк жасай алмаймыз. Ал айтқанын жасасақ, қазаққа көзқарастары өзгереді. Заңдарын да жұмсарта береді. Біз үшін қайсы дұрыс, соны ойланып көріңіздер. Тартып алғаны дұрыс па, әлде өз еркімізбен бергеніміз жөн бе? Бәрібір алады, одан да өз қолымыздан берейік. Орыс бастықтардың тілін алмау бізге ешқандай пайда әкелмейді. Менімен бірге еріп барған болыстарға да осындай тапсырмалар берді. Сенбесеңдер мына көрші отырған Темештерден кісі жіберіп біліңдер, — деді. Сөзінің соңында: — Сіздер созып жібермей, осы жұманың ішінде мына орыс-казактарға әкеп тапсырыңдар. Нұра бойында отырған әрбір болыс қарауындағы Алтай, Қарпықтардың байлары жүйрік аттарын әкеп тапсыруы керек. Байлар тығып қалуды ойламасын. Мен қай байда қандай жүйрік барын білемін. Жүйрік болғанда, жүйріктің жүйрігін беріңіздер. Мен есептеп қойдым, болыстардағы әрбір байлар екеуден, үшеуден ғана келеді. Сарандық жасамаңдар. Оның арты жақсы болмайды. Соны естен шығармаңдар. — Шоң осымен сөзін аяқтаған еді.

Не болады, не болмайды деген жоқ, болыстар, билер үнсіз кеткен. Шоң олардың қандай көңіл-күйде кетіп бара жатқандарын біле қалды да, олардың үндемеуі Шоңға ұнамады, содан кейін айтқан:

— Мен сіздерге тағы да айтамын, бұл патшаның тапсырмасы. Бермесеңдер тартып алады. Ол жақсы емес, ең дұрыс жолы айқайласпай, дауласпай өз қолымыздан берейік, сонда жаманатты болмаймыз…

Омар болыс кетіп бала жатып айтқан:

— Сіз, Шоңке, қызық сөйлейсіз, ол аттар болыстардікі емес, байлардікі, оны сіз жақсы білесіз. Сонда солардан тартып әпереміз бе?

— Сені сол туысқандарың, билер болыс етіп сайлады. Оны ояз қолдады.

Айтқанды орындай алмасаң, неге болыс болып отырсың?

Шоңның мына «алмасаң несіне болыс болып отырсың» деген сөзінен кейін Омар да, басқа болыстар үндемей қалған. Бұл үндемеуде бір сыр бар екенің білді Шоң, бірақ әліптің артын күтіп, басқа сөз айтқан жоқ. Дегенмен, мұның арты үлкен дау болатынын іші сезіп отыр еді. Даудың бастамасы Омардың әлгі сөзі екенін сезді. Арада екі күн өткен соң Шоң Омарға адам жіберді, оған хатты қосып жазып жіберген еді. Онда жазған еді: «Омар, сен уақытында орындамасаң, екінші рет „тақыр Омар“ атанасың. Бұл орыннан шығарып тастайды. Ояз сенің қанша бергеніңе қарамай, осы тапсырманы орындамасаң түрмеге де отырасың. Оны басыңдағы шашыңдай көр!» Қанша дегенмен, «Бес береннің» ішіндегі ақылдысы да, мықтысы да осы Омар еді. Шоң сөзіне түсіне қалды да, туысқаны Сапақтың балаларынан бастап, бір күн өткенде аттарды әкеп берген. Алайда, көп болыстардағы байлар үнсіз жатыр еді. Енді бірге еріп келген казак-орыстар мазасыздана бастаған. Шоң оларға айтқан: «Сендер шыдаңдар, мен сендерге осында жүрерде айттым ғой, қазақтар жүйрік аттарын қасында жатқан әйелдерінен де жақсы көреді. Ойланып, толғанып алсын». — Келгелі олардың кұлақтарына осы сөзді Шон құйып отырған еді.

Орыс-казактар енді мына жайдың мәнін түсінген болуы керек, шыдады. Бірақ та Шоңнын өзі шыдай алмады. Әйімкүлдің төркін жұртына төрт күн өткен соң ат шаптырған еді. Олардын осы уақытқа дейін үндемей жатқанына ренжіп қалған. Губернатордың айтқаның орындамай, абыройымыз төгілейін деп отыр. Сол жағын ойлаңыз деген мәнмен хат жазған еді. Азна Шоңнын хатын оқып шығып, ағайындас үш болыстың басшыларына өзі барды. Жасы үлкен Азна Тәти бастаған үш болыстың, үш рудын билеріне жолығып айтқан еді: «Шоң Ақмоладан әскер шақыратынын айтып жіберіпті». Бұл Азнаның өзінше қулығы еді. Әлгі сөздің әсері мықты болды. Арада тағы екі күн өткенде Әйімкүлдің төркін жұрты мен оған ағайындас Кареке мен Мұраттар айтылған жылқыларын әкелген. Оны өзіне сөз келтірмеу үшін атасы ұйымдастырып отырғанын Шоң білді.

Орыс-казактар да ку екен, олардын шын жүйріктерін байқап көріп, нағыз жүйрігін алып, біразын кейін қайтарған. Шоң ат әкелген адамдарға реніш білдіріп, Азна атасына, Тәтиге, Байханға арнайы адам жіберген: «Берсе жүйріктерін берсін. Әйтпесе, бермей-ақ қойсын, босқа ұятқа қаламыз», — деген.

Шоң сәлемін естіп, Азна байларды қолға алған болуы керек, басқа жүйріктерін әкеп берген. Бірақ әлі де көп болыстар үн-түнсіз жатыр еді. Арада тағы бірнеше күн өтті. Енді келген казак-орыстар қайыра мазасыздық көрсете бастады. Шоң оларға тоқтау сөз айтқан:

— Сіздер шыдаңыздар, — дей келіп әуеліде айтқан сөзін қайталап айтқан, — мен сіздерге айттым ғой, киргиздар жүйрік аттарын әйелінен де жақсы көреді. — Шыдаңдар деп бірнеше рет қайталап айтқан. Шоңнын бұдан басқа айтар сөзі жоқ болатын. Казак-орыстар бұл сөзде шындық жатқанын түсінгендей, шыдап бақты. Бұлардың да қазақтардың аттарын әйелдерінен жақсы көретініне енді көздері біржола жете бастаған еді.

Бір күні казак-орыстың бастығы айтқан: «Бір-екі байды, билерді, болыстарды Ақмолаға айдап апарсақ қайтеді?» Олар да ат алуға басқа болыстарға кеткен казактармен хабарласып отырған еді. Олар қандай шара қолданып жатқандарын айтып келген. Ақмолаға апарып біразын екі-үш күн түрмеде ұстап еді, айтқандарын ойдағыдай орындағанын айтып келген. Басқа болыстарға барған казактар тиесілі аттарын осылай зорлап жинап алып жатқанын Шоң естіп отырған еді. Соны Шоң мақұлдаса, қолдарында қаруы бар бұлар қазір іске кірісетінін біліп отыр еді. Казактар Шоң аузынан тек бір сөз күтіп отырған.

— Оларың заңға қайшы болады, өз еркілеріңмен берсін деген жоқ па бастықтарың. Тартып алуға, күш көрсетуге болмайды, — деді Шоң.

— Ендеше мынау не, губернатор тапсырмасын орындамай отыр әлі?

— Орындайды, — деді Шоң. Оны жасаса бүкіл Тоқа руында реніш тудыратынын Шоң біліп отырған. Казактардың айтқанын көңілі қаламады.

Байларға айтқанын жасататын өзінің де бір әдісі болатын. Ол осы маңайдың ұрыларына пәленнің пәленше жүйрігін алып кел десе, оларға сездірмей-ақ алып келетінін біліп отырған. Бірақ Шоң оған да бармады. Ол туралы мына жерде айтпады. Сөзінің соңында айтқан:

— Сендердің күш көрсетулерің дұрыс емес. Ал губернатордың алдында мен өзім жауап беремін. Сендер тек шыдаңдар!

Орыс-казактардың бастығы мына сөзден кейін айтары таусылғандай, үндемей қалды. Бірақ олардың қатты ренжіп отырғанын білді Шоң.

Орыс мінезін жақсы білетін Шоң оларды көңілдендіру үшін Захар заемкасына Ахметжанды жіберіп, қолдан ашытқан арақ алғызып берді. Арақ ішіп алған орыс-казақтар жөн сөзге келіп, Шоңмен дұрыстап сөйлесе бастады.

— Шоң Телқозинович, не жасасаңыз да өзіңіз біліңіз. Біз күтуге дайынбыз, — деді төрт казактың бастығы, біраз арақ ішіп алған соң. Олардың ашуы басылды. Шоң Захардың арағын беріп осыны жасады да отырды.

Қазақ айтқандай, тамағы тоқ, көйлектері көк, жата берді олар да. Күнінде төрт-бес мезгіл тамағын Әйімкүлге дайындатып тұрды. Олар да Шоңнын мұндай қызметіне риза еді. Енді басы артық сөз айтпайтын болды. Жата берді.

Орыс-казактардың емес, енді Шоңның өзінің шыдамы бітті. Бұл жолы іргелес отырған Жыланды болысының билері мен болысы Қалмағанбетті шақырды. Бірде-бір жүйрік әкелмей жатқан осы Жыланды болысы еді. Бұл жолы да өткен жолғыдай қайыра дастархан жасалып, әңгіме басталды. Шоң бұл жолы да ешкімде де жекелеп тиіскен жоқ. Бәріне арнап сөйледі:

— Сіздер өткен сайлауда мына Қалмағанбетті жақтап сөйледіңдер. Өз алдына болыс болдыңдар. Мен енді сендермен бұдан былай сөйлеспеймін. Жүйріктер жайында келесі жолы ояздың алдына барып, өздерің жауап бересіңдер. Бұл менің сіздермен соңғы сөзім, әкелетін жүйріктеріңді әкелесіңдер ме, әлде әкелмейсіңдер ме, соны білгелі шақырдым. Бұдан кейін сендермен әңгіме бітеді. Келесі жолы анау ояз алдына барып айтасыңдар. Тағы да ескертетінім, бұл губернатордың тапсырмасы. Ояз сендерді аямайды. Менің бұл сөзіме сенбесеңдер, казір екі-үшеуің мына орыс-казактармен бірге Ақмолаға барасындар!

Мына сөз бәрінен бұрын Қалмағанбетке ауыр тиген болуы керек, ол отырып:

— Шоңке, мен бәріне айттым, бірі тілімді алмайды.

Шоң болыстың аузынан мына сөзді естіп ашуланып қалды да, билерге арнағандай етіп:

— Өткен екі сайлауда да осы Қалмағанбетті қолдадыңдар. Енді мыналарың не? Осындай қиын жағдайда неге қолдамайсыңдар. Қарауларыңдағы ана ағайын байларды шақырып алып айтпайсыңдар ма? Қалмағанбет жас. Ал сендердің ел алдында беделдерің бар, — деді.

Аққошқардың бір биі:

— Шоңке, байлардың кеуделі екенін білесіз. Солар Қалмағанбетті жас дей ме, кейде біздің тілімізді де алмай кетеді. Сөзімізді тыңдамай отыр.

— Олай болса қазір солардың есімдерін маған айтыңдар. Болыс пен билерге бағынбаған ол қандай байлар? Сіздердің тілдеріңізді алмаса Ақмолада алғызады. Сібірге айдатса, жан қымбат па, мал кымбат ба, сонда біледі.

Карбышев кетерінде орнына Ыбырайды емес, Герасимовты қойып кеткен. Онымен Риза арқылы хабарласып отыр еді. Ол өткен жолы айтыпты: «Шоң Телқозин, қай би, қай болыс тілін алмай отыр, маған хабарлассын. Мен мұнда әскер жіберіп, шақырып алып, өзім сөйлесемін».

Туыс адамдарға ондайды жасауды Шоң лайықсыз көрді. Олардың неден қорқатынын біліп алған. Сібір десе зәрелері ұшатынын білетін. Қай жерде болмасын қорқытуға келгенде осылай сөйлейтін. Әйтпесе, бастарына басқа сөз қонбайтынын Шоң біліп алған.

Әлгі сөз дәл нысанаға тигендей болды. «Олай болса, ояз алдында жауап бересіңдер». Бұл сөздің мәнін билер де түсініп отыр еді. Ұсталған байлардың туыстары өздеріне маза бермейтінін сезетін. Билер екі оттың арасында қалғандай қысылып отыр еді. Үй арасындағы жанжал күшейіп кететінін білді. Қалмағанбет сол арада өзінің пысықтығына салып:

— Пәленше, түгенше, сіз ана туысыңызға айтыңыз, жүйріктерін әкелсін деп неге айтпайсыз?

Бұл Қалмағанбет тарапынан шыққан ұтымды сөз еді, байларға да, билерге де тиіп жатқан сөз еді.

— Ал оны жасамасаңыздар, Шоңкеңнің айтқаны болады. Ақмолаға барып, ояз алдында жауап бересіздер. Мен бұдан кейін сіздерге сөз айтпаймын, — деп бітірді сөз аяғын ол.

Шоң Қалмағанбеттің ақылы шамалы болғанымен қулығы мол екенін білетін. Қазір сонысына салып отырғанын бірден түсінді. Билерге өздеріне жақын туысқандарын қолға алуды жүктеп, билерді ұстаудың бір жолы екенін болыс да түсіне қалғанға ұқсайды. Билердің біразы қартайған адамдар еді. Қалмағанбеттің айтқанын жасамаса ұятқа қалатынын кәрі билер түсініп отыр еді. Шоң отырып айтқан:

— Сен Қалмағанбет мына билерден бұрын асықпа! Ал сіздер жүйрікті бермеймін деген туыстарды осында алып келіңіздер. Мен әуелі олармен өзім сөйлесіп көрейін. Ал егер көнбесе, мына орыс-казактармен Ақмолаға айдайық. — Сөзінің күшін молайту үшін Шоң айтқан: — сіздердің тілдеріңізді алмайтын олар қандай туысқан адамдар? Олардан аттарды күшпен аламыз да, ал сіздер биліктен кетесіздер.

Мына сөздің әсері күшті болды да, билер қозғалақтап, орындарына отыра алмай кетті. Шоң олардың бұл күйін түсіне қалды да айтарын терендете, болысқа күш бергендей етіп айтқан:

— Әуеліде Қалмағанбетті өздерің сайладыңдар, енді оны неге қолдамайсыңдар. Билер қолдамаса, болыста қандай билік болады? Сен, Қалмағанбет, ұялма, бұдан былай қай би тілді алмайды маған келіп айт. Баяғы қазақ заманы емес, оязға айтамыз да, биліктен шығарып жібереміз.

Бір би отырып:

— Шоңке болыстың жұмысына араласпайық деп біз қойған едік…

Бұл сөзді қулықпен айтып отырғанын Шоң біле қалды да:

— Олай болмайды, мына жұмыс бидікі, анау болыстікі деп бөлуге болмайды. Бәріне де ортақ шаруа. Мен сіздерге өткен жолы да айтқанмын, бұл шаруаны тапсырып отырған анау губернатор екенін ескерткенмін. Қазір де айтып отырмын. Қалай сөзге түсінбейтін адамсыздар. Онда қандай күш бар екенін білесіңдер. Ерегіссе жүйріктерді ғана емес, өздерінді де айдап әкетеді. Анау надан туыстарыңызға дұрыстап айтасыздар ма? Кенесарыға көмектескендерге не жасағанын білдіңдер ғой. Одан зорғысын жасайды.

Отырған билер Кенесарыға көмектескен адамдарға не жасағанын жақсы білетін. Бұлардын арасында сонау Кенесары заманындағы жағдайды жақсы білетін билер де бар еді. Кәрі адамдар керемет, қорқақ болады екен. Олардың тіптен қорқып кеткенін Шоң да байқап отырған.

— Олай болса осыдан барысымен байлардың бәрін сен, Қалмағанбет, шақырып ал. Оның ішінде мына билер де болсын. Көп болып қолға алыңдар.

Осы арада болыста бір жігер пайда болып кеткен еді.

— Шоңкеңнің сөзін естіп отырсыздар ма? Егер өткен жолғыдай болса ана туыстарыңмен бірге ояз алдына өздеріңіз барасызар.

— Қалмағанбет, сенің айтып отырғаның не? Анықтап айтсайшы.

Содан кейін Қалмағанбет өткен жолы байларды үйіне шақырып алып айтқанда осы отырған билердің кейбіреулерінің келмей қалғанын, ал келгендері үндемей кеткенін ашық жайып салды. Бұл арада Калмағанбеттің салмақты билерге салып отырғанын білді Шоң. Содан кейін ол:

— Олай болса сол билердің атын аташы, — деді.

Қазір Калмағанбет өзінің де атын атап қояды деп қорқып кетті де, бір би орнынан тұрып айтқан:

— Шоңке, үй ішіндегі әңгімені қайтесіз. Оны естімей-ақ қойыңыз!

— Мен оны естігім келіп отырған жоқ. Ешкім де сіздерге кезінде Қалмағанбетті сайландар деп айтқан жоқ. Өздерің сайладыңдар. Енді келіп мына жасап отырғандарың не? — Шоң отырып тағы да айтқан, — Қалмағанбет, турасын айтшы. Келмей қалған кімдер?

Енді алғашқыдай емес, Қалмағанбет де, қысылып, қымтырылған жоқ. Шоң айт деп талап етіп отыр, бұл арада жасырудың жөні жоқ екенін білді де, сол арада бірнеше билердің атып атап шыққан.

Шоң отырып сол билердің біреуінен сұрады:

— Бәленше, сіз неге келмедіңіз?

— Бұл өтірік айтып отыр. Маған ешқандай хабар берген жоқ.

— Мен, міне, Шоңкеннің алдында айтып отырмын. Ертеңгі күні ана туысқандардың біреуі айтқан жылқыларын әкелмесе Шоңкең алдында өздеріңіз жауап бересіңіздер! Ар жағын Шоңкеңнің өзі біледі.

Мына Калмағанбет сөзінің ар жағында қандай мән жатқанын Шоң біле қалды. «Сендерді ояз алдына апарып, биліктен шығарады» деген сияқты мән жатқанын болыс ашық айтпаса да түсініп отыр еді олар. Тағы да Шоң өзі сөйлеп кетті, бұл жолы Калмағанбетке арнап сөйледі.

— Сені елдің атынан осы билер сайлап отыр. Сондықтан байлар да, билер де сенің айтқаныңды жасауы керек. Оны жасата алмасаң, ояз алдында мен емес, бұлармен бірге барып жауап бересің.

Шоңнын мына сөзінде қандай мағына жатқанын болыс та, билер де түсіне қалды. Басқа басы артық сөздің қажеті жоқ екенін түсінді. Тоқтап, тоқырап қалғандай болды. Бұл әңгіменің әсері күші болған тәрізді. Арада екі-үш күн өткенде Қалмағанбет болысында тұратын байлар жүйріктерін әкеле бастады.

Шоңның Калмағанбет болыспен бірге билерді де шақырып алып сөйлескені туралы басқа рулардың да билерінің құлағына жеткен еді. Әңгіменің неден басталып, қалай аяқталғанын біліп отырған олар да. Шоң өздеріне де соны жасайтынын білді. Көңілі жақын билер, үйлеріндегі анау бес орысты қосып, солармен Ақмолаға жіберетін ойы бар екенін айтқан біріне бірі. Бұл қоспа сөздін әсері күшті болды. Олар өздеріне жақын байларды шақырып алып, Шоңның жасап жатқан шаруасын жеткізген. Дегенмен, қанша би болса да олардың сөздерін тыңдамайтын байлардың арасында кисықтары бар еді. Солар аталған жылқыларын әкелмей жатқан әлі де. Бірақ та бәріне Калмағанбет руларының билеріне колданған әдісті колдана беруге болмайды. Бір болыста бидің туысқаны әкеп, бірі әкелмей отырған еді. Ондай байлардың туысқандарына би болып отырған билермен Шоң өзі шақырып алып сөйлескен еді.

— Пәленше, сенің ана туысқаның сенімен үш атадан қосылады. Сенің сөзіңді ол тыңдайды. Сен неге айтпайсың? — деген сөзден бастап біраз қатты-қатты сөздерді айтып жіберген. — Болмаса, түрмеге оның орнына өзің барып отыр, болмаса ана бай туысқаныңды жібер! — Бұл ауыр сөз еді. Ондай сөзді кейбір айрықша намыской билерге сенің анау түгеншеден билігің кем бе деп, біраз қайрау үшін айтатын. Ал анау би қайда болмасын одан қалысқысы келмейтін. Ол келіп туысқандарын қорқытып, мен сені Ақмолаға апарып түрмеге жабамын деген. Ақыры, аулында жанжал болып амалы таусылған бай жүйрігін алып келген.

Қазақтардың қулығына түсініп алған орыс-казактар әр атты шауып көріп, жүйріктерін ғана алып жатты.

Енді қазақтардың жағдайын біліп алған казак-орыстар қулыққа көшті. Жүйрік аттардың орнына ортан қол аттарды алып келсе, оның үстіне ақша алған еді. Шоң мұны сезіп қалған, арты жақсы болмайтынын білген. Ертеңгі күні бұл жағдай генерал Колпаковскийдін құлағына тисе, ол губернаторға жеткізіп, оның арты үлкен жанжал болатынын сезді. Оны осында өзімен бірге еріп келген казактардың өздері, біріне бірі ерегісіп жеткізетінін де сезіп отыр еді. Шоң оңаша отырғанда өздері келіп айтатын, анау Михаил, жүйрік емес, бір атты алды, ақысына үстіне ақша алды дейтін. Мынаның үлесі кетіп бара жатқан соң осылай деп отырғанын Шоң түсінген еді. Казак-орыстардың мінезін білетін, біреу артық бірдеңе алып қалса, екіншісі жоғарыда отырған бастықтарына жеткізетін мінездері бар екенін баяғыдан біліп жүрген. Және олардың айтқаны ақтан тиетін. Казактардың жіберген арызына ояздан бастап губернаторға дейін екі етпей орындайтын. Егер соны жасаса, анау Колпаковскийдің алдымен өзін кінәлайтынын Шоң білді. Содан кейін өз болысына келген орыс-казактардың төрт көзі түгел отырғанда айтқан:

— Сендер мына қылықтарыңмен генерал алдында масқара боласыңдар!

— Біз таңдап алған жылқыда ол кісінің не шаруасы бар?

— Сендер апарған жылқыларды басқа казактарға береді. Олар әкелген аттарыңның нашар екенін генералға жеткізеді. Мұның арты үлкен дау болатынын түсініңіздер! Сендер бұл қылықтарыңды қоймасаңдар, жоғары жаққа өзім жеткіземін.

