12+
Қанатты сөз — қазына

Бесплатный фрагмент - Қанатты сөз — қазына

1-кітап

Объем: 332 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

«Қанатты сөздер қайдан шықты?» сериясы

ҚАНАТТЫ СӨЗ — ҚАЗЫНА
1-кітап

Аңыз, әңгіме, ертегілерді жинап, құрастырған, қанатты сөздердің мән-мағынасын түсіндірген Кеңес ОРАЗБЕКҰЛЫ ДҮЙСЕН.


«Қанатты сөз — қазына» — бұл кітапта халық арасына кең тараған мақал-мәтел, қанатты сөздер мен тәлімді сөз тіркестерінің қалай, қайдан шыққанын ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен ертегілер, шешендік этюдтар арқылы көрнекі мысал ретінде кестелеп беруге тырыстық. Қанатты сөздердің көбі халық өмір-тіршілігімен біте қайнасып ерте заманнан келе жатқандықтан, мән-мағыналары мен жекелеген сөздері ескіріп, көмескіленіп, ұғынып-түсінуге қиындық тудыратындай дәрежеге жеткен. Сол себептен, әр әңгіменің басында немесе соңында олардың түсіндірмелерін де қоса беріп отырмыз.

Туған тіліміздің көркем кестелері мен терең сыр-сипаттарын ұғынып-түсінуге ұмтылған балаларға, жастарға, көпшілік қауымға бұл кітаптың берер қазына-байлығы аз болмас деп ойлаймыз.

АЛҒЫСӨЗ

Халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бірі — мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер — ежелден бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан жауһар қазыналардың бірі болып табылады. Маржан сөздер деп атайтыны содан да болса керек. Ауыз әдебиетінің бұл үлгілері өзге әдеби жанрларға қарағанда бүгінгі күнге дейін халқымыздың тіл қатынас құралы негізінде кең қолданыста. Ел-жұртымыз оларды тіліміздің құнарлы да мағыналы, икемді де оңтайлы, тапқыр да түйінді сөз бөлшектері ретіндегі маңызын жоғары бағалап, сөз қолданыстарына қосып, тіл байлығын арттыру үшін жаңаларын іздестіріп, қызығушылық танытып келеді. Содан да болар, әр қилы құрастырушылардың ізденісімен мақал-мәтелдердің неше түрлі жинақтары жиі щығарылып, кітап дүкендеріміздің негізгі қорын байытып келеді.

Дегенімен, әлгінде айтқанымыздай, ол жинақтардағы мақал-мәтелдер мен тұрақты сөз тіркестерінің негізі халқымызбен бірге көне замандардан бері жасасып келе жатқандықтан, құрамындағы сөздері ескіріп, көнеріп, сөз қолданысымыздан шығып, бүгінгі жұрттың, әсіресе жастардың тісі батпайтындай, мән-мазмұнын түсініп, ұғуға қиындық туғызатындай дәрежеге жеткен. Міне, осы олқылықтың орнын жабуға біздің құрастырып, дйындауымызбен шығып отырған «Қанатты сөз — қазына» атты кітабы көмегін тигізеді деп ойлаймыз.

«Қанатты сөз — қазына» екі кітаптан тұрады. Оның бірінші кітабы ел аузындағы шағын-шағын төрт жүзден аса этнографиялық әңгімелер мен аңыздардан, шешендік этюдтер мен тәмсілдерден, ертегілерден жинақталып құрастырылған. Осы әңгіме-тәмсілдерде баяндалған қызықты да тағылымды оқиғалар арқылы ел аузында кең тараған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің мән-мазмұны мен олардың шығу тегін ашып көрсетуге тырыстық.

Ал, екінші кітапта мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің шығу тегін танымал жазушылар мен этнографтардың, тарихшылар мен филологтардың, журналистер мен тағы басқа мамандық иелерінің халқымыз салт-дәстүрлері мен этнографиясына, тарихы мен өмір-тіршілігіне, ру шежірелері мен табиғи құбылыстарға қатысты ой-түйіндеулерінен, қызғылықты мысал-деректерінен мыңнан аса үзінділерді рет-ретімен жинақтап беріп отырмыз. Иә, бұл қызғылықты ой-түйіндеулерді өз авторларының атынан осылай жинақтап бермесек, ол қазыналар ел көзінен тасада, көнерген газет-журналдар мен кітаптардың қойнауында, уақыт, заман қатпарларында керексіз, ескерусіз болып қала берер еді. «Ел іші — кеніш» дегендей, біз оларды әр автордың сөз саптаулары мен дерек келтірудегі стилдерін бұзбай жинастырып ұсынып, бұл қазына-байлықтарды халықтың өзіне қайыра қайтарып отырмыз. Оған көзі тірі авторлар түсіністікпен, «өшкені жанған» риза көңілмен қарар деп ойлаймыз.

Осы екі кітаптағы қазына-байлықтарды жай ғана жинақтап бере салмай, әр материалдың үстіңгі немесе астыңғы жағына курсивпен өз тарабымыздан ой-түйіндеулеріміз бен материалдарды толыққанды аша түсетін қосымша деректерді де келтіріп отырдық. Сондай-ақ әрбір мақал-мәтел мен қанатты сөздердің, сөз тіркестерінің мән-мағыналары мен түсіндірмелерін, ескі, көнерген сөздердің түсініктерін, кейбір қанатты сөздердің ел ішінде айтылатын өзгеше варианттары мен синонимдерін де толықтырып беруге тырыстық.

Реті келгенде айта кетейік, екі кітаптағы аңыз-әңгімелер мен материалдардың көпшілігі ел аузынан, ел ішінен алынғандықтан, көнеден, ескіден келе жатқандықтан, олардың әр түрлі нұсқадағы варианттылығы да жиі кездеседі. Мәселен, бірінші кітаптағы «Абылай аспас сары бел» — ел аузындағы аңыз бойынша берілсе, екінші кітаптағы «Абылай аспас асу» жазбаша түрде, яғни Х. Досмұхамбетовтың дерегі бойынша ұсынылып отыр. Сондай-ақ, оқырман қос кітаптағы «Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп», «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле», «Көп қорқытады, терең батырады», «Ұялған тек тұрмас», «Ұзынсары» және тағы басқа да қанатты сөздердің көп варианттылығын аңғарған болар. Оларды да біз қанатты сөздерің мән-мазмұнын жан-жақты аша түсетін болған соң бірнеше нұсқада ұсынып отырмыз. Сондай-ақ, екінші кітапта бір қанатты сөзге орай айтылған бірнеше автордың ой-тұжырымдарын да қатарластыра жарияладық. Олар сол берілген қанатты сөздердің мән-мазмұны мен шығу тегін, төркінін бірде жан-жақты толықтырып, аша түссе, енді бірде түсініктері бір-біріне кереғар келіп қалады. Мәселен, «Елді ала тайдай бүлдірдің», «Ұлың — Үрімге, қызың — Қырымға», «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам», «Болат кездік қап түбінде жатпайды» және тағы басқалары. Олардың қайсысының пікірі дұрыс, қайсысы бұрыс екенін айқындап, саралап жатпадық, көңілі даңғыл оқырманның өз ой-таразысына салдық.

«Қанатты сөз — қазынаның» бірінші кітабы 2010 жылы «Бәрекелді» баспасынан, екінші кітабы «Сенім» Жамбыл баспа орталығынан 2013 жылы аз тиражбен жарық көрген болатын. Кітаптардың жалпы оқырманға ұнағаны сондай, дүкендерде көп жатпай, тез таралып, байланыс телефонымыз арқылы жақсы пікір, лебіздерін айтып, іздеушілер көп екенін жеткізіп жатты. Міне, оқырмандардың сол аңсарлы тілектерін ескергендіктен, «Қанатты сөз — қазынаның» екі кітабын қайта аударыстырып, бұрынғы кемшін тұстарын түзетіп, қосымша материалдармен толықтырып, өздеріңізге жаңалап ұсынып отырмыз.

Ілгері уақытта, біздің бала кезімізде ел ішінде көкірегі даңғыл, қазына, шежіреге толы қариялар көп болушы еді. Олар көпшіліктің, кейінгі жастардың алдында салт-дәстүр, батырлық, тарихи, шежіре әңгімелерді, аңыз, ертегілер мен тәмсілдерді майын тамыза айтып, ел-жұрттың құлақ құрышын қандырып, жастарға өнеге, тәлім беретін. Тағылымдарымен дұрыс жолға салып отыратын. Бүгінде ондай даңғыл қариялар сиреген, тіпті, ел ішінде қалмаған да болар. Біздің бұл кітаптарымыз сол олқылықтың орнын толтыра алмаса да, сондай әңгімелерге сусаған ел-жұрттың қажетіне жарап қалар деп ойлаймыз. Сөйтіп, бұл кітаптар оқырмандарымен қуанып табысатын, дүркін-дүркін қолына алып, ондағы ой-түйіндеулерді өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.

Кітаптар жайлы пікір-ескертпелеріңіз, алып-қосарларыңыз, баға-лебіздеріңіз болса, мына электронды поштамызға жазып, хабарласуыңызға болады: kenes-0305@mail.ru.

Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.

Автордан.

А

АБЫЛАЙ АСПАС САРЫ БЕЛ

Ел ішінде «Абылай аспас сары бел» деген қанатты сөз бар. Оның мәнісі былай:

«Аралбайдан туған Бәйтелі батыр төре тұқымынан адам өлтіріп, құнды болады. Абылай хан билерін жинап алып, құныкерге өлім жазасын бұйырғанын хабарлайды. Ханның сегіз биінің бірі — немере ағасы Байдалыға Бәйтелі жаутаңдап қарай берсе керек. Сонда Байдалы би: „Несіне қарайсың, лақ құрлы жоқсың ба, бауыздайын деп жатқанда ол да бақырады ғой“, — дейді. Байдалының сөзінің астарын түсінген Абылай өлім жазасын кешіріпті. „Жеті жарғыдағы“ құн төлеудің нарқы атам заманнан белгілі. Ал, қара бұқара төре тұқымын өлтірсе, бұдан былай екі кісінің құнын тартады. Сондықтан Бәйтеліге осы жаза қолданылсын», — дейді. Байдалыдан басқа билер бас шұлғып мақұлдайды. Байдалы: «Тақсыр хан ием, есік алдында сіздің торы төбел тұлпарыңыз байлаулы тұр. Соның төбеліндегі түгі көп пе, жоқ, тұла денесіндегі түк көп пе?» — депті. Абылай:

«Әрине, тұла денесіндегі түк көп», — дейді. Байдалы би сөзін жалғап: «Олай болса төре тұқымы ат төбеліндей аз. Мен жаңа тетелес інім Жәнекеңе (Бекше мен Аралбай бір әкеден, Байдалы Бекшеден, Бәйтелі Аралбайдан туған. Байдалы тетелес немере інісін Жәнекең деп еркелетіп атаған. Содан Бәйтелі аты ұмытылып, Аралбайдан тарайтын бір тайпа ел Жәнекең руы атанып кеткен): „Бауыздайын деп жатқанда лақ та бақырады ғой, бақыр“, — дедім. Ол бақырып аруақ шақырса, ұранға шаппайтын ел болмайды. Сізге қамтуыңыздағы қалың бұқара қарсы шығады. Арғысы Арғын, берісі Мейрамның бес баласы дүрліксе, хан болып тұра алмайсыз. Сондықтан адамнан адамның артықшылығы жоқ, төре тұқымына екі құн төлей алмаймыз. Бір кісінің құнын төлеуге, ол құн даулап отырған адамыңыз нағыз төре болса, талша мойнымыз қылша. Ал, бірақ Бәйтелінің жалалы болған адамы күңнен туған, түбі шикі. Сондықтан жарты құн төлейміз», — деген екен. Сонда Абылай «Сегіз биім, сегіз биімнің ішіндегі семіз биім» деп Байдалының кесіміне тоқтапты. Сол даудан кейін Байдалы «Абылай аспас сары бел» атанып кеткен екен.

«Абылай аспас сары бел» — бұл хан Абылайдың өкім, үкімі жүрмейтін жері болады дегенді, былайша айтқанда, ұлық, әкім, төрелердің де айтқаны, үкімі жүрмейтін шек бар. Сол шекте тұрсың дегенді аңғартады.


АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА, АС КӨП,

АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА, АТ КӨП


Ағайынды екі жігіттің отбасы өзара тату-тәтті өмір сүріпті. Бірде «Осы тату-тәтті тұрмыстың ұйытқысы біз — ер-азаматтармыз», — деп мақтаныпты ағайындылардың кішісі әйеліне.

— Ал бізді — абысындардың еңбегін неге ескермейсің? — дейді жұбайы.

— Біз бас болсақ, сендер мойын емессіңдер ме. Ендеше бас қалай қараса, мойын да солай бұрылмай ма…

Әйелі бұған салғыласпай, өз шаруасымен жүре береді.

Бір күні олар жігіттің ағасын отбасымен қонаққа шақырады. Қой сойып, ет асып, мүше-мүшесімен дастарқанға қояды.

Ағайындылардың үлкені қойдың алдыңғы сирақтарын өз балаларына беріп, артқы сирақтарын інісінің балаларына ұсыныпты. Сонда кішісінің әйелі күйеунің құлағына: «Сирақтарды қалай бергенін көрдің бе? Алдыңғы аяқтарын — өз балаларына, артқы сирақтарын сенің балаларыңа берді. Яғни, ол өз балалары алда, озық болсын, ал сенің балаларың артта, соңында жүрсін дегені ғой», — деп сыбырлайды.

Ағасы інісінің балаларына жұлын берген еді, «Көрдің бе, сенің балаларың жұлындай үзілсін деген ойын», — деп қояды. Ағасы інісінің балаларына ми ұстатқан еді, «Әне, ол балаларыңның ақыл-ойы мидай былжырақ, су ми болсын деп беріп жатқанын түсіндің бе?» — дейді. Әйелінің осы сөздерінен кейін кішісі ағасымен ұрсысып, сөзге келіп қалады. Сонда кішісінің әйелі оларды қайта татуластырып, күйеуінің өткендегі әңгімесін есіне салады да, «Екі үйдің береке-ынтымағы біз — абысындарға да байланысты, „Абысын тату болса, ас көп, ағайын тату болса, ат көп“ деген», — деп ынтымақ-бірлікке шақырады.

Яғни, бұл мақал ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.


АДАЙ МЕН ТАЗ ЕМШЕКТЕС


Байұлының (Қыдырдың) Жанби, Ұлжан есімді екі әйелі болса керек. Жанбиінен туған Қанбибі есімді қызы болыпты.

Бір күні бойжеткен Қанбибі жақын құрбыларымен сейіл құрып сыртқа шығады. Табиғаттың толыса құлпырған кезі болса керек. Сейіл-серуен құрған қыз-келіншек гүл-құрағы жайқалған бұлақ басына келіп дамыл алады. Сол жерде Қанбибінің көзі ілініп кеткен екен, әлденеден тұла бойы шымырлай балқып оянып кетеді. Көзін ашып байқаса, көктен саулап құйылған нұр іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын балқытып жатыр екен дейді.

Осы нұрдан Қанбибінің бойына перзент бітіп, айы-күні толған соң босанады. Жай босанбайды, бойына әкесіз бала біткен соң, жасырын босанады да, баланы құндақтап, қыр астына апарып тастайды.

Ертеңіне серуендеп түзге шыққан Бай жылап жатқан құндақтаулы балаға тап болады. Баланы үйге алып келіп, Әспенбет деген көріпкелді шақыртады. Әспенбет баланы көріп, «Атыңды шығарар арысың осы болар» деп батасын береді. Бұған қуанған Бай ұлан-асыр той жасап, баланың атын Адай қояды.

Бұл кезде Байдың әйелі Ұлжанның Таз деген баласы емшекте екен. Ұлжан Адайды да бауырына алып, Таз екеуін бірге емізіп өсіреді. Әлгі, «Адай мен Таз емшектес» дейтін сөздің мәнісі осы.

Адай, таз — он екі ата байұлының ішіндегі рулар. Шежіре дерегі бойынша, Кіші жүз құрамындағы байұлы он екі ата, қыздың баласы — Адаймен он үш ата дейтін сөз бар. Мұның мәнісі, Байұлының Қанбибі деген қызынан туған Адай шешеден нәресте кезінде жетім қалады да, Таздың шешесі бауырына салып, Таз бен Адайды тел емгізіп өсіреді. Байұлының басқа бұтақтарына қарағанда, Таз бен Адайдың бір-біріне етете болатыны содан. Таз руынан шыққан Қашқынбай ақынның жеме-жемге келгенде «Емшектес адай қайдасың?!» — деп қолдау күтуінің де бір сыры осында. (А. Сейдімбек).

Осы орайда «Аққу мен қаз егіз, адай мен таз егіз» деген мағыналас мақалды да айта кеткен жөн.


АДАЛ ДОСТЫҚ ӨМІРЛІК НҰСҚА БОЛАДЫ,

АМАЛ ДОСТЫҚТЫҢ ӨМІРІ ҚЫСҚА БОЛАДЫ


Ертеректе ел ішінде Әйтімбет деген сөзге шешен кісі болыпты. Бір отырыста Әйтімбет шешенге замандастары:

— Достық нешеу? –деп сұрақ қояды.

Сонда Әйтімбет тұрып:

— Достықтың екі түрі болады. Бірі адал — достық, екіншісі — амал достық.

— Дұрыc-ақ. Енді оларды қалай ажырата аламыз? –дегендерге:

— Адал достық өмірлік нұсқа болады, амал достықтың өмірі қысқа болады, — деп жауап берген екен Әйтімбет шешен.

Адал достық — өмірде шынайы берілген, адамгершіліктен тұратын нағыз достық. Ол өмір бойы жалғасады. Ал амал достық–бір есепке құрылған достық. Ертең есебі түгелденсе, сені тастап, танымай да кетуі мүмкін деген мағынаны білдіреді.


АДАМ ТІЛІ ТАС ЖАРАДЫ, ТАС ЖАРМАСА БАС ЖАРАР


«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген жұтшылық болып, ел шұбырғанда, малдың ішіндегі семізін бас салып сойып, жей берген екен. Сонда бір көк ала бие он бес ауылды асырауға жарапты, бір мерген он бес ауылды асырауға жарапты. Биеден бір сауғанда, бір үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі «көз тиеді, тіл тиеді» деп, сайдан-сайға жасырып, байлап жүріп сауады екен. Даладан сүтін сабаға толтырып артып алып келіп, үйге ашытып, рулы елге қымызын жеткізеді екен. Бір күні бір сайда елден-жұрттан жасырып сауайын деп биенің бұтына көнегін салып отырса, көз ұшында төрт кісі көрініпті. Келіп қалады-ау деп асығып сауа береді, бие иіи береді. Қашан төрт кісі келіп жеткенше сауып бола алмапты. Төрт кісі келген соң, амалсыз биенің бұтынан түрегеліп, бір қара тасты алып, «тіл болсаң, тасқа ти» деп, сүттің ішіне тастай беріп, көнектің бетін жаба қойды. Төрт кісі сәлемдесіп, амандық айтысып болған соң айтты:

— Мана көз ұшында біз көргеннен биенің бұтында отырып едің, сонан бері биеңді сауып отырдың ба, жоқ жай отырдың ба? Біз соның жайын білейін деп жаныңа келіп едік, — депті.

— Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, жаңа ғана сіздердің алдыңызда зорға иіді, — дейді.

— Бәсе, солай ғой, онан басқа манадан бері сауып отырған болсаң, бір көл болып ағарлық болды, — дейді жолаушылар. Кісілер былай кетісімен, сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төрт бөлінген екен. «Адам тілі тас жарады, тас жармаса, бас жарар», — деген сонан қалған екен. Егер ол тасты салмағанда, биеге кәдік* болады екен.


АҒАЙЫН АРАСЫН ЛАСТАМА

СЫРТТАН ӨСЕК АЙТЫП ДАТТАМА


Сүлеймен деген ағайын болыстықтан дәмесі болып Мәтжан бидің сыртынан күңкілдеп сөз жүргізсе керек. Осындай алып-қашты сөзді сырттай естіген Мәтекең бір күні Сүлейменнің үйіне келіп, «Осы мөрді бір ыңғайлы болса тапсырам деп ойлап қоямын. Бір ойым осы Сүлейменнен артық кім бар деп те қояды», — деп Мәтекең сөз бастайды. Сонда Сүлеймен: «Ойбай, Мәтеке, айта көрмеңіз, мен тек отбасынікімін ғой. Ортаға түссем бүрісіп-тырысып қаламын ғой», — деп ақталыпты.

Сонда Сүлекеңе қарап: «Ағайын арасын ластама, Сырттан өсек айтып даттама», — деп жеңілауыздығын бетіне басқан екен.

Ағайын арасына от салып, бір-біріне айдап салып, шағылыстырма, ұрыстырма. Олардың сыртынан өсек — сыпсың сөз айтып, бір-біріне жамандама. Одан саған пайда түспейді, осы ерсі істерің ертелі-кеш жұрт құлағына жетіп, жаманатты боласың деген астарлы ой жатыр.


