КІРІСПЕ
Құрметті оқырман,
Алдыңыздағы бұл кітап — сізді және сіздің өміріңізді біржола өзгертуге уәде беретін кітап. Дәл қазір қандай жағдайда болып, қандай күй кешпеңіз — мейлі ол жанкүйзелісі не қуаныш болсын, жоқшылық не молшылық болсын, жалғыз не достасып жүрсеңіз — бұл кітаптан сіз психология мен жеке тұлға ретінде дамуға қатысты көптеген сұрақтарыңызға жауабын таба аласыз, ал бұл өз кезегінде өміріңізді әлдеқайда жарқын етіп, көркейте түспек.
Кітаптың «Бақыт жолы. 90 минутта психологиялық травмадан толық айырылу методикасы» деп аталуының себебі не? Мұның себебі, кітапта бір жарым сағат ішінде бақытқа қол жеткізетін рецепт бар! Бұл әзіл емес, маркетингтік айла да, назарыңызды жаулап алуға бағытталған қулық та емес. Бұл утопия да, кітап авторының қиялдары әрі бос уәделері де емес. Психологиялық қай мәселе бойынша жұмыс жасап жатқаныңызға байланыссыз, 90 минут ішінде сізге жеңілдік, түсінік пен ұғымталдық, еркіндік пен бақыт сыйлайтын «пейнхантинг» деп аталатын түпсанамен жұмыс істеудің таңғажайып қарапайым әдістемесімен танысасыз.
Дәлірек айтқанда, 80—90% жағдайда тәжірибелі пейнхантинг маманы, яғни пейнхантер, қолға алған істі 70—90 минутта оң нәтижемен орындап шығады, тек 10—20% жағдайда процесс бірнеше сеанстарды қажет етуі мүмкін. Бірақ пейнхантердің тәжірибесі көп болған сайын, ол кез келген сеансты 90 минут ішінде аяқтап, клиентке жайлы психологиялық күйге жетуіне көмектесе алады.
Пейнхантинг әдістемесі бір күнде пайда болған жоқ. Ол өте көп уақыт пен күш жұмсағанымның жемісі болып табылады. Бәрі де ересек өміріме көп зардабын тигізген балалық шақтағы жан жаралары мен айналадағы дүниеге деген өкпе-реніштен басталды. Ішкі жан-дүниемдегі таусылмас қарама-қайшылықтар, көптеген психосоматикалық аурулар, қайталана беретін жанкүйзелісі, тіпті өз-өзіме қол жұмсауға дейін барғым келгені мені бұл тығырықтан шығар жол іздеуге талпындырды. Проблемаларымның шешімін мен түрлі салалардан іздедім. Дін, психология, рухани тәжірибе және эзотерика, бұлардың барлығымен де шұғылданып көрдім, алайда өмірім айтарлықтай өзгере қоймады. Қайта керісінше, жан-дүниемді тереңірек қазбалап, үңілген сайын, мені ашушаң да қатулы ететін ішкі «жындарым» одан сайын қорқынышты бола түсетіндей көрінді.
Тек 35 жасымда, сансыз ізденістер мен өз-өзімді жеңу үшін жасаған, бірақ түк нәтиже әкелмеген әрекеттерімнен кейін ғана, өзімнен басқа ешкім де менің ой-санамды ретке келтіріп бере алмайтынын түсіндім. Сондықтан да өз-өзіммен түбегейлі жұмыс істеуді қолға алдым. Мен психологиядағы бірде-бір заманауи жүйе адамға шынайы бақытқа қол жеткізуге, балалық шақтағы жеңілдікті қайта сезінуге әрі жастық күш-жігерді жандандыруға көмектесе алмайтынын өкінішпен түсіндім. Ал ең қызығы, терең ордай бұл тығырықтан шығуға маған психология саласымен байланысы жоқ білімім мен қабілеттерім көмек болды! Бұл қабілеттерді мен қаржы менеджмент саласында жұмыс істегенде үйренген болатынмын! Неге бұлай болды дейсіз ғой?
Мен бірінші мамандығым программист, екінші мамандығым экономист немесе кәсіби тәжірибе бойынша қаржылық аналитик және аудитор болғандықтан мәселенің түпкі себебін қазбалап табуға дағдыланған едім. Санам шындықтың түбіне жету үшін 30 рет «неге» деген сұрақ қоюға машықтанған болатын. Сондықтан дәстүрлі психологияны зерттегенде, көптеген әдістердің тым үстіртін екенін және олардың түпсанадағы проблемалардың тамырын анықтауға көмектеспейтінін түсіндім. Ғылымның нақты болуын жақтаушысы ретінде мені әсіресе көптеген теориялардың бір-біріне қарама-қайшылықтары мен нақтылығы жоқ екені қанағаттандырмайтын. Сол себептен маған өте тереңге бойлауға тура келді, яғни өзімнен басқа ешкім де жүйеге келтіре алмайтынды жүйелеу керек болды. Бұл менің ойларым еді.
Сол кезде көптеген рухани білім жинақтағандықтан, мен өмірдегі тәртіп санадағы ретке келген тәртіптен кейін ғана басталатынын түсіндім. Санамызда болса, он мыңдаған ойлар бар. Ірі корпорацияларда қаржы менеджменті ретінде тәжірибем болғандықтан компанияның қаржылық қызметінде туындаған кез келген проблеманың түпкі себебін сандар мен есептердің мәнін, анық-қанығын білу арқылы табуға болатынын түсінетінмін. Міне, дәл осындай әдіс психологияда қолданылуы тиіс еді. Меніңше, психологияда нақтылық пен туралық жетіспейді: мыңдаған психологтар бір мәселенің әр түрлі шешімдерін және сол шешімдерді іске асыру жолдарын ұсына алады, алайда шынымен бақыт пен жеңілдік күйіне жетелейтін нақты бір алгоритмді ұстанып жатқаныңызға еш кепілдік жоқ.
Туралығы, жүйелілігі мен айқындылығының арқасында пейнхантинг қазіргі таңдағы қоғам үшін табылған нағыз игілік болды. Біріншіден ол мені құтқарды. Содан соң менің достарымды, кейін әлеуметтік желілердегі жазылушыларымды да құтқарды. Әрі қарай — менің шәкірттерім, олардың клиенттері және тағы басқалар да игілігін көрді. Осы уақытқа дейін жеке өзім 1500-ге жуық жеке түрдегі сеанстар жүргіздім. 300-ден аса студенттер үйретілді. Және мектебімнен 5000-нан аса адам көмек ала алды. Бұл сандар аз болып көрінуі мүмкін, бірақ бұлардың небәрі 2 жылдың ішінде орын алғанын ескерсек, бұл айтарлықтай жақсы көрсеткіш. Сонда қалайша қоғам психологтық білімі жоқ қаржы қызметкеріне сенім артты? Қалай мыңдаған адамдар маған және менің шәкірттеріме өз жан-дүниелерін сеніп тапсырды?
Егер бұл әдістеменің дәстүрлі психологиядан не ғылыми емес әдістемелерден, сондай-ақ тета-хилинг, космоэнергия, рейки, йога, цигун және т.б. тәрізді сана мен түпсананы зерттеумен байланысты дәстүрлі емес бағыттар мен жүйелерден еш айырмашылығы болмағанда, қоғамда мұндай сенім артушылық жәйден-жәй пайда болмас еді.
Пейнхантинг, ағылшын тілінен аударғанда сөзбе-сөз «ауруды аулау» (pain — ауру, hunting — аңшылық) дегенді білдіреді. Міне, осы екі сөз бұл әдістеменің мәні неде екенін көрсетеді. Пейнхантинг, бірінші кезекте, адам өзі біле бермейтін тереңде жатқан жан жараларын жоюға бағытталған. Өйткені мұндай жан аурулары бар адам шынымен бақытты бола алмайды, ол үнемі өз-өзін алдап, қиялмен өмір сүреді, зиян да ақымақ істермен айналысады. Екіншіден, бұл әдіс толықтай аурудың қайдан бастау алатынын барынша дәл табуға бағытталған, сондықтан «аңшылық, аулау» сөзінен басқа ештеңе оны сипаттауға сай келмейтіні анық. Қазіргі таңда адамдар пайдасыз кітап оқудан және ақпаратқа толы әлемде құнды мәлімет іздеуден шаршаған. Былайша айтқанда, бұны адамға зардабын тигізіп жатқан шамадан тыс артылған ақпараттық жүк десе де болады. Сондықтан да бағалы уақытты текке кетірмей, бос нәрсені қозғамай, жағымсыз ойлар мен жан дертінен арылтуды мақсат етіп жүзеге асыратын әдістің болуы аса қажет.
Психология саласындағы жүздеген заманауи және классикалық әдістерді зерттей отырып, мен осы кітап жазылып жатқан уақытта, яғни 2020 жылы, дүниеде дәл пейнхантинг сияқты жан дертін жоятын және психологиялық проблемаларды тез әрі тиімді шешетін бірде-бір әдістеме жоқ деп айта аламын. Егер осы айтқаныма сенімсіз болсаңыз, кітаптың кем дегенде жартысын оқып, оның әдісін өзіңізге не таныстарыңызға кемінде екі-үш сағат қолданып көріңіз. Ал егер сіз осыдан кейін пейнхантинг сіз білетін басқа әдістемелерге қарағанда әлсіздеу деген қорытындыға келсеңіз, маған бұл туралы электронды поштаға жазып жіберсеңіз болады, мен бұл мәселені қуана зерттеп, сізге міндетті түрде хабарласамын.
Пейнхантингтің тиімді екеніне сенімділігім бір күнде пайда бола қойған жоқ. Бұл әдістеме енді ғана құрыла бастағанда, яғни 2018 жылы мен күндіз-түні ғылыми зерттеулермен айналыстым. Күніне 15—16 сағат жұмыс істеп, түрлі клиенттермен бір күнде сегіз жеке сеанстар өткізген кездерім де болды. Бастапқыда мен бизнеске қатысты қарапайым кеңес бере отырып, біртіндеп жеке тұлғаға қатысты мәселелерге, тұлғалық коучингке көштім. Кейінірек адамдар маған көңіл түбінде жатқан уайым-қайғыларымен жұмыс жасауыма сенім арта бастады, сондықтан да мен үрей қашу, психосоматикалық аурулар, депрессияның ауыр түрлері және т.б. осы тәріздес проблемалардан арылту шешу үшін пейнхантингті қолдануды шештім. Және бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешуге болатынына және олардың ресми психология сипаттайтындай соншалықты күрделі емес екеніне таң қалдым. Нәтижелі сеанстардан кейін мыңдаған клиенттер де осындай ойға келді. Бұл әдістеменің тиімділігін тексеру үшін маған келген жүздеген психологтар, үйретушілер, коучтар және тағы осындай психика әрі түпсанамен жұмыс жасайтын басқа мамандар да пейнхантингтің қарапайымдылығы мен тиімділігіне таң қалды.
Осы кітапты оқығаннан кейін, анализ жасау үшін ақыл-сананы іске қосумен, адамды тыңдай білумен және оған көмектесуге деген шын ықыласпен күрделі психологиялық мәселелерді шешудің қаншалықты оңай екендігін білгеніңіз сізді де таң қалдырары анық. Бұл, әрине, қисынсыз болып көрінуі мүмкін, бірақ біздің тәжірибемізде әсіресе психологиялық білімі жоқ адамдардың пейнхантинг әдісімен жұмыс жасағандары көбірек оң нәтиже әкелген, себебі мұндай кісілердің адамның ішкі болмысы жайлы түсініктері, психолог мамандардыкіндей күрделеніп кетпеген.
Сондықтан да бұл кітапта сипатталған әдістемені өз санасы мен жан-дүниесін түсініп ретке келтіргісі келетін және басқа адамдарға көмектескісі келетін кез келген адам қолдана алады. Мейірімділік, табандылық, естілік пен мұқияттылық танытқаныңыз және әрине, осы кітапты мұқият зерттегеніңіз, сізді қоғам үшін өте пайдалы әрі бағалы адам етпек. Сіз болмысыңызды, өміріңізді, отбасыңызды жақсы жаққа өзгерте бастайсыз, ал осы мәселелермен нәтижелі жұмыс жасасаңыз, сізде сізді қоршаған айналаны өзгертуге, істеріңізді ақылмен жүргізуге, балаларға түсінікпен қарай отыра көңіл бөлуге және өміріңізді өз бақылауыңызға алуға деген ықылас ояна бастауы мүмкін. Сонда осы «өзгергіш дүниенің» ырқына көніп иіле бермейтін боласыз.
Пейнхантингпен адам өзін бір сиқыршыдай сезінеді. Жағдай шиеленісіп, өмірдегі проблемалардың шешімі жоқтай болып көрінгенде пейнхантингтің бірнеше сеансы өміріңізді өзгерткені сонша, оны өзіңіз ретке келтіріп, өз бақылауыңызға ала аласыз. Ал егер сіз діндар болсаңыз, пейнхантинг мен үшін емес деп ойламаңыз. Өйткені пейнхантинг дінге қарсы ілім емес. Қайта керісінше, пейнхантинг сізге Құдайға жақындауға және қасиетті кітаптардың мағынасын тереңірек түсінуге көмектеседі, себебі ол сізді бастапқы таза рухани болмыстан алшақтатқан барлық теріс көзқарастардан арылтады.
Пейнхантинг өте маңызды ғылым болғанымен, кітапты құрғақ ғылыми тілде жазуды жөн көрмедім. Мен оқырмандарға түрлі дәлелдермен, басқа мәлімет көздеріне сілтемелермен ауыртпалық та салмаймын. Кітаптағы көптеген сөз тіркестері қарапайым шындық болып табылады, сондықтан да аспанның көгілдір, ал жердің шар тәріздес екенін айтып дәлелдемеймін. Менің басты мақсатым — мейлінше көп адамның осы кітапты оқып шынайы бақыт сезіміне қол жеткізуін қамтамасыз ету. Сондықтан, егер әр сөзді талқылауға және әр сөйлемге сын айтуға әуес болсаңыз, өз тұжырымдарымның негізі мен ғылыми дәлелдері келтірілген академиялық тұрғыдағы еңбегімнің шығуын күтуіңізге тура келеді. Әзірге, сын көзқарасыңызды шетке ысыра тұрып, менің тұжырымдарым мен ойларымның ақылға қонымды екенін қабылдай білсеңіз екен деймін. Ал нақты нәтижелерге қол жеткізгеннен кейін, сіз өмірдің жалпы бейнесін көрмей, бұрынғы ғылыми түсініктердің тұзағында болғаныңызды түсінесіз.
Ал енді іске көштік.
Кітаптың төрт бөлімі бар.
Біріншісінде, «пейнхантинг» әдістемесінің мәні неде екенін білесіз, түпсанадағы ұстанымдарды қалай табуға болатынын және қалай оларды біржола өзгертуге болатынын түсінесіз.
Екінші бөлімде болса, бірінші бөлімде сипатталған әдісті қолдана отырып, жағымсыз сезімдермен қалай күресуге болатынын анықтайсыз.
Үшіншісінде, сіз жеке тұлғалық дамуда жетістікке жеткізетін және нағыз бақыт пен еркіндікке қол жеткізетін ауадай қажет өмірдің негізгі заңдары туралы түсінік ала аласыз.
Төртінші бөлімде сіз өмірде жиі кездесетін проблемаларға қатысты анықтамалықты таба аласыз, осы проблемалардың сипатын және оларды шешуге бағытталған іс-әрекеттердің нақты жоспарын түсіне аласыз.
Бұл кітапты ұсақ-түйегін терең зерттеп, аса тоқтала бермей, рет-ретімен оқығандарыңыз өте маңызды. Сонда адамның жан-дүниесінің бейнесін құрайтын бөліктерді, былайша айтқанда пазлдарды, тыңғылықты құрастыра аласыз. Ал кейінірек терең зерттеу жүргізу үшін арнайы тарауларға көшуге болады. Ал егер сіз бір тараудан екіншісіне секірсеңіз, қандай да бір нәрсені, оның ішінде кейбір қиын терминдерді дұрыс түсінбей қалуыңыз мүмкін, бұдан осы кітапты жаратпай, әрі қарай айтылғандарды қабылдамауыңыз мүмкін. Алайда мен бұл кітапты қиын терминдерді мейлінше аз қолданып әрі тәжірибемде болған мысалдарды барынша көп қолдана отырып, қарапайым етіп жаздым. Сондықтан бұл кітап кез келген дайындық деңгейіндегі оқырман үшін түсінікті болмақ.
Айтпақшы, бұл кітап дайындықтан өтпеген, психологиялық проблемалардан арылғысы келетін оқырмандарға ғана емес, сонымен қатар мамандарға - пәлсапашыларға, медицина қызметкерлеріне, эзотериктерге, сондай-ақ жаңа мамандықты игеріп, пейнхантер болғысы келетіндерге де пайдалы болады.
Егер өз проблемаларыңыздың қайнар көздеріне саяхаттауға дайын болсаңыз, егер өз-өзіңізді және адам жанын тереңірек танып-білгіңіз келсе әрі сұрақтарыңызға жауабын табуға ынталы болсаңыз, онда әрі қарай алға жүрейік!
1-Бөлім. «Пейнхантинг» әдістемесі жайлы
1.1 Тарау. Адамға қайғы-қасірет әкелетін не?
Өміріміздің өзі қайғы-қасірет болып табылады ма? Неге біреу кедейліктен жапа шегіп жатқанда, басқа бір бай кісі өмірінде қояр мақсатының жоқтығынан жапа шегеді? Неге адам қатты қалаған нәрсесіне қол жеткізгеннен кейін, азғана уақыт өте өзін қоярға жер таппай, қайтадан басқа жаңа нәрсені іздей бастайды? Осылай болғаны дұрыс па?
Неге данышпандар «бақыттың кілті — жай ғана бақытты болуда» деп айтады? Егер бұл осыншалық оп-оңай болса, неге дүниеде бақытсыз жандар көп? Әлде көп адамға бақытсыз болу ұнағаны ма?!
Кейбір рухани тәжірибемен айналасытатындардың айтуынша, бізге өз ойларымыз бен өз санамыз қайғы-мұң әкелетіндіктен, адам бақытқа тек медитация кезінде ғана қол жеткізе алады. Олардың сендіруінше, медитация кезінде адам ой-санасында өз-өзімен жүргізетін мәнсіз диалогын доғарып, тыныштыққа кенеледі. Ал сол тыныштық оны бақытқа жетелейді. Шындығына келгенде, бұл солай ма?
Ал Батыс өркениеті болса, адам бір кемелді арманға қол жеткізсе, міндетті түрде бақытты болады дегенді айтады. Адамдар бақытты боламын деген үмітпен жылдар, тіпті ондаған жылдар бойы сол арманға ұмтылады, жетістікке жетуден келетін қуанышты қайта сезінуді қалап, материалдық игіліктерге ие болу үшін қысқа мерзімді мақсаттарға қол жеткізеді. Бірақ күндердің күнінде бұл қуаныш әкелуден қалады! Адам есті болған сайын, материалдық жетістіктерге жетудің мәнсіз екеніне тезірек көзі жетеді де, рухани күйзеліске ұшырайды. Ал енді мәселенің төркінін табайық. Қазір сіз бақытты болудың қызықты да қарапайым сырын түсінесіз. Сіз мұны байқап та жүрдіңіз, бірақ аса мән бермеген боларсыз.
Көз алдыңызға өміріңіздегі ең бақытты жандарды елестетіңізші. Бұл кімдер? Иә, бұл бақытты жандардың балалар екенін бірден түсіне қойған шығарсыз. Ал қандай сәттерде балалар әсіресе бақытты? Байқағансыз ба, олар ойнап жүрген сәттерде жүздері бал-бұл жайнап, бақытты боп тұрады! Жүрекке жылу берер — анасының құшағына енгенде, тәтті балмұздақтан рахаттанғанда бақытты болады. Қызықты да жаңа нәрсені тамашалап тұрғанда, бір нәрсені өз қолдарымен жасағанда, ата-аналары оларға тамсанып, сүйсінгенде олар бақытты боп тұрады.
Ал енді қандай кездері балалар бақытсыз болатынын қарастырайық. Әрқайсыңыздың өз балалық шағыңызда болған оқиғалар есіңізге түсіп отырған шығар. Баланы ойнап жатқан ойынынан айырғанда, ол бір-ақ сәтте бақытсыз бола қалады. Өзгелер оның қадірін түсіріп ұрысқанда, сүйікті ойыны ішпыстырарлық боп кеткенде, айналадан қауіп сезінгенде, бір жері ауырғанда мұңаяды. Өзгелердің көңіл бөлгенін, сүйіспеншілігін сезінбегенде, мақтау сөз естімегенде, ата-анасынан әділетсіздік көргенде, оған ұнамайтын істі жасатқанда бала бақытсыз болады.
Сонымен, жоғарыдағы мысалдарды ескерер болсақ, бақыт пен бақытсыздықтың түп тамыры қайда жатыр?
Егер бақытты болудың мәні ата-ананың құшағына бөленуде, балмұздақ пен ойыншық алуда болса, неге ересек адам осы қалауларды орындау арқылы бақытты бола алмайды? Ал егер бақытсыз болудың себебі адамдардың бір-бірімен осал қарым-қатынастарында, бір-бірінің қадірін түсіріп құрметтемеуінде, әділетсіздік танытуында болса, онда неге әл-ауқаты төмен елдерге қарағанда дамыған елдерде суицид көп? Бұл елдерде кедей елдерге қарағанда әдептілік пен мәдениеттілік деңгейі жоғары ғой?!
Байқағансыз ба, офисте отырып миллиондап ақша табатын адамға қарағанда, бау-бақшада жұмыс істеу сияқты, қарапайым істермен айналысатын адамның жанары жайнап, бақыттырақ боп тұрады. Сонда бақытты болудың құпиясы неде?
Бақыт деген — ой-санаңызда жарқын бейнелердің өте көп болған кездегі күй. Бұл бейнелерге сіздің болашаққа көзқарасыңыз, қалауларыңыз, арман-тілектеріңіз, естеліктер, сезімдеріңіз және тағы басқалары жатады. Осы жарқын бейнелер ой-санаңызда неғұрлым көп болса, өміріңізде соғұрлым бақытты сезінесіз. Ал керісінше олардың саны неғұрлым аз болған сайын, соғұрлым өміріңіз қараңғы болып көріне бастайды, сәйкесінше өзіңізді бақытсыз сезінесіз. Міне, сондықтан да екі адам бірдей жерде, бірдей уақыт пен жағдайда тұрса да, бірі үйірілген қара бұлтты көрсе, екіншісі әсем гүлдерді көреді. Бірі заманды қауіпті деп тапса, бірі көптеген жаңа мүмкіндіктерді көре біледі. Бірі өміріне көңілі толмай, шағымданып жүрсе, бірі өз қолымен жарқын өмір жасайды. Бұл адамдар арасындағы айырмашылық, бар болғаны, олардың санасындағы жарқын бейнелердің саны мен сапасында.
Көпшіліктің қалай өмір сүретінін қарастырайық. Балалық шағында олардың өмірі бақытқа толы болады, жас кезінде азырақ, ересек өмірінде одан бетер аз, ал қартайғанда жоқтың қасы. Сонда бақыт қайда кетті? Ол тек балалық шақта ғана бола ма? Жоқ, өздеріңіз де түсініп отырғандай, шындығына келгенде адам есейе келе санасындағы жарқын бейнелерді жоғалтып, олардың орнын қараңғы да мұңлы бейнелер басады. Бар құпия осы!
