18+
Дерт
Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее

Объем: 102 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Д Е Р Т

1997 жылдың күз айында Қанабек Байсеитов атындағы музыкалық колледжде дәріс бе — ріп жүрген Бақыт тәте ертемен үйінен шығып автобус аялдамасына келді. Аялдамада көлік күтіп тұрғандар баршылық екен. Номер сегізінші автобус келгенде мұнда тұрғандардың көпшілігі көлікке қарай лап берді. Әйтіп-бүйтіп көпшіліктің екпінімен Бақыт тәте де автобусқа ілінді-ау, әйтеуір. Колледж қаланың орталығында орналасқан еді. Мұнда ол кісі қазақ топтарына — сольфеджио, музыкалық сауатының негізі, гармония, музыкалық әдебиет пәндерінен қазақ тілінде дәріс беретін. Еліміз егеменді болып тәуелсіздік ел болғаннан кейін жоғарғы және орта оқу орындарында қазақ тілінде оқытатын топтар ашыла бастаған еді. Қазақ орта мектептерін бітіріп келген балаларға бұл өте тиімді болды. Жергілікті балалар әрине орыс тілін біледі. Ал ауылдан келген балаларға, әсіресе Монғолия мен Қытай елдерінен көшіп келген кісілердің балаларына орыс тілінде оқу қиынға соғады. Сондықтан қазақ топтары ашылғаны қуантатын жағдай болып табылады.

Сонымен, Бақыт тәте кабинетке кірді. Оқушы студенттер әлі жиналып бола қоймапты. Ол кісі сағатына қараса сабақтың басталуына әлі біраз уақыт бар екен. Балалармен амандасып, ананы-мынаны сөйлесіп отырғанда бір қыз оқытушысына қарап:

— Апай, бүгін Айгүлдің туған күні!

— А… жақсы екен, құттықтаймын! Денсаулығың мықты болып, деген арманыңа жет айналайын! — Осыдан кейін бір қызды қасына шақырып, — Нұргүл, мына ақшаны алып, жақын маңдағы дүкеннен кәмпит алып келе ғой, — деп құлағына сыбырлады.

Нұргүл түрлі-түсті фантиктерге әдемілеп ораған тәттілерді алып келіп апайына берді.

— Рахмет Нұргүл, сабағымызды бастайтын уақыт болыпты, орындарыңа отырыңдар. Алдымен балалар, Айгүл деген домбырашы қызымызды туған күнімен құттықтап қояйық та мына тәттілерден ала отырайық, — деп, Бақыт тәте Нұргүл әкелген жаңағы кәмпиттерді столдың үстіне бетін ашып қойып қойды. Оқушы студенттердің бәрі мәз болып тәттілерін ала бергенде Нұрлан деген сырнайшы бала есікті тоқылдатып, «кіруге рұқсат па?» деп кіріп келді.

— А, Нұрлан, неге кешігіп келдің? Орныңа отыра ғой, бұдан былай кешікпе, — деп апайы Нұрланға қарап жымиды. Столдың үстіндегі тәттілерді көріп Нұрлан:

— Бұл ненің құрметіне? — деп қалды апайына қулана қарап. Отырған балалардың бәрі күліп жіберді.

— Айгүл қызымыздың бүгін туған күні екен, құттықтап қой, қу бала, — деп апайы бұл балаға сүйсіне қарап жымиды.

Бұл топтағы балалар «Қазақ халық аспаптар бөлімінде» оқиды. Мұнда — домбыра, қобыз, сырнай, саз сырнай, сыбызғы, жетіген сияқты аспаптарда ойнап үйренеді. Сонымен бірге оқушылар музыкалық теория пәндерін бірге алып жүреді. Теория пәндеріне — сольфеджио, музыка теориясы, музыкалық әдебиеттер (Шетел музыка әдебиеті, Орыс музыка әдебиеті, Қазақ музыка әдебиеті және Кеңес дәүірінің музыка әдебиеті), гармония, полифония кіреді. Бұл пәндерді толық меңгерген оқушы ертең жақсы маман иесі болып шығады. Бақыт тәтенің алдында дәріс алып отырған оқушылар екінші курс студенттері. Сольфеджио пәні төрт жыл бойы, яғни оқу аяқталғанша созылады, ал басқа пәндердің өзінің оқу мерзімдері бар. Мысалы, музыка теориясын бірінші курста, гармонияны екінші курстан бастап оқиды. Бүгін оқушылар Гармония пәнінен дәріс алып отыр.

— Балалар, есімізге түсірейік, гармония деген ұғым нені білдіреді!? — деп оқытушы

оқушыларға қарады. — Кәне, Нұрлан, сен айта ғой.

— Гармония деген сөз — үйлесімділік — деген мағнаны білдіреді. Мысалы, бір дауысқа жазылған әнді екі, үш, төрт дауысқа салып, дыбыстарды үйлестіру арқылы айтуға болады. Немесе, бір дауыста берілген әнге сүйемелдеу партиясын жазып шығаруға болады.

— Жарайсың Нұрлан, отыра ғой. Ал енді мына бір дауыста берілген әуенді, Мәншүк қызым, тақтаға шығып жаза ғой, — деді де апайлары балаларға қарап, — ал сендер мына әуеннің тональдығын, оның құрамын және қай үндестіктен басталып қай үндестікке аяқталатынын анықтаңдар, — деп Бақыт тәте тақтаға қарады.

Балалар тақтадағы әуенді дәптерлеріне жазып алды да талдай бастады.

— Ал Мәншүк, бұл әуенді өзің талдап шық.

— Бұл әуен ре мажор тональдғында жазылған. Кілт қасында екі диез белгілері бар — фа-диез және до-диез. Әуен негізгі ре дыбысынан басталып, сол негізгі дыбысқа аяқталады.

— Негізгі дыбысты не деп атаймыз және қандай әріппен белгілейміз? — деп оқытушы балаларға қарады да, — сен айта ғой Қайрат, — деді.

— Бұл дыбысты, бұл дыбысты… — деп Қайрат күмілжіп, басын сипап тұрып қалды.

— Сен сабақты көп жібересің, оның себебі неде? — Апайлары Қайратқа қарап қатулы түрде үн қатты.

— Апай, ол ақша төлеп оқиды, сондықтан, ақша төлесем болды, диплом аламын деп ойлайды, — деді жанында отырған Дәулет.

— Қанша пұл төлесеңде, маған десең миллион төле, эмтиханды тапсыра алмасаң саған ешкім диплом бермейді балам! Ертең жақсы маман боламын десең, оқу оқы, білмеген, түсінбеген жеріңді сұра. Үндестіктер туралы тақырыпты біз бірінші курста, теория пәнінде өткенбіз. Ұмытпасам, былтыр да саған ескерткен тәрізді едім, солай ма!?

— Ия апай, түсіндім, — деп Қайрат орнына отырып, ұялғандай болып төмен қарады.

— Апай, мен айтайыншы!

— Айта ғой Қаракөз, негізгі дыбысты қалай атаймыз!?

— Тоника дейміз және ол «Т» әрібімен белгіленеді немесе бірінші сатының белгісін қоямыз — І — рим санының белгісі.

— Енді осы әуеннің сольфеджиосын әндетіп, бәріміз қосылып айтып шығайық, — деп апайлары пианиноның қасындағы орындыққа отырып, әуеннің тоникалық үшдыбыстылығын ойнап, оқушылармен бірге айтты да «ре мажор» тональдығының дыбыс қатарын төменнен жоғарыға және жоғарыдан төмен айтқызды. — Енді әр дыбыстың астына үндестік белгілерін қойыңдар да үйлестіріп, осы әуеннің екінші, үшінші, төртінші дауыстарын жазып көрсетіңдер.

