З. С. Қағазбек
ТАҢСЫҚ ПЕРЗЕНТІ
«Кіндігімнің жас қаны
Тамған жері ауылым»
…
«Жусаны мен жуасы
Бұрқыраған ауылым»
(Базарбаевтың әнінен)
Алғы сөз орнына Бөдес, оның туған бауырлары, қарындасының әкесі Малай ата туралы бір-екі ауыз сөз айтуды жөн көрдім.
Малай ата Таңсық аймағының ардақты азаматы, аяулы перзенті. Малай Біткенбай ұлы ерлік пен өрліктің, парасат пен ақылдың, ұждан мен намыстың көк байрағын биікке желбіреткен азаматтың есте қалары даусыз.
Малай ата туралы Оразбек Бекбосынның «Су ағасы — Жақсылық», — атты кітабынан үзінді берейін: «Малай Біткенбайұлы 98 жасында 1973 жылы қайтыс болды. Ел ішінде, ағайын арасында өте сыйлы еді.
Көп сөйлемейтін. Жасында қайратты болған. Қолы шебер еді. Колхозда ұсталық етті. Ертеде Қараауыз елінің жылқысын Берліке деген елдің адамдары түнімен аңдып, таңға жақын күзеттегі Таяқбекті ұрып жығып, серіктестерінің басын жарып, үйір жылқыны айдап кетеді. Ауылда бір ғана бәйге атты арқандап ұстап отырса керек. Одан басқа ат болмаған соң ауыл адамдары түйе, өгіз мініп жылқының артынан қуады. Жылқы алушыларда бір мылтық болыпты.
Құғыншыларды күтіп алады. Әлгі бәйге атпен жетіп барған жігітті ырық бермей қуып тастап, ол қайта-қайта түйе, өгіз мінгендерге келіп тығылады. Сонда ауыл адамдары; «Астындағы атыңды Малайға міңгіз», — деп шулайды.
Астындағы түйесін тастап атқа мінген Малай әлгі бір топ адамды қуып жете бергенде мылтықты басшысы: «Атамын!», -деп айғайлайды. Сонда Малай сөзге айналдырып, «Не болды, неге атасың?», -деп жақындап барып қас-қағымда мылтықты сойылымен қағып жіберіп, анандай жерге ұшырып түсіреді.
Сойылын қайта сілтегенде өзін аттан түсіріп, оның мінген атын артында келе жатқандарға ұстата береді. Сонымен он бес шақты адамды біріне соң бірін ұрып түсіріп үйір жылқыны аман-есен алып қалыпты».
Қымбатты менің туысқандарым, бауырларым!
ТАҒЫ ДА БІР ЕСІМЕ САҚТАҒАН ӘҢГІМЕЛЕРДІ ТАРҚАТУҒА ТУРА КЕЛІП ТҰР
Бастау
Менің жасым тоқсанға таяп келе жатыр, осы әңгімені жазып үлгерсем бе деп едім. Мен жазушы емеспін, тек ойыма сақтаған ата-аналарымнан, үлкендерден естігенімді, өзімнің бала кездегі көргенімді, білгенімді айтып, туысқан арасында кейбір ұмытпайтын игі жақсылықтар кейінгі жастарға қалса деймін. Мен жазып қалдырамын, бірақ сөз ұйқасы, тіркесі келмей жатса, кешірерсіздер. Өйткені 35 жылдай мектепте жоғары сынып оқушыларына орыс тілі және әдебиетінен сабақ бердім. Кейбір сөздер келмей жатса түсіністікпен қарар деген үміттемін. 1986 жылғы оқиғадан кейін қазақ жазушылары мен ақындардың еңбегін оқи бастадым.
Ал менің айтпағым: «Мен өз туыстарым туралы азды-көпті жазғанмын. Ал ендігі әңгіме менің нағашы бауырларым: Малаев, Біткенбаевтар туралы айтқым келіп еді.
