Снята с публикации
Қарсақбай және қарсақбайлықтар

Бесплатный фрагмент - Қарсақбай және қарсақбайлықтар

Қарсақбай және қарсақбайлықтар

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында шығып отырған «Қарсақбай және қарсақбайлықтар» кітабы Қарсақбай мыс қорыту зауытын салу, өндірістік қуатын игеру және одан әрі дамыту тарихына арналған. Бұл — кеңестік шығыстағы қазан төңкерісінен кейін салынған тұңғыш металлургиялық кәсіпорын. Мұнда мыс кенін байыту, мысты балқыту өз заманындағы ең озық технология бойынша атқарылды. Қарсақбай зауытының тәжірибесі Балқаш, Жезқазған және Кеңес Одағының басқа ірі түсті металлургия кәсіпорындарын жобалағанда ескерілді.

Қарсақбайда қазақ ұлттық тұңғыш жұмысшыларының үлкен қауымы қалыптасып шыңдалды. Талай металлургтер әулеті «Қазақмыс» корпорациясында, оның ішінде Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбегін жалғастыруда. Жұмысшылар, инженер-техниктер ортасынан аты бүкіл елімізге мәшһүр ғалымдар, ірі өндіріс ұйымдастырушылары, мәдениет және өнер саңлақтары, мемлекет және қоғам қайраткерлері шықты.

Қарсақбай зауыты Қазақ елінің, Арқаның, Ұлытау өңірінің экономикалық және әлеуметтік дамуына игі ықпал жасады. Зауыт ұжымы жіберген жұмысшылар ауылда сауатсыздықты жоюға, ауыл шаруашылығын қалпына келтіріп дамытуға, шаруалардың тұрмыс жағдайы мен мәдениетін көтеруге қатынасты.

Бүгінде Қарсақбай мыс қорыту зауыты негізінде құрылған металлургиялық зауыт ырғақты жұмыс істеп тұр.

Қарсақбайлықтардың 90 жылдық даңқты жолы, ұйымшылдығы мен жаңашылдығы, жоғары өндірістік мәдениеті мен тәжірибесі бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін құнды мәдени-рухани қазына болып табылады.

Кітап жалпы оқырманға арналған.

«Қазақмыс» корпорациясының еңбек ұжымына

Қымбатты достар!

Қазақстанда тұңғыш қара мыс балқымасы алынғанына 70 жыл толған атаулы күнге байланысты шын жүректен жолдаған кұттықтауымды қабыл алыңыздар. Қарсақбай мыс қорыту зауытында болған бұл оқиға еліміздің кен-металлургия кешенінің негізі қаланғанын айғақтайтын мемлекетіміздің тарихындағы маңызды белес болды.

Осы жылдары Жезқазғанның металлургтері мен кеншілері еліміздің еңбек өмірбаянына даңқты беттер жазды, ал сіздердің кәсіпорындарыңыз Қазақстан индустрияның флагманы болып отыр.

Мұны Сіздердің жасампаздық жемісті еңбектеріңіз дәлелдейді. Күрделі экономикалық өзгерістер кезеңінде «Қазақмыс» корпорациясы шаруашылық жүргізудің нарықтық тетіктерін нәтижелі меңгеруде, өндіріске осы заманғы озық технологияларды еңгізіп жатыр, шетелдік әріптестерімен белсенді жұмыс жасап, ірі инвестицияларды тартуда.

Менің Сіздің кәсіпорында бірнеше рет болуына тура келді. Мен жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің жоғары іскерлік және творчестволық көңіл-күйіне, өндірісті жетілдіруге, жоғары нәтижелерге жетудің жолдарын іздеуге үнемі құлшыныста екеніне әрдайым көзім жетіп келеді.

Шын көңілден мерейтоймен құттықтаймын. Сіздерге жаңа жеңістер, амандық, барлық ұжым мүшелеріне денсаулық тілеймін.

Қазақстан Республикасының Президенті

Нұрсұлтан Назарбаев.

«Подробности» газеті, 1998 жыл 27 қазан.

Алғы сөз

Құрметті оқырман! Алдыңыздағы «Қарсақбай және қарсақбайлықтар» атты кітап Қазақ елінің кітапхана қорына тағы бір кірпіш болып орынын толтырып отыр.

Қазақ кең даласының жүрегінде орналасқан, талай тарихи оқиғалар мен ерекше дала мәдениетінің дамыған замандарға куә болған Ұлытау аумағында ежелден дамыған тіршіліктің бірі түсті металлургия болды. ХХ ғасырдың басында кен өндіріп мыс балқытудың жаңа ірі көлемдегі даму процессі басталды. Ол процесс Қумола өзенінің бойында Қарсақбайда басталып, жалғасы Үлкен Жезқазған кен-металлургиялық комбинат болып жалғасты.

Сіздің назарыңызға ағылшын инвесторларының мыс өндірісі іргесін қалаған кезең, Кеңес үкіметінің индустрияландыру науқаны, ІІ дүниежүзілік соғыс кезіндегі өзгерістер мен түсті металлургияны соғыстан кейін әрі қарай дамыту процесстері ұсынылады. Кітаптын басты кейіпкерлері атақты металлургтер, жоғары дәрежеге жеткен жұмысшылар, құрметке бөлеңген инженерлер, техниктер, т.б. мамандықтардың иелері.

Еліміз тәуелсіз индустриалды республика болып қалыптасуына түрткі болған түсті металлургия Қарсақбайда шыңдалып оңдалды. Зауытта жиналған өндірістік тәжірибе, мамандыққа шыңдалған жұмысшы тобы Қазақ елі мен Кеңес аумақтарында индустрияның дамуына өз үлестерін қосты.

Кітапта Қарсақбайда болған тарихи оқиғалар, өндірістік даму жолдарындағы қиыншылықтар мен жетістіктер, қазақ жұмысшылар тобының қалыптасуы, түсті металлургияға еңбек сіңірген металлургтер мен стахановшылардың еңбектегі ерліктері баяндалған.

Қарсақбай Жезқазған мыс кенін игеру кезінде сынақ алаңына айналды. Мұнда өндіріске қажетті инфрақұрылымның дұрыс пайдалануы, тұрғын-үй құрылысының тиымдылығы, жол қатынасының дамуы, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік өзгерістердің қатан-қысты табиғи ерекшеліктеріне сіндірілуі нешетүрлі жолдармен дамыды.

Ақпарат жинақталған кезде кітап авторлары елімізде болған тарихи оқиғалардың Қарсақбай зауытының жұмысына тигізген әсерлерді мүмкіндігінше тақырып түрде ашып, барлық оқырманның назарына қызықты және түсінікті етіп жеткізуге тырысты.

Сағындық Қожамсейітов.

І бөлім. Қарсақбай. Энциклопедиялық анықтамалығы

Айтбаев Әбдіхалық (1937, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) 1956 жылы мемлекеттік Қарсақбай мыс зауытының байыту фабрикасына сусорғыш машинисі болып жұмысқа қабылданады, келесі жылы қарашада металлургиялық цехқа шихтшы болып ауысады. Өз мамандығының қыры-сырын зерттеп, жұмысының құпияларына қаныға береді. Шеберлік санаты өсіп, көп ұзамай аға шихтовшы болады. Қарсақбай мыс қорыту зауыты жұмысының тоқтауына байланысты жаңадан салыңған Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа шақырылды. Мұнда шихтовшы, түсті металлдарды құюшы, газ қондырғысын тазалаушы, жоғары санаттағы мыс балқытушы болған. Мыс өндірісіндегі 35 жылдық жұмысында өнімді, сапалы, берекелі еңбегі үшін оған 8 рет алғыс жарияланған. Коммунистік еңбектің екпіндісі. «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медалімен марапатталған. «Социалистік жарыстың үздігі» төс белгісінің иегере.


Айтқұлов Әубек зауыттың күрделі құрылыс бөлімінде 1939 жылдан слесарь болып жұмыс істеген. Технологиялық құрал-жабдықтарды, механизмдерді құрастырудың күрделі жұмыстарын атқарады. Өндірістік тапсырманы жоғары сапада 160 пайыздан асыра орындауды әдетке айналдырған. Бірге еңбек ететін жас құрылысшыларға білгенін айтып, еңбек тәсілдерін іс үстінде көрсетіп отырады. Көпшілігі Қарсақбайдың алақаны алтын атақты құрылысшылар қатарына қосылған. Айтқұлов «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбек үшін» медалімен марапатталған.


Айтмұқанов Жұмабек (03.1937, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) жалпы орта білімімен үздіксіз ізденуі нәтижесінде Қарсақбай мыс қорыту зауытында ұзақ жыл инженерлік қызметті абыройлы атқарған азамат. 1953 жылы Қарсақбай кентінде орталау мектепті бітірген соң темір жол цехына жөндеуші болып орналасады. Өндірістен қол үзбей сол кездегі өзінің замандастары кешкі мектепте орта білім алады. Кеңес әскері қатарында әскери міндетін өтеп қайтады. Металлургиялық цехта жөндеуші, дәнекерлеуші, механик болып еңбек етті. 1973 жылдан зауыттың конструкторлық бюросының бастығы. 1979 жылдың басынан механикалық цехтың телім бастығы болып тағайындалған. Мыс қорыту зауыты өндірістік бағытын түбірінен өзгертіп, шойын балқытып, ірі қосалқы бөлшектерге дайындауға көшіп жатқан шақта құю-механикалық телімнің бастығы қызметіне келді. Қиын ауқыт еді. ҚазКСР түсті металлургия министрлігінің, Шымкент қорғасын, Өскемен қорғасын-мырыш зауыттарының, ауыл шаруашылығы құрылыс кәсіпорындарының тапсырыстарымен қосалқы бөлшектер, темір торлар, басқа да өндіріске қажетті жабдықтарды құйды, механикалық өңдеу жұмыстарын жүргізді. Металлургия зауыт өнімдері «Қазақмыс» корпорациясының тау-кен, металлургия, құрылыс салаларының қажетіне сай келіп, сұраныс көбейіп отыр. Айтмұқанов коммунистік еңбек екпінді. Бірнеше жыл қатарынан түсті металлургия саласындағы социалистік жарыс үздігі төс белгісіне ие болды.

Академик Қ. И.Сәтбаевтың музей-үйі 1969 жылы сәуірде академик Қ.И.Сәтбаевтың туғанына 70 жыл толуына орай Қарсақбайда ұлы ғалым 15 жыл тұрған үй мемориалдық музей болып ашылды. Осылайша бүкіл қарсақбайлықтар үлкен шаңырақ санайтын киелі орын мәдениет ошағына айналды. Қ.И.Сәтбаевтың жеке мұрағатынан алынған, оның ұрпақтары жинақтап өткізген жәдігерлер мұражай қорының басты құндылығы. Музей экспозиясын құруға ғалымның қыздары Ханиса, Шәмшиябану, Мейіз Қанышқыздары көп еңбек сіңірген. Көрмелерде Қ. И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметін жан-жақты көрсететін, өлкенің өндірістік тарихын сипаттайтын деректер, қолжазба құжаттар, минералдар үлгілері, ғалымның еңбектері, ол жайлы әдебиеттер мен әр жылдардағы баспа материалдары жинақталған. Кішігірім 5 залды қамтитын музей экспонаттары құндылығы, мазмұны жағынан ерекше бағалы. Ұлы академиктің киім-кешектері, күнделікті қолданған, тұтынған заттарына дейін қаз-қалпында сақталған. Ғалымның зайыбы Таисия Алексеевна Кошкина-Сәтбаева қысылған сәтте нан тақтай ретінде қамыр жаятын геологтың сызба столын көргенде уақыт тоқтап қалғандай, осы үйдің иесі қазір кіріп келетіндей әсер қалдырады. Негізгі қорды құрайтын 3 мыңға жуық жәдігерлердің барлығы дерлік түпнұсқа ретінде бағаланады.

1995 жылдан ғалымның музей-үйі Жездідегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі комплексінің құрамына енгізілді.

Зейпін Қазанбаева.

Ақдәулетов Нұркамал (01.01.1931, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Байқоңыр қалашығы — 23.01.2013, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) — КСРО-ның Құрметті металлургі (1966). 1939 жылдан Байқоңыр орта мектебінде оқып жүріп, Сталин атындағы ұжымшарда егін егіп, торғай қорып, шөб шауып, мал бағумен соғыс жылдарындағы жастық шағын өткізеді. 1956 жылы ақпанда Кеңес әскерінің қатарында борышын өтеп, Қарсақбай мыс зауытына фурмашы болып жұмысқа қабылданады. 1961 жылдан конвертор телімінде шебер болып, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, 1994 жылдың ақпанына дейін еңбек етті.

Н. Ақдәулетов екі мәртеден аупарткомының пленум мүшесі болып, аудандық және қалашық кеңестерге депутат болып сайланған. «Құрмет белгісі» (1976) орденімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін. В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970), т.б. медальдар, төсбелгілер және грамоталармен марапатталған.

Сәуле Ақдәулетова.

Ақпанбетов Мырқы Асқарұлы (1933, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) Қазақ кен-металлургия институтын (1955) бітірген. Инженер-металлург. Еңбек жолын Қарсақбай мыс зауытында балқытушының көмекшісі болып бастады. Конверторшы, конвертор телімінің шебері, телім бастығы, металлургия цехы бастығының орынбасары, бастықтың міндетін атқарушы болды. 1964 жылы мыс зауыты партия комитетінің хатшылығына сайланды. 1972 жылы Жезқазған мыс қорыту зауытына жұмысқа шақырылып, жаңадан салынып жатқан күкірт қышқылы цехына бастық болып тағайындалды. Мырқы Ақпанбетов былай деп жазады: «1973 жылдың маусым айында Жезқазғанда ең алғаш рет күкірт қышқылы өндірістік жолмен алына басталды. Бұл біздің жезқазғандықтардың ғана қуанышы емес, бүкіл елдің қуанышы еді. Ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыш жасайтын Жамбыл суперфосфат зауыты шикізатты басқа республикалардан алатын. Ол үшін көп шығын жұмсалатын. Енді оның жолы табылды. Зауыттың негізгі цехтарының барлығы іске қосылғаннан кейін күкірт қышқылы цехының қуаты да артты, оның екінші, үшінші, төртінші желілері іске қосылды. Жұмыс көлемі ұлғайды… Бізде металлургиялық газдан күкірт қышқылын өндіру 70% жетті, ал бұл көрсеткіш деңгейі Одақ бойынша 45% қана болатын». (Алматы. «Өлке» баспасы. 2004). Кейінгі жылдары зауыт бас инженерінің техникалық еңбек қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орынбасары, бас технолог болып істеді. Республикалық «Қазақ тілі» қоғамы Жезқазған облыстық ұйымы басқармасы төрағасының орынбасары, Жезқазған қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған. «Құрмет Белгісі» орденімен, медальдармен марапатталған.


Ақпарат, насихат жұмысы. 1931 жылы 7 қарашада Қарсақбай аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесінің органы ретінде «Қызыл кенші» газетінің алғашқы нөмірі жарық көрді. Тұңғыш редакторы Ә. Тәжібаев, орынбасары Шалтай Оспанов, бөлім меңгерушісі Жұмағали Саин болды. Газет Қазақстанда қазақ ұлттық жұмысшыларын қалыптастыруда, түсті металлургияны және мал шаруашылығынн өркендетуде маңызды роль атқарды. 1940 жылы 3 маусымнан бастап Жезқазған аудандық газеті ретінде шықты. «Қызыл кенші» мыс қорыту зауытының өндірістіқ тынысы мен стахановтық қозғалыс жайлы жүйелі түрде жазды. Сонымен қатар «Әдебиет альманахы» атты бет шығарып, онда Тайжан Қалмағанбетов, Болман Қожабаев, Әбілда Тәжібаев, А. Райымбеков, т.б. туындылары жиі жарияланып тұрған. Газетте А. Хангелдин, Ә. Әміралин, Ғ. Алматов, Р. Көккөзов, С. Ыбыраев, С. Ниязов, Ә. Нысанбаев, С. Мырзатов, И. Жауыртаев, С. Аққошқаров, С. Кенебаев, Б. Сейітжанов, Ж. Мұқанов сияқты журналистер істеген. Газет 1957 жылы «Еңбек жолы», 1962 жылы «Октябрь туы», 1991 жылдан бастап «Жезді өңірі» аталды. 1997 жылы Жезді ауданының аумағы Ұлытау ауданына қосылғаннан кейін газет шығуын тоқтатты.

1931 жылғы 7 қарашадан 1955 жылдың 30 мамырына дейін «За медь» газеті шығып тұрды. Қарсақбай аудпарткомы мен ауаткомының газеті болды. Басылым дәстүрін аудандық «Красный Октябрь» (1958—59), «Больше меди» (1963—65), Жезқазған қалалық «Джезказганский рабочий» (1955—63,1965—73) газеттері жалғастырды. Негізін 1930-жылдары жауапты редакторлары Ф. Головин, Н. Бульин сияқты қазақ журналистикасының ардагерлері қалады. Соғыска дейінгі кезеңде Қарсақбай комбинатының директорлары В. И. Иванов, В. С. Гулин, қазақтын тұнғыш геолог-ғалымы, академик К. И. Сәтбаев газет жұмысына жиі қатысып, Қазақстан түсті металлургиясының тұңғышы мен кенді аймақтың тыныс-тіршілігі туралы мақалалар жариялап тұрды.

1932 жылы ақпан айынан бастап ақпарат таратушы құрал ретінде Қарсақбай радиостанциясы жұмысын бастады. Сол жылы тамыз айында радиостанцияға ауданның 9 ауылы қосылды. Бұл жұмыс аудан халқын бір ақпараттық кеңістікке жұмылдыруға жол ашты.

Радиостанцияның негізінде 1934 жылы жұмысшылар мен шаруалар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында Қарсақбай аудандық радио комитеті құрылды. Комитетке төменгі міндеттер жүктелді: а) орталық, өлкелік және жергілікті газет материалдарынан саяси ақпарат тарату; б) өндіріс және ауыл өмірінің жетістіктерін жарыққа шығару; в) өндірістік-техникалық рационализациялау мен жоспарлауды насихаттау; г) цехтағы жұмысты көрсету; д) көркем бағдарламаларды тарату. Радио комитет құрамына Хангелдин, Дәулетшин, Әміралин, Малчанов және Суляев кірді.

Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы


Ақындар айтысы. Мыс қорыту зауытының 80 жылдығына байланысты 2008 жылы наурызда Жезқазғанда «Мыс бұлағын ағызған» деген тақырыпта екікүндік республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа елімізге аты танымал, ақтаңгер айтыс ақындары Айнұр Тұрсынбаева, Айтақын Бұлғақов, Бекарыс Шөйбеков, Айбек Қалиев, Ринат Зайытовтар мен қатар сахнаға жаңа шыққан жас айтыскер ұл-қыздарымыздың үлкен шоғыры келді. Ақындар Қарсақбайдың кешегісін, бүгінгісін, ертенгісін, өткен ғасырда мыс бұлағын ағызған еңбек батырларын, өндіріс жаңашылдарын, ғылым, мәдениет, өнердің жұлдызы жаңған майталмандарын жырға қосты. Қарсақбайды қайта түлету де өлең арқауына айналды. Айтыстың бас демеушісі «Қазақмыс» корпорациясы басқа сый-сияпаттарды айтпағанда жүлдегерлерге үш автокөлік тігуі ұлттық өнерімізге қолдау білдірудың жарқын үлгісі болды. Қазылар алқасы бас жүлдеге Оңтүстік Қазақстан облысының ақыны Маржан Есжанова лайық деп шешті.

Алтыаяқов Байман (т.ж.б.-ө.ж.б.) — ұста, зергер. Қарсақбай кентінде туып-өскен. Алтын, күмістен әртүрлі әшекей бұйымдар жасаған. 1916 жылы Аманкелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілісі кезінде үлкен ұстахана басқарып, сарбаздарға арнап қылыш, найза, қанжар, мылтық, т.б. қару түрлерін соққан. Алтыаяқов Аманкелді батырдың өзі және сарбаздары ұстаған қарулардың түпнұсқасын жаңадан жасап Қазақ ССР Ғылым Академиясына жіберген. Осыған байланысты Қ. Сәтбаев «бұл қару-жарақтар белгілі бір тарихи дәуірдегі қазақ халқының жауынгерлік мәдениет үлгісін бейнелейді. Мұның қазіргі ҰОС кезіндегі маңызы да үлкен» деп жазды. Байекеңнен «Байман ұста емес, сайман — ұста» деген ұлағатты сөз қалған.

Алтыаяқов Байман

Аманқұлов Серік Айдарбекұлы (20.04.1955, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) — «Қазақмыс» корпорациясының филиалы Қарсақбай металлургиялық зауытының токарі. Еңбек жолын 1973 жылы зауыттың темір жол цехында машинист көмекшісі болып бастаған. 1976 жылы Кеңес әскер қатарында борышын өтеп келгеннен кейін зауытқа қайтып келіп, құю-механикалық теліміне токарь шәкірті болып жұмысқа қабылданды. Осы күнге дейін орнын суытпай тәжірибелі жұмыс атқарып токарьлардың бригадирі ретінде зауттың қарқынды жұмыс істеуіне мол үлесін қосуда. Аманқұловтың адал және қажырлы еңбегін «Қазақмыс» корпорациясы жоғары бағалады. Ол «Қазақстанның бірінші мысы» төсбелгісі және «Жезқазғантүстімет» ӨБ-нің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Асанбеков Қазыбай (10.04.1932, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Ворошилов атындағы ұжымшар — 19.02.2009, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) соғыс жылдары бала кезінен ұжымшардың шаруасына араласқан. Еңбек жолын 1949 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы болып бастаған. 1958 жылдан ұнтақтау-транспорттық цехында ұнтақтаушы, 1962 жылдан сол цехта өндіріс телімінің шебері, 1970 жылдан метеллургиялық цехта горновой, 1974 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытында балқытушы болып жемісті еңбек етті. Қ. Асанбеков Еңбек Даңқы орденінің, «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970) және басқа медальдар мен төсбелгілерінің иегері.

Асанов Жүсіп (1909, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қаракеңгір болысы, №1 ауыл — ө.ж.б.) — ағартушы-ұстаз. Әке-шешесінен ерте айырылған ол әкесінің ағасының қолында тәрбиеленеді. Бастауыш мектепті (1925), Атбасар қаласындағы ауылшаруашылығы мектебін (1928), Қарағанды мемлекеттік мұғалімдер институтын (1951) бітірген. 1928—1941 жылдары қазіргі Ұлытау ауданының аумағында «Шашты» серіктестігінің №15 ауылында, Қарсақбай, Жезқазған кенттерінде бастауыш мектеп мұғалімі, әрі меңгерушісі, мектептегі мұғалімдік қызметімен қатар аудандық халық-ағарту бөлімі инспекторының міндетін қоса атқарды. 1941—49 жылдары Жезқазған аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болды. Кейінгі жылдары Рудник кентінде, Жезқазғанда орта мектеп, жұмысшы-жастар кешкі мектебін басқарды. Асанов Ұлытау — Жезқазған өңірінде тұрғындардың сауатсыздығын жоюға, білімін, мәдени дәрежесін көтеруге, тау-кен өндірісіне керекті білікті жұмысшылар, инженер-техниктер дайындауға үлес қосты.

