«Бір күні ертегілерді қайтадан оқи бастайтындай есейген боласыз

К.С.Льюис

1. Шококент

Шококенттің бір отбасында бір жасар бала үйдің қабырғаларын кеміріп жатты. Өйткені үйдің қабырғалары шоколадтан жасалған еді. Жəне балақай шоколадты қатты жақсы көретін. Ол тіпті қасықтап жеуге кіріседі. Қабырғаның құлауына сəл қалған еді, сол кезде əкесі баланы уақытында тоқтатып, құтқарып алады. Балақайдың бет-аузы шоколад жағылып, түрі көрінетін емес. Тек көздері бадырайып, жан-жағына бір қарады. Бұл кішкентай Шококент тұрғыны әлі де аузындағы шоколадын бітірген жоқ. Ол көзін жұмып тұрып шоколадтың дәмін бар жанымен сезінді. Біраздан кейін үйдің бір жағы құлап түседі. Бұл үй қаланың қақ ортасында орналасқан еді. Үйлер моншақтай тізіліп, ерекше әдемілік беріп тұрды. Алайда, орталықтағы бір үйдің бұзылуы, моншақтағы бір маржан тастың үзіліп кеткені сыңайлы болды. Енді əкесіне басқа үй іздеуге тура келеді. Ал қыс болса жақындап қалды.

Шококентте үйлердің бұзылып, құлауы сирек кездесетін жайт емес. Кішкентай балақайларды шоколад жеуден бас тартқызу мүмкін емес. Сондықтан кішкентай балаларды жалғыз қалдыру өте қауіпті. Ал көрші балақайлардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар біраз уақыттан кейін қирап жатқан үйді жейтін болады. Сондықтан бұл елде балалар — нағыз «үй жегіштер». Сол себептен үйге қонақ шақыру қауіпті. Қонақтар балалармен келсе, байқап отыру керек. Әйтпесе отырыстың соңы өкінішті болуы мүмкін. Шоколадтың тартымдылық күшіне ештеңе төтеп бере алмайды. Ол сондай тəтті, сондай сиқырлы.

Бұл керемет Шококент қаласы Тəтті тауының етегінде Бал көлінің жағасында орналасқан. Бұл қаланың ерекшелігі ғимараттар мен тағы да көп нəрселердің шоколадтан жасалуында еді. Сондықтан ба, тұрғындары тəтті-тəтті сөйлейді екен. Сөздері тəтті болғандықтан, əрине, көңілдері де шаттыққа толы болатын.

Сонымен қоса шококенттіктер тəтті түс көріп, тəтті ұйқыға бөленетін. Тəтті өмір деп осыны айт. Өйткені, шоколад адамдардың көңіл-күйін барынша көтереді. Балалар қалағандарынша шоколад жей алатын. Бүлдіршіндер үйдің шоколадты қабырғаларын кеміргендіктен, ата-аналарына жылда үйлерін жөндеуге тура келеді. Шоколадтың бір ерекшелігі қыста суық өткізбейді, ал жазда ерімейді. Бұл қасиет сиқырлы шоколад дəндерінен келетін.

Шококент тұрғындары өздерін «шокилер» деп атайтын. Кейбір шокилердің түстері қара-торы боп келеді. Олар осы түспен мақтанып, «біз нағыз шокиміз» дейтін. Шокилер туған балаларына ат қойғанда «шоко» сөзін жалғап қоятын. Айшоко, Нұршоко, Жашоко және Байшоко деген есімдер жиі кездеседі. Оған қоса, Шоқан, Шоқай, Шокобай, және Шокоару, Шоконұр деген аттар да өте көп қойылатын.

Шоколадтың түр-түрі болады: қоңыр, қара, ақ, қызыл, жасыл, көк, сары тіпті алтын шоколад та болады. Мысалы, қаладағы ғимараттар көбінесе қоңыр немесе ақ шоколад кірпіштерінен жасалатын. Ал кірпіш зауыты энергиясын сиқырлы шоколад дəндерінен алады. Бұл сиқырлы шоколад дəндерін періштелер ежелгі заманда аспаннан түсірген деседі. Шоколад мамандары бұл сиқырлы дəндердің сырын ешкімге ашпайтын. Өйткені дəндердегі тылсым энергияны теріс мақсатта қолданғысы келетіндер де бар еді.

Бұл шоколад əлемінде басқа тəттілер де болатын. Ағаштар халуадан болса, тастар кəмпиттен еді. Ал бұлттар тəтті мақтадан болатын. Тәтті мақта жегісі келген адам таудың басына шығып, тойғанша тәтті мақта жейтін. Сондықтан тәтті мақта өте бағалы тағам боп есептеледі. Кез келген шоки тәтті мақта жедім деп мақтана алмайды. Тәтті мақтаны жейтін қыздарды «мақта қыз» деп атайтын. Олар жыл сайын таудың басына шығып, тәтті мақта жеп, оны басқа тұрғындарға да алып келетін. Басқаша айтқанда, тәтті мақта — үлкен мақтаныш.

Жаңбыр жауғанда бұлттан шырын жауатын. Əр уақытта əр қалай. Алма шырыны жауады, кейде өрік, кейде апельсин шырыны жауады. Балақайлар ауыздарын ашып дəм татады. Ал қыс мезгілінде жапалақтап балмұздақ жауатын. Осылайша, балмұздақ төмпешіктері пайда болады. Балалар қалағандарынша шана тебетін. Оның да түрлі түстісі болады. Шоколадтан жасалған балмұздақ немесе жеміс балмұздағы да жауып қалады. Сөйтіп Шокенттіктер тату-тəтті өмір сүріп жатқанда, күтпеген оқыс оқиға болады. Шоколад мамандарынан сиқырлы дəндерді біреу ұрлап əкетеді.

Шококенттің бас уәзірі Дәуіш тәтті ұйқысынан шошып оянды. Ол түсінде тұзды жартастың шетінен құлағалы тұр екен. Үсті басы тұз болып, әрең дегенде жартастан жерге түседі. Түсіндегі тұздың дәмі әлі аузынан кетпеді. Дәуіш бірден терезені ашып жібереді. Күз күні бар шуағын шашып, әлемді жарық пен қуанышқа толтырып тұрғандай. Таңғы салқын жел солтүстіктен хош иістерді жинап, Шококенттің көшелері мен аулаларын таңғажайып сарайға айналдырды. Құстар бар өнерін салып, ән шырқап тұр. Дәуіш бұл құстар оркестріне әдеттегідей жем беруге кірісті. Жеммен қатар көңілден шыққан жылы сөздер ең маңызды азық, әрине.