Біздің Таңсық деген мекеніміз Аягөз өзенінің жағасында, өлкеге таяу, табиғаты сұлу жер. Ауылдан 2—3 км қашықтықта Қозы Көрпеш-Баян Сұлу бейіті орналасқан. Ауылға барған сайын махабатты құрметтеген ескінің көзі, аруақ орнына барып, құран оқытып қайтамын.
Қазақтың аса дарынды ақыны Мұқағали Мақатаев Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуға өте бағалы өзінің өлеңін арнады. Ал Семей қаласының әнші-композиторы Тұрсынғазы осы өлеңдерге ән жазды. Сол өлеңнің төрт жолы кесененің алдында гранит тасқа жазылыпты. Онда былай дейді:
Жол түсіп, достым,
Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе молаға сонау көрінген.
Қасқайып тұрған қазақтың сонау төрінде,
Бабалардың махаббаты көмілген.
Мен елімнен 1943 жылы 12 жасымда кеттім, бірақ туған Таңсығымды, топырағымды, ешбір елдің жер-суына айырбастамаймын. Әр уақытта барып, жерімді, Отанымды көріп, мауқымымды басып тұрамын.
Менің әкем, жақын туысқандарым, ең үлкен ағам Мұқаметқазы, тәтем Оразай, нағашыларым, әкемнің туған жиендері: Ахмет, Кабира тәтем, Кулян, Мұрат жерленген зиратқа құран оқытып қайтамын. Топырақтары торқа болсын!
Менің әкем Жәнібек-Бөдес ұрпағы Жәнібек, Бөдес батыр, олардың баласы Шымболат Абылай ханның сарбаздары болып, қалмақпен соғысты. Абылайдың оң қолында жүріпті.
Ал әкем орташа шаруа екен, өзінің етінің тірлігімен бала-шағасын асыраған екен. Әкем Қараауыз ішіндегі Малай ақсақалмен ерте жас бозбала кезінен дос екен. Алғашқы әйелі алғашқы баласын босанғаннан кейін, ұзақ науқастанып, ақыры қайтыс болыпты. Марқұмның артында ұл бала, кішкентай Мұқаметқазы қалыпты. Ауызданбай қалған баланы әжесі бауырына басып, өз баласындай тәрбиелеген.
Әкем жесір қалғанда досы Малай өз қарындасын әкеме ұзатыпты. Ол уақытта қалың малсыз шаруа бітпейді ғой, құда түсіп, Малайдың әкесі би Біткенбайдың 16 жастағы Жамал деген қызын менің әкемнің отауына келін қылып түсіріпті.
Смағұлдың кішкене Мұқаметқазы ұлының соңынан Жамал шешемізден келесі балалары: Байғазы, Биғазы, Оразай, Зейнел, Жақсылық өрбіді.
Жылдар өтіп жатты. Малай атаның алғаны Тоққожа қызы Балсары еді. Балсары әже жас кезінде-ақ аса ширақ, өзі әнші, қиссаларды жатқа біледі, ойын-сауықты жағалайтын болыпты. Бірақ бала көтермепті. Малай атаға ұрпақ әкелмепті.
Менің әкем Смағұл досына өзінің ең кіші қарындасы Мәмиланы екінші әйел орнына, тоқал есебінде Малайға береді. Ол кезде Малай ата елуге толған екен. Әкемнің шешесі Дайра: «Қызымды үлкен кісіге бермеймін», -деп жатып алыпты.
Малай амандасып, сөйлесіп келгенде әжеміз басын көтермепті дейді. Лажысыз Малай аттанып кетеді. Күн кешке жақын екен. Малай аттанып кеткеннен кейін қыз Мамиля: «Япырмай, әлгі Малайды қасқыр жеп қояр ма екен?» — деп далаға атып шығыпты. Сонда Дайра әжеміз: «Е, мен бермеймін деп жүргенде мына қыз ықыласын аударып жіберген екен ғой. Олай болса ұлықсатымды бердім, бара берсін», — депті. Сөйтіп 16 жастағы қыз Мамиля өзінен көп үлкен Малайға ұзатылыпты.
