Кіріспе
Әлемдердің Раббысы барлық нәрсеге шексіз күш иесі болғандықтан, Аллах көптеген керемет қасиеттерге ие. Әлемдердің Раббысының кез-келген есімінің Оның жоғарғы қасиеттерді сипаттайтын өзіндік ерекше мәні бар.
Бұл мақтауға лайық есімдер оларды еске алушылар үшін көптеген артықшылықтар беретіні белгілі. Оларды жаттаудың үлкен артықшылығы — Алланың есімдерін білу Алланы тануға әкелетіні ғалымдардан да белгілі.
Хақ Тағаланың ризашылығын білім арқылы іздейтін адамдар үшін Жаратушының 99 есімінің тізімі дайындалды. Және әр есімнің мағынасы, сипаттамасы, күнделікті қайталану саны және дұғада еске түсірудің артықшылықтары туралы мәліметтер берілген.
Біз Жаратушымызға сенушілердің Өзіне жақындауы жолдарын жеңілдеткені үшін және Өзінің есімдері арқылы сұрауға, жалбарыныға мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамыз.
Алладан басқа ешкімде күш те қуат та жоқ.
Алланың көркем есімдерін қалай тез үйренуге болады
Барлығы Алланың 99 негізгі есімдері, сонымен қатар бірқатар қосымша есімдері бар. Бұл атаулардың барлығы Алла Тағалаға тиесілі және бір ғана Жаратушының бар екеніне куәлік етеді.
Күн сайын Алланың көркем есімдерінің мән мағынасына ой жүгіртіп, түсініп күнде қайталау, яғни зікір ету, есімдерді тез жаттауға көмектеседі. Сонымен қатар, дұғаларыңызда көркем есімдерді үнемі пайдалану есте сақтауға тағы жақсы ықпал етеді.
Мысалы, сіз кез келген есімінің мағынасын түсініп, оны күні бойы белгілі мөлшерде қайталау арқылы миыңызға қондыра алу әбден мүмкін. Ал, қайталағаннан кейін дереу осы көркем есімінің құрметіне дуа жасап тілек тілеу де өте сауапты істен болады.
Сонымен, біріншіден, сіз зікір арқылы Жаратушыны үнемі еске түсіріп отырасыз, екіншіден, назарыңызда үнемі алға қойған мақсат бен жоспарларды ұстап жүресіз. Өздеріңіз білетіндей, мақсат қою сүннет болып келеді.
Ең бастысы — жаттауға ниет етіп, Алладан көмек сұрап, әрекет ету — КҮНДЕЛІКТІ қайталау.
Күнделікті қайталаудың (дауыстап немесе іштей) келесі тәсілдері ұсынылады:
— Өзіңізге таңертең, түстен кейін және кешке немесе өзіңізге ыңғайлы уақытта ескерту қойып белгілі бір мөлшерде күні бойы қайталаңыз. Әрбір атаудың сипаттамасында қайталау саны көрсетілген. Бұған ең көп дегенде 15 минутты уақытыңызды жұмсайсыз. Және де сіз өзіңіздің қалауыңыз бойынша қайталау санын көбейте аласыз.
— жұмысқа немесе үйге бара жатқан жолда, бағдаршамда тұрған кезде.
— Көңілге, ойға жағымсыз теріс ойлар келгенде қайталаңыз.
— Қағазға жазу арқылы.
— Автоматты түрде әрекет жасаған кезде, мысалы, үй тазалағанда, тамақ пісіргенде, бір нәрсені жөндегенде кезде қайталаңыз.
— Кезекте тұрған кезде қайталаңыз.
— Табиғатқа тамсанып тұрып, күннің шығуы мен батуына, жаңбыр мен қардың жауғанына, даланың құлпырып гүлдегеніне, аспан мен ай жұлдыздардың әдемілігіне сүйсіне отырып көркем есімдерді қайталаңыз.