Бақыт тәте оқушыларға тапсырманы берді де өзінің қара терге түсіп отығанын байқады.

Кейінгі кезде бойында әлсіздік пайда болғанын да сезініп, оған сонша мән бермеп еді. Ол

қалта орамалын алып маңдайын сүртті де орамалды кеудешесінің жағасының астына бүктеп салып қойды. «Маған не болды екен?» деп ойлап, тақтаға қарады да:

— Балалар, Мәншүк үндестіктерді дұрыс үйлестіріп жазды ма?

— Апай, мен айтайыншы! — деп Мөлдір орнынан тұрды.

— Ал тыңдайық, айта ғой!

— Бұл әуен бір сөйлемнен, екі фразадан құрылады. Әр фраза төрт тактыдан тұрады. Мәншүк бірінші фразаны тоникамен аяқтады, ал ол дыбыс тоника да, доминанта да бола

алады. Мен ол жерге доминантаны қояр едім. Дұрыс па, апай?

— Ия, дұрыс айтасың Мөлдір, — деп оқытушылары риза болды жаңағы қызға. Одан кйін балаларға қарап, — Кім айтады, неге бірінші фразаны доминанта үндестігімен аяқтаған дұрыс?

— Мен айтайыншы, — деп, Мақсат орнынан тұрды.

— Бәріміз тыңдап отырмыз, сонымен, неге? — деп, апайы сумкасынан тағы бір қол орамалын алды да маңдайын сүртті. Ол кісі өзін жайсыз сезініп отыр еді.

— Өйткені, бірінші фразаны доминантамен аяқтаса, ол әуеннің жалғасы бар деген сөз, сонымен бірге әуеннің үйлесімділік үні баи түседі. Ал әуеннің соңы тоникалық үндестікпен аяқталады да оның аяқталғанын білдіріп тұрады.

Міне, осылайша сабақ өтіп жатты. Алдынғы қатарда отырған Гүлнұр мен Назгүл апайларының өзін сонша жақсы сезініп отырмағанын байқаған еді. Олар апайларына бір түрлі жанашырлық таныта қарады. Олар «апайға суық тиіп қалған сияқты ғой» деп ойлады.

— Балалар, бірінші курста теория курсын өтіп эмтиханды бәрің ойдағыдай жақсы тапсырдыңдар. Мамандықтарың бойынша эмтихан алған мұғалімдерің маған «қазақтың балалары үшін қазақ топтары ашылғаны қандай жақсы болды» деп, сендерді мақтады. Мен де сендер үшін қуанып қалдым, жақсы болған екен. Енді міне, «Гармония» пәнін аса зейін салып оқысаңдар өздерің үшін өте жақсы болады. Менің былай деп айтып отырғаным, кейін өз жандарыңнан әуен шығаратын боларсыңдар. Сонда дыбыстарды үйлестіру арқылы сол әуенге сүйемелдеу партиясын жазып шығара аласыңдар. Сондықтан бұл пәнді жақсы меңгеріп алғандарың өздеріңе жақсы болады.

— Апай, сіз өз жаныңыздан музыка шығардыңыз ба? — деп, Нұрлан қулана қарады оқытушысына.

— Әрине, мен Қарағанды қаласындағы музыкалық училищеде оқыдым. Сонда оқып жүргенімде музыка шығаруға тырысатынмын. Бірақ ол жазғандарымды біреуге көрсетуге ұялатын едім. Бірақ, сонда да болса мемлекеттік эмтиханға өз шығармаммен шықтым. Ол шығармам «Жас бала» деп аталады. Асқар Лекеровтың өлеңіне жазылған төрт дауысты хор а капелла болды. А капелла — деп, аспаптық сүйемелдеуінсіз орындалатын шығарманы айтады. Әрине, басқа да шығарғандарым бар. Оны өздерің «Музыка сауатының негізі» және

Балалар музыка мектебіне арналған «Сольфеджио» оқу құралының музыкалық мысалдарына берілген жаттығуларынан байқаған шығарсыңдар. — Апайлары біраз үндемей отырды да, — мына есепті жақсы шығардыңдар, енді тағы бір есеп шығарайық.

— Айдын, сен шыға ғой. Мына бас дауысына берілген әуенді тақтаға жаз. Осы есепті шығарыңдар содан соң жаңа тақырыпқа көшеміз. Бас дауысы дегеніміз ең төменгі дауыс. Бұл дауыста берілген дыбыстарды үндестіре отырып біз нені анықтап шығарамыз?

— Негізгі, сопрано партиясын шығарамыз, — деп, балалар жамырай жауап берді.

Берілген музыкалық есепті бәрі жабылып шығарып болған соң апай жаңа тақырыпты түсіндіре бастады.

— Жатаханада тұратындардың жағдайлары қалай? Қарындарың ашқан жоқ па? — деп Бақыт тәте үзіліс кезінде балалардан сұрады.

— Ой, апай, газ жоқ, свет жоқ, тамақты әйтіп-бүйтіп далаға пісіреміз, — деді пысықтау келген Айгүл. — Далада жатқан үш-төрт кірпішті қалап, соның үстіне кастрюляны қойып астына от жағамыз. Басқа амал жоқ.

— Ойбу… қарақтарым-ай ә… бұл қиындықтардан да құтылармыз, шыдаңдар. Қандай жағдай болса да қарындарыңды ашырмаңдар, денсаулық деген зор байлық.

Бақыт тәте жұмыстан шығып, автобус аялдамасына қарай бет алды. «Осы маған не болды? Қара терге түсіп, бойымды әлсіздік билегендей болып көрінеді. Дәрігерге барып қаралуым керек шығар,» — деп ойлай берді. Ол кісі осылайша ойлап көлік аялдамасына жетті. Осы жерде осы кісі туралы айтып кеткеніміз жөн болар. Осыдан үш жыл бұрын күйеуі Кәдірхан Бәкейұлы мезгілсіз қайтыс болды. Ол кезде елімізде қиын-қыстаң заман басталып еді. 1986жылы Еліміздің Бас секретары болған М.С.Гарбачевтың жүргізген «Қайта құру» саясаты жүргізіліп, кеңінен құлаш жайды. Қазақ мемлекетінің Бас секретары ауыстырылып ел ішінде наразылық туды. Соның нәтижесінде мемлекетіміздің астанасы Алматы қаласының студент жастары, қазағымның ұл-қыздары бейбіт шеруін құрып алаңға шықты. Өкінішке орай бұл шеру бейбіт шеруі болмай қантөгіске айналып, талай жастарымыз қаза болды. Мұндай қозғалыстар мемлекетіміздің басқа қалаларында да өтіп өз қолдаушыларын тапты. Осы тарихи, мәні зор оқиғаның нәтижесі Кеңестер Одағына кіретін мемлекеттерді өз алдына, тәуелсіз мемлекет құруларына мүмкіндік тудырды.

Сонымен, 1991 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. Оған бәріміз қуандық, бізбен бірге бүкіл әлемде тұратын қазақ халқы қуанды. Бірақ, әр бастаманың өз қиындықтары да болады ғой. Елімізде нарықтық экономика басталды. Ол жылдары Кәдірхан ағаның отбасы Талдықорған орман шаруашылығына қарасты үйде тұратын. Орман Шаруашы —

лығының кеңсесі Ардагерлер сая жайында, қаланың сыртына қарай орналасқан. Бұл кісілер көшіп келгенде мұнда төрт-ақ отбасы тұратын, кейіннен тұрғын үйлер салынып, шағын ауылға айналды. Осы тоқсаныншы жылдардан бастап завод, фабрикалар жабылып талай ел жұмыссыз қалды. Соның нәтижесінде, бала-шағасын асырау үшін талай ел сауда-саттықпен айналыса бастады.