Мына сөз қатты әсер еткен тәрізді. Енді жүйрік деп әкелген бірнеше аттарды қайтарып жіберді. Дегенмен, казактарға мол беріп, ақшаны кейбір байлар нашар аттарын өткізгісі келетін. Шоң оны біліп алған. Мұның арты бір қиын шаруаға апаратынын Шоңның іші сезетін. Казактарға ескертуін тыңдамаған соң сөзі таусылғандай болып жүрген. Ендігі әкелген жылқыларды өз адамдарына шаптырып көретін. Оларға айтып қойған, егер жүйрік емес атты жүйрік десеңдер, зан алдында жауап бересіңдер дейтін. Шоңның заңды аузына алса жайдан жай сөйлемейтінін, занды жақсы білетінін жерлестері де білген. Сондықтан Шоңның айтқанын екі етпей орындап жүрді.

Шоң мұнымен шаруаны аяқтап қойған жоқ, бара жатқанда казак-орыстардың өздерінен алған жылқыны біреулерге сатып, болмаса айырбастап апарғанын білетін. Казактардың ондай жылпостығын түсініп алған Шоң. Содан кейін казактардың қабылдап алған жылқыларының әрқайсысының түсін, неше жаста екенін қағаз бетіне түсіріп еді. Содан кейін казактарға айтқан, осы қағазды пошта арқылы генерал атына өзім жібертемін деді.

— Егер мұны ана жақтағы казактар білсе, генерал құлағына жетсе, сендермен қалай сөйлесетінін өздерің де білесіңдер, — Шоңның мұнысы өзінің де, билердің де беделін орыстар алдында сақтау болатын. Сондықтан осылай жасап отырған. Ол жалпы қазақ билеріне беделінің әсер ететінін сезген. Шоң билердің орыстар алдында беделінің төмендегенін көңілі қаламайтын. Сонау ерте заманнан келе жатқан бір елдіктің белгісі, орыстар келгелі қалғаны осы би ғана болатын. Қазақ арасында қазақ билігін сақтап қалу үшін орыс алдында олардың абыройын жоғалтпау керек екенін Шоң жақсы түсінетін. Сондықтан би билігіне сөз келтірмеуге тырысатын. Осыдан кейін-ақ байлар өз жүйріктерін әкеп жатты. Түс кезі болатын. Жабағылар ауылынан Түсіп бидің, қасында Алдаберген дейтін бай бар, екі ат алып келіпті. Олар келгенде Шоң сыртта жүрген. Бірінен бірі аумайтын екі көк ат екен. Шоң аттарды көріп, Алдабергеннен сұрады:

— Қоңырқара тұқымы қайда?

— Шоңке, олар баяғыда біткен ғой.

— Сен Алдаберген өтірік айтпа! Былтыр ғана мына Қаражастардың тойына салып, бірінші орын алып едің ғой.

Ол жылап жіберді.

— Ол атымды алғанша үйдегі балаларды алсын да!..

— Алдаберген, генарал-губернатордың бұйрығына қарсы келе алмаймыз. Қажет болса балаларды да алады. Жүйрік кетсе оның орнына жүйрік туады. Ертеңгі күні өзіңді Сібірге айдап жіберсе, онда не болады?! Сен қасарыспай, Қонырқараның тұқымынан да алып кел…

Алдаберген сөз таусылғандай болып кеткен. Шоң қасында тұрып қалған Түсіпті қолға алған.

— Сені Жабағылардың тәуірі деп ел би сайлап отыр. Алдабергеннің әлгіндей жасауына неге жол бересің?

— Шоңке, оның орыс-казактар осындай жылқыларды алып жатыр дегеніне сеніп қалып едік. Кешірім сұраймын, — деді.

— Әкең Қожамжар дұрыс адам еді. Сен кімге тартып осындай болғансың? — Түсіпті біраз жерге апарып қатты ұрысқан.

Осылайша жүйріктер мәселесі біртіндеп шешіліп жатты.

Шоңға мінез көрсетіп жатқанның бірі Елгелділер болатын. Бұлардың арасындағы Ерназармен, Жанкелді тұқымдарымен алакөздік, араздық сонау Корысбай асынан басталған еді. Кейін Шоң Ақмоладан бір жылдық оқу бітіріп келгендегі ат жарысындағы жанжал. Телқозының Елгелділер туралы айтып жүрген сөздері. Оған Жойқынбектің өлімі қосылды. Содан бұл екі ауыл біржола араздасып кеткен еді. Бұрынғыдай жөнге салып отыратын Таубай жоқ. Туыстықтан да кете бастаған. Соңғы жылдары біріне бірі қатынаспайтын болған. Шоң да бұрынғыдай емес, «Балықтыкөлге» қаршыға салып барып жүргенде оларға соқпайтын. Бұл да Елгелділердің сырттан айтқан сөздеріне ренішті еді. Шоң жүйрік ат сұрап, Елгелділерді әуре етпей-ақ қоямын деп отырған еді. Бірақ сыртта көз көп. Ертеңгі күні Шоң ана Сатыпалдының бір баласы Елгелділерден жүйрік ат алмады дейді. Соны ойлаған ол қазіргі Елгелдінің үлкені Ақсарыны екі рет шақыртқан. Ол келмеді. Сол екі ортада әкесі ме, әлде басқа біреулер ме, мына көрші жатқан Елгелділерде жүйрік ат барын жеткізіпті орыс-казак бастығына. Мұның арты ертеңгі күні ұмытылмайтын бір әңгімеге айналып кететінін біліп, Шоң ертеңіне орыс-казактардың екеуін ертіп алып Балықтыкөлге тартты. Тура Айсарының үйіне келген. Бұл кезде ол қайтыс болған. Ол өлгенде Елгелділер Шоңға оның қайтыс болғаны туралы хабар бермеген. Шоң кейін Елгелділер хабарламағанына қатты ренжіп жүретін. Олар үшін аруаққа ренжуге болмайды. Сондықтан бірінші Айсарының үйіне келді. Үйден оның баласы Құтпан шықты. Шоң оны бұрын көрмеген еді.

— Сен кімнің баласысың? — деді Шоң.

— Мен Айсарының баласымын.

Шоң оған түк айтқан жоқ, атының тізгінін берді де ішке кіріп кетті. Үйде Айсарының екінші әйелі отыр екен. Кедейліктен бе, Елгелділер екі әйел алмайтын. Олардың арасында екі әйел алған Таубайдан кейін осы баласы ғана еді. Шоң онымен амандаспастан, отыра қалып құран оқи бастады. Шоңның ешқандай амандық жоқ, бірден құран оқи бастағанына түсінбей отыр ол. Шоң құранды оқып бітіре бергенде үйге Ақсары кірді. Таубай түқымымының казіргі үлкені Ақсары еді. Бұл жас жағынан Шоңнан үлкен болатын. Шоңның бір әдеті, үйде отырғанда қандай үлкен адам болмасын, бірінші орнынан тұрып сәлем бермейтін. Көптен бері есіктерін ашпай жүрген Шоңның мына келісіне таң қалып қалған ол да. Оның үстіне жасын сыйламай, сәлем бермей отыр. Ол Шоңның өзінен сөз күтіп отыра берді.

Шоң Ақсарыға ызалы еді. Ағасының өлгенін хабарлап, шақырмағанына ренішті еді. Өткен жолы жүйріктер туралы шақырғанда келмеді. Шоң оны көп күттірген жоқ, сәлден соң сөз бастаған:

— Сен, Ақсары, мен шақырғанда неге келмейсің? — Даусы қатты шықты.

— Мен сенің аулына неге барамын? — Бұл да қырсық жауап еді.

Шоң қасында отырған екі орысты көрсетті.

— Мен шақырып отырғам жоқ, мына екі орыс шақырған сені.

— Менің орыстарда ешқандай шаруам жоқ. Олардың менде не ақысы бар?

— Ақсары, есіңде болсын, сен де, мен де осы орыстарға тәуелдіміз. Сондықтан олардың айтқанын жасау біздің міндетіміз. Бұлар Кербестінің тұқымынан екі жылқы сұрап отыр. Соны бересің.

— Мен бұл орыстарға ешқандай жылқы бермеймін. Күш көрсетіп тартып әкететін болсаң, өзің білесің. Мен өз қолымнан жылқы бермеймін!

Шоңның сол арада айтатын сөзі болмай қалды. Бұл үйге бұл шаруамен келмеу керек еді деп ойлады. Мұнысы ағасы Айсары өліміне келмегеніне қазақи өкпесі екенін білді. Шоңның әлі де айтар сөзі көп еді. Бірақ айтпады. Әңгіменің ұзаққа созылып кететінін біліп:

— Менің сенімен қазір дауласатын уақытым жоқ. Менімен дауласқыларың келсе, кейін арнайы келемін, — деді де, Шоң орынан тұрып кетті.

Сол бойы Шоң кайтып кеткен. Артынан еріп келген екі орыс та шықты. Шоң кермеде байлаулы тұрған атына мініп жүріп кетті. Былай шыққан соң түкке түсінбеген орыс-казактардың бастығы сөз бастады:

— Ана кісі жүйрік аттарын бермей отыр ма?

Қазір бермейді десе күш көрсететінін сезіп, мұның арты төбелеске айналып кететінін сезіп Шоң:

— Оларда жүйрік ат жоқ көрінеді.

Шоң ауылына келген еді. Телқозы Шоңның кұр қол келгенінен қорқып, Елгелділер дау шығарып жүйрік ат бермегенін сезді. Бірақ ләм деген жоқ.

Көрші болыстардан жүйріктерін әкеліп жатты. Тіленнің бір байы да бір жүйрігін әкелмей қойды. Өзін шақыртып еді, ауырып жатырмын дегенді айтып, өзі де келмеді. Ақыры, Әлсенді жіберген, оған айтқан: «егер ана туысқаның айтқан жүйрікті әкелмесе тиісті жазасын оған да, саған да қолданамын» деген. Әлсен бұл сөзді сол қалпында жеткізген еді. Мына сөзді естігенде бай қорқып кетті. Шоңның ойдағы жоқ жазаны колдана білетінін сезетін еді. Өзі сайлатқан би, мына Әлсенге де бірнеше күн Түсіптің жылқысын бақылатып қойғанын, ақыры екі жүйрігін Алдаберген алып келгенін естіген.

Шоң Елгелділерге Әлсенді жіберуді бір ойлады. Оның әкелетініне сенімді еді. Шоңның өзінен көріп, екі ру арасынданы дауды өршітіп алатынын біліп, содан кейін жібермеген.

Жүйріктердің негізі жиналып калған. Казак-орыстар ертең қайтамыз деп отырған. Шоң Телқозыға айтқан:

— Мыналарға беретін жүйрік аттарды әкел, — деген.

— Бұлар менен жүйрік ат алмайды. Онда шаруаң болмасын. Бұл орыстармен келіскенмін…

Шоң жақсы сезіп, біліп тұр еді. Егер өзі бермесе арты үлкен дауға айналатын.

— Телқозы, есіңде болсын, басқаларға үлгі көрсетіп, алдымен менің беруім керек…

— Сен ылғи басқаларға шамаң келмесе де, маған күш көрсетесің де отырасың. Ана Елгелділерден болыстығыңды көрсетіп, неге алмадың? Сені қалай түсінуге болады? — Телқозы ашумен біраз жерге барған. Шоң шыдай алмай:

— Телқозы, бос сөзды қой! Елгелділерде шаруаң болмасын. Олар кейін жауабын береді. Екі ру арасындағы жанжалды одан әрі ушықтырғың келіп отыр ма? Одан да мына орыстарға жүйрік аттарды бер. Ертең сөз болмасын десең, айналаңда неше түрлі адамдар отыр. Ертең оязға жеткізеді. Екі-үш жылқы үшін мен ұятты болып қалмайын.

Телқозы бұдан кейін ештеңе демей шығып бара жатыр еді, оны Шоң тоқтатып:

— Телқозы, айтып отырмын ғой, мына орыстарға беретін жылқыларды алып кел. Екі жүйрік емес, төртеуін әкел. Екеуі ана Кербестінің тұқымынан болсын!

Телқозы Шоңның не ойлап тұрғанын біле қалды. Шоңның мұндайдағы ойы Елгелділерден алмаған екі жүйріктің орнын өз жылқысымен жабу болатынын сезді. Шоңның мына сөзіне Телқозы қатты ашуланды.

— Сен сөзге түсінбейтін қандай адамсың?! Мен бұл орыстармен келістім деп айтып тұрмын ғой. Бұлар айтқан, сізден жылқы алмаймыз деген. Сен бос сөзді қой. Екі жылқы беремін. Сол жетеді!

Қасында отырған казак даудың жылқыға байланысты болып жатқанын сезе қалды да:

— Шоң Телқозинович, сіздің бізге сіңірген еңбегіңіз үшін біз жылқыңызды алмаймыз, — деді.

— Олай болса, елден жинаған аттарыңның бәрін қайтып беріңдер!

Шоңның мына түсініксіз сөзіне казак таң калды.

— Сонда Колпаковский алдында біз не айтамыз?

— Сендер ештеңе айтпайсыңдар, генерал алдында да, ояз алдында да мен жауап беремін!

— Шоң Телқозинович, бұл болмайтын шаруа.

Шоң бұлардың елді сауғалап, жылқы орнына ақша алғанына ренішті еді.

— Мен оларға айтар сөзімді білемін. Өзің не айтарыңды анықтап ал… Қазір жүйрік аттардың бәрін тастап кетіңдер!

Орыс-казактардың бастығы Шоңның мына сөзінің астарында не жатқанын біле қалды. Жүйріктерінің орнына елден пара алғанын жазып, өздерін ұятқа қалдыратынын біліп отыр еді.

Казактардың бастығы айтқан:

— Шоң Телқозинович, қайсысы жүйрік емес екенін айтыңыз. Соларды түгел қайтарамыз, — деді казак.

Ерназарлардың арасында Дәулен деген кісі бар болатын. Сол Тоқалардағы жүйріктердің бәрін білетін. Соны шақыртып алып айтқан болатын: «Дәуке, сіз маған мына жылқылардың ішінен қайсы жүйрік еместігін анықтап беріңізші» — деді. Ол аралап көріп, он шақты жылқылардың нашар екенін анықтап берген еді. Шоң казактардың бастығына айтқан: «Қазір сен барып мына аттарды қай жерден алдың, орнына жүйріктерін алып кел. Әйтпесе, бір жылқы да алмайсың» — деді.

Ол кеткен. Әлгі пара алған байларды қорқытып, ыңғай жүйріктерін алып келген еді.

Олар дау шығара алмады. Жүйріктерін берген. Шоңнан, бір жағынан мына казак-орыстан қорықты. Оған қоса әкесінен не үшін жүйрік алмай отырғанын білді казак. Осында келгелі Шоңның адал адам екеніне көзі әбден жеткен болатын. Мына сөзді содан кейін айтып отырғанын түсінді.

— Сіздің әкеңіздің көңіліне қарап едік. Олай болса сіздерден де аламыз…

Шоң тыста жүрген әкесіне:

— Ана орыстар сенен де аламын деп отыр. Барып Таланкөктен, Көкбоздан және Кербестінің тұқымынан төрт ат әкел!

Бұл аттар Телкозы мен Шоңның арасындағы әр жерден алған жүйрік аттар еді. Мына сөзді естігенде Телқозының іші өртеніп кеткендей болды.

— Әй, Шоң, сен бастығыңа жақсы көріну үшін осы сөзді айтып тұрсың ғой. Елдің бәрі екі жүйріктен беріп жатыр. Мен де екеуден артық бермеймін!

— Мен өз алдым бір үймін. Екі үйден төрт жылқы беруге тиістіміз!

— Біздің еншімізді әлі ешкім бөлген жоқ. Сенің айтып тұрған мынау сөзің не?

— Жағдай солай болып тұр. Телқозы, басы артық сөз айтпа! Менің айтқанымды жаса! Сен бұлай ойлағаныңмен, ел басқаша ойлайды. Ел ертеңгі күні сөз тудыру үшін басқаша сөйлейді.

Телқозы Шоңның бұл сөзіне қарсы ештеңе айта алмады. Ақыры айтқан жылқыларын алып келуге Мұхамеджанды жіберген еді.

Мұхамеджан алып келгенде, жетегінде Кербестінің екі тұқымы бар, Байсары келді. Шоң оған айтты:

— Бізге Елгелдіден ешқандай жылқы керегі жоқ. Аттарды алып кет. Қажет болса ояз шақырып алып сөйлеседі. Соның алдында бересіндер!

— Шоңке, елдің бәрі беріп жатқан көрінеді. Ұят болады ғой, — деді Байсары.

— Сендер ұятты енді біліп тұрсыңдар ба? Бар, алып кетіңдер. Олай болса, ана Ақмоладағы оязға апарып беріңдер! — деп, Шоң үйіне кіріп кетті.

Казактар Шоңнын айтқанын тыңдап тұрған еді. Қазақша ептеп білетін біреуі Телқозыдан сұраған:

— Бұл жылқыларды әкелген алдыңғы біз барған ауылдың адамы ма?

— Солар әкеліп тұр. Мен бұл аттарды жақсы білемін. Бұл маңайда бұлардан артық жылқы жоқ.

Ақыры Байсарыдан екі жүйрікті алып қалған. Енді казактар қайтуға жиналып тұрған еді. Шоң оларды шығарып салуға сыртқа шықты. Жылқылардың ішінен әлгі Байсары әкелген Кербестінің екі тұқымын көрген. Шоң тұрып айтқан казактар бастығына:

— Ана екі атты тастап кетіңдер, — деді. Ол сөзге түсінбей:

— Неге? — деді.

— Мен генералға жүз жылқы беремін дегенмін. Жүз екі жылқы беремін деген жоқпын.

Аз уақыт бірге болғанда казактар Шоң мінезін түсініп қалған. Ештеңе айтпады, тастап кеткен болатын. Олар кеткен соң Шоң айтты әкесіне:

— Сіз анау Елгелділерге анау жүйрігін апарып беріңіз!

— Неге апарамын? Мен ана орыстарға төрт жылқы бердім.

— Телқозы, екі ауылдың арасында жанжалды тағы қоздырғалы отырмысың? Апарып бер деген соң, апарып бер!

Телқозы Шоңның бұл сөзін түсінді де апарып берген. Ақсары Мұхамеджан екі жүйрікті алып келгенде Байсары қорқып кеткен. Не істерін білмей қалды. Шоңның қандай істі болсын аяқсыз қалдырмайтынын білетін. Сөйтіп жүргенде інісі Еркесары қайтыс болды. Ақсары білетін, соңғы даудың бәрі ағасы қайтыс болғаннан туындап жүргенін. Шоң аулына хабарлауға інісі Байсарыны жіберген еді. Ерназарларға хабар келді. Телқозы барғысы келмеп еді. Шоң айтқан:

— Таубай аруағы үшін барып қайтайық.

Телқозы Шоңның бұл сөзінде бір жөн барын сезіп, барған еді. Бұл келіс екі ру арасын не жақындатқан, не алыстатқан жоқ. Бір түсініксіз жағдайда қалған еді. Екі жақ та үндемей жүре берді. Бірақ іштерінде бір-біріне деген ашу бар еді.

Беймәлім жігіт

Шоңның кейде табан аудармай төрт-бес күн отырып жазу жазатын әдеті бар еді, бұгін басы ауыра бастаған соң қойған. Соңғы кезде анау жас кезіндегідей, қолына қаршаға алып көл жағалап кететін әдеті болушы еді. Бүгін де сөйткен. Таңертең тамақ ішіп алған соң колына өзі ұнататын көк қаршығаны қондырып алып таяу жердегі көлге кеткен. Әдетте, жас кезіндегідей ауылдан шалғайда жатқан құсы көп көлдерге бара бермейді, осы маңайдағы, ауыл іргесіндегі көлсымақтарға барады. Шынында сыртқа шығып біраз жүргеннен кейін басының ауырғаны басылып кететін. Бүгін басының ауырғаны басылған соң, жазуға бір шабыты ашылды ма, көл жағасында көп жүрмей, ауылға қайтқан.

Ел болған соң дау-жанжалсыз болмай тұрмайды. Кеше Жабағылар ауылынан бір кедей адам іргеде отырған орыстар бір сиырын ұстап алып бермей отырғанын айтып келген. Шоң бәрін түсініп отыр еді, огородтарына түскен соң ұстап отырғанын білген, содан оған ұрсып, олардың егініне неге малдарыңды жібересіндер деп, біраз реніш білдіріп жіберген. Шоң бәріне түсінген. Бұл арада мына адамның шаруасында қисықтық бар екенін білген, сондықтан Захар заемкасының старостасымен сөйлескісі келмей отыр еді. Сиырды қайтарғанымен өзіне тағы бір талап қоятынын білді. Салықты азайтуды сұрайды. Содан кейін әрі-бері ойланып Ахметжанды жіберген. Мұндағы тағы бір ойы Шоңның Ахметжанының іскерлігін сынау болатын. Соңғы кезде ауыл арасындағы дауға билермен қатар Ахметжанды жіберуді әдетке айналдырған. Әкесінің айтуы бойынша оны болыстық жұмысқа, шаруаға баулып жүрген еді. Ахметжан да ертеңгілік әкесі жұмсаған шаруаға барғысы келмей, зорға кеткен.

Шоң алдында Ахметжанды Ақмолада орысша біраз оқытқан, не екенін білмейтін, орысша оқуға құмарлығы жоқ еді оның. Үйге қайтып келе берген. Сонда да үйде отырғызбайтын, Шоң Телқозынының айтуымен баласын анда-мындағы даулы мәселеге жұмсай беретін. Осылай біртіндеп үйрететініне үміті бар еді. Бүгін зорға жіберген. «Ана адам маған арыз айтып келіп отыр. Сондықтан сені жұмсап отырмын. Сен міндетті түрде барасың» деген.

Қазақтар мен орыстар арасында болған дауға ептеген орысшасы бар Ахметжанды жіберіп, дауды шешуде баласының қаншалықты қабілеті барын байқау еді мұнысы. Әрбір осындай кездесулерден кейін Ахметжанға жіберген қателіктерін айтып отыратын. Әкесінің мұнысын ол жақтырмайтын. Амалсыздан баратын. Таңертең де сондай бір мінез көрсеткен. Телқозы да, Шоңның Ахметжанды жұмсағанымен, онда ешқандай ықылас жоғын байқап жүретін. Байқағыш, көреген Телқозы бірде айтқан: «Шоң, ана Оспанды неге жұмсамайсың, оның қабылеті Ахметжаннан әлдеқайда жоғары тұр».

Шоң Оспан барса елден анау-мынауды сұрағыш екенін білетін. Содан кейін оны жұмсамайтын.

Болыстар-билер орындарына балаларын тартып жататын. Шоң болыстықтан кетсе, түбінде орнына Оспанды қойғызу болатын Телқозының ойы. Әлгіндей сөзден кейін бірде айтқан: «оның қолынан болыстық келмейді» деген.