— Саябақта серуендеп жүру немесе жүгіру кезінде қайталаңыз.
— Кез-келген ыңғайлы уақытта, бос уақыт пайда болса, қайталаңыз, өйткені бұл әрекет толық дәрет, яғни ғұсылды қажет етпейді.
Егер сіз күн сайын бір есімді қайталап жаттап жүрсеңіз, үш ай және тоғыз күннің ішінде сіз барлық 99 көркем есімдерді жатқа жаттауға мүмкіндік бар.
Егер сіз одан да тез уақытта жаттағыңыз келсе, онда күніне үш есімнен жаттасаңыз не бар бір ай және үш күнде барлық 99 есімдерді жатқа білетін боласыз.
Тағы бір тамаша әдіс — бұл 99 көркем есімдерді жаттауды мақсат тұтып жүрген басқа адамдарға осы мақсатына жетуге қол ұшын беріп бар білімімен бөлісу арқылы өзіңізге де көмектесесіз.
Егер сіз тез үйренудің басқа тәсілдерін білсеңіз және өз жетістігіңізбен бөліскіңіз келсе molisprosi@mail.ru немесе Инстаграмдағы @molisprosi парақшасына жазсаңыз болады.
Алланың көркем есімдерін қайталаудың тағы бір пайдасы — көркем есімдерді еске ала отырып дұға ету сіздің мақсатыңызға жетуге оң әсер етеді.
Дұға етудегі әрекеттер
Алла Тағала сенушілерге Оның көркем есімдерін дұғада қосу арқылы сұрауды, жалбарынуды бұйырды. Және бұл дұғаны қабылдаудың шарттарының бірі.
1. Ниетті — мақсатты анықтаңыз.
Алдымен нақты не сұрайтыныңызды анықтап алыңыз. Сіздің мақсатыңыз қандай? Қандай ниет бар?
2. Алланың көркем есімдерінен таңдап алу.
Алланың 99 көркем есімдерінің ішінен ниет мақсатқа жақын келетін есімді таңдап алыңыз.
«Ең жақсы атаулар Аллаға тән. Оған сол аттармен жалбарыныңдар.» (7 сүре «Әл-Араф», 180-аят).
3. Таңдаған көркем есімді КҮНДЕ ҚАЙТАЛАУ.
Келесі алгоритм бойынша көркем есімді күнделікті қайталаңыз.
а) алдымен өз ниетіңізді айтыңыз (іштей немесе дауыстап).
ә) Пайғамбарымызға с. а. у. салауат айтыңыз.
б) таңдаған есімді (бірнеше есімді де қатарынан алуға болады) қайталап шығыңыз. Қайталау саны әр есімінің сипаттамасында берілген.
в) қайталап болған соң дереу дұға етіп осы көркем есімінің құрметіне қабыл болынуын сұраңыз.
г) соңында Пайғамбарымызға с. а.у салауат айтыңыз.
Және мүмкіндік болса садақа беріңіз.
4. Әрекет ету.
Дұға және әрекет қайықтың екі ескегіне ұқсайды. Бір ескегімен алысқа кете алмайсыз. Сол сияқты жасалған дұға тілектің іс-әрекетсіз орындалуы екі талай. Сондықтан, аз болса да қолыңыздан келетіннің бәрін жасаңыз, кішкентай қадамдар жасаңыз.
5. Нәтиже тек Алладан.
Өздеріңіз білетіндей, тәуекелмен әрекет ету бізден, ал нәтиже Алладан. Себебі, бізге ненің хайыры, берекелі екенін тек Алла ғана біледі. Бұл дегеніміз, қандай нәтиже болса да, бұл сіз үшін ең жақсы нәтиже екенін ұмытпаңыз және оны ризашылықпен қабылдаңыз. Бәрі тек Алланың қалауымен болады.
Алланың 99 көркем есімдері
1. Алла — Әлемдердің Жаратушысы.
Алла Тағаланың бар екендігін және Оның иләһи сипаттарын білдіретін есім.