Мамиля жаспын демей, Малай атаның үйінің шаруасын дөңгелетіп әкеткен көрінеді. Бастарына бас қосылып, мал шаруалары көбейіп, хал-ауқаттары қалыпқа келіп, ауыл ішіндегі бір әлді, қуатты отбасыға айналыпты. Мен бала кезімде көргенде ол үй үлкен алты қанатты киіз үй, шилері қызыл кестелі, желбаулары әдемі шоқты гүл сияқты, туырлықтары бүтін, ою жапсырылған, үлкен алты қанатты үй болатын.
Қазір ойлаймын, сол уақтағы әлді бай қазақтардың киіз үйі осындай болған шығар деп.
Шаңырақтың тұңғышы
Мамиля тәтеден туған екі бала шетінеп кетіпті. 1936 жылы Бөдес аман-есен туып, шаңырақты қуанышқа бөледі. Бөдес туысымен асыраған бәйбіше Балсары апа. Ал кішкентай Бөдес: «Мен Балсары ападан тудым, нағашым Тоққожа» — дейтін.
Балсары апа Бөдестен бастап онан кейінгі балаларды өзім таптым деп, өзі асырады. Қартайған шағына дейін немерелерді, шөберелерді де әлдилеп, өсіруге көмектесті. Кішкентай Сыдық мектепке барғанда алғашқы мұғаліміне: «Менің фамилиям — Балсаринов» — депті. Балсары апа қартайып, 80-нен асып қайтыс болды. Балсары апаны әлі кетіп, қартайған шағында Мамиля тәте шешесіндей күтіп, о дүниеге шығарып салды. Бөдестің артынан екі жас кіші Кеңес, онан соң Сыдық, үйдің ең кенжесі Айман туды.
Бөдес өте ерке өсті, тілі шығып, сөйлей бастағаннан ел-жұрт мәз болатын. Ол өте көңілді жүретін. Басында қазақ мектебін бітірген соң, Алматыдағы орыс тілінде техникумда оқуға қиналды. Кейіннен Семейдегі зооветеринарный институтты ойдағыдай бітіріп, үлкен азамат болды.
Семейде оқып жүргенде Жақанмен көп араласты, соның үйінде болады екен, бала-шағасымен араласып, Жақанның семьясында Бөдес бір мүшесіндей араласып жүре беріпті. Жақан айтатын, Бөдес сабақтан соң төрде шалқасынан жатып: «Қазия, су әкеліп берші, шөлдеп кеттім» -деп. Жақан мен Бөдес өмірлерінің қызығын да, басқа анау-мынау жағдайларын да екеуі жақын туыс, дос, құрбы, сырлас, бір-біріне сүйеу, пікірлес болды.
Жақанның ақырғы демі таусылар сәтінде: «Бөдес, Бөдес!» -деп айғалап жатты. О дүниеге аттанар мезгілде ең соңғы сөзінде Бөдеске не айтқысы келді, бұл жұмбақ болып қалды.
Бөдес алғашқы Қазияны көргенде: «Үстінде оқушы форма көйлегі бар жас қыз кір жуып жатыр екен. Мен Жамал ападан сұрадым: Бұл қыз кім деп, Жамал апа: „Бұл Жақанның әйелі Қазия ғой“-деді. Осындай жас қыз қалай әйел болған деп таң қалдым. Мен Қазияны киноға шақырдым, бірақ Жамал апа жібермеді» -деп қырқылдап күлетін.
Бөдес пен Жақанның семьялары сыйластықпен тұрды. Жақанның балалары Бөдесті маманың бауыры деп ойлайды екен.
