12+
Ұлытаудың номадикалық тарихы

Бесплатный фрагмент - Ұлытаудың номадикалық тарихы

Мақалалар жинағы

Объем: 186 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Құлмұхаммед ишан

1916 жылы басталған ұлт–азаттық қозғалысының 100-жылдығына арналады.

Ислам дінінің қазақ еліне тарау процессі VII ғасырда басталып, бүгінгі күні әлі жалғасып жатыр. Ұлы даламыздың оңтүстік қалалық аймақтарына исламды араб халифтары түркі хағандарымен күресе отырып таратты. Нәтижесінде Х ғасырда Қарахан мемлекеті исламды мемлекеттік дін деп жариялады. Қалған көшпелі аймықтарымызда тіршілік еткен оғыздар, оларды батысқа ығыстырған қимақтар, қимақтардың мұрагерлері қыпшақтар түркі заманынан келе жатқан тәңірлік дінін ұстаным етті. Шыңғысханның жорықтарынан кейін қазақ жерінде Жошы үлесі орныққанда да ислам, христиан, будда миссионерлерінің өз діндерін тарату әрекеттері жүзеге аспай, Алаш елінің билігі ата-бабаларынан қалған Тәңірге сенімін басқа діңге қимады. Тек Жошы үлесінің ханы Беркенің кезінде Мысыр сұлтаны Бейбарыс екеуінің арасында саяси, сауда, дін және мәдени қарыма-қатынас орнап, Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында мемлекеттік дінге айналды. Бірақ, қара халық тәңірлік дінін әдеттегідей ұстаным ете берді.

Орыс патшайымы Екатерина ІІ империяның қазақ жерінде билік жүргізу жоспарына сәйкес, жергілікті халықтың жауынгершілігін басу үшін, елді имандылық арқылы сабырлы, момынды қоғамға айналдыру мақсатында ислам дініне қолдау көрсетті. Сонымен қатар, орыстар мұсылман дін басшыларын татар халқының өкілдерінен сайлап, қазақтарды Орта Азия дін басшылығынан айыруды көздеді.

1865 жылы орыс патшалығы Ташкент қаласын жаулап алысымен қазақ жерінде ашық отарлау саясатын жүргізе бастады. Батыс, солтүстік, Жетісу аймақтарында құнарлы жерлерден жергілікті қазақ руларын шалғайдағы шөлді далаға ығыстырып, қалалар салып, Оралдың ары жағынан орыс шаруаларын көшіріп, православ христиан дінін тарата бастады. Тіпті қазақ медреселерін салуға рұқсат алу үшін міндетті түрде орыс тілін оқыту керек болды. Осы кезеңде дала аймақтарында тығыз шоғырланған қазақтан шыққан дін қайраткерлері қазақ елінің сана-сезімін орыс ықпалынан аман алып қалу үшін көптеген медресе, мешіт салуға ат салысты. Солардың бірі, бүгін біз қозғап отырған тақырыптың кейіпкері Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан.

Құлмұхаммед ишан қыпшақтың Бердікей тармағынан тарайды. 1841 жылы Ұлы жыланшық өзенінің алабына кіретін Дулығалы өзенінің бойында Терісбұтақ деген жерде дүниеге келген. Бала кезінде хат танып, араб алфавитін қолдануды өз әкесі Арыстанбайдан үйренген. Есейген сайын баланың бойында дін қызметін атқаруға талпыныс күшейді. Сол қызметтің оңды-солды аспектілерін игеру мақсатында 11 жасты жасөспірім өңірде сауда-саттық жасап жүрген саудагерлер керуенінің біріне қазаншы болып жалданып, оңтүстікке аттанады. Әкесі Арыстанбай баласының талабына ақ батасын беріп шығарып салады. Сөйтіп, Құлмұхаммед ел аузындағы деректерде Бұхара мен араб елдерінің тәуір медреселерінен дәріс алып, ишан дәрежесін алумен қатар, медицинаны, қол өнерін, құрылыс салу машығын да үйреніп, елге оралады.