Асанов Жүсіп

Атбасар түсті металдар тресі (Атбасцветмет) — 1925 жылы 10 маусымда Еңбек және Қорғаныс кеңесінің арнаулы қаулысымен ұйымдастырылған. КСРО Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесіне қарасты Главметалл басқармасының өндірістік-аумақтық құрылымы. Трест құрамына Спасск комбинаты, Қарағанды көмір кендері, Өспен мыс кеніші, Спасск мыс қорыту зауыты беріледі және салынып жатқан Қарсакбай мыс зауыты, Байқоңыр қоңыр көмір кені, Жезқазғандағы мыс кеніштері қаратылады. Трестке осы өңірдегі Қарсақбай мыс зауытын қайта салып, жедел мерзімде іске қосу жүктелді. Соған орай тиісті қаржы, тасымал құралдары және жабдықтар босатылды. Бірақ тасымал құралы негізінен ат пен түйе қомы болып қалды, жұмыскер күші де сайын даланың негізгі тұрғындары арасынан қабылданды, тек инженер-техниктер ғана КСРО-ның әр түкпірінен, шетелден шақырылды. Трестің басқармасы 1925—29 жылдар аралығында Мәскеуде, Рождественка көшесіндегі 8-үйде орналасты. Трестің басқарма құрамына Н.С.Дыбец (төраға), И.И.Левинсон, Л.И.Игнатьев және Қазақстан өкіметінің өкілі 1926 жылы 1 қарашадан Қ.И.Сәтбаев кірді. Кейінірек басқарма төрағалығына К.И.Бронзос сайланды. 1927 жылы 8 ақпанда трест басқармасының мәжілісінде Қ. Сәтбаевтың шұғылданатын жұмыс көлемі анықталды. Оған тау-кен және геология мәселелерінің техникалық жағына, еңбек экономикасы мен қазақ жұмысшыларының тұрмысына қатысты мәселелерге, олардың мамандығын, жалпы және кәсіптік — техникалық оқытуға және т.б. басшылық ету жүктелді. 1929 жылдың күзіне таман «Атбасцветмет» тресінің басқармасы таратылып, оның орнына жеке басқару жүйесі еңгізілді. Көп ұзамай трест пен Қарсақбай мыс комбинаты біріктіріліп, Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинаты құрылды.

«Атбаcтүстімет» тресінің басқарма мүшелері

Ахметов Досмағанбет (1905, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау өңірі — ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасында отыз жылға жуық еңбек еткен. Бастауыш білімі бар. Коммунистік партияның мүшесі. Байыту фабрикасына қара жұмыскер, подкатчик, фильтровщик, классификаторщик, флотатор, слесарь болып істеген. Өндірістің барлық буынында жетекші мамандықтардың бәрінде маңдай терін төгіп, мол тәжірибе жинақтаған. Ахметов 1943 жылы қарашада ауысым шебері болып тағайындалып, бұл жауапкершілігі үлкен міндетті зейнеткерлікке шыққанша абыройлы атқарған. Цех ұжымын өндірістік тапсырманы орындауға және асыра орындауға жұмылдыра білген дарынды ұйымдастырушы ретінде танылды. Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949), «1941—1945 Ұлы Отан соғыс жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, «Кеңестік Қазақстанға 20 жыл» төсбелгісімен марапатталған. Түсті металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі.


Ахметов Мақпұл, Сәтжан — Ұлытау өңіріне танымал ерлі-зайыпты тұлғалар. ХХ ғасырдың 10—20 жылдары Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қумола, Дүйсембай өзендерінің бойында дүниеге келген. Екеуі де 1939 жылы Жезқазған кенішінде шахтада жұмыс істеп жүргенде күлкі-көңілдері жарасып, отау көтереді. 1941 жылы Мақпұл байыту фабрикасынада, Сәтжан орталық электр станциясында жұмыс істейді. 1956 жылы СОПК мал шаруашылығы өнімдерін өндіруден АҚШ-ты қуып жетіп, басып озу туралы ұран тастайды. Аудандық партия комитеті біраз зауыт жұмысшылар-қызметкерлерін, олардың ішінде Ахметовтер бар жаңадан құрылып жатқан «Қарсақбай» кеңшарына жұмысқа жібереді. Ерлі-зайыптылар бір отар қой алады. Қозыны егіздетіп, қойды семіздетіп, жоғары өндірістік көрсеткіштерге жетіп, социалистік жарыста әрдайым алда жүреді. Отағасы Мақпұл зейнеткерлікке шыққанда, аға шопан таяғын жұбайы Сәтжан алады. Екеуі де Еңбек Қызыл Ту ордендерімен (1966, 1973), Мақпұл «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1971), Сәтжан «Ерлік еңбегі үшін» (1976) медальдарымен марапатталған. Коммунистік еңбек екпіндісі Сәтжан Бүкілодақтық Халық шаруашылығы жетістіктері Көрмесінің Бас Комитетінің қола, күміс, алтын медальдарымен марапатталған. Ахметов Мақпұл 1990 жылы, Сәтжан 2009 жылы дүниеден өтті.

Ахметов Мақпұл, Сәтжан

Ахметов Смайыл (1896, кәзіргі Қарсақбай кенттік округі — ө.ж.б.) — атақты мыс балқытушы-металлург. Еңбек жолын 1926 жылы Қарсақбай темір жолының құрылысында жер қазушы болып бастаған. 1928 жылы металлургиялық цехте тиеуші. 1930 жылы сол цехте горновой. 1932 жылы аға горновой. 1937 жылы бастап балқытушы, кейін шебер болды. 1939 жылы сталиндік қуғын–сүргіннің уысына ілініп, ІІХК әскери трибуналының тергеуі кезінде ақталып, тұтқыннан босатылып шықты. 1939—1951 жылдары 5 разрядты шихташы, мыс балқытушы. Зауытта жыл сайын жұмыс нормасын 105—108% орындап отырған. Әсіресе ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде аянбай тер төккені жоғары жақтан бағалаңған. «Социалистік жарыстың үздігі» (1943) төсбелгісінің иегері. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен (1946), Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949) марапатталған.

Ахметов Смайыл

Ашаршылық нәубеті. 1931—1932 жылдары төңірек тұрғындарының назары Қарсақбайға ауды, ағайын-ауыл болып зауыт жұмыс істеп тұрған өндірісті мекенге шұбырды. Бірақ, Қарсақбайдың өз жағдайы онша емес болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Шиленков атап көрсеткендей, «қазірдің өзінде кедейлердің бір бөлегінің жағдайы өте ауыр. Соның салдарынан аштықтан бірқатар кісі өлімі болды». Бұл жағдайды аудан прокуроры Мычиннің аудандық партия комитетіне 1932 жылы 5 қазанда жолдаған хаты айқындай түсті. «Азық-түліктің жоқтығынан түрмеде отырғандардың апатты жағдайын сіздерге хабарлаймын. Соңғы уақытта кісі өлімі көбейді. Түрмедегілердің барлығы төсек тартып жатыр. Құр сүлделері қалды. Келешекте жағдайдың оңалатынына үміт жоқ», — әңгімені көңілсіз аяқтаған ол. Бұның үстіне шыбын жанына дауа іздеп әртараптан келгендер бар. Тек Батпаққарадан аш-жалаңаш 6000-дай адам жеткен. Аудандық партия, атқару комитеттері аш тобырларды сақтап қалу үшін ауданның қорынан мүмкіндігінше азық берді, ағайын туыстары да аянып қалған жоқ. Сонымен қатар 1000 отбасын сұраған Мақтаарал ауданына баруға келіскен 572 кісі 1932 жылғы жазда комбинаттың автокөліктерімен Жосалы станциясына жеткізілді. Мұндай автокөлік керуені жалғаса берді.

Көшелерде ата-анасыз, туған-туыссыз қалған балалардың тағдыры қарсақбайлықтар үшін сын болды. Балалар колониясы, балалар үйі, балалар коммунасы, аналар мен балалар үйі, балаларды қабылдау үйлері ашылып, 600-дей панасыз балалар мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымшарлардың қамқорлығына алынды. Олардың жартысынан астамы Қарсақбайдың өзінде орналасты. Әрине, панасыз балаларды түгелдей қамқорлыққа алуға жағдай болмады. 1930—1932 жылдары жетімдер үйлеріне орналастыру үшін бірнеше жүздеген бала Қызылорда қаласына жеткізілді.

С. Қожамсеиітов.


Әбдірахманов Сираж (1915, Орал облысы, Казталовка ауданы — 1981) — ұстаз. Орал пед. институтын (1939) бітірген. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 1938—1941 жылдары Қарсақбай орта мектебінің директорының міндетін, ал 1940—1941 жылдары Қарсақбай орта мектебінің оқу ісінің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі және аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы міндеттерін қоса атқарған. 1966 жылы өзінің еңбек жолын бастаған №1 Қарсақбай орта мектебінің директоры болып тағайындалып, өмірінің соңына дейін жауапты міндетті ойдағыдай атқарды. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі (1980). Әбдірахманов өнегелі өмірі мен азаматтық ұстанымы ұстаздық кәсіпті таңдаған бірнеше буын ұрпақ үшін мектеп болып қалды.

Әбдірахманов Сираж

Әбдірахманов Төлеген Мұсаұлы (1933) — инженер-металлург, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген металлургі (1973). Қазақ кен-металлургия институтын (1955) бітірген. 1955—1963 жылдары Қарсақбай мыс қорыту зауытында жұмысшы, ауысым шебері, металлургия цехы бастығының орынбасары, кәсіподақ комитететінің төрағасы, партбюро хатшысы болып істеді. 1963 жылы мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалды. 1973 жылы Жезқазған кен-металлургия комбинатының партком хатшысы болып сайланды. 1973—1983 жылдары Жезқазған мыс қорыту зауытының бас инженері, зауыт директоры, 1990 жылдан «Қазақмыс» корпорациясы президентінің кеңесшісі. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1986), Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен марапатталған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Әбдірахманов Төлеген

Әбиев Білал (1900, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ақтұма ауылы — ө.ж.б.) 1917 жылдан Атбасар ауданының Құлымбай ауылында малайлық еткен. Қарсақбайда болған Сабит Мұқанов Білал Әбеевтің үйінде бірнеше күн болады. Ерлі-зайыпты жастар Білал мен Қасым жөнінде жылы лебізбен жазады. Әбей зауытта көсеуші (кочегар болып істейтін). «Қазақша шығатын газет, журналды көп қарайтын оның жап-жақсы сауаты бар» — деп атап көрсетеді. (С. Мұқанов. «Есею жылдары». 3-ші кітап. Алматы, «Жазушы» баспасы. 1970, 340-бет). 1926—1934 жылдары Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының Жезқазған кенішінде кен қазушы, кеніш басқарушысының орынбасары, мыс қорыту зауыты партия комитетінің хатшысы. 1936—1937 жылдары Алматыдағы марксизм-ленинизм институтының тыңдаушысы. 1937 жылы марксизм-ленинизм институтының екінші курсынан Байқоңыр көмір кенішінің партком хатшы қызметін атқаруға арнайы жіберілген. 1938—1940 жылдары Қарсақбайда, Қарағанды қаласындағы Сталин аудпартком бірінші хатшысы. Мемлекеттік марапаттары бар.


Әбсаттаров Бектай Әшірбекұлы (1923, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай кенті — 29.09.2002) — ІІ дүниежүзілік соғысының ардагері. Еңбек жолын Қарсақбай мыс зауытында бастаған. 1942 жылы 17 маусымда өз еркімен майданға аттанған. Солтүстік-Батыс майдандағы артиллерия батальонының құрамында Курск доғасындағы ұрыстарға, Берлинді алуға қатысқан. Аумақтық партия органдарында, қалалық және ауылдық сауда жүйесінде жауапты қызметтер атқарған. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте Қызыл жұлдыз, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерінің және бірнеше медальдардың иегері. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Әбсаттаров Бектай

Әбуов Бақ (1906, Ақмола облысы, Кеңгір болысы — ө.ж.б.) — Қарсақбай мыс балқыту зауытының күрделі құрылыс бөлімінің атақты пеш салушысы. Зауытқа 1928 жылы келген. 1930 жылға дейін қара жұмысшы болып істеп жүріп, ерен еңбегімен көзге түскен. Пеш салу және тас қалау ісі бойынша шәкірттікке ұсынылған. 1930 жылдан бастап пеш салушы және тас қалаушы болып, он жылдан астам уақытта жоспарды асыра орындап, өнім сапасын арттырып отырған. Сондай-ақ, 1940 жылы 9 ай ішінде Әбуов жоспарды 155% орындаған. Өмірінің соңғы жылдары Ұлытау ауданының «Қаракеңгір» кеңшарының құрылыс телімінде қалаушы болып еңбек етті.


Әбілдинов Құлмағанбет (1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы — 2003, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) Қарсақбай зауытының мыс балқыту телімінде металл балқытатын конверторлік пештердің жөндеуші-шебері болып еңбек етті. Өндірістің қалыпты жұмыс істеп, сапалы өнім шығаруға маңдай терімен үлес қосқан Құлмағанбеттің еңбектегі ерлігін көргендер әлі күнге дейін таңдай қағады. Металды балқыту температурасы өте жоғарғы екені белгілі. Сол пештерді суытуға уақыт өткізбеймін деп, құлаған кірпіштерін, от камерасына дем беретін ауа үрлегіш көздерін қып-қызыл пешке кіріп жөндегенін көргендер аз емес. Мұндайда Құлекең үстіне әлсін-әлсін суық су құйғызып тұрып жұмыс істейді екен.

Қ. Әбілдинов кешегі өткен майданда да сондай ерлік көрсеткен жауынгер. Ыстық пеште жұмыс істегенде шоқ ұшқыны, металл қорытпасының тамшысымен шұрық-шұрық тесілген, киізден тігілгін киімдерін мұражайға экспонат ретінде тапсырды. Оны қабылдап алған ғылыми қызметкерлер «Аға, киіммен өртеніп кетпей қалай аман қалғансыз?» деп таң қалды. Құлекең болса «Е, қарақтарым-ай, біз бұл киіммен бірнеше рет жанып тұрған пешке кіргенбіз» дейтін көрінеді жайбырақат қалпында. Бір бұл ғана емес, ол қолына түскен, мұражайға лайық деген дүниенің бәрін жасына қарамай, сонау Қарсақбайдан өз қолымен әкеп беріп жүрді. Өзінің киген тақиясы, тымағы, қурайдан қиып жасап тартқан сыбызғысы, қынабына салып жүретін пышағына дейін табыс етті. Қ. Әбілдиновтың өз өмір тарихында да ғибратты естеліктер жеткілікті. Ұлы Отан соғысында алдыңғы шепте майданға қатысып, 76 мм зеңбіректерге ат арбамен снаряд тасушы болған. Көз алдыңызға елестетіп көріңіз: фашистердің қарсы алдында, снаряд тиеліп келе жатқан арба нысанаға ең бірінші ілігетіні түсінікті.

— Маке, талай рет от ішінен, өлім аузынан аман қалдым. Сонда анамның айтқан аманаты, тілегі есімнен кетпеуші еді, — дейді майдан жолдарын еске түсіргенде.

Анасы баласын соғысқа аттандырып тұрып:

— Қарағым, «жалғыздың жаршысы құдай» деген. Алла тілеуімді берсе, сені қорғайды. Қатарыңнан қалмай азаматтық борышыңды өте. Маған алаңдама, қолыңнан келгенше аянбай еліңді қорға. Құдай көрісуге жазса, аман-есен ораларсың, — деп аманат айтыпты.

Алғы шепте жүрген жауынгерге небір қиын сәттерде анасының ақ тілеуі қуат берген секілді. Арбаға жегілген ат оққа ұшып, оқ-дәрі тиелген көлік от болып лаулап, аударылып жатқанда аман қалған Құлекеңді шындығында ананың құдіреті қорғаған.

— Соғыс аяқталып, елге аман-есен оралдым. Түн қараңғысында ауылға жетіп, жүрегім алып-ұшып, туған үйімнің есігін ашсам, анам Шаштыбике табалдырықтың бір бұрышында, тақыр тулақтың үстінде, бір уыс болып жатыр екен. Сөйтсем, қайран шешем мен аттанған күннен осындай ырым қылып, жылы орын, мамық төсектен безіп, жалаңаш тулақ үстінде, білегін жастық қылып тілеуімді тілепті. Ұлым көрген ауыртпашылықты бірге көтерейін деген ғой жарықтық.

М. Төрегелдин. «Мәдени мұра», Қарағанды, 1998


Әбілдинов Мұхамбетжан (01.12.1935, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай зауыты орналасқан жердің иесі Қарсақбайдың шөбересі. Еңбек жолын 1951 жылы жергілікті поштада пошта таситын автокөлікте жүргізуші болып бастаған. 1952 жылы Қарсақбай зауытының автокөлік шаруашылығына слесарь болып жұмысқа қабылданды. 1954—1957 жылдары Кеңес әскерінің Архангельск қаласында әуеге қарсы қорғаныс күштерінің қатарында әскери борышын өтеді. 1958—1960 жылдары Қарсақбай кеңшарында жүргізуші болып еңбек етті. 1960 жылдан 1986 жылы зейнеткелікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытында көлік жүргізуші болып абыроймен еңбек етті. Жұбайы Битенова Қолқоз екеуі бес ұл, бес қыз тәрбиелеп өсірген.

Әбілдинов Мұхамбетжан

Әбілдинов Сейтжаппар (1925, Ақмола губерниясы, Қарсақбай қалашығы — 1995, Жезқазған облысы, Сәтбаев қаласы) — КСРО-ның Құрметті металлургі (1972), Қарсақбай зауыты орналасқан жердің бұрыңғы иесі Қарсақбай Әуелбекұлының шөбересі. Төрт сыныптық білімі бар, әкеден ерте айырылған он бес жасар Сейтжаппар 1940 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытына қабылданады. Содан 1975 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін зауытта үзбей еңбек етеді. 1942 жылдан ОЭС-да көмір тасушы, 1955 жылдан металлургиялық цехта аға фурмашы, 1964 жылдан аға тиеуші болып істеді. С. Әбілдиновтың еңбек кітапшасы алғыстар мен ақшалай сыйлықтар алғаны туралы жазбалармен жайнап тұр. Ол «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» (1970), «Социалистік еңбек үздігі» төсбелгісімен және мемлекеттік грамоталармен марапатталған.

М. Бақытұлы


Әлиакпаров Қаппас (1918, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Терісаққан болысы). 1930 жылы анасы Қарсақбай зауытында жұмыс істеп жұрген ұлдарын жинап алып, «қысы жылы, жері құнарлы оңтүстікке көшейік» деп ой салды. 1932 жылы Мақтааралға баратындардың тізіміне ілегіп, Жосалы арқылы Шымкентке келді. Әлиакпаров фабрика-зауыт оқуы мектебінде радист мамандығын меңгерген. Шымкенте ауылшаруашылық техникумында оқып жүргенде 1939 жылы кеңес әскеріне шақырылған. ҰОС алғашқы айларында жау қолына тұтқынға түскен. Одан қашып шығады. 1943 жылы 3 ақпанда Ровно маңайында әрекет етіп жатқан атақты Д.Н.Медведевтің «Жеңімпаздар» партизан отрядына кіреді. Кеңес Одағының Батыры барлаушы-партизан Николай Иванович Кузнецовпен бірге қимыл жасаған. Берлинді алу үшін болған айқаста ауыр жараланған. Елге оралған соң Қарсақбай мыс зауытының өндірістік орындарында жұмыс істеген. 1962 жылы Жезқазған үй құрылысы комбинатында директордың орынбасары болып қызмет етті. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, жауынгерлік және еңбектегі жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін медальдармен марапатталған. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы.

Әлиакпаров Қаппас

Әлменов Болат Жолмұханұлы (12.05.1968, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай металлургиялық зауытының техникалық жабдықтау бөлімінің жұмысшысы. Еңбек жолын 1989 жылы сәуірде зауытта газдыэлектрдәнекерлеуші болып бастаған. «Қазақмыс» корпорациясының жүйесінде істеп жүрген жұмысында Әлменов өзін тек жақсы жағынан көрсетіп, өмірлік ынтасын телім мен зауыттың қоғамдық өміріне белсене жұмсайды. Оның еңбегін зауыт әкімшілігі бағалап бірнеше рет ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапаттаған.


Әлібеков Әкбай (1931, Қызылорда облысы, Қарсақбай ауданы, Айыртау ауылы — 2015, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) 1944 жылы 13 жасында Қарсақбай темір жолына көмекші жұмыстарға қабылданды. Уақыт өте келе токарь мамандығын меңгеріп алады. Ол кезде тар табанды жолға лайықталған паровоздар мен вагондар кеңес жағында шығарылмайтын болған. Істен шыққан тораптар мен бөлшектерді жергілікті жерде қолдан жасап шығаруға тура келді. Осындай жағдайда жөндеушілермен токарьлар бөлшектерді жасауда оңтайландыру әдісін қолданып, берік және алмастыруға ыңғайлы бұйымдар шығаруды игеріп алды. Осының нәтижесінде ХХ ғасырдың басында ағылшындар, кейін кеңес инженерлері алдырған паровоздар мен вагондар ұзақ жылдар қолданыста болды. Әлібеков зауытта қолы алтын, ойұшқыр аты танымал рационализатор да болды. Қарсақбай зауытының жабылуына байланысты Әлібеков 1975 жылдан Жезқазған мыс қорыту зауытында балқытушы болып істеді.

Әлібеков Әкбай

Әміралин Әбілқасен (1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы — 1991, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) — Ұлытау өңірінен шыққан тұңғыш журналист. Қарсақбай ауданы «Қызыл Кенші», Ұлытау ауданы «Коммунизм туы» газеттерінде редактор, Қарағанды облысы «Советтік Қарағанды» газетінің бөлім менгерушісі болған. Жезқазған облыстық телерадиохабарларын тарату комитетінде бас редактор болып істеген. «Жамалым — жаным, амалым — наным», «Жөкей сот», «Май сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер» атты және басқа мақалалары мен фельетондары танымал болған. 1943 жылы Шашубай мен Болманның айтысын ұйымдастырған, өзі ақын Иманжан Жылқайдаровпен айтысқан. 1985 жылы Қарсақбай-Жезқазған өңірі өнеркәсібінің дамуы жайлы «Арқада туған алып» атты публицистикалық кітабын жазған. Қазақстан Журналистер одағынын алғашқы мүшелерінің бірі. Бірнеше медальдармен марапатталған.


Әубәкіров Мұханбетқали Смағұлұлы (19.12.1956, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай орта мектебін бітірген соң еңбек жолын Қарсақбай металлургиялық зауыттың темір жол орталығында слесарь болып бастаған. 1980 жылы қаңтарда АТС-ке электромонтер болып жұмысқа қабылданды. 1980 жылдан 1998 жылға дейін зауыттың электр-қосалқы шаруашылығында көлік жүргізуші, кейін механик болды. 1999 жылдан осы күнге дейін көлік телімінде шебер болып еңбек етеді. Әубәкіров ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, зауыттың 85-жылдығына орай «Нива» автокөлігімен және басқа да зауыт әкімшілігі мен кент әкімдігінің бағалы сыйлықтармен марапатталған.


Бабасов Әлихан Гайнуллаұлы (1983, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Мәскеу қаласындағы тау-кен университетін (2008) бітірген. Экономика мамандығы бойынша философия докторы (PhD) (2014), экономика ғылымдарының кандидаты (2012). Тау-кен инженері Бабасов еңбек жолын «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігі жер асты кеніштерінде ауысым шеберлігінен бастады. Жас маман өндірісте бастамашылдығымен, іскерлігімен көзге түсті. Ауысым шеберлігінен жерасты телімінің техникалық жетекшісі, содан кейін «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігінің техникалық және инвестиция жобалау бөлімінің экономика жөніндегі маманы болып тағайындалды. 2014 жылдың қаңтарынан «Қазақмыс» корпорациясына қарасты бас жобалау институты техникалық-экономикалық бөлімінің бас маманы. 2012 жылы «Қазақмыс» Тобы конкурстік таңдау негізінде ұйымдастырған «Таланттарды дамыту» бағдарламасы бойынша «Үздік бизнестік жоба дайындау» номинациясынан жеңімпаз болды.