Тоқсаныншы жылдардың аяғына қарай білім мен медицина пұл-ақылы бола бастады. Тіптен ақшасы жоқтар дұрыс ем алудан қалды. Кейбір ауыруханаларда соқыр ішек ұстамасымен келген ауыруды «ақша төлемесең ота жасамаймыз» деп, көмек көрсетпей жатқызып қоятын жағдайларды да естідік. Бұл деген сұмдық емес пе? Дәрігер Гиппократтың антын беріп тұрып, осындай іс-әрекетке баруға болмайды ғой. Мұндай дәрігерді дәрігер деп санауға бола ма? Әрине, жоқ. Дәрігер деген алдына келген өзінің қас жауынан бас тартпай емдеуі міндетті. Ал білім жағына келетін болсақ, көңілге қонбайтын жағдайлар жетіп артылады. Мысалы, тест тапсырып жоғары бал алғандар грантқа ілініп пұл-ақысыз оқиды. Ал грантқа ілінбегендер, әрине әке-шешесінің тапқан-таянғандарын төлеп оқиды. Мұнда, оқушы балаларды екі топқа бөлүге болады. Адал, ой-өрісі кең балалар оқуларын жақсы оқып, ата-аналарының еңбектерін ақтайды. Ал кей балалар оқу оқымай, көше қыдырып, эмтихан кезінде зачет кітапшаларының арасына екі мың, бес мыңды салып тиісті бағаларын алып, курстан курсқа өтіп отырады. Өкінішке орай мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Осының нәтижесінде мынындай ой туады, — мұндай оқушылардан қандай маман шығады? Және, пұл-ақылы оқу мұғалімді де, дәрігерді де өздерінің тікелей міндеттерінен айырды ма деп қорқамын. Келешекте бұл жағдайдың бәрі өз арнасына түседі деп үміттенемін.

Қымбатты оқырманым, ғафу өтінемін, ойым бөлініп кеткен тәрізді. Сонымен, Бақыт тәте өзін соншалықты жақсы сезінбесе де Музыкалық колледжде дәріс беріп жүре берді. Оқу жылының басына қарай мектеп мұғалімдері медициналық сараптамадан өтеді. Ал тәтеміз №3 мектеп интернатта да музыкадан дәріс беретін еді. Бұл мектепте қазақтың дарынды балалары үшін музыка бөлімі мен бейнелеу бөлімі ашылған. Музыка бөлімінде фортепиано, домбыра, қобыз, бас қобыз, прима, сырнай класстары жұмыс істейді. Бақыт тәте мұнда теориялық пәндерінен дәріс береді. Осы қазақ мектебіне ең алғаш келгенінде ол кісі балаларға былай деген еді:

— Балалар, мен орыс мектебін бітіріп, училищеде де, институтта да орыс тілінде оқыдым.

Кейін жұмыс істегенде де орыс ұжымында қызмет атқардым. Сондықтан, дәріс беріп тұрып бір жерлерінде қателік жіберетін болсам сендер күлмеңдер, керісінше, мені түзетіп отырыңдар.

Оқушы балалар апайларының бұл ұсынысын түсіністікпен, үндемей қабылдады.

Сонымен, сараптаманы тапсырғаннан кейін дәрігер бұл кісіге «сіз тубдиспансерге барып рентгенге түсуіңіз керек, өйткені мына флюрографияңыз түсініксіздеу болып тұр» дейді. Жарайды деп, Бақыт тәте тубдиспансерден медициналық тексерістен өтеді.

— Сізге суық тиіп, тымауратып ауырдыңыз ба? — деп дәрігер әйел сұрады.

— Ия, ауырдым. 94 жылдан бастап орман шаруашылығының орталық қазаны тұрғын үйлерге жылу беруді қойды. Ал біз сол шаруашылықтың үйінде тұрамыз. Үйге біресе Құрмет қайным келіп, біресе Сәбит інім келіп пеш салып, он тоннадан көмір жақсақ та үйіміз бір жылынбады. Сонымен, екі қысты тастай суық үйде өткіздік. Содан денсаулығыма зиян тиген шығар, — деп, Бақыт тәте дәрігерге жағдайын айтты.

— Қазір де сол үйде тұрасыздар ма? — дәрігер ол кісіге таңырқана қарады.

— Жоқ, Аймен әпкемнің ұлы Серіктің көмегімен қаланың орталығынан үш бөлмелі пәтер алдық. Ал өз үйімізді інім Нұрғазыға сыйға тарттық.

— Қазір қорқатын ештеме жоқ, бірақ ем қабылдау керек. Сізге дәрілердің тізімін жазып беремін, соларды қабылдап, кейін тексерілуге келесіз. Мына қабылдайтын дәрілер мықты антибиотиктер. Тез жазылып кетесіз, — деді дәрігер дәрілердің тізімі жазылған қағазды беріп

отырып.

— Сонда мен балалармен жұмыс істеуіме болмайды ғой? — деп, Бақыт тәтенің көздері бақырайып дәрігерге қарады.

— Жоқ, қорқпаңыз. Егер емделмесеңіз, дертіңіз асқынып кетуі мумкін. Сіз дер кезінде келдіңіз. Ересек балалармен жұмысыңызды жалғастыра беріңіз, еш уайымдамаңыз, бәрі жақсы болады.

— Жарайды, рахмет, — деп тәте дәрігердің кабинетінен шығып кетті.

Дертке шалдыққан адам үшін дәрігердің сөзі заң ғой. Сонымен, Бақыт тәте, дәрігер жазып берген дәрілерін үзбей қабылдап жүрді. Бірақ оның денсаулығы күннен күнге түзелер емес. Басына түскен мына жағдайға қарамастан ол кісі сабағын беріп жүре берді. Оқу орындарында қазақтың ана тілінде оқитын балалары үшін топтар ашылса да, қазақ тілінде жазылған бірде бір оқулықтар мен оқу құралдары болмады. Сондықтан, музыканың теориялық пәндеріне арналған оқулықтар мен оқу құралдарын қазақ тіліне аударып, Бақыт тәте өз дәрістерін ойдағыдай жүргізіп жүрді. Қазақ мектебін бітіріп келген балалар үшін бұл әрине тиімді болды. Мұнда, музыканың теориялық пәндеріне — музыка сауатының негізі, музыка теориясының негізі, гармония, полифония, музыка әдебиеттері (қазақ, шетел, орыс және кеңес дәуірінің әдебиеттері) жатады деп, жоғарыда айтып өткенмін. Былтырғы жылы, яғни 1996 жылы Бақыт тәтенің «Музыка сауатының негізі» атты оқу құралы баспадан шығып жарық көрді. Бұл Фридкиннің «Музыкальная грамота» оқу құралының аудармасы болып табылады. Мұнда ол кісі өз жанынан қажет деп санаған он тақырып енгізді, сонымен бірге, музыкалық жаттығуларына берілген мысалдарға қазақтың композиторларының шығармаларынан, қазақтың халық әндерінен және өз жанынан шығарған әндерін енгізді. Және бұл оқу құралы Құрманғазы атындағы консерваторияның ғылыми кеңесінің талқысынан өтіп, баспадан шығып жарық көрді. Бұл еңбек балалар музыка мектебінің, музыкалық колледждың, педагогикалық институтының музыка факультетінің және консерваторияның қазақ топтарында оқитын балаларға оқу құралы ретінде ұсынылды. Осы «Музыка сауатының негізі» — мен бірге Балалар музыка мектебінің 1 — 2 сыныптарының қазақ топтарында оқитын оқушыларға арналған «Сольфеджио» оқу құралы да жарық көрді. Мұнда, ол кісі қазақтың композиторларының шығармаларын, қазақтың халық әндерін және әлем музыкасын тиімді қолданана білді. Сонымен бірге, С. Елеманованың «Қазақ музыка әдебиеті» — нің бірінші бөлімі мен Ұ. Жұмақова және А. Кетегенованың «Қазақ музыка әдебиеті» — нің екінші бөлімін, сондай-ақ, оқу бағдарламасының талабына сай И. Дубовский бастаған бірнеше ғалымдардың «Гармония» атты оқулығын қазақ тіліне аудара бастаған еді. Өйткені, осы пәндерден дәріс беру үшін өтетін тақырыптарды орыс тілінен қазақ тіліне аударып, қарапайым жатық тілде оқушыларға түсіндіру қажет.