Ең алдымен ишан балалар мен жергілікті елдің сауатын арттыру мақсатында ХІХ ғасырдың 60 жылдары Дулығалы өзенінің бойында медресе салады. Жалпы ауданы 350 м2 құрайтын ғимарат 24 бөлмеден тұрған. Кіреберіс есігі оңтүстік-шығысқа қараған. Онда дін сабақтармен қатар жағрафия, есеп негіздері оқытылып, араб тілі үйретілді. Қ. Арыстанбайұлы медреседе мұсылманша білім берумен қатар, сол кездің саясатының талабына орай орысша оқытуға да мән беруге мәжбүр болды. Ол үшін татар жігіті Ғалиулланы арнайы шақыртып, үлкендердің наразылығына қарамастан ауыл балаларының арифметиканы, жағрафияны, орыс тілін үйренуіне мүмкіндік жасаған. Медреседе ошақты Оразбай, көкмұрын Жапарқұл Қоңыратбайұлы, бердікей Жақсылық Батырбайұлы секілді молдадалар дәріс берген. Дулығалы, Ащылы төңірегін жайлаған елдің балалары Құлмұхаммед ишан негізін қалаған медреседе 4 сыныптық білім алып, қазақша, орысша және құран тілін үйреніп, кейіннен көпшілігі ел басқару ісіне араласты. Мұнда діни кітаптармен қатар, әдеби кітаптар, орыс тіліндегі оқулықтар да болған. Медресені оқып шыққан қазақ жастары Ұлытау өңірі елін сауаттандыру ісіне біршама үлес қосты. Бұл медреседе тәлім алғандардың қатарында 1916 жылы Торғай көтерілісінің сардарбегі Амангелді Үдербайұлы да бар. Бүгінгі күні медресенiң орнында үйiндiсi ғана қалған.

Медреседен кейін Құлмұхаммед ишан мешіт салуға кірісті. Алғашында мешіт Ақсуаттың жар қабағына табаннан шым ойылып, күмбезсіз салынған. Ол сапасыз болған соң күйдірілген кірпіштен қазір тұрған орнына қайта салынған. Дулығалы мешіті («Терiсбұтақ мешiтi», «Бердiкей мешiтi», «Құлмұхаммет ишан мешiтi») 1902 жылы салынып біткен. Бұл ғимарат ишан ұйымдастырған діни орталықтың ең көрнекті сәулет туындысы еді. Мешіт тоғыз күмбезді, сыртқы қабырғасы үлкен қызыл кірпіштен, ал ішкі қабырғасы шикі кірпіштен, төбесі тіреусіз, бүріп өріліп тұрғызылған. Жалпы ауданы 360 м2. Ұзындығы 23,4 м., ені 15,4 м. Кіреберіс есігі Меккеге, яғни оңтүстік-батысқа қарайды. Азан шақыратын мұнарасының биіктігі 7 м., диаметрі 2,6 м. Мұнара таңғы азаңға қарап ғимараттың солтүстік-шығысында орналасқан. Ғимарат қабырғасының биіктігі 3,5 м. Іргетасының биіктігі 0,9 м.

Терезелері жерден 1 м. биіктікте орналасқан. Тоғыз күмбездің бірі есік мандайшасында, бірі мұнараның төбесінде, алтауы үш-үштен ғимараттың екі қанатында және бір үлкен күмбез төбесінің қақ ортасынан салынған. Құлмұхаммед ишан мешіттің жобасын, кесектерді дайындауды, құйылуын Түркістанға барып үйреніп келіп, қалыптарын өзі жасаған. Қызыл күйдірілген кесектерде оннан аса ою түрі, аяттар болған. Ортадағы үлкен күмбез астында жалғыз тіреу болған. Ғимарат Бұқара архитектура үлгісімен салынған. Намаз оқып, дәрет алатын, жайнамаз, киім ілетін және кітапхана бөлмелері болған. Онда арбша, парсыша, шағатайша, орысша кітаптар қойылған.