Сонда адам бақытты болу үшін бар болғаны оның санасындағы жағымсыз бейнелерді жарқын бейнелерге ауыстыру керек, солай ғой? Иә, дәл солай. Пейнхантингтің бар мәні осыда. Пейнхантинг ешкімді де ой-сананы тыныштандырып, сол тыныштық арқылы бақытқа қол жеткізу үшін Тибетте ондаған жылдар бойы медитация жасауға шақырмайды. Өйткені бұлай ету, яғни санада тұрған қараңғы бейнелерден құтылу үшін өмірдің шындығынан қашу, ақымақтық болып табылады. Пейнхантинг сізді көптеген мотивациялық жаттықтырушылар үйрететіндей, жағымсыз бейнелерге мән бермей, еш нәрсе болмағандай алға баса беруге шақырмайды. Пейнхантинг Африкада аштық көріп жатқандарға қарағанда «қарныңыз тоқ, көйлегіңіз көк» екенін айтып жұбатпайды және санаңыздағы жағымсыз бейнелерді қабылдауға, соларға көнуге мәжбүрлемейді. Пейнхантинг сізді жүріс-тұрысыңыз жақсы болуы керек деп үйретпейді, себебі жан жарасы емделмеген бақытсыз адам өздігінен жақсы мінез-құлық таныта алмайды.
Пейнхантинг бейнелерді бір-біртіндеп өзгерту арқылы жан-дүниеңізді өзгертеді. Ал қараңғы бейнелер жарқын бейнелермен алмастырылғанда, сіз өзіңіз-ақ бақытты, мейірімді, дана, жайдарлы, жауапты да ынталы адам бола түсесіз. Тек жарқын бейнелер ғана сізге күш-қайрат, мотивация, ынта-жігер мен табандылық береді. Осы жарқын бейнелер ғана сізге анағұрлым белсенді болуға, жасампаз болуға, бірнәрсені ойлап-табуға, батыл түрде алға басуға көмектеседі. Тіпті құлдырап жатқан қоғамда өмір сүріп жатсаңыз да, тек жарқын бейнелер ғана сізге керемет болашақты көруге, өзгелерге көмектесуге, олардың қажеттіліктерін түсінуге, сәйкесінше табысты әрі өз ортаңыздың көшбасшысы болуға мүмкіндік береді.
Қараңғы бейнелерді алып тастап, жарқын бейнелерді қалпына келтіру. Неткен қарапайым да жеңіл түсінік! Бірақ неге адамзат ғасырлар бойы осы шындықты түсіне алмаған?! Ал егер түсінген болса, бәлкім, бұл жағымсыз бейнелерден арылудың жолын білмеген болар?!
Иә, шындығында бұл бейнелерді алып тастау — оңай шаруа емес. Ол үшін бұл бейнелердің неліктен бізге мықтап жабысып, оңайлықпен кете қоймайтынын түсіну керек. Дәл осы мәселеде мыңдаған психологтар бастарын қатырып, осы бейнелердің құлдырататын күшін азайту мақсатымен көптеген айла-амалдар ойлап тапқан. Осыған қатысты, өкінішке қарай, күтпеген бір жайт анықталды. Көп адам жан жараларынан айырылғысы келмейтін боп шықты. Өйткені ешкім де жан жарасынан толықтай арылта алмағандықтан, қоғам жан жарасынан зардап шегу пайдалы деген жалған сенім ойлап тапты!
Сондықтан санамыздан жағымсыз бейнелерді алып тастамас бұрын, біз мына жайттарды түсінуіміз керек: бұл қараңғы бейнелер мен жан азабы шындығында керек пе өзі? Олардан арылған дұрыс па? Өте көп адамға жағымсыз ойлардан арылуды ұсынғанда, олар бұл жағымсыз бейнелердің оларға өмірге қажетті ішкі күш беріп, төзуге көмектеседі деген қисынсыз ойларды айта бастайды. Не деген ақылға қонымсыз тұжырым?!
Қазір осы мәселені толығырақ қарастырайық.
1.2 Тарау. Қайғы мен қасіреттің пайдасы
Әрине, бұл ақылға қонымсыз жайт, бірақ қайғы-қасіреттің адамға пайдалы екеніне сенімді көптеген адамдарды кездестіруге болады. Азап пен қайғы-мұңның бізге дамып-өркендеуге көмектеседі дегенді айтатын жаттықтырушы, коучтар да жеткілікті. Сондықтан көптеген адамдар азаптан арылуға болмайды деп есептейді. Олар, нағыз мазохисттер сияқты, өз өмірлерін қиындатады, алдарына ауыр міндеттер қойып, қажытатын тәртіппен өздерін азаптайды, сондағы көздегені тек бір мақсат — ақыр соңында мықтырақ бола түсу үшін азап шегу! Сөйтіп олар «Адамды жеңе алмағанның бәрі де оны мықты етеді» дегенді мақтанышпен айтады.
Маған бұл мәселені тереңірек қарастыруға тура келді, себебі мұндай қисынсыз ой-пікір адамдардың бақытты болуына және жағымсыз ойларынан арылып еркіндікте болуына басты кедергілердің бірі болып табылады. Осының кесірінен адамдар бақыттан өз еркімен бас тартады. Кейбіреулер азап пен қайғы-қасірет бізді ақылдырақ, аса қырағы әрі сақ етеді деп санайды. Нәтижесінде олар пайда болған қарама-қайшылықтан қинала бастайды: олар бақытты болуды қалайды, сонымен қатар өмірдегі «пайдалы серігіне» айналған азапты жоғалтудан да қорқады! Сондықтан, азаптан құтылса, ақымақ болып қаламын деп қорқады, себебі даналыққа азап шегу арқылы ғана қол жеткізуге болады деп сенеді. Олар сондай-ақ, азап шегудің ересек өмірге жетелейтініне не барлық қайғы-қасіретті сәтті түрде бастан өткеру арқылы ғана бақытқа ие болатындарына сенімді. Ақыр соңында, олар себепсіз бақытты болу дұрыс емес деген ойға келеді. Ал бұл жер бетіндегі көптеген адамдарды бақытсыз етіп жатқан кең таралған қате түсінік болып табылады.
Бірақ неге адамдар азап шегудің өрге басуға қозғаушы күш екеніне соншалықты сенімді?
Алдымен бұған қатысты қарапайым мысалды қарастырайық. 10 жыл некеде тұрып әйеліне көңіл бөлмеген әрі жеке басының бақытын ойламаған ер адамды елестетейік. Оның өмірі «үй — жұмыс — үй — жұмыс» болып өткен. Бір күні ол әйелінің басқа еркекті жақсы көретінін және одан ажырасқысы келетінін үрейі ұша біледі. Бұл жағдай оның жүрегіне ауыр тиеді, ол біраз уақыт жанкүйзелісінде болады, кейінірек ол өз өмірін қайта қарастырып, жаңаша өмір сүре бастайды. Ол өмір бойы дүниенің қызығы мен әсемдігін елемегенін, уақытын тек жұмысқа арнағанын түсіне бастайды. Ол осы уақыт бойы әйелімен қарым-қатынасын нығайтып, оған көңіл бөлмегенін өзі байқамай жүргенін ұғады. Енді ол өзін-өзі дамытуға кіріскен, түрлі тренингтерге барады, спортпен айналысады, жаңа таныстары пайда болады, яғни жанданған адамға айналады. Енді ол былай дейді: «Егер ажырасуға әкелген осы жағдай болмағанда, мен осылай өрге баспас едім. Ажырасудың азабы мен үшін серпін болды». Оған әйеліне деген реніштен және терең қарым-қатынас дамытуға деген қорқыныштан босау үшін жан жарасынан арылуды ұсынған кезде, ол өзінің жан азабының өрге басуға қажет қозғалтқыш екенін айтады, демек одан айырылғысы келмейді. Ол сізге мазохист болып көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде оның түпсанасында ақау пайда болған.
Ал енді ой жүгіртейік, расында да ол ажырасудан келген азаптың арқасында өзін-өзі дамытумен айналыса бастады ма? Шындығында олай емес! Мұнда оны талпындырған күш — азапқа төзгісі келмегені, осы қалауы! Бар болғаны осы! Оны азап шекпей, жақсы өмір сүруге деген ұмтылысы құтқарды! Ол қиналып, азапталуды тоқтатуға шешім қабылдаған кезде өзі жасаған болашақтың бейнелері оны құтқарды. Демек бұған азаптың ешқандай қатысы жоқ! Егер азап шегу адамдарды прогреске жетелесе, ажырасқан әрбір еркек, ажырасудан кейін алға басып дами бастауы керек қой. Ажырасулар мен айырылысулардың шамамен 80% -ы адамдарға кері әсерін тигізеді, бұл оларды депрессияға, бақытсыздыққа ұшыратады, болашақ қарым-қатынастарға сенімсіз етеді. Тек 20% жағдайда ғана ажырасу алға басуға қозғау салуы мүмкін. Бұл жерде адамға азап шеккені емес, оның өмірлік күш-қуаты, рухы, өмір сүруге деген құштарлығы, бір сөзбен айтқанда, оны белеске шығарып отырған санасындағы жарқын бейнелері!
Тағы бір мысал келтірейік. Кәсіпкер қаржыны қалай басқаруды білмейді, сондықтан компаниясының айналымы үш есе ұлғайған кезде, бірнеше айдан кейін ол бизнесті өз бақылауына ала алмай, банкротқа ұшырайды! Ол өзінің барлық дүние-мүлкінен айырылып, қатты азап шегеді де, бір күні білім алуға, өз-өзін жетілдіруге шешім қабылдайды. Ол бизнесті басқару курстарына барады, қаржыландыру негіздерін үйренеді. Сөйтіп алдына жаңа мақсат қояды - тұрақты жүйесі бар компания құру және табысқа жету! Екі-үш жыл өте ұйқысы тынышталған, істі өз бақылауына алған ол, енді досына: «Егер мен сол кезде банкротқа ұшырамағанымда, білім алып, өз-өзімді жетілдірмей, сауатсыз болар едім», — дейді.
Ал енді нақтылайық, оның табысқа жету себебі компаниясының банкротқа ұшырағанында ма? Жоқ! Бұл жағдайда табысқа жетуінің себептері - алған білімі мен дамуға деген ұмтылысы. Ал бизнесінен айырылған басқа бір кәсіпкер, жеке кәсібі болуын армандауды қойып, жалдамалы жұмысқа орналасады. Демек бұл кәсіпкерге жағдайды өзгертуге деген ынтасы көмек болады. Сонда тағы да, азап шегудің жағдайға еш қатысы жоқ екенін көреміз.
Бұл екі мысалда да адамдардың сәтсіздікке ұшырауының себептері - олардың білімсіздігі, өз-өзін дамытуға деген ықыластың болмауы және қиындық болмай тұрып қиялмен өмір сүргендері. Яғни, егер бірінші ер адам мейірімді, байқампаз және жігерлі болғанда, ол әйелінен айырылмас еді және қазіргі күйінен әлдеқайда бақытты өмір сүрер еді. Екінші жағдайда, егер кәсіпкер бастапқыда дұрыс жоспарлау мен қаржыны басқару қабіліетіне ие болғанда, банкротқа ұшырамас еді және жүйкесі мен денсаулығын сақтап қалар еді.
Міне, осылайша көптеген адамдар азап шегіп өмір сүреді. Олар өсіп-жетілу үшін өмірде таяқ жеу керек деп ойлайды. Айналадан белгі болар бір соққы алам деп күтеді. Ер адам мүмкіндігінше көп әйелмен қарым-қатынаста болу арқылы тәжірибе жинайм деп ойлайды. Кәсіпкер бизнесінде 7—10 рет күйреуге ұшыраса, миллионер боламын деп ойлайды. Тіпті кейбір кәсіпкерлердің «табысқа жету үшін көп рет құлау керек» деп ашық айтатындарын естиміз. Бұлай деу нағыз тұзақ қой. Бұл бұрыс көзқарасты бойыңызға сіңдіретін және сізді қайғы-қасірет пен сәтсіздікке ұрынуға итермелейтін қауіпті кеңес болып табылады!
Шын мәнінде, сіз білім мен даналыққа ие бола отыра, азап шекпей өмір сүре аласыз. Сонда әр сәтсіздіктен кейін қартайып-қажымай, денсаулығыңыз да нашарламайды. Баладай ақкөңіл болуды, ынта мен жан саулығын жоғалтпайсыз.
Өмір ақылыңыз кіріп, жетілуіңіз үшін бір күні төбеңізден төрт қойып ұратындай етіп жаратылған, ал ол уақыт келгенше ағыммен жүре беру керек деген ой — ақылға қонымсыз. Бұл алдымен пышақты қалай дұрыс қолдану керектігін білмей, тамақ дайындауды үйрену сияқты. Бұл медицина маманы болмай, ауырсыну мен сәтсіздіктер сізге хирургиялық отаны қалай дұрыс жасау керектігін үйретеді деген үмітпен өзгеге ота жасау сияқты. Осы жағдайлардың барлығында сіз түбінде жетістікке жететін де шығарсыз, бірақ қандай шығынмен?
Сол себептен де бұл үлкен қателік, кең таралған бұрыс түсінік болып табылады. Адамдардың 95% өмірге осындай көзқараспен қарайды десем қателеспеймін.
Қысқаша айтқанда, азап шегу өрге басып, дамудың қозғаушы күші емес! Адамзат тарихында ілгері қарай даму жойқын соғыстар болған кезде басталған жоқ. Даму, алға басу — сауаттылық пайда болып, ғылым дамығанда, әдеп негіздері енгізіліп, мәдениет өркендегенде басталды.
Жеңімпаз — көп қиындық пен азапты басынан өткерген адам емес, сол қиындықты жеңе білген, сәтсіздіктерді айналып өте алған адам. Осы бір айырмашылыққа назар аударыңызшы. Адамның көп қиындық пен азапты басынан өткергені оны көшбасшы етпейді. Себебі қиналған адам тығырыққа тіреліп, оқшауланып, ақымақ істер жасай бастайды. Ал жақсы көшбасшы бола білген адам азаптан арылу үшін дер кезінде дұрыс шешім қабылдайды, бұл оны одан да күштірек әрі мықтырақ етеді. Демек біз қиындық пен азаптың өзінен емес, оны жеңудің арқасында мықты боламыз! Бәрі де қиындық көріп азап шегеді, бірақ тек жүзден бірі ғана оны жеңіп шығады. Сіз қиналып азапталудың өзінен емес, оны жеңе білуді үйренгеннен сенімділікке, мол тәжірибеге және болашаққа деген берік сенімге ие боласыз! Білім, ұғымталдық, еңбек пен өмірлік күш-қуаттың арқасында сіз жеңімпаз бола аласыз!
Басқаша айтқанда, футболшыны жақсы ететін доп емес, оның ұмтылысы, еңбекқорлығы мен жақсы футболшы болуды армандағаны. Бұл орайда себеп пен салдарды шатастырып алмаңыз. Боксшыны шебер ететін жағына тиген өте ауыр соққылар емес, дұрыс техниканы қолданғаны, жеңіске жету арманы және жетістікке деген құштарлығы. Басшыны мықты ететін жүздеген банкротқа ұшырағаны емес, жүздеген компанияны өркендеуге жеткізе алғаны. Бұл ерекше жайтты есте сақтағаныңыз абзал. Егер достарыңыздың кейбірі болашақта бақытты болудың кілті — қиналып азап шегуде екеніне сенімді болса, оларға міндетті түрде осы тарауды оқуға беріңіз. Ақыл-ойды іске қосып ой жүгіртіп көрсін. Сонда азап шегу бізге дамуға көмектеседі деген пікір қайдан шықты?
Бәрі өте қарапайым. Сіз қиналған кезде, жақындарыңыздың кейбірі сізге қалай көмектесерін білмей, өздерінің «даналық қоржынынан» былай деп жұбатады: «азап пен қиындық бізге сынақ үшін беріледі», «Қиындық бізге алға басуға көмектеседі» және т. б. Жоғарыда айтқанымдай, мыңдаған жылдар бойы адамдар жан жараларын қалай емдеуге болатынын білмеді, бірақ олар осындай жұбанышты сөздерді ойлап тауып, емдеуге тырысқан. Мұндай сөздерді естігенде, сіз оларды шындық ретінде қабылдайсыз, сөйтіп өзіңізге: «Бұл қиындықты қалайша алға қарай дамуға айналдыра аламын?» деген сұрақты қойып, шығудың жолын тауып, алға жүре бастайсыз. Негізі бұл сөздер шындыққа сай келмейді. Ол тек ой-санаңызда «Бұл сынақтан шығудың жолын ойластыр, себебі Құдай бұл сынақты өсіп-өркендеуім үшін берді» деген ойынды қосты. Енді назарыңыз азаптан құтылудың жолына аударылды, және шынымен де азаптан құтыласыз, содан кейін болашақта сіз бұл оқиғаны басқаларға айтып, пікіріңізбен бойыңызды мақтаныш кернеп бөлісесіз, «Егер бақытсыздық көмектеспегенде бақыт та болмас еді» дегенді айтасыз.
Егер сіз бір кездері депрессияның ауыр түріне ұшыраған болсаңыз, мұндай жұбанышты сөздердің сізге көмектеспегенін білерсіз. Егер бұл жұбанышты сөздер шындыққа жақын болса, ол сізді әрқашан депрессиядан «көтереді» деген сөз. Бірақ егер көмектеспесе, шындыққа сай болмағаны, мұны түсінген боларсыз. Демек, «қиындық пен азап бізге өсіп-өркендеуге көмектеседі» деген сөздер, сізде әлі де өмірлік күш-қуат мен әрі қарай өмір сүруге деген ықыласыңыз болған жағдайда ғана, яғни жағдайыңыз аса ауыр болмаған кезде ғана сізді көтереді. Ал егер күш-қуатыңыз нөлге тең болса, онда мұндай жұбанышты сөздерден келіп-кетер пайда жоқ.
Адамдардың азап шегу пайдалы дегенге сенімді болуларының тағы бір себебі - азап пен тәжірибені шатастырып алуы. Олар бірде-бір қателік жасамауға тырысып, өмір туралы жүз кітап оқығаннан гөрі, қателік жасап, содан сабақ алып, тәжірибе жинаған дұрыс деп ойлайды. Бұл, әрине, бір жағынан шындыққа сай. Расында да, Гималай туралы мақалаларды жүз рет оқып не оларды суреттерден зерттегеннен гөрі, ол жерге бір рет барып, өз көзіңізбен көрген жақсы. Бірақ мұнда ең қызығы, ешкім азап шегу, қиналу туралы сөз қозғамайды! Әңгіме тәжірибе туралы болып тұр. Сіз көкөністерді кесуді үйренбес бұрын, алдымен жарақат алмауыңыз үшін пышақты дұрыс қолдануды үйренесіз, солай емес пе? Сіз пышақпен жұмыс істеуде тәжірибе жинау үшін саусағыңызды әдейі кеспейсіз ғой?! Немесе сіз көлікке, оны айдауды нұсқаушының алдын-ала үйретуінсіз, көлік апаттары арқылы үйренемін деген оймен отырмайсыз ғой?! Келісерсіз, бұл үлкен ақымақтық болар еді.
Бірақ өмірдегі көп мәселелерде дәл осылай болып жатады. Адамдар баланы қалай тәрбиелеу керектігін білмейді, бірақ оны дүниеге әкелуге асығады, мән-жайды іс жүзінде қолданғанда түсінеміз деп үміттенеді. Адамдар жоғалтудан туындаған реніш пен жан азабын қалай жеңуге болатынын білмейді, бірақ қарама-қарсы жыныстағы адаммен қарым-қатынаста болуға асығады. Адамдар қазіргі заманда қалай өмір сүру керектігін білмейді, бірақ өмірдегі қателіктер сабақ болар деп, оқу орнын тезірек бітіруді армандайды. Мектепте өмір сүруге, ақша табуға, балаларды тәрбиелеуге, жақсы күйеу немесе жақсы әйел болуға қатысты білім берілмейді. Сондықтан да адамдар «бәрін іс жүзінде үйренерміз» деген тәуекелді ой-пікірмен өмір сүреді. Жастық шақта адам сүйікті адамының қатты ренжітуі қаншалықты ауыр тиетінін түсіне қоймайды. Айырылысуды бастан өткерудің қаншалықты жанға бататынын түсінбейді. Олар бала тәрбиелеудің қандай үлкен жауапкершілік екенін, ата-ананың қателігінен бала жапа шегуі мүмкін екенін де түсіне бермейді. Кенеттен өмірдің мәнін жоғалтудың қаншалықты азапты болатынын білмейді. Бұл жан азабы пышақпен саусақты зақымдап алғаннан не жазда көшеде күн астында ұзақ тұрып күйіп қалғаннан да әлдеқайда ащы боп тиюі мүмкін. «Әркім өз тәжірибесінен үйренеді» дегенге сеніп өмір сүреді, сондықтан өзгелердің кеңестеріне құлақ аспай, былайша айтқанда, таяқ жеп жүріп тәжірибе жинайды, мұны солай болуы тиіс норма деп есептейді. Бірақ опық жемей-ақ тәжірибелі болуға болады ғой! Өкінішке қарай, бұл жайлы бәрі де ойлана бермейді. Тереңде жатқан жан жараларына тіреліп қалмай, өте тәжірибелі отағасы, тәжірибелі ата-ана, ата-әже болуға болатыны сөзсіз.
Енді сіз қиналу мен азап шегу — жетістіктің катализаторы деген «вирустың» қайдан таралып отырғанын түсінген боларсыз. Шындығында, жан азабының еш пайдасы жоқтығынан басқа, ол санамызда өмірге қатысты бұрмаланған ойларды, ақылға қонымсыз сенім-нанымды, уақыт өте шынайы өз қалауымыздай көрінетін бұрыс қалауларды тудырады. Яғни мұнда, әңгіме адамның жан-дүниесіне тигізер әсері жайлы болып отыр. Ал егер адамның сырт көрінісі жайлы айтатын болсақ, бақыт не жан азабының адамның келбеті, сырт көрінісі мен денсаулығынан көрініс табатынын оңай байқай аласыз. Мұндай белгілерге бүкірейіп қалғаны, асқа тәбеттің болмауы, бетінің қараюы, әжімдер, ұйқышылдық, шаршағандық, ашуланшақтық және көптеген созылмалы аурулар жатады. Құлаққа қаншалықты жағымсыз естілсе де, адамдар жан азабынан қалай арылуға болатынын білмегендіктен, денсаулығынан, жастық шағынан және сұлулығынан айырылып азап шеккендері дамып-өркендеуге серпін беред дегенге шынымен де сенеді.
1.3 тарау. Қалай жарқын бейнелер жойылып, жағымсыз бейнелер пайда болады
Егер сіз азап шегіп қиналудың прогрестің қозғаушы күші емес екенін, керісінше жауыңыз болып табылатынын, сондықтан бұл жаумен жетістікке жету әрі өркендеу жолында күресуіңіз керектігін түсінген болсаңыз, мен сізді құттықтаймын: алға басып дамуыңыз үшін бірінші маңызды қадамды жасадыңыз. Ал енді жан азабының барлық жағымсыз салдарын егжей-тегжейлі қарастырайық.