Телқозының айтар сөзі көп еді, бірақ Шоңның көңіліне қарап айтпаған. Сонымен сөз бітіп қалған. Телқозы бұдан кейін Шоңға айтпайтын болған еді. Бірақ көңілінде болыс болуға Ахметжаннан гөрі Оспан лайықты деген ой берік орнап қалған.

Шоң құстан келіп аттан түсті. Кермеден Ахметжанның атын көре алмады. Оның тапсырмасын тындырған соң сол жақтан қыдырып кететіні де бар еді. Шоң оның ондай мінезін жақтырмайды. Ыңғай айтып отырады, әуелі шаруаны қалай тындырғаныңды маған айт, содан кейін қайда кетсең де бара бер дейтін. Қанша айтса да тілін алғыза алмай жүр. Осы қылығына қарай бұл бала берекесіздеу болады деп де ойлап қоятыны да бар еді. Ахметжанның Сарытоқаға елігіп, домбыра тартып, ән салуы көбейіп кеткен соңғы кезде. Шоң баласының онысын жақтырмайтын. Оның өзі тәрізді саясатпен көбірек айналысуын тілейтін. Оның домбыраға құмарлығы уақытша екенін білетін. Тереңдеп жатқан өнері жоқ екенін сезетін. Дегенмен, бұл туралы ашық ештеңе айтпай жүрген.

Аты мен қаршығасын үйден шыққан Мұхаметжанға берді де өзі үй іргесіндегі көлеңкелеу жерге барып отырды. Бұл Әйімкүлдің Шоң даладан серуендеп келгенде отыратын арнайы жасатып қойған орындығы еді. Кейде осы жерде сағат бойы бір ойға беріліп отыратын. Бұлай отырғанда қасына келіп біреу ойын бұзса жақтырмай қалатыны және бар. Оны Әйімкүл де, әкесі Телқозы да жақсы түсініп алған. Сондықтан мазаламайды, аулақ жүретін. Бүгін күн тымырсықтау еді, құс салып келген соң шөлдеп келді де, қасына Әйімкүлді шақыртып алды. Оған шөлдеп отырғанын айтқан. Қымыз қан қысымын көтеріп жіберетін болған соң соңғы кезде сүтке көшкен. Оны білетін Әйімкүл пісірілген сүтті суық суға салып, мұздай етіп қоятын. Бір тостаған суық сүтті Шоңға әкеп берді.

— Шоңке, шөлдеп келдіңіз ғой, мынаны ішіңіз, — деді. Мұздай суық сүтті ішіп жіберіп еді, шөлі қолма-қол басылып, бір рахат күйге бөленгендей болды. Әйелінің осындай қамқорлығына риза болғандай еді. Әйімкүл кетіп бара жатқан, оған Шоң:

— Қасыма отыршы, — деп жанын көрсеті. Әйімкүл Шоң көрсеткен жерге келіп жайғасты. Түнде бір жайсыз түс көрген еді, соны айтпақшы болды да, бірақ айтпады Шоң. Біраз үнсіз отырып қалды. Күйеуінің тарапынан ешқандай сөз болмаған соң, Әйімкүлде де ләм демеді. Отыра берді. Өйткені, Шоңның мінезін білетін, бірдеңе айтып қалғанда бір жақсы ойымды бұзып жібердің ғой дейтіні бар еді. Соны білетін Әйімкүл де үндемей отыр.

Ойламаған жерден Шоңның көзі әйелінің басына түсіп кетті. Қымтай жауып алған байламының бір шетінен кылтиып шыққан шаштардың арасынан бір тал ақ шаш көріп калды. Бұрын байқамаған ба, тұнғыш рет көрді. Дегенмен, бұл туралы сөз қозғаған жоқ. Бірақ көңілін бір жайсыз күй жайлады. Кәріліктің енді екеуіне де келіп қалғанын тұңғыш рет аңғарғандай болды. Күйеуінің ұзақ үнсіз отырып қалғанына Әйімкүл шыдай алмай сұраған еді:

— Шоңке, басыңыз аурып отыр ма?

— Жоқ, бұл мазасыз тіршілікте көңіл-күй бола бере ме, жай бір ойлар басыма кіріп алып, сол шықпай отыр. — Ақ шаш туралы айтпады.

Әйімкүл күйеуінің бір нәрсеге көңілсізденіп отырғанын сезсе де, бірақ ол қандай шаруа деп сұрамады. Содан кейін айтқан:

— Шоңке, олай болса құс аулап шаршаған шығарсыз, үйге кіріңіз, дем алыңыз, — деді сәлден соң.

— Кейін кіремін ғой, маған осылай отырғаным ұнап отыр. Таза ауада, -деді Шоң.

Әйімкүл олай болса Шоңкенді мазаламайын деп орнынан тұра беріп еді, күйеуі оны иғынан басып қайыра отырғызды. Сөз бастаған:

— Әйімкүл, осы сен нешеге келдің? — Бұл сұрақты қоюына әлгі ақ шаш әсер еткен болуы керек.

Шоңның мына сұрағы Әйімкүл көңілінде баяғыдан өле бастаған тоқал туралы күдікті оятып жібергендей болды. Алайда, ол туралы айтпады. Соңғы жылдары ол туралы сөз қозғауды біржола қойған. Басқаша сөйледі.

— Шоңке, сіз шын менің неше жасқа келгенімді білмейсіз бе?

— Ұмытып қалыппын.

Әйімкүл күйеуінің бір айтқан сөзді, жасаған істі ұмытпайтынын жақсы білетін. Соңғы кезде бой көрсете бастаған бас ауруының әсері болар деп ойлаған еді

— Кырық сегізге келдім ғой.

— Екеуміздің қосылғанымызға отыз жылдан асып бара жатыр екен. Дегенмен, әлі жас екенсің ғой.

Мына сөз Әйімкүлге ұнап қалды. Бір жағынан ұнамады.

— Шоңке, қырық сегіз аз емес қой. Бұл кәрілікке бет бұрған кезең.

— Мен, міне алпысқа келіп қалдым. Нағыз кәрілік алпыс жас қой.

— Еркек үшін алпыс кәрілік емес… — Бірақ оны неге айтқанын өзі де түсінбеді Әйімкүл. Содан кейін:

— Солай ма? Шоңке, мен сізді алпысқа келді деп ойлаған жоқ едім.

— Мен де қашан қосылғанымызға мән беріп көрген жоқпын… Мен үшін сен кеше қосылғандайсың. — Бұл сөзде көңіл көтеру, алдау бар екенін ұққан Әйімкүл. Оның көңілінен онша шыға қоймады. Содан кейін айтқан:

— Міне, санап отырсыз ғой.

— Осынша жас өткеніне таңқалып отырмын. — Әйімкүлге ақ шаш туралы айтпады. Шоң түсініксіздеу қылық жасап, маңдайынан бір сүйді де, -жарайды, сен бара бер, мен мына саялы жерде біраз отыра тұрайын, — деді.

Әйімкүл ештеңе деген жоқ, орнынан тұрып кетті. Соңғы кезде байының мінезінде болған өзгерістерді байқап жүр. Тез ашуланып, тез басылады. Сірә, адам жас жеткен сайын, мінезі де өзгереді, бұл қарттықтың келуінің белгісі ғой, соның әсері шығарға тоқтаған Әйімкүл. Уақыт өткен сайын Шоңның мінезді әкесіне ұқсап бара жатқанын байқайтын, балаларына кінә таққыш болып барады. Онысын жақтырмайтын, бірақ қарсы сөз айтпайтын. Әйімкүл орнынан тұрған бойы үйге кіріп кеткен.

Әлгі әйелінің басынан көрген бір тал ақ шаш әртүрлі ойларға шақырып, соның жетегінде кетіп қалған еді Шоң. Неге екенін білмейді, Әйімкүлмен Ақмолада өткізген қызықты күндерін еске алды. Ол расында қызықты да, бақытты жылдар еді. Енді өзіне де әкелерінде болған бас ауруы біржола кіргенін сезген, Әйімкүлде де ыңқыл-сыңқыл пайда болған. Бұл кәріліктің алғашқы белгісі екенін түсінетін. Өткен күндердің әдемі әсерімен біраз отырып қалғанын енді ғана аңғарғандай болды.

Шоң да әйелінің соңынан үйге кіруге орнынан тұра беріп еді, бір атты жігіт атын ойқастатып қасына жетіп келді. Шоңға мына жүрісі ұнамады. Сонда да Шоң үндеген жоқ. Тездетіп жігіттің аты мен өзін шолып өтті. Үстіндегі киімі сәнді, атының ертоқымынан бастап, ат әбзелдері бәрі түгел күмістелген. Әлгі каптап жүрген серілердің бірі боларсың деп, іштей бір түйіп те қойды. Шоңға мына жүрісі, тұрысы ұнамады. Сондықтан қазақ тәртібімен аттан түс, жолың болсын деген сөздер айтпады. Шоң бұрылып жүре берген еді. Жігіт енді ат үстінде ұзағырақ тұрып калғанын түсініп, тездетіп аттан түсіп келіп Шоңға сәлем берді. Шоңның өзі де білмейді, құлағына сәлемі ыңғайсыздау естілді.

— Шоң болыс сіз боласыз ба? — деп сұрады. Шоңға мына сұрағы ерсілеу көрінді, ұнатпай тұрды да, артынша айтқан:

— Иә, мен боламын, үйге кір, — деді. Мына атын біліп тұрған адам алыс жерден, бір даумен іздеп келген адам шығар деп болжаған, содан кейін үйге кір деген. Шоңға сонау Қаржастардан, мына жақта Қаракесектерден, Темештерден бір даудың мәселесін шешуге, ақылдасуға билер, болыстар келіп жататын. Енді сондайлардың бірі болар деп болжаған. Әлгі сөзден басқа түк айтқан жоқ, бұрылып жүре берді. Артынан еріп, жігіт те кірді. Әдетте, Шоң құс аулап келгенде өзінің жазу жазатын бөлмесіне кіретін. Сонда жатып біраз дем алатын. Содан соң іске кірісетін. Артынан жігіт келе жатқан соң оны жасаған жоқ. Қонақ қабылдайтын кең бөлмесіне кірген еді. Артынан жігіт те кірді. Әлі үй иесінен әлгі бір сөзден басқа аузынан сөз шыққан жоқ. Жігіт ренжіп қалды да, жоғары аттамай тұрып қалды есік жақта. Бұлардын артынан іле-шала кірген Әйімкүл:

— Жоғары шығыңыз! — деді.

Әлгіден бері жігіттің көңілінен шыққан сөзі осы «жоғары шық» болды. Бұдан кейін Әйімкүл шығып кеткен еді. Шоң сұрады.

— Қай жақтан боласың?

— Атығай-Қарауыл елінен келе жатырмын.

— Шырағым, тым алыстан жүр екенсің. — Алыстан екенін білгеннен кейін әлгінде кіріп-шығып кеткен Әйімкүлге дауыстап: «Әйімкүл, қымыз әкел» деді.

Шоңның әуелден қалыптасқан әдеті бар еді, келген адамнан не шаруаман келгенін өзі айтпаса сұрамайтын, арада бір күн өткізіп, оның аузынан сөз шықпаса ғана сұрайтын. Жігіттің айтқаны:

— Әдейі, сізбен кездеспекші болып, алыстан іздеп келдім.

— Оның дұрыс екен. — Шоң көңілден шықсын-шықпасын, сөзін осылай «оның дұрыс» екенмен бітіретін. Дегенмен, жігіт туралы ойда отыр еді. Ел шаруасына араласуға тым жастау екен, сірә, бір қыз іздеп жүрген жігіт боларсың деген ойға тоқтаған еді. Талай жігіттер мен олардың әкелері: «Шоңке, анау пәленше сөз тыңдайтын емес, қызы көңілін бөліп тұр, содан бірдеңе айтыңыз» деп келетін. Мына жігіт алыс жақтан келіп отыр. Қандай оймен келгенін білмейді. Әкесі бір шаруамен жіберген шығарға және тіреген. Дегенмен, мына жігіттің не шаруамен келгенін әлі білмей отырған. Әлгінде ат үстінде тайталақтап тұрғаны да ұнамай қалған. Бір мықты бидің, байдың баласы боларға тоқтаған еді.

Осы кезде Әйімкүл қымыз әкеліп алдына қойды. Шоңға піскен сүт әкелген. Соңғы кезде қан қысымым көтеріліп кетеді деп, Шоң қымыз ішуді қойған. Ішсе де бір сағына ішетін. Әйімкүлдің келген адамдар алдына қымыз қойғанда, Шоң алдына сүт қоюы әдетке айналған. Елдің бірі де оның сүтке көшкенін білмейтін. Үй іші адамдары, Әлсен тәрізді көңілі жақын адамдар ғана білетін… Содан келген адамға қымыз іш деп, өзі де сүтті ұрттап қойып отыратын. Бірақ сүтті де көп ішпейтін. Шөлдегенде болмаса ыдысын тауысып ішпейтін.

Жігіт бұл жаққа бара жатқанда жол сілтеген адамы айтқан, Шоң мінезді кісі, ұнатпаған адамын қабылдамай да қояды деген. Әуелінде солай ма деп қалған жігіт, үй иессінің өзіне көзқарасы қалай екенін білмей отырған. Үй иесінің көңілін тапқысы келді ме, анадай жерде тұрған домбыраны алып қымыздан екі-үш ұрттағаннан кейін домбырасының құлақ күйін келтіріп, шерте бастады. Мына шертісінен-ақ жігіттің бір мықты домбырашы екенін байқап қалды. Шоң жас болсын, кәрі болсын бірінші кездескен адамына «сіз» деп сөйлейтін. Қазір де сол әдетімен сөйлеп отыр еді.

— Сіз домбыраны жақсы тартатын болуыңыз керек, бауырым!

— Азын-аулақ, — деді жігіт. Оның сыпайылық жасап отырғанын біле қалды Шоң.

— Дегенмен, домбыра шертісің маған ұнайды. Біздің жақта, осында Сайдалының Сары Тоқасы деген домбырашы бар, естуің бар ма?

— Естуім бар, бірақ көрген адамым емес. — Жігіт бұрын бұл есімді білмейтін, «білемін» дегенді сыпайылықпен айтып отыр еді. Бір жағынан Шоңның аузынан шыққан сөзден ол кісінің оңай адам еместігін сезгендей болған. Жігітте бір жағынан сол адамды көруге құмарлық пайда бола кетті.

Шоң айтпаса да, мына жігіттің сол адамды көруге ынтықтығы бар екенін біле қалды. Өйткені, домбырашылар біріне бірі жақын жүріп, бір-бірінің пікірін тыңдауға құмар екенін, олар басқалардан гөрі, бір-біріне үйреншікті келетінін білетін.

Шоңның реті келгенде Сары Тоқаны үйіне шақырып алып домбыра тартқызып отыратын әдеті де болушы еді. Шоңның бір мінезі, әндерді онша ұната коймайтын, бірақ домбыра әуенін ұнататын. Өзінің де ептеген домбыра тартатын әдеті бар еді, ондайда ерекше бір күйге беріліп отыратын. Мына жігіттің тартысы ұнаған еді. Көңілі күйімен үндескендей, жақсы әсер қалдырды. Бүгін домбыра тыңдауға сәті түскен күндей көрінді оған.

— Қазір мен сол кісіні шақырта қояйын. — Сары Тоқаның ауылына кісі жіберген еді.

Сары Тоқа Шоңмен жас жағынан шамалас адам еді. Көп адамдар сияқты Шоңның болыстығына қарамай, оның құрдастығын пайдаланып еркін сөйлейтін. Қажет жерінде әзілдесіп ойнай да беретін. Шоңның шақырып жатқанын естіп, содан соң «бұл шоқынды мен неге іздеп жатыр екен» деп жетіп келген еді. Сары Тоқа қайда барса да домбырасын өңгеріп жүретін. Өйткені, өзінікінен басқа ешқандай домбыраны жақтырмайтын. Домбырасын қыса ұстап кіріп келді. Сөйлей кірді.

— Шоң, сен мені онша іздемеуші едің, неге керек болып қалдым?

Алдында жиі шақыратын Шоң соңғы кезде бас ауруына байланысты ма, Сары Тоқаны шақыра бермейтін. Оның да Шоңның сонысына өкпесі бар еді. Соңғы кезде Ахметжанды да жібере бермейтін. Бірде ол да айтқан еді, әкем менің домбыра тартқанымды онша ұнатпайтын тәрізді, содан кейін әлгі сөзі үшін Шоңға деген бір реніш пайда болған. Ахметжанның айтқаны есіне түсіп кетіп, содан кейін Сары Тоқа сөз бастап келе жатыр еді, оны Шоң тоқтатып тастады да:

— Шыдамсыздық танытпай, алдымен дұрыстап отырсайшы. — Шоң Сары Тоқаның асығыс бірдеңе айтып келе жатқанын ұнатпай қалды да, содан кейін қонағына назар аударып, — бұл кісі біздің жақтың айтулы күйші-домбырашысы болады. Байқап отырған боларсыз, домбырасын өңгеріп келді, қайда жүрсе де бұл серігін тастамайды. Әйелінен де жақсы көреді бұл дүниесін…

— Неге тастаймын, менің барлық қызығым да, қуанышым да осы домбырада. Шоң, дұрыс айтасың, рас, әйелімнен де жақсы көремін.

— Жарайды, сенің әйелің мына сөзіңді естімей-ақ қойсын. Мен сені Көкшетаудан іздеп келген мына домбырашы ініңмен әдейі таныстыруға шақырдым.

— Менің ол жақта домбырашы інім жоқ еді ғой…

— Сенің жолына түскен адамның бәрі де саған жолдас, туыс, дос. Бос сөзді сөйлеме. — Сөзі ұнамаса осылай қағып тастайтынын білетін Сары Тоқа артықтау бара жатқанын сезді, сәл үндемей отырып қалды да артынша:

— Сенің менен жасың кіші, олай болса тарт. Алдымен сені тыңдап көрейін, — деді Сары Тоқа.

Жігіт Кұрманғазының күйлерінен бастап, Дәулеткерейге тоқтады.

— Тәттімбеттен не білесің?

Жігіт оның да екі-үш күйін тартып берді.

— Өзің күй шығарасың ба?

Жігіт отырып өзі шығарған бірнеше күйлерін орындады.

— Бауырым, күйіңде әуен көп екен.

— Көп болғаны жақсы емес пе?

— Көп болғаны тартушысын шатастырады, сондықтан күй бірқалыпты, бір әуенді болуы керек. Бұл күй үшін жазылмаған заң тәрізді…

— Ағасы, сіздің бұл айтқаныңыз дұрыс емес, әуеннің көп болғаны күйді байытады.

— Жоқ, бауырым, күйге екпіндей жоғары шығып, төмен түсу жарасады. Бірақ мына сенің күйлеріңде әуен көп екен. Ал ол өлең емес, күйге келмейді.

— Ағасы, өзіңіз қай күйшіден үйреніп жүрсіз?

— Мен қазіргі, бұрынғы күйшілердің бәрінен үйренемін. Әлгі өзің тартқан күйлердің күйлерінен тәлім-тәрбие алдым. Содан өз әдісім қалыптасқан.

— Әр күйші күйге өз жанынан жаңалық енгізіп отыруы керек. Содан күй байи түседі.

— Інім, бұл дегеніңе қосыла алмаймын.

— Ағасы, сіз құдайшылығын айтыңызшы, — деді жігіт Шоңға. Манадан бері, Сары Тоқа келгенше, Шоң жігіттің күйлерін тыңдап отырған еді. Ол көбіне өзі шығарған күйлерді тартқан еді. Жігітті ықылас койып тындап отырған. Содан кейін әлгі сөзді айтып отыр еді.

— Мен бұл салада сіздерге сарапшы бола алмаймын. Мынау отырған Сайдалының Сары Тоқасы — атақты күйші. Бұдан асқан бұл маңайда күйші жоқ. Ел солай дейді, мен де солай бағалаймын.

— Байқадым, бұл кісінің күйлері, басқаларды ыңғай қайталап отырады екен… Оның үстіне күйінде әуен аз.

Жігіттің мына сөзі қатты батып кетті де, Сары Тоқа ашуланып орнынан тұрды. Шоң оны тоқтату үшін айтты:

— Жасың үлкен, бұл ашуыңа жол болсын?! — Ол тыңдамай кеткен еді.

— Мен мұндай мінезі үшін мұны Бұласыр деп атап кеткенмін. Сен оған өкпелеме, күйлеріңді шығара бер, халық жақсысын екшеп, жаманын тастап отырады.

Тамақтан кейін басқа тақырыпта әңгіме басталып кетті.

— Қалай, Көкшетау өңіріне орыстар көшіп келуі әлі тоқтаған жоқ па? -Шоңның алыстан келген адамдарға осы сұрақты қоюы соңғы кезде әдетіне айналған еді.

— Келгенде қандай, қазірдің өзінде біздің ауылдың іргесіне отыз шақты орыстар қоныстанып алды. Біздің ауыл тура ең шұрайлы Бурабай көлінің жағасында едік, сол көлге бізбен іргелес орыстар келіп қоныстанып көлге шошқаларын қаптатып жіберді. Қазір бізге ол көлден су ішу де қиын болып барады. Соған әдейі ақыл сұрағалы келдім сізден. Не істеу керек? Сіздің Нұра бойына көшіп келіп жатқан орыстарды тоқтатқаныңызды естідім.

Бұл сөзде шындық бар еді, Шоң біраз орыс заемкаларының Нұра жағасына қоныстануын кейін оязбен ақылдасып тоқтатқан еді. Енді олар Нұрадан алыстау Есіл бойына, сол маңайдағы өзендер жағасына қоныстанып жатқан. Жігіттің соларды естіп алып, айтып отырғанын түсінді. Оның үстіне орыстардың әлгі қылығына бір үлкен ашумен келіп отырғанын ұқты да Шоң:

— Жанжалдасудың қажеті жоқ. Олармен тіл табысып отыру керек. Есіңде болсын, алдымен бізді емес, жоғарыда отырғандар соларды тыңдайды. Соны білетін кейбір орыстар есіріп кетеді. Осы жаққа келген орыстардан да соны байқап жүрмін. Ал ретсіз, әлгіндей қылық жасаса, оларды да тоқтатады, жоғарыда отырғандар.

Жігітке Шоңның мына сөзі ұнамады. Турасына көшкен еді.

— Соларды қасымыздан қалай қуып шығуға болады? Біздің жақта сізді занды көп біледі дейді.

— Қуып шыға алмаймыз, күш солардың қолында. Орыстарды қоныстандыру патшаның басты саясаты.

— Енді не істеуіміз керек? Мына қалыпта жақсы тіршілік болмайтын тәрізді.

— Соны өзім де білмеймін…

— Өзіңіз Нұра бойына келуді тоқтатыпсыз ғой. Қалай тоқтаттыңыз?

— Бұл уақытша тоқтау ғана. Менен сұрамайды. Алда тағы да көшіп келуі мүмкін…

— Өзіңіз болыссыз, орыстармен қатынасыңыз жақсы көрінеді, қалай тоқтатамыз? Мүмкін, ана жоғары жақта отырған адамдарға пара беру керек шығар.