Дулығалы мешіті мен медресе құрылысына құйдірген кірпіштерінің өлшемдері де, ою-өрнектері де әртүрлі. Ғимараттардың терезелеріне әйнек жергілікті гипс қабаттарынан тілініп алынған. Құрылысқа сол төңіректегі Есенғұл, Таңат, Қаз, Бегімбет аталардың бас көтерер ер азаматтары бір кісідей қатысып үлкен көмек берген.

1916 ж. 25 маусымында шыққан Николай ІІ-ің жарлығына қарсы көтерілісшілер осы мешітте жиналып, құрбандық шалып, ақсақалдар Аманкелді батыр бастаған сарбаздарға бата берген. Көтерiлiс басталарда, шешушi шайқастарда сарбаздар намаз оқып, Құран ұстап, салауат айтып, алған жолдан қайтпауға ант берген. Сол жиында құрбандыққа шалынған көк қошқардың және Торғайдағы жеңістің құрметіне шалынған қошқардың бас сүйектері Құлмұхаммед кесенесінде бүгінге дейін сақтаулы тұр.

Мешіт пен медресе жұмысы 1929 ж. ишандар әулетін қудалау кезінде тоқтаған. Ишандар елден қашып, Қызылордаға тақаған жерде алдынан қызыл әскері шығып малын алып, адамдарын қырғынға ұшыратқан. 1934 ж. белсенділер мешітті бұзып, кітапханадағы кітаптерді өзенге лақтырған. Белсенділердің біреуі төбеден құлап, бірі жерде мертігіп өлді. Мешiттен мүжiлген мұнара, жарты күмбезі мен қабырғалары ғана қалды. Дулығалы мешiтi — мемлекеттiк маңызы бар ескерткiш.

Ишанның ізбасарларының бірі діни ағартушы, ишан Қази Бірмағанбетұлы. Ол кісі 1901 жылы туып үлкен атасы салдырған «Дулығалы» медресесінде дәріс алған. Әкесі Бірмағанбет те діни білімі бар ишан болған. Қази ишанның көріпкелдігі, емшілігі болған. Зембілмен әкелген сал адамдарды аяғымен жүргізіліп қайтарған.

Құлмұхаммед ишанның діни қызметі патша үкіметінің христиан дінін таратумен қатар ислам дінін әлсірету саясаты кезінде орын алды. Мұсылман қоғамы христиан дінін кеңінен мойындату жолындағы басты кедергі болды. Қазақтар араб елдерінде және Түркияда оқу құқығынан айырылды. Молдалар патша әкімшілігінің қатаң бақылауына алынды. Әр болыста бір ғана молда қызмет етуге рұқсат берілді. Молдаларды әскери губернатор ғана тағайындап, жұмыстан босататын болды. Мешіт салуға генерал- губернатордың рұқсатын алу үшін, медреседе орыс тілінде оқыту шарты қойылды. Молдалардың жергілікті тұрғындардың сауатын ашып, оқытуы және оның мешіт жанында жұмысқа жайғасуы үшін уезд бастығының рұқсаты керек еді. Мешіттер мен олардың жанындағы медреселерді қазақ қоғамдарының өз есебінен ұстау керек деп шешілді. Мешіттер жылжымайтын мүлкіне ие болу мүмкіндігінен айырылды.

Осыған қарамастан, Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан аймақтағы қазақтардың сауатты болуына бар жігерін салып, халықтың рухани байлығын жоғарлатуына, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына зор жағдай жасады. Ишанның қызметі жергілікті халқты мұсылмандық мәдениетіне жақындастырып, ғылым мен әдебиеттің дамуына да әсер етті. Уағыздар арқылы елді жақсы істерге, ой тазалығына, қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа шақырғаны ел есінде мәңгілік сақталуда.

Мұхтар Сейтжанов

15.08.2016 ж.

Қазақтың басына төңген ұлы апаттың себептері

Большевиктердің Қазақ, Украина, бұрыңғы Ресей империясының тағы да басқа аймақтарында өз билігін тек аштықпен ғана орната алатынына көзі жетті. «Біз ескі әлемді жойып, жаңа әлем орнатамыз!» деген ұран басымды болды. Кеңес үкіметі қалай келгені, азаматтық соғыс немен біткені, «әскери коммунизм» саясаты қандай шығындарға алып келгені туралы тақырыптарды бөлек мақалаларда тарқату қажет болғандықтан, біз бірден Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясатына назар аударғанымызды жөн көрдік.