Бір ананың үш жасар қызын қабырғаға мысықтың суретін салғаны үшін ұрысқаны туралы қарапайым мысалды алайық. Анасы өте қымбат тұсқағаз бүлінгендіктен қапа болып, бірден баланың басынан ұрып жібереді. Ол қызын ақымақ деп атап, қатты дауыспен: «Ешқашан бұдан былай қабырғаға тиісуші болма, ұқтың ба?!» деп сөгеді.
10—15 минут өте анасы бұл оқиғаны ұмытып қалып, еске де алмайтын болар. Алайда дәл осы сәтте баланың жан дүниесінде нендей жайт болды?
Осы сәтте бала санасындағы жарқын бейнелері жойыла бастағанын, оның айналадағы дүние туралы түсінігі қараңғы бола бастағанын түсінген боларсыз. Бірақ мұнда біліне бермес тағы бірнеше жайттар бар.
Осы жағдайда баланың реакциясы қандай болады? Ол қатты ренжіп, жылап жіберуі мүмкін. Немесе ашуланып, бүкіл үйге айғай-шу шығарар. Я болмаса, өзімен-өзі тұйықталып, фломастерге енді қайтып жоламауы да мүмкін. Тіпті ауырып қалуы да ықтимал. Яғни баланың реакциясы біржақты ғана болад деп кесіп айта алмаймыз. Бірақ егер баланы жақсы білетін болсаңыз, онда оның қалай әрекет ететінін 90%-ға дәл айта аласыз.
Мысалды тереңірек қарастырайық. Осы сәтте балаға қандай ой келді? Ол қандай қорытынды жасады? Қандай ұстанымдар пайда болды? Мүмкін ол: «Мен енді ешқашан сурет салмаймын!» деп немесе анасы оның өнерін мақұлдамайды деп шешкен шығар. Тағы мынадай тоқтамға келуі де мүмкін: «Егер болашақта анамның назарын өзіме аударғым келсе, маған бірдеңені бүлдіру керек». Сіз бұл ойлардың алдын-ала нақты болжай алмайтынымызды түсіндіңіз бе? Баланың эмоционалды реакциясын 90% дәлдікпен болжау мүмкін болғанмен, оның санасында пайда болатын ойлар мен шешімдерді болжау өте қиын. Себебі әр бала — жеке тұлға. Бір бала кек алуды ойласа, екіншісі өз дегенінен қайтпай табанды болуды шешеді, үшіншісі мойынсұнғыш болуды және бұдан былай ешнәрсеге ықылыс білдірмеуді ойлауы мүмкін. Көрдіңіз бе, салдары қандай болмақ?
Ал енді көзге көрінетін өзгерістерге тоқталып өтейік. Анасы ұрысқаннан кейін қыздың денесі қалай өзгереді? Басында оның денесі босаңсып, дене бітімі түзу, бет бұлшықеттері жақсы күйде болған шығар. Бірақ анасы ұрысқаннан кейін оның бұлшық еттері қысылып, денесі бүкірейіп, бетінің бұлшықеттері босап қалуы мүмкін және ішкі мүшелерінің кейбір бұлшықеттері тырысып қалған да болар, ал бұл кейіннен тәбеттің төмендеуіне, иммунитеттің нашарлауына, суық тиюге және т.б. әкелуі мүмкін.
Әрі қарай жалғастырайық. Осы оқиғадан кейін 10 жыл өтті деп елестетіп көріңіз. Қызыңыз 13 жаста, ол өз бетінше әрекет ете алатындай қайратты бола түскен. Бір күні сізбен бірге көшеде келе жатып, көршінің бес жасар қызына киімін былғағаны үшін ұрысып жатқанын көреді. Бұл 13 жасар жасөспірім қызымыз дәл осы сәтте бұл балаға қатты жаны ашып, ал баланың анасына ашулы болады. Ол баланы қорғағысы келеді және барлық әйелдерге қатысты түсініксіз ренішті сезінеді. Осы кезде ол тіпті өз анасына да себепсіз ашулануы мүмкін. Сіз қызыңызбен маңызды бір нәрсе туралы сөйлескіңіз келеді, ал ол кенеттен ойы жан-жаққа шашырап, зейінсіз бола бастаған, сондықтан сіздің сөздеріңіз оны ызаландыруы мүмкін. Бұл күніге болып жүрген қалыпты жағдай сияқты. Сондықтан қызыңыздың көңіл-күйі болмай тұрған шығар деп ойларсыз. Немесе ол көшеде ұзақ жүріп шаршаған болар, не қыңырлық танытып тұр деп те ойлауыңыз мүмкін. Сол себептен оған ұрысқыңыз келер. Бірақ бұл жерде 13 жастағы қыздың түпсанасына үңілмейінше, ешкім де көре алмайтын нақты бір себеп бар.
Шындығында, көршісі баласына ұрысып жатқан жағдай, біздің 13 жасар қыздың түпсанасында бұрын пайда болған бейнені қозғап жіберді! Оның үш жасында бастан кешірген естеліктері, сезімдері мен эмоциялары оянып белсенді бола түсті. Оның түпсанасы, бұл жағдайдың қабырғаға сурет салып, түсқағазды бүлдіргені үшін анасы оны ақымақ деп атаған кездегі жағдаймен ұқсастығы бар деп қабылдады. Түпсанадағы осы ақаудың кесірінен анасы сол күні еш жаман әрекет жасамаса да, ол сол сәтте анасына ашулана бастайды!
Сонымен, қандай жайттар анық болды?
Мынадай маңызды 4 элемент анықталды:
1) баланың болған жағдайға реакциясы, бір сөзбен айтқанда, оның ЭМОЦИЯЛАРЫ, немесе, кейінірек түсінетініңіздей, оның бақытты болу деңгейі;
2) баланың санасында пайда болатын ОЙЛАРЫ, көзқарастары мен тұжырымдары;
3) ДЕНЕ сезімі, ондағы өзгерістер. Бұл бұлшықет, гормоналды, жүйке жүйесінің күйі мен саулығын және т.б. физикалық проблемаларды қамтиды.
4) болашақта баланың мінез-құлқындағы проблемаларға және жүріс-тұрысына әсерін тигізетін ЖАДЫНДА сақталған бейнелер.
Бұл төрт элементтің әрқайсысының ғылыми түсіндірмесі бар, оларды дәл болжауға және бақылауға алуға болады. Осыларды біле отырып, бақытты әрі өте қабілетті баланы тәрбиелей аласыз. Айналаңыздағы жайттарды өз бақылауыңызға ала аласыз. Ең бастысы, ӨЗІҢІЗДІ және ішкі дүниеңізді анағұрлым жақсы түсіне аласыз! Тағы да маңыздысы, өзіңізді жақсы жаққа өзгертуді үйренесіз, анағұрлым бақыттырақ әрі табысты боласыз, осылайша өміріңізді ғажапқа айналдырасыз.
Ыңғайлы болу үшін біз бұл төрт элементті ВЕКТОРЛАР деп атаймыз. Пейнхантинг бізге барлық төрт вектор бойынша өзгеруге көмектеседі. Оларды оңай есте сақтау үшін мыналарды білдіретін «ДОСЕ» аббревиатурасын қолданамыз:
1) дене;
2) ой;
3) сезім (эмоция);
4) есте сақтау (жады).
Бұл төрт вектордың маңызы өте зор. Өмірімізде жақсы не жаман жағдай болғанда, біз көрсетілген барлық векторлар бойынша өзгереміз. Және бұл өзгерістер негізі қатар жүреді. Мысалы, егер бір нәрсе бізді қатты қуантса, бізде жағымды эмоциялар пайда болады да, денеміз босаңсып, денсаулығымыз жақсарады. Осы кезде ойларымыз да тынышталып, оптимистік болады, ал жадымызда тек ашық та жарқын бейнелер пайда болады. Ал керісінше, егер сіз апатияда болып, сарыуайымға салынсаңыз, денеңіз сау болмай, ойларыңыз тек өлім мен өмірдің пайдасыздығы туралы, ал жадыңызда тек қайғылы және қараңғы бейнелер болады.
Әрі қарай жұмыс жасауға көшкенде, сізге осы векторларды үнемі қадағалап отыруыңыз қажет болады. Жан дүниеңіз бақытқа неғұрлым көп бөленген сайын, денеңіз, эмоцияларыңыз, ойларыңыз бен естеліктеріңіз соғұрлым жақсы күйде болады.
Келесі тарауларда біз осы төрт вектордың әрқайсысының қалай жұмыс істейтінін, яғни механизмін қарастырамыз. Ендеше, үшінші «С» векторынан бастайық, себебі ол негізгі вектор болып табылады. Эмоциялар — біздің психикалық денсаулығымыздың негізгі көрсеткіші, ал қалған векторлардың барлығы осы вектормен тығыз байланысты. Сондықтан алдымен эмоцияны, содан кейін ойды, есте сақтау мен денені қарастырғанымыз дұрыс.
Суреттің толық бейнесін көре алу үшін тарауларды бірінен екіншісіне секірмей оқуды ұсынамын.
1.4 тарау. «С» ВЕКТОРЫ — адамның бақытын қалай өлшеуге болады?
Ой жүгіртіп көрейік. Бір минут ойланып, мына сұраққа жауап беріп көріңізші: «Бақытты қалай өлшеуге болады?»
Жоғарыда бақыт санадағы жарқын бейнелердің санына тікелей байланысты екенін айтқан болатынбыз. Егер адамның балалық шақтағы өмірі бақытты өтсе, үлкен мақсаттары мен армандары болса, және шаттық сезіміне бөленіп жүрсе, онда ол өзінің өте бақытты екенін айтады. Ал керісінше, қиын балалық шақтан өткен, жақындарынан айырылған, өмірдегі арман-мақсатын жоғалтқан адам өзін бақытсыз сезінетінін ашылып айтуы мүмкін.
Сонда адамның бақыт деңгейін, қаншалықты бақытты екенін айқындайтын, жан дүниесінде не жатқанын сарқып алатын терең сұрақтар қою немесе өмірді қаншалықты көркем етіп елестететінін сұрау арқылы білуге болады. Яғни оның сөздерінен анықтап, қорытынды жасай аламыз, солай ғой?
Бірақ бақыт деңгейін тек сыртқы белгілерге ғана қарап біле аламыз ба?
Әрине, мұны оның сезімдерінен, эмоцияларынан оп-оңай түсінуге болады! Егер адам үнемі күлімсіреп жүрсе, өмірдегі кішкентай нәрселерден қуаныш таба алса, өз жұмысына ынталы болса, отбасы туралы сүйіспеншілікпен айтса, демек оның бақыт деңгейі өте жоғары деген сөз. Ал керісінше, егер сіз адамның үнемі көңілсіз, наразы, баяу және ашуланшақ екенін байқасаңыз, оның бақыт деңгейі төмен деген сөз. Яғни, әр адамның қаншалықты бақытты екені, былайша айтқанда, «маңдайында жазулы тұр».
Алайда, адамның эмоцияларына қарап бақыт деңгейін анықтағанда, сіз жаңылысып та қалуыңыз мүмкін. Мысалы, сіз адамдардың қайсысы бақыттырақ екенін анықтай аласыз ба: қорқып тұрған адам ба, әлде ашуланып тұрған адам ба? Немесе, апатиядағы адам ба не қайғыға батқан адам ба?
Жағымды эмоциялармен шатаспайтын шығарсыз, бірақ жағымсыз эмоциялармен оңай жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Қайғы, апатия, ұялу, кінә, қорқыныш, агрессия, аяушылық — бұл эмоциялардың барлығының айқын иерархиясы (бөліктердің не элементтердің жоғарыдан төменге қарай орналасуы) бар. Адамдар бұл туралы аса ойлана бермес, негізі олардың барлығын бақыт пен бақытсыздық деңгейі бойынша жалпы бір шкала етіп қатарластыруға болады.
Эмоциялардың әр түрлі шкаласы бар. Мысалы, біз әр эмоцияның күшін көрсететін Дэвид Хокинстің «Сана-сезім картасына» қарай аламыз. Сонымен, шкаланың ең төменгі жағында — ұятқа қалу, маскара болу эмоциясы, ал ең шыңында — жадырау тұр. Мен сізден осы картаны және эмоциялар иерархиясын мұқият қарауды сұраймын. Бұл шкала бойынша толық бақытқа «жадырау» деп аталатын ең жоғары деңгейде болғанда қол жеткізуге болатынын анықтай аласыз. Ал ұятқа қалған кезде сіздің бақыт деңгейіңіз нөлге тең. Ашуланғанда, кішкене ғана бақыт болады, ал қайғыда бақыт мөлшері одан да аз. Бұл ойды бірден қабылдау қиын болар, бірақ уақыт өте келе оның дұрыстығына көз жеткізетін боласыз.
1 Кесте. Эмоция шкаласы (Дэвид Хокинстың сана-сезім картасы)
Тағы мынадай қорытынды жасауға болады — азап шегу мен жағымсыз бейнелер неғұрлым көп болса, эмоцияңыз соғұрлым төмендейді. Керісінше, бақыт пен позитивті бейнелер көп болған сайын, сіз осы шкала бойынша жоғары деңгейге көтеріле бересіз.
Кейінгі тарауларда біз осы жағдайлардың кейбірін толығырақ қарастырамыз. Ал әзірге бақыт деңгейіміз осы шкаланың қай деңгейінде тұрғанымызға тікелей байланысты екенін түсіну жеткілікті.
Түсінуіміз керек келесі жайт — негізі біз осы шкаланың айтарлықтай жоғары деңгейіндегі күйінде дүниеге келеміз, бірақ уақыт өте келе өмірдегі жағдайлар, сол деңгейімізден бізді түсіре бастайды. Қарапайым тілмен айтқанда, санамыздағы жарқын бейнелерді жоғалтқанда, біз осы шкаламен төмен түсеміз, ал жарқын бейнелер орнап не оларды жасағанда жоғары көтерілеміз.
Алдыңғы тараудағы кішкентай қыз туралы мысалды алайық. Мен сізге айтылған теорияны түсінуіңіз үшін осы мысалды кестеге қарап талқылауды ұсынамын. Кішкентай қыз қабырғаға сурет салғанда, қуаныш пен гармония не махаббат күйінде болған шығар. Бұл шкала бойынша айтарлықтай жоғары деңгей. Анасы дауыс көтергенде, қыз ақыл деген деңгейге түсіп, не болып жатқанын талдай бастады. Содан кейін, анасы оны басынан ұрғанда, бала тағы бір-екі деңгейге, мүмкін «бейтараптыққа» дейін төмендеген болар. Анасының «ақымақсың» деген сөзінен кейін, бала ашу күйіне тағы төмен түседі. Ал анасы бұйрықпен: «Енді қайтып бұл қабырғаға тиісуші болма» дегенде, қыздың эмоциясы қорқынышқа түсіп кетеді. Ал фломастерді қолынан алып қойғанда, бала мұңаюға дейін төмендеп, жылай бастайды…
Егер анасы мұнымен шектелмей, тұсқағазды бүлдіргенін айтып қызын кінәлай бастаса, баланың эмоциясы шкала бойынша одан сайын, апатияға дейін, кейін өз-өзін кіналауға дейін төмендеп кетеді. Ал әрі қарай, ұятқа қалуға дейін барады.
Бір сөзбен айтқанда, өмірдің әрбір «соққысы» бізді осы шкала бойынша төмендетеді, сондықтан жан дүниесі өте жоғары деңгейде дүниеге келген бала, уақыт өте келе сол деңгейден төмендей береді және біртіндеп қартайған шағына дейін апатияға, сарыуайымға, кінә мен ұятқа дейін төмен түсіп кетеді.
Енді басқа мысалды көрейік. Бұл мысалдағы адам шкала бойынша керісінше, төменнен жоғары көтеріледі. Бала өте бақытсыз отбасында және әл-ауқаты төмен жерде өмір сүрді делік, сондықтан ол мектепті бітірген кезде ұятқа қалу деңгейінде болады. 17 жасында ол басқа қалаға оқуға кетеді, онда ол мүлде басқа әлемді, өркениетті қоғам мен мәдениетті адамдарды көреді, бұл оның осы шкаламен біртіндеп көтерілуіне септігін тигізеді. Ол қуаныш пен махаббат күйіне бірден көтерілмейді. Алдымен ол туған қаласында бауырлары қиындық көріп жүрген кезде өзінің осындай еркін өмірге аяқ басқанына өзін кінәлі сезінеді. Бір күні ол таныс-достарына қарап, өз өмірі олардыкіндей мағыналы емес екенін түсініп, апатияға дейін көтеріледі. Егер оның жақсы достары, дана мұғалімдері болатын болса, онда ол бір күні өзгелерге өмірі қаншалықты қиын екенін айтып шағымдана бастайды. Егер ол алғашқы жақсы бағаларын алса, университетте жақсы атқа ие болса, алғашқы махаббатын кездестірсе, алғашқы шәкіртақысын алса, ол біртіндеп осы шкаламен көтеріле бастайды да, мүмкін бір күні ақыл-ой, махаббат пен қуаныш деңгейіне жетеді.
Бірақ, өкінішке орай, өмірде бәрі де оңайлықпен бола қоймайды. Өйткені біздің ақыл-санамыз осы шкала бойынша төмен түсіп кетуі оңай, ал көтерілуі қиын болатындай етіп қалыптасқан!
Мысалы, жақсы жаңалықтар әдетте бізді қысқа уақытқа ғана осы шкаламен көтереді, бірақ жаман жаңалықтар бізді «құлатып», ұзақ уақыт төменгі эмоцияда қалдыруы мүмкін. Осы себептен де дүниеде қайғы-қасірет пен ауру көп.
Қуанышымызға орай, мұның түсінікті себептері бар. Алда қалған векторлардың (ойлар, дене, есте сақтау) механизмдерін қарастыратын боламыз, сонда неліктен түпсанамыздың осындай тұзағында екенімізді және бұл тұзақтың табиғаты қандай екенін жақсырақ түсінесіз. Ең бастысы, өмірдегі жағдайлар сізге бірнеше ауыр соққы беріп, сізді эмоциялар шкаласының төмен деңгейіне дейін «шегелеп тастағанына» қарамастан, сіз осы заңның әділетсіздігімен күресуді және тез арада өз-өзіңізді қайта қалпына келтіруді үйренесіз.
Алдымен біз эмоциялармен байланысты бірнеше нюанстарды қарастыруымыз керек. Бұл эмоциялар шкаласында шатастыратын жайттар көп болғандықтан, оның мән-жайын анықтап алуымыз керек.
Сонымен бірінші нюанс — біз ӨМІРДІҢ ӘРТҮРЛІ САЛАСЫНДА әр түрлі эмоцияларды бастан кешеміз. Яғни, адам жұмысында өте байсалды болуы мүмкін, ал достарымен әңгімешіл болады, үйде болса, тіптен түсініксіз басқа күйде болуы мүмкін. Негізі бұл, солай болуы тиіс кәдімгі жайт. Барлығымызда да сәтсіздіктері мен қысымдары аз болатын өмірдің салалары бар, сондықтан бұл салаларда өзімізді мейлінше бақытты сезінеміз. Егер бір ер адам әрдайым футболдың үздік ойыншысы болған болса, ол 35 жасында, қызығы жоқ жұмысы мен отбасындағы ұрыс-керістерге қарамастан, достарымен футбол алаңында ойнауға шықса, кенеттен қуаныш пен энтузиазмға дейін көтерілуі мүмкін. Немесе егер тұрмыстағы жас қыз әжесінің ең сүйікті немересі болған болса, күйеуімен арасындағы проблемалар мен ауыр жұмыс аптасынан кейін, әжесіне барып уақыт өткізгені эмоциясын өте жоғары деңгейге көтеріуі мүмкін. Басқаша айтқанда, адам жұмысына бейтарап қарауы, достарына қастық, ақшаға немқұрайдылық, хоббиіне көтеріңкі көңіл және көлік жүргізуге қорқыныш сезінуі мүмкін. Сондықтан, сіз адаммен «алыстан» араласқанда, жалпы алғанда, оны орташа деңгейдегі эмоцияда көре аласыз, ал онымен жақынырақ араласқанда, оның осы орташа эмоциядан жоғары да, төмен де күйін көресіз. Бұл кәдімгі жайт.
Екінші нюанс — күні бойы біз ТҮРЛІ ОҚИҒАЛАРҒА байланысты бір эмоциядан екіншісіне АУЫСА АЛАМЫЗ. Әрбір кішігірім жағдай да бізді шкала бойынша төмендетеді не көтереді. Мысалы, таңертең сіз бейтарап күйде оянуыңыз мүмкін. Кофе ішкен соң ақыл деңгейіне көтерілесіз. Ұйықтап жатқан балаларды көріп, сіз махаббат деңгейіне көтірілдіңіз. Ал кейінірек валютаның девальвациясы туралы жаңалықты оқығанда, қорқыныш деңгейіне құладыңыз. Содан соң кептелісте апатияға түстіңіз. Ал жұмыста жалақы алғаннан кейін бейтараптыққа көтерілдіңіз. Бұлар да кәдімгі жағдайлар. Біз үнемі ағартушылық күйінде болуды мақсат етпеуіміз керек. Осындай мақсат қойған адамдардың түсінігі қате деп айтуға болады. Егер үнемі эйфория, ағарту мен махаббат күйінде болатын болсаңыз, міне осыны қалыпты жағдай, кәдімгі жайт деп айта алмаймыз. Бұл ессіздіктің белгісі болар еді. Досыңыз сізге анасының қайтыс болғанын айтты делік. Осыдан кейін ағартушылық күйінде қалу есінен адасқандықты білдіреді ғой. Сондықтан түсінуіңіз керек басты нәрсе — сізде жан дүниеңіздің күйін тез қайта қалпына келтіре алатын қабілет бар әрі шкала бойынша жылдам көтеріле аласыз. Бар болғаны осы. Бұл пейнхантингтің түпкі мақсаттарының бірі.
Үшінші нюансқа көшейік. Біз БІР МЕЗГІЛДЕ БІРНЕШЕ ЭМОЦИЯНЫ сезінуіміз мүмкін. Егер сіз сезімтал адам болсаңыз, кейде адам бір мезгілде аралас эмоцияларды бастан кешіретінін байқаған шығарсыз. Мысалы, біреу балаға ұрысып айғайлап тұрып, сол сәтте айғайлағаны үшін өзін кінәлі сезініп тұруы да мүмкін. Нәтижесінде ол абдырап қалады, бақытсыз болады, оның көңіл-күйі де «шайқалады». Немесе, мысалы, университет бітірген жас түлек бір жұмысқа қабылданғаны туралы жаңалықты естиді, осы сәтте ол көптеген эмоцияларды бастан кешіреді: шаттық, қорқыныш, қуаныш және тіпті ұятты сезінеді. Нақтырақ айтсақ, жақсы жаңалыққа шаттық, жұмыстағы жауапкершіліктен қорқыныш, ата-анасының мақтан тұтатынына қуаныш сезінеді және жеткілікті жақсы оқымағанына әрі өз мамандығын жетік білмегеніне ұялады. Түсіндіңіз бе? Ал дәл осы сәтте сіз оның жүзінен таңдануды және эмоциялардың әр түрлі көрінісін байқай аласыз. Шындығында, өмірде біз жиі осындай жағдайларға тап болып жатамыз. Осы жағдайлардың барлығында көптеген ойлар мен эмоциялар, бәрі қатарынан бірер секундта пайда болады. Кейінірек ол бірнеше секундта орын алған осы оқиғаны достарына бір сағат бойы айтып беруі мүмкін! Сонда ол сонша мәліметті қайдан алады? Иә, ол өз санасындағы кинотаспадағы кадрларды жай ғана «баяулатып», бір сәтте пайда болған жүздеген ойлар мен эмоцияларды егжей-тегжейлі баяндайды.