— Есіңде болсын, пара беріп тоқтата алмайсың. Орыстардың осылай қарай жылжуы патшаның басты саясаты екенін ұмытпа. Тек көшіп келгендердің жасап отырған заңсыз қылықтарын жоғары жаққа хабарлау арқылы бірдеңе жасауға болады. Қазақта басқа амал жоқ…

Мына сөзді жігіт ұнатпай қалды. Шоң да оның көңілінен шықпағанын білді. Сәл отырып айтқан:

— Сізді орыстармен жақсы дейді ғой. Қалай жақсы болдыңыз? Соны маған айтыңызшы. Мен де сіздің әдіспен сөйлесіп көрейін. Жігіттің жағдайға түсінбей отырғанын байқап Шоң қаттырақ сөйледі.

— Саған оны кім айтты, менің орыстармен жақсы екенімді?..

— Ел айтып жүр.

— Шырағым, ол бос сөз болар. Мен орысша білген соң айтар ойымды жақсылап орыстарға жеткіземін. Содан кейін орыстар да кейде менің сөзімді тыңдайды. Басқа жағынан басқа болыстармен бірдеймін.

— Елдің аузынан естідім, сізге ояз да, басқа да орыстардың сорпа бетіне шығарлары да келіп жүретін көрінеді.

— Келсе шаруа жағдайымен келеді. Болыс болсаң, саған да барады.

— Жоқ, ағасы, ояз кез-келген болыстың үйіне келе бермейді және оның сайлауына қатыспайды.

— Менің сайлауыма ояздың қатысқанын кім айтты?

— Өзі қатыспай-ақ, келген адам ояздың айтуы бойынша, сізді жақтап өткізетін көрінеді. Яғни, сіздің орыстар алдында беделіңіз бар. Сіз оларға сөзіңізді тыңдата білесіз. Сіз де бізге көмектессеңіз. Біздің жақтың болыстарына сіздің әдісіңізді айтып барайын.

Біреу сыртынан мақтап-мақтап жіберіп отырғанын білді. Не айтарын білмей қалды. Жігіт сөзін әр қарай жалғады.

— Сіз оның үстіне Құрылтайға қатысып, патшаны мақтап сөйлепсіз.

— Ондай жағдайда патшаны қанша жек көріп тұрсаң да мақтап сөйлейсің. Тәртіп солай. Келіп басып алған орыстарға қазіргі заманда қарсы сөз айтуға болмайды. — Біреудің жалған жел сөзімен келіп отырғанын білді де Шоң айтты: — Ешбір сайлау орыстардың қатынасуынсыз өтпейді, біреулер сені шатастыру үшін солай деген болар. Рас, орыстарсыз қазақтың сайлауы өтпейді, олар ыңғай бақылап отырады. Өйткені, олар қазақтарға сенбейді. Сенің естігенің біреудің жалған сөзі болар. — Шоң мына жігіттің әбден орыстарға ыза болып, осындай күйге жетіп отырғанын білді. Шоң отырып ойлады, көзі көрмеген орыстарға бір хат жазып бергісі келді. Жалпы, орыстың старосталары қазақ болыстардың сөзін де тындамайтын, қазақтарды төмен адамға санайтынын байқап жүр. Сол ойына түсті де, ол ойынан тез айныды. Ондай хат жазып өзін де, мына жігітті де ұятқа қалдыратынын білді. Содан кейін айтқан:

— Менің ол жақтағы сендердің болыстарыңнан артықшылығым жоқ. Бір артықшылығым бар, ол — орыс тілін білетіндігім. Сен орыс тілін жақсы білетін бір төрелерді алып барып, солармен сөйлес. Болмаса, жоғары жаққа арыз жазыңдар. Басқа берер кеңесім жоқ.

Шоң осы жасқа келгелі Бурабай көлдеріндей мөлдір суды кездестірген жоқ еді. Мына жігіттің сөзін естіп отырып іші ауырды. Орыстар қазақ жерін бүлдіруге келген халық қой деп ойлады. Ол сөзді айта алмады. Ол елге жайылып кетсе жаман болатынын біліп отырған. Бірақ қолынан келер ештеңе жоқ еді. Оны Шоң білетін. Содан кейін:

— Сіздер олармен ұрыспаңдар, жанжалдаспаңдар. Ол жағында хан тұқымынан тараған адамдар бар. Әлі де соларды тыңдайды. Ол тыңдамаса одан жоғары жаққа жазыңдар. Басқа беретін кеңесім жоқ, — деп алдында айтқан сөзін тағы қайталады.

— Мен осының алдында оларға да барғанмын. Бірақ олар да түк бітіре алмады.

Шоң мына жігіттің айтқанына сенбегендей рай танытып:

— Орыстар алдымен хан тұқымдарымен, төрелермен сыйласып жүр ғой. Әлі де қазақ арасындағы бедел хан тұқымдарында барын орыстар біледі. Егер оларды сыйламаса, білмеймін… — Хан тұқымдарының соңғы кезде беделі түсе бастаса да, әлі оларды тыңдайтындар орыстар арасында бар екенін білетін Шоң.

— Ағасы, сіз қателесесіз немесе әдейі айтқыңыз келмей отыр. Орыстар кезінде Шоқан тәрізді хан тұқымдарының балаларын сонау Омбыға апарып оқытқан. Қазір сондайлардың өзін де тыңдамай отыр. Қазақтан шыққан сізді орыстар сыйлайды дейді. Айтқаныңызды жасайтын көрінеді. Сол орыстарды қасымыздан көшіруге көмектесіңіз.

— Шырағым, сен қалай сөзге түсінбейтін адамсың? Олай болса, ар жағыңда Уәлиханның баласы Шыңғыс отыр. Сонымен барып сөйлес.

— Олармен де сөйлескем. Олардың өздері де көріп отыр, бірак түк бітірген жоқ. Ол кісі де қартайып, әбден бітуге айналған кісі. Сондықтан оны тыңдамайды. Сіздің заңды көп білетініңіз туралы ел айтып жүр. Маған айтыңызшы, соларды заң арқылы қалай қууға болады.

— Мен орыстарды қалай қуу туралы заңды білмеймін. Ондай заң жоқ. Патша өкіметі ондай заң жасамайды, олардың барлық мақсаты орыстарды осында әкеп қоныстандыру. Қазір қазақ қолында түк жоқ. Солардың ыңғайында жүріп өз халқымыздың жағдайын ойлауға тиістіміз. Бізде әзірге басқа амал жоқ.

— Ол не деген сөз? Мына сөзіңізге түсінбедім?

— Солардың айтқанын орындай отырып, ретті жерінде біздің жаққа көшіп келген орыстардың суды былғап жатқанын айтсақ, бірдеңе дер, жоғары жаққа жазу керек. Бізде басқа қандай күш барын білмеймін.

— Қарсы айқасқа шықсақ қайтеді?

Жігіттің мына сөзінде қызбалық бар екенін түсінді. Көңілдегісін айтқан:

— Баяғыда іргеңде отырған Кенесары сұлтан шығып еді ғой, не болғанын өзің көрмесең де, әкеңнен естіген шығарсың. Әзірге бізде орысқа қарсы келетін күш жоқ. Шыққандар да соның жолын құшасыңдар. Өзіміздің шама-шарқымызға қарап, не істесек те орыс әкімдерімен келісімге келе отырып жасауымыз керек. Басқа түк жасай алмаймыз.

— Сіз әбден орыстардың жағына шыққан екенсіз!

Жігіттің мына сөзі өзіне ауыр тисе де Шоң оны сездірмеді. Жасқа тән қызбалықпен айтып отыр деп түйді де, ішкі күйін білдірмей, сөзін жалғай берді. Жігіттің айтылған мәселеге тым ызалы екенін сезіп отыр еді. Шоң онысын басуға тырысты.

— Бауырым, бағанадан сөйлесіп жатырмыз, атың кім?

— Атым — Жәнібек.

— Әке-шешең үміт күтіп, атыңды хан есімімен атаған болуы керек. Сен тым қызба екенсің. Ертеңгі күні орыстарға бір артық сөз айтсаң, Сібірге айдатып жіберуі мүмкін. Не болса да, ақылмен жасауымыз керек. Талай адамдар қызбалықпен орыстарға мінез көрсетіп, ақыры Сібірге кетті, болмаса орыс қолынан өліп қалды. Оны ұмытпа! Не болса да, ойланып жасау керек екенін түсін…

— Сонда не істеуіміз керек?

— Оны өзім де білмеймін. Қазақта қазір ешқандай күш жоқ. Сен кешегі қазақтардың мықтыларынан күшті емессің. Көрпеңді өзіңе шақтап көсіл. Сіз соны әуелі ойлап көріңіз, Көшім ханның мемлекеті қайда? Орыстың бір ұрысы бес жүз адаммен басып алған. Кешегі Абылай ханды қазақтар 1770 жылы бүкіл қазақтың ханы етіп сайлады, ал оны Екінші Екатерина әйел патша 1778 жылғы 24 мамырдағы Жарлығымен тек Орта жүздің ханы боласың деп, бүкіл қазақтың мойындаған ханы екенін жоққа шығарды. Өзің көрген де естіген де шығарсың, Онтүстікте де қанша көтеріліс болды, бәрі жеңілді. Кенесарының баласы Сыздыққа орыс әскері не істегенін білемісің… Өзің айтып отырған хан тұқымы Шоқан сол орыстардың айтқанын жасап кеткен жоқ па? Оны неге жасады? Мен білмеймін. Басқа амалы болмағандықтан жасаған шығар. Мен де амалсыздан орыстардың айтқанын жасаймын. Ертеңгі күні орысқа қарсы қатты бірдеңе айтсам, Сібірге айдатып жіберетінін білемін. Біз орысқа қарсы шығып түк ұтпаймыз. Саған да соны айтамын. Орыс алдында шіренудің қажеті жоқ. Жағдайға байланысты жүру керек. Кезінде Кенесары айқайлап орыстардың губернаторына қандай талаптар қойғанын білетін боларсың. Оның сөзін тындады ма? Тыңдаған жоқ, Сарыарқадан қуып шықты. Талай қазақты Сібірге айдатып жіберді. Мұның бәрі орыстың мықты екенін көрсетеді. Орыста от қаруы бар, ал сенде не бар? Садақ оғының заманы баяғыда өткен. Ал от қаруды жасау қазақтың қолынан келмейді. Ол үшін оның тілін білетін адам керек. Менің де ішім қыз-қыз қайнайды. Нұра бойындағы ең тәуір жерлерді орыстар алып жатыр. Қолдан келер амал жоқ. Бәрін ақылмен жасау керек. Сен жассың, жақсылап осы оймен қимылдасаң қолыңнан бірдеңе келуі мүмкін келешекте. Ал қазір асықпа. Сәтті күніңді күт! Ертеңіңді ойла!

— Мына сөзіңізге әлі де түсінбей отырмын…

— Ана орыстың патшасы Петр деген шет елге барып кеме жасауды үйренген. Солардың тәжирібесін қабылдап, сен де қасыңа тілінді алатын өзің тәрізді жігіттерді ертіп алып шет елге барып білгірлерінен үйрен. Сен де батыс елдеріне немесе Қытайға шығып кетіп қару-жарақ істеуді меңгер. Есіңде болсын, әр уақытта білімділер ғана жеңеді.

— Ол ақылды өз балаларыңызға айтпайсыз ба?

— Менің балаларымның қолынан ондай өнер келмейді. Олардың шығар биігі маған белгілі, сондықтан айтпаймын. Ал сенің талабың күшті екен. Өзің айтқан іске шын берілген екенсің. Сен үйреніп келіп, он адамды үйретсең, ол жиырмасын үйретсе, біртіндеп қазақ сол өнерді меңгереді. Сонда ғана қазақ орыстармен теңеледі. Ал қазіргідей үйде отырып шіренгеннен түк шықпайды.

— Сонда қазақтың сіз айтқан жолымен үйренгенше қанша заман керек?

— Одан басқа амал жоқ, жүз жыл өтер, мың жыл өтер, өнері күшейіп, халық саны молайғанда ғана қазақ дүние жүзіндегі тәуір елдердің қатарына қосылады. Сонда ғана басқалар қазақтың сөзін тыңдайды.

— Қазақ осы бір жиырма жылдың ішінде өз алдына ел болуы керек.

— Сен қиялға берілген жігіт екенсің, күшейіп келе жатқан орыс сені ол жағдайға жібермейді.

— Оған қанша жыл керек екенін білмейсіз бе, сол айтқан уақытқа дейін қазақтың қазақтығы сақталады деймісіз? Қазақ біржола құрып кетеді. Бәрі орыс болады.

Жігіттің манадан бері айтып отырған сөздерінің ішіндегі Шоң көңілінен шыққаны сөзі осы еді. Дәл төбесінен түсіп айтып отырғанын білді. Өз қаупі сол еді. Ертеңгі күні орыс тілі кіріп, тілін ұмытып елдің бәрі орыс болып кете ме деген кауіп өзінде де бар еді. Мына сөз тура сол ойының үстінен шыққандай болды. Сөзі таусылып қалғандай болды да, «білмеймін» деп шынын айтты.

— Сіз кімге қызмет етіп отырғаныңызды білесіз бе? — деді жігіт. — Сіз патшаға еңбек етіп отырсыз. Оның билігінің өркендеуіне қазақ жерінде жағдай жасап келесіз.

— Бауырым, мына сөзің тым артықтау, мен өз еліме еңбек етіп жүрмін. Халықтың бірлігін сақтауды, бірімен бірінің алакөз болмауы жайын ойластырамын. Басқа менің қолымнан келер шаруа жоқ.

— Сонымен қоса патшаға да қызмет істеп отырсыз ғой.

— Оны жасамасам, мені болыстықта бір күн де ұстамайды.

— Ондай болыстықтың қажеті қанша?

— Аз да болса ауылдастарыма көмегім тиетінін сеземін.

— Кенесары сіздейлердің кесірінен жеңілді.

— Бүкіл қазақ қолдаса да Кенесары бәрібір орыстарды жеңе алмайтын еді. Бір мылтықтың аузына мың адам сияды. Сен оны ұмытпа!

— Мен сізге үлкен үмітпен келіп едім, сіз менің көңіл-күйімді түсіріп тастадыңыз.

— Мен саған басқа не айтамын, шындықты айтып отырмын…

— Анау тау арасындағы шешен, дағыстан деген халықтар жүз жылдан бері орыстармен соғысып келеді дейді. Әлі жеңілген жоқ көрінеді. Орыстар Кенесарының бес-алты жыл ішіне быт-шытын шығарды. Оларды әлі жеңе алмай келеді, Шәміл деген елбасымен келіссөз жүргізіп, оған бостандық беріпті. Ал қазақтың ханы Кенесарының басын кесіп алды…

— Сен олармен қазақтардың жағдайын саластырма. Олар тау ішінде тұратын халық. Орыстай емес, тау жағдайында соғысуға үйренген халық. Олар әрқайсы тау арасында соғысуды жақсы меңгерген. Қайда жасырынып, соғысатынын жақсы түсініп алған. Қажет уақытында жасырынып қалады. Шәмілді босатқанда оған жаны ашып жіберген жоқ, ертеңгі күні оны өлтірсе соғыс тағы бір жүз жылға созылатынын білді. Орыстардың ол жерден кеткісі келмейді. Орыстардың әдісінде енді оларды алдап-сулау бар. Сондықтан анау ел басқарған адамын босатты да, оны Араб жеріне қаңғытып жіберді. Оның өз колында билігі болса, оны жасар ма еді. Жасамайды. Амалсыздан кетті. Ал біздің жағдайымыз қалай, кең дала, бәріміз мылтықтың аузында тұрмыз. Сен, бауырым, тау мен кең жазықтағы соғысты салыстырма. Мұнда орыстың ауқымы кең, алып да, шалып да жеңеді. Қырғыздарға Кенесарыны өлтіртуі — егер бас көтерсеңдер, сендерге де Кенесарыға қолданған жағдайды жасаймыз дегенді еске салып отыр. Мына казак-орысты іргеге алып келді. Оларға патша билікті беріп отыр. Түбінде жерімізді соларға алып беруі мүмкін. Өзің айтып отырсың. Бурабайдың айналасына казак-орыстар қоныстанып алды дейсің. Бұл бастамасы ғана. Ертең не болатынын патша мен соның маңайында отырғандар ғана біледі.

— Қазақта бірлік жоқ. Сондықтан жеңіліп отыр.

Мына сөзді өзіне сілтеп айтып отырғанын Шоң білді. Бірақ басқа тұрғыдан сөйледі.

— Бауырым, бірлікке орыстар жібермей отыр ғой. Елдің бәрі сен тәрізді саналы болса, жағдай басқа болар еді. Онда орыстар бізбен басқаша сөйлесер еді. Қасыңда отырған Абылай хан тұқымының өзі екі түрлі сөйлейді. Сен қандай бірлікті, саналылықты айтып отырсың?

— Ел мақтап жүрген адамның бірі сізсіз ғой. Сіздің айтып отырғаныңыз мынау, қандай саналылық болуы мүмкін, елдің тәуірлерінде?

— Бірақ сенікі көзсіз саналылық. Мына ойыңмен қазақты жақсылыққа апармайсың, керісінше жамандыққа итересің.

Жігіт Шоңның мына сөзіне қатты ашуланып қалды:

— Дегенмен, өз халқыма мен сізге карағанда адалмын. — Жігіт киіне бастады.

— Ол рас, сенде әлі басылмаған жастық қайрат бар. Мынауың соның әсері, түбінде басылады. Жігермен қатар ақыл керек. Сенде сол жағы жетіспей жатқан тәрізді…

Жігіт Шоңның мына сөзіне тіптен қатты ашуланған сияқты. Орнынан тұрды да шығып кетті үйден. Жігіттің әлгі сөздері қатты ұнап қалған, Шоң артынан бірге шыққан. Риза атын шөпке байлап қойған екен. Ашулы жігіт атына ертоқым сала бастады.

Артынан келген Шоң айтқан:

— Бауырым, неге асықтың, бүгін қонбадың ба? Мен жоғары жаққа хат жазып берейін. Менің қолымда басқа түк жоқ.

— Біздің жақта сіз тәрізді орысша оқыған талай төре адамдар бар. Солар да талайын жазды, ешқандай нәтиже жоқ. Мен сізден заңды көп біледі деген соң бірдеңе үйренейін деп келіп едім, сіз болмайтынды айтып, елді шатастырады екенсіз. Сіз законды жақсы біледі дейді, кайдағы закон, мына саясатыңызбен орысты жақтап үгіт айтасыз.

— Сенің саясатта не ақың бар?! Қазіргі таңда сенің қолыңнан ол келмейді. Бәрін қой да домбыраңды айналдыр. Сонда сенің халқында берер пайдаң әлдеқайда көп болады.

— Сіз маған ондай ақыл айтпаңыз, немен айналысатынымды өзім білемін…

— Мен сені әуеліде саналы жігіт пе деп қалып едім, сен санасыз екенсің. Сөзге түсінбейсің. Менің саған айтар кеңесім, «закон алды арт қысқан». Осыны есіңге мықтап ұста, — деп Шоң айналып жүріп кетті.

Шоңның мына сөзіне ыза болған жігіт сәл тұрды да, атына мініп ол да Ақмола жақты бетке алып жүріп кетті.

Шоң далада біраз жүрді. Әлгі жігіттің сөзіне ыза болса да, ел қамын ойлап жүргендігіне риза болып келе жатты. Сонау Көкшетаудан ақыл сұрауға өзіне келіпті. Санасында бірдеңе бар екенін білді. Ойға беріліп ұзақ жүрді.

Нұра жақтан келе жатқан Ахметжан кенет сыртта жүрген әкесін байқап қалды да, атының басын соған қарай бұрды. Қасына келіп, ат үстінде тұрып сөз бастай беріп еді, Шоң онысын жақтырмай қалды. Ахметжанның мына ат үстінен тұрып сөйлегенін ұнатпай:

— Немене, бір жаққа асығып тұрмысың?

Сонда ғана барып Ахметжан әкесінің аттан түспей тұрып сөйлегенін ұнатпай қалғанын түсініп, атынан түсті.

— Иә, не бітіріп қайттың?

— Ана екеуі де сөзге түсінбейтін адамдар екен.

— Олар кімдер?

— Ана Жабағы мен старостаны айтамын.

— Сөзге түсінбейтін адам болмайды. — Әлгі жігіттің сөзге түсінбей кеткенін біліп тұрса да Шоң әдейі айтқан. — Сенің айтар сөзің нашар болған ғой. — Көкшетаулық жігіттің қылығы ішіндегі ашуын тіптен күшейтіп жібергендей болды. Содан кейін ләм деген жоқ, Шоң жүріп кетті. Ахметжан да соңынан ермекші болып еді, бірақ әкесінің тым көңілсіз екенін біліп, атын жетектеп үйге қарай кетті.

Жалғыз қалған Шоң ойға берілген еді. Оспанды кішкентай күнінен Телқозы баурына салған болатын. Соның әсері ме, айтар сөздерінде, істеген істерінде тура Телқозынын қылықтары бар екенін сезетін. Шоң баласының соның ықпалымен кеткенін сезіп, оған онша үндемейтін. Ал мына Ахметжанның тәрбиесін өзіне алған. Қазір үлкейіп, бала-шағалы болса да қолында тұратын. Ойы заман ағымына сай етіп тәрбиелеу болатын. Соңғы кезде барған жерінде ертіп алып жүруді шығарған еді. Ойлайтын, балам менің сөзімді тыңдап, ақылға салып отырады деп түйетін іштей. Анда-санда осындай бірді-екілі тапсырма да беріп жүретіні сондықтан еді. Шоң ешқашан Ахметжанға ананы былай жаса, мынаны олай ет деп айтпайтын. Қажетті жерінде кеңесін ғана беретін. Оны жасау санасына, Құдай берген ақылына байланысты деп білетін. «Шайнап берген ас тамақ болмайды» мәтеліне жүгінетін. Қазір ат үстіндегі жаңағы отырысынан, жаңағы айтқан сөздерінен біраз кемшілікті көргендей болды. Қанша ақыл айтып, үйренгенімен Құдай бермесе ештеңе шықпайтынын түсініп келе жатқан. Дегенмен, әлгінде ғана айтқанын тыңдамай кетіп қалған көшкетаулық жігіттің Ахметжаннан көп артықтығы барын сезді. Оның әлгі айтқан сөздерін еске алып, баласының бойынан көп кемшілікті тағы да аңғарғандай болды. Сөзінде көп қателіктер болса да анау әлдеқайда артық, түбінде көп нәрсені тындыратын жігіт екенін ойлады. Енді өз кінәсі, жаңағы айтқан сөзім тым артықтау болып кетті-ау деген ой мазасыздандырған еді. Ешкімді айтумен, оқумен саналы, білгір ете алмайсың. Бәрі жаратылысына байланысты екеніне тоқтаған еді іштей.