«Мысты өңір», 2015 ж. 16 қазан, Серік Қуанышбайұлы.


Багреев Иван Григорьевич (1899, Ресей, Курск облысы, Щебек ауданы, Нещеголь селосы — ө.ж.б.) — 1935 жылы Москва түсті металдар институтын бітірген инженер-металлург. Жастайынан кеңес өкіметін қорғауға белсене қатысқан. Институт бітіргеннен кейін Москва облысындағы қалайы зауытында инженер (1935), Кыштым электролит зауытының директоры (1937), Пермь облысындағы Медногорск комбинатының директоры (1939), Орск никель комбинаты №2 цехының бастығы (1946). 1947 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының директоры болып тағайындалған. Багреев директор болып істеген 1947—1955 жылдары зауыттың өндірістік қуаты 3 есе артты. Қарсақбай кентінде тұрғын үй құрылысы кең қанат жайды. Көшелер абаттандырылды, жаңадан скверлер пайда болды. Багреев Отан алдындағы қызметі үшін Ленин (1939), «Құрмет белгісі» (1942) ордендерімен, «Үздік еңбегі үшін» (1949) медалімен марапатталған.


Бағаналы ауданы Ақмола облысы, Атбасар уезі аумағында 1920 жылы 11 мамырда құрылды. Орталығы — Қарсақбай зауыты. Ол тікелей Атбасар уездік атқару комитетіне бағыныста болды. Оның құрамына 10 болыс енді. Олар — Айыртау, Айнакөл, Жаңа Сарысу, Жезді, Кеңгір, Құмқоңыр, Сарысу, Таранкөл, Ұлытау, Үлкен Жезді болыстары. Осы аралықта Балталы, Баршақұм, Қарабала, Қаракеңгір болыстары таратылған. 1921—1922 жылдары Үлкен Жезді, Айнакөл болыстары Жезді болысымен, Айыртау болысы Ұлытау болысымен, Таранкөл болысы Кеңгір болысымен бірікті. Әуелде ауатком төрағасы Хасен Қасқабаев болды. 1922 жылы 26 шілдеде Бағаналы ауданын таратқанда оның құрамында болған болыстар Ақмола губерниясының Атбасар уезіне берілді.


Байғорин Шәймен Байғараұлы (1932, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Ворошилов атындағы ұжымшар — 1989, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай қалашығы) 1956 жылы кеңес әскер қатарында әскери міндетін өтеп келісімен Қарсақбай мыс қорыту зауытында балқытушы болып еңбек жолын бастады. Кейін ауысым шебері, аға шебер, электр пеші бөлімінің бастығы болып 1982 жылы зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. 1969 жылы Қарағанды облыстық Кеңесіне депутат болып сайланған. Ш. Байғорин сіңірген қажырлы еңбегін мемлекет жоғары бағалады. Ол Еңбек Қызыл Ту (1974) орденімен, «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуы құрметіне» (1970) медальдармен марапатталған.


Байжіқов Қаржан (1907, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, №8 ауыл — ө.ж.б.) 1928 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының темір жол бөліміне отжағушы болып орналасқан. 1931 жылы металлургиялық цехқа қара жұмыскер болып ауысады. Өндірісте жүріп металлургтердің жүріс-тұрысына, мамандығының қыры-сырына, тұрмыс-тіршілігіне қаныға берді. 1932 жылы дабылшы, 1933 жылы кіші горновой, 1933 жылдан зейнеткерлікке шыққанша фурмовшы, аға фурмовшы, 1946 жылы аға конверторшы болып үздіксіз еңбек етті. Мінсіз қызметі және ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Байзақов Хамзе (1896, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау өңірі — ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауыты металлургия цехына 1929 жылы 22-желтоқсанда қара жұмыскер болып жұмысқа қабылданған. 1930 жылдың 16-сәуірінен тиеуші, 1932 жылдың 18-тамызынан горновой, 1938 жылдың 7-сәуірінен балқытушы. 1938 жылдың 11-шілдесінде ауысым шебері болып тағайындалады, 1949 жылдың 15-қарашасында балқытушы мамандығына қайта оралады. 1945 жылы КОКП мүшелігіне қабылданады. Байзақов Ұлы Отан соғысы жылдары ауысым шебері болса, оның кіші інісі байыту фабрикасында машинист, екіншісі флотатор, үшіншісі шарпу пешінде горновой, төртіншісі конвертор цехында фурмовщик болып жоғары өнімді еңбек етті. Байзақов Еңбек Қызыл Ту орденімен (1949), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Байқоңыр көмір ошағы Қарсақбай кентінен оңтүстік батысқа қарай 60 км жерде орналасқан. Көмір өндірілген жер иесінің есімімен әуелі Шоқпар, кейін көмірлі аймақты 1905 жылы ағылшындарға жалға берген жамантымақ қыпшақ Байқоңыр байдың атымен аталған (Географические названия мира. Топономический словарь. М. Аст. Поспелов Е., 2001). Ағылшындар геологиялық барлау жұмыстарын қарқынды жүргізді. Бірнеше жылда қоңыр көмір қоры 714840 т жеткізілді. Бұл жылына 56500 т көмір өндірілсе, ол жылына 5000 т қара мыс беретін Қарсақбайды мыс қорытуға 12 жылға қамтамасыз ететіні анықталды. Сондықтан да зауыт Жезқазған мен Байқоңырдың тең ортасында дерлік Қарсақбай ашағында салынатын болды. Олардың арасы ұзындығы 120 шақырым тартабанды темір жолмен байланыстырылған.

Байқоңыр көмір ошағында 1911 жылы 200-дің үстіне жұмысшы болды. 1911—1917 жылдары 34419 т қоңыр көмір өндірілген. Оны негізінен Қарсақбай, Жезқазған және Байқоңыр кенттерінің тұрғындары, жергілікті өндіріс отын ретінде жақты. Ұлы Отан соғысы жылдары көмір өндірісі бірнеше есе артып, жылына 130 мың тоннаға дейін жетті. Жезқазған өнеркәсіп ауданы көмірмен жеткілікті қамтамасыз етілді. Көмір ошағында орта есеппен 650—790 адам жұмыс істеді. Қарсақбай мыс қорыту зауыты іске қосылғанда 1937 жылы Қарағанды-Жезқазған темір жолы арқылы Қарағандының жоғары қызулы тас көмірі жеткізілгенше Байқоңырдың көмірін пайдаланды. Байқоңырда көмір өндіру 1961 жылы тоқтады.


Байқоңыров Өмірхан Айтмағанбетұлы (14.9.1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы — 15.3.1980 ж., Алматы) — техникалық ғылымдар докторы (1972), профессор (1959), Қазақ ҒА-ң академигі (1962), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері (1971). Әкесі Айтмағанбет Қаракеңгір бойынан көшіп келіп, жаңадан салынып жатқан Қарсақбай мыс қорыту зауытының құрылысына жұмыскер болып кірген. Ұлы Өмірхан ағаш шеберінің оқушысы. Күн тәртібінде жас қазақ жұмысшыларын дайындау өткір тұрды. Еңбекқор, білімге құмар жас жігіт Қарсақбай фабрика-зауыт мектебін бітіреді. Содан кейін Қарсақбай геологиялық кен барлау кеңсесінде коллектор болып істейді. Бірде Өмірханның әкесін Қ. Сәтбаев шақырып, былай депті: «Алеке, сіздің ұлыңыз жақсы азамат болып өсіп келеді. Ақылды, ойлы жігіт, бастамашыл және іздемпаз азамат болып өсіп келеді. Оқуы керек. Ол кәсіптік мектепте оқып жүрген соңғы жылдары тамаша бұрғышы болды, оқу бітіргеннен кейін үздік коллектор. Алайда табиғатынан дарынды баланы ұстай беруге болмайды, оқыту керек. Сіз, Айтмағанбет аға, келісіңіз, мен батырыңызға Қазақ кен-металлургия институтына түсуге ұсыныс-жолдама беремін. Менің мына сөзімді ұмытпаңыз, түбі қарсақбайлық коллектор академик болады». Айтекең де Қаныш Сәтбаевтың ақылымен келіседі. Ө. Байқоңыров 1935 жылы Қазақ кен-металлургия институтына оқуға түседі. 1940 жылы институтты бітіріп, тау-кен инженерінің дипломын алады. Өзіне етене жақын Жезқазғанға оралады. Әлі де сонда еңбек етіп жүрген және осы уақытта есімі Одақ, Қазақ еліне кеңінен танымал болған Сәтбаевпен қызметтес болады. 1941—1952 жылдары Жезқазған кен басқармасында басшылық қызметтер атқарған. 1952—1962 жылдары Қазақ кен-металлургия институтының басшысы. Негізгі ғылыми еңбектері жер астында кен қазу жұмыстарын кешенді механикаландыруға, қазба орындарының сейсмикалық қауіпсіздігін және тау-кен жыныстарының физика-механика қасиеттерін зерттеуге, т.б. арналған. Ол жер астынан кен алу жүйелерінің матрицалық жіктелімін және оларды үйлесімдендірудің геометрикалық тәсілін жасады. Сондай-ақ кен өндірудің техникалық-экономика тиімділігі жоғары кенүңгірлік жүйемен шапшаң бұрғылаудың жаңа тәсілін тауып, өндіріске енгізген. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған. Жезқазған университетіне аты берілген.


Байманов Мұхамбет (1924, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қарсақбай болысы, Қарсақбай кенті — 2001). 1939—1942 жылдары ұжымшар мүшесі. 1942—1945 жылдары ІІ дүниежүзілік соғысқа белсене қатысқан. Бірінші Украин майданында Харьков облысын, ІІ Прибалтика майданында Литва, Эстония, Латвия республикаларын азат етушілер қатарында болған. Рига қаласын жаудан босатуда көрсеткен ержүректілігі және тапқырлығы «Ерлігі үшін» медалімен атап өтілген. 1945 жылы 24 маусымда Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысқан. Әскерден оралғаннан кейін 1950—1980 жылдары еңбекшілер депутаттары Жезді кенттік атком төрағасы, Ұлытау ауаткомның бөлім меңгерушісі, Жезқазған банкілерінде қызметкер. І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, 10 медальмен марапатталған».

Менің әкем жайлы «Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедиясында осындай ақпарат басылған екен. Батыр, епті, алғыр кісі болған. ІІ Прибалтика майданының құрамындағы саперлер бөлімшесінде өмір мен өлім арасында жүріп, жауынгерлік міндетін мінсіз атқарған. Осыны бағалаған дивизия командирі оны 1944 жылы 14 желтоқсанда Москва қаласында екі жылдық офицерлер курсына жібереді. Осы жылы әскери-техникалық мектепке оқуға қабылданады. Үздік оқиды, қатаң тәртібімен көзге түседі. Кеңес әскерінің офицері болуды армандаған. Мектеп бастығы генерал-майор Медведов Отан үшін қанын төккен жауынгерді Москвада 1945 жылы 24 маусымда өткен Жеңіс парадына қатысуды ұсынған. Осылай Ұлытау өңірінен Жеңіс парадына қатысқан жалғыз жауынгер болу бақытына ие болды.

Мен әкемнің алпыстан асқан шағында дүниеге келген екем. Атымды Аңсаған қойыпты. Балалық шағымда мойынына мінгізіп, еркелетіп өсірді. Мен де әке жолын қуып, тәуелсіз Қазақстанның әскері қатарында болуды мақсат еттім. Қазір ұлттық гвардияның құрамында қызмет етемін.

Аңсаған Мұханбетұлы, аға лейтенант.


Баймендинов Ермағамбет (1895, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы–ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауытындағы еңбек жолын 1930 жылы құрылыс цехында қара жұмысшы болып бастаған. 1933—1934 жылдары металлургиялық цехта вагонет жылжытушы болып еңбек етті. 1934—1935 жылдары кен бұзушы болды. 1935—1937 жылдары горновой, ал 1937—1952 жылдары аға горновой болып еңбек етті. 1952—1954 жылдары Қарсақбай темір жолына қазаншы болды. 1954 жылы өз еркімен күрделі құрылыс бөліміне жұмысшы болып ауысты. 1956 жылы 31 мамырда ІІ топ мүгедектікке шығуына байланысты жұмыстан босатылған. Е. Баймендинов өзін адал және білікті жұмыскер ретінде танытты. Ай сайынғы берілген жоспарды 110—115% асыра орындап отырған. Металлургиялық цехтің қоғамдық жұмыстарында белсенділік танытқан. Жасына қарамай сұрапыл соғыстың қиын кезінде зауыттағы ең ауыр жұмысты өзіне алып, тәуліктік норманы орындай алмаған кезі болмаған. 1946 жылы «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдардағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Баймендинов Жүнісбек (1905, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы– ө.ж.б.) еңбек жолын 1934 жылы Қарсақбай орталық электр станцияда қара жұмысшы болып бастады. 1935 жылы зауыттың Кен алаңыда жүк тасушы болып ауысты. Сол жылдың тамыз айында өз еркімен жұмысты тастап кетті. Бірақ, екі айдан кейін қайтып жұмысқа шақырылып, 1935—1936 жылдары сол Кен алаңында жұмысшы болып істеді. 1936—1940 жылдары электр станциясына шуровшы, 1940—1941 жылдары Қарсақбай темір жолында от жағушы болды. 1941—1947 жылдары ОЭС-да компрессор машинисінің көмекшісі. 1947—1950 жылдары сол жерде тіркеуші. 1950—1951 жылдары күл тасушы. 1951—1955 жылдары жүк түсіруші. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Баймұхамедұлы Мұхамедия (1902, Орынбор облысы, Торғай уезі, Қызылжыңғыл болысы, Білеуті өз. Бойы — 1984, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) — дін қайраткері. Әкесі Уайсұлы Баймұхамед (Баймен аталып кеткен) арабша білімі бар кісі болған. Қарнақ медресесін бітірген. Шешесі Достәуірқызы Рахия да арабша білімді болған. Мұхамедия 14 жасына дейін ауылда өз атасы Уайс қажыдан, Әубәкір қажыдан, әкесі Баймұхамед молдадан арабша білім алған. 14 жасынан 22 жасына дейін Жаңақорғанның «Ақтас» мешітіндегі медреседе оқып, оны үздік бітірген. 1937 жылға дейін ауылы Өзкентте араб тілінен сабақ берген. 1937—1941 жылдары Жезқазған аудандық төлқұжат столының бастығы. 1941 жылы Ұлытау аудандық қаржы бөлімінің бастығы, 1944—1949 жылдары осы ауд. тұтынушылар қоғамының басқарма төрағасы қызметін атқарған. 1949 жылдан Қарсақбай теміржол станциясында еңбек етті, сол жерден зейнеткерлікке шықты. Енді өмірін Алланың ақ жолын, мұсылмандықты, ислам өркениетін түсіндіріп, насихаттауға арнады. Атеистердің айла-шарғы құйтырқы әрекеттеріне қарамастан сенімінен қайтпады. 1983 жылы 6 мамырда Жезқазған қаласында алғашқы мешітті ашты. Ол мешіт Комбинат елді мекеніндегі Дайрабай деген кісінің үйінде орналасқан. Мұхамедия қожа діни бірлестіктің жиналысында тұңғыш ашылған Жезқазған мешітінің имамдығына сайланды.


Байтасов Рахымбек (1908, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау болысы — 1982) 1927 жылы Жезқазған кенішінде жұмыскер. Қарсақбай байыту фабрикасында электр монтері, ауысым бастығы, фабрика бастығының орынбасары. 1931—1932 жылдары Свердловскідегі кен-металлургия институты жанындағы өнеркәсіп академиясының тыңдаушысы. 1939 жылы Жезқазған аудпарткомының бөлім меңгерушісінің орынбасары, 1940 жылы Жезқазған аудпарткомының кадрлар жөніндегі хатшысы, 1943 жылдың мамырынан 1945 жылдың сәуіріне дейін еңбекшілер депутаттары Жезқазған аудандық кеңесі атком төрағасы. Кейін Кеңес Одағындағы ең үлкен «Байқоңыр» қой кеңшарының директоры болды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерлік еңбегі үшін» медалімен, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.


Балбырауын темір кені — Қарсақбай кентінен оңтүстікке қарай 5 км жерде орналасқан кен орыны. Барлау жұмыстары 1931—1949 жылдары Қ. Сәтбаевтің басқаруымен жүргізілген. Горизонтта 30-ға жуық кен денелері бар, олардың өлшемдері әр түрлі: бірнеше метрден 5 км-ге дейін жетеді. Ұсақ түйіршікті кварц және гематит агрегаттарынан тұратын темір-кварцит кентасындағы Ғе мөлшері 40%-ке жетеді. Барланған қоры 125,5 млн. т, оның 80%-ін ашық әдіспен өндіруге болады. Кенді байыту технология жоқтығынан Балбырауын темір кені игерілмей келеді.

«Ұлытау. Ұлытау ауданы» энциклопедия. Астана, 2018. 151-бет.


Балқыбаев Әбдірасыл (1931, т.ж.б. — 2010, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) Қарсақбай фабрика-зауыт мектебінде оқып, жөндеуші, флотатор мамандықтарын меңгеріп шығады. 1948 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасына әуелі классификаторшы, кейін диірмен машинисі болып тағайындалды. Табиғатында сөзден гөрі еңбекке бейім жас жігіт бұл жұмысты қысқа мерзімде игеріп, дөңгелетіп әкетті. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында Жезқазғанда қуатты байыту фабрикасы салынып, Қарсақбайдағы фабрика өз жұмысын тоқтатты. Балқыбаев Жезқазғанға жұмысқа шақырылды. Жезқазғандағы байыту фабрикасындағы өндіріс технологиясы Қарсақбаймен салыстырғанда күрделі екен. Сондықтан да ішінде Балқыбаев бар бірнеше қарсақбайлық жігіттерді Балхаштағы комбинатта өндірістік тағлымдамадан өткізуге жіберді. Бұл жылы көп нәрсеге көзі қанығып, үйреніп, біраз нәрсені ой сарабынан өткізіп, көңілге түйіп қайтты. Жезқазған байыту фабрикасында да диірмен машинисі болып істеді. 1988 жылы зейнеткерлікке шыққанда осы мамандық бойынша еңбек өтелі барлығы 40 жыл болды.

Балқыбаев Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Балтабаев Байжан (1910, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Бала Жезді — ө.ж.б.) Еңбек жолын 1932 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының металлургиялық цехында қара жұмысшы болып бастаған. 1932—1934 жылдары Орталық электростанциясында шуровшы. 1934—1936 жылдары Қарсақбай темір жолында жұмысшы. 1936 ж. металлургиялық цехке жұмысшы болып ауысты. 1936—1937 жылдары сол цехте жүк тиеуші. 1937—1939 жылдары кіші горновой, ал 1939—1946 жылдары аға горновой болды. 1939 жылдан бастап БК (б) П мүшесі. Алдына қойылған еңбек жоспарын күн сайын орташа 107% орындап отырды. Қарсақбай мыс қорыту зауытында Б. Балтабаевтың адал еңбегі жоғары бағаланды. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет ақшалай сыйлықтармен марапатталған.


Бапов Әйтен (1920, Қостанай губерниясы, Торғай уезі, Қайдауыл болысы, №5 ауыл — 1986) — ІІ дүниежүзілік соғысының ардагері. 1944 жылдан бастап Қарсақбай кенттік кеңесі атком төрағасы, кейін Қарсақбай мыс қорыту заводының кадр бөлімінің бастығы, Қарсақбай МТС-да, «Байқоңыр» кеңшарында партком хатшысы, «Шеңбер» кеңшарының директоры қызметтерін атқарды. 1976 жылдан өмірінің соңына дейін «Жайремтяжстрой» тресінің кадр бөлімінің бастығы. Бапов І және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, медальдармен марапатталған.


Бәйменов Әлихан Мұхаммедияұлы (1959, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) — мемлекет және қоғам қайраткері, Техника ғылымдарының кандидаты (1988), доцент (1991). Жаратылыстану ғылымдары Ұлттық Академиясының мүшесі. Қарағанды политехникалық институтын (1981) бітірген. 1981—1992 жылдары ҚарПТИ Жезқазған филиалында ассистент, аға оқытушы, доцент, Жезқазған тау-кен технология институтында деканның орынбасары болып істеді. Кейін әкімшілік-басқару жұмысына ауысып, Жезқазған облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 1995—1999 жылдары ХІІІ шақырылған ҚР Жоғары кеңесінің депутаты. 2003—2007 жылдары ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, 1997—1998 жылдары ҚР Еңбек министрінің орынбасары, бірінші орынбасары, Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 1997—1998 жылдары Премьер-министр кеңсесінің жетекшісі. 1998—1999 жылдары Президент Әкімшілігінің жетекшісі болды. 1999—2001 жылдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2011 және 2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы. 2001 жылдан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігі саяси кеңесінің мүшесі, «Ақжол» демократиялық партиясының тең төрағасы — саяси атқару комитетінің төрағасы болды. Ә. Бәйменов 2014 жылғы қыркүйектен мемлекет қызмет саласы бойынша өңірлік хаб басқарушы Комитетінің төрағасы. «Ұлытау» қоғамдық қозғалысына жетекшілік (1989) етті. Тоғызқұмалақ бойынша халықаралық және республикалық федерациялардың президенті. Бірқатар ғылыми, ғылыми-көпшілік және әдеби-көркем шығармаларының авторы.


Бәтеев Қарабек (15.01.1912, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы — 19.03.1996, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) еңбек жолын 1939 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында жүк тиеуші болып бастаған. 1944 жылдан откатчик, 1951 жылдан ҚТЖ-да слесарь, 1953 жылдан вагон бақылаушы, 1963 жылдан 1967 жылғы 7 шілдеде зейнеткерлікке шыққанға дейін вагон депосында бригадир болып еңбек етті. Қ. Батеевтің еңбек кітапшасы жұмысына жауапты қарағаны үшін алғыстар мен ақшалай сыйлық алғаны туралы жазбаларға толы. Ол 1943 жылы соғыс қажеттілігіне атқарған нәтижелі жұмысы үшін стахановшылардың қатарынан көрінді. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жалдарындағы ерең еңбегі үшін» (1946) медалімен, «Коммунистік еңбегінің үздігі» (1966) төсбелгісімен және мемлекеттік грамоталармен марапатталған.


Бегімбетов Әбдібай (1917, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қарсақбай елді-мекені — 1998, Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы) Ұлы Отан соғысының майдангері. 1939 жылы кеңес әскерінің қатарына шақырылды. Ақфиндермен, фашистік Германиямен, милитаристік Жапониямен соғысуға қатысты. Елге 1947 жылы оралғаннан соң ұжымшар партия ұйымының хатшысы, ұжымшар басқармасының төрағасы болып сайланған. 1952 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытына жұмысқа түседі. Металлургия цехында аспалы кран машинисі, балқытушы болып еңбек еткен. Өндірісте тапсырманы жыл сайын 102% асыра орындап отырған. Мінезі баладай ақкөңіл, ешкімнің бетін қайтармаған, жұмыс орынында жауаптылығымен, біліктілігімен көзге түскен. Өз мамандығына оннан астам жас жігітті үйреткен. «Ерлігі үшін» (1943), «1941—1945 Отан соғысы жылдарыфашистік Германияны жеңген үшін», «Жапонины жеңген үшін» медальдарының иегері. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасымен марапатталған.