Көп ұзамай ұрының қай елден болғандығы түсінікті болды. Ұры Тұздейім елінен болып шығады. Тұздейімдіктер көптен бері осы сиқырлы шоколад дəндерін қолға түсіре алмай жүр еді. Ащы жоспарларын іске асыру –Тұздейімдіктердің көнеден бері келе жатқан мақсаттары. Өйткені, өмірлері ащы боп кеткен еді. Сөйлеген сөздері ащы, ұйқылары ащы, тіпті түрлері де ащы. Басқалардың тәтті өмірлерін қызғанып, бастарына ащы ойлар келетін. Араларындағы араздықтарының мың жылдық тарихы бар. Қандай айла ойлап тапса да, нəтижесіз болатын. Бірақ осы жолы дегендеріне жетеді.

Сол күні Шококентте жаңбыр жауады. Шоколадтан жасалған ғимараттар ақырындап ери бастайды. Сиқырлы дəндер болмаған соң, шоколадтың құрамы өзгеріске ұшырайды. Шококент халқының мазалары кетіп, уайымдай бастайды. Қала көшелерінде шоколад ағады. Жаңбыр біткен соң, күнге қызған сұйықтық нағыз ыстық шоколадқа айналады. Сөйтіп, қаланың қасында шоколад көлі пайда болады.

Шококенттің патшасы Шокохан халқын жинап алып:

— Халқым! Саны шектеулі сиқырлы шоколад дəндерін Тұздейімдіктер ұрлап әкетті. Бұл дәндер біз үшін өте маңызды. Шококенттің күш көзі сол дәндер. Бұл дәндерді әулиелердің өзі сақтап, бізге аманат ретінде қалдырған. Сол дəндерді қайтару керек. Араларыңда қайтарам деген жан бар ма? — деп патша үмітпен жан-жағына қарайды.

Біраз уақыт өткен соң бір əйгілі батыр шығады. Оған қосыла тағы аты шыққан төрт батыр шығады. Шокохан қатты қуанып кетеді.

Патша ақсақалдармен бірге Тұздейімге аттанатын бұл бес батырмен сарайында көріседі. Бəрі де мықты жігіттер. Кезінде бұл ержүрек батырлар білектің күшімен, найзаның ұшымен шокилерді жеңіске жетелеген. Бой десе бойы, ой десе ойы бар бұл батырлар кез келген тапсырманы орындауға дайын. Елі үшін елу жанын беруге әзір. Бірақ ақсақалдар бұл бесеуін емес, қарапайым жанұяның екі баласын ұсынады. Бұл балалар сымбатты да ақылды бауырлар Рауза мен Елдес еді. Шокохан ақсақалдарды тыңдап, екі жас балаларды жіберуге көнеді.

Бұл екі жас бала қарапайым отбасынан болғанымен, мінез-құлықтары ханшайым мен ханзаданікі сияқты еді. Рауза кішкентайынан жауапкершілігі жоғары қыз боп өсті. Және өте мейірімді, әрі адалдыққа қатты мән беретін. Ол шешім қабылдағанда барлық тұғырдан ойлап, негіз тапқан соң сол ойын іске асыратын. Ал Елдес болса сезімтал жан болатын. Шешімді тез қабылдайтын. Бірақ соңғы кездерде логикаға қатты мән беріп жүр. Әлсіздерге көмектесуге әрдайым дайын. Біреу «көмек керек, жүр» десе шын жүректен қолдан келгенін істейді. Əкесі мен анасы оларға ерекше тəлім-тəрбие беріп өсірген. Олар сабақтан келе жатып жолдағы ағаштарды, шөптерді, жалпы айналасын зерттеп жүретін. Əр нəрседе бір мағына көретін.

2. Екі үміт

Күн бейсенбі еді. Шококент көшелерінің бірінде аққудай нəзік қыз келе жатты. Қызғылт-сары шаштары иығына дейін түсіп тұр. Айнала тым-тырыс. Сары қыз атасының үйінен қайтып келе жатып, жолда кездестірген гүлдерді əдеттегідей санап келе жатты. Жолдың бойымен өсіп тұрған гүлдер моншақтай тізілген. Күн де бар шуағын шашып, гүлдердің басынан сипап тұрғандай. Бірақ сол күнгі ауа райы ыстықтан шыжып тұрды. Жалқау аула мысықтары көрінбейді. Әдетте секіріп, ойнап көбелек қуалап жүрген мысықтар раушан гүлдерінің көлеңкесінде тығылып қалған. Тіпті ойынды қатты жақсы көретін күшіктер де сəкінің астына жайғасып алған. Кенеттен сары қыздың қасына ерекше сағыздан жасалған ат-арба келіп тоқтады. Арбаны безендірген сары шоколад оюлары күн сəулесін ерекше шағылыстырып тұр.

Арбадан жанталасып үлкен лауазымды екі адам түсті.

Құрметпен:

— Сəлем бердік, Рауза сіз боласыз ба? — деп сұрады.

— Сəлеметсіз бе, ия мен болам, — деді сары қыз.

— Біз патшаның уəзірлері боламыз. Келіңіз арбаға отырыңыз, жолда бəрін түсіндіреміз, — деді көк шапан киген бас уəзір.

— Жарайды, мен сізді білем. Патшамен бірге жүргеніңізді бірнеше рет байқағанмын, — деп Рауза сенгенін білдірді.

— Дұрыс, бөтен біреудің арбасына отырмау керек, — деді бас уәзір.

Раузаның ойы неше түрлі сұрақтарға тола бастады. Бірақ ол өзін ұстап отырды. Қара шапан киген екінші уəзір арбаға отырысымен:

— Сенің бауырың қайда екен, екінші арбаны сол жерге жіберсек. Уақыт тығыз, — деді асығып.

— Ол күреспен айналысады, дайындығына кеткен. Ерман палуаннан дəріс алып жүр еді, — деді Рауза.

— Ерман палуанның өзінен бе? Бәрекелді! Естуімше ол екінің бірін шәкірт ретінде ала бермейді. Демек бауырың жәй адам емес қой, — деді екінші уәзір.

Екінші арба атақты палуанның үйіне бет алды. Қара көзді, қара шашты бала дайындықтан енді шығып келе жатты. Кең иықты жəне бойы ортадан сəл жоғары. Күрескенде тек қана қара күшті ғана емес, ақылын да керемет қолданатын.

Сарайдікі екені айдан анық арба баланың дəл алдына келіп тоқтады. Кішкене шаң көтеріліп, топырақтың иісі шығып кетеді. Шаңның арасынан екі уəзір шыға келді.

— Сəлем, балақай. Сен Елдес боласың ба? Біз патшаның

уəзірлері боламыз. Шаруа бар.