Енді төртінші ерекшелік туралы айтайық. ЖАЛҒАН және ШЫНАЙЫ ЭМОЦИЯ деген ұғымдар бар. Оларды анықтау және олардың арасындағы айырмашылықты түсіну соншалықты қиын емес. Бірақ егер қабырғасы қайысып тұрса да, адам үнемі күлімсіреп жүруі тиіс деп қабылданған Батыс әлемінде өмір сүрсеңіз, онда бұл жағдайда жаңылысып қалуыңыз мүмкін. Мұны әдетте ер адамдар онша байқай бермейді және шынайы емес эмоцияларға оңай сенеді, ал дәл сол сәтте олардың сезімтал әйелдері сол адамдардың шынайы бет-бейнесінің қандай екенін алғашқы секундтан-ақ түсіне алады. Демек, жалған эмоция — бұл өзгеге әсер қалдыру үшін, былайша айтқанда бетперде киіп ел алдында көрсетілетін эмоция. Ал шынайы эмоция — көңіл түбінде, жан дүниесінде сезініп жатқандары. Мысалы, сіз қонақтарды қарсы алып жатқанда іштей енеңізге ашулануыңыз мүмкін, бірақ бет-жүзіңізге қуаныш маскасын «киіп» аласыз. Егер сіздің енеңіз өте сезімтал болса, ол сіздің жалғандығыңызды түсіне қояды, ал егер олай болмаса, ол сіздің жалған эмоцияларыңызға сенеді.
Сонда бізге бұл нюанстар не үшін қажет? Ортақ мақсатымызды жақсы түсіне алуымыз үшін қажет. Ал біздің ортақ мақсатымыз — сізді бақытты ету!
Дәл осы кезде сіз, біріншіден, бізде пейнхантингте бақытты болғансып көріну деген мақсат жоқ екенін нақты түсінуіңіз керек! Біз сіздің жасанды, жалған эмоцияларыңызбен жұмыс жасауды мақсат етпейміз. Өкінішке орай, қазіргі заманғы көптеген коучтар, әсіресе Батыстағы, бізді позитивті эмоцияларды жасанды түрде жасауға талпындырады. Олар біздің жанымыз бұған бейімделеді, сондықтан сәлден кейін өзімізді шынымен бақытты сезіне бастаймыз дегенді айтады. Бұл қандай да бір шамада дұрыс-ақ, бірақ бұны кофе ішумен салыстыруға болады. Егер сіз сәл ұйқыңыз қанбай тұрсаңыз, қою кофе ішіп ояна аласыз, бірақ егер тек екі сағат қана ұйықтаған болсаңыз, онда ешқандай кофе көмектеспейді. Бұл жағдайда сізге өзіңізді азаптамай, жәй ғана ұйықтап алу керек. Яғни, егер қатты күйзеліске түссеңіз, ешқандайда жасандылық сізді бақытты етпейді. Пейнхантингте біз жан дүниеңізде сезініп тұрған шынайы эмоцияларыңызбен жұмыс жасаймыз. Жүздеген пайдасыз аффирмациялар, визуализациялар және медитация бізді жасанды эйфорияға итермелейді, бұның салдарынан жан дүниемізде тереңде жатқан жаралар мен жан азабы емделмей сол күйі қалады. Ал пейнхантинг көзбояушылық жасап, бақытқа жеткізгендей етпейді, ол азапты жан жараларыңыздан арылта отырып, жан дүниеңізге шынымен бақыт сыйлайды.
Екіншіден, пейнхантинг сізді «тәулік бойы бақытты» етпейтінін түсінуіңіз керек. Тәулік бойы бақытты боп жүретін адам — шындығында жан дертіне ұшыраған ауру адам. Мысалы бұл нашақор, өйткені ол дүниені дұрыс қабылдамайды. Бұл өзгелердің наразылығын түк елемей, бәрін сүйе беретін маскүнем. Бұл өзін Құдайдың елшісі санайтын жан дертіне ұшыраған науқас. Пейнхантинг сізді мұндай етпейді. Керісінше, дүниені бұрмалаусыз және әсірелендірілген жағымсыз бейнелерсіз адекватты қабылдауға көмектеседі. Пейнхантинг сізге күштірек, ақылдырақ және стреске төзімдірек болуыңызға көмектеседі. Сіз барлық басқа адамдар сияқты эмоциялар шкаласы бойынша төмен түсетін боласыз, бірақ сізде үлкен артықшылық болады. Яғни, шкала бойынша тез-ақ көтеріліп кетесіз және төменгі деңгейлерде қалып қоймайсыз.
Үшіншіден, пейнхантинг сізге түпсанаңызда босқа қажетсіз нәрселерді айналдыра ойлай беру процесін азайтуға көмектеседі. Миллиондаған адамдар шын мәнінде жоқ нәрсені саналарында айналдыра ойлай бергеннен қажып жүр. Пейнхантинг санаңыздан барлық қажетсіз бейнелерді алып тастайды, сонда сіз дүниені шындыққа сай қабылдайсыз. Пейнхантинг сізге жаныңыз тіреліп қалып қойған балалық шақтағы оқиғаларда емес, ҚАЗІР және ОСЫНДА болуға көмектеседі.
Әрине, төртіншіден, пейнхантинг сізге өміріңіздің барлық салаларын жақсартуға көмектеседі. Біз сізге өзіңізді әлдеқайда жақсы сезінетін салада ғана жетістікке жетуді үйретпейміз. Ұнамаған ортаны тастап, сүйікті елге көшіп сонда өмір сүруге, жалықтыратын жұмысыңызды тастап, басқа сүйікті мамандығыңызды іздеуге кеңес бермейміз. Біз сізге өміріңізде болып жатқан жайттардан қашпай, яғни шындыққа тура қарап, өміріңіздің барлық саласында жеңіске жетуді үйретеміз! Бақытты болу үшін қоғамнан Тибетке қашу — бұл жеңіс емес, жігерсіздік пен қорқақтық. Жайсыздықты сезінбеу үшін достарыңыздан оқшаулану, бұл керемет емес, қайта күлкілі жайт! Руханилыққа қол жеткізу үшін материалдық игіліктерден бас тарту — бұл даналық емес, нағыз ақымақтық. Шын мәнінде, пейнхантингтің көмегімен сіз отбасылық өмірде де, материалдық істерде де, рухани нығаюда да жетістікке жете аласыз, өмірдің рахатын барынша сезінесіз.
Ал енді қорытындылайық. Біз басты вектор — эмоцияларды қарастырдық. Эмоциялар шкаласын зерттеп, оны түсіне бастадық. Бұл шкала алда сізге көп пайдасын тигізбек әрі осы кітаптың барлық идеяларын тереңірек түсіну үшін оған қайта-қайта оралып тұрасыз.
Енді пейнхантингтің келесі векторына көшейік. Бұл біздің ойымыз, сеніміміз бен көзқарасымыз. Өмірімізде жақсы не жаман жайттар орын алғанда, ойымызбен не болатынын қарастырайық. Ендеше кеттік.
1.5 тарау. О ВЕКТОРЫ– теріс көзқарастар мен ұстанымдар қалай пайда болады
Ой — материалды десем, ешкімді таң қалдырмаспын. Яғни, өмірімізде болып жатқан оқиғалардың бәрі кешегі ойларымыздың нәтижесі. Жүздеген кітаптар, мыңдаған тренингтер осы идеяға арналған. Қуанышқа орай, миллиондаған адамдар тағдыры өз қолдарында екенін, өз өмірлерін өздері жасайтындарын жақсырақ түсіне бастаған. Саналы адамдардың көбісі бұған қатысты дауласпаса да, кейде өмірімізде болатын жағдайлар бұл сөздерді шындыққа жанаспайтындай етіп көрсетеді. Мысалы, күтпеген жерден жақын досыңыз сатқындық жасап «арқаға пышақ сұғады». Ал осы сәтте сіз бұл шындықты өзім қалап жасамадым ғой деп ойлайсыз. Сонда неліктен бұлай болды? Немесе күтпеген жерден сүйіктіңізден айырылып: «Сонда мен ойлап, осындай қатыгез жолмен іске асқан соншама қай ой?» деп таңырқайсыз. Я болмаса, кенеттен айықпас дертке шалдыққаныңызды білесіз. Қандай ойларым мені осындай жағдайға душар жеткізді деп ойларсыз.
Бұрынғы ойларды еске түсіріп, санасына қазбалай үңілген адам кейде басынан өткен барлық қайғылы оқиғалар үшін өзін кіналай бастауы мүмкін. Нәтижесінде, оған «ойлар материалдық» деген идея тым қатал бола бастайды, сондықтан оны қабылдағысы келмей санасынан лақтырады да, дүние хаосқа толы екеніне және бұл хаосқа еш әсер ете алмайтынына сене бастайды.
Сондықтан, ақырында, жағымсыз жағдайдың түп-тамырын табудың, яғни СЕБЕБІН іздеудің орнына, САЛДАРЫНА ұрынады. Ол басқаларды кінәлай бастайды және жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарамайы. Өз өміріне еш әсер ете алмаймын деп санап, барған сайын өмірін басқарып отырған ата-ана, мемлекет, апаттар, планеталар, сандар мен күндер және т.б. дегенге сене бастайды.
Бірақ ащы шындық мынадай — сенсеңіз де, сенбесеңіз де өз тағдырыңыздың, өз өміріңіздің иесі сіз өзіңізсіз. Қалай болған күнде де, Құдай, жұлдыздар мен планеталар, өмірімдегі суреттерді салады деп ойласаңыз да, өз ойларыңызбен өміріңіздегі «бейнелерді салуды» өзіңіз жалғастырасыз.
Бұған, әрине, бірден сену қиын, бірақ онкология, қант диабеті немесе инфаркт сияқты аурулар да өздігінен пайда болмайды. Олардың белгілі бір психологиялық себептері бар. Бұл аурулар санада қалған күйреткіш әсері бар бұрынғы ойлардың нәтижесі. Тіпті көшедегі бомж осылай үй-күйсіз адам болуға өз еркімен шешім қабылдаған. Ер адаммен ешқашан жақын қарым-қатынаста болмаған 40 жастағы әйел де, өмірінің белгілі бір кезеңінде осылай жалғызбасты өмір сүруге шешім қабылдаған. Көлік апатынан қайтыс болған адам да, апатқа дейін өлуді шешкен. Мен мұны теорияшы-пәлсапашы ретінде айтып отырған жоқпын. Мен мұны тәжірибеші ретінде айтып отырмын. Мен және пейнхантерлер тобым, клиенттердің ойларының «түпкі тамырын» мыңдаған рет сәтті тапқан болатынбыз, осы ең түпкі ойлары өмірлеріндегі бүгінгі проблемаларына әкелген. Сондықтан мынаны растай аламыз: иә, ойлар шынымен де материалды!
Бірақ бұған қатысты абыржымаңыз деп айтуға қуаныштымын. Кітапты оқу барысында үнемі осы шындықты есіңізге түсіріп, қайта-қайта сендіріп отыратын болады деп уайымдамаңыз! Біз бұдан әрі қарай жүреміз! Мен сізге осы түпкі ойларды дәл анықтауды және оларды жоюды үйретемін! Көптеген рухани гурулар, тәлімгерлер қайғы-қасіретіңіздің себебі сіз өзіңіз екеніңізді растап, бұның шешімдерін ұсынады, бірақ бұл шешімдердің сізге көмектесетініне еш кепілдік жоқ. Бақытымызға орай, пейнхантингтің көмегімен бұл жетіспеушіліктің орны толтырылады. «Ойлар — материалдық» дегенге сеніп қана қоймай, мұның рас екеніне іс жүзінде бірнеше рет көз жеткізетін боласыз және бастысы, ойларыңыздың көмегімен шынымен де өз өміріңізді оңай және сенімді басқаруды үйренесіз.
Алдыңғы тараулардағы төрт жасар қыздың мысалына оралайық. Жоғарыда айтқанымдай, бірдей жағдайға тап болған әр түрлі адамдар өздері үшін түрлі ұстаным-нанымдарды таңдайды. Бірі өмір бойы өзінің дұрыстығын басқаларға дәлелдеуге шешім қабылдайды, екіншісі — әрқашан осындай жағдайлардан аулақ болуды, ал үшіншісі — дүниеден мүлдем жасырынып, өзімен-өзі болып, тұйықталуды шешеді. Бұларды болжау мүмкін еместей көрінер. Бірақ, біріншіден, сіз осы тараудың соңында, эмоцияларды болжап айтуға болатыны сияқты, бұл ойларды да болжауға болатынын түсінесіз. Екіншіден, осыған дейін орын алған оқиғаларға, яғни бұрын болған жағдайға оралып, сол кезде қабылданған барлық шешімдерімізді еске түсіріп, оларды жойып, жаңа, әлдеқайда позитивті шешімдер қабылдай отыра, сол ойларымызды түзете аламыз.
Егер төрт жасар қызымыз енді ешқашан сурет салмаймын деп шешсе, онда кейін оның шығармашылық өнерінде қиындықтар туындайды. Мысалы, егер болашақта оның досы сурет салуды өте жақсы меңгеріп алса, біздің қызымыз іштей «мен де жақсы суретші бола алар едім ғой» деп қатты қамығады. Немесе оны көркем өнер студиясына жіберсе, ол сурет салуға ішкі қарсылық сезіп тұратын болады. Өйткені, оның жан дүниесінде «сурет салма» деген ой бар.
Қыздың басқа ойлары да болуы мүмкін. Мысалы, ол өзі үшін ешқашан бірдеңені ойластыруға және жасауға болмайды деп шешуі мүмкін. Немесе өнерін анасының алдында ешқашан көрсетпеу керек деген тоқтамға келген болар. Я болмаса, керісінше, егер ол анасының әрекетін әділетсіздік деп есептесе, болашақта анасына өзінің дұрыстығын дәлелдеуге деген қалауы бастан кетпей тұратын болады.
Бұл ойлардың туындауы не нәрсеге байланысты? Адам бұрын болған эмоционалды күйге байланысты. Сонымен, егер қыз бастапқыда қуаныш күйінде болса, онда анасының жәй наразылығы оны бейтарап күйге түсіреді, мүмкін оның көзқарасы да бейтарап болар. Мысалы, ол: «Анам сұрамаған нәрсені жасауға тырыспаған дұрыс» деп ойлайды. Бұл ойы оның жанын ауырта қоймас.
Ал егер анасы наразылығын білдіріп қана қоймай, баланы ұрып жіберіп, ұрсып, ақымақ деп атаған болса, онда ол ашу деңгейіне, тіпті одан да бетер, апатияға дейін түсіп кетеді. Сәйкесінше, балада: «маған айқайлауына анама ешқашан жол бермеймін» деген ызалы ойлары немесе «Бұл дүние әділетсіз және қатал, сондықтан жақындарыңның қолдауына арқа сүйеме» деген үнжырға түсіретін ойлары болуы мүмкін. Мәнін түсіндіңіз бе? Ойлардың шын мәнінде өзіндік «көлеңкесі» болады. Олар әрқашан эмоцияларды «қамтиды»! Бұл теорияның ғылыми түсіндірмесін іздеуге тырыспаңыз, өйткені аса маңыздысы бұл емес. Ойлар немқұрайлы, ызалы, қайғылы не керісінше, позитивті және қуанышты болуы мүмкін екенін жәй ғана қабылдап елестетіп көріңіз.
Сонымен, қорытындылайық. Сіз бір мезгілде екі векторға, ойлар мен эмоцияларға, назар салуды үйрендіңіз. Олар бір-бірімен өте тығыз байланысты.
Осы екі вектордан басқа, біз әрі қарай қалған екеуімен, дене және жадымыздағы бейнелермен, жұмыс істеуді үйренеміз. Бірақ әрі қарай жылжымас бұрын, ойлардың тағы бір қызықты табиғатын қарастырайық. Біз олардың «өмір сүргіш» сипаттамаларын қарастырамыз. Сәлден кейін сіз санаңызда күніне он мыңдап туындайтын ойларыңыздың ешқайсысы да, арнайы қайта еске түсіріп, олардан өзіңіз бас тартпайынша, ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз.
Балалық шақта қабылдаған көптеген шешімдер, нанымдар, ойлар, тұжырымдар мен постулаттар түпсанамызда тұратынын және олардың ешқайда жоғалып кетпейтінін түсінесіз. Олар ұмытылмайды да, жойылып та кетпейді!
1.6 тарау. Үлкен корпорация сияқты ақыл-санамыз
Мынадай қызықты құбылысты байқағансыз ба: өзіңізге бірдеңені ұмытпауға уәде бердіңіз, сосын бұл уәдеңіз ішкі дауысыңызға айналады, кейінірек бұл ішкі дауыс ұмытпау тиіс нәрсені еске салады.
Мысалы, іссапарға бару керек болғанда, сіз заттарыңызды жинау үшін үйге барар жолда: «Құжаттарды чемоданға салуды ұмытпа» немесе «сөмкеге смартфон зарядтағышын салуды ұмытпа» деп ішіңізден ойлаған шығарсыз. Кейінірек қажет нәрсенің бәрін жинап болған соң сіз түпсанаңызда алаңдаушылық сезіндіңіз де, сізге онымен «сөйлесуге» тура келді. Сөйтіп сіз оны мұқият тыңдағанда, кенеттен ол: «Құжатты чемоданға сал» немесе «Зарядтағышты сөмкеге сал» деген ақпарат береді. Бұл ақпарат ойлар, ішкі дауыс немесе бейне түрінде келуі мүмкін. Бұл аса маңызды емес, десе де бұл сізге таныс жайт қой? Жоспарлаған заттардың бәрін салып болғаннан кейін ғана тынышталып, мазасыз күй кешпейтініңіз сөзсіз.
Немесе, мысалы, сіз көйлегіңізді үтіктеп жатқанда, балаңыз ойыншығына қатысты көмек сұрап сізді шақырып жатқанын естисіз. Осы сәтте өзіңізге: «Қайта келіп үтікті міндетті түрде өшіруді ұмытпа» деген боларсыз, сөйтіп бала отырған бөлмеге барасыз. Содан кейін көршілер есік қағып, коммуналдық төлемнің қымбаттағаны туралы жаңалық айтады, кейін қал-жағдайыңызды білу үшін ата-анаңыз телефон шалады. Осылай сіз үтіктеу процесін ұмытып кеттіңіз. Алайда соған қарамастан бір ішкі алаңдаушылықты сезіп тұрасыз. Беймаза болып, сізге бір нәрсе аяқталмағандай көрінеді. Ал егер босаңсып, ішкі дауысыңызды тыңдайтын болсаңыз, бірден «Үтікті өшіру керек» деген ақпаратты аласыз.
Осы қарапайым мысалдар арқылы мен сізге түпсананың атқаратын маңызды функциясы бар екенін жеткізгім келеді. Бұлар бұйрықтарды сақтау және оларды орындау функциясы! Әр адам түпсанасының осы функциясын интуитивті түрде қолданады, соның арқасында атқару керек әр іс-әрекетімізді қойын дәптерге жазып отырмай көптеген істерді жақсы атқара аламыз.
Бірақ бұл функцияның бір ерекше қасиеті бар. Түпсанаға өзіміз беретін бұйрықтар ешқашан жоғалмайды. Олар сіздің жадыңызда, былайша айтқанда «жазулы тұрады» әрі алаңдаушылық тудырады. Ол смартфон немесе ноутбук сияқты. Егер сіз көп қолданбалар топтамасын ашып, оларды жаппасаңыз, онда оперативті жады өте аз болады, сондықтан сіздің гаджетіңіз қарапайым функциялардың өзін өте баяу орындайтын болады. Үтікпен мысалдағыдай, қолданбаның барлық терезелерін жапсаңыз, смартфоныңыз «тынышталып», кез келген тапсырманы тез әрі оңай орындай бастайды.
Екінші ерекшелік - санамызға берілген командалар, кейде олардың орындалуының енді қажеті болмаса да орындалады! Бұдан сананың дұрыс емес есептеулері пайда болады, ал бұл ең ақымақ әрекеттерге, наным-сенімдерге және нәтижесінде өз істерінен зардап шегуге әкеледі. Бұл болса, өз кезегінде, сәтсіздікке және түрлі ауруларға ұшыратады.
Осы мысалдардың көмегімен сіз бір маңызды ойды түсінуіңіз керек. Түпсанаңыз не істесе де, барлығын сіздің бұйрығыңыз бойынша ғана істейді! Түпсанаңыз ешқашан сізді басқарып отырмайды. Егер өзіңіз рұқсат етпесеңіз, түпсанаңызды бөтен адамдар ешқашан басқара алмайды. Бірақ неге кейде түпсанамыз бізді тыңдамайтындай жағдай болады? Емтиханға үш күн қалғанда, түпсананың оған дайындалғысы келмеген кездері есіңізде ме? Жұмысыңызға қатысты көп іс атқару керек болғанда, саналы түрде диванда демалуды таңдаған кезіңіз есіңізде ме? Аудитория алдына шығып, сенімді сөйлеу керек болғанда, түпсанаңыздың неге екені белгісіз, қорқыныш пен ұялуды қосып, бұның салдарынан қызарып, қолдарыңыз дірілдеп кеткен сәттер есіңізде ме? Егер түпсанамыз біз берген бұйрықтарды қатаң түрде орындайтын болса, онда неге ол кейде бізді тыңдауды қояды? Бұл оның зорығып кеткенін білдіре ме? Әлде шамадан тыс жүктелгені ме? Сонда түпсана жұмысы мінсіз болмағаны ма?
Бұның жауабы қарапайым. Егер түпсанаңыз кейде сізге бағынбай, бұйрықтарыңызды орындамаса, онда сіз оған мұның алдында, қазіргі командаңызға қайшы келетін басқа команда бергенсіз. Бар болғаны осы. Егер сол ескі команданы тауып, одан бас тартсаңыз, онда сіздің түпсанаңыз толық қуатпен қосылады да, қазіргі тапсырмаңызды өте жеңіл әрі тез орындайсыз. Мысалы, бір әйел 15 жасында көлік апатына ұшырап, енді ешқашан көлікпен алыс жерлерге бармаймын, оның орнына пойызбен жүремін деп шешкен делік. Сосын ол бұл ойды ұмытады, 10 жыл өткен соң күйеуі оған басқа қалада тұратын ата-анасына көлікпен баруды ұсынады. Әйелдің алдында бұйырылған «Басқа қалаларға көлікпен баруды таңдама» деген командасы болғандықтан, ол бір түсініксіз қорқыныш пен жайсыздықты сезінеді. Егер бұл қорқынышы күшті болса, онда әйел күйеуін ата-анасына пойызбен баруға көндіруі мүмкін.