Бейсекбаев Әбдіраман (1909, Ақмола облысы, Атбасар уезі) — Қарсақбай байыту фабрикасында аға фильтровщик. Уақтау цехында 1930 жылдың 31 желтоқсанынан откатчик болып еңбек жолын бастады. 1933 жылдың шілдесінен байыту фабрикасында фильтровщик. Тәжірибелі байытушыны 1938 жылы шілдеде жобалық қуатын игеруде үлкен қиыншылық көріп отырған Балқаш байыту фабрикасына мамандығы бойынша жұмысқа жіберілді. Ол мұнда 1 жыл 7 ай 18 күн еңбек етті. Қарсақбайдың атын ақтады. 1940 жылдың 4 мамырынан зейнеткерлікке шыққанша Қарсақбай байыту фабрикасында аға фильтровщик болып еңбек етті. Еңбек Қызыл Ту орденімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» (1950) марапатталған.


Бексұлтанов Қуанышбек (12.05.1928, Көкшетау облысы, Зеренді ауданы, «Қызыл егіс» ауылы — 1996) — инженер-металлург. Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері. 1948 жылы Зеренді ауылдық мектебін басында қазақша, кейін орысша оқып, бітіріп шыққан. 1948 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтына түсіп, оны 1953 жылы түсті, сирек және асыл металл металлургиясының инженер-металлургі мамандығы бойынша бітірген. 1953 — 1954 жылдары Қарсақбай мыс қорыту зауытының байыту фабрикасында ауысым шебері. 1954 — 1956 жылдары байыту фабрикасының технологы. 1956 — 1957 жылдары Қарсақбай мыс зауытының ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығы. 1956 жылдан бастап КОКП мүшесі. 1957 — 1958 жылдары қайтадан байыту фабриканың технологы болды. 1958 — 1959 жылдары Жезді марганец кеніші партбюросының хатшысы. 1959 — 1960 жылдары Қарсақбай мыс зауыты партбюросының хатшысы. 1960 жылы 29 шілдеде Қ. Бексұлтанов Қарсақбай мыс зауытының директоры Купряков Ю. П. ғылыми жұмысқа ауысуына байланысты оның орнына директор болып тағайындалды. Зауыт директорлығына әріптесі, әрі тұңғыш қара домалақ қазақ баласы тағайындалғанын қарсақбайлықтар тәубе десіп, қушақ жайып, мақұлдап қарсы алды. Оған тағы бір себеп бар. Куанышбек қарапайым халық тілегіне сергек, өз ісінің білгірі, екі сөйлемейді, гуманитарлық салада да білімі терең, насихатшы. Осының заңды көрінісі оған Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағы берілген.

Жезқазған кен-металлургия комбинаты партком хатшылығына сайланды. Жезқазған мыс зауыты іске берілгенде шихта дайындау цехына бастық болып ауысты және бұл қызметті зейнеткерлікке шыққанша атқарды. КСРО-ың орден, медальдарымен марапатталған.

Дереккөз: «Жезқазғантүстімет» ӨБ архив қоры. М. Бақытұлы


Бектепберген ұста Үдербайұлы (1870, Торғай уезі, Қайдауыл болысы, Терісбұтақ өзенінің бойы — 1922, Қарақұм) — ұста, Амангелді Имановтың ағасы. Ауыл молдасынан және өз анасынан сауатын ашқан. Киіз үйдің шаңырағын, уық, керегесін, шана жасаған. Қарсақбай, Байқоңырға барып, өндірісте еңбек еткен. 1916 жылғы Торғай көтерілісікезінде Балықтың қарасуында ұстахана ұйымдастырып, қару-жарақ соғатын және жөндейтін ұсталар тобын басқарған.


Биназаров Қазыбай (18.02.1936, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай кенті) — КСРО түсті металлургия саласының құрметті металлург (1978). Жамбыл Жабаев атындағы алтыжылдық мектепте орташа білім алған. Еңбек жолын 1953 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытында токарьдын шәкірті болып бастаған. 1954 жылдан Қарсақбай темір жолында кочегар, 1959 жылдан машинист көмекшісі, 1961 жылдан темір жолдың бас кондукторы болды. 1975 жылдан 1986 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін Қарсақбай металлургиялық зауытының құю-механикалық телімінде дайындаушы, шихтовшы, ұста болып абыройлы еңбек етті. «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100-жыл толуы құрметіне» (1970), «Ерлік еңбек үшін» (1981) медальдарымен марапатталған.


Богатырев Марк Евсеевич (1902, Сталинград облысы, Илавлин ауданы — ө.ж.б.) 1913—1925 жылдары туған жерінде ауыл шарушылығы саласында еңбек етті. 1925—1929 жылдары Сталинград қаласындағы «Красный октябрь» зауытында жұмысшы, кейін бригадир болды. 1929—1930 жылдары сол қаладағы трактор зауытында тойтарғыш, бригадир жұмысын атқарды. 1930 жылдан бастап БК (б) П мүшесі. 1930—1933 жылдары Магнитогорск қаласындағы домна цехында шебер, домналарды монтаждау бойынша прораб болды. 1932 жылы домна пештерін монтаждауда нормасын асыра орындаған үшін Одақтық атқару комитетінің алғыс хатымен және ақшалай 200 рубльмен марапатталған. 1933—1934 жылдары Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» зауытында Мартен пештерін монтаждау бойынша шебер болып істеді. 25.10.1934 жылы Харьков қаласындағы Украина өнеркәсіп академияның металлургия факультетіне түсіп, 15.07.1938 жылы болат құюшы мамандығын алып шықты. Богатырев 1938 жылы 17 тамызда КСРО Ауыр өнеркәсібінің халық комиссары Л.М.Кагановичтың өкімімен Қарсақбай мыс қорыту комбинаты директорының орынбасары етіп тағайындалды. 1500 рубль жалақы бекітіліп, жеке пәтер берілді. 1938 жылы Қарсақбай комбинатынан Жезқазған мыс кеніші заңды тұлға болып бөлініп шықты. Байқоңыр көмір ошағы Қарсақбай мыс зауыт құрамында қалды. Зауыт директорлығына Богатырев тағайындалды.


Болманов Қыдырәлі Нұртайұлы (1964, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Өрнек ауылы) Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясын (1991) бітірген. 1987 жылы Грозный қаласында жас әншілер конкурсында лауреат атанған. 1988 жылы «Жігер-88» республикалық конкурсының лауреаты, 1990 жылы Данияда өткен «Борнхольм-90» халықаралық конкурсының бірінші орын иегері, 1991 жылы «Азия дауысы» халықаралық конкурсының дипломанты. 2001 жылы «Золотой диск» атты конкурстың жүлдегері болған. 2010 жылы «Бал-бала» атты ұлттық реңктегі ойыншықтар жасау жобасын іске асырған және осы идеяның авторы. 2001 жылы ҚР Прзиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан Алғыс хат алған. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.


Боранбаев Иса (1923, Қостанай облысы, Торғай уезі, Қайдауыл болысы, Байқоңыр кенті — 1984). Жастайынан әкеден жетім қалған он бір жасар жасөспірімді кеңес органдары Шымкент қаласындағы жетім балалар үйіне тапсырған. Оқуды жақсы оқыған Боранбаев Түркістандағы мәдени-ағарту қызметкерлерін даярлайтын екі жылдық мектепке оқуға жіберілген. 1942 жылы қаңтар айында өзі сұранып ҰОС аттанды. Елге 1945 жылы оралғаннан кейін Қарсақбай аудандық партия және атқару комитетінің жауапты қызметтерде істеді. Жезқазған кен-металлургия комбинатының мыс қорыту заводында партком хатшысы, қалалық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. СОКП Орталық Комитетінің 1954 жылғы ақпан-наурыз Пленумдарының қаулыларына сәйкес отыз мыңдықтардың сапында В. И. Ленин атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы болып сайланды. 1957 жылы наурыз айында оның негізінде құрылған Сарысу кеңшарының директоры. «Сарысу» кеңшары асыл тұқымды еділбай қойын өсіретін ірі қой зауытына айналды. 1973 жылы Жезқазған облыстық ауыл шаруашылығы жайылымдықтарын суландыру басқармасының бастығы болып тағайындалды. Еңбек Қызыл Ту (1964) орденімен, медальдармен марапатталған.

Боранбаев Иса

Бөкейханов Сергей (Үгедей) Әлиханұлы (1905—1957) — инженер-геолог. Алаш Орда автономиясын қалаушылардың бірі, «Алаш» қазақ ұлттық партиясының төрағасы, сол саяси аласапыран кезде ұлт көсемі атанған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың отбасында дүниеге келген. 1929 жылы Москва кен академиясын бітірді. Еңбек жолын Қарсақбай мыс комбинатында бастаған. Оған себеп болған Қаныш Сәтбаевтың жан-жақтан бұрғылаушылар мен инженер-техниктерді жинап, Жезқазғанда барлау жұмыстарын қарқындату еді. «Бөкейхановты Қарсақбайға баруға біржола көндірген сияқтымын» — деп жазады Қ. Сәтбаев Москвадан жұбайы Т.А.Кошкинаға жіберген хатында.

Бөкейханов 1930 жылы Қарсақбай комбинатының геологиялық кеңсесінде аймақтық геолог болып жұмысқа қабылданды. 1934 жылы Москвада өткен КСРО Ғылым Академиясының Үлкен Жезқазған мәселесін талқылаған төтенше ғылыми сессиясында жас геолог мінбеге шығып «Жезқазғанның кен аймағы және структурасы» деген тақырыпта баяндама жасады. Ол баяндама келесі жылы жарық көрген «Большой Джезказган» жинағында жарияланды.

1935 жылдан бастап, әкесі Москвадан шығу мүмкіндігінен айырылғандықтан, Бөкейханов өз мамандығы бойынша Оралдағы Блява мыс өндірісіне ауысады. Кейін Хакас автономия облысының Сор қаласында геологиялық барлау экспедициясының бас инженері болды. Мыс және уран кендері бойынша бірнеше ғылыми еңбектері жарық көрген.

Дереккөз: Қаныш Сәтбаев. Энциклопедия / Бас редактор Б.Ө.Жақып. Алматы. «Қазақ энциклопедиясы». 2011 жыл. М. Бақытұлы


Бөрібаев Сергей Әлімжанұлы (1943, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау селосы — 2004, Қарағанды облысы, Жезқазған қаласы) 1967 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша инженер-электрик болып еңбек етті. Кеңес әскері қатарында борышын өтеп келгеннен кейін партия қызметіне шақырылады. 1973—1983 жылдары Жезді ауданы «Байқоңыр» кеңшары партия комитетінің хатшысы болып қызмет атқарды. 1983 жылы еңбекшілер депутаттарының аудандық кеңесі аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы етіп бекіткен. Қарсақбай мыс қорыту зауыты жабылып, оның материалдық базасы негізінде шойын қорытатын зауыт қалыптасып жатқан кезеңде зауыттың партия бюросына жетекшілік етті, соңғына зауыттың бас инженері болып еңбек етті. Бөрібаев аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, ауаткомның мүшесі болды. Жұмыстың қай саласы болсын өзінің біліктілігімен, іске берілгендігімен, қағидашылығымен көпке көріне білді.


Бұқабаев Науан Қапарұлы (22.06.1935—23.05.2010) — инженер-металлург. 1960 жылы Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Қарсақбай мыс қорыту зауытында горновой (1960), аға инженер-зерттеуші, шарпу пешінің аға шебері (1961), өндірістік телімінің шебері (1962), конвертор телімінің бастығы (1963), металлургиялық цехтың бастығы (1972). 1973 жылы зауыттың бас инженері болып тағайындалды. 1979 жылы зауыт партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Мыс өндірісі тоқтап, зауытты басқа салаға бейімдеу қолға алынғанда тәжірибелік-сынақ телімін басқарды. Қазақ ұлттық металлургиясының қарашаңырағын мақтан тұтты, оның жабылып қалмауына атсалысты, шойын қорытатын тәжірибелік телімді өз қолымен іске қосты.

Бұқабаев Науан

Бұқарбаев Арықбай (1899, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы — ө.ж.б.) 1928 жылы Қарсақбай мыс зауытының электр станциясына шуровшы болып қабылданады. 10 жыл отжағушы, аға отжағушы, қазандықты тазартушы болып істейді. 1949 жылы шуровшы болды. Өзі сауатсыз болса да мамандығының қыры-сырын жетік білді. Марапат парағында зауыт директоры В. Багреев төмендегідей мінездеме береді: «Бұхарбаев жолдас орталық электр станциясындағы ең үздік стахановшылардың бірі, жұмыс нормасын 168% асыра орындап келеді. Өте үлгілі және адамгершілігі зор жұмысшы. Аса белсенді, бастамашыл, қажырғырлы. Өзіне де, өзімен бірге істейтін әріптестеріне де қатан талаппен қарайды. Тәртіпбұзушылық мүлде болған емес. Орталық электр станция қоғамдық өміріне белсене қатынасады. 1951 жыл 23 шілде». А. Бұқарбаев «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен, КСРО Жоғары Кеңесі төлалқасының қауылысымен елдегі ең жоғарғы марапат — Ленин орденімен (1951) марапатталған.

Бұқарбаев Арықбай

Бұлқышев Баубек (1916, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Сарлық ауылы — 1944, Украина, Днепропетровск, Софьевск ауданы, Серпухов селосы) — жазушы-публицист. Отан соғысының жауынгері. Шығармаларын қазақ, орыс тілдерінде жазған. Қарсақбайдағы ФЗО мектебін бітірген (1934). Алматы сауда-қаржы техникумында оқи жүріп, 1938 жылдың 1 қазанынан Қазақстан жазушылар одағы жанындағы жас жазушылар мен ақындар курсында оқыған. Көптеген өлең, «Балалық шақ» поэмасын, «Ауылдан Алматыға» атты әңгімесін жазды. 1939 жылы «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, кейін «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде бөлім меңгерушісі болған. Бұлардан соң Қазақ мемлекеттік баспасында іс басқарушы, «Лениншіл жас» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі. 1940 жылдың наурызынан Кеңес әскері қатарына шақырылып, Мәскеу әскери училищесінде оқиды. Ержүрек жауынгер Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету шайқастарының бел ортасында болды. 1944 жылдың бас кезінде майданда қаһармандықпен қаза тапты. Жезқазғанда, Жездіде, Ұлытау кентінде Бұлқышев атындағы көшелер бар. Сәтбаев қаласында орталықтандырылған кітапханаға жауынгер-публицистің есімі берілген. Ұлытау кентінде елімізде аты мәшһүр сұңғат өнерінің шебері Төлеген Досмағанбетов сомдаған Бәубек Бұлқышев пен Мұқан Иманжановтың ескерткіші көз тартып асқақ тұр.

Бұлқышев Баубек

Бүркітбаев Әшір (17.12.1906, Жетісу облысы, Сарысу уезі, Әшір Бүркітбай ауылы — 28.02.1938, Алматы қаласы) Ташкент балалар үйінде тәрбиеленген. Еңбек жолын Қарсақбай мыс қорыту заводында токарь (1925—1927) болып бастаған. 1927 жылғы қараша айынан бастап Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1929—1932 жылдары бірінші хатшысы, 1933 жылы Риддер қалалық партком бірінші хатшысы. 1934 жылы Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясын бітірген. Қазақстандағы алғашқы техникалық жоғарғы оқу орыны Қазақ кен- металлургия институтын (қазіргі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ) ұйымдастыру жұмыстарын басқарды және оның тұңғыш директоры (1934—1937) болды. Бүркітбаев 1937 жылы саяси қуғын-сүргінге ұшырап, ату жазасына кесілді. 1958 жылы 25 наурызда толық ақталды.


Бізге мыс кені, тағы мыс кені керек. Осы тақырыппен Қарсақбай металлургтері 1941 жылы 18 қарашада Жезқазған кеншілеріне ашық хат жолдады. Онда былай деп жазылған:

Анарқұлов
Айтмұқанов
Байкенеев
Сафин

«Кенші жолдастар! Отан жауына жасын болып жауған мысты бүгінгіден де артық шығару керек болып отыр. Біздің ардақты борышымыз — соғыс кезіндегі стахановшылар қатарының ең алдында болу. Біз əрбір ауысымда, əрбір күнде, əрбір жұмыс орнында жоспарды мүлтіксіз орындау жөнінде аса жауапты міндеттеме қабылдадық. Бұл үшін бізде не керектің бар. Біздің зауыт Сіздердің беріп жатқан мыс кендерінен 1,5—2 есе артык шикізатты өңдеүге мүмкіндігі бар.

Біз Сіздерден өз мүмкіндіктеріңізді қайта салмақтап, котеріңкі міндеттеме қабылдауларыңызды талап етеміз. Сіздердің кендеріңіз жетпей жатқанын ашық мəлімдейміз. Қазірдің өзінде Сіздер бізді ашқұрақта ұстап отырсыңдар. Əрбір сағат қымбат. Бізге мыс кені, мыс кені жəне мыс кені керек. Егер кентас шығаруды арттыру ушін күш біріктіріп, шұғыл жəне жан-жақты шаралар қолданбасақ, ертең мұның өзі кеш болғалы тұр. Біздің жəне Балқаштың зауыты шегіншекпен терең артта қалады. Бұған жол беру аса дөрекі қателік қана емес, ол мемлекет алдындағы ауыр қылмыс болар еді. Мыс өндіруді көбейту үшін күн сайын əрбір ауысымда, əрбір жұмыс орынында пəрменді жарыс, шын мəнісінде еңбек бəсекесін ұйымдастырайық».

Жезқазғандықтар Отан алдындағы борышын терең сезініп, түсінді. Ішкі мүмкіндіктерді іздеді, өндірісті ұйымдастырудың тиімді жолдарын қолданды, қолдағы техникалардың қуатын толық пайдалануға қөңіл болді.

Жезқазған шикізатпен Балқаштың, Қарсақбайдың мыс зауттарын толық қамтамасыз етті. Ондығы əлжуаз байыту фабрикаларының жеткізілген мыс кенін толық өңдеуге шамалары жетпеді. Сондықтан да балқыту кешенінің жемсауына іріктеп өндірілген, металы аса көп бай көктастар қажетінше құйылып тұрды. Оның сыртында Оралдағы мыс қорытатын кəсіпорындар осы өңірдің кеніне тəуелді еді.

Шұғыл турде ескі шахталар №№1, 7, 13, 26, 34 қайта қалпына келтірілді, жаңадан №№31—32, «Петро», «Петроцентр» шахталары, екі карьер пайдалануға берілді. Шахталарга кең табанды шойын жолдар тартылып, Балқашқа, Орал зауыттарына кен тікелей шахта бункерлерінен, отвалдардан тиеліп, жедел жөнелтіліп жатты. Жезқазған кеншілері 1941 жылдың екінші жартысында тәулікте беретін кенді бірінші жартыжылдықпен салыстырғанда 128 пайызга тотыққан мыс кенін жіберу жөніндегі тапсырманы 250 пайызга асыра орындады.

Жезқазган кеніші 1941 жылы тамызда Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болды. Әрине, бұл жеңіске әріптес кәсіпорындардың бір ырғакты, үйлесімді жұмысы мен кеншілердің жоғары қарқынды еңбегі арқылы қол жетті. Міне, жеке мысалдар. Откатчик Зияда Ысқақов қыркүйек айында нормасын 158,5 пайыз бұрғышы Арыстанбек Ақшалов 173,6 пайыз, бұргышы Базылбек Байкенеев 152 пайыз орындады.

Балқашта өткен республикалық ақындар айтысында Болман Қожабаев Жезқазған кеншілерінің жетістіктерін мақтан етіп, жырға косыпты:

…Жанарың, ақын аға, жетпес шолып,

Бергенім жеңіс үшін жатыр толып,

Өндірген жоспардан тыс рудаммен,

Түп-түгел қаруланады сексен полк,

Қияның қол жетпістей қиясымен,

Дәп бүгін мақтануға сиямын мен,

Тындырған таңырқалық алып ерліқ,

Өйткені, рекордтар ұясымен,

Атағы Алатаудай аскар әлі,

Жетерлік мын-сан жауды жасқарға әлі,

Атқарған қырық адамның қызметін,

Алып жоқ Балмұқанның асқан елі.

Бұрғышы кім білмейді Әйгеловты,

Самғаса, сан жарыста бәйгі ілікті.

Бітірген айлық істі бір тәулікте,

Өнері ерлігіне сай келіпті.

Кімің бар пар келетін Ақшаловқа,

Ерлікпен даңқы шыққан шартарапқа.

Нормасын жиырма адамның жабар еді,

Бір күнгі еңбегінен енші алып та.

Оларға көпшіліктің ұйғарымымен «тыл гвардияшылары» құрметтті атағы берілді. Солардың бірі Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, №12 шахтанын бұрғышысы Ахметқали Сафин 1942 жылы 21 ақпанда бұрын көз көріп, құлақ естімеген рекорд жасады. Ол жалғыз перфоратормен 1400 тонна мыс кенін құлатып, ауысымдық нормасын 3800 пайыз орындары. Ол сол күнгі 1200 сом табысын толықтай қорғаныс қорына аударды.

Осы жылдың тамыз айында Бүкілодақтық социалистік жарыстың жеңімпазы болған Жезқазған кеншілеріне КСРО Түсті металлургия халық комиссары П.Ф.Ломако мынадай телеграмма ұрды: «Бүкілодақтық Орталық кәсіподақтар кеңесі мен Түсті металлургия халық комиссариаты тамыздағы социалистік жарыстың қорытындысы бойынша кеніш ұжымына үшінші дәрежелі сыйлық беруге ұйғарды. Сіздің ұжымның тау-кен дайындық жұмыстарында артта қалушылықты жеңіп, кеңіштер арасында бірінші орын алуға барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Озат шахтерлер К. Әйгелов, Ы. Анарқұловтың және басқалардың тәжірибесін өндіріске кеңінен енгізіңіздер, Отанымызды қорғау ісіне қажетті кенді өндіруді еселеу үшін әрбір минутты, әрбір сағатты ұтымды пайдаланыңыздар».

Қарағанды обллыстық партия комитетінің бюросы 1943 жылы 1 маусымда «Бұрғышы Аймаханов жолдастың жұмыс әдістерін тарату туралы» қаулы қабылдады. Онда бүкіл кеңес халқы сияқты 1 мамыр мерекесіне байланысты И. Сталлиннің бұйрығымен жігерленген №15 шахтаның бұрғышысы Б. Аймаханов 1943 жылы 23 мамырда 1477 тонна мыс кенін өндіріп, нормасын 4000 пайыз орындағаны атап көрсетілген. Ол айлық жоспарды небәрі 8 жұмыс күнінде 228 пайыз асыра іске асырып, қызыл әскердің бас колбасшысының қорына 12930 тонна мыс кенін қосты.

Майдандық вахтаға тұрған Ысқақ Анарқұлов, Оразбек Дүйсембаев және И. Васин басқаратын шахталар рекордты көрсеткіштерге жетті. Бұрғышылар Балмақан Аймахановтың жауынгерлік екенші дәрежелі «Отан соғысы», Ысқақ Анарқұловтың «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталуы көп нәрсені аңғартады.

Жезқазғанда кен өндіру 1940 жылмен салыстырғанда 1942 жылы 4 есе, 1943 жылы 5 есе көбейді. Жезқазған кеншілері Ұлы Отан соғысы жылдары 16 рет Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алды. 1945 жылы 3 шілдеде бұл ту ұжымда мәңгілік сақтауға қалдырылды

Дереккөз: «Қызыл кенші» газеті, 1941 жыл 18 қараша, ЖҚММ, қор 381, т.1, іс-40, 126 бет, «За медь» газеті, 1946 жыл 3 шілде.