— Ия, мен Елдеспін. Ол сонда қандай шаруа? — деді бала.

— Өте құпия тапсырма. Кейінірек түсіндіреміз, — деді уəзір.

— Жоқ, бірінші қандай шаруа екенін айтыңдар, əйтпесе ешқайда бармаймын, — деп боз бала қасарысып тұрып алды.

Баланың қырсық екеніне көзі жеткен уəзірлер:

— Жарайды, патша сені Тұздейімге жібергісі келіп отыр. Ал жүр енді, — деді сақалды уəзір асығып.

— Тұздейімге ме? Мені ме? — деп өз құлағына сенбей қалды бала. Боз бала не қуанарын, не жыларын білмей тұрып қалды.

— Ия, сені, енді жүр. Тез баруымыз керек. Əр минут өте маңызды, — деп уәзір əдемі əшекейленген үсті жабық арбаға жас баланы отырғызды.

Арбаны тартып келе жатқан төрт тұлпар ешкім қамшымен ұрмаса да, бар күшін салып шапты. Қанатты тұлпардай, тұяқтары жерге тигені сезілмеді. Олар да қиын жағдайды сезді ме екен…

Арба көшенің шаңын бұрқыратып, зəулім шоколад сарайына көзді ашып-жұмғанша кіріп кетті. Қошқар оюлы сары шапан киіп алған патша екі баланы өзі қарсы алды. Тəжінің ортасында «Ш» əрпі бірден көзге түсті. Патшаның түрі уайымнан əбден шаршап кеткен. Үлкен залда патшаны санамағанда он жеті адам жиналыпты. Киімдеріне қарағанда барлығы да маңызды тұлғаға ұқсайды. Маңызды екендерін басқаша көрсету қиын болған шамасы. Оған қоса тұрған тұрыстары да жай емес. Залдың оң жақ бүйір есігінен, киімдері ондай болмаса да, қарапайым бірақ таза киінген үш ақсақал кіріп келді. Түрлерінен-ақ ақыл ойлары ерекше екендері көрініп тұр. Патшаның уәзірлері үш биге жол беріп, кері шегінді. Манадан бері сабырсыздана күтіп отырғандары екі жас бала еді. Патша балалардың қолынан ұстап:

— Сіздерге үлкен жүк түсіп отыр. Шоколад елінің жүрегі болып саналатын сиқырлы шоколад дəндерін тұздейімдіктер ұрлап əкетті.

— Ия, естіген едік, — деді сәлден соң Рауза.

— Онда білетін шығарсыңдар, Шококенттің күш қайнары сол сиқырлы шоколад дәндерінен келеді.

— Ия, әрине. Энергия бір жерден келу керек. Өзінен-өзі пайда болмайды, ғой, — деді Елдес сөзге араласып.

— Сол дәндерді қайтару керек, — деді патша тағына отырып.

— Бұл қалай болмақ сонда? Біз бе? — деді Елдес таңданысын жасыра алмай.

— Ақсақалдармен осылай шештік.

— Бірақ бұл өте жауапты тапсырма, — деді Рауза.

Елдес ыңғайсызданып:

— Батырлар тұрғанда біз қалай бармақпыз? — деді.

— Бұл жерде білектен бұрын жүрек маңызды болып тұр. Ақсақалдардың білгендері бар. Осы сапарға сіздер таңдалып отырсыздар, — деп патша салмақты түрде сөйледі.

— Жарайды, біз онда дайынбыз, — деді Рауза Елдеске қарап.

Елдес апайын мақұлдап:

— Əлбетте, — деді.

— Тез жиналып жолға шығу керек, — деді патша уəзірлеріне белгі беріп.

Патша оларға жолға керемет шоколаттардан салып береді. Ертесі күні екеуі ақсақалдардың батасын алып, жол жүріп кетеді.

Сарайдағылар оларға: «Жолдарың тəтті болсын!» — деп

шығарып салды.

Жолдағылар да: «Тəтті сапар!» — деп қолдарын бұлғады.

Тəтті сапар …тəтті сапар.…

Екі бауыр үйлеріне соғып, аналарына барлық жайды түсіндіреді. Аналары басында жібергісі келмей, көздері жасаурап қалады. Бірақ жіберуге мәжбүр. Әйтпесе Шококенттің хәлі мүшкіл. Осылайша, екі жас батыр сиқырлы шоколад дəндерін қайтару үшін Тұздейім еліне аттанады.

Қанттан жасалған жоталарды асқан соң, алдарынан ескі көпір көрінеді. Бұл əйгілі Құзан көпірі еді. Бұл көпір қара арқан мен қызыл ағаштан жасалған еді. Көпірді аспанның он екінші қабат періштелері жасаған деседі.

Көпірдің басындағы сары таста бір жазу бірден көзге түседі. Үстін шаң басқанымен, сөздері анық:

Көрінгенге қарама,

Керегі саған аз ғана.

Шығар содан мағына,

Жетесің сонда ар жағына.

Елдес қасындағы әпкесіне бұрылып:

— Раузажан, не істейміз, қандай ойың бар? — деп сұрайды.

Рауза сол кезде:

— Естуімше, бұл көпірден өтем деп талай адам құлаған екен, — дейді.

— Мына жазуда көпірден қалай өтуге болатыны жазылған. Соны түсінсек болды, — дейді Елдес.

Рауза сөзін жалғастырып:

— Меніңше, жазуда былай деп айтылған: көпірден өтіп бара жатқанда ешқайда қарамау керек. Тек қана аяқ астына қарау керек.

Елдес кішкене ойланған соң былай дейді:

— Сенімен келісем. Онда көзімізді байлап өтейік. Əйтпесе, жан-жағымызға байқаусызда қарап қоюуымыз мүмкін.

Сөйтіп олар көздерін байлап көпірге шығады. Бірінің артынан бірі жүреді. Өйткені бұл тар көпірден екі адам қатарынан жүру мүмкін емес еді.

Көпірдің ортасына жеткенде Елдес шыдай алмай көзін ашып жібереді. Жан жағында адамның көзіне көрінбеген сұлулық жайнап тұр. Таудың басында көл, ал көлдің жанында көк ағаштар жəне жарқырап жанып тұрған түрлі түсті гүлдер көрінеді. Бір жағында ағып тұрған жүзім сарқырамасы байқалады. Аққулар болса шыр айналып қамажай билеп, ұшып жүр. Керемет көрініс. Сол мезетте Елдестің басы айналып, аяғы тайып кетеді. Бірақ құлап бара жатқанда шап беріп арқанды ұстап қалады.