Әкесі Телқозы айтқандай, үш баласының ешқайсысы өзіне тартпаған. Шоңның арманы — артында жақсы бір ұрпақ қалдырғысы келетін. Ол дегені ешқашан орындалмайтынын енді түсіне бастаған. Әйімкүлдің ыңғайымен жүріп, көп уақытын өткізіп алғанын білді енді ғана.

Телқозының тоқал ал сөзін ойынан өткізіп, сараптап келе жатты. Өкінішке толы өмірі көз алдынан өтіп жатқандай болды. Әлгі жігіттің сөзінен кейін басына беймәлім бір арман мен бір түсініксіз ой қатар келіп, Шоң қайсысына тоқтарын білмеді. Бұл өмірден көп нәрсені жоғалтқанын енді түсінгендей болды. Сол ойдың шырмауына беріліп тыста ұзақ жүрді.

Оспанға реніш

Оспан үйленгеннен кейін өз алдына отау етіп, бөлек шығарған болатын Телқозы. Қараағаш маңындағы бір шұрайлы жерге өз алдына қоныс берген еді. Телқозының мұндағы ойы жақсы жерден айрылып қалмау еді. Айналадағы жағдайды жақсы түсініп отырған. Соңғы кезде халық саны күрт өсіп, шабындыққа, жайылымға таласу орын алып бара жатқан. Әр би, әрбір бай адамдар балаларын жеке шығарып, соларға өз алдына қоныс әперіп жатқан. Оның үстіне орыстар көшіп келіп жатыр. Телқозы ертеңді қатты ойлайтын адам еді. Ел де соны білгендей, маңайдағы шабындықтарды қағаздап, өз аттарына түсіріп алып жатқан. Бұрын мұндай тәртіп болмайтын. Ана жер пәлендікі, мына жер түгендікі, сол маңайды жайлаған адамдардың атына байланыстырып алып жүре беретін. Орыстардың келуі қазақтарға да көп жағдайды үйреткен еді. Мал бар, ендеше жер керек. Қараағаш маңындағы барлық жерлерді қағаздатып бөліп алған. Бұрын қимылдағандар жақсы шабындық жерлерді алып, кеш қимылдағандар арасында құр қол қалғандар да бар еді.

Телқозы да дер кезінде сонау заманнан бергі Жанкелді тұқымының жерін түгел қағаздап алған еді. Телқозы балалары жеріне билікті енді Оспан жүргізетін болған. Одан басқалары бұл шаруаға араласпайтын.

Оспан Телқозыдағы мал билігін алып, шаруашылықты өзі билей бастаған кез еді. Ол Телқозы тәрізді іске тапқыр, шаруақой адам болды. Ақмолаға да жиі барып, бүкіл Телқозы тұқымының малдарының саудасын ұйымдастырып жүрді. Оған Шоң, Телқозы, басқа туыстары да риза еді.

Бір күні Шоң салт атпен көрші ауылдан келсе есік алдында бір бие Малай мініп жүретін күрең аттың қасында байлаулы тұр екен. Шоң Әйімкүлден сұрады.

— Мына бие кімдікі?

— Әлгінде Малай әкелді.

— Ол қайда?

— Үйде демалып жатыр.

Шоң үйге кірген еді. Малай төр алдына шалқасынан түсіп жатыр екен. Ағасын көріп ыңғайсызданып басын көтеріп алды. Шоң одан сұраған.

— Даладағы байлаулы тұрған бие кімдікі?

— Мына Тамадағы Естайдың үйіне барып едім, сол болмай атымның қосағына байлап жіберді. Оспаннан шөп шабуға жер алған көрінеді.

Шоң Оспанда да Телқозы тәрізді біреуден бірдеңе алу әдеті барын білетін. Баяғы Кеттебектің биесі мен айғыры есіне түсті. Іші бірдеңені сезгендей болды. Содан соң:

— Мыналарың ұят болады. Биені қайыра апарып бер. Оспан жерді берсе саудаламай-ақ, жай берсін! — деді.

Шоң ертеңгі күні көрші отырған ауылдардың адамдары мұны естісе, анау болыс болған соң билігін жасап, барлық тәуір жерлерді өзіне алып, артығын сатып отыр дегенді шығаратынын білетін. Шоңның көңілі ондай сөз болғанын қаламайтын. Содан кейін інісіне айтқан еді, жерді беретін болса саудаламай-ақ берсін деген.

Малай ағасының бұл сөзі ұнамай тұрса да үндеген жоқ. Жүрерінде биені жетегіне алып жүріп кетті.

Шоң өзінен өзі отырып ренжіді. Бір түсініксіз ашуға берілгендей еді. Сырттан кірген Әйімкүл күйеуінің көңілсіз отырғанын көріп:

— Шоңке, тағы да басыңыз ауырып отыр ма?

— Жоқ. Осы Оспан бір дүниеқоңыз ғой деймін. Ана Естайға шабуға жер бергені үшін бір бие алыпты!

Орынсыз алған дүние пара болатынын білсе де, Телқозының әсері ме, Әйімкүлдің өзі де алғанды жақсы көретін. Біреулер бірдеңе әкелсе сол адамды жақсы көріп, шайын қайнатып, асты-үстіне түсіп жататын. Баласы туралы Шоңның мына айтып тұрғанын ол да, Малай тәрізді, жақтырмай қалды. Соңғы кезде күйеуінің басы ауыра бастағанын білетін, сондықтан басы артық сөз айпай, қас-қабағына қарап қамқорлық жасайтын. Содан ба, баласының мынасына іштей ренжіп қалды да, үндемей сыртқа шығып кетті. Тыста дамыл тауып жүре алмады. Қайыра кірген.

— Шоңке, біраз жатып дем алмайсыз ба?

Шоңның соңғы кезде түс кезінде бір сағаттай ұйықтап алуы пайда болған. Содан кейін мына сөзді айтып тұр еді. Шоң оның бұл сөзіне мән бермегендей еді, басынан әлгі Оспан қылығы шықпай тұрған. Шоң үйде маза тауып отыра алмай, тысқа шығып кетті…

Есік алдында Риза жүр екен, оны шақырып алып Оспанға жіберген. Сол күні Оспан келмеді. Баласының келмегені мазасын тіптен кетіргендей еді. Әйімкүл соңғы кезде байқап жүр, тым ашуланшақ болып кеткенін Шоңның. Бір ыңғайсыздау шаруаны естісе қатты ашуланатынды шығарып жүр. Шоң сыртқа бір шығып, бір кіріп, мазасы кетіп, үй ішінде тұрақтап отыра алмады. Байқағыш Әйімкүл оны бірден түсініп қалған, Оспаның шақырғанына келмегеніне ашуланып жүргенін білді. Бұрын мұндай күйге түспейтін еді. Шоңның мұнысы бас ауруының әсері деп білген Әйімкүл, содан кейін оны тыныштандыру үшін айтқан:

— Оспан бір шаруамен жүрген шығар. Шоңке, келеді, асықпаңыз, -Әйімкүлдің мына сөзінде бір жөн бар екенін білді де жазу бөлмесіне кетті.

Ертеңіне түске жақын Оспан келді. Шоң оңашалап алып баласына сөз бастаған еді.

— Сен де анау әкең Телқозының шаруасын бастап жүрсің. Ұят болады, шабуға жер бергеніне бие алыпсың. Оның не? Ұят емес пе, берсең, тегін бер.

Соңғы кезде жер дауы күшейіп кеткен соң, билер отырысында әрбір руға жерлерін қағаздатып бөліп берген еді. Шабындық жерлер тапшы болғандықтан, ортақтасып пайдаланыңдар дегенді айтқан. Оспанның мына шаруасы сол билердің шаруасына қарсы келетінін біліп отырған. Ертеңгі күні ана болыстың өзі тәртіпті бұзып отырғанын айтып ел ренжиді. Олардың Оспанда жұмысы жоқ, бәрін өзінен көретінін білетін. Дауды өршітіп жіберетінін сезіп отырған, баласының мына қылығын естісе ертеңгі күні ел Шоңның баласы шөп шабатын жерді сататын болыпты дегенді айтатыны сөзсіз еді. Елдің оны қалай құбылтатынын біліп болмайды, әйтеуір, сөз көбейіп кететініне көзі анық жеткен Шоңның. Әкесінің қатты ренжіп отырғанын біліп Оспан:

— Сүтті жылқының тұқымы деген соң алып едім, өсірейін деп, олай болса, орнына басқа бір бие берейін.

Оспанды өз алдына бөлек шығаруы әкесінің жер алу үшін жасап отырған саясаты екенін Шоң біліп отыр еді. Анада бірде әкесіне сіз менің болыстығымды пайдаланып жер алып отырсыз дегенде ол сен пәленшені қара, түгеншені қара — балаларының саны менікінен екі есе аз, қанша жерді алып отыр. Сен елді тәртіпке шақырсаң сөзді солардан баста деп дауысын көтере сөйлеп, қатты айтып тастаған. Телқозының бұл сөзінде шындық бар еді. Телқозының үш әйелінен өскен балаларынын саны біраз болып қалған. Бәріне де жер, қоныс керек. Шоңның өзі жер бөлгенде малына емес, отбасының санына қарап бөлетін. Бала санын өсірудің тетігі сонда екенін білетін. Кейбір малдың санын айтып дауласқандарға олай болса малыңның санын азайтып, адам санын көбейт, сонсоң жер аласың дейтіні бар. Бүгінгі заман талабы солай болу керек. Шоң өзінше солай заңдастырғандай етіп сөйлейтін. Адам саны өспей қазақтың келешегі жоқ дегенді әр жерде айтып жүретін. Сондықтан мал санына емес, адам санына мән беретін. Содан кейін әкесі балаларының, немересінің санын айтқанда ештеңе айта алмай жүретін. Енді мына Оспанға басқаша сөйледі.

— Сен үйтіп саудаласпа, биесін өзіне қайтып бер. Шабатын жерді жай бер. Ол атаңнан қалған жоқ, бұл шабындық осы маңайда отырғандардың бәріне ортақ. Пара алмай, ортақтасып пайдаланыңдар.

Оспан әкесінің сөзін жақтырмады, бірақ қарсы сөз айтқан жоқ, үндемей кеткен. Бұл сөзді өзінің көңіл-күйіне байланысты айтып отырғанға ұйғарған. Шешесінен алдында естіген, әкесінің не болса соған сөйлей беретінін айтқан, содан Оспан сөзден қашып әкесінің үйіне келе бермейтін. Шаруаның бәрін Телқозымен ақылдасып жасайтын. Шешесінің аузынан әкесінің соңғы кезде бас ауруына байланысты ашуланшақ болып кеткенін естіген еді алдында. Мынау да соның әсері шығар деп мән бермеген. Әкесінің аузынан әлгі сөзді естіген соң, «жарайды, айтқаныңызды жасаймын» деп қайтып кеткен.

Содан Шоң биені қайтып берді деп жүрген болатын. Бір күні Шоң Оспан үйіне бара жатса жолай бес-алты адам шөп шауып жатыр екен. Сырттай Естай бай бақылап тұр.

— Естай, мына жерді сен шапқызып жатырсың ба?

— Иә, мен шапқызып жатырмын, Шоңке. Неге сұрадыңыз?

— Жай, әншейін, — деді Шоң.

Естай көңілінде тұрған өкпесін болысқа айта бастады:

— Осы айналаның бәрін ел бөліп алыпты. Анда барсам — менікі дейді, мынаған келсем — ол да менікі дейді. Бос шабындық жер қалмаған. Шоңке, сіз оны білесіз бе?

Шоң мына Естайдың бір жанжалды шығарғалы тұрғанын білді.

— Естай, олай болмаса ертеңгі күні жанжал көбейіп кетеді. Әркім өзіне тиелісі жерін білгені дұрыс. Бұл орыстардың тәртібіне байланысты шығып жатқан шаруа. Саған да жер берілген жоқ па?

— Берілген. Бірақ бөліс кезінде билер аздау жер беріп, шабындығым аз болып тұр.

— Мына шауып жатқан жерің кімдігі? — Естайдың аздау тиді деген сөзіне байланысты айтып тұр еді бұл сөзді. Ал ол Шоң біліп, әдейі сұрап тұр деп ойлады да:

— Осы жерден шөп шабуға Оспанға бір бие бердім.

— Мен соған байланысты билерге шабындық жерлерді бөлгендерге айтқанмын. Кейбір адамдардың жерінде шабындық жер жоқ екенін білемін. Сондықтан ондай жерді бөлдіргем жоқ. Келісіп, ондай жерді бірге пайдаланыңдар дегенмін.

— Ендеше, мен осы жердің шөбін шабуға Оспанға бір бие беріп алдым.

Естайдың сөзін естіп, Шоң аузына сөз түспей, «шабыс көбейсін» деді де жүріп кетті. Оспан үйіне келген еді, ол үйінде жоқ, Телқозы отыр екен. Шоң сөз бастады.

— Ана Оспан мені неге алдайды? Естайдың биесін өзіне қайтармапты ғой.

— Мен ол жағын білмедім…

— Неге білмейсіз? — Оспан не жасасада Телқозымен ақылдасып жасайтынын Шоң білетін. Мына айтып отырғаны жалған сөз екенін іші сезіп, қатты ашуланған. Сол арада әкесіне бірталай сөздер айтып тастаған. Сөзінің соңында:

— Қазақтың жер саудалауға құқы жоқ. Егер Оспан бергісі келсе, бие алмай-ақ бермей ме?

— Онда тұрған не бар? Ол биені өзі беріп тұрған соң, алды да.

— Есіңде болсын, Телқозы! Қазір қазақта жер билігі жоқ екенін сан рет сізге айттым, онын билігі анау отырған оязда, одан қала берді патшаның өзінде. Жер билігін баяғыда ана Қенесары көтерілісінен бұрын қазақтан алып қойған. Оспаның жерді саудалап бие алуға ешқандай қақысы жоқ. Ол ұят болады. Заңға қайшы…

Мына сөз Телқозыға ұнамады, ашуланып қалды.

— Сен ыңғай осындай бірдеңені шығарасың да жүресің, анда өзің емес пе едің, пайдаланатын жерлерді белгілеп ал деген. Енді келіп былайша соғып отырсың!

— Сіз, Телқозы, неге кисыққа тартасыз? Мен шабындық жайлы олай айтқан жоқпын. Ондай жерлерді бірігіп пайдаланыңдар дегенмін. Сіз мына сөзіңізмен ел арасында шатақ шығарғалы жүрсіз. Есіңде болсын, тағы да айтамын, жер сату қылмыс болып табылады. Жер саудалау ол ешқандай заңға жатпайды.

— Шоң, сен қалай-қалай сөйлейсің? Бұл Қараағаш сонау Жанкелді заманынан бері біздікі. Оған ешкімнің дауы жоқ.

— Сол Жанкелді әкеміз қаншаға сатып алған екен?

— Ол кезде жер сату болған жоқ. Әуелден Құдайдан бұйырған жер.

— Одан бері қанша заман өтті. Орыс келді де жаңа заң шығарды. Енді ел жердің құндылығын түсіне бастады. Анау патша да соны біліп, жердің бәрі менің меншігім деп отыр. Біз соның айтқанын түсініп, сол шығарған заңға бағынумыз керек. Сіз оны есіңізден шығармаңыз. Ертеңгі күні болыстың баласы ананы жасап отыр деп, басқалар да соны жасайды. Сонда мен не айтамын? Менің балама болады, сендерге болмайды деймін бе?

Телқозы бұдан кейін Шоң сөзін тыңдаған жоқ. Ренжіп үйден шығып кетті. Сыртта жүр еді, Оспан келді. Оған Телқозы:

— Әкең келіп отыр, Ана Естайға жерді тегін бердің бе?

— Көке, келісім бойынша саууға одан бір сүтті бие алғанмын. Құлыны өскен соң өзіне қайтып беремін, күзге қарай… Оны өзіңізге айттым ғой.

— Ана әкең дау шығарып отыр. Ол әбден ана орыстардың айтқанын қалт жібермей орындауға үйреніп алған. Сен оған ондай шаруаны сездірме. Елдің бәрі отырған жерін ата жолымен ие болып пайдаланып жатыр. Егер сенен бие алдың ба десе, алған жоқпын де. Ешкім де өз жерін тегін беріп жатқан жоқ. Әкең айта берсін, оныкі бос сөз.

Шоң не істерін білмей отырғанда Оспан кірді үйге. Оңашада екеуден екеу қалды, Шоң сөз бастаған еді.

— Сен мені неге алдайсың? Ана Тама байының шабындыққа берген жылқысын қайтармапсың ғой.

Оспан үлкен әкесінің сөзіне байланыстырып өтірік айта алмады. Мына әкесі біліп, келіп әдейі сұрап отырғанын білді.

— Мен апарып бергем, ол алмады.

— Сен апарып бергенде ол жерден шөп шаппа деген болуың керек. Сондықтан алмай отыр.

Шоңның Оспанға ашуы қара қазандай еді. Отыра алмады, үйден ашуланып шығып кетті. «Мынау әбден өсіп, жетілген екен. Әкесі, менің сөзімді де тыңдамайтын болыпты» — іштей таусыла сөйледі, өзінен-өзі.

Осыдан кейін Оспан үйіне бас сұғуды қойды. Қазақ тәртібімен қысқы соғым кезінде түысқандар бір-бірін соғымға шақыратын. Сол жылы Шоң соғымға Оспанды шақырмай қойды, өзі де бармаған. Әке мен бала арасында бір шатақтың болатынын Әйімкүл біліп жүрді. Бірде оңашада айтқан Шоңға:

— Шоңке, балаға ренжіп қайтесіз?

— Ол қайдағы бала? Балаңның неше жасқа келгенін білемісің? Барып тұрған дүинеқоңыздың өзі. Ол менің сөзімді тыңдамайды. Сонда кімнің сөзіне тоқтайды. Ертеңгі күні бұның арты не болады?..

Шоңның қатты ашулы екенін білді де Әйімкүл сөзі таусылғандай, отырып қалған еді. Қыс өтіп, көктем келді. Жаз туды. Бұл уақыттын ішінде Шоң Оспан үйінің есігін бірде бір рет ашқан жоқ еді. Оспанның үшінші баласы Әлкен туды. Жаздын бір тамаша күні болатын. Қасында әйелі Несіпберлі бар Телқозы келді.

— Шоң, сен балаға өкпелеме, тағы бір ұрпағымыз өмірге келді, барып құтты болсын айтайық, — деді. Шоң ақыры, мына сөзге қуанып, әкесінің сөзін аяққа жықпай, көңілі үшін барған еді. «Және бір ұрпағымыз өмірге келді» деген сөзден соң отыра алмады. Оспан бұл кезде жазғы жайлауда отырған еді.

Шоң күтпеген жағдайдың үстінен шықты. Оспан мен шабуға жер алған Тама байы дауласып отыр екен. Шоң үйге кірмей, екеуінің сөздерін жабықтан тыңдап біраз тұрды. Оспан:

— Сіз келісімді неге ұмытасыз? Мен жердің шөбін шабуға бір жылға ғана бергенмін…

— Сен бір жылға дегенді айтқан жоқсың. Шамаң келсе ыңғай шауып ал дегенсің. Әлгінде көрдім, менің берген бием тағы құлындапты. Олай болса құлынын қайтар! Жаңа көрдім, желіде байлаулы тұр. Бір жыл саудың, енді жетеді. — Сөзінің аяғын да әлгі кісі дауысын көтере бітірді: — Әй, Оспан, әкең болыс болған соң маған күш көрсетіп отырсың ғой. Екі сөйлемей, сөзде тұру керек қой!

Үй ішінде сәл тыныштық бола қалды. Киіз үйдің жабығынан тыңдап тұрған Шоң ішке кірді. Баласына қатты ызалы еді. Бір сөзді бастай беріп, әкесін көріп, Оспан сөзін кілт тоқтатты. Шоң сөзге араласып кеткен болатын:

— Әй, Естай, ондай болса ол жылқыңды құлынымен алып кет!

— Мен неге беремін, бір жыл бойы менің жерімнен шөп шапты, — деді Оспан.

— Шоңке, мен берген биемді алмаймын. Бірақ әділіне қарай жүгіну керек. Мына балаңыз биыл жер бермеймін деп күш көрсетіп отыр. Осынысы дұрыс па? Сіз Оспанға әке ғана емессіз, сөзіңізді ел тыңдайтын, әділін айтатын болыс адамсыз!

Әлгінде құлынын алып, биені қалдырамын деп отырған бай енді биені алмайтынын айтып құбылып сөйлеп отыр. Шоң Естайдың мына сөзіне ренжіп қалды да:

— Жер Оспандікі емес, сенің сөзіңді де дұрыс демеймін. Қазір биеңді ал да құлынымен, көзіме көрінбей кетші өзің!

Бұдан кейін Естай ләм деместен шығып кетті. Оспан әкесінің сөзінен кейін үндемей қалған болатын. Әкесі бір сөз бастай бергенде, ол да шығып кетті. Әлден уақытта сыртта жүрген адамдардың бәрі үйге кірді, дастарханға отырды. Оспанның әйелі дәу тегенеге толы қымыз әкеліп, елге қымыз құя бастады. Сырттағы жұмыстарын реттеген болуы керек, үйге Оспан да кірді. Шоң алдына қойылған қымызды ішпей, әрірек итеріп қойды.

— Неге итересің? — деді Телқозы.

— Бұл қымызда әлгі Естайдан алған биенің де сүті бар шығар. Сондықтан ішпеймін…

— Ол жерден әлгі Тама бір жыл бойы шөп шапқан.

— Ол жер сенікі емес. Сен заңсыз сауда жасап отырсың, Оспан! Саған бие берген ана Естайдың ісі де арам жұмыс. Екеуіңдікі де дұрыс емес.

— Қалай менікі кисық? Атам заманнан бері Жанкелді бабам, одан кейін Зейнет әкем, одан соң көкем пайдаланып келген. Ал енді мен неге пайдаланбаймын? — Бұл сөзді үлкен әкесі Телқозының аузынан естіген еді алдында Оспан. Жүзінде ашу болатын. Шоң баласының мына сөзімен өзіне мінез көрсетіп отырғанын жақтырмады. Ашулы сөйледі:

— Ол жер Тамаға да, Аралбайға да, Ерназарға да ортақ. Сондықтан жеке иемденуге сенің құқың жоқ.

— Осы Шоң ойламаған жерден қайдағы жоқ бір тәртіпті шығарады да отырады, — деп Телқозы реніш білдірді.

Шоң әкесінің осы арада араласып отырғанын жақтырмай орнынан тұрып кеткен. Оның ашуы басылғанша сыртта біраз жүріп келетін әдеті бар еді. Соған орай Әйімкүл де, басқалар да мән бермей үйде отыра берді.