«Советтік» қоғамды көшпенді-патриархалды жұрттан құрастыру тек дәстүрлі өмір-салтты апатқа ұшыратып қана құру мүмкін еді. Мыңдаған жылдар бойы дамыған номадтық шаруашылық даланың мінез-ғұрпына сай қалыптасқан. Оның үстінен ортағасырлық көшпенді империялардың Евразия кеңістігінде орнатқан саяси үстемдігі тарихи санадан ұмытылмай, қазақтар еркіндікті бойына сіңірген, ешқашанда билік тарапынан орнатылған қорлап-қанау тәсілдерімен жүргізілген үстемділіктке мойынсынбаған халық еді. Қанның саясаты елдің мүддесіне қайшы келетін болса, бұқара ел оның қарамағынан көшіп кетіп, өз саяси наразылығын білдірген. Ондай жағдайда сондай қаннан ең сорақы елбасы болмаған.

Кеңес билігі ондай ел мен биліктің арасындағы қарама-қатынас туралы өте жақсы біліп отырды. Оның үстіне ұжымдастыруды ұйымдастырғандардың қолбасшысы ұлттық сұрақтар бойынша комиссары Иосиф Сталин болды. Сондықтан, қолдан ұйымдастырған аштықты большевиктер көшпенді қазақты бодан қылудағы және жаңа «кеңестік» қоғам құрудағы басты құрал ретінде қарастырды. Тек аштық пен геноцид қазақтардың азаттық жолындағы қарсыластығын жасытады деп санады олар. Солай болды да!

Экономикалық тұрғыдан қазақ даласында атқа мінген қазақты отырықшылыққа бейімдеп, пайдалы қазбаға бай жерде өнеркәсіпті дамытып, шикізатты мүмкіндігінше мол көлемде Кеңес үкіметінің орталық аймақтарының мүддесіне жарату көзделді. Ауыр өндіріс тек орыстандыру арқылы жүретін болды. Ресей патшалығы заманындай талмаштарға арқа сүйеп, жергілікті халықтың жағдайын ескеретіндей жоспар мүлдем ескерілген жоқ. Сондықтан, өнеркәсіпке келіп, тұрақты және жоғары жалақы алғысы келетін қазаққа, жұмысшы тапқа еңу үшін ең бірінші орыс тілін жетік білу шарт қойылды.

Отырықшылыққа келетін болсақ, бұл шаруа түрі қазақ даласына жат күнкөріс түрі емес. Бағзы заманнан, шөл дала болса да, өзендердің жағасында жер өңдеу ошақтары тірлік еткен, ал оңтүстік аймақтарда жер суландыру арқылы егін егу өркениетті ел Ұлы Жібек жолының басты орталығы болғаны мәлім.

Мал шаруашылық аймақтарда отырықшылыққа бет бұру үрдісі ХІХ ғасырда басталған. Батыс, Теріскей және Жетісу Орал, Орынбор және Сыбыр казактарының қол астына өткелі, ол аймақтардан ығыстырылған тайпалар мен рулардың жер-жайылымдарға деген сұранысы туындады. Оның үстінен, болыстар мен аға сұлтандар отырықшылықты дамытпаса, орыстар құнарлы жерлерді теріп, қазақты жерсіз қалдыратынын ескерді. Кезінде бос жатқан құнарлы жерлерге егін егу сол кездерде кең қолданыла бастады. Бірақ, кеңес үкіметі жоспарлаған тегіс көшпенді елді отырықтандыру ешкімнің ойына да келген емес.

Бастапқы кезде, яғни 1920—1928 жылдары, большевиктер даладағы ауқатты байлардан тәуелді болды. Жаңа билік өкілдерінің жүріп-тұруына едәуір қаржыны жұмсап, ат-көлікпен көмектескен байларға неше түрлі ақы төлеп, ең бастысы, болашақта орын алатын қуғын-сүргіннен аман алып қалатыны ескеріліп отырған.