С. Қожамсейітов.


Ванюков Владимир Андреевич (17.06.1880, Ресей, Пермь губерниясы, Галицкое селосы — 31.05.1957) — ғылым және техникада еңбегі сіңген қайраткер, ғалым — металлург, профессор. Пермь осалды училищесін бітірген. 1900 жылы Томск технологиялық институтының (ТТИ) химия бөліміне түсті. Бөлімге 1900 жылы түскен 58 студенттің ішінен 1906 жылы жалғыз Ванюков инженер — химиктің дипломын алып шықты.

Ванюков Владимир

1909 жылға дейін Ванюков ТТИ металлургия кафедрасының аспиранты. 1910 жылы күзде институт кеңесінің қаулысымен Ванюков екі жылға шетелге іссапарға жіберілді. Бірінші жылы ол Аахенде профессор В. Борхаста жұмыс істеді, ал 1911 жылы жазда Германияның мыс, қорғасын және мырыш зауыттарында тәжірибе жинақтады. Кейін Америкада Бостон технологиялық институтында профессорлар Г. Гофман мен Р. Ричардтың қарамағында жұмыс жасады. 1911 жылы жазда АҚШ-тың мыс, никель, қорғасын және мырыш зауыттарында, байыту және алтын айыру фабрикаларында оқу-тәжірибелік жұмыстарда болды. Осы уақытта Ванюков жүргізген жұмыстардың нәтижесінде жаңа қыздыру (термикалық) сараптау әдісі ашылып, әзірленді.

1920 жылдың наурызынан бастап Ванюков өндірісті қалпына келтіру бойынша құрылған Орал — Сібір комиссиясының құрамында жұмыс істеді. 1922 жылғы мамырдан 1926 жылғы 19 ақпанға дейін асыл металдар бойынша ғылыми кеңесші ретінде КСРО Қаржы халық комиссариатының валюталық басқармасымен серіктестік орнатты. Осы мерзімде ол хлормен алтынды тазалау жаңа тәсілдерін әзірлеп, оның қатысуымен қалқымалы — аффинажды лаборатория құрылып, іске қосылды.

Ванюков 1926 жылы Москваның тау–кен академиясының профессоры болып сайланды және түсті металлдар факультетін құруға бастамашы болды. 1930 жылы осы факультеттің негізінде дүние жүзінде ең бірінші Москва түсті металл және алтын Институты құрылды. Ванюков 1930-жылдары Қарсақбайда тұрып, іс үстінде Жезқазған кентасы концентратты қорытудың технологиясын жетілдіру жөнінде ұсыныстар беріп отырды. ІІ дүниежүзілік соғысы жылдары мыс қорыту зауыттарында тотыққан мыс кендері мен концентраттарын қорытудың жаңа әдісін әзірлеп қолданысқа еңгізді. Нәтижесінде, аса бай штейндер мен жоғары кремний шлактары бар мыс кендерін балқыту проблемасын шешті.

Еңбек Қызыл Ту (1939), В.И.Ленин (1950) ордендерімен марапатталған, Сталиндік (Мемлекеттік) сыйлықтың (1946), ғылым және техникада еңбегі сіңген қайраткер (1945) атағының иегері.

Дереккөз: Профессор Ванюков. Қазақстанның мыс кені мен концентратын балқыту жолы. Металлургиздат. 1947. Москва. 184 бет. М. Бақытұлы


Волошин Дмитрий Антонович (т.ж.б. — 1938, Қарағанды облысы, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай қалашығы) Спасскі зауытының қолынан өнері тамған токарі, қоғам белсендісі. 1919 жылы Қарағанды көмір ошағы ревкомының төрағасы болып сайланған. 1920 жылы 3 маусымда Сібір халық шаруасы кеңесінің Сібір тау-кен кеңесі Спасскі комбинатының басқарма төрағасы етіп сайлаған. 1926 жылы «Атбастүстімет» тресінің қарауына берілген Спасскі зауытының жұмысы тоқтатылып, консервацияға қойылды. Сол жылы жазда үйреншікті кәсібіне қайта оралғысы келген Спаскінің жұмысшылары үлкен көш-керуенмен Қарсақбайға келді. Күзге дейін алты пәтерлік алты шағын үй салып алды. Қалашықтағы шағын оралым ХХ ғасырдың 30—40 жылдары Спасскі көшесі деп аталатын.

Д. Волошин механикалық цехтың бастығы болып тағайындалды. Бұл цех жаңа құрылыстың аса маңызды телімі болды. Зауытта шетел машиналарының механизмдері және құрал-жабдықтарына қажет бөлшектер табылмайтын. Қосалқы бөлшектерді жасау, технологиялық агрегаттарды жөндеу «Волошин цехының» басты үлесі болды. 1930 жылы шілдеде зауытта болған «Советстепь» газетінің тілшісі Алдан Семенов мақаласында Дмитрий Волошинді, Өсербай Үдербаевты, Тихон Қазазаевты өндірістік майданның батырлары деп жазды. Цех тұңғыш рет Марси диірменінің үлкен шестерналарын қалыпқа келтіруді игерді, болттарды пресстеп шығарды, қажетке қарай құрамы әртүрлі металдан құймалар жасады. Цехта 5—6 жылда 50 астам қазақ жігіттері металл өндеуші мамандығын алды, еңбектің озық әдістеріне көзі қанық меңгерді. Д.А.Волошинді 1938 жылы 21 ақпанда цехтын ішінде «халық жауы» деген жалған жаламен тұтқындап, үйіне айдап әкелді. ІІХК-ының тергеушілері үйдегі барлық бағалы заттарды, неке жүзіктерін, сырғаларды, тіпті бүкілодақтық староста М.И.Калинин сыйлаған алтын шынжыр баулы қалта сағатты алып кетті. Осы жолы Д.А.Волошинмен бірге Спасскілік сегіз жұмысшы үштіктің шешімімен кеңес үкіметіне қарсы контрреволюциялық және зиянкестік бүлдіру әрекеті үшін деген жалған айыппен Қарсақбайда атылды. Сталин өлгеннен кейін атылғандардың бәрі ақталды.

С. Қожамсеиітов.


Гетман Емельян Дмитриевич — Қарсақбай мыс қорыту зауытында конвертордың обер-шебері. Қарсақбайлықтардың көз алдында мыс пісіру технологиясының алдына жан түспеге шебер болып шықты. Ауылдан келген орыс баласы Қарсақбай комбинатына қара жұмыскер болып қабылданған. 1929—1930 жылдары дабыл қағушы, 1930—1932 жылдары әуелі кіші, бір жылдан кейін аға фурмовшы болып істейді. Содан конвертор шебері, обер-шебері, металлургиялық цех бастығының орынбасары, бастығы болып көтеріле берді. Гетман бастамасымен металлургтер бір тоқсанда шапшаң балқыма алу санын 120-дан 160-қа жеткізді. 10 жыл ішінде шарпу пешін сапалы жөндеуді ұйымдастырғаны, екпінді еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болған, грамоталар алған, костюм киген, велосипед мінген.

Гетман Емельян

С. Қожамсеиітов.


Гурба Виктор Васильевич (1914, Украина, Сумы облысы, Глухов қаласы -1981, Жезқазған облысы, Жезқазған қаласы) — 1936 жылы Екатеринбург тау-кен институтын бітірген тау-кен инженері. Өмірінің 40 жылы Жезқазған — Ұлытау өңірімен, Жезқазған кен-металлургия комбинатымен байланысты. 1952 жылы сәуірде Жезқазған мыс комбинатының бас инженері, 1953 жылы қарашада Жезқазған тау-кен басқармасының директоры болып тағайындалды. 1958 жылдың шілдесінен өмірінің соңына дейін Қ.И.Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинатының директоры болып істеген. Қарсақбай мыс зауытының, қарсақбайлықтың мәселелеріне аса мұқият қарады. Қарсақбай байыту фабрикасы, орталық электр станция жабылғанда әрбір жұмысшының, әрбір инженер-техниктің жұмыспен қамтамасыз етілуіне, жаңа қоныста үйлі-жайлы болуына ерекше маңыз берді. Жезқазғанда жаңа мыс қорыту зауыты іске қосылғанда кейбір басшылардың қарсақбайлық металлургтердің білімі мен біліктілігіне күманмен қарағанда, ол туынды мәселені мемлекеттік тұрғыдан әділ шешті, қарсақбайлықтар түгелдей жұмысқа қабылданды. Бұрыңғы облыс орталығының 6-шы мөлтек ауданында металлургтер көшесі пайда болды. Гурба 1960 жылдан үзбей Қазақ КП ОК құрамына сайланды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің (1965), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің (1955) депутаты, КОКП XXV съезіне делегат болып сайланды. Екі мәрте Ленин орденімен (1961, 1966), 5 медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген кенші. Техника ғылымдарының кандидаты. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы Гурба атында Жезқазған, Сәтбаев қалаларында көшелер бар.

Гурба Виктор

Гулин Виталий Степанович (25.04.1892, Уфа губерниясы, Сатка қаласы — 26.08.1965, сонда) — 1935 жылғы мамырдан 1939 жылға дейн Қарсақбай мыс комбинатының директоры. 1906 жылы екі сыныптық училищесін бітірген соң, Саткинск шойын қорыту зауытында тазалаушы болып жұмысқа тұрған. 1908 жылдан бастап қазіргі «Магнезит» комбинатында электр жөңдеуші болды. 1914 жылы әскер қатарына алынып, майданға аттанды. 1917 жылы күзде фельдфебель әскери атағымен Сатқаға қайтып оралып, революциялық іс-шараларға араласып, эсерлер партиясынан қалалық жұмысшылар мен жауынгерлік депутаттар Кеңесіне сайланды. 1918 жылы ақпанда зауытты национализациялауға қатысып, АҚ басқармасының құрамына кірді.

Гулин Виталий

1920 жылы наурызда Сатка шойын қорыту зауытының басқарма төрағасы болды. 1926 жылға дейін Надежинскіде Богословск тау-кен зауыттық комбинатында басқарма төрағасының қызметін атқарды. 1923 жылы 9-шы Бүкілресейлік Кеңес съезінің делегаты болып сайланып, кейін «Госпромцветмет» тресінің басқарма төрағасының орынбасары болды. 1928 жылдың қаңтарынан Бастүстіметтің басшысы, КСРО халық шаруашылығы бүкілодақтық кеңесінің төралқа мүшесі. 1930 жылы шетел іссапарларында болып, Германия мен АҚШ-тың түсті металл өнеркәсібінің даму тәжірибесімен танысты.

1934 жылдың наурызынан Жоғары академиялық өнеркәсіп курстарының тындаушысы. 1935 жылы мамырда инженер-металлург дипломын алғаннан кейін Қазақстанға Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатына директор болып тағайындалды. 1938 жылы репрессияға ұшырады. Гулин 1939 жылы 11 қаңтарда Қарсақбайда тұтқындалды. 1939 жылы 29 шілдеде КСРО Жоғары соттың әскери коллегиясының шешімімен РКФСР ҚК 58—8 бабымен 15 жылға түзету-еңбек лагеріне айдалды. 1957 жылы қарашаға дейін Магадан облысының түрмелері мен лагерлерінде отырып, ақталып шығып, өз туған жеріне оралды.


Далабаев Шенеу (1892, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы «Тайкеткен» ауылы — 1974, Жезқазған облысы, Ұлытау ауданы, Ұлытау ауылы) ағылшындар тұсында Қарсақбай мыс зауыты құрылысында бетон құюшы, теміржол цехында жөндеуші болып істеген. 1926—1938 жылдары Қарсақбай болаткомы төрағасының орынбасары, комбинаттың мал көлігі артелінің бастығы, ауатком төрағасының орынбасары, төрағасы қызметтерін атқарған. Одақтық маңызы бар комбинаттың құрылысына жұмысшыларды, материалдарды, құрал-жабдықтары Жосалыдан, Атбасардан, Спасскіден жеткізу үшін жұмысқа жүздеген кірешілер тартылған, 1500 бірішке (жүк арбасы), шаруалардан 3 мыңнан астам түйе жалданған. Сөйтіп, Далабаев басқарған кезде жылына ағылшындарға қарағанда жүк тасымалдау көлемін екі есе арттыру мүмкін болған. «Атбасартүстімет» тресінің басқарма мүшесі геолог Қ. Сәтбаев тұңғыш рет Қарсақбайға Далабаевтың көлігімен келген. Аудандық «Қызыл кенші» газетінің редакторы болашақ қазақтың белгілі ақыны Ә. Тәжібаев Кеңгір бойындағы ұжымшар төрағасы Далабаев «Мені Абайға жақындатып, оны сүйіп оқуға себепкер болды» деп жазды. Қ. Сәтбаев, И.В.Деев сияқты ірі тұлғалармен аралас-құралас, жолдас болған. Ұлытау ауданы ұйымдастырылғанда туған жеріне оралып, ұжымшар төрағасы, ферма басқарушы, бригадир болып еңбек етіп, аудан мал шаруашылығын дамытуға еңбек сіңірді.

Далабаев Шенеу

Ө. Мұқанов.


«Даладағы дабыл» — құжаттарға негізделген көсемсөз романы «Жазушы» баспасынан үш мәрте жарық көрген. Кітаптың авторы — академик Мұхамбетжан Қаратаев. Тарихи деректерді негізгі конструкция бөлігі етіп алған шығармада Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ елінің тұрмыс-тіршілігі баяндалады. 1913 жылы Москвадан Байқоңырға жер аударылып келген И.В.Деевтің көргендері мен басынан кешкендері кітаптың арқауы етіп алынып, қазақ жерінде А. Иманов бастаған ұлт-азаттық қозғалысының белсенді тұлғаларының іс-әрекеті баяндалады. Кітаптың «Самородок», «Халық көзімен», «Будақтайды түтіні Қарсақбайдың», «Болашаққа саяхат» тарауларының өзі әңгіме Үлкен Жезқазғанның қалыптасу және даму кезеңдері жайлы екенін баяндайды, «Даладағы дабылдың» 1981 жылғы соңғы басылымының көлемі 25 б.т.


Дәулетбаев Қайырбек (т.ө.ж.б.) — тұңғыш сайланған Қарсақбай аудандық К (б) П комитетінің бірінші хатшысы. Арнаулы техникалық білімі болмаса да Атбасар уездік пен Ақмола губерниялық партия комитеттерінде біраз жыл істеп, тәлім-тәрбие алған, ысылған, ұйымдастырушылық қабілеті мол, жігерлі жас жігіт болатын. Дәулетбаев бастаған аудандық партия комитетінің құрамы Қарсақбай комбинаты құрылысын бітіру жолындағы ең өзекті мәселелердің төңірегіне аудан партия ұйымы мен комбинат басшыларының назарын үнемі аударып отырды. Сол кездегі бұл саладағы ең қиын мәселе, бұрынғыша, өндіріс құрал-жабдықтары мен жұмысшыларға азық-түлік мәселесі еді. 1926—1927 жылдардың елді жұтқа ұрындырған, боранды-аязды ауыр қысы бұл жұмыста одан әрі қиындата түсті. Аудандық партия комитеті құрылған 1926—1927 жылдардың қысы ерте түсіп, даланы қалын қар басып, одан әрі жаңбыр жауып, көктайғақ болып, Атбасармен екі арадағы жол қатынасы үзілді. Осының қырсығынан комбинат бірнеше ай бойы Атбасардан азық-түлік ала алмады. Мұның өзі комбинат құрылысына кідіріс жасау хаупін туғызды. Бірақ осындай аса бір ауыр қиындықтарға қарамастан комбинат құрылысы бір күнде, бір сағатта тоқтаған жоқ. Барлық коммунистер мен аудан активтері, комбинат басшылары үнемі құрылысшылар арасында болып, қолдан келген мүмкіндікті жасай отырып, қыс қиыншыларын жұмысшылармен бірге жүріп атқарысты.

Ә. Әміралин. Арқада туған алып. Қарағанды, «АРКО» ЖШС. 2011 ж.


Дәуітбаев Батырбек (т.ө.ж.б.) — Қарсақбай мыс қорыту зауытында қазақтар арасынан шыққан тұңғыш аға горновой. Бүкіл өмірі ауыр бейнет пен күрес үстінде өткен өз заманының жайсаң жігіттерінің бірі. Атбасар қаласының түбіндегі Лепин қалашығындағы Илья Фаутов деген көпестің тері зауытында бұғанасы қатпаған бала кезінен жұмыс істеген. Орысша сауат ашып, орыс тілін бір кісідей меңгерген.

Дәуітбаев Батырбек

Дәуітбаев 1925 жылы туған жері Қарсақбайға оралады, зауыт құрылысында тың жігермен беріле жұмыс істейді. Жас жігіт металлургия цехында қара жұмыскер болып, шетелден жеткізілген құрал-саймандардың, технологиялық агрегаттардың тілі ағылшын тілін үйренді. Қарсақбай аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Қарақұм және Созақ ауданы төңірегіндегі байлар мен «кулактардың» көтерілісін басуда тапқырлық пен өжеттік көрсеткені үшін оған өз аты жазылған тапаншаны сыйлыққа тартты. Дәуітбаев өз еркімен ІІ дүниежүзілік соғысына қатысты. 1944 жылдың аяқ шенінде ауыр жараланып, елге қайтап келді, бірақ сол ауыр жарадан қайтыс болды.

Әбілқасен Әмірәлин. Арқада туған алып. Қарағанды, «АРКО», 2011.


Дәуітов Баттал Тәжбенұлы (7.02.1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы, Малшыбай ауылы — 1967, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) — ұстаз. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын 1957 жылы бітірген. Тарих пәнінің мұғалімі. 1932—1935 жылдары Қарсақбайдағы мектеп-интернатта саяси тәрбиеші, мұғалім. 1935—1950 жылдары Жамбыл атындағы №1 қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1950 жылдан өмірінің соңына дейін 17 жыл осы мектептің директоры болды. Кәсіби ұстаз басқарған жылдары мектептің оқу-материалдық базасы кеңейтіліп, жаңадан спорт залы, өндірістік оқу шеберханалары салынды, оқу-тәрбие жұмысының теориялық-әдістемелік деңгейі жоғары дәрежеге көтерілді. Дәуітов терең білімі, өнегелі өмірі артына рухани мұра ретінде қалып, оны ұрпақтары мен шәкірттері жалғастыруда. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымымен халыққа білім беру саласында сіңірген еңбегі үшін 1964 жылы 25 сәуірде Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атағы берілді. «1941—1945 Отан соғысы жылдары тылдағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін» (1949), «Тың игергені үшін» (1957) медальдарымен марапатталған. ҚазКСР халық ағарту ісінің үздік қызметкері (1968).

Дәуітов Баттал

Дәуітова Сауле Батталқызы — филология ғылымдарының докторы. Қарсақбайда туған. Мамандықтары: «Орыс тілі және әдебиеті: қосымша «Педагогика», «Қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі». Жезқазған педагогикалық институтын үздік (1983) дипломмен тамамдап, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасында еңбек жолын бастады. М. Әуезов шығармашылығының зерттелуіне арналған кандидаттық диссертациясын (1991), «Қазақ драматургиясындағы тарихи тұлғаның көркем тұжырымдамасы» деген тақырыптадокторлық диссертациясын (2006) қорғады. 1997—2008 жылдары қазақ филологиясы факультетінің деканы, 2008 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі «Әдебиеттану және тіл білімі» ғылыми — зерттеу институтының директоры.

Ғылыми ізденіс салалары: әдебиеттану, қазақ әдебиетінің тарихы, әдебиеттерді салыстырып зерттеу, тарихи драматургия мәселелері, түркология, педагогика, білім саласы. Дәуітов қазіргі компаративистика үрдістері арнасында қазақ тілі мен әдебиетін зерделеуге, әлем бейнесін мәдениеттану тұрғысынан тіл және әдебиет мүмкіндіктері арқылы ұғынуда жаңа ғылыми парадигманы қалыптастыруға бағытталған ғылыми зерттеу жұмысын басқарды.

«Түркілік мұра — әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі» (2009—2011), «Жоғары мектептің филологиялық білім беру жүйесін ақпараттандыру» (2012—2014), «Әлемнің әдеби-тілдік бейнесі — жас ұрпақ тәрбиесінің рухани қайнар көзі» (2012—2014) республикалық іргелі-ғылыми жобаларының ғылыми жетекшісі болды.

Дәуітов «Әдебиеттегі әлемнің көркем бейнесі — гуманитарлық құндылықтардың қайнар көзі (Художественная картина мира в литературе как отражение гуманистических ценностей)» деген тақырыпта Испанияның Сантьяго де Компостело университетінде ғылыми жоба орындады. Біліктілікті жетілдіру курсында АҚШ, Англия. Польша. Италия. Бразилия т. б. мемлекеттердің ғалымдарымен әлемдік филология бағыты туралы өз тұжырымдамаларын көпшілік ғылыми ортаға ұсынды. Осы және басқа бірқатар шетел университеттеріне университеттің студенттері мен оқытушыларына және докторанттарына арнап, «Қазақ әдебиетіндегі әлемнің көркем бейнесі», «Абай поэзиясының жалпыадамзаттық маңызы», т.б. тақырыптарда арнайы курс оқыды.

Дәуітов теориялық және қолданбалы ғылыми жобалардың жетекшісі, атап айтқанда: «Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар — көркем шығарма контексінде» (2009), «Н. Ә. Назарбаев еңбектерінің еліміздің оқу-тәрбие жүйесін дамытудағы маңызы» (2010), «Тәуелсіз Қазақстан: тіл саясаты» (2011), «Латын графикасы бойынша өзге тілдік қоғамдық — саяси лексиканы қазақша айтып жазу қағидалары» (2013), «Ғылыми-техникалық терминдерді латынша жазу жобасы» (2014).

Дәуітов үш монографияның, бірнеше оқу құралының, 100 аса ғылыми мақаланың авторы, 13 шетелдік сертификаттың иегері


Деев Иван Васильевич (1884—1972) — ішкі Ресейден «саяси сенімсіз адам» ретінде жер аударылып, 1913 жылы Байқоңыр көмір ошағына жіберілген. Мамандығы — фельдшер. Жергілікті ауруханада жұмыс істеген. 1914 жылы жұмысшылар арасынан большевиктерге тілектес топ ұйымдастырған. Атбасар уездік партия комитетінің тапсырмасымен 1923 жылы іс-сапармен Москваға барған. Оны Бүкілодақтық халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы Ф. Э. Дзержинский қабылдаған. Көп ұзамай Қарсақбай мыс зауытын қалпына келтіру жөнінде шешім шығады. 1925 жылы 14 маусымда Қарсақбай комбинатының директоры қызметіне кірісу үшін жеделхатпен шақыртып алған. Деев Жосалыда жиналып қалған жабдықтар мен станоктарды, Атбасардан азық-түлікті және Спасскіден зауыттың кәдеге жарайтын құрал-саймандарын жеткізіп алу үшін 1500 арба, 3000—5000 түйе керуенін ұйымдастырды. Жергілікті тұрғындардан жаңа жұмысшы кәсіптеріне мамандар дайындауды қолға алды, «қазақтарды ірілі-ұсақты басшы қызметке тарту істің табыс көзінің бірі» деп есептеді.