Шоң сыртқа шығып қараса, биелерді екі-үш әйел сауып жатыр екен. Шоң сауушылардың бірінен Естайдың биесі қайсысы екенін сұрады. Биелерді идіріп жүрген жігіт Естай берген биені көрсетті. Алдыңғы жылғы жабағысымен биылғы құлыны қасында тұр екен. Шоң бие саудырып жүрген жігітке айтты.

— Мына биені менің жетегіме байлап бер, — деді. Ол Шонның айтқанын екі етпей жасаған болатын. Шоң биені алып жүріп кетті. Үйдегілер бұны білмей отыра берді. Шоң жетегінде бие мен оның соңына ерген жабағысы, құлыны бар, Естай шөп шауып жатқан жерге келді. Жиырма шақты жігіт шалғыларын еркін сілтеп жатыр екен.

Алдында Естаймен Оспан екеуі келісіп, бұл биені тастап кеткен. Шоң келгенде анадай жерде, шалғышылардың жұмысын сырттай бақылап, Естай отырған. Шоңның жетегіндегі өзінің құлынды биесін көріп, бір шатақтың туындап кеткенін сезгендей болды. Сасып қалған сыңайы бар. Орнынан тұрды.

— Шоңке, Оспанмен келісіп едік қой, неге әкелдіңіз?

— Сен де, Оспан да адам емессіңдер. Жер сенікі де, Оспандікі де емес…

— Енді кімдікі? — деді Естай аузына басқа сөз түспей.

— Бұл жердің билігі оязда, қазақ жерінің билігі патшаға көшкен. Қазақтан жер билігі баяғыда кеткен. Мықты болсаң, ояздан ұрықсат алып кел!

Шоңның мына сөзінен Естай қорқып қалды да, оған сен кет деп айтып тұрғандай естілді:

— Сіз осы жерде отырған ояздың өкілі емессіз бе? Дұрыстап айтпайсыз ба? Мен тегін шауып жатқан жоқ. Ақысына бір бие бердім.

— Мен сендердің бұл арам шаруаларыңды қолдамаймын.

— Біз Оспан екеуіміз келістік қой. Шоңке, енді дау тудырғанның қажеті қанша?

— Қазір шалғыларыңды алыңдар да, кетіңдер.

Естай сөзі таусылғандай тұрып қалды да, біраздан соң барып тіл қатты:

— Шоңке, сіз балаңызды жақтап тұрсыз ғой.

— Екеуің де адам емессіңдер. Осы жерді саудаламай-ақ, келіспейсіңдер ме?

— Шоңке, бұл арада менің кінәм жоқ. Оспан мына сүтті биенің тұқымын сұраған соң, беріп едім.

— Сен берсең, есеппен беріп отырсың. Шын көңілден беріп отырған жоқсың. — Шоң биені қалдырды да кетіп қалды. Сол бойы үйіне тартып кеткен еді.

Әлгінде Шоңның сыртқа шығып кеткеніне бірталай уақыт болды. Әйімкүл шыдай алмай сыртқа шықты. Үй маңайында Шоң көрінбейді. Мінген аты жоқ. Содан кейін бие сауып жатқан адамдардан сұрады. Әлгі жігіт:

— Шоңкең Естайдың биесін алып кетіп қалды, — деді.

Әйімкүл бір жайсыз күйге түсіп үйге келді. Келе баласына ренжи сөйлеген:

— Шоңкең ауырып жүргенде ыңғай бүлдіресің де жүресің.

Оспан не дерін білмей отырып қалды. Үйде отыра алмай, сәлден соң тысқа шығып кеткен. Телқозы Әйімкүлдің сөзін тыңдап отыра берген еді. Әлден кейін айтқан болатын:

— Әйімкүл, сен еркектердің жұмысына араласа берме! — Атасының әлгі сөзін жақтырмай қалса да, қазір бірдеңе айтса сөз көбейіп кететінін біліп, Әйімкүл де үндемеген жоқ.

Оспан биені идіріп жүрген жігіт аузынан болған жайдың анық-қанығын білгеннен соң, бір мазасыздыққа түскен еді. Есік алдында не істерін білмей жүрген. Әлден уақытта Естай келді. Жетегінде әлгі бие бар, қасында жабағысы мен құлыны еріп жүр. Естай сөз бастады:

— Оспан, келісіп едік ғой, мынауың не?

Іштен шыққан Телқозы сөзге араласты:

— Әй, Естай! Шоң енді өз айтқаны болмаса болмайды. Сен екеуің осы сауданы қойыңдар…

Оспан Телқозыдан асып кете алмады.

— Жарайды, сол араны шаба бер. Кейін құлыны тай болғанда маған бересің. Қазір алып кет. Бірақ мұны біреуге айтушы болма. Әкемнің құлағына жетсе, тағы да дау шығарады. Ешкім білмесін!

Ақыры Оспанның мына сөзіне Естай келісіп, кеткен болатын. Сол жерлерді бұрынғы қалпынша шаба берді. Арада біраз күн өткен соң қолдарында шалғылары бар, бес-алты адам жетіп келді.

— Сендерді кім жіберді? — деп сұрады Естай.

Бұлар Аралбай ауылынының адамдары болатын. Олар «Шоңнан шөп шабатын жер сұрап барған едік, содан осы жерге жіберді» дегенді айтты.

Естай тұрып:

— Алдыңғы күні ғана Оспанмен келісіп, бұл жерді мен алғанмын.

— Шоңкең бізге де осы жерден шөп шабыңдар деді.

— Мен ше сонда? — деді Естай.

— Сіздер де шаба беріңіздер, біз де шабамыз. Шоңкең солай деген.

Өрт

Шоңды көптен бері Ақмола жақтан ешкім де мазаламайтын. Карбышевтің сонау Санкт-Петербургте ата қонысы мәселесімен жүргеніне талай уақыт болған. Казак-орыстар алар жылқыларын алып кеткен соң, Шоң үйінде жатқан. Жазуға берілген, күндіз-түні жазу үстінде еді. Ешкім оны мазаламайтын.

Әйімкүлдің қасына бармай сол жазу бөлмесінде жатып қалуды әдетке айналдырған. Әйімкүл де бұрынғыдай келіп оятып, төсекке жат деп айтуды да қойған. Басы ауырып жүрген соң аяйды, мазаламайды. Қасына немерелерінің бірін алып жата кететіні бар. Шоңмен бірге тұратын Ахметжан әйелі-балаларымен бірге есік алдына құрылған киіз үйде жататын жаз айларында.

Жаңа үй салып алғаннан бері Шоң басқалардай жайлауға көше беруді біржола қойған. Әйімкүл осы қысқы қоныста отырғанды ұнатпайтын. Дегенмен сол қысқы қоныста жаз бойы отыра беретін. Бұл жағдай Шоңға да көшіп жүре беруді енді біржола ұмыттырғандай еді. Басқаша айтқанда, орыс тәртібіне Ақмола уезінде бірінші көшкен Шоң болатын.

Соңғы жылдары Шоң жазуге тіптен беріліп кеткен еді. Бүгін Шоң түннің біраз уақытына дейін жазу жазып, өзінің жазу бөлмесінде отырып қалған. Түн жарымына жақындап қалған кез. Кенет терезе қатты қағылды. Тура Шоңның өзі отырған бөлменің терезесі болатын. Ана жақтан: «Өрт, өрт!» деген дауыс бірнеше рет қайталап шықты. Ай жарық болатын. Шоң келіп терезеге үңілген. Өздерінің баяғыдан сиырларын сауып жүретін көрші әйелді бірден таныды. Жүгіріп тысқа шыққан.

Біраздан бері жауын болмаған. Кеуіп тұрған ағаш үй лапылдап жанып жатыр екен. Қонақ бөлмесі жағы жартылай өртеніп кетіпті. Жаз айларында ілуде-шалуда ғана болмаса үй ішіндегі қазандыққа от жағылмайтын. Жаз айларында тамақты есік алдындағы жерошақта дайындайтын. Ал мынау үйден шығып жатыр. Қонақ бөлмесінен басталған. Шоң не істерін білмей тұрып қалды. Біреудің әдейі жасағанын бірден білді. Ауылда бұлардан оқшаулау отырған оншақты жалшы үйінен басқа ешкім тұрмайтын. Үш ұйықтаса олар өртейді деген ойына келмеді. Әр рудан болғанымен, туысқандай болып кеткен адамдар. Әйімкүл көңілінен шыққан адамдарды үйге жақын жерге қоныстандырған болатын. Әлгі терезе қаққан әйел ссік алдына тұр екен. Шоң одан сұрады:

— Сен ешкімді көрмедің бе?

— Біздің үй жақтан екі адам өткен. Дәу де болса солар болар. — Әйел осыны айтты да кетіп қалды. Шоң оны мазалаған жоқ.

Бұл күні Ахметжан да ауылда жоқ еді. Шоң кайыра ішке кіріп, жазып жатқан қағаздарын жинап, Әйімкүлді оятып, далаға шығарды. Бұл кезде өрт үйдің бір жағын түгел қаптаған еді. Кеуіп тұрған ағаш қабырғалар сіріңкедей тұтанды. Шоң бар амалы таусылғандай, қарап тұрып қалған. Әйімкүл жүгіріп барып, айналадағы жалшыларды оятып әкелген болатын. Бұл кезде үйді түгел өрт шалған. Бұл маңайда жоқ, сәулетті үйдің таң ата орыны ғана қалған еді. Біреулердің әдейі өртегеніне сөз жоқ екенін білді. Өзіне өш, реті келсе аянбайтын адамдарын түгел ойдан өткізді. Біріне тоқтай алмаған. Көңілі айтады, көзің көрмей біреуді кінәлауың ғайбат болады дейді. Қасында тұрған Әйімкүл тура ойының үстінен түскендей етіп айтты:

— Шоңке, сізге ренішті адамдардың біреуінің шаруасы ғой бұл.

— Оны өзім де біліп тұрмын. Сонда кім деп ойлайсың?

Әйімкүл бес-алты адамның атын атап еді, біреуі де Шоң ойынан шықпады. Есік алдындағы киіз үй ішінде немерелері мен Ахметжанның әйелі жатқан. Ұйқысы шала болған Әйімкүл солардың қасына барып жатып қалды.

Шоң ойға беріліп, есік алдында біраз отырды. Ол ақыры бір қорытындыға келген еді: мынау әнеукүнгі казак-орыстарға аттарын берген адамдардың шаруасы деп болжаған. «Мал ашуы — жан ашуы» дегендей, мұны жасап жүрген солар. Бірақ ешқандай дәлелі жоқ, кімді кінәлайды. Шоң әдетінше үй маңында біраз жүріп, өртті көрген әйелдің үйіне келді. Ол есік алдында отыр екен. Шоң одан сұрады:

— Сен өртті қалай көрдің?

— Шоңке, менің ентікпем бар ғой. Сол ұстап есік алдында отырғам, ай жарық қой. Кенет біздін үйдің қасынан екі адам жүріп өтті. Оған мән берген жоқпын. Жанымды қинаған ауруыммен азаптанып отырғанмын. Артынша сіздің үйдің арт жақ іргесінен от көрінді. Сонда барып өзіме өзім келіп орнымнан тұрдым. Мен жеткенше өрт ұлғайа берді. Ар жағын өзіңіз білесіз.

Шоң өз ойымен өзі болып, әйел қасынан кетіп қалды. Жүйрік бергендер келсе, неге жаяу келеді. Олар бұл маңайдан алыстау тұрады ғой. Олар атпен келуі керек қой. Содан кейін қайтып келіп, әйелден қайталап сұрады.

— Анық көрдің бе, аттылы адам ба, әлде жаяу ма?

— Шоңке, менің көзім жақсы көреді, екеуі де жаяу адамдар.

— Басқа не көрдің?

— Екі адамның біреуі ақсақ тәрізді көрінді маған.

— Ақсақтығын қалай байқадың?

— Жүрісінен, сүлбесінен байқадым, ақсақ екендігінде дау жоқ. Бір жағына қарай қисайып басып бара жаты.

Шоң бұдан кейін әйелді мазалаған жоқ. Өзімен өзі ойға беріліп, үйге келді. Аяғынын кемшілігі бар бір адамды да ойға түсіре алмады. Ақыры осы маңайда ақсақ адам бар ма деп үйге келген соң Әйімкүлден сұрады.

— Шоңке, Қабденнен басқа кім бар?

Қабден деген жігіт анау жылы қалың Тамалармен ренжісіп, мына іргедегі ауылға көшіп келген болатын. Елдің айтуына қарағанда, нағашыларын қорғалап келген Оны Шоң сырт білетін, бірақ онша таныстығы жоқ еді. Осыдан бес-алты жыл бұрын осы маңайдағы ауылдан бір қызды алып қашып кетіп, дауласып алдына келген де еді. Содан кейін жүздескен адам емес. Көрші ауылда тұратын. Әйімкүл айтқан адамды көз алдынан өткізді. Сонда қыз мәселесіне байланысты алдына шақырып алған, сөзі аз, аузы ауыр адам тәрізді көрінген. Мына үйді сол өртеді дегенге көңілі бармай отыр. Сол жолы қазылық айтқанда да, оған біраз ұрысып тастаған. Бірақ дауды соның пайдасына шешкен еді. «Қыз сендік екен, әке-шешесімен келісіп алмайсың ба, осы жасап жүргенің не?» деп реніш білдіре сөйлеген. Адамдар жаратылысы әртүрлі ғой, біреулер ренішті үйден шыға беріп ұмытып кетеді, енді бірі өлгенше ұмытпай жүреді. Сонда бұл жігітке қатты ұрысқан еді. Екі ру арасында жанжал шығарып жүргеніне қатысты біраз ауыр сөздер айтқан еді. Бұл да соны ұмытпай, еске сақтап жүр ме деп ойлады бір жағынан. Одан бері біраз жылдар өтті. Бірақ ол үшін үй өртеу мүмкін бе, бұл сұраққа жауап бере алмады өзіне өзі. Ұмытпай жүргені қалай? Одан ешқандай күдігі болмаса да ақыры сол жігітпен сөйлесуді жөн көрді. Әйімкүлге айтқан: «Сол Қабденді шақыршы, сөйлесіп көрелік» деген.

Қабден түс ауа келді. Ол келгенде Шоң немерелерімен бірге үй алдына тігілген киіз үйде тамақ ішіп отырған. Шоң оны дастарханға шақырды. Ол келіп отырған еді. Аман-сулықтан кейін Шоң сөз бастаған.

— Кабден осы сенің аяғыңа не болған?

— Шоңке, алдыңғы жылы аттан құладым ғой, содан бері осылай болып қалды. Бір тамыры созылып кеткен бе, жүргенде ауырады. Ал отырғанда түк білінбейді.

— Сен әлі жассың, аяғыңды емдеу керек қой.

— Талай емшілерге көріндім, бірақ нәтижесі болмай тұр әзірге..

— Сен қалаға бар. Сонда арнайы оқу бітірген мамандар бар, соларға көрін. Ел арасындағы емшілердің көбі ештеңе білмейді. Қайта өзінді шатастырады. Ең дұрысы, қаладағы емшілерге барып көрінген. Бұлай жүре беруге болмайды. Сенің өмірің әлі алда. Жассың ғой, — деп оның көңілінен шығатындай біраз жылы сөздер айтқан еді.

Мынадай сөздерден соң оның да көңілінде бір жарасымдылық орнағандай болды да:

— Шоңке, қол қысқа, оларға бара аламын да? Ақмолаға бару үшін де бір қойдың құны керек.

— Сені мен қалаға барғанда ала кетемін. Дәрігерге көрінуге де көмектесемін.

Жігіт куанып кеткендей ыңғай таныта отырып сөйледі:

— Шоңке, олай болса барамын…

Қылмыс жасаған адамнын өңінен, сөзінен білініп тұратын. Шоң оны пәлен жыл елге билік айтқанда байқап жүретін. Жауап алғанда ондай адамдардың көзі де, сөзі де өзгеріп кететін. Мынаның сөзінен, жүзінен ештеңе байқай алмады. «Анау әйел қателескен болар, оның үстіне бұған деген реніші бар бұрыннан». Өйткені, мына жігіттің алып қашқан қызына ана әйелдің баласы да сөйлесіп жүргенін естіген. Содан кейін өшін алу үшін айтып отыр ма деп те ойлады. Шоң енді өз ойынан өзі айныды. «Кімге кім ұқсамай жатыр. Ақсақтар аз ба, менің мұным қателік болар». Дегенмен, көңілде тұрған сұрақты қойды.

— Көріп отырсың, Қабден, біздің үйді біреу өртеп кетті. Кім деп ойлайсың?

— Шоңке, кім білген? Сіздің достарыңыз да, дұшпандарыңыз да көп қой.

— Ол рас. Сонда бұл маңайда маған жамандық жасауы мүмкін кім деп ойлайсың? — Бұл сұрақты әдейі қойған еді. Өйткені, бір ауыздан бір ауызға жететін сөздер болады. Мына жігіт сондай сөздің бірін естіген шығар деп, әдейі білу үшін сұраған.

— Кім білген? — деп қысқа ғана сөзбен жауап берген еді. Жігіттің күмілжіп қалғанын байқады Шоң. Сол сәтте Қабденнің жүзі өзгеріп кеткендей болды. Шоң мұны байқап қалды. Сонда да бұған Шоң мән берген жоқ. Өзінше, мұндай сөз естіп отырған соң ұялудың белгісі шығар деген пікірге тоқтаған.

Өткен жолы Әлпейіс бай келіп, біраз реніш білдіріп кеткен. «Шоңке, сіз оязда жақсы атанғыңыз келіп, біздің барлық жүйріктерімізді бергіздіңіз. Ал мына Темештерден, жүйрігіне қарамай, бергенін алыпты».

«Бұл ояздың нұсқауы емес, ана губернатордың тапсырмасы. Оның арты жақсы болмайды. Арты үлкен сөз болып кету мүмкін. Басы артық сөзді тудырудың қажеті қанша?! Бәрібір орыстар біліп қалса, арты кейін үлкен сөз болады».

Сонда Әлпейіс қатты ашуланып кеткен. Сөзінің арасында көреміз сөзін айтып қалған. Шоң оған мән бермеген сонда. Реніштен туған сөз шығар деп болжаған еді. Қазіргі сәтте Әлпейістің сол сөзін еске алуында сыр бар еді. Мына жігіт қызды алып қашқанда Әлпейіс бұған ара түсіп келіп сөйлеген. Сонда Шоң оған да мән бермеген. Бұл жігіт адал болған соң соны жасап отыр ғой деген қортындыға келген. Қазір сол ойына түсті де, айтар сөзі өзгеріп кеткендей болған. Сол жұмсап, мынау соның айтқанын орындап жүр ме деген ой келді басына. Бірақ сонда да ол пікірге тоқтай алмады. Ол туралы айтып мына жігітті ренжітіп аламын да деп ойлаған еді. Бірақ көңілінің ар жағынан бір сұрақ туындап, сол маза бермей, содан кейін сұраған еді.

— Осы Әлпейістің саған қандай жақындығы бар?

— Ол менің нағашымның інісі ғой.

— Сол нағашыңның інісі біздің үйге өрт салуы мүмкін бе?

— Шоңке, оны мен қайдан білемін…

— Естіген шығарсың, өткен жолы мен оның үш жүйрігін орыстарға алып беріп едім. Соған ерегісіп жасап жүрген жоқ па?

— Ол жағын білмедім. — Жігіттің жүзі тағы да өзгеріңкіреп кеткен. Шоң бағанадан бері жігіт жүзіне қарап отырған. Шоңның біреуді тексергенде жүзін байқап отыратын әдеті болатын. Кей қулар сыр бермейтін. Жүздерінде ешқандай өзгеріс болмайтын. Ал адал адамдар қызарып, болмаса жүзі ағарып кететін. Қазір мына жігіттің жүзі ағарып кетті.

— Ана Әлпейістің маған аттарын орыстарға алып бергеніме өшігуі мүмкін бе? — деп, Шоң алдында берген сұрағын тағы қойды. Ондағы ойы — жүзі тағы да өзгере ме екен — байқау болатын.

Жігіт сәл ойланып барып, үзіліс жасап жауап берді.

— Ол да ғажап емес…

Шоң мынаның бірден жауап бермей, ойланып қалғанына да мән беріп отыр еді. Тағы бір ғажабы, дұрыс сөйлеп отырған жігіт кенет кекештеніп қалды. Шоң оны байқап қалып, тағы сұрақ койды:

— Қабден, сенің осы кекештігің бар ма?

— Сасып, асығыс сөйлегенде ондайым бар.

— Мен сені асықтырып отырмын ба?

— Жоқ, сіз мына сұрақтарыңызбен мені кінәлайтындай тәріздісіз…

— Қабден, оның себебі бар, біздің үйге от салған адам ақсақ дейді. Содан кейін айтып отырмын. Бірақ сен оны көңіліңе алма! Ақсақ адамдар толып жатыр ғой.

— Шоңке, ақсақ адам екенін кім айтты?

Әйелдің атын айтса, бір үлкен жанжалдың туындайтынын білді де:

— Мен мына өз көзіммен көрдім. Сол кезде жазу жазып, шамды сөндіріп, денемнің құрысқанын жазу үшін терезеден қарап едім, ай жарық екен, екі адам біздің үй жақтан өтіп барады. Біреуінің аяғы ақсақ тәрізді көрінді маған.

— Шоңке, сіз қателескен боларсыз…

— Сонда ол адамның аяғы ақсақ емес деймісің? Мен көзіммен көрдім ғой.

— Қайдан білейін? — Мына сөзді айтқанда жігіттің жүзі тіптен өзгеріп кетті. Шоң бәрін байқап отырған еді. Алдында Малай айтқан, Әлпейіс Қабденге мініп жүр деп бір жылқы беріпті. Әңгіме арасында туындаған ол сөзге Шоң кезінде онша мән бермеген. Ұмытып та кеткен тәрізді еді. Әлгінде мына жігітпен әңгіме болғанда, сол інісінің айтқан сөзі ойламаған жерден басына орала кетті. Әлпейістің сараңдығын білетін, ол жайдан жай бермеген болуы керек. Енді мына жігіттің өртегеніне күдігі күшейе түсті.

— Саған Әлпейіс неше жылқы берді? — деп сұрақты төтеден қойды Шоң.

Сонда да берілгісі келмей, Қабден:

— Шоңке, сіз қызық адам екенсіз… Менің үй өртеуге ешқандай қатысым жоқ.

Шоң да мына жігіттің «қызық адам екенсіз» дегеніне ренжіп қалды. Бірақ ол күйін сездірген жоқ.

— Мен сені үйді өртеді деп кінәлап отырғам жоқ. Жай сұрап отырмын. Саған Әлпейіс бір жылқы беріпті ғой. Не үшін берді?

— Шоңке, туысқандық жолмен маған мал берсе, онда тұрған не бар? Ол үшін оны кінәлаудың жөні жоқ…

— Мен сені де, оны да кінәлап отырғаным жоқ. Сенің әкеңнің жақсы адам екенін, анада қыз дауында бір адам айтып еді, сен кімге тартып өтірікші болғансың?