Бұл мысалда түпсанадағы ескі ой жеңді. Бірақ кейде жаңа ой жеңеді. Мысалы, сіз әрқашан дәрігер болғыңыз келген делік. Сіз мектепте биология мен анатомияны оқығанды ұнататынсыз. Бір күні дәрігерлердің сәтсіз аяқталған, ауыр ота жасағандарын көрдіңіз, кейін сіз дәлізде қайтыс болған науқастың туыстарының зар еңіреп жылағандарын естідіңіз. Сол кезде сіз дәрігер болу өте ауыр іс деп шештіңіз, сөйтіп өлім мен қан жиі кездеспейтін басқа мамандықты таңдадыңыз. Демек бұл жағдайда кейін пайда болған ой жеңді, бірақ бұған дейін сіз үнемі дәрігер болуды армандаған болатынсыз. Неге осылай болды?
Байқаған боларсыз, бұл екі мысалда да болуы мүмкін қауіп пен жанға батар ауру туралы ой жеңді! Бұл түпсана қасиеттерінің бірі. Біздің түпсанамыз ең қауіпсіз жолды таңдайды. Егер кедей адамға еркін және жайлы өмір сүре алатынын, бірақ бұл үшін кәсіпкерлікпен айналысуы қажет екенін айтса, ол, ең алдымен, кедейшілікке апаратын болса да, неғұрлым тәуекелге апармайтын жолды таңдайды, өйткені жайлы аймақтан тыс жерде түпсана кілең қауіптерді көреді. Демек, түпсана қауіпі бар, бірақ жарқын жолдан гөрі, қауіпсіз, бірақ қараңғы жолды қалайды.
Көріп отырғаныңыздай, түпсана өте көп мөлшерде ойларды сақтайды және оларды маңыздылық дәрежесі, қауіпсіздігі және басқа да критерийлер бойынша сұрыптайды. Одан әрі қарай жүрейік.
Түпсанамызды үлкен корпорация ретінде елестетіп көрейік. Сіздің санаңыз — сіз өзіңіз делік және корпорацияның иесі, басты акционері сіз боласыз. Жүздеген, мыңдаған, тіпті мүмкін миллиондаған сізге бағынышты қызметкерлер — бұл түпсанаңыздағы ойларыңыз, олар әр секунд сайын өзіңіз бір кездері сеніп тапсырған көп істерді атқарады. Егер бұл корпорацияны басқарғыңыз келсе, онда сіз осы қызметкерлермен жұмыс жасай білуіңіз керек. Яғни, егер өз ақыл-санаңыздың қожайыны болғыңыз келсе, түпсанаңыздағы ойларыңызбен жұмыс істеуді үйренуіңіз керек. Әрине, егер акционердің басқару қабілеті болмаса, ол әр процеске өзі араласып кетеді, яғни, бухгалтер орнына өзі бухгалтерия жұмыстарын жүргізуге тырысады, сату бөлімінің орнына саудамен және күзетшілердің орнына күзетпен айналысады. Дәл осылай, егер өз түпсанаңызды басқаруды білмесеңіз, үнемі өзіңізді санаңыздағы тұжырым-ұстанымдармен жұмыс жасауға мәжбүрлеп отыратын боласыз.
Қарапайым мысал келтірейін. Сіздің түпсанаңызда: «Алдын ала есеп тапсырудың пайдасы жоқ, бәрібір оларды ешкім бағаламайды», — деген бұрын орнатылған тұжырым бар. Бір күні сіз есеп жүргізуді қалайсыз, бірақ сіздің денеңіз диваннан тұрғысы келмейді. Негізінде, осы кезде, сіз бір кездері жұмысқа «жалдаған» белгілі бір «бағынышты қызметкер» сіздің түпсанаңызда «Қажетсіз күш салма, өйткені оны ешкім бағаламайды» деген бұйрықты орындап тұр. Бірақ бұл әріптесті елемей, денеңізді диваннан тұруға мәжбүрлейсіз. Әрине, сөйтіп ісіңізді атқарасыз. Бірақ осы кезде түпсанаңыз абдырап қалады. Өйткені түпсанаңыздағы «бағынышты қызметкер» жұмыстан шығарылмаған ғой! Сондықтан ол өзіне бұйырылған команданы орындауын жалғастыра береді. Сіз өзіңізге айқайлайсыз, өзіңізді ынталандырасыз, ұрысасыз және қайта көтерілесіз. Осылайша сіз бір күні шаршамайынша, өзіңізді көп рет «мәжбүрлеп отырасыз». Егер акционермен ұқсастыққа қайта оралсақ, акционердің маңызды істері өте көп екені анық. Ол бухгалтерия бөлімі бола тұра, бухгалтерлік есепті үнемі өзі жүргізіп кетпейді ғой, я болмаса бірнеше заңгерлері бола тұра, келісімшарттар жасаумен үнемі айналыспайды ғой. Сізде де тура солай. Бір күні сіз диваннан тұру үшін тым көп күш жұмсайтыныңызды түсінесіз. Басқа жағынан, «жалдаған жұмысшыңыз» сізге «Неге орныңнан тұрасың? Бізді бәрібір ешкім бағаламайды!» деп сан рет қайталап тұрды. Егер ішкі дауысыңызды ести алатын өте сезімтал адам болсаңыз, түпсанаңыздың сізді әрекетсіз күйде ұстауы бекер емес екенін түсінесіз. Демек, беріліп тұрған команданы «ести аласыз». Осы кезде дәл сол қызметкерді «жалдаған» кезіңізді есіңізге түсірсеңіз, оған бұл функцияның енді қажет емес екенін түсіндіріңіз, сонда түпсанаңыз денеңізді селқостықта ұстауды тоқтатады. Осылайша күш пен энергияның артқанын тезірек сезінесіз.
Ендеше, ұқсастығы бар мысалға қайта оралайық. Сіздің ақыл-санаңыз — үлкен корпорация. Сіз, сіздің санаңыз, осы корпорацияның акционерісіз. Ал түпсанасыз — сіздің қарамағыңыздағы қызметкерлер, сіз оларды корпорацияңыздың белгілі бір тапсырмаларын орындау үшін жұмысқа жалдап отырсыз.
Енді осы корпорациядағы күнделікті жұмысты елестетіп көріңізші. Күн сайын, минут сайын корпорация жүздеген және мыңдаған хаттарды, хабарламаларды және т.б. қабылдайды. Яғни, сіздің түпсанаңыз әр минут сайын дауыс, дыбыс, сурет, иіс, мәтін және т.б. түріндегі жүздеген, мыңдаған деректерді талдайды, бұдан басқа сіздің денеңізді, жүйке жүйесін, ас қорытуды, бұлшықет жүйесін, гормондарды, қан айналымын және т.б. басқарады. Осы ақпараттардың барлығын бір ғана акционердің өңдеп отыруы мүмкін емес. Яғни, күнделікті істерді атқарып, белсенді түрде жұмыс жасай отыра, тәулік бойы Осында және Қазір болу сана деңгейінде мүмкін емес. Біз істей алатын нәрсе — түпсанамыздың жұмысын бақылау. Саналы түрде жүрегімізді соққызуға, көзді ашып-жұмғызуға, өкпемізді тыныс алғызуға, сонымен қатар айналамызда болып жатқан оқиғаларды белсенді түрде талдау әрі уақытында жауап беруге — бұның барлығына санамыздың энергиясы жеткіліксіз болар еді. Бұларды бізге түпсана атқарып беруде. Сондықтан сіздің міндетіңіз — түпсананы ретке келтіріп отыруды үйрену және ондағы ақаулар мен қарама-қайшылықтарды болдырмау.
Ендеше, әрі қарай жүрейік. Біз бір маңызды мәселені түсініп алдық. Сана түпсананы жеңе алады, бірақ уақытша ғана. Корпорацияның әлдеқайда тиімді жұмыс істеуі үшін сізге түпсанаға терең үңілу керек, жауапты «қызметкерді» тауып, оған жаңа команда беруіңіз немесе оны ескі функцияны орындаудан босатуыңыз керек.
Біз тек бір акционер мен бір қызметкер арасындағы қақтығысты қарастырдық. Бірақ, негізі, іс-жүзінде екі қызметкер арасында жанжал болады. Ал кейде бірнеше, тіпті жүздегендерінің арасында. Міне осы кезде, нағыз көтеріліс басталады. Сіз енді сыртқы жаулармен күреспейсіз. Өзіңізді іштей жеп, өз-өзіңізбен күресесіз. Кейін ауырып қалып, онкологияға, инфарктке, депрессияға немесе суицидке дейін барасыз.
Бұл «көтерілістің» мәнін түсіну үшін бізге моделімізді біршама күрделендіру керек. Олай болса кеттік.
1.7 тарау. Түпсанадағы даму және қауіпсіздік қызметтері
Егер біз өз ақыл-санамызды ірі корпорация ретінде қарастырған болсақ, компания ішіндегі әрбір функция жайлы әзірге ойламай, алдымен барлық қызметкерлердің күрделі жұмысы қалай ұйымдастырылғаны туралы түсінік алайық. Біз үшін корпоративтік ішкі қақтығыстардың мәнін анықтау маңыздырақ, өйткені біз адамның неліктен кейде іштей өз-өзімен күресетінін түсінгіміз келеді.
Егер сіз бұрын жалдамалы жұмыс істеген болсаңыз не жеке бизнесіңіз болған болса, барлық жанжалдардың негізгі себебін байқаған боларсыз. Олар әдетте мүдделердің сәйкес келмеуінен пайда болады. Ал ең көп тараған келіспеушілік бухгалтерия мен сату бөлімі арасында жиі кездеседі. Немесе заңгерлер мен клиент менеджерлері арасында. Я болмаса, егер бұл банк болса, тәуекел- менеджерлері мен несие менеджерлері арасында жанжал болып тұрады. Бұл шайқаста, байқасаңыз, есепшілер, заңгерлер, тәуекел менеджерлері, әкімшілер және т.б. жиі әділетсіз жеңіп жатады. Неліктен бұлай болады? Сату бөлімі компания үшін және барлық қызметкерлер үшін игілікті қалап, көбірек сатқысы келед емес пе? Онда неге бастық кейде сату менеджерлерінен гөрі бухгалтерді көбірек тыңдайды?
Бұл қызметкерлер арасындағы негізгі келіспеушіліктер бір топтың — алға дамуды, екіншісінің — қауіпсіздікті ойлайтынында болып отыр. Ал бұл ішкі күресте әдетте қауіпсіздікті ойлайтын топ жеңеді. Мысалы, сіз ірі, салиқалы компанияда даму жөніндегі директор ретінде жұмыс істейсіз. Бірақ егер кіруге рұқсат қағазыңызды ұмытып кетсеңіз, қауіпсіздік қызметіндегі сынақ мерзімін өтушінің өзі сізді ғимаратқа кіргізбейді. Сіз бұл компанияда осы сынақ мерзімін өтушіге қарағанда маңыздырақ адам болып көрінетін сияқтысыз, бірақ дәл осы кезде сіздің оған емес, оның сізге билігі көбірек болып тұр. Қалайша?
Тағы бір мысалды алайық, сіз клиенттермен жұмыс жасау менеджері ретінде бірнеше миллионға келісім-шартқа отырғыңыз келді делік, бірақ құжат грамматикалық қатеге не «Кеңсеге жеткізілетін 10 литр ауыз судың құнын өтеу» деген сияқты маңызды емес пункттің жазылу жолына мін таққан «қырсық» заңгер қолында ұзақ уақыт тұрып қалады. Осы әрекеті үшін оны неге жұмыстан шығармайды? Неге ол осыншалықты билікке ие, оның үстіне, бастықтың компаниясының игілігін ойласаңыз да, неге ол сізден гөрі сол заңгерді жиі тыңдайды? Сіз компанияның ілгері дамуын қалайсыз, бірақ бастығыңызбен бірге әлгі заңгер, компанияны алға дамытқысы келмейтіндей көрінеді. Сонда мұнда проблема неде? Сіз нақты клиенттерді, нақты дамуды, нақты ақшаны көріп тұрсыз, бірақ неге сізді адамдардан оқшауланған, бизнес туралы хабары жоқ және компанияда болып жатқан нәрселердің мәнін түсінбейтін бір қырсық қызметкер басқаруда?
Мен бұл мысалдарды түпсана механизмі қалай жұмыс істейтіні туралы ойлануыңыз үшін келтіріп отырмын. Түпсанамыздағы барлық ақаулар компанияда болып жатқан ақауларға айны қатесіз ұқсайтынына сенімді болыңыз. Енді мұны нақты мысалдармен көрсетейін. Бірде сіз қала орталығында өте әдемі үйлену тойын көріп, бір күні сізде де осындай той болады деп өзіңізге уәде бердіңіз. Кейінірек, сіз алғашында күйеуіне риза болған, бірақ үйлену тойынан кейін әпкеңіздің, үйдегі толассыз зорлық-зомбылықтың салдарынан, кенет бақытсыз болып кеткенін көрдіңіз. Осыдан кейін сіз ер адамдарға сенбеу туралы шешім қабылдадыңыз. Енді сізде екі қарама-қарсы пікір бар. Бірі — үйлену тойы деген жақсы. Екіншісі, үйлену тойы — жаман. Ал егер болашақта сіз армандаған жігітті кездестіріп, ол сізге тұрмысқа шығуға ұсыныс айтса, ұсынысты қабылдауға толық ынтаңыз болмайды. Осы кезде сізде ішкі қайшылықтар басталады. «Қызметкерлеріңіздің» бірі: «Үйленбе, ол кейін жауыз болады» дейді. Ал тағы бір «қызметкер» сізге: «Мен осыдан екі жыл бұрын қала орталығында көрген керемет үйлену тойын қалаймын» дейді. Егер өз ойларыңызды сұрыптауды әдетке айналдырмаған болсаңыз, онда сіз таңдаған жігіттің кейін жауызға айналатынына сендіріп тұратын «жаман қызметкердің» шешімін таңдайсыз. Бастықтың қабілетті сатушыдан гөрі, қырсық заңгерді қолдағаны туралы жоғарыда келтірілген мысалдағыдай, сіз де жарқын ойды елемей, өзіңіз аңдамай жағымсыз ойды қолдайсыз.
Ендеше осы зиянды және жарқын ойлардың табиғатын жақсырақ түсінейік. Пайда болу себебін қарастырсақ, біріншісі соншалықты зиянды емес екенін түсінеміз. Олар қауіпсіздікті шынымен қалаған кезде пайда болады. Мысалдағы: «Үйленбе, әйтпесе күйеуің ұрып-соғады» деген ой, яғни команда, бізді болуы мүмкін қауіптен сақтайды. Бұл ой — сіздің қызметкеріңіз, тірі микроорганизм, ол сіздің кейінірек тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, қиналғаныңызды қаламайды. Демек, сіздің түпсанаңыз сізді құрту мақсатын көздемейді. Бұл ой жәй ғана өз функциясын жанкүйер сияқты асыра орындайды және сізді болуы мүмкін қауіпке сендіре отырып, жағдайды айтарлықтай драмаға айналдырады.
Ал жарқын ойлар, керісінше, дамуға, ләззат алуға, бақытқа және жағымды сезімдерге қол жеткізуге бағытталған. Яғни, олардың да еш зияны жоқ. Жарқын ойларда қауіп немесе қауіпсіздік ұғымы ғана жоқ. Тек жеңілдікті, еркіндікті және позитивті бейнелерді қамтиды.
Пейнхантингте бұл жарқын ойлар тобын — дамыту қызметі, ал зиянды ойлар тобын - қауіпсіздік қызметі деп атаймыз. ДҚ және ҚҚ деп қысқартсақ болады.
Қауіпсіздік қызметі, дамыту қызметінен айтарлықтай ерекшеленеді. Оған тән ерекшеліктерді қарастырайық. Алдымен тағы да абстракцияланайық.
Компанияда есепшілер, заңгерлер мен күзетшілердің принципті өте қатты ұстанатындарын байқағансыз ба? Оларға әдетте икемділік жетіспейді және өте қыңыр болуы мүмкін, солай ғой? Керісінше, сату бөліміндегі жақсы менеджерлер жеңіл, икемді және тапқыр болады. Міне, тура осындай қасиеттерге қауіпсіздік қызметі мен дамыту қызметі де ие.
Егер компанияның қауіпсіздік қызметінде, дамыту қызметіне қарағанда көбірек қызметкерлер болса, онда компания әдетте дамуын тоқтатады және жұмысы тым баяу жүреді. Мысалы, ірі банктер немесе мемлекеттік органдар кейде қарапайым мәселені шеше алмай жатады, өйткені оларда қауіпсіздік ережелері аса көп және көп қызметкерлер дамуды емес, ең алдымен қауіпсіздік туралы ойлайды.
Енді түпсанаға қайта оралайық. Егер сіз бір өте сақ адамды кезіктірсеңіз, оның кейде бәріне байыппен қарайтыны соншалық, ол тіпті ақымақ істер жасай бастайтынын байқайсыз. Мысалы, егер ер адамның әйелдерден жиі көңілі қалса, оның қауіпсіздік қызметі әрбір әйелді жаман адам ретінде көреді. Егер бір жас қыздың бала кезінде көңілін қалдырған әпкелері болған болса, оның ішкі қауіпсіздік қызметі айналасында сатқындар мен сенімсіз достарды көреді.
Яғни, қауіпсіздік қызметінің маңызды қасиеттерінің бірі — ҚЫҢЫРЛЫҚ пен ПРИНЦИПКЕ БЕРІКТІГІ. Саясаткерлердің бәрі ұры немесе байлардың бәрі сараң деп отырған көлік жүргізушісін кезіктірсеңіз, бұл сөздерді оның өзі емес, қауіпсіздік қызметі айтып отыр! Сондықтан оған ренжімеңіз. Қауіпсіздік қызметі билікті өз қолына алғанда, өз компаниясының басқарма төрағасын кеңсеге кіргізбейтін қыңыр күзетшіге айналады. Сізді сырттан келген зұлым адамдардан қорғау үшін өзіңіз жалдаған күзетші, жалақыны оған беріп отырған сіз болсаңыз да, бір күні, өзіңізге қарсы шығып, қиындық туғызады! Сіздің қауіпсіздік қызметіңіз жағдайды қандай абсурдқа әкеліп соқтыратынын түсіндіңіз бе?
Дәл осындай ақаулық адекватты әйел өз баласынан қылмыскерді немесе қас жауды көре бастағанда пайда болады. Бұрын осы әйелдің өмірінде бір жағымсыз оқиға болған делік: мұғалімдер оған пәнді жақсы білмейтінін айтып, ол емтиханнан өте алмай қалады, сондықтан кейін оқу орнына да түсе алмайды. Бір күні оның баласы: «Анашым, сіз смартфонды қалай пайдалану керектігін білмейсіз бе?» деп сұрайды. Осы сәтте анасының түпсанасында «қауіпсіздік қызметінің қаруланған мамандары» тез қорғанысқа шығады. Яғни, ол баласын ұрып жіберуі мүмкін немесе ұрысып, баласы оған бұған қатысты ештеңе демесе де, өзінен-өзі топас емес екенін дәлелдеуге тырысуы мүмкін. Осылай қауіпсіздік қызметі жағдайды ушықтырады.
Жалпылау, баламалап ұқсату да қауіпсіздік қызметінің қасиеттері болып табылады. Белгілі бір адамның кесірінен зардап шеккен қауіпсіздік қызметі, енді әрбір адамда қауіпті көре бастайды. Мысалы, егер бір жас қызды 30 жасар интелегентті, ұзын бойлы, сымбатты жігіт тастап кетсе, қауіпсіздік қызметі «интелегенттінің бәрі оңбаған», «бойшаңдардың бәрі сенімсіз», «сымбатты жігіттердің бәрі қатыгез» және «30 жастағы ер адамдардың бәрі қауіпті» деген тұжырымдарды жазып алады. Осыдан көрінетіндей, қауіпсіздік қызметі туралықтан алыс. Ол тек жалпылауды және ұқсатуды біледі. Тіпті егер бір күні қыздың 30 жастағы жігіті пайда болып, ол аласа бойлы және сымбатты болмаса да, қауіпсіздік қызметі оның бойында да қауіпті көреді, өйткені жігіт 30 жаста!
Ал даму қызметінің, қауіпсіздік қызметінен айырмашылығы, біліне бермес айырмашылықтарды, ұсақ-түйек бөлшектерді анық көреді және жалпылауды ұнатпайды. Егер сіз өте бақытты адамдарды кездестірген болсаңыз, олар: «бәрі солай дейді», «барлық еркектер оңбаған» немесе «барлық әйелдер қаншық» деген сөздерді өте сирек қолданатынын байқаған боларсыз. Олар осылай айтқан күнде де, мүмкіндігінше нақтылап, шектен шығудан аулақ болуға тырысады. Мысалы, олар: «кейбір әйелдер онша мейірімді емес» немесе «әке тәрбиесін көрмей өскен ер адамдар көбіне сенімсіз болады» дейді. Олар: «ешқашан бұлай істеме», «сен өмірі кешігіп келесің», «сеннің ақымақ екеніңді бүкіл әлем біледі» немесе «сен өмірі сәтсіздікке ұшырайсың» деген тіркестерді сирек қолданады. Ал бұл тіркестердің барлығында да баламалап ұқсату бар екені анық. Адам бір рет қателесті, ал оның байғұс досы енді оған өмірі қателесіп жүретінін айтады. Бақытсыз адам біреуден досы туралы жағымсыз сөз естіп, оған: «Сені бүкіл әлем жамандап айтып жүр» дейді. Бақытты адам мұндай жағдайларда мәліметті асыра сілтемей, өте тура жеткізеді немесе бұл туралы мүлдем айтпайды да.
Кейбір адамдар «теңестіру, сәйкестендіру» дегенді дұрыс түсінбейді. Сондықтан мен бұл ұғымды аздап түсіндіргім келеді. Теңестіру не сәйкестендіру деген — белгілерді есепке алу, мәнін анықтау немесе бір фактілер тобын басқаларымен салыстыру арқылы сәйкестікті орнату. Мысал келтірейін: бір әйел Африкада болғанда безгекпен ауырып қалады. Осы кезде түпсана мынадай теңестіруді жазып алды: «Африка = безгек», немесе «Африкаға барлық сапарлар безгекпен аяқталады». Яғни, бір ғана жағдай әсіреленіп, жалпыланып, осыдан қате теңестіру пайда болады. Безгек — мың белгілердің бірі ғана. Бірақ енді түпсана Африканы тек безгекпен ғана сәйкестендіріп тұр. Немесе безгекті тек Африкамен теңейді.
Мысалы, ата-анаңыз сіз ән айтып, би билегенде сізге ұрысатын болған болса, сіздің санаңызда «Қуаныш = азап шегу» немесе «қуаныш = жаза» деген ақымақ теңдік жазылады. Міне, қате теңеу деген осы. Ал болашақта достарыңыз сізді дискотекаға шақырғанда, би кезінде немесе оның алдында, қауіпсіздік қызметі қате теңестіргендіктен, бір түсініксіз қорқыныш пен ауырсынуды сезінесіз.
Немесе егер бала туылған күні жақын адамынан айырылған болса, түпсана «туған күн = жақын адамынан айырылу» теңдігін жазады, сондықтан ол туған күнін жек көреді, сол күнді тойламай, ешкіммен араласпай оқшауланады. Туған күнінде ол жан дүниесінде түсініксіз азапты бастан кешіреді.