Елдес сол кезде:

— Анашым! — деп айғайлап жібереді.

Рауза не болғанын түсінбей, көзін аша қояды. Ілініп тұрған інісін көріп, ойбай салады. Әпкесі лезде оның қолдарынан ұстап көтеріп алды.

— Неге ашасың көзінді! — деп ұрыса бастайды сары қыз. Елдес болса:

— Сосын ұрысасың. Қазір жан-жағымызға қарамай жалғастырайық, уақыт жоқ, — деп сылтауратып құтылуға тырысты.

Сөйтіп, олар тапқырлық пен достықтарын қолданып, сиқырлы да қауіпті көпірден өте шығады. Осылайша мақсаттарына аздап жақындағандай болады. Бірақ нағыз қызық енді басталып келе жатыр..

3. Сүт көлі

Көпірден өткен соң оларды ақ көл күтіп тұрды. Оның ақ болуының себебі көл судан емес сүттен еді. Ақкөл өте үлкен еді. Қайықпен немесе кемемен жүзіп өту мүмкін емес. Өйткені, кейбір жерлері ашып айранға айналып жатты. Кеме айранды жерде жүзе алмай тұрып қалады. Балықтары да сүт көлінде жүзіп сүтқоректі болып кеткен.

Көлдің арғы бетіне жету үшін тек бір ғана амал бар. Ол — ұшатын кемемен өту. Ұшатын кеме көлдің жағасында болу керек. Олар көлді жағалап кемені іздеуге кіріседі. Бір күн бойы іздеп, екінші күні алыстан кемені байқайды.

Рауза қуанғанынан секіріп жіберіп:

— Алақай! Таптық! — деп жан даусымен айқай салды.

Екеуі де шаршағандарын ұмытып кемеге қарай ұмтылады. Ұшатын кеме алыстан көз жауын алып тұр. Ол қара ағаштан жасалып, қызыл ағашпен əрленген еді. Ұшатын кеме үлкен жəне əдемі көрінеді. Жақындаған сайын əдемілігі арта түсті. Кеме жағадағы құмда тұрды. Екі жағынан құлап кетпес үшін жуан таяқтармен бекітіліп қойған. Кеменің қасында иесі жүр. Кеме оған ата-бабаларынан мирас боп қалған еді. Бұл əйгілі капитан Дойын болатын. Дойын бойы ұзын əрі толық кісі болды. Дастарханға бір отырғанда бір қойды тауысып қоятын. Жуан даусымен:

— Кім боласыңдар? — деп еді.

— Ассаламағалейкум, — деп сәлем берді балалар.

— Уағалейкумассалам, — деп сәлемін алды Дойын.

— Біз Шококенттен боламыз.

— Бізге көмек керек еді. Көлдің арғы бетіне жетуіміз керек. Бізге көмектесесіз бе? Əйтпесе, Шококент құриды, — деп олар дерттерін білдірді. Дойынның жүзінде мейірім көрініп тұрды.

— Жарайды, келіңдер, қонақ болыңдар, — деп оларды дастарханға шақырды.

Олар Дойынның артынан жүрді. Кеменің сыртынан арқаннан жасалған баспалдақ ілініп тұр. Дойын ірі болғанымен, мысықтай тез өрмелеп шығып кетеді. Бұл оның күніне бірнеше рет жасайтын ісі еді. Ол артына қарап:

— Балақайлар! Неге ақырындап қалдыңдар? — деді зілді дауыспен.

Рауза мен Елдес бар күштерін салып жоғары шықты. Олар шыққанша Дойын бес-алты рет түсіп қайта шығатындай болды. Бəрі бірге кемедегі капитан бөлмесіне қарай беттеді. Бөлменің ішінен аздап майдың иісі шығып тұр екен, бірақ қонақтар ештеңе білдірмей ішке кірді. Дастархан сүт тағамдарына толы болды. Айран, құрт, сүзбе, ірімшік, қаймақ, тіпті қымыз да бар еді. Елдес сөз бастап:

— Бұл сүт көлі Ақкөл қалай пайда болған екен? Тарихын білетін шығарсыз. Айтып бересіз бе?

Дойын жақсылап жайғасып алып әңгімесін бастады:

— Ия, ата-бабаларымыздан бізге жеткен бір аңыз бар. Бірнеше ғасыр бұрын бұл көлде су болған екен. Ол кезде көл «Суар» деп аталатын. Сол заманда көлдің жағасында тұратын халық бата бергенде тек қана «Ақ мол болсын!» — деп айтады екен. Уақыт өте келе адамдар суды қадірлемей, сүтті қасиетті қылып жібереді. Жылдар өтіп, сиыр сүт бергендіктен адамдар сиырға табына бастайды. Азып кеткен бұл халыққа құдай жазасын береді. Көлдегі суды сүтке айналдырып жібереді. Бір қызығы көлде жыл мезгілдері басқаша өтеді. Баста қымыз мезгілі келеді. Сосын шұбат мезгілі, одан соң сиыр сүті, артынан ешкі сүті мезгілі басталады. Осылайша əр мезгілде көл өзгеріп тұрады. Бірақ қара суға жетпейді, әрине. Сол уақыттан бері осы халық құрғақшылықта өмір сүруде, — деп әңгімесін аяқтайды Дойын.

— Қызық екен, бірақ суды қадірлемегендері өкінішті-ақ. Біз тіпті жеміс шырынын босқа жұмсамаймыз, — деді Елдес басын шайқап.

— Дұрыс, ысырапшылдық — бұл асқа деген құрметсіздік. Соңы жақсы болмайды, — деді Дойын балақайларға қарап.

Олар жақсылап тамақтанып алады. Дастархан басынан тұрған соң, алып Дойын басын қасып тұрып былай дейді:

— Сендерге көмектесейін. Бірақ кемеге ұшу үшін ерекше жанармай керек.

— Ол сонда қандай жанармай? — деп екеуі бірге сұрады. Қонақтар Дойынның бетіне қарап қалады.

— Бұл сиқырлы кеменің жанармайы — шынайы күлкі.

— Жарайды, бұл оңай ғой. Әзіл айтамыз! — деді Елдес қуанып.

— Бір әзіл күлкісі жарты күнге жетеді. Қатты күлкілі болса толық бір күнге де жетіп қалуы мүмкін. Бірақ бәріміз күлуіміз керек, — деді Дойын.

Рауза да араласа кетіп:

— Онда уақыт жоғалтпайық. Тезірек қимылдайық, — деді.

Бірінші болып күлкілі оқиға айтатын Елдес болды.