АҒАРЫП АЛДЫМА ТҮСПЕ

ҚАРАЙЫП СОҢЫМНАН ҚАЛМА


Бәйдібек бидің бәйбішесі — Сарықыз, екінші әйелі — Зеріп, кіші әйелі — Нұрила (Домалақ апа, Домалақ ене) деген кісілер болған. Сарықыз бәйбішелік жолын арқа тұта ма, жоқ әлде табиғаттың бойына дарытқан қасиеті ме, әйтеуір, төңірегіне қатал, адуын мінезімен танылады. Әсіресе ақыл-парасаты кемел Нұриланы Бәйдібек биден қызғанып, қисынсыз жерде мінез көрсетеді екен.

Бірде Нұрила тезек теріп үйіне қайтып келе жатса, алдынан Сары (Сарықыз) бәйбіше шығып, қамшы жұмсай бастапты. Сары бәйбішенің Нұриланы жазықсыз зәбірлеп жатқанын көрген келіні Сыланды (Иісті) жүгіріп шығып араша түседі. Адуын бәйбішенің сермеген қамшысына арқасын тосып, Нұриланы қорғаштайды.

Осы оқиғадан кейін Сыландыға риза болған Нұрила: «Ағарып алдыма


Кәдік* — қауіп, зақым.


түспе, қарайып соңымнан қалма», — деп батасын береді.

Дуалы ауыз, қасиетті Нұриланың батасы қабыл болып, Сыландының ұрпағы өсіп-өнеді. Бірақ, көптігі жөнінен Нұриланың ұрпағынан асқан емес. Бұлай болуы Нұриланың «Ағарып алдыма түспе, қарайып соңымнан қалма», — деген батасына байланысты еді дейді.

Бәйдібектің тоқалы Нұриладан — Тілеуберді (Жарықшақ), Жарықшақтан — Албан, Суан, Дулат тарайды. Бұларды қараүйсін деп те атайды.

Жалмамбеттің екінші әйелі Сыландыдан — Ысты, одан — Ойық, Тілік, Сызық туған. Жалмамбеттің кіндігінен тараған шапырашты, ысты, ошақты аталарын жинақтап «Ақүйсін» деп те атайды.


АҒАШ ЕКСЕҢ, КҮНӘҢ ЖЕҢІЛДЕЙДІ


Ертеде бір қандықол қарақшы тәубе еткісі келеді. Ол Шайқы Бұрқы әулиеге келіп:

— Мен қырық жыл бойы қан төктім. Зұлымдықтан басқа іс жасамадым. Енді тәубеме келдім. Не амал жасасам, Алла күнәмді кешеді? — деп сұрайды. Шайқы Бұрқы:

— Жол жиегіне жеміс ағашын ек. Өткен-кеткен жолаушылар саясына паналасын. Жемісін жесін, шөлін қандырсын, — дейді.

Қарақшы жолдың жағасына көп ағаш егіп, баптап өсіреді. Арада бірнеше жыл өткенде ағашы жайқалып, бауға айналыпты Жолаушы дем алып, керуен ат шалдыратын саялы баққа айналады. Бір күні Шайқы Бұрқы жолаушылап келе жатып, қарақшының бауына кезігеді.

— Бұл кімнің бағы? — деп сұрайды.

— Баудың иесі жоқ. Жергілікті жұрт «қарақшының бағы» деп атайды. Қарақшының өзі он жыл бұрын дүниеден озыпты дейді.

Шайқы әулие бақтың жемісін жеп, сол жерде түнейді. Түсінде баяғы қарақшыны көреді. Ол жұмақтың бағында отыр екен. Төбесінен нұр құйылып тұрады.

Шайқы:

— Ей, Алла, бұл не хикаят? Қарақшының төбесінен нұр не үшін себезгілеп тұр? — деп сұрайды.

— Мұның еккен ағашының саясына сан адам келіп дем алды. Жемісін жейді. Соның сауабы өзіне ақиретте өшпес азыққа айналды, — дейді. Шайқы Бұрқы ұйқыдан көңілді ояныпты.

Содан бастап ел арасында «ағаш ексең, күнәң жеңілдейді» деген қанатты сөз қалыпты.

«Бір тал кессең, оң тал ек», «Мазар басына ағаш ексе, сауабы тіріге де, өліге де тиеді» деген қанатты сөздерде де жоғарыдағыдай тағылымды ойлар жатыр.


АЖАЛ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ


Қорқыт ата өлімге қарсы тұрып, мәңгілік өмірді және адам баласы қайғы-мұңсыз, бақытты өмір сүретін Жерұйық мекенді ұзақ іздейді. Бірақ қайда барса да, көр қазып жатқан адамдарға жолығады. «Бұл — кімнің көрі?» деген сұрағына үнемі «Қорқыттың көрі» деген жауап алады. Содан ойлана келе, «Мәңгілік өмір — тек қана өнерде» деп түсінген дана қобыз аспабын ойлап тауып, астындағы Желмаясын сойып, терісінен соған шанақ жасайды. Сөйтіп, Сырдарияға кілем жайып, үстіне отырады да, қобызын күндіз-түні тарта береді. Сол уақытта бүкіл жер-жаһан, жүгірген аң, ұшқан құс, бәрі-бәрі дарияның жағасына анталап келіп, күй тыңдап тұрады екен. Қорқыттың қобызы күй төгіп тұрған кезде оған ажал да батып келе алмапты. Бірде шаршағаннан көзі ілініп кеткен кезінде судан кішкентай жылан шығып, дана қартты шағып алады. Сөйтіп, Қорқыт жантәсілім етеді. Ел аузындағы «Ажал айтып келмейді» деген нақыл осыдан қалса керек…

Бұл жерде нақыл ажал, өлім алдын ала айтып, хабарлап келмейді, кенеттен, күтпеген жерден келеді деген мәнде ұғынылады.


АЗДЫҢ АТАСЫ БІР


«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім-бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түркі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөздің мәнісі осында.

Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген.


АЙДАБОЛ, ҚАРЖАС — ЕМШЕКТЕС


Көшкіншілік-үркіншілік кезінде Мейрамсопыдан туған Қуандық пен Сүйіндік бір бала тауып алады. Балаға екеуі таласып, бір пәтуаға келе алмайды. Сөйтіп, шешесі Нұрпияға жүгінеді. Нұрпия ана асық қаржылаңдар (иіріңдер) депті. Қуандық жасының үлкендігіне, мінезінің адуындығына бағып, «алшы түссе де, тәуке түссе де, бүк түссе де, шік түссе де менікі» деп отырып алыпты. Сүйіндік шешесіне шағынып: «Апа-ау, осындай да қиянат бола ма екен?» — десе, Нұрпия шешесі: «Балам, бұйырғаны болар, асықтың омпа деген бесінші жағы да бар емес пе?» — депті. Содан, асықты қаржып жібергенде омпа түсіп, бала Сүйіндікке бұйырып, сол баланың Қаржас атануы осыдан еді дейді.

Бұл кезде Сүйіндіктің әйелі жас босанып отырса керек, Айдабол деген баласы бар екен. Жас ана Айдабол мен Қаржасты қатар емізіп өсіріпті. Әлгі, «Айдабол, Қаржас — емшектес» деген сөз содан қалған дейді.

Шежіре деректерінде Арғыннан — Дайырқожа, одан — Қарақожа туыпты дейді. Қарақожаның бәйбішесінен — Мейрамсопы туады. Мейрамсопының бәйбішесі Нұрпиядан (кейде Нұрқия, Әргүл) — Қуандық, Бегендік, Жегендік, Сүйіндік туған.


АЙДЫ АСПАНҒА БІР ШЫҒАРДЫМ


Көзге түсетіндей, әйгілі болатындай, жұрт таңғаларлықтай ерекше іс жасадым, деген ауыспалы мағынаны береді.

Қожанасыр бір күні әбден шөлдеген соң су алып ішпек болып, түнде құдыққа барады. Құдыққа қауға салып тартса, шықпайды. «Бұған не болды?» — деп, Қожанасыр үңіліп қараса, құдықтың түбінен ай көрінеді. «Ә, қауға айға ілініп қалған екен ғой», — деп Қожа жұлқа тартып алғанда, қауғасы шығып кетеді, өзі шалқасынан түседі. Жерге басын соғып, есеңгіреп қалған Қожанасыр әлден уақытта көзін ашса, ай аспанда тұр. Сонда Қожекең қуанып:

— Не болса, ол болсын, айды аспанға бір шығардым-ау! — депті.


АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛАР,

ШЕЛЕК ЖАЛАҒАН ТҰТЫЛАР


Ел ішінде «Айран ішкен құтылар, аяқ жалаған тұтылар» деген нұсқасы да айтылады. Бұл сөз тіркесі «айып-кінәсіз, нақақтан жазаға душар болды», — деген мағынада қолданылады.

Өткен заманда екі ұры болыпты. Екеуі бір үйге ұрлыққа түссе, әлгі үйдің айраны бабымен ұйытылған екен. Әлділеуі айранды ішіп қойыпты да, екіншісіне тек шелектегі жұғыны тиіпті. Шелекті жалап отырғанда, үй иелері келіп қалып, ұстап алыпты. Арғысы қашып кетіпті. Ұсталып қалғаны:

— Мен тек шелегін ғана жалап едім, — деп ақталыпты. Үй иелері ұрының бозарған сиқына қарап:

— Айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылар, — деген екен.


АҚҚАН СУҒА ДА БІР ТОСУ


Алуа заманында ақын да, керекті жерінде тапқыр екен. Сол елде Кенже деген атағы шыққан адам болыпты. Сол Кенже көптің алдында, тар жерде Алуаға:

— Әй, қатын, бері кел! — депті. Алуа:

— Кенже, атың бар-ау, әйтпесе барып сыбағаңды берер едім, — дегенде, көптің арасында отырған қарт:

— Шырағым, реті келген жерде тартынып қалма, — депті.

Сонда Алуа:

Кел дейсің, келгің келсе, сен келе кет,

Кел дағы, жігіт болсаң, сертіңе жет.

Кел деген ауыз байлық неге керек,

Келмесең, келгендерден садаға кет! — дегенде, отырғандар жадырай бір күліп. «Аққан суға да бір тосу!» десіпті.

Бұл — бетімен кеткен, бейпіл сөзді адамға да бір тосу бар дегені.


АҚҚОЖА БАТЫРДЫҢ ЖАТУЫ ЖОҚ,

БҰЛ ТАҢНЫҢ АТУЫ ЖОҚ


Ертеректе Атырау өңірінде Аққожа деген кісі болыпты. Аты аңызға айналған аңқау, ұмытшақ, қорқақ екен. Бірде бәйбішесі баласының ауырып жатқанын айтып, оны күндік жердегі емшіге жұмсапты. Аққожа атына мініп жүре береді. Күн кешкіріп, емшінің ауылының шетіне кіре бергенде, абалап қарсы ұмтылған ауыл иттерінен есі шыға қорқып, неге келе жатқанын да ұмытып, күншілік жердегі өз ауылына кері шабады. Өзі де, аты да шаршайды. Далаға жата кетуге, қоңырлықта жыланнан, шағыл басында бөрі-қарыдан қорқып жүре береді. Алайда, шаршаған ат пен таң ұйқысы еріксіз кідіртеді. Атынан түскен Аққожа дойырын қолына қысып ұстап, көзін ілмей, қауіп күтіп отыра беріпті. Таңғы ұйқы қойсын ба, бір қалғып кеткенінде, басындағы киіз қалпағы алдына жалп ете түседі. Шошып оянған Аққожа оңтайлап отырған дойырымен ал төпейді кеп. Жарық түсе қараса, ұзақ таң төпейлегені өзінің жүн болып ұшып жатқан киіз қалпағы екен. «Аққожа батырдың жатуы жоқ, бұл таңның атуы жоқ», — деген сөз содан қалыпты.

Бұл сөз тіркесінің мағынасы — сен де тыным таппай, тыншымай қойдың, уақыт та өтпейді деген ұғымды аңғартады.


АҚҚУМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, КӨҢІЛІҢ ПӘК БОЛАДЫ,

ҚАРШЫҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ТАМАҒЫҢ ТОҚ БОЛАДЫ,

ҚАРҒАМЕН ІСТЕС БОЛСАҢ, ШОҚЫҒАНЫҢ БОҚ БОЛАДЫ


Тапқырлығы, алғырлығы, әділдігімен ел құрметіне бөленген Мәтжанды ел 20 жасында-ақ болыс етіп сайлайды. Оншақты жылдан кейін өткен қайта сайлау кезінде бұл мансаптан өзі бас тартады. Үйезд бастығына «мені сайламаңдар» деп арыз береді. Мұны есіткен ағайындас байлар:

— Басқа қонған бақты тепкенің қалай? –дейді. Сонда Мәтжан тұрып:

— Мен болыс болсам, халқыма пайдам тие ме деуші едім, оным бекер екен. Анау патшаның, шен-шекпенді жандаралдың көңілін табуым керек. Олай етіп болыс болғанша, болмағанның өзі артық емес пе, –депті.

— Аққумен істес болсаң, көңілің пәк болады, қаршығамен істес болсаң, тамағың тоқ болады, қарғамен істес болсаң, шоқығаның боқ болады. Осыған көзім жетті, –деген екен.

Әңгіме қандай адаммен істес, әріптес болғаныңа байланысты. Адал, пейілі таза адаммен істес болсаң, көңіл-күйіңе кір түспейді, таза болады дегені. Атақ-дәрежелі, шенді-шекпенді кісімен істес болсаң, қарның тоқ болады, ал ұры-қары, қарау, ел-жұртты тонаумен айналысатындармен істес болсаң, ішіп-жегенің харам болады дегені.


АҚЫЛ ЖАСТАН, АСЫЛ ТАСТАН


Аға тәжірибелі, ол сабырлы, ол парасатты, бірақ қазақ тарихында інілердің суырылып ағалары алдында сөз бастағандары болған. Қазақ елін шауып кеткен Қоңтажыға мал-жанды даулап келген үлкендер (билер) сөзі әсер етпегенде, бала Қазыбек:

— Ел ебелек емес, ер кебенек емес, дат! — дейді. Сонда қалмақ ханы:

— Өй, өзің жөніңді айтшы, атың кім? — депті.

— Атым Қазыбек, әкем Келдібек, халқым қазақ, руым қаракесек, — депті.

— Дауысың қаз дауысындай қаңқылдап тұр екен, ал датыңды айтшы! — депті хан. Сонда Қазыбек:

— Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз.

Сен қалмақ та, біз қазақ,

Қарпысқалы келгенбіз.

Сен темір де, біз көмір,

Еріткелі келгенбіз.

Екі еліктің лағын теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге,

Танысқалы келгенбіз.

Танысуға келмесең,

Шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан да, біз арыстан,

Алысқалы келгенбіз.

Жаңа үйреткен жас тұлпар,

Жарысқалы келгенбіз.

Тұтқыр сары желімбіз,

Жабысқалы келгенбіз.

Берсең жөндеп бітімді айт,

Не тұратын жеріңді айт! — депті.

Сонда Қоңтажы сөзге тоқтап, қазақтардың шабылған мал-жанын аман-есен елге қайтарған екен.

Қазыбек бидің Қаз дауысты атануы осы оқиғаға қатысты. Сол кезде Қазыбек он бес жастар шамасында.

Міне, аға тұрып іні сөйлейтін осындай шақ болады, оған да қазақ: «Ақыл жастан, асыл тастан», деп тұжырымын жасаған. (Ғ. Есімнен).

«Асыл тастан» болатыны, жер бетінде кездесетін гауһар, алмас, лағыл, жақұт, кәрібтас, інжу-маржан және тағы басқа асыл минералдардың бәрі тас күйінде кездеседі. Тіпті, алтын мен күміс те тастан қорытылып алынады ғой.


АЛАТЫНЫҢ МЕН ЕМЕС,

АЛДЫҢДА ӘНЕ ЖАТЫР, ҚҰДАЙ!


Шын қауіп-қатер төнсе, біреуді арашалау жайына қалар, өз жайыңды қай жерге қоярыңды білмей сасарсың, қорқып-үркіп қашарсың, деген мағынада айтылады.

Ертеде бір әйелдің баласы төсек тартып, қатты ауырып қалыпты. Әйел: «Енді қайттім, мұны алғанша, мені неге алмайды, қу құдай!» деп, неше түрлі сөздерді айтып, жылап-еңіреп, елдің ығырын шығарады. «Қой» десе, одан бетер өршеленіп, баласының тынышын алады. Әйелдің бір қайнысы: «Күйдірді ғой» дейді де, ел тарап, ымырт түсе, үстіне үлкен тонды теріс киіп, неше түрлі нәрсені даңғырлатып, сыңғырлатып, киіз үйдің шаңырағынан секіріп түседі де, жеңгесіне қарай қорбаңдай жүреді. Сол кезде үрейі ұшқан әйел:

Даңғырлаған, даңғыр құдай!

Саңғырлаған, саңғыр құдай!

Алатының мен емес,

Алдыңда әне жатыр, құдай! — деп, екі қолымен баласын көрсетіп, өзі есікке қарай тұра қашыпты.


АЛАШ — АЛАШ БОЛҒАНДА,

АЛА ТАЙ АТ БОЛҒАНДА,

ТАҢБАСЫЗ ТАЙ, ЕНСІЗ ҚОЙ БОЛҒАНДА,

АЛАША ХАН БОЛҒАНДА


Есте жоқ ескі заманда Сыр бойында отыз екі баулы (рулы) елді билеген Қызыларыстан атты хан болса керек. Күндердің бір күнінде Қызыларыстанның жорықта олжа болған әйелінен ерекше бір ұл бала туады. Баланың тұла бойы алапес болса керек. Қызыларыстан хан баласының алапес болып туғанын жаман ырымға балап, Бетпақтың шөліне апарып тастайды (аңыздың келесі бір нұсқасында Сырдың суына ағызып жібереді). Тағдыр жазып алапес балаға перзенттен зарығып жүрген бір пақыр тап болып, асырап алады. Бала ақылына қайраты сай жігіт болып ер жетеді. Төңірегіне даңқы жайылып, Алаша атанады.

Алашаның даңқы Қызыларыстан ханға да жетеді. Содан, хан өзінің қараша биі Қотанмен ақылдасқан екен (аңыздың кейбір нұсқасында Майқы бидің де аты аталады), Қотан би: «Нағыз ер болса, елге қорған, жұртқа пана болар, ордаға шақырайық», — деп, Үйсін деген үлкен ұлының жанына жүз жігіт қосып аттандырады. Үйсін Алашаны іздеп тауып, таныс-біліс болған соң, сонда қалып қояды. Келесі жылы Қотан би Ақжол (Болат деп те айтылады) деген баласының жанына жүз жігіт қосып аттандырған екен, ол да Алашаның жанында қалып қояды. Қотан би үшінші жылы Алшын деген кіші ұлының жанына жүз жігіт қосып аттандырса, олар да қайтпапты.

Сөйтіп, Алашаға келіп қосылған үш жүз жігіт үлкен күшке айналып, төңірегіне ықпалын жүргізіп, өсіп-өнеді. Алаша хан болып, қарауындағы ел Алаш жұрты атанады. Алаш жұрты өсіп-өне келе Үйсін бастаған жүз жігіттің әулеттері — Ұлы жүз, Ақжол бастаған жүз жігіттің әулеттері — Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіттің әулеттері — Кіші жүз болып белгіленеді. Қазақ арасында күні бүгінге дейін айтылатын «Алаш — Алаш болғанда, ала тай ат болғанда, таңбасыз тай, енсіз қой болғанда, Алаша хан болғанда» деп басталатын қария сөз сол заманнан жетсе керек.


АЛҒАНДЫ БІЛГЕНДЕ,

БЕРГЕНДІ БІЛМЕСЕҢ, ЖЕТЕСІЗ БОЛАРСЫҢ


Қашаған би қыдырып келген құдасына кетерінде бүкіл елге әйгілі Қаракеш жорғасын мінгізіп жібереді. Бұған баласы Әбіттің ренжігенін сезген би:

— Алғанды білгенде, бергенді білмесең, жетесіз боларсың, — депті.

Сол құдасы қонақ болып барған Әбітке атан түйе сыйға тартқан екен.

Жалпы адамдар арасындағы қарым –қатынас өзара сыйластықпен, барыс-келіспен және алыс-беріспен де нығая түсетінін ұмытпау керек.


АЛЛАҢНАН ОЙБАЙЫМ ТЫНЫШ


Бір күні бір адам ауырып, қатты қысылып, ауру жанына батқан соң, «ойбай, жаным, ойбай» деп күңіреніпті. Аурудың аузына иман салмақ болып келген молда мұны естіп, қатты қынжылып: «Өзің жан үзгелі жатып, албастының атын атап, ойбайға жалынғаның не? Иман айт, Алладан медет тіле, «Алла, Алла» деп айт» депті. Ол: «Алла!» деп бір ыңыранып көріпті де, қайтадан ойбайға басып күңірене беріпті. «Алла» — деп неге айтпайсың?» — деп сұрапты молда. «Аллаңнан ойбайым тыныш екен» — депті әлгі ауру адам. Бұл сөз қалың жұртқа жайылып, мәтел болып кеткен екен.