Сонымен, уақыт өтіп жатты, Бақыт тәтенің денсаулығы түзелер емес. Ел ішінде мынандай сөз бар «еврей халқы — аурамын-ау — деп дәрігерге барады екен, орыс халқы, жөтеліп қалса дәрігерге қаралады екен, ал біз, яғни қазақ халқы ұшып-жығылғанда ғана өліп-талып дәрігердің алдына барады екенбіз». Бұл әрине, бекер айтылмаған. Келе-келе Бақыт тәтеміз дәріс беріп отырып орнынан әзер тұратын жағдайға жетті. Бұл кезең 1997 жылдың

күз мерзімінің соңғы айы еді. Оқушы балаларға қарап, апайларына деген аяушылық сезімін көздерінен байқағандай болады. Оқушыларын орта жолда тастап кеткісі келмесе де, амал жоқ. «Қой, осылай жүргенім болмас, қалалық емханадағы учаскелік дәрігерге барып қаралмасам болмас,» деп бір шешімге келеді де «Халық аспаптар бөлімінің» меңгерушісін хабардар етіп қояды.

Қалалық емханаға барып қан мен несептің жалпы сараптамасын жасатады да учаскелік дәрігеріне келеді.

— Мына сараптамадан сіздің жағдайыңызды сонша түсініп тұрғаным жоқ. Тағы сараптама тапсырыңыз, — дейді дәрігер.

Осылайша, дәрігер Бақыт тәтені сараптама тапсыруға бірнеше рет жібереді, бірақ айтарлықтай ештеме айта алмайды. Бұл кісінің денесінде, бет әлпетінде қызылала дақтар пайда болып, қол-аяғы ісіне бастайды. Жүргенде де, бір түрлі теңселіп жүргендей болып көрінеді. Дәрігеріне тағы бір келгенінде:

— Неғып теңселіп келе жатырсыз? — деп, аяқтарын әзер басып келе жатқан науқасқа күмәндана қарайды.

— Неге олай дейсіз? Мені мас деп тұрсыз ба? Мен мүлдем ішімдік ішпеймін, — деп Бақыт тәте дәрігерге қарап, ашу шақырғандай сыңай танытады.

— Жоқ, көңіліңізге алмаңыз. Қазір халіңіз қалай? — деп дәрігер өзінің байқамай айтып қалғанын жуып-шайғандай болды.

— Бүгін кешегіден жақсымын, рахмет, — деді тәте, жағдайы күннен күнге нашарлай бастаса да.

Сонымен, келесі жылдың көктемі де келді. Ол кезде дәрігерлер өзінің науқасын басқа дәрігерлерге жібермейтін және де басқа дәрігерлер де «өз дәрігеріңізге қаралыңыз» деп, басқа учаскенің науқасын қарамайтын еді.

Бірде үйге Алма деген құдашалары келді. Ол кісі Бақыт тәтенің Аймен әпкесінің абысыны. Алма тәте кезінде Құрманғазы атындағы консерваторияны бітіріп Тараз (бұрынғы Жамбыл қаласы) қаласындағы драма театрын басқарған. Кейін жолдасының жұмысы Талдықорғанға ауысқаннан кейін, осы қаладағы Н. Тлендиев атындағы балалар музыка мектебінің директоры болып қызмет атқарды. Қалада музыкалық училище ашылғанда ол кісіні осы оқу орнына директор етіп жіберді. Ал Алма тәтенің жолдасы Берік аға қалалық Ішкі істер министрлігінің бастығы болып қызмет атқарды. Бұл кісілердің қалада беделдері өте жоғары және өте сыйлы адамдар болды, сонымен бірге бұл кісілер өте әдемі жұп болды. Осы екі кісіге кез келген адам сүйсіне қарайды. Берік аға мен Алма тәтенің бір ұл, бір қызы бар және осы балаларынан немерелер сүйіп отыр. Ал бүгінгі таңда шөбере сүйген бақытты отбасы. Бақыт тәтенің отбасы осы кісілермен тығыз араласатын. Жаңа, жоғарыда айттым, Бақыт тәтенің үйіне Алма тәте келді деп. Ол кісі құдашасының жағдайын көріп, Алматыда тұратын абысыны, яғни Бақыт тәтенің Аймен әпкесіне қоңырау шалады:

— Ало! Аймен, халдарың қалай, жақсы ма? Мен Алмамын ғой.

— А, Алма! Аманбыз, халымыз жақсы. Өздерің қалайсыңдар? — деп, телефонның тұтқасынан Аймен абысынының дауысы естілді.

— Жақсымыз, рахмет. Мен Бақыттың жағдайын айтайын деп қоңырау шалып тұрмын.

— Оған не болды, аманшылық па? Ана жолы сөйлескенде ештеме айтпап еді, — телефонның тұтқасынан шыққан Аймен абысынының дауысы бір түрлі естілді. Ол кісі қорқып қалған тәрізді.

— Бақыт сіңілің ауырып жүр екен. Оны Алматыға апарып, жақсы дәрігерлерге қаратпаса болмайды. Мына жерде қанша рет сараптама өткізсе де учаскелік дәрігер дертін табар емес. Және де біздің ауыруханаларда айтарлықтай жағдай да жоқтың қасы. Еліміздің қазіргі жағдайын өзің де білесің. Енді Алматының аты Алматы ғой.

— Алма, телефон шалғаныңа рахмет. Осы жуық арада Талдықорғанға бұйырса барып қалармыз. Аманшылық болсын әйтеуір. Тағы да рахмет саған, сау болыңдар, — деді Аймен апай дауысы қобалжып.

— Сау болыңдар, бәріне сәлем айт — деп, Алма тәте телефонның тұтқасын қойды.

Осы жерде айта кетейін, Аймен тәте сіңілісінен бес жас үлкен. Ол кісі 56-да, ал Бақыт тәте 51-де. Бұл кісілер бір әке, екі анадан тоғыз еді. Ералы деген ағалары домбырашы болған екен, ол кісі 20 жасында ауырып өмірден озыпты. Ал басқалары, Құдайға тәуба, аман-есен ел қатарлы жүріп жатыр. Нұралы аға жолдасы Наушарбану тәте (балалары — Айымжамал, Айгерім, Жанғазы, Әділғазы, Әйкен, Ералы), Сердалы аға жолдасы Дәриға тәте (балалары — Ләйлә, Нариман). Осы кісілер бала-шағаларымен Жансүгір ауылында, ал үлкен әпкесі Қайшаш тәте жолдасы Болат аға (ұлдары — Марат, Азатбек, қызы — Сәуле) және інілері Нұрғазы жолдасы Меңзипа (балалары — Гүлекен, Азамат, Алма) мен Сәбит жолдасы Аққадиша (балалары — Еламан, Лаура, Елдос) өз отбастарымен осы қалада тұрады. Ортаншы інісі Серікқазы (Сергей атанған) жолдасы Мәкен (балалары — Жанар, Динара, Бота) Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында тұрады. Кеңес дәуірінің кезінде Аймен әпкесінің ортаншы ұлы Серік Ленинград (қазіргі санкт Петербург) қаласында ЛИТМО — ны ойдағыдай бітіріп, Бішкек қаласына жолдамамен жұмысқа тұрған. Кейіннен ол өз кәсібін ашып, жұмыссыз қалған Сергей ағасы мен бауыр-қарындастарына жұмыс беріп, өз қанатының астына алды. Бұл кісілердің анасы Бұлжан апа, кенже ұлы Сәбиттің қолында 96 жылдың науырыз айының 27 жұлдызында, 81 жасында бақилық болды. Ал Бақыт тәтенің қайын жұртына келетін болсақ, жоғарыда айттым, жолдасы Кәдірхан Бәкейұлы 1994 жылы мамыр айының 19 күні дүниеден озған деп. Одан сегіз жыл бұрын, яғни 1986 жылы мамыр айының 10 күні, осы әулеттің тірегі болған атасы — Бәкей Жидебаев ақсақал мәңгілікке көзін жұмды. Ол кісі кезінде «Чапай» атындағы колхоздың басқармасы болып, колхозын биік дәрежеге жеткізген және қол астындағы шаруашылығын ғана ойламай, колхозшылардың да жағдайларын жасап отырған. Мысалы, ауыл тұрғындары мәдениетті түрде демалсын деп, ауылдың орталығына киноклуб салдыртады. Ол клуб та «Чапай» атында болады. Осыдан кейін ол кісіні «Жаңа қоғам» колхозына басқарма етіп тағайындайды. Колхоз «Қапал-Арасан» ауылында орналасқан. Бұл колхозды да жоғары дәрежеге жеткізіп, колхозшылардың тегін емделулеріне жағдай жасап, санаторий салдыртып береді. Өкімет Бәкей Жидебаев атаның еңбегін жоғары бағалады. Бәкей ата да, ғұмырлық жолдасы Зағила апа да өте кең, кішіпейіл адамдар болды. Бұл кісілердің шаңырақтарының астына симаған ел жоқ.

Бір жарым жылдан кейін Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында тұратын Камалай деген қайынсіңілісі қан қысымы көтеріліп, 34 жасында дүниеден озды. Артында жолдасы Батырхан және балалары — Эльмира, Аслан, Жазира қалды. Қайнағасы Балхаш аға жолдасы Света (балалары — Гүлмира, Ардақ, Әділет) бала-шағасымен және аналары Зағила апа кенже ұлы Құрметпен Жансүгір ауылында, қара шаңырақтың түтінін сөндірмей, ел қатарлы тұрып жатыр. Ортаншы қайнысы — Бекет, жолдасы Гүлмира (балалары — Сандуғаш, Әділ, Ануар) бала-шағасымен Ақсу ауылында тұрады. Қайынсіңілісі Гүлнәр (баласы — Рүстем) 94 жылдың күзінде, қызмет бабымен Африканың орталығында орналасқан Бужумбури Бурунди мемлекетіне, өзіндей дәрігерлермен бірге кетті. Дегенменде, ол батыр қыз, қайда жүрсе де аман болсын. Біз үшін Африка — ол Сахара, ол джунгли, яғни ит мұрнын кіргізе алмайтын ну орман және қаралар мекен еткен жақ. Қайынсіңілісі Гүлшат, жолдасы Мұрат (баласы — Илиас) отбасымен ауылда ел қатарлы тұрып жатыр. Кейін, Бақыт тәтенің қайынсіңілісі Гүлнәр мен күйеу баласы Телжанның өз ауыздарынан естігендерін осы жерде айта кеткім келеді. 1994 жылдың күз айында, француз тілінің бір жылдық курсын бітіргеннен кейін Африканың орталығында орналасқан Бужумбури-Бурунди мемлекетіне қызмет бабымен Гүлнәрдің жүруі керек болды. Кезінде Орталық Африка мемлекеттері Фрация мемлекетінің отаршылығында болған (отар — империалистік мемлекет басып алған, езіліп, қаналып отырған ел), сондықтан ол ел негізінен француз тілінде сөйлеген. Бірге баратын дәрігерлер бірнеше ай бұрын Африкаға кетіп қалған. Ал Гүлнәрдің олардан қалып қалған себебі, осы жылдың мамыр айының он тоғызында Кәдірхан бауыры мезгілсіз бақилық болып кеткен еді. Енді осы күз айында Африкадан келген әріптестерінің бірінен Телжан Гүлнәрға ұшақтың билетін беріп жіберген екен. Алматы Аэропортынан ұшқалы тұрғандардың ішінде бұлардың дәрігер достары Мақсұт пен оның жұбайы Айман да бар. Бұл кісілердің қолдарында билет жоқ, сондықтан Айман билет алуға кеткен еді. Осы кезде аэропорттың теледидарынан Африкадағы Бужумбури-Бурунди мемлекетін жаңалықтардан көрсетіп жатты. Мұнда мемлекеттік төңкерістің нәтижесінде туындаған азамат соғысы басталып, теледидардың экранынан бір-бірін атқан елді көрсетіп жатты. Осы жағдайды көрген біреулер бұл сапарларынан бас тартыпты да, сол билеттер Айман мен Мақсұтқа бұйырған екен. Айман, әлгі билеттерді сатып алу үшін күйеуіне жүгіріп келіп:

— Билет бар, біреулер ұшпайтын болыпты, сол билеттерді біз алатын болдық, тез ақша бер! — деп, асыға сөйлеп, ештемені тыңдағысы келмейтінін байқатыпты.

— Айман, қара, теледидардан не көрсетіп жатқанын! Жағдай қиын, біз ол жаққа бармай-ақ қойсақ қайтеді!? — деп, Мақсұт дәрігер не істерін білмей қобалжып тұрды.

— Бол тез, ана билеттерді біреулер алып кетеді, ақша бер! — деп, Айман күйеуінің айтқан жаңағы сөздеріне мән берген жоқ. Ол ақшаны ала салып кассаға қарай жүгіріп кетеді. Әйел заты ер адамдарға қарағанда пысықтау келеді ғой деп ойлаймын.

Ал, Гүлнәрға келетін болсақ, оның билеті қолында, жаңағы теледидардан көргендерін ойлап, «мен осы қайда бара жатырмын? Бауырым болса қайтыс болып кетті, Рүстем баламды мектебінен шығарып алып ауылға жібердім, баратын жерімнің жағдайы болса мынау, не істесем екен? Бармай-ақ қойсам қайтеді?» деп екі ойлы болып тұрғанда Африкаға баратын әріптестерінің біреуі, «ты о чем думаешь, Телжан тебе выслал билет на самолет, он ждет тебя, ни о чем не думай, все будет хорошо, поехали?!» деп, Гүлнәрді жігерлендіріп жібереді.

Сонымен, көп ойланып жатпай, Гүлнәр алған бағытына, өзінің алға қойған мақсатына жету үшін ұшаққа отырып, ұшып да кетеді. Бужумбури-Бурундиға ұшып келген соң, сол жақтағы Телжан мен әріптестері қарсы алып, шамамен айтқанда екі ай бойы Гүлнәрдің жағдайын жасайды. Өйткені бұл жақтың ауа райына, уақыт айырмашылығына бойы үйренгенше де уақыт керек қой, былайша айтқанда адаптациядан өтуі қажет (адаптация — адам ағзасының қоршаған ортаға бейімделуі). Гүлнәр қалалық госпитальда (Лор), ал Телжан әскери госпитальда (Нейрохирург) өз міндеттерін атқарып, қызу жұмысқа кіріседі. Тып-тыныш жатқан бейбіт елден барған бұларға бір-бірін қырып жатқан елді, қантөгісті көру оңай тиген жоқ. Әсіресе жаңа барған Гүлнәрға қиын болды, ал Телжан болса 1986 жылдан бастап осы елде қызметін атқарып келеді, дегенмен де оның еті үйреніп қалған ғой және де бойында батылдық жігері бар ер азамат ештемеден қорқпайды ғой. Телжанның өзі ұстанған мынандай қағидасы бар: «ажал келсе тып-тыныш отырып-ақ, қайда болсам да өліп қаламын, ажал келмесе соғыста жүрсем де өлмеймін» дейтін еді. Негізінде Телжанды — сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» — десек қателеспейміз.

Бірде, қалалық госпитальға соғысып жүргендер кіріп кетіп, Калашниковтың автоматымен жан-жаққа оқтарын жаудырта бастаған екен. Мұндай сұмдықты көрмеген Гүлнәр оқшау орналасқан бұрышқа отыра қалады. Не істерін білмей, зөресі ұшып, қорқып отырған жерінен Телжан тауып, алып шыққан екен. Мұндай-мұндай жағдайлар көп болған ғой, бірақ олар бәрін айта бермейді. Кейін өздері бастарынан өткен шытырман оқиғаларын жазып, кітап шығаратын шығар деп ойлаймын, өйткені олар жазатын тақырып жетіп артылады.

Гүлнәр екі жылдан кейін еңбек демалысына шығып ауылға келеді. Гүлнәрдің ауылға келгенін естіген Бақыт тәте қызы Қарлығашқа:

— «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыс жастағы қария барып сәлем береді» деген ата-бабмыздан қалған жақсы сөз бар. Гүлнәр көкең демалысын алып келіпті, барып амандасып келейік, хал-жағдайын білейік, — дейді.

— Жақсы болды ғой, көкеммен амандасып келейік! Как у нее дела, какая стала? — деп Қарлығаш қуанып кетеді.

— Көкең Африкадан кап-қара болып келген шығар, — деп анасы қалжыңдайды.

Талдықорғаннан шығып, екеуі ауылға келеді. Гүлнәрдің аман-есендігін көріп қуанып қалады. «Африкада тұрып келсең де қараймапсың ғой,» деп күлді бәрі. Елдегілер алыста жүрген бұлардың тілеулерін тілеп, «қайда жүрсеңдер де аман болыңдар» деп отырады. Телжан мен Гүлнәр демалыстарына келген сайын АҚШ долларларын елдегілерге шашу етіп шашып кетеді. Әрқайсысына жүз, екі жүз доллардан қолдарына ұстатып кетеді. Олар үшін жүз доллар дегенің тиын шығар, ал елдегілер үшін ол көп-көрім ақша. Ең маңыздысы, бұлардың доллар бергендерінде емес, қайда жүрсе де олардың аман-есен жүргендерінде. Бірде, қонақта отырғанда, «самое главное — что вы привозите домой доллары» деп, балам айтты, деп, Мақсұт жолдастары айтып күлген еді. Ол әлі оқушы бала ғой, оған бәрі оңай сияқты болып көрінеді. Ал бұл долларлардың қандай еңбекпен келетінін ешкім ойламайды, өйткені олардың қандай жағдайда жүргендерін түстерінде де көрген емес. Телжан күйеу бала ООН — ның ерікті мүшесі болып табылады (ООН — Біріккен Ұлттар Ұйымы). ООН қайда жіберсе, Телжан сонда және бұл ұйым адамды қайда болса сонда жібермейді ғой, қай жерде қызу қарбалас, апат, соғыс, бір сөзбен айтқанда дәрігердің шипалы қолы қай жерге қажет болса сонда жібереді. Ал енді Бужумбури-Бурунди мемлекетіне келетін болсақ, бұл жердің табиғаты өте сұлу, әуелі ол табиғаттың сұлулығын суреттеуге сөз жетпейді дейді. Ал климатына келетін болсақ, Рихтердің шкаласы бойынша ауа райының бір келкілігі сонша, жиырма бес градустан не төмен түспейді, не жоғары көтерілмейді екен. Жаңбырлы маусым кезінде жиырма үш градустан төмен түспейді дейді. Сондықтан бұл өңірді Африканың Швейцариясы деп атайды екен. Телжан Африка құрлығында 29 жыл, ал Гүлнәр 11 жыл тұрып қызметтерін жоғары деңгейде атқарды. Гүлнәр Бужумбури-Бурунди және Руанда мемлекеттерінде, ал Телжан болса Африканың оңтүстігі мен солтүстігінде, шығысы мен батысында дәрігерлік міндетін атқарып, сол жақтағы елдердің тұрмысын өз көзімен көрді. Сонда ол «өз жеріме, өз еліме жететін жер жоқ екен» деп ойлаған болар. Міне, қысқаша өз естігендерімді айтып өттім.

Енді, көп алға жылжып, Телжан аға жетпіске толғандағы мерей тойында Бақыт тәте ол бажтайына, құттықтау сөздерін былай деп жеткізген еді:

70 жыл — мерей тойың құтты болсын,

Ғұмырың дәулетті ұзақ болсын!

Талай жыл жүріп сен Африкада,

Ғұмырлық жарыңмен сен табыстың.

Емдедің басқаны, қараларды,

Тудырдың егізден балаларды.

Аталды Жүніс боп біріншісі,

Телжан боп аталды екіншісі.

Жарыңмен шыққанда демалысқа,

Әлемді аралап, бар алысқа.

Долларын АҚШ-тың шашу етіп,

Елге кеп ұстаттың қолымызға.

Мәселе пұлда емес, сенші маған,

«Қайда жүрсең аман бол!» дедік саған.

Гүлнәрмен қызығын бала-шаға,

Көріңдер, шат өмір сыйлап оған!

Бақыт тәтенің қызы Қарлығаш Алматыда, АГРО университетінің студенті. Ал бес жасынан қолында өскен Раушан қызы тұрмыста, бала-шағасымен Жансүгір ауылында ел қатарлы тұрып жатыр. Міне, Бақыт тәтенің әулеті туралы қысқаша айтып өттім.

Сонымен, Бақыт тәтенің денсаулығы күннен күнге түзелер емес. Бойын әлсіздік билеп, жата бергісі келеді және ешкімнің мазасын алғанын қаламайды. Бірде, осылайша жатқанда

үйге кенже інісі Сәбит келеді. Үйде, қысқы демалысына келген Қарлығаш пен Сергей інісінің Динара деген қызы бар еді. Інісінің келгенін байқаған тәте:

— Сәбит, ас үйде бір қап картоп тұр, соның жартысын салып ал да қыздарды да ала кет.

Лесхозға апарасың ба, Талдықорғанға апарасың ба, өзің біл, — дейді де жата береді. Ол кісі осылайша жатып, есін бірде білсе, бірде білмейтін жағдайға жетеді.

Үйдегілермен осы қалада тұратын туыстары не болғанын түсінбей дел-сал болады. Төсекте жатқан тәтенің өзі де «маған не болған? Еш жерім ауырмайды, бірақ бүкіл денемді әлсіздік билеп алды. Аяқтарым жүргісі келмейді, шай құйған кесемді екі қолыммен көтеремін,» деп кеииді. Ол кісі тізесінен төмен қарай ісініп тұрғанын байқайды. Осы кезде есіне — ісікті жылқының іш майы тартады, — деген үлкендердің айтқандары түседі. Ол кісі базардан жылқының іш майын алғызып тізесіне тартады. Бірақ бұл әрекетінен ештеме шықпайды.

Науырыз айының 27 күні анасының қайтыс болған күні. Осыған орай туған-туыстарды, көрші-көлеңді шақырып құдайы тамақ берілетін болды. Алматыдан Аймен әпкесі, жездесі Еркін бала-шағасымен келді. Сондай-ақ, ауылдағы туыстар, құда-құдағилар, көрші-көлеңнің бәрі жиналып Сәбиттің үйінде құдайы тамақ берілді. Бақыт тәте болса осы үйдің жатын бөлмесінде жатыр, өйткені дастархан басына отырар шамасы да болмай қалған еді.

Сонымен, келесі күні Бақыт тәтені апа-жездесі Алматыға алып кетеді. Алматыда бұл кісілерге туыс болып келетін Меліс аға мен Жақатай тәте бала-шағасымен тұратын. Меліс ағаның өзі де, қызы Айгүл де дәрігерлер. Айгүл Сов. Миннің ауыруханасында қызмет атқаратын. Аймен тәте Айгүлмен ақылдасып, осы ауыруханаға сіңілісін емдетуге жатқызады. Әрине, мұнда Серік жиені қомақты пұлын төлегенсоң ғана науқасты қабылдады. Сонымен, дәрігерлер Бақыт тәтені бастан-аяқ тексеруге кірісіп кетті. Күнде-күнде сараптама жасап, неше түрлі УЗИ тексерістерінен өткізіп, сонымен бірге рентген, компьютерлік диагностика жасап бір қортындыға келді де емін белгіледі. Және Талдықорғанның тубдиспансері қойған диагнозды жоққа шығарды. Бақыт тәте дәрігердің Аймен әпкесіне айтып жатқан сөздерін естіп қалды. Дәрігер былай деген еді:

— Бұл кісі күшті антибиотиктер қабылдаған және қатты күйзеліске түскен. Бүгінгі таңда мұндай дерт өте сирек кездеседі. Бұл қанның құрамының бұзылуына байланысты. Ал қанның құрамының бұзылуы ішкі ағзасына зиянын келтірмей қоймайды.

— Бұл дерттің емі бар ма? Сіңілім жазыла ма? — деп, Аймен әпкесі уайымдай бастайды.

— Уайымдамаңыз, қолымыздан келгенінің бәрін істейміз. Күнде-күнде қанын сараптама тексерісіне алып тұрамыз, — деп, дәрігер палатадан шығып кетеді.

Келесі күні медбике келіп Бақыт тәтенің саусағынан тағы қан алып жатқанда:

— Күнде, күнде саусағымнан қан ала бересіңдер ме? Мен өте қырсық адаммын, — деп, тәте медбике қызға ренішін білдіреді.

— Ия апай, мен де қырсықпын. Қаныңызды күнде тексерістен өткіземіз, берген дәрінің бәрін ішіп жүрсіз бе!? — деп, медбике әдемі қарақаттай көздерімен тәтеге қарап жымиды. — А деп келгеніңізде әрең жүріп келіп едіңіз, қазір жақсы болып қалдыңыз, тәуба.

— Ия, рахмет қызым. Менің сендей қызым бар, студент, — деді де тәте ойланып қалды.

— Ал, енді демалыңыз. Сәлден кейін таңғы ас келеді, сіз дұрыс тамақтануыңыз керек, — деп медбике палатадан шығып кетеді.

Түске таман Аймен әпкесі Сәлима деген құрбысымен Бақыт тәтенің халін білуге келді. Ол кісілер науқастың халін сұрап көңілін көтергендей болды. Үйден әкелген мантыны тәтеге беріп тамақтандырды да өздері ананы-мынаны айтып сөйлесіп отырды. Бірақ, Бақыт тәтенің бұл кісілермен шаруасы жоқ, өзімен-өзі, мәңгіріп отырғандай болып көрінді. Тамырынан құйып жатқан дәрілердің және күнделікті ішіп жатқан мықты-мықты дәрілердің әсері ме, әйтеуір есеңгіреп отырады. Осы қабылдап жатқан дәрілердің әсерінен болар, ол кісінің

шашы да түсе бастады. Химия жолымен жеңіл бұйралап қойған, қысқа қиылған шашы қалың және қайратты еді. Бірақ, шашының түсіп жатқанын бұл кісі байқаған да жоқ. Қолының саусақтарымен шашынан тартса болды уысы шашқа толады. Ол шашты төсектің алдында жатқан кішкене кілем тәрізді төсенішке тастай береді. Бірақ, «шашым неге түсіп жатыр» деп ойламайды. Бөлменің шаңын сүртіп, еденін жуып жүрген санитар әйел де бұл кісіге «шашыңды жерге тастама» деп айтпайды. Осылайша күндер өтіп жатады.

Аймен тәте де сіңілісінің жайын ойлап, осы палатаға жатып, бір жағынан сіңілісіне қарап, екінші жағынан өзі де біраз ем алуды ойлайды да, ойлаған ойын жүзеге асырады. Бақыт тәтенің қасындағы төсек бос болмады. Ол төсекте бір әйел ем алып жатыр еді. Бұл палата екі кісілік болатын және мұнда дәретханасы да, жуынатын бөлмесі де осы жерде. Палатаның ішінде тамақ ішетін стол, екі орындық, сонымен бірге емделіп жатқан кісілердің киім-кешектерін жинап қоятын шкафы да болды. Бір сөзбен айтқанда, емделушілерге барлық жағдай жасалған екен. Сонымен, Аймен тәте көрші палатаға орналасты. Өзі де ем алып, арасында сіңілісін суға түсіріп, киімін ауыстырып дегендей, өз қамқорлығын аянбай көрсетті. Бір күні медбике келіп:

— Тәте, дәретханаға үш литрлік шыны банка мен бірнеше екіжүз грамдық шыны банкаларды қойдым. Сол шыныларға зәріңізді жинаңыз, — деді тәтеге қарап.

— Сонша зәрді қалай жинаймын? Ол мүмкін емес қой! — деп тәте біртүрлі болып қалды да күліп жіберді.

— Бүгін, ертең жинағаныңызша жинаңыз, ол сараптама өткізу үшін қажет, — деп медбике жымиды да палатадан шығып кетті.

Медбикенің осы сөзін естіген Аймен тәте, «си, си» деп, сіңілісінің мазасын ала берді.

— Ақырындап жинап жатырмын ғой енді! — деп, Бақыт тәтенің дауысы қаттырақ шығып кеткенге ұқсайды, өйткені мұны естіп қалған медбике қатаң үнмен:

— Да оставьте вы в покое Мадимову! — деді Аймен тәтеге қарап.

Осыдан кейін Бақыт тәте заболды да, «ал ендеше» деп, бір шыныға отырған зәрін кішкене шынылардың бәріне бөліп құя салды да орнына барып жатты. Әпкесі өзінің палатасында күре тамырынан система алып жатыр еді. Осы кезде бұл кісілердің кенже бауыры Сәбит жолдасы Қадишамен палатаға кіріп келді.

— Аманбысың, Бақыт? Халың қалай? Тәуір болып қалдың ба? — деп, інісі әпкесінің бетінен сүйді.

— Сәлеметсіз бе, жағдайыңыз жақсы ма? — деп, келіні де халын сұрап бетінен сүйіп жатыр.

— Қазір жақсымын. Үйден келесіңдер ме? Өздерің қалайсыңдар, балалар аман-есен бе?

— Бәрі аманшылық. Біз Тараздан келеміз, — деді Сәбит бауыры. — Балаларды көктемгі демалысына орай нағашыларына апарып келеміз.

— Сендер машинамен жүрсіңдер ме? — деп, шыдамсыздана сұрады әпкесі.

— Ия, машинамен жүрміз, енді үйге қайтып барамыз, — деп жауап берді Сәбит.

— Көрші палатада Аймен жатыр, соған барыңдар, — деп, Бақыт тәте қояр да қоймай бауыры мен келінін Аймен әпкесіне жіберді.

Сәбит пен Қадишаның ойларында ештеме жоқ, палатадан шығып кетті.

Осы палатадағы екінші төсекте бір науқас емделіп жатыр деп жоғарыда айттым. Ол кісі Бақыт тәтенің мына қылығына таңқалды және дертінің аса оңай еместігін де, сары уайымға салынғанын да байқаған еді. Бауыры мен келінін көрші палатаға жібере салып, Бақыт тәте орнынан тұрып, шкафтан пальтосын алып киді де «үйге кеттім» деп, дәлізге шығып кетті. Далаға шығып, бауырының көлігінің арт жағына жайғасты. Көліктің ішінде бауырының екі ұлы отыр екен. Олар — Еламан мен Елдос, мектеп оқушылары. Еламан жоғарғы сыныпта, ал Елдос бастауыш сыныпта оқиды. Тәтенің көлікке жайғасып отырғаны сол еді әпкесі, бауыры, келіні, соңдарынан медбике мен дәрігер келді.

— Түс машинадан, түс деймін! Еміңді соңына дейін ал! Қазір недәуір жақсы болып қалдың ғой! — деп, әпкесі жылап, пальтосының жағасынан ұстап өзіне қарай тартса да Бақыт тәте оңайлықпен түсер емес.

— Түспеймін, үйге барамын! — деп, тәте бой бермеді.

— Қанша ақша төленді мында, білесің бе!? — деп әпкесі шырылдап жүр.

— Білемін, ақшаңды кейін қайтарамын.

— Жарайды, тиіспеңіз ол кісіге. Диагноз қойылды, қандай ем қабылдайтыны туралы белгіленіп жазылды. Талдықорғанда да дәрігерлер бар, емін сол жақтан алса да болады. Біреулеріңіз менімен жүріп ол кісінің құжаттарын алыңыздар, — деді, мұнда келген дәрігер.

Сонымен, тәтенің құжаттарын алып, бұл кісілер жолға шықты. Үйіне қалай жеткені тәтенің есінде жоқ, тек есінде қалғаны, бесінші қабаттағы пәтерінің есігін Динараның ашқаны.

— Динара, мен ауруханадан қашып кеттім, — деді де Бақыт тәте сырт киімін шешініп, төсегіне барып жатты. Осыдан кейін тағы не болғаны есінде жоқ.

Біраз уақыт өткеннен кейін, тәтенің Аймен әпкесі ортаншы ұлы Серікпен бірге Алматыдан келді. Қалалық емханаға барып учаскелік терапевке кіріп, Алматыдағы дәрігерлердің, науқас туралы шығарған қортындысын көрсетіп кеңес сұрады.

— Сіздер алдымен жүйке ауыруларын зерттейтін дәрігерге барғандарыңыз дұрыс болар. Ол кісі қазір өзінде, кабинеті төртінші қабатта, — дейді терапевт.

— Төртінші қабатқа ақырындап өзім көтерілемін, — деп, Бақыт тәте қос қолдап, баспалдақтың қанатынан ұстады.

— Пока вы таким образом будете подниматься целый час пройдет. Давайте, я вас возьму на руки и быстренько поднимемся на четвертый этаж, — деді де Серік тәтесін көтеріп алып төртінші қабатқа шықты.

Дәрігер — жүзі жылы, ұзын бойлы, орта жастағы адам екен. Ол кісі тәтенің қолындағы қағаздарын алып оқыды да өзінің кәсіби тексерісіне кірісті. Одан кейін алдындағы науқасқа қарап:

— Где у вас болит? — деп сұрайды.

— У меня нигде не болит, у меня слабость во всем теле. Мне даже трудно поднять свою сумочку, ноги плохо слушаются. Сейчас меня на четвертый этаж на руках принесли. И память плохая. Я временами ничего не помню. — деді Бақыт тәте дәрігерге қарап.

— Зачем, надо было меня вызвать, и я пришел бы к вам, — деді де өзінің шығарған қортындысын жазып, тәтемен бірге дәлізге шықты.

Дәлізде Аймен әпкесі мен Серік тұр еді.

— Здраствуйте, вы привели пациентку!?

— Да, добрый день. Что скажете по поводу моей сестры? — деп сұрады әпкесі қобалжып.

— Не переживайте, ей надо серьезно лечиться. Если сказать по моей части, то у нее нарушено координация движения и атеросклероз. Это все последствия ее основной болезни.

Я все здесь написал. Ей нужно амбулаторное лечение, — деп, дәрігер Бақыт тәтенің емдік құжаттарын Аймен тәтенің қолына берді.

— Хорошо, спасибо вам большое, — деп, Серік Бақыт тәтені көтеріп алды да төменге түсті.

Кешке жақын үйге Берік аға мен Алма тәте келді. Шай үстінде Бақыт тәтенің жағдайын сөйлесті.

— Мына қиын-қыстаң заманда ауыруханаларда сонша жағдай жоқ. Аймен, ертең екеуміз қалалық ауырухананың бас дәрігеріне барайық. Мен ол кісіні жақсы танимын, — деді Алма тәте.

— Ия, Аймен, Алма дұрыс айтады. Уақытты созбай ертең бас дәрігерге кіріп шығыңдар. Тіпті, мен де сендермен бірге барайын. Бақыттың үйде жатып емделуіне жағдай жасауын өтінейік, — деп, Берік аға бұл кісілердің ойын құптады.

— Берік, алдымен Аймен екеуміз кіріп шығайық, болмай бара жатса сені шақырамыз, — деп, Алма тәте жолдасын сабырлыққа шақырды.

Сонымен, екі тәтеміз қалалық ауыруханасының Асылбек деген бас дәрігеріне кіріп жағдайларын айтты. Бас дәрігер аса салмақты, парасатты адам болып шықты. Ол кісі алдына келген бұл адамдардың сөзін асықпай тыңдады да былай деді:

— Біздің қалалық емханада Нұржамал Дулатқызы Иманбаева деген өте білікті ревматолог дәрігер бар. Сіздердің айтып отырған науқастарыңыздың диагнозы ревмотолог қарайтын дертке жатады.

— Жақсы болды ғой, сізге көп рахмет! — Деп, Алма тәте дәрігердің сөзін бөліп жіберді.

— Науқас үй жағдайында емделетін болғандықтан, дәрігердің қасына міндетті түрде медбике қажет. Сол қалалық емханасының күндізгі стационарында Лидия Прокофьевна деген тәжрибелі медбике істейді. Сол медбикені Нұржамал Дулатқызына қосып жіберейін. Дәрі-дәрмекті өздеріңіз дәріханадан аласыздар, — деп, бас дәрігер сөзін аяқтады да, — түсінбеген жерлеріңіз болса сұраңыздар, — деді тағы да.

— Көп рахмет сізге, жақсылығыңызды ұмытпаймыз! — деп, екі тәте жарыса сөйлеп өздерінің қуаныштарын жасыра алмады.

18+

Книга предназначена
для читателей старше 18 лет

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.

Введите сумму не менее null ₽, если хотите поддержать автора, или скачайте книгу бесплатно.Подробнее