— Адамдар қай айда аз сөйлейді, білесіздер ме? — деп сұрақ қойды Елдес. Дойын ойланып:

— Қай айда көбірек тамақ ішеді, сол айда шығар. Өйткені ауыздары кішкене босамайды ғой, — дейді.

— Ха-ха-ха, бұл қызық жауап екен. Бірақ жауабы бұл емес, — дейді Елдес.

— Негізі жауабы ақпан айы, өйткені ол ай ең қысқа ай. Жиырма сегіз күн.

— Ха-ха-ха, — деп бəрі күліп жіберді.

— Шынында да өте күлкілі жұмбақ, — деді Дойын.

Осылайша, Елдес өте күлкілі əңгіме айтып бітіреді. Бәрі күліп, кеме де күлкіге толып, ұшуға толығымен дайын қалпына келді. Кеме ақырындап көкке көтеріле бастайды. Олар биіктен әдемі көріністерге куә болды. Бұндай биіктікке бұрын-соңды шықпаған саяхатшылар ауыздары ашылып аң-таң болады. Олар бұлттардан асып, таулардан да биігірек көтеріледі.

Олар биіктен айналаны зерттеуге кіріседі. Елдес қолымен көрсетіп:

— Анау тауға ұқсап тұрған не? Бірақ таудан да биік əрі əлдеқайда ұзын, — дейді.

Дойын оны бірден түсінеді. Оның жауабы дайын еді, өйткені бұл сұраққа ол талай рет жауап берген.

— Бұл — жердің қыры. Жер төртбұрыш болғандықтан, дəлірек айтқанда, куб тəрізді болғаны үшін қырлары болады, — деп жауап берді Дойын.

Елдес сонда:

— Жер сонда шар тәрізді емес пе!? — деп таңғалады.

— Жоқ, жердің беті жазық, квадрат пішінді. Неге екенін білмеймін, адамдардың көбісі жерді домалақ деп ойлайды. Бұл дегенің мүмкін емес қой. Бұл тек ертегілерде болады ғой! — деп қарқылдап күліп жібереді Дойын.

Расымен де төртбұрышты жер биіктен өте керемет көрінеді екен. Кеме көтерілген сайын Ақкөл кішірейіп ақ дақ сияқты боп қалды. Көгілдір су жердің басым бөлігін кұрап жатты. Бұл əдемі де сиқырлы кубтың қырлары түп-түзу екені биіктен анық көрінді. Дойыннан басқасы бұл керемет сұлулықты тамашалауда еді. Төртбұрышты жер таңдай қақтыра сүйсіндірді. Ал Дойын болса тамақ ішіп қолы босамай жатты.

Елдес болса:

— Ананы қара, Рауза! Солтүстік жаққа метеориттер түсіп жатыр, — деді қолымен көрсетіп.

— Ия, көріп тұрмын.

— Əдетте метеориттер осыншама көп түспеуші еді, — деді Елдес.

— Айтпақшы, бір кітап бойынша жақын арада көп метеориттер түсу керек екен. Олардың құрамында темір деген бір нəрсе болады екен, — деді Рауза ойын жинап.

— Темір, ол не екен сонда? — деп таңғалды Елдес.

— Өзі қатты, əрі ауыр болады жəне оның пішінін балқытып өзгертуге болады екен, — деді Рауза жымиып.

— Сиқырлы нəрсе десеңші.

— Ол метеориттерге шамандар солтүстікке барып, «Əрікетші» деп айғалап кері дұғалар жасап жүр деп естігем.

— Ия, тілі келмейтіндер Əрікетка неме Əрктика деп айтып кетіпті.

Кеме бұлттардың арасымен жүзіп, ауа толқындарымен бірге теңселіп, самғап кете берді. Ұлан-асыр ауа мұхиты кемені бар күшімен жетектеп отырды. Сәлден соң кемедегі жолаушылар тəтті ұйқыға кетті.

Ертесі күні барлығы бір уақытта оянады. Таңғы асқа сүт пен шоколад жеп алады. Дойын жанармай жағдайын тексеріп келеді. Келісімен:

— Əзіл айтатын уақыт болды. Менің өз əзілім бар: Біреуге ренжіген кісі «жер домалақ əлі көрісеміз» деп айтқан екен, — дейді.

Үшеуі де қатты күлгендерінен жерге құлап кете жаздап, әрең дегенде өз өздеріне келеді. Ең қызығы, барлығынан да Дойын қатты күліп, өз-өзін əзер тоқтатады.

Күліп болған соң Дойын:

— Көлдің осы жағында Нуа деген саудагер бар. Ол көп жерді көріп, көп біледі екен. Соған бір жолықсаңдар жақсы болады, — деп соңғы ақылын айтты.

— Жарайды Дойын, сол туралы патшамыз да айтып еді. Біз оны іздеп міндетті түрде табамыз. Саған көп рахмет, — деп қоштасуға дайындалады екеуі.

Кешке қарай олар Ақкөлдің арғы бетіне жетеді. Кеме ыңғайлы бір жерге қонады. Саяхатшылар Дойынға ризашылығын білдіріп, шоколадты сыйға тартады. Олар Дойынмен қоштасып батысқа қарай жол жүреді.

Жолда кездестірген екі адамнан Нуа жайлы сұрайды. Олар оның алаяқ екенін айтады.

— Ол ойыншық сатады.

— Қандай ойыншық сонда? — дейді Рауза.

— Ол сиқырлы өзі жүретін ойыншық. Басқа əлемнен əкелінген дейді. Сол ойыншық үшін бір қой бердім, — дейді бірінші адам ашумен.

— Ал мен болсам, екі ешкі бердім. Бірақ үйге келіп ол ойыншықпен біраз ойнаған соң істемей қалды. Онымен байланыспаған дұрыс, — дейді екінші адам.

— Ол кісіні қайдан іздесек болады? Басқа бір шаруамыз бар еді, — деді Рауза.

Қаралау келген кісі солтүстікті колымен көрсетіп:

— Мына көрініп тұрған жотаның артында Жалдама деген қалашық бар. Сол мекеннің базарынан тауып алуға болады, — дейді түрін тыжырайтып.

— Рахмет, — деді Рауза.

Енді жолаушылар сол Жалдама қаласына аттанады. Жолдың бойында ат-арбамен сол қалаға қарай бара жатқан кісіні кездестіреді. Жасыл шапанды, ақ сақалды кісі əндетіп отырған еді.

Елдес бірден бар дауысымен айғай салды:

— Ағатай, Жалдамаға бара жатырсыз ба? Бізді де ала кетесіз бе?

— Жарайды, отырыңдар, — деп қарт бірден келісе кетті.

Екеуі арбаға жайғасып алады.

Рауза бірден Нуа туралы сұрай кетеді:

— Сіз Нуа деген кісіні білесіз бе? Сол кісіні іздеп жүр едік, — дейді.

Ол кісі бірден тоқтай қалып:

— Ия, білем. Яғни, ол менмін. Не үшін іздеп жүрсіздер? — деді таңғалып.

Екі саяхатшы бірден қуанып:

— Сіз бе? Біз Шококент патшалығынан боламыз. Патшамыз Шокохан сізге жолығып дəріс алуымызды тапсырып еді.

Нуа сол кезде:

— Патшаларың айтса айтқан шығар. Ол маған патша емес. Ешқандай сабақ беруге мұршам жоқ. Уақытым да жоқ, — деді.

Елдестің түрі аянышты болып:

— Тұздейімдіктер біздің дəндерімізді ұрлап əкетті. Ол қандай дəндер екенін білесіз ғой. Қайтармасақ құрыдық.

— Ұрлап əкетті дейсіздер ме? Қалай сонда? Ол мүмкін емес еді ғой, — деді қария. — Іштеріңнен біреу сатып кеткен ғой.

— Біз сол сиқырлы дəндерді қайтарып алғымыз келеді. Шокохан бізді жіберді, — деді Рауза аздап ыңғайсызданып.

— Демек көптен күтіп жүрген қонақтарым боласыңдар. Жүріңдер, менімен еріңдер, — деп орманға қарай бет бұрады. Жолаушылар сұрақ қоюға дəті бармай, жылы жүзді қарияның артынан ілесе береді. Неге екені белгісіз, бірақ іштеріңнен қарияға сенуге болатынын сезеді.

4. Нуа ұстаз

Біраз жүрген соң халвадан жасалған үй көрінеді. Терезелері тас кәмпиттен. Ішіне кірсе, бір бойжеткен дастархан жайып жатыр екен. Олар сəлем беріп дастархан басына жайғасты. Ақсақал сөз бастайды:

— Мен осы жерде туғанымнан бастап мекен етіп келем. Сендердің кім екендеріңді білем жəне қайда бара жатқандарыңды да білем.

— Қайдан білесіз ата? — деп шыдай алмай Елдес сұрай кетті.

— Сендерді түсімде үш рет көрдім. Сол көргенімнен бері сендерді Ақкөлдің жағасында күнде күтіп жүрмін. Сендер Тұздейімге сиқырлы дəндерді қайтаруға бара жатырсыңдар. Білесіңдер ме, бұл ұрлық əр мың жылда бір рет болады. Ол дəндерді қайтару оңай емес. Шококент патшасы өз əскерлерінің орнына арнайы сендерді жіберіп отыр. Тіпті мыңдаған əскер жіберсе де, Тұздейімдіктерге күші жетпейді.

Елдес сол кезде күліп жіберді:

— Сонда мен «мың баламын» ба?

Қария сөзін жалғастырып:

— Мың баласың ба, əлде жүз мың баласың ба, оны əлі көре жатармыз. Тарихта дəндерді қайтара алмаған кездер де болған. Сондықтан абай болу керек.

— Бұл нешінші ұрлық білесіз бе? — деп Рауза сұрақ қойды.

— Бұл он жетінші рет болып отыр. Төрт рет аттанған адамдар нəтижесіз оралды.

— Дəндерді қайтара алмасақ, Шококентке не болады? — деді Рауза уайымдап.

— Онда Шококент толығымен еріп кетеді. Сосын балшықтан үй жасауға тура келеді. Ол балшықтың иісі өздерің білетін хош иіс емес.

— Шококент емес Балшықкент болып кетеді ғой, — деді Елдес.

— Адам балшықтан жаратылған ғой. Несі бар тұрамыз, — деп терең мағыналы сөздер айтты Рауза.

— Адам балшықтан жаратылғаны рас. Бірақ мынау сасық балшық қой. Сендер одан да дəндерді қайтарудың жолын қарастырыңдар, — деп салмақты сөйледі Нуа ата.

Ары қарай былай жалғастырды:

— Өмір деген өте қысқа 60—70 жыл. Сол өмірді ерлікпен толтырыңдар. Əркімнің ерлігі əрқалай. Сендердің ерліктерің — осы жол, қолдарыңнан келетін барлық нәрсені жасаңдар. Əйтпесе, қорқақ сорлы болып қаласыңдар, — деп ауыр сөз айтты қария.

Кенеттен екеуі де иықтарында ауыр жүк барын сезінді. Тіпті Елдестің басынан тер бұрқ етті. Екі батыр жаупкершіліктің қандай үлкен екенін сезінді.

Рауза алға бір аттап:

— Біз дайынбыз. Бұл жолда жанымызды да беруге дайынбыз, — деп сеніммен айтты.

Жүректен шыққан бұл сөздер Нуа қарияны қатты қуантты. Үмітпен оларға қарап:

— Онда дайындықты бастайық! — деген дауысы бүкіл бөлмені алып кетті.

— Қандай дайындық? Біз дайын емеспіз бе? Екеуіміз де жақсы садақ атып, жақсы қылыштасамыз. Оған қоса мен күрес шеберімін, — деп Елдес кішкене мақтанышпен айтып еді. Қария:

— Бұл жақсы, бірақ жеткіліксіз. Ерекше қабілеттерге ие болу өте маңызды. Осыдан бастап мен сендерге ұстаздық етемін, — деді.

Елдес шыдамай:

— Ол қандай ерекше қабілеттер, — деді де сылқ ете қалды.

— Касиетті кітапты оқи білу, — деп Нуа ұстаз бір қызыл кітапты сөреден алып шығады.

Кітаптағы жазулар ежелгі төте жазумен жазылған еді. Кітаптың бір бөлігі карталардан болды. Ал картаның үлкендігі дастарханның жартысындай еді.

Қария картадағы бір жерді көрсетіп:

— Сендер қазір мына жердесіңдер, — деп сарғылт түсті мекенді көрсетті.

— Ал баратын жерлерің мына жақта, — деп қара түсті мекенді көрсетті. — Алдарыңда, нақты білмеймін, бірақ бірнеше патшалық жəне таңғажайып елдер тұр. Солардан өтіп Тұздейімге жетесіңдер. Тұздейім патшасы Қаруас болады. Ол туралы бар білетінім ол жақсы адам емес… немесе адам емес деуге де болады, — деді.

Нуа ұстаз екі қонаққа бір аптада төте жазуды толығымен үйрете білді. Ал еңбекқор жолаушылар бос уақыттарында орманнан отын жинады. Отын вафлиден жасалған теректер еді. Бірақ жағуға жарайтын. Нуа ұстаз бір кеште əдеттегідей əңгімесін бастады:

— Сіздер ертегі еліне сенесіңдер ме?