Жаңа билік патриархалды қоғамның ішінде жас, дүние-мүлкімен шектетіліп, шаруада көп күш жұмсайтын жас буынға арқа сүйеді. Оларға большевиктер әр-түрлі ұран мен уәделер ұсынып, төтенше түрде көптеген үміттермен азғырды. Сол екі қозғалыс уәделердің қайсы жастардың жүрегін мұздатты: Лениннің тезистері ме, әлде материалды қызықтырулар ма? Оған жауап беру үшін бізге сол белсенділердің өздерінен сұрау қажет еді. Бірақ, өкінішке орай, олар арамыздан кеткені қашан. Тіпті, 1937 -1938 жылдары олардың көптен бөлігі Голощекин көсемдерімен бірге ату жазасына кесілген. Сондықтан, бұл сұраққа жауабын біз таба алмаспыз.

Ұлы апаттың идеологиялық себептерін қарастырар болсақ, ауылда марксистік ұғымдағы тап аралық күрес болған жоқ. Тек экономикалық және саяси өмірде үстемдік етіп отырған рулардың коммунистік партиядағы өкілдері арасындағы бәсекелестік болды.

Демек, жоғарыда аталған әрекеттер өз нәтижесін берді. Кеңес үкіметінің сұмдық жоспарын жүзеге асыруға жаңа топ құралды. Оларды халық «шолақ белсенді» деп атады, өйткені ол жастар өздерінің туған-туысқандарының мүддесін большевиктердің бұйрықтарының астына салып беріп, сол бұйрықтарды орындауға белсенді түрде кірісті.

Кеңес билігі беріп тұрған мүмкіндік «жарқын болашаққа» жол ашып беріп отырса, патриархалды қоғамда ол жастарда ондай мүмкіндік мүлдем жоқ еді. Бай немесе би секілді қазақ қоғамының дәулеттілерінің деңгейіне жету үшін көптеген кедергілерге тап болған жастар, жаңа биліктің беріп отырған мүмкіндіктерін ойланбастан қабылдады. Жастардың бәрі емес, әрине. Сондықтан олар төзімділік пен шүкіршілікті ағайындарға қарсы іс-әрекеттері сынды күнәға айырбастады.

Ондай люмпендерден құралған белсенділер топтары әр бай мен ауқатты да беделді ақсақалға өзінің олжалап алған жаңа күшін ашық түрде көрсетуге асықты. Олар үлкенді сыйлау түгілі, үйлеріне баса көктеп кіріп, мал-мүлкін рахаттана тәркілеуге кірісті.

Белсенділер большевиктердің мәнер-қылықтарына еліктеп, зорлық-зомбылықты қолданып отырды. Неміс тарихшысы Роберт Киндлер өзінің «Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане» атты кітабында жазғандай, «олар арақ ішіп, темекі тартып, ел-жұрттың алдында балағат сөздер айтып, өз құрбандарын аямай азаптап қорлады».

Оған қоса, белсенділер қазақи тәрбиені мойындамай, тарихи материалды және рухани құндылықтарға қол салды. Кесенелердің күмбездерін қиратып, мешіттерді бұзып, Құран-кітаптарды жағып, өзенге тастағандар да осы белсенділер еді. Құдайға қарсы шығып, Ібілістің құлы Ленинді өздерінің көсемі қылып алған жастар ештеңеден тайынбай, халықты қырғынға ұшыратты.

Кеңестер өз билігін ірі қалалар мен ағылшындардан тартып алған өндіріс ошақтарында 1920-жылдары толығымен орнатып, әртүрлі рулардың өкілдерін өз құрамына кіргізіп үлгерді. Оған рубасылар қолдау көрсетіп, болашақта большевиктердің құрығына түсетінін сезіп те жүрген жоқ еді.

Оның үстінен 1920 жылы Ахмет Байтұрсынов пен Әлімхан Ермеков бастаған алаштықтар Ленинге барып, Кеңестік автономиясын құрып, шекарасын белгілеуге келісім алып келді. Бірақ, кейінгі тарихи оқиғалар ол мемлекеттіліктің жемісін қазақ таяу арада көрмейтінін көрсетті.