Зікір айту саны:
1000 — Құдайға деген иманы кәміл, сенімі берік бола түседі.
100 — Жұма намаздан бұрын қайталаса қалағаны орындалады.
66 — Түрлі тілек-дұғасы қабыл болады.
2. Әл — ъАлим — Бәрін Білуші, Терең білім Иесі.
Болған-болатын, үлкен-кіші, бәрін Білуші. Ол әр нәрсені толық біледі және де Ол білмейтін еш нәрсе жоқ. Алла Тағала білушілердің білушісі. Ол ғайыпты да, көмескіні де біледі.
Зікір айту саны:
150 — Ғылымды оңай меңгереді. Алла Тағала оған білім мен даналықтың есіктерін ашады.
100 — Кімде-кім намаздан кейін «Ия, Алләмәл-ғуйуб» деп шынайы қатты беріліп айтса, жан дүниесі рухани әлемге еніп, сыр пердесі ашылады және шыншыл, ізгі адамдармен тілдеседі.
3. Әл—ъАзиз — Теңдесі жоқ, Ең ұлы, Үстем, Бәріне Құдіретті.
Онымен ешкім теңесе алмайды.
Зікір айту саны:
94 — Дұшпандардан үстем болу үшін оқылады. Таң намазынан кейін қайталап оқып жүрсе, Алла Тағала оны қаржы мәселесінде басқалардан тәуелсіз етеді.
4. Әл — ъАзим — Ең ұлы, аса Зор, кеңшілік Иесі.
Оның мәртебесінің басы да, соңы да жоқ.
Зікір айту саны:
1020 — Қиыншылықтарды жеңетіндей қуатты табандылық береді және оған махаббат киімін кигізіп, құлдарына сүйдіреді, абыройлы және сөзі өтімді кісі болады. Алла Тағала өзінің осы ұлы есімін әрдайым айтып жүрген адамға өзінің күшінен күш береді.
5. Әл — ъАдл — Әділ, Әділетті.
Алла Тағала кімге болмасын ешбір әділетсіздік жасамайды. Ол өз шешімдеріне әділ.
Зікір айту саны:
104 — Әділетті болады және рухани және материалдық жағдайы түзеледі.
20 — Жұмаға қараған түн 20 рет қайталаса, оның ықыласы артып, шынайы достары көбейеді.
6. Әл — ъАли — Бәрінен Биік, Асқақ, Жоғары.
Адамдардың сезім, сана және басқа қабілетіне келетін бейнелерден тыс, одан жоғары. Ол әр уақытта биіктікте.
Зікір айту саны:
120 — Надандықтан құтылып, білімі артады және дәрежесі жоғарылайды. Мінез-құлқы жақсарып, сөздері мағыналы болады және ешкім оны төмен санап қорламайды.
7. Әл — ъАфу — Аса Кешірімді, ғафу Иесі.
Кешіруші, ғафу етуші, күнәні сауапқа Айналдырушы.
Адамдар жалбарынып кешірім сұрағанда күнәләрін жойып, сауапты істерін қалдырады.
Зікір айту саны:
162 — Ризығы молаяды, қанағатшыл болады және көркем мінезді болады, Алланың кешіріміне бөлінеді.
Бұл есіммен Алла Тағалаға жалбарынып, артынан «Аллаһумма иннәкә ғафуун карим, тухиббуль Ғафу, фағфу ғаннә» десе оның күнәләрі кешіріледі.
8. Әл — Ахир — Ең соңғы, Ақырғы, Мәңгі бар.
Бар екенінің соңы жоқ. Барша жаратылыс қиямет күні қайтыс болғанда Алла Тағала тірі болады. Оның соңы жоқ.
Зікір айту саны:
801 — Ғұмыры ұзақ болады. Физикалық тұрғыда күшті болады және қарсыластарынан басым түседі.
