электронная
Бесплатно
печатная A5
381
18+
Қайрат. Жаңа өмір

Бесплатный фрагмент - Қайрат. Жаңа өмір

Объем:
232 стр.
Возрастное ограничение:
18+
ISBN:
978-5-4498-1549-1
электронная
Бесплатно
печатная A5
от 381
Купить по «цене читателя»

Скачать бесплатно:

18+

Книга предназначена
для читателей старше 18 лет

«Қайрат: жаңа өмір»

«Заманақырдың» басталуы

Жиналысқа ойыншылар, бапкерлік құрам, қызметшілер, клуб басшылығы және ҚТЖ басшысы Ерлан Атамқұловтың көмекшісі ғана қатысты. Бас демеуші өз адамын клуб базасына: «Команданың жеңіске жетуіне не нәрсе кедергі жасайды?» — деген сұрақтың жауабын білу үшін жіберген-ді. Көмекшіге нәтиженің жоқтығы мен құлдыраудың себебін білуге қажетті өкілеттік те жүктелген. Өйткені, клуб бұрынғыша лигадағы ең бай команда болып тұрды, кімді қаласа, соны бапкерлікке алды, күшті екі құрамы бар еді. Көмекші «Қайраттың» не себепті көш басындағы үштіктен артта келе жатқанын және мәселелерді шешу үшін не қажет екенін толық түсінгісі келді. Мәселе қарым-қатынасқа қатысты болса, команданың шаңын қағып алу керек. Қосымша ынталандыру қажет болса, ол да қашпайды.

Қысқасы, Атамқұлов шын ниетпен көмектескісі келді. Ол дағдарысты жеңіп шығуға болатынына сенді. Сөйтіп, барлық сұрақты ойыншыларға көмекшісі арқылы қойды. Ынталандыру үшін күшті тетік табылғандай да еді:

— Шеф алтын жүлде үшін әр ойыншы жаңа «Camry-40» алатынын ескертуді өтінді, — деп сергек дауыспен хабарлады ол.

Оның ойынша, бұл хабар жігіттерді сергітіп, ерекше ықыласпен жұмыс істеуге жол ашуға тиіс. Өйткені, «қырқыншы Camry» елде жаңа ғана пайда болып, сәннің соңғы үлгісіне айналған еді. Шынында да, бұдан артық ынталандыру мүмкін емес, оның үстіне, футболшылардың қымбат та жайлы көліктерге ықыласы белгілі ғой. Мұндай уәде міндетті түрде әсер етуге тиіс.

Бірақ қатысушылардың бет-жүзінен энтузиазм байқала қойған жоқ. Көмекші бір кәдіктің барын сезді. Осы кезде команда капитаны және сол кездегі елдің үздік футболшысы Самат Сымақов сөз алды. Атамқұловтың көмекшісі: «Бәрін қалпына келтіретініміз сөзсіз» немесе «Бәрі жақсы болады, маусым ұзақ, кестедегі жағдайымызды жақсартып, көшбасшыларды қуып жетеміз», — дегенге ұқсас лебіз күткен болар. Оның орнына Сымақов төбеден суық су құйғандай ауыр сөзді лақ еткізді.

— Ештеңе керек емес, бәрінің пайдасы шамалы, — деді ол.

— Бұл не сөз? — деді дағдарып қалған ұлттық компания топ-менеджерінің көмекшісі.

— Түсінбейтін ештеңесі жоқ, ана жақта — «жоғарыда» — бәрі шешіліп қойған. Біз биыл чемпион бола алмаймыз, — деп түсініктірек сөйледі Самат.

— «Жоғарыда» қай жерде? Не шешіліпті? «Бәрі шешіліп қойғаны» қалай? — Команда капитанының не айтып тұрғанын көмекші шынымен аңдаған жоқ.

— Оны бәрі біледі. Биыл «Астана» чемпион болады. Оларды «сүйреп» келе жатыр. Солармен ойынға қарсы бізді «тазалайтынын» да білеміз.

— Бұл қалай?

— Бізде ескертуге «ілініп тұрған» негізгі ойыншылар бар. Сырт алаңда «Астанамен» кездесуде бізді мықты құраммен шығармас үшін, оларды «Алматымен» ойында карточкаға отырғызады.

Көмекшісі келіп есеп берген соң, бұл ақпарат үлкен бастыққа төбеден жай түскендей әсер етті.

Атамқұлов аңғал адам емес-ті, Қазақстан футболының әлемі былық пен көзбояуға толы екенін оның түсінгені сөзсіз. Бірақ чемпионды кабинетте белгілей салуға болатыны, әлсізді алға жіберу үшін біреуді әдейі және қасақана «тежеуге» болатыны тіпті оны да есеңгіретердей жаңалық болды. Ол «Астананың» «Қайраттан» күшті болуы еш мүмкін емес екеніне сенімді еді, өйткені, елдің үздік футболшыларының бәрі Алматыға топтасқан, ал астана жас футболшылардан жасақталған болатын. Иә, болашағы бар, дарынды, бірақ жас та тәжірибесіз ойыншылардан. Сөйтсе, осылайша карточканы тарата салып, команданы тым дөрекі түрде әлсіретуге болады екен ғой. Тіпті қазір-ақ — маусымның ортасында — басқа мүмкіндіктің жоқтығын, чемпион тағдыры «жоғарыда» шешіліп қойғанын бәрі түсінеді.