Байлардың беделі 1928 жылға дейін өз үстемділігін жоғалтқан жоқ. Жұрттар епсіз кеңестік сот жүйесіне қарағанда, баяғы билер мен қазылардың шешімдеріне көбірек сүйеніп отырды. Тіпті жергілікті коммунистердің өзі байдың кеңесі мен шешіміне тәуелді болды. Жергілікті басшылық лауазымдарға байлар өзінің руының өкілдерін отырғызып, айтқанын істетіп отырды. Қызметтік іссапарларға арналған ат-көлік пен қаражатты бай беретін болғандықтан, кеңестік билік өкілдері байдың айтқанымен жүрді.

Әрине, ондай жағдай Сталин басқарған жүйені қанағаттандырмайтыны белгілі болды. 1925 жылы Қазақ даласына келген Филлип Исаевич (Цая Ицкович) Голощекин: «Қазақстанда революция орын алмапты. Сондықтан біз бұл жерде „Кіші Октябрьді“ орнатуымыз қажет» — деп ұрандатты. Оны, қол шапалақтап, белсенділер мен коммунистер қуана қолдады.

Большевиктерге керегі сол еді. Ағайын арасына сайтан отын жағып, қазақты аттан жерге түсіріп, аштықпен қырып әлсіретіп, «советтік» идеология арқылы өз билігін орнату мақсатында жаңа билік өз нәтижесіне жетті.

Екі саяси көзқарасқа бөлінген қоғам бір-біріне деген жақтырмаушылықты жасырған жоқ. Бастапқы кезде белсенділер ауылдық басшылықты мойынсынбаған кезде, оларды елемей, соңында ауылдан қуып жіберген де оқиғалар орын алды. Ондайларды халық бозғын деп атап кетті.

Бозғындардан құралған, рулар арасындағы қақтығыстар алаңына айналған коммунистік партия комитеттері мен оның ошақтарының өкілдері ертен-ақ ел мүддесін сатып, сталиндік тоталитарлы режимінің қол-шоқпары болатынын ол кезде ешкім де түсінде де көрген жоқ еді. Бозғындар ел-жұрттың қағидаларын сатып кеткендердің санатына кірді. Сонымен қатар олардың өмірлеріне қауіп төніп, дала өмірінде ешкімге керек болмай қалған да кездер болды.

Ал Голощекин келгенде, сол белсенділерді кеңес билігі ауыл «советизациясының» басты қол шоқпары ретінде пайдаланды. Сол кезде олар өздерінің «олжаларын» қолдан жібермей, байлар мен ауыл басылардан қаныққанша өшін алды. Өйткені большевиктердің артында пулеметпен қаруланған Қызыл әскер тұрды.

Коммунистердің басты мақсаты көшпенділердің билікке қарсы әрекеттерін әлсірету үшін отырықшылыққа көшіріп, әскери қимылға әзір атты номадтарды жерге бейімдеп, орыс шаруалары сияқты жайяу қалдыру болды. Сол мақсатқа жету үшін ұжымдастыру арқылы қазақты үлкен апатқа әкелу саясаты басталды.

Большевиктер өздерін тез даму жолын ашар және модернизацияның алып келуші күш ретінде санап, көшпенділерді «дамымай қалған» мәдениетіне жатқызды. Ия, 1934 жылғы жағдайды алатын болсақ, аштықтан кейін қазақтың жағдайы шынымен де сондай денгейде болды.

Бірақ, кеңес билігінің модернизациясының орнына Николай ІІ-нің кезінде қазақ жерінде салынған заводтарды жөндеп жүргізуден басқасына әлі жетпеді. Өндірістік құрылысының басты бағыты тек қазба байлықтарды жер астынан қазып алумен ғана шектелді.

Кеңестік қоғам құру үшін коммунистердің басты мақсаттарының бірі жұмысшы тапты қалыптастыру болды. Кейін жаңа өнеркәсіптер мен инфрақұрылымдарды дамыту үшін Турк-Сиб секілді бұқаралық құрылыс нысандары ұйымдастырылды, Қарсақбай заводы іске қосылды.