Деев Иван

Дене тәрбиесі және спорт. Қарсақбай комбинаты дене тәрбиесі ісіне және спортты дамытуға 30-жылдардың басынан мән берді. 1934 жылы Қарсақбайдың мәдениет және демалыс саяжайында жазғы стадион ашылды. Комбинат қайық станциясын ұйымдастыруға суға секіретін мұнарасын салуға жеткілікті қаржы бөлді. Қалашықта «Динамо», «Цемент» дене шынықтыру қоғамдары белсенді жұмысқа кірісті. Олар 250 кісіні қамтыды. Оның жүзі жергілікті фабрика-зауыт мектебінің оқушылары еді. Спортшы жастар алты футбол, баскетбол командасына (оның ішінде біреуі әйелдер командасы) бірікті. Кешкілікте олардың өзара жолдастық кездесулерін бірнеше ондаған қыз-жігіттер қызықтады. Жеті сайын жеңіл атлетикадан өткен сайыстар жаңа есімдерді анықтады. Онымен әуестенушілер қатары көбейе берді.

1935 жылы 21 кісіден құрылған альпинистер Тянь-Шань тауының биігіне көтеріліп, табыспен елге оралды. Комсомол-жастар жиірек Ұлытауға туристік саяхатқа шығып тұрды. Мектеп оқушыларының ұжымшарларға, зауыт цехтарына экскурсиялары жаңғыра бастаған ауыл шаруасын, өңдірісті көріп, танып-білуге көмектесті.

Екі жылдан кейін тир, саяжай мұнарасы, спорт залдар жұмыс істеді. Дене шынықтыру ұжымдары қорғаныс-денешынықтыру ұйым болып қайта құрылды. 1946 жылы оның құрамында 8314 кісі болды, оның 610-ы коммунистер, 834-і комсомол мүшелері еді. Соғыс жылдары БГТО және ГТО төсбелгілері нормаларын 1844 жұмысшы-қызметкерлер, оқушылар ойдағыдай тапсырды. 171 кіші командирлер, 6303 атқыштар, оның 525 автоматшылар, 323 минометшілер, 643 жекпе-жек сарбаздары дайындалды, олардың қатарында 875 әйел болды.


Денсаулық сақтау ісі. «Байқоңырда амбулатория және оның аптекасы бар. Қарсақбай болаткомы жанында фельшер жұмыс істейді. Қарсақбайда да, Жезқазғанда да амбулатория және дәрі-дәрмек жоқ. Дәрі-дәрмекті Байқоңырдан алады». (Комбинаттың 1928 жылғы инвентаризация құжаттарын тексеру комиссияның қорытындысынан ҚР ОМА, қор 874, т 1, бет — 27).

Қазақ АКСР Еңбек наркоматының 1927 жылғы қыркүйек айында дайындалған баянхатында Қарсақбайда 16 төсектік, оның ішінде біреуі босанатын әйелдерге арналған, Байқоңырда үш төсектік аурухана, Жезқазғанда амбулаториясы істеп тұрғаны атап көрсетілген. Үш дәрігер, бір акушерка, екі дәрігердің көмекшісі болған.

1933 жылы Қарсақбайда 40 төсектік жаңа аурухана үйінің құрылысы аяқталды. 1933 жылдың аяғында арнаулы білімі бар 8 дәрігер, акушерка, тіс дәрігері, 4 медбибі, оның бір операциялық медбибі жұмыс істеді. Аптека ашылды. 1940 жылы ауруханада төсек саны 75-ке жетті.

Дәрігерлер қарсақбайлықтардың денсаулығын қорғау, ауру-сырқаудың алдын алу, санитарлық жағдайды жақсарту жолында тынымсыз, әрі нәтижелі жұмыс істеді.

Мұнда хирургтар В.Г.Власенко, К.В.Соломин, Ф.М.Мацебура, дәрігерлер А.И.Иванова, Н.И.Николаева, М.И.Копдович, медбибі Т.Д.Улаева, И.Д.Дынкина, А.И.Зальман, т. б. Гиппократтың антына адал денсаулық сақшыларының есімі қарсақбайлықтар ұмытқан жоқ.

Осында болашақ Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген дәрігерлер А.П.Брылина, Ө. Мұқанов, Д. Ахметов, КСРО денсаулық саласының үздіктері З. Жанысбаев, Г.Т.Майш, С. Атабаев, т.б. еңбек жолын бастады.

Терапевт дәрігер Елемес Құрманбаевтың есімін ерекше атап өтуге тұрарлық. Ол 1975 жылдан отыз жыл бойы Қарсақбай кенттік ауруханасының бас дәрігері болды. Мыс зауыты жабылып, жаңа металлургиялық кәсіпорын қалыптасып жатқанда нарық еніп, кеңестік қатынастар өзгеріске ұшырағанда аурухананы сақтап, қызметін төмендетуге жол бермеді.

Қарсақбай кенттік ауруханасының негізінде отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылған.


Доспанов Қойшыбек (1928, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Кішітау ауылдық кеңесі) — металлургтер әулетінің басы. 1943 жылы қарашада Қарсақбай мыс зауытының темір жол цехында жұмысшы болды. 1952 жылы зауыттың металлургия цехына ауысты. Онда шихта тиеуші, горновой, балқытушы. Кейін Жезқазған мыс зауытында 1975 жылы зейнеткерлікке шыққанша 8-санатты аға балқытушы болып жұмыс істеді. Бүгінде ұлдары мыс зауытының металлургия цехында еңбек етеді. Әулеттің «Қазақмыс» корпорациясы кәсіпорындарындағы еңбек өтелі 400 жылдан асады. Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, бірнеше медальмен марапатталған. Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі.


Дрейман Рудольф Ансович (1887, Курляндия губерниясы — 1938) — Қазақстан мен Орталық Азияда социалистік құрылысқа белсене қатысқан қайраткер. 1905 жылдан большевиктер партиясының мүшесі. 1903—1914 жылдары жұмысшы қозғалысына белсене қатысқаны, ереуілдер ұйымдастырғаны, патша армиясы қатарында болғанда революциялық насихат жүргізгені, бірінші империалистік соғысқа қарсы шыққаны үшін талай рет жер аударылған, түрмеге қамалған. Қазан төңкерісінен кейін бірқатар өңірлерде контрреволюциялық бүліктерді жоюға қатысты. Азамат соғысы кезінде РК (б) П ОК Батыс майданға жіберді. Латвия ОАК мүшесі және оның байланыс халкомы болды. 1921 жылы 6 қыркүйекте Р.А.Дрейман Риддер қорғасын кенішіне, 1926 жылы желтоқсанда Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатына директор болып тағайындалды. Ол өзін ірі өндіріс ұйымдастырушысы ретінде көрсетті. Осы жылы зауыт электр станциясы ток берді, келесі жылы Жезқазған кенішінде мыс кенін өндіру қайта басталды, 1928 жылы қазанда Қарсақбай мыс қорыту зауыты іске қосылды. Қазақстан үкіметі Р.А.Дрейманды Қарсақбай мыс зауытын қалпына келтіруге сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттауға ұсынды.

Дрейман Рудольф

Еділбаев Шәйман (1917, Ақмола облысы, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы — 1998, Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбай кенті) — аты өңірге мәлім отызыншы жылдардағы жастар жетекшілерінің бірі. Бастауыш мектепте 2 сыныптық білім алады. Қарсақбай фабрика-зауыт оқуы мектебін бітірген. Металл өңдеу бойынша зауыт жастарының көшбасшысы болды. Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып өзі тіленіп от оранған майдан даласында аттанды.

Еділбаев Шәйман

1941 жылы қыркүйек айында әкем ұрыс даласында Коммунистік партияның қатарына кіреді. Алғашқы ұрысқа Ленинград майданында атқыштар дивизиясының сабында қатысқан. Қиян-кескі шайқастар, күші басым жаудың үздіксіз шабуылына тойтарыс беру кеңес әскерлеріне оңай болмады. Кезекті бір ұрыста аяғы мен иығынан ауыр жарақат алып, госпитальда үш ай ем алғаннан кейін Қарсақбайға келді. ФЗО мектебіне сабақ берді. Осы жылы ФЗО мектебінің оқушысы Шәкімар деген қызбен көңіл қосып, отау көтерді. Анамыз оқу бітіргенде 16 жаста екен, құю-механикалық цехына жұмысқа қабылданғанда, шойыннан минаның корпусын құйып, еңбек екпіндісі атанған. Әкем жарақатын толық жазылған соң сұранып қайтадан майданға аттанды. 1944 жылы Литва жерін, Каунас қаласын азат етуге қатынасқан. 13-Вильнюс полкі үш ай бойы Кенигсберг қаласының төңірегінде ірі ұрыстар жүргізіп, 1945 жылы 1 мамырда Германия жеріне өтеді. Қаланың оңтүстік-батысындағы неміс фашистерінің шығыс Пруссиядағы тобын жоюдағы ерлігі үшін әкеміз И.В.Сталиннің алғыс хатымен марапатталған.

Соғыс аяқталғаннан соң Полша, Латвия, Литва, Шығыс Пруссия жерлердегі фашистердің қалдықтарын жоюға қатысты, қираған қалаларды қалпына келтіруде еңбек етті. 1947 жылы елге оралды. Зауытта токарьдаң бастап құю-механикалық цехының бастығына дейін 43 жылдық жолдан өтті. Әкемнің омырауындағы І және ІІ «Отан соғысы» ордендері, «Ерлік үшін», «1941—1945 Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін» медальдары бейбіт еңбекте алған мемлекет марапаттары жарқырап нұрлы жүзіне ерекше көрік беріп тұратын. Біз әке-шешеміздің тағылымды тағдырын мақтан етеміз, ол кісілердей ел игілігіне күш-жігермен еңбек етеміз.

Жанагүл Шайманқызы Еділбаева.


Елемесов Сұлтан (1924, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Майтөбе ауылы — 2012, Қарағанды обл., Жезқазған қ.) — Ұлытау өңірінің құрметті металлургі. Сұлтекең айтады: «Жасымда анамнан жетім қалдым. „Шешесіз жетім — шерлі жетім“ дегенді көңіліммен сезіндім. Әкең болғаны мен ананың орыны бөлек екен. Бұл аз дегендей екі жыл өтер өтпесте әкем халық жауы атанып ұсталып, он жылға Сібірге айдалып кете барды. Сондағы таққан бар кінәсі — қажының баласы, ескіні көксейді. Атасы Есмағанбет екі рет қажылыққа барған деген желеу. Расында да ол кісі қазан төңкерісінен бұрын елдің қамын ойлап, билікке да, алқалы жиынға қатысқан, сөзі өтімді болған. Өз әкем қолына Құран алып, бес уақыт намаз оқысада оқасы жоқ дер едік, ол мұның бірімен де айналыспаған. Шамасы өзінің бірбеткейлігімен, қайсарлығымен ауылдағы белсенділердің жаманы тисе керек, ақыры Магаданнан бір-ақ шықты. Сол жақта қайтыс болды». Е. бір сөзді, ауырдан қашпайтын табанды, қайратты болып ер жетті. Еңбек жолын (1952) Қарсақбай мыс қорыту зауыты темір жолында паровоз машинистінің көмекшісі болып бастап, балқытушы, аға конверторшы болып еңбек етті. 1969 жылдан бастап Жезқазған мыс қорыту зауытында аға конверторшы болып ұзақ жыл істеген. Осы зауытта 1973 жылы 23 ақпанда ең алғашқы кара мыс балқымасын алуға қатысқандардың бірі. Бұл ел көлеміндегі үлкен оқиға болған. Елемесов алғашқы күннен Жезқазған мыс зауытының конверторында мыс балқытқанда Қарсақбайда қолданған әдістерін пайдаланды. Жұмысы көңілдегідей жүрді. Бұл қалай деп ешкім сұраған жоқ. Ал, Балқаштан, Пышмадан, басқа орталықтағы зауыттардан келгендер мыстан шлакты айыра алмай, балқыма тасып аста-төк төгіліп жатты. Зауыттың тұрып қалу хаупі төнді. Сонда ғана Елемесов тәжірибесіне дем қойды. Мәселенің мәнісі мынада болды. Балқаштың, Пышманың концентраттары мысқа кедей, ал Жезқазғанда 54—55% мыс бар. Ендеше штейн мысқа бай болса, оған қоспаларды дәлдеп қосу керек, сонда ғана жоғары сапалы қара мыс аласын. Содан бастап қара мыс Елемесовтың әдісімен алынатын болды. Жұмыс жүрді. Оның тәжірибесін жас балқытушыларға үйрету мақсатында атақты металлург атындағы озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылып, озық әдістердің орталығына айналды. Еңбек Қызыл Ту орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Елемесов Сұлтан

Ермағанбетов Төлеш (1928, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Қарсақбай қалашығы — 1995, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Жезқазған-Қарсақбай өңірінен шыққан тұңғыш инженер-металлург. 1944 жылы орта мектеп бітірген соң Қарсақбай мыс қорыту зауытына табель жүргізуші болып жұмысқа қабылданды. 1953 жылы Алматыдағы Қазақ кен-металлургия институтын бітірген. Металлургиялық цехта шебер, балқытушы болып істеді. 1956 жылы зауыттың бас инженері, 1958 жылы — бас технолог. 1960 жылы жұмысшылар мен инженерлер бірауыздан кәсіподақ комитетінің төрағасы етіп сайлады. Зауытта өз ісін жетік білетін маман ретінде көрсетті. Жас металлург инженерлердің, жұмысшылардың тәлімгер ұстазы болды, олардың өндіріс технологиясын игеруіне, рационализаторлар қатарына қосылуына қолғабысын жасады. Өзі де Жезқазған кен-металлургия комбинаты бойынша танымал рационализатор болды.

Ермағанбетов Төлеш

Есенберлин Ілияс (10.01.1915, Ақмола облысы, Атбасар қаласы — 1983, Алматы) — қазақ жазушысы. 1930 жылы Арқаны аштық жайлай бастағанда інісі Раунақ екеуі жан сақтап шұбырған елмен бірге 20-күндік жол кешкен түйе керуенге ілесіп, Қарсақбайға келеді. Онда Назым апалары тұратын еді. Жұрттан сұрастырып үйін тауып алады. Жездесі Сейітқали Райымбаев Қарсақбай зауытында дәнекерлеуші екен. Отбасы ағаштан салынған №154 барактың кішкентай екі бөлмесінде тұрып жатты. Онда Есенберлиннің апасы 22 жасар Назым, 5 жасар ұлы Молдағали мен 2 жастағы Жазкен тұратын. Раунақ екеуі сол үйге жетіп, аштықтан аман қалыпты.

Есенберлин Қарсақбай жұмысшы балаларына арнайы ашылған мектепте оқуын жалғастырды. Шамалы айдан соң Қызылорда тәжірибелі-көрсеткіш тоғыз жылдық мектеп-интернатқа аттанды. 1933 жылы мектепті үздік бітіріп, Қарсақбайға қайта оралады. Басты мақсаты — апасы Назымға көмектесу. Қарсақбайға келісімен ауатком оны нысқаушы қызметіне қабылдады.

Жергілікті атқару комитеті аштықтан зардап шегіп, Қарсақбайға ағылған қазақтарды мүмкіндігінше жұмысқа орналастырып, басқаларына көмек көрсету кестелері бойынша азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Бәрін аштықтан сақтап қалу мүмкін емес болғандықтан, ауаткомның тапсырмасымен Есенберлин Қарсақбайда шоғырланған аш халықты Жосалыға жөнелтумен айналысты.

Қарсақбайда өткен еңбек жолы Есенберлиннің қаламынан туындаған тарихи романдарына үлкен әсер етті. Ондағы жазылған біраз оқиғалар қазақ ұлтының ұясы, ер бірлігінің ұйытқысы Ұлы даланың Ұлытауында өрбиді. «Көшпенділер» трилогиясының кейіпкерлері тарихи тұлғалар, Шыңғыс хан дәуірінен басталып Кенесарымен аяқталатын қазақ мемлекетінің бастау көзі мен қиын-қыстаулы тағдыр-талайының басында тұрған хандар тізбегі, ел мұңы мен арман-тілегінің хабаршысы ақын-жыраулар отанын қорғай білген арыстан жүрек, атанжілік батырлар.

Дереккөз: Жезқазған қалалық МА қоры. М. Бақытұлы


Есенов Бодық (1902, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қумола ауылы — 1960) — соғыс ардагері. Еңбек жолын 1913 жылы Қарсақбай мыс қорыту зауытының атқорасында бақташы болып бастады. 1929 жылы темір жол жұмыскері, от жағушы, ауысым шебері, Қарсақбай темір жолы депосының бастығы. 1937 жылы Қарсақбай теміржол партбюросының хатшылығына сайланған. 1938 жылдың мамырынан 1941 жылдың қарашасына дейін еңбекшілер депутаттары Жезқазған ауатком төрағасы болды. 1942 жылы әскер қатарына шақырылды. 1945 жылы ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталған. Соғыс біткесін екі жыл Берлин қаласын қалпына келтіру жұмыстарына қатысқан.

Есенов Бодық

Есімбаев Мұқыш (1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Қарсақбай ауылы — ө.ж.б.) Қарсақбай мыс қорыту зауытының орталық электр станциясында 1928 жылдан бастап жұмыс істейді. Әуелі 5 жыл 3 ай шуровшы болған, кейін турбина машинисінің көмекшісі, 1938 жылдың наурызынан турбина машинисі, 1951 жылдың наурызынан турбинаның аға машинисі. 7 санаттағы турбина машинисі сол уақытта біліктінің ең жоғарғы көрсеткіші еді. Есімбаев байсалды, ой-толғамы кең, аса ұқыпты жұмыскер болды. Міндетіне жауапкершілікпен қарады. Жұмыс істеген жылдарында еңбек тәртібін бұзу болмаған, турбинада апатқа жол бермеген. Есімбаев станцияның көп жылдар бойы стахановшысы болып табылады. Ленин орденімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен (1946) марапатталған.

Есімбаев Мұқыш

Есімбаев Мұса (1910, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Терісаққан болысы — 2002) Қарсақбай мыс комбинатының нан зауытында нан пісіруші болған. 1942 жылы 5 мамырда Жезқазған аудандық әскери комиссариаты 32 жастағы Есімбаевты әскер қатарына шақырған. 1942—1945 жылдары жаумен талай айқасты, небір қанқасап соғысты басынан кешірген. 1945 жылы 24 ақпанда ауылға ІІ топтағы мүгедек болып оралған. Айқас даласындағы жанқиярлығы, батырлығы үшін ІІ, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «1941—45 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және басқа медальдармен марапатталған. Бейбіт еңбекте де социалистік жарыстың талай рет жеңімпазы болған.

Есімбаев Мұса

Жазықсыз құрбан болғандар. БК (б) П Орталық Комитетінің 1937 жылы ақпан-наурыз Пленумында И. Сталин ұсынған социализм өз позициясын нығайтқан сайын таптық күрес шиеленісіп, күшейе түседі деген тезисі елімізде жаппай жазалау науканының басталуына негіз болды. Ол социализм iciнe берілген, оны саяси-идеялық және экономикалық жағынан нығайтуға үлес косып жүрген алдыңғы катардағы жұмысшыларға, инженер-техниктерге, ғылым, онер, партия және мемлекет қайраткерлеріне оқтай тиді. Бұдан Қарсақбай да шет қалмады. Біз төменде жазықсыз жазалағандардың тізімін беріп отырмыз. Олардың ішінде Жоғары сот орындарына ізденіп, майдан даласында айып батальондарға адал қызмет етіп, бірен-саран ақталғандар да бар.

Аменов Ерғали, 1908 жылы Қарағандыда туған, Қарсақбай мыс фабрикасының флотаторы. Ішкi Істер Халық Комиссариатының (бұдан әpi IIXK) Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштiгi 1937 жылы 31 қазанда ату жазасына кескен.

Беласқанов Смайыл 1885 жылы Қарсақбай ауданында туған, комбинаттың «Ұлытау» кеңшарының моторисі. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1937 жылы 11 қарашада ату жазасына кескен.

Баржаксынов Хакім 1896 жылы Қарсақбай ауданының 9-ауылында туған. Байкоңыр көмір ошағының десятнигі. IIXK Қарағанды облысы басқармасыныц үштігіi 1937 жылы 1 қазанда ату жазасына кескен.

Бірәлинов Ағайдар 1929 жылы Қарсақбай ауданының 9-ауылында туған. Қарсақбай комбинаты №18 шахтасының откатчигі. IIXK Қарағанды облысы басқармасының үштігі 1937 жылы 1 қазанда ату жазасына кескен.

Федчук Юстаниан Викторович 1904 жылы Польшада туған, Жезқазған кентіндегі кірпіш зауытының нормалаушысы, IIXK №599 хаттамасы бойынша 1937 жылы 22 желтоқсанда ату жазасына кесілген.

Кетебаев Әлібай Қарсақбай ауданының 8-ауылында туған, Карсакбай мыс зауыты электр (силовой) орталығының қазан тазалаушысы, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1937 жылы ату жазасына кескен.

Ахметбеков Бақберген 1907 жылы Қарсақбай ауданының 6-ауылында туған. «Жезқазған» кенішінің партком хатшысы. ІІХК Қарағанды облысы бойынша баскармасының үштігі 1938 жылы ату жазасына кескен.

Батырбеков Шахілияс 1904 жылы Қарсақбай ауданында туған. Қарсақбай кентіндегі орта мектеп мұғалімі. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 22 қазанда ату жазасына кескен.

Баймағанбетов Құрмансейіт 1897 жылы Қарсақбай ауданында туған. Қарсақбай ауаткомының төрағасы. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 28 қазанда ату жазасына кескен.

Бауман Александр Августович 1891 жылы Волын облысында туған. Латыш. Қарсақбай мыс комбинаты механикалық цехының токapi. IIXK Қарағанды облысы бойынша баскармасының үштігі 1938 жылы 5 қазанда ату жазасына кескен.

Горбенко Иван Данилович 1886 жылы туған, Қарсақбай кентінің тұрғыны, Қарсақбай мыс комбинатының бухгалтері, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 7 шілдеде ату жазасына кескен.

Жаманбаев Әбдунағым 1908 жылы Қостанай облысы Жетіқара ауданында туған. «Байқоңыр» кенішінің партком секретары. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 14 ақпанда ату жазасына кескен.

Волошин Дмитрий Антонович 1888 жылы Киев губерниясында туған, Қарсақбай мыс комбинаты механикалық цехының бастығы, КСРО Жогары Соты Әскери Коллегиясы 1938 жылы 8 наурызда ату жазасына кескен.

Егистаев Асанхан 1895 жылы туған, Қарсақбай кентінің тұрғыны, Жезқазған кентіндегі электр станциясының слесарі, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 21 ақпанда ату жазасына кескен.

Иванов Прокопий Сергеевич 1909 жылы Новосибирск облысында туған. Қарсақбай аудандық ОСОВИАХИМ кеңесінің төрағасы. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 16 акпанда ату жазасына кескен.

Қарсақбаев Төкен 1896 жылы туған. Қарсақбай кентінде жумыскер. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 22 қазанда ату жазасына кескен.

Кравченко Николай Юлианович 1897 жылы Ақмола қаласында туған, Қарсақбай мыс комбинатының бас бухгалтері. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 13 қазанда ату жазасына кескен.

Оспанов Әбділман 1895 жылы Қарсақбай ауданында туған. Қарсақбай кентіндегі жер өңдеу серіктестігінің төрағасы, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 22 ақпанда ату жазасына кескен.

Пурвин Павел Андреевич, 1892 жылы Витебск губерниясында туған, Қарсақбай темір жолының машинисі, КСРО IIXK қаулысымен 1938 жылғы 4 ақпанда ату жазасына кескен.

Ребров Иван Сидорович 1878 жылы Самара губерниясында туған, Қарсақбай Kipпіш зауытының шебері. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 2 қыркүйекте ату жазасына кескен.

Рыженко Иван Федорович 1905 жылы Атбасарда туған. Қарсақбай комбинаты байыту фабрикасының слесарі, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 9 қазанда ату жазасына кескен.

Самодинов Иван Иванович 1881 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шортанды станциясында туған. Қарсақбай комбинатының қуюшы-шебері. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасыныц үштігi 1938 жылы 22 қазанда ату жазасына кескен.

Суницкий Иосиф Никифорович 1885 жылы Чернигов губерниясында туған, Қарсақбай теміржолы зауыт ішіндегі депосының шебepi, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 26 қазанда ату жазасына кескен.

Соколов Александр Иванович 1888 жылы Калинин облысында туған, Жезқазған кентінде жұмысшы, жабдықтау бөлімінің бухгалтері, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 28 қарашада ату жазасына кескен.

Өміртаев Айман Қызылорда облысы Қармақшы ауданында туған, Қарсақбай кентінде орта мектеп мұғалімі, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1938 жылы 22 қазанда ату жазасына кескен.

Өтжанов Кәрібек 1909 жылы Қарсақбай ауданының 5-ауылында туған, аудандық атқару комитеті жанындағы сауатсыздықты жою жөніндегі инспектор, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 22 қазанда ату жазасына кескен.

Юмашев Павел Яковлевич 1884 жылы Ақмола қаласында туған, Қарсақбай мыс комбинаты металлургиялық цехының шебері, IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігi 1938 жылы 5 қазанда ату жазасына кескен.

Вишняков Илья Иванович 1906 жылы туған, Қарсақбай мыс қорыту зауытының бақылау-өлшеу жүйесінің шебері, Қарағанды облыстық сотының 1941 жылғы 23 қарашадағы үкімімен ату жазасына кесілген.

Кирюшенко Константин Гурьевич 1896 жылы Томскі облысында туған. Байқоңыр көмір ошағындағы №19 шахтаның проходкалаушысы, Қарағанды облыстык сотының 1941 жылғы 24 тамыздағы үкімімен ату жазасына кесілген.

Майер Иван Андреевич 1914 жылы Чкалов облысында туған, Қарсақбай кентінде тракторшы, Қарағанды облыстық сотының 1941 жылғы 20 желтоқсандағы үкімімен ату жазасына кесілген.

Суницкий Дмитрий Иосифович 1913 жылы Cпaccкi зауытында туған, Қарсақбай мыс қорыту зауытының телім бастығы, Қарағанды облыстық сотының 1941 жылғы 23 қарашадағы үкімімен ату жазасына кесілген.

Фризен Генрих Исакович 1900 жылы Днепропетровск облысында туған, Қарағанды облыстық сотының Қарсақбайдағы бөлімінің бухгалтері, Қазақ КСР IIXK әскери трибуналы 1941 жылы 8 желтоқсанда ату жазасына үкім еткен.

Дүйсембеков Қияс 1986 жылы Қарсақбай ауданында туған, Жезқазған кенттік кеңесінің төрағасы. IIXK Қарағанды облысы бойынша баскармасының үштігі 1937 жылы 20 тамызда ату жазасына кескен.

Қайтанов Балмұқан 1911 жылы Қарсақбай ауданында туған. Жезқазған кенішінің асханасында жұмыскер. IIXK Қарағанды облысы бойынша басқармасының үштігі 1937 жылы 20 тамызда ату жазасына кескен.

Осылай коммунизм идеясына, кеңес үкіметіне шындап берілген азаматтар әкімшілік жүйенің қанды шеңгеліне ілікті. Өмip өз заңымен өтіп жатты.

«Азалы кітап». Қарағанды және Қарағанды облысы. Алматы. 1957.


Жақыпов Құлмұханбет Кіртайұлы (15.04.1963, Қарағанды облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) 2003 жылы Қарсақбай металлургиялық зауыттың тұрғын үй шаруашылық теліміне тасқалаушы болып жұмысқа қабылданды. 2012—2016 жылдары сол телімде пеш салушы болып еңбек етті. 2016 жылдан бастап зауыттың жылы су қызметінде слесарь-сантехник болып істейді. Жақыпов еңбекте адал, зауыттың қоғамдық жұмысында белсенді, ел арасында беделді. Зауыт әкімдігі мен кәсіподақ комитетінің шешімімен талай рет ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталған.


Жалпы білім беру ісі өткір тұрды. Өйткені Қарсақбай мыс комбинаты үшін кадр дайындау ең алдымен жалпы білім беруді ұйымдастыру, сауатсыздықты жою, кәсіптік-техникалық білім жүйесін қалыптастыру болды. Алғашқыда Атбасар уезі халық-ағарту бөлімінің бюджетінің тапшылығы сондай, Қарсақбайдағы жалғыз мектепті мыс кәсіпшілігі зауыт басқармасының қарамағына берген. (Ақмола облысының мемлекеттік архиві, қ-115, т.1. Іс-130а, 3 бет). 1926—1927 оқу жылында Қарсақбай ауданында мектеп жасындағы балалардың 14 пайызы, сауатсыз ересектердің 9 пайызы оқуға тартылған.

Қарсақбай орта мектебінің бірінші түлектері — Х. Сатбаева, А. Филипович, Г. Волошина, т.б.

1926—1927 оқу жылында он бастауыш мектеп жұмысістеді. Олардағы 15 мұғалімнің тек екеуінде ғана арнаулы білім бар еді.

Барлығы 413 бала оқыды. Қарсақбайда панасыз балалар үйі, бір оқу қосы, екі сауатсыздықты жою нысаны болды. Комбинаттың өзінде 15 оқытушы өндірісте істейтін сауатсыздарды оқытумен шұғылданды.

1927 жылы 19 қаңтарда Қазақ АКСР-інің Комиссарлар Кеңесі Қарсақбайдағы мектептердің барлығын 1927—1928 оқу жылынан бастап мемлекеттің бюджетіне алу жөнінде шешім қабылдады. 2 мектеп ғимаратын салып, оның біреуіне мектеп-интернатты орналастыру белгіленген. Қарсақбай болыстық атқару комитеті жергілікті бюджеттен №4 мектеп ғимаратын тұрғызуғы, мешітті мектеп ашуға лайықтауға, №12 ауылда мектеп үйін сатып алуға қаржы бөлді.

1931—1932 жылдары ауданда мектеп саны 81-ге жетті, Қарсақбайда интернат, бала бақшасы, Ұлытауда панасыз балалар үйі жұмыс істеді. Балалар үйінде 120 панасыз жеткіншектер тәрбиеленді.

93 сауатсызды жою нысандары, 8 шала сауаттылар мектебі, 3 қазақ тілін үйрететін курстар, бірнеше ағылшын тілін үйрететін топтар, 9 әйелдер курстар жұмыс істеді.

Қарсақбай қалашығының дамып, білім беру ісінің кені қанат жайған кезеңі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына тура келеді. 2 жалпы білім беретін орта мектеп, 1 сегізжылдық мектеп, 1 жұмысшы жастар орта мектебі жұмыс істеді. Мектепке дейін балалар мекемелері, мектептен тыс мекемелер саны оннан асты.

Қарсақбай мектептерін бітірген түлектер ішінен Зәуре Сәдуақасова, Жәлел Қалмағанбетов, Оразай Батырбеков, Ошақбай Асылбеков, Мәкен Төрегельдин, Шерниязден Әбішев, Қазкен Базылов, Белгібай Қапанов, т.б. танымал дарынды ұйымдастырушылар, өндіріс, ғылым, мәдениет қайраткерлері шықты.


Жамбыл Жабаев атындағы Қарсақбай орта мектебінің негізі 1925 жылы ашылған бастауыш мектеп болды. Қарсақбай мыс комбинатының құрылысшылары, инженер-техниктері, төңіректегі шаруалардың балалары оқуға құштарлық танытты. Бастауыш сынып саны бірден онға жетті, қыста мектептерде екі мезгіл от жағуға рұқсат етілді, сабақ төрт ауысыммен жүрді, 1930 жылы жетіжылдық мектеп оқушыларға есігін айқара ашты. 1939 жылы Қарсақбай орта мектебі шаңырақ көтерді. Бұл — Ұлытау өңіріндегі тұңғыш орта мектеп. Қазір мектепте 32 мұғалім сабақ береді, олардың 8 — жоғары санатты, 11 — бірінші санатты. Мектеп ауданның батыс бөлігіндегі ауыл мектептері үшін ресурстық оқу орталығы. Елімізге мәлім Оразай Батырбеков, Мейіз Сәтбаева, Қоңыратбек Құрманбаев, Асқар Маткенов, Қыдырәлі Болманов, т.б. тұлғалар осы мектептің түлегі.

Жамбыл Жабаев атындағы Қарсақбай орта мектебі

Жанасов Жәңгір (1920, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы — 1999) — экономист. Қазақстан Компартия орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебін (1951), Алматы халық шаруашылығы институтын (1965) бітірген. 19 жасында Қарсақбай аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі. ҰОС бастан-аяқ қатысқан. 1946 жылы Қарсақбай мыс зауыты партбюросының, 1947—1955 жылдары Жезқазған, Жаңаарқа аудпартком хатшысы, екінші хатшы, 1955 жылы Қоңырат аудандық Сталин атындағы ұжымшардың төрағасы, 1958—1965 жылдары Жезқазған қаласы аткомының төрағасы, 1965—1973 жылдары Жезқазған кен-металлургиялық комбинаты директорының орынбасары, 1973 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Жезқазған облатком төрағасының орынбасары, Жезқазған — Ұлытау өңірінің экономикасын, халықтың тұрмысы мен мәдениетін көтеруге үлкен үлес қосқан. Қазақ КСР Жоғары кеңесі депутаты (1963), І, ІІ дәрежелі «Отан соғысы», екі мәрте Қызыл жұлдыз, Еңбек Қызыл ту, «Құрмет Белгіс»і ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» және т.б. медальдармен марапатталған.

Жанбосынов Жүсіп — Қарсақбай зауытын ұлттандыруға қатысқан жергілікті коммунистік топ мүшесі. Ұшы-қиыры жоқ меңіреу далада қаңтардың қақаған үскірігі мен аласапыран дүлей боранына кезіккен фельдшер Деев пен оның жолбасшысы Жұмабай қанды ауыз аш бөрілердің қамауында қалады, бір түйесінен айырылып, ажал тұзағынан әрең дегенде құтылады. Деевті ажал аузынан, дала қорқауларының қанды шеңгелінен құтқарып қалушы қарапайым қазақ жігіті Жанбосынов болатын. Ұяла езу тартып, сенімді шыраймен сәлемдескен қазақтың қолын қатты қысып тұрып Деев оның жүзінен ізет — бауырластықтың, кіршіксіз достықтың нышанын таниды. Жүсіптің лашық үйіне келген Деевті ауылдың меймандос кәрі-жасы таза көңіл, жылы шыраймен қарсы алады. Сөйтіп, орыс пролетариатының өкілі Иван Васильевич пен қазақ еңбекшілерінің достасуы дәл осылай басталады.

Деевтің Қарсақпайдағы ағылшын концессионер қоғамында қызмет істейтін большевик Прохор Иванович Холмецкиймен танысуы оның біріншіден революциялық қызметін әрі қарай жалғастыруына мүмкіндік берсе, екіншіден Қарсақпай, Байқоңыр кеніндегі астыртын ұйымның негізін қалауға, сондай-ақ оған қазақ шахетрлері Жүсіп Жанбосынов, Нұрмағамбет Саусақов, Қапланбек Бәтешев секілді кешегі жалшы жігіттерді тартуға толық жағдай жасайды.

Осыдан былай қарай Жанбосыновтың бүкіл өмірі мен күрес жолы жаңа бағыт алады.


Жанғалин Мүктар Омарұлы (1910, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, №2 ауыл — ө.ж.б.) 1923 жылға дейін анасының қолында болған. Әкесі Омар Жанғалин Ташкентте мұғалімдер семинариясын бітірген. Қазан төңкерісінен кейін Перовскі (қазір Қызылорда) қаласында панасыз балалар оқитын мектеп-интернаттың меңгерушісі болған. Күзектен 1921 жылы қайтыс болған. Сол уақытта мұғалім отбасы ретінде шешесі мен балаларына мемлекеттік пенсия тағайындалған.

Жаңғалин 1932 жылы қаңтарда Қазақ педагогикалық институтының тарихи-экономикалық факультетін бітірген. Мемлекеттік тапсырыс бойынша Қарсақбай жұмысшы қалашығына келеді. Фабрика-зауыт мектебінің директоры болып тағайындалады. Сонымен қатар кен-металлургия техникумы директорының міндетін қоса атқарады. 1935 жылы мамырда Қарсақбай мемлекеттік мыс балқыту комбинаты директорының көмекшілігі қызметіне жоғарлады.

1935 жылғы тамыздан қазақ өлкелік партия комитеті насихат бөлімінің қарауында болды. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейін Маркс. Энгельс. Ленин институты қазақ бөлімшесінде қызметкер, Қазмембаспасының, ҚазКСР министрлер кеңесі жанындағы архивтер басқармасының директоры. ҚазКСР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі.


Жанділдинов Мәжит Мырзамсейітұлы (1947—2010) — Қарсақбайдың генерал-майоры. Ташкент темір жол транспорты инженерлері институтын (1969), КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттік хауіпсіздік комитетінің Жоғары мектебінің жанындағы шет тілін менгерген басшы кадрларын дайындайтын екі жылдық курсты Москвада тәмамдаған. Институт бітіргеннен кейін Қазақ Темір жолының Семейдегі №2 жол дистанциясында электромеханик болып еңбек етеді. 1972 жылдан мемлекеттік хауіпсіздік органдарында қызметте. 1980—1981 жылдары Ауғанстан Демократиялық Республикасында болып, міндетін атқаруда ерлік, жүректілік, шешімділік, бастамашылдық, айла керліктің үлгілерін көрсеткен. 1987 жылы Мемлекеттік Хауіпсіздік комитетінің облыстардағы басқармаларының бастығының орынбасары, 1992 жылы Жанділдинов ҚР Ұлттық Хауіпсіздік Комитеті Қарағанды облысы басқармасының бастығы. 1997 жылы отставкіге шыққан. Мемлекеттік марапаттары бар.


Жанділдинов Мырзамсейіт (1914, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Қарсақбай ауылы — 1981, Алматы). Қарсақбай фабрика-зауыт оқуы мектебін бітірген. Қарсақбайда кеніште, темір жолда, «Қызыл кенші» газеті редакциясында, аудандық комсомол органдарында қызмет атқарған. Семей, Гурьев, Жамбыл облысы бойынша КСРО мемлекеттік Қауіпсіздік Комитеті басқармаларында бастық болған, полковник. Ленин, Қызыл жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальдермен марапатталған. Семей қаласында оның есімі берілген көше бар.


Жанділдинов Сейіт (1904, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, Білеуті ауылы — 1987, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) Қарсақбай мыс қорыту зауытының «Кентас алаңында» 1934 жылы жүк тиеуші, аға жұмысшы болып істеген. 1938 жылы кен алаңына бастық, 1957 жылы кен алаңы кентасты уату-транспорт цехы болып қайта құрылғанда цехтың техникалық жетекшісі, көп ұзамай бастығы болып тағайындалды. Жанділдинов кәсіпорынның бұл буынының бірқалыпты өнімділікпен, сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Зауыт ұжымы арасында үлкен беделге ие болды. Жанділдинов басқаратын цех өндірістік тапсырманы үнемі 135—170% асыра орындап отырды. Социалистік жарыста жоғары өндірістік көрсеткіштерге жеткені үшін үш рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен (1940,1946,1958) марапатталған. Еңбек Қызыл Ту орденінің (1953), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Ерлік еңбегі үшін» (1949) медальдарының иегері.

Жанділдинов Сейіт

Жанпейісов Қозыкен (1908, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кеңгір болысы — ө.ж.б.) — құрметті металлург. 1929 жылы Қарсақбай мыс комбинатына қара жұмыскер болып жұмысқа орналасқан. 1930 жылы металлургиялық цехқа жұмысқа шақырылды. Бесаспап металлург болды, кіші фурмашы, конверторшының көмекшісі, аға горновой, аға балқытушы, аға конверторшы. Еңбек кітапшасында тек бір цехта жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққаны көрсетілген. Оның сапалы өнімі, қажырлы еңбегі, ерекше жұмыс қабілеті металлургтер аузында аңыз болып қалды. Ленин орденімен, медальдермен марапатталған. Сәтбаев қаласында атақты металлург атындағы көше бар. 2008 жылы Қ. Жанпейісовтың туғанына 100 жыл толған атаулы күнді жұртшылық салтанатпен атап өтті.

Жанпейісов Қозыкен

Жәкеева Сақып (05.11.1941, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай кенті) еңбек жолын 1960 жылы Қарсақбай мыс зауытының телефон станциясында телефонистка болып бастады. 1974 жылдан бастап байланыс машина қондырғыларын жөндеуші. 1986 жылы Жезді байланыс торабына электрмеханик болып жұмысқа қабылданды. Сол жылдары халық депутаттар Жезді аудандық Кеңесіне депутат болып сайланды. 1994 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жезқазғантүстімет» АҚ-нда еңбек етті. Еңбек кітапшасы еңбекте жеткен көрсеткіштері үшін берілген алғыстарға толы. Қ. Сәтбаев атындағы тау-кен комбинатының, Қарсақбай зауытының, «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның басшылықтары Жакееваның еңбегін жоғары бағалап бірнеше грамоталар және алғыс хаттармен марапаттаған.


Жезқазған кен-металлургия комбинаты — одақтық маңызы бар түсті металлургияның ірі кәсіпорыны. Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинаты Жезқазған мыс кен орнын игере бастады. Әуелде жаңадан іске қосылған мыс қорытатын зауытты мыс кентасымен қамтамасыз ету мақсат болса, Қ. Сәтбаев бастаған геологтардың Жезқазғанда Одақта теңдесі орасан мыс кені қорын ашуына байланысты Үлкен Жезқазғанның комбинатының құрылысын бастау күн тәртібіне қойылды. 1936 жылы құрылыс басталғанымен оның қарқыны мен көлемі өте мардымсыз болды. Тек 1938 жылы №31 және көмекші №32, қуаты одан күштірек «Покро-центр», «Петро-центр» шахталарының проходкасы құрылысы қарқын алып, 1940 жылы алғашқы өнімді берді. Уақытша Кеңгір плотинасы салынды. 1940 жылы Кеңес Үкіметі Үлкен Жезқазған құрылысын КСРО Ішкі істер министрлігінің ГУЛАГ-ына тапсырды.

Жезқазған мыс қорыту зауыты

Үлкен Жезқазғандағы орасан құрылыс және өндіріс істерін басқару, үйлестіру және өнім өндіру жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді түрлері іздестірілді. 1958 жылы 16 шілдеде Қарағанды экономикалық әкімшілік ауданының халық шаруашылығы кеңесі Жезқазған кен-металлургия комбинатын құру туралы Жарлық шығарды. Комбинат құрамына Жезқазған кен басқармасы, Жезқазған мыс зауыты мен байыту фабрика, Қарсақбай мыс балқыту зауыты енгізілді. Бұл басшылықты орталықтандыруға, оны жедел және икемді жүргізуге мүмкіндік берді.

1992 жылы Жезқазған комбинаты «Жезқазғантүстіметалл» ғылыми-өндірістік бірлестігі болып қайта құрылды. Комбинат 1986—1991 жылдары товарлы өнімді жоспарға қарағанда 11% көп өндірді. Таза пайда 967 млн рубль, немесе белгіленген межеден 160 млн рубль асып түсті. Жоғары сапалы катод мысы, алтын, күміс, селен, теллур, товарлы қорғасын, тозаңдағы қорғасын, цинк, кадмий, висмут, перренат аммонийіндегі рений, концентраттағы осьмий, күкірт қышқылы шығарылды. Кеншілер бір жұмысшыға шаққанда орта есеппен бір ауысымда 6,72 текше метр кенді жер бетіне көтерді немесе бұл одақтық көрсеткіштен 2,3 есе көп болатын. 1974 жылы 19 қарашада зауыттың қара мыс өндірісінің екінші кезегі іске қосылды. Сөйтіп, осы күні кен өндіруден металл қорытуға дейінгі толық циклді қамтитын Үлкен Жезқазған комбинатының құрылысы аяқталды. Жезқазған кен-металлургия комбинатының 9 өндіріс озатына Социалистік Еңбек Ері құрметті атағы берілді. Олардың ішінде комбинаттың директоры Виктор Васильевич Гурба, Жезқазған кен басқармасының көп жыл тізгінін ұстаған Мұқит Құлжанұлы Бөпежанов, кеніште шахта салушылар мектебін қалыптастырған, ел таныған үлкен тау-кен ұйымдастырушы Ғазиз Омаров, екпінді еңбегімен ерекше көзге түскен Ұлытаудың ұландары Әубәкір Құсайынов, Қазымхан Кентаев бар. 1966 жылы өндірістегі табыстары үшін Жезқазған кен-металлургия комбинаты Ленин орденімен марапатталды.

Сағындық Қожамсейітов.


Жезқазған қаласының негізі 1936 жылы қаланған. 1939 жылы қалада 3207 адам тұрды. 1941 жылы 23 мамырда Үлкен Жезқазған елді мекені жұмысшы қалашығы қатарына жатқызылды. 1954 жылы 20 желтоқсанда қала мәртебесіне ие болды, 1973—1997 жылдары аттас облыстың әкімшілік орталығы, теміржол станциясы. Қала халқының саны 89 мың (2014) адам.

«Қазақмыс» корпорациясының «Жезқазғантүстіметалл» өндірістік бірлестігі, Жезқазған мыс қорыту зауыты, «Жезқазғансирекметалл» мемлекеттік кәсіпорыны, Қарағанды құю-механикалық зауытының бөлімшесі, т.б. орналасқан. Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, 10 колледж, 14 орта мектеп, С. Қожамқұлов атындағы музыкалық-драма театры, филармония, 2 мұражай, мұрағат, спорт сарайы, стадион, қалалық орталық аурухана, «Самсунг» медицина орталығы, отбасылық амбулаториялар жұмыс істейді. Жезқазғанның даму жоспары 2011 жылы бекітілген. Абылай ханға, Қ. Сәтбаевқа, С. Сейфуллинге, А. Имановқа, Ә. Жанкелдинге және көтерілісші сарбазға, Ұлы Отан соғысына қатысқан жезқазғандықтарға ескерткіштер орнатылған. 2017 жылы күзде Шығысхан дәіріндегі жырау, күйші, ғо уан бабамыз Кетбұқаға сәулетті ескерткіш орнатылды. Жезқазған арқылы Қарағанды — Жезқазған — Жезді, Жезқазған — Бейнеу, Жезқазған — Шұбаркөл — Арқалық теміржолдары өтеді. Сондай-ақ, республикалық маңызға ие әуе және автокөлік жолдары бар.


Жезқазған мыс кен орыны — Ұлытау өңірінде, Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 25 км қашықтықта орналасқан. Кен орнында кейінгі неолит заманынан (б.з.б. 6000 жыл) кен өндіріліп, мыс балқытылған. Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттерінің тайпалары мыс өндіруді жеке шаруашылыққа айналдырды. Мыйлықұдық, Сорқұдық, Айнакөл, Кресто, т.б. металлургиялық мекендер пайда болды. Олардың ең ірі қалашығы Мыйлықұдық шамамен ХVІІ ғасырға дейін, яғни Ұлы Жібек жолы құлдырағанға дейін жұмыс істеп тұрды. Қазіргі заманғы алғашқы мыс кәсіпшілігін 1847 жылы орыс көпесі Н. Ушаков ашқан. 1904 жылы кен орны ағылшындардың «Атбасар мыс кентасы» акционерлік қоғамына концессияға берілді. Олар 1907 жылдан 1912 жылға дейін бұрғылау жұмыстарын жүргізді. Жалпы тереңдігі 20 мың метрді құрайтын 234 ұнғыма бұрғыланды. 1914 жылы жалпы 335 метр тереңдік 14 шахта жүрілді. («Большой Джезказган». АН СССР. Москва. 1935. Статья Сыромолотова Ф. Ф. «Госплан СССР. Джезказган»). Кен барлау жұмыстары 1925 жылы кең көлемде жүргізіле бастады. Бірінші отандық мыс 1928 жылы Қарсақбай комбинатында балқытылды. Академик Қ. И.Сәтбаевтың 1929 жылы қолға алуымен басталған геологиялық барлау жұмыстарын үздіксіз жүргізген. Жезқазған мыс кенінің геологиялық құрылысы таскөмір, пермь және кайнозой шөгінділерінен құралған. Таскөмір жүйесінің орта және жоғарғы бөлімдерін қамтитын кен қабаттары Тасқұдық, Жезқазған свиталарына жіктеледі. Қалыңдығы 250 — 300 м Тасқұдық свитасы 3 кенді горизонт құрайтын қызыл және сұр түсті 16 қабаттан тұрады. Қалыңдығы 350 — 400 м Жезқазған свитасы 7 кенді горизонт түзейтін қызыл және сұр түсті 36 қабаттан тұрады. Бұл қабаттар литол құрамы бойынша қызыл және сұр түсі аргиллит, алевролит, құмтастан және аз мөлшерде жұмыртас, жентектас, әктас қабаттарынан тұрады. Кен сұр түсті құмтас қабаттарында шоғырланған. Тектоникалық құрылымына шығыс жағын шектейтін меридиан бағыттағы Шыңғыс Ұлытау, оңтүстіктен Теректі терең жарылымдары кіреді. Жезқазған синклиналі аумағында орналасқан кенді алаң Спасск мульдасы, Ақши күмбезі, Златоуст мульдасы, Кресто күмбезі, Анненск мульдасы және Анненск күмбезі атты бірінен бірі флексуралармен бөлінген құрылымдардан тұрады. Жезқазған мыс кені алты геологиялық-өндірістік телімге бөлінген: Ақши — Спасск, Оңтүстік-Батыс Покро, Солтүстік Покро, Златоуст, Кресто және Анненск. Кеннің минералдық құрамы: борнит, халькозин, халькопирит, галенит, бетехтинит, сфалерит, пирит, домейкит, арсенопирит, альгондит. Тереңдігі 10 — 60 м, тотығу белдемінде азурит, малахит, хризоколла, куприт, элит және таза мыс түзіледі. Негізгі кен құрамдас бөліктері: мыс, мырыш, қорғасын, қосымша Au, Ag, Re, Os, Mo, Nі, Co, Cd, Ge, Se, Te, Ga, S, т. б. Кен денелері таспа, линза, кейде күрделі пішінді. Инженерлік-геологиялық жағдайлары бойынша кен алаңдары оңтайлы, орташа, күрделі және өте күрделі түрлерге бөлінеді. Кен өндіру ашық және жер асты әдістерімен жүргізіледі.


Жезқазған — Сексеуіл — Бейнеу трансконтиненттік темір жолы 2014 жылы 22 тамызда жүк таси бастады. Күші кемелденіп мүмкіндігі артқан Азия пен Парсы шығанағы, кәрі құрлық Европа елдері арасында тікелей темір жол байланысы орнатылды. Қытайдан Европаға жүк жіберу және Европадан Қытайға тасу уақыты транзиттік дәліздің қазақстандық телімінде үш есе дерлік кеміді.

Қарсақбай темір жол станциясы

Жезқазған — Бейнеу және Арқалық — Шұбаркөл темір жолдары небәрі екі жыл ішінде салынды. Құрылыс кезінде 1200 км темір жол бойына 46 млн. текше метр топырақ, құм төселді. 46 көпір және жолайырықтары қолдан жасалды, 570 су ағатын тұрба орнатылды, 4200 км қуаты ВЛ-110 35 және 10 киловольт электр желісі тартылды. 23 станция, 33 разъездің құрылысы жүріп жатыр, бірқатары 2015 жылдың өзінде іске қосылды.

Жезқазған — Бейнеу темір жолының 300 км бөлігі Ұлытау ауданы арқылы өтеді. Қарсақбай, Байқоңыр, Көктал, Қоскөл станциялары салынды, 8 разъезд іске қосылды. Мұның үстіне барлығы 60 шақырым жол айырықтары, станцияаралық жолдар, бірнеше суағар көпірлер пайдалануға беріледі. Жұмыстың күрделілігін Жезқазған қаласының жанындағы Жезді өзенінің үстінен түскен көпір айтып тұр. Ол тек жаңа темір жол бойында ғана емес, бүкіл Қарағанды облысындағы ең үлкен көпір болып саналады. Оның ұзындағы 144 м, ал биіктігі 27 метр. Сондай-ақ, Ұлытау аймағында Шотыбассай, Қумола көпірлері жаңа үлгідегі техникалық талапқа сай құрылыстар.

Бұл жол толық қуатына шыққанда жылына 21 млн тонна жүк тасылатын болады. Халықаралық жолаушылар поезы жүре бастайды. Жезқазғанда темір жол вокзалы жаңа қалпына келтірілуде. Қаланың іргесінде қуатты өндірістік база және шағын қалашық іске қосылды. Жезқазған — Бейнеу темір жолының Ұлытау телімінде жүздеген адам жұмысқа тартылды. Темір жолдан аудан бюджетіне түсетін қаржы қомақты. 2016 жылы 15 наурызынан бастап Жезқазған-Қызылорда бағытында жолаушылар поезы жүре бастады.


Жеңсікбаев Жүрсін (1934, ОҚО, Қарсақбай ауданы, Өрнек ауылы — 2009, Қарсақбай кенті) 1951 жылы Қарсақбай металлургиялық цехында еңбек жолын бастаған. Аспалы кран жүргізушісі. 1965 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген металлургі құрметті атағы берілген. Еңбектегі үздік жетістіктері үшін 1975 жылы ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен, 1978 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Жеңсікбаев Жүрсін

Жоғары марапат иелері. Қарсақбайлықтардың ерен еңбегін Отанымыз жоғары бағалады. Ұзақ жылғы өнімді еңбегі, мінсіз қызметі, жаңашылдығы және бастамашылды үшін 17 қарсақбайлық Ленин орденімен, қырықтан астам металлург Еңбек Қызыл Ту оренімен, үш жүздей металлургтер, балқытушылар, энергетиктер, көміршілер «Ерлік еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медальдерімен марапатталды. Ленин орденімен марапатталғандар ішінде Қарсақбай геологиялық кенсесінің бастығы Қаныш Сәтбаев, аға конверторшылар Қозыкен Жампейісов, Мұзафар Жүсіпов, Мақсұт Жұмабеков, Оразалы Мейрамов, аға балқытушы Тұрсын Смайылов, аспалы кран машинисі Байқас Мәмбетов, Қарсақбай орталық электр станциясының бастығы Василий Шпак, турбина машинисі Мұқыш Есенбаев, аға фурмовшы Мақсұт Жұмабеков, қазандық тазалаушы Арықбай Бұқарбаев, аға классификаторшы Петр Мельников, боровшылар Нұртаза Самұратов, Тайшығара Нұртазаев, автокөлік жүргізуші Көдей Мамақов, орталық электростанциясының цех бастығы Ю. Я. Юмашев т. б. болды.

Мәмбетов Байқас
Юмашев Г.


Жұмабеков Мақсұт

Еңбек Қызыл Ту орденін жарқыратып төсіне таққандар ішінде металлург-екпінділер Жәкен Нұрханов, Василий Безбатько, Рамазан Мұнсызбаев, Әбдірашит Мәселеев, Әбдірахман Шығысов, т.б. бірнеше ондаған металлургтер болды.

Қарсақбайдан Қазақ КСР мен Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген металлургтер, қайраткерлер, рационализаторлар шықты.


Жуков Борис Степанович (1913, Украина, Киев қаласы — ө.ж.б.) — электр станцияларының ІІ-рангалы директоры жеке атағы бар. Лохвицкі механикалық техникумын бітірген. 1934—1949 жылдары Кузнецкі жылу-электр орталығының құрылысында, Кузнецкі металлургиялық комбинатында қазандық шебері, конструктор, инженер, қазандықта от жағушы болып істеген. Жуков 1949 жылы білікті маман ретінде Қарсақбай мыс қорыту зауытына жұмысқа жіберілді. Зауыттың орталық электр станциясында қазандық цехының бастығы, станцияның бас инженері, 1957 жылғы 20-қарашадан станцияның бастығы болып тағайындалды. Оның келуімен станцияның техникалық-экономикалық көрсеткіштері жақсарды. «1941—45 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Қара металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісінің иегері.


Жұмабаев Ахмет (1905, Жамбыл облысы, Байқадам ауылы — 1978, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Қарсақбай кенті) 1930 жылы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. Химия пәнінің мұғалімі. Қарсақбайдағы №1 орта мектепте химия, биология пәнінің оқытушысы. 1969 жылы Қарсақбайда ашылған академик Қ.И.Сәтбаевтың мұражай-үйінің алғашқы меңгерушісі. Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметіне қатысты Алматы, Томск, Баянауыл, ғалымның туған жері Ақкелін ауылына арнайы сапарлармен барып жинақтаған деректері бүгінде мұражайдың негізгі қорын құрайды. Мұражай-үйі ғимаратының екінші жартысында отбасымен тұрған А. Жұмабаев өмірінің соңына дейін осы мәдениет ошағының меңгерушісі, қор сақтаушысы, күзетшісі, бағбаны, әрі экскурсия жүргізушісі қызметтерін бір өзі атқарды.


Жұмағұлов Сәрсембек (1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Кішітау ауылы — 1982, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) — кенші. 1928 жылы Қарсақбай комбинатының Байқоңыр көмір ошағында еңбек ете бастаған. 1937—1942 жылдары бұрғылаушы, 1942—1950 жылдары ауысым бастығы. 1950 жылы аудандық партия комитеті тәжірибелі жұмысшы ретінде Жезді марганец кен басқармасына жібереді. Шахтада бекітуші болып өндіріс астында екінші топтағы мүгедектік алғанша 1954 жылғы қазанға дейін еңбек еткен. Еңбектегі ерлігі және жоғары өндірістік көрсеткіштері үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған.


Жүсіпов Мүзафар (1906, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы — 1980, Жезқазған облысы, Жезді ауданы, Жезді кенті) — Қарсақбай мыс қорыту зауытының озат металлургі. Қарсақбайға 1925 жылдың жазында келген. Жаңа салынып жатқан тар табанды темір жолдың жерін қазып тегістеп, топырағын үйіп көтерген. Негізгі құрал-сайманы — кетпен мен күрек, қайла, аға тәшке. «Бізбен бірге көптеген орыстар да қоса істеді. Жұмыстың бәрін осылардан көріп біліп істесіп жүрдік. Олар бізден гөрі ықшам, пысық, ыңғайлылық сияқты» — дейді естелігінде. Жүсіпов 1928 жылы 28 тамызда зауыттық металлургия цехына жұмысқа ауысқан. Онда шлак тасушы, тиеуші, шихтовшы, дабылшы, соңынан конверторшы, ауысым шебері, аға ауысым шебері болып істеді. 1938 жылы шала сауаттылар мектебін бітірген. Ташкент политехникалық институтында жеңілдетілген бағдарлама бойынша оқыды. Мысты тез балқытудың шебері атанды. 1941 жылы қазанда шарпу пешінің көмейі күлге толып, тартуы төмендеп, шихта қорытылуы құлдырап кетті. Бірақ пешті тоқтатуға болмайды, мадан тапсырмасы орындалмай қалады. Ал, жұмысы 120—150 градус ыстықта пештің көмейін бітеген қатып қалған күл сынықтарын сүйменмен, ауыр балғамен сындырып алу керек еді. Көмейге сәл су себелеп, сәл ыстық басылғанда бірінші болып ауысым шебері Мұзафар Жүсіпов, конверторшы Қаржан Бәйжіков енді. Небәрі 5 минутте олар қатқан күлді сүйменмен, балғамен сындырып, сыртқа шығарды. Бұдан артық жұмыс істеу мүмкін емес еді. Егер қабырғаға денең тисе, күлің қалатыны, балғаң тисе, бірің майып болатының анық еді. Осылай жұмыс жалғасты, металлургтер бірін-бірі ауыстырды. 26 сағатқа созылған теңдесі жоқ ерлік пеш жұмысының тоқтаусыз істеуді қамтамасыз етті.

Жүсіпов Мүзафар

Жүсіпов өндірісте жоғарғы көрсеткішке жеткені, Отан алдындағы қызметі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Ол бұл жоғарғы марапатты Кремль сарайында Одақтың құрметті ақсақалы М.И.Калининнің қолынан алды. Бұл салтанатқа И.В.Сталин, К.Е.Ворошилов, т.б. партия, үкімет басшылары қатысқан.

Жүсіпов Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындаға еңбек ерлігі үшін», «Ерлік еңбегі үшін. В.И.Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне», т.б. медальдармен марапатталған. Бірінші сайланған Қарағанды облыстық кеңесінің депутаты.

Жүсіпов есімі Жезқазған қаласындағы көшелердің біріне берілген.

(Л.А.Пинегина, С.А.Федюкин. Жезказган — город меди. «Наука». Алматы.1966.

С. Бүкіров. Жарқын жылдар жаңғырығы. Алматы, 2010).


Жылқайдаров Әбдікәрім (1903, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Жезді болысы, №8 ауыл — 1949, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай қалашығы) 1918—1924 жылдары Қызылорда облысында бір байда жалшы болады, 1924 жылы Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының металлургия цехына фурмашы болып қабылданады. Осында 1938 жылы сауатсыздықты жою мектебін бітірген, мамандық шеберлігін көтеру үшін техминимумды меңгеріп, сынақтан сүрінбей өткен. Коммунистік партияның мүшелігіне қабылданады. 1937 жылы конвертор шебері болып тағайындалды. Стахановшылар қозғалысына қатысқан конверторшылар конвертордың жөндеу аралық кезеңде беретін балқымалардың санын 65-тен 220-ға жеткізді. Цех бастығы Е.Д.Гетманның бастамасымен бір топ майталман металлургтер, оның ішінде Жылқайдаров бар, бір тоқсан ішінде шапшаң балқыма алу санын 120-дан 160-қа жеткізді. Ұлы Отан соғысы жылдары шапшаң балқыманың санымен салмағы 15—40 пайызға дейін өсті.


Зенковский Аркадий Иванович (1920, Ресей, Тюмень облысы, Аромашев ауданы, Большой Кучеряк селосы — ө.ж.б.) — Кеңес одағының батыры. Соғыс басталғанда Қарағанды облысы Қарсақбай кентінде еңбек етті. 1943 жылы 13 ақпанда Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, Воронеж майданына аттанды. Курск иінінде болған ұрыстарда 6 гвардия атқыштар дивизиясының қатарында пулеметшы Зенковский ерлік пен батырлық көрсеткен. 1945 жылы 31 қаңтарда Суворов орденді Қызыл Тулы №6 Ровно атқыштар дивизиясы Богдан Хмельницкий орденді 10-гвардиялық атқыштар полкының 5-ротасының командирі кіші лейтенант Зенковский КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 10 сәуірдегі Жарлығымен Совет Одағының Батыры атағы берілді.


Зуб Григорий Павлович (1872—1944) — күн күйдірген тастақты, жері құнарсыз Қарсақбай кентінің жанында аумағы 13 га үлкен саябақтың негізін қалады. Әуелі барлығы алты қатар жас терек пен қараағашты екті. Артынан акация, шие, итмұрын, жиде өсіп шықты. Зуб әрбір ағашты, бұтаны, жеміс-жидекті, гүлдерді қалын кілемдей әдемі орналастырды. Саябақ ішінде футбол, жеңіл атлетика алаңы, жазғы театр, парашют мұнарасы, т.б. жұмыс істеді. Металлургтердің сүйікті демалыс орны болды. Бұл Ұлытау өңіріндегі тұңғыш саябақ еді, кейін ол барлық ірі елді мекендерде пайда болды. Зуб осы өзі өсірген саябақта жерленген.

Зуб Григорий

Иванов Василий Иванович (1898, Тверь қаласына жақын елді мекенде шаруа отбасында туған) 1911 жылы Санкт-Петербергтегі финлянд пароход қоғамында қолбала болып істеген. 1917 жылдың ортасында әскери қызметке қабылданған. Осында қызыл әскердің бірінші Ленинград темір отрядының қатарына кіріп, Финляндия майданында соғысқа қатысқан.

БК (б) П Орталық Комитетінің қауылысымен Орталық Бақылау Комиссиясының қарамағына жіберілген. Орал округінде жұмысшы-шаруа инспекциясы бақылау комитетінің төрағасы болып тағайындалып, округ тарағанша істеді.

Иванов 1931 ж. қазан –1935 ж. шілде аралығында Қарсақбай мемлекеттік мыс комбинатының директоры болып істеді. Оның келуімен комбинаттағы жағдай жақсарды. 1932 жылы — 3879,29 т, 1933 жылы — 3526,219 т, 1934 жылы — 3945, 1935 жылы — 4376 т мыс балқымасын алдырды. Осы кезеңде мыс кенін өндіру 15 пайыз көбейді. Қалың көпшілік арасында үгіт-көпшілік, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізуге белсене қатысты.

Қазақстан партия ұйымында өлкелік жұмысшы-бақылау инспекциясы бақылау комитетіне мүше, кейінірек өлкелік партия комитетінің, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің, сонымен қатар қазақ өлкелік Орталық атқару комитетінің, облаткомның мүшесі болды.

ҚР МОМ, қор 141, т-16, іс 4212, 3—13 беттер.


Иванишко Федор Яковлевич (1910 — ө.ж.б.) Қызыл әскер қатарына Қарсақбайда жұмыс істеп жүрген кезінде шақырылды. Отан үшін болған соғыста өзін ержүрек, мерген пулеметші жауынгер ретінде көрсетті. 1943 жылы 31 желтоқсанда ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, 1944 жылы 2 наурызда ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, одан кейін біраз уақыттан соң І дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. Иванишко 76-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының жеке гвардиялық атқыштар батальонның пулеметшілер тобының командирі болып, 1944 жылы жазда Белоруссия жерінде болған шайқаста ерекше көзге түсті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы жарлығымен «Даңқ» орденінің толық иегеріне Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Иванишко Федор

Игібаев Уәлі (1902, Ақмола облысы, Атбасар уезі, Ұлытау болысы — 1960, Қарағанды облысы, Жезқазған ауданы, Қарсақбай қалашығы) 1936 жылдың шілдесінен зейнеткерлікке шыққанша Қарсақбай темір жолында паровоз машинисі болып істеген. Жұмыста міндетін жауапты атқаратын, мамандығына жетік, үздік паровоз машинисі екенін көрсетті. Өндірістік нормасын ай сайын 110—115 пайыз асыра орындап отырды. Талай жастар Игібаевтін тәрбиесін көріп, тәжірибесін үлгі етіп, даңғайыр темір жолшылар қатарына қосылды. «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» (1946), «Еңбекте үздік шыққаны үшін» (1949), «Ерлік еңбегі үшін» (1951) медальдарымен марапатталған. Игібаев адамгершілігі мол, жүрегі жылы, қол ұшын беруге дайын дара тұлға болатын. Торқалы тойда, топырақты өлімде шаруаның ортасында жүруші еді. Ақеділ ағаның сауапты еңбегіне қарсақбайлықтар дән риза болып жүрді.

Игібаев Уәлі

Казазаев Тихон Михайлович (1910, Ақмола облысы, — ө.ж.б.) — Қарсақбай мыс қорыту зауытында 1928 жылы 19 қазанда алғашқы мыс алуға қатысқандардың бірі. 1930 жылдың ақпанына дейін металлургиялық цехта горновойдың шәкірті болды. Осыдан соң 1932 жылға дейін кіші горновой, 1933 жылдың 2 наурызына дейін аға горновой, 1939 жылдың 3 қарашасына дейін шарпу пешінде шебері болып істеді. Ұлы Отан соғысы жылдары ауысым бастығы және шебері міндеттерін (30.06.1941—31.12.1947) біріктіріп атқаруды мойынына алды. 1948 жылы 1 қаңтарынан зейнеткерлікке шыққанша шарпу пеші бөлімшесінің аға шебері міндетін абыройлы атқарды. Коммунистік партия мүшесі. Бастауыш білімі бар, техминимумды ойдағыдай тапсырған. Өзінің кәсіптік білімін көтеруге ерекше мән берді, саладағы жаңалықтар мен озық тәжірибені өндіріске еңгізіп отырды, жас жұмысшыларға тәлімгер болды. «Түсті металлургиядағы социалистік жарыстың үздігі» төсбелгісінің иегері. Еңбек Қызыл Ту орденімен (27 қазан 1951), «1941—1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін», «Ерлік еңбегі үшін» (1949) медальдарымен марапатталған.

Казазаев Тихон

Кәсіподақтар жұмысы туралы 1926 жылы 10—15 қазанда өткен Қарсақбай аудандық бірінші партия конференциясы арнайы қарар қабылдады. 1926 жылы мамырда 706 жұмысшы қызметкер еңбек етсе, қыркүйекте 1623 адам жұмыс істеді, оның 743-і Ресейдің орталық облыстарынан келген еді. Жезқазған кенішінің кәсіподақ мүшелігіне жұмыс істейтіндердің 90 пайызы тартылған.

Қарсақбай ЛКСМ аудкомының бөлім меңгерушісі Н. Жукова

1927 жылы Қарсақбай аудандық тау-кен жұмысшылары кәсіподағының бірінші конференциясы өтті. Есепті мерзімде капиталистік елдерде ереуілші кеншілерге көмек қорына 450 сом 24 тиын жиналған. 167 кәсіподақ мүшелері газет-журналдарға жазылған. Жезқазған кенішінде клуб пен «қызыл бұрыш», Байқоңырда «қызыл бұрыш» оқу бөлмесімен, Қарсақбайда 2500 кітап қоры бар кітапхана ашылды.

1928 жылы 1 қазанда Қарсақбай комбинатында 3716 адам жұмыс істеді, олардың ішінде жұмысшылар 2959. «Атбастүстімет» тресінің баяндамасы 1929 жылы 11 қарашада Москвада тау-кен жұмысшылары кәсіподағының орталық комитеті төралқасының мәжілісінде тыңдалды. Қабылданған шешімде социалистік жарысты өрістету, ұжым мүшелері арасында рационализаторлық және өнертапқыштық қозғалысты өрістету, өндірістік кеңестердің ролін арттыру міндеті қойылды. 1930 жылы мамырда социалистік жарыспен ұжымның 83 пайызы қамтылды, жалпы тиімділігі 300 мың сом рационализаторлық ұсыныстар өндіріске енгізілді. Келесі жылы зауытта өндірістік кеңестердің, рационализаторлар мен өнертапқыштардың ұсыныстарын іске асыру арқылы 1 млн 130 мың 661 сом үнемделіп, өнімнің өзіндік құнын 7,53% кемітуге мүмкіндік берді.

18+

Книга предназначена
для читателей старше 18 лет