1000 — Алла Тағаланың махаббаты баурап алады, сол адам нәпсіқұмарлықтан арылып, көз жұмғанда иманмен қайтады.
9. Әл — Әууәл — Ең бірінші, Алғашқы, Мәңгі бар.
Бар екенінің басы жоқ. Баршаның алдында. Ол мәңгі тұрады. Оның алдында ешбір зат болған емес.
Зікір айту саны:
43 — Кез келген игі сауапты істе бірінші болады.
Жолға шықпай тұрып оқитын болса, жолаушылығы қиындықсыз өтеді.
10. Әл — Бақи — Мәңгі бақи бар, Мәңгі.
Ол мәңгілік жасайды. Ол тірілмейді де, өлмейді.
Зікір айту саны:
113 — Дені сау және ғұмыры ұзақ болады. Жүрегінде тыныштық орнайды және мал-мүлкінен айырылмайды.
1000 — Егер күніне 1000 рет қайталап жүрсе, Алла Тағала қасіреттен аман сақтайды.
11. Әл — Бари — Жоқтан бар Етуші, Жаратушы.
Жаратқан жаратылыстарына әртүрлі пішін және бейне береді.
Алла әрдайым жаратуда.
Зікір айту саны:
21 — Егер бала таба алмаған әйел 7 күн ораза ұстап «Әл-Бәри», «Әл-Халиқ», «Әл-Мусаууир» деп 21 рет айтып, суға дем салып, ауызын сол сумен ашып, шынайы ықыласпен жалғыз Алла Тағалаға дұға етсе, Алла қаласа, оған Жаратушы осы есімдерінің құрметіне перзент сыйлайды.
12. Әл — Барр — Ізгілік Істеуші, Күллі игіліктің, жомарттықтың Иесі.
Ол ешуақыт жаманшылық істемейді. Құлдарына ізгілік және қамқорлық етеді.
Зікір айту саны:
402 — Қандай жағдай болсын, әрдайым жақсылық ішінде болады. Күллі жаратылыстың жамандықтары мен зиянынан қорғалады.
13. Әл — Бәсит — Кеңейтуші, береке Беруші, Жаюшы.
Өз ризық нығметтерін қалаған құлдарына береді.
Зікір айту саны:
72 — Ризық несібесі мол болады, жүрегіндегі қорқынышы мен уайымынан арылады. Таңғы намаздан соң қайталаса ризық несібесі мол болады және Алла туралы таным-көкжиегі кеңейеді.
14. Әл — Басыир — Бәрін Көруші.
Ол бәрін көреген. Адам және басқа мақұлықтар көрмейтінін бәрін көреді.
Зікір айту саны:
100 — Алла Тағала жүрек көзін ашады.
15. Әл — Бәтын — Жасырын, Ішкі, барлық нәрсені Қамтушы.
Ол жаратылыстарының көзіне көрінбейді. Ол барлығының не ойлап, не қоятынын біледі және олар не нәрсеге ұшырайтындарын меңгеріп тұрады.
Зікір айту саны:
62 — Кең пейілді, нәпсісі өзіне бағынатын болады және жүрегі Аллаға деген сүйіспеншілікке толады.
16. Әл — Баъис — Тірілтуші, Жіберуші, Қайта өмір Беруші.
Өлген соң қайта Тірілтуші. Өлілерді есеп беру үшін тірілтеді. Өз елшілерін (пайғамбарларын) адамдарға жібереді.
Зікір айту саны:
537 — Ерік күші мықты, берік болады және мақсатына жетеді. Жүрегінен Алла Тағала ғапылдық пен қатыгездікті алып тастайды.
17. Әл — Бәдиъ — Көркем Жаратушы.
Ешбір нұсқа, мысалсыз жаратады. Оның биік сипаттарына ешкім жете алмайды.
Зікір айту саны:
86 — Алланың жәрдеміне бөленіп, рухани дүниесі мен кескін-келбеті сұлулана түседі.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.