Бірақ сол құрылыстарда көбіне европалықтарға басындық жағдай жасалып, қазақтар тек қара жұмыстарда істеді. Бұндай саясат екі жақтың арасында келіспеушіліктерге итермеледі. Бұл бөлек тақырып автордың «Британец Қарсақбай» атты еңбегінде толық жазылғандықтан, біз оқырманды сол кітапқа жүгінуге кеңес береміз.

Сонымен, 1928 жылдың тамыз айынан бастап ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін іздеген қаржыны ауыл шаруашылығынан алуды шешіп, большевиктер келесі саяси қылмыстарын орындауға кірісті. Қазақтың малын тәркілеп, 45 миллион малдан елге 1933 жылы тек 4,5 млн бас мал қалдырды. Нәтижесінде, кем дегенде 2,5 млн қазақ аштықтан қырылды. Ондай жағдай Украинада да (4 млн адам), Еділ бойында да (1 млн адам) орын алды.

Соңғы 30 жылда шыққан қазақ руларының шежірелеріне қарап отырсақ, шежіре кестестелерінде белгіленген, сол жылдары өмір сүрген кісілердің көбісінің артында ұрпақ қалмағанын байқаймыз. Ресми ақпарат бойынша қазақ халқының тең жартысы аштықтан қайтыс болды десе, шежірелер одан да көп пайыз адам шығынын көрсетіп тұр.

1928 жылдан бастап ГПУ баскесерлері дін өкілдеріне, бай шаруаларға, төрелер мен патша үкіметі заманының зиялыларына қарсы қуғын-сүргін, мүлікті тартып алу, тонау саясатын бастады. Халықты тапқа бөліп, арасында алауыздық отын жағып, туған бауырларын қырғынға кескен шолақ белсенділердің күшімен қазақ даласына «ұлы жұт» келді.

Ол кездегі бай, қазақ даласындағы ең басты экономикалық қозғалтқыш десек қателеспеспіз. Атқа мінген халықты бағындыру үшін сол байдың көзін құрту жаңа биліктің басты мақсаты болды. 1927 жылы барлық шаруалардың 0,9% байдың қолында болып, олар 10% малға иелік етті.

Малды тәркілеу кезінде коммунистер белсенділерді әлсіз және саны жағынан аз рулық қауымынан іріктеп алып, басқа бай және ірі руға қарсы салып қойып отырды. Белсенділер өз руына салынған салықтың жүгін сол қарсылас руға артып қойып, салықты да, тәркілеуді де аса сілтеушілікпен орындап отырды.

Ишандар мен имамдарды атып, елден қуып, олардың ұрпақтарына қарсы құғын-сүргін ұйымдастырылды. Құдайды ұмыттырған, тарихын өшірген, сананы лайлаған кеңестік идеология кісеніне түскен халқымыз тілінен, салт-дәстүрінен айырыла жаздады.

Бірақ, шығын мен қиыншылық көріп аман қалған ел жаңа өндірістік-қалалық даму жолына түсті. Дегенмен, завод пен шахталарға барып жұмыс істеуге қазақтың көбісіне жол жабық болды. Басты кедергілер — орыс тілін білмеу және тиісті мамандықтың жоқтығы. Ауылда ұжымшар, кейін кеңшарлар ұйымдастырылып, қиын кезеңге қарамастан жұрттар етекшелерін жинап, есін жиді.

1934 жылы жергілікті билік өкілдері елде аштықтан өліп жатқандардың саны азайғанын жазып, орталыққа сондай «жетістіктері» туралы баяндап отырды. Ондай жағдай орныққанның басты себебін «нан жеушілердің» саны күрт төмендегенімен ғана түсіндіруге болады. Өйткені, ол уақытта аштықтан өлетіндердің бәрі қырылып біткен!