Мәтелдің мағынасы, маған басқа қонбайтын жөн-жоба үйретпе. Қарапайым, қарабайыр болса да, өз жөнім дұрыс деген ойды айтып тұр.


АЛМА ПІС, АУЗЫМА ТҮС


Бұл сөз ойлаған ойым, тілегім өзінен өзі іске асып, орындалып жатса екен деп, еңбек, әрекеттен қашқан адамдарды сынағанда айтылады.

Баяғыда екі жалқау болыпты. Жалқаулықтары сонша, тіпті, еріндерін қимылдатуға да ерінеді екен.

Күндерде бір күні, екеуі алма ағашы түбінде жатқанда, бірінің көзі алмаға түседі.

— Алма піс, аузыма түс! — дейді. Екіншісі оған:

— Ерінбей, жалықпай соны қалай айттың? — деп ренжиді…

«Алма піс, аузыма түс», — деген сөз содан қалыпты.


АЛПЫС ЕКІ АЙЛАЛЫ


Қазақ халқының ауыз әдебиетінде түлкіден қу хайуан жоқ деп есептеледі. Аңшылар аузында көп кезігетін аңыз-әңгімелердің бірінде түлкі: «Менің алпыс айлам бар, ал адамның алпыс бір айласы бар. Сол бір айласының артықтығы ғой, олардың қанжығасынан менің басым көп көрінеді», — депті-мыс.

Ал тілімізде кездесетін «Алпыс екі айлалы» деген сөз тіркесі қандай да бір жанның, кісінің бойындағы қулық-сұмдық, айлакерлік қасиеттерін әсірелеп, өсіріп айтқанынан пайда болған.


АЛТЫ АЙ ҚЫС, АЛТЫ АЙ ЖАЗ


Бір қыста жер жүзін мұз басып, мал қырылып, қалғандары сіңірі шығып, әупірімдеп жазға зорға жетіпті. Ауыр қыстан әбден запыс* болған жануарлар есін жия келе ақылдасыпты, пәле Үркердің жерде жатпай, көкке шығып кетуінен болды. Ендеше Үркерді көкке шығармай, кезек-кезек басып тұрайық деп олар пәтуа* жасап, пәлен жерде Үркер жатыр дегенді естіп, іздеп шығады.

Жылқы, сиыр, түйе өзара «Мен жүйрікпін, мен жүйрікпін» деп бәстесіп, жарысып келе жатса, алдарында шөптің арасында бірдеме жылтырап жатыр. Сөйтсе, ол Үркер екен. Бұрын жеткен жылқы Үркерді басайын десе, сиыр «Мен басамын» — деп, мүйізін шайқап, оны жолатпайды. Үркер басында он екі жұлдыз екен.

Сиыр Үркердің алтауын ғана басып қалып, қалған алтауы тұяғының арасынан шығып, аспанға ұшып кетеді. Міне қыстың алты ай, жаздың алты ай болуы сондықтан. «Алты ай қыс, алты ай жаз» деген ұғым да содан туындапты.

Егер жылқы тұяғымен басса, онда Үркер түгел жерде жатар еді де, мәңгі бақи жаз болар еді.

— Ыстықта оқыралап шауып жүргеннен де, сақылдаған сары аязда сықыр-сықыр басып жүргенім жақсы, — деп жауап беріпті Сиыр.

Халқымыз бір жылдағы он екі айды суық, ыстық мезгілдер деп шартты түрде осылайша екіге бөледі. Осы бір жыл — он екі айдың өтпелі екенін ұғындырғысы келгенде де «Алты ай қыс, алты ай жаз» деп қысқа қайырғанды жөн көреді.


АЛТЫ АЛАСЫҢ, БЕС БЕРЕСІҢ БАР


Бір кедей жігіт темір ұстасына көрікші болып жалданады. Жалақысына күн сайын үш теңге алып тұруға уәделеседі. Бұған жігіттің әке-шешесі қуанып қалады. «Әрқайсымызға күніге бір теңгеден келетін болды ғой», дейді шешесі мәз болып. «Балам, жылына бір мың сексен теңге алатын болыпсың», –дейді әкесі. Жігіт ұстаханада мінсіз еңбек етеді. Көрік басумен бірге балға соғады, көмір тасиды, су әкеліп, от та жағады. Ұста жасаған ат тағаларын,

кетпені мен орағын базарға апарып сатып, ақшасын әкеліп беріп тұрады.

Ұста мекерлеу адам болып шығады. «Көріктің шанағын жардың, балғаның сабын сындырдың, көмірді күл етіп жібердің, сатқан бұйымдардың ақшасын түгел әкелмедің», –деп, ол жігітті әр жолы кінәләй береді.

Жыл өтеді. Есеп айырысатын күн келеді.

— Балам, алты аласың болса, бес бересің де болады, –деп, ұста көрікшіге


Запыс* — ығыры шығу.

Пәтуа* — келісім.


жарты қалта теңге беріп, арқасынан қағып, шығарып салады.

Жігіт үйге келгенде, әке-шешесі одан қанша теңге әкелгенін сұрайды.

— Ақшаның алты аласын алып, бес бересін беріп келдім, –дейді.

Ұста көрікші жігітке қанша ақша төлеген?

Түсінектемесі: Ұста келісім шарттағы бір мың сексен теңгені алтыға бөліп, соның бір бөлігін ғана көрікші жігітке берген. Басқасын «бес бересі» ретінде ұстап қалған.

Жауабы: Көрікші жігіт бір жүз сексен теңге алған.

«Алты аласың, бес берешегің бар ма» деп те айтылады.

«Маған өткізіп қойғаның бар ма» деген сөзбен мәндес қанатты сөз.


АЛТЫ ШАҢЫРАҚТЫҢ ІРГЕСІ АЖЫРАМАСЫН


Ертеректе Сырым батыр бес-алты серігімен жол жүріп келе жатып, Мөңке бидің ауылының үстінен түсіпті. Мұнда той қызып жатыр екен. Кенже баласы аяқтанып, жаңа құдалар да осында болып шығады. Жекжаттарымен қатар келіп қалған құдайы қонақтарды Мөңке би өзі отырған үйге түсіреді. Астан соңғы бата беру сәтінде Сырым сөзін:

— Алты шаңырақтың іргесі ажырамасын, — деп бітіреді.

Бұған Мөңкенің құдасы түсінкіремей қалып, «алты шаңырақтың іргесі ажырамасынның» сырын сұрайды. Сонда Мөңке оған:

— Құдай қосқан екеуміз жакжат болып отырмыз. Сенің қызың маған келін болып түсті. Ол үш шаңыраққа ие болады. Біріншісі — келген жұрты, екіншісі — нағашы жұрты, үшіншісі — өз төркіні. Сол сияқты менің ұлым саған күйеу бала болады. Ол да үш шаңыраққа ие: өз жұрты, қайын жұрты, нағашы жұрты. Екі бала қосылып, алты шаңырақты шығарып тұрған жоқ па? Осы алты шаңырақты құрап отырған алты рулы елдің аузы бір, ынтымағы берік болмай ма? — деген екен.


АЛТЫН, КҮМІС — ТАС ЕКЕН,

АРПА, БИДАЙ — АС ЕКЕН


Баяғы бір заманда бай мен кедей көрші өмір сүріпті. Олардың араздығы сондай, бір- бірін көргісі келмейді екен.

Байдың үйі кең, әдемі болыпты. Іші толған алтын мен күміс. Ал кедейдің үйі ағаштан жасалған, төбесін бұтамен жапқан қора екен. Алтын мен күміс түгілі, нанын әзер тауып жепті. Егін егіп, оны суарып, күтіп, орып, өз күнін өзі көріпті.

Бір жылы көктемде алапат су тасқыны болыпты. Бай алтынын көтеріп ағаштың басына шығып кетеді. Ал кедей болса бір көмеш нанын қойнына салып, ол да ағаштың басына көтеріледі. Су тасқыны он бес күнге созылады. Бір күні қарны ашқан бай кедейге:

— Әй, кедей, сен мына бір кесек алтынды ал да, маған бір үзім нан бер, –дейді.

— Жоқ, алтының өзіңе, нан бере алмаймын, –деп, жауап береді кедей.

Екінші күні бай кедейден тағы да нан сұрайды.

— Алтынымның жартысын берейін, –дейді ол бұл жолы.

— Жоқ, бере алмаймын, –деп бұл жолы да кедей келіспейді.

Ақыры аштан өліп бара жатқан соң шыдамай, бай үзім нанға бар алтынын айырбастайтынын айтады. Кедей бәрібір көнбейді. Бойынан күші кеткен бай басы айналып, суға құлап кетеді. Ал, келесі күні су тоқтап, кедей ағаштың басынан түседі. Халықтың: «Алтын, күміс–тас екен, арпа, бидай–ас екен» дейтіні осыған орай айтылған екен.


АЛТЫН, КҮМІС — ТАС ЕКЕН,

АРПА, БИДАЙ — АС ЕКЕН

(Екінші нұсқасы)


Бұл нақыл тәубесіне келіп, астамшылық жасағанын мойындағанда, нанның, азықтың, тағамның қадір-қасиетін жете түсінгенде айтылады.

Ерте заманда бір әйел дүниеқұмар болыпты. Өзінше «алтын, күміс дүниелерің болса, басқаның не керегі бар» деп есептепті. Сөйтіп, өңшең алтын-күміс заттарды, тіллә теңгелерді жиыпты.

Бір жылы астық шықпай, елде ашаршылық болып, нан тауып жеу қиынға түседі. Алғашқы кездері әйел зат, теңгелеріне бидай нан алып күнелтіпті. Ел күйзеліп, онша-мұнша жиған қорлары таусылатын болған соң, бұрынғыдай айырбас жасауды қойыпты. Әйел: «Аштан өліп барамын, бір уыс астық беріңдерші», — деп жалынып-жалбарынса, ешкім көнбепті. Әлсіреп, көзі қарауытып бара жатқан әйел: «Арпа, бидай — ас екен, алтын, күміс — тас екен», — деп, алтын, күміс дүниеліктерін лақтырып жіберіп, құлап түскен екен.


АЛЫС, АЛЫС ТА БОЛСА ЖАҚЫН,

ЖАҚЫН, ЖАҚЫН ДА БОЛСА АЛЫС


Ауылдың тұсындағы өзеннен өте алмаған жолаушы:

— Мынау өзеннің өткелі қай жерде? — десе, Жиреншенің жұбайы Қарашаш оған:

— Ана жерде бір өткел бар, алыс, алыс та болса жақын, мына жерде бір өткел бар, жақын, жақын да болса алыс, — депті. Әлгі жолаушы «жақын, жақын да болса алыс» деген өткелден өтемін деп, балшыққа батып малтығыпты. Содан айналып барып «Алыс, алыс та болса жақын» деген өткелден ешқандай кедергісіз тез өтіп кетіпті деседі.

Бұл мақалдың айтпағы, біріншісінің жолы алыс немесе жұмысы көп болғанымен, өткелімен өтуі оңай, нәтижесі тез. Ал екіншісінің жолы қысқа немесе еңбегі аз болғанымен, өткелі жоқ, өтуі қиын, машақат-әуресі көп дегені.


АЛЫСТАН АРБАЛАҒА, ЖАҚЫННАН ДОРБАЛА


Ыбырайдың азамат атанған кезінде қазақ егін егуді намыс көреді екен. Байқосақ деген бір кедей құрбы-құрдастарына кеп, қаладан көрген жаңалықтарын айтып, «кент жұрты егін салады екен, қаптап азық алады екен, біз де соны байқасақ қайтеді?» — десе, олар мазақ етіп: «Байқосақтың сөзі ылғи „байқасақтан“ келеді» деп, күліседі.

Үлкендер сөзін тыңдамаған соң, Байқосақ ауылдың балаларын жинап, аядай жерге аз ғана егін ексе керек. Егіннен әжептәуір астық алған Байқосақ таңданып қалған елге: «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағаным» — деп жауап беріпті. Кейін нақыл болып кеткен осы сөз сол Байқосақтан қалыпты-мыс.

Ыбырай ұстаздық қызметінде жүріп, ауылға келгенде, осынау жұмысқа қатты сүйсініп, әлгі Байқосақты іздеп барыпты да:

— Сіз үлкен іс атқардыңыз. Оныңызды көпшілік ұға қоймапты. Сол үшін көп атынан кешірім сұрағалы келдім, бастаған ісіңіз ұлғая берсін, біз егінші болуымыз керек, — деп разылық білдіріпті.

Осы сөзден соң елдің бірталайы егін салу жұмысымен айналыса бастапты. Кейін Байқосақ: «Ыбырай қалқам мені егінші деп айтты, елге білім еккен шын егінші өзіңсің ғой», — депті.

Керек зат, дүниені алыстан, біреуден, шет жұрттан көптеп, қымбаттап алғанша, соны аз-аздан болса да, өзің еңбектеніп, жасап, өндіріп алғаның игі, тиімді деген ой, ұғымды береді.


АМАНАТҚА ҚИЯНАТ ЖҮРМЕЙДІ


Ертеректе бір жігіт жалғыз анасын асырау мақсатында жұмыс іздеп жолға шығыпты. Жолай бір ақсақал кезігеді. Жөн сұраса келе мән-жайға қаныққан ақсақал жігітке өзінің үйінде бір жыл жұмыс істесе, ақысына өмірлік азық болар нақыл сөз айтамын деп ұсыныс жасайды. Бұл ұсыныс көкейіне қонған жігіт келісе кетеді. Күн өтеді, ай өтеді, жыл өтеді… бір жыл тынымсыз еңбектенген жігіт мерзімі жетіп, қайтуға жиналады, көкірегін ерекше сезім билеп, керемет сөз естірмін деген үміт жүрегін өрекпітеді. Сонда ақсақал:

— Балам, ешқашан өтірік айтпа, — дейді. Бұл сөзді естіген жігіт жатып кеп ашуланады.

— Бір жылдық еңбегімнің құны осы сөз бе еді, мұны өзім де білемін ғой, — дейді.

— Онда тағы бір жылға қал, келесі жылы мен саған мұнан да жақсы нақыл сөз айтамын, — дейді.

Онсыз да бір жылым текке кетті ғой, қалсам қалайын деген оймен жігіт жұмыс мерзімін жалғастырады. Ай өтіп, жыл толады. Уағдалы уақытта ақсақал:

— Құран оқылып жатқан жерде міндетті түрде отырып тыңда, — дейді.

— Бұл сөзді де бұрыннан білетін едім, зая кеткен уақытым-ай, — деп жігіттің өзегі өкініштен өртенеді. Ақсақал және бір жылға қалуын өтінеді. Амалы таусылған жігіт келіспеске болмайды. Үшінші жылы тәмамдалған жігіттің естіген сөзі төмендегідей еді:

— Ешқашан аманатқа қиянат етпе. — Бұл сөз де жігітті қанағаттандырмайды. Қайтуға бел буған жігітке ақсақал қоштасарда үйдегі апаңа апарып берерсің деп нан береді.

Жол бойы өзіне қанағаттанбаған жігітті бір топ ұры қолға түсіреді.

— Не мақсатпен, қайда барасың? — деп қыспаққа алады. Қалтасындағы азын-аулақ ақшаны шығарып, бар шындықты айтады. Шынайы жауапқа риза болған ұрылар мейірімі түсіп, анасына алып бара жатқан нанын қайтарып, өзін бостандыққа жібере салады. Үйіне бет алған жігіт сапар барысында ойда жоқта адам етімен қоректенетін қарақшыларға тап болады. Қарақшылардың тұтқынында мұнан өзге бірнеше адам бар екен. Адамжегіш жауыздың алдында тұтқындарды кезегімен бауыздап беріп отыратын жандайшап болатын. Кезек әлгі жігітке келеді, амалсыз жандайшаптың алдына қадамын санап басып келе жатқан сәтте алыстан талып жеткен құран даусы құлағына шалынады. Сол-ақ екен жігіт отыра кетеді. Аштықтан өзегі талып отырған жауыз жеңсік асының кешеуілдегеніне тағатсызданып, себебін білмекке шыға бергенде, аңдаусызда жандайшаптың қолынан жан тапсырады. Басшылары мерт болып, абдыраған қарақшылар өзара керілдесіп, берекесі кеткен сәтін пайдаланып бірнеше тұтқын бас сауғалап қаша жөнеледі. Біршама уақыт өткенде әлгі қашқындар аштыққа душар болады. Арып-ашып келе жатса да, жігіт өзіне аманат етіп тапсырылған қойнындағы анасына арналған нанды қайтсе де аман-есен жеткізбек. Көп қиындықтан соң жігіт анасымен қауышады. Аманат-нанды анасына тапсырады. Наннан ауыз тимекке ниеттенген анасы нанды үзсе, арасы алтын теңгелермен толтырылған екен.

Үлкен кісі, жақын дос-туысың немесе кез келген бір адам саған сенім артып, бір зат (мұра, өсиет) табыстаса немесе біреуге апарып бер деп өтініш, аманат етсе, ол аманатты міндетті түрде (өз басыңа қауіп-қатер төнсе де) орындауға тиіссің. Ол аманатқа немқұрайды қарап, орындамай қойсаң, біреуге табысталатын затты қараулықпен жымқырып қойсаң, әйтеуір аманатқа қиянат жасасаң, ол сенің ар-намысыңа үлкен сын, аманат алдында опасыз болғаның.


АНАНЫҢ АҚ СҮТІ


Жаугершілік заманда ері соғыста опат болған ана баласын бауырына басып қала береді. Ауыл ақсақалдары ақылдаса келіп, жесірді бір жақындарына қоспақшы болады. Қарияларға әйел шарт қойыпты. Ол тостағандағы ақ түсті қоймалжың сұйықтан бәрінің дәм татып көріп, оның неден жасалғанын тауып берсе ғана ақсақалдар ұйғарымына бас иетінін айтады. Үлкендер дәм татып, тамсаныпты. Бірақ, оның неден жасалғанын таба алмапты. Сонда жесір әйел:

— Уа, қадірменді қариялар, бұл — ананың ақ сүті. Ақ сүтімді таттыңыздар, сіздердің жастарыңыз үлкен болса да, баламдай болдыңыздар. Ендігі тілегім: мені өзім қалаған жанға қосыңыздар, — депті. Ананың ақ сүтінен аттай алмаған ақсақалдар жесір ананың сөзіне тоқтаған екен.

Ананың ақ сүті — қасиетті, киелі, барлық асыл қасиеттер мен ата тектің бастауы деген ұғымды білдіреді.


АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕР


«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деген нұсқасы да бар. Алды-артын ойлап-пішіп алмай, жеңілтек сөйлеген адам ұятсыздыққа қалады, ағат сөйлегеніне қатты опынады деген мағананы білдіреді.

Өмір, Темір, Қайыр, Естемес атты төрт ағайынды болыпты. Ажал жетіп, ағайындылардың біреуі қайтыс болады. Оған көңіл айтуға келген келіндердің бірі былай депті: «Өлмейтін өмір жоқ, үзілмейтін темір жоқ, арты қайырлы болсын». Бұны естіп жеңгелері беттерін шымшып, келген қонақтардың алдында не айтарларын білмепті. Келіндері онымен қоймай: «Ой, есте жоқ, есімнен шығып кетіпті», — деп ақталыпты.

Осылайша келіні төрт атасының атын атап жеберіпті. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өлер» деген сөз содан қалыпты.


АҢДАМАЙ СӨЙЛЕГЕН АУЫРМАЙ ӨЛЕДІ (Екінші нұсқа)


Көтібар деген батырдың аты қалай қойылған? Қазақ кейде не болса соны қоя береді деуге бола ма? Жоқ. Ел ішіндегі аңыз бойынша, бір қатал бай бір кедейдің қызын қалың мал беріп, тоқалдыққа алады. Ол қыздың аяғы ауыр (жүкті) болып, айы-күні жетіп, босануға таянғанда бай былай депті:

— Егер тоқал қыз туса, оны сол бойда өлтіріңдер. Ал егер ұл туса, онда сәбиді алақанға салыңдар.

Сәби дүниеге келгенде босандырушы әйелдердің бірі: «Әй, көті бар, көті бар», — деп айқаласыпты. Сірә, мұнысы қуанғанынан ер бала, ұл бала туды дегені ғой. Осы хабар сол бойда байға жетеді.

Бай айтыпты:

— Сол көті бар деп айқайлағанды құдай да, сәби де естіпті ғой. Олай болса сәбидің аты Көтібар болсын!

Сөйтіп, сәбиге Көтібар деген ат осылай қойылған екен.

Ал Көтібар кім? Ол — әрі батыр, әрі мырза, әрі заманының абзал азаматы болған адам.