Кейін Атамқұлов клубтың бас менеджері Ермек Сырлыбаевты өзіне шақырды. Сөйтіп, мейлінше дұрыс көзқарасын білдірді. Шынында да бізге чемпионатты жеңіп алуға мүмкіндік бермесе, миллиондап қаржы жұмсаудың қажеті не? Бәрін буып-түйіп, футболға орасан зор қаржы құймай-ақ қойсақ қайтеді?

Бастықтардың не шешкенін кім білсін, бірақ клубтың тағдыры дәл сол кезде анықталған секілді. «Қайраттың» басшылығы мен демеушілер сонша лас чемпионатта ойнайтын клубқа ақша құюдың мәні жоқ деп шешті. Тіпті футболда қалудың да қажеті жоқ, өйткені, «Қайраттың» сыртында тұрған адамдармен санаспауы да мүмкін ғой. Нақтылар болсақ, олар елдегі ең жаман адамдар емес-ті.

Келесі күні үлкен басшының кабинетіне Сырлыбаев шақырылды. Оған 2006 жылдың соңында ҚТЖ клубтан кететіні айтылды. Ол да ақырындап барлық жобаны жинастыра беруге тиіс болды.

***

Бірнеше күннен кейін «Қайратты» «сырт» алаңда «алматылық» жерлестерімен кездесу күтіп тұр еді. Қалалық дерби соңғы үш жыл ішінде Алматы өміріндегі ерекше оқиға ғана емес-ті. Оны бүкіл ел қарайтын болған. Қызығы сол, «Алматыны» Саян Хамитжанов басқарып тұрды, ал оның сыртынан елдегі ең ықпалды адамның бірінің сұлбасы көрінетін. «Қайратта» ҚТЖ адамдары — белгілі бір дәрежедегі «алыптар» рөлде еді. Матч сайын «Алматының» жас ойыншылары тәжірибелі және жұлдызды әріптестеріне қарсылықты күшейтіп келе жатты. Оларды жеңу оңай соға қоймайтын. БАҚ та осы дербиге қызығушылықты үнемі қыздырып отырды. Мысалы, «қалалықтар» балалар бапкері Игорь Романовтың басшылығымен бірінші рет «ағасынан» ұпай жырып әкеткенде, елдің сол кездегі басты спорт газеті «PROСПОРТ Казахстанның» бірінші бетінде «Балалар бапкері мәскеулік маманды жер шұқытты» деген тақырып «айғайлап» тұрды. Мәскеулік маман Алексей Петрушин еді. Газеттің клубпен ара қатынасы туралы бұл кітапта әлі де айтылады. Бұл шегініс 2006 жылға қарай Алматы дербиінің қажетті мәртебеге — ымырасыздыққа қол жеткізгенін түсіндіру үшін ғана алынып отыр. Бірінші айналымдағы осы екі қарсылас арасындағы матч сол мәртебеге өте сай өтті: «Қайрат» ауыр ойында 3:2 есебімен жеңді. Ал қарымта ойын «қан майдан» болатыны сөзсіз еді. Бірақ фантаст-жазушылардың өзі мұндай сценарий ойлап табуы неғайбыл-ау…

Ойынға 5000-ға жуық жанкүйер келді. Бәрі қызық күтті. Адамдар поп-корнмен «қаруланып» алды десек те болар. Бірінші тайм экшнсүйер қауымның үмітін толық ақтады: 22 минутта-ақ талдықорғандық төреші Нұрлан Қожабергенов қызыл карточкасын шығарып, команда серкелерінің бірі Андрей Карповичті алаңнан қуды.

Иә, «қайраттықтар» «өрт» болатынын, төрешілердің қасақана қия басатынын білген-ді. Бапкерлер де сіріңке секілді шырт етіп тұтана кететін ойыншыларды алаңға шығармауға барынша тырысты. Сондықтан Асқат Қадырқұлов, Арсен Тлехуговтар қосалқы құрамда қалды. Қатал жігіт Ренат Абдулин, легионерлер Бошкович пен Гочкулиев тіпті ойын хаттамасына да ілінген жоқ. Мінезі шатақтау ойыншылардан алаңға тек Сымақов, Карпович және Фархадбек Ырысметов қана шықты. Дегенмен қарсылас та қажетті нұсқау алған сияқты, бірінші минуттан-ақ «Алматы» ойыншылары «теміржолшыларды» («Локомотив» деп аталмайтын командаға осы анықтауышты қосудың өзі қызық) арандатуға кірісті. Әсіресе қазақстандық төлқұжаты бар ресейлік Кирилл Кочкаев барын салды. Бірінші тайм ортасында Карпович дәл соны баудай түсірген-ді. Сырғанай келіп тепкен соққы кәдімгідей ауыр болды. Кочкаев мұндай соққыға «еңбек сіңірмеген» болар. Бірақ 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың соңында ағасы «Қайраттың» символдарының бірі болған төрешіге осы ғана керек еді. Ол кімнің жаза басатынын күтіп қана жүргендей болды. Сөйтіп, Карпович киім ауыстыру бөлмесіне уақытынан бұрын жіберілді. Бұл кезде «Қайрат» жеңіліп жатты: 4 минутта Кирилл Шестаков есеп ашқан болатын.

Карпович, әрине, сол «Қайраттың» белді тұлғасының бірі еді. Дегенмен ойыншы саны аз болса да, елдегі ең бай команда ең жас команданы жеңе алатын-ды. Дұрыс бапкерлік шешім жасап, ойыншылардың алаңдағы орнын дұрыс алмастырып, қарқынды сәл арттырса, бәрі басқаша болуы мүмкін еді. Бірақ таймның соңғы минутында Александр Киров есеп айырмасын ұлғайтты — 2:0. Енді еңсе түзеу мүмкін еместігі белгілі болды.

Білетін адамдар үзіліс кезінде-ақ бір кәдіктің барын сезді: әдетте қосалқы ойыншылар алаңда дене қыздыруға қала береді. Бірақ сол кезде әкімшілердің бірі жүгіріп келіп, қосалқы құрамдағылардың бәрін шақырып алды да, трибуна астына алып кетті. Онда, дәлірек айтқанда, қонақ команда киім ауыстыратын бөлмеде «қазан қайнап» жатты. Команданың бас менеджері Ермек Сырлыбаев ойыншылар мен бапкерлерге демеушілер шешімін — төреші тәлкегіне бойкот жасап, екінші таймға шықпау қажеттігін жариялады.

Бұл шешім, жұмсартып айтсақ, бәрін дағдартты. Не болып жатқанын ешкім түсінген жоқ. Адамдар өз пікірін айта бастады, ортақ сарын мынадай еді: қандай жағдайда да ойнау керек. Өйткені, жанкүйерлерден ұят болады. Бірақ Сырлыбаев мұның демократиялық сайлау емес, әбден ойластырылған, салмақталған шешім екенін тез аңғартты.

Шешім шынында да ойластырылған еді және ол жоғарыдан келген-ді. Бірінші тайм аяқталғанға дейін, стадионның VIP-ложасында отырып, Сырлыбаев алаңда не болып жатқанын айтып, ҚТЖ басшыларымен байланысқа шықты. Оған жоғарыдағылардың бұйрығы айтылды — қарсылық ретінде команданы алаңнан алып кету керек. Мұндай радикал қадам Ермек Әмірбекұлының өзін дағдартқан секілді, ол біраз уақыт ойланып қалды. Сосын өзін-өзі қолға алып, ойын инспекторы Владислав Маркинге тартты. «Біз матчқа бойкот жариялап, екінші таймға шықпаймыз» — бұл жаңалық бұрынғы атақты футболшыға төбеден жай түскендей әсер етті.

Сырлыбаев киім ауыстыратын бөлмеге барып, командаға нұсқау берді. Әуелгі шешім мынадай еді: екінші таймға мүлде шықпау керек. Бірақ сол кезде жағдайдың бұлай өрбитінін күтпеген Маркин бөлмеге екпіндей кірді. Әуелі ол сөзді қорқытып-үркітуден және ақыл айтудан бастады. Тіпті: «Ертерек келісу керек еді», — деген сөзді де лақ еткізді деседі. Бірақ «қайраттықтардың» қатты шиырығып тұрғанын біліп, ол тактиканы өзгертті. Куәгерлердің айтуынша, Маркин ойыншылар мен басшылардан шараға зиян тигізбеуін тізерлеп тұрып өтінген сияқты. «Қайраттықтар» қартты тыныштандыруды жөн деп тауып, екінші таймға шығатындарын айтқан. Көзінен күмән мен күдік тарқамаған, бірақ жақсылықтан үміттенген Маркин бөлмеден шығып кетті.

Бірнеше минуттан кейін алаңға команданың барлық ойыншысы шықты. Дәлірек айтқанда, олар «Coca-Cola Былғары доп» республикалық балалар турнирінің жеңімпаздары (айтпақшы, жеңімпаздар арасында болашақтағы ұлттық құрама ойыншысы Сергей Хижниченко да болды) марапатталып жатқан жүгіру жолына ғана шықты. Марапаттау рәсіміне назар аудармастан, футболшылар батыс трибунаға бұрылып, жанкүйерлерге қол шапалақтады да, киім ауыстыратын бөлмеге қайта кетті. Барлық адам есеңгіреп қалды деудің өзі артық.

Бұл біздің футболда баламасы жоқ аз даудың өзі еді. Дәл осы сәтті Қазақстанның сол кездегі ең ұлы командасының ақырының басы деп санауға болады.

І тарау

2004. Чемпиондық атақ

2002 жылы «Ертіс» чемпион болды. Оған дейін екі жыл қатарынан мықтының титулы жаңа астанаға кеткен-ді. Астаналықтармен алтын жүлдеге әр жылы «Атырау» мен Петропавлдың «Аксесс-Голден-Грейн» командалары таласты. Қысқасы, сол кезде жеңімпаздар тұғырында Қазақстан футболының көшбасшысы көптен бері болмаған еді. Ал чемпион атағы «Қайратқа» бір-ақ рет — тәуелсіз Қазақстанның бірінші чемпионаты өткізілген 1992 жылы ғана бұйырған болатын. Содан бері «алтын» қайда кетпеді, бірақ Алматыға ат басын бұрған жоқ.

2003 жылғы маусым басталғанда, халықтық команданың жанкүйерлері аса қатты үміттене қойған жоқ. Клуб кезекті сұрықсыз маусым өткізетіндей болып келе жатқан. Талғат Жұмаділлаев әлі де директор еді, Владимир Гулямхайдаров бас бапкер болып бекітілді, ал оның ассистенті қызметіне жақында ғана футболды доғарған Эдуард Глазунов келді, ал алаңда жергілікті түлектер Әли Әлиев, Әлібек Бөлешев, Константин Горовенко, Олег Тарасов сияқты талантты, бірақ жас футболшылар бәрін өз иықтарымен көтеріп шығуға тиіс болды. Оның үстіне, оларға елдің «Жетісу», «Жеңіс», «Атырау» сияқты табыстырақ клубтары лашындай түйілуге дайын еді.

Былайша айтқанда, ешқандай өзгерістің лебі жоқ-ты. Бірақ жазға қарай клубқа қуатты демеуші келетіні, ал команданы мүйізі қарағайдай бапкер басқаратыны жайлы әңгіме күшейе түсті.

Қазақстан футболында жел тұрмаса шөп басы қимылдамайтын кез өте сирек. Барлық құпия нәрсе жылдам жария болады. Қап түбінде алтын кездік жатпайтын орта шығар бұл, сірә. Тез арада бәрі ресми түрде белгілі болды.

Сонымен, «Қайратқа» демеуші болып «Қазақстан темір жолы» ұлттық тасымалдаушысы келді. Соңғы жылдары жанкүйерлер футбол әтектері деп атаған клуб басшылығы ауысты. Олардың орнына ҚТЖ бірнеше жыл бойы өз жобаларын табысты іске асырған волейбол менеджері келді. Біз сөз еткен адам — Ермек Сырлыбаев әуелі бәрін байқап көруді дұрыс көрді. Оның басты міндеті — бөлінген қаржының тиісті жерге жетуін қадағалау еді. Мүйізі қарағайдай бапкер Леонид Остроушконың өзі болып шықты. Осыдан үш жыл бұрын ол Қазақстандағы ғасыр бапкері деп танылған-ды. Осылайша, Алматыға ол жұлдыз мәртебесінде келді.

Құрам да айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Жаңа қақпашы ғана шақырылған жоқ, бұл шепте онсыз да бәрі орнында еді — Евгений Набойченко мен Илья Юров өз шеберліктеріне күмән келтірген жоқ. Команданы күшейту үшін шақырылғандардың тізімі таң қалдырды: еңбекқор эстон Марк Швец, әмбебап ресейлік Авхат Мингачев, ақылды өзбек Мұхтар Құрбанов, шебер Ұлықбек Асанбаев, нағыз «қайраттық» Асқат Қадырқұлов, 2002 жылдың бас мергені, әлі күнге дейін бір маусымдағы нәтижелілік рекорды (30 доп) өзгермеген Арсен Тлехугов. Бәрібір екі трансфер ерекше еді: «Пахтакордан» этникалық қазақ Қайрат Өтебаев шақырылды, Ресейден тәжірибелі белорус Юрий Шуканов келді. Соңғы үшеуі команданың шынайы серкелеріне айналды. Олардың қасында жергілікті сүйікті футболшылар Әлиев пен Бөлешев те басқаша ойын өрнегін көрсете бастады.

Шуканов сол команданың нағыз ақыл-ойы болды. Аз уақыт ішінде Орталық стадионға келген баланың бәрі оны жақсы көріп кетті. Ол «Қайратта» көптен бері ешкім көрсетпеген шеберлікті паш етті, шабыттана және жарқырай ойнады. Көнекөз жанкүйерлерге ол өткен күндердің сүйіктілерін — Вахид Масудов пен Құрбан Бердыевті елестетті. Дәл солардай шебер, алаңды жақсы көре біледі, гол соғуға үнемі дайын. Чемпионаттағы 14 матчта ол 5 доп енгізіп, бірнеше нәтижелі пас шығарып берді.

Жалпы алғанда, белорус жұрт мойындаған мерген Арсен Тлехуговпен бірге өте орайлы жұп бола білді. Бірақ Тлехугов сияқты емес, Шуканов маусым аяқталған соң келісімшартты ұзартудан үзілді-кесілді бас тартып, Минскіге оралды. Оны бапкерлер, клуб басшылары, жанкүйерлер көндірмек болды, бірақ түк шыққан жоқ. Шуканов футболдан кетуді ойлай бастаған-ды, сондықтан отбасына жақын жерде болғысы келді.

«Қайрат» мәреге жетінші болып қана жетті. Әрине, ырза боларлық нәтиже емес. Бірақ жанкүйерлерде бәрібір жақсы үміт бар еді. Түрлі сөз желдей есті. Ұзынқұлақтың айтуынша, «Қайратқа» чемпионаттағы футболшылардың жартысы келеді-мыс. Ең бастысы, ең белгілі және мықты футболшылар. Чемпионат аяқталғанша-ақ маусымаралық үзілістің маусымнан да қызықты болатыны бәріне түсінікті болды. Ал Шукановтың кетіп қалғанын жанкүйерлер тез арада ұмытатын еді.

***

Жаңа менеджмент кең ауқымды әрекет жасау жөн деп тапты. «Қайратқа» жоғары дивизион клубтарының барлық серкесі шақырылды. Бәріне үлкен табыс уәде етілді. 2004 жылға дейін елдің ең көп табыс табатын футболшылары болып еңбекақылары 1500—2000 доллар көлеміндегі павлодарлықтар Сергей Тимофеев пен Юрий Новиков саналса, ҚТЖ деңгейді әлдеқайда асқақтатты — үш есе көтерді.

«Олар трансферлік нарықты жарды», «Олар футболды ақшамен бұзып жатыр», «Бұл дұрыс емес, сонша ақша төлеуге болмайды», «Бәрін сөлкебаймен тұншықтырып жатса, олармен қалай бәсекелесуге болады?» — мұндай сөздер сол кездегі «Қайрат» туралы көп айтылды. Маусымның басқа фавориттері шарасыздықтан ашуды іште тұншықтырды. Құрамына ең үздіктерді жинаған, қаржылық мүмкіндігі шексіз мықтымен қалай күресуге болады? Тіпті Дмитрий Огайдың күшті «Ертісінің» өзі алматылықтар сыртында әлсіз көрініп қалды.

Өзіңіз бағалай беріңіз. Қақпада ғана жоғары лиганың кез келген клубында бірінші нөмірді болуға қабілетті үш орындаушы болды. Сөз ҚТЖ келгенге дейін-ақ командада болған Евгений Набойченко, Илья Юров және «Елім-айдан» шақырылған екіметрлік алып Сергей Бойченко туралы екенін аңғару қиын емес.

Қорғаныс сынақтардан өтіп шыңдалған отандық Дмитрий Проторчин, Қайрат Өтебаев, жас Ренат Абдулин сияқты жауынгерлерден, украиналық және ресейлік сапарлардан оралған Виталий Артемовтан, Алматының өз баласындай болып кеткен қырғыз футболының түлегі Сергей Куцовтан жасақталды. Өткен жылғы құрамнан ресейлік Мингачев те қалды. Бұған дейін Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп үлгерген, Саратовтың «Сокол» командасындағы этникалық қазақ Олег Мусин де шақырылды. Бұл шепте қорғанысқа жауапты негізгі тұлға Самат Сымақов болды. Оны команда капитан етіп сайлады. Ерекше тоқталып өтуді қажет ететін бұл азаматқа біз әлі оралып соғамыз.

Ортаңғы шеп қатты ерекшеленіп тұрды. Өткен жылдардың мықтысы Әлиевке «Жеңістен» ресейлік шеберлер Юрий Аксенов пен екі жыл бұрын елдің үздік футболшысы болып танылған кіші Евгений Ловчев қосылды. Шабуылды ұйымдастыруға енді белорус Шуканов емес, Сымақовтың жан аяспас досы, өте талантты плеймейкер Андрей Богомолов жауапты болды. Оған қоса, өткен маусымнан Қадырқұлов пен Асанбаев қалды. Дегенмен ең басты трансферлік олжа Андрей Карпович еді. Ол осыған дейін екі жыл бойы Ресейде «Ростов» сапында табысты ойнады, негізгі құрам ойыншысы саналды. Бірақ ҚТЖ үздіктерді ғана алуға тырысты. Сол кезде Карповичтен мықты артқы жартылай қорғаушыны елестетудің өзі қиын-ды. Оның «Қайратқа» қалай ауысқаны туралы кейінірек және толығырақ баяндалады.

Жазда ортаңғы шепті күшейте түсу үшін «Анжиде» ойнаған ресейлік Валерий Лихобабенко алынды. Ортаның өте күшті, ал бәсекелестіктің жоғары болғаны сонша, Әлиевке ойын тәжірибесінен айырылып қалмас үшін қапталдарда жиірек ойнауға тура келді.

Шабуылға бір жігіт қана қосылды. Бірақ қандай десеңізші! Жафар Ырысметов Мәскеудің «Спартагында» ойнап жүріп, Чемпиондар лигасында «Баварияға» қарсы матчта Оливер Канның қақпасына допты қайшылап теуіп, бүкіл ТМД-ға танылды емес пе! Сол кезде гол соққан болса, бүкіл әлемге танылар еді. Осыдан небары екі жылдан кейін «Қайратқа» да келмес еді.

Қалай дегенде де, алматылықтардың шабуыл шебі өте азулы көрінетін-ді: жоқ жерден қауіпті сәт тудыра алатын Арсен Тлехугов пен Әлібек Бөлешев. Әрине, Бөлешев өзіне мүмкіндік тудыра алатынымен ғана емес, оны үнемі бос жіберетінімен де белгілі болды. Гол соғуға деген түйсігі ерекше тағы бір адам болды — Олег Тарасов, осыдан екі жыл бұрын «Қайраттан» «Зенитке» ауысқан Евгений Тарасовтың інісі. Сондай-ақ үлкен үміт күттірген, негізгі құрамның есігін қағуды жиілеткен жергілікті жас та келешегі зор түлек Дәурен Құсайынов та бар еді. Ырысметов келген соң, Құсайыновтың осы жылы өз мүмкіндігін көп күтіп қалатынын түсінікті болды. Солай болды да шықты.

Бірақ Ырысметовтің голын алматылықтар ұзағырақ күтті. Жетінші турда ғана өзбек легионері зеңбірегін «тазалап», «Ақтөбемен» өз алаңындағы ойында есеп ашты. Бірақ ол «жекпе-жек» те «Қайратқа» қуаныш сыйлай алған жоқ, тең ойын — 1:1. Ал команданың бас бапкері Леонид Пахомов оны да көрген жоқ. Матчтан екі күн бұрын оны жұмыстан босатып жіберген-ді.

***

2003 жылдың соңында ҚТЖ басшылары Леонид Остроушконы алдағы жылдардағы бапкер ретінде қарастырмайтыны түсінікті бола бастады, оны алмастыратын адам жайлы сұрақ туындады. Демеушілер де, олардың атынан клубты басқарып жүрген менеджер Ермек Сырлыбаев та, жұмсартып айтқанда, футболды терең білмейтін еді, сондықтан бұл мәселеде кәсіпқойларға сенуді дұрыс деп тапты. Ал елдегі футболды кім шемішкеше шағады? Әрине, Қазақстанның футбол федерациясы.

2002 жылдың соңында федерация ресейлік леонид Пахомовпен келісімшартқа отырды. Біз ол кезде УЕФА-ға жаңа ғана ауысқан едік, сондықтан федерация (ҚФО) басшылығы Еуропада бізге еуропалық бапкер керек деп шешті. Әрине, нағыз еуропалық емес, ментальдік жағынан өзімізге жақынырақ адам… Нағыз еуропалық келсе, біздің футболымыздың «төмпек-төмпек» алаңдарын, ішетін футболшыларын көріп, көзі шарасынан шығары сөзсіз еді. Соңында таңдау ресейлік Леонид Пахомовқа түсті. Оның жүріп өткен жолы былайынша жаман көрінген жоқ: Ресейдің түрлі жасөспірімдер құрамасын, Мәскеудің «Торпедосын» жаттықтырған, тіпті Қытайға да шақырылған. Қысқасы, тәжірибесі жеткілікті маман.

2003 жылы Пахомов елдегі сорпасы татырлық футболшылардың бәрін дерлік көріп шықты, бес жолдастық кездесу өткізді. Оның ішінде сырт алаңда Португалиямен де кездесу бар. Сол матчта Криштиану Роналду өз құрамасындағы тұңғыш матчына қатысты. Осы ойын алаң иелерінің аз ғана басымдығымен аяқталды, ойындағы жалғыз доп өте күлкілі соғылды: біздің қорғаушы Игорь Солошенко допты қақпа алдынан кері тепті, доп барып Симау Саброзааның маңдайына тиді де, қақпашы Юрий Новиковтың арқа тұсынан асып барып торға түсті.

«Қайраттың» бапкерді шеттен іздеп жатқанын біліп, ҚФО әбіргерге түсті, сөйтіп, құраманың базалық клубы идеясын шығара қойды. Жалпысында, идеяның утопиялық реңкі басымдау. Ол КСРО чемпионатына ыңғайлырақ еді. Бірақ ол кезде «Қайратта» еуропалық стандарт бойынша клуб құру дегенді онша ешкім түсіне қойған жоқ. Сондықтан құраманың базалық клубы идеясына толықтай сенім білдірілді. Өйткені, басты футбол органы клубқа ұлттық құрама бапкерін «тықпалап» қана қойған жоқ, одан бөлек, «Қайраттың» жаңа басшыларын оларға ұйым тарапынан чемпионатта ниеттестік болатынын да айтып, әйтеуір сендіре алды. «Сіздер бапкерді алып, құрамды негізінен құрама мүшелерінен жасақтайсыздар, ал біз осы үшін чемпион атануларыңызға кедергі жасамаймыз» делінген болар, бәлкім… Алматы бұл идеяны құп көрді.

Бірақ Леонид Пахомовтың бапкерлік деңгейін түсінулеріңіз үшін оны жақсы сипаттап беретін екі деректі келтірсек жеткілікті. Бірінші дерек: Польша — Қазақстан жолдастық матчының 59-минуты. Леонид Пахомов алаң жиегінде тұрып, шабуылшы Андрей Финонченконы құшақтаған күйі, алаңға жібермес бұрын оған соңғы ақыл-кеңесін беріп жатыр. Оператор оларды ірі планмен алады, ал трансляция режиссері интершуды тұншықтырмайды. Сөйтіп, жұрттың бәрі Пахомовтың «кеңесін» естиді: «Андрюша, айып алаңына бар да, тебе бер. Бас-көзге қарамай теп, теп, теп, теп, теп!». №2 дерек. Пахомов «Қайраттан» және Қазақстан құрамасынан кеткен соң, кәсіби деңгейде еш жерде жұмыс істеген жоқ.

Әрине, Пахомовтан қалған пайдалы нәрселер де бар. Мысалы, Самат Сымақовты ортаңғы шептен қорғаныстың ортасына ауыстыру — дәл соның идеясы. Ол бірінші пасы өте жақсы орталық қорғаушыға ие болғысы келді. Самат осы стандартқа өте орайлы келе қалды, кейін дәл сол шепте бірнеше рет еліміздің үздік футболшысы атанды. Айтпақшы, Пахомов құрамадан кеткенде, федерацияның осы шешіміне түсініктеме алу үшін оған журналистердің бірі телефон соғады. Сол кезде ресейлік маман: «Гондурас деп басқа елді дұрыс атамаған ғой», — деп аса белгілі сөз тіркесін лақ еткізіпті.