— Білмеймін, — деп жауап берді Елдес.

— Атам ұйықтар алдында айтып беретін, — деді Рауза жымиып.

— Ал мен сенемін, — деді күтпеген жерден қария.

— Əзілдеп жатырсыз ба? — деді Елдес.

— Бар білетінім ол Құсжолы елінде, — деп қария жайбарақат əңгімесін жалғастырды

— Жер домалақ екен, — деп кішкене күліп жіберді қарт. — Аспаннан су жаңбыры жауады екен. Үйлерін кірпішпен тастан жасайды екен. Бұл не деген керемет. Тағы сол сияқты ғажайыптар бар екен. Сиқырлы ел деп осыны айт.

— Бізде заттар көбінесе тəтті нəрселерден жасалған. Шоколад үй, ағаштардың өзі халва немесе женттен. Бал көлі, шырын өзені дегендей, — деп маужырап үн қатты Рауза.

— Ең сиқырлысы: ол жақта бір ағаш алма береді екен, ал бір ағаш жүзім, ал басқа бір ағаш өрік тағы сол сияқты. Бəрі бір топырақтан шығады екен, — деп жан-жүрегімен түсіндірді Нуа ұстаз.

— Бұл деген керемет қой, — деп өз-өзін ұстай алмады Рауза.

Елдесітің аузы ашылып:

— Бір топырақтан ба!? Бұл дегенің нағыз ойға келмейтін нəрсе ғой, — деді.

— Ал қайырлы түн, балақайлар! — деп, Нуа ұстаз өз бөлмесіне кетті.

Екі кішкентай батыр тез арада ұйықтап, түстер əлеміне сүңгіп кетті. Екеуі де бірдей түс көрді. Сол Құсжолы сиқырлы əлемінде саяхат жасап жүрді. Домалақ жерде домалақ алма жеп, жасыл жоталарда екеуі домалап жүрді. Не деген керемет түс еді. Жер де домалақ, ай да домалақ, күн де домалақ, киіз үй де домалақ, тіпті доп та домалақ.

Екеуі сол күні ерте тұрып алып, күні бойы сол таңғажайып түсті талқылап, əсерінен шыға алмады.

Сол кеш Рауза мен Елдес екеуі сиқырлы кітапты ашып оқуға тырысты. Сол уақытта

Нуа ұстаз орманнан бал əкелуге шығып кеткен еді. Кітап екеуін шақырып тұрғандай болды. Нуа бұл кітапты оқуды үйретсе де, əлі кітаптан ештеңе оқымаған еді. Елдесті бір тылсым күш баурап алғандай болды. Ол кітапты тауып алып Раузаға:

— Раузажан, кітапты көрейікші, — деді ақырын дауыспен.

— Ой, керегі емес. Нуа ата өзі көрсететін шығар, — дейді кішкене қорқақтап.

Елдес кітапты ашып жатып:

— Мен онда оқи берем, — дегенде Рауза қасына жүгіріп келіп:

— Жарайды, мұнда тұрған ештене жоқ, — деп інісіне қосыла кетеді.

Кітап өте ескі еді, кейбір парақтары жұлынып қалған. Бірақ бұл оны одан сайын тылсымды етті. Кітаптың сыртында Қайн кітабы деген жазу болды. Олар əр сөзді, тіпті əр əріпті зейін қойып оқи бастады. Кітап былай басталды:

Суық кейде күйдірер,

Абайла от емес білсең егер.

Адамның ішіндегі семсер,

Əр сөзің шықпасын бекер.

Келесі бетте карта болды. Ол бетте таулар мен ормандар анық көрініп тұрды.

— Ия, ия, ашып оқи беріңдер! — деген бір дауыс терезе жақтан келді.

Екеуі де шошып кетті. Бұл дауыс терезенің алдындағы қарғадан келген еді. Бірақ қарғаның түсі ақ болды.

— Сен кімсің? — деді Рауза бірден.

— Мен Ақғамын. Осы маңайдан жай ұшып бара жатқам, соғып кетейін дедім. Нуа ата жоқ па? — деді ішке бір қарап.

— А-а-а, неге сенің түсің ақ? Əдетті қарғалар қара болушы еді, — деді Елдес қарғадан көз алмай.

— Менің анам мені «аппағым-аппағым» деп өсіргендіктен, осылай аппақ болып кеттім. «Аналардың дұғасы қабыл болады» дейді. Əйтпесе анам өзі қара.

— Мәссаған, ақ қарға деген де болады екен-ау! — деді Рауза таңғалысын ұстай алмай.

— Бұл деген керемет қой. Ешкімге ұқсамаған, — деді Елдес.

— Сыртқы келбет көбінесе алдамшы болады. Сендер білмейсіңдер ғой, — деп еді қарға.

Бір кезде үйдің сыртында біреудің жүргені естілді. Есік шиқылдап ашылып, Нуа ұстаз ішке кіріп келді. Қарға лезде ұша жөнелді.

Елдес ыңғайсызданып кітаптан қолын тарта қалды. Нуа ұстаз жымиып:

— Ештеңе етпейді. Демек кітаптың уақыты келген екен ғой. Келіңдер, бірге оқиық.

— Ата, кешіріңіз, шыдай алмай кеттім, — деп, Елдес басын жерге қаратты.

— Жоқ, кітап сені шақырған ғой. Бір таңғалғаным кітапты қалай тауып алдыңдар? Оны ешкім таба алмайтын еді. Ал келіңдер, уақыт жоғалтпайық, — деп сақалды ұстаз кітапты қолына алды.

— Мына бетте Тұздеймге баратын жол басталады. Кейбір парақтар жоқ. Сол парақтарды тауып, Тұздеймге жетесіңдер. Бірақ бұл жеткіліксіз. Ол жерге жеткеннен кейін, кітаптің соңғы бетіндегі дұғаны оқу керек, сол кезде мақсаттарыңа жетесіңдер, — деді ақсақал.

Рауза кітаптың соң жағын ашып қарап:

— Мұнда еш дұға жоқ қой, — деді таңғалып.

— Кейбір нəрселерді мен де толық білмеймін. Ақылдарыңды қолдануларың керек, — деп күрсініп қойды ұстаз. Сосын былай жалғастырды:

— Сендердің мақсаттарың — сол кітаптың соңғы жағындағы дұғаларды табу. Осы дұғалардың күшімен Қаруасты жеңе аласыңдар. Мына кітапта Тұздейімге қай бағытпен бару керек екені көрстетілген. Сендер жолға шығуға дайынсыңдар. Іске сəт!

Рауза бір жағынан қорқып, бір жағынан қуанып:

— Онда уақыт жоғалтпай ертең жолға шығайық, — деді.

Нуа бірден іркіліп:

— Жоқ, ертең емес қазір шығасыңдар. Əр минут маңызды. Шоко əлеміндегі əр ел бұзылып жатыр. Сондықтан асығыңдар.

Екеуі тез арада дайындалып, сол күні жолға шығып кетеді. Олар ұстаздарымен қоштасып, əр айтқан сөзін жаттап алады. Нуа ұстаз қасиетті кітапты Шококенттен келген Елдес пен Раузаға тапсырады.

Алғашқы қадамдары ну орманның ішімен жүру болды.

5. Тақиялы періште

Біраз жол жүрген соң қатты жаңбыр жауып кетеді. Бір жаңбыр тамшысы Раузаның аузына түсіп кетеді.

— Ой мына жаңбырдың дəмі ащы ғой, — деп тоқтай қалады Рауза.

Елдес оған бұрылып:

— Демек Тұздейім елінің аумағына кірдік. Енді əлдеқайда мұқият болуымыз керек, — деді. Олар таудың етегіндегі үңгірге кіріп кетеді. Тұзды жаңбыр одан сайын құяды. Саяхатшылар қатты шаршағандарынан шыдай алмай, ұйықтап кетеді. Елдес түсінде тұзды шырын ішіп жатып, бірінші болып ұйқыдан оянады. Уақыт түстің кезі, бірақ үңгірдің іші қараңғы. Елдес қасындағы апайын да оятады.

— Ойбай, Раузажан, үңгірдің ауызы жабылып қалыпты! — деді Елдес көзін қайта-қайта уқалап.

— Енді қайттік, — деді әпкесі жа-жағына қарап.

Үлкен тас жоғарыдан құлап, үңгірдің аузын жауып тастапты.

— Қане, итеріп көрейік, — деді Елдес үстіндегі жейдесін шешіп.

— Қалай? Тас тым үлкен ғой.

— Не де болса көрейік.

— Ия, ұстазымның айтуы бойынша құлайын деп тұрған ауыр затты үрлеп құлатуға болады.

— Жарайды, көрейік.

Екеуі бірге итеріп көреді. Бірақ тас тіпті орнынан да қозғалмады. Тас тым үлкен еді. Рауза жасаурап:

— Енді осы жерде қалып қоятын болдық. Кім бізді құтқара алады? — дейді жылағысы келіп.

Бір кезде үңгірдің сыртынан біреудің жүргені естіледі.

— Бұл кім? — деп сұрайды Елдес.

— Мен, Теруес, отыз жетінші аспанның періштесімін. Сіздердің дауыстарыңызды естіп жақындап едім, — деп өзін таңыстырды.

— Біз үңгірден шыға алмай тұрмыз. Бізге көмектесші, — деп Рауза көмек сұрайды.

— Бұл сіздерге байланысты. Білетінімді айтайын. Бұл үңгірден шығудың жолы: өміріңізде істеген шынайы жақсылығыңызды айтып жалбарыну керек.

Бірінші болып Рауза бастайды.

— Мектепте наурыз мейрамында ата аналарымыз сыйлық жасаған. Сол кезде бір балаға сыйлық жетпей қалған еді. Бұл сыйлық өте сирек кездесетін жасыл шоколад еді. Жаным қатты қаласа да, өз сыйлығымды сол балаға бере салдым, — деп өз жақсылығын айтады.

Бір кезде тас кішкене жылжиды. Бəрі қуана кетеді. Бірақ шығу əлі мүмкін емес еді. Екінші жақсылығын Рауза жалғастырады.

— Қалада ағамның арбасымен жолға шыққанбыз. Баратын жеріміз кішкене алыстау еді. Жолда жаяу жүріп бара жатқан қарияны арбаға салып алдық. Арбадағы өз орнымды беріп, мен жаяу жалғастырдым. Қатты шаршаған едім, — деп жақсылығын айтты.

Тас тағы кішкене жылжыды. Шығу əлі де мүмкін емес еді.

Енді Елдес айтуы керек еді. Кішкене ойланып қалды. Ішінен көп жақсылық жасадым, бірақ арасындағы шынайысы керек. «Қазір тас жылжымай қойса қайттім» деп алаңдады. Кішкене ойланған соң əңгімесін бастады:

— Бір жылдары, сен екі айға саяхатқа кеткенде, анамыз қатты ауырып қалған еді. Сол жылы достарымен көптен армандаған Еруен тауына саяхатқа шығатын болдық. Бұл таудың ерекшелігі таудың басында алтын шоколад пісетін. Бұл алтын шоколад пісу үшін аспанда Ұларбент кометасы жерге жақыннан өту керек. Ол жүз жылда бірақ рет болады. Сондықтан бұл мүмкіндік өмірде бірақ рет болады. Ал бұл шоколадтың дəмі өте ерекше. Оны жеген адам дəмін өмір бойы сезіп жүреді екен. Анам мені ойлап, аттанғанымды қалады. Мен де достарыммен бірге шығуды жаным қатты қалады. Бірақ анашымды бұл халде тастап кете алмадым. Осылайша анама қарап жазылуына көмектестім. Үйде тамақ істеп, кір жудым. Анам бұл əрекетіме қатты риза болды. Жүзіндегі бақытты көріп тауға бармағаным жақсы болған екен, — деп сөзін аяқтай берген еді, тас бірден жылжып арықарай домалап түсті.

Үңгірдің аузы ашылып, екеуі қатты қуанады. Олар бірден бағана үңгірдің сыртынан сөйлеген кісіні іздей бастайды. Құтқарушы алыстан көрінді, өзі қатты терлеп тепшіп келе жатыр екен. Теруес ақ киінген бозбала еді, түсі де ақшыл екен. Киімі ерекше жібектен тігілген жəне жарқырап тұрды. Жақындап келіп:

— Сіздердің жақсылықтарыңызды көкке жеткіздім. Содан қатты шаршап кеттім, — дейді ентігіп.

— Көмегің үшін рахмет. Бізді құтқарып қалдың, — деп Елдес ризашылығын білдірді.

Рауза періштеге тесіліп қарап:

— Бұрын-соңды періште көрмеген едім. Өз көзіме сене алмай тұрмын, — деп таңданысын ұстай алмады.

Теруес ыңғайсызданып:

— Бұл менің шынайы түрім емес. Бозбаланың келбетінде көрініп тұрмын, — деді.

— Сіздер о дүние туралы білетін шығарсыздар, сол туралы кішкене айтып бересіз бе, — деп Рауза екінші сұрағын қойды.