Ал пейнхантингтің көмегімен біз осы қате теңеулерді іздеп тауып, оларды жоямыз. Ең бастысы, теңестіру — дамыту қызметінің емес, қауіпсіздік қызметінің жұмысы екенін түсінуіңіз керек. Басқаша айтқанда, егер адам мұндай теңестіруге жүгінсе, оның қандай да бір жанға батқан ауруы бар екені сөзсіз, өйткені қауіпсіздік қызметі тек қауіп пен ауырсынудың «иісін сезгенде» ғана іске қосылады.
«Ұрып-соққаны — жақсы көргені» деген пікірдің кең таралуының басты себебі де осында. Мұндай адамда бір кездері бұрыс теңеу болған. Бала кезінде әкесі оны не елемеген, не ұрып-соққан. Үшіншісі болмаған. Яғни, әкесі оған ешқашан жылулық танытып, көңіл бөлмеген. Сондықтан да, әкесі оны ұрғанда, бала бұны сүйіспеншіліктің көрінісі деп ойлаған. Енді балаға әкесінің оны елемегенінен гөрі, ұрғаны ұнайтындықтан, ол «ұру = сүйіспеншілік» немесе «зорлық = махаббат» деген ақымақ тұжырымды жазып алады. Ол ұрыс-керіс пен зорлық-зомбылық сүйіспеншіліктің белгісі деген пікірмен өмір сүретін болады.
Ал енді эмоциялар әлемін еске түсірейік. Алдыңғы тарауларда біз «бейтараптық» деген деңгейі бар эмоциялар шкаласын қарастырдық. Енді сіз бұл бейтараптықтан жоғары, негізінен, дамыту қызметі жұмыс істейтінін есте сақтауыңыз керек. Егер адамның эмоциясы осы деңгейден төмен болса, онда оның қауіпсіздік қызметі белсенді жұмыс істейді.
Басқаша айтқанда, барлық жағымсыз эмоциялар қауіпсіздік қызметіне тән. Позитивті және бейтарап эмоциялар дамыту қызметіне ғана тән. Енді қауіпсіздік пен дамыту қызметтері туралы осы теорияны оқығаннан кейін, кейбіреулеріңіз: «Қауіпсіздік қызметі пайдалы ғой. Ол бізді қауіп-қатерден қорғайтын болса, оған неге тиісу керек?» деп ойлаған боларсыздар.
Сондықтан, бұл жерде тағы да нақтылап айтуым керек жайт — қауіпсіздік қызметінің проблемасы, оның барлық командаларды асырып, тым турашылдықпен орындауында және кейде жақсы мен жаманды шатастыратындығында болып тұр. Қауіпсіздік қызметі тек ақ пен қараны көреді, басқа көптеген түстер мен реңктерді ажыратпайды.
Егер адамды оның қауіпсіздік қызметі тым көп басқаратын болса, ол не қылмыскерге, не суицид жасаушыға, не психикалық науқасқа айналады. Қауіпсіздік қызметінің ықпалы аз болса, адам өнерлі, көңілді де жайдарлы, бақытты, табанды да жауапты болады. Сонымен қатар ол сақ әрі қырағы болады, бірақ бұл сақтықты ақымақ қауіпсіздік қызметі емес, ақылдырақ дамыту қызметі басқарады. Сондықтан, егер ол болашақта сұр қасқырдан қорқатын болса, ол сұр пальто, сұр ит пен сұр көліктен емес, сұр қасқырдың өзінен қорқатын болады, түсінесіз бе?
Бақытқа қол жеткізгіңіз келсе, мұрныңыздың дәл алдында тұрған осы бақытты көрсеңіз болғаны. Егер сіз оны көрмесеңіз, оның жалғыз себебі — сіздің қауіпсіздік қызмет тобыңыз. Дәл осы топ сізді бақытсыз, ақымақ және соқыр етеді. Сізге қауіп төніп тұрғанын сыбырлап, бақытты болуыңызға жол бермейтін де сол.
Бақыт Тибетте емес. Бақыт басқа елде емес. Бақыт басқа адамда емес. Бақыт басқа әрекеттерде емес. Өз пәтеріңізде тұрып, дәретхана тазалап жүрсеңіз де шынайы бақытты бола аласыз, тек ол үшін түпсансңызда қауіпсіздік қызметін тоқтату керек. Егер қауіпсіздік қызметі бар қуатымен жұмыс істеп тұрса, сіз ең керемет адаммен бірге болсаңыз да, әлемдегі ең жақсы қонақ үйде тұрып, ең жақсы мейрамханада тамақтансаңыз да, бақытсыз боласыз.
Сонда осы зиянды қауіпсіздік қызметімен не істеу керек? Оның зиянды әсерін қалай жоюға болады?
Жауабы қарапайым — онымен жұмыс жасай білу керек. Келіссөздер жүргізіп, қарым-қатынас жасай отыра, оны ақылдырақ етіп, осылайша бірте-бірте одан билікті алып, оны дамыту қызметіне тапсыру керек. Біз дәл осы істермен айналысатын боламыз. Осы әдісті қолдана отырып біз сізді бақыттырақ, күштірек және дана етеміз.
Енді үшінші векторға көшейік. Бұл — біздің есте қалған бейнелеріміз.
1.8 тарау. «Е» ВЕКТОРЫ — Жадымызды жаман бейнелерден қалай тазартуға болады?
Біз пейнхантингтің екі векторын қарастырдық. Бұл эмоциялар мен ойлар. Сіз олардың бір-бірімен байланысты екенін анық түсіндіңіз. Сондай-ақ эмоцияларымыз шкала бойынша жоғары деңгейде болған кезде, ойларымыз дана әрі адекватты болатынын түсіндіңіз. Керісінше, эмоцияларымыз шкаланың төменгі жағында болғанда, ойларымыз ақымақ та қисынсыз болады.
Ал жадымызда ше, шкала бойынша көтерілгенде не төмендегенде, не болады?
Балалық шағы бақытты өтсе де, кейбір адамдардың 40 жасына таман, өмірінде болған бар қуанышын ұмытып, тек жаман бейнелерді ғана есте сақтайтыны туралы айтқан едік. Алайда бұл адамдардың өзімен бір ортада, бір уақытта өмір сүрсе де, тек жақсы бейнелерді ғана есінде сақтайтын жақын туыстары не достары да бар ғой.
Яғни, олар бірдей нәрсені көреді, бірдей эмоциялар мен сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ біреуі тек жаманды, ал екіншісі тек жақсыны ғана есте сақтайды. Бұл не нәрсеге байланысты?
Мұнда бір қарапайым механизм бар. Біз эмоциялар шкаласы бойынша неғұрлым жоғары тұрсақ, бейнелеріміз соғұрлым жарқын болады. Әдетте, апатиядағы адам дүниені мұңды және бос, мәнсіз етіп көреді. Ал шкала бойынша жоғарыда тұрған кезде, ол әлемді өте жарық та жарқын етіп елестетеді.
Сондықтан да, егер өмірім тозаққа айналған, есімде бірде-бір жарқын естелік жоқ деген адамды кезіктірсеңіз, оның сөзіне сенбеңіз және айтқандарын тікелей мағынада қабылдамаңыз. Егер ол тозақта өмір сүріп жатырмын деп ойласа, онда ол қазіргі уақытта шкала бойынша өте төменде тұр, бары осы. Егер оның бейнелерін пейнхантингтің көмегімен түрлендірсеңіз, ол бақытқа, еркіндік мен қуанышқа толы мүлде басқа әлемді көре бастайды.
Эксперимент жасап көріңіз. Көзіңізді жұмып, өміріңіздегі ең жағымсыз сәттерді есіңізге түсіріңіз. Содан кейін көзіңізді ашып, айналаңызға қараңыз. Не сезінгеніңізді есте сақтаңыз. Содан кейін қайтадан көзіңізді жұмып, бақытты болған кездерді, айталық алғаш ғашық болғаныңызды, өте құнды нәрсені сатып алғаныңызды, өзгелердің сізге қарап таңданған кездерін және т.б. кездерді еске түсіріңіз. Бұл жаттығуды көзіңізді жұмып, өміріңізде болған барлық жарқын кездерді еске түсіріп, бес-жеті минут бойы орындаңыз, содан соң көзіңізді қайта ашыңыз. Сонда сіз бөлмеңіздің жарқырай түскенін байқайсыз. Осы орайда бір қызық жайтқа назар аударыңызшы: бөлме сол, ешкім тағы бір шамды жаққан жоқ немесе тұсқағазды ашығырақ түсіне ауыстырған жоқ. Бірақ сізге бөлме жанданған сияқты, бұның мәнін түсінесіз бе? Сонда, мұнда шындығында не болды?
Сіз жәй ғана қазіргі уақытқа қайта оралдыңыз. Жамандықты еске түсіргенде, біз қауіпсіздік қызметінің жұмысын белсенді етеміз. Қауіпсіздік қызметі болса, әлемді тек ақ пен қара түсте көреді. Ал жақсыны еске түсіргенде, біз бұл қызметті өшіреміз, сонда жадымыздағы жаман естеліктер мен ойлар түріндегі қауіпсіздік қызметінің «бағдарламалары жабылады» да, әлемді толық қабылдауға жол ашылады. Бұндай күй «Осында және Қазір» деп аталады. Өмірден барынша рақат алғанда шкала бойынша жоғары көтерілесіз де, дүниені жарқын түстерде көресіз. Негізі, айнала енді ғана жарқырай түскен жоқ, СІЗ оны солай, шын мәнінде бар күйінде көрдіңіз.
Ал енді осы бейнелердің бір таңғажайып табиғатын айтайын. Егер сіз бұрынғы бір жағымсыз естелікті көп рет қайта қарастыратын болсаңыз, бұл бейне жарқын бола түседі! Бұл жайт қарапайым, сөйте тұра таңқаларлық. Бірақ ең таңғаларлық парадокс — осы білімді ешкім қолданбайды.
Өміріңізде болған қиын кездерді еске түсіріңіз. Біреудің сізге «бұл туралы тағы айтып берші» деген команданы бірнеше рет айтып тұруын сұраңыз және оған дәл осы оқиғаны бірнеше рет көзіңізді жұмып айтып беруге тырысыңыз. Бұл оқиғаны бірінші рет еске түсіру сізге қиын болатынын байқайсыз, бірақ екінші, үшінші рет еске түсіру жеңілдей түседі. Кейін, бесінші, оныншы немесе жиырмасыншы рет бұл бейненің жарқын бола түсетіні сонша, жағымсыз ештеңе де қалмайды және сіз бұл оқиғаны жантыныштығымен, тіпті мүмкін, жағымды эмоциялармен еске алатын боласыз.
Рухани тәжірибемен айналысқан не медитацияны терең зерттеген адамдар мынадай қызықты құбылысты біледі:
«Естілік жамандықты жақсы, ал жақсыны одан да, өте жақсы етеді»
Немесе, басқаша айтайын. Егер сіз өміріңізде бақыттырақ бола түссеңіз, сіз тіпті жаман нәрселерді жақсы деп қабылдайтын боласыз, ал жақсы нәрселерден одан да керемет нәрсені көре бастайсыз.
Мен мұны неге айтып отырмын? Мұнымен мен сізге адамның психологиялық күйін жақсартудың экологиялық таза әдісі бар екенін айтқым келеді, оның мәні — бір жағымсыз оқиғаны бірнеше рет қарастыруда не қайталап айтып беруде. Сонда бұл оқиғаның ішінде жаманның бәрі жақсыға айналады, ал жақсысы, одан да керемет болмақ. Ақыр соңында сіздің жадыңыздағы естеліктер жарқырай түседі!
Түсінген боларсыз, ескі бейнелерді өзгерте отырып, қалған векторларды да өзгертесіз! Эмоциялар шкаласымен жоғарылағанда, сіздің жағымсыз ойларыңыз, позитивті ойларға айнала бастайды.
Бірақ, өкінішке орай, әрқашан бәрі біркелкі бола бермейді. Жаман бейне ешбір жолмен жақсармайтын кездер де болады, сіз оны көп рет қарастырсаңыз да, оның ішінде қандай да бір жаман кейіпкер, сол күйі жаман болып қала береді. Сондай-ақ, эмоциялар шкаласында да, бір деңгейде тұрып қаласыз және жағымсыз ойларыңыз жақсы жаққа өзгермейді. Неліктен бұлай болады?
Бұл жағдайда түпсана басқа бір нәрсені, бұның алдында болған оқиғаларда жасырын жатқан түп тамырды көреді. Мысалы, бір қыз жігітімен айырылысып кетті делік. Сіз одан бұның қалай болғанын сипаттап беруін сұрайсыз. Ол жігіттің «бізге айырылысу керек» деп хабарлама жазғанын, басынан өткерген барлық сезімдерін, іс-әрекетін, ойларын айтады. Алғашында ол жылап жібереді. Ол шкала бойынша сәл көтеріледі де, кенет ашу деңгейінде тұрып қалады. Бейне де өзгермейді. Оған бұл айырылысу жаһандық апат тәрізді және жан азабы басылмайтындай көрінеді. Сіз одан оқиғаны тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, бірақ ол, сол бір нәрсені айтады. Осы кезде сіз оған осының алдында болған, осыған ұқсас оқиғаны есіне түсіруге көмектесуіңіз керек! Сонда осы жолы, сіз нысанаға дәл тиесіз.
Бұл жас қыздың шкаламен жоғары көтерілмеуінің себебі, ол түпсанасында айырылысқандықтан емес, осы айырылысу бұрынғы жағымсыз естелікті қозғап жібергендіктен азап шегуде! Мүмкін ол, бұрын басқа бір жігітінен айырылған болар не болмаса, әкесі не атасы қайтыс болған шығар. Енді оның қауіпсіздік қызметі ескі жан жарасын күшейтіп тұр!
Мен қауіпсіздік қызметі алманы апельсинге шатастыруы мүмкін екенін алдында түсіндірген болатынмын. Бұл жағдайда, қауіпсіздік қызметі, қазіргі оқиғаның қыздың әкесі қайтыс болып, бұл қыз үшін үлкен апатқа айналған бұрынғы оқиғамен ұқсастығын көріп тұр. Осы кезде қауіпсіздік қызметі «Адамнан айырылдық — бұл үлкен апат» деп қатты айғайлайтын «қызметкерді» дереу іске қосты. Бiрақ ол бiрiншi оқиғада туған әкесi екенін, ал екiншiсiнде үш рет қана кездескен, көшедегі бөтен жiгiт екенiн түсiнбейдi.
Енді не істеу керек? Сіз бұрынғы оқиғаға оралып, қыздан оқиғаны бірнеше рет қайталап айтуын сұрауыңыз керек. Содан кейін ол жылай бастайды, қайғырады және әкесінен айырылу оған қаншалықты ауыр тигенін, әкесі ол үшін қаншалықты бағалы жан болғанын айтады, осы кезде кенеттен оның қауіпсіздік қызметі өше бастайды да, жағымды эмоциялары пайда болады. Ал енді сіз одан жігітімен айырылысу оқиғасын тағы да қайталап айтуын сұрайсыз, сонда ол бұны, енді басқа сезімдермен есіне түсіре бастайды. Ол осы оқиға үшін қайғырғанына күледі де, қайтадан өмірдің мәнін көре бастайды. Ол кенеттен бөлменің жарқырай түскенін, терезенің арғы жағындағы шөптің жасылданып, аспанның көгілдір бола түскенін байқауы мүмкін.
Демек, сіз қазір ғана жан азабын өшіріп тастайтын құралдардың біріне ие болдыңыз, оны біз Риплей (ағылш. replay — қайталау) әдісі деп атаймыз.
Бұл әдісті қолдана отырып, сіз жақын адамдарыңыздың эмоционалдық проблемаларын оңай шеше аласыз. Мысалы, егер балаңыз достарының оны қалай ұрғаны туралы айта бастаса, барып сол балаларды ұруға асықпаңыз. Жоғарыда айтқанымдай, қауіпсіздік қызметі қосулы тұрған адамға ешқашан сенбеңіз. Сірә, достары оны ұрып-соқпаған да болар, бұл жерде жәй ғана баланың қауіпсіздік қызметі ұрды деген ойды санасында айналдырып тұр. Сондықтан оқиғаны қайта айтып беруін жұмсақтықпен сұраңыз, бұдан ұсақ-түйек мәліметті біле аласыз. Сонда кенеттен баланың ақылы кіріп, енді достарына еш кек сақтамайтынын айтады да, сол достарымен ойнауға жүгіре жөнеледі.
Әрине, мұны даналықпен істеу үшін, сіз өзіңіз де өте жақсы күйде болуыңыз керек және сіздегі қауіпсіздік қызметінде жағымсыз бейнелер болмауы керек. Бірақ, бұл жағдайда оқырмандардың кем дегенде 90% -ы баланы аяй бастайтынына не оның өзін кіналайтынына немесе баланы жазалайтынына, тіпті оны ренжіткен балаларды ұрғысы келетініне сенімдімін. Дәл осы жерде «адекватты емес» вирусы пайда болады, ол балаңыздан достарына, достарынан басқа адамдарға және т.б. беріледі.
Алдымызда бала тәрбиесі және жанжалдарды шешу туралы бөлек тарау болады.
Ал әзірше, түпсанамыздың негізгі механизмдерін түсінуіміз керек.
Біз «Есте сақтау» векторын талдадық, енді маңыздылығы жағынан кем тұрмайтын соңғысына, «Дене» векторына көшейік.
November 27
1.9 тарау. «Д» ВЕКТОРЫ — пейнхантинг нәтижесінде дене қалай өзгереді?
Бізбен жақсы не жаман нәрсе болғанда, денемізде қандай өзгерістер болатынын қарастырайық.
Адам өміріндегі барлық жанға батар проблемалардың оның сыртқы көрінісіне, келбетіне із қалдыратынын байқаған боларсыз. Мысалы, егер сіз бүкірейген адамды кезіктірсеңіз, онымен сөйлескеннен кейін оның өмірінде көп қысым мен ауыртпалық болғанын, өзін қарыздар сезінетінін және арқа сүйер ешкімі жоқтығын анықтай аласыз. Егер сіз үнемі гайморитпен ауыратын адамды кездестірсеңіз, онымен сөйлескеннен кейін сіз оны бұрын біреу тастап кеткенін, қорғансыз қалғанын, көз жасын тыйып, шағымдарын айта алмай өмір сүргенін байқайсыз. Ал егер сіз қабағын түйіп алған адамды көрсеңіз, оның өмірбаянынан қатал ата-ананы және қолдау мен сүйіспеншіліктің болмағанын біле аласыз.
Қысқасы, біздің денеміз бен бет-әлпетіміз ішкі күйіміздің қандай екенін толығымен көрсетеді. Тәжірибелі пейнхантер уақыт өте келе, адамның жан дүниесін екі секунд ішінде сканерлеу қабілетіне ие болады. Негізі адамның эмоционалдық күйі, өмірінің қаншалықты ауыр өткені және түпсанасындағы негізі ақаулары туралы қорытынды жасай алу үшін, адамның көздеріне, бет бұлшықеттеріне, дене қалпына қарау жеткілікті.
Денедегі өзгерісті пейнхантинг сеансы болып жатқан кезде-ақ байқауға болады. Егер адам бастапқыда ашу эмоциясында болса, сіз оның қабағы түксигенін, көздері қызарғанын, денесі тырысып тұрғанын, қимылдары өткір, дауысының қатты әрі агрессивті екенін байқайсыз. Осы кезде сіз оны эмоциялар шкаласы бойынша көтересіз. Сонда оның жағымсыз ойлары позитивті ойларға, ал бейнелері қараңғыдан жарыққа өзгереді. Бұл оның түрінен де байқалатын болады. Беті ажарланып, көзінің қызарғаны басылады, денесі босаңсып, ал дауысы болса, жұмсақ та сабырлы болады.
Егер сіз пейнхантинг әдістемесімен жұмыс істей бастасаңыз, тағы да қызықты нәрселерді байқайсыз. Мысалы, сіз жан азабымен байланысты бір оқиғамен жұмыс істеп жатқанда, адам кекіруі мүмкін. Немесе жиірек кездесетін жағдай — ол кенеттен есіней бастайды және бұл 10—15 минутқа, кейде одан да көп уақытқа созылуы мүмкін. Кейбіреулер кеудедегі ауырлықты сезіне бастайды, кейінірек бұл сезім жоғары көтеріледі де, адам тамағында тас тұрғандай сезінеді. Басқа біреуде, керісінше, бәрі бас ауруымен басталады, содан кейін бұл ауырсыну төмендейді де, адам аурудың аяғы арқылы кетіп қалғанын сезінеді. Тағы басқаларында кенеттен жиі зәр шығаруы басталады. Енді біреулері болса, сеанста тереңінен жұмыс жасалғаннан кейін, бірнеше күн бойы диареядан қиналады. Әрине, қайғы мен жоғалтқан сәттерді қозғаған болсаңыз, көпшілігі жылайды.
Бұл физикалық реакцияларда қызықты болып тұрған не жайт? Жәй ғана анаңыздың сізге қалай ұрысқанын еске түсіріп отырған сияқтысыз, бірақ дәл осы сәтте, сіздің денеңіз осы жайтқа қатысты, кекіруден бас ауруына дейін, әртүрлі жауап қайтара отырып жұмыс істей бастайды. Сонда бұлай болуы не нәрсеге байланысты? Санамыздағы анамызбен болған оқиға туралы бейнелеріміз жарты сағат бойы кекірік шақыратындай асқазанымызға қалай әсер етеді?
Бұл процесті медициналық тұрғыдан түсіндіре алмаймын. Әлі күнге дейін пейнхантинг сеансы кезінде адамның неліктен кекіретінін түсінбеймін. Адамның неліктен есінейтінін де нақты айта алмаймын. Бірақ мен мына бір жайтты сенімді түрде айта аламын: біздің денеміз ақпаратты жасуша деңгейінде сақтайды. Сіз санадағы ойды өзгерткенде, жадыңыздағы бейнелер де өзгереді, кейін эмоциялар өзгеріп, ал эмоциялар болса гормональды жүйеге әсер етеді, гормональды жүйе әрі қарай жүйке, бұлшықет, жүрек-тамыр және дененің басқа жүйелеріне де әсер етеді. Сондықтан санаңыз жағымсыз бейнелерден арылғанда, денеңіз де физикалық деңгейде жағымсыздан арылады. Демек синхронизация болады: жаңа ойлар — жаңа эмоциялар — өмірге жаңаша көзқарас — жаңа дене. Сірә, біз жан азабынан арылғанда регенерацияның қандай да бір түрі пайда болады да зат алмасу тез жүре бастайды, бұдан өкпеміз есінеу арқылы ауамен байытылып жаңарады, ал асқазанда болса, ас қорыту процесі жылдам жүре бастайды, бұдан адам кекіреді.
Осындай өзара байланысты ескере отыра, кейінірек сіз пейнхантингтің көмегімен барлық тәндік аурулардың ішінде емделуі ең оңайы — эндокриндік аурулар екенін байқайтын боласыз. Гормоналды бұзылулар — эмоционалды дисбаланстың тікелей белгісі болып табылады. Адамның өмірінде бірдеңе дұрыс болмаса, гормондар деңгейі де бұзылады. Сондықтан пейнхантингті қолдана отырып, сіз ең алдымен эндокриндік жүйені ретке келтіре аласыз.
Сол сияқты, теріңіздің күйі де айтарлықтай жақсарады. 10-20-дан астам тиімді сеанстардан өткен адамдардың барлығы дерлік, өз жасынан бірнеше жылға жас көріне бастаған. Бұдан басқа, дене қалпы түзеледі, адам жігерлі, көңілді болады.
Мұндағы ең қызық жайт, пейнхантингтің мақсаты, адамды жасарту мен тән саулығын жақсарту емес. Пейнхантинг сіздің жан жараларыңызды жоюға және гармония мен бақытты қалпына келтіруге бағытталған. Осы орайда тән саулығының жақсаруы түріндегі пейнхантингтің жанама әсері, денсаулықты түзетуге бағытталған басқа терапияларға қарағанда, әлдеқайда асып түсуі мүмкін.
Мұның себебі, барлық аурулардың жартысынан көбі психосоматикалық сипатта болады. Әрбір созылмалы аурудың ағзада үнемі бұзылулар тудыратын түп-тамырлы ойы бар. Егер осы созылмалы ойды жойса, денеміз үйлесімді, дұрыс қалпына, яғни сау күйіне жылдам оралады және әртүрлі аурулармен өзі күресе алады. Ал егер бұл созылмалы ойды елемейтін болсаңыз, онда сіз оның физикалық деңгейдегі салдарын үнемі емдеп отыратын боласыз.
37-тарауда сіз көптеген психосоматикалық аурулардың себептерін бүге-шігесіне дейін білетін боласыз, сондай-ақ оларды біржола жою жолын да үйренесіз. Ал қазір өзіміз үшін негізгі ойды шегелейік:
Ойларды өзгерту арқылы, біз бір уақытта жадымыздағы бейнелерді, эмоционалдық күйді, сонымен қатар денеден көрініс табатын белгілерді де өзгертеміз.
Алайда сіз ойларыңызды өзгертуге тырыссаңыз да, ешқандай ғажап өзгерістің болмағанын айтатын шығарсыз. Мұны істеудің оңай емес екені рас. Сіз бұрын орын алған оқиғада адамның тартқан азабы қаншалықты көп болса, ойлары да соншалықты бастан кетпейтінін, санаға нықтап жабысып алатынын білдіңіз. Ал жан азабын жоймайынша, жаман ойлардан да ешқашан арыла алмаймыз. Осы орайда сіздің қатты таң қалатыныңыз анық, өйткені ешбір емші, коуч, психолог сізді жан азабынан арылта алмайды. Демек жағдай тығырыққа тіреледі.
Неліктен психологиядағы жүздеген әртүрлі әдістер нәтижесіз болып жатады және неге жан жараларын емдеу — осы қарапайым тапсырманы орындау — қиынға соғады? Неліктен психологиядағы көптеген әдістермен алынып тасталған жан азабы, кейін қайта оралады? Бұдан сіздің эмоциялық күйіңіз де бұрынғы қалпына оралады ғой. Сонда психологтар мен психотерапевттердің қателігі неде?
1.10 тарау. Жан азабынан арылтудағы пайдасыз әдістер
Адамдардың психикасымен жұмыс істеуде қандай басты қателіктер жіберіледі? Бұл жайтты барлық ерекшеліктерімен түсіну үшін өте жақын адамыңызбен айырылысқаныңызды елестетіп көріңіз. Осы орайда сізге көрсетілетін психологиялық көмектің бірнеше жолдарын қарастырайық.
Біріншісі — жұбаныш. Өміріңізде бірдеңе сізді сарыуайымға салған және бұған катысты жұбаныш алған сәттердің барлығын есіңізге түсіріңіз. Осы кездері сізді жұбатқанына қаншалықты қанағаттандыңыз? Адам сізді толық түсінсе және сізді жарқын болашақ күтіп тұрғанына сендірсе ғана, оның жұбатуы шынымен сізге көмектеседі. Мысалы, егер сізді жақын адамыңыз тастап кетсе, жұбатушы сізге енді өз ісіңізбен айналыса алатыныңызды және өз-өзіңізге көңіл бөле алатыныңызд айтуы мүмкін. Немесе сол адам қазір емес, кейінірек тастап кеткенде, одан да сорақысы болар еді деп те жұбатуы мүмкін. Осы жағдайлардың бәрінде алдымен адамның не үшін қиналып жатқанын жақсы түсіну керек және жұбату үшін нақты аргументтер болуы керек. Сондықтан адамды жұбату сөздері 20—30% жұмыс істейді. Егер сіз нысанаға дәл тигізсеңіз, жұбатқаныңыз пайдаға асады. Ал егер олай етпесеңіз, біреуді жұбатам деп ызаландырып аласыз.
Байқасаңыз, кішкентай кезінде баланы жұбату жақсы іске асады. Ертең Аяз ата келіп, барлық проблемаларды шешіп береді дегенге бала алданады да қалады. Немесе әкесі қайтыс болған баланы, әкең жақын арада сыйлықпен келеді деген тәтті үміт беріп жұбатқан да шығарсыз. Жұбанышқа мұқтаж адам алдында беделіңіз жоғары болса, жұбатуыңыз өте жақсы іске асады. Егер ол сізді қатты құрметтесе, жай ғана «бәрі жақсы болады» дегеніңіз оны гипноздық түрде тыныштандырады. Бірақ жұбаныштың шегі бар. Жұбаныш — бұл тәтті шай тәрізді, ол адамды бір-екі рет сергітеді, ал үшінші шыныаяқтан кейін сергітетіндей әсері болмайды. Кейін тіпті кері әсері басталады. Жұбаныш адамды ызаландыра бастайды. Сондықтан ата-анасының айтқан барлық ертегілерін түсінген жасөспірімдер, олардың жұбатуларын агрессивті түрде қабылдайды.
Ал есейіп, есті болған сайын жұбаныш сізді мүлде қызықтырмайды. Бірақ, өкінішке орай, көптеген психологтар осы әдісті қолданады, осылай өз клиенттерін бірден шеттетеді. Психологтың адамға қиындықтарды тез жеңуге көмектескісі келетіні анық, бірақ клиент мұны теріс қабылдайды. Сізді жұбатуға тырысқан мейірімді психологтың консультациясынан кейін, сізде аралас сезімдер болғанын байқасаңыз, бұл шын мәнінде, көңіл түбінде өзіңізді алданғандай сезінгенсіз деген сөз. Сондықтан, психологтың тырысып, күш салғанына қарамастан, сізде жағымсыз дақ қалып қояды.
Жұбаныштың ең басты қауіпі, ол бізді күшейтпейді. Қайта жұбаныштың әсерімен біз одан сайын дәрменсіз күйге түсеміз де түрлі қиялдарға берілеміз. Ал адамға қарсы қолдануға болатын ең жаман қару — үнемі жұбату. Адамды үнемі жұбатқан сайын, ол әлсіз және өзіңізге тәуелді болып қалады. Ол күніге сізден: «Мен ханшайыммын, солай ғой?», «Ал менің жігітім оңбаған екені сөзсіз, иә?» деп сұраумен болады. Сонда сізге күн сайын көбірек жұбаныш беретін ертегілер ойластыруыңыз керек болады, ал бұл адамды одан сайын әлсіз әрі дәрменсіз етеді.
Психологиялық көмектің келесі жолы — жанашырлық. Кейбіреулерді таң қалдыратын шығар, бірақ жанашырлық таныту пайдасыз ғана емес, тіпті қауіпті құрал. Неге екенін қазір түсінесіз. Адамға жанашырлық танытқанда, оның бойында бала кезінде ауырып, әлсіз болғанда, оған өзгелердің танытқан аяушылығынан сезінген жағымды сезімі пайда болады. Сөйтіп оның түпсанасында: «Психолог маған одан әрі жанашырлық танытуы үшін мен көбірек ыңылдап, шағымдануым керек» деген ақымақ тұжырым орнығады. Нәтижесінде, адамды жанашырлықпен емдеуге тырысатын психолог оның зардап шегуші ретінде күйін одан сайын қаттырақ бекітеді, ал мұндай күйден шығу адамдардың көпшілігі үшін тым қиын болады. Көптеген егде жастағы мүгедек ерлер де, әйелдер де, өз дәрменсіздігі мен жағдайларынын құрбаны болып жүргендері, өзгенің назарын өзіне аударуға көмектесетін жалғыз «ілмек» екенін саналы түрде түсінеді, сондықтан олар өз-өздерін осындай әлсіз күйге түсіреді.
Негізі жанашырлықты қолданып, кез келген сарбазды, көшбасшыны және кез келген жеңімпазды жығып түсіруге болады. Ол үшін оған көп жұмыс істегені зиян екенін есіне салып, аяушылықпен дем алуға талпындырсаңыз болғаны. Дене қызуын үнемі тексеріп, анализдерін алып, стреске көп түсіп кеткенін аяп-мүсіркеп айтсаңыз болғаны. Сонда күндердің күнінде бұл сарбаздар рухын жоғалтады. Міне, сондықтан да мықты тұлғалар психологтарды жаратпайды. Иә, оларға іштей оңай емес, қолдау көрсетілгенін қалайды, бірақ аяушылық түрінде емес! Әрқайсыңызда сізді тым жиі аяп-мүсіркей берген адамды, тіпті сабап тастағыңыз келген кез болғанына сенімдімін. Бұл түсінікті жайт. Жанашырлық қатты қайғырсаңыз ғана пайдалы болады. Біреуге жанашырлық танытуды жалғастыра беру, оның жоғары көтерілуіне мүмкіндік бермейді. Бұдан ол қайғыға одан сайын батып кетеді. Сондықтан, қайғыдан жоғары күйде болсаңыз, жанашырлық сізді ызаландыратын болады Мынадай көріністі елестетіп көріңізші: сіз сатқындықтың кесірінен азап шегудесіз немесе балаңызға ашулысыз және мұндай күйден құтылғыңыз келеді. Ал психолог болса, сізге аяушылық танытып отыр. Мұндай көріністің сізге ұнамасы анық.
Психологиялық көмектің үшінші жолы — кеңес пен нұсқау беру. Біреудің өміріне араласып кеңес беру — үлкен жауапкершілік. Оның үстіне, кеңес алып жатқан адам үшін де, өте қауіпті. Клиенттерімнің арасында, психологтардан чемоданды жинап, күйеуін тастап кетуге бірнеше рет кеңес алған, тіпті психологтары солай етуге қоймай талпындырған әйел кісілер болды. Бірақ екі-үш рет пейнхантинг сеанстарынан кейін, бұл әйелдер мұндай шектен шығушылыққа бармай, қайта некелерін нығайтты, күйеулері де жақсы жаққа айтарлықтай өзгерді. Адамға кеңес берсеңіз, онымен не болады?
Ол жай ғана өз өмірі үшін жауапкершілікті сізге жүктейді! Бұдан ол күштірек, жауаптырақ және ақылдырақ адамға айналмайды. Қайта ол барлық проблемаларын сізге артып қоя беретін болады! Әрине, егер сізге адамға көмектесуден гөрі, ақша маңыздырақ болса, клиенттеріңізге кеңес беруді жалғастыра беріңіз, осылайша оларды үнемі сізден кеңес сұрап тұратындай дәрменсіз күйде ұстайсыз. Ал егер сіз пейнхантер болғыңыз келсе, адамдарға көмектескіңіз келсе, мына жайтты нықтап есте сақтаңыз: ешқашан кеңес бермеңіз. Пейнхантингтің мақсаты — сеанстардың соңында адам нақты шешім қабылдап, өз шешімі үшін жауапкершілікті сезіне алатындай, оны өмірдегі жағдайларға анағұрлым бейімделгіш ету.
Психологиялық көмектің төртінші жолы — жеке пікір айту және өз ойын тықпыштау. Мысалы, клиент сізге әкесі хабарламасына жауап бермегендіктен, онымен ұрысып қалғанын айтады. Сіз оған бұған катысты жеке пікіріңізді, яғни бұл жағдайда толысқан адам ретінде әрекет етпегенін айтасыз. Я болмаса бұл жағдайда әкесінің дұрыс істемегенін айтып, пікіріңізді білдіресіз. Бұлай ету мүлдем дұрыс емес! Неліктен? Өйткені сіз төреші емессіз! Прокурор емессіз. Сіз заңгер емессіз. Сіз оған көмектесуді қалайтын адамсыз. Сіздің оған ақылыңыз емес, жан жарасынан арылтудағы салмақты көмегіңіз керек. Не айтсаңыз да, сіздің пікіріңіз субъективті пікір болып қала береді әрі ол объективтіліктен өте алыс болады!
Классикалық психологиядағы тағы бір кең таралған әдіс — категорияларға, тұлғалық топтарға және үлгілерге сай болуыңыз үшін сізді «қыспақтауға» үздіксіз тырысып бағу. Сіз психологқа отбасыңызда қиындықтар бар екенін түсіндіресіз, психолог болса жауап ретінде сіздің «күлгін-ішек-интровертті» екеніңізді, ал әйеліңіз «қызылкүрең-бүйрек-рационалды» тұлғаға жататынын айтады. Бұлардың не қажеті бар? Олар пайдасыз ғана емес, сонымен қатар зиянды! Өмірде біз әртүрлі уақытта, әртүрлі күйде боламыз. Мысалы, мектепте сіз тұйық болдыңыз делік, мұның себебі сол уақытта ата-анаңыз ажырасып жатқан болатын. Содан кейін ата-анаңыз қайта қосыла бастағанда, сіз кенеттен ашық-жарқын болдыңыз. Сосын әкеңіз маскүнем болып, анаңызды күнде ұрғаны үшін ашу-ызаға берілдіңіз, кейін анаңыз жүрек талмасынан қайтыс болғанда депрессияға ұшырадыңыз. Демек, әр деңгейде сіз әртүрлі күйде болдыңыз. Сондықтан, адамға табиғатынан тұйықсың деу, үлкен қателік. Ешкім де табиғатынан тұйық болмайды.
Адамды көбінесе шығармашылыққа бейім деп айту да, қателік. Бұлай деуіңізбен сіз оны бірден шектейсіз! Мүмкін ол үлкен саясаткер болғысы келген шығар, ал сіз оның тумысынан суретші екенін дәлелдеп, шешіміне араласасыз! Сондықтан да адамдар психологқа барар алдында жүз рет ойланады, өйткені психологтар олардың нәзік жан дүниесін дұрыс түсінбей, қандай да бір психологиялық шаблонды тым тез «жабыстырады» деп есептейді.
Алтыншы жолы — адамды кінәлау сезіміне итермелеу. Сіз психологқа қызыңызбен айырылысқаныңызды айтасыз, ал психолог сіздің бойыңыздан агрессияны байқап, сізді «төмендеткісі» келеді. Сөйтіп мәселеге басқа жағынан, яғни қызыңыздың тарапынан қарауға кеңес береді. Осылайша ол сіздің дос қызыңызға болған жағдайдың қаншалықты ауыр тигенін түсінгеніңізді қалайды. Көптеген психологтар бұл әдіс адамның естілігін арттыруға көмектеседі, клиент өз іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығы туралы ойланады деп есептейді. Бірақ көп жағдайда, клиент өзінің әрекеті дұрыс болмағанын жақсы түсініп тұрады. Ол неліктен өзінде өзгеге жамандық жасауға деген бастан кетпейтін ойы бар екенін түсінбейді. Ол одан құтылғысы-ақ келеді. Бірақ психолог оны одан бетер өзін кінәлауына итермелеп, адамды ұяң да жасқаншақ етеді. Адамның өз әрекетіне сырттай қарап, кінәсін түсінгені, оны мықты етпейді. Бұдан ол бақытты боп кетпейді. Қайта ол одан сайын өзгелерден шеттеп, тұйықталып кетуі мүмкін.
Жетінші әдіс — иландыру және гипноз. Психологқа барып, тамақты тым көп жеуге деген құштарлықтың кесірінен, артық салмағыңыз бар екенін айтып шағымданасыз. Психолог сізді гипноздап, нан — бұл жиіркенішті қоқыс тәрізді немесе әрбір артық калорий үшін күйеуіңізден айырылып қалуыңыз мүмкін деген команданы ендіреді және басқа да қауіпті ережелер береді. Негізі бұлай ету, адамды басып, төмендетуге жатады. Адамның еркіндігі онсыз да аз. Онсыз да ол өзін шектеулі және бақытсыз сезінеді. Сіз болсаңыз, оның үстіне тағы бір қорқыныш пен кінә сезімін артып тұрсыз, осылайша оны тұлға ретінде жоясыз. Сондықтан да адамдар гипнотерапиядан соң, уақытша жеңілдік алады да, бірақ кейін ерік-жігерсіз әрі өлімсіреген күйде болады. Ал егер гипнозыңыз позитивті болса, ерте ме, кеш пе, сіз «ендірген» позитивті ой, ескі жағымсыз ойға жеңіледі, бұдан клиент бұрынғы күйіне оралады. Демек, гипнозыңыз уақытша ғана жақсартады.
Сегізінші және адамға ауыр тиетін әдіс — оның ойы мен сөзінің маңыздылығын кеміту не қадірін түсіру. Сіз психологқа артық салмағыңыз үшін ұялып, қысылатыныңызды айтасыз. Психолог болса, сізде артық салмақтың жоқ екенін айтады. Сіз кейде кекештеніп кетемін дейсіз, ал психолог тіліңізде ешқандай проблемаңыз жоқ дейді. Сіз бөтен дауыстарды еститініңізді айтасыз, ал психолог, шын мәнінде ешқандай дауыс жоқ екеніне, сізге жай ғана солай көрінетініне сендіреді. Психологтың айтқаны объективті түрде дұрыс та шығар. Бірақ клиент субъективті проблемаларымен келіп тұр ғой, түсінесіз бе? Клиент онсыз да, өзінің дүниедегі ең семіз адам емес екенін біледі. Ол өзінің кекештігінің түрі ауыр паталогия емес екенін түсінеді. Бөтен дауыстардың жоқ екенін және бұның елес екенін түсінеді. Бұл оның тек ішкі қабылдауы екенін жақсы білгендіктен, соның себебін анықтап, осы ауытқудан арылғысы келеді. Бірақ психолог, онымен болып жатқан «келеңсіз жайттарға» үңілгісі де келмейді, барлық проблемаларын адамның өзі ойластырып алғанын айтады! Керемет! Біздің байғұс клиент мұны түсінбегендей! Мұндайдан кейін клиенттер өздерін өзгелер үшін түсініксіз жан болғандай сезінеді. Өздерінде қандай да бір патология бар шығар дегенді ойлай бастап, уайымдайды да, қорқыныштан тіпті, психиатрларға барады!
Ал енді заманауи коучтар қолданатын әдістерді қарастырайық. Әрине, коучтар қолданатын құралдардың көбісі пайдалы, бірақ олардың арасында бір қауіпті, тәуекелге бас тіккізер құрал бар. Бұл — егер орындамаса, айыппұл салынатын тапсырманы орындауға клиентті міндеттеу. Бұлай ету қаншалықты ақымақтық десеңізші! Сонда клиент өзіне ақыр аяғында айыппұл салынуы үшін ақша төлегені ме? Бұл әдістің мәні — қорқыныш тудыру мен жазалау арқылы көтермелеу тәсілін қолданып, клиенттің мотивациясын арттыру, бірақ турасын айтсақ, адамды көтермелеуге қарағанда, қорқытуы көп. Кейбір адамдарға бұл шынымен көмектеседі, сондықтан олар жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін осы коучтарға өте риза болуы мүмкін. Бірақ бұл әдістердің тиімділігі айтарлықтай жоғары емес. Өйткені бұдан кейін, уақыт өте, көптеген адамдар өздерін одан сайын кінәлі сезінеді, одан бетер қорқынышқа беріледі, ал бұдан адам оқшауланып, тұйықталып қалады. Ал коучтар алдын ала төлем алғандықтан, ештеңе жоғалтпайды. Мұндағы ең күлкілісі– олар кетіп қалған клиенттерді жай ғана «лузерлер» деп атайды және басқаларды «жауынгерлік рухқа» талпындырып, күштірегі жеңеді дегендеріне сендіруді жалғастыра береді.
Ал енді жоғарыда аталған барлық ағаттықтарға қатысты түсінігімізді бекітейік. Пейнхантингте олар нағыз қателіктер болып табылады. Сондықтан біздің мектебімізде әр пейнхантер кодекс қабылдап, оны қатаң ұстанады.
Пейнхантер кодексінің негізгі тармақтары мыналар:
1) сеанс кезінде клиентке кеңес бермеу;
2) клиенттің ісіне субъективті баға бермеу;
3) клиенттің кез келген уайымы мен әңгімелерінің маңыздылығын кемітпеу не қадірін түсірмеу;
4) клиентке аяушылық танытпау;
5) пейнхантинг сеансы кезінде басқа әдістерді пейнхантингпен аралыстырмау;
6) өз пікірі мен көзқарасын тықпыштамау.
Осы тармақтарды есте сақтаңыз. Біз оларға жиі оралатан боламыз. Іс жүзінде қолданғанда, сіз кем дегенде бір тармақты бұзу, пейнхантингтің бар тиімділігін бірден жоққа шығаратынын түсінесіз. Бір рет жанашырлық танытып, аяушылықпен қарап көріңіз, клиент сіздің реакцияңызға ашуланады да, жабылып қалады! Клиенттің іс-әрекетіне қатысты жәй ғана өз пікіріңізді білдіріңіз, сонда ол әрі қарай сізге ашылмайтын болады! Клиент өз проблемаларын асырып жібергенін дәлелдеп көріңіз, ол бірден сізге ренжіп, бұдан былай проблемаларын сізге айтқысы келмейтін болады.
Бұл кодексті күнделікті өмірде қолданатын болсаңыз, басқалармен қарым-қатынасыңыз жақсы жаққа айтарлықтай өзгереді. Бітпейтін ұрыс-керістерден, келіспеушіліктерден аулақ боласыз. Адамды тереңірек түсінесіз, ал ол сізден дана адамды көре бастайды.
Ал енді қорытындылайық. Жұбату, мәселесінің маңыздылығын кеміту, жанашырлық таныту және сендіру адамға 100% көмектеспейді. Яғни, олар эмоционалдық күйіңізді аздап жеңілдеткенмен, жан азабынан арылта алмайды. Біз бұл әдістерді пайдалану қателік екенін және пейнхантингте мүлдем қолданылмауы тиіс екенін білдік. Олай болса жан жарасынан 100% арылуға не көмектеседі? Бұл орайда жақындарыңызға көмектесуді қатты қалағандықтан, не істей аласыз?
1.11 тарау. ҚЖ әдісі — жан ауруын қалай біржола жоюға болады
Сонымен, бізде негіздер бар. Біз жұбаныш, жанашырлық пен кеңестер жан азабынан арылуға көмектеспейтінін түсіндік. Кез келген жағымсыз оқиғада, жағымсыз өзгерістер төрт векторда: денеде, эмоцияда, ойда, есте сақтауда қатар болатынын және олардың жадымызда терең із қалдырып, ешқайда жоғалып кетпейтінін түсіндік. Біздің түпсанамыз бір кездері өзіміз жалдап, үйретіп, белгілі бір функцияларды тапсырып, кейін қараусыз қалдырған бағынышты қызметшілерден тұратын үлкен корпорация тәрізді екенін білдік. Сондай-ақ біз бұл бағынышты жұмысшылар өз функцияларын қажетсіз жағдайда да, қыңырлықпен орындай беретінін түсіндік. Біз бұл бағынышты қызметшілерді қауіпсіздік және даму қызметтері деп бөлуге болатынын және біздің барлық проблемаларымыз, қиындық болмауы керек жерден, қауіпсіздік қызметінің ақымақ жұмысының кесірінен туындайтынын түсіндік.