Мұхтар Бақытұлы

15.08.2020 жыл

Құлан ана

Қазақ тарихының ақтаңдақ парақтарына мәлімет қосу мақсатында соңғы отыз жыл шамасында көптеген дереккөздердің, тарихи тұлғалардың, оқиғалардың қайтадан жандануын байқауға болады. Кеңес идеологиясы қаншама тарихи сана сезімімізді өшіруге, орыстандыруға, тіпті шоқындыруға тырысқанымен, мыңдаған жылдары қалыптасқан қазақтың генеологиялық мұрасы, бай және көркем мәдениеті сол саясатқа қарсы жоғары иммунитетін көрсете білді. Мәдениетімізде жанданды, тарихымызда қайтадан оқылды. Біздің бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да, болып жатқан үрдіске үлесімізді қосу мақсатында көпшілікке арналып, Құлан ананың тарихымыздағы орнын айқындау әрекеті болып табылады.

Бұл тақырыпты зерттеу кезінде көптеген дереккөздерге тап болдық. Әрине, көркем әдебиетінің рөлі зор болғанымен, басты назар сол заманда жазылған жешіре мен жылнамаларға аударылды. Олардың ішінде ең беделділері, керек болса, құжат деңгейінде тарихшыларымыздың пайдаланатын «Моңғол құпия шежіресі», тимуридтардың жазған «Муизз ал- ансаб» шежіресі, Жүзжанидің «Табақат-и Нәсірі», Рәшит ад-Діннің «Жылнама жинағы» және т. б. Жұмыс барысында С.Г.Кляшторный мен Т.И.Султановтың «Казахстан. Летопись трех тысячелетий» атты кітабы қолданылды.

Жезқазған қаласынан оңтүстікке қарай 30 шақырым жерде, Кеңгір өзенінің Сарысуға құятын жерінен 8 шақырым жоғары орналасқан, қабырғасы күшейтілмеген, моңғол заманына жататын Болған ана археологиялық кешені бар. Кешен Жошы үлесінің ірі салық жинау, сауда-саттық және әкімшілік орталығы болған. Сарысу жолымен Сыр бойынан керуенмен келетін саудагерлер өз заттарын Жезқазғандағы Мыйлықұдық, Сорқұдық, Айнакөл металлургтерінің мыс өнімдеріне айырбастап, салығын төлеп кететін. Кешеннің ұзындығы Кеңгір өзенінің бойымен 4 шақырымға созылады. Аумағында Болған ана және Құлан ана атты күмбездері қираған, күйдірілген кірпіштен көтерілген екі алтынордалық мавзолей бар. Мавзолейден оңтүстікке қарай диаметрі 10—30 м. құрайтын 4 дөңес сарай қалдығының үйінділері орналасқан. Ең үлкен үйіндінің биіктігі 1,5 м. Қазба жұмыстары кезінде өрнектелінбеген керамика ыдыстарының сынықтары табылған.

Құлан ана күмбезі (Фото авторы Бақтияр Қожахметов).


Осы мәліметтер Болған ана мен Құлан ана кімдер? — деген сұрақ туындырады. Болған анамызды болашақ күндері талқылауға қалдырып, біз назарымызды Құлан анаға аударуды жөң көрдік. Сонымен, деректерге сүйенсек Құлан ана Шыңғыс ханның меркіттен алған екінші әйелі болып табылады. Кейбір жазбаларда үшінші, тіпті төртінші әйелі ретінде авторлар қателесіп көрсетеді. Ең басты дереккөз «Моңғол құпия шежіресі» бойынша Құлан ұлы хағанның екінші әйелі екені нақты айтылған. 1204 жылы күзде «Қара даланың тұмсығы деген жерде меркіттің Тоқта бегімен Шыңғыс хаған соғысып, оны жеңіп, Сарыгер деген жерде меркіт тайпасын телім етеді. Тоқта Құду мен Шұлуын деген екі баласын ертіп, аздаған кісімен қашып кетеді. Шыңғыс хаған Құду мен Шұлуынның әйелін Өгедейге бергізеді». Убас меркіттің зәңгісі Дайыр-ұсын соғысудан бас тартып, қызы Құланды Шыңғыс ханға көрсетпек болып алып барып, екеуі құда болады.

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.