Сол Көтібардың үйінде бір жолаушы қарт кісі намаз оқып, сусындап кетейін деп түседі. Намазын оқып, бір аяқ қымыз ішіп отырғанда, Көтібар батыр әлгі қарттан:

— Қосағасы, атыңыз кім? — деп сұрайды.

— Атым Адыраспан, — дейді қарт.

— Апыр-ай, адыры адыр болсын, аспаны несі екен? — леп таңданады Көтібар.

— Қазақ атты қоя береді ғой. Атты тауып қойса, өзінің ғұрпындағы атты қояды. Егер таба алмаса, өзінің бұтындағы көтін қояды ғой, — депті қарт.

Сонда Көтібар: «Қазақта аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген мақал бар еді. Сол рас екен. Мен ұтылдым. Ал сізге кетуге рұқсат жоқ, бір малдың басын жеп кетіңіз», — деп жібермей мал сойып, қонақ етіп аттандырыпты әлгі қартты. (М. Жадановтан).

Мұндағы Көтібар батырдың толық аты-жөні: Көтібар Бәсенұлы (шамамен 1757—1833) — Кіші жүз құрамындағы Әлім тайпасының Шекті руынан шыққан батыр. Атақты Бәсен батырдың алты баласының біреуі. Жастайынан Шекті руы мен түркімендердің арасындағы шайқастарда ерлігімен көзге түскен. Соңғы жылдары негізгі өмірі Ресей отаршылдық саясатына қарсы күреспен өткен. Көтібар бейнесін М. Әуезов өзінің «Айман-Шолпан» пьесасында пайдаланған.

Ал мәтелдің мағынасы: Аты-жөні жоқ ойланбай, аңғырт сөйлеген адам жазасын алады, сазайын тартады дегенге келеді.


АҢҚАУ АСТЫНДАҒЫ АТЫН АЛТЫ АЙ ІЗДЕПТІ


Бұл нақыл асығып-аптығып жүріп, оңай жерде тұрған затты көп іздеп қалғанда, ұмытшақтыққа күйінгенде айтылады.

Бір бай жаңа жалданған жылқышы жігітке: «Мынаны сен бағасың» деп, бір үйір жылқыны санап беріп, алдына салады. Жігіт үйірдің ішінен біреуін ерттеп мініп, жылқыларды өріске айдап кетеді. Өрістен қайтқанда: «Осыларды түгендеп қояйын, көңіл тыныш болсын», — деп, санайды. Бірақ қанша санаса да, бір жылқы кем шығады. Содан «Біреуі қайда кеткен?» — деп іздейді. Үйірін тастап кете алмай, алдындағы жылқысын айдай жүріп, жаз бойы іздеумен болады. Жоғы табылмай, шаршап-шалдығып жүргенде, бір кісі кездеседі. Жігіт оған жайын баяндап: «Алты ай болды, әлі таба алмай келе жатырмын» деп, күйінішін айтады. Жігітке жаны ашыған шал: «Ал кәне, екеулеп түгендейік», — дейді. Сөйтеп екеулеп санап шыққаннан кейін:

— Көрдіңіз бе, біреуі жетпейді, — дейді жігіт ренжіп.

— Ал астыңдағың ше?

Ол мініп жүрген атына көз тастайды да, жүзі бозарып:

— Менің алты ай жаз іздеп жүргенім осы ғой деп санын бір соғады.

«Аңқау астындағы атын алты ай іздепті» деген сөз содан қалыпты.


«АРБАҒА ХАНМЕН БІРГЕ МІНГЕНБІЗ»


Қырдағы елдің басшысы өліп, кімді басшы қоярын білмей жұрт қатты дағдарады. Сол кезде Дүбінің анасы самсаған сары қолдың алдына келіп: «Талабы бар елдердің барлығы садақ тартсын. Кімнің садағы сағымға байланса, соны бас көтеріңдер», — дейді. Талаптанған ерлердің бәрі садақ тартады. Бірақ ешбірінің садағы сағымға тоқтай алмайды. Сонда Дүбінің шешесі: «Менің мерген балам тау ішінде аң аулап жүр. Соны шақырып әкеліңдер, сағымға соның садағы тоқтар», — дейді. Белгіге жүзігін береді. Елдің атақты билері барып Дүбіні шақырады. Алғашында ол келгісі келмесе де, шешесінің белгіге беріп жіберген жүзігін көріп, бармақшы болады. «Мен жанды нәрсеге мініп бара алмаймын. Маған күйме керек», — деп Дүбі шарт қояды. Үлкен күйме жасалып, атын «Қаңқа», «Қаңқалы» деп атайды. «Қаңқа — арба» Алтай елінің тілінде де айтылады. Арба жасаған кісі қаңқалы аталады. Бара-бара «қаңқалы» сөзі өзгеріп, «қаңлы» сөзіне айналады. Мәнісі — «арбалы» деген сөз. Арба істеген шебер жол-жөнекей мертігіп, ақсаңдап келе жатқанда, Дүбі оны аяп, арбасына мінгізеді.

Бүгінге дейін қаңлы елінің аузындағы: «Қаңлы елінде хан бар, кәделі елде қаңлы бар», «Хан жоқ болса, қаңлыдан хан көтер», «Арбаға ханмен бірге мінгенбіз» деген мәтелдер содан қалған. Ә. Марғұлан «Ежелгі жыр, аңыздар».

Ел арасында айтылатын «Қаңлы жоқ жерде хан сайланбас» немесе «Қаңлысыз хан (көтермес) сайланбас» деген мәтелдер де ескіден келе жатқан жоғарыдағы аңызды қуаттай түсетіндей.

«Арбаға ханмен бірге мінгенбіз». Бұл — арбаны алғаш жасаған, хан құрметіне бөленген, ханға жақын жұртпыз деген ойларды аңғартады.


АРСАЛАҢ, БЕРІ ОТЫР ДЕСЕ,

АРЫ ЖЫҒЫЛЫПТЫ


Бұрынғы заманда Арсалаң деген бір қыңыр кісі өмір сүріпті. Жұрт не айтса соның бәрін керісінше істепті. Біреу: «Қой, өйтпе!» десе, одан сайын өршелене түседі екен. Өзі соншама қайратты болғанымен, аңғалдау екен.

Осындай кері кеткен дүлейден әбден ығыры шыққан халық одан қалай құтылудың жолын іздестіреді. Содан бір күні келісіп, жардың басына ас беретін болады. Оған Арсалаң да барады. Арсалаңға: «Жардың жағасына отырма», — дейді. Ол барады да жардың жағасына отырады. Жайғасып болған кезде біреуі: «Арсалаң, бері отыр!» — дейді. Арсалаң ары отырамын деп қозғалған кезде, жардан құлап кетіпті. Содан ел ішінде қырсық, кесір адамдарды әжуалап айтатын: «Арсалаң, бері отыр десе, ары жығылыпты», — деген сөз қалған екен.


АРСЫЗДАН АЙУАН АРТЫҚ


Адам арсыздықты бұзылған оймен істейді. Ал айуанның ондай арсыздыққа санасы жетпейді. Сонда да оның ақылға бергісіз іс-әрекеттері арсыз адамның қылығынан артық деген ойды аңғартады.

Шұлғау деген байдың Содыр деген сотанақ баласы болыпты. Ол еш нәрсе істемей, атына мініп, ауыл ауылды қыдырумен жүреді екен. Бір күні Содыр көрші ауылға бара жатса, жолда кездескен кәрі-жастың бәрі де оған сәлем береді. Ол ешкімге көз қырын да салмай, өз бетімен жүре береді. Жолда есек мінген бір шал Содырға қарап қойып, үндемей өте береді. Содыр атының басын бұрып алып:

— Әй, қақбас, неге сәлем бермейсің? — деп тесіле қарайды. Сонда шал тұрып:

— Балам, кіші тұрғанда, үлкен сәлем беруші ме еді? — дейді.

Содыр шалға жақындап келіп, қамшымен тартып жіберуге оқтала бергенде, шал қамшысын шап беріп ұстай алады. Енді екеуі жерге түсе қалып, алыса бастайды. Бос қалған есек пен ат шетке шыға береді. Екеуі ары алысады, бері алысады, бірақ бір-біріне әлдері жетпей титықтасып тұрып, ақыры болмаған соң ажырасады. Шал үсті-басын қағып, айналасына қараса, есек пен ат жолдың ар жағында қасынысып тұр екен. Сонда қария:

— «Арсыздан айуан артық» деген рас қой. Ананы көрдің бе? — депті.


АРЫСТАНБАБҚА ТҮНЕ, ҚОЖА АХМЕТТЕН ТІЛЕ


Мұхаммед пайғамбар ақыреттің алдында барлық туыс-жақындарын, сырлас достары мен жора-жолдастарын жинап:

— Мен бұл дүниемен және сіздермен қоштасқалы жатырмын. Кейінгі ұрпақтарымның біреуіне берер аманатым бар. Соны оған кім тапсырар екен? — дейді де, жан-жағына қарайды. Жұрт аң-таң. Дені сап-сау, қалайша бізді қиып, о дүниеге аттанбақ? Аманаты не? Ойларын онға, саналарын сан саққа жүгіртеді. Сол кезде Арыстанбаб орнынан тұрып, екі қолын көкірегіне қойып:

— Бұған мен әзірмін, — дейді. Мұхаммед пайғамбар:

— Жарайды, ақылдасып, келейін, — дейді де, зым-зия жоғалып кетеді. Әлден уақытта қайтып оралады. Алла тағаланың келісімін алып келсе керек:

— Келешекте өмірге Ахмет деген бала келеді. Соған мына құрма жемісін тапсырасың, — деп, қалтасынан алған бір түйір құрманы береді.

Ахмет дейтін балаға тапсыратын аманатты алып, ұртына салған Арыстанбаб Мұхаммед пайғамбарға:

— Мен ол баланы қайдан іздеймін, қалай табам, қалай танимын? — деп сауал қояды. Сонда Мұхаммед:

— Іздеп әуре болмай-ақ қойыңыз. Берген аманатымды сізден өзі-ақ сұрап алады — дейді.

Ғажап болғанда, пайғамбардың айтқаны айнымай келеді.

Бірде далада келе жатқанда, 11 жасар балаға кездеседі.

— Ақсақал, аманатымды беріңіз, — дейді бала. Арыстан баб атын сұрап жатпай, «аузыңды аш» дейді оған. Ол аузын ашқанда, бабаның ұртындағы құрма зып етіп Ахметтің аузына кіріп кетеді. Бала ләм-мим деп тіл қатпастан, бұрылып жүре береді.

— Сен неткен көргенсізсің, маған айтқан рақметің қайда?! — деп айқайлайды Арыстанбаб.

Сонда бала артына бұрылып тұрып:

— Сізге несіне рақмет айтам? Сіз бар шырынын сорып жеп, маған құр сүйегін қалдырып отырсыз, — дейді. — Жарайды, сізге келіп түнесін, менен тілек тілесін, — деп жүріп кетеді.

Содан бері халық Түркістанға сапар шеккенде әуелі Арыстанбабтың басына барып мінәжат етеді. Құран оқытады. Мазарына бір түнеп, содан соң ғана Ахмет Иассауи кесенесіне аттанады екен.

Халық арасында «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген нақыл сөз содан қалыпты. Бұл нақылды кейде «Әулиенің басына түне, Алладан тіле» деп жалпылама айтатындар да бар.


АРЫСТАНДАЙ АЗУЛЫМЕН ЖОЛДАС БОЛМА, АШЫҒАСЫҢ,

ТҮЛКІДЕЙ ҚУМЕН ЖОЛДАС БОЛМА, АСЫЛАСЫҢ


Жүйіткіп келе жатқан түлкі бір жемтікке кездеседі. Жақсы атанбақ болып, мұны жемтік жейтін аңдардың бәріне хабарлайды. Барлық аң жиналады. Аңдар жемтікке ауыз салайын десе, арыстаннан асуға бата алмайды. Сонда түлкі жылмаңдап:

— Ел ағасы бөлсін? — дейді арыстанға жалтақтай қарап. Сонда арыстан орнынан тұрады.

— Мен айтсам, бұл жемтіктің бір бөлігі менің арыстан атыма, бір бөлігі күштілігіме, енді бір бөлігіне кімнің тісі тисе, сау қалмайды, — дейді.

Мұны естіген соң аңдар бастары салбырап, тарап кете барады. Бұған түлкі іштей ызаланып, дық сақтайды. Тағы бір күні жортып келе жатқан түлкі құрулы тұрған атпа тұзақты көреді. Аптыға жүгіріп арыстанға барады:

— Ел ағасы, тағы бір жемтік көрдім, соны бөліп беріңіз!

— Ал, онда баста! — дейді арыстан. Жылмаң қаққан түлкі ертіп алып, тұзаққа таяп келгенде:

— Сіз осы жолмен тіке жүре беріңіз, мен мына жақты шола келейін… — деп, жолдан тайсақтанып, айнала өтеді. Аңғал арыстан бұрылыссыз тура тарта береді. Алшаңдап келе жатып, атпа тұзақты басып қалады да, ағашқа ілініп, салақтап қалады. Басы салбырап тұрған арыстанды артынан келген түлкі көреді.

— Ел ағасы, не болды?

— Не болушы еді, — дейді арыстан. — Сен керіл деп жібердің ғой, мен керіліп тұрмын…

Түлкі қулығына риза болады.

«Арыстандай азулымен жолдас болма, ашығасың, түлкідей қумен жолдас болма, асыласың», — деген сөз содан қалған екен.

Өзін өзгелерден артық санайтын өркөкірек, менмен, арсыз, ожар адамдармен дос болма, үлесіңнен, сыбағаңнан құр қаласың. Ондай адамдар саған тиесілі нәрсені күш көрсетіп, тартып алудан да тайынбайды. Ал, қу, аяр адамдармен дос болсаң, олар сені қулық, сұмдықпен алдап, сазға отырғызады, абырой-беделден айырыласың деген ойды білдіреді.


АСПАНДА ҰШСАМ ҚАНАТЫМ ТАЛАДЫ,

ЖЕРГЕ ТҮССЕМ ЖАЛАЙЫР ШОРА АЛАДЫ


Ұлы жүз — Үйсіннен Абақ, Тарақ деген екі бала болып, Тарақтың аты «Жалайыр» атанып кеткен дейді. Өзі батыр, палуан Тарақ асаудан жығылғанда аттың жалын ұстап жығылып, жалды айырып түскендіктен «Жалайыр» болып атанған деген сөз бар. Сол екі ата жалайыр елінде құс салып, ит жүгірткен қазақ саяткерлерінің ішінде қыран құсты адамша жұмсай білген Жалайыр Шорадан асқан білгір құсбегі болған. Жалайыр Шораның алғыр қыранды айнытпай танитыны соншалықты, ұшқан бейіміне қарап-ақ қандай аңға түсе алатынын дәлме-дәл айтып береді екен. Сол себепті ел ол құсбегіні: «Аспанда ұшсам қанатым талады, жерге түссем Жалайыр Шора алады», — деп аңыздайды екен.

Ертеректе бір ауылға келіп түскен Жалайыр Шора күн ұясына батар шақта ауыл адамдарымен төбе басында әңгімелесіп отырады. Олар күнбатыс жақтан өздеріне қарай ұшып келе жатқан қос қыранды байқап қалады. Беймезгіл шақта ұшқан қырандарды ауыл адамдары әр саққа жүгіртіп әңгімелейді. Сол кезде Жалайыр Шора:

— Оң жағындағы қыран құмшегірдің тұқымы екен де, сол жағындағы — сасқалақ сарының сырғағы екен, — дейді. Сонда ауыл адамдары:

— Сен де оттай береді екенсің! Айдалада ұшып бара жатқан құсты балдаққа қондырғандай сипаттадың-ау келіп, — деп мысқылдайды.

— Сенбесеңдер, бәрің орындарыңнан тұрып айғай салыңдаршы. Сол жағындағы қыран жерге құлап түспесе неғыл дейсің, — дейді.

Жалайыр Шора айтқандай айғай-қиқу шыққанда-ақ жаңағы бүркіт қалбаңдап барып жерге құлайды. Ел жүгіріп жанына барса, қорғаншақтай береді. Міне, Жалайыр Шораның білгірлігі. Бүркіттің сасқалағы еш уақытта мандытып аңға түсе алмайды.

Бұл құсбегілердің, аңшылардың шеберлігіне, білгірлігіне тәнті болғанда, құрмет, қошамет көрсеткенде айтылатын нақыл.


АСПАННАН ИСА ТҮССЕ, ЖЕРДЕН МӘДІ ШЫҒАДЫ


Мәді — хазірет Ғалидың (Әзірет шері) ұлы. Орта Азияда өмір сүрген балуан Дариға қыздан туады. Азамат болған соң туабітті көрмеген әкесін іздеп, сапарға шығады. Кездеседі. Алдымен жөн сұрасып алмай күреске шыққанда, бала ұрандап «Иә, Алла, Әзірет шері жаса» деп айқайлап күреседі. Сонда Әзірет шері баланы тоқтатып, өзінің баласы екенін таниды. Бала да әкесін танып, «өз әкеме қол көтердім, жарыл, жер, жарыл!» — деп, жерге кіріп кетіпті.

Адамзат баласын тажал әкелген ауыртпалықтан құтқару үшін Мәді тығылған жерінен шығады. Аспаннан Иса пайғамбар түседі. Тажалдың көзін жояды.

Христиандарда Исаның қайта келуімен жер бетінде әділдік орнайды, адамдар күнә атаулыдан арылып, бақытты өмір сүреді деген сенім бар. Қазақтар да «Аспаннан Иса, жерден Мәді шыққанда, қой үстіне бозторғай ұялайтын заман болады» деп жатады. Бұл сенім қазақтарда ислам дінінің Мәді, Дажжал туралы ілімі негізінде қалыптасқан.

Елшілікке жіберілген екі хазіреттің арқасында жер бетінде мамыражай заман орнайды. Адамдар түгелдей мұсылман болады. Осыдан «Аспаннан Иса түссе, Жерден Мәді шығады», — деген сөз қалған екен.

Мұнда исламның әділ жолымен жүрсең, екі дүниеде ниет-тілегің орындалады деген ой түйінделген.


АСТЫ ҚОРЛАҒАННЫҢ АРТЫ ОҢБАС


Қазақ халқы үшін дастарқан үстіндегі дәмнен үлкен нәрсе жоқ. Тіпті, аңдаусызда үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығаратын көшпенділер үшін, тұз-дәмнің қасиеті ерекше. «Бір күн дәмдес болған кісіге қырық күн сәлем бер», деген сөз бекер айтылмаған.

«Кісі айдаса барма, дәм айдаса қалма» дейді атамыз қазақ.

1920 жылдар Жақанбек атты ауқатты кісінің даңқы қымызбен шығыпты. Жетісу өңіріндегі ел: «Шіркін, Жақан аулының қымызы-ай!» — деп тамсанып жүреді екен. Бір күні Ысқақ деген ақсақал Жақанбектің үйіне түсіпті. Жөн сұраса келе, үй иесі қонағының атақты мешкей Ысқақ екенін біліп, бәйбішесіне:

— Сабадағы қымызды сарқып ішетін дәудің өзі келіпті. Шөлін қандыру оңай болмас, тегі. Қымызыңа іркіттің суын қосып жібер, — деп құлаққағыс қылыпты. Бәйбіше отағасының айтқанынан аса алмай, айтқанын істейді. Екі тостаған қымызды сіміріп салған Ысқақ, ыдысын жозының үстіне қойып, сыртқа шығыпты. Мешкей қонағынан тезірек құтылғанына қуанған Жақанбек шығып:

— Апыр-ай, ақсақал, жүрісіңіз суыт қой. Неге асықтыңыз? — десе керек. Сонда Ысқақ:

— Е, Жақанбек, аңсап келгенде, аруақ қонған дастарқанның ақ, адал дәмін арамдап бердің. «Асты қорлағанның арты оңбас» деуші еді. Мен содан шошынып барамын, — депті.

Ай өтті ме, өтпеді ме, осы оқиғадан кейін ел іші бір дүрлікті. Жақанбек байдың жалғыз ұлы шілденің шіліңгірінде құм ішінде адасып кетіп, жұрт болып жабыла іздеп, үш күннен соң әрең тапқан. Басынан күн өтіп, таңдайы қаңсып, кеуіп кеткен байғұс бала ауыл іргесіндегі Жаманқұмда жол таба алмай, қаталап шөлдеп өлген екен.


АСТЫНДАҒЫ АТЫН АЛТЫ АЙ ІЗДЕПТІ

(Екінші нұсқасы)


Ертеректе Қасым деген бай болыпты. Сол кісі бірде қырық шақты жылқысын базарға пұлдап қайтпақшы болып, «Қоянды» жәрмеңкесіне жол тартыпты. Айдап бара жатқан өзі мінген атын қосқанда қырық жылқы еді. Базарға барған соң, 39 жылқысын сатады. Елден 40 жылқымен шыққан кісі: «Ау, бір жылқым қайда?» — деп таң қалады.