— Шоңке, мен үй өртеді деп кім айтып отыр сізге? — Бұл сұрақты екінші рет қайталады ол.

— Қасыңдағы жігіттің есімі аузыма түспей отыр. Ол кім еді?

Қабден сол айтып қойған екен ғой деп ойлады. Енді кейін шегінудің ретін таба алмады:

— Ол — Айдар…

— Жарайды, бара бер, сені кінәлап отырған ешкім жоқ. — Қабден түкке түсінбей шығып кеткен еді.

Артынша Шоң Әлпейісті шақыртып алған болатын. Ол барайын ба, бармайын ба деп, ойға беріліп, «болыс шақырып отыр, бару керек» дегенге тоқтап, келген еді. Шоң тілін алмаған адамға өшігіп алатынын, қаһарына іліккен адамды оңдырмайтынын және білетін. Бармаса Ақмоладан стражник шақыртып, апарып қаматып қоятынын сезіп, амалсыз қорыққанынан келген. Бармағанымен бәрібір, Шоңнан құтыла алмайтынын білді. Ақыры келген. Тамақ істетіп қойған екен. Ет желінді, қымыз ішілді. Әлпейіс көңіліне Шоңның мына қылығы бір сенім кіргізді. Ол әлі Қабденмен кездескен жоқ болатын. Жай бір шаруамен шақыртып отыр деген ойға тоқтаған. Әуеліде қысыла-қымтырыла сөйлегенімен, кейін еркіндікке кетті. Ашығына көшкен.

— Шоңке, осы сіз мені неге шақырдыңыз?

— Мен сенен үйімді неге өртегеніңді білгім келеді. — Сөзді турасынан ашық қойған.

— Шоңке, оны сізге кім айтты?

— Мен өз көзіммен көрдім.

— Тап сол уақытта ұстамай, енді жала жауып отырсыз!

— Сен өртеген жоқсың, бірақ өртеткен сенсің!

— Шоңке, мынауыңыз көрмей, білмей, жала ғой.

— Әлпейіс, сені мен босқа кінәлап отырған жоқпын. Сенің жүйріктеріңді алған мен емес, губернатор, мықты болсаң өкпеңді айтып, соған жаз. Ана менімен бірге оңтүстікке барған болыстарға не істегенін естідің ғой. Мен соны күн ілгері білдім. Екі-үш болысты Герасимов шақыртып алып, жауып қойғанын естіген шығарсың. Мен ондайға ұрынғым келмейді. Содан кейін сендерді қыстым. Менде не шаруаң бар? Соны менен көріп, үйімді неге өртейсің?

— Шоңке, сізді кінәлап отырған ешкім жоқ, сіз де мені орынсыз кінәламаңыз…

— Сен өртеген жоқсың, бірақ ана жігіттерді жұмсап, өртеткен сенсің ғой. Есіңде болсын, Әлпейіс, онымен есең қайтпайды.

Әлпейіс аузына сөз түспей отырып қалды. Сәлден соң Шоң:

— Олай болса, ояз сотының алдына барып сөйлесейік.

Мына сөзді естігенде Әлпейістің зәресі кетті. Сонау Кенесары заманынан бері талай адамдар Сібірге айдалып, көбісі із-түссіз кеткен.

Шоң айтса, оның сөзін анау отырған ояз өтірікке шығармайтынын біліп отыр еді. Ояз қиналмайды, Сібірге айдайды да жібереді. Көз алдына өзі көрмесе де, ел айтып жүретін Сібір елестеп кетті. Шоңның айтқанын ояздың екі сөзге келмей орындайтынына күмән жоқ. Қазір мына сөзді сонсоң айтып отыр деп бағалаған Әлпейіс.

— Шоңке, мен айттым ғой, өртке ешқандай қатынасым жоқ. Сіз сенбей отырсыз ба?

— Менің әбден көзім жетіп, содан кейін сені шақырып айтып отырмын саған.

Әлпейіс сөз таусылғандай отырып қалды.

— Сен неге үндемейсің?

Әлпейіс мына Шоң бәрін біліп алып, мені шақырып отыр екен ғой деп ойлады. Сөзі бітіп қалғандай болды. Содан кейін айтқан:

— Амалым жоқ, сіздің айтқаныңызды орындауға тура келеді. Сіз болыссыз, менен күштісіз. Кез-келген жерде ояз сіздің дегеніңізді жасайды.


Шоң мынаның ақталу үшін, бір далбаспен айтып отырғанын білді.

— Үйімді маған ренжіп өртегеніңді біліп отырмын. Сен өзің сөзді көбейтіп жібердің ғой. Олай болса, сен кінәлі емес екеніңді сот алдында дәлелде. Кінәсіз болсаң, ешбір адам саған күйе жаға алмайды.

— Шоңке, сіз мықтысыз, мен әлсізбін. Сондықтан сіздікі әр уақытта дұрыс болып шығады.

— Сен, Әлпейіс, бос сөз сөйлемей отыр. Сенің кінәң жоқ болса ешкім саған кінә қоя алмайды. Жазығыңның жоқ екенін сот алдында дәлелдеп шық деп айтып отырмын ғой…

— Шоңке, сіз айтып отырғанда менікін олар дұрыс демейді. Олай болса, қазақшылық жолмен шешейік.

Мынасы әбден мойындамау екенін түсінді Шоң.

— Сонда билердің алдына барайық дейсің бе?

— Билердің маған көзқарасын білесіз…

— Енді маған не істе дейсің?

Әлпейістің мойындап қалғанын Шоң енді біржола сезді. Содан кейін айтқан:

— Менің қояр талабым — үйдің құнын төле!

Болыстың соңынан қалмайтынын түсінген ол, содан кейін отырып:

— Біз туыс адамдармыз. Сіздің басыңызға түскен бір ауыртпалықты көтеріп, бір үйді қайыра салып берейін. Тек сіздің көңіліңізде күдік қалмасын. Ояз судьясына сізбен бару маған да, сізге де ұят болар. Елге де сездірмей-ақ қояйық, — деді Әлпейіс.

— Сен мына істі мойындап емес, менен қорыққаннан жасап отырған адамға ұқсайсың. Мен анық-қанығына жеткен соң, сені шақырып айтып отырмын. Тағы да айтамын, сен оған түсін. Сен өзің келіп, әдейі өртеген жоқсың. Бірақ сен жұмсаған адамдар жасады. Дұрыс айтасың, екеуміздің сот алдына барғанымызды естіген жұрттан ұят. Сені мен дұрыс түсініп отырсың. Мен сені сот, билер алдына апарып әуре етпейін. Сені де, мені де ел ертеңгі күні мазақ етеді. Оған бармай-ақ қояйын. Сен мына өртеніп кеткен үйді қалпына келтіріп бер, күз түскенше.

Әлпейіс әлде де анық-канығына жеткісі келіп:

— Шоңке, тура мені мойындатқандай етіп сөйлеп отырсыз. Мен әлгі сөзді ұялғаннан айтып отырмын. Олай болса, алдымен мен жұмсаған адамды әкеп көрсетіңізші.

— Сен одан түк ұтпайсың. Қажет болса уақытында ол да болады. Оны қажет етсең, мен оларды тура сот алдына шақырамын. Қазір ел алдында көрсетіп оларды әшкерелегім келмейді. Жұрт алдында оларды ұялтқым келмей отыр.

— Шоңке, сонда да құрып кеткенде атын айтыңызшы…

— Оның аты неге керек саған? Кім екенін өзің білесің, — Шон қазір барып соны кінәлағалы отырғанын білді. — Сен оған барып тиіссең, шаруа басқаша бет алады. Біліп отырсың ба? Ең дұрысы, жабулы қазан жабулы қалсын істегім келеді. Мен ешкімге айтпаймын. Үн-түнсіз үйді қайыра салып бер.

Әлпейіс Шоңның бәрін біліп отырғанын білді. Бұдан кейін үндеген жоқ, орнынан тұрып үйден шығып кетті. Шоң оны тоқтатқан жоқ. Түк демей қалды. Қабденге барып мені саттың деп айтса, мұның арты тіптен шиеленісіп кететінін білді Әлпейіс. Қабден үйіне барған жоқ. Одан түк шықпайтынын білді. Шоң оны да мойындатып, барлық шындықты біліп отырғанын сезді. Айдап отырып Телқозыға барды. Онымен оңашалап отырып сөйлескен еді.

— Мына болыс балаң маған үй өртеді деп жала жауып отыр. Не істеймін?

— Шоң олай десе оның дәлелі бар шығар. Мен оған не айтамын?

Телқозының мына сөзінен кейін Әлпейістің айтары бітіп қалды да:

— Иә, болыстікі әр уақытта дұрыс. Телеке, сіздің балаңыздың қолында үлкен күш бар. Сондықтан да оның айтқандары қай жерде болмасын шын дейді. Ал менікі кисық болып шығады. Сондықтан да, мен осы шаруаны қоздырмай, сіздерге елу жылқы берейін. Сонымен жылы жауып қояйық.

Телқозы мынаның әбден мойындап келіп отырғанын білді. Қайтсе де үй құнын төлейтінін сезді. Соған орай айтқан болатын өз ойын:

— Шоңға ол үй оңайлықпен түскен жоқ. Жүзден артық жылқы кетті базарға. Егер келісімге келсең, жүз жылқы бер. Содан кейін онымен өзім сөйлесейін.

Әлпейіс амалсыз көнген еді. Сол күні Телқозы Шоң үйіне келді. Үйдің түгі қалмай өртеніп кеткенін алдында келіп көрген еді. Іші ауырған. Енді өртеуші ұсталды. Аямай құнын төлету керек екенін ойлап келген баласына. Телқозынын көмейі кең еді. Енді тұрып өкінді. Алдында Әлпейістен екі жүз жылқы сұрамаған екенмін деп ойлады. Соған өкінгендей болып келген Шоң үйіне. Сөз бастаған.

— Әлгінде маған Әлпейіс келді. Үй құнына жүз жылқы беремін дейді. Мен оған келіскім келмей отыр. Екі жүз жылқы сұрасақ қайтеді?

— Телқозы, екі жүз жылқы көптеу болады. Сол жүз жылқысын ала бер. Мен келесі жылы ол жылқыларды базарға сатқызып үйді қайыра салғызамын. Сол дұрыс. Әйтпесе, жұрт құлағына тиіп, Шоң Әлпейістен өртенген үйі үшін екі жүз жылқы алыпты дейді. Ондай сөзді естігім келмейді. Ол да соны ойлап отырған болуы керек.

Шоң мына істі қалың елге Әлпейіс үй өртеді деген сөз жайылып кетпесін деп әдейі жасап отырғанын білді Телқозы. Онысы дұрыс деп ойлаған. Болысқа ерегісіп үйін өртеп кетті деген сөз жаман екенін ол да сезіп отыр еді.

Ертеңіне Шоң да, Телқозы да үй балалардың тастаған шырпысынан өртеніп кетті деп жүрді. Ел бұған сенді. Содан ба, болыс үйінің өртенгеніне айтар сөзі жоқ ел онша мән бермеген еді. Әлпейіс ешкімге сездірмей Телқозыға жүз жылқыны айдап әкеп берген. Бұл туралы үшеуінен басқа тірі жан білген жоқ. Шоң үлкен күлкіден, Әлпейіс соттан арашаланып қалды. Телқозы жылқылары тағы жүз жылқыға көбейді. Жүз емес, тағы біраз жылқы қосылды. Ағайындық көмегіміз деп ел тағы да біраз жылқы әкеп берді Телқозыға. Ол Шоңға сездірмей, оларды ала берді.

Шоң үй өртенген Жартоғайды сәтсіз жер деп есептеп, өзінің ежелгі қонысы Қызылағашқа көшіп келген еді. Енді келер жылы үй салуды басқа жерден бастаймын деп жүргенде бас ауруы күшейіп, кейінге сырғыта берді. Сөйтіп, жаңа үй салынбай қалды. Шоңның қалған өмірі Қызылағашта өтті.

Ояздың өлімі біреуге қуаныш, біреуге қайғы әкелді

Шоң Карбышевтің тапсырмасы бойынша казак-орыстарды шығарып салған соң Ақмолаға жақын жердегі оның әйелі Қалимашқа барып қайтқан. Оған күйеуінің Санкт-Петербургке кеткенін айтқан: «Ол сол жақтан біржола келмесе де ризамын». Шоң оның бұл сөзіне түсінбеді. Пәлен жыл бірге тұрған күйеуіне сондай ұшқары сөз айтқанына ренжіп қалды. Содан Шоң Қалимаштан сұраған еді: «Семен Иванович сенің пәлен жыл бірге тұрған күйеуің, бұл сөзді қалай айтасың».

— Екеумізді байластырып тұрған жалғыз бала еді. Ол жақында Балқан түбегінде болған бір соғыста қайтыс болыпты. Маған әйелі жазған хатты Герасимов әкеп берді.

Содан Шоң ештеңе айтпай қайтып кеткен. Жолай қаладағы Герасимовқа жолықты. Ол айтқан: «Енді ана әйел Карбышевті маңайына жуытпас. Семен Иванович оны қатты сүюші еді. Енді жағдайы қалай болады екен». Шоң Қалимаш аузынан әлгі сөзді естігенде ештеңе айтпастан аулына қайтып кеткен. Арада бір жарым ай өткенде Ақмоладан жолшы келді. Ол Герасимовтың шақырып жатқанын айтқан. Шоң хабарды алысымен Ақмолаға тартты. Герасимов Шоңға барлық жағдайды баяндады: «Қалимаш үйіне жуытпай, Карбышев қаладағы үйінде жатыр. Саған Карбышев хабар бер деген соң, ана татарды мен жібердім. Сенімен сөйлесетін сөзім бар дейді». Екеуі Карбышев үйіне келген. Ол төсекте жатыр екен. Жастығынан басын көтеріп, сөйлесуге шамасы келмеді. Осыдан-ақ Шоң оның қатты ауру екенін білді. Жатқан қалпында Карбышев неге шақырғанын айтып кетті.

— Анау Қалимаш мені шын сүймейді екен. Барған күні бір қондырмай үйден айдап шықты. Жалғыз баланың өлгенін менен көреді. Мен де баланың өлгенін естігенде өлі мен тірінің арасындағыдай күйде болдым. Қалимашқа үйленгенімнің қателігін енді білдім. Бәрі кеш болды. Менің өкпе ауруым қозып, Санкт-Петербург ауасы әсер етті ме, жүрегім ауыра бастады. Бұл тағдырдың мазағын қарашы. Тура осы сәтте ауырып қалғаным… Санкт-Петербургтен түк бітіре алмай қайттым.

Санкт-Петербургте былықпай болып жатыр. ІІІ Александр қырық тоғызға қараған шағында белгісіз аурудан қайтыс болып, император орнына тұратын адам әлі белгісіз екен, оның орнына әйелін қоюуды либералдар мен еврейлер қолдан отырған көрінеді. Оларға патша маңайында жүрген ұлтшылдар қарсы шығып жатқан сияқты. Қай жағы жеңері белгісіз. Содан үлкен дау боп жатыр. Қазір еврейлр күшейіп алды ғой. Бар мәселеге солар араласып отырады екен. Пәлен жүз жыл билік құрған Романовтар әулеті басына қауіп төніп тұрғандай. ІІІ Александрдың әйелі Дат корольдігінің қызы ғой, әйелінің жаратылысы орыс болмағандықтан, патша маңайындағы орыс ұлтшылдары бұған қарсы екен, шетелдік әйел Ресейді қалай басқарады деген сөз шығып жатқан көрінеді. ІІІ Александрдың баласы ІІ Николай жаратылысында жуас адам дейді. Оның ел басқара алатынына күдік келтірушілер бар сияқты. Патша жағын қойшы, әйтеуір біреу тұрар. Баламның өлгенін естігенде барлық арман су түбіне кеткендей болды, содан түк бітіре алмай қайттым. Жолда губернатор Густав Христиановичке соқтым, ол да қатты ауру екен. Енді оның да жұмыс істей алатын түрі жоқ тәрізді. Сонда да үйіне әдейі барып, көңілін сұрап, менің орныма Ақмола уезіне інімді ояз етіп жіберуін сұрадым. Ол Санкт-Петербургтегі жағдай сәл реттелсін дегенді айтты. Ол кісінің де жасы жетіп, қартайып отырған адам ғой. Оның тілін жоғарыда отырғандар алса жақсы. Ол кісі менен аянбайды ғой. Илья маған қарағанда жуастау. Болса да Вадим жоқ. Сен, Шоң Телқозинович, болыстардан бастап, бәрі орнына өз адамдарын тықпалап жатыр. Солардікі дұрыс сияқты. Мен сенен неге жасырайын, Ақмолаға уезд бастығы етіп інімді қалдырғым келеді. Ақмола түбінде губерния орталығы болуы мүмкін. Егер Ильяның қолынан іскерлік келсе, Ақмола аймағын билеу Карбышевтер ұрпағында болады. Мен ініме сол туралы айтып кеттім. Сенен сұрайтыным, Илья ояз қызметін меңгеріп кеткенше қасында бол. Анау төрелер кедергі жасап бағады. Герасимов екеуің оған жол бермеңдер. Ал Қалимашқа айт, жылқының жартысын Ильяға берсін. Ол тұрған үйге таласпайды. Ал қаладағы мен тұрған мына үй інімдікі болады.

Шоң күн сайын барып, Карбышев жағдайын біліп тұрды. Екеуінің арасында біраз әңгіме болып жүрді. Бір күні барғанда Карбышев айтқан:

— Мен пәлен жыл Қалимаштың төсегінде бірге жаттым. Ол, байқадым, мені сатып отыр. Енді сол төсекті басқаға кимай жатырмын. Ол да өлуі керек…

Мына сөзді ояз аузынан естігенде Шоң қорқып кетті.

— Семен Иванович, тағдыр солай. Соның айтқанына көну керек. Қалимаш әлі жас, біраз жыл сізге жолдас болды. Сіз оған айтқаныңызды жасатпаңыз. Ол ешқандай адамгершілікке жатпайды. Оны силамасаңыз да, оған деген өз махаббатыңызды силаңыз. Тірі жүре берсін!

Карбышев аузына сөз түспегендей біраз үнсіз жатты да:

— Мен оны да біліп жатырмын. Өмір шіркін, маған ауыр тағдыр әзірлеп қойған екен. Пәлен жыл бірге тұрған әйелім маған сырт берді. Содан ызам келіп жатыр. — Содан кейін Карбышев жатып айтқан: — Сен, Шоң, маған ақылға салуға бір күн уақыт бер. Жаңағы айтқан жайды ойланып көрейін.

Шоң Карбышевтын сөзінен қорқып қалып, түн ішінде Ризаны Қалимаш аулына жіберіп, оған сенімді адамдарынан күзет қойсын деген. Басқа ештеңе айтпаған.

Содан Қалимаш Ризаға айтып жіберіпті: «Менің сүйген жігітімді Карбышев қайда құртып жіберді екен, соны біліп берсін» — депті.

Ертеңіне барғанда Шоң сөз бастап еді. Қалимаш емес, Қаниса сұрады деп бастады сөзін:

— Семен Иванович, Қаниса сізден сұра деп еді, Қалимаштың сүйген жігітін қайда жіберген екен, соны біл дейді маған.

— Ол кемпір оны қайтеді. Қалимашпен қайыра қосқысы кеп отыр ма? Мен оны жындыханаға салғанмын, баяғыда өліп қалған шығар.

— Өлсе өлсін. Бірақ шындықты айтып кетіңіз. Ол дүниеге жүк арқалап кетпеңіз.

— Олай болса, ана кемпірге айт. Қалимаш жылқының жартысын беремін деп қолхат берсін, — деді.

— Семен Иванович, бұл тілегіңізді орындаймын. Тек сіз қай жындыханаға салғаныңызды айтыңыз.

— Сол Омбыдағы үлкен жындыхананың бірі. Қазір есімде жоқ. Ол тірі емес.

— Сіз оның өлі-тірілігіне жауап бермейсіз. Тек шындықты айтқаныңыз дұрыс болар.

— Шоң Телкозинович, мені қинай бермеші. Омбыдағы үлкен жындыхана деп отырмын ғой. — Осыны айтты да Карбышев көзін жұмып жатып қалды. Осыдан кейін Карбышев тіл катуды қойды. Тірі мен өлінің арасындағыдай бір күйде жатыр еді. Ақыры Шоң Қанисадан Қалимаштың жігіті туралы сұрады.

— Оны сұрап отырған кім?

— Қалимаштың өзі.

— Мен оны білмеймін. Шалым өліп қалды деп жүрген.

Таңертең ертелетіп Герасимовтың өзі келді де, түнде Карбышевтің қайтыс болғанын мәлім етті Шоңға…

— Ендеше, інісіне тезірек хабар бер, — деді Шоң оған.

Герасимов Омбыға жүретін поштаға хабарлауға кетті. Шоң Қалимаш үйіне тартты. Оған келіп айтқан:

— Карбышев қайтыс болды. Соны жерлеуге қатыспайсың ба?

— Мен енді оның өлі жүзін де көргім келмейді. Сен мен айтқанымды орындадың ба?

— Айтқан адамыңның өлі-тірі екені белгісіз. Жындыханада жатқан көрінеді. — Бірнеше жыл қасында жатқан адамды жерлеуге барғысы келмей тұрған Қалимашқа ренішті еді Шоң.

Содан Шоң қалаға қайтып кеткен. Герасимовпен ақылдасып, інісін тағы екі күн күтуге келіскен еді. Сол екі ортада Қалимаш Ақмолаға келген. Ашулы екен. Қанисамен екеуінің арасында сөз басталып кетті.

— Қаниса апа, Қайымды қайда жібергенді қазір маған айтыңыз!..

— Құдай біледі, білмеймін.

— Сіз білмесеңіздер, мен айтайын. Ол Омбының жындыханасында жатқан көрінеді.

Қаниса жаңа ғана естігендей болып:

— Оны қайдан естідің?

— Кеше өлер алдында Карбышев маған айтты. Мен соған бүгін жүремін, — деді Қалимаш.

Осы кезде Ыбырай келе қалды. Ол мыналардың сөзін естіп алып:

— Ол өліп қалған шығар. Жындыханаға түскендерді көп ұстамайды деп естігем, — деді.

— Өліп қалса да, жатқан жерін көремін.

— Сенің жалғыз баруың қиын болады. Мына Шоң екеуің бірге барыңдар, — деді Қаниса.

— Бүрсікүні Қарбышевті шығарып саламыз. Содан кейін барайық. Пәлен жыл бірге қызмет еттік, соңғы сапарға шығарып салу — менің міндетім.

— Мен оны күтіп отыра алмаймын, — деді Қалимаш.

— Екі-үш күнде тұрған ештеңе жоқ, көбіне шыдадың, енді азына да шыда. Мен пәлен жыл бірге істеген адамға топырақ салмай кетсем, ұят болады.