Жар таңдау
1957 жылы Бөдес Семейдегі оқуын бітіріп, ауылға аман-есен келіп, еңбекке араласуға бет ұрды. Бірақ әке-шешелері: «Оқуыңды бітірдің, әкелген әйелің қайда?» -деп сұрайды. Сонда Бөдес ойланып қалған екен. Семейдегі оқуды аяқтағалы жүргенде практика өтіп жүріп, бір әдемі қыз Меңжамалмен танысыпты. Меңжамал Семейдегі бір техникумның оқушысы екен, ол да практикада жүр екен. Екеуі, Бөдес пен Меңжамал, осылайша кездесіп, бір-бірін ұнатыпты. Бөдес Таңсықтағы үйіне келгенде әке-шешелері үйлену уақытының келгенін айтып, баласы Бөдеске ой салыпты.
Меңжамал оқуын аяқтап, Семейдің бір жерінде жұмыс істеп жүреді екен. Әдеміше келген қызға әркімнің көзі түседі екен. Ол қыздың туыстары біреуді сайлап қойған екен. Меңжамал оларға: «Менің ұнататын адамым бар» -деп жауап береді екен.
Сөйтіп, 1957 жылы жаз айында Бөдес Семейден Меңжамалды Таңсыққа алып келеді.
«Таңсық үлкен жер ме?» -деп жас ару Меңжамал сұрайды екен. Бөдес мүдірмей: «Пойыз тоқтағанда көресің, 5 такси жолаушыларды күтіп, әрі-бері тасиды» -деген екен. Шын мәнісінде, Таңсық деген кішкентай темір жол торабының бойындағы бекет.
Сөйткенмен жас болашақ жұбайларды күтіп отырған станцияға жақын өлкеде, Аягөз өзенінің бойында үлкен ауыл, ел-жұрт ду көтеріп: «Бөдес Семейден сұлу қыз әкеле жатыр» -деп қуанышты хабар тарап кетті.
Керимтай нағашымның жары Үнсия тәте сәнді келіншек болушы еді. Ол кісі қолынан іс келетін шебер еді. Өзінің әншілігі де бар. Менің есімде тәтеміздің айтқаны, бір тойда ұзаққа созылған айтысқа жалғыз өзім қатыстым деп. Шолпан деген қызын әдемілеп киіндіретін. Ол кісі жасаған ішектер, оюлы сырмақтар әлі көз алдымда.
Сол Үнсия тәте пойыздың вагонынан түсіп келе жатқан келіннің бетіне шымылдық ұстап шықты. Шымылдықтың шетін екі биік жігіт екі жағынан ұстап, келінді шашылған шашумен қарсы алып, көлікке мінгізді.
Осылайша екі жас шаңырақ көтеріп, кейінгі жылдары бақытты бала-шағалы үй болды. Бөдес жар таңдаудан қателескен жоқ. Бөдес семьяда бақытты болды. Жары Меңжамал екеуі 3ұл, 3 қыз тәрбиеледі.
Ұрпақ жалғасуда
Үлкен ұлы Қайрат Астанада тұрады. Екі қыздың әкесі. Үлкен қызы Назарбаев университетінде еңбек етіп еді, қазір отбасылық жағдайымен Америкада еді, кейінде Малайзияда отбасымен тұрады.
Қайраттың екінші қызы Астанада тұрады, үйленген.
Бөдесте екі қыз бар. Үлкені Сәуле Таскескенде тұрады, күйеуі фермер. Алғашқы екі қызы жағарғы оқуын бітірген, қалада тұрады. Үшінші ұл бала жоғарғы оқу орнын оқып жүр.
Бөдестің екінші қызы Зәуреш Усть-Каменогорскіде тұрады. Отбасына, шешесіне, туысқандарына көмегі көп.
Ең кіші ұлы, кенжесі Мақсат, шешесімен Семейде тұрады. Жақсы ер-азамат болып қалыптасқан. Балалары шет елде оқиды.
Осы Бөдестің отбасынан өткен бір әттеген-ай бар.
Балаларының үлкені Қуаныш деген ең үлкен қызы Семейде жақсы тұрып жатыр еді. Қуаныштың екі ұлы бар еді, үйленген. Жолдасы да үлгілі азамат. Қуаныштың өзі ауыр дерттен қайтыс болды.
Бөдестің Дәулет деген баласы Үштөбеде тұрып еді, сол жерде жұмыс бабында жүріп қайтыс болды. Дәулеттен жалғыз ұл қалды. Аты-Дәурен. Дәулеттің жұбайы Нұргүл баласын жақсы тәрбиелеп оқытты. Орта мектепті бітіргеннен кейін Британ университетінің грантын жеңіп алып, Алматыда осы оқу орнын ойдағыдай бітіріп, жоғарғы лауазымды қызметке орналасты. Дәуреннің анасы Нұргүл сол баланы әкесінен ерте қалғаннан соң жақсылап тәрбиелеп, білімді ер жігіт, азамат қалыптастырды.
Менің жолдасым Қасымжан: «Баланы Нұргүлдей тәрбиелеп оқыту керек, бұл-ата-ананың міндеті», -дейтін.
Нұргүл баласы Дәуреннің Британ университетіне түскеніне қуанып, Алматыда Ақсайдағы үлкен бір ресторанда той жасады. Жиналған туған-туыстар, жолдастар, жекжаттар көп болды. Сол тойда бір дастарқанда Шәкәрім Жарқын деген азаматпен бірге отырдық. Жарқын Шәкәрім қазақтың зиялы азаматының бірі, онымен жақсы сұхбаттастық. Теледидар арқылы газет журналдардан Шәкәрімнің білімді музыковед өнер қайраткері екенін білетінмін. Оның жұбайы, әдеміше келген қара торы келіншек Нұргүлдің жақын туысы екен. Тойға Семейден Дәуреннің атасы Бөдес келіп, үлкен тойға мұрындық болды. Малай, Смағұл, Керімтай балалары тегіс жиналып, жас ер азаматқа жаңа өмірге аяқ басуына ақ жол тіледі.
Көп туыстың, жекжаттың, дос жаранның Дәурен батасын алып, рухани байыды. Жалпы Бөдестің арты жақсы, Дәулеттің Дәурені көрнекті қызмет орнында, әлі жоғарғы лауазымды қызметте көретін шығармыз.
Мақсаттың балаларының өмірге, білімге талпынысы зор, шет елде оқып жатыр. Олар отанымызға білімді, қабілетті азаматтар болып қайтуына сенемін.
Мерей той
Уақыт өтіп жатты. Кейінгі кезде Бөдестің жүрегі сыр беріп жүрді. Сол себепті Бөдестің 70 жасқа толғаны, жұбайы Меңжамалмен отасқанына 50 жыл толған екі мерейтойды қосып тойлауға Семей қаласына шақырды. Өз басым Бөдестің 70 жасқа толғанын қуанышпен құптадым.
Тойға, Алматыдан, Аягөзден, Талдықорғаннан, Таңсықтан, Астанадан туыстар, жолдастары, жекжаттары жиналды. Көп тілектер, құттықтаулар болды.
Баймуханов Какен бұл кезде пенсияға шығып, Семейге орналасып еді. Какенмен бірге өстік, өте бауырмал, адамгершілігі мол, мейірімді еді. Какен, Жақан, Бөдес, Сыдықтар бір-біріне аса құрметпен, сыйластықпен өзара мейілінше шұрқырасып жатушы еді. Ондай қызық уақыттар өткен күннің еншісінде кетті. Қызықты бауырларым келмеске кетті. Адамның өмірі қамшының сабындай қысқа деген осы екен.
Бөдес пен Меңжамалдың мерейтойында Какен Баймуханов, Сыдық, Қуат Керімтайұлы, Бөдестің досы Төлеубай, Төлеуғали т. б. жақсы азаматтар тойдың құрметті қонағы болды. Балқаштан мен жұбайым Қасымжанмен бардым.
Бәрімізге той ұнады. Осындай қайнаған өмірде Бөдес әке-шешелері салып кеткен дәстүрді ұстауға берік болды. Менің айтайын дегенім, тағы да үлкен шешесі туралы.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.