Ол кезде «Қоянды» жәрмеңкесіне 2—3 ай жол жүріп жететін. Еліне 2—3 айдан соң оралып, сатуға апарған жылқысының біреуі кем болғанын әңгімелеп отырады. Ауылдастарының бірі: «Ағасы, атыңыздың белгісі қандай?» — деп сұрайды. Ол: «Жирен қасқа ат еді», — дейді.

Інісі: «Аға, сіз сол жәрмеңкеге не мініп барып қайтып едіңіз?» — деп сұрайды. Сонда ғана өзінің мініп жүргені сол жирен қасқа ат екенін біліп, санын бір-ақ соққан екен.

«Астындағы атын алты ай іздепті» — деген қанатты сөз содан қалса керек.


АСТЫҢ ДӘМІН ТҰЗ КЕЛТІРЕДІ,

ҮЙДІҢ СӘНІН ҚЫЗ КЕЛТІРЕДІ


Ертеде бір бай өмір сүріпті. Оның айдай сұлу үш қызы бар екен. Бай күндердің күнінде қыздарын шақырып алып: «Қыздарым, сендер мені қаншалықты жақсы көресіңдер?» — деп сұрақ қояды. Сонда үлкен қызы тұрып:

— Әке, мен сізді қант секілді жақсы көремін, — дейді. Ал ортаншы қызы:

— Балдай жақсы көремін, –дейді.

Ең кіші қызы:

— Әке, мен сізді ас тұзындай қадір тұтамын, –дейді. Кіші қызының жауабына қанағаттанбаған әкесі қызын сарайдан қуып шығады. Қыз ұзақ жол жүреді. Әбден шаршаған қыз өзен жағасынан үлкен сарай көріп, қуанып кетеді. Сарайға енген ол, сонда қызметші болып жұмысқа тұрып, тіршілігін әрі қарай жалғастырады. Күндер айларға, айлар жылдарға ұласады. Күндердің бірінде оны көзі шалып қалып, хан ұлы ғашық болады. Хан қыздың жылы жүзінен кішіпейілділік, мейрімділік, ізгілік, адамгершілік қасиеттерін байқайды. Сөйтіп ұлына жар етуіне рұқсатын береді. Ұлан асыр той өтеді. Қыздың әкесі бұл тойдың қадірлі қонағы ретінде үлкен құрметпен шақырылады. Оған арнап ас әзірлеуді қыз өз мойнына алады.

Қыз әкесіне дайындаған тамаққа бал мен қантты көбірек қосады. Ол тағамды жеген әкесі:

— Менің тамағым неге басқалардікі сияқты дәмді емес, –деп ашуланады. Сонда бұл сұраққа қызы жауап береді: «Астың дәмін қант пен бал емес, тұз келтіреді, әке», –дейді. Сонда барып әкесі өз қателігін түсініп, қызынан кешірім сұраған екен.

Бұл жерде халық астың дәмін тұз келтірсе, үйдің сәнін қыз келтіреді деген ойға әкеп тіреп тұр. Иә шынында үйді сыпырып-сиырып, жинап, тазалап, ретке келтіріп, үйдің сәні мен әрін ашып отыратын қыз баласы емес пе. Ел арасында бұл мақалдың «Астың дәмін келтірген тұз әулие, елдің сәнін келтірген қыз әулие» деген нұсқасы да кездеседі.


АСЫҒЫС ТҮБІ — ӨКІНІШ


Асығыс, қарбалас тірліктің шикі шығып, артынан әрқашан да өкініш тудыратыны бейнеленген Абай сөзі:

«Досыңа достық — қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол!

Асығыс түбі — өкініш,

Ойланып алмақ — сабыр сол».


АСЫЛ — АСЫЛЫНА, НӘСІЛ — НӘСІЛІНЕ


Бірде «ұрлық жасады» деп жарлы-жақыбайлау біреуді ханның алдына алып келіпті. Ол адам «тауып алдым, ұрлап алған жоқпын» деген сөзден танбапты. Ал талапкер болса, «әйтеуір жоғалған затым сенен шықты ғой, ұрлап алдың» деп қасарыса түскен екен. Сонда ақылды хан өз пікірін өз ішінде сақтай тұрып, уәзірлеріне: «Мына бейбаққа қандай жаза қолданамыз?» дейді. Бірінші уәзір: «Отқа тірідей өртеп жіберу керек» десе, екіншісі: «Қолын қол, бұтын бұт қылып, кескілеп өлтіру керек» дейді. Ал үшінші уәзір күлімсірей отырып: «Осы мен бір нәрсеге таңғалып отырмын», — дейді. Жұрттың бәрі оның аузына қарай қалады. — «Асыл — асылына, нәсіл — нәсіліне» деген бұрынғылардан қалған сөз бар-ды, сол рас па деймін. Мына уәзір «отқа өртеу керек» десе, екіншісі «кескілеу керек» дейді. Отты айтып отырған уәзіріміздің әкесі өмір бойы ұсталық құрған еді. Ал екіншісінің әкесі өмір бойы қасапшы болған-ды. Құдай ауыздарына қалай салып отыр десеңші…»

Екі уәзір де төмен қарап, үнсіз қалады. Сонда хан:

— Ал енді, өзің қандай уәж айтпақшысың? — дейді әлгі уәзірге.

Ол тұрып:

— Меніңше, бұл адам ұрлап алмаған. Түсіп қалған затты тауып алған. Бірақ тауып алған затын «оңай олжа» деп, алған да жүре берген. Ал, мұсылмандар маңайында тірі жан болмаса да, «мынау кімдікі?» деп үш рет айғайлап сұрауы керек. Бұл енді оның білместігі болған. Әңгіменің қысқасы: затын танып тұрған адам өз мүлкін алып жүре берсін. Ал мына жазаға тартылғалы тұрған адамға кешірім жасалық. Екіншілей қайталаса, осы уәзірлердің кесімі шешім болсын, — депті.

Хан басын изеп: «Кең болғаннан кем болмаспыз, кез келгенді қыра беріп, ел болмаспыз» деген екен.


АСЫЛЫҚ АЙТПА,

АУЗЫҢДАҒЫ АСЫҢНАН ҚАҒЫЛАРСЫҢ


Бұл нақыл «артық айтып, шектен шықпа, тәубеңе түс» деген емеурінді аңғартады.

Отағасы үйіне кірмей жатып, бәйбішесіне:

— Тамағың бар ма, ашығып келдім, — дейді. Бәйбішесі:

— Қазанға ет салып қойдым. Құдай қаласа, бұйыртса, пісіп қалар, — дейді. Отағасы:

— Ой, ет қазанға түскен болса, бұйырса да, бұйырмаса да жейміз ғой, — дейді.

Содан ас дайын болып, енді әкелейін деп жатқанда, үйге екі нөкер баса көктеп кіреді. Үй иесін алдындағы асына да қаратпай ұстап алып, тұтқындап, апарып қамап қояды. Содан ол бірнеше күннен кейін ақталып, үйіне қайтып келеді. Есігін қақса, ар жағынан бәйбішесі:

— Бұл кім? — дейді. Сонда аузы күйген отағасы:

— Бұйыртса, күйеуіңмін, — деген екен.

«Асылық айтпа, аузыңдағы асыңнан қағыларсың», — деген сөз содан қалыпты.


АСЫҢ ТҮГІЛІ, ТАБАҒЫҢ ҚАЙДА?!


Бұл сөз тіркесі «болар іс болып, бояуы сіңді, баяғыда қайда қалдың?!» -деген мағынада қолдынылады.

Қазақта астан кейін ет пен қамырды турап, нарын жасайтын әдеті. Сол дағды бойынша, үлкендер ет пен қамырды турайды. Үйдің бәйбішесі жас келінге табақты беріп:

— Сырттан үстіне сорпа құйып әкел, — деп жұмсайды. Дала қараңғы, ай тумаған екен. Келін сыртқа шыға бере сүрініп құлап, табағы «сатыр-сұтыр» ете қалады. Үйден енесі дауыстап:

— Ой-бу-уй, жолда бұзау жатыр еді, асыңа абай бол! — деген екен, келіні:

— Асың түгілі, табағың қайда?! — деп қойып қалыпты. Сөйтсе, бұзауға сүрініп жығылғанда, табағы ұшып кетіп, соны таба алмай сипалаңдап жүр екен.


АТ АЙНАЛЫП ҚАЗЫҒЫН ТАБАДЫ


Николай заманында Жетісу елінің атақты байы бір жылы жәрмеңкеде өзінің кекселеу болып қалған жүйрік айғырын үйірімен Әндіжаннан келген (Өзбекстандағы қала, елді-мекен) саудагерге сатып жібереді. Сол айғырдың жеке өзін келесі жылы жазда жайлауға шыққан малшылар «Мыңжылқы» өңірінен көріп қалып, байға хабар береді. «Қайтқан малда береке», — деп бай айғырды ұстап алып, мойнынан құшақтап, маңдайынан сүйіп тұрып, көзіне жас алады. Өйткені, ол айғырдың Әндіжан жерінен осы «Қарқараға» жеткенше бір жылдай уақытта қандай қиыншылық көргенін ұғыну оңай емес еді. Үйірін айдап шығып, айырылып қалды ма, немесе жеке өзі қашып шықты ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір қуғынды көп көрген сияқты, атты адамды алыстан көргеннен қаша беретін, денесінің тілім-тілім болмаған жері аз, не болса да көп қиындықпен жеткен. «Жылқы жершіл», «Ат айналып қазығын табады» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Жақсы жылқы басы бос болса, қандай қашықтықта болмасын туып-өскен жеріне тарта береді, жануарлардың есі анау-мынау адамнан кем болмайды.

Бай содан кейін ол айғырды өз қолынан шығармай, үйірге қосып жүрді.


АТ — ЖАЯСЫ ЖАЛПАҚ БИЕДЕН,

ЕР АЛАҚАНЫ ЖАЗЫҚ АНАДАН ТУАДЫ


Еліне қадірлі, әділ билік жүргізген Сүлеймен деген қарт әл үстінде жатқанда, үзеңгілес жолдастары, жақын ағайын мен өзінің үш баласы әкеден өсиет күтіп отырғанда, балалары әкеден өсиет сұрауға жарамай, сықсыңдап жылай беріпті-міс. Сонда олардыың бұл қылығына разы болмаған Сүлеймен жиналғандарға қарап: «Ат — жаясы* жалпақ биеден, ер алақаны жазық анадан туады» деуші еді атам қазақ. Көз жасына ие бола алмай отырған мына балаларымнан не шығушы еді. Бұлардың анасы есіктен келген балаға дастарқаннан уыстап бауырсақ әкелгенде, уысына үш бауырсақтан артық сыймаушы еді. Содан туғандар мыналар ғой, көз қырларыңды сала жүріңдер», — деп, балаларын өзінің үзеңгілес достарына тапcырыпты-мыс.

Қолы ашық, кеңпейіл, дархан аналардан ғана ерлер туады деген ойды береді.


АТ — ЕР ҚАНАТЫ


Ұлы Алла Адам атаны жәннаттан шығарып, жерге түсірген кезде оны төрт көзі бар, қанатты пыраққа мінгізген екен. Адам ата жерге түскенде, бойын үрей билейді. Бейтаныс мекен көзіне жат көрінеді. Қорыққаннан пырақтың мойнынан құшақтап алып жібермей қояды. Бірақ пырақтар қайтадан жәннатқа көтерілмек болады. Сол кезде Адам ата аттың қанаттарын қырқып тастайды. Пырақтар не істерін білмейді. Сол кезде Алладан:

— Адамның жүрсе, қанаты, жау тисе, қорғаны бол. Адамға қызмет ет, — деген бұйрық келеді. Ат амалсыз жерде қалады. Бұрынғы қанатындағы күш-қайраты оның аяқтарына ауысады. Бастапқыда ат жерге үйрене алмай, жәннатты аңсап жылай берген екен. Күні-түні жылағаннан төрт көзінің екеуі суалып, көрмей қалады. Аттың маңдайындағы көзге ұқсас шұңқырлар құрғап қалған жанардың орны екен. Содан бастап ат адамның ажырамас серігіне айналады. «Ат — ердің қанаты» деген мәтел осыдан қалған екен.

Көшпелі дәуірде ат, жылқы деген атаулар қазақ даласының екінші есіміндей болып кеткен еді. Кең байтақ даланы меңгеру үшін, құс қанаты талатын қашықтықты қаусыру үшін тек аттың ғана жалы мен белі, тұяғындағы желі керек болды. Тарихтағы қиян-кескі жорықтар, дала үшін ұзақ қан төгіс қырғындар ат арқасында өткен. Қысқасы, қазақтың екі сөзінің бірі — ат туралы болатын. Содан да болар, халқымыз «Ат — ер


Жая* — жылқының сауыр еті.


қанаты», «Ат жетпейтін жер жоқ», «Жүзден — жүйрік, мыңнан — тұлпар», «Ат сүрінбей жер танымас», «Ат тұяғын тай басар» дегендей көптеген мән-мағыналы қанатты сөздер қалдырған.


АТАДАН БАЛАНЫҢ БАҒЫ АСЫП ТУУЫ МҮМКІН,

АЛ АҚЫЛЫ ШИРЕК ТЕ БОЛСА КЕМ ТУАДЫ


Әкесіне қарағанда баланың өмірде жолы болуы, қызмет-мансабы өсуі, бағы жануы мүмкін. Бірақ әке алдында ол қашанда перзент. Әкесінен көп өмір сүрген жоқ. Демек, тәжірбие, өмірді танып-білу, көңілге түю тұрғысынан әкесінен асып кете алмайды. Нақылды осы мағынада түсіну керек.

Жиренше бозбала кезінде жасы ұлғайған әкесін ауыл сыртындағы төбеге атпен апарып отырғызып, өзі ауыл аралап, кешке қарай қайта атпен алып қайтады екен.

Бір күні Жиренше нағашысының аулына қыдырып кетеді. Содан қайтар жолда бір жас жігіт жолдан қосылып, бірге жүреді. Ауылға жақындағанда әлгі жігіт басқа ауылға бұрылып, әндетіп кете барады. Жиренше күндегі әдетімен төбе басында отырған әкесін үйіне алып келіпті.

— Балам, жаңағы жолдасың еркек пе, әйел ме? — деп сұрапты әкесі.

— Әйел емес, жас жігіт.

— Ендеше кеткен ауылына барып келші, меніңше сол әйел, — депті әкесі.

Сол ауылға барып, қайта оралған Жиренше:

— Әке, сіздің айтқаныңыз рас екен, мен шамалас қыз болып шықты. Оның әйел екенін қайдан білдіңіз? — деп сұрайды. Әкесі айтады:

— Алыста келе жатқанда аяғы аттың екі өкпесінен шықпады. Ауылға жақындағанда ерге еңкейіңкіреп отырды. Сенен бөліне беріп ән салғанда, әнді еркекше бастады да, әйелше қайырды, содан білдім. Сол қызбен сөйлес, болашақ жарың сол болады, — дейді.

Атақты Қарашаш анамыз сол қыз екен. Жиреншенің «Атадан баланың бағы асып тууы мүмкін, ал ақылы ширек те болса кем туады» деген сөзі содан қалыпты.

Халықтың жорамалы бойынша, Жиренше шешеннің әкесі де сөзден қаражаяу болмаған екен.


АТА ҚАРҒЫСЫ ОҚ


Ілгері заманда дүниеде жоқ бай болыпты. Бірақ оның баласы болмайды. Жаратқанға жалынып, сыйынбаған мазары, бармаған жері қалмай жүріп, жасы жетпіске таяп қалғанда жалғыз ұл көреді. Баласы жастайынан елдің тілін алмайды, өзінің білетінін істеп, теріс болып өседі. Ата-анасы басқа қылар айласын таппайды. Ақыры атасы, «құс болып, ұлып қал, ұяң таста болсын», — деп қарғайды. Атадан қарғыс алған жалғыз бала «Байұлы» деген құсқа айналып қалған екен. «Ата қарғысы оқ» — деген сөз қалған екен елде.

Ілегіргі замандарда ата, әке қарғысы — ең ауыр, зардапты жазалардың бірінен саналған. Халық сенімі бойынша мұндай қарғыс арқалаған адам ерте ме, кеш пе бір қауіп-қатерге жолығады немесе өмірде жолы болмайды. Сондықтан есі бар әрбір ұл-қыз ата-ана қарғысына ұшырайтын теріс қылық-әрекеттерге бармаған. Ата-анасын мейлінше сыйлап, құрметтеп, олардың ұстанған пікір, көзқарастарына қарсы келе бермеген.

Бүгінгі күндері де сол дәстүр маңызын жойған жоқ.


АТА ҚАРҒЫСЫ — ОҚ (Екінші нұсқасы)


Қария сөздің айтуында Ақсерке дәулетті, бай болған адам екен. Байлықтың өзі адамның ниетіне бітеді деген сөз рас болса керек. Ақсерке мыңғырған малын бағып-қағатын малшылардан «аттың майы»* дегенді сұрамайтын мырза адам болыпты.

Бірде Ақсеркенің баласы Жарасты біреулер қоздырып, намысына тиіп, «шынымен әулеттерің мырза болса, мына жалы жер сызып жүрген ақ жал қара айғырды қонақасыға сойшы, көрейік» деп қойт-қойттайды* ғой. Жарас та қызуқанды жігіт болса керек, сол жерде айғырға бұғалық салдырып, шыңғыртып отырып бауыздатып тастайды. Ақ жал қара айғыр Ақсерке әулетінің кие-құты, малының басы екен. Сондай қасиетті жануарды пышаққа шалған баласы Жарасқа Ақсерке қатты ренжіп, теріс батасын беріпті.

«Ата қарғысы — оқ» деген, сол Жарастың ұрпағы өсіп-өнбеген. Кеңес заманындағы аласапыранда Жарастан тарайтын аз ғана ұрпақ Ауғаныстан ауып кеткен екен.

АТАМЫЗ — АЛАШ,

АТЫМЫЗ — ҚАЗАҚ,

ҮШ ЖҮЗДІҢ ҰРПАҒЫМЫЗ  (Екінші нұсқасы)

Бір жорықта Қызыларыстан ханға асқан сұлу бір қыз тұтқын болыпты. Сонсоң, бұл қызды хан әйел етіп алыпты. Кейін бұл әйел жүкті болып, бір ұл табады. Әлгі ұлдың тұла бойы түгел ала болады. Мұны жамандыққа


Аттың майы* — бұл жерде аттың тері, күші.

Қойт-қойттайды* — айдап салады, қоздырады.


жорып, қалай жоғалтуды ақылдасқанда, ханның бәйбішесі: «Бұл баланы суға тастаңдар», — дейді. Бәйбішенің айтқаны бойынша баланы Сырдарияның суына апарып тастап жіберіпті. Мұны балық аулап жүрген бір кедей қария көріп, ұстап алады да, бағып бала қылады.

Сонымен, ала бала ер жетіп, асқан ақылды әрі батыр жігіт болыпты. Ала бала ел ішінде «Алаш» деп аталып, атағы жайылады. Мұны хан естіп, ордаға әкелдірмек болады. Бірақ ханның қасындағы Майқы деген адам: «Бұл баланы ордаға әкелмей, қасына жүз жігіт беріп, өз еркіне жіберу керек», — деп кеңес береді. Хан бұған мақұл болады. Бұған алғашында Үйсін деген жігіт жүз жігітпен барып қосылады. Келесі жолы Болат деген жігіт жүз жігіт бастап барып тағы қосылады. Үшінші жолы Алшын бастаған жүз жігіт және барып қосылады. Сонымен олар жорықтар жасап, төңірегіндегі елдерді бағындырады.

Кейін бұлар бас қосып жиын ашып, Алашты ақ киізге отырғызып хан көтеріпті. Сонан барып әлгі ала бала «Алаш хан» атаныпты. Үш жүз жігіттен қазақтың үш жүзі тарапты. Яғни, Үйсін бастаған жүз жігіт — Ұлы жүз, Болат бастаған жүз жігіт — Орта жүз, Алшын бастаған жүз жігіт — Кіші жүз болыпты. Сондықтан да қазақтар: «Атамыз — Алаш, атымыз — қазақ, үш жүздің ұрпағымыз», — дейді.

Бұл сөз тіркесі кейде «Ұранымыз — Алаш, керегеміз — ағаш» немесе «Киіз туырлықты, „Алаш“ ұранды қазақпыз» дегендей өзгерістермен де айтыла береді. Соған қарағанда, бұл сөз тіркестері Қазақ хандығы шаңырақ көтерілмей тұрып, одан бұрынғы дәуірлерде де кең қолданыста болған тәрізді. Яғни, «Алаш» сөзі ежелгі қазақ тайпаларының ең алғаш қауым болып біріккен одағының атауы болса керек.