«Олай болса, мен барамын» дегенді айтып, Ыбырай белсенділік көрсетіп шыға келді. Оның мұнысын Қалимаш та мақұлдаған еді. Содан екеуі ертеңіне Омбыға жүріп кеткен.

Карбышевтің інісі кешікті. Күн ыстық болатын. Шіркеу адамдарымен келісіп, оны жерлеген еді. «Адамның айтқаны болмайды, Құдайдың дегені болады» рас екен, ақыры Карбышевке топырақ арман еткен әкесінің туған жерінен емес, ақыры Ақмола жерінен бұйырды. Әкесінің қасына жатты. Ағасын жерлеген соң екі күннен кейін Илья келді. Алайда, Карбышевтің ойлағаны болмады. Гасфорт Карбышев кеткеннен кейін біраздан соң қайтыс болыпты. Ильяның Ақмолаға уезд бастығының келуі шешілмей қалған еді. Ол ағасы өлді дегенді естіп, әлі ешқандай бекіту болмаса да, ояз бастығы екенін сезініп келген еді.

Кешке жақын Шоң мен Герасимов, ояз судьясы, шіркеу қызметкерлері бар, Ильяны әкесі мен ағасының бейітіне алып барған еді. Әкелі-балалы екеуі қатар жатқан. Бұлардың таң қалғаны — екеуінің денесі жоқ, жерлеген орны бос жатыр…

Герасимов айтқан: «Бұл Ыбырай Жайықбаевтың шаруасы» деді. Шоң да оның бұл айтқанын шыңға балап тұрған. Бірақ ауыз ашып ештеңе айтпады. Ояз судьясы айтты:

— Оны қалай дәлелейсің? Семен Ивановичті жерлеместен бұрын ол Омбыға кеткен. Маған кіріп айтып кеткен, — деді.

— Ол өзі қатыспағанымен, оның айтуымен төрелер жасады. Осында Семен Иванович Санкт-Петербургке кетіп бара жатқанда мені орнына қалдырғанын естіп шу шығарған. Мен орынбасарымын, неге мен тұрмаймын дегенді айтқан. Ол сонда қатты ашуланған. Бұл шаруа соның қолынан келді.

— Ол дәлел бола алмайды. Бұл сөзіңмен Жайықбаевты жауапқа тарта алмаймыз, — деді судья. Шоң оның бұлай неге сөйлеп тұрғанын білді. Жайықбаев пен судьяның көңілдері әуелден жақсы болатын.

— Сен, Шоң Телқозинович, не айтасың бұған? — деді Герасимов. Оның ондағы ойы Шоңды тартса, әлгі айтқан сөзі мықты болатынын Герасимов біліп тұр еді. Шоңның төрелерді жақтырмайтынын білетін.

Шоң өзіне үлкен жауапкершілікті Герасимов мына сөзімен жүктеп отырғанын білді де:

— Мен Карбышев аузынан Ыбырайды да, сені де қойып кеткенін естігем жоқ. Ол кезде елде болдым ғой, қалай айтамын? — деді. — Осипович, мен жалған айта алмаймын.

Герасимов Шоңның бұл сөзіне риза болмады. Алайда, қарсы сөз айтқан жоқ.

— Рас, Телқозин ол кезде қалада болған жоқ қой. — Судья бұған қарсылық білдірді.

Герасимов судьяның Ыбырайды жақтап тұрғанын білді. Өйткені, олардың қандай істе болмасын, бірінің бірі тілін тауып жүргенін сезетін. Ол мына сөзімен Ыбырайды қорғап қалғандай болды. Шоңның әлгі сөзінен кейін Герасимов та, Карбышевтің інісі де қарсы сөз айта алмады. Екеуі бұдан кейін ешкіммен ақылдасқан жоқ, жандарм бастығына бірнеше төрелерді тұтқындатқан еді. Олардың туыстары Омбыға шапқан. Бұл екі арада бірнеше күн өтіп кетті.

Сөйтіп отырғанда Омбыдан жаңа ояз келді. Қасында екі полковнигі бар. Гасфорт орнына Санкт-Петербургтен келген генерал-губернатор ояздыққа жаңа адамды жіберіпті. Екі полковник кеңсе қызметкерлерін жинап, жаңа оязды таныстырды.

Карбышев пен оның інісінің арман-мақсаты далада қалды. Жиналыс аяқтала бергенде бір топ төрелер мен қамауға алынған адамдардың әкелері келді. Арасында Қаниса да бар. Олар ешқандай кінәсі жоқ төрелерді жауып қойғанына арыз айтуға келіпті. Сөз басталып кетті. Омбыдан келген полков- никтің біреуі тұрып:

— Ешқандай дәлелсіз ешкімді жабуға болмайды, — деген еді. Герасимов отырып айтқан:

— Көрде жатқан адамды табытымен ендеше кім қазып әкетті? — деді.

— Оны жасаған төрелер екенін дәлелдеу керек, — деді Омбыдан келген полковник.

— Төрелерден басқа кім енді? — Герасимов болмады.

— Сендер әуелі дәлелдеңдер, содан кейін жабу керек. — Полковникке ешкім қарсы келе алмады. Содан екі полковник жаңа оязды тағайындап, қайтып кеткен еді. Карбышевтің інісі әкесі мен ағасының көрін талқандап кеткен кісілерді іздеуді жүргізіп жатты. Осы кезде Омбыдан Ыбырай келген еді. Карбышевтің інісі:

— Менің әкем мен ағамның көрін талқандауға сен ат салыстың. — Бұл сөзді Герасимовтың нұсқауымен айтып тұрғанын Шоң түсінді. Алайда, өз пікірін айтпай, бейтарап тұра берді. Герасимов болмады.

— Шоң Телқозинович, сен пікіріңді неге айтпайсың?

— Мен не айтамын? Омбыдан келген полковник айтып кетті ғой, полиция тексеретінін. Бұл іске араласпай, біз сырттау тұра тұрайық.

Осы кезде сөзге Ыбырай араласып:

— Саған Шоң айтып тұр ғой, полиция тексереді деп, әліптің артын күтпей, сенің осың не?

— Жайықбаев, бұл шаруа сенің қатынасуыңсыз болған жоқ, — деді Герасимов.

Ыбырай қысылған да, қиналған да жоқ:

— Олай болса соны дәлелде. Мен Омбыда болғам онда. Сенің ағаңның төрелерге ғана емес, қара қазаққа да істемегені жоқ. Қалимаштың аламын деп жүрген жігітін жындыханаға салып қойған. Соның тірі-өлі екенін білуге бардым. Тірі екен, соны тексеріп жатырмыз. Амандық болса, таяуда келеді. Ағаң ояз болып келген соң ойына келгенін жасады ғой. Оның мойнында талай төрелердің көз жасы бар. Оны қарғыс атқан, содан кейін осындай күйге ұшырап отыр. Сол ағаңның өлі денесін ұрлаған адамды тап, менен аулақ жүр.

Карбышевтердің қабірлерін талқандаған төрелер екеніне Герасимов пен оның інісінің көзі жеткенімен, бірақ дәлелі жоқ еді. Герасимов Илья екеуі ұйқы көрмей, күні-түні іздеді. Әкесі мен ағасының денесін жоқ еткен төрелер екенін дәлелдемекші болды. Бірақ ешқандай дәлел таба алады. Екеуінің төрелерге күдігі күшті болғанымен, алайда дәлелі жоқ. Енді Ыбырай жанжал шығарды. Жаңа оязға барып айтқан: «Сіз мыналарға қойғызы- ңыз, мына Карбышевтің інісін қуып, Герасимовты орнынан шығарыңыз. Әйтпесе, бұл қалада тыныштық болмайды».

Жаңа ояз Герасимовты шақыртып алып айтқан: «Сіздер қалада шу шығаруларыңызды қойыңыздар. Істі полицияға тапсырыңыздар, солар істі тексерсін, кім жасағанын тапсын». Аналар бұған қарсы келе алмады, амалсыз айтқанын жасаған еді.

Бұдан кейін жаңа ояздың оларда жұмысы болған жоқ, уезге қарайтын барлық болыстарды шақырып, жинап алып танысу жиналысын өткізген еді. Солардың ішінен орысшаға жетік Шоңды байқап, оған айтқан:

— Сіз уездегі жағдайды көріп отырсыз. Байқаймын, осында істейтін адамдардың бәрін де, орыс тілін де, жағдайды жақсы білетін тәріздісіз. Сіз менімен бірге біраз жұмыс істесеңіз. — Шоң жаңа келген оязға қарсы келе алмады. Келіскен. Жаңа ояз айтқан: «Жұмыстан біраз адамды қуамын. Омбыдан басқа адамдар шақырамын. Әзірге сіз уезд кеңсесінде істейсіз».

Шоңның көңілі қаламай тұрса да, қарсы келе алмады. Айтқанын жасаған еді. Шоң күн ұзын кеңседе болып, кешкісін Қаниса үйіне келіп жатып жүрді. Бір күні келгенде үйде ақбас бір адам отыр екен. Шоң байқады, шашы ағарғанымен, онша қартая қойған адам емес сияқты.

Қаниса Шоңды оңаша алып сөз бастаған:

— Қалимаш Ыбыраймен барып таба алмай келді ғой. Бұл кісіні Омбы қаласында емес, сол мандағы бір жындыханаға Семен өткізіп жіберіпті. Ол қу еді ғой. Қалимаш өлді деп келген. Бекәлі іздестіріп, ақыры тауыпты. Міне, көріп отырсың, әбден қартайып, жүдеген. Қалимаш көріп, сырт айналып кете ме деп қорқамын. Енді Қалимашқа қалай көрсететінімді білмей отырмын. Байқап отырған шығарсың, әбден біткен адам тәрізді.

— Қаниса тәте, оған қиналмаңыз, бір кезде шын сүйсе, Қалимаш қабылдайды бұл кісіні.

— Кезінде бұл екеуінің махаббаты ғажап болатын. Енді қалай болатынын білмеймін…

— Өзіңіз айтқандай, Құдай да, адам да риза болады, Бекәлінің бұл ісіне. Ең дүрысы, Қалимашты өзі іздеп келгендей жасаңыз, — деді Шоң.

Содан сол түні екеуі әлгі адамды пәуескеге салып алып, Қалимаш үйіне алып барған.

Терезеден шам көрінеді. Бұлар келгенде Қалимаш жатып қалған екен. Есік қаққанда әуелі күтуші ашты. Шоң Қанисаға айтқан, Қалимаш тани ма екен, әуелі жігітті жіберейік деді.

Әлгі адамның аты Қамиді еді. Екеуі кіргізіп жіберіп, өздері сыртта тұрып қалған. Ана жақтан Қалимаштың даусы естілді:

— Сені де көретін күн болады екен-ау!

— Мен де сені бір көруді өмір бойы армандап жүрдім. Ақыры оным орындалды.

Бұлар ішке кіргенде екеуі бірін-бірі құшақтап жылап тұр екен. Қаниса айтқан:

— Қалимаш, жылама, Жаратушы тілегіңді орындады…

Енді Қалимаш Қанисаға бас салды.

— Мынаны қараңызшы өлуге сәл қалыпты.

— Ертең өлсем де ризамын. Мен үшін басты қуаныш сенімен кездескенім, — деді Қами.

— Семен маған Қамиді Сібірге айдап жіберді деген еді…

Қами тұрып айтқан:

— Мені Сібірге айдатып жіберсе, баяғыда қашып келетін едім. Мені апарып, Омбыдан бөлектеу бір қаладағы жындыханаға салып қойды. Талай рет қашуға қам жасадым. Бірақ шыға алмадым.

Шоң айтқан:

— Осында Семеннің інісі әкесі мен ағасының табытын алып кеткендерді іздеп жүр. Қамиды кінәлап, жауып қояр. Әзірге ешкімге көрінбесін, — деді.

Содан екеуі қайтып кеткен. Қайтып келе жатқанда Қаниса Шоңға:

— Бұл әділдік деген әр уақытта жеңіп шығады екен, пәлен жылдан кейін мына екеуінің қосылғанын қарашы!

— Қаниса тәте, дұрыс айтасыз, қандай жағдайда болмасын әділдік жеңіп шығады.

Ертеңіне Шоң кеңсеге барған еді. Жаңа ояз сөз бастады:

— Карбышевтің інісі анау ағасының үйін менен алмақшы. Оған әлгі Герасимов — ояздың досы көмектесіп жүр. Бұл үйді Карбышев өз қаражатына салдырған дейді. Ол Ресейден алып келген жоқ шығар. Шоң Телқозинович, осыған сіз қалай қарайсыз? Ана Герасимов пен Карбышевтің інісі екеуі маған қарсы жұмыс істеп жүрген сияқты. Бұларға не істеуге болады? Герасимовты қызметтен шығарып жіберсем деймін.

— Герасимов пәлен жыл осы уезде жұмыс істеді. Ана Карбышевтің інісінің көңілі үшін айтып жүрген болуы керек. Ол киргиздардың да, орыстардың да көңілінен шығып жүрген адам. Сіз оны шығарып ешнәрсе ұтпайсыз. Ол киргиздардың тілін жақсы біледі. Сізге келешекте керек адам.

Ояз үндемей біраз отырып қалды.

— Сонда мен не істеуім керек? — деп сұрады Шоңнан.

— Сіз ондай жанжалға бармаңыз. Анау генерал-губернатормен сөйлесіп, Карбышев інісінің сұраған ақшасын беріп, үйді сатып алыңыз. Сонда ол қарсы келе алмайды.

— Жарайды, губернатор келсе, сіздің айтқаныңызды жасауға тырысамын. Бірақ сіз де ана екеуімен сөйлесіп көріңіз. Не дейді екен?

Шоң Герасимовтың отырған бөлмесіне барған еді. Кабинетте Герасимовтың қасында Карбышевтің інісі Илья да отыр екен. Шоң сөз бастаған:

— Сендер жаңа оязға қарсы шыға бермеңдер. Одан түк ұтпайсыңдар. Оның қолында губернатор берген билік бар.

Герасимов отырып Карбышевтің інісіне айтқан:

— Сен, Илья, шыға тұршы, — деді. Ол шығып кеткен. Герасимов айтқан:

— Ол мені қызметтен қуамын дейді. Келмей жатып мұнысы не?

— Сенің қылығыңа қарай жасап отыр оны. Карбышевтің інісіне көмектеспей-ақ қоюың керек еді.

— Пәлен жыл ағасымен бірге істедім. Қалай көмектеспеймін?

— Қанша тырыссаң да одан түк шықпайды. Өзіңе пәле болып жабысады.

— Сонда мен не істеуім керек?

— Сенің де, менің де жасымыз келді. Қанша айтқанмен, біздің сөзімізді тыңдайтын адам аз. Менің саған айтарым, анау Карбышевтің үйін жаңа бастыққа алып бер. Ол тегін алмайды, ақшасын төлейді. Ал мен Карбышевтің өзі айтқан, жылқысын інісіне алып беруге тырысамын.

Шоң осыны айтты да кетіп қалды.

Шоң кешкісін осы шаруа не болады екен деген ойға беріліп, сұлтан үйіне келді. Өзі Герасимовке бармақшы болып отырғанда Карбышевтің інісі келген. Шоң оның мына келісіне таңқалып қалды. Ол әкесі мен ағасының бейіттерінің қолды болуына байланысты төрелерге өшігіп жүрген. Мына Ыбырайдын енесінің үйіне келгеніне танқалды. Шоңнан бұрын сөзді өзі бастап кетті:

— Сізге мені Герасимов жіберді. Сізбен сөйлесетін сөз бар…

Шоң оны ертіп алып сыртқа, есік алдына шығып кетті. Карбышевтің інісі сөзін жалғады:

— Сіздің төрелер алдына беделіңіз бар екенін Герасимов айтады. Маған ана әйелден жылқысының жартысын алып берсеңіз. — Бұл сөзді әуеліде өзіне Карбышевтің айтқанын Герасимов мынаған да жеткізгенін білді. — Сонсоң Семенның үйін алуыма көмектесіңіз. Сізді Герасимов Семенмен дос көңілді адам болды дейді. Бұл сөзді Герасимов аузынан естідім…

— Оның бұл сөзі шындық. Біз Семен Иванович екеуіміз біраз жыл бірге жұмыс істедік. Сенің ағаңның трагедияға толы өмірін білемін. Саған қолдан келген көмегімді аямаймын. Дегенмен, бәрін заң жолымен істеу керек. Оны жасамасаң, ұтылып қаласың. Анау жаңа ояз үйді заң жолымен алмақшы. Қанша сенікі дұрыс болса да, жаңа келген губернатор соны қолдайды. Жоғарыдан нұсқау болса, сот да соған бұрады. Сондықтан менің саған айтарым, ояздан үйдің құнына біраз ақша сұра. Ол амалсыздан береді. Сен ол үйді алғаныңмен мұнда тұрғызбайды. Сен ақшаны ал да, қайтадан Омбыға кет. Тағдырдың беті сендерге емес, соған бұрылып кеткен тәрізді. Мұнда тұрсаң, төрелер де күн көрсетпейді. Жылқы мәселесіне келсек, ағаң айтқан жылқының жартысын алып беруге тырысамын.

Сол күннің ертеңіне Қалимаш аулына екеуі жүріп кеткен. Арман-тілегі орындалып, сүйген адамымен тұрып жатқан келіншекті Шоң оңашалап, сөз бастаған:

— Мына Семен Ивановичтің інісі жылқының жартысын берсін дейді. Соған қалай қарайсың?

— Маған кеше Герасимов келіп айтқан, бірақ мен бұған бір жылқы бермеймін. Інісінің де, ағасының да ешқандай сіңірген еңбегі жоқ.

— Неге олай айтасың?

— Жылқының бәрін Сібірге жер аударған төрелерден Қоңырқұлжа екеуі тартып алған. Оның үстіне мен пәлен жыл әйелі болып қасында жаттым. Бір жылқы да Карбышевтікі емес.

— Бұл арада жылқылардың қалай жиналғанын сөз етпей-ақ қояйық, егер сен осындай көзқараспен сөйлейтін болсаң, барлық жылқыдан айрылып қаласың. Осында Карбышевке берілген казак-орыстар бар, солар бір түнде қуып әкетеді. Ең дұрысы, Карбышевтің інісімен келісіп, жылқының жартысын соған бер. Өйтпесең, әлгі мен айтқанды жасайды, болмаса сотқа беріп жылқыңның жартысын алады. Сен жылқылардың Сібірге айдалған төрелердікі екенін дәлелдей алмайсың. Оны айтсаң, мемлекет саясатына қарсы шыққаның болып табылады.

— Жарайды, жылқылардың үштен бірін беремін.

— Сен үштен бірін емес, жартысын бер. Солай онымен есеп айырлыс.

Қалимаш біраз ойланып қалды да, ақыры көнген. Жаңағы Шоң айтқан сөзде шындық жатқанын сезді. Карбышевтің інісі еріп келген. Ол басқа бөлмеде отырған еді. Шоң оны шақырып алып, олардың келісімін қағаздастырған. Екеуіне де қол қойғызды. Екеуіне де айтқан, бұл қағазға енді заң күші енді. Күш — қойған қолдарыңда.

Сол түні екеуі қалаға қайтқан. Келе жатқанда Шоң айтты:

— Сен, Илья, бұл жақта жүре берме. Өшіккен төрелер саған қастық жасауы мүмкін. Қалимаштан жылқының жартысын алдың, енді тайып отыр.

— Мен ана төрелерден кегімді қайтарғым келеді.

— Патша шенеуіктері аман болса, өздері де қайтарады. Сен оған асықпа! Менің де төрелерде өшім бар. Асыққанмен ештеңе бітіре алмаймыз. Сенің өзіңді өлтіріп тастауы мүмкін.

Ертеңіне Карбышевтің інісі тиісті жылқыларын бөліп әкеткен. Шоң оның іргелес Қарқаралы уезіне қоныстанғанын естіді. Карбышевтің інісі әлі де төрелерден кегін қайтаруды ойлап жүргенін білді.

Шоң кейін Герасимовқа айтқан:

— Сен ана Ильяға айт, жай жүрсін, ол бәрібір түк ұтпайды. Өзіне келер зияны көп болады. Оның қырсығы саған да тиюі мүмкін.

Герасимов та бір жағдайды түсінгендей болып, үндемей қалған.

Кейін Шоң арнайы Қарқаралы уезіне Ильяны іздеп барып айтқан:

— Сен осы арадан кет. Сені бәрібір тыныш қоймайды. Жылқыларды Қоянды жәрмеңкесіне апарып сатып, ақшалап ал.

Қарқаралыдағы орыстардың бірі Карбышевтің інісіне кеңес берген тәрізді. Ол соған орай ақылды іс жасады. Ол Қарқаралы уезінен жер алып, оған жаңа көшіп келген казак-орыстарды қоныстандырған, заемка Карбышевка аталған еді. Ал казак-орыстар жүрген жерге төрелер бас сұға алмайтын. Шоң оны жақсы білетін еді. Інісі сол жерде тұрып жатты. Келген казак-орыстардың көмегімен огород салуға кірісті. Бұл Қарқаралы жеріндегі казак-орыстардың тұңғыш мекені еді.

Жаңа ояз да Карбышевтің інісі көрші уезден қоныс тепкенін естіп отыр еді. Шоңға айтқан: «Герасимов болыстардан үй үшін ақша жинатып беремін дейді». Шоң мұны Герасимовтың оязды жаманатты ету үшін жасап отырғанын білді. Содан кейін айтқан: «Сіз оған бармаңыз. Онда болыстар анасын-мынасын айтып сізге келе береді. Сіз оларға тәуелді болып қаласыз. Ең дұрысы, хат жазып, губернатордан ақша сұраңыз».

Ояз Шоңның айтқанын жасаған. Губернатордан жауап тез келді. Оның нұсқауымен елден жиналып, мемлекетке өтпекші ақшаның біразын алып, Карбышевтің інісінен құтылған еді. Содан жаңа ояз бен Илья арасындағы дау осылай оңай біткен еді.

Жаңа оязбен таныстық жалғасты

Шоңды ояз аулына жібермеді. Карбышев тәрізді арнайы тапсырма да бермеді. Бірақ күн сайын таңертеңнен кешке дейін кеңседе отырып, әңгімелесіп отыратын болды. Шоң мұның сырын білді. Алғашқы күнінен орысша сөйлегенде Шоңның жергілікті халықтар арасынан орысшаны жақсы білетінін байқап қалып жасап отырғанын түсінді. Екіншіден, Карбышевтің інісінің шаруасын ретке келтіріп, Ақмоладан оны кетіргеніне риза еді. Үшіншіден, ақшаны болыстардан алмай, генерал-губернатордан сұратқанында бір мән жатқанын түсінген еді. Осының бәрінің ретін тауып жасатып жүрген Шоңның ақылды адам екенін білген.

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее