АҚЫН МЕН ӘКІМ
Драма
Кейіпкерлер:
Қалкен — журналист, ақын.
Басар Базарұлы — аудан әкімі.
Жұмағали — әкімнің орынбасары.
Мерген — мәдениент бөлімінің меңгерушісі.
Мақпал — аудан әкімшілігі газетінің редакторы.
Жазира — жеке-меншік газетінің иесі.
Сергей Андреевич — оқу бөлімінің меңгерушісі.
Шолпан — әкімнің хатшысы.
Самал — Қалкеннің жұбайы.
Алма — Қалкеннің қызы.
Қайрат — Қалкеннің ұлы.
Васильев — кәсіпкер.
Имам.
Ақынжан — ақын бала.
Аудармашы, продюсер, полиция тобының басшысы, презентацияға қатысушылар.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Әкімнің кабинеті. Бастықтың үстеліне жалғасқан ұзын үстел. Әкім өзінің орнында. Ұзын үстелдің екі жағында Жұмағали, Мерген, Қалкен, Мақпал, Жазира, Сергей Андреевич және аудан әкімшілігінің бір-екі қызметкері отыр.
Әкім. Әкім болып тағайындалысымен менің көзіме мемлекет тілінің нашар жағдайы түсті. Ауыл қазақ мектептерінің саны тоқсан пайызға жуықтап қалыпты; бұл көрсеткіш жаман емес. Алайда, аудан орталығында жағдай нашар — қазақ тілінде сабақ беретін мектептер саны небары алпыс пайызды құрайды.
Жолдастар! Біз қазақ мектептерінің санын арттырмай мемлекет тілін тиісті деңгейге көтере алмаймыз. Сондықтан, жедел түрде аудан мектептерінің барлығын мемлекет тіліне көшіруіміз керек. Бұл жөнінде аудан әкімшілігінің қаулысының жобасын дайындап, келесі маслихаттың сессиясына ұсыну керек. Кәне, не дейсіңдер? (отырғандар үндемейді, сондықтан оларды көзімен шолып өтіп) Сергей Андрейұлы, бұл мәселе жөнінде айтарың бар ма?
Сергей Андреевич елең етіп басын көтеріп әкімге қарайды. Бірдеңе деу керегін түсініп сөзін бастайды.
Сергей Андреевич. (орыс тілінде айтылған сөздердің қазақша аудармасы динамиктен беріледі) Басар Базарович, в текущем году наш отдел образования проделал определенную работу по повышению роли государственного языка…
Әкім. Тоқтай тұр! Сергей Андрейұлы, егер бастықтың өзі қазақша сөйлемесе, қалай ол қарамағындағы мектептерде мемлекет тілінің жағдайын жақсартпақ?!
Сергей Андреевич түсінбегенін білдіріп Жұмағалиға қарайды.
Жұмағали. Сергей Андреевич, Басар Базарович спрашивает: как вы сможете повысить роль государственного языка в школах, если сами на нем не говорите?
Сергей Андреевич. Но, мы изучаем казахский язык.
Әкім. (түсінбегенсіп) Не дейді?
Жұмағали. Қазақ тілін оқып жатырмыз, дейді.
Әкім. Бәрекелді! (Сергей Андреевичке) Онда айтар сөзіңді қазақша айт.
Сергей Андреевич. Һм! Биз… биз… мем… мим… мемликет тилин… тилин… это… тилин… (алдында жатқан папкасын алып шығып кетеді).
Әкім. (көзімен оны шығарып салып) Міне — білім беру бөлімі меңгерушісінің түрі мынау. Жұмағали, бұның орнына қазақты қою керек. Оқу бөлімінде қазақ қызметкер бар ма?
Жұмағали. Бар. Меңгерушінің орынбасары қазақ. Сәкен деген жас жігіт.
Әкім. Жастығы айып емес. Тек еті тірі болсын.
Қалкен. Сергей Андреевич білім беру саласында қырық жылдан астам еңбек етіп келеді. Зейнеткерлікке шығуына үш жыл қалғанда, аяқ астында қазақша сөйлеп кетпедің деп жұмыстан шығарып тастауға бола ма!
Әкім. Әй! Бұл қайдан шыққан аққұлақтардың адвокаты?!
Қалкен. (атып тұрып) Сіз сөзіңізді бағып сөйлеңіз! Әкім екенмін деп ауызға келгенді шатуға бола ма?! Ал сіздің бүкіл орыс мектептерін қазақшаға аударамызға жол болсын! Ия, мемлекет тілінің жағдайы тиісті дәрежеде емес. Бірақ сіз ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістісіз. Қаламыздың тұрғындарының қырық пайызы орыс тілде сөйлейтін ұлттар өкілі. Сондықтан мектептердің қырық пайызы орыс тілінде білім береді. Бұл мәселеге абайлықпен кіріспесе…
Әкім. Тоқтат! (орнынан тұрып ерсілі-қарсылы жүріп кетіп, қалтасынан темекі алып тұтатады. Сосын орнына келіп, темекі қыстырған екі саусағын Қалкенге кезеп) Сен сияқты орысқұлдардың кесірінен қазақ орысқа тәуелді болды. Өз тілінен айырыла жаздады.
Қалкен. (жанында отырған Мерген оның жеңін тартып бірдеңе деп сыбырлайды. Қалкен қолын жұлып алып) Қазақтың орыстарға тәуелді болғаны жөнінде тарихта нақты деректер бар. Егер білмесеңіз, мен айтайын, ең әуелі Тәуке хан, содан кейін Әбілхайыр…
Әкім. Хандарда нең бар ей! Өткенді қопармай қазіргі жағдайды ойла. Қазақстан тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асты, ал біз әлі орыстардың ықпалынан шыға алмай жүрміз. Неліктен?! Қорқамыз. Неден?! (Қалкеннің сөзін мазақтап қайталап) Ішкі ұлтаралық жағдайды да ескеруге тиістіміз, бұл мәселеге үлкен абайлықпен кірісу керек. Қашанға абайлай бермекпіз! Ә?! Кезінде орыс империясы бізді жаппай орысшаландырумен құртпақшы болды. Ендігі кезек біздікі. Енді біз жаппай қазақшаландыруға кірісеміз. Кімге ұнамаса — кетсін Ресейіне, жол ашық.
Қалкен. Сонда не?! Біздің демократиялы мемлекетіміз империалистік саясат жүргізбекші ме?! Орыс империалистері мен шовинистерінің жолына түспекпіз бе?! Онда олардан біздің қандай айырмашылығымыз болмақшы? Сіз мынаны айтыңыз — бұл жоғарыдан түскен нұсқау ма, әлде өзіңіздің ойыңыздан шығарып алған бірдеңе ме?
Әкім. (Жұмағалиға) Жұмағали-ау, айтшы, мынауың кім өзі?! Қызметі не — әкімге әкіреңдейтін?!
Жұмағали Мақпалға қарайды.
Мақпал. (орынан тұрып) Қалкен біздің газетіміздің тілшісі. Бірақ оның мына жеке пікірімен біздің ұжым келіспейді.
Қалкен. Мақпал, сіз қалай бүкіл ұжымның атынан сөйлейсіз! Сіз өзіңіздің пікіріңізді айтыңыз.
Мерген. Қалкен-әй, қойсаңшы енді! Қалай сен үп-үлкен адаммен тайталасасың! Мына Мақпал да, жақсы болсын, жаман болсын, бастығың емес пе! Және де бастық бола тұра ұжым атынан сөйлемей қайтпекші?!
Әкім. (өзінің орнына отырған) Мерген! Тоқтай тұр! (Мақпалға) Мақпал, мына немені жұмыстан босатасың. Дәл қазір, осыннан шығысымен. Басқарып отырған газетің — әкімшіліктің газеті, сондықтан мұны бұйрық деп ұқ.
Мақпал. Жақсы, Басар Базарови… Базарұлы. Тек қана…
Әкім. Не?! Орнына тілші таба алмаймын дейсің бе? Табамыз! Мұндай орысқұлмен қызметтес болғанша, мүлдем газет шығарамай-ақ қояйық.
Қалкен. (блокноты мен қаламын қалтасына салып, кетуге ыңғайланып) Жарайды… екі қолға бір жұмыс табылар. Осымен менің аузымды жабамын деп ойламаңыз. Әкімшілік газетінен басқа да басылымдар бар. (кетеді)
Әкім. Кет, жоғал көзімнен! Ол басылымдарды да көреміз. Әкімге көнбейтіні қайдан кепті.
Жазира. (орнынан тұрып) Осы сөзіңізді дұрыс деп айтып тұрсыз ғой, иә? Менің қоластымдағы басылым — менің жеке меншік газетім. Мен қазір Қалкенді жұмысқа қабылдап аламын. Сосын көреміз сіздің билігіңізді. Қандай әкім болсаңыз да заңға қарсы шыға алмассыз. (ол да кетеді)
Әкім. Өй, өңкей жаман неме! Көрсек көрерміз! (алдында жатқан қағаздарды ерсілі-қарсылы бір қозғап қойып, Жұмағалиға) Сонымен, білім беру бөлімінің бастығын орнынан түсіріп, орнына әлгі Сәкенді тағайындау жөнінде бұйрық дайында. (Мақпалға) Ал жаңағы неме бүгіннен қалмай жұмыстан босатылсын. Түсінікті ме?
Мақпал. Иә, түсінікті.
Әкім. Сосын орнына біреуді табармын — журфак бітіріп жатқан жастар жеткілікті. (отырғандарды бір шолып өтіп) Ал, тағы сұрақтар бар ма?
Мерген. Басеке, менде бір сұрақ бар.
Әкім. Айта бер.
Мерген. Жаңа маған Барқыт Жүсіпованың продюсері келді.
Әкім. Не дейді! Кәдімгі әнші Барқыт Жүсіпованың ба?
Мерген. Иә, Барқыт Жүсіпованың продюсері.
Әкім. (мырс етіп күліп) Ол мұнда нәғып адасып жүр?
Мерген. (ыржиып) Бұл қызық нәрсе, Басеке. О заманда қай заман бізге Алматының әртістері келмегені. Алматы түгілі, облыстық филармонияның өзі жоламайды, ал енді Барқыт Жүсіпованың өзі гастрольмен келмекші.
Әкім. Жақсы. Келсін. Ал сонда оның продюсері не қыл дейді?
Мерген. Мәдениет сарайының концерттік залын сұрайды.
Әкім. Е, сұраса бер. Осы-ақ па сұрағың?
Мерген. Иә, алайда ол залды тегін бер дейді.
Әкім. Тегін?! Әй, ендігі тегін дегенді ұмытыңдар. О несі ей?!
Мерген. Соның есесіне концертті тегін қоямыз дейді.
Әкім. Міне қызық! Сонда не? Барқыт Жүсіпова сонау Алматыдан бізге тегін концерт қою үшін келгені ме?
Мерген. Жалғыз бізге емес, бүкіл республикамызды аралап келеміз дейді. Берейін бе залды?
Әкім. Һм… мұнда бір гәп болып жүрмесін.
Мерген. Қандай гәп?
Әкім. Қайдан білейін! Неліктен Барқыттай әйгілі әнші, эстрада жұлдызы, қаншама шығындалып, әр ауылға тегін концерт қойып жүреді? Ә?
Мерген. Білмеймін. Алайда ол онша шығындалған да жоқ шығар. Міне, концерттік залды тегін сұрап отыр.
Әкім. (біраз уақыт ойланып қалады) Жә! (екі алақанымен үстелді соғып қалып) Берейік мәдениет үйін Барқытқа. Ол бізге күнде келіп жатқан жоқ. Тек байқа — әлгі продюсерің алдап кетпесін. Концертті тегін қоямын деп, сосын билетті шытырлатып сатып жатпасын. Келісім-шартқа отыр, соған концерт тегін қойылады деген шарт енгіз. Түсіндің бе?
Мерген. Түсіндім.
Әкім. Ал онда басқа сұрақтар болмаса бүгінше осы — Жұмағалидан басқаларың боссыңдар.
Жұмағали орнында қалады да өзгелері кетеді.
Әкім. Әлгі тілші… ол кім өзі? Жергілікті тұрғын ба, әлде келімсек пе?
Жұмағали. Негізі біздің ауданның тұрғыны.
Әкім. Ал жаңағы маған қыр көрсеткен қатын кім?
Жұмағали. Жазира ма? Ол кезінде КазГудың журфакын бітірісімен жолдамамен келген. Біздің бір тентекке тұрмысқа шығып еді, ол тентегіміз бір бомжды өлтірем деп сотталып кетті. Оны ұстап берген өзінің әйелі, деседі жұрт. Яғни жаңағы Жазира. Бірақ сол сөздің, не шын, не өтірік екенін мен білмеймін — сотында болған жоқпын.
Әкім. Өзі жеке меншік газетім бар дей ме?
Жұмағали. Иә. Бұл қатын бай, газеттен басқа да меншік сән салоны бар. Әкесі Алматыда дөкөй бастық болған деседі. Ал қазір бір банк ұстап отырған көрінеді.
Әкім. М-м… жарайды… біз де осал емеспіз, арқамыздан демеп тұрған дөкөй банкир болмаса да баршылық… тәубә… шүкір. (пауза) Әлгі жігіт… тілші… Қалкен бе еді?
Жұмағали. Иә, Қалкен.
Әкім. Соның қатыны бар ма?
Жұмағали. Бар. Мұғалім болып істейді. Және де бес пе, алты ма — әйтеуір бірсыпыра баласы бар.
Әкім. Ал жаңағы сұлу, Жазира… сонымен қандай қатынаста? Әлде жақындығы бар ма?
Жұмағали. Ешқандай жақындығы жоқ. Екеуі… қалай деп айтсам екен…
Әкім. Турасын айтсей! (оң қолының алақанымен сол қолының жұдырығын уқалап) Мынадай жақындықта ма?
Жұмағали. Түсінбедім…
Әкім. Өй! Ойнастары бар ма, деймін!
Жұмағали. (күліп жібереді) Қайдан білейін, төсекте жатқан жерінде майшам ұстап тұрғам жоқ. Тек біреулердің, екеуі бір-бірімен тәуір дегенін естігем.
Әкім. (екі қолының саусақтарын айқастырып орынбасарына жақындай түсіп) Иә, иә, айта бер…
Жұмағали. Бітті, бар білетінім осы-ақ.
Әкім. Шамалы екен. (шалқалай түсіп) Мен білсем, ал мен мұндайлардың талайын көргем, мен білсем, сол екеуі сау сиырдың боғы емес. Қай жерде байы жоқ қатын болса, әсіресе сол қатын сұлу болса, және де қалтасы толық болса — сол жерде ойнассыз болмайды. (Жұмағалиға жақындай түсіп) Енді жақсылап тыңдап ал — маған сол қатынды бірдеңе қылып қолға түсіру керек.
Жұмағали. Қалай… сіз Жазираны ұнатып қалдыңыз ба?
Әкім. (қарқылдап күледі) Өй! Сен өзі қызық жігіт екенсің! Жо-жоқ, ештеңе айта алмаймын — қатын өте көрікті, дидары көз тойдырады. Бірақ маған оның өзі керек емес… һм… жоқ, мүмкін керек те боп қалар. Тек дәл қазір маған оның ойнасының үстінен түсіп, қылмысын әшкерелеу керек. Маған ол қатынды жанды жерінен шап беріп ұстап алу керек. Сосын менің жетегіме көнбегенін көрейін. Өзің естідің ғой, не деп кеткенін! Өзің ойлашы — егер мен бір жаман қатынды бағындыра алмасам, қалай мен бүкіл ауданды бағындырмақпын! Сондықтан саған тапсырма беремін — сол екеуінің былығын анықтап, ойнастарының үстінен түсіп ұстап аласың.
Жұмағали. Сонда не — маған оларды аңду керек пе?
Әкім. Тү-ү! Ештеңе түсінбейсің бе? Сенің міндетің — соларды аңдып компромат жинайтын адамды тауып алу. Әлгі жеке детектив дегендер бар емес пе? Түсіндің бе енді?
Жұмағали. Түсіндім. Бірақ сол детективты қайдан алмақпын?! Біздің ауданда ондайлар жоқ. РОВД-ның оперлеріне тапсырма бермесек.
Әкім. Өй, қой оныңды! Астанаға бар да жалдап әкел. Қашан бара аласың о жаққа?
Жұмағали. Білмеймін.
Әкім. Саспа — сен онда әкімнің арнайы тапсырмасымен, әкімшіліктің жұмысымен барасың. Командировочный да төленеді. Детектив жалдауға ақшаны мен өзім беремін.
Жұмағали. Онда мен бүгін де аттануға дайынмын.
Әкім. Жақсы. Есіңде болсын — бұл іс жөнінде ешкімге тіс жарушы болма! Үйіңдегі замандасқа да айтушы болма, білдің бе! Сенің келіншегіңді айтам. Түсіндің бе?
Жұмағали. Түсіндім.
Әкім. (қағаздарын ерсілі-қарсылы қозғап қойып селекторды басып хатшысымен сөйлеседі) Шолпан! Тағы біреу бар ма? (селекторды пайдалануға мүмкіндік болмаса, хатшысын қоңыраудың түймешесін басып шақырады)
Шолпан. (селектор арқылы сөйлесуге мүмкіндік болмаса өзі келеді) Қабылдау бөлмеде екі адам отыр.
Әкім. Ол екеуің кім?
Шолпан. Біреуі имам. Екіншісі Васильев.
Әкім. (Жұмағалиға) Онысы тағы кім еді?
Жұмағали. Осы қаланың ірі кәсіпкерлерінің бірі.
Әкім. (хатшыға) Жақсы, имам кірсін.
Имам келеді.
Имам. Ассаламу ғалайкүм!
Әкім. Уағалайкүм ассалам! Жоғарлатыңыз. (имам отырады)
Жұмағали. Сіз не — тағы да сол баяғы мешіттің мәселесімен келдіңіз бе?
Имам. Иә. Мешіттің мәселесі шешілмей маған жарық күн жоқ.
Әкім. Молдеке, сіздің мәселеңіздің шет жағасымен таныстым. Менің алдымдағы әкімдер де сол мәселені шеше алмай кетіпті. Бірақ дін саласындағы жұмыстарды әкімге міндет қылып қойған дұрыс емес. Ата заң бойынша мемлекет пен дін жекеленген. Мешіттерге мен бюджеттен бір тиын да жұмсай алмаймын.
Имам. Оны білеміз ғой. Мен сізге мұсылман баласы шығар деп келіп отырмын.
Әкім. Әрине, мұсылманмын! Ал, мен сияқты өздерін мұсылманмын дейтін қазақ аз ба. Осы қаланың алпыс пайызы қазақ, яғни мұсылман. (Жұмағалиға) Қала тұрғындарының жалпы саны неше мың?
Жұмағали. Алпыс мыңға жуық.
Әкім. Алпыс мыңның алпыс пайызы қанша болады?
Жұмағали. М-м… (сәл ойланып) Отыз алты мың.
Әкім. Мінеки — қалада отыз алты мың мұсылман тұрады, ал бір жалғыз мешітті жылдар бойы іске қоса алмайды. Бұл қалай?
Имам. Сол отыз алты мыңның мешітке баратынының саны жүзге де жетпейді.
Әкім. Ол сіздің жұмысыңыздың олқылығы. Яғни, халықтың арасында үгіт-насихат жүргізбейсіз. Уағыз айтпайсыз, дінге тартпайсыз. Алайда, сізді көп кіналай беруге де болмайды. Бұл елдің қазағы орыс болып кете жаздапты. Мектептердің басым саны орысша болғасын өзгесін айтпай-ақ қояйық!
Имам. Бізге мектептерде дін уағыздауға рұқсат жоқ. Ал медресеге орын жоқ. Міне жаңа мешітті іске қоссақ, сонда мұсылмандарға дәріс беретін арнайы сынып болушы еді.
Әкім. Жақсы, сонымен мәселе мешітке тіреліп тұр ғой?
Имам. Иә, солай.
Әкім. М-м… Өзі зекет деген болмаушы меді?
Имам. Болады ғой. Бірақ сол зекетті ешкім төлегісі келмейді.
Әкім. Әрине, оны ешкім өз еркімен төлемейді. Еріксіз төлеттіру керек. Меніңше сіз сол жұмыспен де айналыспайсыз.
Имам. Ойбай-ау, мен кімді еріксіз зекет төлеткізе аламын?! Кім мені тыңдайды?
Әкім. Жақсы имамды кез-келген мұсылман тыңдайды.
Имам. Жақсы имам болуға тырысып-ақ бағып едім, болмады. Осы қаланың бүкіл қалталы қазақтарының алдына бәлен рет бардым. Біреуі де мойнын бұрмады. Не істей аламын мен оларға?!
Жұмағали. Молдеке, кәсіпкерлерді де кінәлауға болмайды. Кезінде солардың барлығы ақшаны төкті ғой сол мешіттің құрылысына. Ал сол қаражат қайда кетті?!
Әкім. Әй, сіздердің өздеріңізде екен ғой бәленің бәрі!
Имам. Өз басым сол ақшадан бір де теңге алған жоқпын. Алсам — Алла оңдыртпасын. Және сол кезде мен имам емес — қатардағы мұсылман едім.
Жұмағали. Осы қаланың қай мұсылманынан сұрамасаң, сол ақшадан бір тиын да алмадым, дейді.
Әкім. Жә! Қояйық бос әңгімені. Мешітке қаржы қандай көлемде керек?
Имам. Нақты қанша керек екенін білмеймін. Жұмысы көп. Күмбезін қаңылтырмен қаптау керек, ішкі жұмыстарын бітіру керек, жылу жүйесін тарту керек, сыртына қоршау орнатып есік алдына бірдеңе төсеу керек.
Әкім. Ойбой, молдеке, керекті көбейтіп жібердіңіз ғой!
Жұмағали. Меніңше мешітке жұмсайтын қаржының көлемін анықтау үшін комиссия құру керек. Комиссияға прораб пен экономист кіргізу керек. Сосын сол мамандар смета жазып нақты қаржының сомасын айтады.
Әкім. Онда, Жұмағали, сол жұмысты өз мойныңа ал.
Жұмағали. Кешіріңіз бастық, менің уақытым жоқ. Өзіңіз білесіз — маған командировкаға кету керек. (әкім түсіндім дегендей басын изейді) Бұл жұмысты горкомстройдың бастығына жүктеңіз. Оның қоластында мамандар да бар. Солар зерттеп смета жазып береді.
Әкім. Жақсы. Онда оған менің атымнан тапсырма бер. (имамға) Молдеке, қаржының көзін мен табамын. Осы қаланың бүкіл саудагері мен кәсіпкеріне зекет төлетемін. Бірақ сізге қоятын бір шартым бар.
Имам. Ол не шарт? Айтыңыз. Қолымнан келсе орындайын.
Әкім. Сол саударгерлер мен кәсіпкерледің қайсы-біреуі зекет төлеуден бас тартса, не сіз өзіңіз, не ешбір молда сол антұрғанға бармасын. Мәселен, әкесін, шешесін, немесе басқа туысын жерлеуге шақырса, әлде біреуіне ас бергісі келсе де. Тіпті өзі өліп қалса да жаназасын атқармайсыз. Келістік пе соған?
Имам. (орнынан тұра бере) Қалай мен қайтыс болған мұсылманның жаназасын атқармайын?! Ол менің бірінші міндетім емес пе!
Әкім. Зекет беруден бас тартқан адам мұсылман ба? Мұсылман болмаса оған жаназа не керек? Экскаватор жалдап көр қазсын да көме салсын!
Имам сылқ етіп отыра кетеді де үндемей қалады.
Әкім. Неге ойланып қалдыңыз? Мен бір айдың ішінде мешітке тиісті қаражат тауып беремін. Алайда сіздің қарап отырғаныңыз дұрыс болмас. Жалғыз қалталы мұсылман емес, бүкіл мұсылмандардың алдына бұл сұрақты қырымен қойу керек. (алақанын қырымен қойып әр сөйлем сайын үстелді соғып отырып) Мұсылман атанғың келе ме? Өзің өлсең, немесе үйіңде біреу өлсе жаназа атқарылсын дейсің бе? Қайтқан әке-шешеңнің, ағайын-туысыңның асын беруге молданы шақырасың ба? Құран бағыштатасың ба? Балаңды сүндетке отырғызасың ба? Сол балаң ер жетіп үйленсе некесін қиясың ба? Одан туған немереңе азан шақырып ат қойғың келе ме? — Келеді! — Онда зекет төле! Міне, осылай сөйлесу керек. Ал сіз қолыңызды созып, ақырғы бейшарадай қайыр сұрап жүргеніңіз. Кім қайыршыны адам құрлы санап сөйлеседі?
Имам. Мен мұсылмандар алқасымен және ауыл молдаларымен ақылдасып көрейін.
Әкім. Ақылдасыңыз, ақылдасыңыз! Егер сіздер, молдалар, бір ауыздан мені қолдасаңыздар, мен сол зекетті жинау жұмысын қолға алайын. Келісім осылай болсын.
Имам. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Иә-иә, мен ақылдасайын.
Әкім. Жарайды, содан кейін тағы кездесерміз. Ал біз оған дейін мешітті зерттеп смета дайындап қоямыз.
Имам. Сау болыңыздар.
Әкім. Сау болыңыз.
Имам кетісімен орынбасарына қарап жымияды.
Әкім. Қалай? Менің жаңағы сөзім дұрыс па?
Жұмағали. Жүз пайызға дұрыс! Мұсылман болғың келе ме — төле!
Әкім. Дәл солай! (селекторды басып) Шолпан, жібер енді әлгі орысыңды.
Кабинетке Васильев кіреді.
Васильев. (орысша айтылған сөздердің аудармасы динамиктен беріледі) Здравствуйте.
Әкім. (қағаздардан бас көтерместен) Сәлем. Отыр.
Васильев. (отырысымен) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие. Я хочу…
Әкім. (басын шайқап) Түсінбеймін. Қазақша сөйле — мен орысша түсінбеймін.
Васильев. (Жұмағалиға) Что он сказал?
Жұмағали. Говорите по-казахски — он по-русски не понимает.
Васильев. Но, я не умею по-казахски.
Жұмағали. (әкімге) Қазақша сөйлей алмаймын дейді.
Әкім. Ол оның мәселесі. Сөйлей алмаса аудармашы әкелсін.
Жұмағали. (Васильевке) Тогда приведите переводчика.
Васильев. Переводчика? Где я его возьму? (пауза) А вы не могли бы нам переводить?
Жұмағали. Не знаю. (әкімге) Маған аудармашы бол дейді.
Әкім. Әй мынауың мықты ғой! Білдей бір аудан әкімінің орынбасарын тілмәш қылмақшы! Жоқ, болмайды!
Жұмағали. Я не могу переводить. Аким не разрешает. Сходите в отдел государственного языка — там вам кого-нибудь дадут.
Васильев кетеді. Әкім тағы да көмекшісіне қарап жымияды.
Әкім. Мен бұл аққұлақтарды әлі иттей қыламын. Не қазақша сөйлетемін, не қаладан кетіремін.
Васильев аудармашы ертіп келеді.
Васильев. Вот, привел переводчика. (аудармашы екеуі отырады) Я бизнесмен. У меня строительно-монтажное предприятие.
Аудармашы. Мен кәсіпкермін. Менде құрылыс мекемесі бар.
Васильев. И я хочу купить у вас пустующее пятиэтажное здание в аварийном состоянии. Оно находится на улице Ауэзова.
Аудармашы. Мен…
Әкім. Тоқта! Мен бұл кісімен оңаша сөйлесемін. (Жұмағали мен аудармашыға) Сен екеуің боссыңдар.
Жұмағали мен аудармашы бір-біріне таңырқай қарайды да шығып кетеді.
Әкім. Итак, вы хотите купить ту пятиэтажку?
Васильев. (күліп жібереді) Ну-у, вы и шутник! А ведь я подумал, что вы и впрямь не понимаете по-русски.
Әкім. Давайте ближе к делу! У меня мало времени. Итак, вы хотите купить ту пятиэтажку?
Васильев. То здание пустует вот уже десять лет. Скоро оно совершенно разрушится. А я, если вы его мне продадите, восстановлю в два счета. Будет польза для жителей, да и внешний облик города только выиграет.
Әкім. В первую очередь выиграете вы, лично вы! И пользу из этого здания, опять-таки, извлечете вы. Не правда ли?
Васильев. Ну да, конечно, кто же это отрицает.
Әкім. Тогда оставим патетику в покое и приступим к делу. За сколько вы хотите купить то здание?
Васильев. Ну я, то есть мои спецы, подсчитали его остаточную стоимость…
Әкім. Меня не интересуют выкладки ваших спецов. Меня интересует, сколько вы можете выложить за ту пятиэтажку.
Васильев. Ну, скажем так, милионов пять я бы дал.
Әкім. Пять миллионов?! Да вы что — издеваетесь?!
Васильев. Хорошо — назовите свою цену. Поторгуемся.
Әкім. (алдында жатқан қағаздарын көтеріп) Вчера здесь был начальник горкомстроя. Согласно его расчетам, сдача в аренду здания будет приносить двенадцать миллионов дохода в год. Двенадцать миллионов в год! А вы пять миллионов.
Васильев. Я сомневаюсь. Но, вы должны учесть и те средства, которые мне придется затратить на восстановление здания.
Әкім. Это само собой! По подсчетам спецов горкомстроя восстановительные работы обойдутся в десять миллионов. Грубо говоря, вы вернете затраченные деньги за десять месяцев. Десять месяцев! Это же фантастика! А вы — пять миллионов!
Васильев. Хорошо, я согласен с вами. Теперь скажите, за сколько вы продадите здание?
Әкім. Шестьдесят миллионов.
Васильев. Шестьдесят?! Вы с ума сошли! Да я не имею сейчас свободных средств в таком объеме.
Әкім. Так я не требую их все сейчас. Можно разделить эту сумму на несколько траншей. Вы можете выплатить их в течение восьми лет?
Васильев. (біраз уақыт ойланып) Пожалуй, что да. Да, такие условия приемлемые. Значит, вы готовы заключить со мной договор?
Әкім. Да. Только у меня есть одно условие. Это очень конфиденциальный разговор. Дело в том, что мы в договоре купли-продажи укажем остаточную стоимость в пять миллионов. И на специальный счет вы перегоните именно эту сумму. А остальные пятьдесят вы заплатите наличными. Мне. А пять миллионов я вам, так и быть, прощаю. Идет?
Васильев. (әкімге тесірейіп қарап алып) Идет.
Әкім. (орнынан тұрып қолын созады) Значит, договорились?
Васильев. (ол да тұрып әкімнің қолын қысып) Договорились! Когда и где мы подпишем договор?
Әкім. Здесь. Завтра.
Васильев. Отлично! Мне нравится ваша деловитость и оперативность, Басар Базарович.
Әкім. Тогда я приготовлю договор. До завтра.
Васильев. До завтра.
Васильев кетеді. Әкім үстелдің арғы жағына шығып, темекі тұтатып ерсілі-қарсылы жүреді де өзінің орына жақындап келеді.
Әкім. Елу миллион… иә, бұл жақсы келісім… өте жақсы келісім… (осы уақытта селектордан басқа телефон шыр етеді де әкім дереу тұтқаны алады) Әлө? (арғы жақтан сөйлеген адамның сөзін тыңдап тұрып темекісін күлсалғышқа езіп сөндіреді де, иә, иә, түсіндім, құп болады, деп жауап қатып тұрады. Әңгіме бітісімен, тұтқаны аппаратқа қойып, өңі бұзылып кетіп селекторды басады) Шолпан!
Шолпан. Иә, Басеке, тыңдап тұрмын.
Әкім. Дереу Мергенді тауып ал. Маған тез жетсін де!
Шолпан. Жақсы, Басеке.
Әкім. (тағы бір темекіні тұтатып кабинетте ерсілі-қарсылы жүріп кетеді) Бәсе! Айттым ғой — мұнда бір гәп бар деп. Нәғып эстрада жұлдызы тегін концерт қоюшы еді?!
Мерген. (келіп ұзын үстелдің шетіне тоқтайды) Басеке, шақырдыңыз ба?
Әкім. Әлгі продюсерің қайда?
Мерген. Продюсер?
Әкім. Иә, иә, продюсер!
Мерген. Кетіп қалды.
Әкім. Қайда? Сен онымен шартқа отырдың ба?
Мерген. Иә… отырдым… сіз рұқсат бердіңіз ғой.
Әкім. Міне көрдің бе! Осыдан кейін сеніп көр адам баласына! Ол қу бәрімізді алдап кетті. Сездім ғой мен бұл істе бір гәп барын! Айттым ғой!
Мерген. Не боп қалды, Басеке?
Әкім. Әлгі Барқытың жәй концертпен жүрмеген болып шықты. Жаңа ғана жоғарыдан бір көкей телефон шалды. Жолатпа Барқытты, дейді.
Мерген. Жолатпа?! Түк түсінсем бұйырмасын!
Әкім. Мәселе мынада — әлгі Барқыт жәй жүрмей саясатқа араласайын депті. Мына гостролінің мақсаты, байының депутаттыққа сайлануы үшін үгіт-насихат жүргізу.
Мерген. Үгіт-насихат? Байына?
Әкім. Иә! Өзің не — керең боп кеткенбісің?! Оның байы оппозициялық партия атынан мәжіліске депутат болып сайланбақ екен, ал Барқыт соны жарнамалау үшін гастрөлге шығыпты. Міне тегін концерттің құпиясы қайда!
Мерген. М-м… енді не істейміз?
Әкім. Әлгі продюсерді тауып алу керек. Қайда кеткенін айтқан жоқ па?
Мерген. Мәдениет сарайына барамын, концертке дайындық жүргіземін деді.
Әкім. (телефонның тұтқасын алып) Мәдениет сарайының нөмірі қандай еді?
Мерген. 28-10-57. (әкім телефон шалады) Қап! Келісім-шартқа қол қойып қойғанымды қарашы!
Әкім. Тсс! (телефонға) Мәдениет сарайы? Мен әкіммін. Барқыт Жүсіпованың продюсері бар ма? Ә, бер онда тұтқаны. Уағалайкүм ассалам. Тыныштық. Шүкір. Ә, жәй ғой. Бір сұрақ бар, маған келіп кетсеңіз. Иә, дәл қазір. Мен өзімдемін. Жәй, жаңағы мәдениет бөлімінде отырған келісім-шартқа тағы бір түзету енгізу қажет. Бұл телефон арқылы сөйлесетін әңгіме емес, маған келіңіз, осы жерде саспай әңгімелесеміз. (тұтқаны қоя салып) Мен саған көрсетем келісім-шарт өзгертілмейдіні! Қарашы өзін, өзінен басқаны ақымақ деп санайды! (Мергенге бұрылып) Сен де ендігәрі көрінгенге елпілдей бермей сақ бол. Әйтпесе қазіргі заманда су түбіне кетесің, басыңнан айрыласың.
Мерген. Қайдан білейін. Барқыт Жүсіпова келеді дегесін.
Әкім. (орнына отыра бере) Міне-міне! Барқыттың атын естісімен ақылымыздан айрыла жаздадық. Бұл оқиға бізге сабақ болсын.
Шолпан. (селектордан) Басеке, бір кісі келіп тұр, продюсермін дейді.
Әкім. Кірсін, жібер!
Продюсер. Ассаламу ғалайкүм!
Әкім. Уағалайкүм ассалам. Жоғарлатыңыз. (продюсер жанына келіп орындыққа жайғасқаннан кейін) Әлгі келісім-шартыңызды бере тұрыңызшы, оқып шығайын. Мына кісі бір қателік жіберіпті. Бір түзету енгізу қажет.
Продюсер. (папкасынан шартты алып әкімге беріп жатып) Ол қандай түзету?
Әкім. (шартты оқымастан жыртып тастайды да қоқыс шелегіне тастап жібердеі) Мынадай түзету!
Продюсер. (орынан атып тұрып) Бұл не?!
Әкім. Бұл — концерттік зал берілмейді деген сөз! Бұл — осы ауданда концерт қоймайсың деген сөз!
Продюсер. Сіз ештеңе білмейді екенсіз. Концертті кім қоятынын білесіз бе? Барқыт Жүсіпова!
Әкім. Енді қайтейін? Барқыт Жүсіповаң құдай ма еді?
Продюсер. Сіз не?! Барқыт Жүсіпованы білмейсіз бе? Ол…
Әкім. Түсіндірем деп әлек болма. Ол толған қатындардың бірі. Ал қатын болдың ба — бір жеріңді қысып жөніңмен жүр. Менің сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Менің тірісімде бұл ауданда концерт қоя алмайсыңдар.
Продюсер. (не істерін білмей тұрып-тұрып, папкасын жауып, кетуге ыңғайланады) Жарайды. Көреміз — қоя аламыз ба, әлде қоя алмаймыз ба. Ал сіздің республика деңгейінде әйгілі әншіге концерт қоюға орын бермегеніңіз бүкіл халыққа аян болады. Сол кезде бармағыңызды шайнап қалмаңыз.
Әкім. Шайнамаймын! Мен үшін қам жеме. (продюсер кетеді; әкім селекторды басып Шолпанға) Жұмағалиді маған тауып бер. Дереу жетсін де.
Шолпан. Жақсы, бастық.
Әкім. (Мергенге) Сен нәғып тұрсың?
Мерген. Не істейін?
Әкім. Мәдениет сарайына бар. Барқыттың тобын продюсерімен қуып шық. Сосын бүкіл клуб меңгерушілерді ескерт — жаңағы суайтқа клубтарын беріп қоймасын. Бастарын жұлып аламын!
Мерген. Құп болады! (кетеді)
Мерген кетеді — Жұмағали кіреді.
Әкім. Ә, келдің бе! Мені мұқият тыңдап ал. Сен қазір бүкіл мекемелерге телефон шаласың да менің мына бұйрығымды жеткізесің. Егер де сол мекемелердің бір қызметшісі Барқыт Жүсіпованың концертіне барса — жұмысынан айрылады. Түсіндің бе?
Жұмағали. Т-түсіндім… ал бірақ…
Әкім. Бірағыңды қой! Ол Барқытың концерт қоя алмас, қойуға жер берілмейді, сонда да ескертіп қойған жөн. Бүкіл мектептер мен колледждерге де телефон шал — мұғалімдер не өздері бармасын, не оқушылары мен студенттерін жібермесін. Ол үішін бастарымен жауап береді. Түсіндің бе?
Жұмағали. Түсіндім!
Әкім. Түсінсең — бар! Орында тапсырманы. Қалғанын қайтып келген соң айтамын. (Жұмағали кетеді; ол кетісімен әкім тағы да орнынан тұрып темекі тартпақшы болады, бірақ үлгірмейді — телефон тағы шыр етіп әкім тұтқаға жармасады) Әлө? Иә! Иә, шара қолданып жатырмыз. Иә, дәл сіз айтқандай. Иә-иә! Құп болады!
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Саябақтағы концерт қоятын алаңқай. Ағаштан істелген қарапайым эстрадада тұрған музыканттар бір әуен бастап кетті. Үстінде әдемі концерттік көйлегі бар Барқыт шығып микрофон алдына келіп тоқтайды. Тақтай орындықтарға жайғасқан көрермендер әншіні қол шапалақтап қарсы алады. Көрермендердің басым саны зейнеткерлер, немерелерін ертіп келген апайлар мен әжейлер, бес-алты ақсақалдар да бар. Қалкен мен Жазира ең шеткі, ағаш тасасындағы орындыққа келіп жайғасады. Екеуінің назары сахнадағы әнші мен музыканттарда болғасын, өздерін аңдып жүрген детективты байқамайды. Детектив ағаш арасынан оларды бейнекамераға түсіріп түр. Барқыт бір әнді шырқап кетеді. Жазира мен Қалкеннің диалогы сол әннің фонында өтеді.
Жазира. Керемет! Бұл шынында Барқыт Жүсіпова ма?
Қалкен. (күліп) Өз көзіңе сенбей тұрмысың?
Жазира. Сенбейін десем — дәл өзі, сенейін десем — Барқыт осындай жұпыны сахнада шырқайтын әнші ме еді? Мәдениет сарайынан орын табылмағаны ма?
Қалкен. Иә, мен де соған таңырқап тұрмын. Мүмкін сарайда концертті кешке қояр, ал мынау жәй әншейін, дайындық ретінде шығар.
Жазира. Әй қайдам! Және көрермен де аз. Оның өзі кілең зейнеткерлер. Оқушылар қайда? Осындай концертке бірінші боп жетіп келетін студенттер қайда?!
Қалкен. Оқуда шығар. Бүгін демалыс емес, жұмыс күні ғой. Зейнеткерлерден басқасы жұмыста. Кешке көрерсің — мәдениет сарайы лық толып, ертеректеу қамданбасақ орынсыз қалармыз.
Жазира. Жақсы, солай-ақ болсын. Сонда неге бір де бір афиша жоқ? Сенің көзіңе бүгін афиша түсті ме?
Қалкен. Жоқ.
Жазира. Міне, көрдің бе.
Осы сәтте ағаш сахнаның жанына динамик-колонка, музыкалық орталықтары бар бір топ жігіт пен қыз келеді. Сосын батыстық ритмикалық әуен, әншінің де, музыка аспаптарының да дыбысын басып тастайды. Жігіттер мен қыздар билей жөнеледі. Барқыт әнін тоқтатып билеушелерге ашулана қарайды. Әншінің продюсері әлгі жастарға жақындап бірдеңе дейді, бір жігіт жапырақ қағазды продюсерге көрсетіп бірдеңе дейді. Продюсер музыкалық орталықты сөндіріп тастайды, әлгі жігіт оны қайтадан қосады. Продюсер қайтадан сөндірмек болып ұмтылған кезде, жігіт оны итеріп жібереді. Екеуі ұстасып қалады. Бұл жерге музыканттар мен билеп жүрген жастар кірісіп кетіп, нәтижесінде кішігірім алыс-жұлыс орын алады. Осы жерде полиция тобы келіп араға түседі. Музыканың үні өшеді.
Полиция. (продюсерге) Бұл не жанжал! Тәртіпті неге бұзасыңдар?
Продюсер. Біз емес — мына жастар тәртіпті бұзған! Біз концерт қойып жатырмыз, ал бұлар ше бізге бөгет жасап тұр.
Полиция. Бұл жерде концерт қоюға рұқсат алып па едіңдер?
Продюсер. Жоқ. Енді осы жерге де рұқсат керек пе еді?!
Полиция. Әрине! Ал рұқсат жоқ па — аспаптарыңды жинап тайып отырыңдар. Мына жастардың дискотека құруына рұқсат қағазы бар, яғни, олар сендеге емес, сендер оларға бөгет жасап тұрсыңдар.
Барқыт жылап жібереді. Алақандарын бетіне басып сахнадан шығып кетеді.
Қалкен. Әй, бұлары несі ей! (Полиция тобының басшысының жанына жетіп барады, Жазира оның соңында) Бұл не деген масқара?! Сіз өзі бұл әншінің кім екенін білесіз бе? Бұл Барқыт Жүсіпова!
Полиция. Е! Барқыт болса не — тәртіп бұзу керек пе?
Қалкен. Тәртіпті бұзған мына боқмұрындар! Ал Барқыт Жүсіповадай эстрада жұлдызы концерт қойғанына қуанудың орнына сіз оны қуып тұрсыз. Бұны қалай түсін дейсіз?
Полиция. Қалай түсінсең олай түсін! Жұлдыз болсын — болмасын, тәртіп барлығына бірдей. Барқытың түгілі Димаш келсе де мен оның тәртіп бұзуына жол бермеймін. Бітті әңгіме!
Жазира. (Қалкеннің жеңінен кері қарай тартып) Қалкен, кеттік, көрмеймісің — бұл кісімен сөйлесу бекер іс. Кеттік!
Полиция. Иә, иә, кет, жөніңмен жүр.
Қалкен. (Жазираның тартуымен шегініп жатып) Сіз бұл ісіңіз үшін әлі жауапқа тартыласыз. Мен бұл істі жәй қалдырмаймын.
Полиция. Бар, бар, қырып ал! Мен қызметтегі адаммын, бұйрық орындаушымын. (продюсер мен музыканттарға) Ал, енді тараңдар!
Көрермендер, олардан кейір Барқыттың тобы, сосын полиция қызметкерлері мен жастар кетеді.
Жазира. Мен бірдеңе түсіне бастадым. Мұның бәрі әлгі жаңадан келген әкімнің ісі. Жастар да, полиция қызметкері де соның бұйрығын орындап жүр.
Қалкен. Ол әкімнің Барқытта не жұмысы бар? Барқыттың репертуарында орыс әні жоқ, кілең қазақ әндері.
Жазира. Иә, әрине. Бірақ мұның бәрі сол әкімнен шығып тұрғанында менің күмәнім жоқ. Кім білсін, мүмкін Барқыт екеуінің арасында бір кикілжің болған шығар.
Қалкен. Әкім мен әнші арасында қандай кикілжің болуы мүмкін?
Жазира. Қайдан білейін. Қай заман болмасын, билік пен өнер адамының арасында бір қақтығыс орын алады. Міне, әкім келмей жатып ақын оған қарсы шыққан жоқ па!
Қалкен. Әкімге қарсы шыққан ақын емес — журналист.
Жазира. Жоқ, ақын! Мүмкін журналист, әсіресе әкімнің қоластындағы журналист, үндемей де қалушы еді, бірақ ақын ешқашан әділетсіздікке жол бермейді. Берсе — ол ақын емес.
Қалкен. Мен ең әуелі журналистпін. Ал ақынмын ба, жоқ па…
Жазира. Жоқ, Қалкен, сен ең әуелі ақынсың. Нағыз ақынсың. Мүмкін журналист жаңағы жерде жанжалға кіріспес еді, журналист әрі кетсе оқиғаның оқырманға айқын жетуін қамтамасыз етеді. Ал нағыз ақын мұндай әділетсіздіктің жанынан өте алмайды, ол үндемей қалмайды.
Қалкен. Сен шынында да мені нағыз ақын деп санайсың ба?
Жазира. (Қалкенді құшақтап бетінен сүйеді) Әрине! Сен нағыз ақынсың. Қалкен-ай, мен саған емес, ақынға ғашық болғам. Міне — енді сенсіз бір де күн сүре алмаймын. Менің газетіме жұмысқа кірсең біз әрдайым бірге болар едік. Неге сен келіспей тұрсың? Әлде мені сүймейсің бе? Мүмкін сенің махаббатың махаббат емес — жәй тек ақындық, серілік шығар? Ал, егер шын сүйсең — көрсетші махаббатыңды. (еріндерін тосады — Қалкен сүйеді, сосын екеуі құшақтасып сүйіседі — детектив олардың жанына жақын келіп камераға түсіріп тұр)
Қалкен. Білесің бе, Жазира, Самал бірдеңе сезіп жүрген сияқты. Ақырғы кезде өзі маған шүйіліп алды. Сенің редакцияңа кірмей-ақ газетің үшін мақала жазып жүре берcем болмай ма?
Жазира. Мен сені сағынамын. Мен енді сенсіз бір минут та отыра алмаймын. Не жазып, не қойғанымды білмеймін. Соның салдарынан өткен нөмірде бір ірі қателік жіберіп қойыппын.
Қалкен. Бір жақсы журналист қарастырсаңшы. Бәріне жалғыз өзің үлгірмейсің ғой.
Жазира. Ба-аяғыда қарастырып қойғанмын! Өте жақсы журналист. Оған жақсы жалақы да тағайындадым. Тек өзі келісімін бермей жүр.
Қалкен. Ол кім өзі? (пауза) Ә! Мені айтып тұрсың ба?
Жазира. (күледі) Жоқ, сенің артыңдағыны.
Қалкен. (артына бұрылып детективты көзі шалып қалады, детектив ағаштың артына жасырынады) Әй, анау кім өзі?!
Жазира. (ол да бірдеңені сезіп орнынан тұра беріп) Қалкен, бізді біреу аңдып жүр. Мен әлгі кісіні бағана, саябаққа кірерде көзім шалып қалған.
Қалкен. (тұра келіп) Аңдып жүр?!
Жазира. Иә, бізді бейнекамераға түсіріп жүргенге ұқсайды.
Қалкен. Қап бәлем, тоқтай тұр!
Қалкен детективтың соңынан қуып береді, детектив қаша жөнеледі. Жазира олардың соңынан қарап тұрады. Біраз уақыттан кейін бейнекамера ұстап Қалкен қайтып келеді.
Қалкен. (ентігіп сөйлейді) Қашып кетті. Міне, камерасын тартып алдым. Танымайтын біреу. Бұл кім болды екен, ә?
Жазира. (бейнекамераға қарап) Мынаны қара — су жаңа цифрлы камера! (Қалкенге) Танымаймын деймісің? Мен де бұрын көрген емеспін. Әлгі әкімнің адамы болмаса.
Екеуі камераға түскен видеоны қарап кете барады.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Редакция бөлмесі. Жазира бір компьютермен жұмыс істеп отыр. Қарама қарсы тағы бір үстел тұр. Оның да үстінде оргтехника. Қарсы қабырғаның тұсында диван тұр. Жұмағали келеді.
Жұмағали. Амансың ба, Жазира?
Жазира. Аманбыз. Сізді біздің жаққа қандай жел айдап келді?!
Жұмағали. (Өтірік күрсініп қойып) Е-е… жұмыс қой, Жазира, бітпейтін бір жұмыс. Шаруам бар.
Жазира. Мақала жазып біздің газеттің бетінде басып шығармақсыз ба? (Мырс етіп күліп) Жаңа әкім Мақпалдың газетін жаулап алған көрінеді, басқа ешкімге орын беретін емес.
Жұмағали. Ол Мақпалдың газеті емес. Ол газет — әкімшіліктің газеті.
Жазира. Қазір оны қолға алған оқырман газет әкімнің жеке меншігі деп қалар.
Жұмағали. Әй Жазира, сен неге сол кісіні күндеп біттің, ә? Қандай жамандық көрдің одан?
Жазира. Ешқандай жамандық көрген жоқпын. Ұнамайды ол маған!
Жұмағали. Ұнатқанда не қылайын деп едің? Есіңде болсын — оның басы бос емес.
Жазира. (Ашулана бастап) Сіз не — менімен қалжыңдайын деп келдіңіз бе?! Айтыңыз шаруаңызды — менде уақыт жоқ!
Жұмағали. Ашуланба, ашуланба, Жазира. Бетіңді бері қарай бұр. Мені саған Басар Базарович жіберді.
Жазира. Ол Базарұлы еді ғой. Неғып Базарович боп қалған?
Жұмағали. Жазира, қалжыңды қоялық. Өзің айтқан жоқсың ба — бос сөзге уақыт жоқ деп.
Жазира. Жақсы, екі құлағым сізде. Ол кісі маған не қыл дейді?
Жұмағали. Өзің білесің ғой.
Жазира. Білмеймін. Білгім де келмейді!
Жұмағали. Әй, Жазира, Жазира! Адам сияқты сөйлескің келмейді, иә? Онда басқаша сөйлесуге тура келеді.
Жазира. Кәне, сөйлесейік басқаша.
Жұмағали. Сөйлессек — сөйлесейік. (папкасынан диск алып Жазираға ұсынады) Ең әуелі мынаны көріп ал.
Жазира. Бұл не?
Жұмағали. Сал компьютеріңе — сосын өзің көресің не екенін.
Жазира дискті компьютерге салып мониторға қарап отыр. Жұмағали диванға қарап, басын шайқап езу тартады. Ал компьютерден Жазира мен Қалкеннің бір-біріне, сүйдім-күйдім, жаным, ғашығым, махаббатым, тағы сол сияқты сөздері естіледі, ақыры ыңқыл-сыңқылға айналып кеткесін, Жазира компьютерден дискіні алып Жұмағалиға лақтырып жібереді.
Жазира. Оһ, оңбағандар! (орнынан тұрып кетіп басқа бөлмеден швабра алып келіп, қабырғадағы құралды қағып соға бастайды) Бәсе! Қайтып біздің өрт сөндірушілер пысықсып кетті десем! Әй, аңқау басым ай!
Жұмағали. (швабраға жармасады) Өй, Жазира! Бұл өте қымбат бейнекамера! Мұндай камера КНБ да жоқ.
Жазира. (Жұмағалиға бой бермей камераны қағып түсіреді. Жұмағали аппаратты аламын деп еңкейе бергенде, оны итеріп жіберіп, күл парша қыла швабрамен соққылап, аяғымен таптап жатыр) Өртке қарсы сигнализация, деп орнатқан жоқ па! Тұра тұрыңдар, бәлем, мен сендерді сотқа беремін!
Жұмағали. (диванға отыра кетіп) Қой Жазира, сен ештеңе тындыра алмайсың! Ашуыңды бас. Отыр. Одан да асықпай сөйлесейік.
Жазира. Сөйлеспеймін мен сендердей оңбағандармен! (жерде жатқан дискіні алып, тағы да Жұмағалиға лақтырып жібереді. Мә, әкет мына бәлеңді!
Жұмағали. (Орнынан қозғалмастан) Өзіңде қалсын. Сыйға тартты бұны саған Басекең. Бізде мұндай дисктер жететін. Сен ашуыңды бас та құлағыңды түр. Егер де осы порнофильм желіге түссе… арғы жағын өзің де білесің. Бізді оңбаған деп айыптама — бәріне өзің кінәлісің. Жарайды — Қалкенді ұнатқаның айып емес. Онда біздің жұмысымыз жоқ. Бәріміз пендеміз, түсінеміз — сендей жас, көрікті келіншек еркексіз жүре алмайды. Және де Қалкендей жігіт аяқ астында жатпайды. Бірақ бастықпен жауласып нең бар еді?! Қалкенді жұмысқа алып нең бар еді? (Жазира бірдеңе айтқысы келеді, бірақ Жұмағали қолын көтеріп тежейді) Иә, иә! Сенің оған жаның ашиды. Ол түсінікті. Бірақ оның өткен нөмірдегі мақаласы бізді пышақсыз бауыздады ғой. Сондықтан айып қылма — Басеке мына дискімен тек қорғанып отыр. Сендерді осылай тоқтатпаса ол кісі бүкіл беделінен айырылайын деп тұр.
Жазира. (орнына оралып біраз уақыт үндемей отырып) Қалай мен Қалкенді жұмыстан шығарып тастамақпын? Ә?
Жұмағали. (Күлімсіреп) Е! Міне, енді сабаға түсейін дедің. Мен сені әрдайым ақылды келіншек деп санайтынмын. Басеке Қалкенді жұмыстан босат, деген жоқ. Істей берсін, бала-шағасы бар демекші. Тек қана бізге тисуін қойсын. Ол өзінің мақалаларымен әкімнің бүкіл жұмысын, бүкіл саясатын жоққа шығарып отыр. Басеке әбден ашуланғанда, осы ауданда не мен, не Қалкен қалады, деген. Алайда, егер Қалкен ақылға келіп оған тисуін қойса — жүре берсін. Немене, әкімнен басқа тақырып таба алмай ма?! Әбден ештеңе таба алмаса желіге кірсін, онда жүз газетке жететін материал бар.
Жазира. Мен оған, ананы жаз, мынаны жазба деп бұйыра алмаймын. Сосын оқырманымды да ойлауым керек. Қалкен келгеннен бері газеттің таралымы едәуір жоғарылады.
Жұмағали. Ештеңе етпейді. Мына дискті Қалкенге көрсет. Егер бұл порнофильм желіге түссе, саған тиген таяқтың бір ұшы оған да тиеді. Келіншегі лезде ажырасады. Отбасынан айрылады. Және де мұндай масқарадан кейін ол журналист болып істей алмайды. Оқырман екеуіңнің мына былықтарыңды ешқашан кешірмейді. Оны өзің де жақсы білесің. Және осындай диск министрдің қолына түссе, сен сол күні лицензияңмен қоштасасың. Сондықтан, Жазира, балалықты қойып, Қалкенмен бір шешімге келіңдер. Жо-жоқ, Жазира! Сен сондай қайғылы көзбен қарама! Бәрі жақсы болады. Ақырын жұмыс істей беріңдер. Басекең айтады… әй, ол кең пейілді адам ғой! Мен мүлдем сынға қарсы емеспін, дейді. Сынай берсін. Ақырын, байқап, баппен сынаса несі бар! Әрине, біздің жұмысымызда ұсақ-түйек кемшіліктер бар, жоқ демейміз. Кімде болмайды? Тек қана бекер қараламасаңдар болғаны. (Жазираға қарайды, бірақ ол монитордан көзін айыра алмай үнсіз отыр.)
Жұмағали. (Орнынан тұрып) Иә, Жазира, ойлан. Ойланбасқа болмайды. (кетеді)
Жазира. (есік жабылысымен екі жұдырығымен үстелді соғып жіберіп) Ах, оңбаған! Сұрқия! Азғын! (Жұмағалидың дауысын келтіріп) Әй, ол кең пейілді адам ғой! Пейіліне с-сиейін! (орнынан тұрып кетіп ерсілі-қарсылы жүріп) Енді не істесем екен? Ә! Не істесем екен. (компакт-дискіні көтереді де орнына қайтып оралады)
Қалкен келеді. Оның жүзі жайдарлы. Қолындағы папкасын үстелге қойып, өзінің орнына отыра кетеді. Жазира оған үндемей қарап отыр.
Қалкен. Әй, өмір сүре берсең неше түрліні көріп, естиді екенсің! Ана әкімді айтамын да. Жарайды, орыстармен шайқассын. Саудагерлерді қыссын. Ал дін саласына кірісіп несі бар екен?! Міне, тыңдашы — мен мешіттен, мұсылмандар алқасының отырысынан келдім. Мұндайды ешкім бұрын-соңды естімеген…
Жазира. Тоқта Қалкен. Компьютеріңді іске қосшы.
Қалкен. (Жазираға таңырқай қарайды) Жазира, саған не болған? Ауырып қалдың ба?
Жазира. Ауырарсың мұндайда! (Қалкенге дискіні беріп жатып) Мә, мынаны көрші… тек құлап қалма.
Қалкен. (бейнефильмды көріп алып) Мынаны қайдан алдың?! (қабырғадағы бейнекамера орнына көз тастап) Бізді қалай түсіріп алған?
Жазира. (күл талқан болған камераны көрсетіп) Әне, біз, өртке қарсы сигнализация деп жүргеніміз, шпиондық бейнекамера болып шықты.
Қалкен. Мұны кім істеп жүр өзі?
Жазира. Әлі де түсінбедің бе? Ойланшы… кімге керек мұның бәрі?
Қалкен. Әкім бе?
Жазира. Дәл өзі! Жаңа, сенің алдыңда, Жұмағали келіп кетті.
Қалкен. Жұмағали не қыл дейді?
Жазира. (төмен қарап) Белгілі ғой не дейтіні.
Қалкен. Қалкенді жұмыстан босат, мақалаларын газетте жариялама, дейтін шығар.
Жазира. Иә… жоқ, сені жұмыстан босат деген жоқ. Тек қана әкімге тиісуін қойсын дейді.
Қалкен. Оған тиісейін деп тиістік пе?! Өзі ғой, келісімен бәрімізге қырғидай тигені! (Жазираға қарайды, бірақ ол үндемейді) Сен не дедің? Не істемекшісің?
Жазира. Білмей отырмын. Шынын айтсам — бас қатты. Бір де бір дұрыс ой келмей тұр. Бір жағынан — мен не істей аламын?! Көнбесең видеоны желіге тастаймыз дейді. Министрге жібереміз, лицензияңнан айырыласың дейді. Ұлымның көзіне түссе не болмақпын деген ой миымды шағып отыр. (тітіркеніп дір етеді) Масқараның әкесі сонда болады! Мынаны көргесін… арғы жағын ойлағым да келмейді. Сенің жараң жеңілдеу, сен еркексің. Сенің үлкен қызың мен ұлың бірдеңе түсінетін шаққа жетті, ал қалғандары кішкентай, әлі ештеңе түсінбейді. Соның өзінде Самал сені кешірмес. Отбасыңнан айырыласың — бір. Журналисттік карьерамен қоштасасың — екі. Шығарайын деп отырған кітабыңды шығара алмайсың — үш.
Қалкен. Сонда не — екеуміздің махаббатымыздың болашағы жоқ деймісің?
Жазира. Неге жоқ, бар! Сен, не мені, не Самалды таңдауың керек. Егер маған деген махаббатың шын болса — ажырас Самалмен. Сосын кетеміз — осы қалаға жабысып қалған жоқпыз. Кетеміз Алматыға, бір іспен айналысармыз сонда. Сауда жасаймыз — журналистикасыз да көреміз күнімізді.
Қалкен. (біраз уақыт Жазираға қарап отырып) Мәселе жалғыз Самалда емес. Балаларымды қайтем? Бес бірдей баланы тастап қайда кетемін?
Жазира. Сен оларды тастамайсың. Оларға деген қаражатты аямаймын. Ол үшін қам жеме.
Қалкен. Жоқ, мен ақша жағын айтып тұрған жоқпын. Бәлен жыл бірге тұрып, бала кезінен, сәби кезінен қолымда әлпештеп өсіріп, енді қазір тастап кеткенім адамгершілікке жата ма?
Жазира. Ой, Қалкен! Бастамашы ондай түбі жоқ әңгімені! Онсыз да басым мең-зең. Ер адам өзінің мәселелерін өзі шешуге тиісті. Мені сүйем, менсіз өмір сүре алмаймын десең — ажырас Самалмен. Балаларыңды қимаймысың — онда қал отбасыңда! Бірақ, мен білсем, сен оларды емес — Самалды қимай отырсың.
Қалкен. Әрине, қимаймын! Бәлен жыл бірге тұрып, бес бала сүйіп, енді бір сәтте қалай тастап кетпекпін?!
Жазира. Онда тастама! Қимайсың ба Самалды — ажыраспа! Мен саған ондай шарт қойып тұрған жоқпын. Ешкім де ондай шарт қойып тұрған жоқ. Ана әкім Жұмағалидан айтып жіберіпті, менің сендердің қатынастарыңда жұмысым жоқ, тек мені қаралауды қойсаңдар болды, депті.
Қалкен. Кім оны қаралап отыр?! Ол өзін өзі қаралап отыр! Міне, тыңдашы — имам әкімнен жаңа мешітті іске қосуға көмек сұрап барған екен. Ал әкім оған, мен қаланың бүкіл қазақтарынан зекет жинап беремін. Тек сіз және бүкіл молдалар, зекет төлеуден бас тартқандардың үйлеріне аяқ баспайсыңдар, депті. Сол үйде біреу қайтыс болса да жаназасын атқармайсыңдар, депті. Өзің ойлашы, бұл сұмдық қой! Енді әне — имам мен молдалар отыр не істерін білмей. Мешіт те керек, мұсылмандардың зекет төлеуі де заңды сияқты, ал қалай қайтыс болған адамның жаназасын атқармайды?! Зекет төлемеген мұсылман емес, экскаватормен көр қазсын да көме салсын, депті әкім. Осындай сөзді естіп қалай үндемей қалуға болады? Үндемесең ауызың қисаяр!
Жазира. Мен сенікі қате — әкімдікі дұрыс деп отырған жоқпын. Ол бізді, мені ең жанды жерімнен мықтап ұстап алды. Енді мен ешқайда кетпеймін. Түсінесің бе?! Оған бағынбасам газетімнен айырылам, ар-ұятым тапталып, масқара боп кетемін осыннан. Ал бұл газетке қанша күш-қайратымды жұмсадым! Сен оның бәрін білмейсің. Саған бәрі оңай сияқты көрінеді. Ал ана ұлым, мына мысқараны көргенсоң өзіне қол салса — мен ешқашан өзімді кешірмеспін. Одан Алла сақтасын!
Қалкен. Жазира, тыңдашы мені! Мен соның бәрін оңай деп отырған жоқпын. Бірақ біз екеуміз сол қиындыққа төтеп беруіміз керек. Маған да оңай болмас — мүмкін отбасымнан айырылармын. Бірақ біз бір нәрсені жоғалтпаймыз — біздің шынайы махаббатымызды. Біз енді еш нәрседен тайынбай күресуіміз керек. Мүмкін, сол күресіміздің нәтижесінде біз бүкілімізден айрылармыз. Мүмкін, жеңіске жетерміз. Сен лицензияңнан айырылмассың, министр да адам баласы, пенде ғой, оған бәрін түсіндіру керек — мүмкін түсінер. Оқырмандарымызға да соны айтамыз — оқырман түсінеді, менің ол жөнінде күмәнім жоқ. Самалға да, балаларыма да бәрін ашық айтып беремін. Сен де ұлыңмен сөйлес — ол енді бала емес, түсінуге тиісті. Қалай да болғанда ақиқатты айту керек. Алайда, күресіміз еш нәтиже бермесе де, бәрінен айырылсақ та райымыздан қайтпайық — не болса да, біздің махаббатымыз, бір-бірімізге деген сыйластық қалады. Ал күреспей, екі қолымызды жоғары көтергенде не табамыз?! Оқырман түгіл біз өзімізді сыйлаудан қаламыз. Содан кейін өмір сүрудің не қажеті бар? Махаббатсыз, достықсыз, сыйластықсыз — ол өмір емес, тек итшілеп күн көру болады.
Жазира. Жоқ, Қалкен, бұл сенің тағы бір қиялың. Бізге күресуге еш мүмкіндік берілмейді. Газеттен айырыламыз; басқа басылымдар біздің бір де бір мақаламызды қабылдамайды. Өйткені екеуміздің маңдайымызға ойнасшы зинақорлар деген таңба басылады. Содан кейін бізбен ешкім сөйлеспейді, бізді ешкім тыңдамайды. Біз бұл әкімге ештеңе істей алмаймыз. Біз оның торына оңдап тұрып түстік. Әсіресе мен… мен енді оның айтқанынан шыға алмаймын.
Екеуі біраз уақыт үндемей қалады.
Қалкен. (ұнжырғасы түсіп) Енді не істейін мен? Өз еркіммен жұмыстан босаймын, деп өтініш жазайын ба?
Жазира. Жоқ, қажет емес. Қалкенді жұмыстан босат деп талап етпеймін, істей берсін — бала-шағасы бар ғой, тек маған тиіспесе болды, депті әлгі әкім. Амал жоқ, соған көнуге тура келеді. Шынында да, Қалкен, біз неге соншама шүйілдік сол әкімге? Басқа мәселелер жоқ па ауданда? Иә, иә, білемін — ол тым қатты кетті. Ал бірақ, бастапқы кезде қай басшы қатты кетпейді?! Халық, жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады, деп тегін айтпайды ғой. Сыпырсын біраз, жыны басылғанша. Сосын түсер ақырын сабасына.
Қалкен. Оның жыны басылғанша ауданнан не қалмақ?! Уыздай ұйып тұрған қоғамымызды астан-кестен қылады ғой. Жоқ, мен бұл іске жайбырақат қарап отыра алмаймын! (үстелдың жәшігінен бір парақ қағаз алып бірдеңе жазады да Жазираға береді) Міне өтінішім, бастық. Мені жұмыстан босатыңыз.
Жазира. Қалкен, мен сені босата алмаймын. (өтінішін жыртып тастайды)
Қалкен. (Үстелдың жәшіктерінен өзінің ұсақ-түйек заттарын алып пакетке салып жатып) Сен де таңдау жасауың керек, Жазира. Не мені, не әкімді. Кіммен боласың, кімді қолдайсың? Оны өзің шеш.
Жазира. Мен сені қолдағым келеді. Бірақ мен сен сияқты күрескер емеспін, және де мемлекеттік басқару жүйесімен күресудің өзі…
Қалкен. Мен сені мемлекеттік басқару жүйесімен күресуге шақырып тұрған жоқпын. Мен тек біздің жаңа әкіммен күресуге шақырып тұрмын.
Жазира. Ал сол әкімің мемлекеттік басқару жүйесінің бір бағаны емес пе!
Қалкен. Жоқ, ол тек қана бір адам.
Жазира үндемей қалады.
Қалкен. (папкасы мен пакетін алып есікке қарай беттейді. Босаға алдында тоқтап, Жазираға бұрылып) Қош, Жазира! Ұмытпа мені — мен сені шын жүрекпен сүйдім.
Жазира. (жүгіріп келіп Қалкеннің мойынына асылады) Мен де сені сүйемін! Мен сенен айрылғым келмейді. (жылап жібереді)
Қалкен. Жоқ Жазира, сен менен айырылып қалдың. Жаңа ғана өз таңдауыңды жасадың.
Жазираның қолдарын мойынынан алып тастап, оны өзінен итеріп жібереді де шығып кетеді)
Жазира. (екі қолын басына қойып жылайды) О-о! О-о! Құрысын! Құрысын бәрі! Не керек?! Не керек мұның бәрі? Қандай мағына қалды енді өмірде? Қан-дай?!
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Қалкеннің пәтері. Самал ас даярлаумен айналысып жүр. Қайрат келеді.
Самал. Ә, келіп қалдың ба! Тест қалай өтті?
Қайрат. Нашар. Жетпіс-ақ ұпай алдым.
Самал. Жетпіс ұпай?! Бұл қалай? Мұғалімің, Қайрат кем дегенде жүз ұпай алады, дегені қайда?
Қайрат. Мұғалім емес қой тест тапсырған!
Самал. Енді не болды саған?
Қайрат. Маған ештеңе болған жоқ. Бүгінгі тестте мүлдем түсініксіз сұрақтар болды.
Самал. Ол қалай?
Қайрат. Қайдан білейін! Мұғалімдер бірдеңені шатастырып алған шығар. Әлде әдейі істеді ме.
Самал. Кім әдейі істейді дейсің! Ұлттық тесттің сұрақтарын алдын-ала ешкім біле алмайды. Ол құпия.
Қайрат. Түсінікті ғой. Ал бүгінгі сұрақтар мүлдем қисынсыз болды. Абылайханның атының тістерінің санын сұрады ма керек.
Самал. Абылайханның атының тістерін?!
Қайрат. Иә. Тарихтан сондай сұрақ болды. Абылайханның аты түгіл мен жәй жылқының ауызын ашып көріп пе едім!
Самал. Жарайды, текке күйінбейік. Болған іс болды. Жетпіс балл да жаман емес.
Қайрат. Аһа! Жетпіс баллмен грантқа алмайды.
Самал. Алмаса не істейміз — ақылы оқуға түсесің. Әкең келгесін ақылдасамыз. Ол әлгі кітабын шығарам деп жүрген. Гонорар алады, соны оқуыңа төлейміз.
Қалкен келеді де, креслоға сылқ етіп отыра кетеді.
Самал. Саған не болған? Қайдан келдің өзің?
Қалкен. Қаладан.
Самал. Бұл не жауап! Мен сені ауылдан келдің деп тұрмын ба?! Жұмысың әдетте ерте бітпеуші еді ғой.
Қалкен. Мен жұмыстан шығып қалдым.
Самал. Кет әрі! Енді әлгі Жазира да қуып шықты ма? Айттым ғой соны оңбаған деп!
Қалкен. Ол оңбаған емес. Мен өз еркіммен өтініш жазып шықтым.
Самал. Өз еркіңмен?! Неге?
Қалкен. Солай керек болды.
Самал. Кімге керек?
Қалкен. Самал! Сұрамашы менен ештеңе!
Самал. Жарайды, сұрамайын. Бірақ екі аптаның ішінде екі жұмыстан айрылғаның дұрыс па? Мына балаң ұлттық тесттен құлап келді. Енді грантты атама. Ақшаға оқыту керек. Ал сен жәйдан-жәй, оп-оңды жұмысыңнан айырылып отырғаның мынау.
Қалкен. (Қайратқа) Тесттен қалай құлап жүрсің? Қырық та ұпай ала алмадың ба?
Қайрат. Неге?! Жетпіс ұпай алдым.
Қалкен. (Самалға) Сен жаңа ұлттық тесттен құлап келді дегенің қайда?
Самал. Енді құламағанда несі қалды жетпіс ұпаймен!
Қалкен. (Қайратқа) Неге аз ұпай алдың?
Қайрат. (әкесінің дауысын келтіріп, кекете) Солай керек болды.
Қалкен. Кімге керек?
Қайрат. Әке! Сұрамашы менен ештеңе!
Қалкен Самалға қарайды, ол, саған со керек деген сыңай танытады.
Самал. Немене қарайсың? Мына балаңа ақша тап — отырғызып қоймай оқуға жіберу керек. Әлгі кітабың не болды? Шығуға дайын деп жүр едің ғой.
Қалкен. Дайын деген Мерген… қазір білейін. (телефон шалады) Сәләматсыз ба? Мен, Қалкенмін ғой. Мерген өзінде ме? Келгесін маған телефон шалсыншы. Жоқ, мен үйдемін. (телефонның тұтқасын қояды да Қайратқа бұрылады) Қандай оқуға түсейін деп едің?
Қайрат. Экономисттың оқуына.
Қалкен. Журфакқа барамын дегенің қайда?
Самал. Журфакта не іздейді? Сен сияқты итшілеп жүрсін бе! Жетеді, бір үйге бір журналист. Баламның баласына айтармын, журналист пен мұғалім болма, деп. Оңбаған кәсіптер! Бәлен жыл жұмыс істеп неге жарыдық? Не өзіміздің баспанамыз жоқ. Не қалтамызда артық ақша жоқ. Егер мен де сен сияқты бастығыммен қастасып жұмысымнан айрылсам, сонда әбден келісерміз. Ал менің де көкірегімде директордың бетіне басатын ауыр-ауыр сөздер бар. Бірақ мен оларды тіс жарып сыртқа шығара алмаймын. Ішімнен қайнап-қайнап тынамын. Неге? Үйді ойлауым керек, балаларды, бәріміздің жағдайымызды ойлауым керек. Ал сен неге ойлағың келмейді?!
Пәтердің есігінің қоңырауы шырылдайды. Қайрат барып есік ашады. Мерген келеді.
Мерген. Ассаламу ғалайкүм!
Қалкен. (орнынан тұрып қолын беріп амандасады) Уағаләйкүм ассалам! Жоғарлатыңыз, міне, креслоға отырыңыз. (Самалға) Самал, асың дайын болды ма?
Мерген. (креслоға жайғасып жатып) Жә, текке әуре болмаңдар — ас-шәйға уақытым жоқ. Рахмет. Бір әңгіме бар, телефонмен сөйлесуге келмеді.
Қалкен. Самал, сен…
Мерген. Жо-жоқ, Самалды қума. Мен өзі үйіңе келген себебім де осы — екеуіңмен сөйлесейін деп едім.
Қалкен. (Самалдың жанына диванға отыра беріп) Ал, онда… жақсы… айта беріңіз.
Мерген. Мені неге іздегеніңді сезіп тұрмын… әлгі кітабың жөнінде шығар. Солай ма?
Қалкен. Солай.
Мерген. Солай болса мені мұқият тыңдап ал. Қалкен, мен сені түсінбеймін… оп-оңды жұмыс істеп жаттың. Ең үздік журналист саналып жүрдің. Әне — өлеңдеріңнің жинағын шығаратын болдық. Астанаға конференцияға жібереміз деп жүрдік. Сосын, бәрі жақсы болып тұрғанда, бац! Жаңа ғана келген әкімге тиісемін деп барлығынан айырылдың. Бұл қалай? Мен сені түсінбеймін.
Самал. Иә, мен де…
Қалкен. (Самалға) Тоқтай тұршы-ей! (Мергенге бұрылып) Түсінбейтін ештеңе жоқ. Жаңа әкім өкіметтің ішкі саясатын бұрмалап отыр. Біздің демократиялық принциптерімізге сәйкес келмейтін саясат қолданып, ұлтаралық жағдайды ушықтырып жіберетін қауіп төндіріп тұр. Осының бәрін көре тұра мен қалай үнсіз қалмақпын? Мұндайға кез келген азамат қарсы шығуға тиісті — мен де, сіз де, мына Самал да!
Мерген. Жоқ, Қалкен! Мына сөзің — баланың сөзі. Тіпті жынды адамның сөзі деуші едім — ренжіскім келмейді. Мен сені ақыл-есі бар жігіт деп санайтынмын.
Самал. Мен де бұған күнде осы сөзді айтам. Жұмыс — жұмыспен, бірақ бір мезгіл өзіңнің де, отбасыңның да жағдайын ойлауың керек қой деп. Тыңдамайды!
Қалкен. Менің жаңағы айтқан қай сөзім балалық, қай сөзім жындылық?!
Мерген. Бүкіл сөзің! Әй, сен өзі кімсің?! Мемлекет басқаратын адамсың ба? Әкім, жақсы болсын, жаман болсын, бір ауданды басқарып отыр! Ал демократия-семократия — ол бізге, қарапайым адамдарға не керек?! Біз өзіміздің жұмысымызды білуіміз керек.
Қалкен. Қоғамда не болып жатпасын, қандай кемшілік, зұлымдық болып жатпасын — біздің, журналисттердің, басты міндетіміз — сол кемшіліктерді көпшілікке көрсетіп, әшкерелеп отыру. Мен тек өзімнің жұмысымды жақсы атқаруға тырысып жүрмін.
Мерген. Жоқ, Қалкен, сенімен дені дұрыс сөйлесуге болмайды екен! Келін, сен ренжіме, өзің көріп тұрсың ғой — мен Қалкенге бар ақылымды айтып бақтым. Түсінбейді. Тіпті түсінгісі келмейді!
Қалкен. Неге түсінбейін! Сіздердің айтып жүргендеріңіз бір — әкім бастық, сондықтан оның бүкіл ісі дұрыс. Бұрыс болса да дұрыс! Және, біз кішкентай адамбыз, мемлекеттің саясатын, қоғамның жағдайын ойлайтын дөкөйлер-көкейлер бар — міне солар басын қатырсын. Ал біз өзіміздің қамымызды, отбасымыздың, бала-шағамыздың қамын ойлауымыз керек. Солай ғой?
Мерген. Әй қарағым! Сенің отбасыңның қамын мен ойлауым керек пе?! Менің өз отбасым, өз балаларым бар!
Самал. Бұл біздің отбасымыздың қамын менің мойныма артты да өзі басқа, мүлдем бізге қатысы жоқ мәселелермен айналысып жүр.
Қалкен. Қателесесің, Самал! Мен қоғамда болып жатқан процестерді ойлағанда біздің де отбасымыздың жағдайын ойлап отырмын. Өйткені сол процестер әр отбасына қатысы бар. Әр отбасына әсер етеді.
Мерген. Менің бір нәрсеге көзім жетті, — сені сөз таластырып жеңе алмаймын. Мен сені сөзбен жеңейін деп келген жоқпын. Жағдай былай — кітабың баспадан шықсын десең біздің әкімді мақтап дастан жазасың. Сосын сол дастанды кітабыңа кіргізіп шығарамыз.
Қалкен. (орынан атып тұрып) Да-аста-ан?!
Мерген. Иә, дастан.
Қалкен. (бөлме бойымен жүріп кетіп басын шайқайды) Дастан! Тамағы қалған екен! (Мергеннің қарсысына тоқтап) Сонда сол дастанды не деп жазбақпын?
Мерген. Оны өзің білесің — менен несін сұрайсың! Сен ғой ақын. Қисынын келтіріп, Басекеңнің біздің ауданға келгеннен бергі қысқа мерзімнің ішінде тындырған істерін атап көрсетіп жаз.
Қалкен. Басекеңнің тындырған істеріне фельетоннан басқа ештеңе жазуға келмейді. (тағы да басын шайқап) Дастан!
Мерген. Жақсы, дастан жазғың келмесе бір-екі өлең жаз. Ода жаз. Сосын Басекеңнің саған қоятын бір шарты бар — өткен аптада жазған мақалаңдағы фактілер жалған болып шықты деп, Жазираның газеті арқылы әкімнен кешірім сұрайсың. Міне, содан кейін жұмысыңа да қайтып кірісесің, кітабың да шығады, сол кітабыңа да жақсы ставкамен гонорар аласың. Басекең айтады — егер соған арнап жазған дастан оған ұнаса, кітабыңды мемлекет сыйлығына ұсынуға көмек көрсетемін дейді.
Қалкен. Әкімнің ұяты жоқ екен. Жо-жоқ! Мен ондай сатқындыққа бара алмаймын! Бұл бос сөз.
Мерген. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланып) Менің міндетім — саған бастықтың талабын жеткізу. Ал арғы жағын өзің біл. Егер тиісті шешімге келсең — мен әрқашан көмекке келуге дайынмын. Тек телефон шалсаң болды. (Самалға) Ал, Самал, сау бол. Мына Қалкенге ақылыңды айт. (шығып кетеді)
Қалкен. (Мерген отырған креслоға отыра кетіп) Алла сақтасын! Не боп барамыз өзі! Көрдің бе енді әкімнің сиқын? Жаңағы сөзді естігесін де сен соны жақтайсың ба?
Самал. Менің жақтаған-жақтамағанымда бірдеңе бар ма?! Мәселе менде ме? Мәселе қазір саған тіреліп тұр.
Қалкен. Жоқ, сен айтшы — сен кімді, өзіңнің күйеуіңді қолдайсың ба? Әлде…
Самал. Қалкен! Менің қолдауымда не тұр? Саған ап-анық ультиматум қойылды — не сен әкімге көнесің, басыңды иесің, не ол сені құртады. Бітті! Сенде екі-ақ жол бар — енді біреуін таңда. Бірақ, ақиқатына келсек, бізде барлығы жоғы бір-ақ жол қалды. Басқа жолмен кетсең… қысқасы, мен сенімен ол жолмен жүрмеймін.
Қалкен тесірейіп Самалға қарап отырып қалады.
Самал. Немене соншама тесірейдің? Тесірейме! Мен өз сөзімді айттым. Арғы жағын өзің біл. Егер саған мен керек болсам, егер балаларың керек болса, егер саған отбасың керек болса, онда көлденең, бізге қатысы жоқ жәйттерді таста да, отбасымыздың жағдайын ойла. Ана ұлыңның оқуын ойла, болашағын ойла!
Қалкен үнсіз қалады. Самал да үндемейді. Осы кезде есіктің қоңырауы шырылдайды.
Самал. (орынан тұрып ауыз үйге беттеп бара жатып) Тағы қайсысы екен? (есік ашылған дыбыс, сосын біреу Самалмен амандасады) Сәлеметсіз бе? Жоғарлатыңыз.
Бейтаныс дауыс. Жоқ, рахмет. Мына хабарландыруды сізге апарып бер деді. Мына жерге, хабарландыруды алдым, таныстым деп қол қойыңыз. Сау болыңыз.
Самал. Сау болыңыз. (хабарландыруды оқып келеді де бөлменің ортасында кілт тоқтайды) Міне, енді пәтерге де кезек жетті.
Қалкен. Қай пәтер? Бұл не қағаз өзі?
Самал. Мә, оқы. (қолындағы қағазды Қалкенге береді де орнына отырады)
Қалкен. (хабарландыруды оқиды) Самал Арынқызы, сіздің отбасыңыз әлеуметтік қолдау көрсететін отбасы қатарынан шығып қалды. Сіздің үш оқушы балаңыз бар, өзіңіз де, жолдасыңыз да, қызыңыз да жұмыс істейді. Ұлыңыз мектеп бітіріп жұмыс істеуге жарап қалды. Сондықтан осы аптаның аяғына дейін тұрып жатқан пәтерді босатыңыз. Ол пәтер әлеуметтік баспанаға мұқтаж көп балалы отбасылардың біріне беріледі.
Самал. Ал, енді не дейсің?
Қалкен. Не деуші ем? Шынында да, біздің енді әлеуметтік пәтерде тұратын құқығымыз жоқ.
Самал. Мүмкін бізде жалпы ешқандай пәтерде тұруға құқығымыз жоқ шығар?
Қалкен. Жалға беретін пәтер қарастыру керек. Бүгінгі газет қайда? Әкел, оқиын, мүмкін бірдеңе табылар.
Самал басқа бөлмеге барып газет әкеліп береді.
Самал. Жалға беретін пәтердің ақысы жанып тұр. Оған ақша қайда?
Қалкен газетті көзімен шолып жатып бірдеңе деп міңгірлейді. Сыртқы есік ашылғаны естіледі, пәтерге біреу кіреді.
Қалкен. (елең етіп) Тағы кімді жіберді екен Басеке?
Самал. Алма шығар, бөтен адам есікті қалай ашпақ.
Алма. (келеді, көзінде жас) Мен ғой. (сыртқы киімін шешпестен шешесінің жанына отыра кетеді)
Самал. Ойбай, саған не болған?! Біреу ренжітті ме?
Алма. Ешкім ренжіткен жоқ. Тауарымнан айырылдым.
Самал. Қалай… айырылдым? Контейнеріңе ұры түсті ме?
Алма. Жоқ. Прокуратура мен санэпидстанциядан кісілер келіп бүкіл тауарымды актылап, контейнерге мөр басып кетті.
Самал. Иә, оларға не керек?
Алма. Білмеймін… (көз жасын сүртіп жатып) Тауарларыңның құрамында улы қоспалар бар, халықты уландырып жүрсің, деп акт салды. Мен бұл тауарларды істеп шығарған жоқпын ғой. Әне — бүкіл базардағы саудагерлердің тауарлары осындай. Сонда мен ғана қылмыскер болғанмын ба, деп едім, прокуратурадан келген кісі, басқаларда нең бар, өзіңнің жағдайыңды ойла. Әкеңнен көр, соның кесірі тиіп тұр саған, деді. Мен түк түсінбедім — менің тауарларыма әкемнің қандай қатысы бар?
Қалкен. (газетті үстелге тастай беріп) Ох, оңбаға-ан!
Самал. Сенің тауарларыңа әкеңнің қатысы жоқ. Сенің әкең жәй жүрмей әкімнің өзімен жауласып жүр, әлгі прокуратураң соның әмірін орындап отыр. (Қалкенге) Енді не істемексің?
Алма. (сұрақ өзіне қойылды деп ойлап) Білмеймін. Міне, ертеңгі сағат тоғызға повестка беріп кетті. Егер тауарларыңда улы қоспалар табылса, үстіңнен қылмысты іс қозғаймыз, деп кетті прокуратураның қызметкері.
Самал. Әрине, улы қоспалар табылады. Қазіргі тауарлардың құрамында не жоқ дейсің! (Қалкенге) Не істемексің деймін? Мына қызыңды соттатып жібермексің бе? Неге үндемейсің?
Қалкен. Соттай алмайды! Жәй, қорқытып отыр да. (Алмаға) Сен қорықпа. Мен ертең сенімен бірге барамын. Тапқан екен қорқытатын адамды. Біз заң білмейді деп ойлайды ма өздері?!
Самал. (айғайға басып) Әй! Заңның не қатысы бар! Табады олар қолданатын заңды. Сотталып түрмеге түспесе де, бұл қыз бүкіл тауарынан айырылады. Және бәлен мың теңге айыппұл төлеткізеді. Қайдан аласың ақшаны?
Бірер уақыт бәрі үндемей қалады.
Алма. Әке, шынында бізге әкім өшігіп жүр ме? Әлгі прокуратураның қызметкері соны меңзеп тұр ғой. Ол әкім бізге неге тиіседі?
Самал. Кім тиісті бізге! Әкең өзі тиіскен сол әкімге! Әй, оның да кеудесінде жаны бар шығар! Қалай деп ойлайсың — бір ауданды басқарып тұрып, қалай ол өзінің беделін қорғамайды? Оның орнында кез келген адам сөйтеді! Қолындағы бар билікті пайдаланып бағады. Ал, енді істеп көр оған! Сотқа бар, заңға жүгін — не бітіресің? Кімді жақтайды сол сот? Сені ме? Әлде ауданның әкімін бе? Неге сен төрт аяғын тіреп алған есектей тұғырланып алдың? Неге сен айдай анық нәрсені түсінгің келмейді? Түсініп тұрсың сен бәрін, кім болсаң да сен ақымақ емессің. Тек тәкәппарлығың, кеудең жібермей тұр. Сол тәкәппарлығыңның құрбандығына біздің бәрімізді шалайын деп тұрсың. Қызыңды да, ұлыңды да. Өзім жөнінде сөз де қозғамайын.
Алма. Әке, егер мамамның айтқаны шын болса… бірдеңе ғып… келісіп сол әкіммен… қайтарып берші тауарымды. Мен жаңа-жаңа кредитімді төлеп болып, енді өзім шет елге, Қытай мен Түркияға шығып тауар әкелем деп армандап жүргем. Бүгін сол арманымның күл-талқаны шыққандай болды. Үш жыл бойы бір де теңге өзіме жұмсамай еңбектендім, тезірек кредитімнен құтылайын, тезірек шет елге баратын қаражат жинап алайын деп. Енді тауарымнан да, біраз жиған ақшамнан да айырылайын деп тұрмын. Егер сотты болсам не қалады сол ақшадан?
Самал. Айт, айт бәрін әкеңе! Мүмкін жететін шығар санасына. Осының бәрі ол үшін сөзге тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе сияқты.
Қалкен. Кім ұсақ-түйек деп тұр?! Мен бәрін түсініп тұрмын. Әкім қолындағы бар тетіктерді пайдаланып, қоластындағы қызметкерлердің барлығын маған айдап салып тұр. Оның мақсаты мені талқандау. Өйткені дәл қазір біздің ауданда оған қарсылық білдіріп отырған бір-ақ адам қалды — ол мен. Жұрт біздің шайқасымыз немен тынады екен деп, демін ішіне тартып отыр. Кім жеңеді? Жоқ! Олай емес! Мәселе тіпті әкім екеумізде емес! Не жеңеді?! Міне, қандай сұрақ халықты толғандырып тұр! Не жеңеді? Ақиқат па? Әділеттік пе? Сөз бостандығы ма? Адамдар арасындағы теңдік пе? Ұлттар арасындағы теңдік пе? — Әлде жалған ба? Әділетсіздік пе? Теңсіздік пе? Біздің қоғам қандай? Шынында да, жоғарыдан радио, теледидар, газет-журнал арқылы айтылып жатқандай ашық, демократиялық, прогресстік қоғам ба, әлде теңдік жоқ, сөз бостандығы жоқ, қатыгездік пен өтірік, сыбайластық пен жемқорлық билеген қоғам ба? Міне мәселе қайда! Мәселе менде емес, мен тек біздің адамдардың, жүздеген жерлестеріміздің ақырғы үмітімін. Енді мен басымды исем, егер айтқан сөзімді қайтып алсам… арғы жағын ойлағым да келмейді.
Алма. Әке, мүмкін мен сондай қараңғы шығармын. Бірақ жаңағы айтқаныңның бірін де түсінбеймін. Меніңше, ешкім жаңағы айтқан мәселелер жөнінде бастарын қатырып жатқан жоқ. Мен білетін қарапайым адамдар, жанымдағы құрбыларым — солардың неден бастары қатып жүр? Қандай мәселелер оларды толғандырып тұр? Күнделікті күн көріс, табыс, балаларының киетін киімі, ішетін асы. Біреуінің күйеуі арақ ішіп маскүнемдікке салынып барады, соған қандай ем табуға болады? Екіншісінің байы басқа әйелді ұнатып жүр, соған кетіп қалмасы үшін не істеу керек? Үшіншісінің қызы бір ұрымен қосылып, сол күйеу баласы ұрлықпен ұсталып сотталайын деп отыр, оны қалай алып қалуға болады? Және алып қалу керек пе, әлде күйеуінен айырып алған жөн бе? Төртіншісінің ер баласы бұзақы жігіттердің бандасына кіріп үйден безіп кетті, қалай оны сол достарынан ажыратып үйге қайтарып алуға болады? Бесіншісі… тағы-тағысы, сол сияқты толып жатқан шешуін күтіп тұрған сұрақтар бастарын қатырып жүр менің жанымдағы құрбыларымның. Ертең менімен бірге базарға барып сөйлесші солармен, сендерге сөз бостандығы керек пе, деп сұрашы, ол не, дейді. Өйткені олар, онсыз да ауздарына келгенін шатады. Демократия керек пе, десең, басты қатырмашы дер. Одан да сорақы сөзді бетіңе былш еткізбесе. Меніңше, біздің халыққа жаңағы айтылған сөздердің бірі керек емес! Міне, менің пікірім. Ал қалғанын өздерің біліңдер, мен сендердің ұрыс-керістеріңе араласқым келмейді. (ауыр күрсініп орнынан тұрады) Кеттім, жатамын — шаршадым. (кетеді)
Қалкен Самалға қарайды. Самал екі қолын екі жаққа жаяды. Қалкен төмен қарап, біраз уақыт үнсіз отырады. Сосын телефонның тұтқасын алып кнопкаларын басады.
Қалкен. Алло… Жазира?
Жазира. Қалкен?! Сен… сен…
Қалкен. Мен сенің газетің арқылы, өткен жолғы мақаламдағы фактілерді жалған деп мойындап, әкімнен кешірім сұрайын деп едім. Қашан келуге болады?
Жазира үндемейді.
Қалкен. Жазира! Естіп тұрсың ба?
Жазира. Естіп тұрмын. (жылап жатқаны естіледі)
Қалкен. Ертең тоғызға қарай келемін, орныңда боласың ба?
Жазира. (сөздерін өксікпен араластыра) Е-ей, есіл арысым-ай! Бір сен едің соққан дүлей дауылды керек қылмай төтеп тұрған алып емендей. Сені де құлатты ма? Енді не болдық!
Қалкен. (телефонның тетігін басады да тағы біреудің нөмірін теріп алады) Алло! Мен, Қалкенмін. Ертең жаңа өлең… ода әкелемін. Орныңызда боласыз ба?
Мерген. Бәрекелді! Міне нағыз ақылды жігіттің шешімі! Әкел, әкел, мен тосамын. Сен үшін есік ашық, сені тосып түні бойы отыруға дайынмын.
Қалкен тұтқаны тастай береді. Екі алақанымен бетін басып төмен қарап қатып қалады. Самал аяқтарын ақырын басып бөлмеден шығып кетеді.
Қалкен. (басын көтеріп, көрермендерге) Міне, өмір прозасы деген осы. Бұл проза басталысымен поэзиямен қоштасуға тура келеді. Көпшілік поэзияны ұйқас сөйлемдер жинағы деп біледі. Жоқ, олай емес. Ұйқас сөйлемдерден құралған шумақтар — ол поэзияның сыртқы пішіні. Ал нағыз поэзия, нағыз ақындық — ол өміріңді өзің ойлағандай, өзің жоспарлағандай, өзіңнің еркіңмен бағдарлап сүруіңде. Ондай өмір тек нағыз ақындардың еншісіне беріледі. Және де сол ақындар поэзияның биік шыңына қымбат баға төлеп шығады. Мен сол биік поэзияның шыңына шыға алмадым. Мен төменде жер бауырлап қалдым. Сондықтан… сондықтан мен енді өзімді ақын деп санай алмаймын. Өлеңдер жинағым да жарық көрер… мүмкін, сыйлықтарға да ие болар. Бірақ, мен ақын емеспін. Енді ақын емеспін. Мен енді тек ұйқас сөйлемдер құрастырушымын.
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Қалкеннің жаңа кітабының презентациясы. Бергі планда түрлі жеміс және газдалған сусын тұрған үстел. Екінші планда, тағы бір үстелдің жанында Алма кітап сатып тұр. Самал соның жанында еденде тұрған бумалардан кітаптарды алып Алманың алдына қойып жатыр. Қайрат сол бумаларды сырттан әкеліп жүр. Тағы бір үстелдің жанында Қалкен өзінің кітабын сатып алғандарға автограф жазып отыр. Әр үстелдің жанында кезекте қатар-қатар тұрған адамдар. Артқы планда мінбер тұр, президиумға дайындалған, үстіне бір-екі шоқ гүл қойылған, үстел. Залда музыка ойнап тұр, халық гу-гу әңгімеде.
Бергі планда тұрған үстелдің жанына қолтықтарына бір-бір кітап қысып алған ер адам мен әйел келіп, жемістен ауыз тиіп тұрып әңгімелеседі.
Ер адам. Кітап қалай? Бірдеңе оқып үлгердің бе?
Әйел. Иә, біздің жаңа әкімге арналған оданы оқып шықтым.
Ер адам. Қалай екен?
Әйел. Не деуге болады? Әкім ұлттық батырдай мадақталыпты.
Ер адам. Оның бізге келгеніне бір-ақ ай болған жоқ па? Бір айдың ішінде не тындырыпты сонша ода арнайтындай?
Әйел. (мырс етіп күліп) Сол ода болмаса бұл кітап та жарық көрмеуші еді. Аудан бюджетінен қаржыланыпты деген сыбыс бар.
Ер адам. Е, онда түсінікті! Қазіргі заманда кітап басып шығарғың келсе, не биліктегі біреуді, не қалталы біреуді мадақтау керек.
Екеуі үстелге жақындаған Мерген мен Мақпалды көріп, әңгімелерін жалғастырып кете барады.
Мерген. (екі стаканға сусын құйып, біреуін Мақпалға ұсынады) Ода қалай?
Мақпал. Жарап-ақ тұр. Алайда…
Мерген. (мырс етіп) Алайда, басқа өлеңдерге қарағанда, нашарлау дейсің ғой.
Мақпал. Иә, дәл өзі! (ол да күледі)
Мерген. Әрине, ол заңды. Еріксіз жазылған өлең қандай, жүрек жарып шыққан сөз қандай!
Мақпал. Иә. Әсіресе маған, Қош, қайран ғашығым, деген өлең ұнады. Қандай түбсіз мұң! Кімге арналған сол өлең?
Мерген. Сен шынында да ештеңе білмейсің бе?
Мақпал. Жоқ, не білуім керек еді?
Мерген. Мен саған бір нәрсе айтайын. Саған өтірік — маған шын.
Мақпал. Жоға! Мен саған сенемін ғой.
Мерген. Сен шынында Қалкен мен Жазира туралы ештеңе естімедің бе?
Мақпал. Ә, онда түсінікті! Арғы жағын айтпасаң да болады.
Мерген. Ал сен сол Жазираның біздің басекеңнің тоқалы болғанын да білетін шығарсың?
Мақпал. (Мергенді көкірегінен итеріп жіберіп) Кет әрі! Не дейд?! (күледі, оған Мерген қосылады)
Мерген. Ол өзі бір дастанға лайық оқиға. Оқиғаның басын өзің де білесің — әкімнің бірінші жиналысында басталған… (Самал мен Алманың жақындап келе жатқандарын көріп, Мақпалды қолтықтап алып кетеді)
Самал мен Алма Қайраттың жеткізген кітаптары бітіп қалғандықтан сусын ішіп, жемістерден ауыз тиюге үстелге жақындайды. Олардың соңынан бір жігіт пен қыз келеді.
Жігіт. Енді кітап сатылмай ма?
Алма. Кітап таусылып қалды.
Қыз. (күледі) Осы мен дегенде бәрі таусылып қалатын несі бар екен?
Алма. Жоқ, кітап бар, жететін. Қазір інім әкеледі.
Самал. Кешіріңіздер, біз осыншама көп сұраныс болады деп ойламап едік. Сәл тоса тұрыңыздар, қазір балам жеткізеді.
Жігіт пен қыз кетеді.
Алма. Әкем нағыз ақын екен! Мен оның өлеңдерін оқырман дәл осындай ынтамен қарсы алады деп ойламағам. Қарашы, презентацияға келген халықты — құмырсқадай құжынайды!
Самал. (сусын ұрттап жатып, күліп жібереді) Осылардың бәрі әкеңнің поэзиясына құштар деп ойлайсың ба?
Алма. (шешесіне таңырқай қарап) Поэзияға құштар емес адам мұнда келе ме?
Самал. Баламысың деген осы! Мұнда келгендердің көбін әкімшілік жинап отыр. Әкімнің атынан әр мекемеге, мәселен, біздің мектепке, бәлен кісі презентацияға барсын деген үкім келді. Сосын біздің директор мұғалімдерді жинап алып, Қалкеннің презентациясына барасыңдар деп бұйырды. Жәй барып қоймай, әрқайсың бір-бір кітап сатып аласыңдар, дүйсенбі күні өзім тексерем, кімде кітап болмаса, кім презентацияға қатыспаса — менен жақсылық күтпеңдер, деді. Қандай шаралардың арқасында мына зал халыққа толғанын, неліктен әкеңнің кітабына осындай сұраныс туып отырғанын түсіндің бе?!
Алма. (жүзіндегі қуаныш арайы су сепкендей басылып) Ә, солай ма?! Сонда не үшін әкім әкеме мұндай құрмет көрсетіп отыр?
Самал. (күліп) Әкім сенің әкеңді қайтсын! Ол өзінің қамын ойлап отыр. Кітаптың бірінші бетіндегі соған арналған, соны мадақтап жазылған оданы көрген жоқсың ба?! Әкім бұл презентациямен өзінің беделін тағы бір биік дәрежеге көтерейін деп тұр. Республикалық газеттің тілшісі де келіпті!
Алма. Ода әкімге арналған ба? Басеке деген кісі туралы емес пе.
Самал. Басеке — сол әкімнің өзі! Басар Базарұлы! Атын атасаң да Басеке, бастық десең де басеке! Осы күнге дейін әкімнің есімін білмей қайда жүргенсің?!
Алма. Жоқ, әкемнің әкімді мақтап ода жазатынына сену қиын.
Самал. Енді не істемек?! Сол ода болмаса кітап басылымнан шықпайды. Ода болмаса оған мұндай презентация қайда?! Мына құмырсқадай құжынаған халықты қалай жинап алушы едік? Мына залды бізге кім береді?
Алма. Залды берсе несі бар?! Әкемдей ақынға бермегенде, кімге береді?
Самал. Әкеңдей ақын?! Кім оны біліп жатыр? Ал Барқыт Жүсіпова қандай әйгілі әнші?! Эстрада жұлдызы емес пе! Ал соған осы залды бермеді ғой. Ол осында концерт қоя алмай кетті. Соның бәрін істеген біздің әкім. Ол бүкіл мекемелердің басшыларына, Барқыттың концертіне ешкім бармасын, деген бұйрық беріпті. Со жолы біздің директор, оқушыларыңа ие болыңдар, концертке біреуі барып қалса жауапты әкімнің алдында өздерің бересіңдер, деді. Сосын, Барқыт қаладан кетіпті деген хабар келгенше балаларды сыныптан шығармай ұстап отырдым. Тіпті әжетханаға да шығармадым. Ал Барқыт Жүсіпова кім, сенің әкең кім, өзің ойлашы.
Алма. (төмен қарап) Е-е… м-м…
Самал. Не? Не дедің?
Алма. Жәй… маған енді бұл презентация қызық болмай қалды. Кітап та сатқым келмейді.
Самал. О не дегенің?! Кітап өтіп тұрғанда сатып қалу керек. Әсіресе мынадай қымбат бағамен. Саудадан түскен ақшаның елу пайызы біздікі. Ертең, кітап дүкендеріне мұндай бағамен өткізе алмаймыз.
Алма. Бұл кітаптың бағасы мен үшін түсіп қалды. Кітаптың да, әкемнің де. Меніңше, әкем бекер осы оданы жазып, текке кітабын арзандатып алды.
Самал. Үйбай! Мына қызды қара! Сен не — ұмыттың ба?! Әкеңді көндірген сен емес пе! Сенің көз жасың әкең үшін ақырғы тамшы болған жоқ па! Әкім екеуіңнің қатынастарыңда жұмысым жоқ — тек тауарымды қайтартып берсең болды, Қытай мен Түркияға баруға армандап жүр едім! Сен емес пе осыны айтқан?!
Алма. (жылап жібереді) Иә! Мен, мен! Бірақ осындай сұмдық боларын, осндай масқараға әкемді батыратынымды білгенде, мен сол арманымнан бас тартар едім. (фартугін шешіп үстелдың үстіне тастай салып жүгіріп шығып кетеді)
Самал. (фартукты алып өзіне тағып жатып) Мынаны қарай гөр! Мен осы қызды түсінбеймін. (кетеді).
Кітап сатылысы тоқтап қалғасын Қалкеннің жанындағы кезек те бітіп, ол автограф жазудан босайды. Кезектің соңында тұрған Жазира кітабын оған ұсынады. Қалкен кітапті алмай, орнынан тұрып, бергі планда тұрған үстелге беттейді. Жазира соңынан еріп келеді.
Қалкен. (сусын құйып жатып) Кешір, Жазира, мен саған автограф жаза алмаймын.
Жазира. Неге?
Қалкен. Не деп жазайын?! Бір сатқын екінші сатқынға кітап арнайды, дейін бе? Бұл кітаптағы өлеңдерді мен саған арнап жазғам. Бірақ оның бәрі өткен өмірде қалды. Енді міне — бұл кітапты да сатып жібердім. Өте арзан бағаға саттым.
Жазира. (көзінің жасын сүртіп тастап) Сонымен біз сатқын атандық… иә, солай болды. Мен қазір өзімді жаман түс көріп жатқандай сезінем. Әне-міне оянып, осының бәрі түс екен ғой деп қуанып көкірегімді толтыра бір дем алсам ғой деп армандаймын. Әттең! Ояна алмаймын. Әрине, менің сатқындығым айқын. Мен сені… сенімен бірге өзімді де бірінші болып сатып кеттім. Ал сен ше? Сен қалай құладың? Есіңде ме — мені күреске шақырғаның?! Жарайды, менің затым әйел… қанша қауқарлансамда мен тек бір осал қатынмын. Ал сен неге күреспедің? Жаумен жалғыз қалып ойсырадың ба?
Қалкен. Жалғыз қалғаным шын. Бірақ, жалғыз да шайқасуға болар еді. Егер жау шайқас ережелерін ұстанса. Ал егер ол ережелерді өрескел бұзса ше?! Егер жау қарсыласын айналып кетіп, ту сыртындағы қорғансыз жатқан қатын-қалашты тұтқындап алып, бала-шағаң өлмесін десең қаруыңды таста десе не амал қалады?!
Жазира. Е-ей, адал арысым-ай! Сен мұның бәрін әуел бастан білмедің бе?! Өзің адал болғасын бұкіл жұртты да адал деп жүрдің ғой. Өзіңдей бүкіл жұрт өмірдің мағынасы адал еңбек пен биік нысаналар деп ойлап жүр дедің бе?! Жо-оқ! Егер солай болса адамзат баяғыда жерұйықты тауып алушы еді. Биік нысаналар тек асыл даралардың еншісі. Еншісі де, соры да! Сен сол даралардың бірісің, сондықтан да әрдайым жалғыз боласың. Және де өмірдің бүкіл ауыртпалығы сенің, сен сияқты ардақтылардың басына түспекші. Бүкіл қиянаты, қатыгездігі мен әділетсіздігі, бүкіл зұлымдығы мен енжарлығы сенің еншіңе тимек.
Қалкен. Жоқ Жазира, мен дара емеспін. Мен сол ардақтылардың қатарына ене алмадым. Мен соларға сай бола алмадым. Мен, өкінішке орай, сол төніп келген зұлымдық пен қатыгездіктен басымды сауғалап алып кеттім. Ең ақырғы мезетте бұғып қалдым. Сен өзіңді менің алдымда кінәлімін деп санап жүрсің, өзіңді менің деңгейіме, дәрежеме жете алмадым, сай бола алмадым деп жүрген боларсың. Жоқ, олай ойлама. Сен айтқандай — сенің затың әйел. Ал менің ер деген атым бар еді. Сол ер деген атағыма сай бола алмадым, ерлік жасай алмадым, жауға төтеп бере алмадым, оған айламды асыра алмадым. Өжет сарбазбын деп жүріп, биік нысананы аламын деп жүріп, күнделікті ұсақ-түйек, күйбең тіршіліктің, тұрмыстың алдында екі қолымды көтеріп жауға берілдім де кеттім. Мені құртқан сол тұрмыс деген түбі жоқ тұңғиық, мен соған белуарымнан баттым да қеттім. Өжет сарбаз қатын болып шыға келді…
Кітап сатылуы қайтадан басталады, енді Қайрат өзі әкелген бумаларды өзі ашып, Самал сауданы жалғастырды. Қалкеннің сөзін тағы бір автограф алғыш топ бөліп жібереді.
Топ. Қалкен аға, автограф жазып беріңізші! Маған да! Міне, менің кітабыма да! (Қалкенді қоршап алып Жазирадан алыстатып әкетеді)
Жазира солардың соңына біраз уақыт қарап тұрып, тұрып кетеді. Жұмағали келеді.
Жұмағали. (Асығыс жүріспен мінберге өтіп кетіп жұрттың назарын өзіне қаратпақшы болып алақандарымен мінберді соғады) Тыныштық! Тынышталыңдар! Әй, сөндір музыканы! (жұрт тынышталғасын) Астыртын хабар! Бүгін ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері аудан әкімі Басар Базарұлыны, бес миллион теңге пара алып жатқан жерінде тұтқындап, абақтыға қамады. Оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Обылыс әкімінің бұйрығы бойынша, біздің ауданға жаңа әкім тағайындалғанша, әкімнің қызметі уақытша маған міндеттелді. Әкімшілік қызметкерлерін әкімнің кабинетіне жиналысқа шақырамын. Ал, тараңыздар, презентация болмайды.
Топтың ішінен біреу. Қашан болады?
Жұмағали. Шынын айтсам — білмеймін. Қазіргі жағдайға қарағанда, мүлдем болмайытын шығар.
Тағы біреу. Енді мына сатып алған кітаптарды не істемекпіз?
Жұмағали. Бұл сұраққа мен жауап бере алмаймын. Менің бұл іс шараға еш қатысым жоқ. Бұл сұрақты кітап авторына қойған дұрыс болар. (кетеді)
Бірінші адам. Автор, мына кітапты қайтып алыңыз. Ақшамды қайтып беріңіз.
Екінші адам. Мен де соны талап етемін.
Үшінші адам. Мен де…
Самал. Жоқ! Болмайды! Сатылып кеткен тауар қайтып алынбайды! О несі ей!
Халық шуласып Қалкен тұрған үстелдің жанынынан өтіп жатыр. Қалкен алақандарымен бетін басып төмен қарап үнсіз отырып қалған. Кейбіреулері сатып алған кітаптарын сол үстелдің үстіне тастап кетіп жатыр. Самал өтпей қалған кітаптарын жинап, Қайрат екеуі кетеді. Олар кетісімен Қалкен жалғыз қалады. Оның жанына Ақынжан келеді. Оның қолында кітап.
Ақынжан. (Қалкенді түртіп) Аға, жұрттың бәрі қайда кетіп қалды?
Қалкен басын көтереді, оның көздерінен аққан жас бетін жуып кетіпті.
Ақынжан. Аға! Сіз неге жылап отырсыз? Үлкен кісі жылай ма?
Қалкен. (бетін алақанымен сүртіп жатып) Жоқ… жылаған жоқпын. Жәй… көзіме бірдеңе түсіп кеткен-ау деймін. Сен өзің қайдан келдің? (залда баланың ата-анасы бар ма дегендей жан-жағына қарайды) Сенің есімің кім?
Ақынжан. Ақынжан. Мен ақын боламын.
Қалкен. (жымиып) Есімің жақсы екен. Ал ақын бала Ақынжан, шығарған өлеңдерің бар ма?
Ақынжан. Иә, бар.
Қалкен. Кәне, оқып берші.
Ақынжан. Мен Ақынжан баламын
Ата-ана тілін аламын.
Үлкен ақын болғанда
Өз жолымды табамын.
Қалкен. Бәрекелді! Сен шынында да ақын бала екенсің. Ал мына кітапты саған кім берді?
Ақынжан. Ешкім берген жоқ. Тауып алдым. Ә-әнеу гүл тұрған үстелдің жанында жерде жатыр екен, сосын көтеріп алдым. Кітап жерде жатпау керек қой, иә?
Қалкен. Иә, дұрыс айтасың. Не жатса да кітап жатпауы керек еді. Ал осы кітапты оқыдың ба?
Ақынжан. Иә, оқыдым.
Қалкен. Ұнады ма?
Ақынжан. (кітаптың бетін ашады) Иә, ұнады. (бірінші бетін аттап өтіп) Жоқ, мына ода ұнаған жоқ. Ә! Мына өлең тамаша екен! Оқып берейін бе?
Қалкен. Оқышы.
Ақынжан. Болашақ ақындарға.
Келеді басқа заман, келеді әлі
Ақындар бас бостандық алар бәрі
Көкірегін еркін кернеп, бар дауыспен
Шырқатар ән-өлеңін жас пен кәрі.
Келеді әлі, келеді басқа дәуір
Адамдар бір-біріне болар бауыр
Сол дәуірге, шіркін-ай, жетер ме екен?
Өлеңімнің, тым құрғанда, бір шумағы.
Кім білсін, мүмкін жетер, мүмкін жетпес,
Жетсе де түсіне ме екен бір әріптес.
Ақынның қолын байлау, тілін кесу,
Ешқашан, еш заманда мүмкін емес!
Десе де көрінбейтін кісен қолда
Кесілмеген тілің де тіс қорғанда.
Сол қорғаннан байқаусызда шығып кетсе
Тіл түгілі алынар қу басың да!
Келер ме екен жаңа заман, келер ме екен?
Ақындар тіл бостандық алар ма екен?!
Қалкен. Кім жазғанын білмейсің бе?
Ақынжан. Жоқ. Бірақ, кім болса да жақсы ақын жазыпты. Нағыз ақын екен.
Қалкен. (балаға байқатпай көзіне келген жасын сүртіп) Иә, мүмкін… мүмкін солай да болар. (орнынан тұрып балаға қолын береді) Ал, Ақынжан, кеш болды ғой, кетейік.
Ақынжан. Иә, кетейік…
Шымылдық
ТӨҢКЕРІС
Трагедия
Кейіпкерлер:
Ғабдуррахман — шейх, «Әл-хизб» партиясының басшысы.
Асқар — имам.
Жамал — Асқардың зайыбы.
Гүлнәр — Асқардың қызы.
Берік — Асқардың ұлы.
Иван — Гүлнәрдың жігіті.
Мария — Иванның шешесі.
Лариса — Иванның қарындасы.
Халел — ҰҚК қызметкері.
Қази, оның хатшысы, сарбаздар, жендеттер, шейхтың көмекшілері және қылмыскерлер мен куәгерлер.
Қала тұрғындары, стадиондағы тұтқындар мен күзетшілер.
БІРІНШІ КӨРІНІС
Қала саябағы. Ағаштар қызыл-сары жапырақтарға бөленген, яғни күн күз. Бір орындықтың жанында, тыныштық таба алмай, Иван ерсілі-қарсылы жүріп жүр. Ол қайта-қайта ағаш арасындағы соқпаққа көз тастап қояды. Со жақтан Лариса келеді.
Иван. (қарындасына ұмтыла) Лариса, сенбісің? Гүлнәр қайда?
Лариса. (орындыққа отыра кетіп) Ол келмейді.
Иван. Неге?
Лариса. Неге, неге! Келмеймін деді, бітті.
Иван. Неге келмейді? Қандай себеппен?
Лариса. Қолым тимейді дейді.
Иван. Қолы тимейтіндей не істеп жатыр?
Лариса. Демалып жатыр.
Иван. Демалып?! О не деген сөз өзі?!
Лариса. Білмейсің бе?! Демалып жатыр дегені — дем алып жатқаны!
Иван. (ашулана бастап) Әй, Лариса! Қылжақты қойсаң. Жөніңді айт — Гүлнәр қайда?
Лариса. Кім қылжақатап тұр? Келмеймін деді, қолым тимейді деді, дем аламын деді. Ал саған ол…
Иван. Не деді? (пауза) Айтсаңшы енді! Не деді ол маған?
Гүлнәр. (ағаш тасасынан шыға келіп) Ол саған да демалсын деді.
Иван. Гүлнәр! (құшақтай алып сүйгісі келеді)
Гүлнәр. (жігіттің көкірегіне қолдарын тіреп сүйгізбейді) Сабыр, сабыр! (құшағынан сытылып босап орындыққа отырады, Иван да соның жанына жайғасады) Ұмытпа, біз мұнда жалғыз емеспіз.
Иван. (Ларисаға) Лариса, үйге қайт!
Лариса. Кетпеймін.
Иван. Бар дедім ғой!
Лариса. (одан алыстап отырып, басын шайқайды) Жооқ! Кетпеймін.
Иван. (орнынан тұра беріп) Әй! Мен саған не дедім!
Гүлнәр. Тиме, отыра берсін. Ол бізге бөгет болмайды.
Иван. (қарындасына біраз қарап тұрады, сосын оның қозғалмасына көзі жеткесін, орнына отырады да Гүлнәрға бұрылады) Гүлнәр, меніңше…
Гүлнәр. Ваня, жанарларыңды сондай қайғылы қылмашы. Бұлай қарайтындай еш себеп жоқ.
Иван. Неге себеп жоқ?! Меніңше… меніңше, біздің екеуміздің болашағымыз… меніңше, біздің болашағымыз бұлыңғыр.
Гүлнәр. Неге?
Иван. Сен Асқар ағамен сөйлестің бе?
Гүлнәр. Әкеммен бе? Не жөнінде?
Иван. Екеуміз жөнінде.
Гүлнәр. (күліп жібереді, оған Лариса қосылады) Сен де қайдағыны айтады екенсің. Қалай мен әкеммен ондай сөз қозғамақпын?
Иван. Жарайды. Ал Жамал апаймен сөйлестің бе?
Гүлнәр. Анам бәрін біледі.
Иван. Сонда ол кісі не дейді? Қарсы емес пе?
Гүлнәр. Қалай деп айтсам екен… өзің білесің, әкем де, анам да сені жақсы көреді. Алайда, бұл жәй мәселе емес.
Иван. Неге? Бұл сенің пікірің бе?
Гүлнәр. Жоқ. Бұл анамның сөзі. Мәселе әкемнің имам болғанында.
Иван. Түк түсінсем бұйырмасын! Имам болса ше?
Гүлнәр. Тү-ү! Түсінбейтін не бар! Өзің ойлашы — имамның қызы мұсылман емес адамға тұрмысқа шықса не болғаны?!
Иван. Иә, не болғаны?! Гүлнәр, сен Асқар ағамен сөйлесуің керек еді. Мен білемін — ол қарсы болмайды. (пауза) Жоқ! Мен ол кісімен өзім сөйлесемін! Иә, мен өзім сөйлесемін. (орнынан тұрып, кетуге ыңғайланады)
Гүлнәр. (оның қолынан тартып орына отырғызады) Тоқтай тұр, Ваня. Иә, әкем қарсы болмас. Бірақ біз оның жағдайын да ойлаумыз керек.
Иван. Оның жағдайын?!
Гүлнәр. Иә. Мешіттегі жамағат не дейді? Біз соны да ойлауымыз керек. Әкем жанындағы ақсақалдарымен санаспай қоймайды. Ал сол ақсақалдар екеуміздің қосылуымызға қалай қарайды? Анамның айтуынша, әкем мен сол ақсақалдардың арасында үлкен мәселе пайда болыпты.
Иван. Неліктен? Екеуміз бір-бірімізді ұнатқанымыздан ба?
Гүлнәр. (тағы да күледі, оған тағы да Лариса қосылады) Жоқ, әрине! Олар әлі екеуміз жөнінде ештеңе білмейді. Ол проблеманы тудырған анам. Ақсақалдар анамның мұсылман әйелге тән киім кимейтінін айтып әкемнің бетіне басатын көрінеді. Ал анам, мен мектепте пәренже киіп жүре алмаймын, дейді.
Иван. Иә-ә, мәселе осыншама қиындап кетеді деп ойламап едім. Және де Жамал апай дұрыс айтқан екен — қалай қазіргі заманның әйелі, мұғалима пәренже киіп жүрмекші? Бұл миға сыймайтын жәйт!
Гүлнәр. Жоқ, оған пәренже ки деп тұрған ешкім жоқ. Әкем, ұзын етек көйлек киіп, хиджап жамылыңдар, дейді. Ал анам, мен ұзын етек пен хиджапқа қарсы емеспін. Бірақ соларды әйел өз қалауымен киуге тиісті. Еріксіз, дүре астына алып киіндірген дұрыс емес, дейді. Мен де солай ойлаймын. Ал әкем… ол болса… мен оны кейде аяймын. Меніңше, ол өмір мен дінді сәйкестіре алмай жүрген сияқты. Дін өзінің қағидаларын ұстануды талап етеді, ал өмір… ол өзі басқа бағытпен кетіп бара жатқан жоқ па.
Иван. Жақсы, ол солай-ақ болсын. Алайда, егер сен ұзын етек көйлек киіп, хиджап жамылсаң мен қарсы болмас едім. Ақсақалдардікі де дұрыс шығар — қазіргі қыздар мен келіншектер тым жалаңаштанып жүр. Ал егер Асқар аға біздің қосылуымызға қарсы болса… біз не істемекпіз?
Гүлнәр. Білмеймін… жоқ, ол мүлдем қарсы болмауға тиісті. Бірақ… (жігітіне қарап күлімсірейді) Ваня, сен осы… ислам дінін қабылдасаң қайтер еді, ә?
Иван. (таңырқаған кейіпте Гүлнәрға бүкіл денесімен бұрылады) Ислам дінін?! Мен?!
Гүлнәр. Иә. Неге сен таңырқайсың? Мешіт жамағатының арасында бір орыс мұсылман бар екен, онда тұрған не бар?!
Иван. Жо-жоқ, мен ислам дініне еш қарсылығым жоқ. Алайда… біз христиан емеспіз бе… (қарындасына қарап қойып) біз православие дінінің өкіліміз ғой.
Гүлнәр. Сонда сен не — сондай діндар адаммын дейсің бе? Сен не — шіркеуге барып жүрмісің?
Иван. Жоқ… бірақ…
Гүлнәр. Ваня, мен саған ислам дінін қабылда деген шарт қойып тұрған жоқпын. Өзің біл. Алайда, егер сен мұсылман дінін қабылдасаң еш мәселе тумас еді. Әкеме да ешқандай сөз келмеуші еді. Ал маған келсек… маған бәрібір, менің күйеуім мұсылман болсын мейлі, христиан болсын мейлі. Тіпті атеист болса да! Мүмкін сен ислам дінін қабылдағасын ата-бабаларыңның дінін сатып кетемін деп ойларсың. Ал меніңше оның бәрі түкке тұрмайтын нәрсе. Қарашы өзің — қазіргі жастар түрлі секталарға өтіп жатыр. Қайдағы жоқ куәгерлер мен кришнаиттер де болып жатыр. Ал бірақ, тату-тәтті өмір сүруде. Меніңше, ең бастысы — біз бір-бірімізді шын сүйсек, бір-бірімізді сыйлап өтсек болғаны. Солай емес пе?
Иван. Иә-ә… (сәл ойланып үндемей отырып қалады)
Гүлнәр. Жә, қоялық бұл әңгімені, мен өзі сенің басыңды тым қатырып жіберген сияқтымын.
Иван. Жоқ, Гүлнәр. Қатырған жоқсың. Өйткені бұл өте маңызды мәселе. Бізге қазір бүкіл мәселелердің басын ашып алған дұрыс болады. Ал маған келсек, мен, Гүлнәр… өзің білесің ғой — мен сен үшін бәріне дайынмын. Сен үшін, сенің махаббатың үшін, біздің болашағымыз үшін. Керек болса, ислам дінін де қабылдауға дайынбын. Ол үшін не істеу керек?
Лариса. (түрегеліп қол шапалақтайды) Алақай! Менің ағам мұсылман болады! Оны енді сүндетке отырғызады! (Гүлнәр күледі) Сүндетке отырғызады!
Иван. Қап бәлем, мына қыздың ызасы өтті! (қарындасына ұмтылады, бірақ қыз орындықты айнала қашып ұстатпайды)
Лариса. Иә, иә! Сені сүндетке отырғызады. Сосын сенде мы-ына-адай сақал болады! Мы-ына-андай сапсиған сақал!
Гүлнәр. (күлкісін зорға тыйып, қарындасын орындықты айнала қуып жүрген Иванды тоқтатады) Ваня! Лариса! Қойыңдар енді. Мәселе сүндетке отырғызуда емес. Мен әкемнен сұрап білейін, ислам дінін қабылдау үшін не істеу керек екенін. Мүмкін сен өзің онымен сөйлесерсің?
Иван. (ентігін зорға басады) Иә! Иә! Дұрыс! Дұрыс, мен Асқар ағамен өзім сөйлесемін. (кетуге ыңғайланады) Ол қазір қайда екен. Мешітте ме?
Гүлнәр. Тоқта, отыр. Ол қазір қалада жоқ, жол жүріп кеткен. Ертең келеді. Сонда сөйлесесің. Тек оған, ислам дінін сіздің қызыңызға үйлену үшін қабылдаймын, деп жүрме. Онда бар шаруаны бүлдіресің.
Иван. Жо-ға! Мені мүлдем ақымақ деймісің! Мен өз ықыласыммен мұсылман боламын. Өйткені мен Асқар ағаны сыйлаймын. Сондықтан оның дінін де сыйлауға тиістімін. Ал мамам… мамам қарсы болмайды. Ол бір сөзінде, егер мен православие дінінде тумасам, мұсылман болар едім, деген.
Гүлнәр. Иә, Мария тәте қарсылық білдірмесе жақсы болар еді. Ал енді кетейік, маған университетке бару керек.
Иван. Мен сені жеткізіп тастайын. (екеуі кетеді)
Лариса. Ой, қандай қызық! Мен де ислам дінін қабылдасам қайтер екен? Маған өзі хиджап жараса ма? Киіп көру керек. Осы біздің қалада хиджап сата мекен? Әлде пәренже киіп аламын ба. (пәренже киген әйелдің жүрісін келтіріп кете барады)
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Сахнада екі адамнан бөлініп, шығыс жекпе-жек күресінің бір түрімен жаттығу жүргізіп жатқан жігіттер. Олардың үстінде біркелкі, сұр түсті униформа. Барлығы мұртсыз қаба сақалдылар. Олардың арасында жаттықтырушы жүр. Ол бір жұптан екінші жұпқа жақындап келіп, жекпе-жекті тоқтатып ескерту жасайды. Содан кейін күрес тағы да жалғасады. Жігіттер еміс-еміс айқайлап қояды. Ғабдуррахман шейх келеді. Оның үстінде белбеу-портупеялармен таңып тасталған униформа, басында ақ сәлде, аяқтарында мәсі. Шейх кірісімен жаттықтырушы жаттығуды тоқтатады да жігіттер Ғабдуррахманға жүздерін бұрып тұра қалады.
Ғабдуррахман. Ассаламу ғалайкүм, уа рахматуллаһи уа баракәтүһ!
Жігіттер. Уа ғалайкүм ассалам, уа рахматуллаһи уа баракәтүһ!
Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Ұлы халифат орнату үшін басталатын жиһадқа дайын болыңдар. Рухтарыңды да, денелеріңді де шынықтырып, пайғамбарымыздың зульфикар семсеріндей шыңдалыңдар. Өйткені біз жақын арада исламның жасыл туын көтереміз. Біздің туымыздың астына жүздеген, мыңдаған мұсылман қосылады. Сонда біз бүкіл жамандық атаулыны, бүкіл күнәһарлар мен қылмыскерлерді, бүкіл кәпірлерді жер бетінен жойып жібереміз. Аллаһтың сарбаздары! Сол күнге дайын болыңдар! Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммад расулуллаһ!
Жігіттер. Лә иләһә иллалаһ, Мұхаммад расулуллаһ!
Ғабдуррахман. (оң қолының жұдырығын жоғары көтеріп көтерінкі дауыспен) Аллаһү Акбар!
Жігіттер. Аллаһү Акбар!
Бір жігіт Асқарды ертіп келеді. Имамның үстінде тон, басында бөрік — осының бәрі күннің қыс екенін айқындап тұр.
Асқар. Ассаламу ғалайкүм, мұхтарам жамағат!
Жігіттер. Уа ғалайкүм ассалам!
Ғабдуррахман. (имамды қарсы алып, екі қолын беріп сәлемдеседі) Ассаламу ғалайкүм.
Асқар. (шейхтың қолын алып) Уа ғалайкүм ассалам. Менің есімім Асқар. Мен осы қаланың мешітінің имамымын. Мені осында шақырған сіз бе?
Ғабдуррахман. (Асқардың сыртқы киімін шешісіп имамды ертіп келген жігітке береді) Иә, мен. Асеке, сізбен танысқаныма қуаныштымын. Менің есімім Ғабдуррахман. Мен біздің ұйымның шейхімін.
Асқар. (жан-жаққа көз тастайды) Қандай ұйымды айтасыз? Мына жігіттердің киімі біртүрлі ғой. Сіздер өзі қай жақтан келіп едіңіздер?
Ғабдуррахман. Асеке, жоғарлатыңыз. Асықпай әңгімелесейік. (екеуі сахнаның бір жағындағы кілем төсеп тасталған жерге жайғасады, жігіттер де жаттырықтырушының белгісімен екі-үш сап құрып, мешітте отырғандай имам мен шейхтің қарсы алдына отырады) Бұл ұйым жәй ұйым емес. Бұл партия. Мына жігіттер — біздің партиямыздың негізі, жұдырығы.
Асқар. Ол қай партия?
Ғабдуррахман. «Әл-хизб» партиясы.
Асқар. Әл-хизб?! Ондай партия бар меді?
Ғабдуррахман. Бар. Енді бар деуге болады. Бірақ бұны бізден басқа ешкім білмейді. Міне, көрдіңіз бе, біз сізге ең маңызды құпиямызды ашып отырмыз.
Асқар. Сонда не? Партияңыз тіркеуден өтпеп пе еді?
Ғабдуррахман. (мырс етіп) Қандай тіркеуді айтып отырсыз?
Асқар. Қандай тіркеу болушы еді! Заң бойынша кез-келген партия әділет министрлігінде тіркелуге тиісті. Тіркелмеген партия заңсыз саналады.
Ғабдуррахман. Бізге ондай тіркелу қажет емес. Ал заңды-заңсыздығына келсек… біздің мемлекетімізде қазір бәрі заңсыз. Өйткені сіздің заң деп отырғаныңыз заң емес. Аллаһтың бір-ақ заңы бар — ол шариғат заңы. Біз сол заңға жүгінеміз, сол заңды құптаймыз, сол заңмен өмір сүреміз, және сол заңды мемлекет заңы ету үшін күресеміз.
Асқар. М-м… Бірақ біздің мемлекет — зайырлы мемлекет, ал шариғат заңын қабылдау үшін бүкіл мемлекет жүйесін өзгерту керек. Ата заңымызды өзгерту керек.
Ғабдуррахман. Міне, сол мемлекет жүйесі мен ата заңды өзгерту үшін біз осы партияны ұйымдастырдық.
Асқар. Сонда қалай мемлекет жүйесін өзгертпексіздер?
Ғабдуррахман. Тәсілдер көп. Мәселен, мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде билікті қолға алып мемлекеттік жүйені де, ата заңды да өзгертуге болады.
Асқар. Төңкеріс?! Сіз мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырайын деп жүрсіз бе?
Ғабдуррахман. Иә, ол да мүмкін. Бірақ дәл қазір мұндай мақсат біздің күн тәртібімізде тұрған жоқ. Партия әлі жас, қатарымыз әлі аз. Мемлекет билеу үшін мыңдаған жақтастарымыз болуы керек. Ал сол жақтастарымыз шариғат заңын білуі тиіс. Осында отырған жігіттердің өзі сол заңды дұрыс білмейді. Ал менің барлығына қолым тимейді, мен ұйымдастыру жұмысынан шыға алмаймын. Сондықтан біз сізді өзіміздің қатарымызға шақырып отырмыз, осы жігіттерге ұстаз болыңыз деп. Сіздің діни біліміңіз жоғары, сіз Мәдинада дәріс алдыңыз, енді шариғатты сіз білмесеңіз кім білмек!
Асқар. Жігіттер, сіздер қауіпті жолға түсіпсіздер. Әрине, мен бізде ислами мемлекеттің құрылғанын қолдаймын. Бірақ шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатуға қарсымын. Мемлекеттік жүйені өзгертуді заңды түрде жүзеге асыру керек. Қазіргі қоғам шариғат заңымен өмір сүруге дайын емес. Және де біздің мемлекетімізде басқа ұлт өкілдері, басқа дін өкілдері бар. Оларға шариғат заңымен өмір сүр деу дұрыс па?!
Ғабдуррахман. Шариғат заңын орнатқаннан кейін сол ұлт өкілдері, басқа дін мүшелері өздерінің ата мекеніне, отанына қайтсын. Біз ешкімді еріксіз ұстамаймыз. Жалғыз олар емес — қазақтың ішінде мұсылман болғысы келмейтін кәпірлерді де ұстамаймыз. Бірақ қазір қай қазақтан сұрамасаң — мұсылманмын дейді. Ал сол мұсылман қалай өмір сүріп жатыр? Сіз өзіңіз білесіз — біздің қоғамымыз ислам дінінің қағидаларынан мүлдем алыс жерде жүр. Біздің халық айдалада адасып жүр. Әбден азып-тозып, жынойнаққа, күнәға белуарынан батып, не оңын, не солын білмейді. Қыз келіншектеріміз көшеде тыр жалаңаш жүр деуге болады, отандастарымыз әбден жабайы түрге айналуға аз-ақ қалды. Бұл масқараны тоқтату керек. Мен, шариғат заңын қабылдап, қатал болса да әділ жазалардың күшімен тоқтатқаннан басқа жол көріп тұрған жоқпын.
Асқар. Иә, сіздің айтып отырғаныңыз орынды болар. Алайда, қандай заңмен өмір сүруді халық өзі шешуі тиіс. Күштеуге, зорлауға болмайды!
Ғабдуррахман. Неге?! Қай заң болмасын — ол күштің, зорлықтың құжаты. Қай заң болмасын қоғамның бір тобының, немесе бір таптың, басқа топтарына, немесе басқа таптарына көрсетіп отырған үстемдігі. Ал шариғатты алсақ, ол адам заңы емес, ол Аллаһтың заңы. Аллаһтың үстемдігі, Аллаһтың зорлығы!
Асқар. Жоқ! Алла тағала зорлыққа қарсы. Мұхаммед пайғамбар да, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, шариғат заңын орнатудың алдында сахабаларының ислам дінін жүректерімен, сана-сезімдерімен қабылдауын қамтамасыз етті.
Ғабдуррахман. (ашулана бастап) Имам! Біздің әңгімеміз айтысқа айналып кеткенге ұқсайды! Сіз біздің жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс беруге келісесіз бе, әлде басқа ұстаз іздеуге тура келе ме? Сіз соны айтыңыз.
Асқар. (біраз уақыт ойланып отырып, ақыры басын көтеріп) Мен ешқашан шариғат жөнінде дәріс беруден бас тартқан емеспін. Сіздердің біздің жамағаттан жіктеліп, оңаша дәріс алғандарыңыз дұрыс…
Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп) Жоқ! Сіз айтыңыз — бізге, осында отырған жігіттерге шариғат заңы жөнінде дәріс бересіз бе, жоқ па? Осы сұраққа жауап беріңіз!
Асқар. Жақсы, мен сіздерге дәріс берейін.
Ғабдуррахман. Бәрекелді! Шынын айтайын — мен сіз жөнінде тек өте жақсы лебіз естіп жүрмін. Қай мұсылманнан сұрамасаң, сізді адал адам, нағыз мұсылман деп сипаттайды. Қазіргі заманда кейбір имамдар Аллаһтың заңын ұмытып, ақшаның соңына түсіп кеткені сізге мәлім болар. Ал сіз өз жұмысыңызға адал көрінесіз. Сондықтан да біз сізді өзіміздің қатарымызда көргіміз келеді. Және бізді жатырқамаңыз — сіз бен біздің мақсатымыз бір.
Асқар. Мақсат бір болғанмен, жолымыз бір емес. Мен сіздерге дәріс беруге келісім бергенде, бет алған жолдарыңыздан қайтарып, Алланың дұрыс, тура жолына түсіремін деген ниетпен келісім бердім. Иншалла, осы ниетім жүзеге асып сіздер әлі қателіктеріңізді түсінесіздер.
Ғабдуррахман. Асеке! Кімнің қателесіп, кімнің тура жолда екенін бір Аллаһ қана біледі. Солай емес пе?
Асқар. Әрине, солай. Сондықтан біз әрдайым Алладан бізді тура жолға салғанын тілеп дұға жасауымыз керек.
Алақандарын жайып дұға жасайды.
Асқар. Уа, жаратушы ием! Біздің қателіктеріміз бен күнәмізді кешіре гөр. Бізді өзің нұсқаған тура жолға бастай гөр. Мемлекетімізге тыныштық, бейбіт өмір нәсіб ете гөр. Аллаһу акбар!
Ғабдуррахман. Аллаһу акбар!
Жігіттер. Аллаһу акбар!
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Асқардың пәтерінің бөлмесі. Балкон есігі ашық. Теледидар істеп тұр, онда Чайковскийдің «Аққулар айдыны» балеті жүріп жатыр. Жамал диванда отыр, бірдеңе тоқып отырып анда-санда теледидарға көз тастап қояды. Асқар келеді.
Жамал. (ісін қоя салып, пульт арқылы теледидардың дыбысын бәсеңдетеді, музыка мүлдем өшпей, ерлі-зайыптылардың диалогының фоны болып тұрады) Шәй ішесің бе? (Асқар үндемейді) Асқар, сенің түріңе не болған? Өзің ауырып жүргеннен саумысың? Қабағыңды қар басып кеткендей ғой.
Асқар. (Жамалдың жанына отыра кетіп ауыр күрсінеді) Е-еһ… Бір мәселе мазалап тұрғаны.
Жамал. Ол нендей мәселе? (орнынан тұрып, электр шәйнекті іске қосады да бөлменің ортасында тұрған үстелге дастархан жайып, шайға әзірлеп жүріп сөйлеседі)
Асқар. Жамал, егер мен бір заңсыз партияның мүшесі болдым десем не дер едің?
Жамал. (қолындағы бір ыдысты еденге түсіріп алады) Астафиралла! Қайдағыны қалай айтасың!
Асқар. Жоқ, мен ол партияның қатарына әлі өткен жоқпын. Мен ойланып жүрмін.
Жамал. Ондай партия бізде бар ма еді?!
Асқар. Бар екен. Әл-хизб деген партия. Соның басшысы мені партияның мүшелігіне өтуге үгіттеп жүр.
Жамал. Сен не дедің?
Асқар. Не деуші едім? Ойланайын дедім, сенімен ақылдасайын дедім.
Жамал. Ал ол не дейді?
Асқар. Ойланыңыз, ақылдасыңыз, деді. Тек қана біздің құпиямыз ашылып қалмасын, дейді.
Жамал. Мен өсекшіл келіншек емеспін, көрген-естігенімді елге жаятын. Ал сонда, құпия дегенде нендей құпиясы бар сол партияның? Өкіметке қарсы ма?
Асқар. Иә… солай деуге болады.
Жамал. Алла сақтай гөр! Сонда сен… сен өкіметке қарсы шықпақсың ба?
Асқар. Ж-жоқ. Жаңағы айтып отырған партияның мақсаты — біздің елде шариғат заңын орнатып, ислами мемлекетін құру. Сол партияның мүшелері бұл мақсатқа мемлекеттік төңкеріс нәтижесінде жетпекші. Ал мен оған қарсымын. Мен басқа жолдарды, басқа тәсілдерді көрсетіп отырмын.
Жамал. (орындыққа отыра кетіп, қолындағы ыдысын үстелге қоя салады) Басқа жолдарды?! Бұл сөзіңді қалай түсінуге болады? Сен сонда бізде шариғат заңын орнатпақпысың?
Асқар. Әрине! Мен имам бола тұра, мұсылман бола тұра, сол заңды қолдамағанда кім қолдауға тиісті? Шариғат заңы — ең әділ заң. Ол Алла тағаланың заңы. Мен тек сол заңды зорлықсыз, қантөгіссіз қабылдауды ұсынып отырмын. Ал «Әл-хизб» басшылары…
Жамал. (орнынан тұрып кетіп, жүре сөйлейді) Ал меніңше, шариғат заңын қазіргі заманда қолдануға болмайды. Өзің ойлашы, қалай жиырма бірінші ғасырдың қоғамына орта ғасырлық заңды ұсынбақсың?! Қазіргі қоғам — дамыған, демократиялық қоғам.
Асқар. Жақсы. Ал біздің заң демократияға сай келіп тұр ма?
Жамал. Әлбетте! Біздің заң — ең гуманды заң. Әлде демократияға шариғат заңы сәйкес келе ме? Қателеспесем, шариғат бойынша қылмыскерлерге дүре соғу, таспен ұрып өлтіру жазалары қолданылады. Ұрылардың қолын шауып тастау деген сияқты.
Ашық тұрған балкон есігі арқылы бір гүріл естіледі; ол бірте-бірте күшейе түседі, бірақ сөзталасқа кірісіп кеткен жұбайлар оны әлі аңғара қойған жоқ. Балет музыкасы мен түсініксіз гүріл бір-бірімен тайталасып қатар шығып тұрады.
Асқар. Жамал, мен бүгіннен бастап шариғат заңын еңгізу керек деп тұрған жоқпын. Жоқ, ең әуелі адамдарды діни тәрбиеден өткізу керек. Мемлекет азаматтары, мұсылмандар, адамдардың сотынан, жазалауынан қорықпай, Алланың сотынан, жазалауынан қорқуға тиісті. Адам сотын алдап кетуге болар, адам ойлап шығарған заңды айналып кете аларсың, ал Алланы алдай алмайсың, оны айналып кете алмайсың, әйтеуір бір алдына барасың. Осыны адамдар түсінген күні, осыған сенген күні қылмыс та тыйылушы еді. Сондықтан біз халыққа діни тәрбие беруіміз керек. Мен осының бәрін «Әл-хизб» партиясының мүшелеріне түсіндіріп жүрмін. Оларды алғашқы ойларынан, шариғат заңын төңкеріс арқылы орнатамыз деген ниеттерінен бас тартуға шақырудамын. Меніңше, олардың көбісі ойлана бастады, күннен-күнге менің пікірімді қолдаушылар саны артып келеді.
Жамал. Е, онда несіне мазасызданасың?
Асқар. (ол үстелдің жанында тұрған орындықтың біреуіне отырып, терезе жаққа қарайды, түсініксіз гүріл оның санасына жете бастаған сияқты) Кеше партия ұйымының кеңітілген жиналысы өтті. Сол жиналыста мен полковник Смағұлды көрдім. Полковник — әскери гарнизонының қолбасшысы, генерал Жақыптың орынбасары. Алдыңғы күні генерал демалыс үйіне емделуге аттанып, орынына полковник Смағұлды тағайындап кеткен. Енді біліп жатырмын — полковник Смағұл партияның басқару алқасының мүшесі екен. Тіпті, Ғабдуррахман шейхтен кейін екінші адам екен.
Жамал. Ғабдуррахманың кім өзі?
Асқар. Ол шейх, партияның басшысы. Полковник Смағұлдың тіркеуден өтпеген партияның басшылығында жүргені мені жаман састырды. Ол біздің заңымыз бойынша қылмыскер болып табылады. Міне, қандай мәселе менің басымды қатырып тұрғаны.
Жамал. (ол да орындыққа отырып шай құя бастаған) Асқар, мына айтып отырғаныңның бәрі мені де мазасыздандырып жіберді. (ашық тұрған балкон есігінен түсініксіз гүріл анық естіле бастаған) Меніңше, біздің қалаға бір қауіп төніп тұрған сияқты. (теледидарды нұсқап) Мына балет бүгін міне үшінші рет көрсетілуде. Және қалалық каналдан басқа бір де бір канал жұмыс істемей тұр. Біздің енді жайбырақат отыруымыз дұрыс болмайды. Сен бұл жағдайды қауіпсіздік комитетіне хабарлауға тиістісің. Онда өзің барасың ба, әлде телефон шаламыз ба? КНБ-ның телефон нөмірі қандай еді? (Асқар үнсіз басын шайқайды) Нөл-тоғыздан білуге болатын шығар. (телефонды өзінің жанына қарай жақындатып тұтқасын көтереді)
Асқар. (тұтқаны әйелінің қолынан алып орнына қояды) Жоқ Жамал, мен ондай сатқындыққа бара алмаймын. Ғабдуррахман да, «Әл-хизб» партиясының мүшелері де, мені адам деп, мұсылман деп өздерінің құпиясын маған сеніп тапсырды. Қалай мен енді сол сенімді аяқ асты қылып оларды сатып жіберемін! Жоқ, менде тек бір ғана жол қалды — үгіт-насихат арқылы оларды бет алған бағытынан…
Сырттан танк моторының ышқынған гүрілі, шынжыр табандарының шақұр-шұқыр еткен дыбысы естіледі. Асқар терезе жаққа қарап үндемей қалады. Жамал не болып жатқанын білейін деп тұрып, балконға қарай ұмтыла берегенде, сыртта жарылыс болады да, балконның сыртқы есігі сарт етіп жабылады, әйнектері күл-талқан болып ұшып түседі. Жамал шыңғырып кері қарай шегіншектеп кетеді. Асқар оны бассалып кейін тартып, сосын екеуі диванға құлай кетеді. Асқар зайыбын денесімен қорғап астына басады. Көшеден біреулердің бұйрық беріп айғайлаған ащы даустары, біреудің шыңғырғаны естіледі. Автомат пен пулемет гүрсілдейді. Біраз уақыттан кейін атыс басылып танктың шынжыр табанының шықырлаған дыбысы басқа жаққа ауып, басқа бір жерде тағы бір шайқас басталғаны белгілі болады.
Жамал. (басын көтере беріп) Бұл не?! Не шайқас бұл?
Асқар. Білмеймін.
Жамал. (теледидарға көзі түсіп кетіп) Асқар, теледидардың дыбысын қосшы.
Асқар тұрып диванда жатқан пультты алып теледидарға дыбыс қосады. Балет тоқтатылып, қалалық телеканалдың жаңалықтар студиясының көрінісі шығыпты. Ғадуррахман сөйлеп отыр. Оның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы, денесі белбеу мен портупеялармен таңылып тастаған, белінде тапаншаның сауыты.
Ғабдуррахман. Қала тұрғындары! Мен Ғабдуррахман шейхпын. «Әл-хизб» партиясының басшысымын. Біз жаңа ғана қаланың билігін қолға алдық. Осы сағаттан бастап қалада төтенше жағдай жарияланып, коменданттық сағат енгізілді. Кешкі сағат тоғыздан таңғы жетіге дейін көшеде жүруге тыйым салынады. Осы уақыт аралығында көшеде тек арнайы рұқсат қағазбен ғана жүруге болады. Кімде-кім рұқсатсыз көшеге шықса, біздің әскери патруль ескертусіз абақтыға қамайды, ал қарсылық білдіргендер сол жерде атып тасталады.
Осы сағаттан бастап қалада ислами автономия жарияланды. Автономия болашақта ислами мемлекеттің, одан әрі — ұлы халифаттың іргетасын қалайды. Бұрынғы заңдар осы күннен бастап өз күшін жоғалтты, біз енді шариғат заңымен өмір сүреміз. Сондықтан, кімде-кім өзін мұсылманмын деп санамаса, мәселен орыс және орыс тілдес ұлттардың өкілдері, исламнан басқа дін өкілдері, мәселен христиандар, біздің ислами автономиямыздан, яғни біздің қаламыздан алыстатылады. Ол үшін осы аталған топтарға жататын тұрғындар өздерінің ең қымбат заттарын, ақшалары мен құжаттарын алып орталық стадионда жиналуы тиіс. Олар арнайы көлікпен облыс орталығына жеткізіледі.
Қала тұрғындары! Естеріңізде болсын — біз ешкімді қаладан қуып отырған жоқпыз! Егер кімде-кім ислам дінін қабылдап біздің автономиямыздың мүшесі болғысы келсе — мархабат! Ондай адамды, қандай ұлт өкілі болмасын, біз құшағымызды жайып қатарымызға қабылдаймыз. Ал қалада қалып мұсылман боламын деген адам бүгіннен бастап шариғат заңымен өмір сүретін болады. Яғни, бес мезгіл намаз оқитын болады, әурет жерлерін жабатын киім киетін болады. Мұсылманша киінуге бір күн мерзім беріледі, бір күннен кейін кімде-кім мұсылман адамға сәйкес киінбей көшеге шықса шариғат сотының үкімі бойынша жазаланады. Осы күннен бастап орталық мешітте, намазханаларда, және мектептердің негізінде ұйымдастырылған медреселерде намаз үйрену курстары ашылады. Намаз оқу біле ме, білмей ме — қаланың әр тұрғыны азан шақырылысымен мешітке намазға баруы шарт. Намазға бармай қалған ер адамдар үйлерінен күштеп шығарылады.
Бұл қысқа хабарландыру. Толық үндеу әр үйдің кіреберісіне, көшедегі хабарландыру тумбаларына, қалада шығатын газеттердің беттерінде жарияланады. Ал, әзірше хош сау болыңыздар! Аллаһү Акбар!
Теледидардың экранында ислам дініне сәйкес сурет пайда болады да Құран оқыла бастайды.
Жамал. (пультпен теледидарды сөндіреді де Асқарға бұрылады) Бұл не?! Мұны қалай түсінуге болады?!
Асқар. (теледидардан көзін айырмай басын шайқайды) Ә-әй, Ғабдуррахман, Ғабдуррахман! Бүкіл шаруаны бүлдірдің ғой!
Жамал. Енді не істемекпіз?
Асқар. (есікке бетейді) Ғабдуррахманға барамын. Бұл бүлікті тоқтату керек.
Жамал. Асқар!
Асқар. Не?
Жамал. Барма. Ол сені тыңдамайды… ол енді ешкімді тыңдамайды. Ол тым қатты кетті… көрмейсің бе не болып жатқанын! Одан да отыр, ақылдасайық. Біз не істейміз, соны анықтап алайық.
Асқар. Сен нені айтып отырсың? Маған Ғабдуррахманға барып бүлікті тоқтату керек.
Жамал. Сен оған енді ештеңе істей алмайсың. Сен әлі түсінбедің бе — ол сені алдап соқты. Менің ойымша, бізге кету керек. Бүгін кету керек — ертең кеш қаламыз.
Асқар. Кету керек?! Қайда?
Жамал. Білмеймін. Ең әуелі, жолдарды жауып тастамай тұрғанда, қаладан шығып кету керек. Ал сосын табармыз қайда баруды… мәселен, біздің ауылға барайық. Бір-екі апта әкейдің үйінде бола тұрармыз, мүмкін, оған дейін бұл бүлік те басылар. Өкімет, президент қарап отырмас.
Асқар. Жоқ, Жамал, болмайды. Дәл қазір мен кете алмаймын. Қалай халықты, жамағатты тастап қашып кетпекпін! Мен олардың имамы емеспін бе! Және қашатындай бізге қауіп төніп тұрған жоқ. Дәл біздің отбасымызға қауіп төніп тұрған жоқ.
Жамал. Оны қайдан білесің?! Мына бүлікшілерден не хайыр күтуге болады? Ертең мені, не қызыңды пәренже кимедің деп дүреге жықса не істейсің?!
Асқар. Енді киініңдер адам сияқты! Ешкім «пәренже ки» деп тұрған жоқ, хиджап, кимешек, ұзын етек көйлек киіңдер! Неше жыл мен саған қақсап келемін — сенің мына киім кисіңмен менің көзімді шұқып бітті ғой ақсақалдар! Ана қыз да киінсін, бұл киім мәселесі жөнінде мен Ғабдуррахманды жүз пайыз қолдаймын. Өздеріңді мұсылманмын деп санасаңдар, мұсылманға тән киім киіңдер, намазға жығылыңдар — Ғабдуррахманның бұл талаптары орынды. Бұл оның да талабы емес — бұл Алланың талаптары. Менің тек шейхпен келісе алмайтыным — басқа ұлттар мен басқа дін ұстанушыларға қаладан кетесіңдер, дегені. Және біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп автономия құрамын дегені. Президент ешқашан оған келісім бермейді. Мұның бәрі үлкен қантөгіске апарып соғады.
Осы мезетте телефон шыр етеді. Асқар тұтқаны көтереді.
Асқар. Алло, бұл кім?
Ғабдуррахман. (оның дауысы динамик арқылы естіліп тұрады) Ассаламу ғалайкүм! Мен ғой, Ғабдуррахман. Асеке, сіз тезірек «Ақ үйге» жетіңіз, менің жұмыс орыным енді сонда, бұрынғы әкімнің кабинетінде. Шариғат сотын ұйымдастыру керек. Сол мәселе жөнінде ақылдасайық.
Асқар. Ғабдуррахман! Бұл не?! Біз бұлай келіспеген едік. (Жамал күйеуінің жанына келіп әңгімеге құлағын тосады)
Ғабдуррахман. Асеке, екеуміздің арамызда ешқандай келісім болған жоқ.
Асқар. Сіз мені алдап соқтыңыз! Сіз төңкерісті жүзеге асырып отырсыз, ал мен мүлдем бейхабар отырмын. Бұл қалай?! Партияның минимум-жоспарында ешқандай төңкеріс жөнінде, ешқандай автономия жөнінде бірде-бір сөз жоқ еді ғой. Кеше ғана өткен жиналыста бұл сұрақ күн тәртібінде…
Ғабдуррахман. (сөзін бөліп жіберіп қатал үнмен) Имам! Сіз әлі біздің партиямыздың мүшесі емессіз. Менен жауап талап ететін құқығыңыз жоқ. Төңкеріс — партияның ішкі ісі.
Асқар. Қателесесіз, шейх! Бұл сұмдық, бұл авантюра — біздің қаламыздың тұрғындарына, бүкіл республикамыздың халқына тікелей қатысы бар. Мен сізді дәл осындай авантюризмге баратын ақымақ деп санамап едім.
Ғабдуррахман. Бұл ақымақтық емес. Авантюризм де емес. Бұл…
Асқар. Енді не?! Президент сіздің мына заңсыз әрекеттеріңізге жайбырақат қарап отырады дейсіз бе?! Менде ақпарат жоқ, сонда да — мүмкін дәл қазір біздің қалаға қарай әскери бөлімшелер аттанып жатқан болар. Қара да тұрыңыз — бүгін-ертең біздің қала қоршауға алынады. Содан кейін сіздің алдыңызға президенттің ультиматумы тарс етіп түспесе маған келіңіз.
Ғабдуррахман. (қарқылдап күледі) Тоқтай тұрыңыз, Асеке! Мені ақымақтар санатына қосуға асықпаңыз. Президент маған емес, мен өзім оның алдына ультиматумды тарс еткіземін!
Асқар ашуланып телефон тұтқасын тастай береді.
Асқар. (Жамалға бұрылып) Мен кеттім. Өзімен көзбе-көз сөйлесу керек.
Жамал. Асқар! Меніңше бұл есуаспен сөйлесудің өзі бекер. Естіген жоқсың ба — президентке ультиматум қоямын дейді.
Асқар. Иә, оның есі дұрыс емес. Сонда да оны бірдеңе қылып тоқтату керек.
Жамал. Асқар, сен оны енді тоқтата алмайсың. Мүмкін, кеше ондай мүмкіндік болған да шығар. Ал бүгін тым кеш қалдың. Енді сен өзіміздің қамымызды ойла. Машинаңда бензин бар ма? Не ғып тұрсың? Бар, Берікті мектептен алып кел, Гүлнәрға телефон соғамын.
Асқар. Жамал… Жамал, тыңдашы — мен қаладан кетпеймін… мен кете алмаймын. Дәл қазір, біздің қалаға қауіп төніп тұрғанда, кете алмаймын. Өзің ойлашы — қалай мен, бас имам бола тұрып, бәрін тастап, бас сауғалап қашып кетпекпін?! Жоқ, мен олай істей алмаймын. Сен де кетпейсің… ешкім ешқайда кетпейді. Мен қазір Берікті әкеліп тастаймын. Сосын қыз бен ұлға ие болып үйде отыра тұр. Меніңше, ұзақ отырмассыңдар. Бұл бүлік көпке созыла қоймас. (шығып кетеді)
Жамал. Әй, қайдам. Жүрегім бір жамандықты, бір сұмдықты сезіп тұрған сияқты. Кетпей, қалып қойғанымыз үшін әлі өкінеміз бе, Алла біледі. Әлгі қыз қайда жүр? (қызына қоңырау шалады) Гүлнәр! Сен қайдасың? Қалай алаңдамайын, қалай алаңдамайын?! Көрмейсің бе не болып жатқанын! Әй! Әңгімені доғар! Үйге қайт! Кетеміз. Көшеде байқап жүр, абайла.
Ол сыпырғыш пен қалақ алып келіп әйнек сынықтарын сыпырып жинайды да балконның ішкі есігін жабады. Берік пен Мария келеді. Беріктің басы бинтпен таңулы.
Берік. (шешесінің жанына жүгіріп келеді, Жамал оны құшақтай алады) Мама! Біз не көрдік — білесің бе?
Жамал. (баласының таңулы басын қолымен ұстап зерттей қарайды) Не болды, Берік? Қатты жарақаттандың ба?
Берік. (шешесінің қолын басынан алып тастайды) Ә! Ештеңе емес! Танк гүрілдеп біздің мектептің жанына келгенде біз терезеден қарап тұрғанбыз, сосын зеңбірегінен гүрс еткізіп атқанда әйнектер күл болып ұшты да кетті. Сонда бір шынының сынығы маңдайыма тиіп кетті.
Мария. (Жамалға жақындап келіп Беріктің иығына қолын қояды) Жарасы терең емес, сәл ғана сызып өтті. Құдай сақтады.
Берік. Иә, жәй тек сызып өтті. Ештеңе емес. Мен басымды таңбайын деп едім, Мария Петровна болмады. (Марияға қарайды)
Жамал. Жарайды, ештеңе етпес. Әйтеуір аман-есен үйге жеткеніңе тәубе. Ал ана қыз қашан келеді екен? Берік, сен бар, жинал. Біз жол жүреміз. Джинсың мен бір-екі көйлек ал, тіс щеткаң мен пастаңды рюкзағыңа сал. (баласын бөлмесіне қарай итеріп жібереді де Марияға бұрылады) Маша, кел, отыр, шай ішіп алайық. Мына оқиғалар ауыз кептірді (екеуі шайға отырысымен қонағына шай құйып берісімен) Мә, печеньеден ал.
Мария. (шайдан бір-екі ұрттап алып) Жоқ, тамақтан ас өтпейді. Не істерімді білмей отырмын. Ал сендер не — кететін болдыңдар ма?
Жамал. Мен кеткім келеді — бірақ Асқар көнбей тұр. Ол кете алмаймын дейді, жамағатымды тастап қайда барамын дейді. Мүмкін оған қарамай, балаларды алып тайып отырам ба. Ал сендерге кету керек.
Мария. Иә, мен де соны ойлап отырмын. Бірақ, Ваня… ол… сен ештеңе білмейсің бе?
Жамал. Не жөнінде?
Мария. Ол «Әл-хизб» партиясының мүшелігіне кіріп кетіпті. Мына аласапыран басталысымен оған қоңырау шалып, қаладан кетейік, деп едім, ол мен ешқайда кетпеймін, мен партия мүшесімін, біз ислами автономия құрып шариғат заңын орнатамыз, демесін бе. Сол жерде құлай жаздадым! Біз ешқайда кетпейміз, бізге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, дейді. Енді міне — не істерімді білмей отырмын.
Жамал. Әй қайдам, дәл осындай сөзді жаңа Асқар да айтып еді. Ал мен бір сұмдық боларын сезіп тұрмын. Менің саған беретін кеңесім — мүмкіндік барында қаладан шығып кет. Ертең әлгі шейх ислам дінін қабылда деп бұйырса не істейсің? Ларисаны ал да кет! Ал Ваня — ол өзі білсін. Ол енді бала емес, өзінің ақылымен өзінің тағдырын өзі шешкені дұрыс шығар. Тек қана бұлардың барлығы өз ақылымен жүргенге ұқсамайды. Әлгі шейх Ғабдуррахманның ықпалына түсіп кеткенге ұқсайды. Ал ол ше — ол адамдарды алдап-арбап алған. Әне, Асқарды да алдап соқты. Асқар оның төңкеріс дайындап жүргенін біліпті. Иә, Ваня да оны білді. Бірақ жап-жас жігіттен не сұрайсың! Және де ол Асқардың соңынан еріп жүр. Ол өзі ислам дінін Асқар үшін қабылдаған жоқ па.
Мария. Жоқ, ол ислам дінін Гүлнәр үшін қабылдаған. Және де Асқар сол партияға мүше болмаған көрінеді.
Жамал. Иә, Асқар партия қатарына кірген жоқ. Бірақ ол солардың құпия жоспарларын біліп жүріпті. Жиналыстарына қатысып жүріпті. Ал шейх ше — ол Асқардың мұсылмандар арасындағы беделін пайдаланып, жастарды, гарнизонның офицерлерін өзінің ықпалына түсіріп алғанға ұқсайды. Олардың барлығы Асқар мен Ғабдуррахманның ісі бір деп жүрген ғой.
Мария. Сонда олардың ісі бір емес пе?
Жамал. Иә, Асқардың айтуынша, екеуінің жоспары бір. Алайда, Асқар сол жоспарды төңкеріс арқылы жүзеге асыруға қарсы болыпты.
Мария. Енді Асқар не істемекші?
Жамал. Ол енді не істей алады?! Ол енді ештеңе істей алмайды! Шейх енді оған құлақ та аспайды, ол өзінің дегеніне жетті. Жоқ, кету керек! Жол ашықта кетіп үлгеру керек! Асқар жамағатын тастай алмаймын дейді. Мүмкін соған қарамай, балаларды алып кетіп отырсам қайтеді, ә?
Мария. Білмеймін. Әрине, балалардың жағдайын ойлау керек. Бірақ, сендерге қауіп төніп тұрған жоқ тәрізді.
Жамал. Әй, қайдам! Кімге қандай қауіп төніп тұрғанын кім біледі? Мен…
Осы жерде Гүлнәр мен Иван кіреді. Иванның үстінде «Әл-хизб» жасақтарының униформасы. Белбеуінде тапаншаның сауыты.
Гүлнәр. Сәлеметсіз бе, Мария тәте.
Мария. Сәлеметсің бе, Гүлнәр.
Иван. Сәлеметсіз бе, Жамал тәте.
Жамал. (жігітке тесірейіп қарап тұрып) Сәлеметпіз… Ваня. Сені тану қиын, үстіңдегі киімің бір түрлі.
Гүлнәр. (жігітінің абыржыңқырап тұрғанын сезіп алға шығады) Қалада не болғанынан хабардарсыздар ма?
Жамал. (қатал үнмен) Сен қайда жүрсің?!
Гүлнәр. Біз бе? Біз орталықта болдық. Онда…
Жамал. (сөзін бөліп жіберіп) Онда соғыс болды! Сен өзіңе қандай қауіп төніп тұрғанын білдің бе?!
Гүлнәр. Мен Ваняның жанында болдым.
Иван. Жамал тәте, сіз ол үшін алаңдамаңыз. Бізге ешқандай қауіп төнген жоқ. Біз…
Жамал. Сен не — путчист болып кеткенбісің?!
Иван. Жоқ, біз путчист емеспіз.
Жамал. Сонда кімсіңдер? Сендер емес пе заңды өкімет орындарын құлатқан!
Иван. Жамал тәте, олай демеңіз. Бізде болған өкімет заңды емес еді. Ал біз енді нағыз заңды өкімет құрамыз.
Мария. (Жамалға) Бұларға енді бірдеңе деудің өзі бекер! Бұлар тек шейхтің ауыздарына салып берген сөздерін қайталаумен әлек.
Иван. Олай емес, мама! Мен өз еркіммен «Әл-хизб» партиясының мүшесі болдым, өз еркіммен біздің заңсыз билікті құлатуға шешім қабылдадым. Хазіреті шейхтің басшылығымен біз қоғамды Алланың тура жолына жетелейміз. Біз…
Жамал. Тозаққа жетелейді сенің хазіреті шейхың! Отқа түсіреді!
Гүлнәр. Ана! Не болды сонша Ваняға шүйіліп!
Жамал. Енді не істе дейсің? Өлтір, өрте, қыр, жой, дейін бе?!
Гүлнәр. Кім қырып-жойып жатыр?!
Жамал. Қырып-жоймағанда не қалды?! (терезе жақты нұсқап) Әне, қара өзің, полиция бөлімшесінің не болғанын. Сонда біреу тірі қалды деймісің? Танктің зеңбірегімен талқандалған үйде кім тірі қалушы еді!
Гүлнәр терезеге беттей бергенде даладан бірдеңе гүрс ете түседі де, енді балконның ішкі есігі шалқасынан ашылып, әйнектері күл-талқаны шығып шашылады. Қыз шыңғырып жібереді де кері шегініп кетеді. Иван оны құшақтай алып денесімен қорғалайды. Жамал мен Мария бұғып қалады.
Берік. (жүгіріп келіп терезе арқылы көшеге қарайды) О! Қараңдар — Абылайханның күл-паршасы шығыпты.
Жамал. Берік! (баланың жанына жетіп барып оны кері тартып алады) Өле алмай жүрмісің, сорлы бала?!
Берік. Қорықпа, бітті, енді ештеңе болмайды.
Жамал. (баласын өзіне қысып көшеге көз тастайды) Иә! Енді Абылайханның ескерткіші кімге бөгет болды екен?
Мария. Басталды! Енді қаладағы бүкіл ескерткіштер құлатылады. Бюсттер мен барельефтер талқандалады. Мекемелер мен мұражайдағы суреттер де жойылады. Өйткені, жануар мен адамды суретке салу ислам дінінде харам.
Жамал. Е-е! Бұл есуастар тек қана ескерткіш пен суреттерді құртумен шектелсе жарар еді. Сурет пен мүсіндерден кейін адамдардың өздерін құрта бастамаса. (Иванға қарайды)
Иван. (Гүлнәрды қолынан тартып есікке қарай беттейді) Ал, біз кеттік.
Жамал. Бар, бар! Қыр, жой, жар, құлат! Өлтір! Тек қана Гүлнәрда жұмысың болмасын. Ол енді саған жоқ.
Гүлнәр. (Иванмен кетуге ыңғайланып) Мен қазір келемін.
Жамал. (қызының жанына жетіп барып оның қолын жігіттің қолынан жұлып алып) Жоқ, сен ешқайда бармайсың! (басқа бөлменің есігіне қарай итермелеп) Бар, киіміңді жина, біз кетеміз.
Гүлнәр. Кетеміз?! Қайда?
Жамал. Әзірше білмеймін, әйтеуір осы қаладан шығып кетсек болғаны.
Гүлнәр. Әкем да кете ме?
Жамал. Кетпегенде не?! Оны осында, мына есуастардың арасына қалдырып кетпекпісің?
Гүлнәр. Білмеймін. Әкем имам емес пе.
Жамал. Имам болса не?!
Иван. Жоқ, Асқар аға ешқайда кетпеуге тиісті.
Жамал. Иван! Отбасымыздың мәселесін өзімізге шешуге рұқсат беретін шығарсың?!
Иван. Ә, иә… кешіріңіз. Ал, мен кеттім… (кетіп бара жатып есік алдында бөгеледі, Гүлнәр да келесі бөлменің есігінің алдында тоқтап, екеуі бір мезгіл бір-біріне үнсіз қарап тұрады да шығып кетеді)
Мария. (ұлын көзімен шығарып салып Жамалға бұрылады) Иә, бұларды тез арада тоқтатпаса, бүлдіреді талай істі!
Жамал. Тоқтататын шығар. Президент бұл бүлікке жай қарап отырады деймісің. Тиісті шара қолданар.
Мария. Иә, өкімет қарап отырмайды. Жарайды, мен кеттім. Әлгі Лариса қайда жүр екен? Соны аламын да кетемін. Облыстағы ағама барып уақытша паналармыз. Ал Ваня қалса — қалсын. Ол енді бала емес.
Жамал. (құрбысын шығарып салып) Аман-сау кездескенше, Маша. Жолдарың болсын.
Мария. Сау бол. Сендерге де оң сапар тілеймін. Мүмкін, жақын арада қайтып келіп кездесерміз.
Жамал. Мүмкін… (Марияның соңынан есік жабылысымен) мүмкін, біз ешқашан бір-бірімізді көрмеспіз. Алла біледі, енді не болатынын.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Сахнаның артқы қабырғасында әкімшіліктің ғимараты суреттелген декорация. Ғимараттың маңдайшасында ислам дінінің жасыл туы желбіреп тұр. Декорацияның бергі жағында мұсылманша киінген жігіттер мен қыз-келіншектер, ағайлар мен жеңгейлер, ақсақалдар мен әжейлер тұр. Сахнаның ортасында адамға дүре соққанда кісендеп қоятын баған. Жұмысшылар ағаштың діңін әкеліп қояды. Тағы бір жұмысшы қасапшының балтасын әкеліп діңге қадайды. Дің мен балтаны көрген жұрт шуласып кетеді. (немесе осының бәрі сахна көлемінде жоқ, тек қана адамдардың сөздерінен анықтауға болады)
Бірінші адам. Бағанды не үшін орнатқан?
Екінші адам. Қылмыскерлерді дүре соғарда кісендеп байлап қояды.
Бірінші адам. Ал мына балта мен дің не үшін керек?
Екінші адам. Қылмыскерлердің басын алу үшін!
Бірінші адам. Кет әрі!
Екінші адам. Иә! Бұлар сені әке-көке демейді. Қылмысты болдың ба, күнәға баттың ба — қолма қол басыңды алады.
Үшінші адам. Әй! Түк білмесең жұртты бекер дүрліктірмей жәй тұр. Балта мен дің ұрылардың қолын шабуға керек.
Бірінші дауыс. Бәсе! Басын алады дегені…
Сахнаның бір жағына «Әл-хизб» партиясының қарулы жасақтары келіп сап құрады. Олардың белбеулерінде тапаншаның сауыты, қолдарында резеңке шоқпар. Сахнаның бергі бетінде, көрермендерге қырын беріңкіреп үстел тұр, оның бір жағында үш орындық тұр. Қази келіп ортаңғы орындыққа жайғасады. Оның соңынан, қолында қалың дәптері бар хатшы келеді де қазидың сол қолындағы орындыққа отырып, дәптерін ашып, қаламын алып бірдеңе жаза бастайды. Олардың соңынан, жендеттер мен көмекшілерін ертіп Ғабдуррахман келеді. Шейх униформа киген, басында сәлде, қолында қамшы, аяғында етік.
Ғабдуррахман. (оң қолын қамшысымен бірге кеудесіне басып) Ассаламу ғаләйкүм!
Топтан бір-екі дауыс. Уа ғаләйкүм ассалам!
Ғабдуррахман. Мұсылмандар! Бүгінгі күн тарихқа кіретін күн. Өйткені қазір, біздің жерімізде бірінші рет, шариғат соты өтпек. Біз көп уақыт заңсыз өмір сүрдік. Өйткені бұрынғы заң-сымақтарды адамдар ойлап шығарған. Ал шариғат заңы — ол Аллаһтың заңы! (қазиды нұсқап) Мына мұсылманды мен өзімнің әмірімен қази етіп тағайындадым. Қази, бұрынғы сот-сымақтарға қарағанда өте әділ, заңның бұрмалауына жол бермейді, пара алмайды, өйткені ондай қылмыс үшін Аллаһтың алдында жауап береді. Әрине, бұрынғы сот-сымақтар да Жаратқанның алдына барады, бірақ олар оны білмеді, олар оған сенбеді. Олар өздерінің қылмыстарын жұртқа білдірмей бақты. Алайда, Аллаһтан еш нәрсені жасыра алмайтынын ойламады. Ал, енді көп сөзге бармай, Аллаһтың атымен бастайық. Бисмиллә!
Қази. Бисмиллә!
Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Кәне, әкеліңдер қылмыскерлерді.
Көмекшілері екі қызды алып келеді. Бірінші қыздың бұтында денесімен бір болып жабысқан, арғы жағынан бүкіл бөксесі айқын көрініп тұрған дамбал тәрізді бірдеңе. Екіншісі тым жас, бұтында джинсы, джинсы мен үстіндегі топик деген қысқа киімнің арасы ашық, қыздың кіндігі көрініп тұр. Толық қыз ашулы, ал жас қыздың жүзі үрейлі.
Ғабдуррахман. Бұл не деген батпан құйрық, ен далада жатқан құйрық! (қыздың артқы жағынан қамшымен тартып жібереді — қыз шыңғырып ілгері жылжып кетеді, бірақ шейхтың екі көмекшісі оны орнына қайтарады)
Бірінші қыз. А-ай! Неге ұрасыз?!
Ғабдуррахман. Ұрмағанда не істейін? Сипа деймісің?
Бірінші қыз. Жоқ, сипамай-ақ қойыңыз. Бірақ неге ұрасыз, мына қамшыңыз жаман тиді ғой. И-и…
Ғабдуррахман. Ендеше неге арт жағыңды ашып жүресің?
Бірінші қыз. Ашып жүрген жоқпын.
Ғабдуррахман. Әй! Ашпағанда не қалды? Арт жағың тырсиып анадайдан менмендеп айқайлап тұрған жоқ па! (халыққа қарап) Бұл баланың ата-анасы бар ма? Анасы кім екен өзі?
Топтан бір әйел шығып шейхтің жанына келіп тоқтайды.
Қыздың анасы. (көз жасын сүртіп) Мен… мен бұл байғұстың шешесі.
Ғабдуррахман. Қызыңызды қалай тәрбиелегенсіз? Қалай ғана мына түрімен көшеге жібергенсіз?
Қыздың анасы. Е-е… бұлар қазір бізді тыңдай ма! Мода солай дейді. Көйлек кисеңші десем, арт жағыңды жапсаңшы десем, менің арт жағым әдемі, оны жауып қайтемін, дейді. Бәрі өзімнің байлығым — ешкімнен ұрлап алған жоқпын, дейді.
Ғабдуррахман. О Аллаһ! Ақыр заманың жақын болар. Қыздарымызда мынадай былқылдаған батпан құйрықтан басқа байлық қалмаса, ақыр заманның келмесі не?! Ақыл, инабат, ұят, — бәрі әдірем қалды. Қазақтың қызына тән ажарлы келбет, сұлу дидар, бота көз, қалам қас, оймақ ерін, сымбатты бейне — мұның бәрінің қажеті болмай қалды. Мақтан тұтатын бір-ақ байлық қалды — тек мынадай, майдан тырсылдап жарылайын деп тұрған көт! (тағы да қыздың арт жағынан қамшымен салып қалады; қыз тағы да шыңғырып бұлқынады)
Ғабдуррахман. (Қазиден) Хазіреті қази, мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Жиырма дүре берілсін.
Ғабдуррахман. Дұрыс. (қызды ұстап тұрған көмекшілеріне) Кәнеки, апарыңдар, беріңдер тиісті дүресін. Айтқан ақыл құлақ арқылы қонбаса — арт жағынан қонатын шығар.
Шейхтың көмекшілері қызды дүре соғатын бағанға апарып қолдарын кісендейді. Жендет қызды қамшының астына алады. Қыз айғайға басып алаңды басына көтерді, оған қарайтын жендет жоқ, дүренің санын жария санап тұр. Халық гу-гу, кейбіреуі күліп жатыр, кейбіреулері қызды кекетіп бірдеңе деп жатыр, кейбіреулері жендетпен бірге дүре санап тұр. (немесе осының бәрі сахнада көрсетілмейді, көрермен тиесілі дыбыстар арқылы хабардар болады) Дүре соғылып болғасын жендеттер қызды босатады, ол арт жағын ұстап, ақсаңдап жәйіне кетеді. Ол жылап барады, топтың ішінен қызды кекетіп-мұқатып жатыр, қыз оларға бірдеңе деп жауап қатып барады.
Ғабдуррахман. (Қазидың жанына оралып келіп, екінші қызға) Кіндігің неге ашық, ә?! (қыздың кіндік тұсын көздеп қамшысын сермейді, қыз шыңғырып жіберіп, ішін екі қолымен басып, бұғып қалады, оның жанында тұрған шейхтің көмекшілері еріксіз тұрғызады)
Екінші қыз. Ағатай! Ұрмаңызшы! Кешіріңіз, мен енді кіндігімді ашпаймын. Кешіріңіз, ағатай, кешіріңіз, мен енді дұрыс киініп жүремін! (жылап жібереді)
Ғабдуррахман. Киінесің, әрине киінесің! Енді жалғыз сен емес, барлық қыз-келіншек адам сияқты киініп жүретін болады. (Қазиға) Мына қызға қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Бала тым жас екен. Сондықтан бірінші ретке кешірсек қайтеді?
Ғабдуррахман. Менен несін сұрайсыз — бұл жерде қази сіз емес пе! Шариғат заңы бойынша жаза беріңіз. Тағайындаған жазаңыз тым жеңіл болса, немесе орынсыз кешірім жасасаңыз Аллаһтың алдында жауап бересіз.
Қази. Иә, иә, әрине. Ал бұл балаға он дүре берілсін.
Ғабдуррахман. (көмекшілеріне) Апарыңдар бағанға, соғыңдар он дүре!
Халық шуласып кетеді. «Аясаңдаршы, қаршадай баланы қалай сабайсыңдар!» «Мүлдем жас әлі, қалай ғана қолдарың көтеріледі?!» деп жатыр.
Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Бұл не шу? Он дүреден ешкім өлмейді. Қайта жақсы сабақ болады. Өзіне де, басқа қыз балаларға да. Жандарың ашыса бұрын қайда болдыңдар! Неге жалаңаш жүргізіп қойдыңдар балаларыңды?! Осылардың бәрі сендердің алдарыңда жүрмеп пе еді! Жалаңаштанып, күнәға белуарынан батып жүргенде аямадыңдар, ал енді әділ жаза аларында аяп қалыпсыңдар. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Апарыңдар, байлаңдар бағанға.
Қызметшілер қызды бағанға кісендейді де, жендет қыздың жалынып-жалпайғанына, көз жасына қарамастан дүре соғады. (немесе бұның бәрі сахнадан тыс жерде болып жатқанын көрермен тиесілі дыбыстардың көмегімен түсінеді) Халық гу-гу. Сосын бұл қыз да босатылып жәйіне кетеді.
Қази. Енді кім бар?
Ғабдуррахман. Келесі қылмыскерді әкеліңдер.
Шейхтың көмекшілері бір жас жігітті алып келеді.
Қази. Бұл жігіттің қылмысы неде?
Ғабдуррахман. Бұл ұры. Қалта қағып тазартатын ұры, қолының жылбысқасы бар. Бір мұсылманның күмәжнігін ұрлап жатқан жерінде ұсталыпты.
Қази. Куәгерлер бар ма?
Ғабдуррахман. Бар. Куәгерлер, жақындаңдар. (екі куәгер келеді)
Қази. Бұл куәгерлер сенімді ме?
Ғабдуррахман. Әлбетте! Бұл мұсылмандарды біздің хазіреті имам сенімді адамдар деп сипаттаған. Екеуі де бұрыннан намазхан екен.
Қази. Жақсы. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ұрлық жасағанын өз көзіңізбен көрдіңіз бе?
Тоналған адам. (топтың ішінен шығып қазидің жанына келеді) Әрине! Бұл ұрының қолынан мен өзім ұстап алдым. Мен бұл жігітті қатал түрде жазалауыңызды сұраймын. (шейхке) Мен сізді жүз пайызға қолдаймын. Бұл ұрылар мен қылмыскерлер әбден құтырып алды. Осылай қатал жаза қолданып тыймаса болмайды.
Ғабдуррахман. Тыямыз, біз енді бүкіл қылмысты тыямыз. Ол жөнінде ешкім күмәнданбасын. Ал сіз орныңызға барыңыз, шариғат сотының жұмысына кедергі жасамаңыз.
Тоналған адам. Жақсы, хазіреті шейх. (кетеді)
Қази. (бірінші куәгерге) Мына жігіттің ана кісінің күмәжнігін ұрлағаны жөнінде куәлік етесің бе?
Бірінші куәгер. Иә! Бұ жігіттің ана кісінің күмәжнігін қалтасынан алып шыққанын мен өз көзіммен көрдім.
Қази. Күмәжнігін ұрлады ма, әлде қалтасынан алып шықты ма?
Бірінші куәгер. (таңырқай қарайды) Сіз қызық екенсіз. Осы екі сөздің қандай айырмашылығы бар?
Қази. Айырмашылық бар. Егер бұл жігіт күмәжнікті ұрласа, әшһәду — бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады, деп куәлік ет. Ал егер ол күмәжнікті жәй қалтадан алып шықса, онда мәселе басқа.
Бірінші куәгер. (мырс етіп күледі, топтағылар да оған қосылады) Ұры күмәжнікті жәй ала ма?
Ғабдуррахман. Куәгер, сіз мысқылдамай қазидың сұрағына дұрыс жауап беріңіз.
Бірінші куәгер. (күлкі пышақ кескендей тиылады) Жарайды. Әшһәду, куәлік етемін — бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады.
Қази. Жақсы. (екінші куәгерге) Ал сіз не дейсіз?
Екінші куәгер. Иә, әшһәду, куәлік етемін — бұл жігіт жаңағы мұсылманның күмәжнігін ұрлады. Мен базарда сауда жасаймын, ал бұл жігіт әрдайым сонда жүреді, және жәй жүрмейді, сатушыларды да, сатып алушыларды да қан қақсатып жүреді. Қолынан шап беріп ұсталған күнде де құтылып жүрді. Бұның ұрлығы жөнінде бүкіл базар біледі, тек мына екумізден басқа ешкім куәгер болғысы келмеді. Иллаһи, осы жігіт ұры! Баукеспе ұры!
Ғабдуррахман. Мінеки, біз ұрыларды әшкерелеп жазалаудың орнына қылмысын жасырып бағамыз. Содан кейін, қылмыскерлер саны күннен күнге артып бара жатыр деп байбалам саламыз. Жақсы, сіздер боссыздар. (куәгерлер кетеді)
Қази. (ұрыға) Ал, жігітім, сен не дейсің?
Ұры. Кешіріңіз, мен ендігәрі ештеңе ұрламаймын.
Ғабдуррахман. Сен өзі неге ұрлықпен айналысасың? Ұрламасаң аштан қатасың ба?
Ұры. Жоқ. Қатпаймын…
Ғабдуррахман. Әлде жұмыс істей алмайтын мүгедекпісің?
Ұры. Жоқ, мен құрылыста жұмыс істеймін.
Ғабдуррахман. Жалақың аз ба? Отбасыңды асырауға жетпей ме?
Ұры. Жетеді. Отбасым жоқ. Әлі үйленген жоқпын.
Ғабдуррахман. Онда не керек саған?! Не жетпейді?
Ұры. Білмеймін. (оң қолын көтеріп) Менің ұрлығыма мына қолым кінәлі. Осы қолымнан көретін болдым! Көлік ішінде, базарда, әйтеуір көпшілік ішінде жүрсем болды — дуылдап қышиды-ай кеп. Содан бірдеңе жымқырмағанымша қышуы басылмайды! Не істерімді білмеймін!
Ғабдуррахман. Не істеуіңді сен білмесең біз білеміз. (қазиға) Қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Бұл жігіттің қолын білезіктен шауып тастаңдар. Содан кейін ұрлауын қоймаса екінші қолынан да айрылады.
Ғабдуррахман. Дұрыс! (ұрыға) Жүр, жазайық қолыңның ауруын. Қандырайық қышуын.
Ұры. Ағай! Шаппаңызшы қолымды! Мен енді ештеңе ұрламаймын.
Ғабдуррахман. Иә, иә, мен бұл сөзіңе әбден сенемін. Жалғыз сен емес — қолыңнан айырылғаныңды көрген кез келген адамның енді ұрлыққа баруы екіталай. Сол үшін біз шариғат сотын енгізіп отырмыз. (көмекшілеріне) Неғып тұрсыңдар? Орындаңдар қазидың үкімін.
Көмекшілері жігітті ойбайлатып апарады да қолын діңге қояды. Жендет балтаны көтеріп, қай жерден шабатынын көздеп біраз тұрады. Жігіт аппақ қудай болып қарап тұр. Жендет балтасын тарс еткізіп түсіргенде, демін ішіне тартып тұрған жігіт айқайлап жіберіп орнынан атып тұрады да, шабылған қолын екінші қолымен қысып алып зытып береді. (немесе осының бәрі сахнадан тыс жерде болады, көрермен тиесілі дыбыстар арқылы түсінеді. Ұры жігіт шабылған қолын екінші қолымен қысып сахнада тұрған халықтың алдынан жүгіріп өтеді) Халық шулап жатыр.
Бірінші адам. Әй! Тоқтатыңдар әлгіні! Қансырап өледі ғой! Қуып жетіп қолын таңу керек! (бір-екі жігіт ұрының соңынан кетеді)
Екінші адам. Оңбағандар! Қанішерлер!
Үшінші адам. Қанпезерлер! Хайуандар!
Ғабдуррахман. Ей! Сендер не білесіңдер?! Бұл жігітті біз жазалады деймісіңдер? Жоқ! Оны Аллаһ тағала жазалады! Және бұл жаза Жаратқанның рақымы. Бұл жігіт қолынан айрылды, ал оның есесіне шайтанның азғыруынан құтылды. Ол енді ұрлық жасамайды, күнәсін өзінің қанымен жуып-шайып адал өмір сүруге мүмкіндік алды. Иншалла, Аллаһ енді мұның қылмыстарын кешіреді. Өйткені Аллаһ адамды екі рет жазаламайды. Түсіндіңдер ме енді? (көмекшілеріне) Кәні, әкеліңдер келесі қылмыскерді
Қази. Осымен доғарсақ қайтеді, хазіреті шейх? Бүгінгіге жетер…
Ғабдуррахман. О не дегеніңіз! Халқымыз қылмыс пен күнаға белуарынан батып жүр. Жергілікті түрме істі болған қылмыскерлерге лық толы, қазір онда аяқ басар жер жоқ. Арақ істеп сататындар мен ішетіндер, есірткі тарататындар мен нашақорлар, жезөкшелер мен зинақорлар, құмар ойын ұйымдастырушылар мен ойнаушылар, пара алушылар мен пара берушілер, ақшаны өсімге берушілер мен аңқау еңбекшілдерді алдап жүрген алаяқтар, адам өлтірушілер мен зорлаушылар, ұрылар мен адам тонаушылар, еркек пен еркек жынысты қатынасқа түсушілер, әйел мен әйел қосылып отбасын құрушылар және сол сияқты түрлі-түрлі азғындар өздерінің сотын тосып отыр. Осындай қылмыскерлер мен азғындардан арылмай біз нағыз ислами мемлекет құра алмаймыз. Сондықтан ерінбей, шаршамай, білегімізді түріп алып іске кірісейік.
Қази. Жарайды, әкеліңдер келесі қылмыскерді.
Шейхтің көмекшілері бір жас келіншекті алып келеді. Осы жерде Асқар келеді.
Ғабдуррахман. (қазидың жанындағы бос орынды нұсқап) Хазіреті имам, келіңіз, міне сіздің орныңыз. (Асқар отырады, оның екі көзі қылмыскерде)
Қази. Бұл келіншектің қылмысы неде?
Асқар. Не бүлдіре қойды екен бұл бала?
Ғабдуррахман. Е-е, хазіреті имам! Сіз адамның сыртқы пішініне қарамаңыз. Осындай, түк білмегенсіп, үлбіреп тұрғандардың ішінде өлген ит жатады. Бұл оңбаған жаңа туған нәрестесін перзенханада тастап кетіпті.
Асқар. (не дерін білмей қалып) М-м… кеткен екен бір қателік… жас қой…
Қази. Куәгерлер бар ма?
Ғабдуррахман. Бар. Бір дәрігер және екі медбике.
Куәгерлер жақындайды. Дәрігер ер адам.
Қази. (дәрігерге) Сіз мына келіншектің өз нәрестесін перзентханада тастап кеткенін растап куәлік етесіз бе?
Дәрігер. Иә, әшһәду, куәлік етемін — осы келіншек өз баласын перзентханада тастап кетті.
Қази. Жақсы. (медбикелерге) Ал сіздер ше?
Екі медбике. (бірлесіп) Әшһәду, куәлік етеміз — осы келіншек бала табысымен одан бас тартты да тастап кетті.
Қази. Жақсы, сіздер кете беріңіздер. (келіншекке) Балаңды неге тастап кеттің? Күйеуің қайда?
Келіншек. Күйеуім жоқ. Мені бір жігіт алдап, үйленемін деді де екіқабат болып қалғанда тастап кетті. Сосын, баланы асырай алмайтын болғасын, оны тастауға мәжбүр болдым.
Ғабдуррахман. Бұл себеп емес. Айналаңа қарашы — не?! Жұрт балаларын асырай алмай аштан қырылып жатыр ма? Бұл не сандырағың?! Неке қиыспай еркекпен неге төсекке жаттың? (келіншек үндемейді) Ал, жарайды, шайтанның азғыруына ұшыраған екенсің, некесіз бір азғынмен төсектес болған екенсің, екі қабатты болып қалған екенсің, бала тапқан екенсің — не болмай жатыр қазіргі заманда?! Неге сен өзіңнің сәбиіңді, бейкүнә, титтей нәрестеңді тастап кеттің? Содан кейін қалай жер бетін басып жүремін деп ойладың?! (келіншек төмен қарап үндемейді, шейх қазиға бұрылады) Қандай жаза тағайындайсыз?
Қази. Жүз дүре!
Асқар. Мен мұндай жазамен келіспеймін. Жүз дүре дегеніңіз — ол өлім жазасымен пара-пар! Елу дүренің өзі жетіп жатыр.
Ғабдуррахман. Жоқ, хазіреті имам! Бұл жерде аяушылық дегенді қою керек. Қылмыскерлерді аяп біз қоғамды дұрыс жолға бастай алмаймыз.
Асқар. Қылмыскер қылмысына сай жаза алуға тиісті. Баланы тастап кеткені үшін өлім жазасына қиюға бола ма?
Ғабдуррахман. Ал мұның некесіз еркекпен төсектес болғанын қайда қоясыз? Ол қылмыс емес пе?! Бұл жазамен біз бала тастап кететіндерге қоса зинақорларға да сабақ бермекпіз. Әлде сіз зинақорлықты қолдайсыз ба?
Асқар. Жоқ, қолдамаймын. Бұл қызды алдаған жігіт қайда екен? Оны да жауапқа тартып осы жүз дүрені екеуіне бөліп беру керек.
Ғабдуррахман. Ол сабазың ісін тындырып ізін суытыпты. Оңай құтылдым деп жүр ғой, сірә. Алланың жазасынан құтыла алмасын білмейді ғой ол сорлы. (көмекшілеріне) Сонымен, қази жүз дүре тағайындады. Апарыңдар, беріңдер қылмыскердің тиісті жазасын!
Халық тағы шуласып кетеді.
Бірінші адам. Ойбай-ау! Жүз дүреге бұл бейшара шыдай ма?! Өліп кетпей ме!
Екінші адам. Иә, қайдан шыдасын! Бұлар оны әдейі өлтірейін деп тұр!
Ғабдуррахман. Тынышталыңдар! Егер ажалы келсе — өлер. Ал егер сызығына жетпесе — тірі қалады, өмірін жаңадан бастайтын мүмкіндік алады. Не болса да бұл бейбаққа хайыр — жаңа айтқан жоқпын ба, Алла тағала қылмыскерді екі рет жазаламайды деп!
Келіншек. (өзін не тосып тұрғанын жаңа ғана түсінгендей тізерлеп отыра кетіп) Ағатай! Көкетай! Кешіріңіз! Мен жүз дүреге шыдай алмаймын. Өліп кетемін!
Ғабдуррахман. Өлсең — өрем қап! Сенің жер бетінде жүргеніңнен не пайда?! Егер сен өз ішіңнен шыққан балаңды аямасаң — біз сенен не қайыр күтпекпіз? Өзің ойлашы — кімге сенің өмірің қажет?! Біздің жаңа қоғамымызда сендей көкектерге орын жоқ!
Келіншек. (еңіреп жылап жібереді) Кешіріңізші! Мен баламды қайтып аламын! Бүгін барып аламын! Қазір барамын! Түсіндім қателігімді, түсіндім!
Ғабдуррахман. Әй, қарағым! Кім енді о баланы саған береді?! Бір рет тастап кеткен қарабетке баланы сеніп беруге бола ма?! (топқа бұрылып) Біздің ислами автономиямызда балалар үйі деген, тастанды бала деген болмайды. Балалар үйіндегі бүкіл балаларды біз, «Әл-хизб» партиясының мүшелері, өзара таратып алдық. Мен өзім бір ер бала мен бір қыз баланы асырап алдым. Біз сол балаларды нағыз мұсылман етіп тәрбиелейміз. (көмекшілеріне) Әй, неғып тұрсыңдар?! Апарыңдар, байлаңдар бағанға! Беріңдер әділ жазасын!
Қызметшілер келіншекті сүйреп бағанға апарып байлайды. Екі жендет екі жағынан сабай бастайды. Келіншек жылайды, шыңғырып айғайлайды, біраздан соң тек ыңқылдап ыңырсығаны ғана естіледі, аяқтарында тұра алмай, кісендерде асылып салбырап қалады, біраздан кейін мүлдем үні өшіп қозғалыссыз қалады. Халық толқып, кейбіреулері: «Жетер! Тоқтатыңдар! Хайуандар! Жауыздар!», деп жатыр.
Ғабдуррахман. Кім бұл жерде жауыз?! Сендер не білесіңдер?! Осы сөзді айтқан адам кезінде тастанды бала болды мекен?! Шырылдап осы дүниеге келе сала, туған анасы оны тәрк етіп тастап кетті мекен?! Сосын, есейіп жігіт болғанша, анам келіп мені алып кететін шығар, деген үмітпен қатар, жоқ, ол келмейді! Мен оған керек емеспін, мен бұл дүниеде ешкімге керек емеспін, деген қасыреттің арасында дел-сал болып жүрді мекен?! Ә?! (халық үндемейді) Үндемейсіңдер, иә! Ал мына алдарыңда тұрған адам, (өзін қамшы ұстаған қолымен нұсқайды) жауыз деп жазғырған адам, кезінде сондай тастанды бала болған! Сол адам есейіп, өзін туған анасы… анасы емес-ау! Өзін туған азғынның ендігі келмейтініне, ендігі алып кетпейтініне көзі жеткенде, оған жауыз деген. Сосын сондай жауздарды тудырған, сондай азғындарға жол беріп қойған қоғамға соғыс жариялаған. Өзінен туған баласын тастап кететін жауыздарға жиһад жариялаған! Міне, бүгін сол жиһадтың да уақыты келді.
Осыны айтып ол айналып кетеді. Жұртта үн жоқ. Өзінің дауысын ретке келтіріп Ғабдуррахман сөзін жалғастырады.
Ғабдуррахман. Біз бұл қылмысты жазаламай, тастанды балалардың саны азаймайды. Сендерге сол керек пе?! Ә?! Неге үндемей қалдыңдар?! Ендеше қараңдар — ойнас жасап бала тауып, бейкүнә сәбиді тастап кеткендерге біздің ислами мемлекетімізде аяушылық болмайды!
Халық үндемейді. Жүз дүре беріп жендеттер тоқтайды. Қызметшілер келіншектің қолдарындағы кісенді ағытады — ол сылқ етіп құлап түседі. (немесе осының бәрі сахнадан тыс жерде болады)
Ғабдуррахман. Дәрігерді шақырыңдар! (носилка ұстаған екі санитар ертіп дәрігер келеді де әйелдің пульсын байқайды, кеудесіне құлағын тосады да орнынан тұрады) Не?
Дәрігер. Өтіп кетті. (алақандарымен бетін сипайды)
Ғабдуррахман. (бетін сипайды) Аллаһу акбар!
Сахнадағы барлық жұрт беттерін сипап «Аллаһу акбар» дейді. Топтың ішінде күбір-күбір, гу-гу әңгіме басталып кетеді. Санитарлар келіншектің мәйітін носилкаға салып алып кетеді. Ғабдуррахман үсті-басын қағып орнына қайтып келеді.
Жамал. (топты жарып шығып шейхтың алдына келіп тоқтайды) Қанпезер! Қанішер! Тойдың ба қанға, құзғын? Осыдан кейін кім сені мұсылман, момын дейді?!
Ғабдуррахман. Өшір үніңді, арсыз қатын! (қамшыны сермеп қалады да, лезде есін жиып, көтерген қолын төмен түсіреді)
Жамал. (шейхке ұмтыла) Ұр! Ұр! Жық дүреге! Саба! Неге тоқтап қалдың?! Ұр, қыр, өлтір, жендет! Қорықпаймын сенен! (шейх теріс айналып кетеді, Жамал өзін сабырға шақыру мақсатымен жақындаған Асқарды итеріп жібереді) Осы сұмдықтың бәрі сенің мойныңда! Сен бәріне кінәлісің! Сен осының бәріне жол ашқан. Сенімен бір отбасылық болғанша мүлдем байсыз өткенім артық. (Ғабдуррахманға) Мен бұл қаладан кетемін. Балаларымды да қалдырмаймын. Бұл қала жын-шайтанның ордасына айналды, бұл жерде есі дұрыс адамға орын жоқ.
Ғабдуррахман. Жақсы. Қазір сізді стадионға жеткіземіз, онда қаладан шығуды тосып отырған біраз адамдар бар. Сосын арнайы көлікпен қаланың сыртына шығарып тастаймыз. Әрі қарай қайда баруыңызды өзіңіз біліңіз (бір көмекшісіне) Мына кісіні балаларымен стадионға апарып таста.
Асқар. Жамал! Тоқта! Қаладан әлі бір де бір адам шығарылған жоқ. Стадион жарылғыш заттармен миналанып тасталған. Сондағы бүкіл адамдар өлімге кесілген. Олардың бәрі аманат ретінде ұсталып отыр. Қалаға шабуыл жасалса стадион бүкіл тұтқындармен аспанға ұшады. Ал шабуыл жасалады, қашан екенін білмеймін, бірақ жасалатыны хақ.
Жамал. Солай ма! (Ғабдуррахманға) Ал хазіреті шейх не деп еді? Қаладан кеткісі келетіндер стадионға жиналсын, содан арнайы көлікпен облыс орталығына жеткіземіз, деп еді ғой. Соның бәрі өтірік болғаны ма? Мұсылманға, хазіреті шейхке өтірік айтуға бола ма?
Ғабдуррахман. Мұсылманның кәпірге өтірік айтқаны айып емес. Мен мұсылмандар мен кәпірлерді айырып алу үшін солай істедім.
Жамал. Сен жаңа ғана мені де алдадың емес пе?
Ғабдуррахман. Иә, алдадым. Өйткені сізді мұсылман деуге болмайды. Иманды, ибалы әйел мұсылманға, шейхке тіл тигізбеуге тиісті еді.
Жамал. Сен кәпір дегенмен мен кәпір бола қалмаспын. Сендей қанішермен бірге мұсылман атанғанша кәпір атанғаным артық. (халық тобына беттей бере) Гүлнәр! Берік! Жүріңдер, кетейік бұл жерден.
Асқар. (соңынан ілесіп) Тоқтай тұр, Жамал! Қайда барасың?
Жамал. (Асқарға бұрылып, қолының ишаратымен оны тоқтатады) Талақ! Талақ! Талақ! Сенің екі қолың қанға малынған. Біз сендей қанішермен бірге тұра алмаймыз.
Асқар аңырап қала береді. Жамал балаларымен бірге кетеді. Осы жерде мешіттен азаншының дауысы естіледі. Халық тарай бастайды. Қази мен хатшы да кетеді. Ғабдуррахман жасақтарын қолының ишаратымен аттандырады да имамның жанына келіп қолын оның иығына салады.
Асқар. (селк ете түседі) Ә?! Не?!
Ғабдуррахман. Азан, хазіреті имам. Мешітке барайық, намаз оқиық.
Асқар. Ә, иә, иә… (басы төмен салбыраған күйде шейхтың соңынан еріп кете барады)
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Сахнаның арғы жағында стадион суреттелген декорация. Декорацияның бергі жағында жатқан-отырған тұтқындар. Динамиктерден Құран оқыған қаридың дауысы естіліп тұр. Стадион тұтқындарының арасында күбір-күбір әңгіме, балалардың жылаған, қыңқылдаған үндері, біреулердің ыңырсыған, қарғап-сілеген дауыстары. Сахнаның бергі жағында, Ларисаның аяқтарына басын жастап Мария сұлап жатыр.
Мария. Су… су… Лариса, су берші.
Лариса. (жыламсырап) Мама! Суды қайдан алайын? Шыдашы!
Стадиондағылар қозғалмайды, тек анда-санда біреулер жүре бастаса, прожектор жарығына шалынып, мегафон арқылы жүрісті тоқтатуды талап етіп бұйрық беріледі.
Бір уақытта аспаннан ұшақтардың гүрілдеген дыбысы естіледі, гүріл күшейе түседі. Прожектор сәулелері көкке шаншылып, ауе зеңбіректері оқ жаудырады. Тұтқындар бас сауғалап жата кетеді. Аспаннан шағын парашюттерге ілінген қапшықтарда азық-түлік, пластик бөтелкедегі су, қызыл крес пен қызыл ай бейнеленген қораптарда дәрі-дәрмек түсе бастайды. Және көптеген жапырақ қағаздар түседі. Ларисаның жанына бір бума пластик бөтелкелер қонады, қыз оларға қолын созғанымен қолы жетпейді. Ол шешесінің басын жерге қойып пластик бөтелкелерін ұстай бергенде, бір бала әлгі буманы парашюттің жіптерінен ұстап алып сүйрей жөнеледі. Лариса бөтелкелерге жармасып айырылмайды.
Лариса. Әй бала! Тоқтай тұр! Бір бөтелкесін маған тастап кет — мамам шөлден өлейін деп жатыр.
Бала тоқтай қалып бумадан бір бөтелкені алып берейін дегенде униформа киген стадион күзетушілері жетіп келіп тартып алады. Олардың белдерінде тапанша, қолдарында резеңке шоқпар.
Лариса. Бір бөтелке! Тым құрығанда бір бөтелке беріңізші! (бумаға жармасып бағады, бірақ күзетші қызды итеріп жібереді; Лариса құлап түседі, сосын жылап шешесінің жанына қайтып келеді)
Күзетшілер стадионның басқа тұтқындарының қолындағы азық-түлік салынған қапшықтарды, су мен дәрі-дәрмектерді тартып алып жатыр. Стадионның тұтқындарынан екі жігіт оларға килігеді.
Бірінші тұтқын. Әй, оңбаған болмасаңдар, тым құрығанда балаларға су берсеңдерші!
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.