АТАНЫҢ БОЛМА БАЛАСЫ,

ХАЛЫҚТЫҢ БОЛ ДАНАСЫ


Досбол шешен қартайған шағында Наурызбай деген болыстың үйіне барады. Наурызбайдың үйі лық толған кісі екен. Ылғи жайсаң, байлар. Досболға онша мән бермей босағаға таяу жерге отырғыза салады. Өзі болыс, өзі бай, өзі жас Наурызбай әркімді бір сөзбен іліп-қағып отырады. Бір кезде босаға жақта отырған Досболға қарап:

— «Ана қарияның елінің қары әлі кетпеген екен-ау» деп күледі. Онысы Досболдың үстіндегі жаман тон мен басындағы тері тымақты сықақ қылғаны. Оған Досбол шешен жауап бере қоймайды. Наурызбай біраздан кейін тағы Досболға бұрылып:

— «Ана кісінің үстінде дүниенің біраз байлығы бар шығар» дейді. Сонда Наурызбайдың бұл мұқатқанына шыдай алмаған Досбол шешен былай депті:

— …Уа, кәрілік, саған не жаздым,

Айғыр едім ат қылдың.

Жалғыздық саған не жаздым,

Сөйлер сөзге мәрт қылдың.

Жарлылық саған не жаздым,

Ағайынға жат қылдың.

Ағайынның азғанын

Өзі білмес, жат білер.

Қапталдықтың батқанын

Иесі білмес, ат білер.

Хан-патшаның азғанын

Қырағы көзді халық білер.

Менің кім екенімді білмесең,

Анау төрде отырған

Жаңаторы деген қарт білер.

Сол кезде Наурызбай болыс орнынан ұшып тұрып: — Сіз Досбол шешен екенсіз ғой, қария, кешіріңіз, — деп Досболдың үстіне жанат ішігін жаба бергенде, ішікті серпіп тастап, Досбол: «Мен ат мініп, тон кигелі жүргенім жоқ» деп тағы тақпақтата жөнеледі:

— Қатқан тонды қартайған

Бір ғана мен емеспін.

Бұдан былай кездессе,

Солармен де кеңескін.

Атаның болма баласы,

Халықтың бол данасы, — деп шешен мақтаншақ Наурызбай болысты жиналған халық алдында қатты ұялтқан екен.

Тек өз қарақан басыңа, отбасыңа ғана емес, ауыл-аймағыңа, ел-жұртыңа да пайдаң тиетіндей азамат бол деген мағынада айтылған.


АТАНЫҢ АТ ТҰЯҒЫ ЖЕТКЕН ЖЕР

БАЛАҒА МИРАС


Бәйдібек би «Бұлақ көрсең, көзін аш, құдық көрсең шегенде, оның басына тал ек» дейді екен. Малын өргізіп, жайылым іздеген ауылдастарына «Қыстау, қорған салыңдар. Оны тастап кетпеңдер. Оған айналып соғып, қыс қыстап, жаз жайлап жүріңдер. Аттың тұяғы жеткен жер бекер қалмасын. Төбе басына оба үйіп, қада қағып, белгі тастап отырыңдар», — деп өсиет айтатын бопты. Бәйдібек бабаның осы өсиеті бекер емес екен.

Бір жолы моңғол ма, жоңғар ма, әйтеуір бір елмен шекараға мал жайылымына талас туыпты. Сонда екі елдің ел басшы, ел билері орталарынан кісі шығарып шекараны анықтау үшін жүріп отырып, «Мынау бұлақ кімдікі, мынау құдықты кім қазған, талды кім отырғызған?» десе, Бәйдібек аулының адамдарынікі болып шыға беріпті. «Мынау обаны кім үйген, мынау қаданы кім қаққан?» десе де, Бәйдібек адамдары ие бола беріпті. Айдан-анық, тайға таңба басқандай, белгі-дәлелдерін көріп, даукес елдердің амалы құрыпты. Көнбеске амалы қанша, сол «Бәйдібек қыстауы», «Бәйдібек аулының жайлауы», «Бәйдібек құдығы», «Бәйдібек бұлағы», «Бәйдібек талы» деген жерлерден шекара сызығы тартылып, екі ел шекарасы белгіленіп, жер дауы шешімін тауыпты деседі ел. «Атаның ат тұяғы жеткен жер, балаға мирас» деген осы.

Кең байтақ еліміздің шекарасын — жауынгер ата-бабаларымыз ақ болаттың жүзімен, найзаның ұшымен қорғап, иелік еткен, өзіне — қоныс, малына жайылым еткен, ат тұяғымен талай шиырлаған жерлер бойынша шегара белгіленген жоқ па. Енді, міне, ұрпағы біз, сол жерлерді мирастықпен иеленіп, тәуелсіз ел болып отырмыз.


АТАН БОЛСА СОЙЫЛАР,

АТАМ ӨЛСЕ ҚОЙЫЛАР,

МҰНДАЙ ҚАНСОНАР КҮНДЕ ҚАЙДАН ТАБЫЛАР


«Аң дегенде жай адамдар да елең ете қалады. Ал аңшылар аң дегенді естігенде, ішкен асын жерге қойып тыңдайтындар ғой. Аң аулау маусымында аңшылар күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей жорытады. Талайы аң аулаудан байиды. Ішіп-жеп, игілігін көреді. Аң аулап, серуен-салтанат құрып, рақаттанады. Талайының бағы шаппай, ыңыршағы шығады. Аң соңында жүріп мертігеді, өледі. Өйткені, ертеректе аң қызығы ең үлкен, ең тамаша қызықтың, серуен-салтанаттың бір түрі болғаны рас. ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Тарбағатай төңірегін мекен еткен атақты Былғақ деген адам қан сонар күні аңға шығайын деп жатқанда, атасы (әкесі) қайтыс болады. Соған қарамастан аңға аттанғалы жатқан Былғаққа ел-ағайын: «Ойбай-ау, мынауың не?» — десе, «Атан болса сойылар, атам өлсе қойылар, мұндай қан сонар күнде қайдан табылар», — деп Былғақ тентек шаба жөніліпті. («Саят»).


АТАҢА НЕ ҚЫЛСАҢ, АЛДЫҢА СОЛ КЕЛЕР


Ертеде бір елдің ханы: «Қартайған әкелерін балалары биік құздан құлатып өлтірсін!» — деген жарлық беріпті. Халық осы жарлықты орындапты. Бір жас жігіт өзінің әкесін құз басына әкеліп, итеруге дайындала бергенде әкесі күліпті. Бала таңданып: «Әке, неге күлесің?» — деп сұрапты. Сонда әкесі: «Мен де сен сияқты осыдан көп жыл бұрын әкемді құздан итеріп едім. Міне, енді өзімнің басыма сол келген соң күлемін», — депті. Мұны естіген баласы әкесін өлтірмей, ханнан жасырып бағыпты. Кейін елінде бір қиын жағдай болғанда, хан бүкіл халқын жинап, ақыл сұраса, ешкім ақыл бере алмапты. Сонда жігіт әкесіне келіп не болғанын айтқанда, әкесі қиындықты жеңудің шешімін тауып береді. Сөйтіп, елін аман сақтап қалады. Бұған риза болған хан қартайған адамдарды өлтірмей, қайта олардан ақыл-кеңес сұрап отыру керектігін заңдастырыпты.

Бұл мақал: «Атаңа туған күн саған да туады, сен де сондай боласың» дегенге меңзейді.


АТАҢНЫҢ ТӨРІ ТҰРМАҚ, КӨРІНЕ КІРЕРСІҢ


Ертеректе күйеу жігіт қайын жұртына алғаш келгенде, босағаға тулақ төсеп отырғызатын дәстүр болған. Күйеу жігіттің қайын атасының төріне шығуға қақысы болмаған.

Бір жас жігіт қайын атасының үйіне келгенде, жеңгелері астына тулақ төсеп, босағаға отырғызып қойыпты. Сол үйдің үлкен қабаған иті бар екен. Бөтен адамды көрген төбет арс етіп оқыстан үріп қалғанда, күйеу жігіт шошып кетіп, төрге бір-ақ секіріп шығады. Сонда жеңгесі бетін шымшып:

— Масқара-ай, күйеу жігіт атамның төріне шығып кетіпті ғой, — депті.

Сонда күйеу жігіт есік жақтағы төбетті нұсқап:

— Анандай бәлекет арс етіп тұра ұмтылса, атаңның төрі тұрмақ, көріне кірерсің, — депті.

Бұл сөз тіркесі үрей-қорқынышқа бой алдырсаң, не істеп, не қойғаныңа есеп бере алмассың деген ойды аңғартады.


АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ — ЕР ЖЕТКЕНІ БОЛАР,

АНА ТҰРЫП ҚЫЗ СӨЙЛЕСЕ — БОЙ ЖЕТКЕНІ БОЛАР


Бұл жерде адамның ақылы жасында емес, басында. Егер ақыл-парасаты толысып тұрса, неге жасына қарап емес, басына қарап бағаламайсыз деген ойды астарлап жеткізіп тұр.

Сырым жас кезінде бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.

— Балалар, аман ба? — депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:

— Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! — дейді.

Малайсары жалт қарап:

— Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без,

Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без.

Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? — дейді.

— Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,

Ана тұрып қыз сөйлесе, бой жеткені болар, — дейді Сырым.

— Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, — деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырып алған екен.


АТЫ ЖҮЙРІК ҚАЙЫРАДЫ, ТІЛІ ЖҮЙРІК АЙЫРАДЫ


Аты жүйрік болса, қуып жетеді, озып, алдыға шығады. Ал тілі жүйрік, шешен болса, жақсы мен жаманды, адал мен арамды жіліктегендей ажыратып береді, сөзбен түйреп есе бермейді деген мәні бар.

Әрі ақын, әрі балуан Ахмади деген жігіт жалғыз атын жоғалтып, Бақбақтыда жиын өткізіп жатқан Қожахан деген болыстың ауылына келеді. Болыс баса-көктеп кірген кедей ақынды жақтырмай, шаруасын сұрап білген соң: «Атыңның белгісін өлеңмен айт, әйтпесе үйіңе қайт!» — дейді.

Сонда Ахмади:

Ақ тоқым, қос таңбалы, өзі жирен,

Қиянкес, ұры алмаса, шықпайды үйден.

Жануар жылқы болмай, адам болса,

Нәсілі бір кем емес, болыс, биден.

Ақ тоқым, қос таңбалы жирен еді,

Шананы қар жауғанда сүйрер еді.

Болдырып көп жұмыстан еті арыса,

Дорбаға қи сап берсем, күйленеді.

Жануар жылқы болмай, адам болса,

Болыс боп бір тайпаны билер еді, — дегенде, Қожахан болыс одан арғысын айтқызбай: «Аты жүйрік қайырады, тілі жүйрік айырады», — деген, мынаның тілі улы екен, жоғын тауып беріп, қайтарыңдар, — депті.


АУЗЫ ҚИСЫҚ БОЛСА ДА,

БАЙДЫҢ ҰЛЫ СӨЙЛЕСІН


Бөлтіріктің баласы ел ішінің ісіне жаңадан араласа бастаған шағы екен. Бір жиын үстінде қызу әңгіме-дүкен болады. Кісілер сұлу сөйлеп, тапқыр сөйлеп, алға озғысы келіп сөз жарыстырып отырады. Жиналғандардың ішінде бір байдың мырзасы да бар екен. Өзі малға бай болғанымен, сөзге кедей екен, мінезі де жайсыз болса керек. Сол реті келген жерде де, реті келмеген жерде де сөзге жармасып, елдің алдын орай береді. Сөздің мәні кеткен соң, Бөлтіріктің баласы, өз сөзі кезегінде:

— Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін, — деп өзінің сөзге қатысқысы жоқ екенін самарқау білдіреді. Содан ары жұрттың әңгімесі жараспайды. Бай баласының аузы шынында да аздап қисық екен. Әлгі сөзге намыстанып, ашу шақырады. Жиынның шырқы бұзылады.

Болған жай Бөлтірікке жетеді. Баласының бір ауыз сөзі біреудің жиынының шырқын бұзуға себепші болғанына қатты қапа болады. Бөлтірік баласын оңаша шақырып алып:

— Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл. Кімге сөйлейтініңді біл. Қай жерде сөйлейтініңді біл. Қай кезде сөйлейтініңді біл. Қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады, — деп ақыл беріпті.

Көбінесе бұл мақалды «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деп аздап өзгертіп қолданады. Мағынасыз әңгіме-сөздерімен сөзге кезек бермей қойған немесе мылжыңдап кеткен есірік кісілерді (әкім-қаралар мен байларды) осы мақалмен тұқыртып, тоқтам жасайды.


АУЫЗ — ДАРБАЗА, СӨЗ — САМАЛ,

ҚҰДАЙ ҰРҒАНҒА НЕ АМАЛ


Бұл нақыл: «Ауыз не айтып, не қоймайды, бірақ сөз бен мәністі ұқпайтын арсызға не деуге болады», деген мағынаны білдіреді.

Баяғыда Аужанбай деген қыдырымпаз болған екен. Ол күндердің күнінде бір ауылға қонақ болып қонып, кетпей жатып алады. Бір күн өтеді, екі күн, үш күн өтеді — қайтпайды. Сөйтіп жатуы молынан бір айға созылады. Қазақ қанша қонақжай болғанымен: «Бір күндік қонақ — құт, екінші күні — жұт, үшінші күні — зыт», — деген сөз бар емес пе. Сөйтсе де үй иесі сыр бермей күтеді.

Күндердің күнінде Аужанбай: «Қой, ұят болар, үйім іздеп қалар», — деп жинала бастайды. Атына мініп қоштасар сәтте, әлгі үйдің иесі сөздің сірағасы бойынша айтады ғой: «Ой, ерте кетіп барасыз, тамаққа қарағаныңызда болар еді», — дейді. Аужанбай:

— Ә, солай ма еді. Жарайды, осы тегі қоймадыңыз, бір айтқаныңыз болсыншы. Атымды қайда байлаймын? — дейді.

Сонда қонақжай үй иесі:

— Ауыз — дарбаза, сөз — самал, құдай ұрғанға не амал?! Тіліме байла, атыңды, тіліме байла! — деген екен күйініп.


АШ БӘЛЕДЕН ҚАШ БӘЛЕ


Күздің сары тамыз күнінде Тілеміс шешен үш-төрт жолдасымен бір байдың үйіне түседі. Бай үйі мал соймай, шай қоймай, анау- мынаумен айналысқансып жүріп алады. Сонда Тілеміс оң жақтағы жолдасының кеудесінен періп жібереді де:

— Тамақсау ит-ау, жүрегің үзіліп бара ма? Келгеніміз осы ғой, қолдары да тимей жатыр. Асықпасаң қозы да сойылады, шай да қойылады… — деп жатқандарын естіген бай балалары :

— Қонақтар төбелесіп жатыр, — деп шешелеріне, әйелі байға айтады. Тілемістің сырын білетін бай сезе қойып, «аш бәледен, қаш бәле» деген деп, мал да сояды, май да, шай да қояды. Барын беріп күтіп жібереді.

Бәлеқор, бұзық адамдармен дос, жолдас болма, ондай адамдардың жанына жолама, бәледен аулақ жүр немесе бастан құлақ садақа деген мағыналарда ұғынылады.


АШКӨЗДІК КІМГЕ АБЫРОЙ ӘПЕРГЕН


Қанша құйса да толмайтын шыңырау сияқты, дүние қусаң, түбіне жетпейсің. Сол дүниеқоңыздықпен жүріп, өзіңнің де адамдықтан шығып, тұңғиыққа батып кеткеніңді білмей қаласың. Абырой таппайсың, деген ойды білдіреді.

Баяғы заманда ағайынды үш жігіт болыпты. Бір күні үшеуі сапар шегіп келе жатып, бір қап алтын тауып алыпты. Бөліп алмақ болып, базарға келіпті. Бір шетке жайғасыпты да, екі ағасы інісін қымыз әкелуге жұмсапты.

— Олжамызға ортақтастырмай, бұл сұмды өлтіріп тастайық, — десіпті екеуі інісі кетісімен.

Інісі қымыз алып, қайтып оралғанда, екеуі тап береді де, әп-сәтте шаруасын тындырады. Сөйтіп қымызға бас қояды.

Бір уақытта екі ағасының іштері ауырып, сол жерде жан тапсырады. Сөйтсе інісі: «Мен екі ағамды өлтірсем, бір қап алтын түгел өзіме қалады» деп, қымызға у салып әкелген екен. Үшеуі де сол жерде жан тапсырып, бір қап алтын далада қалыпты. «Ашкөздік кімге абырой әперген».


АШТЫҚТА ЖЕГЕН ҚҰЙҚАНЫҢ

ДӘМІ АУЫЗДАН КЕТПЕЙДІ


Ілгеріде болған ерекше оқиғаның естен кетпейтінін жеткізерде немесе жақсы күндерді еске түсіргенде осы бейнелі сөзді қолданады.

Бір жолы данышпаннан:

— Дүниеде қандай тағам ең дәмді, әрі сүйкімді деп ойлайсыз? — деп сұрапты. Әлгі данышпан сонда:

— Дүниедегі ең дәмді тағам — аштықта жеген тағам. Оның дәмі ешқашан ауыздан кетпейді, — деп жауап беріпті.

Соған қарағанда, «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді», деп айтқан қазекем әрі данышпан, әрі көреген-ау.


АШУ — ДҰШПАН, АҚЫЛ — ДОС,

АҚЫЛЫҢА АҚЫЛ ҚОС


Қазыбектің аталас ағайындары — Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіндегі абыройын көре алмай, жастарының үлкендігін малданып, оны бір күні шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:

Ақылы елден артылған,

Ақылың болса мақтан.

Ынтымағы жұрттан асқан,

Жақының болса мақтан.

Сенің жасың кіші ғой,

Ағаңның алдына шығудан сақтан! — деп ескертеді.

Қазыбек оларға:

Бір бала бар —

Атаға жете туады.

Бір бала бар —

Атадан өте туады.

Бір бала бар —

Кері кете туады! — деп жауап береді. Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып, күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі береді… Бұзықтар Қазыбектің үстіне шекпен жауып, сабамаққа айналады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі. Бұл келген Қазыбектің кенже інісі Бөдене батыр екен. Ағайындарының ағасын оңаша шақыруынан қауіптеніп, асығып жеткен беті осы еді. Ашулы батыр ана екеуіне қылыш ала ұмтылады. Қазыбек інісін тоқтатып:

— Шырағым, бір қолың ұрыс бастаса, екінші қолың арашашы болсын, Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос. Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме! — депті.

Яғни, ашу үстінде дұшпаныңнан да бетер бір нәрсені бүлдіріп қоюың мүмкін, сондықтан сабыр сақта, ақылға кел, ақылыңмен дос үстіне дос арттырасың, деген даналыққа үндейді.


АЮ, АЮ, АЮ ЕДІ,

АЮ ДА БОЛСА, БАЙЫМ ЕДІ.

ҮҢГІР, ҮҢГІР, ҮҢГІР ЕДІ,

ҮҢГІР ДЕ БОЛСА, ҮЙІМ ЕДІ


Бұл сөз тіркесі: «Бәріне көніп, етім үйренген, енді өзге нәрсені қаламаймын. Мені жайыма қойыңдар», — деген тілек, өтінішті білдіреді.

Ертеде бір ханның сұлулығына ақылы сай қызы болған екен. Оған бір аю ғашық болыпты. Қыз он бес — он алтыға келген кезде, аю ебін тауып, оны әкетіп қалыпты. Содан қызды үңгірден шығармапты. Бір күндері қонжық бала тауыпты. Ол аяқтанып, өзіне-өзі келген соң, баласын ертіп, үңгірден шығуға рұқсат беріпті.

Қызы жоғалған хан уәзірлерін бүкіл даланы шарлап, тау-тасты, сай-саланы кезіп іздейді. Қызы өлді дегенге және қимайды. «Өлсе, неге өлігі шықпайды?» — деп табаны таусыла іздеу салуын тоқтатпайды. Бір күні уәзірлері:

— Хан ием, жыл артынан жыл өтті. Екі жыл болды, бір тынымсыз іздестірудеміз. Енді біраз көңіл сергітіңіз. Жаныңызға жігіттерді алып, аңға шығып, серуендеп қайтыңыз. Өзіміз-ақ іздестіруді жалғастыра берейік, — дейді. Хан келісіп, аңға шығады. Саятта жүргенде ағаш арасынан қызы мен аю немересін көріп қалып, сарайына алып келеді.

Үйіне келіп, мауқын басып біраз жүрген соң қыз:

Аю, аю, аю еді,

Аю да болса, байым еді.

Үңгір, үңгір, үңгір еді.

Үңгір де болса, үйім еді, — мен қайтайын, — деп, әкесінен қоярда-қоймай рұқсат сұрап, келген жеріне қайтып кетіпті.


АЯҒЫҢНАН СҮРІНСЕҢ ДЕ,

АУЗЫҢНАН СҮРІНБЕ


Бұл жерде іс-әрекетіңмен қапы қалсаң да, сөзіңнен есе жіберме деген ойды айтып тұр.

Өткен ғасырда аға сұлтан болған Сандыбайдың Ердені найман Бәтеш деген жігітті өзінің үйінде қымызмұрындыққа жиналған жұртқа мақтап: «Осы жігіт елдің жағдайын ойлайды, халқының қажетіне жарайды», — деп отырса керек.

Сол кезде Бәтеш атынан түсіп келе жатыр екен. Сонда Ерденнің мақтаған жігітін сынап көрейік деген кісілер табалдырықтан бір сүйем жоғары жіп керіп қойыпты. Қаперінде ештеңе жоқ Бәтеш:

— Ассалаумағалейкум! — деп кіре бергенде, жіпке сүрініп, ортаға топ ете түсіпті.

Ерден ештеңе дей алмай булығып отырып қалыпты. Бәтеш жайымен орнынан тұрып, үстін қағып болған соң:

— Батырдың батыр екенін қайдан білесің,

Найза алып жауға шаппаса?

Бидің би екенін қайдан білесің,

Саралап билік айтпаса?

Байдың бай екенін қайдан білесің,

Оқалап үйін жаппаса?

Бәйбішенің бәйбіше екенін қайдан білесің,

Жиынға саба артпаса?

Жігіттің жігіт екенін қайдан білесің,

Қыздардың көңілін таппаса?

Қыздардың қыз екенін қайдан білесің,

Шытыра моншақ тақпаса?

Мынау Ерденнің ақ ордасы екенін қайдан білесің,

Біреу сүрініп, біреу жығылып жатпаса, — деген екен. Ерден Бәтештің сөзіне риза болып, ат-шапан сыйлап қайтарыпты.


АЯЗ БИ, ӘЛІҢДІ БІЛ, ҚҰМЫРСҚА, ЖОЛЫҢДЫ БІЛ…


Майқы би, Аяз би мен Құмырсқаға көбінесе арқа сүйеп, оларға сенеді екен. Ол екеуімен Майқы би халық тағдыры, ел жағдайы, шаруа қамы жөнінде жиі-жиі ақылдасып, ой-пікір алысып отырады. Кейде дәл жауап айта алмай, шалыс басқан заматта оларға ескерту жасап түзеп, бағыт береді екен. Бір жолы ол екеуі жарыса сөйлеп, Майқының алдын кес-кестей беріпті, сонда Майқы би оларға былай депті:

Билер бүгін Майқының алдын кесесің,

Ертең жұрттың төбесін тесесің.

Майқының да айтатын кебі бар,

Айтуға аузының да ебі бар.

Хан сөзінің қашанда бәрі дұрыс,

Әзір сөзімде болмас бұрыс.

Ақылым алжыған жоқ,

Ондайды болжағам жоқ.

Орынсыз ауыз ашсаң,

Екі би басарсың шоқ.

Аяз би, әліңді біл,

Құмырсқа жолыңды біл…

«Аяз би» ертегі аңызында «Аяз би әділ болды. Тура билік ететін еді. Нашарларға қарасты. Баяғы өзінің жыртық тоны мен жаман тымағын ордасының маңдайшасына шегелеп қойды. Кейде хандықпен көңілі ауытқып, тура жолдан таяйын десе, шегелеулі тымағы мен тонына қарап: «Ай, Аяз, баймын деп аспа, ханмын деп таспа! Аяз, әліңді біл, Құмырсқа жолыңды біл!» — деп көңілін басушы еді дейді.

Бұл мақалда қолым билікке, тақ-мансапқа жетті деп, асып-таспа. Өз қалпыңа, сабаңа түс. Алды-артыңа қарап сөйле. Өз әліңді, жолыңды, жөніңді біл деген ой, қағида жатыр.


АЯҚҚА КІСЕН САЛУҒА БОЛАР,

ҚОЛҒА КІСЕН САЛУҒА БОЛАР,

АЛ, ТІЛГЕ КІСЕН САЛУҒА БОЛМАС


Боралдайдың бір байы мен жалшысы дауласып, Бәйдібек биге барыпты. Бұл кезде Бәйдібек бидің жігіт шағы екен. Бай айтыпты:

— Өзім асырап, есігіме салған құлым еді. Ауқат беріп, әлдендірдім, ескімді беріп киіндірдім. Соған місе қылмай, енді менен ат дәметеді.

Би жалшыға сөз беріп:

— Кәне, сен сөйлеші, — десе, әлгі жалшы өте момын, жалтақ болса керек, байға жалтақ-жалтақ қарай беріпті. Ал бай болса, оған көзін алартып қояды. Жалшының бұл халін сезе қойған Бәйдібек би:

Аяққа кісен салуға болар,

Қолға кісен салуға болар,

Ал, тілге кісен салуға болмас, —

деп, жалшыға араша түсіп, ақысын алып беріпті.

Халқымыздың салт-дәстүрінде тіл мен сөзге үлкен мән берген. Сол себептен қандай ащы, ауыр сөз болса да, «айтып қалсын» деп, бөгет болмаған. Міне, «… тілге кісен салуға болмас» деген қанатты сөздің астарында дәстүрге негізделген осындай ой жатыр.

Ә

ӘЗІЛ ТҮБІ — ЗІЛ


Бұл жерде орынсыз, ретсіз айтылған әзілдің зардабы ауыр болады, жақсылыққа апармайды деген ойды тұжырымдап отыр.

Үш құрдас жолаушылап келе жатып, бір үйге түседі. Үй иесі қонақтармен әңгімелесіп отырады. Бір кезде қонақтардың біреуі тысқа шығып кетеді. Үй иесі қалған екеуінен:

— Әлгі жігіт қандай адам? — деп сұрайды.

Қонақтар:

— Ол өзі бір есек, — дейді. Жігіт қайтып келген соң, үйдегі екі қонақ та аттарын көріп келуге шығады. Үй иесі қалған қонақтан:

— Бұлар кім өздері? — деп сұрайды. Қонақ:

— Бұлар бір жүрген ит, шошқа, — дейді. Кешке ас ішер кезде үй иесі қонақтардың адына бір дорба сұлы, бір мүжілген сүйек, суға былғаған бір шылапшын кебек қояды.

Қонақтар аң-таң болып ашуланады:

Үй иесі:

— Өздеріңіз бір-біріңізді есек, ит, шошқа деп таныстырғаннан кейін, әрқайсысыңыздың сүйген тамақтарыңызды әзірлетіп едім, — дейді.


ӘЗІЛІҢ ЖАРАССА, АТАҢМЕН ОЙНА


Өкей өзінің туған әкесімен де қатты қалжыңдасатын. Бірде ол әкесімен бірге дастарқанға отырып әйеліне «сорпа әкел» дейді. Сорпа өте ыстық болса керек. Өкей алдымен өзі ұрттап көреді де, әкесіне беріп жатып, әйеліне:

— Мына сорпаң сап-салқын ғой, әйтеуір ісің бір оңбайды, — деп ренжіген

сыңай танытады. Мұны естіп отырған әкесі сорпаны қаттырақ ұрттап қалып, аузын күйдіріп алады. Біресе ашуланып, біресе күліп, не істерін білмей қалған әкесіне:

— Апыр-ай, осынша жасқа келгенде, бала сиқты мұныңыз не, байқамайсыз ба? — деп «ақыл» айтыпты.

Әзілің жарасса, дос-жаран, қатарластарыңмен ғана емес, үлкен-кішімен де ойнауға, қалжыңдасуға болады деген ойды береді.


ӘКЕ АҚЫЛЫ АҚЫЛ-АҚ


Ертеде бір байдың жалғыз ұлы болыпты. Әкесі қанша ақыл айтса да, дүние-мал жинау орнына оны оңды-солды шашыпты. Өзі секілді достарымен бірге қызық қуып, той тойлаудан басқаны білмепті. Бір күні әкесі қатты ауырып, өлетін күні жақындағанда баласын шақырып алып, былай деп өисет айтыпты: «Балам, сенің жағдайыңды біліп отырмын. Менің көзім тіріде айтқаныммен жүрмедің. Енді бұдан былай осы бетіңмен кете берсең, барлық дүние-мүліктен айырылып, қайыршы болып шығасың. Әрине, қайыршылық өмірге шыдамай, өлгің келеді. „Жақсы ит өлігін көрсетпейді“ демекші, сен ит емес, адамсың ғой. Осы үйдің төбесіне бір ағаш дайындап қойдым, өмірден түңілгенде соған асылып өлерсің. Менің өсиетім, соңғы ақылым осы».

Көп ұзамай әкесі қайтыс болады. Жігіт әкесінің тірнектеп жиған дүниесін шашуға кіріседі. Күнде той, күнде думан. Қанша мал болса да бей-берекет жұмсалған байлық ақыры таусылады. Не керек дос, жолдас болып жүргендер сырт айналып кетеді. Әйелі мен баласы күн көре алмаған соң, өз әке-шешесінің үйіне барып сағалайды. Не істерін білмеген жігіт өмірден түңіледі. Сол кезде әкесінің баяғыда айтқан ақылы, ең соңғы өсиеті есіне түседі. «Қой, былай қор болғанымша, асылып өлейін», — дейді. Арқан алып, әкесі дайындап кеткен ағашқа арқанды байлап, мойнына салып, өзін төмен тастап жібергенде, ағаш морт сыныпты. Сонда ағаштың арасынан алтын ақшалар сауылдап төгіліпті. Сөйтсе, әкесі өлердің алдында ағаштың ішіне көп ақша тығып, оның арасын білдірмей аралап қойған екен.

Одан кейін жігіт өз қателігін түсініпті. Дүниені босқа шашқанын қойып, жұмыс істеп, еңбек етіп, бай-бақуат, дәулетті өмір кешіпті.

Әке ақылы — өмірлік тәжірбиеден өткен, көрген-түйгені мол ақыл. Әке ақылы адастырмайды, адасқанды түзу жолға салады. Сондықтан балалардың әке ақылын тыңдап өскені жөн.


ӘКЕ БАЛАҒА СЫНШЫ


«Тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай» бағып-қағып өсірген балаларының мінез-қасиеттері әкеге бес саусағындай белгілі. Бұл — дәлелденбейтін қағида. Олай болса, әке сол мінез-қасиеттеріне қарап, қай баласының қандай шаруа, іске икемді, қандай өнер-білімге бейім екенін де алдын ала бағамдап, дұрыс сын-баға бере алады. Әкенің балаға сыншы болатыны да сондықтан.

Қыстау қораға көшуге әлі ерте деп жайлаудан күзеуге жұрт аударып қонған мал баққан қазақ ауылының қынаулы отыны сиырдың қу жапасы да, тамызығы қурай, көкпек, қоңыр жусан тағы басқа ғой. Жауын-шашын жиілеген шақта бұндай «жалпылдақ отын» өз-өзінен ылғал тартып, қазандық астында маздап жана қоймайды. «Ашқа тартқан кешке тартып» дегендей, үй іші телміріп, астың пісуін, қазанның түсуін күтіп отырған сондай күндердің бірінде бір үйлі жанның анасы балаларының біреуіне «Қазан қайнады ма екен, қарап келші!» — депті. Сонда әкесі тұрып: «Жоқ, ол емес, анау қарап келсін!» — десе керек, басқа баласын нұсқап. Бұның себебін түсінбей аңырып қалған әйеліне үй иесі: «Ақылды балам астына қарайды, ақымақ балам үстіне қарайды!» — деген екен. Себебі, баланың біреуі қазанның тек қақпағын ғана ашып қарап келеді екен де, екіншісі қазан қайнамай жатса, астындағы отын көсеп, тағы да тезек қалап, әйтеуір қазанды қайнатып келеді екен. «Әке балаға сыншы» деген сөз осыдан қалыпты.


ӘКЕНІҢ КӨҢІЛІ БАЛАДА, БАЛАНЫҢ КӨҢІЛІ ДАЛАДА


Бұл мақал көбінесе «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деп айтылады. Бала ата-ананың қалауынсыз, рұқсатынсыз іс-қылық көрсеткенде немесе күткен тілек, сенімдерін ақтамаған жағдайда үлкендердің аузына осы нақыл оралады.

Қалада оқу оқитын баласының аман-саулығын біле келген қария:

— Балам, көрдің бе, жұрт әне аялдамада да қағаз жазып отыр. Сен ақша керек болып қалғанда болмаса, «қол тимейді» деп, амандығыңды да білдірмейсің. Бәрінен де бұрын салған ақшаны алған-алмағаныңды біле алмай дал боламыз…

— Әке, сол салған ақшаң өзіңе қайтып бармады-ақ, мені аман екен деп санай бер, — дейді баласы.

Әке басын шайқап: «Әкенің көңілі балада, баланың көңілі далада» деген осы екен-ау, — дейді.


ӘКЕҢ ӨЛСЕ ДЕ, ӘКЕҢНІҢ КӨЗІН КӨРГЕН ӨЛМЕСІН


Ертеде кемпір мен шал өмір сүріпті. Олар айта қалғандай дәулетті, малды екен. Ал, Жәнібек деген жалғыз ұлдары шөп басын сындырмаған кер жалқау болыпты. Әке сөзіне көңіл аспапты. Әкесінің қартайғанын да елемей, осы дүниеге ие болып қал деген сөзіне де көңіл қоймай жүре беріпті.

Күндер өтеді. Шал пен кемпір дүние салады. Олардан қалған мал-дүние біткеннен кейін Жәнібек жыртық шапанын иығына салып, жолға шығады. Жұмыс таппай көп қиналады. Сөйтіп жүргенде бір кісіге кез болады. Сұраса келе, ол әкесінің көз танысы екен. Ол Жәнібекке көп көмек көрсетеді. Оның ат жалын тартып, азамат болуына жәрдем етеді.

«Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» деген ескі қағида содан қалса керек.


«ӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАУСЫЛСА,

«ХӘЛӘУЛӘЙІМ» ТАҒЫ БАР


Бір іс-шаруа (әңгіме, ән) жуық арада біте қоймай, созылып, ығыр қылғанда, осы әзіл, кекесінді сөз тіркесі ауызға түседі.

Бірде Алдар көсе мен Түлен, Құлан деген шайтандар сапарлас болады. Ай жүреді, жыл жүреді. Бір жерге келгенде, үшеуі де шаршайды. Демалып отырып Құлан айтады:

— Жүре-жүре шаршайтын болдық. Бәріміз бірге шаршағанша, біріміздің мойнымызға біріміз кезек-кезек мінсек, — дейді.

Алдар мен Түлен мақұл көреді.

— Алдымен қайсымыз мінеміз? — дейді Құлан.

— Сен екеуің шайтан болсаңдар, мен адаммын ғой. Сондықтан болу керек, аяғымды алға басуға шамам жоқ. Алдымен мен мінейін, — дейді Алдар.

— Жарайды, — дейді ана екеуі.

— Қанша уақыт мінгізуіміз керек, уақыт белгілейік, — дейді Түлен.

— Уақыт белгілеудің керегі не? Мен өлең айтайын, сол біткенше мінгізсеңдер болғаны. Сендер де өлеңдерің таусылғанша мінерсіңдер, — дейді Алдар.

Түлен мен Құлан мұны да мақұл көреді. Сонымен Алдар екі шайтанның мойнына мінеді де ыңылдап: «Әләуләй, әләуләй, әләуләй, әриәйдім…» деген өлеңін айтуға кіріседі. Шайтандар «Алдардың өлеңі бір таусылар» деп, әрі қарай жүре береді. Бірақ Алдардың «әләуләйі» таусылмайды. Әлгілер тағы шаршағасын:

— Осы сенің «әләуләйің» қашан бітеді? — дейді. Сонда Алдар:

— «Әләуләйім» таусылса, «хәләуләй» дегенім тағы бар. Жүре беріңдер! — дейді. Осылайша Алдар шайтандардың ит сілікпесін шығарып, баратын жеріне жетіп алыпты.


ӘЛШЕКЕЙДІҢ ӘЛПЕШКЕ САЛҒАН БІЛЕЗІГІНДЕЙ ЕКЕН


Шойнақ батырдың (ХVIII-ғасырда өмір сүрген) екі қызы болыпты. Солардың біріне Албандар, екіншісіне Дулаттар құда түседі.

Дулат биі Әлшекей құдалық жолын жасау орнына көп әскер әкеліп қыр көрсетіп, Шойнақтың ауылы маңына келіп, кернейлетіп, сырнайлатып жатып алады. Бұған ызаланған Шойнақ майдан ашайын десе, елден ұялып, Әлпеш деген жеңгесін Әлшекейге жібереді.

— Әлшекейге баршы. Жолын істемей, алшаңдап бұл не жатысы? Хабарын әкел, — дейді.

Әлпеш сәңқой әйел екен. Ол басқаны қойып, тіпті атының аяғына да білезік салғызып, жүреді екен. Ол биге келіп, аттан түспей:

— Уа, Әлшекей, әкең ұл болып, шешең қыз болып көрмеді ме? Бұл не жатысың? Жолың қайда? — деп айқай салады.

Шойнақтың жеңгесі астына мінген атының төрт аяғына түгел алтын білезік салып келіп тұрғанын көрген Әлшекей «бұлардан біз кем бе едік?» деп намыстанып, Әлпешті бар сыр-сипатымен күтіп алып, құдалық жолын екі-үш есе істеп, Әлпештің атының мойнына да білезік салып, құрметтеп аттандырыпты. Ел аузындағы «Әлшекейдің Әлпешке салған білезігіндей екен» деген әңгіме осыдан қалса керек.

Ұсынылған не, сыйланған заттың елден ерекшелігін, қораш немесе епетейсіздігін күлкі етіп сынаған жағдайда айтады.


ӘЛІ АУЫ МЕН БАУЫ БАР


«Еш нәрсе бітірмей, құр далбаңдап жүрміз, негізгі іс әлі алда» деген мағынада айтылады.

Ертеде бір арсың-гүрсің олақ әйел болыпты. Ол бірде көршісімен әңгімелесіп отырып:

Алты күн болды, дамбал тігіп жатырмын. Әлі ауы мен бауы бар. Желмін бе, құзбын ба? — деп бөсіпті.

Алты күн дегенде «әлі ауы мен бауы бар болса», сонда ол не бітірген?!


ӘЛІ НЕСІН КӨРІПСІҢ,

ҚЫЛ ТАҚҚАН СОҢ ҚАҢҚЫЛДАР


«Бұл — әлі бер жағы, түгел біткенін немесе нағыз өзін көрсең аузың ашылар еді», деген ойды бейнелеп айтқанда осы көз тіркесі қолданылады.

Ағаш шеберінің жасап жатқан затына сүйсінген біреу:

— Ой, мынауың не деген тамаша дүние?! Жұп-жұмыр болып жұтынып тұр ғой өзі! — депті. Сонда шебер сырбаздықпен:

— Әлі несін көріпсің, қыл таққан соң қаңқылдар, — деп, жымыңдапты. Сөйтсе ол дүниесі жартылай жонылған қобыз екен.


ӘЛІМНІҢ ҮЛКЕНІ ДЕ — ҚАРАКЕСЕК, КІШІСІ ДЕ — ҚАРАКЕСЕК


Қыдырқожаның (Байұлы) лақап аты «Қаракесек» екен. Сол Қыдырқожаның Бәйбішесі Тоқсұлудан — Байсары туған. Тоқсұлу дүние салған соң, балдызы Қағазға үйленіп, одан — Әлім, Шөмен туған. Осылардың Әлімінен — Жаманақ (Шекті), Қарамашақ (Төртқара), Қарасақал (Айнық, Тегінболат), Ұланақ (Қаракесек), Кете (Бозаншар, Тайқожа, Түменқожа), Шөмекей туған. «Алты ата — әлім» деп көбінесе осылай таратады.

Енді осылардың Ұланағы неге атасының есімімен «Қаракесек» аталуына

келейік. Қария сөздің айтуында Қаракесек өзінің немересі Ұланақты бауырына салып, оны «Сасықбайым», «Күлтелі сасығым» деп еркелетеді екен. Ұланақ та өз әкесі Әлімді мойындамай, атасы Қаракесектің баласымын деп өссе керек. Күндердің күнінде Қаракесек қайтыс болып, Ұланақ шаңырақ иесі болып қалады. Былайғы жұрт бұл шаңырақты бұрынға әдетімен «Қаракесектің үйі» деп атай береді. Бара-бара Ұланақты да «Қаракесек» деп атайтын әдет қалыптасады. Ұланақтың «Қаракесек»

аталуының себебі осыдан еді дейді. Күні бүгінге дейін әлім ішінде «Әлімнің үлкені де — Қаракесек, кішісі де — Қаракесек» деп айтылатын

мәтел сөздің мәнісі осында болса керек.


ӘҢГІМЕ — БҰЗАУ ЕМІЗЕР,

БҰЗАУ — ТАЯҚ ЖЕГІЗЕР


Бұл сөз тіркесі: «Құр әңгіме, сөзге алданып көп бөгелмейін, уақытты зая кетіріп, өкініште қалмайын» деген мағынаны білдіреді.

Өткен заманда бір жалшы әйел көршілерінің үйінде ұзын-сонар әңгіменің соңына түсіп, малдың өрістен қайтатын уақытын ұмытып кетіпті. Сол кезде сиыры өрістен келіп, бұзауын емізіп қояды. Сүттен қағылып, қарындары ашқан шиеттей балалары «шыр-шыр» етіп қоймаған соң, ашынған күйеуі әйелін ұрып-соғады. Содан ел ішінде «Әңгіме — бұзау, емізер, бұзау — таяқ жегізер» — деген сөз қалған екен.


ӘР ЕЛДІҢ САЛТЫ БАСҚА, ИТТЕРІ ҚАРА ҚАСҚА


Таңдайбай деген қу серіктерімен келе жатып, бір үйге түседі. Үйде бәйбіше мен келіні ғана бар екен. Қария қонақтарға сырмақ сал дейді. Таңдайбайды таныған кесір келін сырмақты қабаттап, тұйық жағын* отқа қаратып сала қояды. Таңдайбай малдасын құра төрге қарап отыра кетеді. Көптің ішінде теріс қарап отырған адамға таңданған кемпір:

— Мұның не? –десе:


Тұйық жағын* — қазақ халқының салты бойынша, астыға төсейтін сырмақ, көрпешелердің тұйық, бүктелген жағын іргеге яғни, қонақтың артына қаратып төсеген. Ашық жағы қонақтың жолы ашық болсын деп, алдына қаратылған.

Дастарқанды да үлкен болып, екі бүктеп жайған жағдайда, тұйық жағын сыйлы қонаққа қаратып қояды.

— Шеше, әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа деген ғой. Сіздің елдің салтын сыйлап отырмын, — депті.

Әр елдің салт-дәстүрі, әдет-жоралғысы басқа, өз еліңнен өзгеше болатыны белгілі. Тіпті бір елдің құрамындағы әр өлкенің де салт-жоралары өзгешелеу, өз еліңмен салыстырғанда, ерсілеу болатыны бар. Мақал сондай жағдайдан туған.


ӘР ҚАЗАННЫҢ ҚАҚПАҒЫ ӨЗІНЕ ШАҚ БОЛАДЫ


Шешеннің суық қолды бір жеңгесі көрші қонған үйдің боздау түндігін ұрлап алып, өзінің қараша шаңырағына көтеріп алады. Ұрлықты сезіп қойған мүлік иесі одан әрі-бері сұраса бермейді. Ақыры Бөлтірікке келеді. Шешен жеңгесінің үйіне келіп, шаңыраққа қарап:

— Жыртығына жамауың сай келмей тұр екен, жеңеше. Әр қазанның қақпағы өзіне шақ болады, — депті.

Адамның өзі араласатын ортасы, отбасы мүшелерінің мінез-қасиеттері, киген киімдері өзіне шақ, лайықты болады дегені.


ӘРКІМНІҢ СҮЙГЕН ЖАРЫ ӨЗІНЕ СҰҢҚАР


Бұл — «Сұлу — сұлу емес, сүйген сұлу» деген мақалмен сабақтас қанатты сөз.

Бір жолы Сырым батыр алыс сапардан ауылын сағынып келе жатып серіктеріне:

— Кәне, жігіттер, қаттырақ жүріңдер. Бүгін ауылға жете қонайық, — дейді. Оған жолдастары күліп:

— Үйіне басқа жігіт асықса, дұрыс, ал осы Сырым қайбір бүлдіршіндей келіншегіне асығып келеді екен? — деп қағытады. Сонда Сырым батыр:

«Әйелді әйел деп қорсынбаңдар,

Әйелсіз ерге күн бітпейді.

Қойды қой деп қомсыңбаңдар,

Қойсыз елге үй бітпейді.

Әркімнің мінген аты өзіне тұлпар,

Әркімнің сүйген жары өзіне сұңқар», — деп желе жөнеліпті.


ӘРКІМ ӨЗІНЕ ҚЫЛАДЫ


Біреуге жасаған жақсылығың да, жамандығың да, ерте ме, кеш пе, өзіңе қайтып айналып келеді. «Әркім өзіне қылады» деген мақалдың мағынасы осы.

Бір патша өзен бойында серуендеп жүріп, балықшы шалға кезігеді. Патша шалға сәлем берген екен, шал:

— Әркім өзіне қылады, — деп кете береді. Келесі күні балықшы шалды көріп, тағы сәлем береді. Балықшы:

— Әркім өзіне қылады, — деп, тағы да аялдамай кетіп қалады. Үшінші күні патша сәлем бергенде тағы да сол сөзді естиді.

Патша ордасына келген соң, балықшы шалдың бұл сөзінің мәнісін білмек болады да, жақсы көретін екі уәзірін жіберіп, балықшы шалды алдырады.

Балықшы ордаға келген соң, өзінің терең ойлы, қызықты әңгімесімен патшаны баурап алады. Әңгімеге айрандай ұйыған патша балықшы шалдың «Әркім өзіне қылады» деген сөзінің мәнісін сұрауды да ұмытып кетеді.

Сөйтіп, патша мен балықшы шал бал жаласқандай тату болады да, бір дастарқанда ас ішіп, әңгіме-дүкенін құрып жата береді. Күндер де зымырап өте береді.

Патшаның жалбыр тонды, жыртық шақайлы балықшы шалды ордасына алып келіп, киіндіріп баптап, соншама қадірлеп жақсы көріп кеткеніне іштері күйген екі уәзір патша мен балықшы шалдың арасындағы қыл өтпес татулықты қалай ірітіп, бір-бірінен алшақтатудың амалын ойлапты. Сөйтіп, олар балықшы шалдың жататын бөлмесіне кіріп:

— Құрметті ақсақал, — дейді сыпайы сөйлеп, — патшамыз сіздің аузыңыздан шыққан лептің сасықтығынан жиреніп: «Бұдан былай менімен дастарқан басында тамақ ішуден тыйылсын, жаныма жолатпаңдар» деп бұйырды, — дейді.

Балықшы шал жұмған аузын ашпайды.

Күндер өте береді. Балықшы шалдың қасына не себептен келмей жүргенін білмек үшін патша екі уәзірін шақырып алып, сұрайды. Сонда бір уәзір тұрып:

— Алдияр тақсыр, ұмытып барады екенмін. Ол кісі «патшаның аузы тым сасық екен, онымен бірге отырып тамақ ішпеймін» деп келмей жүр, — деп мәлімдейді. Өңі сұрланып, ашуға булыққан патша:

— Ол бетпақ, арсыз қақбасты зынданға тастаңдар! — деп бұйырады. Осы жарлықты күткен уәзірлер патша әмірін табанда орындайды. Екі уәзір ойлаған мақсаттарына жетеді.

Ағып ай, жылжып жыл өтеді. Зындандағы күнәлілерді жылына бір тексеріп тұратын бұл патшаның дағдысы екен. Сондай тексеріп, үкім шығаратын уақыт жетеді. Сонда балықшы шалдың қылмысын тексере келгенде, оның күнәсі «патшаның аузы сасық» деген сөз екен. Тексерушілер шалды патшаның алдына алып барады.

Патша мен балықшы шал беттесіп сөйлескенде, екеуінің де мұндай сөз айтпағаны, бұл сөзді екі уәзірінің ойдан шығарғаны, екеуінің терең татулығын бұзбақ болғаны анықталады.

Бұл ахуалды білген соң, патша қатты қаһарланады. Кәріне мініп, ашудан қалтырап кетеді. Жендеттерге екі уәзірінің басын табанда алдырады. Сонда балықшы ордасына неге алдырғаны қалт есіне түседі. «Әркім өзіне қылады» деген сөздің мағынасын айқын түсінеді. Содан кейін балықшы шалды уәзірлікке тағайындайды. Сөйтіп, әділ билігімен даңқы жайылады.

Б

БАЙЛЫҚ — ҚОЛДА ҰСТАҒАН МҰЗ,

БАҚ — ҰЗАТЫЛҒАН ҚЫЗ,

БАЛА — АДАМНАН ҚАЛҒАН ІЗ


Дүние-байлығың еріген мұздай жоғалып, жарлы болуың оңай, бақ та басыңа қонып, енді бірде ұзатылған қыздай тастап кетеді. Ал артыңда қалған балаң — өміріңнің жалғасы, үйіңнің отын сөндірмей, ұрпақ үрдісін жалғастыратын із сияқты мәңгілік дегенді аңғартады.

Бірде Шымкентте өткен ояздық жиналысқа Шойынбет би төрелік жасайды. Келгендердің кейбіреуі оның шағын денесіне, жұпыны киіміне қарап, «Мына түріңмен қандай билік айтып жарытарсың» дегендей сыңай танытады. Сонысын дәлелдегісі келген әлгілердің бірі: «Шойеке, менің сізге сауалым бар, соған жауап беріңіз», — деп қолқа салады. Шойекең бұған қарсылық білдірмейді.

— Байлық жақсы ма, бақ жақсы ма, бала жақсы ма? — дейді әлгі.

Сонда Шойынбет:

— Байлық — қолда ұстаған мұз, бақ — ұзатылған қыз, бала — адамнан қалған із, — деп жауап қайырыпты.


БАҚ ҚАЙДА БАРАСЫҢ — ЫНТЫМАҚҚА БАРАМЫН


Өзара ынтымақты, тату, сыйластығы жарасқан отбасының береке-бірлігі де мызғымайды, ырысы молайып, бақ-дәулеті артады, деген мағынаны береді.

Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп, батасын алады.

Бірде Төле бала Әнет бабаға барыпты. Жасы жүзге келген Әнет баба ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ», дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

— Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

— Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?

Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

— Бұдан не түсіндің, балам? — дейді.

Сонда Төле бала:

— Түсіндім, баба, бұл мысалыңыздың мәнісі: Ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, «бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.

— Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың — ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, — депті.


БАҚ ҚАРАСЫН, ҚЫДЫР ДАРЫСЫН


Ертеде Бақ пен Қыдыр Қаратаудың жотасымен келе жатқан екен. Оларды көріп жетім-жесір, ғаріп-кесір, бай-манаптар шапағат етуін сұрап, жабылады. Бәрі Қыдырдың шапанына жармасады. Біреулері аса таяғын ұстап, енді бірі бөркін сипап тілектерін айтып жатады. Қасында келе жатққан Бақты ешкім елемепті. Ол кезде жұрт Бақты танымайды екен. Үстіне ескі шапан, жыртық қалпақ киген оны жұрт менсінбепті. Бақ ат жақты келген, қасының түктері көзіне түсіп, көп нәрсені көрмейді екен. Айналасындағы у-шуды түсінбей:

— Мына шуылдақтар кімдер? — деп қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, қыр басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Оны көрген Қыдыр ақ таяғын кемтар қызға қарата нұсқайды да, қаумалаған көпшілікке:

— Бақ қарамаса, мен дарымаймын. Бүгін бақтың көзі қырдың басында тұрған қызға түсті. Сендер бақтың киімін қомсынбай, соған жақындағанда, мен сендерге назар салар едім, — дейді де, Бақ екеуі көзден ғайып болады.

Бақ қарап, Қыдыр дарыған кемтар қыз ауруынан сол сәтте сауығады. Артынша тұрмысқа шығып, үйлі-баранды болған екен. Алла бір басына жететін дәулет беріп, мұратына жетіпті.

Ел арасында «Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген тәмсіл осыдан қалған екен.

Бата, тілек құрамында көп кездеседі, ырыс-несібелі, бай-дәулетті, жолың болсын, мақсат-мұратыңа жет деген жақсы лебіздердің жиынтық-түйіні іспетті.


БАЛА ӨСІРСЕҢ, ШАЛА ӨСІРМЕ


Баланы ешкімнен кем қылмай ішіндіріп, киіндіріп, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай, мәпелеп өсіріп келем, енді одан артық не керек деп, оның тәрбиесіне көңіл бөлмейтін немесе немқұрайлы қарайтын ата-аналарға балаңды шала өсірме, оның тәрбиесіне, рухани жан-дүниесіне де ден қой дегенге меңзейді.

Қабыланның* күшігі қызылшақа, әлсіз болып туылыпты. Оны көрген аю, жолбарыстар «Сен бала емес, құбыжық таптың» деп мазақтай беріпті. Аңдардың келемежіне намыстанған қабылан тау шатқалындағы аңойнақтан безіп, мал өрісін сағалап жүреді екен.

Бір күні мал соңында қозысын емірене жалап тұрған қара саулыққа кез келіпті. Құлақтары салпиып, аяқтары маймиып тұрған кішкентай қозыны көрген қабылан:

— Ей, қоңыр қой, момын қой,

Мұндай бала сорың ғой.

Жаламасаң жетпей ме,

Өзі жүріп кетпей ме? —

деп сөгіпті. Сонда қара саулық айтыпты:

— Сылап–сипап қарамасаң,

Жас кезінде жаламасаң,

Еміреніп емізбесең,

Жемге үйретіп жегізбесең,

Бала қайтіп оңады,

Қалай өсіп толады?

Бұл сөзге ойланып қалған қабылан өз басындағы мұңын айтып, қара қойдан ақыл сұрапты.

— Атым — қабылан, затым — аң, атамыз — арыстан, нағашымыз — жолбарыс, ағайынымыз — барыс. Бәріміз де мықты едік. Алайда осы бір балам қортық болып туылды. Мазақтан өлер болдым. Сен адамға жақынсың ғой, бір ақылын айтпайсың ба? — депті.

Қара саулық та қабыланның алғашқы кездегі тәкаппарсына сөйлегеніне қарай:

— Сіздің бойыңыз үлкен болса да, ойыңыз өспеген тәрізді. Баланы табуды білген жан-жануар оны бағып-қағып, мәпелеп өсіруді де білуге міндетті.

«Бала өсірсең, шала өсірме» дейді шопандар. Балам жақсы болып өссін десең, көп жала, көп қара. Көп жаласаң –жүн бітеді, көп қарасаң — сын бітеді. Ең әлсіз де нашар бала — құстардың тұқымы. Олар жұмыртқаның ішінде кілегей уыз болып жатады. Ерінбей шайқап, жалықпай басқан құстар сол шаранадан балапан ұшырады. Мысық екеш мысық та соқырына* мейірлене қарап, мекірене жалап өсіреді, — депті.

Қара саулықтан кеңес алған қабыланның сол баласы мысық сияқты тарғыл, кішілеу болғанымен, күшті, жүйрік, көреген және епті болып ер жетіпті. Сілеусін дейтін аң осы қабыланның баласы болса керек дейді қарттар. «Бала өсірсең, шала өсірме» деген сөз содан қалса керек.


Қабылан* — жолбарыстан кішілеу, шұбар түсті жыртқыш аң.

Соқыр* — мысықтың қызылшақа баласы.


БАЛА — БАУЫР ЕТІҢ


Әр ата-ана үшін туған баласы бауыр етіндей қымбат, жамандыққа, өлімге қимайды деген мағынаны береді.

Қазыбек беріде елге бегілі болған кезде бір балаға дауласып екі әйел алдына келіп жүгінеді. Әйелдердің бірі:

— Мынау баламды мен есін білмейтін жас күнінде жоғалттым, соны мынау әйел тауып алды ма, әлде ұрлап алды ма, оны білмеймін, әйтеуір асырап алыпты. Бүгін танып, сұрасам «өз балам» деп бермейді, — дейді.

Екінші әйел тұрып:

— Бала өзімдікі, өзім таптым. Мынау босқа жармасып тұр — дейді. Қазыбек екі әйелдің сөздерін тыңдап болып, біраз ойланып отырып қалады. Содан кейін:

— Бірің балаңды жоғалтқаныңды, енді бірің тапқаныңды растап шығарлық мұнда басқа куә жоқ. Сондықтан мынадай билік еткім келеді, — дейді де, баланы екі қолынан екі әйелге ұстатып қойып, қара балтаны ұстап көтеріп тұрып: «Екеуіңе де қара қылдай қақ бөліп беремін, осыған ризасыңдар ма?» — дейді. Сонда балаға ие болып жүрген әйел:

— Біреуге тірі кеткенше, жартысы болса да өзімде қалсын, бөлсең бөл! — деп безеріп тұрып алады. Ал баланы таныған әйел:

— Ойбай, биеке-ай! Қайда жүрсе де тірі болсын, шаба көрмеңіз! — деп безек қағады. Содан барып Қазыбек:

— Бала мына жоғалтқан әйелдікі, өйткені ол баланың тірілігін тілеп тұр, баласын өзіне бер, — деп билік айтады.


БАЛАЛЫ ҮЙ — БАЗАР, БАЛАСЫЗ ҮЙ — АЗАР


Отбасының берекесі де, мерекесі де — бала екенін, ал баласыз үйден береке де, көңіл де қашатынын. Отбасының ертелі-кеш шырқы бұзылатынын осы бейнелі сөзбен жеткізеді. Бұл мақалдың «Балалы үй — базар, баласыз үй — мазар» деген нұсқасы да бар.

Ертеде бір жолаушы келе жатып, бір үйге кірген соң шәй келеді. Шәй үстінде жолаушы келінінен бала жайын сұрайды. Сонда келін:

— Баланы әкесі ойнатқызбайды. Бала ойнағысы келсе, әкесі жоқ кезде ойнайды. Әкесін көрсе, қазанның астына кіріп кетеді, — депті. Сәлден соң үй иесі кіріп келеді. Сонда жолаушы:

— Шәй іш десең, баланы босат. Сен де, мен де бала болдық қой. Бала сенің болашағың. Баланы ойнатпасаң, шәй ішпеймін, — депті. Үй иесі түсінгендей болып, далаға шығып, баланы жебереді. Сонда жолаушы:

— Балалы үй — базар, баласыз үй — азар, — деген осы депті.


БАЛАНЫҢ БЕСІГІ — КЕҢ ДҮНИЕНІҢ ЕСІГІ


Бейбіт, тыныш жатқан ауылға жоңғарлар шауып, мал-мүлкін тонап, ел-жұртын қиратып кетеді. Жау қорлығынан тоз-тоз болған ел-жұрт таулы жерге қашып, жан сауғалайды. Босқын халық арасында екіқабат жас келіншек бесікті арқалап бара жатады. Қара жолда Төлемен үзеңгі қағысып келе жатқан егде кісі:

— Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқанын-ай, — дейді. Сонда ақылгөй Төле:

— Баланың бесігі — кең дүниенің есігі, — депті.

Бұл қанатты сөзде барлық адамның, дүниеге келген ұрпағыңның жолы бесіктен бастау алады. Өзің де сол қасиетті бесіктен өсіп-өніп шығасың. Ендеше сол кең дүние сыйлаған киелі бесікті бағалап, құрметтеуге тиіссің деген ой жатыр.


БАЛАҢ ЖАМАН БОЛСА, КӨРІНГЕННІҢ МАЗАҒЫ


«Баланың жақсысы — қызық, жаманы — күйік» деген халық мақалы мәндес қанатты сөз.

Бұл нақылды Қаз дауысты Қазыбек би бір жиында біреудің әдепсіз, өнегесіз баласын көргенде:

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Атың жаман болса

Шыбын жанның азабы емес пе!.. — депті.


БАЛЫҚ БОЛЫП КЕТКЕНСІҢ БЕ?


Бұл сөз тіркесі судан шықпай қойған немесе сулы жерлерде көп айналшықтаған адамдарға кейіген жағдайда, кейде әзілдегенде айтылады.

Екі әйел сырласып отырады. Бірі:

— Шешей, сіз осы жылына неше шомыласыз? — дейді. Екіншісі:

— Мен жылына екі рет шомыламын: көктемде — Ойылдан, күзде Жемнен өткенде.

— Туу, өзіңіз балық болып кеткенсіз бе? — депті бастапқы әйел.


БАРДЫҢ ІСІ ПАРМАНМЕН,

ЖОҚТЫҢ ІСІ АРМАНМЕН ӨТЕДІ


Бірде қала сыртындағы бір ауылда көкпар беретін той болады. Жаңбыр жауып тұрса да, оған жұрт ағылады. Жақсы ат мінген Намазбай көкпаршы жолда жаңбырдан домбырасын шапанымен қалқалап, тойға жаяу тартып бара жатқан Ермахан жыршыдан озып өтеді.

Бұлар барған соң тойды қыздырады. Соңғы отырыста жыршы біреумен ерегісіп қалады да, осыны сылтауратып, тастап кеткен көкпаршыға өкпесін қайт-қайта айта береді. Жұрттың «қой» дегеніне болмайды.

— Әй, «қой» дегенде қоямысың, әйтпесе тұр, үйден шығарып тастайын, — деп, оған көкпаршы шүйіледі. Сонда жыршы:

— Бардың ісі парманмен,

Жоқтың ісі арманмен өтеді, — деген екен. (А. Төбелбаевадан).

Мұндағы ой: Бардың, байдың ісі бұйрықпен, өктемдікпен, басакөктеумен алға жылжиды. Ал кедей-кепшіктердің ой-ісі орындала бермейді, армын-қиял күйінде қалады дегенді білдіреді.


БАС БІЛГЕН ӨГІЗГЕ «ӨК» ДЕГЕН — ӨЛІМ,

БАПКЕР ДИҚАНҒА «ЕК» ДЕГЕН — ӨЛІМ


Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.