«Қайратта» ол 6 турға ғана шыдады, екі рет жеңіске жетті, екі рет тең ойнады, дәл сонша жеңілді. Оның ішінде чемпиондыққа тікелей бәсекелесі «Ертіске» есе жіберді. Пахомовтың отставкасынан кейін бас бапкер міндетін атқарушы болып оның көмекшісі және пікірлесі Алексей Петрушин белгіленді. Әдетте мұндай жағдайда, бірге келген болса, ассистент бас бапкермен бірге клубтан кетеді. Петрушин адам ретінде солай істеуге бекінді де. Бірақ Пахомовтың өзі оны қалуға көндірді. «Команда жақсы, дайындық жұмысын сапалы өткіздік, енді бастаған нәрсені аяғына біреу жеткізуге тиіс» деген болар.

***

Бірақ Петрушиннің де асығы бірден алшы түскен жоқ. Алматының «арман-командасында» бір нәрсенің өз орнында емесі анық еді. Мәскеулік маман оның не нәрсе екенін анықтауға қатты тырысты. Ол базадағы өз бөлмесінен шықпай, VHS таспаларын кезек-кезек қараумен болды. Қарсыластар ойынын, өз командасының матчтарын көрді, бірдеңені саралады, көшірді, жазды. Бөлмесінен шашы қобырап, жаттығуға және тамақ ішуге ғана шығып жүрді. Басқа ештеңеге мойын бұрған жоқ.

Бірақ ештеңе көмектеспеді. Алғашқы екі матчты Петрушин сәтсіз өткізді, екеуінде де алматылықтар өз алаңында ұпай жоғалтты. Әуелі — «Ақтөбені», сосын «Атырауды» бірдей есеппен бейбіт қайтарды — 1:1. Үшінші матч сырт алаңда еді. Онда да жолы болған жоқ: маусымда бірінші рет «Қайрат» «Оқжетпес» қақпасына пенальти тепті, бірақ Ловчевтің соққысы дәл болмады. Көкшетаудағы матчта есеп ашылмады. Командада бәрі алаңдай бастады, басшылық аңырды, жанкүйерлер жарқын болашақтан үміт үзе бастады. «Жұлдыздарды жинап алды, олар болса, біздің өзіміздің түлектерден түк те артық емес» — фанаттардың көңіл күйі шамамен осыған ұқсас еді.

Клуб басшылығы бапкер ауыстыруды тағы да ойластыра бастады. Бірақ команданың өз ішінде де сараптау жүріп жатқан-ды. Сөйтіп, ойыншылар бастықтарға мынадай ой тастады: бапкерге тиісудің қажеті жоқ. Әңгіме ол кісіде емес, бізде. Біз бәрін реттейміз. Бастықтар солай болсын деп шешті. Бақылай бастады. Одан әрі ілгерілеу басталды.

Әдетте спорт жайлы голливудтық фильмдерде бәрін өзгертетін бір сәт болады, әдемі оқиғаның бәрі содан басталады, қайратты азаматтардың кедергіні артқа тастауы, өзін-өзі жеңуі, ерік-жігері паш етіледі. Көп жағдайда бұл бапкердің немесе капитанның жалынды сөздері, қандай да бір әсерлі іс-қимыл арқылы көрсетіледі. Бірақ Петрушин «Әр жексенбі» фильміндегі спортшының жүрегінде от тұтата алатын Аль Пачино емес. Сымақов та ешкімді бөлмеге қамап алып, жерден алып, жерге салған жоқ. Қазақстан футболында бәрі сәл басқаша болады.

Сонымен, 19 мамырда «Қайрат» чемпионаттың ықтимал аутсайдерлерінің бірі, бірер жыл бұрын ғана «Елім-ай» деген асқақ атауы болған, өзінің жігері мен екпіні арқылы бүкіл елді дірілдеткен «Семейді» қабылдады. Сол «Елім-ай» үш рет алтын жүлде алған-ды. Тіпті бір рет тұсау мен шідерді қатар сал, ысы келген еліміздің негізгі футбол органына ерегісе отырып жеңіп алды.

Қысқасы, 11 тур матчы жаңа сапардың басы болды. «Қайрат» қарсыласты ойсырата жеңді (6:0), ал Арсен Тлехугов бес матчқа созылған гол сериясын бстады. Бұл жеңіс фанаттарды аздап тыныштандырды, бірақ бастықтар ойыншылардың өз күшімен жағдайды қалай түземек болғанын әлі түсіне қойған жоқ. Бірақ статистикаға мұқият қарасақ, бәрі түсінікті бола қалады: 12 турда «Қайрат» өз алаңында «Востокты» жеңеді, жеңіс голын есеп 1:1 болып тұрғанда Тлехугов пенальтиден соғады, өскемендіктер матчты аз ойыншымен аяқтайды. 16 турда оқиға қайталанады: тағы да таблодағы есеп — 1:1, тағы да пенальти. «Нүктеге» тағы да Тлехугов келеді де, «Алматымен» дербиде есепті өзгертеді. 87-минутта. «Қалалықтар» есепті осыдан екі-ақ минут бұрын текестірген-ді. 18 турда төреші тағы да «Қайраттың» қарсыласының қақпасына пенальти белгілейді. Бірақ Тлехугов оны соға алмайды. Бірақ одан кейін өзінің бұрынғы командасы «Жеңістің» қақпасына хет-трик жасайды. Айтпақшы, бұл Арсеннің маусым басталғалы екінші хет-тригі еді, оған дейін «Ордабасының» жолы болмаған-ды (осы кездесуде Тлехугов доптың бірін анық офсайттан енгізді, оны төрешілерден басқалардың бәрі көрді).