Ал енді корпорация, қажетсіз команданы орындайтын осы бағынышты қызметшілердің пайдасыз, тіпті зиянды әрекеттерінен зардап шекпеуі үшін, не істеуіміз керектігін қарастырайық.
Мүмкін, не істеу керектігін түсініп те қойған боларсыз. Дұрыс шешімі — сол қиындық тудырып тұрған қызметшіні табу, оны жұмыстан босату не оған басқа функцияларды тапсыру. Сонда ғана түпсана бос, пайдасыз ойларға кететін энергияның артық мөлшерде жұмсалуынан, асыра ойлап, қорқынышқа тым берілуден және өткенді еске түсіріп уайымға салынудан босатылады. Бұл біз үшін нені білдіреді? Біз осы әркеттерді өз түпсанамызбен қалай жасай аламыз?
Тура корпорациядағыдай! Біз түпсанамызда не нәрсенің дұрыс болмай жатқанын іздейміз. Теріс тұжырымды табамыз, өйткені барлық проблемаларымыз соның салдарынан болып отыр. Өмірімізде осы жағымсыз ұстанымды санамызға қашан орнатқанымызды анықтаймыз. Осы ұстаным пайда болған оқиғаны, жан азабынан арылу мақсатында, қайта қарастырамыз. Сол кезде түпсана пайдасыз әрекеттер, ойлар мен эмоциялардан босатылады. Сонымен қатар дене де, лас жасушалар мен жағымсыз энергиядан арылып, жаңарып, жасарады да, күш-қуаты артады.
Түп-тамыры болып табылатын оқиғадағы жан ауруын қалай жою керектігін үйренейік. Біз жан ауруын жоюдың бір әдісін зерттеген болатынбыз. Бұл — жан азабы толықтай жойылмайынша және күйіміз эмоциялар шкаласымен өте жоғары деңгейге көтерілмейінше оқиғаны бірнеше рет қарастыру. Ал қазір жан ауруын жоюдың одан да күштірек әдісімен бөлісейін. Кітаптың осы бетін ерекше түрде сақтап қоюыңыз керек, өйткені мен сізді пейнхантингтің жүрегімен таныстырмақпын.
Мен бұл әдісті қарама-қарсы жағдайлар әдісі деп атадым немесе қысқаша айтқанда — ҚЖ әдісі.
Бұл әдістің мәні неде? Сіз ауыр жағдайға тап болған «қызметкеріңізді», сол оқиғаға қайта әкелу арқылы түпсанаңыздағы тұжырым мен ұстанымды өзгертесіз, бірақ сіз оны оқиғаның керісінше болып жатқанына сендіруіңіз керек. Сонда кезінде теріс қорытындыға келген «қызметкер», жаңа позитивті ұстанымдарды жасайды. Бәлкім сіз: «Мұның таң қалдыратын несі бар, бұл туралы жүздеген бизнес-тренерлер айтады ғой және бұған визуализация мен аффирмация арқылы оңай қол жеткізуге болады емес пе?» дерсіз. Жоқ, олай емес!
Қазір сізге түпсанамызда шешуші рөл атқаратын негізгі нюансты түсіндіремін.
Сіз жақын адамыңыздан, айталық, әжеңізден айырылудың қайғысын бастан өткердіңіз делік. Сол кезде сіз: «Адаммен жақын қарым-қатынаста болу қауіпті, өйткені одан айырылу ауыр соғады» деген тұжырым жасадыңыз. Бұл «функцияны» түпсанаңыздағы «бағынышты қызметшіге» тапсырдыңыз да, бұл жайлы ұмытып қалдыңыз. Ал енді осы жағдайды түзету үшін, осы қызметшіні тауып, онымен «әңгімелесу» керек, оған қазір бізді ешкім тастамайтынын және «жақын адамымызды жоғалтамыз» деген ескі команданың қажеті жоқ екенін түсіндіру керек. Ал аффирмациялар не істейді? Неліктен олар жеткілікті түрде тиімді емес?
Аффирмация — нақты бір бағынышты қызметшінің емес, акционердің жеке өзінің сенімі болып табылады! Міне, бар айырмашылық осыда. Елестетіп көріңізші, компанияда бір қарапайым есепші үнемі қателеседі. Мысалы, ол сіздің бизнесіңіз үшін табыс салығын төлеуге 10% мөлшерлемені пайдаланудың мүмкіндігі бола тұра, 20% мөлшерлеме бойынша есептейді. Бұл жағдайда осыған жауапты нақты есепшіні тауып, оны үйретудің орнына, сіз күн сайын акционермен кездесу ұйымдастырасыз. Сөйтіп бұл кездесуде сіз оны стандартты мөлшерлеменің орнына, жеңілдік мөлшерлемесін қолдануға болатынын табандылықпен түсіндіріп сендіресіз. Акционер мұны жақсы түсініп тұр, бірақ қандай да бір себептермен оның компаниясында есеп ай сайын 20% мөлшерлемемен өткізіледі. Бұл нағыз ақымақтық, солай ғой? Аффирмация дәл осылай жұмыс істейді! Сіз жаңа позитивті ойды түпсанаңызды ескермей, тек санаңызға жеткізесіз! Сондықтан да сіз тоқылдақ сияқты «мен баймын, мен баймын» деп өз-өзіңізге шексіз қайталайсыз, ал сіздің түпсанаңыз бұған сенбейді, тіпті бұнымен келіскісі де келмейді. Әрине, бұл аффирмацияны іштей жүз, бес жүз не мың рет өз-өзіңізге айтсаңыз болады. Бұдан бір күні сіз аздап байып та кетерсіз, бірақ түпсана күшінің есебінен емес, сананың күшімен.
Ал ҚЖ әдісі және жалпы алғанда пейнхантинг әдістемесі, бұл жұмысты дұрыс және туралықпен орындайды. Демек біз онсыз да бәрін жақсы білетін әрі түсінетін санаңызға 100 рет қайталап тықпыштамаймыз, қайта түпсанаңыздағы теріс тұжырымға жауапты белгілі бір «қызметшіні» табамыз және дәл оның өзін жаңа позитивті ойды қабылдауға «көндіреміз»! Біз бұл «қызметшіні» екі секунд ішінде және мәнсіз қайталаулар арқылы емес, эмоциялар шкаласын және алда толығырақ қарастыратын басқа да әдістерді қолдана отырып, ақылға қонымды түрде сендіреміз.
Сегіз жасында әжесінен айырылып, кейін түпсанасында: «Жақын қарым-қатынас қауіпті» деген ұстанымы пайда болған адамды тағы да елестетейік. Қазір ол 30 жаста, әлі де жақын қарым-қатынастан қорқады. Барлық достары оған өзгемен араласу қауіпті емес екенін, қайта керісінше, қарым-қатынас жылы да жарқын сезімдер сыйлайтынын айтады. Бірақ ол бұны қабылдамайды. Сондықтан біз одан жақын адамынан қашан айырылғанын сұраймыз. Я болмаса, қашан біреуге қатты сенім артқанын сұрап білеміз. Немесе: «Жақын қарым-қатынасқа түссеңіз, қандай жамандық болуы мүмкін?» деп сұраймыз. Сонда түпсана өзінің ақымақ тұжырымдарын бірінен соң бірін шығара бастайды да, бір сәтте әжесімен болған оқиға пайда болады. Ол, немересінің бар қателігін, қылығын кешірген, қолдап көмектескен әрі еркелеткен әжесінен айырылудың қаншалықты ауыр тигенін айта бастайды. Байқадыңыз ба, түпсанадағы жақын қарым-қатынастан қорғауға жауапты белгілі бір «қызметші» байланысқа шықты. Ал енді біздің міндет — осы «қызметшіні» қайта сендіру! Бұл үшін не істеу керек?
Біз бұл қызметшіге әженің әлі де тірі екенін сезіндіруіміз керек! Бұл абсурд болып көрінуі мүмкін. Бірақ менің түсіндірмелеріме мұқият ден қойыңыз. Бұл «қызметкер» жәй ғана әжені тірі деп елестеткенде, барлық «қаруын» түсіреді! Ол қарым-қатынас қауіпті деп «ойлауды» доғарады. Тұйық болмай, босаңсып, зиян тигізуін тоқтатады. Яғни қарама-қарсы жынысты адаммен араласа бастайды, өзгенің жан дүниесіне қызығушылық танытады. Ол барлық қисынсыз нанымдарды, көзқарастарды, дене блоктарын, жағымсыз эмоцияларды тастайды, өйткені енді жан ауру жоқ!
Келесі бір нюансты көрейік. Сіздің қызметшіңіз қарсы оқиғаны бірден елестетіп кетпейді! Мұны бірнеше рет жасау керек. Неліктен? Өйткені әжесі қайтыс болғанда, сегіз жасар бала көптеген жағымсыз ұстанымдарды жасаған болатын. Алғашқы минутта ол, енді ойыншық ойнайтын ешкімім жоқ деп ойлаған болар. Келесі минутта біреу әжем сияқты ауырып қалса, оны да осылай жоғалтамын деген тұжырымға келген шығар. Ал кейін, әжеме көбірек көңіл бөлуім керек еді, оның мазасын алып абыржытпауым керек еді, сонда бұл оның ұзағырақ өмір сүруіне әсерін тигізер еді деп ойлаған шығар. Бірнеше күннен кейін, жағымсыз жағдайға тап болған ол, енді қиындықтарын айтып шағымданатын, проблемаларымен бөлісетін ешкімі жоқ екенін түсінеді. Осыдан түсіндіңіз бе, бір оқиғамен байланысы бар өте көп «бағынышты қызметшілер» болады! Сіз олардың әрқайсысымен жұмыс істеуіңіз керек! Сондықтан да түпсанаға жәй ғана «әже тірі деп елестет» деп айтсаңыз, ештеңеге қол жеткізе алмайсыз. Мұны бірнеше рет жасауға тура келеді.
Сонымен қатар, тек жағымсыз эмоцияларға жол беретін болсаңыз, айтарлықтай нәтиже болмайды. Теріс пікірдегі «қызметші» шексіз күңкілдей беретін әрі өзінің теріс ұстанымдарынан арылғысы келмейтін болады.
Сондықтан да ҚЖ әдісінің тағы бір артықшылығы — сіз қауіпсіздік және даму қызметтері арасында үлкен келіссөз ұйымдастырасыз.
Дамыту қызметі жарқын сезімдер туралы, ал қауіпсіздік қызметі жағымсыз сезімдер туралы «айта бастайды»! Сіз осы екі қызметтің арасында нағыз пікірталас ұйымдастырып, соңында «ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАМАНДЫҚТЫ ЖЕҢЕДІ» деген ұлы шындыққа көз жеткізесіз.
Қауіпсіздік қызметі бірте-бірте өзінің қатал болғанын және теріс тұжырымдарын тым қыңырлықпен ұстанғанын түсіне бастайды. Ал дамыту қызметі өзінің оң көзқарастарына сенімдірек болады. Нәтижесінде сіз бір оқпен екі қоянды атасыз: жамандық өледі, ал жақсылық жарқырай түседі. Алдыңғы тарауларда айтқан теорияны еске түсіріңізші. Естілік жамандықты жақсы етеді, ал жақсылықты одан да жақсыға әкеледі.
Енді іске көшейік. Нақты не істеу керек екенін егжей-тегжейлі қарастырайық. Егер сол ер адамға әжесінің қайтыс болғанын елестетуді бірнеше рет айта берсек, ол әжесінің орны толмастай екенін, өмірдің мәні жоқ екенін айтып екі сағат бойы жылар еді. Сондықтан да біз дамыту қызметін параллельді қосамыз да, кезекпен екі сұрақ қоямыз:
1) Әжеңіз тірі деп елестетіңіз.
2) Әжеңіздің енді жоқ екенін елестетіңіз.
Бұл жарты сағатқа созылуы мүмкін. Не бір сағат болуы да мүмкін, бірақ орташа есеппен бір жарым сағат жұмсалады. Егер әжесі өте жарқын және орны ерекше адам болған болса, онда бұл жоғалтумен үш-төрт сағат бойы жұмыс істеуге тура келеді. Бірақ, осы жаттығуды орындағаннан кейін, алдыңғы тарауларда сипаттаған бірнеше теорияларымның дұрыстығын бірден байқайсыз:
1) түпсана жан ауруынан арыла бастайды;
2) адам эмоциялар шкаласы бойынша қайғы мен апатия күйінен сүйіспеншілік, парасаттылық және тіпті жадырау күйіне көтеріле бастайды;
3) барлық жағымсыз және пессимистік ойлар біржола жойыла бастайды;
4) денесінде де өзгерістер болады: бет-жүзі бал-бұл жайнай бастайды, көзі ашылып, дене қалпы түзеледі.
Тағы бір маңызды мәселе. Адам сөйлеп жатқанда, сіз өте мұқият тыңдап, командаларды өте дұрыс беруіңіз керек. Бұл нені білдіреді? Бұл алдыңғы тарауда айтылған Кодекстің негізгі тармақтарын бұзбау керек дегенді білдіреді. Яғни, жанашырлық танытпауыңыз, өз пікіріңізді білдірмеуіңіз, жағдайға баға бермеуіңіз әрі кеңес берумеуіңіз керек. Сіз оны жәй ғана тыңдап, айтқанын растауыңыз керек! Мұнда растау деп мен нені айтып тұрмын?
1.12 тарау. Растаулардың күші
Растау деген — бұл әңгімелесіп жатқанда адамды тыңдағаныңызды және түсінгеніңізді көрсету үшін қолданатын сөздер. Бұлар: «жақсы», «түсіндім», «түсінем сізді», «жарайды», «түсінікті», «өте жақсы», «тамаша» деген және т.б. кәдімгі сөздер. Бәлкім сіз неліктен мұндай қарапайым нәрселер сөз етілуде, неге оларға сонша көңіл бөлінуде деп ойларсыз. Осы орайда бір шындықты айтайын. Бұл қарапайым формуланы өмірінде қолданатындар кемде кем! Ал негізі, растаудың күші орасан зор екені анық. Пейнхантинг туралы ештеңе білмесеңіз де, психолог болмасаңыз да, ілтипаттылық танытпасаңыз да, бірақ егер адамды мұқият тыңдап, соңында айтқандарын растап отыратын болсаңыз, бұл жағдайда да бір оқпен бірнеше қоянды атасыз. Сізбен әңгімелесеп отырған адам, біреудің оның сөзі мен ойын түсінгенінен керемет жеңілдік алады. Екіншіден, сіз оның ақыл-ойының сергек болуына және санасының тұмандануынан әрі жан жарасынан арылуға көмектесесіз. Үшіншіден, ол сізге сенім артады және сізді адал да сенімді дос деп санайтын болады.
Бүгін-ақ осыған қатысты эксперимент жасап көріңіз. Көп сөйлейтін, барлық нәрсеге теріс пікірді жиі айтатын бір жақын адамыңызды таңдаңыз. Бұл жолы онымен дауласпаңыз, оған бірдеңе үйретуге немесе жанашырлық танытуға да тырыспаңыз. Жәй ғана бірнеше рет растау сөздер айтыңыз. Сонда оның айтарлықтай өзгеретініне қатты таң қалатын боласыз! Оның негативті ой-пікірлері азайып, болмысы жақсара бастайды. Ол жағымсыз жағдайларға назар аударуды тоқтатап, позитивті нәрселерге көңіл бұрады, тіпті сізге, айналысатын істеріңізге шынайы қызығушылық танытатын болады.
Сонда бұл растау сөздердің пайдасы неде? Адам негативті нәрсе туралы айтқанда, оның ішінде қауіпсіздік қызметі сөйлейді. Бір компанияның үлкен кеңсесіне кіріп, акционерге жолыққыңыз келді делік. Ол үшін сізге алдымен күзетшімен, сосын ресепшн қызметкерімен, сосын менеджермен, кейін акционердің жеке көмекшісімен, содан соң дәлізде күтіп тұрып, оның басқа да қызметкерлерімен әңгімелесуге тура келеді. Тек 30—40 минуттан кейін ғана сіз акционердің өзіне жетесіз. Әлгі қызметкерлер, акционерлер емес, акционердің көмекшілері екенін нақты білесіз, сондықтан олардың талаптарын орындап шығуыңыз керек. Ал егер олармен айтысып, бірдеңені дәлелдейтін болсаңыз, акционерге жете алмайсыз!
Адаммен әңгімелесуде де дәл солай болады. Алдымен адамның өзімен емес, оның көмекшілерімен сөйлесуіңіз керек. Бірінші кезекте, сізбен әңгімені зиянды қызметкер бастап, жағымсыз бірдеңе айтады. Мысалы, ол жәй үнмен: «Өмірдің мағынасы жоқ, ауа-райы да бұзылған» деп айтуы мүмкін. Бұл «қызметкермен» байланысқа түспеуіңіз керек. Жәй ғана: «Иә, мен сені түсінемін» деп айтыңыз. Сосын ол сіздің жанашырлық танытқаныңызды қалап, жұмыста бастықтың оған әділетсіз сөгіс бергенін аяушылық шақырып айтуы мүмкін. Тағы да бұл тұзаққа түспеңіз. Жәй ғана тыңдаңыз, түсінушілік танытыңыз, «Сізді тыңдап тұрмын» деп растап, «Тағы қандай жағдай болды?» деп сұрасаңыз болады. Әрі қарай басқа да қызметкерлерді кездестіресіз, олар екеу-үшеу не он болуы мүмкін, тіпті одан да көп болар, бірақ әрбір келесі қызметкермен кездесу барған сайын қызықты бола түседі! Тура компаниялардағыдай: қызметкерлер акционерге неғұрлым жақын болса, олар соғұрлым бақыттырақ болады. Және керісінше: иерархияның ең төменгі жерінде әрқашан қыңыр әрі сауатсыздау күзетші болады. Міне, бар болғаны осы.
Мен тағы да қайталайын, алдымен растаңыз, сонда қажет адамға жетесіз. Түпсананың әрбір «қызметкеріне» растау беріңіз, басқа ештеңенің қажеті жоқ. Сонда сізді ешбір қызметкер ұстап қалмайды да, мазаламайды да, сіз өзіңізге керек адамға оңай жетесіз. Сізді бұл теорияны міндетті түрде іс жүзінде тексеруге шақырамын. Оны автоматты түрде жасауды үйренгенше бірнеше рет жасап көріңіз. Сонда таң қалатыныңыз сөзсіз. Өйткені тіпті ашу кернеген, аса эмоционалды адамдардың өзін осы қарапайым сөздермен емдеуге болады. Растауды алу арқылы адам айқындықты сезінеді. Бұдан оның қауіпсіздік қызметіндегі ақымақ қызметшілері орындарынан «түсіп қалады». Сонда санасы барған сайын сандырақ ойлардан арыла береді. Әрі ол, қоршаған ортаны оң көзбен, жақсырақ қабылдай бастайды.
Егер бұл соншалықты қарапайым да тиімді болса, неге бұл «артықшылықты» ешкім қолданбайды? Осы кеңесті іс жүзінде орындау өте қиын болғандықтан! Өйткені сіздің өзіңіздің де жеке қауіпсіздік қызметіңіз бар! Сондықтан басқа адаммен сөйлескіңіз келгенде, қауіпсіздік қызметіңіз, әңгімелесіп отырған адамның қауіпсіздік қызметімен жанжалдасып қалады да, араларыңызда түсініспеушілік туындайды. Екі компанияны елестетіп көріңізші. Акционерлер бір-бірімен ауызбіршілікте қызметтескісі келеді. Бір акционер көмекшілерінен екінші компанияға хабарласуды сұрайды. Сонда екі компанияның ақымақ көмекшілері өз компанияларын ойдан шығарылған қауіптен қорғауға тырысып, ақымақ ойындар ойнай бастайды. Сондықтан, егер психологтың өзі депрессияда не басқа жағымсыз эмоциялары болса, өзі аңдамай әңгімеге «қол астындағыларын» қосады, ал олар болса клиенттің қауіпсіздік қызметінің «зығырданын қайнатуы» мүмкін, сондықтан да клиент өзінің «қайнаған» қауіпсідік қызметімен кетіп қалады.
Сонымен, сіз пейнхантингтің керемет үш құралын білесіз. Бұл Риплей әдісі, ҚЖ әдісі және қарапайым растау. Осы үш құралды пайдалана отырып, сіз өзіңіздің түпсанаңызбен әрі өзгелердің түпсанасымен ғажайыптар жасай аласыз.
Пейнхантингте қолданылатын тағы бір әдіс бар. Ол қарапайым, десе де кейде адамды терең депрессиядан шығаруы мүмкін. Келіңіздер, соны қарастырайық.
1.13 тарау. Репитер әдісі — жан ауруын сөздерді қайталау арқылы жою
Кейде өзгелерден жанымызға бататын сөздер естіп жатамыз. Өміріңізде біреудің рухыңызды бір-ақ сөзбен күйреткен кезі де есіңізде болар. Сізді ұрып-соқпады, дауыс көтеріп ұрыспады да, бірақ бір ғана «сүйектен өтетін сөз» естіп, кенеттен шок, транс, кейін терең депрессия күйіне түстіңіз.
Сізбен осындай жағдай болған болса, «Репитер» әдісін қолдансаңыз болады, оның мәні — жанға батқан сөзді бірнеше рет қайталайсыз. Қайталау арқылы сіз бірте-бірте эмоциялар шкаласымен көтерілесіз, ал соңында жеңілдікті, сана сергектігін сезінесіз, тіпті санаңызда көп нәрсе айқындала түседі.
Сонда әңгіме қандай сөздер жайлы болып тұр? Біреудің қайтыс болғаны туралы хабар, қорқынышты диагноз, емтиханнан жағымсыз нәтижелері туралы хабарлар, туысқандарынан естіген адамның қадірін түсіретін сөздер, сәтсіздік немесе қиындық туралы және т.б. сөздер. Репитер әдісін қолдануға болатын ең көп таралған жағдай — жақын адамының қайтыс болғанын туысының кенет хабарлауы. Он жасар баланың «Атаң енді жоқ» дегенді естігенде, санасы бірден тұманданып, басы айналып, транс күйіне түседі, кейінірек өмірдің мәнін жоғалтқанын түсінеді де, жылай бастайды, содан кейін көз жасын тыюға тырысады және бұл, бірнеше айға, тіпті жылдарға созылады. Арада 10—20 жылдай уақыт өтті, уақыт емші, жан азабынан арылдым деп ойлайды, бірақ ол қатты қателеседі. Бұл жан азабы түпсанасында қалып қойған және кем дегенде 10—15 теріс тұжырымды қамтиды.
Сіз бұл адамға: «Атаң енді жоқ» деген сөздерді қайталауды айтасыз, сонда түпсанасы осы жаңалықты естіген сәттен бастап барлық бейнелерді, барлық ойларды, эмоцияларды және тіпті дене сезімдерін шығарады. Ол кенет жылай бастайды, бет-жүзі бозарып, қайғы күйіне түседі. Осы сөздерді көп рет қайталаңыз, сонда ол ақырындап шкаламен көтеріледі, кейін ол көңілді болып бастайды да, жеңілдік сезінеді.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.