Одан кейінгі пенальти тағы да «Жеңістің» қақпасына белгіленді. Бірақ екінші айналымдағы кездесуде. Оны Бөлешев соқты. Келесі «Шахтермен» ойында дәл осы шабуылшы он бір метрлік тепті. Бірақ «кеншілер» қақпашысы Лориядан айла асыра алған жоқ. Маусым соңына дейін «Қайраттың» қарсыластарының қақпасына тағы 6 пенальти қойылды. Оның тең жартысын алматылықтар қақпаға тоғыта алмады. 2004 жылғы чемпионатта «Қайрат» бас-аяғы 11 пенальти тепті. Өздері реттеп, жағдайды қалпына келтіретінін айтқанда, футболшылар осыны меңзеген болар.

Сол маусымда «Қайраттың» басты қарсыласы «Ертіс» болды. Әрі-беріден кейін, сол кездегі чемпион. Дмитрий Огай Павлодарда сол жылдары өте мықты және тәжірибелі команда жасақтады: Юрий Новиков, Серік Жейлетбаев, Мұрат Тілешев, Фархадбек Ырысметов, Өзбекстан құрамасының қорғаушысы Февзи Дәулетов, чех Любомир Кубица, экс-қайраттық Айдар Күмісбеков, жаңа танылып келе жатқан Диас Кәмелов пен Қайрат Нұрдәулетов. Қысқасы, әжептәуір «банда» еді. Бірақ олар сол жылы 5 пенальти ғана тепті. Ал бір жыл бұрын, алтын жүлде Огай командасына бұйырғанда, «Ертіс» «нүктеден» бір-ақ рет соқты! Яғни, 2003 жылы «Ертіс» бір ғана пенальти теуіп, чемпион атанса, 2004 жылы «Қайрат» 11 рет он бір метрлікке жүгінді.

***

Дегенмен клубтың ең сергек деген жанкүйерлерінің өзі осы өсектерге, жорамалдарға және деректерге көз жұма қарауға дайын еді. Өйткені, бұл командада ойын, мінез және ерік-жігер бар еді. «Қайрат» -2004, шынында да, жылдам да жарқын футбол ойнауға тырысты. Сымақов, Әлиев, Бөлешев, Өтебаев, Ловчев сияқты орындаушылар осы ойын өрнегін оңай іске асыра алды.

Алматылық жанкүйерлер де үлкен жеңістерге сусап қалған-ды. Әрине, бұрнағы жылдардың бәрінде команда оларды қуантпай қойған жоқ. Есте қаларлық сәттер де болды. Мысалы, ел кубогындағы жеңістер. Тіпті еурокубокқа да қатысты — 2002 жылы Сербияның «Црвена Звездасы» келді. Балқан түбегінен келген алғашқы футболшылар да «Қайратта» ойнады: 2001 жылы сербтер Горан Драгичевич, Владица Чурчич, Александр Крагович, Предраг Малешич және македониялық Марьян Нацев. Қысқасы, Семей, Павлодар, Астана және Тараз клубтарының кезек-кезек үстемдік танытқанына қарамастан, Алматы да футбол сәнінен қалып қоймауға тырысты және кей кездерде футбол қоғамдастығына өзінің бұрынғы даңқын еске салып отырды.

Дегенмен жанкүйерлер бәрібір алтын жүлденің сыңғырын күтті. Кеуде керіп: «Біз мықтымыз! Біз — чемпионбыз!» — деп дуылдатып жүруді армандады. Интернет-форумдардың сәнге айналған кезі еді бұл. Соның біріне елдің алдыңғы қатарлы футбол әуесқойлары жиналды. Әрине, онда алматылықтардың саны басым болатын. Өйткені, қала сол кезде елдегі ең прогрессивті еді (2018 жылы да жағдай аса өзгере қойған жоқ). Бірақ 2004 жылға дейін әркім-ақ Оңтүстік астана тұрғындарын чемпиондық атақтың жоқтығын көлденең тартып, аузын аңқитып кете алар еді.

Сондықтан «Қайраттың» жанкүйері сахна сыртында, яғни алаңнан тыс жерлерде не болып жатқанын тіпті де байқамады. Ал онда өз әбігері жеткілікті болатын. Әйтеуір, елдегі бір танымал газет солай деп нығыздай берді және әр нөмір сайын саны көрсете беруден жалықпады. Осы жолдардың авторы дәл сол кездерде осы газеттің футбол бөлімінде журналистикадағы жолын бастады. Бірақ ол туралы кейінірек айтамыз.

Осы әңгімелерге қарамастан, сол «Қайрат» мықты атағына өзінің дәмесін алаңда дәлелдеуге қабілетті еді. Петрушиннің командасы елде ойын өрнегі бойынша ерекшеленіп тұратын. Көрнекті ойын алматылықтардың көзірі болды, бұл мәселе олармен сол кезде басқа бір ресейлік маман Владимир Мухановтың жетекшілігіндегі «Тобыл» ғана шендесе алатын-ды. Қостанайлықтар, айтпақшы, сол маусымды өздері үшін биік сатыда — үшінші орында аяқтады. «Қайрат» пен «Ертістен» көп қала қойған жоқ — тиісінше 6 және 2 ұпай ғана.

Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.
электронная
Бесплатно
печатная A5
от 381
Купить по «цене читателя»

Скачать бесплатно: